Мұрағат: 13.10.2017


«М. Әуезов мұрасы: рухани жаңғыру»

Күні: , 108 рет оқылды


Қазанның 5-7-сі күндері Семей қаласында М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде жазушының 120 жылдығына арналған  республикалық  «М. Әуезов мұрасы: рухани жаңғыру» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Шара аясында өткен байқауға еліміздің он алты аймағынан талантты жас буын өкілдері қатысып, өз бақтарын сынады. Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжден филология кафедрасының меңгерушісі Қырымжан Жақыпованың жетекшілігімен дайындалып, шараға барып қайтқан оралдық студенттер шығыстан  олжалы қайтты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті З. Мамут  М. Әуезов шығармалары бойынша «Сөз құдіреті» атты мәнерлеп оқу сайысынан бас жүлдені иемденді. Ал осы колледж студенті А. Отарбаева «М. Әуезов шығармалары жас зерттеушілер көзімен» атты ғылыми жоба байқауында 1-орынға ие болды.

Семей конференциясының  бағдарламасы бойынша қатысушылар қаланың мәдени-тарихи орындарымен танысты. Мерейтойға байланысты салтанатты жиынның шымылдығын ұлыдан қалған тұяқ Мұрат Әуезов ашты. Одан кейін қала орталығындағы ұлы жазушының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. Еліміздің әр өңірінен келген қонақтар Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіндегі М. Әуезовке арналған жиынның куәсі болды. Ұлы кемеңгер, шебер суреткер, үлгілі әке, дана және дара ұстаз, ғалым М. Әуезовтің рухани мұрасы туралы түйінді ойлар мен өшпес естеліктер айтылды. Мұрат Әуезов: «…әкем түсіме енсе, барлық ісім дөңгеленіп кетеді», – деп әкеге деген ыстық махаббатын жеткізе отырып, осындай тұлға етіп қалыптастырған әкеге борыштар екенін айтты. Кеш соңында торқалы тойдың жалғасы ретінде Мұрат Әуездің «Ділім» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

– Шара барысында ұйымдастырушы топ қатысушыларды «Шыңғыстау – тағзым етер нұр тұрағым» атты сапарға алып шықты. Өзге де қатысушылар сықылды біз де қарт Семейдің аңызға айналған жерлері мен ұлылардың кіндік қаны тамған қасиетті өлкелерін аралап, рухани байып, ерекше әсерге бөлендік. Алдымен жазушының тырнақалды туындысы «Қорғансыздың күні» әңгімесі орын алған Күшікбай асуына аялдадық. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Күшікбай асуында толассыз ағып жатқан қасиетті бұлақтың куәсі болып, тілек тілеп, бұлақ суынан дәм таттық. М. Әуезовтің кіндік қаны тамған жер Аяққарағанға барып, зират басына зиярат еттік, – деді Қырымжан Жақыпова. Оның айтуынша, сапардың үшінші бағыты Бөрлідегі  жазушының мұражай үйі болған.  Мұражай ішінде мрамордан жасалған жазушы ескерткіші орнатылған. Бұл мұражайда бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейінгі кезең бедерленген. «Ұлға бұғау, қызға тұсау болған» зар заманда өмір кешіп, тас бауыр қатал билер үкімімен өлтірілген Еңлік пен Кебек мекен еткен үңгіртаспен сапар бағыты жалғасты. Хакім Абай он жыл тұрақтаған тарихи мекен Жидебайдағы Абай — Шәкәрім мемориалдық кешеніне барған қатысушылар дұға бағыштаған.

Сондай-ақ шараға қатысушылар сапар кезінде Еуразия кіндігі монументінің куәсі болды. Абай мұражайында болып, ақын мен оның әйелдері Ділдә, Әйгерім, Еркежанның сол заманда қолданған бұйымдарының өз қалпында сақталғанын көріп, сүйсінді.  Сапардың соңғы нүктесі Абай ауылы Қарауылға бағытталды. Студенттерді Абай мектеп-лицейінің ұжымы қарсы алып, концерттік кеш ұйымдастырды. Абай ауылының өнерлі өрендерінен құралған «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнері көрермендердің көңілінен шықты. Елбасымыз «М. Әуезов – біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама берген елшіміз», – деп жазушының шығармашылығына орынды баға берген.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты саясатының бір көрінісі  ретінде болып өткен өз дәуірінің дауылпазы М. Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті.

Өз  тілшіміз


«Қауіпсіз жол» іске қосылмақ

Күні: , 52 рет оқылды


Облысымызда «Қауіпсіз жол» жобасы мен оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.


Жоба ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің «Қауіпсіз қоғамға 10 қадам» бірлескен жобасы аясында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің 2017 жылғы 11 тамыздағы шешіміне сәйкес дайындалды.

Жобаның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларын барынша болдырмау. Жоспар 30 нақты шарадан тұрады, соның ішінде жол қозғалысын басқару саласында жаңа технологияларды енгізу көзделген. Бұл жобаны 2018 жылдың аяғына дейін іске асыру жоспарланып отыр.


«Рухани жаңғыру: теңдессіз тарихи мүмкіндік»

Күні: , 72 рет оқылды


Осындай тақырыпта ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қаламыздағы Достық үйінде сарапшылар кездесуі өтті.


Облыс әкімі Алтай Көлгінов жүргізген жиынға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы, Сакралды Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы және аталмыш институттағы әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина, ғалымдар, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік ұйымдар өкілдері қатысты.

Басқосуда облыс әкімі рухани жаңғыру аясында өңірде атқарылған ілкімді істерге тоқталып, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған құндылықтарға толы жобаларын Ақ Жайық жұртшылығы қолдайтынын және аталмыш жобалардың Батыс Қазақстан облысында толыққанды жүзеге асырылатынына сенім мол екенін жеткізді.

– Қазақстанның киелі, қасиетті орындарын анықтау – бүкіл ел тарихын қамтитын оқиғаларға, біртұтас тарихи сананы қалыптастыратындай нысандарға айрықша мән беретін үлкен жоба. Тізімге тас дәуірінен бастап бүгінгі ескерткіштер мен қазақ үшін қасиетті орындар енгізіліп отыр. Биыл тұтас еліміз Алаш үкіметінің 100 жылдығын тойлауда. Осыған орай Күнбатыс Алашорданың орталығы болған Жымпитыдағы тарихи ғимараттар, алаш арыстарына арналған музей Қазақстандағы қасиетті орындар тізіміне енді. Жалпы, еліміздегі қасиетті орындарды анықтауда халықтың ежелден киелі санап, зиярат етіп баратын орындарын басты негізге алып, бірінші кезекте осыларды қағазға түсіреміз. Табиғи көрікті жер болса да ол туралы ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келе жатқан аңызы болуына мән беріледі. Аталған жобаға кіретін орындардың бір тобы археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қала орындары, сондай-ақ діни және ғұрыптық орындар, тарихи тұлғаларға қатысты жерлер. Басты мақсат – күллі қазаққа ортақ киелі, әулиелі орындар тізбегін қалыптастыру. Мысалы, Жұмағазы қазіретті еліміздің батысынан өзге ай-мақтардың көбі біле бермеуі мүмкін. Ол аймақтарда да сондай әулиелі мекендер бар, бірақ оны батыс өңірінің тұрғындары біле бермес. Жалпыұлттық тізім жасақталып, ол ақпарат таратылған кезде Жұмағазы қазірет барша қазаққа ортақ әулие ретінде насихатталады. Жобаның басты мәні осында. Қасиетті орындардың саны 100 болуы қатып қалған қағида емес. Бұл осындай орындарды насихаттау бағытында қолға алынған істің бастамасы ғана. Биылдан бастап арнайы бейнероликтер мен түрлі карталар жасақталса, келер жылы кітаптар шығарыла бастайды, арнайы қаражат бөлініп, аталған орындарға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Берік Әбдіғалиұлы өз баяндамасында.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтындағы әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина латын қарпіне көшу мәселесіне байланысты сөз қозғады. Ол тақырыпқа қатысты әлеуметтік сауалнамалар нәтижесіне, сондай-ақ әлемнің жан-жақты дамыған елдеріндегі ақпарат айналымының басым көпшілігі латын қарпінде екендігіне тоқталып, түрлі статистикалық деректер келтірді.

Облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысты өңірде атқарылған істер жайында, «Ақжол» ғылым және білімді дамыту қорының президенті Мұрат Сыдықов археологиялық ескерткіштер ерекшелігі туралы баяндады. Еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев рухани жаңғыру тақырыбына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңында ҚР Ұлттық ғылым академиясы атынан Алаш- орда үкіметінің 100 жылдығына орай өлкетанушы Жайсаң Ақбайға және тарихшы Бақтылы Боранбаеваға төсбелгілер табыс етілді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Стандарттар қалаларды ақылды жасайды»

Күні: , 49 рет оқылды


Жақында Дүниежүзілік стандарттау күніне орай ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті мен «Қазақстан стандарттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының қызметкерлері бірігіп дөңгелек үстел ұйымдастырды.


Басқосуға қалалық кәсіпкерлік бөлімінің аналитика және баға мониторингі секторының меңгерушісі Мейрам Хайыров, «Орал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің абаттандыру секторының меңгерушісі Роман Жұмиев, облыстық ішкі істер департаментінің ЖПҚ аға инспекторы Миржан Баймұқашев, қалалық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жанна Сахыпкереева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Сұңқар Ишмұхамбетов және БАҚ өкілдері қатысты.

«Қауіпсіз қала» жобасы қылмыс санын азайтуда»

Жиынды ашып, жүргізген ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанақын Тығынбаев ең алдымен техникалық реттеу және стандарттау жұмысының маңызына тоқталып, сала мамандарын алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтады.

 Бұдан соң сөйлеген «Қазақстан стандарттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева «Smart City» бағыты бойынша ҚР ұлттық стандарттары жөнінде баяндады. Осыдан кейін сала мамандары шығып сөйлеп, әрқайсысы өз жұмысына қатысты жасақталып жатқан «Smart Uralsk» жобасын жиналғандарға таныстырды. Нақтырақ айтсақ, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің аналитика және баға мониторингі секторының меңгерушісі Мейрам Хайыров Орал қаласына «Smart Uralsk» жобасын әзірлеу және енгізу бойынша жол картасын іске асыру туралы әңгімелесе, «Орал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің абаттандыру секторының меңгерушісі Роман Жұмиев пен облыстық ішкі істер департаментінің ЖПҚ аға инспекторы Миржан Баймұқашев «Қауіпсіз қала. Тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйесі» тақырыбында баяндады. Мейрам Хайыровтың айтуынша, қала және облыс аумағында «Ақылды қала» (бейнебақылау, мемлекеттік қызметтер, интеллектуалды көлік жүйелері және т.б.) жобалары арасында тығыз байланыс болуы тиіс.

– Бүгінгі күні Орал қаласында «Қауіпсіз аула» жобасы бойынша 103 бейнекамера, 24 учаскелік полиция пунктері орнатылған. Биыл мамыр айында қала көшелеріне тағы 263 бейнекамера қойылды. Бұған қоса, «Қауіпсіз қала» жедел басқару орталығының 83 камерасы және «Интеллектуалды қиылыс» 35 автоматтық жазып алу камерасы орнатылған. Білім саласы бойынша «E-learning» электронды оқыту жүйесі, «Күнделік» білім беру автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, «Bilimal» автоматты басқару жүйесі, «BilimLand» білім платформасы, «ITEST» ҰБТ-ға дайындалу үшін виртуалды оқыту бағдарламасы, «IMektep» аудио-визуалды оқыту, «Электронды методист» жобасы және тағы басқалары жүзеге асырылуда. Осы жобалардың барлығы «Smartcity-Uralsk» бағдарламасында шоғырландырылған. Аталған жобаны жүзеге асыру – тек қана инновациялық технологияны жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсетудің жоғары деңгейін ұсына отырып, қала бюджетін үнемдеу, сондай-ақ қаладағы әлеуметтік ахуал мен алғышарттар жасай отырып, туризмді дамыту және инвесторларды тарту, – деді Мейрам Хайыров өз сөзінде.

Енді ешкім де есептегіш деректерін жасыра алмайды

Оның сөзін жалғастырған Роман Жұмиев қазіргі таңда 16 нысан бойынша мырышталған бағана орнатумен (екі жақты) жарықтандырудың әуе желісін жерасты кабельдік желісіне ауыстыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалғанын жеткізді.

– Бұл жоба бойынша қуаттылығы 200 Вт болатын жарықдиодты энергия үнемдегіш шамшырақтар орнату, бағдаршам бағаналарын ауыстыру, барлық жаяу жүргінші өтпесіне жарықтандырумен компобелгілер мен жерүсті жарық катафоттар орнату қарастырылған. Қазіргі таңда осы жұмыстар жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жоспарланған учаскелердің ішінен алтауында жүзеге асырылуда. Жобалық көрсеткіштер бойынша 846 дана жол бағаналары мен қуаттылығы 150-200 Вт болатын шамшырақтар және қуаттылығы 100 Вт болатын 383 дана жаяу жүргіншілер жолы шамшырақтарын орнату жоспарлануда, – деген Роман Жұмиев сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесі үнемділікке ықпал ететінін айтты. Ол, сондай-ақ, радиоканал бойынша автоматтандырылған дерек жинау жүйесі жөнінде де баяндады. Оның айтуынша, салқын және ыстық сулардың есептегіштері импульсті шығумен радиомодульдарға қосылады, онда есептегіштен алынған импульстерді есептеу жүзеге асырылады және мерзім сайын салқын және ыстық сулардың шығындары бойынша деректер радиоканалға беріледі. Радиомодульдер әр пәтерде салқын және ыстық сулардың есептегіштерінің қасында орнатылады және 10 жыл бойы қызмет көрсетуді қажет етпейді. Радиоқабылдағыштар радиомодульдерден судың есептегіштерінен алынған деректерді қабылдайды және желі бойынша ол контроллерға (бақылаушыға) беріледі. Радиоқабылдағыштар ортақ пайдаланылатын жерлерде, мысалы, көп қабатты үйлердің дәлізінде, баспада орнатылады. Салқын және ыстық судың шығындары бойынша алынған ақпараттар барлық пәтерде контроллермен өңделіп, ыңғайлы түрде соңғы қолданушыға (компания басшысы, есептегіш орталығы) беріледі. Деректерді беру қашықтан интернет немесе ұялы байланыс желісі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сөйтіп, нақ осы жоба қазіргі жағдайда қалыптасып отырған коммуналдық қызмет төлемдеріне қатысты проблемалық мәселелерді шешуге оң ықпал етеді деп күтілуде. Бұған қосымша жүйе салқын және ыстық сулармен қамтамасыз ету жүйесіндегі апаттардың қалыптасу кезінде апатты сигнал беру үшін су кету датчиктерімен жабдықталуы ықтимал.

– Тағы бір айта кететін жәйт, Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта операторы «Қазпошта» АҚ-мен әкімдік, пәтер иелерінің кооперативі және пәтер иелерінің байланысына арналған тегін онлайн алаңы (роst.kz) (әрі қарай Сайт) жасақталды. Сайттың ең басты мүмкіндіктеріне үй бойынша өзекті ақпаратты, жаңалықтар мен талқылауларды, пәтер иелері кооперативінің есебін, әкімдік пен пәтер иелері кооперативіне жүгіну және тағы басқалары жатады. Сайт пәтер иелері кооперативі қызметінің сапасын арттыруға және оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде тұрғындарға коммуналдық қызметтердің сапалы көрсетілуіне және тұрғын үй қорының деңгейін жақсартуға ықпал етпек, – деген Роман Жұмиев «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ «Қазпошта» АҚ-ның Астана қаласындағы бас филиалы мамандарымен бірлесіп, Орал қалалық пәтер иелері кооперативі ассоциациясының құрамындағы 23 ірі пәтер иелері кооперативтерін сайтқа тіркеу жұмысын жүргізгенін айтты. Бұдан басқа тағы сексен орта және ұсақ пәтер иелері кооперативтері сайтқа тіркелмек.

SMS-пен хабарланады

Бұдан кейін сөйлеген облыстық ішкі істер департаментінің ЖПҚ аға инспекторы Миржан Баймұқашев «Қауіпсіз аула» жобасының нәтижесінде биыл қылмыстық істердің едәуір азайғанын жеткізсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Сұңқар Ишмұхамбетов «Смарт-денсаулық сақтау» жобасы аясында қолға алынған медициналық ақпараттық жүйе мен электронды кезектің жұмыс сапасының артуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты. Қалалық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жанна Сахыпкереева өз мекемесінде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік – Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, биыл 46 мектеп кең жолақты интернетке қосылған. Мектептердің «WI-FI» аумағында болуы оқу үдерісінің үзіліссіз жүруіне және мектептердің өзара ақпарат алмасып отыруына оң ықпалын тигізуде. Қаланың бірқатар мектептерінде «E-learning» дәстүрлі үлгерім журналының электронды баламасы, «Kundelik» білім беру автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, «BilimLand» білім платформасы, «ITEST» ҰБТ-ға дайындалу үшін виртуалды оқыту бағдарламасы, «Imektep» аудио-визуалды оқыту, «Электронды методист» жобасы және тағы басқа да жаңа жобалар пилоттық режімде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, балабақшаларға бүлдіршіндерді қабылдаудың тиімді үдерісін қамтамасыз ететін «CUSTOM» авторлық жобасын енгізу де көзделуде. Аталмыш бағдарлама білім беру басқармаларында және балабақшаларда орнатылады. Бұл жоба бойынша бүлдіршіндердің балабақша кезегіне тіркелгені және оның кезегінің жеткені туралы мәлімет ата-аналарға ұялы телефон арқылы SMS-пен хабарланады.

Жиын соңында ұйымдастырушылар стандарттау ісіне және өнім өндіретін нормативтік базаның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар кәсіпорындарға ризашылықтарын білдіріп, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК атынан алғысхаттар табыс етті. Марапатталған мекемелер қатарында «ҚПО б.в.», «Конденсат» АҚ, «Гидромаш-Орион МЖБК» ЖШС бар.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ұлттық баспасөз – ұлттық мұра

Күні: , 82 рет оқылды


Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан, ата-бабамыздың басынан өткен талай заманалық оқиғаларға куә болған Ақ Жайық топырағы – қазақ мемлекеттілігінің бастау бұлағында тұрған шежірелік өлке. Осы өлкедегі тамырын тереңнен тартатын облыстық қос басылым ғасырлық тойына үлкен олжа, зор абыроймен жетті.


Олай деуге сеп, соңғы жылдары тың бастамалары һәм жарқын жобаларымен жарқ ете түскен Жантас Набиоллаұлы бастаған «Жайық Пресс» ұжымының қиқу шығармаса да екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа тындырып жатқанын парасатты қауым сырттай көріп, іштей сүйсініп отыр. Өзімен бірге жанына тығыз топтасқан өзге де алғыр қазақ жастарының «бағын ашып», қуатты шығармашылық топ құруға ұйытқы бола білген жас та жаңашыл, жігерлі де жалынды басшының сайыпқырандарының ішінде  Қазбек Құттымұратұлының орны оқшау, шоқтығы биік.

Есімі аталған азаматтар өңіріміздің мерзімдік баспасөз тарихын қопара зерттеп, еліміз бен Ресейдің мұрағаттары мен мұражайлары һәм кітапханаларында тарыдай шашылып жатқан көне басылымдардың түпнұсқаларын табанын тоздыра іздеп, оларды «бұланның терісінен артыққа бұлдаған» көршілес ағайындардың тілін тауып, олардың әрқайсысының көшірмелерін елге әкелуінің өзі жеке-жеке тарих. Қысқартып айтқанда, көтерілген мәселенің «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» журналист-зерттеушілердің атқарып жатқан жұмысы тұтастай ғылыми-зерттеу институтының қайнап жатқан тірлігін көз алдыңа әкеледі.

Оған дәлел соңғы санаулы жылдар ішінде өңірлік мерзімдік баспасөз тарихын тереңдетіп, індете зерттеуге білек сыбана кіріскен ұжым халыққа іркес-тіркес, кесек-кесек бірнеше кітаптар топтамасын ұсынды. Тарқатып айтсақ, олар «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Известия» –  «Хабар» (1918), «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919), «Қызыл ту» басылымдары деп тізбектеле береді. Түсінген жанға бұлар – ұлттық баспасөз тарихына қосылған теңдессіз сүбелі үлес. Өйткені Отан тарихы ғылымының арналы саласының бірі – қазақ мерзімдік баспасөзінің тарихы.

Қазақстандағы ең алғашқы басылымдар хақында сөз толғағанда алдымен ауызға ілігетіні 1870 жылы Ташкент қаласында қазақ және өзбек тілдерінде шыға бастаған Түркістан генерал-губернаторлығының органы «Түркістан уәлаятының газеті» мен 1888 жылы Омбыда Дала генерал-губернаторлығы шығара бастаған «Дала уәлаятының газеті». Байқап отырғандарыңыздай, бұл газеттер негізінен Ресей империясының қазақ өлкесіндегі саясатын түсіндірумен айналысқан, ашып айтқанда патша үкіметінің Қазақ жеріндегі отаршылдық саясатын бүркемелеген ресми басылымдар.

Алайда ұлтымыздың демократиялық бағыттағы тұңғыш басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары Астрахан және Орал қалаларында шығып тұрған «Қазақстан» газеті туралы жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде ішінара айтылғаны болмаса, осыған дейін оның 16 саны біріктіріліп жеке кітап болып шықпаған еді.

Осындай тарих таңдақтарына байланысты бүгінгі жалпы білім беретін орта мектептің Қазақстан тарихы оқулықтарында өзіміздің өңірден шыққан мерзімдік басылымдар хақында ешқандай мәлімет жоқ (ұлттық тарихи сана алдымен мектеп оқулықтарынан басталатынын ескерсек және бүгінде мектеп партасында 2,5 млн. шәкірт + 100 мың). Ештеңе айтылмайды. Бұл тек «Қазақстан» газетіне қатысты емес, жоғарыда айтылған басқа да газеттерге қатысты. Мәселен жалпы білім беретін орта мектептің 8-сынып оқулығының «Ұлттық-демократиялық қозғалыстың өр леуі» атты 41-параграфтың 5, 6, 7- тақырыпшалары «Қазақстандағы алғашқы басылымдарға» арналған. Оқулықтың 287-289-беттері.

Бұдан шығатын қорытынды біреу. Демек, «Жайық Пресс» ұжымы қолға алған жоба Қазақстан және өлке тарихының ақтаң-дақтарын толықтырып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндесіп жатыр.

Өлке тарихы демекші, осы орайда назар аударарлық өлке тарихының бір өзіндік ерекшелігі  бар.  Біздің өңіріміз Ресей империясының қол астына ерте кіріп, отаршылдықтың өтінде тұрған аймақ ретінде белгілі. Сәйкесінше ұлт-азаттық көтерілістердің эпицентрі де  осында болды. Керек болса ол Әбілқайыр ханның кезінен басталды. Жайық өзені кеуіп қалғанша… Сырым Датұлы мен Қаратай Нұралыұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, Арынғазы Әбілғазыұлы мен Қайыпқали Есімұлы, Бөкей ордасындағы Аббас Қошайұлы мен Лаубай Мантайұлы, т. с. с. соза беруге болады. Ал ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандары жоғарыда есімдері аталған бабалар заманындағы ұлт-азаттық күрес тәсілінің ендігі жерде еш жарамайтынын, саяси күрестің стратегиясы мен тактикасын ағартушылықпен алмастырып, бейнелі тілмен айтсақ, «қаламын қаруға теңеп», ұйқыда жатқан қараңғы халықты тек ағартушылық жолмен ғана оятуға болатынын ұқты. Мәселен, қазақ ағартушыларының дені негізінен алғанда текті, дәулетті, дүмді әулеттерден. Шәңгерей Бөкеев, Бақтыгерей Құлманов, Бақытжан Қаратаевтар атақты Әбілқайыр тұқымынан болса, Ғұмар Қараш әйгілі Нияз бидің ұрпағы, ал Каир мен Кабулда білім алып, заманында сегіз тілді еркін меңгеріп, терең білімімен замандастарын таңғалдырған ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиев… Шетінен полиглот, шетінен энциклопедист, шетінен универсал. Дихан Қамзабекұлы, Нұртөре Жүсіп. Бір-бір президент, бір-бір премьер министр.

Осы орайда ерекше назар аударарлық мынадай мысал бар. Біздің өңірімізде заңгер Батыр-Хайыр Ниязов есімді қазақ зиялысы «Алаш» дейтін газет шығармақшы болған. Өкінішке орай, бұл ой жүзеге аспаған. Бұл идеяны соңыра Әлихан естіп, саяси қозғалыстың аты ретінде дамы-тып әкеткен. Мұндағы айтпағымыз не? Өздеріңіз байқап отырғандай, газеттердің «Алаш», «Ұран», «Қазақстан» деп аталуы біздіңше кездейсоқ емес сияқты. Өйткені біз «Алаш ұранды қазақпыз». Сайып келгенде, мұның бәрі – қазақ зиялыларының ұлтты ояту жолындағы жанкешті күресінен туған амалдар.

Ойлап қараған жанға ұлттық-демократиялық бағыттағы тұңғыш басылымның біздің өңірде шығуы, әрине, кездейсоқ емес. Қазақ; «тақыр жерге шөп шықпайды» дегенді бекер айтпаған. Өйткені біздің өңір – тұңғыштардың Отаны. Тұңғыш мектеп, тұңғыш мұрағат, т. с. с. жалғаса береді.

Бір қарағанда тұңғыш биресми газеттің біздің өңірде жарық көруі бүгінгі бізге пәлендей жаңалық болып көрініп, көп әсер етпеуі де мүмкін. Тарихта не нәрсе де салыстырмалы түрде. Оның маңызын жете түсіну үшін мына нәрсені білуіміз керек. Қазіргідей не теледидар, не радио, не ғаламторы жоқ «құлаққа ұрған танадай» жым-жырт қазақ қоғамы үшін бұл оқиға «қара бұлттың арасынан жарқырап күн шыққандай» айтулы құбылыс болатын.

Ойымызды жинақтай келе айтарымыз, жарық көріп жатқан бұл жинақтар («Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Известия»-«Хабар» (1918), «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919), «Қызыл ту») бұрын-соңды ешбір тарихшы пайдаланбаған тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізуімен құнды. Аталған жинақтардың тұсаукер-таныстырылымы Астана, Алматы сияқты ірі ғылыми орталықтарда өткізіліп, «мүйізі қарағайдай» елімізге белгілі ғалымдар оң бағасын берді.

Бұл жинақтардың орасан зор тарихи маңызына қысқаша тоқталсақ. Біріншіден, газеттердегі мақалалар сол бір аласапыран уақыттағы Батыс Қазақстанның, соның ішінде Бөкей ордасының қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани бет-бейнесін көз алдыңа әкеледі. Өзіңді сол заманда жүргендей сезінесің. Екіншіден, тарих ғылымы дәлдікті сүйетін ғылым. Оның сүйенетіні шынайы дерек. Осы ретте газет материалдарының мұрағат деректерінен еш кемі жоқ. Не нәрсеге де екі шұқып бір қарайтын, өлке тарихына, соның ішінде біз зерттеп отырған кезеңге сүбелі зерттеулерін арнаған ақсақал Исатай Нәсекенұлы Кенжалиев өз еңбектерінде Хамит Чурин, Бисен Жәнекешев естеліктеріне сын көзбен қарап, оларға аса сақ қарау керек екенін үнемі ескертіп отыратын. Ондағы айтпағымыз, аталған автордың және т. б. зерттеушілердің еңбектерінде 1917 жылы 10 қыркүйекте Ордада өткен қазақ зиялыларының сиезінде Бақтыгерей Құлмановтың баяндама жасағаны тілге тиек болып жүрсе, жарық көрген «Ұран» жинағының 69-бетінде, нақтыласақ, 1917 жылғы 26 қыркүйектегі санында «Жер туралы доклад әзірлеуші Құлманов ауылына қайтып кеткендіктен, баспасөз туралы доклад әзірлеуші Манаев ауырып қалғандықтан, сиезде жер һәм баспасөз туралы әңгіме болмады» деп «соқырға таяқ ұстатқандай» жазылған. Демек, бұл жинақтардың қай-қайсысы да осындай бұлтартпас тарихи деректер ретінде құнды. Үшіншіден, сол заманда қазақ қоғамы үшін өте ділгір болған мәселелер қазір де өзекті. «Қазақстан» газетінде «Ел билеуші адамдар түзелмей, ел түзелмейтіні» жазылған. Бұл қазіргі Елбасымыздың Ұлт жоспарында айтқан меритократия қағидаттары бойынша ары таза ұлттық элита қалыптастыру саясатымен астасып жатыр. Сол сияқты «Хабар-Известия» газетінің 1918 жылғы 6 желтоқсандағы №14 санындағы (аталған жинақтың 178-беті) «Қазақ ішіндегі мал ұрлығы» туралы мақала немесе осы басылымның  1918 жылғы 11 желтоқсандағы №19 санындағы (253-255 беттер.) «Қазақ әйелінің аяныш хәлі» туралы т. б мақалаларда қозғалған проблемаларда қазіргі қазақ қоғамында кездесіп жататыны назар аударарлық. Төртіншіден, «Қызыл ту» газетінде жарияланған Батыс Қазақстандағы аштық туралы мақалалар да ерекше құнды деп санаймыз. Өйткені 1921-1922 ж ж. өңірімізде халықтың 82 пайызы аштыққа ұшырағанын білеміз. Алайда оны аша түсетін ғылыми айналымдағы деректер өте тапшы екенін ескерсек, зерттеушілер үшін мұның бәрі – баға жетпес қазына. Бесіншіден, аталған жинақтардың жарыққа шығуы болашақ жас зерттеушілер үшін мерзімдік баспасөз тарихына арналған магистрлік, докторлық диссертациялар мен дербес жеке зерттеулерге һәм монографияларға сұранып, зерттеушілерін күтіп тұрған тақырып. Алтыншыдан, жоғарыда айтып өткеніміздей, орта мектеп, колледж, ЖОО-ға арналған Қазақстан тарихы мен өлкетану оқулықтарына аталған газеттердің қысқаша тарихын енгізудің еш артықтығы жоқ.

Тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай түйсек, 100 жылдық тойларына іргелі ізденістері һәм соны бастамалары негізінде асқар таудай абыроймен жетіп отырған ұжымның алдағы зерттеулеріне де сәттілік тілейміз! Табылмай жатқан сандары табылсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы

БҚМУ-дың доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты


Елеусіновтің жүлдесі сарапқа салынды

Күні: , 74 рет оқылды


КСРО-ның спорт шебері, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазталов ауданының құрметті азаматы Марат Елеусіновтің жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық турнир өтті.


Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылған бұл сайысқа Атырау, Ақтау, Орал қалаларынан, Ресейдің Александров-Гай ауданынан және облысымыздың аудандарынан 170-тен аса жас боксшы  қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков бұқаралық спортты жан-жақты дамытуға қолдау көрсетілсе, ел намысын қорғайтын ұландар көбейетінін атап өтті.

Төрт күнге созылған жарыс нәтижесінде 2006-2007 жылдары туғандар арасында Әлихан Нәбиев (28 келі, Орал), Бекзат Боранбай (30 келі, Ақтау), Марат Әнуарбек (32 келі, Атырау), Мұхаммедәли Қадержанов (34 келі, Қазталов), Өнер Сейілхан (36 келі, Орал) жеңімпаз болды. 2004-2005 жылғылар арасында Бекарыс Қабдолла (34 келі, Қазталов), Әмір Сейілхан (36 келі, Орал), Бекарыс Маратов  (38 келі, Қазталов), Алпамыс Елеуов (40 келі, Теректі), Бейбарыс Қабдолла (42 келі, Қазталов) үздік атанды. Ал қазталовтық Санжар Марксов, Айхан Қадырбеков, оралдық Абзал Ахметжанов, Әлижан Қадырханов, Асхат Болатов, ресейлік Иман Джураев 2002-2003 жылғы туғандар арасында топ жарды, 2000-2001 жылғылардан 49 келі салмақта оралдық Нұрсұлтан Нұретдинов, 56 келі салмақта ақжайықтық Наурызбек Ақбала чемпион болды.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


Жайықтың жігіттері әскерге аттанды

Күні: , 66 рет оқылды


Биыл – Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына — 25 жыл. Айбынды әскер Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – әрбір ер жігіттің қасиетті парызы.


Кеше ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты №66597 әскери бөлім құрамында азаматтық парызын өтеу үшін Ақ Жайық атырабының бір топ жігіті әскери міндетін өтеуге Қызылорда қаласына аттанды. Осыған орай Орал қаласындағы Жеңіс алаңында салтанатты жиын өтті. Алаңда ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының №5517 әскери бөлімі, әскери клубтардың мүшелері – колледж студенттері мен мектеп оқушылары әскери бұйрық бойынша аршынды адымдап, әскери сап түзеді. Кейін мемлекеттік Әнұран орындалды.

– Елбасымыз ұдайы еліміздің Қарулы күштері тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны екенін айтып келеді. Еліміздің шекарасы мен халқымыздың қауіпсіздігін қайсар жауынгерлер қамтамасыз етіп, сенім биігінен көрініп жүр. Мемлекетімізді қорғау жолында әскери қызметте шыңдалу оңай емес. Ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін тыңғылықты меңгеріп, соған адал болатындарыңызға сенеміз. Қай заманда да, ер-азаматқа елді қорғау қасиетті борыш саналады. Екінші дүниежүзілік соғыста 39 батысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Ахмедияр Құсайынов, Сүндетқали Есқалиев, Леонид Беда және Мәншүк Мәметова сынды қаһармандардың есімін мақтанышпен айтамыз. Президентіміз мемлекеттің қорғаныс жүйесін нығайтуға зор көңіл бөлуде. Соңғы екі жылда Орал қаласында еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш әскери кеме жасалып, пайдалануға берілді. Әскерге аттанып бара жатқан жігіттерге қасиетті парызын абыроймен атқаруына тілектеспіз, – деді жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы, полковник Аманкелді Қаленов әскерге алынған жігіттерге командир бұйрығын қалтқысыз орындаудың, жауапкершілікті сезінудің маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, әскери міндетін атқарған жауынгердің ерік-жігері шыңдалып, нағыз ер-азаматқа тән қадір-қасиетке, абырой-беделге ие болады және қоғамда өз орнын табады. Департамент басшысынан кейін ҚР Қарулы күштерінің ардагері Николай Дегтяров және ауған соғысына қатысқан Анатолий Боровский сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Әскер сапын толықтыратын жастарға ресейлік «Сбербанк» АҚ филиалының директоры Александр Бурахта атынан шағын сый-сияпат табысталды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Гүлбану МЕДЕУОВА,

Ақжайық ауданы,

Қурайлысай ауылының тұрғыны:

– Ұлым Ақжол Тұрарбекұлы осы өзіміздің Оралдағы Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінде оқыды. Жасы 18-ге толған балам Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Ақжолым үш ұлымның кенжесі. Сүт кенжем еліміздің Қарулы күштері қатарында жан-жақты шыңдалып, абыроймен ораларына сенемін.

 

Тайыр АМАНТАЕВ,

әскерге шақырылушы:

– Әскер қатарына алынатымды естігенде, ерекше қуандым. Отанымыздың Қарулы күштері қатарында қызмет ету – мен үшін абыройлы міндет. Болашақ қаруластарыма сәттілік тілеймін. Теректі ауданындағы Шаған ауылында мектеп бітірдім. Кейін Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша сырттай бөліміне оқуға түстім. Әскери міндетімді бұлжытпай атқарамын. Себебі менің болашақ мамандығым үшін жауынгерлік дағдыларды меңгеру аса маңызды.


Жаңа бағдаршамдар орнатылуда

Күні: , 58 рет оқылды


«Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы №4 санында тілші Нұрбек Оразаевтың әлеуметтік сауалнама негізінде жазылған «Қай қиылысқа бағдаршам қажет?» атты мақаласы жарияланған болатын.


Жыл өткен соң, яғни газетіміздің 2016 жылдың 23 шілдесіндегі №91 санында «Бағдаршамның жыры бітер түрі жоқ» атты мақаласы жарияланды. Күні кеше Пугачев және Шаған жағалауы көшелерінің тоғысатын тұсында, сондай-ақ, Жәңгір хан мен Әзірбайжан көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылып жатырғанын көріп, газетке жарияланған материалдан қорытынды шыққанына қуанып қалдық. Бұл бағдаршамдар көлік қозғалысы қауіпсіздігін жетілдіруге және жол-көлік оқиғаларының азаюына септігін тигізері анық.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі» 


Қос бәйтерек

Күні: , 166 рет оқылды


Мағаз Бекқайыров пен Фазила Дүйсенғалиеваның отау құрғандарына бүгінде тура 60 жыл толып отыр. Гауһар той иелерінің екеуі де А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының түлектері.


Ең алғаш сабақ берген кезінде жүрексінуді тудырған алдындағы шәкірттері де дәл осы кезге дейін естерінен кеткен емес. «Мұғалім» дегеннің өзі ол кезде үлкен абырой, биік мәртебе болатын. Бекқайыр қарияның шаңырағындағы бұл мамандыққа деген сүйіспеншілік шөбере-шөпшектері арқылы жалғасып, күні бүгінге дейін үзілмей келеді.

Олар еңбек жолын Тайпақ ауданының Талап орта мектебінен бастады. Мағаз ағай мектепте оқу ісінің меңгерушісі, кейін директоры болды. 1966 жылы Зауральный сегіз жылдық мектебіне директор болып тағайындалды. Жұмысы көзге түсті. Жазғы үш айдың шуағын пайдаланып жаңа мектеп салу қажеттігі анық еді. Себебі, бұрынғы бөлімше орталығы Жанама кеңшар орталығына айналды. Сөйтіп, Зауральный сегіз жылдық мектебінің іргесі қаланды. Мектеп жаңа оқу құрал-жабдықтармен толықты. Жұмысты ұйымдастыру талабы қойылды. Директор қызметкерлермен тіл табысып, жақсы істің ұйытқысы болды. Осындай ұйымшылдықтың арқасында сол жылғы алғашқы сабақ жаңа мектепте басталды. Ұйымдастыру қабілеті зор, білікті қызметкерге сенім артқан аудан басшылары оны аудандық мәдениет бөліміне жетекші етіп тағайындады. Мағаз ағай аталмыш ауданның мәдениет бөлімін он жылдай басқарды. Мәдени шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрсеткіштер көші алға жылжыды. Ондаған ауылдық клуб үйлері өз жұмыстарын қайта құрды. «Толқын» вокальды ансамблі республикаға танылып, «Халықтық ансамбль» атағын иеленді. Аудан орталығы Калмыковта жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оған қажетті сахна жабдықтарын Мәскеу қаласынан алу керек еді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мағаз Бекқайыров пен мәдениет үйінің директоры Құбайдолла Хибашев үлкен қалаға аттанды. Сахна шымылдығы мен әртістердің әсем киімдері Мәскеу қаласының тігін шеберханасында дайындалды. Халықты тұрақты және жылжымалы кино қондырғылармен қамту сапасы артты. Дала қостарында жаңа көркем әдебиеттер саны өсті. Осындай жұмыстарға ұйытқы болған мәдениет жетекшісі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атағы мен бірнеше медальдарға ие болды. Есімі ауданның «Құрмет кітабына» жазылды.

Мәкең әке болудың бақытын қатты сезінсе де өзгелерден жасқанып, сол бақытты қасына көп жақын қылуды мақсат етпепті. Әкелік жолы тек өзіне ғана тиесілі жайды, әлдебір қымбат қазынаны басына әкеліп үйе салғандай күй кешті. Әкелік сезімді меншіктеу бар да, соны өзгелердің мойындауы да қызық құбылыс. «Қарттың баласы ғой, бұл шіркіндерге бала қайда?» деген мүсіркеушілер мен жұбатушылардың сөзі де көңілге медеу екен. Фазила екеуі екі кемпірден қатты ығысып жүретін. «Анамыздың сағы сынбасыншы» деген сыйластық ауаны кейін бойларына сіңіп, ойларына қонақтап қалыпты. Қазақтың келіндері ұстанған ғажайып тірліктің жарқын көрінісі апайдың көкірегіне солай ұя салса, еңселі ердің жан-жақты бейнесі де Мәкеңнің азаматтық жолына жарасатын.

Апаның аналық жүрегі ұрпағына деген асқақ махаббат мейірімін молынан төгетін. Көкірек тұсы перзентінің жұпар иісін сезініп, оңашада құшарлана жұтса да, жұрт көзінше оған жүрексіне жақындайтын. Бірін – әке, бірін – ана атандырған нәзік сезім әуені жандарын тербесе де өзгеден жасқанудан, қымсынудан жаңылыс таппайтын. Сөйтіп жүріп, екі ұл, үш қыз өсірді. Ұрпақтары қанат жайды. Өздері ата-енелік жасқа жетсе де, жастықтағы сол жолдарын қарашықтай қастерлепті. Балаларын да осындай әдепке дағдыландырды. Алтын асықтай ұл-қыздарын бүгінде ел таниды. Тәуелсіз елдің болашағын үкілеп, оны алға апарудың жолдарын әр кез жадыларынан шығармайды. Бәрі де әр салада еңбек етуде. Сөйтіп, ата-ана үлгісі жалғасуда.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Мағаз ағамыз бен Фазила апамыздың тым жақын көретін шәкірттерінің бірі – Зияш Аманғалиева. Ол – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ғ. Құрманғалиев атындағы дәстүрлі әншілер байқауының бірнеше дүркін жеңім-пазы, ән қанатының қарлығашы.

– Мен олардың алдында өмір бойы шәкірт болып қаламын. Бірі – мектепте сабақ берсе, бірі – өмірде, өнерде ұстаздық етті. Бірі – әліппені, әріптерді танытса, бірі – қуаныш пен қайғыны түсіндірді. Адамға адамша қараудың қарапайым ғана жолына үңілдірді. Сол шәкірттердің қатарында Жасталап Қуанғалиев, Сергей Айтмағамбетов, Көшерғали Макаров (марқұмдар), Кеңес Оспанов, Сырым Ержанов, Құбайдолла Хибашев, Гүлжан Жұмақаева, Қайырлы Құсайынов, Серік Бақманов, Сәуле Таудаева, Мәлік Берді-Әлі, Тілес Жазықбай, т.б. өз ұстаздарын естерінен шығармас, – дейді Зияш Шайқықызы. Жоғарыда аты аталғандардың қайқайсысы да ұстаз жолын көрді, оны өнеге етті. Бәрі де республикаға танылды, өнерлері өрге жүзді.

Мектепте сабақ берудің ізгі жолы мұғалімнің келбетін ашады. Қалай болғанда да ұстаз шәкірттен бір саты жоғары болғаны керек. Білімі, ішкі мәдениеті, киген киімі өзге де қырлары өзгеден озық тұрғанда ғана ұстаз тұлғасы биіктей береді. Ал, бұл қырлары ерлі-зайыпты мұғалімдердің бойынан молынан табылып жатты. «Ұстаз» деген сөздің ұлылығы да сонда. Осы жандардың шәкірті, бірнеше жыр кітаптарының авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Берді-Әлінің «Ұстаз» деген өлеңінде:

Ту етіп  тұлғасымен туралықты,

Тылсымнан тірлігіңді тұрған ұқты.

Тереңнен талып жеткен ой биігін,

Тербетіп тал бесікте бір қалыпты.

 Қашанда мықты екен-ау төзім деген,

Қалайша түсінбеппін кезінде мен.

 Қалтқысыз қабағыңда таңдар қалды,

 «Қамсыздың» қамын ойлап көз ілмеген, – деп ұстаз бен шәкірт арасын әп-әдемі суреттеген.

Фазила апамыз мектепте де, үйде де, қоғамдық орында да тынымсыз істердің басы-қасында жүрді. Қай жерде жүрсе де, сол жердің партия жетекшісі еді. Халық сайлаған Тайпақ аудандық депутаттар құрамында да көптеген жауапты істерге араласты. Әсіресе, оны ана мен бала жайы қатты толғандыратын. Өсер ұрпақтың қамы бос сөзбен бітпейтін.

Сөйтіп, бірнеше мектепте мұғалім болды. Ал мұғалімдік жұмыстың жауапкершілігін айтып ешкімді таңдандыра алмаспыз. Осындай қоғамдық істердегі ізі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» деген атаққа қол жеткізді. Республикалық газеттерде ол туралы мақалалар шықты. Облыстық ІІІ-ІV мұғалімдер съезіне делегат болып қатысты. Сөйтіп, еліміздің бірқатар марапаттауларын кеудесіне қадады, төрінде ілулі тұр. Дәл бүгінгі күні де, Орал қаласы ардагер ұстаздар кеңесінің мүшесі ретінде де көптеген игі істерге ұйытқы бол жұр.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Ақжайық ауданы


«Құлын дауысты жыр әлем»

Күні: , 57 рет оқылды


Сәрсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Журналистер одағының мүшесі, ұстаз, ақын Ақмаржан Таубаеваның шығармашылығына арналған «Құлын дауысты жыр әлем» атты еске алу кеші өтті.


Қолынан қаламын тастамай, жыр жаза жүріп, шәкірт тәрбиесіне атсалысқан белгілі ұстаз, қаламгердің есімін ұлықтауды мақсат еткен шараға халық көп жиналды.

Шарада сөз алған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» ректоры София Ізмұхамбетова, ақынның інісі Қайыржан Таубаев «Жайықтың ақ самалы» атанған Ақмаржан Таубаеваны сағынышпен еске алып, өмір жолындағы оның шынайы бейнесі, жанының тазалығы, сұлулыққа, жырға құштарлығы, сезімге адалдығы жөнінде әдемі естеліктер айтты.

Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Ақмаржанның өлеңдерін оқыды. Ақынның өлеңдеріне Қадырғали Көбентай, Ербол Ақбасов, Қуаныш Қисыметов, Роза Сүлейменова сынды белгілі сазгерлер ән жазған. Өмірінің жарқын сәттерін журналистикаға арнаған Ақмаржан Бақытқызы бірнеше жыл «Жайық ұстазы» газетін басқарды. Ұстаздармен етене араласып, олардың шынайы алғысына бөленді. Маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырында ол әрі ұстаз, әрі ақын, әрі журналист болып еңбек ете жүріп, ардақты ана атанды. Бар ғұмырын Әнасылы мен Әнаруына арнап, перзенттерін мақтан тұтты. Еске алу кешінде орындалған Ақмаржан Бақытқызының «Ұлыма» әні көрермен көңілін толқытты.

Ақмаржан Таубаеваның бір жылдық асын беріп, Құран оқытып, еске алу шарасының өтуіне қатысқан ақынның жары Қалдыбек Құрманәлі ақын қызын ардақтап жатқан Ақ Жайық еліне шынайы ризашылығын білдірді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика