Мұрағат: 18.09.2017


Атақты альпиниспен кездесу

Күні: , 75 рет оқылды


Ақжайық ауданының Ча­паев ауылындағы Қ. Майданов атындағы саябақта және аудан орталығындағы №1 ЖОББМ-да қазақ альпинисте­рі­нің бірі және бірегейі, Қа­зақстан альпинистер ко­ман­дасының капитаны Мақсұт Жұмаевпен кездесу өтті.


Басқосуға аудан әкімі Әділ Жо­ламанов және аудандық агр­о­кол­ледждің студенттері, оқытушылары қатысты. Шарада Мақсұт Жұмаев туған жері Чапаев ауылы мен білім алған №1 мектептің мұға­лімдері туралы әңгімелеп берді. Ол Эверестің ұшар биігіне шы­ғып, әлемдегі биіктігі 8 000 метр­ден асатын 14 таудың барлығына табанын тигізген болатын. Жиыр­ма жылын тау шыңдарын бағын­дыруға арнаған Мақсұт аталмыш саланың қыр-сырын енді әскери мамандарға үйретуде. Басқосу барысында тау туризмі үйірме­ле­­ріне қатысатын ақжайық­тық жас­тарға ақыл-кеңестерін айтып, жа­ңа белестерді бағындыруға сәт­тілік тіледі. Шара соңында атақты альпиниске естелік сыйлық та­бысталды.


Сорочин жәрмеңкесі

Күні: , 81 рет оқылды


Өткен жексенбіде Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында украин ұлтының Сорочин жәрмеңкесі тойланды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған дәстүрлі шараға қала әкімі Мұрат Мұқаев және қала тұрғындары қатысты.


– Бұл – нағыз еңбек, мейірім және бірліктің мерекесі. Елбасымыз ұлтаралық келісімге әрқашан зор мән береді. Біз көпұлтты мемлекет болғандықтан, бір-біріміздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы білуіміз керек. Украиндық «Еднання» – облысымыздағы ірі этно-мәдени бірлестіктердің бірі. Оның 12 мыңдай мүшесі бар. Баршамыздың татулықта өмір сүруіміз ең басты игілігіміз деп білемін, – деді құттықтау сөз алған Мұрат Рахметұлы.

«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ықсанованың мәліметінше, мемлекет тарапынан аталған шараның өткізілуіне 470 мың теңге бөлінген.

– Еліміздегі түрлі этностардың әдет-ғұрыптарын сақтап, олармен танысу мақсатында «Этнос күндері» атты әлеуметтік жоба қолға алынған болатын. Міне, облыстық ассамблея құрамындағы «Еднання» украиндық этно-мәдени бірлестігіне де кезек келді. Украин ұлты өкілдерінің ұйымшылдығы мен өз ұлтына деген жанашырлығын бүгінгі шарада анық аңғаруға болады. Өйткені Сорочин жәрмеңкесі жыл сайын жоғары деңгейде өткізіледі, – дейді Жамал Сағынғалиқызы.

Жәрмеңке барысында украин ұлттық әндері шырқалып, көңілді билер мен қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар облыс аудандарынан келген этно-мәдени бірлестіктер ұлттық әшекей бұйымдарды, қолөнер туындыларын саудалады. Сондай-ақ саябақта демалушылар украин халқының ұлттық тағамдарынан дәм татты.

– Мен елу жылдан бері Орал қаласының тұрғынымын. Алайда Украинада өткен балалық шағымды ешқашан ұмытқан емеспін.

Сорочин жәрмеңкесінің арқасында біз ұлттық әндерімізді еске түсіреміз, осылайша ана тілімізді жоғалтпаймыз. Ұлттық салт-дәстүріміздің жарқын нұсқаларын өзге ұлт өкілдерімен қосылып тойлауға мүмкіндік сыйлаған Елбасымызға алғысымыз шексіз, – деді көзіне жас алған қала тұрғыны Дина Матлошинская.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»,

Орал қаласы


20 шәкірт сауат ашу курсынан өтті

Күні: , 159 рет оқылды


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет: “Еліміздегі әр өкілдікте жеткіншектер жазғы демалысын тиімді өткізулері үшін сауат ашу курсы мен лагерь ұйымдастырылсын” – деп тапсырма  берген еді.


Осыған сәйкес ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Руслан Сұлтановтың нұсқауы, Ақсай қаласы мешітінің бас имамы Мейрамбек Әбдірахмановтың ұйымдастыруымен  балалардың жазғы демалысын ойдағыдай өткізу үшін рухани сауаттылығын арттыратын курс екі ай бойы жұмыс істеді. Оларға Астана медресесінің 2-курс студенті Азамат Ақылбекұлы дәріс берді. Бағдарлама бойынша Құран Кәрім әліппесі (ойынмен жүргізу), иман негіздері, ғибадат-құлшылық, тағы басқа пәндер оқытылды. Шәкірттердің жасы 5–15 аралығында болды. Барлығы 20-дан астам ұл-қыз  екі топқа бөлініп, үзбей оқыды. Олардың арасында рухани және психологиялық тұрғыда өздерін дайындап, ұстаздарынан ақыл-кеңес алу арқылы қасиетті Рамазан айында толық ораза ұстауға ниеттенген шәкірттер де болды. Екі ай  көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жазғы сауат ашу курсы мәресіне жетіп, жабылу салтанатына орай Ақсай қаласы мешіті мен Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, «Парасат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  Құрбан айт мерекесіне арналған шәкірттер арасында Құран-Кәрім жарысы ұйымдастырылды. Балалар келесі Рамазан айынан кейін ашылатын жазғы сауат ашу курсына қатысқысы келетінін айтты. Соңында шәкірттерге алғысхат, шағын сый-сияпаттар табыс етілді. Олардың ата-аналары Ақсай  қалалық  мешіт ұжымына алғыс айтты.

Қанат  ЖӘКЕНОВ,

Ақсай  қаласы  мешітінің   наиб  имамы,

Бөрлі   ауданы


Қыр астындағы қысқа дайындық қалай?

Күні: , 105 рет оқылды


Қыркүйек басталмай жатып, қоңыр күздің салқын лебі анық сезілді. «Қыс – қыр астында», оған дайындық жұмыстары ерте көктемде басталған. Енді оның қорытындылары шыға бастайтын кез келді.


Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы коммуналдық шаруашылықты дамыту бөлімінің басшысы Нұрбану Сатыбалдиеваның айтуынша, қысқы маусымға дайындық жұмыстары аяқтала келген. Жылу қазандықтары дайын, жалпы коммуналдық қызмет көрсетуші алпауыт кәсіпорындардың дайындығы қалыпты жағдайда жүруде.

– Коммуналдық шаруашылықтардың, әлеуметтік саланың және тұрғын үй нысандарын жылыту маусымына дайындауға республикалық және жергілікті бюджеттерден 6,5 млрд. теңге қарастырылды. «Жайықжылуқуат» АҚ 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымы аяқталысымен, жөндеу жұмыстарын қолға алған болатын.  Акционерлік қоғам өз қаржысы есебінен 6,9 шақырымдық жылу желісіне күрделі жөндеу, 1,8 шақырымдық жылу желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді, – деді Нұрбану Сатыбалдиева. Оның айтуынша, кәсіпорын барлық жылыту қазандығы мен жылу желісін тексеруден өткізген. Сондай-ақ екі энергетикалық және бір су жылытқыш қазандық жөнделіп, барлық 19 қазандық қыста жұмыс істеуге дайын тұр.

Қазіргі уақытта әлеуметтік сала нысандарының және тұрғын үй қорының жылумен қамтамасыз ету жүйелері тексеруден өтіп бітуге таяу. Барлық 1 322 тұрғын үйдің 1 048-і гидравликалық сынақтан өткен, бұл жоспардың 79 пайызын құрайды. Тұрғын үй иелері кооперативтерінің үйдің дайындық құжаттарын алуға уақыты бар дегенмен, тұрғындар қыста тоңбас үшін ертерек қам жасауға тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру және өзге де әлеуметтік сала нысандары қысқа толықтай дайындалған.

– Облыс аудандарындағы әлеуметтік нысандардың қыстық отынға деген қажеттілігі 4,2 мың тонна көмірді, 1,04 мың тонна сұйық отынды құрайды. Бүгінде 3,67 мың тонна көмір (88 пайызы) және 0,67 мың тонна сұйық отын (65 пайыз) тасымалданды. Қалған отын келісімшартта көрсетілген мерзімде жеткізіледі, – деді Нұрбану Сатыбалдиева.

Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 2,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Сырым аудандарында су құбыры желісін қайта жаңғыртуға бағытталған тоғыз жобаны іске асыруға, Ақсай қаласындағы төртінші, бесінші шағынаудандардағы жылу құбырын жаңалауға бағытталды. Қазіргі уақытта аталған нысандарда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Барлығы да уақтылы аяқталады деп күтілуде.

Облыс орталығы Оралдағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 219,7 шақырымды құрайды және соның тең жартысы күрделі жөндеуге мұқтаж.

2018 жылы «Жайықжылуқуат» мекемесі ТМ-2, ТМ-7, ТМ-4, ТМ-8 сынды жылу магистраліне реконструкция жасауды жоспарлаған.

– «Жайықжылуқуат» АҚ «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорнына 186 млн. теңге, ал тұрғындар «Жайықжылуқуатқа» ыстық су мен жылу үшін 400 млн. теңгенің үстінде қарыз. Жылумен қамтушы кәсіпорын газ үшін бережағын кесте бойынша жабуда. Алайда қысқы жылыту маусымы басталмай тұрып, тұрғындар қарыздарын өтеуге асығулары тиіс, – деді Нұрбану Сатыбалдиева.

«Қыс – қыр астында», қыстың қақаған аязында баспанамызда жылу мен ыстық су тұрақты болсын десек, арқаны кеңге салмай, бережақтан ыждағаттап құтылғанымыз жөн.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Шешен әйелдерінің күні

Күні: , 61 рет оқылды


Өткен  сенбі  күні  Достық үйінде  облыстық  ҚХА  және «Вайнах» шешен-ингуш  этномәдени бірлестігінің  ұйымдастыруымен  шешен  әйелдерінің  күні  аталып  өтті.


Мерекелік басқосу Леча Ильясов, Аманчи Гунашев, Муса Гешаев, Омар Ахмадов, Зинаида Чумакова секілді шешен халқы жазушыларының еңбектері қойылған көрмемен ашылып, салтанатты жағдайда жалғасты. Шараға облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов қатысты.

– Құрметті бүгінгі кешке  қатысушы қонақтар,  шешен-ингуш халықтарының аталмыш мерекесі өңірде осымен екінші рет өткізіліп отыр. Шешен халқының тарихына үңілсек, бұл халықтың нәзікжандылары тағдыр тауқыметін  жиі тартқанын көреміз.  Олардың  қайсарлығына, батырлығына, даналығына, отбасындағы бала тәрбиесі  мен көп ұлтты еліміздегі ұлтаралық қатынасты нығайтудағы үлестері үшін  алғыс айтамыз. Шешен  әйелдерін қадірлей отыра, шешен халқына деген  құрметімізді көрсетеміз. Жалпы, Қазақстанда тұратын барша әйелдер балаларын бейбіт аспан астында өсірсе деп тілейміз, – деді облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Хамидоллаұлы Қапақов.

Ал «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов шешен әйелдері күні 2009 жылы Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың бастамасымен белгіленгенін  айтып, аталмыш мерекенің шығу тарихына тоқталды.

– 1819 жылы генерал Ермоловтың әскері шешеннің Дади-Юрт ауылын түгел өртеп, 46 қыз-келіншекті тұтқынға түсіреді. Терек өзенінен өтер тұста олар жауға берілгісі келмей, барлығы суға секіріп, қаза табады. Біз мұны шешен әйелдерінің ерлігі деп білеміз. Бүгінде Қазақстанда ана мен баланың өміріне қатысты барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, шешен халқы қазақ еліндегі тыныштықтың қадірін жақсы түсінеді, – деді Данильбек Әлиұлы.

Мерекелік кештің шырайын шешен халқының әндері мен билері  аша  түсті.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Жалпыреспубликалық акция өтуде

Күні: , 100 рет оқылды


Қыркүйектің  15-22-сі аралығында  еліміздің  барлық  өңірінде  «Рухани жаңғыру»  жалпыреспубликалық жастар  акциясы  өтуде.


Мемлекет  басшысының «Болашаққа  бағдар:  рухани жаңғыру»  атты  мақаласын  қолдау  және  қоғамдық сананы  жаңғырту  процесіне  жастарды белсенді  түрде  жұмылдыру  мақсатындағы  жастар  акциясы білім, асар,  тағзым,  өнер  сияқты  төрт  бағытты  қамтымақ.

«Рухани жаңғыру» жалпыреспубликалық акциясына батысқазақстандық жастар да жұмыла үнқосуда. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өткен шараға қаламыздағы жоғары оқу орындарының білім алушылары, студенттік өзінөзі басқару ұйымдарының өкілдері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенді жастар, жалпы саны екі  мыңға  жуық  адам  қатысты.

Акцияның жұлдызды қатысушыларының бірі – қазақ елінің атын асқақтатып, аспанмен таласқан тау шыңдарына көк туымызды қадап, абыройымызды асырып жүрген Мақсот Жұмаев. Жер шарында теңіз деңгейінен сегіз мың метр биіктікте жатқан 14 шыңды бағындырған жерлесіміздің есімі қазірде тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жақсы таныс. Ол сондай-ақ Қазақстан альпинистері құрама командасының капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. «Мақсатқа жету жолында төзімділік, табандылық пен қайсарлық таныту қажет. Біздің елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Қай салада болмасын, бастысы ерінбей, талмай, еңбектену керек», – деген Мақсот Жұмаев өзінің жетістікке жету сырымен бөлісті.

Шарада сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мержан Әбілхас аталмыш акцияның мақсаты – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жұртшылық арасында, соның ішінде жастар ортасында кеңінен насихаттау екендігін атап өтіп, білімді, бәсекеге қабілетті, белсенді  болуға  шақырды.

Жалынды жастар қашан да елдің қамын жемек. Биікке қол созған жас, сол биіктен орын табады.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті, Президенттік шәкіртақы иегері  Ақтоты Жанұзақ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің 3-курс студенті Мадияр Аруманов замандастарын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мән-маңызын терең ұғынып, туған жерді құрметтеуге, ұлттық тәрбиенің мәйегі салт-дәстүрді қастерлеуге шақырды.

Акция барысында «Рухани жаңғыру» логотипін насихаттау мақсатында флеш-моб ұйымдастырылды. 250 бастамашыл және белсенді жас көкке самғаған қыран құс белгіленген логотипті ортаға алып, batis және  kz сөздерін латын қарпінде бейнеледі. Сонымен қатар жастар түрлі жарыстар мен викториналарға да қатысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошевтің мәлімдеуінше, жалпыреспубликалық акция аясында өңір жастары «Білім» бағыты бойынша ұлттық дәстүрді, туған жердің тарихын білу бойынша викториналар мен пікірталастар өткізеді. Акцияның «Асар» бағытында зейнеткерлерге, егде жастағы жалғызбасты жандарға және балалар үйлеріне көмек көрсету көзделіп отыр. «Тағзым» бағыты болса, киелі орындарды абаттандыру, ағаштар отырғызуды мақсат тұтқан. Ал акцияның «Өнер» бағыты бойынша Орал қаласында, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде жастар фестивальдері  өтпек.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Кеңес отырысына қатысты

Күні: , 67 рет оқылды


Облысқа  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Мемлекеттік қызмет істері  және  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы саясат  департаментінің  директоры  С. Мүксімовтің  қатысуымен  Әдеп  жөніндегі  кеңестің  отырысы  өтті.


Кеңес отырысында С. Мүксімов Әдеп жөніндегі кеңестердің мемлекеттік қызметшілер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алудың сапалы құралы екеніне тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірінде Әдеп жөніндегі кеңестердің 95 отырысы өткізіліп, 650 мәселе қаралды. Қаралған тәртіптік істер бойынша 1210 ұсыным беріліп,  бүгінгі таңда 262 лауазымды тұлға, соның ішінде 122 лауазымды тұлға Әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны бойынша, ал  140 лауазымды тұлға мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық үшін жауапкершілікке тартылған.

Бұл тұрғыдан алғанда, БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңесінің жеті отырысы өткізіліп, 52 мәселе қаралды. Қаралған тәртіптік істер бойынша 23 ұсыным берілді. Бүгінгі таңда барлық ұсыным орындалып, 23 лауазымды тұлға, соның ішінде 16-сы мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық үшін, ал жеті тұлға Әдеп кодексі талаптарын сақатамағаны бойынша тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Кеңес отырысында  облыстық ішкі істер департаменті тарапынан мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың бұзушылық профилактикасы мәселесі бойынша 2016 және 2017 жылдары атқарылған жұмыстарының нәтижелері, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 2016 жылғы қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою шаралары бойынша атқарылған жұмыстар бойынша  мәселелер  қаралды.

Өз  тілшіміз


Бөрлідегі көш – Елбасы назарында

Күні: , 80 рет оқылды


Березов  және  Бестау  ауылының  тұрғындарын  көшірудің алғашқы  кезеңі  екі  жыл  бұрын  жүзеге  асырылып,  82  отбасы жаңа  үйге  қоныстанған. Биылғы  тамыз  айында  басталған  екінші  кезеңінде  373  шаңырақ  қоныс  аудармақ.


«Қарашығанақ-1» ауданында «Азиятехстрой» мен «Фирма АТК» ЖШС-лары Березов пен Бестау ауылы тұрғындарына арналған 153 пәтерлі 9 қабатты үйдің ішкі құрылысын жүргізуде. Қазан айында пәтерлер пайдалануға беріледі. Жоба бойынша баспана көлемі жан басына шаққанда 15 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Яғни қоныс аударатын бір шаңырақтағы адам саны 11-ден көп болса, сол отбасы мүшелеріне жаңадан салынған үйлерден екі пәтер беріледі. Құрылыс аяқталғаннан кейін балаларға арналған ойын алаңын салу да жоспарда. Алаңға Еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын резеңке жабын төселеді. Сонымен қатар «Марасант» және «Строительная инициатива» компаниялары қала маңындағы Аралтал ауылында 100 баспана салған. Оның тең жартысы – үш бөлмелі (95 шаршы метр),  қалған 50-і төрт бөлмелі (105 шаршы метр). «КСG» компаниясы ауыз су, көгілдір отын құбыры желілерін тартып, кәріз жүйесін орнатқан. Аула есігіне дейін асфальт төселген.

Қазіргі уақытта березовтық және бестаулық 85 отбасыға пәтер кілті берілді. Солардың 67-сі жаңа қонысқа орналасып үлгерді. Олардың әрқайсысына тиісінше өтемақы төленуде. Жаңа қоныс иелері үкімет қамқорлығына риза. Қала күнінде Аралталда қос шаңырақ құдалық өткізуде екен. Екі көрші жақында құйрық-бауыр жесіп, құдандалы болған. Олардың қуанышына ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Алтай Көлгінов куә болып, ізгі лебізін білдірді. Үй иесі Артек Кащеев облыс әкімінің ықылас-пейіліне алғыс айтып, онымен бірге келген меймандарға дәм ұсынды. «Маған үш бөлмелі үй берілді. Жер телімінің аумағы – 7 сотық. Отбасыма 2 800 000 теңге көлемінде өтемақы төленді. Үйіме ауыз су, көгілдір отын жеткізіліп, электр жарығымен қамтылған», – деді бұрын Березов ауылында тұрған Алтынбек  Нұрғалиев.

– Березов пен Бестау ауылдарын көшіру ең алдымен Елбасының тікелей бақылауында тұрған мәселе. Біз Президенттің тапсырмасын орындаудамыз. Бұл үйлердің барлығы «ҚПО б. в.» компаниясының қаражаты есебінен салынды. Үйлердің сапасына да, көшелердегі жол құрылысын жүргізуге де ерекше мән берілді. Сіздерден үйлеріңіздің айналасын таза ұстап, көгалдандыру-көркейту жұмыстарына атсалысуларыңызды сұраймыз. Әрине, әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі, –  деді облыс әкімі тұрғындармен  кездесуінде.

Тұрғын үйлерге қоса, 10-шағынауданда 320  орынға арналған балабақша салынды. Балабақша ғимаратында спортзал орналасқан. Аралталдағы 300 балаға лайықталған жаңа мектеп құрылысы жыл соңына  дейін  аяқталады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

Бөрлі  ауданы

Суреттерді  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


Қару иелеріне ескерту!

Күні: , 79 рет оқылды


Орал қаласының Д. Қонаев атындағы шағынауданында «ҮКІ» түнгі іздестіру тобының қызметкерлері үш күдіктіні ұстады.


Оларды тексеру барысында автомагнитолла, жиналмалы пышақ, фонар, «ИЖ» маркілі тегіс ұңғылы қару және оқтары бар оқшантай (патронташ) табылып, тәркіленді.

Мән-жайды тексеру барысында ұсталған азаматтардың еш жерде жұмыс жасамайтын 20-22 жасар Орал қаласының тұрғындары екені және тәркіленген заттардың сол күні түнде «УАЗ» автокөлігінен  ұрланғаны  белгілі  болды.

Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда.

Ал қарудың иесі азаматтық қаруды және оның оқ-дәрілерін сақтау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі барлық (ойық, тегіс ұңғылы) қару иелеріне азаматтық қару және олардың оқ-дәрілерін сақтау туралы ҚР заңнамасының талаптарын сақтау қажеттілігі туралы ескертеді.

БҚО  ІІД  ЖПҚ


«Тарихы терең Түркістан»

Күні: , 80 рет оқылды


Таяуда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының «Тарихы терең Түркістан» атты көрмесі ашылды.


Шараға зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Көрмеге келушілер көне жәдігерлермен танысқан соң, олардың назарына Түркістанның тарихы туралы бейнебаян ұсынылды. Мұражай қызметкерлерінің мәліметінше аталған көрмеге 250 жәдігер әкелінген.

– Елбасының рухани жаңғыруды мақсат тұтқан мақаласындағы талаптарды орындау мақсатымен Жайық өңіріне осымен екінші рет келіп отырмыз. Орал қаласының тұрғындары мен қонақтары 15 қазанға дейін тарихи ескерткіштерді тамашалай алады, – дейді Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Берік Байболов.

Аталған мұражай республикамыздағы іргелі музейлердің бірі болып табылады. Ол ислам дінінің көрнекті жаршысы, ғұлама Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХІV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1978 жылы ашылған. Ескерткіштің жалпы жер көлемі 2 306,383 гектар. Қорық мұражайында археология және ескерткіштерді қорғау, ғылыми зерттеу, қор сақтау, экскурсия және насихат, шаруашылық бөлімдері қызмет етеді.

Көрменің алғашқы бөлімінде Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Яссы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазба нәтижесінде табылған тас, қола дәуірлерінің ескерткіштері, орта ғасырда керамикадан құйылған құман-құмыралар мен өзге де ыдыстар, ХVIIXVIII ғасырларда соғылған күміс тиындар және күміспен күптелген әшекей бұйымдар назарға ұсынылды. Екінші бөлім әулиелердің сұлтаны атанған Қожа Ахмет Яссауидың соңында қалған баға жетпес мұралары – XVIII ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, XIV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері, аспалы айдаһар басты шырағдандар және Тайқазанның көшірмесіне арналды. Ал үшінші бөлім Түркістанда жарық дүние есігін ашқан тарихи тұлғалар жайында болды.

– Түркістан қаласына барып, аталған мұражайды өз көзіммен тамашалауды армандаушы едім. Енді, міне, мұражайдың өзі маған келгендей болды. Бұндай танымды шаралар жалғасын таба берсін, – дейді қала қонағы Әйгерім Ғұбашева.

Шара соңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы арасындағы өзара қарым-қатынас және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика