Мұрағат: 16.10.2017


«Шығыстың шерлі махаббаты»

Күні: , 125 рет оқылды


Сенбі күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында белгілі түрік драматургі Назым Хикметтің «Шығыстың шерлі махаббаты» драмалық дастанының премьерасы өтті.  Қойылымның режиссері – Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.


Қойылым сіңлісін айықпас дерттен  алып қалу үшін жанталасқан әйелдің жанайқайымен басталады.

Бар байлықты иеленіп, тек сіңлісі екеуіне бірнеше адам тік тұрып, қызмет көрсетіп жатса да, Шығыс патшайымы Мехмене Бану Шырын есімді сіңлісінің ауруын жазатын емші таба алмай,  зар илейді. Сөйтіп, үміт пен күдік араласып, сырқат сұлуды күзеткендер (тәуіп, жұлдызшы, күтуші әже)  «Енді қайттік, басымыз кесілетін болды-ау» деп уайымға беріле бастағанда, ғайыптан тайып бір емші келеді.  Емшінің барлық шартын орындауға келіскен Мехмене Бану сіңлісінің сырқаттан құлан-таза айығуы үшін сұлулығын құрбан етеді. Бауырының өмірге қайта оралғанына қуанған Шығыс патшайымы Шырын сұлуға арнап, зәулім сарай салдырады.

Сол сарайды безендірген суретшішебер Фархадқа  екеуі де ғашық болып қалады. Тағы да  қос бауыр үшін өмір сынағы басталады. Өмірге жеңіл  қарайтын, өз ойын бүкпесіз ашық айтатын, тек өзін ғана ойлайтын Шырын сұлулығымен, ерке қылығымен Фархадты бірден баурап алып, «Қашайық» деген ұсыныс айтады. «Мен жай ғана шебердің баласымын, ал сен патшайымсың» деп уайым шеккен Фархадқа   Шырынның сөздері күш береді. Қос ғашық қол ұстасып, қашып кетеді. Алайда  патшайымның жандайшаптары, оларды ұстап алып, сарайға алып келеді.  Осы сәтте де сұлулығын сіңлісі үшін тәрк  еткен әрі қатал, әрі мейірімді  Мехмене Бану ақылдылығымен көрерменді өзіне баурай түседі. Туған сіңлісін шексіз жақсы көретін, ғашықтықтың да азабын тартып, арпалысқан патшайым Фархад шеберді аса қиын сынаққа алады. Халық аса мұқтаж болып отырған өзен суын бөгеген жартасты  жолдан алып тастауға шарт қояды. Уақыт тегершігі зыр айналып, арада он жыл өтеді. Он жылдан соң, Фархадты іздеп келген Шырын: «Менің бетіме әжім түсе бастады, сұлулығымнан түк қалмайтын болды» деп мұң айтады. Кең жүрегіне Шырынға деген ғашықтығымен  қоса, халқына деген махаббатын сыйғыза алған Фархад: «Осы жерде қалып, мені күт» дейді. Алайда Шырын жастығын тау-тастың арасында Фархадты күтіп, өткізуді қаламайды. Ол басқа жолды таңдайды. Осы сәтте  гүрзінің жаңғырған үнімен қоса, Мехмене Банудың «Фархад!» деген дауысы естіледі.  Үнсіздік. Әу баста жылт еткен сезім… Зыр айналған уақыт… Дөңгеленген дүние… Тақта отырған Шырын… Әңгімелері жарасқан Фархад пен Мехмене Бану…  Бұл қойылымнан әр көрерменнің әрқалай ой түюге қақы бар. Мен көрермен ретінде «Сезім де ақылға бас иеді екен» деген ой түйдім.

Екі құрамда қойылатын қойылымның  басты рөлдерінде  Мехмене Бану – А. Амандықова, Н. Шадыева, Фархад – Ж. Жұбатов, Ж. Валиуллиев, Шырын – А. Сағаденова, А. Кайрова ойнайды. Қойылым соңында сөз алған режиссер, белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов  театрдың 25-ші маусымын ашқан бұл қойылымды «Ұстазым Хадиша Бөкееваның рухына арнаймын» деді.  Басты рөлдерде ойнаған театр әртістерін гүлге бөлеген көрермен қойылым соңында қол соғып, сахна шымылдығы жабылғанша ұзақ тұрды. Бұл өнерге деген құрмет болатын.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныстауы шарт!»

Күні: , 59 рет оқылды


Өткен  аптаның соңын ала Сырым  ауданының орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық “Жас Отан жастар қанатының” облыстық филиалы, Сырым аудандық  жастармен жұмыс  жөніндегі ресурстық орталығы және “Сырым жастары” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Айбынды Алаш жастары!» атты аймақтық жастар форумы өтті.


Форумның негізгі тақырыбы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналды.

Түске дейін Сырым аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында форумның пленарлық отырысы өтті. Пленарлық отырысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев,  ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік  жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір, тарихшы Серік Зиятов және Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарының жас көшбасшылары қатысты. Отырысты  Батыс Қазақстан облысының «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жүргізді.

Биыл Сырым ауданы Алаш мұрасын түгендеуде біраз нәтижелі жұмысқа ұйытқы  болды. Жергілікті басшылықтың тікелей қолдауымен екі халықаралық және бір республикалық экспедиция жүзеге асты.

Жымпитыдағы Алаш музейі жаңғыртылды, жаңа жәдігерлермен толықты. Осы жылдың ең басты жаңалығы, Сырым ауданының орталығы Қазақстанның қасиетті жер лерінің республикалық тізіміне енді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің пленарлық мәжілісте сөйлеген сөзінде осыны айтты.

— Алаш мұратын бір датаға, бірекі күнге байлап қоюға болмайды.

Олай етсек, тарихқа да, болашаққа да қиянат болады. Бұл тақырып күнделікті шаралардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныстауы тиіс. Алаш идеясы  ол — алаш баласының жүрегінде. Алаш аманатына адал болайық! Бізге бұйырған міндет – сол! Бұл ақын Қалқаман Сариннің айтқан сөзі. Біздің ойымызша, ақынның осы бірауыз сөзі пленарлық мәжілістің мәніне қызмет етіп тұр.

Форум делегаттары түстен кейін ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин мен әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір басты қонағы болған секциялық жұмыстарға қатысты. Форумның күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, өнер, мәдениет тақырыптары, қазақ руханиятына қатысты латын әліпбиіне көшу, ұлттық тарих пен әдеби мұраларды тыңғылықты меңгеру, жастардың жалпы интеллектуалдық деңгейін көтеру сықылды күретамыр  көкейкесті мәселелер осы басқосуда қызу талқыға түсті. Делегаттар мен аудан қонақтары үшін күні бойына Сырым ауданының орталығындағы С. Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейі, Алаш саябағы, Алаш музейі, Ж. Досмұхамедов атындағы мектептегі музей бөлмесіне барып, танысу мүмкіндігі де ұсынылды. Ауданның тарихи және мәдени орындарына жасаған экскурсиялардан делегаттардың алған әсері мол.

Кешкілік Жымпиты халық театры Жайсаң Ақбайдың «Жанша» қойылымын қойды. Аймақтық  жастар  форумы  әнші,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты Ибрагим Ескендірдің концертімен қорытындыланды.

Форумның  салмақты сөзі:

Шыңғыс  ҚАЙРАНОВ,

(лақап аты «ШАХ  ҚАЗАҚ») «ALASH Pride» клубының мүшесі, ережесіз жекпе-жектен NFC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, форум делегаты:

— Қандай жағдайда да, бізге әлсіз болуға болмайды. Өйткені біз – елдің болашағымыз! Біздер әлсіз болсақ, елдің болашағы әлсіз болады!

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Үздік туындылар – Балалар үйіне

Күні: , 57 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Үміт — 2017» атты байқау өтті. Байқау барысында қазылар алқасы сотталғандар қолынан шыққан суреттер мен мүсіндерді сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтады.


Қазылар алқасының құрамында Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Мәдіров, қоғамдық бірлестік өкілі Жанат Танабаева және облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Виктория Ерина болды. Комиссия жұмысына облыстық ҚАЖ департаменті басшысының орынбасары Дидар Атантаев басшылық етті.

Жиынды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы, әділет майоры Тимур Дүйсалиев ашып, бұл бағыттағы байқаудың жыл сайын өткізілетінін айтты.

— Мұндай байқаулар сотталғандардың санасында эстетикалық талғам мен қоршаған ортаға қайырымды көзқарасты қалыптастырады. Сотталғандардың арасында да шығармашылыққа бейім, сурет салғанды, қолдан қашап мүсін жасағанды жаны сүйетін адамдар бар. Бүгін жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бірқатар өнер туындыларын назарларыңызға ұсынып отырмыз, — деген Тимур Дүйсалиев қазылар алқасынан өнер туындыларын сараптауды өтінді. Комиссия мүшелері сотталушылар өнеріне сүйсіне қарап, олардың туындыларына жоғары баға берді. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес бейнелеу өнері бойынша І орынды «Табиғат туралы» картинасы үшін РУ-170/2 мекемесінің жазасын өтеушісі Ринат Шукалов, ІІ орынды «Кішкентай аспаз» суреті үшін Руслан Байжазықов (РУ-170/2 мекемесі), ІІІ орынды «Сарқырама» атты суреті үшін Ильдар Мұхамедқалиев (РУ-170/3 мекемесі) алды. Ал қолөнер туындылары арасында Андрей Незнановтың (РУ-170/3 мекемесі) «Құлагер» мүсіні І орынды иеленсе, ІІ орын Ерлан Елемесовтің (РУ-170/3 мекемесі) «Тәжі-Махал» кесенесіне берілді. Әйгілі кесене бейнесін шебер әйнек сынықтарын пайдалану арқылы жасап шыққан. Сырты әйнектелген бұл туынды диодты жарықтармен жабдықталған. Сол жарықтар арқылы түнде жанып, айналасын жап-жарық қылып тұрады екен. ІІІ орын «Қазақ батырын» ағашқа шебер бейнелеген Талғат Дәулетовке ( РУ-170/3 мекемесі) бұйырды.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Жүлделі орын алмаса да, туындылар арасында өзінің мағыналылығымен ерекше көзге түскендері болды. Мысалы, РУ-170/2 мекемесінің сотталушысы Алексей Гигановтың «Колониядағы өмір» атты туындысы талайды ойландырғандай. Қылқа-ламмен салынған бұл суретте автор өзінің қате басқан өміріне өкініп, бостандықтағы өмірін аңсайтынын әдемі бейнелеген. Сотталушы өз туындысын «Жақсыны барында бағаламаймыз, жоғалтып алғасын өкінеміз!» деп атапты.

Тимур Дүйсалиевтің айтуынша, байқау қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, байқау қатысушыларының мекемелеріне жолданады. Мекеме басшылары байқау жеңімпазы атанған сотталушыларды арнайы дипломмен және сыйлықтармен марапаттайды. Жазасын өтеушілер қолынан шыққан үздік туындылар Балалар үйіне тарту етілмек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Қарашығанақ: жиырма жылдық жетістік

Күні: , 64 рет оқылды

«Қарашығанақ  жобасы  жақсы  дамып  келеді.  Қазақстан  үшін  осы  бір  ірі  мұнай  мен газ кен  орны  орасан  зор  маңызға  ие».

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н. Ә. НАЗАРБАЕВ


Қарашығанақ – мұнай-газ конденсатының қоры бойынша әлемдегі ең бай кен орындарының бірі саналады. Өңірдің інжу-маржанына теңелетін кен орнын игеру жұмыстарымен бірнеше шетелдік компанияны біріктірген «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» (КПО б.в.) компаниялар консорциумы айналысады. Биыл шетел инвесторлары мен қазақстандық тарап арасында «Өнімді бөлісу жөніндегі түпкілікті келісімшартқа (ӨБЖТК) қол қойылғанына 20 жыл толды.  Аталмыш мерейтойға орай облыстық қазақ драма театрында мерекелік шара өтті.


Салтанатты жиын «Қарашығанақ: жиырма жыл сәтті серіктестік» бейнефильмінің көрсетілімінен басталды. Одан кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйледі.

— Қарашығанақтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда алар орны ерекше. Бұл, біріншіден, Елбасының шетелдік инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асуының нәтижесі. Қаншама трансұлттық компания Қазақ-станның аумағына келіп, нәтижелі жұмыс жасауда. Соның арқасында жергілікті компаниялар әлемдік стандарттармен жұмыс жасауды игеріп келеді. Қарашығанақ кәсіпорны Қазақстан Республикасының барлық газ өндірісінің шамамен 45 пайызын және сұйық көмірсутектер өндірісінің 16 пайызын құрайтын газ және конденсат өндірісіндегі рекордты көрсеткіштерге ие. Сонымен бірге әлеуметтік нысандарға үлкен қолдау көрсетілуде. Осы 20 жылдың ішінде тек біздің өңірімізге 320 миллионнан астам АҚШ доллары шамасында инвестиция құйылды. Оған 28 білім, 18 денсаулық сақтау нысандары, яғни ауруханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар салынды. Сонымен бірге жол жөндеу, газ желісін тарту, таза су жеткізу сықылды маңызды әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып келеді. Биыл өңірімізде компанияның қолдауымен 45 жоба іске асырылуда. Тек кен орнының өзінде төрт мыңнан астам еліміздің азаматтары жұмыс істеуде. Мердігерлік компанияларды қоса алатын болсақ, 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған болып шығады. Бұл – отандық экономикаға үлкен қолдау. Сонымен бірге жаңа технологияларды қолдануды үйренуде. Жергілікті зауыттар өздерінің жұмыстарын жандандырып келеді. Осы жұмыстардың барлығы бірге атқарған істің оң нәтижесі деп айтуға болады. Ірі жобаның бастауында тұрған осы залда отырған ардагерлерге, акционерлерге, қонақтарға алғыс айтамын. Қарашығанақ жобасы 1979 жылы басталып, 1984 жылы өндіріс қолға алынды. Келісімшартқа қол қойылғалы бергі 20 жыл ішінде оң нәтиже көп. Бұл да ел Тәуелсіздігінің жемісі деп айтуға болады. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын! — деді Алтай Көлгінов.

Өнімді түпкілікті бөлу туралы негізгі келісімшартқа қол қойылғаннан бергі уақыт ішінде кен орнын игеруге 22 млрд. АҚШ доллары шамасында инвестиция құйылды, ел қазынасына 26 млрд. АҚШ доллары шамасында салық және төлемдер түсті. 1997 жылдан бері ҚПО-ның күшімен 635 шақырымдық экспорттық тұрба құбыры тартылып, кен орны жаңғыртылды. Сонымен қатар шикізатты дайындау және кері айдау бойынша жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді.

«ҚПО б.в» компаниясының бас директоры Ренато Мароли Қазақстан Республикасы мемлекетінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Медальді салтанатты жиында облыс әкімі табыс етті.

Жиын барысында ҚР Энергетика министрлігінің, Инвестиция және даму министрлігінің, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің батысқазақстандық депутаттарының, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдерінің құттықтаулары оқылды. «PSA» ЖШС-ның бас директоры Мұрат Жүребеков, Қарашығанақ жобасы бойынша еншілес компаниялардың өкілдері «ЭНИ» компаниясының Орта Азия аймағы бойынша атқарушы вице-президенті Лука Виньяти, Қазақстандағы «Шелл» концернінің төрағасы Оливье Лазар компаниялар консорциумын 20 жылдық мерейтоймен құттықтады.

«KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Р. Қабжанов «ҚПО б. в.» компаниясының бір топ қызметкерлерін қауымдастық атынан марапаттады. «Қазсервис» Қазақстандағы мұнай-газ және тау-кен саласындағы сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов консорциум ұжымдарын мерейтоймен құттықтап, компанияның бас директоры Ренато Маролиге аталмыш одақтың атынан «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Ал «ҚР Журналистика академиясының академигі, «Petroleum» сараптамалық журналының бас редакторы Олег Червинский Қазақстанның медиа кеңістігі атынан Р. Маролиге «Бизнесті ашық жүргізгені және баспасөзге ашықтығы үшін» аталымы бойынша символдық мәні бар марапатты ұсынды.

Жиында «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли Өнімді түпкілікті бөлу жөніндегі негізгі келісімшартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, кен орнын игеру жұмыстарының бастауында тұрған ардагерлерге алғыс айтты. Сонымен қатар бас директор жергілікті мазмұнды ұлғайту бағытында да компания қалыптасқан жағдайды жақсы жағына өзгерту мүмкін болғандығын жеткізді. Сондай-ақ Р. Мароли өңірді тұрақты дамыту бағытындағы және кен орнын игерудегі серіктестіктің алда жалғаса беретініне сенім білдірді.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қарашығанақ жобасындағы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті қамтудың үлесі 51 пайыздан асты. Жиырма жыл ішінде компанияның сатып алулардағы жергілікті мазмұнның үлесі 6,23 млрд. АҚШ долларына жетті. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚПО газды залалсыздандырудың жоғары көрсеткішіне қол жеткізді. Тек 2017 жылдың өзінде компания 342 млн. АҚШ долларын табиғат қорғау шараларына жұмсады. Қарашығанақтың инвестициялары өңіріміздің әлеуметтік жаңғыруына үлкен септігін тигізуде. ҚПО-ның әлеуметтік жобаларының құрылысы отандық мердігерлердің күшімен атқарылады. Мысалға, 2012-2013 жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста бес жаңа мектеп салынды. Олар Орал қаласында, Ақжайық ауданының Ақсуат кентінде, Қаратөбе ауданының Үшағаш кентінде, Теректі ауданының Көнеккеткен кентінде және Ақжайық ауданының Сайқұдық кентінде. Облыстың Бөрлі ауданы Успеновка кентіндегі мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бұрынырақ Оралда Салтанат үйі, Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулатория, Теректі ауданы Сарыөмір ауылындағы мәдениет үйі және Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау кентіндегі музыка мектебі құрылыстары компанияның есебінен салынды.

Бұдан екі жыл бұрын Бөрлі ауданына қарасты екі елді мекеннің тұрғындарын экологиялық қауіпті аймақтан көшіру туралы Қазақстан үкіметі шешім қабылдаған болатын. Соған орай ҚПО есебінен Березовка және Бестау ауылдарының тұрғындарын Аралтал ауылына және Ақсай қаласына кө-шіру мақсатында тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тұрғындардың басым көпшілігі Ақсай қаласындағы көп қабатты үйлерді таңдаған. Ақсайда екі 9 қабатты үй салынуда. Ал жер үйде тұрамын дейтін тұрғындарға Ақсайдың маңындағы Аралтал ауылынан еңселі 100 жаңа үй салынуда.

Мерейтойлық шара облыстық филармония әртістерінің, «Дәулет пен Гүлхан» дуэтінің, халық әртісі Роза Рымбаеваның орын-дауындағы әндермен өріліп отырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал өңірі»


Жәрмеңке жалғасуда

Күні: , 53 рет оқылды


Өткен сенбі, жексенбі күндері облыс орталығындағы М. Ықсанов атындағы көше бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Аталған көшені бойлай орналасқан сауда алаңына келушілердің қарасы көп болды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жәрмеңкеге арнайы келіп, өз өнімдерін ұсынған шаруалармен тілдесіп, қала тұрғындарының пікірін білді.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылы облыс көлемінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі 185 мәрте ұйымдастырылған. Облыс орталығында бұл жәрмеңке 25-ші мәрте өткізіліп отыр. Сауда алаңына шығарылған өнімдердің бағасы нарықтағы тауар құнынан 15-20 пайыз арзандатылған.

Сауда алаңына ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрі шығарылған. Әсіресе Бөкей ордасы ауданынан әкелінген сиыр еті, жалпақталдық кәсіпкерлердің балықтары, зеленовтық шаруалардың картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, асқабақ пен қауын-қарбыз секілді көкөніс түрлеріне сұраныс басым болды. Қаз, үйрек, қоян еттері, табиғи жағдайда өсіріліп, өндірілген ара балына, тұздалған саңырауқұлақ секілді өнімнің ерекше түрлерін де тұрғындар көптеп алып жатты.

Жәрмеңкеде сиыр етінің бағасы 1200 теңгеден, балықтың келісі 600-700 теңге, тауық жұмыртқасының он данасы 160 теңге, картоп 70-90 теңге, қырыққабат пен сәбіз 50 теңгеден, пияз 60-65 теңгеден сатылды.

– Ағымдағы жылы халық игілігі үшін ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерінде шамамен 500 миллион теңгенің тауары сатылды. Бұл сауда алаңына шаруалар өз өнімдерін еш делдалсыз тікелей әкеліп, жеңілдетілген бағамен тұрғындарға ұсынуда. Сонымен қатар жәрмеңкеде көтерме саудамен айналысатын ірі компания өкілдері де өз тауарларын сатуда. Сондай-ақ Зашаған кентіндегі «Жәңгір хан» сауда орталығының алдында және «Ел ырысы» базары алаңында осындай жәрмеңкелер өткізілуде. Жергілікті халық қысқы мерзімге толық қамданғанша, бұл жәрмеңке әлде де жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Біз жолыққан жәрмеңкеге келуші қала тұрғындары жергілікті халық үшін осындай жағдай туғызған облыс әкімдігі мен құ-зырлы мекеме-кәсіпорын басшыларына, өндіруші кәсіпкерлерге дән риза екендіктерін айтты.

Халық игілігі үшін ұйымдастырылған шара әр аптаның сенбі, жексенбі күні жалғасын таппақ.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Нина ГАВРИЛЕНКО,

омарташы:

– Бұл жәрмеңкеге шығарылған тауарлардың барлығы біріншіден еш қоспасыз, жергілікті, табиғи таза өнім болып саналады. Шыны керек, алыс-жақын шетелдерден әкелінетін тауарлар бізге жеткенше бірнеше саудагердің қолынан өтеді. Сондықтан оның сапасына деген сенімділік те төмендейді. Орал қаласында өткізілетін жәрмеңкеге бірнеше жыл қатарынан қатысып келемін. Бұл жерге өнімдерін шығарған шаруаларды жақсы білемін. Бұлардың барлығы өзіміз секілді кәсібінен нәсібін тапқан жандар. Ара шаруашылығымен айналысқанымызға 20 жылдан астам уақыт өтті. Жаз айларында араларды күтіп-бағамыз деп бір жерден екіншісіне көшіп жүреміз. Бақша екпегендіктен жәрмеңкеден қысқыға қажет көкөністерді сатып алдым.

Өз өнімдерімізді ешқандай делдалсыз, тікелей өткізуге жағдай туғызып отырған жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз.

 

Амангерей БАЙДӘУЛЕТОВ,

қала тұрғыны:

– Бүгінгідей жәрмеңке халық үшін өте тиімді болып отыр. Бұл жерде күнделікті тірлікке қажет барлық тауар сатылуда.

Саудаланып жатқан заттардың барлығы бірдей арзан деп айта алмаймын. Кейбір тауарлар базар бағасымен бірдей. Дегенмен, керек-жарағыңды бір орыннан табатының көңіл қуантады. Қазір картоптың келісі 90 теңгеден сатылуда. Әрине, кейбір шағын дүкендерде картоптың құны 130-140 теңгеден бірақ шықты. Бұл өнімнің базардағы көтерме бағасы да 90 теңге. Үйіміздің маңындағы дүкендерден жұмыртқаның 10 данасын 220 теңгеден болса, бүгін жәрмеңкеден 160 теңгеге алдым. Сондықтан халық жиі тұтынатын осындай тауарлар жәрмеңкеде әлі де болса төмен бағамен сатылса екен деймін.

 

Ольга СЕДНИКОВА,

қала тұрғыны, зейнеткер:

– Өз кезімізде қолымыздан келгенше өңір игілігіне қызмет еттік. Бүгінгі таңда зейнеткермін. Билік өкілдерінің біз секілді қариялардың жағдайын ойлап, қолдау көрсеткендігі көңіл қуантады. Осы маңда тұрғандықтан бүгінгі жәрмеңкеге шағын қол арбамды сүйрей келіп, керек-жарақтарымды түгел алдым. Бұл жердегі тауар бағасы базармен салыстырғанда едәуір арзан. Сөмкемді күнделікті тұтынатын ет пен ет өнімдеріне, көкөністерге толтырып алып, үйіме бара жатырмын. Қарапайым халықтың қыс мезгіліне қамданып, қажет тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуларына жағдай жасаған облыс және қала әкімдігіне разымын.


«Қала аумағында мұнай қалдықтарын өртеуге жол беруге болмайды!»

Күні: , 80 рет оқылды


Қоршаған ортаға шығатын зиянды заттар көлемін азайту, болдырмау бағытында қазір мемлекет тарапынан нақты әрі қатаң шаралар алынуда. Мәселен, 2018 жылға арналған ҚПО б.в. компаниясының биылғы маусым айында ұсынған екі жобасы БҚО бойынша экология департаменті жанынан құрылған мемлекеттік-экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесі (МЭССК) тарапынан қолдау тапқан жоқ. МЭССК мүшелері сондай-ақ Орал қаласының аумағына кіретін Круглоозерный ауылының маңында өртеу арқылы мұнай қалдықтарын жоюды көздеп отырған «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-ның жобасына да қарсылық білдірді.


МЭССК талабы орындалуда

Алдымен ҚПО б.в компаниясының жобаларына тоқталайық. Қос жобаның алғашқысы «Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен нысандарының атмосфераға ластағыш заттардың шектеулі-рауалды шығындыларының нормативтері» деп аталады. Онда ҚПО б.в. келер жылы қоршаған ортаға 28,5 мың тонна зиянды заттар шығару жөнінде ұсыныс берді. Бірақ сарапшылық кеңес мүшелері бұл мөлшердің көптігін айтып, жобаны кері қайтарды. «Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты аумағындағы жер асты қабатына төгінді сулармен бірге айдалатын ластағыш заттардың шектеулі-рауалды төгінділерінің нормативтері» деген атауы бар екінші жоба да соның кебін киді.

Қарашығанақ кенішін игеруші компания аталмыш жобаларды қайта дайындағанын хабардар еткен соң, МЭССК мүшелері Бөрлі ауданына көшпелі кеңес ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. Көшпелі жиын 12 қазан күні ҚПО б.в. компаниясының өндірістік базасында өтті. Жиынды ашқан БҚО бойынша экология департаментінің басшысы, МЭССК төрағасы Ербол Қуанов экологиялық ахуалды жақсарту бағытында ҚР Энергетика министрлігінің және облысымыздың стратегиялық жоспарлары бар екенін мәлімдеді. Соған сәйкес қоршаған ортаға шығатын зиянды заттар көлемі жыл өткен сайын азая түсуі керек.

– ҚР Экологиялық кодексінің 56-бабына сәйкес, қауіптілігі жоғары нысандарға қатысты мемлекеттік-экологиялық сараптаманың қорытындысын қарау үшін МЭССК құрылған еді. Былтыр жасақталған кеңес құрамына, құзыретіне қоршаған ортаны қорғауға байланысты қызметтер кіретін мемлекеттік құрылым басшылары, ғалымдар, кәсіпкерлік палатасы, БАҚ, қоғамдық ұйым өкілдері кіреді. Біз кеңес мүшелерінің қатарына ақпарат құралдары өкілдерін енгізіп, жиындарымызға журналистерді шақырудағы мақсатымыз – көпшілікті өңірдегі ірілі-ұсақты табиғат пайдаланушылардың жобаларынан, ол жобалардың қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететінен, мемқұрылым тараптарынан алынып жатқан іс-шаралардан барынша хабардар ету. Осылайша біз жұмыстарымыздың ашықтығына, жариялығына басымдық беріп отырмыз, – деді Ербол Бисенұлы.

ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Ринато Маролли жиынға тиісті мамандардың, жобалаушылардың бәрі қатысып отырғанын, қажет мәліметтер ұсынылатынын айтты.

– Қазіргі таңда әлем бойынша экология мәселесіне қатысты талаптар күшейтілуде, – деді Ринато Маролли. – Біз осынау талаптарды сақтайтын жай ғана компания емес, бұл салада көшбасшы болғымыз келеді. Сол себепті біз қоршаған ортаға көметін зиян-залалды барынша төмендету бағытында тиісті іс-шараларды алудамыз. Көшпелі жиын барысында біздің өндіріс нысандарын аралап, атмосфераға тигізетін зиянды азайту шараларын өздеріңіз көретін боласыздар».

Кеңес барысында ҚПО-ның тапсырысы бойынша жоғарыда аты аталған қос жобаны дайындаған алматылық «SED» ЖШС өкілдері баяндама жасады. Одан ұққанымыздай, бірінші жоба бойынша атмосфераға шығарылатын 28,5 мың тонна зиянды заттар көлемі 19,9 мың тоннаға дейін азайған. Ол кен орнындағы өндіріс көлемінің қарқынын төмендетуден емес, жоғары қысымды сепараторларды, насостар және газмоторлы компрессорларды қолданысқа енгізу, кері айдаушы компрессорлы турбиналарды жаңғырту сынды қоршаған ортаны қорғауға арналған іс-шаралар есебінен жүргізілмекші. ҚПО компаниясы бұл шараларға қомақты қаржы бөлуде. Ал екінші жобаға да біраз өзгеріс пен толықтырулар енгізілген. Мұнай-газ конденсатын алу кезінде жер астынан шығатын ақаба (попутно-пластовая) сулар кері айдалатын жер астындағы жабық горизонттарға енді кең көлемде геологиялық барлау және арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Айта кету керек, мемлекеттік құрылымдардан алынған рұқсат бойынша ақаба суларды кері айдалу көлемі 20 мың шаршы метрден аспауы керек. Алайда, соңғы кезде ақаба сулардың көбеюіне байланысты олардың кері айдалуы да артып отырған жайы бар. Жоба алғаш рет ұсынылған кезде МЭССК мүшелері ақаба сулардың кері айдалу мөлшерінің көбеюін жер астындағы жабық көкжиектер (горизонттар) қаншалықты көтере алатынына тиісті барлау мен зерттеу қажет деп шешкен болатын. ҚПО мамандарының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда компания тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар басталған. Бірақ ол ауқымды жұмыс. Биыл бітпейді. ҚПО-ның өзі де осынау іс-шаралардың толыққанды жүруіне мүдделілік танытуда. Яғни компаниясының бас директоры бекіткен арнайы жол картасы жасақталды. Онда бұл іске қанша қаржы бөлінетіні, мерзімі бәрі көрсетілген. Мұның өзі МЭССК талаптарының орындалуына кепіл болары анық. Қойылған сауалдарына байланысты жобалаушы компания, ҚПО б.в. мамандарынан қанағаттанарлық жауап алған сарапшылық кеңес мүшелері қос жобаны мақұлдады.

Көшпелі жиын барысында МЭССК мүшелері мен БАҚ өкілдері ҚПО б.в. компаниясының өндірістік нысандарын, соның ішінде экологиялық орталықты аралап көрді.

Даулы жоба

13 қазанда БҚО бойынша экология департаментінде өткен аталмыш сарапшылық кеңестің келесі жиынында «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-ның екі бірдей жобасы қаралды. Олар – 2018-2027 жылдары қалдықтарды қайта өңдеу кешенінде қалдықтарды орналастыру және осы уақыт аралығында аталмыш кешеннен атмосфераға ластағыш заттардың шекті рұқсат етілген нормативтерінің жобалары. Жобалаушы компания өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұл нысан бұрын қалдықтарды өңдеу кешені болған. Ол Зашаған кентінен 2,7 шақырым қашықтықта, яғни Орал–Саратов тас жолының 18-інші шақырымында орналасқан. Болашақта онда 17 қалдық түрі өңделмек.

Жиын барысында белгілі болғандай «БатысЭкоОрталығы» өңдеуді көздеп отырған қалдықтардың ішінде түрлі мұнай қалдықтары да бар. Ондай қалдықтар термиялық түрде, яғни өртеу арқылы жойылмақ. Нақтылап айтқанда, жылына 40 мың тонна шамасында қалдық өртелмек. Жоба мерзімі – 10 жыл. Сонда осы уақыт аралығында 400 мың тоннадан астам мұнай қалдығы өртеліп, ауаға шығарылмақ. Ал осыншама қалдық қайдан алынбақшы? Талдау көрсетіп отырғандай, облыс аумағындағы мұнай кеніштерінен жылына 40 мың тонна қалдық шықпайды. Қалдықтарды өңдеуде қандай қондырғылар қолданылмақшы? МЭССК мүшелерінің осы іспеттес көптеген сұрағы жауапсыз қалды. Себебі, аталмыш серіктестік басшылары да, онда заңды түрде қызмет ететін өкілдері де бұл жиында көрінген жоқ. Тек серіктестік басшысының қоғамдық негіздегі кеңесшісі Бекболат Жұматаев келді. Ол «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-ның директоры Б. Жұмабековтың бұл кеңеске неге келмегенінен хабарсыз.

– Біз табиғат пайдаланушыларды, соның ішінде кәсіпкерлерді де заң аясында жан-жақты қолдап келеміз. Кеше ҚПО-ның екі жобасын қараған жиынға компанияның бас директоры Ринато Мароллидің өзінен бастап, орынбасарлары, түрлі сала бойынша мамандарының қатысуынан-ақ олардың бұл бағыттағы жобаларға үлкен жауапкершілікпен қарап отырғанын аңғаруға болады. Ұсынып отырған жобаларының қоршаған ортаға тигізер залалының азайғандығы туралы олар жанжақты дәлелдер келтірді, бізді өндірістік нысандарына апарып көрсетті. Содан кейін рұқсат бердік. Ал «БатысЭкоОрталығы» басшылығының мына әрекетіне біз түсінбей отырмыз. Экология департаментінің басшысы, яғни мемқұрылым жетекшісі ретінде емес, осы өңірдің азаматы ретінде менде бұл компанияға қояр сұрағым көп. Мәселен, құжаттарға қарап отырсам, бұл полигонды сенімгерлік басқарумен Дәуренбек Сақым деген азамат алған. Бұл азамат «БатысЭкоОрталығымен» қатар, «Грин Ақсай» деген компанияның да құрылтайшысы болып табылады екен. Ал БАҚ-тағы материалдарға қарап, «Грин Ақсайды» жақсы компания деп айту қиын. Былтырғы 12 наурызда жергілікті баспасөз беттеріне шыққан мақалада «Грин Ақсай» мен «Изовейшн» компаниялары Қарашығанақ кенішінен алған мұнай қалдықтарын Ақсай қаласының маңына, арнайы жасақталмаған орынға заңсыз төгіп кеткені жазылған. Артынан құқық қорғау құрылымдарымен іс қозғалған. Көп кешікпей «Грин Ақсай», «БатысЭкоОрталығы», «Эко плюс» компаниялары бұрғылау қалдықтарын тағы да төккен. Одан соң да осыдай мақалалар жарық көрді. Мен өзім біраз жыл Атырау облысында қызмет атқардым, мұнда келгеніме көп болған жоқ. Сол себепті осы жиынның алдында қызметкерлерімнен «БатысЭкоОрталығы» жөнінде мәлімет сұратқан едім. Мамандарымның айтуынша, бұл компания қажет қондырғыларымыз бар деп жалған ақпарат беріп, қалдықты өңдеуге байланысты тиісті рұқсат алғаннан соң, ол жерге тек қалдықты төгіп кетумен айналысқан. Былтырғы және биылғы құқық қорғау органдары тарапынан жүргізген тергеу-тексеру нәтижесінде Дәуренбек Сақым өндірістік қалдықтарды заңсыз орналастырғаны үшін айыпты деп танылып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді ол азамат осындай істерін Орал қаласының маңында жалғастырмақ па? Жұмысының сұлбасы дәл бұрынғыдай. Яғни бірінші рұқсат беріңіз, сосын біз қондырғы қоямыз деп отыр. Жалпы компания басшылығының бұл жиынға келмеуі түрлі ойларға жетелейді. «БатысЭкоОрталығының» осы жобаларына рұқсат беру арқылы еліміздегі ауасы ең таза қалалардың бірі – Оралдың атмосферасының бұзылуына жол ашатынымыз анық. Дегенмен де кәсіпкердің жолын кеспей, оған баламалы жолдарды ұсынғанымыз жөн. Мұнай қалдықтары емес, жобада көрсетілген тағы бір бағыт – жеңіл қалдық түрлерін өңдеумен де айналысуына болады ғой. Еңбек етемін деген адамға бұл бағытта жұмыс көп, – деді БҚО бойынша экология департаментінің басшысы, МЭССК тө-рағасы Ербол Қуанов.

Жиында кеңес мүшелері бұл жобаға қатысты өз қарсылықтарын білдірді. Жобаға байланысты ауқымды түрде қоғамдық тыңдау өткізу қажеттілігі айтылды.

– Орал қаласының маңы жасыл аймаққа жатады. Ал жасыл аймақ тек тал-терек егілген жер емес қой, ол – ауасы зиянды заттардан ада, таза аумақ. Негізі қалдық атаулысын өңдеумен айналыстан полигондар қала, аудан орталықтарын алыс жерде болғаны жөн. Сол себепті қала әкімдігімен келісе отырып бұл жерді қалдық өңдейтін полигон емес, қалдықты алғашқы сұраптаудан өткізетін нысанға айналдыру турасында ұсыныс айтқым келеді. Қазіргі заңнама да бізден осыны талап етіп отыр. Яғни 2019 жылдан бастап алғашқы сұраптаудан өтпеген қалдықтар полигондарға қабылданбайды. Бұл мүмкіндікті пайдаланып «БатысЭкоОрталығы» осы бағытқа бет бұрғаны дұрыс деп ойлаймын», – деді МЭССК мүшесі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақылбек Аманғалиев.

Кеңес шешімі бойынша бұл полигонды сенімгерлік басқаруға берген Орал қалалық әкімдігінен қосымша мәліметтер сұрату, яғни оралдықтардың осыған байланысты ұсыныс-пікірлерін және шаһар басшылығының ұстанымын білу үшін арнайы хат жолданатын болды. Сол хаттың жауабы негізінде аталмыш жобаларды талқылау одан әрі жалғаспақ.

Келесі көшпелі жиынды Шынарлы (Чинарев) кен орнында өткізу көзделіп отыр. Сол себепті «Жайықмұнай» ЖШС-ның «Атмосфераға ластағыш заттардың шектеулі-рауалды шығындыларының нормативтері» жобасын сол жерде қарау керек деп шешілді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


«Жасыл желек 10 мың тал-терекке көбеймек»

Күні: , 56 рет оқылды


Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сенбілікке облыс орталығындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарының қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, депутаттар, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және студенттер қатысты.


Шара барысында сенбілікке қатысушылардың әрқайсысы өз мекемелерінің маңайын жинап, аулаларына ағаш екті. Жергілікті билік өкілдері Салтанат сарайы мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы аралығына жиналып, халықтың ең көп шоғырланатын жеріне тал-теректер отырғызды. Жол бойына жағалай ағаш отырғызып жатқан жұртшылық арасынан сенбілікті ұйымдастырушылардың бірі, қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевпен жолығысып, әңгімеге тарттық.

— Қаламызды одан әрі көркейтіп, көгалдандыру мақсатында осындай сенбіліктерді ұдайы ұйымдастырып жүрміз. Мұндай шаралар тек бүгін ғана емес, әр сенбі сайын мекемелер арасында ұйымдастырылуда. Күзгі ағаш отырғызу науқанында қала бойынша 10 мың ағаш отырғызуды жоспарлағанбыз, бүгінде сол межеге жетуге тырысудамыз.

Яғни осы күзде қаламызға 10 мың тал-терек тарту етілмек. Соның 400-і бүгін отырғызылады, бұл – 300 түп шырша және 100 түп бөртегүл (сирень) ағашы. Сенбілік қаладағы ПИК мекемелерінде және жекелеген ұжымдарда да өткізілуде. Олардың әрқайсысы өздеріне қарайтын үйлердің аулаларына тал-теректер отырғызуда, – деді қала әкімдігінің өкілі өз сөзінде. Одан әрі қалалық мәслихаттың  депутаттарымен бірге ағаш егіп жатқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовке жақындадық.

– Ағаш отырғызу – сауапты іс қой. Сондықтан  қалалық әкімдіктің ұйымдастырған бұл шарасына үлкен ықыласпен қатысудамыз. Өзім осы қазір бесінші көшетті егіп болдым. Сөйтіп, өзіміз тұрған қаланың  жап-жасыл, таза қалаға айналуына аз да болса, үлесімді қосып жатырмын. Жаңа алаң – көпшіліктің ең жиі шоғырланатын жері. Бұл жерде соңғы кездері көптеген мәдени шаралар өткізіліп жүр. Бұған қоса мына тұрған Салтанат сарайында жастар некеге отырып, жаңа өмірге қадам басады. Тойға, қуанышқа келген жұртшылық та осы жерге жиналады. Сол себептен нақ осы алаңның басқа жерлерден ерекшеленіп, айшықты болғаны дұрыс. Біз отырғызған ағаштар біраз уақыттан кейін жайқала өсіп, алаңның ажарын ашады деп  күтеміз. Оның үстіне алаң аумағы жақында ғана жаңартылып, тас жол  төселді.  Енді жол бойы жасыл желек жайқалып тұрса, бәрі қосылып өзара үйлесімділік тауып, қаламызға керемет көрік берері сөзсіз. Біздің қаламыз экологиялық тұрғыдан таза қалалардың қатарына жататындығы көңіл  қуантады, – деген Игорь Стексов жерлестерін осындай сенбіліктерге жиі шығып, қаламыздың осы  мәртебесін сақтап қалуға шақырды. Осындай пікірді «Қоғамдық келісім» ММ-ның өкілі Жамал Ихсанова мен қалалық мәслихаттың депутаты, «СКФ Отделстрой» ЖШС басшысы Валентина Михно да жеткізді.

Сенбілік кезінде сол маңда орналасқан Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облысы ассамблеясының мүшелері мен «Қоғамдық келісім» ММ қызметкерлері, сондай-ақ көп бейінді қалалық аурухана қызметкерлері өз мекемелерінің маңайын күзгі жапырақтардан тазартты, аулаларын жас теректерге толтырды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Сатыбалды ТАСПИЫҚОВ,

қала тұрғыны, еңбек  ардагері:

– Мен биыл 81 жасқа толдым. Осы жасыма қарамастан, жыл сайын өткізілетін игі  шаралардан қалмаймын. Өйткені  қаламызды көркейту – көпшілікпен атқарылатын сауапты шаруа. Бүгінгі  біздің істеген ісіміздің рақатын, игілігін ертеңгі күні біздің ұрпағымыз көреді. Олар өз дәуірінде  біздің осы жұмысымызға құрметпен қарап, мақтанышпен айтып жүретін болады. Біздің әрқайсымыз өмірде өз айшықты ізімізді қалдырып кетуіміз керек. Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор, өзім осындай шаруаларға қатысуды азаматтық парызым деп санаймын.

Нұрбигүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

«Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі:

– Менің туған жеріме келуім бүгінгідей ауқымды шарамен тұспа-тұс келіп қалды. Бұдан біраз жыл бұрын Жалпақтал ауылындағы Кенжебек Меңдалиев атындағы орта мектепті бітірдім. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрамын. Бүгінгі шара жөнінде естіген бойда туған жерімнің топырағына бір терек болса да шаншып кетейін деп осы жерге әдейі келдім. Сөйтіп, бүгін маған өзімнің кіндік қаным тамған жерге тал-терек отырғызу бақыты бұйырды. Өзім бұған қатты қуанулымын. Өйткені  қазір отырғызған ағаштарымыз жайқалып өсіп, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады. Кейін осы ағаштарға қарап, өзіміз де жастық шағымызды еске алатын боламыз.

Валерий КРЫЛОВ,

– «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты:

– Сенбілік менің  ұғымымда — жаңару, жаңғыру деген сөз. Қазіргідей рухани жаңғыру кеңінен қолға алынып жатқан уақытта өзіміздің туған өлкемізді, өсіп-өнген жерімізді де жаңартқанымыз дұрыс. Мұндай сенбіліктерге біз жанұямызбен де, ұжыммен де үнемі қатысамыз. Мысалы, биыл күзде біздің ұжым кәсіпорын айналасын көгалдандыру мақсатында мекеме маңайына 30 шақты тал-терек отырғызды. Жасыл желек пайдалы, әсіресе, біз секілді өндіріспен айналысатын  кәсіпорындарға көгалдандыру керек-ақ. Сондықтан тал егу, айналаны абаттандыру жұмысын алдағы көктемде де жалғастырмақпыз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика