Мұрағат: 27.09.2017


Туған жерге шақырамыз!

Күні: , 93 рет оқылды

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында тұңғыш рет, 4 қазан күні Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында облыстық деңгейде «Туған жер – тұғырың, Туған ел – қыдырың» атты жерлестер форумы өткізілмек. Осындай ауқымды шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға, қолдау көрсетуге және бірге атсалысуға еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген барша жерлестерімізді шақырамыз. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Туған жер – әр адамға ыстық. Бір шаңырақ астында, кіндік қанымыз тамған, алтын бесік әлдилеген туған жерімізде кездескенше, ағайын!

Ұйымдастыру комиссиясы


«Тұлпар-Тальго» – Оралда!

Күні: , 101 рет оқылды


Кеше «Астана-Орал» бағытындағы «Тұлпар-Тальго» жедел жолаушы пойызы облыс орталығына келіп жетті. Бұл – аталмыш «отарбаның» Ақ Жайық өңіріне тұңғыш келуі.


Орал темір жол бекеті мерекедегідей безендірілген. Ығы-жығы халық. Бәрі де жаңа пойызды тағатсыздана күтуде. Ішінде жас та, кәрі де бар.

Міне, дәл уақытында жеткен пойызды перронда жиналғандар көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Айналаны көңілді саз әуені кернейді. Көп ұзамай вокзал алдында шағын жиын басталды. Онда Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, Орал темір жол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақназар Кәрібаев пен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның вице-президенті Асылхан Қалдыкөзов жиналғандарды айтулы қуанышпен құттықтады. Сонан соң, ән мен биге, жастар флэшмобына кезек тиді.

Бізге «Тұлпар-Тальгоның» екі жолаушысына кезігіп, шағын сұхбат алудың сәті түсті.

– Маған пойыз өте ұнады. Ішінде жаныңа не керектің бәрі бар.

Осындай көлікте сапар шегу жөнінде көптен бері армандаған едім. Міне, сол орындалды, – дейді жолаушы Екатерина Людяева. Ал Бақытжан Қазенов:

– Жасым 47-де. Өмір бойы кеңестік ескі, бүгінгі заман талабына кереғар жолаушы пойызынан ығыр болған едік. Қазір мына пойызда еш қиналмай әрі ұзақ жүрмей, Оралға келдік. Өзім – Шыңғырлаудың тумасымын. Пойызға Ақтөбе қаласынан отырдым, – деді.

Бір топ әріптеспен бірге пойыз вагонының ішіне еніп, көріп шықтық. Расында да, бәрі де кез келген жолаушының алаңсыз демалып, сапар кезіндегі уақытын қолайлы өткеруіне арналған. Қолға ұстар және тұтынар заттың бәрі де заман талабына сай, тіпті бұрын біз көрген, көз үйренген жолаушы вагонынан кескініне дейін мүлдем өзге. Испандық мамандар төл «туындысын» әлемдік сапа стандартына сай, нарықтағы бәсекеге қабілетті етіп жасағаны көрініп-ақ тұр.

– Әр пойыз 27 вагоннан құралған. Оның 22-сі – жолаушы, екеуі – мейрамхана, үшеуі қызмет вагонынан тұрады. Мейрамханадан бір мезгілде отыз адам тамақтана алады. Ал бардың ауқымы 12 жолаушыға арналған. Одан басқа, тұрып тамақтануға мүмкіндік беретін орын бар. Сондай-ақ, жолаушылар сапар кезіндегі отырған бөлменің (купенің) температурасын кез келген уақытта қолмен реттей алады. Мәселен, тым ысып кетсе, салқындатып немесе керісінше. Ал енді қызмет вагонында кез келген жолаушы, мәселен, ерлер қырынып, әйелдер әрленіп, қажетін өтей алады. Бір вагонда мүмкіндігі шектеулі жандардың да көңілінен шығу үшін толық жағдай туғызылған. Барлық вагонда да биоәжетхана, жуыну орны бар. Мен осы типті пойызда он жылға жуық еңбек етіп келемін. Әзірге мұнда қызметке шағымданушыны көргенім жоқ, – деді пойыз бригадирі Динара Бәкірова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Айтпақшы, кеше келген №96 «Орал-Астана» пойызы сол күні түстен кейін 15 сағат 52 минутта (Астана уақыты бойынша) кері аттанды. Ал №49 «Алматы-Орал» бағытындағы «Тұлпар-Тальго» пойызы Оралға Астана уақыты бойынша бүгін сағат таңғы 10 сағат 37 минутта (Астана уақыты бойынша) келіп, №50 «Орал-Алматы» пойызы ретінде кеште Астана уақытымен 17 сағат 21 минутта облыс орталығынан кері шығады. Айта кету керек, «ОралАстана» бағытындағы пойыз тек тақ, ал «Орал-Алматы» бағытындағы пойыз жұп күндері жүреді. Тағы бір дерек. Кеше Астанадан Оралға 87 жолаушы келіпті. Ал кері бағытқа билет алушылар алдын ала есеп бойынша 187-ге жетіпті. Олардың саны көлік аттанар шақта онан да көбейері сөзсіз.

Сонымен, жаңа бағыттағы «Астана-Орал» немесе кері бағыттағы пойыздың жүру ұзақтығы жалпы 26 сағат 14 минутты құрап, жол 14 сағат 33 минутқа қысқарған. «Орал-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 37 сағат 11 минутты құрап, барлығы 22 сағат 29 минутқа қысқарған. «Саратов-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 40 сағат 47 минутты құрап, 10 сағат 9 минутқа қысқарды. Аталмыш пойыздардағы билет құнын сөз етсек, «Орал-Астана» пойызының купедегі бір орны үшін 9 102 теңге төлейсіз. Люкстің құны – 17 623 теңге.

«Орал-Алматы» пойызындағы купедегі бір орын құны 16 232 теңге тұрады.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Сарбаздың абыройын асқақтататын Президенттік полк

Күні: , 68 рет оқылды


Бүгінгі таңда ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің “Айбын” және “Батыр” Президенттік полктері қазақстандық армияның элитасы болып есептеледі. Еліміздегі ең үздік әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырған бұл құрылымдық бөліністерге сол себепті сайдың тасындай жігіттер іріктеліп алынады.


Үздіктер  ғана  таңдалады

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) қызметкерлері жергілікті басқару органдарымен бірлесіп, әскерге шақыртуға жататын жастардың арасында жүйелі түрде тексеру мен іріктеу шараларын жүргізеді. Яғни ҚР МКҚ офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне барып, болашақта өздерінің қарауына алынатын жауынгерлер жөнінде толыққанды ақпараттар жинайды. Яғни оқу және қызмет орындарынан берілген мінездемелерін қарайды, ата-анасы, ағайыны, достары сынды араласатын ортасымен танысады, неге бейім екенін біліп, қызығушылықтарын анықтайды, оның психологиялық бет-бейнесін, медициналық көрсеткіштерін зерделейді, бойы 180 сантиметрден кем емес болуына мән береді. Полк басшылығы талаптардың осыншама қатаң болуы Елбасының тарапынан Мемлекеттік күзет қызметіне артатын сенімімен тығыз байланысты екенін айтады.

Жүргізілген талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, әскерге шақырылушылар офицерлерімен тілдесіп, Мемлекеттік күзет қызметі туралы толыққанды ақпарат алғанда, полкте әскерилер үшін жасалған жағдайды естігенде, мұндағы қызмет алдағы өмірлеріне серпін беретіндерін білгенде, олардың көпшілігі дәл осы элиталы құрылымдарға түсуді қалайтындықтарын жеткізген.

Полк офицерлерінің айтуынша, шақырылушының бойында Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық, батылдық, төзімділік, тәртіптілік, оқыс жағдайларда шешім қабылдай білетін қабілет болса, олар басымдылыққа ие болмақшы. Спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктер әскери борыштарын дәл осы Президенттік полктерде өтеуге қосымша мүмкіндік беретінін де айта кеткен жөн. Іріктеу барысында олардың білім деңгейі мен зеректік қабілеттеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2016 жылғы полк сапына алынған 285 жас сарбаздың 200-інде арнайы орта және жоғары білімі болды. Бүгінгі таңда білім деңгейі жауынгердің әскери борышын сапалы орындауына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екенін де айта кеткен жөн.

— Қазақстандық армияның элитасы болып табылатын Президенттік полктердің қатарына үздіктерді таңдау — оңай шаруа емес. Себебі күзетілетін адамдар мен нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан бізге қойылатын талап өте жоғары. Дейтұрғанмен, біз бұл тапсырмаларды ойдағыдай орындап келеміз, — дейді МКҚ офицерлері.

«Әскери  ортаға  тез  бейімделдік»

Мамандар жыл өткен сайын жастар арасында әскери борышын өтеуге деген талпыныс жоғарылап келе жатқанын айтады. Бұл мемлекетіміздің кәсіби әскер құрудағы қызметінің қарқын алғандығын көрсетсе керек.  Сонымен қатар әскерге шақыру шараларының заман талабына сәйкестендірілгенін білдіреді. Осы жерде айта кету керек, бүгінгі таңда шақырту комиссиясы жұмысы барынша ашық жүргізіледі, яғни оның құрамына қоғамдық ұйым өкілдері тартылған.

Шақырту комиссиясының барлық іс-шарасынан іріктеуден өткен жастар содан соң тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жолданады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша МҚК қатарына алу жөнінде шешім шығарылады.

Осылайша іріктелініп алынған жас сарбаздар әскери бөлімшелерге атбасын бұрады. Жоғарыда айтып өткендей, мұнда олар үшін барлық жағдай жасалған. Әскери бөлімшеге келгеннен соң олармен жаңадан әскерге шақырушылушыларды қабылдау пунктінің әкімшілігі жұмыс істейді. Президенттік  полктің тәжірибелі офицерлерінен, қызметкерлерінен құралған әкімшілік құрам жастарды әскери қызметтің қыр-сырына үйретіп қана қоймай, жаңа ортаға тез бейімделуіне барынша қолайлы жағдай жасайды. Жас сарбаздар жаңа әрі ыңғайлы тиісті үлгіге сай киіммен, өзге де қажетті заттармен, әскери құрал-саймандармен жабдықталады. Заманауи казармалық ғимараттар, монша мен кір жуу кешендері, тұрмыстық, тәрбие және ойын-сауық бағыттарындағы бөлмелер жауынгерлердің өздерін барынша жайлы сезінулеріне мүмкіндік береді. Жауынгерлер мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай істерге риза. «Әскери ортаға тез бейімделдік. Азаматтық міндетімізді жоғары деңгейде атқару үшін бізге барлық жағдай жасалынған, — дейді “Айбын” Президенттік полкінің Астана қаласындағы әскери бөлімшесінің қатардағы жауынгері Бекзат Нұрғалиев. — Сапалы тағам, қажетті киім-кешек бәрі жүйелі түрде беріліп тұрады. Білімімізді жетілдіріп, спортпен шұғылдануға да мүмкіндігіміз мол. Сол себепті құрбы-құрдастарымды, замандастарымды осынау әскери құрылымға шақырғым келеді».

Ер  жігіт – елдің  көркі

Әрбір жас сарбаздың өмірінде ерекше есте қалатын сәттің бірі — салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімі. Ол әскери қызметшілердің бойында патриотизмді күшейтіп, Отанға және Президентке адал болуға тәрбиелейді, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында қызмет еткені үшін мақтаныш сезімін қалыптастырады.

Әскери ант мемлекеттік құжат қана емес, жауынгерден әскери қызметті мінсіз орындауды, әскери істі жіті зерттеуді, тапсырылған қару мен техниканы шеберлікпен әрі мұқият қолдануды талап етеді. Бір ай ішінде жас жауынгерлер дайындық курсынан өтеді.

Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма — Елбасының және өзге күзетілетін лауазымды тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі. Олар ресми сапармен Қазақстанға келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін салтанатты іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.

Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін әскери қызметшілердің жауынгерлік және физикалық дайындықтарына жете көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жас сарбаздар парашюттен секіруді, әскери техниканы жүргізуді, соның ішінде суда айдауды үйренеді, өзге де қажет нәрсенің бәрін үйреніп шығады. Ал спорттық жетістіктері бар әскерилер түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік масштабта өтетін жарыстарға қатыса алатынын да айта кеткен жөн.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы да бір ерекшелігі бар. Ол — жас сарбаздардың Қазақстан армиясының биік шыңы болып саналатын Құрмет қарауыл ротасының сапына өтуі. Осы құрылымда қызмет атқарғандар ғана Мемлекеттік протоколды атқару құқығына ие. Сол себепті ондағы жігіттер мінсіз дене мүсінімен, айқындалған адымдарымен ерекшеленіп, олардың абырой-беделі арта түсетіні анық. Әрқайсысына жеке тігілетін арнайы киім үлгісі де олардың ер-азаматтық көркін аша түсері хақ.

Мемлекеттік күзет қызметіндегі басымдылықтардың бірі — ол сапалы кадрлық құрамды жасақтау үшін тиісті дайындықтан өтіп, бұл іске әбден төселген «кешегі» жас сарбазды, бүгінгі сақа жауынгерді келісімшарт негізінде әскери қызметшілердің қатарына алу. Сөйтіп, ол әскери мамандық иесі атанып, қызмет бабы бойынша жоғары сатыларға көтерілуге мүмкіндік алады.

Әскери қызмет кешегі бозбалалардан Отанға, халқына адал қызмет ететін айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығаратыны белгілі. Әскери өмір – олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта. Бұл — ер-азаматтың жолы. Осы жолда олар бойындағы батылдық пен жігерлікті, қажыр-қайратты дамытқан, ерлік пен елдікті, яғни туған халқы мен Елбасына деген адалдықты жете түсінген айбынды сарбаз болып қалыптасады.

Мәди  ЫҚЫЛАС

 

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі туралы толық ақпаратты  ҚР МКҚ-ның ресми сайтынан http://www.sgork.gov.kz алуға болады


Ұмытылмас үш күн (өлкетанушының қойын дәптерінен)

Күні: , 348 рет оқылды

Демалысын тәрк еткен тарих үшін


Оралдан тарихшы Жаңабек Жақсығалиев хабарласып, «Мәке, біздегі Ақжайық ауданының басшылығы Алаштың 100 жылдығына орай бір мәслихат өткізудің ниетінде, соған келіп, қатысуға қалайсыз?!» – дегенде түйеге мінгендей биіктеп кеткенім есімде. Оның себебі, отыз жыл Орал өңірін оңды-солды шиырлап жүрсем де, табаным Ілбішін-Тайпақ өңіріне жөнді тимепті, оның үстіне соңғы уақытта бірыңғай жазумен отырғандықтан, құшағы кең, көңілі ақ ел адамдарымен жүздесуді сағынып та қалыппын.


Жалпы, Алаш қозғалысы, осы аттас партия және Алашорда үкіметінің тарихы идея ретінде Қазақстанның батыс аймағында дүниеге келген. Осында яғни Орал жерінде Бірінші орыс революциясына іле-шала Бақытжан Қаратаев бастаған саяси топ «Алаш» жазулы елтаңбаның, банк билетінің (ақшаның) эскизін жасаған. Заңгер Батырқайыр Ниязов «Алаш» дейтін газет шығармақшы болған. Бұл идеяны соңыра Әлихан естіп, саяси қозғалыстың аты ретінде дамытып әкеткен. Менің жобалауымша, «Алаш» сөзінің төркінінде «ал-алғы – алдыңғы» ұғымы жатыр, яғни әскердің авангард бөлігі, ал батыс аймағы, Кіші жүз әскері қашанда жау беттегі жалаң қылыш болған ғой (ол кезде жау батыс беттен келген). Соған сай осы жақтағы Шәңгерей, Мақаш әкім, Ғұбайдолла Ахметов сияқты көзі қарақты кісілер жиған байырғы шежірелерде қазақ халқының арғы тамыры болып саналатын Алаш дейтін тұлға туралы мифтік хикая кең, толық күйде сақталып қалған. Осынау тұрақты эпик сананың әсер-ықпалын Батыс Алашорданың ғұмырының салыстырмалы түрде ұзағырақ болуынан және өз бойына суверенді мемлекеттік құрылымның нышан белгілерін молырақ жиғандығынан да байқауға болады.

Ендеше, Орал өңірінде Алаш тойының алғашқылардың бірі болып басталуының өзіндік бір заңдылығы бар екен. Соның ішінде облыс аудандары арасында бірінші болып Ақжайық ауданының той туын көтеріп, желегін ұстауында да өзінше бір символдық мән бар десек, шындықтан ауытқи қояр ма екенбіз. Рас, қазіргі аудан аумағының басым бөлігі кезінде Жайықтың оң жағалауында, Орал казак-орыстарының тұтымында қалғандықтан, Батыс Алашорданың аумағына енбеген, алайда сол жағалауы Есенғали Қасаболатов, Иса Қашқынбаев, Бақтығали Бейсенов, Молдағали Жолдыбаев, Дүйсенбай Асанов, Керей Есенғалиев сияқты заманында аттары алты Алаштың айдынында жүрген азаматтарды берген. Шұғылалы тарихы бар шежірелі ел әлгіндей тұлғаларды топтап тудырмаса, мұның өзі қисынға қиғаш болар еді: Ілбішін-Тайпақ өңірін бойлап, есте жоқ ескі заманда Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы өтіп жатыпты, бұл жол кейінгі Алтын орда, Ноғайлы ұлыстарының экономикалық өмірінің қанын жүргізіп, бойын ширатқан, оң жағалауды Ресей казактары басы бүтін иеленген кезде Орал-Гурьев трагі деген атпен қайта жанданған. Сол тұста жергілікті жұрт империялық аккультурация саясаты әкелген Батыс мәдениетімен, оқу-ағарту жүйесімен ертерек қауышқан. Яғни Ілбішін-Тайпақ жұрты Ноғайлы ұлысы ыдыраған, казактар мен қалмақ күшейген XV-XVII ғасырлардағы шамалы үзілісті есептемегенде, ешқашан өркениеттен шет қалып көрмеген, тиісінше терең тамырлы, бой салып өскен мәдениетке ие, көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениет қатар өркендеген байырғы жұрт болып саналады. Өңір таза қазақ жұрты екендігін Ілбішін деген төл атауы да айғақтап тұр ғой (ілбішін, ілбіс – орыстар «ирбис» дейтін мысық тұқымдас жыртқыш аң).

Есіл мәдениет, есіл сауат-ай десеңші, саршатамыздың жайдары бір күнінде аудан орталығындағы «Мерей» мәдени демалыс орталығында конференцияға жиналған жергілікті жұртшылық төрт сағат бойы қыбыр етпей, әңгіме тыңдады. Осыны өзі келген өңірмен салыстырған конференцияға қатысушы – атыраулық ғалым-журналист Қылышбай Сүндетовтің: «Апыр-ай, біздің жақта жұрт «қасқа сиырдың сауымы бар еді», «енеме шай құйып беруші едім» деп сәлден соң-ақ жылыстай беруші еді, ал мыналар…» деп таңдай қағатынындай бар. Несін айтасың, шаруа мұңы, тұрмыс тауқызметіне қарамастан, бұл күнде халық тарих жайындағы кәделі сөзге шөліркеп қалғаны байқалады. Оның үстіне зал ыңғай көзі қарақты адамдардан – кітапханашылар, мұғалімдер, мектеп жанындағы музей қызметкерлерінен құралған екен. Бұл күнде мектепсіз ауыл жоқ қой, дегенмен кітапхана мен музей әр ауылдан табыла бермейді. Ал Ақжайық ауданы экономикалық қиындықтарға қарамастан, 45 кітапхананы жаптырмай алып қалған, аудандағы 24 орта мектептің барлығының жанынан музей ашылған. Бұл жергілікті жерде өлкетану ісін жолға қоюға ауадай қажет зор күш, үлкен әлеует деген сөз.

Мұнда әр жылдары ауданды басқарған азаматтар қалыптастырып кеткен дәстүрдің әсері бар ма деймін. Есімде қалғандарды айтайын, Шафхат Өтемісов, Абай Иманғалиев, Нариман Төреғалиевтер аудан тізгінін ұстаған, олардың Меңзипа Жұматова секілді білгір орынбасарлары әлеумет мәселелерімен айналысқан жылдары тарихқа, мәдениетке үлкен көңіл бөлінді. Жоғарыдағы байқампаз Қылышбай: «Апыр-ай, әдетте жергілікті жер кітап дегенде ауданның энциклопедиясымен шектелуші еді, ал мұнда кітап аткөпір екен…» деп және бір таңырқап еді, айтса айтқандай, ақжайықтықтар Тәуелсіздік кезеңінде шығарып үлгерген кітап қазірдің өзінде бір арба және басқалар апталарды, айларды, жылдарды безбендей алмай жатқанда, бұлар ғасырларды, мыңжылдықтарды мұрнынан тізіп, көгендеп тастапты. Соның ішінде аудандық деңгейдегі конференция материалдарының нән кітап болып шыққанын осында көрдік. Әңгіме 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты ғылыми-танымдық конференция жөнінде болып отыр және ол ауданның қазіргі әкімі Әділ Жоламановтың бастамасымен, орынбасары Тілек Ғабдушевтің ұйымдастыруымен өткізілген. Тілектің мамандығы тарихшы, ал әкімнің өзі де тарихтан шет тұрған жоқ – Сәкен Сейфуллин «Батыс Алашорданың ұясы» деген Жымпиты (Сырым) өлкесінің тумасы, яғни ұлан жасынан «атадәстүр», «атасалт», «атамекен» іспетті қазақы қымбат ұғымдармен сусындап өскен құймақұлақ. Жоғарыдағы «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» деген сөз де көп нәрсені аңғартып тұр ғой және ол Елбасының кейінірек жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласымен бір ізді басуымен де әдемі таңдандырады. Реті келді, айта кетейік, біз әңгімелеп отырған биылғы «Ақжайықтағы Алаш іздері» ғылыми-танымдық конференциясының алдында кезекті еңбек демалысына шығып кеткен Әділ Тауфиқұлы осы мәслихатқа бола тынығуын үзіп, әдейілеп келіп конференцияны басқарды, – бұл күнде әкімдер төтенше жағдай туғанда ғана солай етеді ғой және бір ерекшелігі, Әдекең біреулер құсап елестей бір көрініп жоқ болып кетпей, тапжылмай соңына дейін отырды, соның ішінде түстен кейінгі пленарлық мәжілісті де өзі басқарып өткерді. Сөйтіп, мәслихатқа қатысушылар үлкен форумдардың үрдісімен «қоңыраудан» «қоңырауға» шейін сағатша сыртылдап жұмыс істеді. Тіпті шешендерге уақыт жетпей қалды. Әдеттегі 20 минуттың шеңберіне сыймаған оралдық тарихшылар Бақтылы Боранбаева мен Есқайрат Хайдаровты мәжіліске модераторлық еткен Тілек Александрұлы, қазақша айтқанда, арқан керіп әрең тоқтатты. Бұған өлке тарихын зерттеу әбден толғағы піскен тақырып екендігін аңғарту үшін факті ретінде тоқталып отырмын.

Кеңес өкіметі кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған дағыстандық атақты ақын Расул Ғамзатов Мақашқаладағы тума-туысына «Президиумда отырмын, бірақ бақытсызбын» деп хат жазады екен. Ал конференция үстінде құрметті орынға отырғызылған менің бойымды Расул ағамыз кешпеген бір бақыттылық сезімі биледі. Өлкетанушы ретінде жұмысымды бастаған 1990 жылдардың басындағы жағдай есіме түскені: әрине, тақыр жерден бастаған жоқ едім, менің алдымда Мұстафа Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиев, Жайсаң Ақбаев сияқты мүйіздері қарағайдай өлкетанушы ағаларымыз болды, сондай-ақ марқұм Ғинаятолла Қарабалин сияқты тарихшы, Аманкелді Шахин секілді тарих тақырыбына жазатын эссеист тұрғыластарым еселі еңбек етіп жатты. Бірақ бір кемшілігіміз – бәріміз де жеке дара жұмыс істедік және қатарымызда маман тарихшылар көп бола қоймады. Шынымды айтсам, өлкетанушылық «ақ таяғымды» кімге табыстар екенмін деп іштей ойлап қоюшы едім. Мына конференция үстінде панельдік үрдіспен зал сахнасына кезек-кезек шығып, сөзді бірінен бірі асыра тастап жатқан жас тарихшыларға – өріктей ұлдарға, алмадай қыздарға қарап отырып, «Құдай тілекті қабыл қылған екен» деп шүкіршілік еттім. Солардың ішінен атыраулық тарихшылар – доктор Аққали Ахметті, тарих кандидаты Қылышбай Сүндетовті, оралдық тарихшылар – Жаңабек Жақсығалиевті, Жәнібек Исмурзинді, эссеист-зерттеушілер Қазбек Құттымұратұлы мен Жантас Сафуллинді ерекше бөліп айтар едім. «Күні жеткен бала күшенбесе де туады» демекші, тарихи ситуация, қоғамдық сұраныс туғызып, құм жағып ысқылаған алтындай жарқ еткізген бұл топ кәсіби тарихшылар мен энтузиастөлкетанушылардың шығармашылық бірлестігі ретінде топ болып әрекет етеді, солай болғандықтан, гранттар мен жобаларды да недәуір жеңіл ұтып алады. Ең бастысы, бұлар архивтік эвристика мен зерттеудің іссапар, елтану экспедициялары сияқты «көшпелі» тәсілдерін шебер ұштастыра біледі, жалғыз тарих ғылымымен шектелмей, оны антропология, эпиграфика, палеография, тарихи география сияқты сабақтас салалармен қойындастырып отырады. Соның ішінде бұл топ тарих ғылымындағы зират зерттеуге, яғни некрополистика аталатын арнаулы пәнсалаға (дисциплинаға) Қазақстан бойынша бірінші болып қадам ұрып отыр деуге ауыз барады. Сөйтіп, тұтас алғанда, оралдық жас зерттеушілер Елбасының жоғарыда айтылған стратегиялық мақаласындағы өлке тарихын тарихи-географиялық белдеу, тарихи-мәдени ландшафт ретінде тұтас алып зерттеу жөніндегі келелі ойдың қадасын әлден қағып қойғанын айту міндет.

Тарихты тұлғалар жасайды, алайда әлгі тұлғаларды халық туғызатындықтан, тарихтың ең негізгі қозғаушы күші сол халықтың өзі болып табылады. Демек, тарих алдымен бұқара қоныстанған жергілікті жерлерден бастау алады. Мұның өзі тұлғатануды олардың биоэнергетикалық қуат көзі болып саналатын туған жерлерімен байланыстыруға қоса, әлгі тұлғалар арқа сүйейтін қатардағы тұлғаларды, ел ішіндегі қарапайым қаһармандарды да зерттеу міндетін жүктейді. Қазақтың «Қой да ақсағымен мың болады» дейтін ұлағатты сөзі осы жерге дәл.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

(Жалғасы бар)


Жамал ИХСАНОВА, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары: Ынтымақ – ортақ ырыс

Күні: , 260 рет оқылды


Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) басты бағыттарының бірі этносаясатты жүзеге асыру, Елбасы Жолдауларын, «Қазақстан – 2050» стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және түсіндіру, Н. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін әйгілендіру, өңірдегі этносаралық жағдайды ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және жүйелі мониторинг жүргізу болып табылады.


Осыған орай Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Президенті жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды және барлық өңірде облыс әкімі аппараттары жанынан коммуналдық мемлекеттік мекемелер жасақталды. Соның бірі – БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ.

Н. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін көпшілікке тарату және оның негізгі тұжырымдарын қоғамдық сана-сезімде дамыту, ҚХА қызметін қамтамасыз ету, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайту және қоғамды шоғырландыру бойынша қызметіне жәрдемдесу біздің басты миссиямыз болып табылады. Ал негізгі міндеттерімізге қазақстандық бірегейлік пен бірлікті азаматтық ұстанымды нығайту және дамыту, мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруға жәрдемдесу, ҚХА институтын нығайту жатады. Осы міндеттерге байланысты мекемеміздің құрылымында 5 бөлім қызмет етеді. Олар: әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім, этномәдени және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс, сараптамалық-талдау, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру, әкімшілік-шаруашылық бөлімдері.

Біздің мекеме Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының жылы деп жариялаған 2015 жылы өзінің алғашқы қадамын жасады. Ал бұл жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Олардың арасында Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, ҚР Конституциясының 20, Шоқан Уәлихановтың 180, Абайдың 170 жылдығы бар-ды.

Маңызды мерейтойлар жылы облыстық ассамблеяның жүйелі жұмысын қамтамасыз ету бойынша арнайы жоспар жасақталып, онда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына, Елбасы Жолдауына, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ҚХА жылын және ҚР Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізу бойынша шаралардың ұлттық жоспарына, ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен бекітілген ҚХА-ның 2015-2017 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарына басымдық берілді. Аталған жоспарға сәйкес мемлекеттік құрылымдармен, азаматтық сектормен және облыстық ассамблеяның барлық ұйымдастырушылық құрылымымен бірлесіп бірқатар іс-шараларды жүзеге асырдық.

Ассамблея жылы облыста айтарлықтай істер атқарылғанына батысқазақстандықтар куә. Бұл мерейлі жыл облысымыздың барлық елді мекенінде бір мезгілде бастау алып, оған 200 мыңнан астам адам қатысты. «20 игі іс» акциясы облыстар арасында «Тайқазан» беру рәсімінен басталып, ол Тұңғыш Президент күніне таман «Қайырымдылық керуенін» өткізумен аяқталды. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы кәсіпорын, барлық ауылдық округ, ауданда өткізілді. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналып өткізілген мерекелік шеру нағыз патриотизм мерекесі болды. 300-ден астам ұжым мен 40 мыңға жуық адам ассамблеяны қолдап шеруге шықты. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы өтіп, «Ұлы дала елі» экспедициясы ұйымдастырылды.

Облыста 328 тармақтан тұратын, төртінші институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша нақты шаралардың жоспары дайындалып, ол білім беру, мәдениет, жастар саясаты, спорт, туризм, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, БАҚ сияқты әлеуметтік-мәдени салалардың барлық бағытын қамтыды.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында біз облысымызда алғаш рет алғыс айту күнін атап өттік. Облыс көлемінде ғылыми-ағартушылық, мерекелік, танымдық, қайырымдылық бағытағы барлығы 476 шара өткізіліп, оған 245 мыңнан астам батысқазақстандық қатысты. Бұл күні облыстың этномәдени бірлестіктері 1,9 млн. теңгеге, меценаттар 900 мыңнан астам теңгеге қайырымдылық көмек жасады. Ал «Ырыс алды – ынтымақ» форумына өңіріміздің ақсақалдары қатысып, олар оқушыларға, жастарға өсиеттерін айтып, баталарын берді.

Этностар күндерін өткізу дәстүрге айналды. Үш жыл қатарынан ұйымдастырылған бұл шарада ұлттық орталықтар облысымызда өмір сүріп жатқан этностардың мәдени дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын көрсетіп жүр.

Облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы мен Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының әлеуетін пайдалана отырып, бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Олардың арасында ҚР Парламентінің мәжіліс депутаттары қатысуымен Елбасының Жолдауын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел, тұрғындарға жолдауды насихаттау және түсіндіру, «Ортақ тарих, ортақ тағдыр – біртұтас ұлт» ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Единый день подведения итогов обсуждения конституционной реформы» шарасы, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабына арналған дөңгелек үстел, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласын талқылау бойынша түрлі кездесулер, Орал қаласының 48 орта мектептерінде өткен ҚХА тарихының бірыңғай сабақтары, БАҚ-тағы хабар-мақалалар, аудандарда өткен көшпелі отырыстар бар.

Этносаралық қатынастар саласындағы мониторингтің, талдаудың тиімді жүйесін құру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қазақстандағы этносаралық жағдайдың жай-күйін, динамикасын және оған әсер ететін факторларды зерделеу, жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың тиімділігін және мемлекеттік құрылымдар мен құрылымдық бөлімшелер жұмысының тиімділігін бағалау және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат үшін тәжірибелік ұсыныстар жасау мақсатында ағымдағы жылдың екінші тоқсанынан бастап өңірдегі этносаралық жағдайға 8 индикатор бойынша бірыңғай мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік зерттеулер нәтижелерінің қорытындысы бойынша талдау жазбалары дайындалады. Егер олқы тұстар болса, жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар беріледі.

Мемлекеттік құрылым және азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосатын диалог алаңына айналған қоғамдық келісім кеңестерімен жасалып жатқан жұмыс қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға қызмет ететін сөзсіз. Қазір ауылдарға дейін бұл бағытта біртұтас жүйе қалыптасты. Бүгінгі таңда облыста 239 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Яғни 1 облыстық, 1 қалалық, 12 аудандық, 147 ауылдық және 78 облыс орталығындағы ірі кәсіпорындардағы кеңестер. Қоғамдық келісім кеңестерінің көмегімен тұрғындардан түскен 541 жүгіну (арыз-шағым, өтініш) оң нәтижемен шешілді, кеңестер 217 жүгінуді мемлекеттік құрылымдарға және азаматтық қоғам институттарына жолдады. Жер кодексіне өзгерістер енгізу, үш тілде білім беруді дамыту, медиация рәсімін пайдалану, жұмыспен қамту, діни ахуал сынды қоғамдағы өзекті мәселелер қоғамдық келісім кеңес-терінің назарында болды.

Облыстық ассамблея мен БҚО ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі, білім беру және денсаулық сақтау басқармалары арасында ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойылды. Тікелей медиациялық жұмысқа да жіті көңіл бөлініп отырады. Тұрмыстық жәбір көрген әйелдерге кеңестік-моралдық көмек көрсетіледі. Медиациялық жұмыс отбасы институтының нығаюына септігін тигізіп келе жатыр. Қазіргі уақытта «Қоғамдық келісім» КММ медиаторлары 413 дау-жанжалды шешті.

Ұрпақтар сабақтастығын сақтау және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан жастар қанаты ұйымдастырылды. Жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін реттеу саласындағы қызметіне жәрдемдесу мақсатында құрылған жастар қанаты тұрақты әрекет ететін, кеңесші құрылым болып табылады. Олар мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің Отаным – Қазақстан» жастар акциясын, «Отаным менің – Қазақстан» атты патриоттық әндер байқауын, «Бірлік kz» жастар лагерін, татар жастарының халықаралық форумын, РФ шекаралас облыстары жастарының қатысуымен «Граница не разделяет сердца» атты халықаралық форумын өткізді.

Бүгінде ҚХА барлық қайырымдылық қызметті ұйымдастырудың орталығы болып отырғандығын да айта кеткен ләзім. Облыстық ассамблея жанында «Мейірім шуағы» еріктілер қозғалысы құрылды, оның құрамына этномәдени бірлестіктердің барлық мүшесі мен ірі кәсіпорын басшылары енгізіліп, арнайы дерекқор жасалды. «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында 300-ден астам көп балалы және аз қамтылған отбасыға көмек көрсетілді, «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан 11 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 63 млн. теңгеге, Құрбан айт мерекесінде балалар үйіне, көздері көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатқа, Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне, №15 көмекші мектеп-интернатына жалпы сомасы 130 мың теңгеге көмек көрсетілді. Облыстық ассамблеяның қайырымдылық бойынша үйлестіру кеңесінің мүшелері аталмыш мереке шеңберінде жәрдем көрсетті. Мысалы, Казталов ауданының кәсіпкері Н. Жолдыбаев, «ПСП Серик» ЖШС бас директоры С. Мерғалиев, «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС директоры В. Крылов, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Д. Саратов, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Н. Мамедов табыс-кірісі аз, көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрбандыққа шалынған малдың етін үлестірді.

Биылғы «Мейірімді көктем» акциясы аясында облыстық ассамблея мен біздің мекеме бірігіп өткізген қайырымдылық балы әртүрлі этностар өкілдерінің достықта өмір сүрудегі, өз отандастарына көмектесудегі құқықтарының теңдігін, тілектерінің бірлігін көрсететін жарқын мысал болды. Бұл шарада этномәдени бірлестік жетекшілері мүгедек балалар салған суреттер аукционына белсене қатысты. Аукционнан түскен 1,5 млн. теңге мөлшеріндегі қаржы суреттердің авторларына берілді. Сол күні еріктілердің көмегімен 400-ге жуық көп балалы, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік салынған әлеуметтік пакеттер таратылды. Арбаға таңылған жандарға тігін машиналар, ноутбуктар, принтерлер мен ұялы телефондар табысталды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру аясында мекемемізбен біраз жұмыстар атқарды. Тарқатып айтар болсақ, облыстық ассамблеясының бастамасымен 24 адамнан тұратын облыста, қалада, аудандар мен ауылдық округтерде 74 жұмыс тобы құрылды. Олардың құрамына ассамблея мүшелері, ақсақалдар, аналар кеңестерінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, ЖОО ректорлары, облыстық кәсіподақтар кеңесінің мүшелері, басқарма, кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері, барлығы 1 480 адам тартылды. Жұмыс топтарының отырыстарында жобаның тұжырымдамасы мен жұмыс жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес іріктеу және үміткерлерді ілгерілету бағытында жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде өңірімізден 305 адам ұсынылды.

Бүгінгі күні еліміздегі азаматтық институттың барлығы қоғамдағы келісімнің, бірліктің, елдіктің үздік өнегесін ұстануды мақсат ететіні белгілі. Бұл Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» идеясының өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдегенін айғақтайды. Біз ел дамуының даңғыл жолы ұлттық құндылықтарды ұлықтауда, елдік мұраттардың бір арнаға ұйысқан жолында тың идеялардың, жаңа жұмыс тетіктерін алдағы уақытта да жан-жақты қарастыратын боламыз.


Қайрат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ, Орал қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Уақытша қиындықтарға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырамын»

Күні: , 73 рет оқылды


Облыс  орталығындағы  бірнеше  көшенің  жолдары күрделі жөндеуге  байланысты  жабылғандықтан,  қоғамдық  көліктердің жүру  бағыты  өзгеріп,  таңертеңгілік  және  кешкілік  уақыттарда ұзын-сонар  көлік  кептелістері  жиі  орын  алуда.  Оның  зардабын,  әсіресе,  жұмысқа  кешіккен  тұрғындар  мен  сабағынан  қалған оқушылар  тартуда.  Сондықтан  дәл  қазіргі таңда  оралдықтардың басым  бөлігін  алаңдатып отырған  басты жайттың  бірі – жол мәселесі.  Қалаішілік  жолдарды  күрделі  және  орташа  жөндеу жұмыстары  қашан  аяқталады?  Жәңгір  хан  көшесі  бойымен  көлік  қозғалысы  қашан   қалыпқа  түседі?  Оқырмандар  тарапынан  қойылған  осы  сауалдардың  жауабын  Орал  қаласының  жолаушылар  көлігі  және автомобиль  жолдары  бөлімінің  басшысы Қайрат  Мұхамбетқалиевтен  біліп  қайттық.


— Магистральды жолдар, қоғамдық көлік көп қатынайтын және әлеуметтік нысандар шоғырланған жолдар басты назарда. Жәңгір хан көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары алғашында кезең-кезеңімен іске асты. Яғни көлік қозғалысына үлкен кедергі келтірмес үшін жолдың бір бағытын ғана жауып отырдық. Кептеліс кесірінен қоғамдық көлік қозғалысына қатысты мәселелер туындағаны белгілі. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына байланысты сегізінші шақырымнан Әзірбайжан көшесіне дейінгі және Шаған жағалауы көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі жолдар толық жабылды. Мердігерлер қолайлы ауа райын ұтымды пайдаланып, күндіз-түні жұмыс істеуде. Құрылыс материалдары да, қажетті техника да, жұмыс күші де жеткілікті. Жауын-шашын тосқауыл болмаса, жөндеу жұмыстары 28 қыркүйекте толық аяқталуы тиіс, – дейді Қайрат Қуанышқалиұлы.

Жәңгір хан – Шаған жағалауы және Жәңгір хан – Пугачев көшелерінің қиылысында көлік қозғалысын реттейтін бағдаршам орнату қажет екендігі туралы көптен айтылып жүр. Таяу күндері  бұл мәселе оң шешімін таппақ. Жоба аясында орнатылатын қос бағдаршамның біреуі осы қиылыста орын теппек, екіншісі Жәңгір хан және Әзірбайжан көшелерінің қиылысқан тұсына қойылмақ.

Қайрат Қуанышқалиұлының айтуынша, осы аптада Гагарин көшесін күрделі жөндеу жұмыстары басталады. С. Датұлы көшесінен «2-ші база» аялдамасына дейінгі жол уақытша жабылатындықтан, көлік қозғалысына шектеу қойылады.

– Қала тұрғындарын уақытша қиындықтарға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырамын. Бұл тек бүгініміз үшін ғана емес, болашақ үшін де пайдалы іс. Жол жөндеу жұмыстарының қарқынды  жүргізілуіне орай көлік кептелісі туындауда, қоғамдық көліктердің қызметіне өзгерістер енуде. Бірақ мұның бәрі – уақытша қиындықтар, – дейді Қ. Мұхамбетқалиев.

 Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысынан жолаушылар тасымалына қатысты түйткілдер туралы да сұрадық. Қоғамдық көлікке қатысты келеңсіз жайттардың, әсіресе, жолдар уақытша жабылған уақытта ушыға түскенін жеткіздік.

Қайрат Қуанышқалиұлының айтуынша, бөлім мамандары тамыз-қыркүйек айларында қоғамдық көліктердің қызметіне тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде 80-ге жуық олқылық анықталған. Басым бөлігі, жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, ұялы телефонмен сөйлесуі, автобустардың қозғалыс кестесін бұзуы, салондағы тазалықты сақтамауы және т.б. Тасымалдаушы кәсіпорындармен арадағы меморандумға сәйкес, 360 автобусқа gps орнатылған. Соның арқасында infobus бағдарламасы арқылы қоғамдық көлік қызметіне күнделікті онлайн-мониторинг жасалады. Айтпақшы, аталмыш бадарлама арқылы кез келген адам ұялы телефон арқылы автобустың қайдан және қашан келетінін көре алады.

– Жолаушылар тасымалындағы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру тек бірлі-екілі мекеменің қолынан келмейді. Оған жолаушылар да атсалысуы керек. Қоғамдық көліктегі келеңсіздікке куә болсаңыз, 50-56-07 телефонына немесе ватсап арқылы 8-708-433-15-50 нөміріне хабарласуға болады. Фото, бейнематериалдарды қоса жолдаңыздар. Мәселенің анық-қанығы анықталып, шара алынады, — дейді ол.

Тасымалдаушы компанияларға Қазақстанның даму банкі арқылы жеңілдетілген несие алуға жағдай жасалып, қалаішілік бағыттағы «ГАЗель» көліктері толығымен үлкен автобустарға ауыстырылады. Бұл жұмыс келер жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Қайрат Қуанышқалиевтің мәлімдеуінше, облыс орталығында 608 шақырымға жуық ішкі жолдың жартысынан астамы жөндеуді қажет етеді. Биыл 8,1 млрд. теңге қаражат бөлініп, 67 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 43 көшенің жөндеу жұмыстары толық аяқталған, бес көше таяу күндері жөндеуден соң қайта ашылады. Тағы 13 көшенің жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтау көзделсе, алты көше келер жылы тапсырылады деп күтілуде.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Кейбір кафе-асханалардан тамақ ішуден қалдық…

Күні: , 96 рет оқылды


Қоғамдық  тамақтану орындары қашан да  таза  болуы, санитарлық  талаптарды  сақтауы, келген  тұтынушыларға сапалы  қызмет  көрсетуі  шарт. Алайда  бүгінде  кейбір  асхана  қожайындарының  санитарлық  талаптарға  атүсті  қарауы  қалыпты  жағдайға айналғандай. Жалаңбас  қамыр  илеп,  еден  жуып  болғаннан  кейін сол лас  шүберекті ұстаған  қолын  жумастан  бәліш ұсынған  Тасқала ауылындағы  асхана  қызметкерлерінің  әлгіндей әрекеттері  қолымызға  қалам  алдырды.


Аптаның ортасы болатын. Қарным ашқан соң, «Жүрек жалғап алайыншы» деген оймен аудандық газет редакциясының маңындағы «Шайханаға» бәліш алуға бардым. Ішіне кіргенімде сатушы еден жуып жүр екен. Содан «Маған екі бәліш беріңізші» – деп едім, қолындағы шүберегін ашық тұрған бөлмеге қойды да, лас қолын беті ашық тұрған табақшаның ішіне сүңгітті. Екі бәлішті тәрелкеге салып, ысытуға кіріскелі жатқанда, салақтығына шыдай алмай: «Еден жуған қолыңызбен берген бәлішті жейді деп ойлайсыз ба? Санитарлық талапты неге сақтамайсыз?» – деп орынды ренішімді айттым. Ал ол болса, ешқандай жауап қатпастан келесі бөлмеге зып берді.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға пысқырмай отырған тек бұл асхана емес. Дәл осы «Шайхананың» іргесінде орналасқан «Ақ ниет» атты асхана да осындай өрескелдіктен кенде емес. Аудан жұртшылығының басым көпшілігі осы жерден келіп тамақтанады. Біз де күніге болмаса да, күнара аталмыш асханаға бас сұғып жүрміз. Сонда байқағанымыз, асхана қызметкерлері тазалыққа аса мән бермейді. Тамақ ішейін деп барсаңыз, отырған үстеліңізді хлор ма, әйтеуір соған ұқсас бір сұйықтықпен сүрткенде, әлгінің иісі қолқаңды қауып, тәбетіңіздің тас-талқанын шығарады. Мұнда да бірнеше рет жалаңбас қамыр илеп жүргендерге куә болдық. Тазалық талабы бойынша қамыр илеген адам міндетті түрде арнайы бас киім киюі керектігін білмейді емес, біледі. Бірақ, біле тұра, өз білгендерін істейді. «Асханада неліктен бастарыңызға орамал тартпайсыздар, шаш қамырға түседі емес пе?» деп сұрағанымда, «Тек бүгін ғана орамал тартпай, қамыр илеген едім» деп жалтарды. Осыдан кейін шаш, яки қылшық-қыбыр аралас бәліш жеп жүрмегенімізге кім кепіл?!

Санитарлық-эпидемиологиялық ережеде «Қоғамдық тамақтандыру нысандарының барлық қызметкерлері қолдарының тазалығын қадағалауы, арнайы киіммен жұмыс істеуі, сыртқа немесе дәретханаға барар алдында санитарлық киімді шешуі, қолдарын жұмысты бастар алдында, дәретханадан шыққан соң жұмыс арасында, әрбір үзілістен кейін және лас заттарды ұстағаннан кейін сабынмен жуып отырулары тиіс. Шашты арнайы қалпақтың немесе шыт орамалдың астына жинауы тиіс. Тағамдар, аспаздық және кондитерлік өнімдер дайындағанда зергерлік әшекейлерді, сағаттарды, басқа да сынатын заттарды шешулері шарт. Тырнақты уақтылы алып отыруы керек және оларды лактауға болмайды» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Айтпақшы, қызметкердің қысқы етік киіп жүргенін де түсіне алмадық. Тамақ пісіретін жердегі қапырыққа қоса, әлгі аяқ киімнен тарайтын жағымсыз иісті өзіңіз ойлай беріңіз енді…

Асханалардың санитарлық талапқа неліктен немқұрайлы қарайтынын білмек болып, «Шайхананың» қожайынына шағымдандық. Нысан иесі өз кінәсін мойындап, кешірім сұрап, алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермейтінін айтты. Ал «Ақ ниет» асханасының қожайыны болса, «Біз санитарлық талапты толық  сақтап отырмыз. Қызметкерлерімнің барлығы әрдайым орамал тартып жүреді», – деп қысқа қайырды.

Тасқала шекара бақылау бөлімшесінің жанында орналасқан кафенің де жағдайы мәз емес екендігін естіген едік. Соны өз көзімізбен көрмек болып, әдейілеп бардық. Сыртында «Кафе» деген жазуы болмаса, ішіне енгенде құдды үңгірге кіріп келе жатқандай күй кешесіз. Барғаннан  соң тамақтанайық деп ас мәзірін сұрап едік, сатушысы самсадан басқа ешнәрсе жоқ екенін айтты. Содан самсаға тапсырыс бердік. «Баяғы ән бір ән дегендей…» бұл жерде де санитарлық талап адыра қалған. Сатушы жалаң қолымен самсаға ұмтыла бергенде, шыдамай, басшысын шақырдық. Өзін кафенің қожайынымын деп таныстырған жігіт қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

«Асханаларда орын алып отырған осындай келеңсіздіктерді жоюға жауапты мекеме неге тексеріс жасамайды?» деген оймен Тасқала аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Ялпақоваға жолықтық. «ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 мамырдағы №414 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау нысандары эпидемиялық маңыздылығы жоғары және эпидемиялық маңызы елеусіз нысандар болып екіге бөлінеді. Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР-ның 2009 жылғы 18 қыркүйектегі №193-ІV кодексінің 21-бабы 4-тармағына сәйкес эпидемиялық маңыздылығы елеусіз нысандарға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Мұндағы отыратын орын саны 50-ден кем болмауы шарт. Енді сіз айтып отырған асханалар санитарлық талаптарды сақтап отыр ма, жоқ па, оны білу үшін біз өз еркімізбен барып тексере  алмаймыз. Өйткені оған рұқсат жоқ. Тексеру жүргізу үшін бізге шағым түсуі шарт. Шағым түскеннен соң прокуратурадан нысанды тексеру жөнінде рұқсат қағаз аламыз. Содан кейін ғана барып тексеріс жүргіземіз. Тексеріс барысында санитарлық талаптарды сақталмағаны анықталса, оларға айыппұл салынады», — деді ол.

Біреуді қаралап, күйе жағудан аулақпыз. Дегенмен, халыққа қызмет көрсететін қоғамдық орын болғаннан кейін тазалықты басты назарда ұстаса дейміз. Тек «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кері болып жүрмесе, жарар еді…

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

«Екпін» газетінің аға тілшісі,

Тасқала ауданы

 

P.S.  Мақалада көрсетілген жәйттерді нақты дәлелдейтін фотобейне фактілер авторда сақтаулы.


Бөрлідегі әлеуметтік нысандар қысқа даяр

Күні: , 71 рет оқылды


Сейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметіне келген Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов БАҚ өкілдерінің алдында есеп берді.


Алдияр Сансызбайұлының айтуынша, биылғы сегіз айда мемлекеттік бюджетке 78,6 млрд. теңге түсіпті. Сөйтіп, бюджеттің орындалуы 96,1 пайызды құрады. Ал салықтар түсімі 132,5 пайызға орындалған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 92,9 миллиард теңге. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 69,1 пайызды құрайды. Өйткені, инвестор есебінен салынған 320 орындық балабақша, 100 пәтерлі тұрғын үй, 1200 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне жұмсалған қаражат есепке алынған жоқ. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі де 1044,6 млрд. теңгеге немесе өткен жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда 267,8 млрд. теңгеге (АҚШ долларының өсуіне байланысты) артты. Соңғы үш жылда Бөрлі ауданында дәнді дақылдардан гөрі майлы және мал азығы дақылдарына басымдық беріліп келеді. Мәселен, биыл 14749 гектар жерге дәнді дақылдар егілсе, соның 9394 гектарынан 17792 тонна астық жиналды. Орташа өнімділігі әр гектарына 13,5 центнер. Майлы дақылдар 7974 гектар жерге себіліп, оның 2940 гектары жиналыпты. Түскен өнім гектарына 12 центнерді құрап отыр, әрі жұмыс жалғаса түсуде. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарынан да мол өнім жиналған.

Мал мен құс өсіру де қарқынды дамуда. Мысалы, өндірілген таза еттің салмағы 2,4 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ 10,2 мың тонна сүт, 4,9 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, ол былтырғы деңгейден кеміген жоқ. Қазір ауданда 10 ауыл шаруашылығы тұтынушылар кооперативі бар. Оның біреуі – Ақсай қаласындағы «Бөрлі-ет» отбасылық бордақылау кооперативі. Кооперативтер бүгінде қанатын кең жаюда. Әр апта сайын ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де оң нәтижесін беріп келеді.

Кәсіпкерлік саласында да алға басушылық байқалады. Биыл өткен жылмен салыстырғанда тіркелген кәсіпкер саны 139 адамға артты. Шағын цехтарда 161 адам еңбек етіп жүр. Кәсіпкерлікті қолдау да жергілікті билік назарынан тыс қалып көрген емес. «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының аясында айналым қаражатын толықтыруға, жабдықтар, арнайы техника сатып алуға, ғимараттар салуға және басқасына жалпы құны 417,7 млн. теңгені құрайтын қаржы жұмсалып, 12 жоба жүзеге асырылуда. 41 жаңа жұмыс орны ашылды.

Былтыр қыркүйекте газқағарларды өндіру және құрастырумен айналысатын «ГузуАлматы» ЖШС-ы іске кірісті. Жоба бойынша жыл сайын 200 мың газқағар шығарылмақ. Былтыр «Конденсат» АҚ-ның Ақсай қаласында К5 маркалы бензин өндіретін зауыты ашылып, жұмыс істеп тұр. Ашылған сәттен бастап, кәсіпорын 25 мың тонна өнім шығарып, 74 адам жұмысқа орналасты. Ал биыл сәуірде аталмыш кәсіпорын жаңа өндіріс нысаны – вакуумдық айдау секциясын, сонымен бірге вакуумдық айдау өнімдерін қабылдайтын, сақтайтын және жіберетін орындарды пайдалануға берді. Оның жобалық қуаты – жылына 250 мың тонна. Жаңа технологиялық қондырғы дизель отынын өңдеу үшін ашық фракцияның шығуын көбейте отырып, мұнай және мұнай өнімдерінің ауыр сұрыптарын өңдеуге, сонымен бірге вакуумдық газойль мен гудрон шығаруға мүмкіндік береді. Қазір шамамен 6000 тонна гудрон мен 20000 тоннадан астам вакуумдық газойль өндірілді. Сондай-ақ осы жылдың сегіз айында екінші деңгейлі банктер арқылы ауданның 13 кәсіпкеріне 24,3 млн. теңге несие берілді.

Әрі қарай аудан әкімі әлеуметтік қамсыздандыру мен мәдениет, спорт салаларына тоқталып, ондағы оң нәтижелер мен атқарылуы тиіс міндеттер жөнінде айтып өтті. Алдияр Сансызбайұлының сөзіне қарағанда, әлеуметтік нысандар соның ішінде денсаулық саласындағы барлық нысан алдағы қыс маусымына сақадай сай әзір. Жекелеген медицина орындары үшін 12 дизельді генератор сатып алынған, олар жылыту ісіне ауадай қажет. Келесі жылы аудандағы орталық жұқпалы аурулар бөлімі мен Жарсуат, Александров, Бумакөл, Жаңаталап елді мекендеріндегі медициналық орындар күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Ауданға сырттан медициналық кадрлар тарту ісінде оң қадамдар жасалған.Мектептер туралы да соны айтуға болады. Аудандағы үш мектептен басқасы күрделі жөндеуден өтіпті. Қалған үшеуінің жобалық-сметалық құжаттары даярлануда. Ауданның мектеп түлектері де биыл ҰБТ бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізген екен. Ал әлеуметтік салаға тоқталсақ, 260 әлеуметтік қызметкер 221 жалғызбасты қария, 27 мүгедек және 12 мүмкіндігі шектеулі баланы қамқорлығына алған.

Құрылыс пен инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, елді мекендерді көгалдандыру, жол салу және халықты тұщы сумен қамтудағы нәтижелі жұмыстарды көрсете келіп, аудан әкімі былтырғымен салыстырған биыл қылмыстың 59 дерекке азайғанын айтып, құқық қорғау қызметкерлері үшін жүйелі түрде пәтер бөлінетіндігін және өзге де қамқорлық шаралары жасалатындығын атап өтті.

– Тоғыз айдың ішінде тындырылған іс аз емес. Бірақ, қалғанын жыл аяғына дейін аяқтауға күш саламыз. Келесі жыл да біз үшін мақсатты істерді жүзеге асыру кезеңі болмақ. Мәселен, Ақсайдың 14 көшесіне жол салып, аудан орталығының ескі бөлігінің алты көшесінің жолын жақсарту үшін жобалық-сметалық құжаттар даяр. Аудан орталығындағы №4, 5 орта мектептер, аудандық өлкетану музейі күрделі жөндеуден өтпек. Өзге де белгіленген меже мол. Ол енді келесі жылдың еншісінде болмақ, – деп сөзін аяқтады аудан әкімі А. Халелов.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

Дмитрий ТЕРЕЩЕНКО,

«Надежда» газетінің тілшісі:

— Ақсайдағы өндірістік парктің жағдайы қалай?

 

А. ХАЛЕЛОВ:

— Қалыпты. Қазір ол «ҚПО б. в.» компаниясының және жеке тапсырыстар бойынша жұмыс істейді. Штат қысқарту болған жоқ.

 

Алла ЗЛОБИНА,

«Ратель» сайтының меншікті тілшісі:

— Сіздің аудан – экологиялық ахуалы жөнінен күрделі аймақ. Табиғатқа келтірген зияны үшін «ҚПО б. в.» компаниясы қанша айыппұл төлейді? Сондай-ақ ауданға аталмыш компания тарапынан бөлінетін 10 млн. доллардың жәйі қызықтырады. Биыл да сол көлемдегі қаржы бөлінді ме? Ал Березов және Бестау ауылдарынан көшірілгендер және газдан уланған балалар туралы не айтар едіңіз?

 

А. ХАЛЕЛОВ:

— Ауданда экологиялық ахуал қалыпты. Екіншіден, сіз айтқан компанияға айыппұл салудың бізге қатысы жоқ. Ол өзгелердің құзырына кіреді. 10 млн. долларға келетін болсам, оның көмегі көп. Биыл да сол қаржыға сұрау салынып отыр. Қашан шешілері белгісіз. Үшіншіден, экологиялық ахуалдан зардап шеккен ауылдардың тұрғындарын жаңа орындарға ұйымдасқан түрде көшіру аяқтала келді. Төртіншіден, сіз айтқан балалардың денсаулығы тұрақты бақылауымызда. Олардың тарапынан биылғы мамыр айынан бері ешқандай арыз-шағым түскен жоқ.


Шағын несиелеуге қосымша 600 миллион теңге

Күні: , 71 рет оқылды


Кеше  Оралда  ІV  Халықаралық  инвестициялық «WestKazInvest – 2017» форумы  өз  жұмысын бастады.


Екі  күн  есептелген  айтулы жиын  өңірдің  инвестициялық әлеуетін  таныстыру, аймақаралық  ынтымақтастықты нығайту,  энергетика,  машина  жасау,  инфрақұрылым  мен  ауыл  шаруашылығы  салаларында  бірлескен  кәсіпорындар  құруды көздейді. Сонымен қатар бұл форумның басты мақсаты – Батыс Қазақстан облысының компаниялары мен жаңа нарықтарға шығуды көздейтін шетелдік компаниялар арасында өзара тиімді серіктестік құру болып табылады. Іс-шараның негізгі тақырыптарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерді өңдеу және өңірдің  экспорттық  мүмкіндіктері.

Қазақстан мен Ресей елі аймақтарының шекаралық ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылған форумға қатысушыларға көршілес Орынбор, Самара, Саратов облыстарының және жергілікті, отандық тауар өндірушілердің көрмесі  таныстырылды.

«Қазақстан – Ресей. Өңірдің шекаралық серіктестігі» атты көрмені тамашалауға келген қонақтарды облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берег құттықтап, форум  жұмысына  сәттілік  тіледі.

Халықаралық жиын барысындағы көрмеде екі елдің 100-ден астам кәсіпорындары өз өнімі мен қызмет түрін ұсынды. Құрылыс, машина жасау саласындағы өнімдермен қатар, тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, ауыл шаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларының да мол таңдауы бар.

Көрмеде нарықта аяғынан тік тұрып, өңір мақтанышына айналған ірі кәсіпорындармен қатар, өз ісін енді бастаған шағын цех өкілдері  де  өз  өнімін  ұсынды.

Көрмені тамашалаған Орынбор облысының губернаторы Юрий Берег БАҚ өкілдеріне алған әсерімен  бөлісті.

– Бүгінгі көрмеде батысқазақстандықтар тарапынан қолға алынған тың жобаларды байқадық. Атап айтқанда, құрылыс саласында пайдаланылатын қарапайым өрнектастың өзі жаңа фин әдісімен шығарылатындығы, сойылған малдың бауырын немесе жылқының қазысын қалбырға жабуға болатындығы мені таңқалдырды. Батыс Қазақстан облысы мен Орынбор облысы арасында бұрыннан да тығыз қарым-қатынас орнағаны бізді қуантады. Орынбор облысымен аралықтағы жолда суармалы егістікті игеру мақсатындағы бірлескен ірі жоба бар. Сол жобаны іске асыру бағытында бірнеше миллиард теңге тұратын құбырлар осы Орал қаласынан тасымалдануда. Екі елдің шекаралас өңірлеріндегі темір жол салу жұмыстарында қазақстандық компаниялар атқаруда. Екі өңірдің жас жеткіншектерінің арасында да, достық қарым-қатынас орнату мақсатында да біраз жұмыстар жасалынды. Жазғы демалыс кезінде біздің облыстың балалары Оралға, ал бұл өңірдің балалары бізге келіп демалуда. Осындай келелі басқосулардың нәтижесінде екі өңір арасындағы ынтымақтастық одан әрі арта түседі деп есептеймін, – деді  Юрий Берег.

Мұнан соң форум жұмысы салтанатты түрде ашылып, екі облыстың кәсіпкер әйелдерінің басқосуына, Орал сауда желілері өкілдері, ауыл шаруашылығы өндірушілер мен өңдеушілердің кездесулеріне ұласты. Форум алаңдарында денсаулық сақтау және менеджменттің біріктірілген жүйелері, оларды бірыңғай еуропалық экономикалық кеңістікте қолдану мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Сонымен қатар форум аясында «Мұнай газ секторы – өнеркәсіпті дамытудың драйвері», «Агроөнеркәсіптік кешен: Даму. Өңдеу. Экспорттау» және «Бизнестің даму институттары мен халықаралық қаржы ұйымдарына қолдау көрсету құралдары» тақырыбындағы панельдік сессиялар жүргізілетін  болады.

– Атқарушы орган мен бизнес өкілдерін ашық алаңда табыстырып, одан әрі жемісті еңбек етуге мүмкіндік беретін форум – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бизнеске қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып келеді. Мемлекет басшысының Үшінші модернизацияға жол ашатын жолдауы жаңа міндеттер мен тың межелерді белгілеп отыр. Өңіріміздің табиғаты мен ауа-райына сәйкес қалыптасқан ауыл шаруашылығы саласымен ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің зор қолдауының нәтижесінде облысымызда индустриялық жобалардың қуат алып отырғаны сіздерге жақсы таныс. Бизнестің өркендеуіне ықпал ететін тың мүмкіндік әлі де көп. Сондықтан осындай алқалы жиындар сол мүмкіндіктерді жүзеге асыруға алғышарттар қалыптастырады деген сенімдеміз. Біздің өңірімізде дәстүрлі түрде өткізіліп, уақыт өте келе өз жемісін беріп келе жатқан «WestKazInvest» форумына қош келдіңіздер, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов форумның ашылу салтанатында.

Сонымен қатар, облыс әкімі күні бүгінгі іске асқан Алматы және Астана бағытында қатынайтын заманауи жүрдек поездың шығуы, ағымдағы жылы қолға алынған Москва мен Франкфурт қалаларын қосатын әуе қатынасы да, осы  екі елдің ынтымақтастығының нәтижесі екендігін айтып өтті.

«WestKazInvest – 2017» IV халықаралық инвестициялық форумы барысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға  қол  қойылды.

Қол қойылған меморандум Батыс Қазақстан облысының аудан-ауылдарындағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуді көздейді. Келісім аясында 600 миллион теңге көлемінде шағын несиелер беріледі деп күтілуде.

– Шағын несиелеуге қор тарапынан 300 миллион теңге және БҚО әкімдігі тарапынан 300 миллион теңге бөлініп, қаржылан-дыру жоспарланып отыр. Бұл қаражат шаруа және фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге – шағын және орта бизнесті несиелеуге бағытталады, – деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Құдасбаева.

Сондай-ақ  форумда «НК «СПК – Орал» АҚ және «Орал халықаралық әуежайы» ЖШС арасында 1,5 миллиард теңгеге әуежайды жаңғырту туралы меморандумға қол қойылды. ҚР инвестициялар комитетімен «Уральск Гринхаус Комплекс» инвесторы арасында құны 3,6 миллиард тұратын жылыжай кешенінің құрылысы туралы  келісімшарт  жасалды.

 

Елена  БОЛДЫВА,

«Орынбор  облыстық  тұтынушылар  одағы»  мекемесінің  бас  маманы:

– Бұл көрмеге «Орынбор облыстық тұтынушылар одағы» мекемесінің атынан келіп тұрмыз. Біздің ұжымның Ресей нарығында жұмыс жасап келе жатқанына 80 жылдан астам уақыт болды. Экологиялық таза және қолжетімді өнімнің бірнеше түрін өндіреміз. Жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, оны тұздап немесе маринадтап сатамыз. Сонымен қатар түрлі астық өнімдерін өндіреміз. Облыстың әр өңірінде біздің мекеменің бөлімшелері орналасқан. Олардан шыққан нан өнімдері өңірімізде сұранысқа ие. Бүгін батысқазақстандық кәсіпкерлермен бірге көрмеге қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Оралға алғаш келуім. Жалпы маған бұл өңірдің келбеті мен табиғаты, халқының қонақжайлылығы ұнады. Өзіміз  секілді  батысқазақстандық  әріптестерімізбен  бұдан  былай  да  тығыз  қарым-қатынаста  боламыз  деп  есептеймін.

 

Лариса  КОРЗУН,

орынборлық  жеке  кәсіпкер:

– Біздің дүкенде орыс халқының қолөнер бұйымдары сатылады. Бұл кәсіппен шұғұлданғанымызға он шақты жыл болды. Өңір нарығында өте танымалмыз. Біздің шеберлердің қолынан шыққан кәдесыйлар мен күнделікті халық тұтынатын бұйымдар кең сұранысқа ие. Бұйымдар жасайтын орында төрт адам қызмет етеді. Барлық заттар табиғи, таза материалдан жасалады. Облысымызға шет елдерден келген қонақтар біздің дүкенге соғып, кәдесый алмай кетпейді.

Бүгінгі көрмеде де біздің өнімдерге қызығушылық танытуда. Осындай ауқымды көрмеге  қатысқанымызға  қуаныштымыз.

 

Нұрлыбай  ЖОЛДЫБАЕВ,

 Қазталов  ауданындағы  «Дархан»  шаруа  қожалығының  жетекшісі:

– Көрмеге Қазталов ауданының Сарықұдық ауылынан келіп тұрмыз. 2008 жылы құрылған шаруа қожалығының иелігінде төрт түлік мал өсіреміз. 2010 жылдан бері бие байлап, қымыз сауумен айналысудамыз. Алғашында қарапайым әдіспен өндірілген қымызымызды жай ғана ыдыстарға құйып сататынбыз. Енді міне, өзіңіз көріп тұрғандай арнай құтыларға құйып, барлық стандарттарға сай жауып, сатудамыз. Биелерден күніне 80-90 литр саумал алынады. Қымыздың дені ауыл маңындағы «Шахизада» асханасында сатылады. Артылғаны тапсырыс бойынша облыс орталығына жеткізіледі. Болашақта осы саланы кеңейтіп, қымызды автоматтандырылған жүйе арқылы өндіруді көздеп отырмыз. Өңірдің кәсіпкерлері үшін бұндай халықаралық көрменің берері мол. Бұл көрме көршілес өңірдегі өзіміз секілді кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып, бизнестің ауқымын кеңейтуге  тамаша  мүмкіндік  деп  санаймын.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Батагөй қариялар

Күні: , 71 рет оқылды


С. Садықов атындағы Қазталов аудандық мәдениет үйінде «Ата сөзі – бата сөзі» атты батагөй қариялар байқауы өтті.


Байқауға 63-75 жас аралығындағы қарияларымыз Жалмұхан Айтмағанбетов (Қазталов ауылы), Насиболла Өзенбаев (Жұлдыз ауылы), Демеу Қатауов (Қараөзен ауылы), Исмағұл Мусин (Жаңатаң ауылы), Тұяқ Мырзағалиев (Қараоба ауылы), Қайыр Мұхамбеткереев (Жаңажол ауылы), Орынғали Даутов (Бостандық ауылы), Шамұрат Жұмашев  (Тереңкөл ауылы) қатысты. Өзін таныстыру, «Ел есіндегі баталар», «Батамен ел көгерер» айналымдары бойынша бақтарын сынаған қарияларымызға қазылар бағаларын берді.

Бірінші айналым бойынша қатысушылардың бірі қазақтың қара домбырасының сүйемелдеуімен әндетіп, енді бірі қара сөзбен таныстырды. «Ел есіндегі баталар» айналымында Қарасай батырдың, Бауыржан Момышұлының, Кененнің келіндерге берген батасынан үзінділерді оқыса, «Батаменен ел көгерер» айналымында қатысушылар бата түрлерін жатқа білуден сынға түсті.

Қазылар алқасының қатысушыларға берген бағаларының нәтижесінде үшінші  орынды Тұяқ Мырзағалиев, екінші орынды Насиболла Өзенбаев, бірінші орынды Жалмұхан Айтмағанбетов иеленсе, бас жүлдені Жаңатаң ауылынан қатысқан батагөй қариямыз Исмағұл Мусин қанжығалады. Сайысқа қатысушылардың барлығына да алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ байқауға қатысқан батагөй қарияларды қолдап келген жанкүйерлері ақ жарма тілектерін білдіріп, сыйлықтарын берді.

Гауһар   ӘДІЛЖАН,

Қазталов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика