
Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті брифингке Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қатысып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен келер жылға жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
Мұрат Мұқаевтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджетке қала контингентінен 64 418,4 млн. теңге табыс түскен, оның ішінде қалалық бюджетке түскен түсім 16 404,2 млн. теңге. Бұл жалпы салық базасының 25,5 пайызы. Есептік кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 146,3 пайызға артқан (47 648 млн. теңге). Сондай-ақ өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі, яғни, нақты көлем индексі де молайған.
Жыл басынан бері облыс орталығында қолға алынған жұмыстардың жай-күйін рет-ретімен баян еткен Мұрат Рахметұлы биылғы жылы шаһарымыздың үлкен құрылыс алаңына айналғанын атап өтті. Соның ішінде барлық қаражат көздерінен бөлінген 8,1 млрд. теңгеге 67 көшедегі 72 шақырым көлік жолын жөндеу қарастырылғанын, бүгінгі таңда 61 көшедегі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, алты көшені жөндеу жұмыстары келер жылдың еншісіне қалдырылғанын тілге тиек етті. Жалпы, Орал қаласында тозығы жеткен 615,15 шақырым жолдың тең жартысында асфальт жабыны жоқ. Қалған 299,23 шақырым жолдың отыз пайызы жөндеу мен қайта салуды талап етеді. Жыл басында бұл көрсеткіш елу пайызды құраған, атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында 20 пайызға азайып отыр.
– Локомотив депосы аумағындағы көпір құрылысы кестеге сай жүруде. 59 металл ағаштан жасалған тіреуіш бағаналар құйылды. Қазір беларқа қаңқасын орнату және арматуралау жұмыстары жүргізілуде. Барлық қажетті материалдар, нақтырақ айтсақ, 130 дана бөрене жеткізілді. Құрылыс нысанында алпысқа жуық адам жұмыс істеуде. Көпір құрылысын келер жылдың жазында толық аяқтау көзделіп отыр, – деді Мұрат Рахметұлы.
Биыл Орал қаласының алып құрылыс алаңына айналғаны рас. Тоғыз айдың ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпқабатты сегіз тұрғын үй салынуда, бұл дегеніңіз, жалпы аумағы 70 мың шаршы метрді құрайтын 1180 пәтер. Қазіргі таңда «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және облигациялық қарыздар есебінен берілетін төрт үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында Деповская көшесінде бой көтерген көпқабатты тағы бір үй апатты үйлердің тұрғындарына пайдалануға берілді. Дақ №6, №33, №34 үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал келер жылы он алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақ, олардың тоғызы Зашаған кентінде, жетеуі қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде орын теппек.
Биыл тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту бағытында жеті үйге күрделі жөндеу жоспарланған екен. Жалпы сомасы 80 млн. теңгені құрайтын төрт үйдің (Есқалиев 182, 25-Чапаев дивизиясы 2, Жәңгір хан 18/1 және Гагарин 67) жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Шаһар басшысының айтуынша, азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер телімін беру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Кезек бойынша тегін жер телімін беру 2012 жылы тоқтатылды. Ал кезекте тұрған оралдықтардың саны бүгінде жетпіс бір мыңға жуықтады.
– Заңға сәйкес жер телімдері барлық инженерлік желілердің құрылысы толық аяқталған соң ғана берілуі тиіс. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Круглоозерное ауылдық округі аумағында инженерлік желілердің (газ, электр жарығы, су, жол) және әлеуметтік нысандардың (мектеп, балабақша, емхана, спорттық кешен) құрылысына қатысты жобалық құжаттар дайындалуда. Яғни, барлық инфрақұрылымның құрылысы аяқталғаннан кейін мыңға жуық жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша екі-үш қатарлы үйлер салып, кезектегі тұрғындарға жалға беру жолын да қарастырудамыз.
Мемлекеттік жеке меншік әріптестік бойынша Гагарин көшесі 1 үйдің орнына 126 пәтерлік тұрғын үй тұрғызылады, қазір «Караванный путь» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Оған қоса Құрманғазы көшесі 198 үйдің орнына 64 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «ҚазХол» ЖШС қолға алды. Ғұмар Қараш көшесі 33/1 және Құрманғалиев көшесі №3 үйлердің тұрғындарымен келіссөздер жүргізілуде, – дейді қала әкімі.
Ағымдағы жылы он екі мыңнан астам адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін жиырма көпфункционалды спорт және балалар ойын алаңдары салынса, келер жылы олардың қатары тағы жиырма екі алаңмен толықпақ.
Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – қала басшылығының ұдайы назарында. Әкімдікпен 2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасы қабылданған. Бес бағытқа басымдық беріліп, қоғамдық көліктер жұмысын қадағалауды автоматтандыру, Оңай және СМСBUS электронды төлемдерін енгізу, көлік инфрақұрылымын дамыту, автобус бағыттарын жетілдіру және парктерді жаңарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылмақ. Мұрат Рахметұлының айтуынша, қаламыздағы барлық қоғамдық көліктердің жұмысы INFOBUSMOBILE қосымшасы арқылы бақыланып отыр. Қазір жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің 75 пайызына GPS қондырғылар орнатылған. Жыл соңына дейін барлық автобустар аталмыш жүйеге қосылмақ. Тағы бір жаңалық – жолаушыларға жолақыны ұялы телефон арқылы төлеуге мүмкіндік беретін SMSBUS электронды төлем жүйесі енгізілмек.
«SMART-city» (Ақылды қала) тұжырымдамасы шеңберінде балабақша кезегін автоматтандыру және пәтер иелері кооперативтерінің е-КСК электронды жүйелері құрылмақ. Сондай-ақ қолжетімді әкімдік (ҚӘ) жобасын жүзеге асыру арқылы жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдау және қарауда ілгерілеушілік байқалуда. Қазпоштамен бірлесіп «Құрылымдар сайты» атты электронды ПИК енгізу арқылы әкімдік, пәтер иелері кооперативтері және тұрғындар арасында онлайн байланыс орнату көзделіп отыр.
Билік пен халық арасындағы байланысты нығайту бағытында Telegram-бот жүйесі іске қосылмақ.
Биыл Орал қаласының магистральді көшелеріне жаңа үлгідегі 37 аялдама павильоны орнатылды. Үнемделген қаржы есебінен жыл соңына дейін (Шолохов көшесі бойына және «Қазақ драма театры», «Динамо» спорт базасы маңында) тағы жеті аялдама орнату көзделіп отыр. Өкінішке орай, жаңадан салынған аялдамаларды бұзу фактілері көп тіркелуде, бірқатарына айыппұл да салынған. Брифингте шаһар басшысы қала тұрғындарын жаңа аялдамаларды ұқыпты пайдалануға шақырды.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және жол апаттарының алдын алу бағытында «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, келер жылдың соңына дейін қаламыздағы барлық тұрғын үйлердің жертөлелеріне жинақ (бұлтты) камералары орнатылмақ. Жалпы, алғашқы жартыжылдықта бақылау камераларының көмегімен 829 әкімшілік құқықбұзушылық пен 43 қылмыс фактісі анықталған. 2017-2018 жылдары «Сергек» бағдарламасы аясында 200, ал «Қауіпсіз аула» бойынша 100 бақылау камераларын орнату жоспарланған.
Брифинг барысында қала әкімі Мұрат Мұқаев журналистер тарапынан қойылған жолаушылар тасымалы, жол құрылысы, жер телімдері, жаңа аялдамалар орнату, аулаларды абаттандыру мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»
Санат ОРЫНАЛИЕВ,
«Надежда» газеті, «Азаттық» радиосы:
– Биыл облыс орталығындағы жолдардың қысқа мерзімде жөнделгенін көрдік. Жөндеу жұмыстары жаз бойы жүргізілмей, тек тамыз айында ғана басталды. Мұның себебі неде және қаладағы көлік жолдарының көбірек жөнделуіне қандай жағдай кедергі болды?
– Құрылыс аяқталған соң жаңа үйдің айналасында қоқыс үйіліп жатады. Кей жерлерде ойын алаңдарының, кірме жолдардың құрылысы толық аяқталмай қалады. Жауапсыз мердігерлерге қандай шара алынды?
Мұрат МҰҚАЕВ,
Орал қаласының әкімі:
– Биыл 72 шақырым жол жөнделгенін жоғарыда айттым. Салыстырып өтсек, өткен жылы тек жиырма алты шақырым жол жөнделсе, арғы жылы тек он шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл 8 млрд. теңге бөлініп, барлық магистральді жолдар жөнделді. Жол құрылыс-жөндеу жұмыстарының кеш басталуы тендерлік іс-шараларға байланысты. Оған қоса жергілікті компаниялар мұндай ауқымды жұмысты еңсере алмады. КПО б.в. желісі бойынша мердігерлер жүктелген міндетті үш жарым айдың ішінде абыроймен атқарып шықты.
Жаңа шағынаудандардағы аулаларды абаттандыру жұмыстары толығымен дерлік аяқталды. Жауапсыз мердігерлер кездесті, биыл төрт мердігерді сотқа бердік.
Юлия МУТЫЛОВА,
«Мой город» газеті:
– Коммерциялық бағыттағы жер телімдері жалға берілетіні туралы айттыңыз. Аталмыш жер телімдері қай маңнан беріледі?
– Бұрын коммерциялық бағыттағы жер телімдері азаматтардың өтініші негізінде берілетін. Қазір тек аукцион арқылы ғана беріледі. Жуырда коммерциялық бағыттағы бес жер телімі аукционға шығарылмақ. Қараша айында ауыл шаруашылығы өндірісі мен шаруашылық жүргізу үшін жалпы аумағы 1 200 га үш жер телімін жалға беру бойынша байқау өтпек.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі» газеті:
– Жәңгір хан көшесінің бойында Жастар (Молодежная) аялдамасында павильон мүлдем жоқ. Жаңа аялдама орнатыла ма?
– Біз бұл мәселені білеміз. Жыл соңына дейін жаңа павильон орнату жоспарымызда бар. Үлгермей жатсақ, мәселені қолданыстан алынып тасталған ескі павильонды қою арқылы шешеміз.