Мұрағат: 18.10.2017


«Ұстаздар ұстаханасының ұстанымы биік»

Күні: , 140 рет оқылды


– Асхат Сәлімұлы, қазіргі кезде мемлекет басшылығы еліміздегі барлық оқу орындарына әлемдік стандарттарға сай білім беру талабын қойып отыр. Осыған орай сіз басқарып отырған білім ордасындағы оқытушылардың білім-білігін көтеру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?


– 85 жылдық тарихы бар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – еліміздегі байырғы жоғары оқу орындарының бірі, Қазақстанның батыс аймағындағы ұстаздардың негізгі ұстаханасы.

Біздің университет Болондық жүйенің толықтай құқылы мүшесі болғандықтан, әр кез білім беру жүйесінде сол үрдістің барлық талаптарына сай болуға ұмтылады. Басты талап – профессор-оқытушылық құрамның сапасы, кәсіби біліктілігі. Біздің оқу ордамыз да бүгінгі күні тәжірибе көрсеткендей, оқу үрдісін ұйымдастыруда халықаралық тәжірибе алмасуды арттырып келеді. Университет оқытушылары жыл сайын біліктілік арттыру курстарымен Қазақстанның және Еуропаның іргелі жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуде. М. Өтемісов атындағы БҚМУ бірлескен білім беру бағдарламаларына сай университетте физика және математика бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл бірлескен бағдарламалар Отто фон Герике атындағы (Германия), Ұлы Казимир атындағы (Польша) университеттерінің, ал қос дипломды білім беру АҚШ-тың Миссисипи университетінің қатысуымен жүзеге асуда. Университетте Ресей халықтар достығы университетімен (Мәскеу) магистратура бойынша бірлескен бағдарламалар жүргізілуде. Бұл біздің магистранттарымызға жетекші серіктес университеттердің дипломын алуға мүмкіндік береді. Елбасы бізге Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет деген талап қойған болатын. Қазір біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. 2016-2017 оқу жылының өзінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 50-ден астам оқытушы біліктілігін арттырса, бірнеше маман Испанияның жоғары оқу орындарында шетелдік тағылымдамадан өтті. 100-ге тарта оқытушы Алматы мен Қарағанды қалаларының орталық оқу орындарында екі айлық мерзімде «Педагогикалық пәндерді ағылшын тілінде оқыту» семинарларына қатысып, біліктіліктерін арттырып келді. Үздіксіз білім беру орталығының базасында ағылшын тілі курстары, сонымен қатар «Оқыту жүйесінде ақпараттық технологияларды қолдану», «Жоғары мектеп педагогикасы – оқытудың жаңа технологиялары» курсы ұйымдастырылып, 90-нан астам оқытушы біліктіліктерін арттырып, жаңадан тағайындалған бөлім жетекшілері үшін «Білім берудегі менеджмент» курсы да ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың өзінде бірнеше оқытушы ұлттық орталыққа оқуға жіберілсе, төрт оқытушымыз Португалияның Порто қаласындағы Жоғары техникалық институтқа шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберілді.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да мультимедиялық кластармен, электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ететін жаңа компьютерлермен жабдықталған «Махамбет» ақпараттық технологиялар орталығы жұмыс істейді. Университетіміз қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие. М. Өтемісов атындағы БҚМУ сайтының білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің ЖОО интернет-ресурстарының рейтингісінде үздік жиырмалық қатарына еніп отырғаны да үлкен жетістік. Осы орталықтың робототехника лабораториясында жас ғалымдар, студенттермен бірге мектеп оқушылары да ғылыми жобаларды бірлесе атқаруда. Мектеп мұғалімдеріне робототехникадан арнайы курстар өткізіліп, біліктілерін де шыңдауда. Университетімізде ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жасақталып, білім беру модульдерінің құрамы кеңеюде.

– Әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграцияны жетілдіру мақсатында қолданысқа енген «академиялық ұтқырлық» бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз…

– Университет бүгінгі таңда халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық қызметі, алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарды ұйымдастыру және дамыту жұмыстары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде бүгінде университетіміз таяу және алыс шетелдің 100-ге жуық жоғары оқу орнымен келісімшарт жасады. Қазіргі уақытта университет студенттері алыс шетелдің Польшаның Быдгощ қаласындағы Ұлы Казимир атындағы университетте «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша, Германияның Гутенберг атындағы университетте «Дизайн», «Шет тілі», «Халықаралық қатынастар», АҚШ-тың мемлекеттік Миссисипи университетімен «Есеп және аудит», «Халықаралық қатынастар» мамандықтары бойынша білім алмасты. Жақын шетелдік оқу орындарында география, химия, биология, информатика, менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару, туризм, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және өнер мамандықтары бойынша М. Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетімен, Белгород мемлекеттік өнер және мәдениет университетімен, Астрахан мемлекеттік университетімен, Орынбор, Пермь, Қалмақ мемлекеттік университеттерімен, Саратов мемлекеттік заң академиясымен, Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетімен тығыз байланыс орнатудың нәтижесінде студенттер академиялық алмасуы сәтті жүзеге асқан болатын. Аталған бағдарлама бойынша бакалавриатпен қоса магистранттарымыз да білім алма-суда. Профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасуында да нәтижелі жұмыстар бар. Оңтүстік Кореяның Сангконгхое университетінің профессоры Чжон Хюн Ли, Үндістанның Курукшетра университетінің профессоры Рам Виранджан, Хорватияның Загреба университетінің профессоры Мартин Арндт және ресейлік ғалымдар И. Карпенко, О. Акимова, Ю. Королев, О. Кощеевалар университетімізде дәріс оқып, шеберлік кластарын өткізіп, тәжірибе алмасса, біздің оқытушыларымыз да аталған оқу орындарында болып, тәжірибе алмасып келуде.

БҚМУ-дың университеттердің еуропалық қауымдастығына толық мүше болуы еуропалық білім мен ғылым кеңістігінде отандық білім мен ғылымның шетелде танылуына өз үлесін қосары анық. Өткен оқу жылынан бастап «Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Университетіміздегі көп тілді білім беру орталығының басшылығына оңтүстік кореялық маман Ли Джонг Хюннің шақыртылуы аталған сала бойынша шетелдік тәжірибе алмасудың тағы бір мүмкіндігі деп білеміз. Университетімізде 100-ге жуық шетелдік студенттердің де білім алуына жағдай жасалды. Олардың арасында алыс шетелден АҚШ-тан, Германиядан, Қытайдан, Ресейден келген студенттер бар.

– «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында сіздің университетте бүгінге дейін қанша студент білім алды? Қазіргі күнде неше студент оқып жүр? Олардың ішінде біздің өңірге «бауыр басып» біржола тұрақтап жатқандары бар ма?

2014-2015 оқу жылынан бастап университет қабырғасында аталған бағдарлама аясында барлығы 466 студент 15 мамандық бойынша білім алып жүр. Жоба аясында білім алушы студенттер бес өңірдің тумасы. Атап айтар болсақ: Алматы облысынан – 5, Қызылордадан – 166, Маңғыстаудан – 122, Жамбылдан – 14, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 159 студент бар. Серпіндік студенттеріміз батыс өңірінде білім алумен қатар қоғамдық өмірге де белсене араласып келеді.

Бұл студенттеріміздің алғашқы буыны биыл университетімізді бітіргелі отыр. Күні ертең-ақ жас маман атанғалы отырған серпіндік түлектердің бірқатары осы өлкеге бауыр басып, еңбек жолдарын батыс өңірінен бастауды жөн көріп отыр.

– Студенттерді ынталандыру мақсатындағы атаулы шәкіртақыларға тоқталып өтсеңіз… Сондай-ақ студент-тердің жатақханамен қамтылу деңгейі қандай?

– Университетімізде ақылы топта оқитын студенттер үшін оқу ақысына біраз жеңілдіктер қарастырылған. Сабақ үлгерімінде жақсы нәтиже көрсетіп, жоғары көрсеткішке ие болған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан студенттерге және әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққан шәкірттерімізге көмек көрсетуге басты назар аударамыз. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуде жоғарыдағы жағдайды ескереміз. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалған емес. Жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландыру үшін ең алдымен оларға әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық жағынан да барынша қолайлы жағдайлар жасалу қажет. Осыдан бес жыл бұрын студенттерге арналған тоғыз қабатты, жас мамандарға бес қабатты жаңа жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Кейінгі жылдары оқу корпусының қайта жасақталып, тағы бір жатақхананың пайдалануға берілуі білім қуған жастардың жатақханамен қамтылуын жақсарта түсті. Қазіргі күні үш жатақханамыз бар, студенттерді жатақханамен қамту деңгейі 80%-ды құрайды. Алдағы уақытта әлі де бұл көрсеткішті арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Университеттің оқуда үздік, қоғамдық өмірде белсенділік танытып жүрген, ғылымда, спортта облыстық, республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, мамандығы бойынша олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын иемденген 3-4 курс студенттерін ынта-ландыру мақсатында ҚР Президенті атындағы шәкіртақы 19 студентке және университетішілік В. Иванов, М. Тілеужанов, А. Тайманов, М. Өтемісов, А. Пушкин атындағы шәкіртақылар 5 студентке тағайындалды. ҚР Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысын жеңіп алған студенттеріміз де бар.

– Биыл жергілікті бюджет есебінен 160 білім гранты бөлінгені белгілі. Аталмыш білім гранттарына ие болу бақыты сіз басқарып отырған білім ордасындағы неше студентке бұйырды?

– Жергілікті бюджеттің 71 білім гранты біздің университетке беріліп, оларға шәкіртақы тағайындалды. Гранттар саны өңірге қажетті мамандықтар бойынша сұраныс негізінде анықталды. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша – 13, биология мамандығына – 7, физика мамандығына – 4, химия мамандығы бойынша – 11, орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті – 14, математика – 17, өнер бағытында – 5 білім гранты берілді. Сонымен қатар Атырау облысы әкімдігі 20 білім грантын тағайындады. Биылғы жылы университетіміз үшін тағайындалған білім гранттары өңірдегі кадр тапшылығын азайту, білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын басты назарда ұстап отырғандығының және білім алам деген жалынды жастарды қолдаудың айғағы деп білемін.

– Университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы сіздерді қанағаттандыра ма? Әр жыл сайын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қанша түлек жұмысқа орналасып жүр?

– Студенттердің кәсіби білімдерін мекеме-кәсіпорындарда тәжірибелік негізде шыңдауы жолға қойылды. Жұмыс берушілер кеңесінің қатысуымен еңбек нарығының талаптарына сәйкес студенттердің таңдаулары негізінде 185 модульді білім беру бағдарламасы жасақталды. Қосымша білім беру бағдарламаларын жасақтауда шағын жинақталған мектептердің талаптарын ескеру басты назарымызда. Бұл түлектеріміздің жұмысқа орналасуына мүмкіндік беруде.

Түлектеріміздің «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуы Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасымен және оның аудандық өкілдіктерімен бірлесіп жүзеге асырылады. Түлектерді арнайы жұмысқа таратуының нәтижесінде педагогикалық және өнертанушы мамандықтарының түлектері 50% ауылдық жерлерге жіберіліп отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2014 жылы – 65, 2015 жылы – 89, 2016 жылы – 96, 2017 жылы 100-ден аса түлегіміз жұмысқа орналасты.

БҚМУ-дың педагогикалық мамандығының түлектері, орта есеппен алғанда, аймақтың еңбек нарығында педагогтармен 91% қамтамасыз етіп келеді. Педагогикалық мамандықтарды бітірген түлектерді толықтай жұмысқа орналастыру мақсатында көршілес өңірлердің еңбек нарығына шығу да қажеттілігі байқалады. Бұл бағытта «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасының маңызы зор.

– 85 жылдық тарихы бар білім ордасы бүгінгі күнге дейін мыңдаған жас маманды қанаттандырды. Солардың арасынан кімдерді ерекше мақтан тұтасыздар?

– Біздің ортақ мақтанышымызға айналған университет түлектерінің қатарында ғалым-математик, академик А. Д. Тайманов, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Л. И. Беда, Татарстан Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Р. И. Нафигов, КСРО Ғылым академиясының Поволжье археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Б. Железчиков, Қазақ ғылыми-зерттеу гидрометеорологиялық институтының директоры Х. А. Ахмеджанов, биология ғылымдарының докторы, профессор Е. А. Ағелеуов, филология ғылымдарының докторы, профессор М. М. Тілеужанов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор С. Р. Рахметова, ҚР Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Ж. Ш. Какишев, ҚР-дың бұрынғы Білім және ғылым министрі және БҰҰдағы Қазақстанның тұрақты өкілі, қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б. С. Әйтімова, бірнеше мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарған, халық қалаулысы, бүгінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі, саясаттану ғылымдарының докторы, БҚМУ-дың құрметті профессоры – И. Н. Тасмағамбетов, Парламент Мәжілісінің депутаты – Ш. Ә. Өтемісов және ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е. И. Тарасенко сынды берісі байтақ елге, әрісі айдай әлемге танымал тұлғалар бар.

Университетімізді бітірген ел таныған ғалым ұстаздармен бірге, ақын-жазушылар және әр салада қызмет атқарып жүрген біздің мақтаныштарымыз өздері білім алған оқу ордасына келіп, студент жастармен кездесіп, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Бүгінде өзі білім алған қара шаңыраққа қызметке қалып, жоғары білімдерін магистратурада жалғастырып жатқан мамандарымыздың көбі – өз түлектеріміз.

Үлкен өмірге біздің университеттен қанаттанған барша түлектерге, жалпы, БҚМУ-ға азды-көпті қатысы бар баршаңызға бүгінгідей мерейтой күні дендеріңізге саулық, отбасылық баянды бақыт және туған елімізді өркендету, Отанымызды гүлдендіру жолындағы қажырлы қызметтеріңізге жемісті еңбек тілеймін!

– Айтқаныңыз келсін!

 

Сұхбаттасқан: Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

«Орал өңірі»


Жарасты жанұялар

Күні: , 86 рет оқылды


Осы аптаның алғашқы күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының өкілдері қатысқан «Үздік отбасы» байқауы өтті.


«Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аталмыш шараға Жердев, Масанғалиев, Ихсанов, Нұрсұлтанов, Орынов, Аманқұловтардың жанұялары қатысып, бақтарын сынады. Байқауда қазылар алқасының мүшесі болып, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, қалалық білім беру бөлімінің маманы Сындар Мұратқызы, «Уральские репортеры» газетінің бас редакторы Сәуле Загидуллина және «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының менеджері Жандос Сұңғатов бекітілді.

— Қайырлы күн, құрметті көрермендер мен байқауға қатысушылар. Облыстағы «Нұр Отан» партиясының 274 бастауыш партия ұйымында 34978 адам тіркелген. «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» секілді бірнеше жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара жас ұрпақ үшін зор маңызға ие. Өйткені Отан – шағын мемлекеттен, яғни отбасынан басталады. Отбасының ынтымақ-бірлігі – қоғамның байлығы. Бүгінгі шарада бақтарын сынауға келген барша үміткерлерге сәттілік тілеймін, — деді шарада сөз алған «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова.

Байқауға қатысушылар бірінші бөлімде отбасыларын таныстырса, екінші бөлімде би билеп, өлең айтып өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беріп, үй тапсырмасын да орындады. Бейнефильм арқылы Жердевтер әулеті спортсүйер отбасы болып танылса, ұлттық нақышта киінген Ихсановтар әулеті ұлттық өнердің ұлықтаушысы ретінде көпшілік қошеметіне ие болды. Ал Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамына қатысты салт-дәстүрлерді көрсеткен Масанғалиевтер отбасы мен әдемі әндерімен ерекшеленген Аманқұловтар отбасы ұйымшылдығымен көпке үлгі болды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Масанғалиевтер отбасы жеңіп алса, екінші орын Аманқұловтарға, үшінші орын Орыновтарға бұйырды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Бөкейліктер Бақытнұрды демеуде

Күні: , 80 рет оқылды


Мұратсайлық сегіз жасар  Бақытнұрдың бүйрегі толық жетілмегендіктен, анасы Сымбаттың бүйрегі алынып, трансплантация жасалғаны туралы жазған болатынбыз. Әрине, «бауыр еті баласы» үшін шыбын жаны шырқыраған ата-ана қиналысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.


Бұрын Мұратсай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып жүрген Сымбат Қапезоваға ауыр жағдайдан соң дәрігерлер жұмыс жасауға тыйым салған. Ай сайын Астанаға қаралып тұратын балақайдың жол қаражаты, ем-домы қалтаға соғатыны белгілі. Бақытнұрдың әкесі Руфат Хабиев, ата-әжесі, бауырлары қолдан келген көмектерін ұсынып жатқанымен, қаржының молынан керегі түсінікті.

Осыны ескерген Сымбаттың бір кездегі әріптестері, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі мен демалыс орталығы «Мейірбандық күндері» айлығы аясында тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған балақайға көмек қолын созып, Сайқын селосының тұрғындарына «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концертін берді.

Өнерде өз қолтаңбасы бар Жоламан Сисенғалиев жүргізген кеш ізгі ниетті жандарға үлкен ой салғаны сөзсіз. Айтулы шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтан бастап мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты. Арнайы жәшік қойылып, жерлестеріміз барынша демеушілік жасады. Бұл шара ай бойы жалғасын таппақ.

Концертте Миллат Насыровтың орындауындағы «Ана» әні әп дегеннен тыңдармандарын жып-жылы сезіммен баураса, Бақытнұр мен оның ата-анасы жайлы түсірілген бейнефильм көрермендерді бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ қайырымды жандардың ізгі амалына құралған бұл концертте «Маған құшақ жайған адам» әнін Құрмет Мусин шырқаса, «Аққу арман» әнін анасы Айнұр Мусина мен қызы Еркенұр Ғиылманова әсерлі жеткізді. Дильназ Жасқайратова оқыған Ф. Оңғарсынованың «Тың-даңдар, тірі адамдар» өлеңі де көптің көңілінен шықты.

М. Мақатаевтың сөзіне жазылған Т. Рахимовтың «Сәби болғым келеді» әнін Арман Әршімов қалықтатса, «Дала дарындары» фестивалінің лауреаты Рада Манасова қобызбен (фортепианода сүйемелдеген Самал Рахымжанова) Обердің «Тамбурин» шығармасын төгілтті. Саз мектебінің оқушысы Айназ Ниетқали қобызбен Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын», фортепианода Айнат Шынболатқызы Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Балалар үйіндегі қоғам ауруын бейнелеген көрініс те сәтті шықты. Жанарларға еріксіз жас үйірген бұл қойылым терең мағынасымен отырғандарға ой салды. Ринат Машотов әуелеткен «Сәби бақыты» әні де жан дүниені тебірентсе, Айзада Тілепова «Әйел бақыты» әнімен кешті аяқтады.

Сахнаға Бақытнұрдың анасы Сымбат көтеріліп, көмек қолын созып жатқандарға аналық алғысын жеткізді.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы ауданы


Бірлігі бекем елдің берекесі еселенеді

Күні: , 61 рет оқылды


Кеше 18-қазан – Рухани келісім күніне орай қаламыздағы Достық үйінде «Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол» атты шара өтті. Бұл шараға мемлекеттік құрылымдардың, діни бірлестіктердің, этномәдени орталықтардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.


Мерекелік шара елімізде ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайту бағытында қолға алынып жатқан іс-шаралар көрініс тапқан бейнероликпен басталды.

– Тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағының астында жиналған барша отандасымыз жыл сайын қазан айында ұлтаралық татулық пен рухани келісім күнін атап өтеді. Рухани келісім күні адамгершіліктің, достықтың, толеранттылықтың символы болып табылады. Қазақ халқы үшін бүгінгі мерекенің орны бөлек. Себебі, ата-бабаларымыз әр уақытта ар-намысты, достықты, татулықты жоғары бағалаған. Түрлі этнос өкілдері Қазақстанда өздерін еркін сезініп, бақытты өмір сүруі қазақ халқының санасына, қанына сіңген дархандық, мейірімділік және қонақжайлықтың арқасы. Бүгінгі жаһандану заманында осы адами құндылықтарымызды жоғалтпау – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен өнеріміз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз қашанда асқақ болуы тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің руханиятымыздың бір парасы» дегенін ұмытпауымыз керек.

Бүгінгі таңда мелекеттік құрылым ассамблея, діни бірлестік, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп елімізде, соның ішінде облы-сымызда рухани келісімді сақтап, нығайту бағытында үлкен істер атқаруда. Соның нәтижесінде конфессияаралық толеранттылықтың қағидаттары мен талаптары бекітілді, түрлі діни бірлестіктер арасында өзара түсіністік қалыптасты. Рухани келісім – Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі екенін ұмытпауымыз керек, – деді шарада сөйлеген Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

ҚМДБ-ның біздің облыстағы өкіл имамы Руслан Сұлтанов қасиетті Құран Кәрімнің аяттарында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде адамгершілік, бірлік, мейірімділік турасында көп айтылғанын жеткізді. Бұл асыл сөздер Рухани келісім күнін атап өту мақсатымен астасып жатыр. Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний Қазақстаннан басқа бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттердің бірде-бірінде дәл осындай мейрам жоқ екенін атап өтті. Сол үшін Мемлекет басшысына айтар алғысы зор. «Бұрын, кеңес заманында біз осылай жиналар ма едік, – деді ол. – Ол кезде қаламызда бір проваслав храмы, бір мешіт қана болды. Ал қазір қанша? Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқасында келді. Бірінші Жаратушы иеміздің рахымының, екінші Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз дәстүрлі дінімізге бет бұрып, ұлттық мәдениетімізді өркендетіп, мамыражай өмір сүрудеміз. Нұрсұлтан Әбішұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті ол сен қазақсың, сен орыссың деп бөлмейді, біз – қазақстандықтармыз дейді! Мұның өзі еліміздегі ұлт-ұлыстардың бір-біріне деген бауырмалдылығының, достығының одан әрі арта түсуіне ұйытқы болатыны сөзсіз».

Оралдағы рим-католик приходының басшысы Цезары Пачей осындай ізгілікті шараны ұйымдастырған жергілікті атқарушы билік өкілдеріне өз ризашылығын жеткізіп, Қазақстандағы бейбітшілік пен ұлтаралық, дінаралық келісім әлем елдеріне үлгі екендігін мәлімдеді. Ал «Жаңа өмір» евангельдік христиан шіркеуінің жергілікті бөлімшесінің жетекшісі Иван Крюков біраз жылдан бері аталып келе жатқан бұл мерекенің мән-маңызы жыл өткен сайын арта түскеніне тоқталды.

– Мен ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзін үнемі еске алып жүремін. Онда Елбасымыз Қазақстан Азияның ерекше жерінде орналасқанын, иудаизм, буддизм, христиан, ислам сынды әлемдегі іргелі діндердің бәрі осынау құрлықтың киелі жерлерінде пайда болғанын жеткізді. Болашақтағы сын-тегеуріндерге бейімделудің оңтайлы жолдарын іздестіруде, адамзат алдында уақыт өткен сайын өзектілігі артып келе жатқан біртұтас ортада өмір сүрудің жаңа негіздерін қалыптастыруда ұжымдасу қажеттілігін айтты. Кезінде бұл сөздерге кейбіреулер жете мән бермеген шығар, ал қазір ол өмір шындығына айналып отыр. Егемендігіміздің елең-алаң шағында Рухани келісім күні белгіленді. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын оңалтумен бірге, ұлтаралық, дінаралық татулық-түсіністікке де басымдық берілді. Соның нәтижесінде біз бүгін аспаны ашық, дұшпаны қашық мемлекетке айналдық.

Қазақстандықтар мәдени және рухани өмірін айшықтауда негізінен исламның ханафи мәзхабы мен христиан дінінің проваслав бағытына сүйенеді және өзге де «дені дұрыс» діндер қағажу көріп жатқан жоқ. Қазіргі таңда діни бірлестіктермен қайырымдылық, отбасы құндылығын нығайту, қылмыстың алдын алу секілді әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Мұның бәрі этносаралық, конфессияаралық түсіністіктің қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Ал оған бүгінде әлем елдері қызыға да, қызғана да қарап отыр, – деді «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Данильбек Саратов.

Шара барысында облыстық ассамблея жанындағы шығармашылық орталықтың өнерпаздары, Орал медресесінің шәкірттері, Архангел Михаил соборының хоры әнмен шашу шашты.

Шара соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов облысымыздағы діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтар өкілдерінің батысқазақстандықтарға арнаған үндеуін оқыды.

Рухани келісім күніне арналған шаралар түс қайта да жалғасын тапты. Облыстық жоғары спорттық жетістіктер мектебінде өңіріміздегі түрлі діни конфессиялар өкілдері шағын футболдан сынға түсті.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

 

Саид ЗАБИТОВ,

РФ-ның Орал қаласындағы консулы:

– Бұл мереке тек қазақстандықтар үшін емес, жалпы әлем жұртшылығы үшін де маңызды. Этносаралық және конфессия-аралық келісімді сақтаудағы қазақстандық жолды қазіргі кезде көптеген елдер зерттеуде. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда әлеуметтік, этностық және діни дау-дамайлар себебінен мемлекеттік және әлеуметтік жағдайды тұрақсыздандыруға жасырын ықпал ететін түрлі қауіп бар. Рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Қазақстанда өмір сүретін этностардың татулығы мен түсіністігі ел егемендігін нығайту жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына негіз болуда.

 

Теміржан ИСМАҒҰЛОВ,

еңбек ардагері:

– Бабаларымыздың «Бірлігі барды – жау алмайды» деген ұлағатты сөзінің астарында татулықтың ел тыныштығына негіз болатыны жатыр. Ұлан байтақ қазақ елі көп ұлтты, көп конфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Алла Тағаланың жақсылығы және Елбасының салиқалы саясаты, парасатты басшылығы арқасында мемлекетімізде жүзден астам ұлт-ұлыс өзара ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл біздің басты байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек.

 

Вероника ЧЕРНОМОРСКАЯ,

БҚО дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері:

– Мемлекеттің дін саласындағы жүйелі әрі пәрменді саясатының нәтижесінде діни және этномәдени бірлестіктер елдегі рухани келісімге өз үлестерін қосуда. Соның арқасында елімізде этностық және діни негіздегі шиеленістердің жолына берік тосқауыл қою қамтамасыз етілді.

Бүгінгі шара «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай, біртектілік пен бірлікті нығайту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірлесіп әрекет ету мақсатын көздейді. Шара кезінде түрлі этнос пен діни бірлестік өкілдері бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді.


Базардағы бірыңғай баға немесе жергілікті өнімдер неге қымбат?..

Күні: , 86 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Тап қазір қымбатшылық белең алып тұр. Басқасын былай қойғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да уақыт өткен сайын қымбаттап барады. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын астықтың келісін 70-80 теңгеден сатып алдық, соған сәйкес ең басты тағамымыз – нан да 50-60 теңгеден болды. Қазіргі уақытта ұнның келісін 130-150 теңгеден, ал нанды 95-100 теңгеден сатып алып жүрміз…


Бір қараған кісіге тамыз айынан бастап, базардағы көкөніс түрлері арзандаған сияқты көрінеді. Бірақ бұл өткен қыс, көктем айларындағы бағамен салыстырғанда ғана. Енді 2-3 айдан кейін көкөніс бағасы қайта қымбаттай бастайды. Биыл жазда базардағы көкөністер бағасы өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. Мысалы, қиярдың бір келісі биыл жазда 150-250 теңге арасында сатылды. Былтыр қиярдың келісін шілде, тамыз айларында 60-80 теңгеден алғанбыз. Жұрттың ең көп қолданатын жемісі – алма биыл тіпті жоқ. Пісетін мезгілдің өзінде алманың келісі базар сөрелерінде 300-350 теңгеден, ал дүкендерде 450-500 теңгеден сатылды. Қазір де алма бағасы осы шамада. Мұның өзі көршілес облыстардан және Ресей, Өзбекстан, Молдавия секілді алыс-жақын шетелдерден жеткізілген алмалар. Ал картоптың келісі тамыз айында 90-100 теңге болды, былтыр осындай уақытта көкөністің бұл түрін 50-60 теңгеден сатып алғанымыз есімде. Былтыр пияз да шамамен осындай бағамен сатылды. Биыл жиын-терім аяқталмай жатып, қазан айының өзінде картоп бағасы 120-130 теңге болып тұр. Қыс маусымында тағамға ең жиі қолданылатын картоп пен пияздың бағасы былтырғыдай тағы шарықтап кетпесіне кім кепіл? Еттің келісін өткен жылы, оның алдыңғы жылдары базарға ертелетіп барып, 750-800 теңгеден сатып алушы едік. Биыл еттің бағасы да шарықтап кетті. Сиырдың таза еті 1700 теңге болса, сүйек араласқан қабырға, омыртқа, төс еттері 1500 теңгеден. Қой еті қыс мерзімінде 800-850 теңгеден болып еді, дәл қазіргі уақытта 1100-1200 теңгеден бір-ақ шықты. Былтырдан бері шай да қымбаттады. Алдыңғы жылдары бір қорап шайды (200 грамдық) 250-300 теңгеге сатып алсақ, былтыр оның құны 400-500 теңге, биыл 600-700 теңгеге жетті. Өңірімізде астық өнімдерін өндірумен айналысатын «Желаев» астық өндіру комбинаты бағаны әзірге шектеп ұстап отырғанын атап көрсеткеніміз жөн. Осы себепті өңірімізден шығатын ұн мен рожки, вермишель және басқа да астық өнімдерінің бағасы әзірге аса қымбат емес. Бір келі астық құны 150-170 теңге шамасында, рожки, вермишель де осы шамада. Халық жергілікті кәсіпкерлердің астық өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұрғандарына дән разы.

Өз өнімдеріміз неге қымбат?..

Биылғы жыл басталысымен, бау-бақша өнімдерінің бағасы еліміз бойынша қатты қымбаттағаны естеріңізде шығар. Басқасы басқа, екінші нан саналатын картоптың келісі 300 теңге болды. Мұны сала мамандары елімізде көкөніс сақтайтын салқындатқышы бар заманауи қоймалардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Олардың сөзінше, шаруалар нақ осы себептен күзде жинаған көкөніс өнімдерін қоймаларында ұзақ уақыт сақтай алмай, көктемге дейін сатып бітіруге тырысады екен. Көктемге салым, яғни жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көкөніс түрлерінің қатты қымбаттап кететін себебі осы көрінеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін жеткілікті түрде сатып алатын тұрақтандыру қорлары базарларда әрқашан сіресіп тұратын көкөніс түрлеріне биыл онша алаң-дамаса керек. Нәтижесінде ақпан айынан бастап картоп, пияз, қырыққабат және тағы басқа да көкөніс түрлерінің бағасы аспандап кетті. Мұның қарапайым халықтың қалтасына ауыр соққаны жасырын емес. Осындай жағдай биыл да қайталанбаса екен дейміз. Қымбатшылықтың тағы бір себебі, шетелдерден тасымалданатын азық-түлік тағамдарына жол шығыны мен оны саттыққа шығару шығындары қосылады екен. Сөйтіп, олардың бағасы өзінің нақты бағасынан әжептәуір көп болады. Ал мұның өз кезегінде елімізде, тіпті өз өңірімізде шығатын азық-түлік пен көкөніс түрлерінің бағасына әсері зор. Өйткені жергілікті өнім өндірушілер ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын нарықтық бағаға сәйкес қалыптастырады екен. Мұны біз об-лыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері берген (10.08.2017 ж. №9-23-3-Т-F-175) мәліметтен алдық. Бұған қоса заттардың қымбаттауына доллар бағамының көтерілуі де әжептәуір себепші болып тұр.

Өңірімізге 18,8 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері келген

Қымбатшылықтың ең негізгі себебі, елде азық-түліктің жетіспеуінен болады. Құдай оның бетін әрмен қылсын, біздің өңірімізде әзірге ондай қауіп жоқ. Шаруалардың азық-түлік өнімдері мен көкөніс түрлерін көптеп өсіріп-өндіріп жатқанын сала мамандары беріп жатқан есептерден көріп те, естіп те жүрміз. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері берген мәлімет бойынша облыста биыл 3 900 гектарға картоп дақылы отырғызылған. Облыс халқының картопқа деген қажеттілігі 60,5 мың тонна болса, биыл отырғызылған картоптан 55,4 мың тонна мөлшерінде өнім алынады деп күтілуде. Картоптың жетіспейтін қалған мөлшері көршілес шет мемлекеттер мен еліміздің оңтүстік аймақтарынан жеткізіледі. Ағымдағы жылы 3 500 га алқапқа көкөніс дақылдары отыр-ғызылды. Облыс халқының көкөніс дақылдарына қажеттілігі 51,5 мың тоннаны құрайды, соның ішінде 12,8 мың тонна сәбіз, 3,2 мың тонна қияр, 3,2 мың тонна қызанақ, 16 мың тонна қырыққабат қажет. Биыл 56,0 мың тонна көкөніс өнімін алу көзделуде. Қазан айының ортасына жақындап қалса да, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері биыл жиналған көкөніс мөлшері жөнінде айта алмай отыр, өйткені өңірімізде бағбандар өнімдерін әлі жинап жатқан көрінеді. Егер биыл жоспарланған мөлшердегідей өнім жинап алсақ, өңір халқы көкөніспен толықтай қамтамасыз етілді деп айтуға болады. Бұдан басқа облыс тұрғындарын маусымаралық жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін облыста жалпы аумағы 54 079 м2 құрайтын 87 жылыжай бар. Олардан бірінші дақыл айналымда 297,1 тонна балғын көкөніс өнімдері алынса, екінші дақыл айналымда да осы көлемде көкөніс өнімдері алынады деп күтілуде. Басқарма мамандарының айтуынша, өңірімізден шетелдерге бау-бақша өнімдері шығарылмайды. Керісінше, облыс көлеміне шеттен әкелінетін көкөніс түрі көп. Мұны біз күнделікті өмірде көріп жүрміз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, шетелдерден өңірімізге ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 18,8 мың тонна жеміс-жидек және көкөніс өнімдері келген. Бұлардың қожайындары жол және сату шығын-дарын есептеп, өнімдеріне әжептәуір жоғары баға қояды. Бұған қарап, жергілікті шаруалар да маңдай терімен келген өнімдерін арзанға бергісі келмейді. Сөйтіп, алыстан арбаланбаса да, жергілікті өнімдерді шетелден тасымалданған өнімдермен бірдей қаққа сатып аламыз. Базардағы бірыңғай бағаның басты себебі, міне, осы екен…

 Жоғарыдағы мәліметке сенсек, облыс халқының көкөніске деген қажеттілігін өзіміздің жергілікті шаруалар толықтай қамтамасыз ете алады. Бірақ сауда орындарында сырттан әкелінген өнімдердің де жақсы өтетінін көріп жүрміз…

Әлеуметтік дүкендер қайта ашылса…

Сала мамандары, жылыжайларда өсірілген дақылдар үшін 2015 жылы 8,2 млн. теңге, 2016 жылы 10,2 млн. теңге субсидия төленгенін мәлімдеді. Олардың сөзінше, қазіргі уақытта аталған бағдарлама аясында жылыжайларда өсірілген дақылдарға субсидия төлеу үшін 12,2 млн. теңге қаржыға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолданған. Көрдіңіздер ме, мемлекет бағбандарға қаншама қамқорлық жасап отыр? Олар мемлекеттің қолдауының арқасында шаруаларын кеңейтіп, тұрмыс-жайларын жақсартып алды. Ал олардан мемлекетке қандай көмек бар? Қазақ «Береген қолым — алаған» дейді. Мемлекет шаруаларға бар жағдайды жасап отыр. Осыған орай шаруалар да мемлекетке қолдау жасап, халыққа, ең болмаса, жағдайы төмен отбасыларға өнімдерін арзан бағамен ұсынса дейміз. Ол үшін 2008 жылдары еліміз бойынша қолға алынған әлеуметтік дүкендер желісін қайта жаңғырту керек. Алғашында жап-жақсы жұмыс істеген бұл жоба уақыт өте келе ортаға делдалдардың түсуіне байланысты тоқтап қалды. Делдалдар арзан дүкендерге әкелінетін тауарларға араласып, оларға қымбатынан ұсынды да, әлеуметтік дүкендердің кәдімгі коммерциялық дүкендерден еш айырмашылығы болмай қалды. Сөйтіп, бұл жоба орта жолда тоқтап қалған болатын. Біз осы мақаланы жазар алдында «Осы біледі-ау» деген бірқатар мекемелерге әлеуметтік дүкендер жөнінде сұрау салып, қоңырау шалып көргенбіз. Олардың барлығы да бірауыздан мұндай дүкендер жайлы білмейтіндерін жеткізді. Он шақты жыл бұрын қолға алынып, бүгінде жұрттың жадынан өше бастаған әлеуметтік дүкендерді қайта «тірілту» керек. Тек бұрынғы жағдай қайталанбау үшін мұндай дүкендерге делдалдарды араластырмау керек, ол үшін жергілікті билік әлеуметтік дүкендер желісін үнемі бақылауда ұстап, шаруаларға өнімдерін тікелей өздері әкеліп тапсыра алатындай жағдай жасауы керек. Сондай-ақ мұндай дүкендерде шын мәнінде тұрмысы төмен, кірісі аз отбасылардың мүшелері ғана құжаттарын көрсету арқылы сауда жасауы тиіс. Әйтпесе, тұрақтандыру қорының азық-түлігі секілді, әлеуметтік дүкендер желісіндегі азық-түлікті де ақшасы барлар сыпырып алып, көтерме бағамен халыққа қайта сатады.

Алыпсатарлар пайдаланып жүр ме?

Елімізде 2011 жылы құрылып, жұмыс істей бастаған тұрақтандыру қорларын қымбатшылықтың алдын алу немесе әлеуметтік азық-түліктің бағасын реттеудің тағы бір тәсілі десек те болады. Өйткені аталған қорлар жыл сайын Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тізім бойынша шаруалардан сатып алып, азық-түлік жеткіліксіздігі кезінде қолжетімді бағамен саттыққа шығаруда. Сөйтіп, бағаның шектен тыс өсуіне жол бермеуде. Тұрақтандыру қоры біздің өңірімізде де бар. Бұл қор былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден 100 мың литр күнбағыс майын, 150 тонна пияз, 205 тонна І сұрыпты астық, 272 тонна қант сатып алып, аталған өнімдерді арзан бағамен халыққа ұсынды. Пияздың бағасы қалыпты деп саналып, оған бөлінген қаражат кері қайтарылды. Биыл аталған қор былтырғы жағдайды қаперде ұстап, 1000 тонна картоп және 200 тонна пияз, барлығы 1200 тонна көлемінде көкөніс өнімдерін сатып алмақшы. Қазіргі таңда облыс әкімінің және комиссияның шешіміне сәйкес тауар интервенциясы жүргізілуде. Бұл ретте І сұрыпты бидай ұнының келісі — 90 теңгеден, күнбағыс майының литрі -315 теңгеден және қанттың келісі 220 теңгеден белгіленді. Бүгінде аталған өнімдерді халыққа ұсынатын 16 жергілікті кәсіпкер анықталды. Бұдан басқа апта сайын өткізілетін азық-түлік жәрмеңкесі де халыққа тиімді болып тұр. Тұрақтылық қорындағы азық-түлік өнімдері осындай жәрмеңкелерде арзан бағамен халыққа ұсынылып, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының қымбаттап кетпеуіне ықпал етуде.

Тек алдағы уақытта тұрақтандыру қорының басы-қасында жүрген басшылар саттыққа шығарылған қор өнімдерін алыпсатарлардың коммерциялық мақсатта көтере сатып алмауына жол бермеуі тиіс. Бұлай дейтінім, бұдан бірнеше жыл бұрын облыстық тұрақтандыру қорының өкілдері қаладағы ірі сауда нүктелерінде ұйымдастырылған «Қазақстанда жасалған» деген арнайы бұрыштамаға төмен бағамен әлеу-меттік маңыздағы азық-түлік түрлерін шығарған болатын. Кешке таман сол дүкенге арнайы бас сұққанымызда, манағы әкелінген арзан азық-түліктер әжептәуір азайып қалыпты. Дүкеншілер арзан азық-түліктің тез өтіп кеткенін айтты. Сол жерде тұрған келушілердің айтуынша, арзан күнбағыс майын сауда жасайтындар көтере сатып алыпты… Сондай жағдай қайталанбаса дейміз.

«Көрпемізге қарап көсілейік…»

Әдетте, қымбатшылық туралы әңгіме қозғалғанда, «Бағаны реттеуге бола ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Мақаланы даярлау барысында осы сұрақты табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өкілдеріне біз де қойдық. Сөйтсек, аталған мекеменің негізгі міндеті өзінің аты айтып тұрғандай, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау екен. Яғни бағаны реттеу бұл мекеменің құзырына кірмейді. Департамент қызметкерлері тек мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді және өзге де арнайы атқарушылық, рұқсат ету және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Бұл бағытта мекеме қызметкерлері 2016 жылы тоғыз кәсіпкерлік субъектісіне қатысты бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерді, оның ішінде ұн, қарақұмық жармасы және қант бағасын белгілеу және ұстап тұру фактісі бойынша үш тергеп-тексеру жұмысын жүргізген. Тергеу қорытындысы бойынша нарық субъектілері айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың монополиялық кірістері тәркіленген. Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше (31.08.2017 ж. №3Т-Ж-129 жауапхат бойынша), ағымдағы жылы ет және көкөніс өнімдері нарығына талдамалық шолу жасалып, қорытындысы бойынша екі базар әкімшілігі әрекетінен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңбұзушылық әрекеті табылған. Қазіргі кезде қант сату нарығына талдау жүргізілуде. Департамент бұдан басқа монополияға қарсы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығының жағдайы мен бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Департаментке азық-түлік бағасына қатысты заңды және жеке тұлғалардан 2015 жылы екі өтініш, 2016 жылы үш өтініш және осы жылдың өткен кезеңінде үш өтініш келіп түскен. Бұл бағытта департамент қызметкерлері заң аясында жұмыс жүргізген.

Бір сөзбен айтқанда, аспандатып бара жатқан бағаны құрықтайтын «құдіретті күш» әзірге жоқ. Сондықтан қолда барды үнем-деп ұстап, «көрпемізге қарап көсілгеніміз» жөн болар. Қаласақ та, қаламасақ та, нарықтың заңы осындай…

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Уақыттың қадірін білетін жандар

Күні: , 74 рет оқылды


«Құтқарушылар күні» қарсаңында өңірдегі БАҚ өкілдері Ақжайық ауданындағы «Чапаев» күрежолдық медициналық құтқару пунктіне барып, жұмыс барысымен танысып қайтты.


«Чапаев» күрежолдық медициналық пункті Орал — Атырау жолынан 125 шақырым жерде орналасқан. Бұл медициналық пунктке 2017 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін 58 шақырту түсіп, 64 зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілген. Оның алтауы кәмелет жасына толмаған балалар. Шақырту түскендердің ішіндегі 22-сі жедел ауруханаға жеткізілген.

— «Чапаев» күрежолдық медициналық пункті 2013 жылы құрылған. Заманауи медициналық құралмен жабдықталған реаномобильді аутокөлігіміз бар. Пунктте бес адам, яғни екі фельдшер, бір фельдшер-диспетчер, бір құтқарушы санитар, бір санитар-жүргізуші жұмыс жасайды. Шақыртуға төрт адам барамыз, бір фельдшер-диспетчер телефонға жауап беріп, пунктте қалады. Шақырту түскен сәттен бастап 15-20 минутта бригада жиналып, жолға шығамыз. Реаномобильді көлік Атырау – Орал, Чапаев – Жаңақала, Чапаев – Қазталов бағыттары бойынша жолдағы шақыртуларға барады.

Жыл басынан бері түскен 58 шақыртудың 32-сі көлік апатының кесірінен алған жарақаттарға байланысты. Күре жолдағы жол-көлік оқиғалары жылдамдықты шамадан тыс асырудан, мас күйінде көлік басқарудан, сондай-ақ жайылымда жүрген төрт түліктің жол бойына шығып кетуінен жиі орын алады, — дейді аталмыш пункттің аға фельдшері Асқарбек Сәрсенов. Ал ҚР ІІМ ТЖД «Апаттар медициналық орталығы» облыстық филиалының фельдшері Сажида Омартаеваның айтуынша, құтқарушылар жол-көлік оқиғасы кезінде ғана емес, боранды, аязды күндері қар құрсауында қалған жандарға және жаз мезгілінде суға бату оқиғасы орын алған жағдайда да көмекке барады.

Баспасөз туры барысында журналистер құтқару пунктінің модульді ғимаратына экскурсия жасап, медициналық жабдықтармен, құтқару техникаларымен танысты. Реаномобиль көлігі реанимациялық жүйе кешенімен, иммобилизациялық шиналар жиынтығымен, құтқару құрал-жабдығымен жабдықталған. Өз кезегінде сала мамандары көлік апаты кезінде зардап шеккен жандарды көлік ішінен босатып алып шығатын арнайы кесетін, қиятын құралдарымен таныстырып, тәжірибе жасап көрсетті.

Содан соң тілшілер қауымы Ақжайық ауданындағы №6 жедел құтқару жасағына барды. Ол жерде тілсіз жау — судан құтқаруға арналған құрал-саймандар тізіліп тұр екен. Олардың ішінде құтқарушы жилеттер, сүңгуірлерге арналған арнайы киімдер, құтқару дөңгелектері, қол прожекторлары, қайықтар бар. Құрал-жабдықтарының барлығы дерлік жаңа. Ақжайық ауданындағы судан құтқару жасағы 2011 жылы құрылған. Онда бес қызметкер жұмыс жасауда. Яғни үш сүңгуір, бір көлік жүргізуші және мекеме басшысы.

— Біздің мақсатымыз — Жайық өзенінің жағасын бақылап, адам өлімін болдырмау. Жаз мезгілінде рұқсат етілмеген жерге суға түсемін деп келетін жастар жетіп артылады. Сондай-ақ қыс басталғанда, тұрғындар мұздың жұқалығына қарамастан, паромның тартылып тұрған сымтемірін ұстап, өзеннің келесі бетіне өтіп шығуға тәуекел жасайды. Біз паромнан өтетіндерге, мектеп оқушыларына, балық аулаушыларға сақтық шараларын түсіндіріп, қауіптің алдын аламыз. Биыл Ақжайық ауданы бойынша екі жасөспірім суға кеткен болатын. Жалпы, Ақжайық ауданында арнайы белгіленген суға шомылатын жерлер жоқ. Мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргіземіз. Биыл маусым айында Ақжайық ауданының әкімі аудан бюджеті есебінен 1 млн. 700 мың теңге қаржы бөліп, керекті құрал-саймандарымызды алып берді.

Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Өйт-кені адам өмірін сақтау үшін әр минутың санаулы тұрғанда, ескі құралмен жұмыстану өте қауіпті. Қыс түскенде қар құрсауында қалған көліктерді тез оталдыратын, дөңгелегі жарылып қалған жағдайда көлікті көтеретін арнайы құралдар алдық. Алда қыс мезгілі келе жатыр. Ұйтқыған боранда мал іздеп шығып, үйге оралмай қалған жандарды іздеу де — біздің міндетіміз. Өткен жылы қыста Ақжайық ауданы бойынша із-түзсіз жоғалып кеткен екі адамды іздедік. Біреуі Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылының тумасы болатын. Оны үш күн іздеп, әрең таптық. Енді біреуі Қабыршақтыдан, 1938 жылы туған ақсақал еді. Ол мал іздеп шығып, адасып қалған. Бір күннен соң таптық. Алдағы қыс мезгіліне дайынбыз, техникамыз сақадай-сай, — дейді №6 жедел құтқару жасағының бөлім басшысы Марат Қабақаев.

Сондай-ақ ол төтенше жағдайлар қызметкерінің адам жанын түсінетін психолог болуы қажеттігін айтады. Ет жақынынан айырылған кім-кімге болсын оңай тимесі анық. Қайғылы оқиға орнына келіп жеткен туыстардың арасында кінәні құтқарушылардан іздейтіндері де табылады екен. Тәжірибелі маман сондай жағдайда және мүрдені көргенде салқынқандылық танытып, зардап шегушінің туысқандарын сабырға шақырудың өзі оңай соқпайтының айтты.

Бұл мекемеден шыққан соң сапарымызды аудандық өрт сөндіру бөлімінде жалғастырдық. Аталмыш аудандағы өрт сөндіру бөлім мекемесі 1957 жылы ашылған. Мұнда жалпы 25 қызметкер жұмыс жасаса, қарауылға 4-5 адамнан түседі екен. Айта кетсек, биыл Ақжайық ауданы бойынша 34 дала өрті тіркелсе, 60-қа жуық жанулар орын алған. Тілсіз жауды ауыздықтауда №24, 18 және 30 өрт сөндіру бөлімдерінің «Зил-130», «Зил-131» және «Урал-6-40» көліктері сан мәрте «жорыққа» шыққан. Сондай-ақ дала өртін сөндіруге Ақжайық аудандық әкімі аппаратының ерікті өрт сөндіруші жасақтары да жұмылдырылған. Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Темірхан Қажығалиевтің мәліметінше, 74 мемлекеттік мекеменің өрт қауіпсіздігі жағдайлары тексеріліп, 687 тұрғын үйге өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілген.

Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, аға лейтенант Асұлан Бекқазиевтің айтуынша, өрт сөндіретін төрт техника тоқсан сайын техникалық тексерістен өтуде. Тозығы жеткен мекеме ғимаратына келесі жылы күрделі жөндеу жасалып, бір арнайы техникамен толықпақ.

Жалпы, өмірде оқыс оқиғалар кездеспей тұрмайды. Сондай кезде адамдардың жаны шырқырап, жүгінетіні – құтқару қызметі. Ал «Құтқарыңыздар!» деген суық әрі адам бойын дір еткізетін сөзде қаншама үміт, қаншама сенім жатыр. Ал осы сөзді қабылдап алған жандар өздерінің жеке басының амандығын, тыныштығын ойламай-ақ, қырсыққа іліккен, қауіпте қалған адамдарды құтқаруға асығатыны белгілі. Сондықтан денсаулығын, бас амандығын қатерге тігіп, көмек сұраған жанға шырқырап жететін маман иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Ел ішінде, халық арасында

Күні: , 59 рет оқылды


Облыстық  мәслихаттың ұйымдастыру, құқық  және  өзін-өзі  басқаруды  дамыту  бойынша тұрақты  комиссиясының көшпелі отырысы Шыңғырлау ауданында өтті.


Комиссияның негізгі мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысу болатын.

Шыңғырлау ауданының әкімі А. Есалиев комиссия мүшелерін қабылдап, депутаттарға ауданның қазіргі таңдағы жәй-барысын қысқаша баяндап берді.

Депутаттар аудан орталығында салынып жатқан 31 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мердігерлердің айтуынша, бұл нысандардың барлығы да жыл аяғына дейін аяқталып, тапсырылуы тиіс.

Аудан әкімінің сөзінше, ауданнан шалғай жерлердегі төрт ауылда екі пәтерлік үйлер салынуда. Бұл үйлер жас мамандарға берілмек.

Комиссия төрайымы Л. Тұрсынованың кадр жетіспеушілігі жөніндегі қойған сұрағына, аудан әкімі жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етумен қатар, болашақта бұл үйлерді мамандарды ұстап қалу үшін олардың жанұя санының өсуін есептей отырып беруді және оларға берілген үйді жекешелендіру мәселесін де қарастыратын боламыз деген уәжін жеткізді. Депутаттар бірауыздан бұл мәселені облыс деңгейінде де көтеру керек деген ұсыныстарын айтты.

Одан әрі депутаттар шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында несие алып, шағын шаруашылықтарын дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер А. Битембаевтың цехында болып, жағдаймен танысты. Олар жасап шығаратын қырлы өрнектастар (брусчатка) мен құрылысқа қажетті дөңгелек шарлар халықтың сұранысына ие екен.

Халық қалаулылары жаңадан ашылған «Патриот» супермаркетінде, жөндеуден өтіп пайдалануға берілген «Казпошта» және ашылғалы тұрған аудан мұражайының ғимараттарында болып, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстармен етене танысты.

Шыңғырлаулықтардың атқарылып жатқан көз қуантар игі істерін көріп, көңілде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алған облыстық мәслихаттың депутаттары кездесу барысында айтылған, шешілмей жатқан кейбір мәселелерді қағазға түсіріп, облыстық мәслихатқа ресми түрде жеткізулерін сұрады.

Ұлжан ӨТЕЛГЕНҚЫЗЫ,

облыстық мәслихаттың бас маманы


Ауыл жастарымен кездесті

Күні: , 66 рет оқылды


Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылған «Өрле, Қазақстан!» ақпараттық-насихат тобы ағымдағы жылдың шілде-қазан айлары аралығында ауыл-аймақты аралап, жастар мен олардың бастамаларын қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді.


Жоба менеджері Саламат Исламғалидың айтуынша, ақпараттық-насихат тобының мүшелері облыстың барлық ауданында отыздан астам кездесу өткізіп, мыңға жуық ауыл жасына нақты кеңес берген.

– Барлық аудан орталықтары мен ауылдық округтерде өткен кездесулерге жұмыспен қамту мекемелерінің, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысып, ауыл жастарына мәліметтер берді. Жастарды ең бірінші кезекте жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелері қатты алаңдатады. Өз кәсібін ашқысы келетін немесе кәсіби мамандық алғысы келетін жастар көп. Алайда мемлекеттік бағдарламалар туралы терең хабары болмағандықтан, түрлі қолдау тетіктерін білмейді. Мәселен, мал өсіргісі келгенімен, ауыл шаруашылығы бойынша көптеген субсидия берілетінінен бейхабар. Бір ғана мысал, биыл ҰБТ-дан жоғары балл жинап, жоғары оқу орнына грантқа ілікпей қалған жеткіншекпен тілдестік. Жуастығы ма, білместігі ме, құжатын колледжге тапсырмапты. Біздің кеңесімізден соң Ж. Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледжге оқуға түсті. Қазір мұғалім мамандығы бойынша оқуда, – дейді Саламат Ергенұлы.

Жобаның екінші кезеңінде Орал қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білім алушыларын қамту көзделген. Алғашқы кездесулер 16-17 қазан күндері  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жаратылыстану-география, филология, физика-математика факультеттерінің үшінші және төртінші курс студенттерімен өтті. Топ мүшелері студент-жастарға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» тұжырымдамалық мақаласы, «Туған жер», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, сонымен қатар «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Қарауыңдағылардан ақша алуға болмайды!

Күні: , 82 рет оқылды


Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің біздің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті.


Үшбу жиында Ақжайық және Сырым аудандарының жер қатынастары бөлімдері басшылары мен Орал қаласының білім беру бөлімі басшысының орынбасарына қатысты тәртіптік істер қаралды. Сырым ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы құрылымдардың жерге қатысты заң талаптарының орындауына жүргізілген тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты ұсынысы негізінде, Сырым аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Өтеген Уашевқа қатысты тәртіптік іс қаралып, нәтижесінде бұл азаматтың іс-әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін ағаттық анықталмауына байланысты оған қатысты қозғалған тәртіптік іс тоқтатылды.

Ақжайық аудандық жер қатынастары бөліміне жүргізілген тексеру барысында аталмыш бөлімнің басшысы Айдынғали Елеусіновтың тарапынан рұқсат беру түріндегі мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызмет алушының құқығына нұқсан келгендігі анықталды. Ол бір кәсіпкерлік нысан атынан түскен құжаттарды қарау барысында, әлгі мекемеден түскен жазбаша өтінішті «байқамай» қалған. Ал шын мәнінде қажетті құжаттар түгел болған. Сол себепті мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін А. Елеусіновке «лауазымды қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Ақжайық ауданының әкіміне ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.

Тілге тиек болып отырған кеңес отырысында қарауындағы қызметкерлерден ақша алу фактісі де қаралды.  Нақтырақ айтқанда, Орал қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанна Сахипкерееваға қатысты мәселе күн тәртібіне қойылды. Оған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының талаптарына сәйкес емес әрекет жасағаны үшін, құзырлы мекеме тарапынан қомақты айыппұл салынған. Осы айыппұлдан құтылу үшін Сахипкерееваға әріптестері ақша жинап берген көрінеді. Әдеп жөніндегі кеңесі ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 50бабы бірінші тармағының екінші тармақшасында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтiретін әрекеті үшін Ж. Сахипкерееваға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тү-ріндегі тәртіптік жаза қолдану үшін Орал қаласының білім беру бөлімінің басшысына ұсыныс беру жөнінде шешім қабылданды.

ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің басшылығы БҚО Әдеп жөніндегі кеңесінің биылғы 17 шілде күнгі №33 шешімі негізінде Батыс Қазақстан облысының білім саласын бақылау департаменті басшысына қолданылған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуға келісім беру туралы ұсыныс хаты талқыланды. Бұл бойынша мерзімінен бұрын тәртіптік жазаны алуға келісім беруден бас тарту туралы шешім қабылданды.

Өз тілшіміз


Балықшылар назарына!

Күні: , 54 рет оқылды


Балық аулау – көпшіліктің ермегі, кәсібі. Балық аулау ісі шыдамдылықты, сақтықты және мықты дайындықты да қажет ететінін ұмытпауымыз керек. Әккі балықшылар балыққа жылдың қай мезгілі болса да шыға береді.


Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында, әсіресе, қайықта отырып балық аулаған кезде сақ болу қажеттігін ескертеміз.

Жүзу білмейтін адамдардың, тіпті қайыққа отырмағаны да жөн. Балық аулауға шыққанда төтенше жағдайларға ұшырамас үшін ең алдымен қайығыңыз бен ескегіңізді мұқият тексеріп алып, егер үрлемелі қайық болса, клапандарын қарап шығыңыз. Мұз басқан кезде балыққа барғанда, қайыққа отырмағанның өзінде де құтқару жилетін өзіңізбен алып шығыңыз. Жилеттің бағасы қымбат емес, ол сіздің өміріңізге араша болары анық. Мүмкін болмаған жағдайда, аталған жилеттің орнына аузы тығыз жабылған бос 5-6 пластикалық ыдысты қолдануға болады.

Балыққа жалғыз бармаңыз, өзіңізге серік ала шығыңыз. Қауіпсіз балық аулау қарапайым ережелерді сақтағанда ғана жүзеге асады. Біріншіден, сіз балыққа шығарда жақын адамыңызға нақты қай жерге баратыныңызды айтуды ұмытпаңыз. Екіншіден, балыққа шығар алдында ауа райы болжамын анықтап алыңыз, себебі судың көтерілуіне байланысты ауа райының өзгеруі мүмкін. Үшіншіден, ұялы телефоныңызды өзіңізбен бірге әрдайым алып жүріңіз және зардап шеккен адамды кездестіріп жатсаңыз, дереу тиісті орындарға хабарлап, көмек шақырыңыз. Қосымша көмек келгенше оған өзіңіз қолыңызда бар жабдықпен алғашқы көмек көрсетіңіз.

Қайықта отырғанда құрал-жабдықтарыңызды реттеп салыңыз, үрмелі қайыққа отырғанда аяқ астыңызға еш нәрсе қоймаңыз. Сонымен қатар, қайыққа артық жүк салмаңыз. Қатты жел немесе толқын болғанда қайықтың бір жағын ұстап отырмаңыз. Ағысқа жақын бармаңыз және катердің немесе үлкен су көлігінің алдынан шығуға болмайды. Егер моторлы қайық болса үлкен су көлігін айналып өтіңіз, себебі зәкір шынжырын іліп алуыңыз мүмкін. Балықты тұрып ауласаңыз, қайықтың ортасында тұрған дұрыс, үрмелі қайықтың үстінде тік бойлай тұрып балық аулауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, зәкірді көтерген кезде қайықтың орындығына шығып тұрмаңыз.

Егер қайық аударылып кетсе, оның үстіне шықпаңыз, ең дұрысы қайықты жармаса ұстап, жағалауға бағыттап жүзу қажет. Егер қатты жауын-шашынға тап болсаңыз, мүмкіндігінше жағаға шығуға тырысу керек. Ал жағалау алыс болса, үстіңізге плащ немесе пленка жамылып ықтаңыз. Балық аулау кезінде алкогольдік ішімдік ішуге болмайды және түнгі уақытта балыққа шықпау керек.

Біздің ең негізгі құндылығымыз – адам және оның өмірі. Сондықтан адам өмірінің қауіпсіздігіне барша жұрт болып атсалысайық.

БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика