Мұрағат: 25.09.2017


«Сырымды қайта тірілткен…»

Күні: , 46 рет оқылды


Жуырда  Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  мәдениет  және өнер  орталығында  ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның  Еңбек  сіңірген  қайраткері,  белгілі  жазушы  Қажығали  Мұхамбетқалиұлымен  «Сырымды  қайта  тірілткен…»  атты  кездесу кеші  өтті.


Мәдени шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, жазушы, драматург Әнес Сарай және оқырмандар қатысты.

– Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында тарихы терең өңірімізден шыққан ұлы тұлғаларды ұлықтап жатырмыз. Талай жылдар бойы азаттық үшін күрескен әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы бабамыздың 275 жылдығына арналған ғылыми конференция өткіздік. Ұзақ жылдар бойы батыр бабамыз жайында зерттеу жүргізіп, келер ұрпаққа үлкен мұра қалдырып отырған Қажығали Мұхамбетқали ағамыз да бүгін жанымызда. Осыдан бес жыл бұрын Оралда Қажығали ағаның «Тар кезең» кітабының тұсауы кесілген болатын. Оның өзге де шығармаларымен таныспыз. Еңбектері бірнеше тілге аударылуда. Оқырмандарыңыз көбейе берсін, Жайыққа қош келдіңіз, аға! – деді Алтай  Сейдірұлы.

Қ. Мұхамбетқалиұлы 1942 жылы 8-желтоқсанда Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген.

Жазушы 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік тәмамдап, Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болған. Алматыдағы «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметтерін атқарды. Қ. Мұхамбетқалиұлы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушы. Оның прозалық шығармаларында негізінен жетпісінші, сексенінші жылдардағы ел тірлігі суреттеліп, қоғамдық ахуал көріністеріндегі қарапайым тұрмыстық эпизодтардың өзінен үлкен әлеуметтік мәселелер ұтымды жеткізіледі. Жазушының Сырым батыр туралы жазған бір ғана «Тар кезең» шығармасы қазақ әдебиетінің елеулі табысы саналады.

Мәдени кеш барысында жазушы Әнес Сарай кеш кейіпкерімен бірге өткізген студенттік, жастық шақтары туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар оқырмандар жазушының шығармаларына байланысты сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Ал өңіріміздің өнерпаздары Ақ Жайық туралы танымал әндерді орындап, кештің көркін асырды.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Датұлының мерейтойы даланы дүбірлетті

Күні: , 105 рет оқылды


Сенбі  күні  айбынды  батыр,  айтулы  шешен,  дала  реформаторы Сырым  Датұлының  275  жылдық  мерейтойы  Сырым  ауданында  жалғасты.


Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткізілген шара қонақтардың Алаш мұражайы мен С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін тамашалауынан басталды. Бұдан соң өңір делегациясы мен келген қонақтар Алаш саябағында болып, гүл шоқтарын қойды.

Мерекелік шара батырдың кіндік қаны тамған кең дала төсіндегі дала қызықтарына ұласты. Алыстан көз тартатын, бірнеше ақшаңқан киіз үй тігілген шағын ауылға қарай ағылушылардың қарасы көп болды. Сары алтынға боялған дала төсінде өткен думанда аламан бәйге, қазақша күрес, ұлттық ойындардан сайыстар өткізілді. Сонымен қатар мерекелік шара барысында жиналғандарға арналып театрландырылған қойылым мен мерекелік концерт ұсынылды.

Мерекелік шараға жиналғандарды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

– Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананы серпілту жайын ерекше айтты. Біз тарихты тағы бір саралау арқылы ғана ұлт санасына елжандылық қасиеттерді сіңіре аламыз. Осы орайда ауданда Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай өткен шаралар мен Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуы аясындағы шаралар Елбасының мақаласымен үндесіп жатыр. Сондай-ақ аудан жұртшылығының бас-тамасымен қолға алынған Жымпиты – Нүкіс – Гүрлен – Үргеніш бағытындағы тарихи-танымдық экспедициясы да өз мәресіне жетті. Ал күні кеше облыс орталығында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтсе, Сырым батыр мен оның ерлігі туралы жазылған «Тар кезең» тарихи романының авторы Қажығали Мұханбетқалиев оқырманмен кездесті. Ел болып еңсемізді көтергелі тамырлы тарихымызды тереңінен тербетіп, өткен мен бүгінді қоса келешекке қадам басып келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек; сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың; келешегіңді бағдарлайсың; алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың» дегеніндей тарихымызды жаңғырту арқылы ғана ұлттық код, ұлттық сана туралы айта аламыз. Ал ел үшін, жер үшін, ұрпақ үшін тер төккен тарихи тұлғаларымыздың ерлігін дәріптеу – бәріміздің ұлт алдындағы, тарих алдындағы борышымыз. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік мұратын көзбен көріп, куәгер болу бақыты біздің ұрпақтың маңдайына бұйырды. Еліміздің егемендігі, жұртымыздың тәуелсіздігі жолындағы күрескен Сырым Датұлындай нар тұлғаның атын өшірмей, тарих толқынында мәңгі қалдыратын, ізін басып, дәрежесін дәріптейтін – Сіздер мен біздер! Баршаңызды ұлтымыздың тарихында асқан батырлық, ерлік істерімен жарқын із қалдырған заңғар тұлғалардың бірі – Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Сонымен қатар далада өткен думанға жиналушыларды жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Сарай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, «Қазақконцерт» ұжымының директоры Асхат Маемиров  құттықтады.

Аламан бәйге, күрес, қой көтеру, білектесу секілді ұлттық ойындар дала қызықтарының көркін қыздыра түсті. Көпшіліктің назарын өзіне аударған аламан бәйгеде маңғыстаулық Әбдіғали Таңатаровтың тұлпары бірінші келіп, екі миллион теңгені еншіледі. Тасқалалық Бауыржан Мәмбетовтың сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесіп, миллион теңге, ақтөбелік Ізбасар Жұмашевтың аты үшінші келіп 700 мың теңгені  қанжығасына  байлады.

Боз кілемге шыққан палуандардың ішінен бөрлілік Темірлан Көлбайдың бағы жанып, «Түйе палуан» атанды. Сондай-ақ тартысты бәсекеде жалпақталдық Ерназар Хамзин екінші. Сырым елінің палуаны Еділ Үсенов үшінші орынды иеленді.

Қол күресінен Алғадай Жамбылға қарсылас шақ келмеді. Сонымен қатар Сәуірбек Молдашев пен Армат Тұрымов екінші-үшінші орын иеленді. Кір тасын көтеруден Руслан Дүйсенғалиев бірінші, Әлібек Айтжанов екінші, Жарас Ақмолдин үшінші орын алды. Қой көтеруден Темірлан Ғаббасов озық болып, өзі көтерген қойдың иесі атанды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Ұран»

Күні: , 152 рет оқылды

100  жыл  бұрын


Құрметті  оқырман!

Алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толған «Орал өңірі» газеті өзінің түп бастауын «Ұран» үн қағазынан алады. Ол дәл бір ғасыр бұрын, араб әліпбиімен жарияланып тұрыпты. Сан жылдар жылжып өткенде «Ұранның» біздің қолымызға тигені әзірге 9-ақ нөмір. Оны нақтылай түссек: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16 (3) мамыр,  1918 жыл, бейсенбі.

«Орал өңірінің» бүгінгі жарық көрген сейсенбілік нөмірі осыдан тура 100 жыл бұрын оқырмандарының қолына тиген «Ұранның» кезекті 8 санымен тұспа-тұс келіп отыр.

Біз бүгін тарихтан жеткен тәбәрік нөмірдің бұдан бір ғасыр бұрын не туралы жазып, баяндағанын оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Ұранның» материалдарын араб әліпбиімен кириллицаға аударған баспасөз тарихын зерттеуші, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы.


 

Нөмірі 8                        сентябрь 26               жылан 1917              сейсенбі

 

«Ұран»

 

газитасы Хан Ордасында жетісіне бір шығады

1917 жыл иул (июль-шілде – ауд.) (28) да шыға бастады.

 

Жазылу бағасы: жылдығы 5 сом, жарты жылдығы 3 …, үш айлығы 1,75…

 

Иғлан бағасы: бірінші бетте жолы 30 т., төртінші бетте жолы 20 т., бірден артық басу келісуінше.

 

Нөмірі 10 тиын

 

Хабарласушыларға адрес: Ханская ставка, Астр. губ. Ред. газ. «Уранъ»

 

Русияда жумһуриет

Халықты бес саусағында қып, ауыздықтап отырған ескі хүкімет һәм Николайды жығып, халық өз тізгінін өз қолдарына алды. Өзгерістен соң Русия мемлекетінің қалайша басқарылатын белгілеуді халық өкілдерінің учрителный собранияның билігіне қалдырып, мемлекетті уақытша басқару үшін жаңа хүкімет сайланды. Бұған енді қазір 7-нші ай. Осы 7 ай ішінде Русиядағы әр түрлі ұлттардың, партиялардың съездері, ең аяғында 12-нші августа бүтін Русия халқының бас қосқан Мәскеу съезі болып озды. Осы съездердің бәрінде де: «Русия бұдан бұлай жумһуриет жолымен басқарылсын» деген қаулылар жасалды.

Русия көпшілігі осылайша жумһуриет тілеп жатқанда, екінші жақтан ескі хүкімет, ескі тәртіпті сақтаушылардың да Русияда аз емес екендігі білінді. Бұл август аяғында болып өткен Корнилов бунтынан анық көрінді. Қорқақтардың көңіліне «ескі тәртіп қайта тіріле ме» деген қауіп төнді. Міне осындай жоқты жоғалту һәм көптің тілегін орындау, екінші анадай жауыз тілек, залымдардың үміттерін түбінен үзу үшін уақытша хүкімет: «енді бұдан былай Русия мемлекеті жумһуриет жолымен басқаылады» деп бірінші сентябрде жұртқа жариялады. Ертең учредительный собранияда үлкен соғыспен шешілетін зор бір істің уақытша хүкімет күн ілгері-ақ аяғын қысқартып кесті. Русияда жумһуриет болған соң енді бұдан бұлай нәсілден нәсілге, анадан балаға тура болып қалатын патшалық болмайды. Халық өкілдері өздерінің қалаған бір адамын 4-5 жылға сайлап, мемлекетке бас етіп қояды. Бұған «райс жумһур» яки президент деп айтылады.

Ішкі хабарлар

Кіндік камитеттің шақыруымен, Саратаудағы халық дар-алфанониның лектірлерінен А.У.Куликов ішкі Ордалыққа лектір болып тағайындалды. Қазір кіндік камитет құзырында «Земстуо бөлімі» деген бір бөлім ашылып, іске кірісті. Осы бөлімнің ұйғаруы бойынша Саратау халық дар-алфанониның шәкірттерінен (орыстардан) жеті кісі жеті қисымға инструктырлыққа шақыртылып еді. Солардан қазір үш кісі келіп, екеуі екі округқа, біреуі Нарын қисымына жүріп кетті. Қазақтан өзі тілеп инструкторлаушы әзірге біреу: студент Ғ.Мусағалиев. Бұл Тарғын қысымына тағайындалды. Инструкторлардың алатын айлық жалониялары (жалақысы – ауд.) 3 жүз сом.

«Земстуо бөлімінен» алынған ақпарға қарағанда: Ішкі Ордалықта сайлаушылар списігі бірінші октябрге шейін үлгерсе керек. Сайлау күні ноябрь бастарында болар деп шамаланады. Учредительный собрания сайлауынан бұрын қалай болса да Земстуо сайлауларын тәмәм етуге «Земстуо бөлімі» қам қылып жатқанға ұсайды.

Құрылтайға сайлау камиссиясы

Учредительный собранияға сайлау ісін басқару үшін Ордада бір камиссия құрылды. Камиссияның басы: Б. Ниязов. Ағзалары: кіндік камитеттен 4 кісі: М.Жұмалиев, А.Мұхаммедалиев, Ж(Ш).Юсупов. Меңдәлиев. Астрахань окружной судяның шілені Чурин һәмде Саратау судейный палатасынан екі мировой судья. Камиссия 21-нші сентябрден бастап іске кірісті. Камиссия гласный сайлау туралы жасалған қазіргі сайлау учаскелерін учредительный собранияға да сайлау участкасы болуға жарайды деп қаулы жасады. Учредительный собранияға сайлаушылар списігі түзуге (жасауға, құрастыруға – ауд.) камиссия 23-нші сентябрде кіріседі. Гласныйлар сайлау туралы түзілген сайлаушылар списігін толықтырып түзетумен камиссия қанағат ететін көрінеді. Учредительный собранияға сайлау туралы шығатын расходтар үшін қазнадан 25 мың сом берілмек. 24-нші сентябрде камиссияға сол ақшаның жіберілгендігін білдірген телеграм алынды.


 

Ел азаматтарына ашық хат

Біз ең болмағанда бастауыш мектептерімізде мұғалім болып, қолдан келгенгенше елімізге қызмет етерміз деген ниетпен оқып жүрген шәкірттер едік. 21-нші апрелдегі жалпы ішкі Ордалық съезінің қаулысы бойынша қысқа уақытты курстар ашылар деп, жаз бойы қарай-қарай көзіміз талды. Аяғында биыл курс ашылмайтынына көзіміз жетті. Енді Орынбордағы медресе Хусайнияға оқуға деп жүріп барамыз.

Барлығымыз 7 шәкіртпіз. Бәрімізде жарлының балаларымыз. Жәрдемге мұқтажбыз. Арада әсіресе Юсуф (Жүсіп – ауд.) Тобан баласы жәрдемге өте мұқтаж. Алдымызда Земстуо ашылғалы тұр. Елге күні ертең мұғалім керек екендігі анық. Осындай қымбатшылықта іс басындағы азаматтарымыз жөнін тауып жәрдем етпесе яки елдегі қалтасы кең мырзаларымыз жәрдем қолдарын созбаса, шеттен бізге біреу ақша әкеліп берер деген дәмеміз жоқ. Тілеген кімге адресіміз: Орынбор, Медресе Хусаиния яки «Қазақ» басқармасы: Хасен Аққали баласы, Сәлмен Әли баласы, Бейсенғали Жұмаш баласы, Құрмаш Мұсалим баласы, Ғалалиддин Мұсақай баласы, Хисаммадден Лұқман баласы.

 

Құрылтайға сайлау камиссиясынан иғлан

Құрылтайға сайлау камиссиясы жұртқа жариялайды: Ішкі Ордалықта 23-нші сентябрден бастап құрылтайға сайлаушылар списігін түзуге кірісіледі. Камиссия басы: Ниязов.

22-нші сентябрь 1917 жыл.

 

Нарын қисымынан

Басқа қисымдарға қарағанда да, біздің Нарын қисымының кемдігі, шабандығы өте күшті: камитет сайлау туралы дау, жанжал осы күнге шейін арылған жоқ. Бұл, 7-9-11-нші волустардан көрініп тұр, пошта жорту ісі бүтіндей тоқталды, азық-түлік камитетін ашып ұқсата алмадық. Астық-шәй іздеп Ордаға шұбырған Нарын кісілері орамда сандалып, кіндік камитетінің еденін аяғымызбен тоздырдық. Бұлай қор болмалық, жұрттығымызды етелік: 3-4 волус бірігіп болса да бір азық-түлік камитетін ашып, ашықпаудың қамын жасалық деп бірлі-жарым айтушыларымыз болса да, ұрлап шәй сатушы һәм тамағы тоқтардың «Елден бұрын аштан өлмеспіз. Камитет ашқандардың да ұқсатқаны шамалы ғой» деп теріс ақыл беруімен азық-түлік камитеті ашылмады. Яки ел екі партия болып, бір жағының сөзі дұрыс болса да бұрыс көрінді. Кедей пақырлардың көз жасына ма, білмеймін, бірінші сентябрде кіндік камитет шілені Мауби мырза Жұмалиев келіп 9-нші бөлімнің қызыл үйінде бір съез жасадық. Съезде волустардан сайланған 24 өкілден басқа қисым камитетінің председателі де бар еді. Съезде Жұмалиев поштаның кемдігі себепті халық қызметіне тоқталыш болып тұрғандығын түсіндіріп, әр вуолусной камитеттің қызыл үйінде 4 көлік әзірлеп тұруды халық мақұл көрді. Көлік әзірленбегенде елден мінуге риза болмақшы болды. Азық-түлік жетістіру үшін әр 4 волус бірігіп, бір районный камитет ашпаққа қаулы жасалды.

8 волустан бір өкіл Ордада болмақ. Астық, шәй сатып алу үшін октябрь басына шейін волус басына он мың сомнан ақша жинап әзірлеуге қаулы болды. Мауби мырза Жұмалиевтің осындай кемдігімізді түсіндіріп, еткен қызметіне, ұлт үшін жүрген қиындығына тәңір жарылқасын айтамыз. «Нарынның халқы түсініксіз, тіл алмайды» деп жұрт айыптаушы еді. Айып халықта емес, түсіндіруші, түсіндіріп айтушы басшыларымыз болса, халықтың өз пайдасына түсінетіндігі осымен анықталса керек.

Ғабит Сарыбаев


Жәнібек – Осы күнде Жәнібек қаласында (бұрын станция еді, енді қала болды) 45 салдат жатыр. Солардың кейбіреулері қазақ ішіндегі волустарды бағып жүр. Кей біреулері жолдарды тосып, бидай, астық алып қайтқан қазақтарды шырылдатып ұстап, ақша алып босатып жатыр. Кей біреулері жүрегі ұшып қорқып қалған қазақ сорлылардың үйлеріне барып қорқытып, атын мініп, асын ішіп жүр. Бармағыңды шайнағанмен не пайда, қолыңды тұcуда тұр.

Қалмақ қисымы 7-нші бөлім қазақтары Самар губерниясынан 90 қап астық алып келе жатқанда Жәнібек салдаттарының қолына түсіп, бір жұмадан бері тұтқында жатыр. Қашан босататындықтары белгісіз. Камисар һәм кіндік камитеттегі басшыларымыз бізді осылай ит-құсқа жем қылып қоя ма, яки халықты қорғаудың бір амалын істей ме? — деп қарай-қарай енді көзіміз талды.

Жәнібекский


Биылғы жылы қазақ халқының съез жасауы өте көбейіп кеткендіктен ардақты «Қазақ» газетасы мынаны жазады:

Биылғы жылы біздің қазақ өзгеден кейінде болса да съезге бір жарыды. Енді мұнан бұлай съезді қоя тұрып, іске кіріскеніміз де теріс болмас еді. Алдымызда сан съездер жатыр ғой. Земстуомызды сайлап алып, Земстуо собрание кеңес ашылатын болса, осы күнгі тоқсан тоғыз съезден сол пайдалырақ болар еді.

Асығыс иғлан:

Ішкі Ордаға Земстуо ісіне қанық инструкторлар керек. Айлық уәзифа 300 сом. Жүріп тұратын көлік халықтан. Қызмет 2-3 айға тартылады. Земстуо бөлімдеріне секретарь һәм іс басқарушылар керек және де бойлай тұратын бір аграном керек. Тілегенге адрес мынау:

Ханская ставка, Астрах. губ. Центральный К-тъ Земский Отделъ.

 

Құрылтайға сайлау туралы иғлан

Құрылтайға сайлау камиссия 21-нші сентябрден бастап іске кірісті. Камиссиясының басы: Б.Ниязов, ағзалары: М.Жұмалиев, Ч.Юсупов, .Х.Меңдалиев, А.Мұхамедалиев, Астрахан акружной судясының шілені А.Я.Шубин. Саратау судебный палатасынан екі мировой судья. Камиссия басқармасы: Хан Ордасында Камисар үйінде ертеңгі сағат 10-нан 2-ге шейін, кешкі сағат 6-дан 9-ға шейін әр күн ашық.

Босқын қырғыздарға жәрдем

Қайырғали Қыдыралиев                                3 сом;

Мифтах мырза Күйінов арқылы жиналған

Мырза Бисәліұғлы                                           1 сом;

Жұмаш Машақ                                     1 сом;

Бисенғали Мақат                                             1 сом;

Мифтах Күйінов                                              5 сом;

Ғамаладдин Күйінов                                       1 сом;

Баһауаддин Күйінов                                       1 сом;

Хами Серғазыұлы                                           2 сом;

Дүйсемәлі Темірәліұлы                                   2 сом;

Қосай Осабанұлы                                            1 сом;

Шаңберген Тарақұлы                          1 сом;

Тұрымбет Көшекұлы                          1 сом;

Мыңғара Даңөз (Дангөз)ұлы             1 сом;

Оспан Жаштанұлы                                          1 сом;

барлығы:                                                           2… сом


Басқармадан:

«Екінші округ қазақтарына арналған бір уагон құм секерін Хұсейін Танашев пен Ғимран Дәулетияров көтере басқаларға сатып жіберіпті» деп жазушы Алаңбайға: аты-жөніңізді һәм адресіңізді анық білдірмегендігіңізден, хатыңыз түгел басылмайды. Біз ол туралы Ордадағы азық-түлік камитеттен һәм Астрахандағы Ішкі Ордалық өкілі Нұралыхановтан сұрасып, анығын білуді өтіндік.

Көзі көргенге: әзірге хатыңызды баса алмадық, айып етпеңіз.

Иса Адрисовке: Сізден басқармаға ақша келген жоқ.

Шығарушы: Ғабдолғазиз Муси

Бастырушы: Ордалық мұсылман бұйросы… …

 

Зиялылар съезі

Бостандық қолымызға тиді, 21-нші апрелде ішкі Орда қазақтары жиналып, жалпы съез жасады. Съез толымды, көлемді болды. Халқымызға, елімізге, жұртымызға пайдалы жақсы қаулылар шығарды. Жиналған халық сол съезде-ақ өзімізден, қазағымыздан ішкі Ордалыққа камисар һәмде кіндік уа қисым комитеттерінің ағзаларын сайлап, тағайындады. Өз елінің жасаған қаулыларын миданға шығаруды, амалға қоюды сол сайлаған адамдарына, сол сайлаған комитеттеріне тапсырып, съез тарады. Бұған енді қазір бес ай толды. Осы бес ай ішінде керек камисарымыз керек камитеттеріміз болсын үстеріне алған істерін жақсылап атқара алмады. Атқара алмағандықтарын қазір енді іс басындағы адамдарымыз өздері де білді. Жұрт та, халық та, ел де білді. Міне: осы іс басындағы адамдарымыз осы өз істерін жақсылап атқара алмаған һәм атқара алмайтын комитеттеріміз үстіне тағы да бір ауыр жүк, тағы да бір қызмет арттырылды: Ішкі Ордалыққа Земстуо кіргізу, Земстуо істерін талассыз тәртіпті өткізу сол комитеттерімізге тапсырылды. Үстімізге түскен бұл ауыр борышты қалайша өтеу, Земстуо сайлауларын қалайша тартыссыз атқарамыз, Земство ісін қалайша ақ жүрек адал адамдарымыздың қолдарына тапсыру, қазақ халқына қалайша басшылық етіп оларды бір жол, бір бағытпен алып шығу жайларын сөйлесу, кеңесу, түсінісу үшін Ордада тұрушы пікірлі адамдарымыз бүтін ішкі Ордалық зиялыларының съезін шақыруды мақұл көріп еді. Съез уақытында жиналды, ашылды, жабылды. Бірақ онда …(бір сөз оқылмайды – ауд.) болып шықпады, біз ойлағанша іс көрсетпеді. Біз съезден мынадай қызметтер күтіп едік: … земство туралы съезде Меңдешевтің доклады (баяндамасы – ауд.) оқылған соң, сол Земстуо сайлауларын қалайша тәртіпті өткізу, қалайша Земстуо істерін лайықты адамдарымыздың қолдарына тапсыру туралы съезде толық әңгіме болар, бүтін зиялылар болып бірігіп соған жәрдемдесеміз, бүтін зиялылар болып бір ауыздан сөз, бір жеңнен білек шығарып бір жол бір планмен соған қызмет ету туралы съез қаулы жасар деп ойлап едік, бұл ойымыз, бұл тілегіміз босқа кетті: доклад оқылды, тыңдалды, сол күйше қалды. Бұл бір.

Екінші – кіндік камитет һәм камисарымыздың бес айлық еткен қызметтерінен съез толық есеп, атшут (отчет-есеп – ауд.) алар, бес ай ішінде елімізге, халқымызға еш бір пайдалы іс істелмеуі, іс басындағы адамдарымыздың жалқаулығынан, шабандығынан, іс білмегендіктерінен бе? Яки олардың көрсеткен жолы, сілтеген бағытымен жүрмеген халықтың надандығынан ба? Сол анықталар деп едік. Бұ да болмады. 10-ншы сентябрде болатын зиялылар съезін к…кендей, оны еш нәрсеге санамаған секілді болып, бір күнді күтпей камиссар 9-ншы сентябрде ауылына қайтып кетті. Осы камисар туралы сөз бастаушыға: «Жоқ! Сен дұшпандық араздықпен айтасың» деген жауаптар берілді. Сондай жауапты естуден қорқып кіндік камитет туралы сөз сөйлеуге тілеушілер де жұмған ауыздарын ашпады. Бұдан соң болды: партияшылық, алауыздық жаңғыз қара қазақта емес, зиялыларымыз арасында да өте күшті екен. Біз: «съез, камитет яки камисарды неге орындарынан жұлып тастамайды» демейміз. Біздің айтатынымыз жаңғыз сол: «Съез бұл туралы өзінің ойындағысын айтып протоколға тіркету тиіс еді» дейміз.

  1. Ел ішіндегі уолысной камитет председателінің (төрағасының – ауд.) бұрынғы ыстаршиналардан еш айырмалары жоқ: мөр қолдарында, билік өздерінде, камитет члендеріне (мүшелеріне – ауд.) кеңессіз тілеген жерде мөрді қойып қалып өз биліктерімен іс етіп жүр. Осындайларға бір шек қою, өз уазифаларын (тапсырмаларын – ауд.) таныту туралы зиялылар съезінде сөз болар. Ондайлардың тұмсығын тасқа тигізудің бір-бір жолын, ылажын табар деп ойлап едік, бұ да болмады.
  2. Теңіз бойындағы, құм араларындағы қазақтардан жаз бойы бір тілім нан, бір қайнатым шәй көрмеген елдер көп астық жоқтықтың үстіне күзге қарай мал суалып, ақ азайып, ел ішіне әбден-ақ ашаршылық кіруге айналды. Түрлі аурулар көбейе бастады дегенді күнде айтып отырмыз. Азық-түлік камитеттеріміздің шабандық һәм тәртіпсіздігінен Астрахан губерниясына деп келген астық, шәйдан норма бойынша өзімізге тиісті үлес-сыбағаны түгел ала алмай тағы отырмыз. Анда-санда қолымызға тиген бір уагон (вагон – ауд.) астық, бір уагон секер (қант – ауд.), бірер мың қадақ шәй халыққа үлесу үшін қисым камитеттеріне яки сол қисымнан өкіл болған бірер адамның қолына беріледі. Оларда ешбір дұрыстық, туралық жоқ: көңілі тату, қолы ұзын, көлігі бар байларға бар да, кедейлерге жоқ. Халықтың атын, өзінің арын сатып тамағын тойдырушы арамдар, құзғындар әр елде, әр уолыста да бар. Мұндайлар уолысной камитет председателіне барып, бір шолақ қағазға мөрді бастырып алады да, шауып қисым камитеттеріне келеді. Бір уолыс елге арналған шай, секерді қолына түсіріп, шайдың қадағы 15-20 сомнан, секердің қадағын 2-3 сомнан шетке апарып жасырып сатады. Бұндай арамдарға камитет председательдері қалайша … береді, жұрттың шай, секерін ол қалайша ұрлап, шетке сатады. Оны тергеп-тексерген, тиған адам жоқ. Шеттегі ашаршылықта жатқан қазақтар күн-түн қатып барып Самар губернасынан астық шығарады. Жолшыбай қазақ камитеттері, қазақ милициялары құшақтап ұстап, қорқытып олардан жүздеп-мыңдап ақша алады. Қазақты қазақ талайды, орыстан көрмеген қорлықты қазақ өз бауырынан, өз туғанынан көреді. Бұларды елеген, «сенің мұның қалай?» деген адам жоқ. Міне, осы айтылған кемшіліктеріміздің бәрі де зиялылар съезінде алқаға салынып, кемдігімізді толтыру, қисығымызды түзету, жауыздық-жалмауыздарымызды ауызға ұрғандай қылып тоқтату, тыю – сол зиялыларымызды үстіне түскен үлкен бір борыш емес пе еді?
  3. Бес айдан бері ешбір іс атқара алмай арып-талып, шаршап, «бір жәрдем болар ма» деп зиялылар съезін шақырып отырған кіндік камитет үстіне тағы да көп істерді аудара тастап, шілдің боғындай алды-алдына ыдырап кету зиялыларға лайық па еді? Осындай съез, жиыннан пайдаланып, бүтін ішкі Орда зиялыларының бірігу, саюзын (одағын – ауд.) ашу, оның бөлімдерін әр қисымда ашу, солай етіп ертеңгі земстуо сайлауларын сол зиялылар бір г… қарамағынан, кантролінан оздыру, өткеру, зиялыларға ең бірінші керекті, лайықты іс емес пе еді? Солай етіп хәзіргі әлсіз, күшсіз, іссіз камитеттерімізге жәрдем етулері тиіс емес пе еді? Осындай тарихи күндерде сыбанып халқына қызмет етпеген, қолымызға тиген осы бостандық, кеңшіліктен, тиісінше халқымызды пайдаландыру жолында борыштарын жақсылап өтемеген пытыраңқы, біріксіз жүрген зиялыларымыз тарихтың сынынан өздерін қалайша ақтамақ? Жоғарыда айтылған толып жатқан кем-кетіктеріміздің бәрі де зиялылар съезінде толық алқаға салынбады. Бұлар туралы съез өзіне лайықты тілектерін, қаулыларын шығара алмады. Соның үшін де біз бұл туралы газет бетінде, тарих жүзінде осы сөздерді ғана жазып, тергеп қалдыруға мәжбүрміз. Ішкі Ордалық зиялыларының бірінші съезі уақытында жиналды, ашылды, жабылды.

——————————————-

 

Ішкі Ордалық зиялыларының съезі

Съез, 11-нші сентябрьде басталып 13-нші сентябрь кеш жабылды. Съез председателі: Сәлімгерей Нұралиханов. Председатель орынбасары Мәжит Шомбалов, жазушы: Мауби Жұмалиев.

Съездің программасы (бағдарламасы – ауд.):

  1. Русияның хазіргі саяси халы, докладшы – Уәлитхан Танашев.
  2. Учредительный собранияға сайлау түрі. Докладшы – Уәлитхан Танашев.
  3. Ішкі Орданың хазіргі саяси халі. Докладшы – Б.Ниязов.
  4. Жер туралы. Докладшы – Б.Құлманов.
  5. Оқу жайы. Докладшы – Ж.Бөкейханов.
  6. Ден саулығы. Докладшы – М.Шомбалов.
  7. Сот ісі. Докладшы – Нұралиханов.
  8. Әйелдер жайы. Докладшы – Митениязова.
  9. Мал шаруалығы. Докладшы – Кортнев.
  10. Баспа сөздер. Докладшы – Н.Манаев.
  11. Земстуо жайы. Докладшы – С.Меңдешов.

Жер туралы доклад әзірлеуші Құлманов аулына қайтып кеткендіктен, баспасөз туралы доклат әзірлеуші Манаев ауырып қалғандықтан съезде жер һәм баспасөз туралы әңгіме болмады. Мал шаруалығы, әйелдер жайы туралы доклад әзірлеушілер де съезде болмағанмен де олар туралы студент Көкебаев доклад жасады. Бұлардан басқа ішкі Ордалықта пошта жорту(?!) ісін тәртіпке салу, …лықты бегректе(?!) жылқы ұрлаған тию туралы доклад оқушыларда болды.

Докладтар тыңдалып, алқаға алынғаннан кейін съез төмендегі қаулыларын шығарды.

 

Съез қаулылары:

  1. Оқу, оқыту туралы 21-нші июлде (шілдеде – ауд.) болып өткен жалпы Ішкі Ордалық съезінің һәмде 21-нші май, 9 сентябрьлерде болып озған Ішкі Ордалық учительдері съезінің қаулыларына қосылуға. Зиялылар съезінің арттырғаны жаңғыз сол ғана болды: кіндік камитет биылдан бастап Ордадағы уысший началный школаны (жоғары бастауыш мектеп – ауд.) бітірген балалардан таңдап 10-20 баланы шеттегі орта дәреже мектептерге жіберіп оқытсын деді.

Һәмде қазіргі Ордадағы учительдер шығаратын курсты, бүгіннен бастап учительский семинарияға айналдырудың жабдығына кіріссін.

  1. Ден саулығы туралы Ордадағы доктор, фельдшерлерден һәм әр туралы халық ұйымдарының өкілдерінен бір камиссия құралсын, ол камиссия, бірінші Земски собранияға (жиналысына – ауд.) бір проекті (жоба – ауд.) даярласын.
  2. Сот ісі – бұл туралы Александр екіншінің шығарған тәртібі қолдансын. Тұрмысымызға шалғай келген жерлерді өзгертілсін. Мировой судиялар халық сайлауымен болмас, жоғарыдан белгіленсін, Ішкі Ордалыққа судейный реформа (сот саласындағы жаңартулар – ауд.) күту туралы кіндік камитет тиісті орындарынан тез сұрансын.
  3. Әйелдер жайы. Бұл туралы 21-нші июлде (шілдеде – ауд.) Орынборда болып өткен жалпы қазақ съезінің қаулысына қосылуға.
  4. Мал шаруалығы. Бұл туралы Ордадағы мал дәрігері, мал фельдшерлері һәмде әртүрлі халық ұйымдарының өкілдерінен бір камиссия құралсын. Ол камиссия мал шаруалығын ілгерілету туралы бірінші земски собранияға бір проекті әзірлесін.
  5. Кіндік камитет, пошта жорту ісін тәртіпке салуға шұғыл кіріссін, пошта-телеграфный канторадан өкіл алып кеңесіп, қазақ ішінде тиісті орындарға поштовуй һәм поштовый-телеграфный бөлімдер һәмде жәрдем бөлімдері (мысалы: вуолусной правлениялар құзырында хат алып, беріп тұратын кісілер қою секілді) аштыруға ыждағат етсін.
  6. Ұрлықты тию туралы кіндік камитет шұғыл қимыл жасасын, начальник милициялардың лайықсыздарын түсіріп, лайықты адамдар қойсын, Ордада тұрып бүтін ішкі ордалық милициясын басқару үшін бір лайықты адам бас болып сайлансын.

 

Земстуо жайы

Бұрыннан земстуолы губерналардағы вуолусной земстуо сайлаулары туралы хүкіметтің шығарған тәртібі «Ұранның» 6-7 нші номерлерінде басылды. Енді өзіміздің Ішкі Орда земстуо сайлаулары қалайша болмақ? – Сонымен халықты таныстыралық: Ішкі Орда земстуо ісінде Астраханнан бөлініп, өзіне ұйым облыс, бұрынғы жеті қисым жеті үйез болғандықтан, бізде үш түрлі земстуа болмақ: обласной земстуо, уйезни земстуо һәм уолусной земстуо. Бізде ең бірінші уезни земстуо ашылады. Осы уезіні земстуо қалайша ашылмақ? Халық оның ісіне қалайша кіріспек? Соны түсіндірелік:

  1. Қазіргі участковый (қисым) камитеттері әр туралы халық ұйымдарынан бір бірден кісі алып, өзінің састауын (состав-құрамын – ауд.) толықтырады. Халық ұйымдары деп: «қазіргі кіндік камитет, азық, жер камитеттері, учитель-мұғалімдер, бір-екі потребльский общества (тұтынушылар одағы – ауд.), кредитный товарищество (несие серіктестігі – ауд.) секілді жамағаттарға айтылады. Камитеттке осы ұйымдардан кірген шілендердің (член-мүшелердің – ауд.) саны оннан артпау керек.
  2. Бір уезный земстуға сол уез яғни қисымнан 35 гласный сайланады. Осы гласныйларды сайлауда халыққа жеңілдік болсын үшін әр қисым бірнеше округтарға бөлінеді. Округтар участкаларға (бұрынғы ауылный участоларға тура келеді) бөлінеді. Қысымдар округқа бөлінгенде мына шарттар орындалу керек: бір округтағы сайлаушылар саны ең кемінен бес гласный сайлап шығаруға жеткілікті болсын. Артық болуында зиян жоқ.
  3. Сайлаушыларының (20 жасқа толғандар) саны бес гласный сайлауға жеткілікті үлкен волустар бір окрук болуға жараған секілді. Көршілес, іргелес отырған 2-3 волусты қосып бір окрук жасауға да болады. Бірақ бір окрукқа қосылған волустардың саны бестен арылмасын.

 

Сайлау камиссиялары

Жоғарыда айтылған окрук, участкалар (ауылный обществалар) һәм волустардың һәр қайсысының басында да бір-бірден сайлау камиссиялары болады. Окрук һәм участкалардағы сайлау камиссияларының председательдерін участковый (қисым) камитеттері сайлап жібереді. Окрукке сайланған председатель, өзінің округынан 3 кісі һәм сол окруктағы участка (ауылный обществалар) лар басынан бір кісі. Һәм гласныйлыққа кандидат списігін беруші группа-топтардан бір кісіден өзіне жолдастар алып, окрук сайлау камиссиясы жасайды. Участка (ауылный обществалар) ның председателі, өзінің участкасынан 3 кісі, кандидат списігін беруші топтардан бірер кісі алып, ауылный сайлау камиссиясы жасайды. Волусной сайлау камиссиясының председатель һәм шілендерінің жартысын да қисым камитеттері сайлап жібереді. Қалған жартысын қазіргі вуолусной камитеттер өздері сайлайды.

Саставы толықтырған қазіргі участковый қисым камитеттерінің атқаратын қызметтері: жоғарыда айтылғанша қисымдарды окруктарға, окруктарды участка (ауылный обществалар) ларға бөлмек.

Окрук, участка һәм волус сайлау камиссияларының председательдерін белгіледі.

Сайлаудың қай күні болатындығын күні ілгері белгілейді. (бүтін бір қисымдар сайлаулар бір күнде болмақ.)

Бүтін бір қисымдағы сайлауларды тәртіпті өткізу туралы басшылық етеді.

Сайлау камиссияларының қызметтері: вуолусной сайлау камиссияларының қызметтері мыналар:

  1. Өз волусындағы сайлаушылар яғни 20 жасқа толған барша еркек, әйелдердің түгел санын алып, списік жасады.
  2. «Списік тәмәм … пәлен күнге шейін тілеген … лып списікті көруге, жазылмағ… , жазылуға, арыз айтушы … айтуға болады» деген … жерге иғлан намелер жабыстырылды… Жариялайды.
  3. Сайлау күнінен ең кемі бір ай, яғни (31) күн бұрын кісі көретін, кісі көп келетін (мәселен: вуолусной ауылный правлениялар, мешіт, мектеп, …ды) орындарға 2 күн іліп қояды. Сол төрт күн ішінде жазылмақ қалғандар болса жазады. Списіктің қатесін, толық еместігін айтқан, адамдардың еткен арыздарын камиссия қабыл етеді. Списікті жаңадан түзетеді. Сайлау күнінен бір жеті бұрын түзетілген списікті жұрт көретін жерлерге тағы да 2 күн іліп қояды. Көруге қойылғандығын тағы да жұртқа жариялайды. Осы 4 күн озған соң вуолусной сайлау камиссиясының қызметі етеді.

Аяғы бар.


Асыл малдың айы оңынан тусын деп…

Күні: , 46 рет оқылды


Таяуда облыстық  ауыл  шаруашылығы  басқармасында қазақтың  ақбас  тұқымының  республикалық  палатасының ұйымдастыруымен  өңіраралық  семинар  өтті.  Маңғыстау, Атырау,  Ақтөбе,  Қызылорда  және  Батыс  Қазақстан  өңіріндегі  шаруалардың  басын  қосқан  семинар  «Қазақтың ақбас  тұқымды аналық  малын  қолдан  ұрықтандыруды  ұйымдастыру»  тақырыбына  арналды.


Семинар жұмысына жоғарыда аталған палата директорының орынбасары Қанат Идрисов, палата мүшелері мен сала мамандары, облыстағы және бірқатар өңірлердегі  асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын  шаруашылықтардың  басшылары қатысты.

Басқосуда бүгінгі таңда елімізде асыл тұқымды малдың санын ғана емес, сапасын да арттыру мәселесі өте маңызды екендігі айтылды. Қазақтың ақбас тұқымды малының байырғы бұқаларының табиғи тұқымы әзірге тек  біздің өңірде ғана сақталып қалғандығы қуанарлық  жайт.

Мал тұқымын асылдандыру – малдың тұқымдық сапасын жақсартуға, өнімділігін арттыруға бағытталған шаралардың біртұтас жүйесі. Ол малды зоотехникалық тұрғыдан бағалау, тиімді белгілеріне қарай таңдау, сұрыптау, жұптау, төлді дұрыс өсіру сияқты басты-басты жұмыстардан тұрады. Тұқым жақсарту  ережелері биологиялық, әсіресе, генетика жетістіктеріне негізделеді. Асыл тұқымды мал зауыттары, асыл тұқымды мал шаруашылықтары,  мал тұқымын асылдандыру стансалары мал тұқымын асылдандыру базалары болып саналады. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының басты міндеттеріне малдың өнімділік және тұқымдық қасиетін жақсарту, өздерін және басқа өндірістік шаруашылықтарды қамтамасыз ету үшін сапалы тұқымды мал өсіру жататындығы семинар барысында  айтылды.

Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы селекциялық-асылдандыру жұмысы жөніндегі менеджері Александр Суминовтың айтуынша, мұндай семинарлардың басты мақсаты – әр аймақтағы палата мүшелеріне саладағы оң өзгерістерді, үлгілі тәжірибелерді кеңінен насихаттау екен. Ағымдағы жылдың өзінде өзекті тақырыптарды қаузаған екі аймақтық семинар өткізілген.

Орал қаласындағы бүгінгі семинарға 130-дан астам палата мүшелері қатысуда.

– Біздің бүгінгі семинарымыз өзекті тақырыпқа арналып отыр. Бүгінде асыл тұқымды малды қолдан ұрықтандырудың тиімділігі жоғары. Бұл тәжірибе жылдар бойғы іс-әрекетте дәлелденіп келеді. Аталмыш семинардың Батыс өңірінде ұйымдастырылуы да тегін емес. Себебі бұл аймақ қазақтың ақбас тұқымды малының отаны болып табылады. Бүгінгі таңда бұл аймақта да осы тұқымды малды өсіріп отырған ірі шаруашылықтар көп. Солардың бірі әрі бірегейі ретінде «Сәбит» шаруа қожалығын атап өтуге болады. Аталмыш қожалықта малды қолдан ұрықтандыру жұмысы жақсы жолға қойылған. Бұл жерде асыл тұқымды бұқаның өнімділігін зерттейтін арнайы станса да бар. Ол қалыпты жұмыс жасап тұр. Бүгінде «Сәбит» шаруа қожалығы республикалық «Асыл түлік» орталығымен байланыс орнатқан. Бір кездері еліміздегі малдың 70 пайызы қолдан ұрықтандырылған болса, бүгінгі таңда бұл жұмыс мардымсыз атқарылуда. Сол себепті осындай маңызды тақырыптағы семинарлар өткізуді қолға алудамыз, – дейді  Александр  Суминов.

Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілетті өкілі Мақсот Балқыбаевтың мәліметіне сүйенсек, республикадағы асыл тұқымды малдың 40 пайызын Шығыс Қазақстан мен біздің өңір қамтиды екен. Облыс көлемінде қазақтың ақбас тұқымды мал басын қайта көбейтіп, бұрынғы дәрежеге жеткізу соңғы жылдары  мықтап қолға алынып жатыр.

– Өңірімізде республикалық палата құрамына кіретін 35 шаруа қожалығы бар. Олардың меншігінде 17 мың асыл тұқымды мал өсірілуде. Дегенмен етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды малдарының тек үш пайызы ғана қолдан ұрықтандырылады. Ал сүтті бағыттағы малдардың бұл көрсеткіштері жоғары. Бүгінгі семинарда сол шаруаларға қолдан ұрықтандырудың маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылып отыр, – дейді Мақсот Балқыбаев.

Аталмыш семинар екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімінде тақырып бойынша баяндамалар тыңдалып, түсінік берілген болса, келесі бөлігінде Ақжайық ауданына қарасты «Аманер» шаруа қожалығының кешенінде іс-тәжірибе алмасу  бағытында  өткізілді.

*   *   *

Өндіріске енгізілген ғылым жетістіктерін пайдаланып, тиісті оқу-ғылым орталықтарымен тұрақты байланыс орнатудың мысалы облысымызда аз емес. Мұны Ақжайық ауданындағы республикаға мәлім шаруа қожалықтардың бірі «Аманерден» көруге болады. Аталған семинардың машықтық бөлімі Бударин ауылдық округіндегі осы шаруа қожалығында өтті. Мамандар, жер-жерден келген шаруалар осында кеңінен пікірлесті, «Аманердегі» зоотехникалық есептің әдіснамасына, нормативтік-құқықтық бастапқы негіздеріне, түлікті бірдейлендіруге, индекстік бағаларына, мал басының айналымына назар аударды.

Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілетті өкілі Мақсот Балқыбаев, ашып жүргізген шара барысында сиырды қолдан ұрықтандырудың ұтымды мезгілін анықтауға, аталықты тарттыруға байланысты мастер-кластар өткізді. Аталған палатаның селекциялық-асылдандыру жұмысы жөніндегі менеджері Александр Суминов тұқымдық өнім материалдарды пайдалана отырып, тақырыпты егжей-тегжейлі баяндады. Малдың жыныстық қайталанбалы кезеңі, ұрықтандыруға қажетті құралдар, ұрықты сақтау мен тасымалдауға арналған «Дьюарды», пинцетті, шприц-катетерді пайдалану – мұның бәріне қатысты титтей де «майда-шүйде» деген болмауы тиіс. Сондықтан дәрісте шприцті алып жүруге өте қолайлы қалта мен санитарлық қаптаманы қолданып, сақтай білу туралы да айтылды.

Дәріс «Аманер» шаруа қожалығының ветеринарлық блогында жалғасын тауып, электр таразымен жұмыс, малдың буаздығын, оның мерзімін УЗИ-сканермен анықтау жүргізіліп, қатысушылардың сұрақтарына кеңінен жауап берілді.

2008 жылы құрылып, 2013 жылдан қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасына тіркелген бұл шаруашылықтың тыныс-тірлігі жиналғандарға кеңінен таныстырылды. Қанат Досқалиев басқарған «Аманер» шаруа қожалығы «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді жобасының белсенді қатысушысы болып табылады.

– 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8 млн., 2013 жылы 9,5 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, бұған 92 бас аналық, 4 бас аталық алдым. Сәл кейін Ресейден 290 бас қашар әкелдім. Биыл да 60 млн. теңге несиеге 150 бас ірі қара алдық. Жуырдағы өткен кезеңде басқа шаруашылықтарға 120 бас қашар, 130 бас бұқа саттым, көбі өз облысымызға, сондай-ақ Ақтөбе, Қызылорда, Атырау өңірлеріндегі шаруалар да алды.

Екі жыл бұрын «Құлан» бағдарламасы бойынша несиеге жылқы сатып алдым, Көшім жылқысын өсіру жөнінде де асыл тұқымды шаруашылық болып табыламыз, – деді Қанат Бақтығалиұлы.

Қазір аманерліктерде 831 бас ірі қара бағылса, соның 371-і – аналық. Мәселен шаруашылықта былтыр қолдан ұрықтандыру «Чемпион», «Самұрық» бұқаларының ұрықтарымен орындалды. Елімізде аталықтарды бағып, тұқымды сақтап, сапасын жіті бақылаумен шұғылданатын «Асыл түлік» орталығымен, «Асыл» ЖШС мамандарымен тұрақты байланыс бар. Шаруашылықтағы аталықтарға қатысты 2015 жылы Америкадағы зертханада SNP әдісімен  ДНК  сараптамасы  өткізілді.

Түлікті қолдан ұрықтандырудың малды түрлі ауру-кеселден аман сақтаудағы, оның тектік әлеуетінің маңыздылығындағы орны айтулы. Елімізде осы орайдағы бүкіл қам-қарекетті, тәжірибені одан әрі байыта түскен абзал. Республикалық палата осыған қатысты жер-жерде оқулар ұйымдастыруды жалғастырады. Семинардағы  сөз  осылай  түйінделді.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Болат  ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық   ауданы


Ауыл күні тойланды

Күні: , 38 рет оқылды


Жазғы егіс жұмыстары аяқталып, ел арқасын кеңге сала бастаған шақта Зеленов ауданындағы бұрынғы атауы Жанбарса, қазіргі Январцевта ауыл күні мерекесі тойланды.


Ақшаңқай киіз үй тігілген мерекеге арнайы барған аудан әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды қайта жаңғырған ауыл күні мерекесімен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек етіп келе жатқан Сансызбай Лұқпанов және Олег Гасилин сынды үздік мамандарды марапаттады. Шара барысында «Заман» шаруа қожалығының басшысы Абай Жанғалиев та жұмысшыларын марапаттады. Ал «Жайық мұнай» ЖШС бас директоры Жомарт Дәркеев  январцевтарды мерекелерімен құттықтап, ауыл әкімдігіне естелік сыйлық табыстады.

Облыстық жастар шығармашылығы орталығынан арнайы келген өнерпаздар ауылдағы ағайынға тамаша әндері мен билерінен шашу шашса, округке қарасты елді мекен тұрғындары мен мектеп оқушылары арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеге биылғы жылғы бақша  дақылдарымен  қатар, ауыл шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындылары қойылды.

Палуандар күресі, білек күшін сынасқандардың сайысы, гір тасын көтерген білекті  жігіттердің тартысы бұл тойдың сәнін аша түсті. Ауыл кәсіпкерлері әр сайыста жеңімпаз атанған жігіттерге қомақты сый жасады.

Елбасымыздың сөзін құп алып, туған жеріне туын тіккен январцевтық кәсіпкерлердің бұл ісі өзгелерге үлгі боларлықтай.

Түгелбай  БИСЕН,

Зеленов  ауданы


Пробациядағыларға жәрдемақы беру ұсынылды

Күні: , 35 рет оқылды


Өткен  аптада  Орал қалалық  қоғамдық  кеңесінің  төрағалығына «Стройкомбинат»  ЖШС-ның  директоры  Бақытжан  Нұрбаев сайланды. Оны  қоғамдық  кеңес  отырысына қатысқан қала  әкімі  Мұрат  Мұқаев құттықтап,  кеңес  мүшелерімен бірлесе  қызмет  етуге  дайын  екенін айтты.


– Соңғы он жылда қала тұрғындарының саны 25 пайызға артып, 300 мыңға жетті. Соған байланысты әлеуметтік мәселелер де жиі көтеріледі. Биыл тұңғыш рет бір жылдың ішінде төрт мектеп құрылысы жүргізілуде. Мектеп жасындағы бала саны 43 мың болды. Шаһардағы 67 көше бойынша 73 шақырым автожол жөнделуде. Жолаушы тасымалдайтын компанияларға қоғамдық көліктерді ауыстыруды талап етудеміз, – деді тағы басқа бірқатар мәселелерді  атап  өткен  қала  басшысы.

Қоғамдық кеңесте Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Шоланбаева мен қалалық білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Жәния Сақыпкереева қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 20 қарашадағы №18-4 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді және қала әкімдігінің 2016 жылғы 3 маусымдағы қаулысының күшін жоюды сұрады. Яғни Сәуле Шоланбаева елімізде әлеуметтік көмек алатын топтар қатарына басқа да санаттар енгізілгендіктен, шешім жобасындағы тармақша мазмұнында Семей ядролық полигонында (мерзімді) әскери қызмет атқарған кезінде зардап шеккен сарбаздарға қоғамдық көліктер жолақысы шығынын өтеу үшін ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 2269 теңге беру қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ түзету мекемелерінен босатылған немесе пробация қызметі есебінде тұрған, нақтырақ айтқанда, солардың арасында тұрмыстық жағдайы өте төмен жандарға 10 АЕК мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы тағайындауды ұсынды. Бұл – олардың жұмысқа орналасуына немесе уақытша болса да баспана табуына жәрдемдеспек. Кейін Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жәния Сақыпкереева биылғы сәуір айынан бастап жаңадан бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік ережесіне» сәйкес мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет ететін жеке балабақша ата-аналардың ай сайынғы төлемақысының мөлшері мемлекеттік балабақшалардікімен бірдей болуы керектігін жеткізді. Бірақ қаладағы мектепке дейінгі жеке ұйымдар бұл талапты орындаудан бас тартқан. Себебі әкімдік қаулысының заңдық күшіне негіз болатын жергілікті мәслихат шешімі әлі күнге қабылданбаған. Жәния Сақыпкерееваның сөзінше, қалада 50 мемлекеттік, 28 жеке балабақша бар. Барлық жеке балабақша мемлекеттік тапсырысты орындауда. «Биылғы мемлекеттік балабақшаларда ата-ана төлемақысы 12 мың теңге көлемінде. Ал жеке балабақшалар әкімшілігіне басқа қызмет түрлерін ақылы қылып, қосымша табыс табуларына ешкім тыйым салмайды. Бір жағынан, бұл жоба мемлекеттік балабақшалардағы кезекті азайтуына мүмкіндік береді», – деді Жәния Сақыпкереева. Қоғамдық тыңдау барысында айтылған жобалар қолданысқа енгізілуі үшін кеңес мүшелерінің мақұлдауымен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар тақылауына ұсынылатын болды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Бір соғар кемпір»

Күні: , 60 рет оқылды


Ел арасында көріпкелдігімен, емшілігімен аймаққа атағы шыққан әулие-әмбиелер көп кездескен. Ұрпақ ауысқан сайын олардың есімі көмескіленіп, ұмытыла беретіні де анық. Ал бүгінгі әңгіме қанша заман өтсе де, әулиелігі әлі күнге аңыз боп айтылып жүрген «Бір соғар кемпір» атанған – Мәдина әже хақында болмақ.


Әулие әже туралы ел ішіндегі әңгімелерді өлкемізге танымал күйші әрі өнертанушы, әженің шөпшегі Нұржан Сертековтің өз аузынан жазып алған едік.

– Біздер Шеркештің Жақау деген баласынан тараймыз. Жақаудан Айдабол – Еділбай –  Ербол – Бекбол – Шүмбет тарайды. Мәдина әже сол Шүмбеттің кемпірі, Бекбол атамның келіні. Ал Шүмбеттен  –  Үбет – Сертек, одан менің әкем Орынғали дүниеге келген.

Бекбол атамның бірінші кемпірінен Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі, Жексенбі есімді жеті бала тараған. «Бекболдың жеті қасқыры» деп аталып кеткен әлгі жетеуі шетінен ірі, апайтөс батыр болған деседі. Бай әулеттен шыққан атам үш рет қажылыққа сапарын өтеген үлкен діндар, емшілікпен де айналысқан. Оның ат баптайтын атбегі болғанын да, қыл қобыздың тілін шебер меңгергенін де әкемнің өз аузынан естігенмін.

Атамның қартайған шағы болса керек. Елде үлкен той болып, Зымыран деген жүйрігін аламан бәйгеге қосады. Арада біраз уақыт өткенде алыстан сағымдай бұлдыраңдап бір қараның көрінгенін байқап қалады да, «қараңдаршы, анау желмен жарысып, оқтай ұшып келе жатқан Зымыраным ғой» деп алыстағы атын бірден жазбай таниды. Ұлдары болса «біздің қарт шамасы алжыған болар» деп әке сөзіне онша мән бере қоймайды. Бір кезде алдынан ат салмай, жалғыз өзі дараланып құйғытып келе жатқан әлгі қара Зымыран болып шыққанда, қызық көруге жиылғандар айтарға сөз таба алмапты. Тағы бірде алыс жердегі тойға қатыспақшы болады. Бұл жолы Зымыранын ертпей келген ол, бәйгеге қобызын жібереді. Сол жарыстан кейін, «арқалы Бекболдың қобызы да бәйгеден бірінші болып келген» деген аңызға бергісіз әңгіме ел ішінде әлі айтылып жүр.

85 жасына қараған шағында дүниеден озған атамның зираты Орданың Елқонды деген жерінде үлкен қауымның басы болып бөлек жатыр. Ал қалған Жақау, Айдабол, Еділбай, Ербол, Үмбет есімді аталарымыз Талап ауылында бір жерде жерленген.

Атам пайғамбар жасына жеткен шағында жолдастарымен жолаушылап келе жатып, бір құдықтың жанына келіп тоқтайды. Құдық басында су алып жатқан 16-17 жасар қызға көзі түсіп «атымның ауыздығын алып суарып жіберші» деп өтініш жасайды. Әлгі бойжеткен шалдың бетіне тура қарап, еш саспастан «мен шал тұрмақ, жас жігіттің де атын суармаймын» деп бұрылып кетіп қалыпты. Ашуға булыққан атам үйіне жетісімен, ауыл беделділерінің басын қосып, «менің намысыма тіл тигізген сол қызды қалай да тауып, маған әйел етіп әкеліңдер» деп бұйырады. Ол кезде атамның сөзі өтіп, дүркіреп тұрған кезі болса керек. Айтылған сөзі жерде қалмай, 63 жастағы шалға өрімдей бойжеткенді тоқал етіп әкеледі. Бұл біздің Зүбайда шешеміз екен. Одан туған Шүмбет сол өңірге кеңінен танылған домбырашы. Жас кезінен-ақ өнерге ерекше ден қойған ол домбыраны шебер ойнаған. Ал оның күйшілік өнері өз алдына ұзақ әңгіме. Жоғарыда аты аталған Мәдина әжем осы Шүмбеттің әйелі. Әкесі қазанқұлақ ноғайдан шыққан Амантай қажы. Қосқұлақ адайдан тараған анасы Фарида Бекет әулиенің тікелей ұрпағы.

*    *    *

Ерте кезде қажылыққа бару, Құранды жатқа оқып, «қырық күн шілдеге отыру» сол заманның көркі болатын. Амантай қажы – мұсылманшылдықтың осы шарттарын түгел орындаған адам. Оның діндарлығының күштілігі сол, өзіне маза бармеген жындарды ұстап алып, сабайтын көрінеді. Қажыдан қорыққан жындар жылап, «жиеннен туған жиеншарыңа тимеймін, жібер-дағы» деп жалбарынатын көрінеді. Сонда жынның айтқан жиеншары – Сертек атам (Үмбет жиені). Осылай бойындағы тылсым қасиеттерімен жындардың тілін біліп, тыңдамағанын тезге салатын ол «шайтан сабаған Амантай» аталып кеткен.

Мәдина әжеміздің де «крокодилді кісі», «түйелі кісі» деп атануы әсте тегін емес шығар. Ана сүтімен, әке қанымен дарыған оның емшілік қасиеттерін күні бүгінге әлі ешкім қайталай қойған жоқ. Ол алдына келген науқастың ауырған жерін сұқ саусағымен шұқып, ауруды «лақтырып» жіберіп, шипа іздеген талай жанды құлан таза айықтырып, аяқтан тұрғызған. Емшілігінен бөлек, «қырық бірді толық ойнатқан», яғни қырық бір құмалақтың тілін еркін білген, көріпкелдігі мен сынықшылығы да мықты болған кісі. Бір басына жететін қасиетін бағалаған ел-жұрт оны «заманында бір соғар кемпір» деп атаған.

Ал әжемнің «Ақшайтанды кемпір» атануы ақ түйеге мініп, «ұшып» жүретін арқалы адам болғанынан қалса керек. Ауыл арасында анау ауырып жатыр, мынау босана алмай жатыр, біреу жынданып кетіпті деп көмек сұрай келген шабарманды қоя беріп, артынша ақ түйесіне өзі мініп кетеді. Ол жәй ғана мінбейді, түйемен бірге «ұшады» екен. Ұшқанда желдей зулап, атты адамды шаң қаптырғанына талай адам куә болған көрінеді. Бірде жағдайы жақсы көрші ауылдың адамы келіні босана алмай жатқасын, пар ат шаптырып әжені шақыртады. Әжеміз оларға «сендер жүре беріңдер, мен арттарыңнан барамын» деп қайтарып жібереді. Әлгі шабарман үйге кірсе, әжем сол үйге әлдеқашан бұрын жетіп, келінді аман-есен босандырып алған.

Содан үйге оралған әжем былай депті: «Дүниеге қыз келді. Күні ертең бойжетіп, тұрмысқа шыққанын мен көрмеспін, бірақ сендер көресіңдер. Осы қыз барған жерінде ауыр аяқты болып, өзі де дүниеге қыз әкеледі. Босанғаннан кейін қыздың өзі о дүниелік болып, сәбиі ауызданбай қалады. Өйткені үйдің иелері менің шартымды тыңдамай, келін босанған жерде тазалық сақталмады» деп қысқа қайырған. Расымен, арада пәленбай жыл уақыт өтсе де, әженің көріпкелдігі мен айтқаны айнақатесіз тура келіпті.

Тағы бірде Мәдина әжемнің қартайған кезі болса керек, қыстыгүні айналада ештеңе көрінбейтін ақ түтек боран соғып, ауылдың малдары жоғалып кетеді. Жұртпен бірге әжемнің үйіндегі түйелері де болмай шығады. Жоқты іздеп әбден сарсаңға түскен ұлдары шешейге келіп, құмалақ ашуын өтініпті. Әжем құмалақты шашып жіберіп «мал табылып тұр, қораның артында» деп дым болмағандай шаруасын жасай береді. Балалары қора артындағы малды әрі іздеп, бері іздеп таба алмай, кері келген. Әжем тағы да құмалақ ашып, жаңағы сөзін қайталапты. Әлгілер қораның артын тағы шолып, ештеңе таба алмай «шамасы, шешемізге кәрілік кіріп, алжыған шығар, әйтпесе мұнысы несі» деп ренжиді. Сөйтеді де, үшінші мәрте алдына келіп «апа-ау, сізге не болған айналаның бәрін қарап шықтық, түйелер жоқ» десе, әжем «неге дұрыстап қарамайсыңдар, қораның артындағы қарды аршыңдар» деп өздеріне дүрсе қоя берген. Сөйтсе, қораның артындағы шөгіп жатқан түйелерді қар басып қалған екен. Әжемнің бір айтатын осындай әулиелік қасиеттері көп болған.

*    *    *

Мәдинадан төрт ұл, үш қыз өрбіді дегенімен, біз оның көбісін білмейміз. Тек бабамыз Үмбетті  ғана білеміз. Оның да қобыз тартып, сынық салатын өнері болған. Сүйегі сынып, шығып шақыртқан адамның үйіне кірмей-ақ сол үйдің жанынан атпен шауып өтіп, қамшысын бір сілтегенде-ақ сынық пен шыққан жер орнына түсіп, ауру адам жаны жай тауып ұйықтап кететін болған.

Үмбеттен туған менің Сертек атам өмірінің соңында «әжемнің басына бір түней алмадым-ау» деп армандап, әкем Орынғалидың жас кезінде әженің зиратын көрсетіп кеткен. Әжем өзінің өтініші бойынша Сайқыннан 140 шақырым жердегі Қосқұлақ деген жерде әкесінің қасына жерленген. Сертек атам әжемнің басына қайта келіп, белгі қоямын деп жүргенде аласапыран уақыт болып, қайта жолы түспей қойған. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкем Орынғалидың шамалап айтуымен Қосқұлақты тауып, басына тастан белгі қалдырдық. Топырағы әбден шөгіп, жермен-жексен болған екен. Бір ғажабы, әжемнің басына келер жылы күмбез орнатуға келсек, жердегі топырақ өз-өзінен көтеріліп, төмпешікке айналған. Бұған қалай қайран қалмайсың?! Алла қолдап, перзенттік парызымызды орындап, әжеміздің басын көтердік. Құлпытасқа «Амантайқызы Мәдина, Бекбол келіні. 1873 жылы 71 жасында бақилық болды» деп жаздық. Жұрттың айтуынша, бұрындары сол маңда жол апаты жиі болған. Қазақ халқы әуелден әулиеге құрметпен қараған ғой. Әжемнің зираты көтерілгеннен кейін, оқыс жағдай мүлде орын алған жоқ, –  деп әңгімесін аяқтады.

Әжемнің өзі бір кіндіктен Мәдина, Сәбила есімді екі ағайынды болған. Атам солардың құрметіне кейін ерген екі қызына әжелерінің есімін берген. Сол дәстүрді жалғастырып, кенже қызымның есімін ырымдап, осы әжеміздің құрметіне Мәдина деп қойған едік.

Әңгімені  жазып  алған  Ләззат ШАҒАТАЙ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика