Мұрағат: 06.10.2017


Ақсайда күн батареялары шығарылуда

Күні: , 30 рет оқылды


«Ақсай индустриалды паркі» еліміздегі 15 кәсіпорынмен келіссөзге отырып, қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Аталмыш мекеме, негізінен, мұнай-газ компанияларына қажетті құрал-жабдықтар жасауға мамандандырылған. Жуырда Ақсайдағы осы өндіріс орнында күн батареяларын жасау жолға қойылды.


Нарық заманында үлкен сұранысқа ие құрылғыны жасау үшін отандық материалдар пайдаланылған. Қуаттылығы 10 квт. болатын бұл құрылғы үлкен ғимаратты жарықтандыруға жетеді.

– Қазақстанда жасыл экономиканы жандандыруға толық мүмкіндіктер бар. Келер бес жылда осы елде күннен және желден қуат алатын батареялар әр үйден табылады деп ойлаймын. Бұған барлық мүмкіндіктер бар. Мәселен, біз бүгінгі күн батареясын жасап шығаруға тек қазақстандық материалдарды қолдандық. Заман талабына сай жасалған құрылғы электр энергиясын сатып алу тәуелділігін жояды, – дейді «Ақсай индустриалды паркі» ЖШС бас директоры Марко Кастаньини.

Батыс елдерінде күн батареясы күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Ол Қазақстан секілді өндірісті-аграрлы елге өте қажет. Заманауи құрылғы алдымен қала көшелерін жарықтандыру үшін керек. Сондай-ақ бұл құрылғы төрт түліктің басын құрап, атакәсібін жаңғыртқан малшылар үшін де тиімді. Дербес электр жүйесінің қуаттылығын өз көзімен көрген Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов өндірушілерге желден қуат алатын құрылғыны жасауды да тапсырды. Аудан басшысы эксперимент ретінде жасалған құрылғыны ресми түрде іске қосты.

Отандық нарықта өз орнын тапқан кәсіпорын негізінен мұнай-газ саласына қажетті заманауи құрылғыларды шығарып келеді. Қазір мұнда 120 адам тұрақты еңбек етуде.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы


Ескерткіш боп оралды туған жерге

Күні: , 42 рет оқылды


Қазан айының 3-і күні аудан орталығы Сайқында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл толуына орай жалындаған 21 жасында кеудесін оққа тосқан қазақтың қайсар қызына арналған ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушы, Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың қолынан шыққан ескерткіштің ашылуы Мәншүктің туған жерінде өтті.


Алғашқы болып сөз алған Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов бұл айтулы күнді ұлы күн деп бағалады. Ресейдің Псков облысы аумағындағы Невель қаласын азат етуге қатысып, жалындаған жас күнін бүгінгі ашық аспан, бейбіт өмір үшін құрбандыққа шалған Мәншүк Мәметованың ерлігі ешқашан ескірмесі кәміл!

Ескерткіштің ашылуында БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев, ресейлік 15650-әскери бөлім командирінің орынбасары, құрметті сынаушы-ұшқыш, полковник Виктор Федосов және облыстық М. Мәметова атындағы мемориалды музей директоры Светлана Бектенова сөз сөйледі.

Одан әрі делегация өкілдері күйшілер саябағында тал отырғызып, бұл шара Мәншүк Мәметова атындағы мектеп музейінде жалғасты. Невель, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан келген қонақтар, М. Мәметова атындағы мектеп, колледж өкілдері қазақтың батыр қызы атындағы мектеп оқушыларының қойылымдарын тамашалады. Жан толқытар, жүрек тебірентер сәтті бейнелеген шәкірттер ерлік, батырлық, рух құдіретін сезіндірді.

Невель қаласы «Гвоздика» іздестіру отрядының командирі Иван Михайлов мектеп музейіне жаңа жәдігерлер табыс етті. Одан әрі айтулы шара мәдениет үйінің көрермен залында «Батыр рухы мәңгілік!» атты облыстық конференцияға ұласты.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы ауданы


Қариялар бата сайысына түсті

Күні: , 28 рет оқылды


Таяуда облыстық қазақ драма театрында «Ата сөзі – бата сөз» атты облыстық батагөй қариялар байқауы өтті.


Батагөйлер байқауына Орал қаласы мен аудандардан 63-75 жас аралығындағы 15 қария келіпті. Олар – түрлі мамандық иелері. Басым көпшілігі ұлттық киіммен сахнаға шықты. Байқау үш кезең бойынша оздырылды.

Шараның алдында батаның мәні мен маңызы туралы толғау айтылып, абыз ақсақал бейнесіндегі актер жамағатқа бата берді. Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, батагөй ақсақалдардың жастар тәрбиесіне оң ықпалын да айрықша атап өтті.

Байқаудың алғашқы сатысында қариялар сөзден мүдірместен аты-жөнін, тегін судырата айтып, өздерін таныстырды. Арасында өлеңге де жол беріп, домбырасын күмбірлеткендер де кездесті. Екінші бөлімде де оза шауып, айрықша білімдарлық танытқандар аз болған жоқ. Соның ішінде ақжайықтық Сыйлыхан Зейнетов Қарасай батырдың батасын айтқаны өз алдына, оның өмір жолы және ерлік істері туралы да кеңінен баяндады. Батагөй ақсақалдардың ішінде ең сәнді де көзге түсерліктей киінген бөрлілік Есенғұл Көшекбаевтың өнегесі айтуға лайық. Орал қаласының атынан шыққан үш ақсақалдың екеуі Бәкар Орақаев, Серік Қарабалиндер – Жәнібек ауданының тумалары. Екеуі де тым тәуір өнер көрсетіп, Бауыржан Момышұлының, Кенен Әзірбаевтың баталарын әсерлі орындады. Шыңғырлаулық ақсақал, қажы Темірғали Жантасовтың да сөз саптауы оңтайлы шықты. Бұрынғы фельдшер, бөкейордалық Сейтемәлі Қуаншәлиевтің басқалармен салыстырғанда, өнері сәл кемшін түссе де, көрермен қауым оған да ризалықпен қол соқты.

Бірақ қашанда «Жүзден жүйрік озады жарысқанда». Көрермендер батагөй қариялардың өнерін қызықтай отырып, үш сағатқа жуық уақыттың қалай өткенін сезбей де қалды. Сонымен әділқазылар алқасының ұйғаруымен бас жүлде тасқалалық Жұмагелді Үмбетәлиевке ұсынылды. Бірінші орында қаратөбелік Ертай Сердәлин. Екінші орынды зеленовтық Сатыбалды Төлегенов, жаңақалалық Аманжан Салауатовтар қанжығасына байлады. Үшінші орын Темірғали Жантасов (Шыңғырлау), Сыйлыхан Зейнетов(Ақжайық), Исмағұл Мусиндердің (Қазталов) еншісіне тиді. Қалған қатысушылар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының алғысхаттары және дипломдарымен марапатталды.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

“Орал өңірі”


«Жүрегімнің бөлшегі»

Күні: , 24 рет оқылды


Таяуда Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай «Жүрегімнің бөлшегі» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті.


Бүлдіршіндерді елжандылық сезімге, мейірбандылыққа, әдебиетке деген құштарлықты дамытуды мақсат еткен шараға қала мектептерінің бастауыш сынып оқушылары қатысты.

Байқау нәтижесінде бас жүлде алған А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Батыр Жұбанышқали ақынның жұбайы София анамыздың арнайы сыйлығын иеленді. Бұдан бөлек 2, 3, 4-сынып оқушылары мәнерлеп оқудан жүлделі орындарды иеленіп, мектептерінің мерейін асырды. Жырсүйер балғындарға ризашылығын білдірген ақынның жары, оларға тәттілер үлестірді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жалпақталын сағынып жеткен жерлестер

Күні: , 45 рет оқылды


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп атап өткен болатын.


Қазанның 4-і күні Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбековтің бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясының аясында «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» атты жерлестер форумы Жалпақтал ауылында өтті. Форумда осы өңірден түлеп ұшып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген жерлестер бас қосты. Аталмыш шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық ішкі саясат, білім, мәдениет басқармаларының өкілдері, Орал, қаласы, Тасқала, Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандарының делегациялары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Меймандар Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайыновтың, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевтің мүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мұнан кейін К. Меңдәлиев атындағы орта мектептің мұражайын аралап, жәдігерлермен танысты.

Бұдан соң меймандар Жалпақтал ауылындағы «Туған жерге тағзым» аясында салынған әлеуметтік нысандарды, оның ішінде жобаны ең алғаш бастаған 1969 жылы туған перзенттердің алаңы мен су бұрқағын, 1977 жылдары туған азаматтардың футбол алаңы мен 1978 жылы дүниеге келген перзенттердің ойын алаңын көрді. 1979 жылы дүние есігін ашқан перзенттердің және 1980 жылы туған азаматтардың өз қаражаттарына салған туындыларын тамашалады. Орталық алаңда он алты округ әкімдері «Туған жер» бағдарламасы аясында елді мекен көлемінде болашақта жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ауданның қолөнер шеберлерінің этноауыл көрмесін тамашалады.

Кейін меймандар Ақпәтер ауылында бас қосып, Ақпәтер ауылдық тарихи өлкетану мұражайымен, «Ана мен бала» монументімен танысты. Бұл мұражайды еңбек ардагері, Қазталов ауданының құрметті азаматы, ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов өз қаражатына жасақтаған болатын. Сондай-ақ ол 3 жарым миллион теңгеге «Ана мен бала» монументін жаңғыртып, сыйға тартты.

Форум түстен кейін Жалпақтал мәдениет үйінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел және К. Меңдәлиев атындағы орта мектебінде семинар-тренинг арқылы жалғасын тапты. Семинар-тренингке жиналған көпшілік алдында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жобалары мен тәсілдері туралы өңірлік жоба кеңсесі жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева таныстырып өтті. Мұның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа, тың жобалар жасақтау, 12 ауданға түрлі пресс-турлар ұйымдастыру, «Жылдың үздік меценаты», «Жомарт жүрек», «Жылдың үздік волентері» сынды шаралар ұйымдастыру да бар. Дөңгелек үстелде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Қазталов ауданында атқарылған игі істерге тоқталып, осындай істердің басқа да аудандарға үлгі болатынын атап өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан ел ағалары, әр жылдары ауданды басқарған азаматтар, көрші аудандардан келген қонақтар ауданда жа-салып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, алдағы уақытта атқарылатын істерге қатысты өз пікірлерін білдірді.

Дөңгелек үстелден кейін «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп аталатын жерлестер форумы басталды.

— Бүгін Қазталов ауданында барлық өңірден туған елге деген сүйіспеншілігін нақты іске ұластырып, Отанымыздың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар жиналды. Форум жұмысына еліміздің түкпір-түкпірінен осынау қастерлі топырақта туып-өскен, жан-жүрегімен атамекенін аңсап, алыстан ат арытып келген азаматтар қатысуда. Баршаңызды «Туған жер – тұғырың, туған ел — қыдырың» атты республикалық жерлестер форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы айтулы шараны ұйымдастырған аудан жұртшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Елбасының бағдарламалық мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртатын ауқымды істерге жол ашып берді. Рухани жаңғыру – Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастыратын бірегей жұмыс. Осы орайда әрбір отандасымыз заман талабына сай алты қасиетке ие болуға тиіс. Атап айтқанда, бәсекеге қабілетті, прагматик, ұлттық бірегейлігін сақтаған, білімді, эволюциялық дамуды жақтайтын, ашық саналы ұрпақ болуы керек. Бұл – ел-жұртымыздың мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтқа айналуына, Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына тікелей ықпал ететін алғышарттың бірі. Қазақстанда үшінші модернизациялау басталды. Осы мақсатта елімізде алты ерекше жоба жүзеге асырылуда. Олардың бірі ұлттық патриотизмнің маңызды іргетасы — «Туған жер» бағдарламасы. Қазталов ауданы әдебиет пен өнер, ғылым және спорт саласында әлемге ауданның атын шығарып жүрген азаматтарымен мақтанады. Қазталов ауданы — Сухан Камалов, Қажым Басымов, Исатай Кенжәлиев секілді ғалымдар мен мемлекет қайраткері Кенжебек Меңдәлиев, өнер тарландары Хадиша Бөкеева, Қатимолла Бердіғалиев, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің отаны болып табылады. Елбасымыз айтқандай, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Осы орайда қазталовтықтар туған жерге деген ерекше құрметтерін ел қуанар істерімен, мәрттігімен үлгі болып келеді. Атап айтсақ, Кәрім Өтеғұлов, Кәримолла Жақыпов, Өтеген Көшенов, Манарбек Идрисов, Амангелді Таспихов, Самат Хасанов, Нұрлыбай Жолдыбаев, Арман Бегалиев, Александр Қарағойшин – осы елдің азаматтары. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нақты ұсы-ныстар білдіріп, жобаларды қолға алуда әр жылдардағы мектеп бітіруші түлектердің де еңбегі зор. “Туған жерге тағзым” акциясы аясында бұл ауданда 2009-2017 жылдар аралығында 141 млн. 760 мың теңгені құрайтын 53 жобаны іске қосты. Бүгінгідей жерлестер форумының Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында өтуі кездейсоқтық емес. Себебі сол 53 жобаның жалпы құны 51 млн. 400 мың теңге көлеміндегі жеті жобасы Жалпақтал ауылында мектеп түлектерінің күшімен атқарылған болатын. Осылайша әр азамат өзінің туған жеріне қолұшын беріп, өз елі үшін, туған жеріне деген сүйіспеншілігін игі істер арқылы білдіруде. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік, әрине, әр түрлі, бірақ бүгінгідей игі істің ауқымы кең. Бұл форум облысымыздың өзге аудандарында да жалғасын табады деген сенім зор. Қазіргі таңда туған жер шежіресін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін жақсы білетін жалынды патриот жастардың жаңғыру жолы басталды. Сондықтан ауқымды істер, маңызды жобалар әлі алда деп білеміз. Отаншылдықтың негізгі темірқазығы туған жерге деген махаббаттан басталады. Әркімнің өз жері — өзіне жұмақ. Түркі халықтарының көне Күлтегін ескерткішіндегі «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!» деген сөздері тасқа қашалып жазылғаны тегін емес деп ойлаймын. Ұлттық рухымызды асқақтату жолында ауданда жасалып жатқан шараларға табыс тілеймін. Қатпарлы тарихымызды зерттеу, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғырту, білім-білігімізді арттырып, мәдениетімізді дамытуға бағытталған істер тек сәтті болғай. Жас буынның бойында отансүйгіштік, туған жерге деген құрмет секілді қасиеттерді тәрбиелеуде абырой биігінен көріне беріңіздер, — деді облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан сөз алған Арман Өтеғұлов.

— Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран. Ал оның басты бағыты – ұлттық патриотизмге негізделген «Туған жер» бағдарламасы — уақыт талабынан туындаған идеология жинағы. Тағылымды туған жерге тағзым етіп түлету – перзенттік парызымыз. Бүгін біз форумға келген 300-ден аса жерлесімізбен қауышқанымызға қуаныштымыз. Бүгінде біздің жерлестеріміздің табысқа жетпеген саласы жоқ. Олар әдебиет пен өнер, ғылым және спорт саласында ауданымыздың атын шығарып жүр. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып, ауданымызда келелі істер атқарған, елдің алғысына бөленген азаматтарымыз да баршылық. Осындай жаны жайсаң жерлестеріміз “Туған жерге тағзым” акциясы аясында 2009-2017 жылдар аралығында өскелең ұрпақ үлгі алатындай 141 млн. 760 мың теңгені құрайтын 53 жобаны ауданымызда іске асырды. Игі істердің басы-қасында жүріп, ел қуанышымен ризашылығына бөленген атымтай азаматтарымызға алғысымызды білдіреміз. Ал алдағы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымызда 75 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз, — деді форумда сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков.

Алқалы басқосуда Қазталов ауданының құрметті азаматы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ауданның құрметті азаматы Рахметолла Сүйербаев, өлкетанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ұлдай Ержанова, «Базар жоқ» театрының басшысы Тұрсынбек Қабатов сөз сөйледі.

Сонымен қатар форум аясында өзара ынтымақтастық туралы жеті меморандумға қол қойылуы да айта қаларлықтай нәтиже. Шара барысында жерлестер 20 миллион теңге көлемінде түрлі демеушілік жұмыстарын атқаратынын жеткізді. Атап айтсақ, «Дархан» шаруа қожалығы жетекшісі Жолдыбай Тапауов Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық елді мекеніне құны 8 миллион теңгеге жаңадан клуб үй ғимаратын салып беруге, «Асқар» шаруа қожалығы жетекшісі Дархан Қыдырәліұлы Талдыапан ауылына 800 мың теңгеге «Алтыбақан» алаңын салуға, «Прожж Инвест» ЖШС жетекшісі Самат Ержанов Болашақ ауылындағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстарына 1 миллион теңге көлемінде демеушілік етпек.

Форумда жерлестерге үндеу жолданып, өнерпаздардың мерекелік концерті тамашаланды. Салтанатты шара соңы жастардың флешмобы мен отшашуға ұласты.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

 «Орал өңірі»,

Қазталов ауданы

 

Нұрбигүл  САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,  әнші,  актриса,  тележүргізуші:

— Міне, бүгін туған елге келіп қуанып жатырмын. Ел басқарып отырған Абат Абайұлы, Арман Кәрімұлы сынды ағалар мұрындық болып, осындай керемет мереке өтіп жатыр. Өте қуаныштымын. Мен осы Жалпақтал ауылындағы К. Меңдәлиев атындағы мектепте оқыдым. Бүгінгі форум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Қазталов ауданында атқарылған игі істердің барлық қазақстандықтарға үлгі болатынына сенімдімін. Туған елдің азаматтары жасай берсін!

Тұрсынбек  ҚАБАТОВ, Қазталов ауданының құрметті азаматы, танымал актер, КВН-ның  жұлдызы:

— Бүгін туған өлкемізде үлкен форум ұйымдастырылып отыр. Жалпақтал ауылында, сонымен қатар ауданымыздың барлық ауылдарында да жанашырлық таныта білген азаматтар туған еліне деген махаббатын игі істерімен көрсетіп жатыр. Бүгінгі форумға келген барлық жерлестер үлкен әсер алып, туған елдің дамуына өзіндік үлестерін қосады деп ойлаймын. Мен де болашақта ауданымыздағы үш мәдениет үйіне құрал-жабдықтар алуға демеуші боламын. Бүгінгі мерекені ұйымдастырған барлық жерлестерге алғысымды айтамын.

Нұрлыбай  ЖОЛДЫБАЕВ,  кәсіпкер, аудандық  мәслихаттың  депутаты:

— Туған елдің төсінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан бүгінгі жерлестер форумына қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Ел азаматтарының басын қосқан бұл форумнан біраз нәрсенің куәсі болдым. Осындай істердің арасында менің де үлесім бар екеніне қуанамын. Алдағы уақытта жақсы  істер жалғасын тауып, ауданымыз көркейе түсетініне зор сенім білдіремін.


Ауылының туын биік көтерген азамат

Күні: , 28 рет оқылды


Ірі істер қарапайым шаруадан басталатыны белгілі. Қособалық Жеңіс Шәпешев «Мүтір» шаруа қожалығын құрған кезде, ертең-ақ ол ауылының бас көтерер азаматына айналып, ел-халқы оған үлкен сенім артар деп әсте ойлаған жоқ.


Шаруа қожалығының иесі атанған соң, ол ауылда алғашқылардың бірі болып мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал басын көбейтіп, оны асылдандырумен айналыса бастады. Қособа ауылының Аяқкөл елді мекенінде орналасқан бұл қожалықта қазір 100-ден аса ірі қара, 200-дің үстінде қой және Қамбар ата түлігі бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мал азығын дайындау үшін алынған түрлі техникалар да жоқ емес. Он шақты адамды жұмыспен қамтып, оларға үй-жай беріп, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп отыр.

– Жеңіс Болатұлын ауылдастары құрмет тұтады, мақтан етеді, өйткені ол – ауылды көркейту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі. Ауылдағы түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болып жүреді. Биыл ауданымызда Алаш партиясының құрылғанына 100, Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуына орай үлкен шаралар өтті. Республикалық «Алаш Барысы» турнирі ұйымдастырылды. Ел мерейін асқақтатқан осындай шараларға демеуші болғандардың бел ортасында «Мүтір» шаруа қожалығы да бар. Бұл шаруашылық жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған шараларға қатысады, ауылдастарына мал азығымен көмектеседі. Ол үрдісін биыл да жалғастыруда. Лайсаң, қыс кездері техника атаулысы батып, жолдар жабылып қалған жағдайда «Мүтірдің» тракторлары көмекке келеді, – дейді Қособа ауылының әкімі Жұмабай Сатаев.

Шаруагер азаматтың осындай ізгілігін көрген ауылдастары былтыр оның аудандық мәслихаттың депутаты болып сайлануына ұйытқы болды. Халық қалаулысы ретінде, қазір ол ауылдық округтегі мәселелердің шешілуіне атсалысып жүр. «Ауылымыздағы негізгі мәселенің бірі – Өлеңті көлтабандық суармалау жүйесін қайта құру еді. Ол мәселе шешіле келді, – дейді Жеңіс Болатұлы.

– Ендігі басты мәселе – мәдениет үйін салу. Қособалықтардың үлкен-кішісі осыған алаңдаулы. Халықтың сұрауы бойынша ауылда «Тұмар» кафесі бой көтерді. Оны Орал қаласында тұратын інім Ертіс ашқан еді. Той-садақаларды айтпағанда, ауылдағы мән-маңызы жоғары мәдени шараларды осында өткізіп жүрміз. Одан кейін Жымпиты мен Қособаның арасындағы жол мәселесі тұр. Электр желісіне де жаңғырту жұмыстары қажет. Әсіресе, қыс кезінде сымдар жиі үзіліп, ауылымыз жарықсыз қалатын кездер болады. Жергілікті атқарушы билік құрылымдарымен бірге қазір бұл бағытта жұмыстанып жатырмыз. Көп кешікпей ол мәселелер де оң шешімін табарына сенім мол».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Сырым ауданы


«Нұрлы жермен» 11 миллиардтан астам теңге игерілмек

Күні: , 34 рет оқылды


«Нұрлы жер» – тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама. Биыл бағдарлама ауқымында біздің облысқа 11 763 273 теңге қаражат қарастырылса, оның 9 745 316 теңгесі көп пәтерлі 10 үйдің құрылысына жұмсалуда. Жыл соңына дейін Оралда — 8, Ақсайда — 1, Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаратөбе, Қазталов, Сырым, Теректі, Шыңғырлау аудандарында 143 үйдің құрылысы аяқталмақ. Биылғы сегіз айда облыс бойынша 2553 пәтер пайдалануға берілсе, оның ішінде жалпы ауданы 38,2 мың шаршы метр құрайтын 421 пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында бюджет қаржысы есебінен салынған.


Бағдарламаға тұрғын үй саласына қатысты барлық механизм кіріктірілген. «Нұрлы жер» бойынша баспана құнын нарық бағасына икемдей отырып, ипотекалық несие беруді оңтайландыру, жеке компанияларды үй салуға ынталандыру, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік үй беру, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін баспана салу, жеке үй құрылысын дамыту қарастырылған. Биыл облыста барлық қаржы көзінен 278,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланса, соның 77,7 мың шаршы метрі мемлекет қолдауы есебінен жүзеге асады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында «Бәйтерек Девелопмент» АҚ биыл 4 215,4 млн. теңгеге 3 үйдің (504 пәтер) құрылысын аяқтады. Ал жергілікті атқарушы құрылымдардың бағалы қағаздар шығаруы есебінен 2 453,7 млн. теңгеге облыс орталығында үш және Ақсай қаласындағы бір үй (481 пәтер) бой көтеруде. Мемлекеттік бағдарламаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ қаржы операторы ретінде қатысады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы биыл батысқазақстандықтар 985 пәтердің кілтіне ие болады. Жергілікті атқарушы құрылымдар (ЖАҚ) желісі арқылы пәтердің бір шаршы метрі 129 790-нан 136 200 теңгеге, акционерлік қоғам желісі бойынша 140 413-тен 149 018 теңгеге дейінгі сома аралығында бағаланады. Әлеуметтік баспананы тұрғын үй, аралық және алдын ала тұрғын үй займдары есебінен сатып алуға болады. Жылдық несиелік мөлшерлеме құны 5 пайыздан көп емес. Алдын ала тұрғын үй займы бойынша баспана құнының 30 пайызы жинақталса ғана беріледі. Тұрғын үй займы бойынша тұтынушы құнның 50 пайызын жинауы және депозитетінің ашылғанына үш жыл болуы керек. Аралық займ мерзімінен бұрын ақша жиналғанда немесе пәтер құнының 50%-ы бір реттік жолмен енгізілгенде беріледі.

ЖАҚ салған несиелік баспаналардың тең жартысы әкімдік арқылы үй кезегінде тұрғандарға берілуі тиіс. Егер олардың арасында іріктеу рәсіміне қатысуға өтініш білдіргендер мен төлем қабілетін бағалауға келісім бергендер саны аз болса, баспана алу құқына банктің басқа салымшылары ие болады. Бағдарлама қатысушыларын банк балдық жүйе бойынша бағалайды.

Бағдарлама ауқымында облыста биылғы бірінші жартыжылдықта 887 адам баспанаға ие болды. Соның қатарында 80-і – жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 418-і – мемлекеттік немесе бюджеттік мекеме қызметкерлері, 388-і – әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар. Күнкөрісі төмен тұрғындарға арендалық баспаналар беріледі. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек шілде айында өткен үкімет отырысында ондай пәтерлерді жалға алу құны 1 шаршы метрі айына 100 теңгеден  есептелінетінін айтты. Арендалық баспананы бағдарлама қатысушылары өз иелігіне рәсімдей алмайды. Әлеуметтік тұрғыда осал топтарға биыл Оралдан бір үй (180 пәтер) және Ақжайық ауданынан — 6, Жәнібектен сегіз үй беріледі деп жоспарланған.

Айта кету керек, сегіз ауданда салынып жатқан үйлердің бәрі – арендалық баспаналар. Ауылдарда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы үй берілмейтін болған соң, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер де баспананы жалға алуға мәжбүр. «Дегенмен аренда бағасы үйдің құрылыс құнына байланысты әр түрлі болады. Мәселен, Жәнібекте биыл салынған ауданы 53 шаршы метр бір баспананың айлық төлемі 11 мың теңге шамасында болады деп есептеудеміз. Бұл баға әлі нақты бекітілген жоқ», – деді Жәнібек аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Қайырлиев.

«Нұрлы жер» бойынша облысқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды (ИКИ) дамытуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа Орал қаласы маңындағы Деркөл ауылішілік жолдары мен қар суын ағызатын арық құрылысы жобаланған. Одан бөлек, аудандарда облыста электрмен қамту және инженерлік желілер жүргізіледі.

Облыста баспана салу үшін жер телімін алу өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Облыс бойынша 100 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Биыл тоғыз ауданда 210 жер телімі берілген. Бағдарлама ауқымында жер телімдері инфрақұрылым желілері жүргізілгесін барып берілуі тиіс. Аудандарда осындай мақсатта 3139 жер телімі дайындалуда. Ал облыс орталығында бұл мәселе күйіп тұр. Баспана алуға 18 118 адам өтініш білдірсе, жеке үй құрылысына жер телімін сұрағандардың саны 70814-ке жеткен. «Келесі жылы Орал қаласы маңындағы Круглоозерный кентінен 1000 жер телімін дайындауға және сол аумақта бір типтік баспаналар тұрғызу жобасына басымдық берілуі мүмкін. Бұл жоба әлі талқылану үстінде. Жеті жыл бұрын 2004 жылдың алғашқы тоқсанында есепке алынғандардың өтініші мақұлданғаннан кейін, жер телімдерін беру тоқтатылды», – деді Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мирас Мұхитов.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, «Нұрлы жер» бойынша жеке үй құрылысын дамыту үшін Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілері жүргізілген және типтік үлгідегі үйлер салынатын пилоттық жобаларды іске қосу мәселесі қаралуда. Келесі жылы бағдарлама ауқымында облыс орталығы мен аудандардағы бірқатар несиелік және жалға берілетін үйлердің баспаналар құрылысы аяқталып, жаңа үйлер бой көтереді.

«Нұрлы жерге» бұған дейін «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту — 2020» мемлекеттік бағдарламалары ауқымында жүзеге асқан тұрғын үй саясатын жалғастыру міндеті жүктелді. 2031 жылға дейін жаңа мемлекеттік бағдарлама бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық пәтер салынады деп жоспарланған.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Өнер мен ғылымды ұштастырған ұстаз

Күні: , 24 рет оқылды


М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махамбет Ержановтың 70 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


«Заманауи Қазақстан мәдениетінің ұлттық құндылықтарын сақтау және дамыту» тақырыбы бойынша өткен басқосуға бірқатар сала мамандары қатысты. Олардың қатарында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ректоры Асхат Иманғалиев, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Нәсіпқаным Камалова, Краснодар мемлекеттік мәдениет институтының профессоры Александр Горбачев болды.

Махамбет Ержанов – кәсіби домбырашы. Базарбай Жұманиязов, Құбыш Мұхитов, Айтжан Тоқтағановтардай өнер майталмандарының тәлім-тәрбиесі арқылы сиқырлы саздың  құдіретіне терең бойлаған өнер иесі. Еңбек жолын Жымпиты аудандық музыка мектебінде бастаған. Оқушылардың шеберлігін шыңдай жүріп, ауданда тұңғыш рет кәсіби дәрежеде қазақ халық аспаптары және үрмелі аспаптар оркестрін құрады. Ізденіске толы еңбегінің нәтижесінде облыс орталығына келіп, сол кездегі мәдени-ағарту училищесіне,  артынан  Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры болып тағайындалады. Кейін М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да дәріс беріп, университеттің аспиранттары мен зерттеушілерінің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті.

– Махамбет Ержанұлы – Қазақстан Республикасының ғылым, білім, мәдениет пен өнер саласына толағай үлес қосқан азамат. Оның жазған ғылыми және оқу-әдістемелік құралдары, студенттер мен оқушыларға арналған нұсқаулықтары, сондай-ақ Мәскеу қаласындағы ғылыми басылымдарда жарияланған «Көркемдік-шығармашылық бейіндегі мамандардың этномәдени білімі» және «Этномәдени білімнің теориялық негіздері» атты монографиялары үлкен ғылыми-шығармашылық ізденістің нәтижесі екені анық. Оның шәкірттері үлкен бір мектеп қалыптастырып, өз саласының мақтаныштарына айналып отыр. Үздіксіз қызмет атқара жүріп жеткен мерейлі 70 жасыңызбен! М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің еңбек жолыңыз, атқарған қызметіңіз жас буынға үлгі, –  деді  алғысөзінде аталмыш университеттің ректоры Асхат Сәлімұлы.

Басқосу барысында «Өнер мен ғылымды  ұштастырған өрелі ұстаз» тақырыбында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Мейрам Исатаев баяндама жасаса, Краснодар мемлекеттік мәдениет институтының профессоры Александр Горбачев оқытушы-ізденушілердің үш деңгейлі біліктілігін арттыру  туралы өз ойын жеткізді.

Шара соңында сөз алған  мерейтой иесі ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақжарма тілегін арнады.

Содан соң аталмыш университеттің №4 ғимаратындағы 203 дәрісханасына профессор Махамбет Ержановтың аты берілді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Жұртым деп соққан жүректер»

Күні: , 23 рет оқылды


Сәрсенбіде Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында тағы бір тағылымды кеш өтті. Бұл жолы орталыққа есімдері өңірімізге кеңінен танымал ел ағалары – білім беру ісі мен денсаулық сақтау үздігі Мақсот Берген мен қоғам қайраткері, мұнай-газ саласының ардагері Ғабдырахим Жаңбырбаев келіп, жастарға ғибратқа толы әңгімелерін айтты.


Аталмыш кешті Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының қызметкерлері ел ағаларының 70 жасқа толу құрметіне орайластырып ұйымдастырды. Кешке жезтаңдай әнші, жыршы, айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дәулескер күйші Ермек Қазиев, ҚР еңбек сіңірген дәрігері, ардагер Бақтығали Ахметов және тағы басқа да өңірімізге белгілі тұлғалар мен студент жастар қатысты.

«Жұртым деп соққан жүректер» атты әдеби-сазды кешті белгілі ақын, орталық басшысы Бауыржан Халиолла ашып, меймандарды мерейтойларымен құттықтады және ағаларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің құттықтау хатын табыс етті.

Бұдан соң ел ағалары кезек-кезек сөйлеп, өткен өмірлерінен сыр шертті. 1947 жылы дүниеге келген қос азаматтың балалық шағы қиын кезеңге тап келіп, талай ауыртпалықты көрген. Өмірдің ащы-тұщысын ерте татқан ағалар жастайынан шыңдалып, төзімділік пен қайсарлыққа үйренген. Ел ағалары өткен өмір жолдары жайлы әңгімелей отырып, жастарды бейбіт заманның, ата-ананың қадірін түсінуге шақырды. Меймандар әңгіме арасында атақты ақын Қадыр Мырза Әлимен бірге жүрген кездерін еске түсіріп, ақынның заманынан озық туған ерекше дарынды жан болғанын айтты.

Ел ағаларының ортақ бір қасиеті, екеуі де өнерді қастерлеп, құрмет тұтады екен. Осы себепті Мақсот аға өнер адамдарымен өте жақын болып, аралас-құралас жүрсе, Ғабдырахим ағаның өзі өнерпаз, мықты домбырашы боп шықты. Мақсот ағаның айтуынша, Ғабдырахим Маралұлы әнді де жақсы айтатын көрінеді. Кеш барысында Ғабдырахим Жаңбырбаев көрермендердің сұрауы бойынша күмбірлете күй шертсе, Мақсот Берген жиналғандарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ол, сондай-ақ, сапалы білім ғана биік белеске көтеретінін айтып, қазіргі білім саласындағы реформаларға қатысты өз пікірін жеткізді. Дана ағалар еліміздің өткенін түгендеп, келешегін бағдарлайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тиімділігі жөнінде де айтты. Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерінің артықшылықтарын айтқан ағалар жастарды ұлтжандылыққа, отаншылдыққа шақырды. Ғибратты әңгімелер көп айтылған бұл кештің жастар үшін тәлім-тәрбиесі мол болды.

Кеш барысында айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиев, күйші Ермек Қазиев, медицина саласының ардагері Бақтығали Ахметов және «Мақсат» медициналық колледжінің ұжымы абзал ағаларды мерейтойларымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, күйші Ермек Қазиев, белгілі әнші Жаңылсын Хасанова, Мейірхан Аюповтар өнер көрсетіп, мерейтой иелеріне ән-күйден тарту-таралғы жасады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Сағыныштан сарғайып жүрмін…»

Күні: , 100 рет оқылды


Сүйгеніңді әскерге шығарып салу. Қоштасу. Тосу. Сағыныш. Мазасыз түндер. Қоңыраулардың сиреуі. Сананы жаулаған сан сұрақтар. Көзге іркілген жас. Осынау  сезімдер жігітін әскерге аттандырған қыздардың жан  сезімінен  хабар  бермей  ме?..


Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер-азаматтың міндеті. Ал әскерге шығарып салған азаматын күтіп алу да аруларымыз үшін алғашқы сынақтың бірі секілді. Кей арулар уақытша сынаққа шыдай алмай, сүйгенінен бас тартып, өзгенің етегінен ұстап кете барса, ал сезімге тұрақты арулар әскерге кеткен азаматын тағатсыздана күтіп, көрер таңды көзбен атырып, қуанышты күнге де жетеді. Ел алдындағы жауапты міндетін атқарып жүрген сарбаздардың сүйген қыздары қандай көңіл күйде жүр? Біз төменде осы сұрақтарға жауап іздеп, бір топ аруды әңгімеге тарттық.

Әйгерім, 23 жаста:

– Жігітімнің есімі – Әлібек. 2016 жылдың 12 қарашасында оны Ақтау қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге асқан қи-мастықпен шығарып салған едім. Шынымды айтсам, жақын жаныңды жыраққа жіберу өте қиын болды, жыладым. Ол әр кезекшілік кезінде хал-жағдайымды біліп, хабарласып тұрады. Хат жазысып тұрамыз, бір-бірімізге суреттер жіберіп сағынышымызды басамыз. Бұйыртса, жігітім елге оралғанда күтіп аламын, жоспарларым көп. Жігіті әскерде жүрген қыз бала асқан жауапкершілікті сезінеді. Көп адам бір жылды аз уақыт деп жатады, бір жылдың ұзақ екенін жақсы көретін адамыңды сарғая күткенде ғана білесің. Әскерде жігітім мен туралы жаман ойға бармаса екен деп тілеймін. Ешкімнің азғыруына түспесе екен, маған деген сенімділігі жойылмаса екен деймін. Әскерден жігітін күткен қыздар бақытты. “Неге?” дейсіз ғой, өйткені екі жастың сезімдері сыналады. Әр ащының артында бір тәтті тұратыны баршамызға аян ғой. Бұйыртса, биылғы Жаңа жылды жаңа леппен бірге қарсы аламыз деген сенімдемін.

Аруғаным, 21 жаста:

– Сағындық Тараз қаласындағы №5513 әскери бөлімінде борышын өтеп жатыр. Әскер қатарында жүргелі 279 күн болды. Оны әскерге жіберерде бойымды қимастық сезімі биледі. Жібергім келмеді. Онсыз қалайша бір жыл жүремін деп ойладым. Күллі дүниеде жалғыз өзім қалғандай күй кештім. Қазір өзін қатты сағынып жүрмін. Оралуына аз уақыт қалғандықтан, әр күнді санап, тағатсыздана сол сәтті күтіп жүрмін. Дегенмен жаныңа жақын адамыңды қаншалықты сағынсаң, соншалықты оның ел үшін бір игі іс жасап жатқанын, Отан қорғап жүргенін сезінесің және мақтан тұтасың. Оның туған жерге оралуына 85 күн қалды. Бұйыртса, сүйгенімді жақсы көңіл күймен, әдемі тосынсыймен қарсы аламын деген ойым бар. Жігітім әскерге алынғалы күнделік бастадым. Сағынышымды ақ парақ бетіне түсіріп, аздаған өлең де шығарып, жазбаларымды жазып, күнделігімнің біршама бетін толтырғанмын. Хат та жазысып тұрдық, бір-бірімізге суреттер де жібергенбіз.

Әйгерім,  17 жаста:

– Жігітім Алматы қаласында шекара қызметінде борышын өтеп жүр. Ол әскерге аттанатын күні емтиханда болып, оны шығарып сала алмағаным өкінішті. Оның оралуына 197 күн қалды. Бұйыртса, 2018 жылдың сәуір айының 10-да Оралға оралуы керек. Шекара қызметінде жүргендіктен, шыны керек, қазір көп хабарласа бермейміз, мүмкіндік бола бермейді. Хат жазысып көрмедік.

Қазір көңілім алаңдаулы. Сүйгенімді сағынамын, кейде жылап алатын кездерім де болады. Жігітің әскер қатарында болса, алыста жүрсе, арадағы адал махаббатты сезінеді екенсің. Сағынасың, бірақ түбінде бірге болу үшін барлық сынақтарға дайын боп, оны күтесің…

Аяжан, 21 жаста:

– Жігітім Отан алдындағы борышын Ақтау қаласында, өткен жылдың қараша айының 12-нен бастап өтеп жатыр. Оны әскерге шығарып салғанда, сол сарғайған салқын күздей боп, мен де бір жылға сағыныштан сарғайып қала бердім. Бұл айтқанымды сүйіктісін ұзақ уақытқа, алыс сапарға жіберген жандар ғана түсіне алады. «Бір жыл бір күндей өтеді де шығады» дейтіндер де табылды, бірақ сеніңізші, күткен адамға бір жыл 10 жылмен пара-пар.

Әскер – бұл қыз бен жігітке қойылатын сынақ тәрізді. Төзімділік пен күш-жігерге, адалдық пен сабырлылыққа деген сынақ. Бірақ мен бұл төнген бұлттың артынан міндетті түрде жарқырап күн шығатынына сенемін. Ол келер күн мен үшін ерекше күн болмақ! Ал мен ол күнді асыға күтіп жүрмін.

Аида, 21 жаста:

– Мамыр айының 14-і күні жігітім Тараз қаласына Отан алдындағы әскери міндетін өтеуге аттанды. Шығарып салғандағы көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, қимадым, жылап та алдым, бірақ мықты болуға тырыстым. Қазір арада төрт ай өтті. Үйренгендей болдым. Әрине, өте қиын, сен бір қаладасың, сүйгенің болса алыста… Күндер зулап өтіп жатыр. Қазір аптаның әр жексенбі күндері хабарласып, хал-жағдайымды сұрайды. Аман-есен оралғанын тілеймін. Жақын адамың жыраққа кеткенде, бұрын-соңды байқалмаған сезімдер сезіле бастайды екен. Барлығын ойлайсың, «Қалай жүр екен?» деп уайымға да салынатын кездер болады. Күндерім оны тағатсыздана күтумен өтуде. Қанша күн, қанша минут, қанша секунд қалғанның барлығын есептеп жүремін…

Кезінде біздің әкелеріміз Кеңес одағының түкпір-түкпіріне екі немесе үш жылға жіберіліп, әскери міндетін абыроймен орындады. Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс, ғаламтор деген атымен болмады. Аналарымызға сүйгенінің даусын естудің өзі арман болатын. Олардың жазған хаттары межелі жерге апталап-айлап баратын. Ал қазір технологияның дамыған заманы. Өзі шалғайда болса да, қолыңа ұялы телефоныңды алып, көңілің қалаған уақытта сүйіктіңнің даусын естисің. Қолыңа қалам мен парақ алмай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы хат жазып, хабарласуға болады. Күн санап, минут санап, сүйгенін күтіп жүрген аруларымызға біз де өз тарапымыздан темірдей төзім тілейміз!

Дайындаған Алтынгүл ДӘУЛЕТБАЕВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің 3-курс студенті


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика