Мұрағат: 20.10.2017


Сыңар қанат қалмасын балапандар…

Күні: , 76 рет оқылды


Он жылдай мектеп қабырғасында баламен жұмыс жасағандықтан, бала психологиясы маған жақсы таныс. Толық отбасы мен толық емес отбасында өскен баланың көңіл күйі жер мен көктей. Мен оқытқан бір сыныптағы 25 оқушының 12-сі толық емес отбасының ұл-қызы еді. Оның екеуінің әкесі қайтыс болған, қалғандары ажырасқан ерлі-зайыптылардың перзенттері болатын. Осы сыныптағы оқушыларды біраз сырттай жүйелі бақыладым.


Айдос пен Дәурен алдыңғы партада отыратын. Айдос толық емес отбасының, ал Дәурен толық отбасының баласы. Айдостың анасының жеке кәсібі бар. Сабаққа баласын көлікпен әкеліп тастап, алып қайтады. Күнде жаңа киім киеді. Қаламсапты да күн сайын ауыстырады. Жағдайы жақсы. Бірақ ылғи көңілсіз, тұнжырап, қабағы ашылмай, әлденеге көңілі толмай жүретін. Ал Дәурен мектеп жанындағы көп қабатты жатақхананың бір бөлмесінде тұратын көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі тек жаз кездерінде ғана жұмыс жасайды. Анасы бір мекемеде еден жуады. Жағдайлары орташа. Кей кездері нан алатын да ақшалары болмай қалады. Оны Дәурен жасырмай, айтып қояды. Бірақ соған қарамастан, ол ылғи көңілді жүруші еді. Байқағаным, анасының жалақы алған күні – олар үшін мереке. Сол күні-ақ: «Мамам бүгін жалақы алады. Мен «5» алып баруым керек» деп қуанады. Көп балалы отбасында өскесін бе, бауырмал, көпшіл, қолындағы кәмпитінің жартысын бөліп беріп, достарын қуантуға әуес. Бұл жерде негізгі мәселе тағы да отбасындағы ахуалға тіреледі. Дәурен қара шай ішіп, қара нан жеп жүрсе де, көңілі бүтін. Айдосқа анасы бар жағдайын жасағанымен, көңілі жарты. Себебі анасы қандай мейірімді адам тауып алса да, баланы өз әкесіндей еміреніп, еркелете алмайды. Бала үшін «Әкем бар» деген сөздің өзі дәтке қуат екен.

Күз мезгілі, сабақ жаңа басталып жатқан сәт еді. Есік ашылып, қолында дорбасы бар ақжаулықты әжей кіріп келді. Аман-сау жоқ, арқаланып кіріп келген әжейге балалар үрпиіп қарап қалды. Тек алдыңғы партада үндемей отыратын Сая есімді шәкіртім: «Әже!» деп жүгіріп барып, үлкен кісінің құшағына енді. Әжесі де етпеттей құлап-сүрініп, қызына жабысып, көзінен тарам-тарам жас ағып жылап жатыр. Түрлеріне қарасаң, көп жыл көріспеген адамдар секілді. Бір-бірін құшақтап, сағынысқан әже мен немересі біраз тұрды. Саяның жылаған дауысы әсер етсе керек, сыныпта сілтідей тыныштық орнады. Мен балаларға тапсырма беріп тастап, әжеймен оңаша сөйлестім. Ұққаным, Саяны әжесі кішкене күнінен өзі өсіріпті. Ол мектепке баратын жылы ата-анасы ажырасып, содан ерегескен анасы қызды әкесіне де, оның туыстарына да көрсетпей қояды.

Жаз бойы ауылдан келіп, қызын көре алмаған әже үй айналып, есік алдын торып, беймаза күй кешкенін, немересін сағынып, әбден құса болғанын айтты. Кейіннен

Саямен сөйлескенімде, ол да әжесін, әкесінің туыстарын қатты жақсы көретінін, бірақ анасы олармен сөйлесуге қарсы екенін айтты. Осы жағдайдан кейін Саяның анасымен әңгімелесіп, біраз дәлелдер келтіріп, екі жақты татуластырғандай болдық. Әжесі қалаға келген сайын Саяға келіп тұратын болды.

Тағы бірде балаларға «Өз көңіл күйлеріңді бойнелеп, сурет салып беріңдер» деген психологиялық тапсырма бердім. Балалар салған суретін жапырлап, тапсырып жатты. Бірі жарқыраған күнді, бірі гүлді, бірі көлікті, енді бірі тамақтың суретін салған. Тек артқы партада отыратын Нұргүл есімді оқушым бір қанаты жоқ, бұйығып отырған құстың суретін салыпты. Көңілді сурет салған балаларды тақтаға шығарып, әлгі оқушымды қозғамадым. Бірақ сабақ бойы бақыладым. Партаға басын қойып жатады, біресе тұрады. Әйтеуір, мазасы болмай отырғанын сездім. «Бір жерің ауырып отыр ма?» десем, «Жоқ» деп басын шайқайды. Сабақтан соң өзін алып қалып, неліктен бұл суретті салғанын сұрадым. «Себебі мен өзімді дәл осы құс сияқты сезініп тұрмын. Кеше папам үйден кетіп қалды. Олар ажырасып жатыр» деді.

3-сынып оқитын баланың өз көңіл күйін дәл осылай жеткізуі менің де жүрегімді ауыртты. Шынында да, толық емес отбасының баласы өзін бір қанаты жоқ құс секілді сезінеді. Ол қанша тырысқанымен, әке-шешесі бар баладай өзін еркін сезіне алмайды. «Әкем жоқ, ол бізбен тұрмайды» деген түсінік әбден санасына сіңіп қалған баланың басқаларға қарағанда бәрібір мысы басылып тұрады. Көп жағдайда бала екі тараптың түсініспеушілігінің құрбанына айналады. Ашуға мінген ата-ана тек өздерін ойлап, баланы мүлдем ұмытады. Әрі-беріден соң, баласын көрсетпей, ана ауылға, мына ауылға апарып, екі ортаға қолжаулық қылады. Өкініштісі сол, жүректерін ыза мен кек басып, бір-біріне жауыққан ата-ана өз баласының тағдырымен ойнап жүргендерін өздері сезінбейді. Бұдан шығатын қорытынды – қандай жағдайда да бала ата-анасымен бірге, өз шаңырағында өсуі керек. Өмір болған соң, әр түрлі жағдайлар орын алады. Бірақ мейірім мен кешірім бар жерде жанұя сақталады. Мейірімді болайық, ашу бойды қысқан сәтте де, сәл сабыр сақтап, дүниеге бала көзімен бір қарап көрейікші…

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


3 135 мемқызметші аттестациялаудан өткен

Күні: , 54 рет оқылды


Ағымдағы жыл басынан бері қызметінің тиімділігін және жұмысының сапасын анықтау мақсатында облысымыздың 3 135 мемқызметшісі аттестациялаудан өткен. Аттестация қорытындысы бойынша 41 мемқызметкер «өте жақсы», 2 896-сы «тиімді», 196 «қанағаттанарлық» деген баға алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы Болат Исақов мәлімдеді.


БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте аталмыш департаменттің ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде атқарған жұмысының есебі тыңдалды.

– Облыс аумағында 461 мемлекеттік орган қызмет атқарады. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 4 427 бірлікті құрады. Өңірдегі бос мемқызметші лауазымның саны 346 бірлікті құраса, соның ішінде облыстық деңгейде – 140, аудандық деңгейде – 152, ауылдық деңгейде – 54 лауазым бос тұр. Заңнамалардың талаптарына сәйкес үстіміздегі жылы облыстағы 1 377 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған болатын. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 989 немесе жоспар санынан шаққанда 71,8 пайыз мемлекеттік қызметші оқытылды. Қайта даярлау бойынша 246 мемлекеттік қызметші, біліктілігін арттыру бойынша 743 қызметші білімін жетілдірді. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тиісті салада кәсіби білім мен тәжірибе алу мақсатында ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 152 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өту жоспарланған болса, бүгінде 126 немесе 82,6 пайыз мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті. Қалған 26 мемлекеттік қызметші жыл аяғына дейін тағылымдамадан өтеді деп жоспарлануда, – деді Болат Әлмұханұлы.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, жыл басынан бері облыстың мемлекеттік органдарындағы 1 279 әкімшілік мемлекеттік бос лауазымға конкурс өткізілген. Оған барлығы 1 425 үміткер қатысып,  720 үміткер жеңімпаз болып танылған. Конкурс қатысушыларының бір орынға орташа үлес салмағы 1,1 адамды құрап отыр. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы конкурс қорытындысымен қатысушылардың 60 пайызының қызметі өсті. Ішкі конкурстардың қорытындысы бойынша мансаптық өсу мүмкіндігіне ие болған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 56,3 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік қызмет заңнамасын бақылау аясында департаментпен ағымдағы жылдың 9 айында 40 тексеру жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде 545 заңбұзушылық анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға 15 заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс беріліп, бүгінгі күні 14 ұсыныс орындалды.  Бір ұсыныс БҚО әкімі аппаратының қарауында. Тәртіптік жауапкершілікке 23 қызметкер тартылды. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізіліп, онда 66 мәселе қаралған.

Тәртіптік істерді қарау қорытындысы бойынша 25 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Атап айтсақ, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 8, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін 17 мемқызметкер жазаланған. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының ағымдағы жылдың 9 айына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, 788 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған. Олардың ішінде 479 жергілікті атқарушы органдарының, 309 аумақтық органдарының мемқызметшілері бар. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған 788 мемлекеттік қызметшінің 661-нің істері тәртіптік комиссия отырыстарында қаралмай тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Есепті кезең ішінде қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін – 46 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза тағайындалған.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасауға себептер мен шарттарды барынша азайту департамент қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта 2017 жылдың 9 айында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша 62 мың адамның қатысуымен 549 іс-шара өткізілді. Шаралар мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, азаматтық қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері, бизнес құрылымдары, қоғамдық бірлестіктер, діни, этномәдени және жастар ұйымдары қызметкерлерінің, ҮЕҰ өкілдері, студенттер мен мектеп оқушыларының қатысуларымен өткізілді. «Есіктен есікке» жобасы сәтті іске асырылуда. Наурыз айынан бастап облыс тұрғындарына коммуналдық қызметтер шотымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы 600 мыңнан астам флаер таратылды. Облыстың барлық тұрғылықты жерлерінде 20 мыңнан астам плакат пен 54 баннер орналастырылды. Әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыстар жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл басынан бастап облыстың мемлекеттік органдарымен барлығы 300-ден астам әртүрлі іс-шара оздырылды, – деді Болат Исақов.

Баспасөз мәслихатының соңында спикер журналистердің сауалдарына жауап берді.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Тойдан бұрын танысу дұрыс па?..

Күні: , 80 рет оқылды


Біреулер бүгінгі заман өзгерді дейді. Кейбірі заман емес, адам өзгерді деп топшылайды. Қалай болғанда да, қазір көзге қораш көрініп, көңілге оғаш сезілетін жайттар аз емес. Солардың бірі жас қыз-жігіттерге қатысты болып отыр. Бұл жағдай отбасындағы тәрбиеге де байланысты болса керек.


Өткенде бір жас жігіттің сөз байласып жүрген қызын ата-анасына таныстырып келе жатқанына куә болған едім. Әрине, мұндай жағдайлар жиі болып тұратынын естіп те, көріп те жүрміз. Десек те, осы жолы маған «қыздар жігіттің (немесе жігіт қыздың) үй ішімен не үшін танысады екен?» деген ой келді. Шынында да,  келін болып, табалдырығын аттамаған үйдің есігін оң жақта отырып ашқан қыз баланың ойында не болады екен? Оның мақсаты жігіттің тұрмыс-тіршілігімен танысу ма, әлде ата-анасының, туыстарының жүзін көру ме? Немесе керісінше, жігіт не үшін танысады? Жігіт қалыңдығын үй ішімен тойдан бұрын не мақсатпен таныстырады? Әсіресе, қыз бала үшін бұл жат қылық болу керек секілді. Әлде «қызға қырық үйден тыйымның» күні өтіп кеткен бе?! Тойдан бұрын танысқан қайын жұртына қалыңдық немесе жігіт ұнамайтын жағдай болуы бек мүмкін. Мұндай жағдайда әрі қарай не болады? Әрине, ата-ана балаларының көңіліне қарап, олардың таңдауынан бас тартпауы мүмкін. Кейде осылай боп жататыны да шындық. Керісінше, қызға немесе жігітке жаңадан танысатын отбасы ұнамай қалса ше? Десек те, некелеспей жатып, болашақ жарының ата-анасымен танысып, сол үйдің бір мүшесіндей араласып жүргеннен кейін барып, той өтіп, беташар айтылатыны тағы да  бар. Бұл да қызық әрі түсініксіз секілді.

Жақында бір таныс құрбыма сөз байласып жүрген жігіті мұның анасымен танысқысы келетінін айтқан екен. «Сонда не үшін таныспақшы?», деп қызық көріп сұрағанмын. Сөйтсем, ол жігіт құрбыма «Сенің анаң алаңдамасын. Сенің кіммен, қандай жанмен бірге жүргенін білуі мен үшін маңызды», деп жауап беріпті. Әрине, бұл ол жігіттің сезіміне беріктігін, махаббатының шынайылығын, алдына қойған мақсаты сол қызбен отбасын құру екенін нақты көрсетсе керек. Бірақ барлық жігіт сондай ойда ма? Ақнұр есімді бойжеткен болса, дос боп жүрген жігіті өзін ата-анасымен таныстырмақшы болғанын айтты. Алайда Ақнұр бұл таныстықтан бас тартқан. «Себебі мен бұлай жасауды ұят, ыңғайсыз көрдім. Мен танысқанмен, оның ата-анасына ұнамауым да мүмкін ғой. Немесе танысқаннан кейін ол жігітпен арамыздағы достық, сыйластық жалғаспай қалса ше? Қалай болғанда да өз басым некелеспей тұрып, жігіттің үй ішімен танысқанды жөн көрмеймін», — дейді Ақнұр.

Ал Әсия есімді бойжеткеннің басынан өткен жағдайы мүлдем басқа, ойланарлық жағдай. Алмат есімді жігітпен кездесіп, сөз байласып, жұптары жарасып жүргендеріне олардың достарының, тіпті жұмыстастарының ішінде де қызыға да, қызғана да қарайтындар табылған. Танысқандарына бір жыл толғанда Алмат Әсияға тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасап, ата-анасымен таныстырғысы келетіндігін айтады. «Мен бұл ұсынысқа қарсы болғаныммен, Алмат сөзінен қайтпады. Көп кешікпей, Алматтың ата-анасымен танысудың да сәті түсті. Олар мені қыздарындай қабылдағандары сонша, мен ол үйге жиі баратын болдым. Алмат ата-анасына екеуміздің отбасы құрғымыз келетіндігін айтты.

Ата-анасы еш қарсылық көрсетпеді, құптады. Мен де анама Алматқа тұрмысқа шыққым келетінін айттым. Анам құда түспес бұрын болашақ күйеу баласымен танысқысы келетіндігін айтты. Әулетіміздің үлкендері жиналып, кең дастарқанда бас қосып, күйеу баламен танысу рәсімін өткізді. Сырға салу үшін келетін құдалардың күнін де белгіледі. Басында бәрі жақсы сияқты көрінді. Артынан анам мың құбылды. Алмат екеуміздің отбасы құруымыз тұрмақ, кездесуімізге де қарсы болды», — деп мұңаяды Әсия. Бұл аздай, кейін Әсияның анасы қызына айтпастан Алматтың анасымен кездесіп, Әсияға оның ұлын, яғни Алматты лайық деп таппағандығын айтыпты. «Бұл кезде Алматтан толассыз келетін хаттар сиреп қалған еді. Бір күні болашаққа жоспар құрып, ой құшағында отырғанымда  телефоныма хабарлама келді. Асыға ашып оқып қарасам, «Екеуміздің айырылысуымызға тек сенің анаң ғана кінәлі. Мен қазірден ортамызға сенің анаңның түскенін қаламаймын. Осымен бәрі бітті. Қош бол!» деп жазылған. Әуелгіде мұны Алматтың қалжыңы деп ойладым. Бірақ бұл шын сөзі, соңғы сөзі боп шықты. Алматтың артынан қанша жүгірдім, жыладым, жалындым. Бәрі бекер болды», — деп жанары жасқа шыланған Әсия жүзін бұрып әкетті. Бойжеткеннің бұлай мұңаюына кім кінәлі болмақ?! Ана ма, қыздың өзі ме, әлде жігіт пе?

Әрине, өмірде бұдан өзге де түрлі жағдайлар орын алып, талай тағдыр тәлкекке түсіп жатқаны анық. Десе де, дәл осылай өздеріне беймәлім отбасының ортасына үлкендердің батасын алмай, ертеңгі күнді бағдарламай «шауып» бару әбестеу секілді. Әсіресе, қыз балаларға. Бәлкім, біреулер бұл ойды «заманауи үрдістен артта қалған адамның ойы» деп түсінетін шығар. Мүмкін, әжуа етіп күлер де. Шындығында, екі жастың неке тойсыз-ақ екі жаққа сіңісіп кеткені жақсы болғанмен, қыз баланың беташар болмай жатып, «беті ашылып қалғаны» ойлантады. Бұл жерде заңның мөрін баспай-ақ, азаматтық некеде ерлі-зайыптылардай бірге тұрып жатқандар да еске түсері сөзсіз. Алайда олардың жәйі басқа бір үлкен әңгімеге арқау болуға лайық.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы  


«Жұмыс сапалы атқарылған» – дейді «нұротандықтар»

Күні: , 52 рет оқылды


Биыл облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 15 жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 16,4 млрд. теңге бөлініп, төрт мектеп пен 214 шақырымнан астам коммуналдық желілердің және 50 шақырымнан астам Орал – Тасқала тасжолының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 12,8 млрд. теңгені құрайтын 43 жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш жобалардың қатарында 15 инженерлік инфрақұрылым нысаны мен 10 көппәтерлі тұрғын үй және аудандарда 183 тұрғын үйдің құрылысы бар.


Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы фракциясы жанындағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі  комиссиясы бақылайды. Аталмыш комиссия мүшелері кеше түске дейін «Орал – Тасқала – Ресей Федерациясы аумағына (Озинки) дейінгі тасжолдың жай-жапсарына көз жеткізіп қайтты.

Құрылыс жобасының алғашқы кезеңі Орал қаласынан Тасқала ауданының орталығына бағыт алатын тасжолдың 4-31 шақырым аралығындағы бөлігін түгел қамтиды. Қазір аталмыш учаскедегі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

– «Орал – Тасқала – Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі тасжолдың 4-31 шақырымындағы жол телімінің (ұзындығы 27 шақырым) құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Бөлінген 5,9 млрд. теңге қаражат игерілді. Бүгін жолды көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі комиссиясына тапсырдық. Жол құрылысында облыста бірінші рет қиыршықтасты маститті асфальт (ШМА) қолданылды. Жол бойында алты аялдама, үлкен жүк көліктеріне арналған эстакада, демалыс орындары, әжетханалар салынды. Сондай-ақ су ағатын науалар, су өткізгіш құбырлар, кедергілі қоршаулар, дабыл-бағаналар мен шамдар орнатылып, жол белгілері қойылды, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ тапсырысымен жобаны жүзеге асырған мердігер компания «Uniserv» ЖШС-ның бас директоры Дінмұхамед Сәтбаев.

– Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту комиссиясы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінген қаржының мақсатты және тиімді жұмсалуын, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін, халықтың игілігіне уақтылы пайдалануға берілуін қадағалайды. Комиссия мүшелері бірнеше мәрте арнайы рейдтер ұйымдастырып, құрылыс жұмысының барысын, жолдың сапасын қадағалады. Қыс мезгілінде құрылыс материалдарын жеткізуде қиындықтар туындады. Ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтірді. Дегенмен, тапсырыс беруші және мердігер компаниялардың бірлесіп әрекет етуінің арқасында құрылыс жұмыстары толық әрі сапалы аяқталып отыр, – дейді «Нұр Отан» партиясы БҚФ комиссиялар жұмысын үйлестіруші Мирас Тұяқбаев.

Жобаның екінші кезеңі 31-104 шақырымға дейінгі (ұзындығы 73 шақырым) жол телімінің құрылысын қамтиды. Қазір Тасқала ауданының орталығына дейін жаңа жол салынды. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан әкелінетін қиыршық тас пен битум бағасының 1,5-2 есеге дейін қымбаттауы және тапшылығы құрылыс жұмыстарын мерзімінде атқаруға кері әсерін тигізуде. Жалпы, 2015 жылы басталған «Орал – Тасқала – Ресей Федерациясы аумағына (Озинки) дейінгі тасжолдың құрылысы 2018 жылы толығымен тәмамдалуы тиіс.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Межесі биік мерейлі белес

Күні: , 58 рет оқылды


Бейсенбі күні өңіріміздегі ең байырғы оқу орындарының бірі — М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы 85 жылдық мерейтойын атап өтті.


Мерекелік шара университет ауласындағы А. Құнанбаев, М. Өтемісов, А. Пушкиннің мүсіндеріне гүл шоқтарын қойып, ұлылар рухына тағзым етуден басталды. Айтулы мерекеге арнайы келген тарихы терең білім ордасының әр жылғы түлектері мен шетелдік қонақтар кітапхана мен музейді аралап, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Білім ордасы үшін Гербарий қорының ғылыми, тарихи және оқу-әдістемелік маңызы бар. Ең алғаш 1934 жылы құрылған бұл қор қазіргі кезде жаһандық “Index herbarioram” жүйесіне тіркелген. Шара барысында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Махамбет» ақпараттық-технологиялық орталығымен бірлесіп жасақталған электронды Гербарий қорының таныстырылымы өтті.

Қазіргі таңда қорда гербарийдің 1500 түрі сақталған. «Indeks Herbariorum PPIU» Бұл халықаралық қорында қазақстандық бес гербарий болса, солардың бірі — М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қоры. Гербарий қоры жыл сайын толықтырылып отырады. Сондай-ақ осы күні «Ғылыми жобалар» көрмесі өтіп, университетте жүзеге асырылып жатқан Кембриждік бағдарламаның таныстырылымы болып, студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.

Түстен кейін «Жаһандық әлемдегі ғылым мен білім» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашқан университет ректоры Асхат Иманғалиев білім ордасының жетістіктеріне тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов университет ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

Конференцияда университеттің білім мен ғылым саласындағы жетістіктері мен стратегиялық мақсаттары туралы толық мәлімет берілді. Сондай-ақ Ұлы Казимир

университетінің проректоры, профессор Збигнев Буковский (Польша, Быдгощ қаласы) Польшадағы жоғары білім жүйесі және оның Еуропалық одақтағы жағдайына тоқталса, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың көптілдік институтының директоры болып табылатын кореялық Санг Кон Хое университетінің топ-менеджері, философия ғылымдарының докторы (PhD), профессор Ли Чжон Хюн М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға көптілдік білім беруді енгізу жөнінде әңгімеледі.

Шара соңында ұстаздар ұстаханасы атанған мақтаулы білім ордасының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар оқытушылар түрлі марапаттарға ие болды. Қазақстан жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының «Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» медалімен Тұяқбай Рысбеков марапатталып, оған халықаралық ғылым комитетінің шешімімен «Ғылымдағы есім» құрметті атағы және «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» даңқ медалі табысталды. Абыройы асқақ, мерейі үстем білім ордасының бір топ оқытушылары ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен Құрмет грамотасымен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және алғысхаттармен марапатталды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Алаш қозғалысының тарихы: Оралдан – Орынборға

Күні: , 126 рет оқылды


Кеше Орал қаласында Алаш қозғалысының және Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына байланысты «Алаштан Тәуелсіздікке және Қазақстанның ұлттық бірігуіне» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияда Ресей, Өзбекстан, Жапония және Қазақстан ғалымдары баяндама жасады.


– Тәуелсіздік жолындағы күресте XIX және XX ғасырлар тоғысындағы ұлттық интеллигенция өкілдерінің рөлі айрықша орын алды. Алғашқы «Алаш» қозғалысы мен саяси партиясының, Алашорда үкіметінің пайда болуы қазақ саяси элитасының азаматтық кемелденуінің өскендігін және оның рухани қуатының жоғары екенін көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш қайраткерлері туралы: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жете зерделенбей келеді. Оның үстіне, кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ» деп жазды. Осыдан кейін тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз жаңаша көзқараспен қайта зерттеле бастады. Бүгін бас қосып отырған алаштанушылар атсалысып, қазіргі таңда Алаш қайраткерлеріне тәуелсіз ұрпақтың көзқарасы қалыптасты.

«Алаш» қозғалысының көшбасшылары құқық қорғаушы, саяси және қоғам қайраткерлері болумен қатар, ірі ағартушылар, публицистер, газет және журнал басып шығарушылар, ойшылдар, ақындар, педагогтар, ғылыми зерттеу жұмыстарының, кітаптар мен оқулықтардың авторлары болды.

Алашордалықтар және оларға рухы жағынан жақын қазақ қайраткерлері өздерінің ұлттық деңгейінде ғана шектеліп қалмай, керісінше, олардың бәрі терең білімді және жан-жақты дарынды, ашық, толерантты тұлғалар болды. Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер өңірімізде жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Облыс бойынша «қасиетті орындар» тізіміне ортағасырлық «Жайық» қалашығы мен «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені кірсе, кейін қосымша Тақсай қорған кешені, Жұмағазы хазірет пен Ғұмар Қараш зираты және Жымпитыдағы Алашорда музейі енді. Алаштың ортақ идеясын жүзеге асыру жолында құрбан болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан лайықты баға беріліп жатқаны қуантады, – деді конференцияда облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жапониядағы Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеу орталығының профессоры, доктор Уяма Тамахико баяндамасын қазақ тілінде бастап, Қазан төңкерісіне дейінгі бүкілресейлік саяси оқиғалар барысында Алаш автономиясының құру идеясының даму жолына тоқталды. Ол патшалық Ресей кезеңінде жүргізілген реформалардың салдары жөнінде баяндай келіп, ХІХ ғасыр басында қазақ зиялылары ішінара дербес автономия құру мәселесін кеңінен талқылай қоймағанын айтты. Оның мәліметінше, Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов және басқа ұлт қайраткерлері құрған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының бағдарламасында империя облыстары мен губернияларының басқару жүйесін жергілікті халықтың қолына берілуі керектігі көрсетілгенімен, ол ұсыныс земстволық қозғалыс негізінде құрылған Ресей конституциялық-демократиялық партиясының саяси ықпалы аясынан шыға алмаған. 1917 жылғы ақпан төңкерісі ұлттық қозғалысқа кең жол ашты. Қазақ зиялылары тұңғыш рет уақытша үкімет құру қажеттігін айтқанымен, автономия сұрауға ден қоя қоймады. 1917 жылы 27 сәуір-7 мамыр күндері Семей облысында өткен қазақ сьезінде ұлт зиялылары бірауыздан «қырғыз (қазақ) халқының арнайы жергілікті заңдарын қолданысқа енгізуді», «Ресей боданындағы әр халықтың ұлттық, тұрмыстық, мәдени, экономикалық, тарихигеоргафиялық ерекшеліктері бар өзіндік саяси өмірін қалыптастыруға» құқылы екенін ресми түрде жариялады. 1917 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар сьезінде мұсылман халықтарының автономия алу мәселесі қызу талқыланды. Қазақ делегаттары арасында Жанша Досмұхамедов панисламдық идеядан гөрі қазақтар басқару ісін дербес қолға алу керектігін жақтады. Маусым айында Орынбор қаласында ұйымдастырылған бүкілқазақтық сьезінің қарарында Ресейдің демократиялық-федеративті ел болуы керектігі, қазақ облысына аумақтық-ұлттық автономия мәртебесі берілуі керектігі көрсетілді. Сол сьезде қазақ халқының дербес партиясын құру ұсынылды.

– Қазақ қайраткерлері өзара қарама-қайшы көзқарасты болса да, Ресейдегі саяси жағдайға байланысты автономия құру идеясын аса сақтықпен қарай отырып, оны асықпай жүзеге асырды. Басқа ұлттарға қарағанда, қазақ зиялылары Алашорда үкіметінің негізінде автономияны ресми түрде жариялау жолында табандылық танытты, – деді Уяма Тамахико.

РҒА Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, заң ғылымдарының докторы Василий Христофоров «Кеңестік Шығыс» ұлттық ұйымдары қатарындағы Алаш қозғалы-сы: 1920-1930 жылдардағы Лубянка тарапынан көзқарас» тақырыбы бойынша саяси қудалау салдарын баяндады.

– 1920-1930 жылдары кеңестік арнайы құрылымдар «контрреволюциялық ұлттық ұйымдар» терминін Қырым, Қап тауы аймағы және Орта Азия аумағында мекендеген шығыс халықтарына қатысты белсенді қолданды. Олардың ойынша, қазақ жеріндегі ұйымдар Кеңес билігінен қол үзіп, Түркиямен тығыз қарым-қатынас жасағысы келді. Арнайы құрылымдар бұрынғы «алашордалықтарды» ерекше көз қырына алып, қазақ зиялылары «ұлттық идеяларымен» Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деп есептеді. ОГПУ-НКВД-ға қарасты үштік құрылымдар ұлт қайраткерлерін тұтқындап, аяусыз жазалауды жүргізді, – деді Василий Христофоров.

Конференцияда Мәскеу педагогикалық университетінің Самара қаласындағы филиалы директорының орынбасары Юлия Гусева «пантүркизм» қозғалысына қатысты жалған тұжырымдар бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш азаматтары жайлы сөз қозғаса, Мәскеу қаласынан келген ғалым, Тұрар Рысқұловтың жиені Владимир Рысқұлов Күнбатыс Алашорданың төрағасы Халел Досмұхамедовтің қайраткерлік қыры жөнінде айтты. Өзбекстан Республикасы ғылым академиясының тарих институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Кахрамон Раджабов Түркістан мұхтарияты мен Алашорда үкіметі көсемдерінің тағдыры жөнінде деректерді ортаға салды. Ғылыми жиында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрамындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Рhd докторы Сұлтан Хан Жүсіп Алашорданың халық кеңсесі орналасқан, яғни, саяси-әкімшілік орталығы болған Семей қаласының атауын «Алаш» деп өзгертудің идеологиялық тұрғыда маңызы ерекше екенін айтты.

Конференцияда басқа да белгілі ғалымдар зерттеу жұмыстарының жаңа нәтижелерін ортаға салды және олармен бірге жергілікті өлкетанушылар, ардагерлер, сонымен қатар ЖОО оқытушылары мен студенттері Алашорда үкіметінің методологиялық ұстанымдарына қатысты зерттеудің, тарихи жылнаманың, деректанудың өзекті мәселелерін талқылады. Конференцияның екінші отырысы бүгін Ресейдің Орынбор қаласында болмақ.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Құтқарушылар да мерекелейді

Күні: , 62 рет оқылды


Бейсенбі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында ҚР Құтқарушылар күніне арналған  мерекелік  шара өтті.


Аталмыш шараға облыстық ТЖД-ның құтқару қызметі және өрт сөндіру бөлімшелерінің басшылары, қызметкерлері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Салтанатты шараның шымылдығын БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев ашып, құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Содан соң құтқару қызметінің жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі жариялап жүрген бірқатар тілшілерге алғысхаттар табыстап, қызметтік міндеттерін адал атқарған сала мамандарының кеудесіне төсбелгі тақты. Құтқару операциясына жиі қатысып жүрген облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің №2 өрт  сөндіру бөлімшесінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты Рустам Құбашев «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін»,  облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Қайыржан Малаев «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» және №8 өрт бөлімшесінің өрт бекеті бөлімінің командирі, азаматтық қорғау старшинасы Тимур Әлмұқанов «Үздік өрт сөндіруші-құтқарушы», ал облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы Нұрболат Жетпісов I дәрежелі «Құтқарушы» және жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Сергей Гохгальтер III дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ облыстық ТЖД  бастығының бұйрығымен  өзге де сала мамандары «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісі мен алғысхаттар иеленді.

Шара соңында облыстық ТЖД «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Асқар Қылышев пен өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің басшысы азаматтық қорғау майоры Назарәлі Селимов әріптестеріне ыстық ықыласын жеткізді.

* * *

Құтқарушылардың кәсіби мейрамы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Оған облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат Азбаев қатысып, сала мамандарын төл  мерекелерімен  құттықтады.

Мерекелік шарада қатысушыларға құтқарушылардың қиын да қызықты сәттерін паш ететін бейнетүсірілім көрсетілді.

Айта кетсек, облыстағы азаматтық қорғаныс тарихы халықтық комиссарлар кеңесінің 1932 жылғы төртінші қазанындағы «Әуе  шабуылына қарсы жергілікті қорғаныс» қаулысының қабылдануынан бастау алған. Содан күні бүгінге дейін тұрғындарды техногенді және стихиялық апаттардан қорғауда жоғары кәсіби қабілеттерін көрсетіп келеді. Биылғы жылдың соңғы тоғыз айында облыстағы құтқару бөлімшелерінің жедел жұмыс жасауының арқасында 500-ден астам төтенше жағдайлар мен оқиғалар жойылып, 400-ден аса адам құтқарылған және 1 300 тұрғын эвакуацияланған. Сондай-ақ 250 жәбірленушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілген. Салтанатты шара барысында ерекше көзге түскен құтқарушылар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Ольга Протопопова, Талғат Темірғалиев, Марат Қабақаев, Жігер Сақауов, Юрий Рассолов, Сажида Омартаева, Асқар Ғабдушев, Меңдіғали Сағдиев, Амангелді Жұмабаев, Жасқайрат Орынғалиев  бар.

Ерен ерлігімен көзге түскен сала мамандары марапатталған соң мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Жаңа заң азаматтарға қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған»

Күні: , 75 рет оқылды


Биыл елімізде «Адвокаттық қызмет туралы» қолданыстағы заңның қабылданғанына 20 жыл толғалы отыр. 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы еліміздің құқық жүйесін жетілдіруді көздейді. Елімізде жаңа Қылмыстық және Азаматтық кодекстер қабылданды, құқық саласы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сөйте тұра, заңды көмек көрсету еш өзгеріссіз қалып келді. Ендігі кезекте заң көмегін жетілдіру қажеттігі туып отыр.


Қоғамдық талқылауға ұсынылып отырған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы бүгінгі күннің талабына сай заң көмегінің сапасын арттыруға және оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы адвокаттық қызмет жүйесін жетілдіреді. Мұнда тек адвокаттық қызмет қана емес, заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалардың құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін анықтауды заңды түрде белгілеу, тәртіптік жауапкершілікке тарту ісі қолға алынбақ. Яғни, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды адвокаттық палаталар түрінде құру жоспарланып отыр. Онда заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалар мен заңгерлік кеңес беретін адвокаттар үшін өз еркімен заң кеңесшілерінің палатасына кіруге құқық беріледі. Өкінішке орай, олардың іс-әрекетіне қатысты түйткілді жайттар орын алып жатады. Күні бүгін, олардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері заң жүзінде белгіленбеген. Заңгерлік көмек көрсетуші жеке тұлғалардың қызметіне мемлекет тарапынан бақылаудың күшейтілуі олардың жауапкершілігін арттырумен қатар қызмет көрсету сапасының артуына да ықпал етпек. Заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалардың құқықтық мәртебесін анықтау адвокаттық ортада бәсекенің артуына септігін тигізбек.

Осыған дейін тұрғындардан түскен арыз-шағымдар аумақтық адвокаттар алқасына жүктеліп, тәртіптік шарамен ғана шектеліп келсе, енді түскен арыздарды адвокаттардың Тәртіптік комиссиясы қарайтын болады.

Заң жобасында адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тарту механизмін жүзеге асыру мақсатында Тәртіптік комиссия құру қарастырылған. Оның құрамына  адвокаттар алқасы ұсынылған 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар 6 адвокат, өкілетті органның 3 өкілі және доғарыстағы (отставкадағы) 2 судья енгізілмек. Нәтижесінде, тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады. Сондай-ақ жаңа тұжырымдама бойынша өз қызметін міндетті сақтандыруы қажет.

Сақтандыру шарты бойынша адвокаттардың кәсіби жауапкершіліктерінің сақтандыру сомасының көлемі олардың шарттарымен анықталады және адвокаттардың жауапкершіліктерін міндетті сақтандыру шартын жасау күніне, тиісті қаржылық жылға республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген, қызметін республикалық маңызы бар қала, астана аумағында жүзеге асыратын адвокаттар үшін – 1000 айлық есептік көрсеткіштен кем емес, басқа адвокаттар үшін 500 есе айлық есептік көрсеткіштен кем емес көлемде құралуы қажет.  Бұл міндетті сақтандырудың талаптары, түрлері мен типтік шарттары екі жақтың өзара келісімімен емес, заңнамалық актілермен бекітіледі.

Жаңа заң аясында адвокаттардың міндетті жылдық кәсіби біліктілігін арттыру ісі де қолға алынбақ. Бұл ретте Франция, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің тәжірибесі қолданылатын болады.

Адвокатура – құқықтық мемлекеттегі азаматтардың сот төрелігіне жету мүмкіндігі. Адвокат қызметінің кедергісіз жүзеге асуы – құқықтық мемлекеттің басты атрибуты. Адвокаттар тарапынан «Қазір адвокаттар процесті тамашалаушы ғана болып отыр» деген пікірлер айтылуда. Жаңа заң жобасы бойынша республикалық адвокаттар алқасының бұрынғы төрт құзыретіне қосымша он төрт жаңа құзырет қосылады. Осылайша, әділет министрлігінде төрт құзырет, республикалық адвокаттар алқасында он сегіз құзырет болады. Демек адвокатурада республикалық адвокаттар алқасының мәні артып, ал әділет министрлігінің рөлі азаяды. Бір ғана мысал, бұрын адвокат сотқа ды-быс немесе бейнежазу құралдарын алып кіре алмайтын, жаңа заң жобасында бұл шектеу алынып тасталды.

Жаңа әзірленіп жатқан заң жобасында қорғаушылардың жарна төлеу мәселесі алынып тасталатын болады. Бұл адвокаттар санының өсуіне, олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, қаламақыны төмендетуге, олардың кәсіби деңгейін арттыруға ынталандыруы тиіс. Қазір елімізде адвокаттық қызмет жүргізуге шамамен 12 500 лицензия берілген, қорғаушылар саны шамамен 4 500 адам. Дамыған елдерде 250-1000 адамға бір қорғаушыдан келсе, бізде төрт мың адамға бір қорғаушыдан келеді. Біздің облыста 151 адвокат қызмет көрсетеді, олардың 29-ы аудандарда. Өңірде адвокат тапшылығы анық байқалады. Шалғай жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарына бүкіл аудан халқына бір адвокат қана қызмет көрсетеді. Жаңа заң бұл мәселені түбегейлі шешуге бағытталған. Мәселен, бұрын біздің облыста адвокаттар алқасының құрамына кіру жарнасы 500 мың (республика бойынша орташа көрсеткіш 800 мың) теңгені құраса, енді ол алынып тасталады. Бұл қолында қорғаушының лицензиясы болса да, адвокаттар алқасының құрамына кіре алмай жүрген көптеген білікті жас маманның аталмыш салаға келуіне жол ашады.

Тағы бір маңызды мәселенің бірі – бұл алқалардың қаржылық қызметінің ашықтығы. Яғни, жаңа заң жобасына адвокаттар алқаларының кірістер мен шығыстары туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау енгізілетін болады. Жаңа жобаға сәйкес адвокаттар алқаларының төрағаларын тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұдан былай алқа төрағасы әр төрт жыл сайын қайта тағайындалып отыруы тиіс. Заң жобасында адвокаттық қызмет ақысының жалпыға бірдей тарифтік кестесін бекіту қарастырылып отыр. Әрі ол кесте Франция, АҚШ, Германиядағыдай ашық жерде орналастырылуы тиіс.

Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында «Pro bono – қоғам игілігі үшін!» тәжірибесін енгізу қарастырылуда.  Ол үшін адвокаттарға жылына тегін заң көмегін беру құқығы ұсынылады. Басқаша айтқанда, жаңа заң қабылданғаннан кейін осы «Pro bono» жүйесі бойынша қазақстандық адвокаттар да бір жыл ішінде белгілі бір сағаттар бойы азаматтарға бюджеттік өтемақысыз, тегін заңгерлік көмек көрсетуі парыз.

Тегін заңгерлік қызмет халықтың әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажетсінетін бөлігіне, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 1 және 2 топ мүгедектеріне, зейнеткерлерге көрсетіледі. Айта кетерлік жайт, бұл қызметтерді көрсетудің ең аз көлемі мен тәртібі адвокаттардың, заңгерлердің өзімен, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, кәсіби қауымдастықтар сықылды құрылымдар тарапынан реттелмек. Тағы бір жаңалық – сандық көрсеткіштер, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне орай бекітілген адвокаттар тізімі және басқа да мәліметтер жарияланатын «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесі іске қосылмақ.

Қорыта атйқанда, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң еліміздегі адвокатура қызметін жетілдіріп, халықтың сапалы әрі қолжетімді заңгерлік көмек алуына ықпал етпек.

Хамидолла ҚҰСДӘУЛЕТОВ,

Батыс Қазақстан облысы әділет департаменті  басшысының міндетін атқарушы


Екі күн бойы қабылдайды

Күні: , 58 рет оқылды


«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ әлеуметтік жобасына сәйкес біздің өңірді аралап жүрген «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойызы кеше Зеленов ауданы Переметный станциясына тоқтады.


Ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалауға ерекше маңыз берген пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, оториноларинголог, педиатр, гинеколог, невропатолог, эндекронолог, т.б. барлығы 21 білікті дәрігер-маман әр келушінің тегін қаралуына мүмкіндік жасайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспарында межеленген халық денсаулығын нығайту, қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту сынды нақты тапсырмасын іске асыруды көздеген жұмыс тобын тұрғындармен бірге, аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов қарсы алып, жемісті еңбек тіледі.

«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойызының бас дәрігері Ұлықпан Рахатов пойыздың негізгі мақсаттары мен жұмыс тәртібі туралы түсінік берді.

– Бұл пойыз қазіргі заманға сай емдеу құралдарымен, шағын ота жасау бөлмесі, зертхана, телемедициналық конференция өткізу үшін байланыс құралы мен ғаламтор желісіне қосылу құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Бүгінге дейін біз Шыңғырлау және Жайық станцияларында жұмыстандық.

Негізінген кеңес беру, ауру-сырқауды алдын ала анықтау бағытында көмектесеміз. Хирург, лор, стоматолог секілді дәрігерлер қажет ем-домды осы жерден-ақ жасайды.

Ауыл тұрғындарына таптырмас мүмкіндік беретін мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойызы Переметныйда екі күн аялдап, денсаулығы сыр берген жергілікті тұрғындарды қабылдайды.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы 


Әуежай аумағы екі есе кеңиді

Күні: , 56 рет оқылды


Бүгінгі таңда мемлекеттік билік және жеке әріптестік аясында «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Орал» халықаралық әуежайы басшылығы арасында аталмыш әуе вокзалын жаңартып-жаңғырту мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Осыған орай кеше облыс әкімдігінде «Орал» халықаралық әуежайын жаңғыртуды жүзеге асыруды талқылаған жиын өтті.


– «Орал» халықаралық әуежайының қызметі жаңа заман талаптарына сай келмейді. Жолаушылар тарапынан көптеген арыз-шағымдар бар. Терминалды кеңейту кезінде осы мәселелерді бірінші кезекте ескеруіміз қажет. Мысалы, қазіргі уақытта әуежай қызметін тұтынушылары ұшуға жертөле арқылы өткізіледі. Ұшып келушілерге де арнайы зал қарастырылмаған. Әуежай қызметі халықаралық деген атына сай болуы тиіс, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жобалаушы мекеме өкілдеріне қарата.

Жобалаушы мекеме «AerAnT» ЖШС-ның өкілдері жасалып жатқан жобаның жай-жапсарымен таныстырды.

– «Орал» халықаралық әуежайы Кеңес үкіметі кезінде сағатына 200 жолаушыны өткізе алатын жобамен салынған. Қазіргі уақыт талабына сай терминал ауқымды жаңалап-жаңғыртуды қажет етеді. Біз әуежайды перрон бағытына қарай немесе вокзал алдына қарай кеңейту туралы қайта құрудың екі нұсқасын ұсынған едік. Терминалды әуежайдың кіреберісіне қарай кеңіту жөнінде шешімі қабылданды. Жобамыз бойынша әуежай аумағы шамамен екі еседей ұлғайып, 8 000 шаршы метрді құрап, сағатына 350 жолаушыны өткізе алатындай болады. Аталмыш терминал халықаралық стандарттарға сай жабдықталмақ. Жолаушылар үшін жеделсатымен оңай көтеріліп, телескопиялық трап арқылы ұшаққа өту мүмкіндігі қарастырылмақ. Құрылысқа қажетті құжаттарды толықтай даярлап, өңдеу үшін төрт айдай, содан кейін сараптама үшін екі айдай уақыт қажет. Яғни жобалау жұмыстарын бітіріп, құрылысты жүзеге асыруға кіріскенше жарты жылдай уақыт кетеді. Жоба құны шамамен айтқанда,  3 (үш) млрд. теңгені құрауы мүмкін, – деді «AerAnT» ЖШС-ның директоры Әбдіманап Әбдірахманов кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында.

«AerAnT» ЖШС – Астана, Алматы, Тараз, Ақтөбе әуежайларына, сондай-ақ шетелдерде де жобалау жұмыстарын жасаған тәжірибелі мекеме екенін айта кетелік.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Т. ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика