Мұрағат: 15.09.2017


«Қос газеттің тарихы рухани жаңғыруға бастау болуда»

Күні: , 99 рет оқылды


«Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына байланысты «Ғасырлық ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Оған ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, республикалық «Айқын» газеті редакторының орынбасары Ермахан Шайхы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жанындағы З. Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Қылышбай Сүндетұлы және БАҚ саласының ардагерлері қатысты. Конференцияға облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті. Атаулы шарада қос газеттің тарихынан сыр шертетін, 100 жылдыққа орай атқарған істер тізбектелген шағын фильм көрсетілді.

– Конференция мақсаты – облыстық газеттердің қанат жаюына үлес қосқан арыстардың еңбегін насихаттау, болашақта республикалық деңгейде баспасөз тарихын зерттеуді жүйелі ұйымдастыру. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінде Ғұмар Қараш: «…бізді бір ниет, бір тілекке жия тұғын зат – газет…» десе, биыл Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын «Ұшқын» газетінен бастау алатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» жариялауында ерекше үндестік бар. Облыстық газеттердің ғасырлық мерейтойы Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келуі тегін емес. Киелі Орда жерінде Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев бастарын қатерге тігіп, елді ұлы мақсат жолына ұйыстыру үшін газет шығаруды қолға алды. «Жайық Пресс» ЖШС баспасөз тарихын зертеу орталығының ғылыми ізденісінің арқасында 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінің 16 саны табылды. Бұрын облыстық газеттер тарихы 1918 жылы 17 қарашада Ордада басылған «Хабар-Известиядан» бастау алады деп есептелінсе, өңірлік басылымдардың ізашары «Ұран» газеті екені дәлелденді. «Хабар-Известия», «Дұрыстық жолы», «Сахара таңы», «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» атауымен жарық көрген «Орал өңірі» газетінің бүгінде электронды нұсқасы қоса дайындалады.

Атап өтерлігі, облыстық газет кезінде «Екпінді құрылыс» деген атпен латын қарпінде де жарық көрді. Қазіргі уақытта қызу талқыланып жатқан латын әліпбиі ұлтымызға таңсық емес, шын мәнінде, өткеннің оралуы, өшкеннің жануы, яғни, рухани жаңғыру. Соңғы бес жылда баспасөз тарихына қатысты он кітап жарық көрді. «Жайық Пресс» ЖШС «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Киргизская правда – Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерін жеке жинақ қылып шығарды. Биыл «Қызыл ту» газетіндегі мақалалар жеке кітап болып дайындалды. Оған қоса, газеттердің 100 жылдық тігіндісі жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Бұл Елбасы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» жобасына сәйкес келеді,  – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Кейін ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев сөз алып, конференцияға қатысушыларды қос газеттің ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Елбасы тапсырмасымен өңірлік бұқаралық ақпараттарды құралдарды дамыту мақсатында қолға алынатын жаңа жобалар жөнінде баяндады. Конференцияда «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Баспасөз тарихы» (http://www.1911.kz/) сайтын таныстырды. Сайт 5 бөлімнен тұрады. «Тұлғалар» бөлімінде «Қазақстан» газетінің шығарылуына қаржылай жәрдемдескен Зейнел-Ғабиден Тағиевтен бастап Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин және «Орал өңірі» газетінде қызмет еткен азаматтар туралы деректер берілген.

Сайтта «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінде әр жылдары шыққан мақалалар топтастырылған.

«Мұражай» бөлімінде жазу машинкалары, журналистердің жеке заттары, төсбелгілер, фотоаппараттар, қаламдар, басқа да жәдігерлердің фотосуреттері берілген.

Сурет галереясы бөлімінде «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде әр жылдары қызмет еткен аға буынның сирек кадрларын көре аласыз.  Әсіресе, екі суретті атап өтуге болады. Оның бірі – 1927 жылы 21-25 қаңтар аралығында Орал қаласында «Қызыл ту» мен «Красный Урал» басқармаларының жанында болған жұмыскер, ауыл және поселке тілшілерінің губернелік тұңғыш тобы» атты мәжілісі кезінде түсірілген екен. Мәжіліске «Красный Урал» газетінің 55, «Қызыл ту» газетінің 20 тілшісі келгендігі айтылады.

Осы арада тілшілерге тапсырмалар берілген. Айта кету керек, тілшілердің қауіпсіздігі үшін олардың есімдері жазылмаған, лақап аттарымен көрсетілген. Екінші сурет те 1927 жылы түсірілген. Бұдан Тамимдар Сафиев сияқты көп естеліктер қалдырған тұлғаларды көре аламыз. «Бейнеқор» бөлімінде «Алаштың «Ұраны» және «Қазақстан» фильмдері орналастырылған.

– 100 жылдық мерейтой қарсаңында «1911.kz» сайты іске қосылып, газеттердің тарихы туралы ғаламтор пайдаланушыларға қажет ақпараттар топтастырылды. Енді газеттерге қатысты ақпарат алам деушілер әлемнің әр жерінен өзіне қажет дүниені сайт мәзірінен жүктеп немесе таныса алады, – деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин. Медиахолдинг басшысы серіктестік қарауында 2 облыстық, 12 аудандық газет бар екенін, рухани жаңғыру аясында заман талабына сай басылымдарды дамыту ылғи қаперде болатынын атап өтті.

Конференцияда «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай қос газет тарихы рухани жаңғыру бастау болуда екенін айтты.

– Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында  «Жайық Пресс» ЖШС ұжымы елеулі еңбек етті. Бірнеше жыл бұрын «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Қазақстан» газетінің жинағы шыққанын айтып, сүйінші сұраған еді. Одан кейін «Ұран» газеті туралы біраз мағлұматпен таныс болдық. Біз ту қылып ұстап жүрген «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінің тарихы мен басылымды жарыққа шығарушылар жөнінде мағлұматтар мұндай толыққанды жинақ болып шыққан жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің өзі «Ұран» баспахасынан бастау алатынын көбі біле бермейді. Медиахолдингте еңбек етіп жатқан баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Құттымұратұлының еңбектерімен де кеңінен таныспын. Қазіргі уақытта айтылып жатқан «рухани жаңғыру» сөзінің мәніне терең үңілсек деймін. Алаш идеясының басты тақырыбы – жер мәселесі болды. Өңірлік басылымдар тарихы жазылған жинақтарда ел мүддесіне қатысты жайттар, ең бастысы, «рухани жете» ұғымы кеңінен көрініс тапқан. Жалпы жаңғыру дегеніміз не? Біз құр ұрандап қана қойсақ, биікке шарқ ұра алмаймыз. Мен жаһандану заманында рухани жаңғыруды «ұлттық майдан, азаматтық күрес» деп қабылдаймын. Осы ұлттық майданды бұрынғы бөкей ордалықтар, қазіргі батысқазақстандықтар ерте бастап кетті. 100 жылдан кейінгі жаңғыру жаңа бастауға ұлассын, – деді жазушы-ғалым.

– Облыстық басылымдар  мен медиахолдинг сайтында жарияланған ғылыми деректерді мұқият оқып отырамын. «Жайық Пресс» ЖШС зертеушілері газеттер тарихын тереңдетіп, «Ұран» газетінен бастау алатынын анықтады. Сонымен қатар 17 редактордың 14-і ату жазасына кесілгені мәлім болды. Республика бойынша өңірлік басылымдардың тарихын осылайша түбегейлі зерттеу басқа облыстарда қолға алынған жоқ, – деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қылышбай Сүндетұлы.

Конференцияда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев мерзімдік баспасөз жинақтарында жарияланған деректерді жете зерттеу маңызды екенін, газеттердің қысқаша тарихын мектеп және жоғары оқу орны оқулықтарына енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ардагер журналист Ғарифолла Көшенов облыс әкіміне ғасырлық ғұмыры тойланып отырған басылымдар құрметіне Орал қаласындағы қос көшеге «Орал өңірі» мен «Приуралье» атауларын беру жөнінде ұсыныс жасады. Конференция соңында «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова басылымдардың бағыт-бағдарымен таныстырып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

 «Орал өңірі»


Қос басылымның ғасыр тойы

Күні: , 86 рет оқылды


Жаңалықтың жаршысы, аймақтың айқын айнасы, ұлт мүддесі жолындағы іргелі істердің ұйытқысы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің жүз жылдығына арналған мерейтойлық шаралар түстен кейін облыстық қазақ драма театрында жалғасты.


Көрмеге облыстық қос басылымның жүз жыл бойы жарық көрген барлық сандары жинақталған тігінділер, қаламгерлердің саусағының ізі қалған жазу машинкалары мен қаламсаптары, шағын шынысында қилы тағдырдың табы қалған фотоаппараттар, баспасөз ардагерлерінің қолжазбалары, жеке құжаттары, алғысхаттары мен грамоталары сияқты жүздеген жәдігер қойылған.

Бес жыл бұрын «Жайық Пресс» медиахолдингінің жанынан ашылған баспасөз тарихын зерттеу орталығы мамандарының жанқиярлық еңбегі арқасында 19172017 жылдар аралығындағы басылым беттері түгел жинақталды. Олардың әрісі Ресейдің Мәскеу, Химки, Санкт-Петербор, Уфа қалаларынан, берісі Алматы мен Оралдағы мұрағаттардан табылған. Түрлі мұрағаттардан там-тұмдап жиналған газет сандарының көшірмелері баспадан қайта шығарылып, түптелген. Арасында түпнұсқалары да бар. Жауһар жәдігерлерімізді келешек ұрпаққа аманаттау және көздің қарашығындай сақтау мақсатында олардың бірсыпырасы заманауи үлгіде сандық форматқа ауыстырылған.

Ғасыр тоғысында аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешірген баспасөз жаршысы дәуір талабына сай араб, латын қаріптерінде және кириллицада жарық көргендіктен мамандарға біраз тер төгуге тура келген екен.

– Екі әліпбимен қосарланып шыққан газеттер де бар. Мәселен, мақаланың тақырыбы латын, ал мәтіні араб қарпімен басылған. Сөйтіп халықты бірте-бірте үйреткен. Отызыншы жылдары он жылдай уақыт латын әліпбиімен шығып тұрған. Сол кезде халыққа қиын болды ма, оны білмейміз. Бірақ қазіргі оқу барысында бізге қиын емес, өте оңай оқылады. Қолданыста болған әліпби кешегі Парламент ұсынып отырған нұсқадан бөлектеу. Ол кезде бір дыбыс, бір әріп деген қағиданы ұстанған. Айтпағым, қазіргі қоғам үшін латын әліпбиіне көшу жаңалық емес. Бұрынғы тәжірибені зерттеу керек, қандай кемшілігі, нендей жетістігі болды, соны қорытып барып, жалғастырып алып кетуге болады деп ойлаймын, – дейді баспасөз тарихын зерттеу орталығының бас маманы, журналист Қазбек Құттымұратұлы.

Қос басылым редакциясында қызмет атқарып, кейін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған оннан астам қаламгердің фотосуреттері мен өмірбаяны көрмеде тұтас бір қабырғаға орналасқан. Суреттері мен деректері тұңғыш рет көрмеге қойылған арыстардың қатарында облыстық газетте басшылық қызмет атқарғандары бар, ал екеуі – Халел Есенбаев пен Әбдірахман Байділдин республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің де редакторы болған.

Көрмеге келген көпшілік сондай-ақ қызығы мен шыжығы қатар жүретін журналистік қызметтің ең жарқын, ең елеулі, ең әсерлі сәттері таспаланған фотосуреттерді тамашалап, өңір журналистикасының қалыптасу және даму кезеңдеріне қызықты саяхат жасады.

Көрмеге қойылған жәдігерлер туралы мәліметтер толығымен жаңадан ашылған «1911.kz» сайтында топтастырылған. Енді оқырмандар әлемнің кез келген нүктесінде отырып, ғаламтор арқылы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің ғасырлық ғұмырнамасымен танысып, пікір алмаса алады.

* * *

Қос басылымның ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты шараға Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларынан арнайы ат терлетіп келген шығармашылық, зиялы қауым өкілдері, журналистермен қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің өңіріміздегі жанашыр оқырмандары, қос басылымда түрлі жылдары қызмет атқарған ардагер қаламгерлер, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеп, зерделеп жүрген тарихшылар мен жас ізденушілер қатысты.

Мерейтойға жиылған қалың жұртшылықты сахна төрінен ең алғашқы болып Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құттықтады.

– Құрметті тілшілер қауымы, ардагерлер, қала қонақтары! Биылғы жыл өздеріңізге белгілі ерекше жыл. Үстіміздегі жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялаған болатын. Осыған орай қаламызда көптеген мәдени шаралар өтуде. Соның бір көрінісі – жүз жылдық тарихы бар қос газетіміздің мерейлі тойы. Өз атымнан және қала тұрғындарының атынан қос газеттің үлкен мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Егемен еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қоса береді деген сенімдемін, – дей келе бір топ әріптесімізді Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен марапаттады. Олардың қатарында «Орал өңірі» газетінің жауапты хатшысы Жаннат Есполаева, дизайнері Жасұлан Көшекқалиев, «Приуралье» газетінің бөлім меңгерушісі Лучия Курарару, дизайнері Ренат Күсенов бар.

Сонымен қатар шаһар әкімі ғұмартанушы, БҚИТУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева мен «Жайық Пресс» ЖШС  жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығының бас маманы Қазбек Қабжанға Ғұмар Қараш атындағы арнайы төсбелгіні салтанатты жағдайда табыс етті.

Ғасыр куәсі қос басылымның мерейтойына орай қазақтың көрнекті ақыны әрі белгілі аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Қайрат Жұмағалиевке арналған «Нарын құмын аңсаған Қайрат ақын» атты республикалық ақындар мүшайрасы өткен болатын. Семей қаласының ақыны Қуаныш Еркінұлы, сондай-ақ Жаңақала ауданынан Сыйлыхан Жұмасалықұлы, қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алып жатқан Мәрлен Ғилымхан жүлдегерлер деп танылды. Оларды Қайрат Жұмағалиевтің жары Софья апамыз марапаттады.

– Қайрақаңның облыстық қос газетке деген ықыласы ерекше болатын. «Жайық Преске» жаңа ғимарат берілгенде қатты қуанды. Жазам дегені, ойындағысы көп еді. Сіздердің ықыластарыңызға рақмет, көзі тірісінде құрмет көрсеттіңіздер. Қайрақаңның 80 жылдығына орай мүшайра ұйымдастырып жатырсыздар. Қасиетті басылымда қызмет жасайтын бүкіл ұжым, басқарып отырған басшылар, бәріңізге сәттілік, табыс тілеймін, – деді Софья ана. «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Софья апамыздың иығына ақ жаулық жауып, қамзол кигізіп, ілтипат танытты.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Каменов пен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев астана-лық әріптестердің ақ тілегін арқалап келген екен.

– Тегінде қоғам толымды болу үшін шығармашылық пен шаруашылықтың егіз, қанаттас болғаны ләзім. Бүгін біздің осыған көзіміз жетті. Олай деп айтуыма себеп жеткілікті екен, сол көңілімді тоғайтты. Екі газеттің жүз жылдық тойына дайындық жұмысы және оны өткізу барысы академиялық, ғылыми негіздегі дайындықпен жүргізілгені шынымен қуантты. Шығармашылық дегеніміз, журналистика шығармашылық болмаса, дами қоюы, негізделе түсуі неғайбыл. Шаруашылық дейтініміз, білдей облыс әкімі Алтай Сейдірұлы екі сағаттың үстінде уақытын қиып, конференцияны өзі өткізді. Конференцияға қатысып отырып, үлгі болатын көп тұсты байқадым өзім. Соның бірі, жүзжылдық мерейтойтойға дайындық концепциясы бүкіл елге, облыстық, аудандық газеттердің мерейтойын өткізуге үлгі болатындай және тәжірибе етіп тарататындай. Сол жұмыс алдағы уақытта қолға алынса, қуанышымыз еселене түспек. Екінші мәселе, «Жайық Пресс» деген атына қарасаңыз, баспасөздің жоғын түгендейтін немесе кешегіні келешекке жалғайтын мекеме емес, газет шығаратын, күнделікті ақпаратты халыққа жеткізетін ұйым болуға тиіс еді. Бірақ Жантас Набиоллаұлы бастап, мекеменің атауын да, атқаратын функциясын да тым кеңейтіп жіберді. Осы мекеменің сипатын да, атауын да өзгертіп, кеңейтіп, академиялық-ғылыми нұсқадағы мекеме ретінде атауын қосымша қосып берсе деп ойлаймын. Атқарылған ұшан-теңіз жұмыс кеңейе түсу үшін жағдай жасалуы тиіс. Облыс басшылығы ескеретін болса, елге үлгі болатын тағы бір дүние болатынына сенемін, – деген толымды ой айтты Ерболат Тілекқабылұлы. «Егемен Қазақстанның» басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын табыстады. Ал Руслан Қанатханұлы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын тапсырды.

Мерейтойға орай «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазбек Қабжан мен «Орал өңірі» газетінің бөлім меңгерушісі Сәкен Әбілхалықов «ҚР ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұған қоса журналистер – Гүлбаршын Әжігерееваға, Қалиолла Қарағойшинге ҚР ақпарат және коммуникациялар министрінің Құрмет грамотасы және Наталья Гороховаға алғысхаты табысталды.

Тарихы еліміздің тағдырымен сабақтас, талай заманның шындығын танытар шежіреші, ұлт мүддесі жолындағы іргелі істердің ұйытқысы, облысымыздың рухани кемелденуінің көшбасшысы бола білген төл газетіміз алғашында «Ұран» атауымен бастау алды. Ел мен жер, қоғам мен әлеумет, саясат пен тарихтың сарапшысы әрі әділ сыншысы бола білген ел газеті халықтың көкірек көзін ашатын ақиқат айнасына айналды.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жүз жылдық мерейтойдың жоғары деңгейде өтуі тұтас ұжымның толассыз еңбегінің жемісі екендігін ерекше атап өтті.

– Газетіміздің 95 жылдық мерейтойы аталып өткен кезде «Біздің газетіміздің тарихы 1918 жылдан басталмайды, одан тереңде жатыр. Біз оны зерттейміз» деп айтқан едім. Айтқан уәдемізде тұрдық.

Біздің газеттеріміздің бастауы 1917 жылы 28 шілдеде Ғабдолғазиз Мұсағалиев редакторлық еткен газеттен басталатынына көзімізді жеткіздік. Ғалымдар бірауыздан құптады. Мінекей, биыл қос басылымның жүз жылдығы тойлануда. Ұлт ретінде сақталып, ел боламыз десек, өткенімізді бағамдап, бағалауымыз керек. Қағазға жазылған дүние де, тасқа қашалғаны да түптің түбінде жоғалады. Егер баспасөз тарихын, қазақ қаламгерлерінің, Алаш арыстарының еңбегін дәл қазір жинақтап, келешек ұрпаққа дұрыстап жеткізбесек, ол біздің азаматтығымызға сын. Жастар білсін, қызықсын, зерттесін деп жасадық осының бәрін. Біз баспасөз тарихына қатысты ондаған кітап шығарумен, газеттеріміздің тігінділерін жинақтаумен ғана шектелген жоқпыз, басқа да шараларды жүйелі түрде атқардық. Мәселен, «Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Елеусін Бұйринге, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевке қала әкімшілігінің қолдауымен көше атауларын бердік, көшелеріне суреттері мен сөздері жазылған билбордтар ілдік, терек отырғыздық. Бұл біздің ұлы тұлғаларға жасаған құрметіміз еді. Әріптестеріміздің күшімен «Қазақстан», «Ұран» т.б. бірнеше деректі фильм дайындадық. «Жайық Престің» бүгінгі ғимаратын музейге арнадық, келген адам бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін аралап шыққанда, газет тарихымен таныса алатын мүмкіндік жасадық. Жүзжылдыққа жасаған басты істеріміздің бірі – жүзжылдыққа жүз жылдық тігінді. Оған қоса «1911.kz» сайтының ашылуы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында, баспасөз саласында атқарылған игі іс деп толық айта аламыз, – деді Жантас Набиоллаұлы. Ол облыстық басылымдардың тарихын зерттеуге қосқан қомақты үлесі үшін Зеленов ауданына қарасты Асан ауылдық мешітінің имамы Мұратбек Жахатовты, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиеваны, өлкетанушы Ерсайын Мергенбаевты, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Марина Мырзағалиеваны, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР білім саласының құрметті қызметкері Роза Исатаеваны мерейтойлық алғысхаттармен марапаттады. Облыстық қос газеттің мерейтойына арналған байқау жеңімпаздары Нәби Әли мен Ұлболсын Молдағалиеваға сый-құрмет көрсетілді.

Бұдан соң сахна төріне көтерілген «Орал өңірі» газетінің ардагері, бірнеше жыл бас редактор қызметін атқарған Ғарифолла Көшенов, «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын, «Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның директоры Сағындық Рзахметов, «Айқын» газетінің төраға орынбасары Ермахан Шайхы, Атырау облыстық газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов өткен дәуір тынысымен тыныстап, қазіргі уақыт үнімен тілдескен қос басылымға ақжолтай тілектерін арнады. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова ғасыр куәсі қос басылымның мерейлі тойына алтын уақыттарын бөліп, арнайы келіп қатысқан барша жұртшылыққа алғыстарын айтты. Екі газеттің қазіргі ұжымы редакцияның байырғы ұрпақ сабақтастығы дәстүрін лайықты жалғастырып, ару Жайықтың айбынын асқақтату жолында еселі еңбек ете бермек.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

   

Ғарифолла КӨШЕНОВ,

ардагер журналист, «Орал өңірі» газетінің 1988-1991 ж. ж. бас редакторы:

– Өңірлік басылымдарды айтпағанның өзінде, тіпті республикалық басылымдардың ішінде ғасырлық межеге жеткені жоқ. Қос басылымның ғасырлық ғұмырында әріптесжолдастарыммен бірге 25-30 жыл ғұмырымызды арнап, қал-қадіріміз жеткенше қолтаңбамызды қалдырдық. Сондықтан алыста жүрген, бірақ шығармашылық ғұмырының денін осы өңірге арнаған бірқатар ардагер-азаматтардың атынан келіп қалған жағдайымыз бар. Біз газетке «Октябрь туынан» кейін бүгінгі «Орал өңірі» атымен шыға бастаған кезде келіп қосылдық. Демек, «Орал өңірінің» бастауында біз тұрдық. Бірқатарымыз арнайы шақырумен Қазақ университетінен, бірқатарымыз Оралдың пединститутынан келдік. Бірнеше талантты жас аудандық редакциялардан ауыстық. Жұмылып жұмыс істедік. Жас едік, жаңа толқын едік, бір творчествалық десант едік. Соның қадірін қазір біліп тұрмыз. «Орал өңірінің» әр нөмірін ғаламтордан ашып қарағанда, жастық шағым есіме түседі, әріптес-жолдастар ойға оралады, көбі марқұм. Жүз жылдық мерейтой қарсаңында екі газеттің бетінде қаншама зерттеу мақалалар жарияланды. Ғұмырын осы басылымдарда сарп еткен азаматтардың рухы тірілді. Ардагерлер үшін ең сүйінішті жайт осы деп білемін.

 

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

«Маңғыстау медиа» ЖШС-ның директоры:

– Қос газеттің ғасырлық мерекесі өте жоғары дәрежеде өтті. Орал баспасөз тарихын зерттеуге тұғыр, ұстын боларлық өңір екен. Қазақ баспасөзінің тарихы Оралдан басталуы керек екенін ұққандай болдық. Ендігі жерде ғылыми-зерттеу орталығын одан әрі дамытса, оған облыстық, республикалық деңгейде қолдау көрсетілсе деген тілегім бар. Әр өңір өзінің баспасөз тарихын зерттеуге талпынады, бірақ қайда барарын, кімнен үлгі аларын білмейді. Мінекей, соның нақты үлгісі Батыс Қазақстан облысында бар деуімізге толық негіз бар. Енді бұл тәжірибе басқа өңірлерге де таратылса дейміз.

 

Ермахан ШАЙХЫ,

«Айқын» газетінің төраға орынбасары:

– Облыстық қос басылымның мерейтойы жалпы қазақ жұртшылығына ортақ мереке.

Негізі қазақ журналистикасының тарихы сонау 1870 жылы «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттерінен бастау алса, ал енді тәуелсіздігіміздің тұғыры, іргетасы «Қазақстан» газеті арқылы қаланды. Алаш зиялыларының негізгі мақсаты, бағыт-бағдары «Қазақстан» газетімен үйлесім тапты, содан негіз алды десек артық айтқандық емес.

Бір ғасыр бойы «Орал өңірі» газеті түрлі атаумен жарық көріп келді. Бірақ қалай аталса да, осы өңірдің өсіп-өркендеуіне, жағымды жаңалықтарын елге, бұқараға жеткізуде, билік пен жұртшылық арасындағы алтын көпір болып келгені анық. Көптеген көкейтесті мәселелердің оңтайлы шешілуіне де ықпал етті. Баспасөз тарихы зерттеліп, зерделеніп, ғасырлық тігіндісі жинақталғанын көріп, көңіліміз марқайды. Үлкен тірлік істелген екен. Сондықтан «Жайық Пресс» басшысы Жантас Сафуллинге, екі газеттің ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

«Атырау» облыстық газетінің бас редакторы:

– Газеттің жүз жылдығы – өте үлкен мереке. Осы жүз жылдың ішінде бірнеше ұрпақтың, тұтас буынның өмірі жатыр. Қаншама адам қуғын-сүргінге ұшырады, өмірден баз кешті, тіпті жазықсыз атылып кеткендер де бар. Сондықтан бұл шараның тағылымы той тойлауда емес, кейінгі ұрпаққа ой саларлық толымды, тәлімді, тыңғылықты іс тындыруда. Қос газеттің жүз жылдық мерейтойының Алаш қозғалысының жүз жылдығымен тұспа-тұс келуін тарихи заңдылық деп есептеймін. Өйткені қазақ баспасөзінің тарихы Алаш арыстары қызмет еткен «Қазақстан» газетінен бастау алады.

 

Нәбира САЙЫНОВА,

«Орал өңірі» газетінің оқырманы:

–  «Орал өңірі» газетінің 1978 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Облыстың мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет атқарып келемін. Газеттің бас редакторы болған Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайырғалиев ағалармен қоян-қолтық жұмыс істедім. Отбасындағы қыз баланың тәрбиесі, келін тәрбиесі, ұлттық салт-сана тақырыбындағы мақалаларым жарық көрді. «Орал өңірін» өңіріміздің бетке ұстар бас басылымы ретінде  айрықша құрметтеймін. Газеттің ұшан-теңіз еңбегін тілмен айтып жеткізу қиын. Қазір жасарды, жаңарды. Аға буын салған сара жолмен жүріп келе жатырған өте қасиетті басылым.


Әліпби жәйі талқыға түсті

Күні: , 94 рет оқылды


Кеше облыс орталығындағы Достық үйінде мемлекеттік тілдің латын әліпбиінде стандартын енгізуге арналған бірыңғай республикалық күніне орай дөңгелек үстел оздырылды. Оған ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері, ғалымдар, ҮЕҰ мен саяси партиялардың өкілдері қатысты.


Басқосуды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандар алдында «Қазіргі тіл саясаты — латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері» атты тақырыпта облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Гүлнәр Әлжанова мен М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, ғылым кандидаты Құспан Ароновтың «Мемлекеттік тілдің латын әліпбиінде берілуінің бірыңғай стандартын енгізу туралы сараптама» атты баяндамалары тыңдалды.

— Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында және күні кешегі БАҚ өкілдерімен кездесуінде де ол латын әліпбиіне көшу мәселесін ұзақ мерзім бойы жан-жақты талқылап, нақты шешім қабылдау қажеттігіне тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы әзірге қолда бар әліпбидің нұсқасының толық аяқталған емес, тек халыққа ұсынылған жоба ғана екенін айтты. Елдегі қоғамдық пікір де Елбасының осы мәселеге тұғырнамасымен үндес келеді. Жалпы, латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің өрісін кеңейтеді және оны әлем өркениетіне одан әрі жақындата түседі. Бірақ оның астарынан ешқандай саяси мағына іздеудің қажеті жоқ. Өйткені ол — тап-таза тілдік және рухани қадам. Сонымен бірге оны науқаншылдыққа да айналдырмау керек. Тек әліпбидің стандартын қалыптастырудағы маңызды жұмысты біртіндеп және сатылап жүргізу арқылы ақырын алға басқан дұрыс. Төл таңбамызды сапалы және заман талабына сай асықпай алмастыру туған тілімізді тағы бір рет жаңғыртары сөзсіз, – деді Гүлнәр Жәрдемқызы өз баяндамасында.

— Қазір елімізде әліпби ауыстыру жәйі көп талқыланып жатқан тақырыпқа айналды. Кейбіреулер оны тез жаңғыртуды қаласа, екіншілері өткен ғасырдың 1929-1942 жылдары аралығында қазақ тілінде қолданылған латын әліпбиіне кері оралуды аңсайды. Екі түсінік те жаңсақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін дереу сол төл таңбаға көшкен өзбек ағайындар соңғы жиырма бес жылдың ішінде ұлттық әліпбиіне төрт рет тың өзгерістер енгізуге мәжбүр болған. Мұндай әбігершілікті түбі бір түркілер – әзірбайжандар мен түрікпендер, түріктер де бастан кешірді. Ал 1929-1942 жылдары қазақ тіліндегі латын әліпбиінің де кемшілігі көп. Сондықтан жақсы да жалпыға ортақ әліпби жасауда тек ғалымдар мен мамандар ғана емес, бүкіл ұлт болып, ұйымдаса күш жұмылдырған тиімді. Қалай десек те, латын әліпбиі келешектің еншісінде. Өйткені әлемдегі түркілердің 50 пайызы осы әліпбиді қабылдап, қанша қиыншылыққа қарамастан, одан бас тартудан аулақ, — дейді Құспан Ғұмарұлы өз сөзінде.

Баяндамашылардың айтуынша, осы жылдың аяғына дейін мемлекеттік тілде қолданылатын латын әліпбиінің стандарты беркуі тиіс. Қазір оның жүзге тарта жобасы ұсынылуда. 2018-2019 жылдары жаңа әліпбидің жазу жүйесі қалыптастырылмақ. Тек 2020-2022 жылдары ғана барлық іс-қағаздары жаңа әліпбиге саты-саты бойынша көшіріледі.

Алқалы басқосуда «Еділ-Жайық қазақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зинуллин, жазушы Александр Ялфимов, «Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық бөлімшесінің төрайымы Хадиша Мұқанова және басқасы ой-пікірімен бөлісті.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Мәңгілік елдің ұлы Абайы»

Күні: , 58 рет оқылды


«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  өңірдегі прокуратура  қызметкерлері  арасында  қазақтың  ұлы ақыны  Абай  Құнанбайұлының  172  жылдығына  орай  «Мәңгілік елдің  ұлы  Абайы»  байқауы  мәреге  жетті.


БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алғаш рет ұйымдастырылған шара мақсаты – халқымыздың рухани мұрасын насихаттау, Абай өлеңдері мен қара сөздері арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне деген құштарлықты арттыру, кейінгі ұрпақты отаншылдық  рухында  тәрбиелеу.

Үш кезеңнен тұратын байқауға қатысушылар алдымен Абайдың бір өлеңін мәнерлеп оқыды. Содан кейін Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдарға жауап берді. Үшінші кезеңде Абайдың қара сөзін оқып, түсініктеме берді. Олардың өнерін БҚО прокурорының орынбасары Тәжіден Найманов бастаған қазылар алқасы бағалады.

Сайыс қорытындысында облыс прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Әлия Денизбаева бас жүлдені жеңіп алып, Абайдың туған жеріне саяхаттау құқығына ие болды. Тасқала аудандық прокуратурасының жетекші маманы Бақытгүл Тәшімова бірінші, облыс прокуратурасының іс жүргізушісі Аида Тапишева екінші, Қаратөбе аудандық прокуратурасының іс жүргізушісі Бұлбұл Рысқалиева үшінші орынды еншіледі. Қаратөбе аудандық прокуратурасының прокуроры Райхан Мұқанова «Абайтанушы», Бөкей ордасы прокуратурасының прокуроры Нұрат Саматов «Көркем сөз шебері», Орал қаласы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Жандос Жұбанов «Қара сөз шебері» аталымымен марапатталды. Барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы  сыйлықтар  табыс  етілді.

Арман   БОЛАТҰЛЫ


Электронды сот ісі

Күні: , 81 рет оқылды


Өңірлік  коммуникациялар  қызметінде  «Республикамыздың сот  төрелігі   жүйесіндегі  электрондық  сот  ісін  жүргізудің  жаңашылдықтары»  тақырыбында  баспасөз  мәслихаты  өтті.


Шараға облыстық соттың төрағасы Бек Әметов және облыстық соттың алқа төрағалары Қайрат Адранов пен Ақан Жұмағұлов қатысты. Брифингте спикерлер сот ісін жүргізуге енгізілген және жуық арада іске қосылуы күтілетін электронды сервистің жаңа пилоттық  жобаларын таныстырды.

– 20 қыркүйектен бастап облыс соттарына «Электронды қылмыстық іс» пилоттық сервисі енгізілетін болады. Бұл жобаның жаңашылдықтары қағаз жүзіндегі құжат айналымын қысқартып, қылмыстық іс жүргізудің ашықтығын арттырып, оның қаралу мерзімін қысқартады және қағаз түріндегі құжат айналымына кететін шығын көлемін азайтады. Ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап күні бүгінге дейін 1028 сот бұйрығы электронды нысанда қаралды. Ақпараттық технологияларды сот ісін жүргізуде кеңінен қолдану, сотта татуластыру рәсімін жан-жақты дамыту және дауларды сотқа дейін реттеу институтын енгізу бойынша облыстық сот, БҚО әкімдігі және ҚР Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті үш жақты меморандумға қол қойғаны белгілі. Аталмыш құжат сот жүйесіндегі шиеленістің көлемін азайтуға, құқықтық ортаны қалыптастыруға себеп болатын дауларды шешудің баламалы амалдарын қолданудың мәселесі бойынша қарым-қатынасты нығайтып келеді. Татуластыру рәсімдерін де одан әрі дамыту мақсатында Жоғарғы сот азаматтық іс жүргізуде даулардың жекелеген санаттары бойынша медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу туралы пилоттық жобаны да іске қосты. Пилоттық жобаның басты міндеті татуластыру рәсімін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту және халықты соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау болып табылады. Медиация қажет болып табылатын даулардың санаттарына еңбек және мұрагерлік, некені бұзу, мүлікті бөлу туралы, қарыз келісімшарттары мен сақтандыру бойынша даулар жатады. Облыстық сот 2017 жылдың сегіз айында татуластыру рәсімдерін қолданумен 913 азаматтық іс қаралса, 128-і бітімгершілік келісімімен, 778-і сот медиациясымен, оның ішіндегі 205-і міндетті медиация пилоттық жобасы бойынша, жетеуі партисипативті рәсімді қолданумен аяқталды. Қылмыстық істер бойынша соңғы сегіз айда татуластыру рәсімін  қолданумен 229 іс тәмамдалса, бұл 356 қысқартылған істің 84%-ын құрап отыр. Электронды сот төрелігінің тиімділігі барша тұрғындар үшін сот ісін жүргізудің ашықтығы мен жариялығына кепіл болмақ, – деді облыстық соттың төрағасы Бек Әметов.

Сондай-ақ  спикерлер Жоғарғы сотпен жүзеге асырылатын пилоттық жоба аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде электронды сот ісін дамыту және сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру мақсатында Орал қалалық №2 соты мен мамандандырылған ауданаралық  экономикалық сотта электронды сандық қолтаңба берілуін іске асыратын және сот органдарының электрондық сервисіне қол жеткізу үшін мемлекеттік қызмет көрсететін мобильді ХҚКО бөлімшесі ашылғандығынан хабардар етті. Облыстық соттарда «Сот кабинеті»  сервисі іске қосылғалы бері  2 200 106 арыз келіп түскен. Электронды сот бұйрығы борышкерді және өндіріп алушының түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай, сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша өндіріп алушының арызы негізінде шешім шығаратынын және  атқарушылық  құжат күші болатындығын атап кеткен жөн. Электронды жолданған арыздарға жауапты сот қызметкерлері  барлық тіркелген құжаттармен бірдей қажетті көмек көрсетіп, сервис жұмысына байланысты өзге де сұрақтарға жауап береді. Сонымен қоса қылмыстық процестегі азаматтардың мүддесін оңтайландыру, тергептексеру тиімділігін жақсару мақсатындағы меморандумға орай соңғы екі айда барлығы 1270 қылмыстық іс аяқталып, 87-сі сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу тәртібімен, 187-сі келісімдік іс жүргізу тәртібімен және 314-і қысқартылған тәртіпте қаралған. Сонымен қоса жуырда облыстық сот, прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және облыстық ІІД мен БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына құқықтық көмек көрсету бойынша бес жақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Аталмыш меморандумның мақсаты халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қатысты күдіктілер мен айыптаушыларды кешенді зерделеу арқылы олардың жеке және нақты өмірлік жағдайларын саралап, жеке көзқарасын анықтау кезінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді жүзеге асыру болып табылады. Іс-шаралар кешені медициналық қызмет көрсетуді, орта білім алуды, жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер алуды, мамандық меңгеруді, жұмысқа орналасуға жердемдесуді, психологиялық кеңес беруді, әлеуметтік патронаж не отбасылық  жағдайды қалпына  келтіруді  қамтымақ.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Қолжетімді әрі ыңғайлы

Күні: , 72 рет оқылды


Облысқа  екі  күндік  жұмыс  сапарымен  келген  Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік  қызмет  істері  және  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  саясат департаментінің  директоры  Салауат  Мүксімов  алдымен  Орал  қалалық  әкімдігіндегі  «Ашық  әкімдік»  жобасының  іске  асырылу  барысымен  танысты.


Аталмыш жоба мемлекеттік қызметті алушыларға мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы жағдайда алуға мүмкіндік береді. Қалалық әкімдіктің бөлімдерімен баламалы түрде мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдайтын және өңдейтін алаң құрылды. Операциялық залда электронды кезектер қойылып, қызмет ұсынудағы кедергілер барынша азайтылып, жайлы күту орындары жасалып, кондиционерлер орнатылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында күту залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтерді алу және олардың нәтижесіне шағымдану тәртібі тақырыбында келушілерге бейнероликтер  көрсетіледі.

«Ашық әкімдік» жобасы шеңберінде жер қатынастары, сәулет, және қала құрылысы бөлімдерімен 10 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Бұл жоба іске қосылғалы 2 466 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде жеке тұрғын үй, шаруашылық құрылыстарына  рұқсат беру және өзге де қосымша қызметтер көрсетіледі.

Орал қалалық әкімдігіндегі кездесу барысында С. Мүксімов «Ашық әкімдік» жобасының негізгі жұмыс көрсеткіштерімен, талдау нәтижелерімен танысып, жобаның жұмысын жақсарту бойынша тиісті ұсыныстар берді.

Бүгінде аутокөліктерді тіркеу саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жүгінушілер аз емес. Мұндай мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру мақсатында еліміздің өңірлерінің басым бөлігінде арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылғаны белгілі. Алайда облысымызда әзірге арнайы ХҚКО ашылған жоқ.

Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихандау бөлімдерімен үш орында (Орал қаласы, Бөрлі және Қазталов аудандарында) көліктерді тіркеу қызметтері  көрсетіледі.

С. Мүксімов облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихандау бөліміндегі қызметкерлермен кездесу барысында бөлімнің жұмысымен, соның ішінде аутокөлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бағытындағы жұмыстармен жете танысты. Сондай-ақ ол қызмет алушылармен де жүздесіп, пікірлесті.

Мемлекеттік қызметті алуда тұрғындар жиі бас тірейтін орындар халыққа қызмет көрсету орталықтары екені сөзсіз. ХҚКО-ларда халыққа ыңғайлы және сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін барлық жағдай  жасалуда. Облыста халыққа қызмет көрсету орталықтарының 14 бөлімшесі бар. Биылғы сегіз ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 993 529 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Орал қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ БҚО филиалының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің №1 бөлімшесінде болған С. Мүксімов облыстағы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысты. Ондағы мемлекеттік қызмет алушылармен сұхбаттасып, қызмет берушілердің жұмыстарын жақсарту бойынша тұрғындардан сындарлы ұсыныстар алуға дайын екендігін, сондай-ақ агенттіктің интернет-ресурсындағы арнайы айдар арқылы өз пікір-ұсыныстарымен бөлісуге болатынын жеткізді.

2017 жылдың сегіз айы ішінде облыстың мемлекеттік органдары  2 571 578 мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның ішінде қағаз жүзінде 592 126 (немесе жалпы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 23%-ы), мемлекеттік корпорация арқылы 887 929 (34,5%) қызмет көрсетілген, ал электронды форматта 1 091 523 (42%) қызмет көрсетілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментімен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамалардың сақталуына 34 тексеру шаралары жүргізілген, соның ішінде 26 жоспардан тыс (тоғыз жоспардан тыс шағымдар бойынша, 17 жоспардан тыс агенттіктің тапсырмасы бойынша), сегіз ішінара тексеру болған. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 1 971 заңбұзушылық анықталып, 12 қызметкер тәртіптік  жауапкершілікке  тартылды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Клиникалық ауруханаға – 150 жыл

Күні: , 67 рет оқылды


Кеше  облыстық  клиникалық аурухананың  150  жылдығына арналған  салтанатты  шара өтті.  Облыстық  қазақ  драма театрында  ұйымдастырылған мерекелік  кешке  аталмыш ұжым  ардагерлері  мен қызметкерлері  қатысты.


Салтанатты жиын сонау патша үкіметі кезінде негізі қаланған аурухананың тарихы, бүгінгі жетістіктері және сала ардагерлерінің естеліктерінен құралған бейнефильмді тамашалаудан басталды.

– Сонау 1867 жылы құрылған алты кереуеттік стационар бүгінде 150 жылдық тарихы бар, уақыт талабына сай іргелі мекемеге айналып отыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазылғанындай, бұқаралық сананы өзгерту үшін қоғам өзінің тарихына мән беріп, оны дәріптеп, айтулы оқиғаларды біліп отыруы керек. Бүгінгі таңда облыстық  клиникалық  аурухана – кеңесші емханасы бар, шұғыл көмек көрсете алатын, облыстың барлық тұрғындарына қолжетімді, науқастарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ете алатын ең ірі ауруханалардың бірі. Қазіргі уақыт талабына сай денсаулық сақтау саласына көптеген өзгерістер мен реформалар енгізілуде, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтау сөзінде. Ол «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан бірқатар ілкімді істерге де тоқталып өтті. Арман Кәрімұлы хирург-дәрігер Ербол Есеев және дәрігер-эпидемиолог Динара Мәжитоваға облыс әкімінің алғысхатын табыс етті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қала әкімдігі және аталмыш аурухана басшылығы тарапынан медицина саласының бірнеше қызметкері мерекелік төсбелгі, сый-сияпатпен марапатталды. Салтанатты кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрілді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Оксана  КАТКОВА


Монумент ашылды

Күні: , 87 рет оқылды


Облыстық  клиникалық  аурухананың  150 жылдығы  аясында  аталмыш  аурухана  ауласына  жаңа  монумент орнатылды.


Облыстық клиникалық аурухана директоры Ерлан Тоқсановтың айтуынша, өзі басқаратын ұжым қызметкерлерінің идеясы бойынша жасалған жаңа монумент  барлық медицина қызметкерлерінің құрметіне қойылған. Оралдық мүсінші Ерғали Бекешов жасаған монументте айналасына жарық шашқан майшамды ұстап тұрған қолдар бейнеленген. Шарада аталмыш мекеме директоры аурухана ардагерлері мен қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жетістіктер тіледі. Аурухана дәрігерлеріне алғысхат және төсбелгілер табыс етілді.

Өз  тілшіміз


Демпингке қарсы шаралар алынбақ

Күні: , 59 рет оқылды


Кеше  облыстық  мәслихатта  мемлекеттік  сатып  алу туралы  заңнама  нормаларына  түсінік  беру  және  жаңа тәсілдерін  талқылауға  арналған  аймақтық  семинар-кеңес  өтті.  Жиынға  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  пен  ҚР  Қаржы  вице-министрі  Руслан  Бекетаев  қатысты.


– Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ашықтықты қамтамасыз ету және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді міндеттеген болатын. Соған орай өңірімізде арнайы семинар өтуде. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, мұндай шара ұйымдастырғандары үшін Қаржы министрлігінің басшылығына ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар осы жиынға арнайы келген көрші облыстардың делегацияларына алғысымды арнаймын. Барша қонақтар Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер! Бүгінгі семинарымыз табысты болады деп ойлаймын, – деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған вице-министрі мұндай шараны Орал өңірінде өткізу дәстүрге айналғанын жеткізді. Былтыр күзде де осындай шара ұйымдастырылған еді. «Бүгінгі семинарымыздың мақсаты – мемлекеттік сатып алу саласында болып жатқан және ұсынылған жаңа тәсілдерді бірлесіп талқылау, – деді Руслан Бақытжанұлы. – «Біз орталықта болғасын мемсатып алуға байланысты жергілікті жерлерде орын алып жатқан түрлі мәселе, кедергілерді жөнді білмейміз. Осы бағытта қызмет жасап жүрген мамандармен кері байланыс орнатуымыз үшін бізге осындай кездесу ұйымдастыруға барлық мүмкіндікті жасағаны үшін облыс басшылығына ризамыз. Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі Елбасының биылғы Жолдауы арқылы қойылған міндетке сәйкес мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын заңнамалық реттеуін көздейтін заң жобасын дайындады. Сонымен қатар заң жобасы мемсатып алу туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулерді көздейді. Таяуда ол Парламент Мәжілісінің қарауына жолдандады. Астанадан келген делегациямыздың құрамында осы заң жобасын дайындаумен айналысқан, мемсатып алуға техникалық қызмет көрсетумен шұғылданатын мамандар бар. Олар – тиісті мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты шешім қабылдауға құзыретті жандар. Сол себепті осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып қалыңыздар».

Қаржы министрінің биылғы 15 маусымдағы №384 бұйрығымен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын, олар 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Семинар-кеңес барысында осы мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Осынау жайттарды талқылау кезінде облыс әкімі де өз ұсынысын айтты.

– Мен демпинг мәселесіне қатысты пікір білдірсем деп едім. Бұрын оның шекті көлемі болатын. Қазір ол алынып тасталды. Бұл бір жағынан жақсы, мемлекет сатып алу шаралары кезінде біраз қаржыны үнемдейді. Мәселен, біздің облыста 2,5 млрд. теңге осылай үнемделді. Бірақ іс жүзінде мұның да олқы тұсы бар екенін мойындауымыз керек. Егер жобалауға қатысты айтар болсақ, онда жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) негіз болып табылатыны белгілі. Егер ЖСҚ сапалы жасалса, салынатын құрылыс нысаны сапалы болып шығады. Мұндай құжатты тәжірибесі, мамандары бар мекеме дайындаса, ол сапалы шығатыны анық. Ал қағаз жүзінде ғана әлеуеті жақсы деп танылған, ал шын мәнінде ондай мүмкіндігі жоқ кәсіпорындар демпинг негізінде тендерді ұтып алып жататын жағдайлар кездеседі. Олар жасаған жобалардан артынан түрлі мәселе пайда болады. Яғни олардың тәжірибесінің жоқтығынан, плагиаттылықпен айналысуынан құрылысты жүргізушілер қиналады. Ал танымал, жауапкершілігі мол компаниялар үшін демпинг негізіндегі тиесілі қаржы тиімсіз. Мұның бәрі сапаға, мемлекеттік бағдарламалардың талапқа сай орындалуына кері әсерін тигізетіні аян. Осыған орай алдағы уақытта бұл бағыттағы талаптарды күшейтудің жолдарын қарастыруды сұрағым келеді, – деді Алтай Көлгінов.

Бұл сауалға жауап берген вице-министр жаңа заң жобасында аталмыш мәселе қарастырылғанын айтып, төменгі шектеулі лимит белгіленгендігін жеткізді. Қаржы министрлігі мемсатып алуда түрлі салаға қатысты түрлі лимиттер енгізбекші. Лимит көлемі осындай жиналыста, көпшіліктің ұсыныс-пікірі негізінде дайындалатын болады.

Жалпы семинар барысында Қаржы министрлігінің комитет, департамент басшылары күн тәртібіндегі мәселеге қатысты баяндамалар жасады және жосықсыз қатысушылар, мемсатып алуға қатысты ресімдерді жеңілдету сынды  жайттар  кеңінен  талқыланды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Динара  КЕНДІРБАЕВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика