Мұрағат: 19.09.2017


Қайрат ақынға құрмет

Күні: , 77 рет оқылды


Дүйсенбі күні қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай өңір кітапханаларында бір мезетте «Қазақтың Қайрат ақыны» атты шара өткізілді.


Осыған орай Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кешке ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында әдебиетке келген тегеурінді топтың қатарында Қайрат ақынның шоқтығы биік болып, поэзия әлемінде алдыңғы лектен көрінгендігін жеткізді.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес өңірде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Өткен аптада ғана ақын Сағынғали Сейітовтің, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің және Алашорда үкіметінің 100 жылдығы кең көлемде тойланған еді. Енді, міне, облыс кітапханаларында ақын Қайрат Жұмағалиевтің өмірлік белесі аталып өтілуде. Осының бәрі – өткенімізді қастерлеп, өлкеде жарқын із қалдырған бірегей тұлғаларымызды қадірлеу деген сөз. Күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақын ағамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды», деді БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Айсұлу Қадырбаева, жазушы Мира Шүйіншәлиева, филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Азамат Мамыров Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылық қырлары мен кішіпейіл де ақжарма мінезіне, адами қадыр-қасиетіне тоқталып, ақын өлеңдері қазақ халқымен бірге жасай беретінін атап өтті.

Бөкей ордасында 1937 жылы 16 қыркүйекте өмір есігін ашқан Қайрат Жұмағалиев 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жерінің бір бөлігі әскери полигонға берілгеннен кейін анасы Жаңылғаныммен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Алматы қаласында ҚазМУ-да жоғары білім алып, «Жазушы» баспасы мен Қазақтелерадио комитетінде, сосын Астанаға қоныс аударып, Парламент Сенатында жауапты қызметтер атқарды. Жасы жетпістен асқанда туған жері – Ақ Жайығына оралып, «Жайық Пресс» ЖШС-да бас директордың кеңесшісі болды. Оның тұңғыш жинағы 1964 жылы жарық көрсе, кейін отыздан астам кітабы басылып шықты. Соның ішінде соңғы кітабы – «Жарық дүниені» көзінің тірісінде оқырмандары мен ұрпағына табыстап кетті.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған мультимедиялық әдістемелік құрал таныстырылды.

«Қайраттың өзі болмаса да, соңында сөзі қалды. Өлеңдері қалды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деп ұлы Абай айтқандай, оның 80 жылдығына арналған шаралар театр, мектеп, кітапханаларда өтуде. Міне, бұл – ақын жырларының мәңгі өлмейтіндігінің айғағы. Сол үшін алғысымды білдіремін», деді ақынның жары София Нығметоллақызы.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Шырайлы шаһардың шуақты мерекесі

Күні: , 96 рет оқылды


Биыл – Ақсай қаласының негізі қаланғанына 50 жыл. Яғни, 1965 жылдан бастап Бөрлі ауданының орталығы болған Қазақстан кенті екі жылдан кейін аудандық маңыздағы қала мәртебесін иеленіп, атауы өзгертілді. 1979 жылы аудан аумағында ашылған Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны қаланың дамуына серпін  берді. Содан кейінгі жылдары Қарашығанаққа жаңа қондырғылар орнатқан неміс және чех фирмалары шаһар құрылысына да үлес қосты.


Атаулы мерекеге орай қыркүйектің 16-сында қала күніне байланысты аудандық мәдениет үйінде «Құшағы кең Ақсай» тақырыбында концерт өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, шетелдік компания өкілдері, қала тұрғындары мен еңбек ардагерлері қатысты. Мерекелік шарада шаһар тарихына қатысты шағын бейнефильм көрсетілді. Онда Ақсайдың бүгінге дейінгі тыныс-тіршілігі баяндалып, қаланың дамуына үлес қосқан азаматтардың естеліктері берілді. Кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

– Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген экономикалық саясат негізінде біздің өңірде тиімді инвестициялық климат қалыптасты. Шетел инвестициясы есебінен мұнай-газ кен орындары игерілуде. Соның жарқын мысалы – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» халықаралық консорциумы Елбасы айтқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне түсуге тұрақты кепіл болуда. «ҚПО б.в.» компаниясы өңірді дамытуға бүгінге дейін 318 миллион АҚШ долларын бөлген. 20 жыл бұрын бекітілген өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісімнің 2-кезеңіне сәйкес компания 2014 жылдан бері аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымдар үшін жыл сайын 10 миллион доллардан жұмсауда. Мысалы, 2015 жылы 5, былтыр 6 жоба жүзеге асты. Қаланың үш шағын ауданын қамтитын жаңа жылыту қазандығы орнатылды. Жүзу бассейні бар спорт клубы ғимаратына күрделі жөндеу жасалды. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылды. Ақсай техникалық колледжі жатақханасының тұрғындарына арналған 120 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Елбасы қадағалауына алған Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын жаңа қонысқа көшіру мәселесі оңынан шешілуде. Жергілікті бюджет есебінен соңғы бес жылда жаңа саябақтар, 11 спорт және 15 балалар ойын алаңы салынды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалына жаңа ғимарат берілді, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов шағын қаланы көркейтуге үлес қосқан тұрғындардың еңбегі зор екенін айтты. Алтай Сейдірұлы шағын шаһарды дамытуға қатысты бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Мысалы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауқымында облыс орталығында жүзеге асып жатқан «Ақылды қала» пилотты жобасын енгізу, «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула» бойынша тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көшелер мен қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларын көбейту маңызды. Сонымен қатар, емдеу нысандарындағы кезек мәселесін шешу үшін электронды таблоны қолданысқа енгізуге болады.

– Қала құрылысы да кеңінен қанат жаюда. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақсайда  көп пәтерлі 3 үй тұрғызылса, келесі жылы тағы тоғыз қабатты 3 үй салу үшін ЖСҚ жасақталуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында аудан орталығын сапалы ауыз сумен қамту үшін жүргізілген  Бестаудағы су бөгеті құрылысы жақында аяқталады. Қаланың «Қарашығанақ – 1» шағын ауданында  көп пәтерлі 5 үй құрылысын жүргізуге болатын инженерлік-коммуналдық желісі тартылуда. Биыл қалада 7 көше бойынша 8,6 шақырым автожол жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар,  2 шақырым жүргінші жолы салынды.  Айта кетейік, қала тұрғындарының саны 50 жыл ішінде 3,5 есе көбейіп, 10 мыңнан 40 мыңға дейін жуықтады,  – деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісімге сәйкес Қарашығанақ кенішін игеру үшін мердігер ұйым тарапынан 22 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлінген. Республикалық бюджетке 26 млрд. доллар көлемінде салықтық түсімдер аударылған. Қазіргі уақытта «ҚПО б.в.» компаниясының дерекқорына 4 мың қазақстандық компания тіркелген. Облыс әкімі Алтай Көлгінов келесі жылы Орал-Тасқала-Саратов халықаралық автожолды жөндеу аяқталған соң, Бөрлі арқылы Ресейдің Орынбор облысына шығатын республикалық маңыздағы жолды жөндеу жұмысы басталатынын хабарлады.

Мерекелік шарада аудан әкімі Алдияр Халелов ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан бір топ азаматты «Ақсай қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері Өзипа Наурызғалиева, Олег Перегудов, Мұхамбетқали Ақтауов, Мереке Құрманғали, Шәміл Құсайынов және «Ақсайгазсервис» АҚ-ның президенті Идятолла Хасанов, «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері БҚО қоғамы» ҚБ аудандық бөлімшесінің төрағасы Жетпісбай Бектеміров бар. Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев және «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли, «Конденсат» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов және 1992-1997 жылдары ауданды басқарған Қуанышбай Төлебаевқа «Ақсай қаласына 50 жыл» мерейтойлық медаль берілді. Аудан әкімі Алдияр Халелов биыл аудан бюджетінің кірісі 9 млрд. 521 млн. теңге құрағанын, осы қаражат аудан игілігіне жұмсалуда екенін айтты. Шағын қалада білім саласына баса көңіл бөлінуде. Шаһардағы №4 мектеп биыл облыс бойынша «Ең үздік білім беру ұйымы» атанған. Сондай-ақ Ақсай – республика бойынша 1-11 сынып оқушылары түгелдей тегін тамақпен қамтылатын бірден-бір қала. Атаулы күндерге орай мәдениет үйіндегі концертте Ақсай туралы әндер шырқалып, қазақ күйлері тартылды.

Қала күнінде «Қарашығанақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Кешен есігі алдында лентаны қиған облыс әкімі Алтай Көлгінов пен спорт ардагері Тілек Қарабалин тұрғындарды мерейтоймен құттықтады. Спорттық нысан құрылысын салуға «ҚПО б.в.» компаниясы 860 миллион теңге бөлген.

– Биыл облыс бойынша қолға алынған 4 ірі спорттық кешен құрылысының екеуі Бөрлі ауданында жүргізілді. Бұл жобалар Елбасы тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асуда. Өңір жұртшылығының 30 пайызы  спортпен айналысуы тиіс. Соған жағдай жасаудамыз. Білімге құштар, дені сау болып өскен жасөспірімдер рухани жаңғыруға үлес қосатын азамат болып өседі, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Шағын шаһардағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін «Фирма АТК» ЖШС салған. Кешендегі ғимарат ішінде жаттығу залдары, бокс, баскетбол, волейбол, күрес, таеквондо, каратэ-до, бадминтон, тоғызқұмалақ, ұлттық ойындар секцияларына арналған бөлмелер және массаж кабинеті мен әкімшілік кеңсесі орналасқан. Кешен аумағында 800 шаршы метр футбол алаңы мен жеңіл атлетикаға арналған 400 метр жүгіру жолағы, 1200 көрермен орындығы салынған. Бөрлі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ержан Масалимовтің сөзінше, 824 оқушы кешенде спорттың 15 түрімен тегін айналыса алады. Облыс әкімі бастаған топ кешендегі спорттық нысандарды көрген соң, футболдан «ҚПО б.в.» компаниясы мен жергілікті атқарушы билік құрылымдары командалары арасында өткен жолдастық кездесуді тамашалады.

Содан соң облыс әкімі Алтай Көлгінов құрылыс нысандарын аралады және «Ақсайгазсервис» АҚ өндірістік аймағында жұмыс барысымен танысып, компания ұжымын қала күнімен құттықтады. Кездесуде аудан басшысы Алдияр Халелов бірқатар жұмысшыға мерейтойлық медальдарды табыс етті. Айта кетейік, «Ақсайгазсервис» АҚ  2012 жылы республикалық «Парыз» байқауында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Ақсай қаласының 50 жылдығына байланысты өткен шаралар елге танымал эстрада әншілері қатысқан гала-концертке ұласты.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген А. КУПРИЕНКО


Қазақ азаттығының қағбасы

Күні: , 99 рет оқылды


Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл және көрнекті қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған  шаралар кең көлемде аталып өтілді. Айтулы даталардың Жымпиты жерінде аталып өтуі, әрине, тегін емес. 1918 – 1919 жылдары дәл осы Жымпитыда Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше жұмыс жасады. Бөлімшеге Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер Жаһанша Досмұхамедов төрағалық еткені тағы белгілі.


Сырым ауданының әкімдігі мен Айболат Құрымбаев жетекшілік ететін «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры әріптестікте ұйымдастырған шараға алыс-жақыннан қонақ көп келді.

Аудан Алаш тойының меймандарын дәстүр бойынша Сырым батырдың кесенесінің тұсынан қарсы алды. Қарсылау қазақы қалыпта ақ дәммен, ауылдың сал-серілерінің салтанатымен болды.

Сырым ауданының орталығындағы Өлеңті орта мектебіне 2006 жылы заңгер, Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілді. Осы мектепте жаңадан мектеп музейі ашылды.

Музей 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде ауданның тарихы мен Өлеңті ауылының тарихына ерекше көңіл бөлінген. Мектеп тарихы мен этнопедагогика өз алдына, батыр Сырым Датұлы мен қайраткер Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғалар үшін арнайы бөлімдер ұйымдастырылған. Музейді салтанатты ашу құрметі жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайға ұсынылды.

Биылғы жылы мектептің алдындағы алаңда Жаһанша Досмұхамедовтың мүсіні орнатылғанын да айта кету керек.

Жымпитыдағы Алаш мұражайы да жаңғырту жұмыстарынан кейін келушілерге қайта таныстырылды. Жымпитыдағы Алаш мұражайы 1918 – 1919 жылдары Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше болған тарихи ғимаратта орналасқан. Ғимарат мемлекеттік қорғауға алынған.

С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, Алаш мұражайының төрт бірдей залы жаңғыртудан өткен әрі жаңа жәдігерлермен толықтырылған. Негізгі зал Алашорда үкіметінің қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтың жұмыс бөлмесіне арналған. Бұл бөлмені жазушы Хамза Есенжанов өзінің «Ақ жайық» романында жақсы суреттейді. Мұражай бөлмесі жазушының сол суреттемесі бойынша жасақталған. Жаңа жәдігерлер деп, Жаһанша Досмұхамедовтың зайыбы Ольга Константиновнаның қайын сіңілісі Қанипа Шәріпқызына 1964 жылы сыйлаған кілемін, содан кейін Жымпитыдағы Алаш қайраткерлерінің басқосуы өткен трактирдің иесі Иван Федяниннің скрипкасын айтуға болады. Мұражайдың төменгі қабаты ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кезеңнің ақсүйектерінің бөлмесіне арналған.

Көз тоқтататын тағы бір дүние – ХХ ғасырдың басында қолданыста болған пәуескенің көшірмесі. Пәуеске Алаш мұражайының ауласында тұр.

Мұражай кезінде Күнбатыс Алашорда үкіметі орнаған тарихи ғимаратта орналасты дедік. Жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың осы ғимаратта тұрғандағы тебіренісі былай болды:

– Мына үй – тарих тұнған үй. Мен дәл осы тұрғанда көптен бойыма сіңбеген, сезінбеген тебіреністе тұрмын. Өйткені, 1917 жылы 11-12 мамыр күні жасыл туға жазылып, қазақтың рухани өмірі мәңгілік азат болды деп, «Азаттық жасасын!» деп жасыл ту тігіп, арыстардың анттасқан жері – осы жер. Сол жерді, сол үйді, сол ту қадалған қабырғаны көру – Жаһанша мен Халел жариялаған үкіметтің тура салтанатында тұрған сияқты болу. Осы тарихи үйдің жандануы, жаңғыруы түгел тарихшыларға, ауыл адамдарына, бүкіл қазаққа ұлы рухтың белгісін орнатты деп ойлаймын.

Жымпитыдағы Алашорданың үйі – қазақтың тәуелсіздігінің бас ғимараты. Семейдегі, Торғайдағы үйлер, өкінішке орай тарихи тұрғыдан жойылып кетті. Алдағы уақытта кейінгі ұрпақ қазақтың бостандығы қайдан басталды делінгенде, қазақ Азаттығының қағбасы деп осы үйді іздеп келетініне мен сенімдімін.

Аудандық мәдениет үйінде «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары!» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына қатысушыларды құттықтап, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

Конференция отырысына алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, археолог Амантай Исин, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университеті тарих және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Жұмағұлов, ҚР мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Астрахань мемлекеттік университетінің Ресей тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Андрей Сызранов, белгілі алаштанушы, қоғам қайраткері, әнші, сазгер Құсмілия Нұрқасым, «Әділет» қоғамдықағартушылық ұйымының мүшесі, биология ғылымдарының кандидаты Шолпанай Аманжолова, Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доктор Ердәулет Берлібаев, сонымен қатар Алаш қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедовтың, Бижан Жанқадамовтың, Бақтығали Бисеновтың, Медет Тілеповтың ұрпақтары қатысты.

Түстен кейін конференция қатысушылары секциялық отырыстарға бөлінді.

Кешкілік Сырым аудандық мәдениет үйінің сахнасында Жымпиты және Бұлан халық театрының әртістері «Жанша» қойылымын қойды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Әскери борыштан жалтарғандар заңмен жазаланады!

Күні: , 107 рет оқылды


Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпанда қолданысқа енген «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес, жылына екі рет көктем және күз мезгілінде жүргізіледі.


Қарулы күштерді жасақтау үшін әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы әскери борышын өтеуден босатылмаған азаматтар шақырылады. Әскерге шақырылушылар – аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарының әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген және Қарулы күштерге әскерге шақыруға жататын республикамыздың ер-азаматтары. Осындай науқан кезінде біз түрлі жағдайларға куә болып жатамыз. Адамдар әр түрлі, мысалы, біреулер әскери қызметте болғанды жақсы көрсе, екінші біреулер әскери борышын өтеуге асыға қоймайды. Отан алдындағы парызын өтемеу әдетте заңбұзушылық болып есептеледі. Сондықтан құқықбұзушылықтың бұл түріне жаза қолданылады. Әскер қатарына барудан қашқақтағандардың жазасы қандай? Соған тоқталайық.

Әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамаған әскери міндеттілер мен әскерге шақырушылар әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылады. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару құрылымының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырындағы №620 Үкімет қаулысының 12-тармағына сәйкес, әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақтылы келуіне кедергі келтірген адамдарға жиналған материалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға тапсырылады.

Аталған қаулының 13-тармағына сәйкес азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне келмеуінің дәлелді себептері: еңбекке жарамдылығынан айырылуға байланысты науқастануы (жарақаттануы); басқа адамның көмегіне мұқтаж, толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұрмаған, ел аумағында олармен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе заң бойынша отбасы мүшелерін асырауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде әскерге шақырылушы адам тарапынан күтімді талап ететін жақын туысының қайтыс болуы немесе науқастануы; азаматтың жеке өзінің келу мүмкіндігінен айырған табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар (жер сілкінісі, сел, қар көшкіні, су тасқыны, өрт және басқалар) болып танылады. Келмеу себептері құжат түрінде расталуы тиіс.

Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру, олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы, болмаса Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Мерзімді әскери қызметке шақырудан негізсіз бас тартқан жағдайда азаматтар ҚР ҚК-ның 2014 жылғы 3 шілдесіндегі № 226 – Y 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтару ісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарғандарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады (бұл шамамен 2 млн. теңге). Немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі, не болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ әскерге бармау үшін, өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы «аурумын» деп өтірік айтып, жалған құжат жасау немесе өзге де әрекеттер арқылы әскерге қалайда бармаудың амалын жасаған азаматтарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (шамамен 6 млн. теңге) салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі. Не болмаса осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал егер әскерге шақырылушы тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру бөліміне өз еркімен келсе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар Орал қаласының әскери міндеттілері мен әскерге шақырылушылары тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери есепке тіркелмесе, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 647-бабында әскери міндетті атқармаған азаматтарға жауапкершілік енгізілген. Әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азаматтың жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша көрсетілген мерзімде дәлелді себепсіз келмеуі не елді мекенге тұрақты тұрғылықты жер-ге немесе уақытша (үш айдан астам мерзімге) тұруға келуі, сондай-ақ қызметтік іссапарларға, оқуға, демалысқа немесе емделуге (үш айдан астам мерзімге) келіп, келген жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына жеті жұмыс күні ішінде әскери есепке қою туралы өтінішпен жүгінуге міндетті азаматтың белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмеуі – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 648-бабында медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтарған азаматтарға жауапкершілік енгізілген. 1. Азаматтарды әскери есепке қою жөніндегі комиссиясының немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтарған жағдайда әскери міндеттілерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал әскерге шақырылушыларға ескерту жасауға не үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 2. Әскери міндеттілердің әскери жиындардан жалтаруы – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 649-бабында әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдіру немесе жоғалту, әскери билетті немесе әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың басқа да есептік-әскери құжаттарын қасақана бүлдіру немесе жою, сол сияқты әскери билетті немесе әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың басқа да есептік-әскери құжаттарын жоғалтқан жағдайда ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 650-бабында әскери қызметке даярлықтан жалтарған азаматтарға жауапкершілік енгізілген. Әскерге шақырылушылардың жергілікті әскери басқару органдарының жолдамасымен әскери-техникалық мамандықтар бойынша әскери қызметке даярлықтан жалтаруы немесе оқу ұйымдарының сабақтарына дәлелді себептерсіз қатыспаған жағдайда ескерту жасалады немесе бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Құрметті жастар! Отан алдындағы перзенттік, азаматтық парызымызды, борышымызды адал атқаруға, мерзімді әскери қызметті өтеуге дайын болыңыздар!

Әйгерім ТАМЕНОВА,

Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының баспасөз қызметкері


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика