Мұрағат: 13.09.2017


Сахнада – отбасылық ансамбльдер

Күні: , 32 рет оқылды


Облыстық қазақ драма театрында «Өнер шамшырағы» отбасылық ансамбльдер байқауы мәреге жетті.


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасы мәртебесін арттырып, оларға қолдау көрсету, халқымыздың дәстүрлі өнерін дамыту мақсатында БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған өнер сайысына 10 отбасылық ансамбль қатысып, бақ сынады.

Байқау барысында отбасылық ансамбльдер мүшелері өздерін әр қырынан танытты, яғни бірі қазақтың қасиетті қара домбырасымен сахнаға шықса, екіншісі эстрадалық жанр, баянды қолға алды.

Үшіншісі өнерін бимен өріп, көпшілік қошеметіне бөленді.

Өнер додасына өңірге танымал әнші-термеші, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықтық Қабиевтер отбасылық ансамблі және «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі Баян Қабиева бастаған қазылар төрелік етті. Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес көптеген жобалар қолға алынуда. Соның ішінде дәстүрлі өнерімізді дамытуға мол мүмкіндік туып отыр. Осы орайда өзіндік қолтаңбасы бар отбасылық ансамбльдердің қатары көбейе берсе, нұр үстіне нұр болар еді», деді Б. Қабиева.

Сайыс қорытындысында қазыналы қазақ өнерін жоғалтпай, ұлттық өнерді атадан балаға мирас етіп келе жатқан отбасылық ансамбльдің ең жүйріктері анықталып, олар гала-концертте сахнаға шықты. Атап айтқанда, Жәнібек ауданынан келген Кәрімовтер отбасылық ансамблі бас жүлдені жеңіп алса, Хасановтар (Қазталов) бірінші, Сисеновтер (Зеленов) мен Байтеміровтер (Қаратөбе) екінші, Қабиевтер (Теректі), Байғалиевтер (Шыңғырлау) және Боташевтар (Бөрлі) үшінші орынға ие болды. Олардың бәрі де дипломдармен, алғысхаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

Елжан ЕРАЛЫ


Жыр тойы, рухани жаңғыру тойы

Күні: , 34 рет оқылды


Қаламгер, әдебиет зерттеушісі, көрнекті ақын Сағынғали Сейітовтың 100 жылдығына арналған шаралар ол түлеп ұшқан Ақжайық ауданында жалғасты.


Осы күнмен кітапханашылардың «Цифрлы Қазақстан: кітапхана дамуына жаңа серпін» атты форумы тұстас келуі мерейтойлық шаралармен ғажап үйлесім тапты. Батыс Қазақстан аймақтарынан кітапханашылар жиналған форумның ашылуында аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйледі. «Қылышынан қан тамған тоталитаризмнен қаймықпаған Жұбан Молдағалиев пен сырлы да сұлу жырдың иесі Сағынғали Сейітовтің тағылым-тәлімін жас ұрпаққа жеткізуде ой ордасы, рухани отаулар – кітапханалардың алар орны ерекше. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласында көзделген мұраттарға жетуде сіздерге, яғни нағыз шексіз қазына сақшыларына халқымыз зор сенім жүктейді», – деді ол.

Аудандық, облыстық айтыстардың жүлдегері, құрайлысайлық кітапханашы Мейірман Шәкенов жиналғандарға жырдан шашу шашты.

Ауыл-аймақты кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етіп, оқырмандарды түрлі оқулықтар мен әдебиеттерді оқуға мүмкіндік туғызуда кітапханаларда заман талабына сай құтты қадамдар бар. Ақжайық ауданы бойынша 45 кітапхананың 8-і модульді болып табылады. Бұл форумға келген делегация құрамында Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева, Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұл, төрт облыстан кітапханалардың өкілдері С. Сейітов сынды поэзия тарланбозының еңбегін насихаттауға байланысты тәжірибелерін ортаға салды. С. Мұқанов, Ж. Саин, Ә. Сәрсенбаев, Ж. Молдағалиев, Х. Ерғалиев, Ғ. Орманов, басқа да әдебиет алыптарымен иықтаса бірге жүрген Сағынғали ағаның, мәселен, Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет секторында қарымды еңбек еткен кезінде «Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очерктері» атты ұжымдық қомақты еңбектің төрт тарауын, өзіне көркемсөзде ұстаз тұтқан көрнекті қалам қайраткерлері – Ғ. Мүсірепов пен Т. Жароков туралы сыни-ғұмырнамалық очерктер жазып, Қ. Жармағамбетовпен бірге С. Мұқанов шығармашылығын безбендегені, «Қырық жылда» монографиясының негізінде ғылыми диссертация қорғағаны баяндалды. Форум «ХХІ ғасыр кітапханасы: позитивтік өзгерістер» атты экскурсияны тамашалаумен жалғасты.

Аудан орталығындағы Жұбан Молдағалиевтың ескерткіші жанында мерейтойға арналған сағат өтті. Осында оларды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі. Ол қазақ мәдениеті мен әдебиетінен ойып тұрып орын алған әйгілі Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовтың арасындағы байланыс пен сыйластықтың талайға үлгі болатынын әңгімелеп, оларды ұлықтауға байланысты әлі талай іздену керегін атап көрсетті.

Аудандық «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшесі, Қ. Байсықов мектебінің 11 сынып оқушысы Аружан Махамбетова С. Сейітовтың өлеңін оқыды. Жиналғандар Ж. Молдағалиевтың сөзіне И. Жақанов жазған әйгілі «Еділ-Жайық» әніне өткен жылы қойылған ескерткішті тамашалап, аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі С. Сейітовтың тұтынған заттарынан жасақталған жеке кабинетінің ашылуына куә болды. Музейде қаламгердің жылдар жүзінде жарық көрген кітаптары, еңбегі үшін алған медальдары, қазақ-кеңес әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін алған грамотасы, жақын жандарымен, майдангер жолдастарымен түскен фотосуреттері, сонымен қатар, жеке заттары: домбырасы, қамшысы, киген киімдері және жұмыс үстелі қойылған.

1936 жылы облыстық газетте жарияланған тырнақалдысынан бастап, халықтың баласы болған тарланбоздың 70 жылға жуық шығармашылық жолында 50-ге тарта туындысының тұсауы кесілді. Таңдамалы томдықтарымен қатар әдебиет оқулықтарын, құнды ғылыми монографияларын жарыққа шығарды. 60-70 жылдары «Правда», «Красная звезда», «Литературная газета» газеттерінде, «Октябрь», «Знамя», «Советский воин» журналдарында, «Советская поэзия за 60 лет» 4 томдық антологиясында, кейінірек «Казахстанцы о Москве» (1998), «Казахстанцы защищают Москву», (2001) монументтік басылымдарында өлеңдер топтамалары жарияланып, оның еңбегі тіпті алысқа танылды. Осындай абзал жанның шығармаларын, еңбегін әлде де кеңінен насихаттау жолында атқарар іс аз емес. Қаламгердің ескерткішін ашу салтанатында осы жайында айтылды. Жалпы биіктігі 1,9 метр бұл мүсін (авторы Дмитрий Баймұқашев) аудандық кітапхананың алаңында орнатылды. «Бар өмірін әдебиетке арнап сарп еткен қаламгердің жұрт жүрегіне жазылғаны осы емес пе? Осы тұлғаны Алматы, Астана қалаларында ұлықтаған шаралар өтуде, десек те, кіндік қаны тамған жердегі шырайлы күндердің жөні бөлек. Бұл мүсінді қазақтың рухына қойған ескерткіш деп санауымыз керек», – деді шарада сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай. Дидар Сағынғалиқызы және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева ескерткіштің жамылғысын ашты. Дидар көзіне жас алып тұрып, «әкеміз ортамызға келгендей, ерекше толқып тұрмын», – деп сөз саптады. Абай атындағы мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Жанболат Нығматуллин ақынның «Сен мені іздейсің бе, оқыр-маным?» атты өлеңін мәнерлеп оқыды.

Осы күні түстен кейін «Сағынғалидың сырлы әлемі» атты салтанат аудан орталығындағы мәдени-демалыс орталығында өтті. Жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, сондай-ақ қадірлі меймандар Ғалым Жайлыбай, Ақұштап Бақтыгереева, Илья Жақанов, Дидар Сағынғалиқызы, ақынның қарындасы Роза Бозтайлақова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көркемсурет академиясының академигі, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Отарбай Кендір мерейтойдан әсерлерімен бөлісті. Қаламгердің ғұмыр деректерінен хабар беретін бейнеролик көрсетілді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Тілес Жазықбай С. Сейітовтің шығармашылығы туралы баяндама жасады.

Бұдан соң ақын мерейтойына үш аталым бойынша жарияланған “Сұлу сөздің сардары” атты аймақтық байқаудың қорытындысы жарияланды.

Байқауға ұсынылған 200-ден астам жұмысты ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, «Ақберен» жас ақындар клубының жетекшісі Талап Таймасұлы, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық өнер және мәдениет орталығының директоры Бауыржан Халиолла сынды қазылар құрамы саралаған болатын.

С. Сейітов өмірі мен шығармашылығынан “Таланты тау боп көрінсе» атты кітапханалар арасындағы әдістемелік құралдар шығару аталымы бойынша бас жүлдені БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасының әдіскері Ләззат Абдолова, І орынды Қазталов аудандық орталықтандарылған кітапханалар жүйесі балалар кітапханасының қызметкері Ботакөз Айтмағамбетова, ІІ орынды Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Гуля Сейітова, ІІІ орынды Атырау облысы, Жылыой ауданы Құлсары қалалық кітапхана директорының орынбасары Балзия Кенжебекова иеленді.

Ақынның өлеңдерін “Ақ жауын жыры төгілсе…” атты мәнерлеп оқу аталымы бойынша бас жүлдені Оралдағы №30 мектептің оқушысы Азамат Нұрлыбек, І орынды Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан Елдос Құлшаров, ІІ орынды мәнерлеп оқудан республикалық байқауларының жеңімпазы, жәнібектік Ақнұр Азаматова, жаңақалалық Манас Болатов, ІІІ орынды оралдық Мархаббат Серіков, Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушысы Айару Әділ жеңіп алды.

“Өлең боп ақын өрілсе…” атты өлеңдер аталымы бойынша бас жүлдемен оралдық Мәрлен Ғилымхан, І орынмен «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов, ІІ орынмен белгілі ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Әділет Орынбасаров, ІІІ орынмен атыраулық Рахымжан Орынбасаров, Жәнібек ауданынан Оралбек Ысқақ қошеметтелді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, халықаралық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов, сондай-ақ Әнуар, Венера Нұрғалиевтер, Инабат Қуанғалиева ән әуелетті.

Мерейтой сөз зергерінің кіндік қаны тамған Жұбан ауылында жалғасты.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


«Өз дәуірінің дауылпазы»

Күні: , 26 рет оқылды


Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында көрнекті ақын, сыншы, аудармашы, әдебиеттанушы, ғалым Сағынғали Сейітовтың 100 жылдығына арналған «Өз дәуірінің дауылпазы» атты еске алу кеші өтті.


Шараға ҚР Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, аталмыш басқарманың облыстық филиалы төрағасы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, мерейтой иесінің қыздары Дидар және Дилбар Сейітовалар, қарындасы Клара Дүйсенқызы, композитор, жазушы Илья Жақанов, сондай-ақ облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

Кеш ақын өмірбаянынан сыр шертетін бейнеслайдты тамашалаудан басталды. Ақынның соғыс жылдарында жазылған отты өлеңдері оқылды.

– Ақ ерке – ақ Жайық тағы бір ақиық ұлын алақанына салып, аспандатып, ұлықтап жатырған шағында бәріміз жан-жақтан Сағынғали ағамыздың рухына басымызды иіп, мерейлі тойына жиналып отырмыз. Биыл Қазақстан бойынша үш қаламгердің мерейтойы мемлекеттік күнтізбеге енгізілді. Соның біріншісі – Сағынғали Сейітов. Сағынғали Сейітов адамсүйгіш, адамның жанына үңілгіш ғажайып мінезімен ел-жұрттың арасында, әдеби ортада өмірін өткізген шын мәніндегі сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болатын. Оның ғалымдығына, әдебиет зерттеушілігіне сонау Маяковский, Ғабдолла Тоқайдан бастап, өзі қатарлас шығармашылық адамдарына дейін жазған мақалалары айғақ. Кешегі тәуелсіздік алған жылдарымызда Мағжанның өнері туралы керемет мақаласы жарық көрді. Сәкең бір ғасыр бұрынғы төңкерістің қайнап тұрған шағы 17-жылда дүниеге келіп, талай құбылған қоғамдық құбылыстарды басынан өткере жүріп, өмірінің соңына дейін ұрпақ тәрбиелеп, 50-ге тарта кітап шығарып, бірқатар еңбектерін өзге тілдерге аударып үлгеріпті, – деген ақын Ғалым Жайлыбай Сағынғали Сейітов туралы өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғалары шерткен құнды естеліктерге, арнауларға тоқталып өтті.

Шара барысында ақынның қызы Дидар Сағынғалиқызы әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Кештің құрметті қонақтары Илья Жақанов, Ақұштап Бақтыгереева да мерейтой иесі туралы ыстық лебіздерін білдірді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Бөрлідегі бес ауылдың бас жоспарлары жасақталмақ

Күні: , 22 рет оқылды


«Өңірлерді  дамытудың  2020  жылға  дейінгі  бағдарламасы»  аясында  биыл  Бөрлі  ауданында  біраз  жоба  жүзеге  аспақшы.  Айта кету керек,  аталмыш бағдарлама  шеңберіндегі  жергілікті  өзін-өзі басқаруды,  қаржылық  қолдауды  Бөрлі  ауданы  республикалық қазынаға  иек  артып  қана  қоймай,  өз  қаражаты  есебінен  де жүргізіп  келеді.


Бөрлі аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға қазіргі уақытта Бөрлі және Александров ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін су құбырлары тартылып жатыр. Ал аудандық қазынадан қаралған қаржыға Кеңтүбек ауылында 50 орындықты балабақша салынуда. Көп кешікпей Пугачев, Кеңтүбек, Қанай, Жарсуат ауылдарында 4 пәтерлік тұрғын үй бой көтермекші. Ақбұлақ ауылына кіре берістегі 15 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, жөндеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар аудандағы даму әлеуеті жоғары болып саналатын Пугачев, Кеңтүбек, Жарсуат, Киров, Приурал ауылдарының бас жоспарлары дайындалуда.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдауға аудандық бюджеттен қаржы бөлінуінің нәтижесінде ауылдардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты біраз мәселе өз шешімін тапты. Мәселен, аталмыш бағдарлама басталған 2013 жылы ауданның Пугачев ауылдық округіндегі Бесағаш ауылын сумен жабдықтау мақсатында сорғы сатып алынып, орнатылды. Оған аудандық бюджеттен 941,3 мың теңге бөлінді. 2015 жылы Бөрлі ауылында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіліп, Қанай ауылындағы су құбыры қайта жаңартылды және Жаңаталап ауылы да сумен қамтамасыз етілді. Ал көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру, иесіз қалған нысандарды бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтары, мал қорымдары полигондарын жайластыру, балалардың ойын алаңдарын орнату бағытындағы жұмыстар ауданның барлық дерлік ауылында жүзеге асты. 2013 жылы 16 641,3 мың теңгеге 18 елді мекендегі көшелерге жарықтар өткізілді, бұл іс-шаралар келесі жылы да жалғасын тапты. 2014 жылы сондай-ақ 14 ауылдық округ аумағындағы елді мекендерді көгалдандыру, тұрғын үй қорын сақтау, ауылда тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтарды шығару, рұқсат етiлмеген қоқыс тастайтын жерлердi жою, иесiз қалған нысандарды бұзу, мал қорымдары полигондарын жайластыру секілді жұмыстар атқарылды. Жергілікті қазынадан осынау жұмыстарға 27 007,6 мың теңгеге қаражат қаралды. Сол жылы Ақсу, Александров, Березов, Тихонов ауылдарында балалардың ойын алаңдары орнатылды. 2015 жылы Киров, Кеңтүбек және Ақбұлақ ауылындағы сәбилер осындай қуанышқа кенелді. Бөрлі, Жарсуат, Приурал, Пугачев, Березов ауылдарының жолдары реттелді. Сегіз ауылдың бөгеттері жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде ауыл маңындағы бөгеттер жаңа кейіпке еніп, қазір жаңбыр мен қар суларын ұстап қалуға өз септігін тигізуде. Елді мекендерді абаттандыру жөніндегі іс-шаралар былтыр «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасымен бірге атқарылып, нәтижесінде 11 жоба жүзеге асты. Сөйтіп ауданның көп ауылындағы ескерткіштер жаңартылып, парктер қоршалды. Кейбір елді мекендерге балалар ойын алаңдары орнатылды. Ауылдарды дамытып, көркейту бағытындағы осындай игілікті істерге  бөрліліктер  риза.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Бөрлі  ауданы


Арманыма жол ашқан басылым

Күні: , 27 рет оқылды


«Орал өңірі» газетінің менің өмірімде алар орны ерекше. Себебі, мектеп қабырғасында жүріп, қойын дәптеріме жазған «шимайларымды» өлең етіп түзетіп, көпшіліктің назарына ұсынған осы басылым еді.


Бағым мен бабымның қатар шапқандығы шығар, шығармашылық жолдағы алғашқы жеңісіме де сүйікті газетім себепші болды. Редакция ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атандым. Нақтылап айтсам, 8-сыныпта оқып жүргенімде, «Орал өңіріне» мақала жолдадым. Ол газеттің «Айналайын» айдарымен ұдайы жарияланатын балаларға арналған бетте «Әке мен көке тұрғанда, «папа» сөзін қайтеміз» деген тақырыпта жарық көрді. Артынан осы мақалам газет редакциясы ұйымдастырған балалар шығармашылығы байқауында «Ақыл жастан» аталымында үздік деп танылды. Журналист аға-апаларымның айтқан тілектерінен кейін, редакция тынысын көргеннен соң тілші болсам деп армандай бастадым.

Мектебімді «Алтын белгіге» тәмамдап, армандаған оқуыма да түстім. Яғни еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі — Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті атандым. Биыл бұл ЖОО-ны қызыл дипломмен аяқтап, «Ақжайық» телеарнасының тілшісі болып еңбек жолымды бастадым.

Облысымыздың бас газетін бір ғасыр мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, мендей балғынның арманына жол ашқаны үшін оған өз алғысымды арнағым келеді. «Орал өңірінің» алар асулары көп болсын! Мен сияқты өрендерге бағыт-бағдар беріп, тәуелсіз еліміздің дамуына үлесін қосар жастарды тәрбиелеуге себепші бола берсін!

Ал газет редакциясының ұжымына денсаулық, ынтымақ, шығармашылық табыстар тілеймін!

Шәрипа СӘДМАНОВА


Алғали деген аға-ды, ақ кіреуке жаға-ды…

Күні: , 19 рет оқылды


Ұзақ уақыт осы облыстық газеттің «отынымен кіріп, күлімен шыға» қызмет атқарған, сол үшін де аты ардақтауға лайық ардагер журналистердің бірі, марқұм Алғали Мерғалиев ағамыз болатын. Ертелі-кеш ерінуді білместен «Орал өңірінің» оттан түспейтін қазанында қайнап жүріп, қызмет атқарған бұл кісі кезінде әріптестері ортасында ерекше сыйлы болып еді.


Біздер, бір топ жас журналистер «Орал өңіріне» қызметке келгенде, Алғали ағамыз редакцияның «кіндікжұрты» саналатын секретариатта, жауапты хатшы Жұрғали Ертілесовтың «оң қолы» болып қызмет атқарып жүрген-ді. Осы құрылымның мойнына жүктелген мың-сан міндеттеріне қоса, ҚазТАГ-тан келіп түсетін ресми материалдарды сұрыптап, газеттің ағымдағы нөмірлерін жоспарлап, макетін түзумен айналысатын. Жұртқа жұғымды, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табыса кететін кеңпейіл, мінезі ерекше жұмсақ, адал да аңғал, жан дүниесі шыныдай мөлдір адам болатын.

Осы газетте қызметке тұрған алғашқы жылдары бірсыпыра мезгіл жанында жүріп жұмыс істедім. Сол уақытта байқағаным, Алекең өзі еңбек ететін «кіндікжұрттағы» қызмет қазаны бұрқылдап қайнап кететін қайсыбір қызулы сәттердің өзінде абылып-сабылмайтын, айрықша бапты кісі еді. Бұл жағынан ол кейде тіпті жұмысы өнбейтін «жайбасар» адамдай болып көрініп те кететін. Бірақ жай басқанымен, жұмысын жақсы білетін әрі беріліп істеп, ерінбей атқаратын.

Секретариаттағы жауапты әрі маңызды жұмыстың бірі – ағымдағы әр нөмірді жоспарлап, газеттің әр бетінің макетін сызу. Ширақ қимылдап, ұқыпты атқаруды, сонымен бірге белгілі бір машық пен тәжірибені талап ететін іс. Алғали ағамыздың осы істе де өзінше қалыптастырып алған дағдысы болатын.

Мәселен, ол кісі әуелі макет сызатын қарындашын құлағына қыстыра салған қалпы, бір қолына қыса ұстаған ұзын сызғышымен екінші қолының алақанын шапаттап біраз отырады. Содан кейін жұмыс үстелінің тартпасынан өзінше бір каталог тәрізді қалың оқушы дәптерін алып, парақтай бастайды. Тор көзді бұл дәптердің әр бетінде газет беттерінің алуан түрлі сызбалары (макеттерінің ықшам көшірмелері) өрнектелген. Оларды Алекең редакцияға газет алмасу жолымен күн құрғатпай келіп тұратын барлық облыстық, республикалық газеттерді, сондай-ақ орталық басылымдарды қарай отырып, сол басылымдардың макеттелуі өзіне ұнаған қайсыбір беттерінің сызбасын үлгі ретінде дәптеріне түсіріп қойған. Өз газетінің ағымдағы нөмірінің макетін сызбас бұрын ағамыз жаңағы «каталогты» аударыстырып отырып, қолындағы материалдардың ыңғайына қарай лайықты дейтінін таңдап алады. Онысы кәдімгі тігін ательесіндегі киім пішуші шебердің әр түрлі үлгілерге, әр түрлі мөлшерлерге лайықталған лекалосы секілді еді.

Рас, осылай баппен, баяу қимылдап отырғанда біраз мезгіл өтіп кететіні болады. Оның үстіне секретариатқа үздіксіз кіріп-шығып жататын әріптес қызметкерлермен азды-көпті тіл қағысу дағдысы тағы бар. Ал мұндай тіл қағысуларды Алекеңнің көңілі қалап тұрады. Жанына келген әріптесін кемі жарты сағат әңгімеге тартпай босатпайды. Ағамыздың әңгіме-дүкенді жақсы көретін ғадетін білетін әріптестері де қапелімде бұрылып кете баруға ол кісінің көңілін қимайды. Осының бәрі «уақытты ұрлайды». Ал газет жұмысы толассыз қозғалған конвейер секілді, үздік-создық тізбектің бір буынында іркіліс болса, бүкіл үдеріс тежеледі.

Мәселе осылай бағыт алып бара жатса, іске жауапты хатшының тікелей өзі араласады. Жұрғали ағай Алекеңе кереғар — қимыл-әрекеті шұғыл адам. Ондайда орынбасарының өгізаяң қозғалысынан әбден ішпысты болып кетеді білем, «Әй, әңгімесі таусылмайтын әпенді, әкел бері!» деп, ағамыздың үстелі үстінде қопырап жатқан материалдар үйіндісін алдына алдырады да, газеттің ішкі екі бетінің макетін Алекеңнің «каталогынсыз-ақ» тез-тез сыза салып, кейбір ұсақ-түйек кем-кетіктерін жетістіру үшін орынбасарына қарай ысырып тастайды.

Дегенмен Алғали ағамыз — осылай өгізаяңмен жай басып қозғалатынына қарамастан, өзіне тапсырылған жұмысқа келгенде ерінуді білмейтін еңбекқор кісі. Мәселен, әдетте, кешкілік жұмыс аяқталып, әріптестері үйді-үйлеріне қайта бастағанда, ол кісі әлі қызу жұмыстың қарбаласымен отырады. Тек телетайп байланысы аяқталып, секретариаттағы істері бір ыңғайға келгеннен кейін ғана орнынан көтеріледі. Онда да жұрт құсап бірден үйіне қайтпай, күн сайынғы атқаратын жұмысын газет шығып жатқан нағыз өндіріс ортасында одан әрі жалғастыру үшін енді баспаханаға бет алады.

Сол бетімен баспаханада газеттің соңғы беті беттеліп біткенше жүреді. Енді үйіне қайтқандай болып жинала бастағанда, өзімен жастары шамалас әрі бір кезде қызметтес болған (ағамыз бұл ұжымдағы еңбек жолын сонау «Екпінді құрылыста» корректор болып бастаған ғой), әрі Алекеңнің өтініш атаулыны жерге тастамайтын көңілшек мінезіне қанық корректор келіншектердің бірі: «Бәрібір осында жүрсің ғой, соңғы беттің корректурасын өзің оқи салшы», деп аяқ астынан қолқа салады. Бұл секілді өтінішке, әсіресе, Алекеңмен құрдас ретінде қатты қалжыңдасатын Тойдық апамыз үйір.

– Үйіңде сүр етің түгесіліп қалған жоқ па? – деп сұрайды ондайда ағамыз аяқасты өтінішті қабыл алмас бұрын. Мәселенің басын ашып алғысы келгендей, апайдың үйіндегі кебежесінен ет арылмайтынын біле тұра сөйтеді.

– Е-е, ет бар ғой! – деп қысқа қайырады Тойдық апамыз.

– Ендеше, үйіңе бар да, өзіңе жәлкі емес дейтіндей бір жілігің мен бірлі-екілі омыртқаңды былқылдатып аса бер…

Тойдық апамыз сылқ-сылқ күле құптаған қалпы үйіне кете барады – қалай дегенмен түннің бір уағына дейін баспахананың майлы бояуына былғанып, гранка оқығаннан гөрі, үйге барып ет асу әлдеқайда жеңіл әрі үйреншікті іс қой.

Көңілшектігіне қоса, ағамыздың ақ көңіл баладай аңқаулығы да болатын. Осындай әпенділігінен (сөздің жақсы мағынасында) кей-кейде күлкілі оқиғалардың «құрбаны» болып қалатыны да болушы еді. Алпыс үшінші жылы облыстық газеттер бір тарап барып, қайта шыға бастаған кезде бір шаңырақтың астында болған қазақ және орыс редакциялары кеңестік қызыл мерекелерді бір дастарқан басында атап өтеді екен (қазіргі корпоративтік кештер секілді). Сондай мерекелердің бірінің қарсаңында орыс редакциясындағы әріптестері алда болатын мерекелік дастарқанға қандай шарап қою мәселесін шешіп алмақ болып, редакция кеңсесі орналасқан Карев үйінің астындағы азық-түлік дүкенінен шараптың бірнеше түрін әкеліп, өздерінше дегустация жасайды білем. Бірер шөлмекті босатқаннан кейін өздерінің қазақ әріптестері де бар екені және шарап таңдауды олармен де келісіп алу керек болатыны естеріне түсіп, дәліздің екінші бетіндегі қазақ редакциясына жүгірсе, жұмыс аяқталған мезгіл екен, жұрт тарап кетіпті. Көршілерден қызметі қапелімде біте қоймайтын Алғали ағамыз ғана секретариатта отырған көрінеді. Орыс көршілер ағамызға қызыл шараптың шүпілдеген стаканын ұсынып:

– Кәне, дәмін татып көрші, алдағы отырысқа арнап алуға жарар ма екен? – деп өтінсе керек.

Күнұзаққы жұмыстан шаршаңқырап отырған ағамыз ұсынған шарапты қағып салып, қысқа ғана: «Пойдет!» десе керек.

Ағамыз – партия мүшесі, ал бұл дегеніңіз әрқашан түзу жүріп, байқап басуды талап ететін мәртебе. Осылай аңдаусыз айтылып қалған жалғыз ауыз сөзі үшін горкомның бюросынан бір-ақ шыққанын ол кісі көңілі келгенде қызық қылып айтып отырушы еді. Сөйтсе, әлгі «корпоративтік кештен» қызулы шыққан көрші газеттің екі-үш жас тілшісі түнгі көшеде милицияға ұсталып қалыпты. Партиялық тәртіптің қатал кезі ғой, газет ұжымы үшін лайықсыз осы бір оқиға кейін біраз әңгіме қоздырып, ақыры қалалық партия комитетінің бюросына дейін жетіп, осы іске қатысты болған (бар айыбы – бір стақан шарап ішіп, «Пойдет!» деген жалғыз ауыз сөзді айта салғаны!) Алғали ағамызға да түсінік беруге тура келсе керек.

Алекең қаламының жүрісі жорға, жап-жақсы журналист болатын. Әрине, секретариаттың қауырт жұмысы басқа іске мойын бұрғызбайды. Соған қарамастан, ара-тұра болса да, жап-жақсы мақалалар жазып тұрушы еді. Жазғандарын ұзақ толғатып, ұқыпты дайындайтын. Әсіресе, мақаланың тақырыбы қазақы мақамда, тартымды болғанын қалайтын. Әр түрлі деңгейдегі газеттерді қарай отырып, елең еткізер ерекше тақырып ұшырата қалса, сол бойда қойын дәптеріне түртіп алатын. Ойына ұнамды тақырып келе қалса, біз секілді жанында жүрген жастарға көрсетіп:

– Мына тақырыптарыма көз салып жіберші: «Өз баласын өзекке тепті». «Өкіріп» тұр емес пе! Моральдық тақырыптағы мақалаға қатып кетпей ме! Ал мынау ше: «Азаматтығы ауылға аян». Қалай, ә? – деп алдын ала «бақылаудан өткізіп» алатыны болушы еді.

Ондайын құлағы шалса, әріптес-құрдасы Жұрғали ағамыз:

– Тақырыбы келісіп-ақ тұр делік, ал мақалаң қайда? – деп қазбалай жөнелетін.

– Енді жазам, — дейді Алекең шімірікпестен.

– Әй, әпенді, мынауың «Өңгесі жоқ көнгесі, өлең айтар жеңгесінің» кебі ғой! — деп мазақтаушы еді Жұрғали құрдасы.

Ал Алекең болса:

– Әне, Жанғали да сөйтеді – мақаласын не очеркін жазбас бұрын, алдын ала апта бойы ойланып, әуелі тақырыбын қойып алады да, содан соң барып жазуға отырады. Сонысы дұрыс! — деп өз «әдісін» ақтай түседі…

Айтқандай, Алекең екеуміздің «татар іздеген» бір сапарымыз есіме түседі.

Мен облыстық газетке жұмысқа тұрған алғашқы жылдары Қазақстанда татар әдебиеті мен өнерінің күндері өтетін болды. Оның бірқыдыру шаралары Орал қаласында өткізілетін болып белгіленген еді. Өйткені басқа өңірлермен салыстырғанда, мұнда татар ұлтының өкілдері көп әрі олар облыс орталығында біркелкі шоғыр орналасқан. Әрі бұл өңір Татарстанға ең таяу аймақ. Былайша айтқанда, Қазаныңыз Оралға «тиіп тұр».

Осы маңызды мәдени шараның қарсаңында аяқ астынан редакторым шұғыл тапсырма бермесі бар ма:

— Алдағы күндердің ашылуына орайластырып осында келетін татар ақын-жазушыларының қайсыбір шығармаларын аударып жарияласақ па деп едік. Осындағы бірқатар жігіттер сені тәп-тәуір ақын дейді. Мына жинақтармен танысып, қазақша жатық сөйлетуге күшім жетеді-ау дегендей бір топ өлеңді іріктеп алып, аударып көрші, — деп татар тілінде басылған екі жинақты қолыма ұстатты.

Тапсырманың қандайынан болса да тартынуды білмейтін жаспыз, оның үстіне бұрын-соңды қолыма ала қоймаған мына шаруа таза шығармашылық тұрғысынан да қызғылықты болып көрінген соң қуана келістім де, кейінге қалдырмастан дереу қолға алдым. Қолға алуын алғаныммен, жаңа істің өзім ойлағандай оңайға түспейтіні салған беттен-ақ белгілі болып қалды. Редакторым қолыма ұстатқан кітапшаларды аударыстыра оқып қарасам, бірсыпыра танымал сөздерін түсінгеніммен (қайтсе де бауырлас тіл ғой), таза әдеби тілмен өрілген өлеңдеріне тісім бататын емес. Ақырғы айтпақ ойларын ұғына алмай дал болдым.

Аударуға әлім келмей, әуреленіп жүргенімді байқаған әріптес ағам Болат Қалиев:

– Өзіміздің Садық ақсақалға жолығып көрсеңші, — деп кеңес айтты.

Салып-ұрып Садық Ғайсин ақсақалға барайын. Қазақша қалам ұстаған, бұрындары әр түрлі газеттерде, радиода қызмет атқарған жүзтаныс адам. Алайда ол ағам жарытып көмектесе алмады. Тумысы татар дегені болмаса, осы жақта туып-өсіп, жергілікті жұрттың арасына сіңісіп, әбден қазақ болып кеткен адам ғой. Бар білетіні ауызекі әңгімеден аспайды екен. Дегенмен өзі көмектесе алмағанымен, қалада тұратын, бір білсе татар тілін осы кісі жетік біледі-ау деген бірнеше татар ағайындардың аты-жөндерін атап, мекенжайларын айтып берді.

«Танымайтын адамдардың үйіне бас-көз жоқ қалай жетіп барам?» деген қиналысымды бір бөлмеде қатар отыратын Алғали ағама білдіргендей болып едім. Ағамыз:

— Кешкісін, жұмыстан шыққан соң, шәйіңді ішіп алып, біздің үйдің маңына келе қал. Мен сені өзім танитын татарларыма да апарайын, — деп көңілімді бірлеп тастады.

Шынында да, таныс татарлары бар екен. Салық ағайдың «татарларына» қоса, оларға да «сәлем беріп» шықтық. Өз кезегінде олардың да көршілері (ағайындары, таныстары) бар дегендей, біреулерінің екіншілеріне сілтеуімен Алекең екеуміз екі кештің арасында бірталай татар отбасыларының есігін қақтық. Бір жақсысы, бас сұққан үйлерімізде ана тіліне жатық «әтилер» мен «әнилер» де бар еді. Әлекең болса, қашанғы жұртқа жұғысқыш ғадетімен олардың үйлеріне күнде көрісіп жүрген сыралғы адамдай салып-ұрып кіріп барып:

— Исәнбісіз? – деп қиыла татарша амандасқанда, үй иелерінің көңілдері майдай еріп, жайылып сала береді.

Сол сол-ақ, мен кезекті «әтимен» әңгімеге кірісем, ал Алекем болса, «әнимен» бірге асүй жаққа озып, шәй іше бастайды. Осылай бірінің білмегенін екіншісі біліп, бірінің ұғына алмағанын екіншісі түсініп дегендей, ақыры, екі ақынның он шақты өлеңінің жолма-жол аудармасын жасап алудың сәті түскен-ді.

 Аударма өлеңдер газетте жарияланды. Редакторым разы болды. Әріптестерім құттықтады.

— Өй-й, мыналарың татар жазды дейтіндей емес, әбден қазақша шығыпты ғой. Жуса болғандай екен… – деп Алекең де «ұры жымиыспен» күлімдеп қояды.

— Қаламақысын алған соң… – деймін мен де ағамның меңзеуіне жығыла.

Бүгінде мерейлі мерейтойына дайындалып жатқан туған газетіміздің ғасырлық шежіресінде осындай бір жақсы ағамыздың да өзіндік із қалдырғанын інілік ізетпен еске алып отырмын. Иә, қылдай қарамдығы жоқ, айрықша ақкөңіл ол кісіге біздер, жастар жағы: «Алекең деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар!», деп арсалаңдай амандасып, еркелеп тұрушы едік. Ал өмір көрген үлкендер жағы ағамыздың ерінбейтін еңбекқорлығына сүйсіне: «Е-е, Алғали «Орал өңірінің» еңбекторысы ғой!», деуші еді.

Ғарифолла КӨШЕНОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,

 Алматы қаласы


Облыста 5 117 адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі

Күні: , 24 рет оқылды


Бұл  жайында  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  ұйымдастырған  брифингте  облыстық  жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының  басшысы  Қалияр Айтмұхамбетов  айтты.  Оның сөзінше,  облыста  660  әлеуметтік қызметкер  бар.


Брифингте Қалияр Айтмұхамбетов 22 қыркүйек күні Астана қаласында әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы форумы өтетінін хабарлады. Оған облыстағы 28 әлеуметтік сала қызметкері мен үкіметтік емес ұйым өкілі қатысады. Форумның мақсаты – әлеуметтік қызмет көрсету бойынша халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу, бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың басым бағыттарын жетілдіру және әлеуметтік қызметкерлердің беделін арттыру.

22 қыркүйек күні мүмкіндігі шектеулі жандармен, адам саудасы құрбандарымен, бас бостандығы шектелгендермен, тұрағы жоқ тұлғалармен жүргізілетін жұмыстар, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, әлеуметтік қызметтегі менеджмент сапасы мәселелері қарастырылатын секциялық отырыстар өтеді. Кейін ҚР Парламентінің депутаттары және Үкімет мүшелері, халықаралық сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен форум ұйымдастырылады.

Форумда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың тұжырымдамасы талқыланады деп күтілуде. Әлеуметтік қызметті жетілдірудің 2010-2013 жылдардағы алғашқы кезеңінде нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, арнаулы әлеуметтік қызметке көшу жүзеге асты. 2014-2017 жылдардағы екінші кезеңде әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітіліп, институттық реформалар жүргізілді. Қаржыландыру жүйесі өзгеріп, әлеуметтік саладағы мамандар саны көбейтілді. Дегенмен бұл бағытта қордаланған мәселелер баршылық. Әсіресе, ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасы нашар. Мамандар  біліктілігін көтеру әлі күнге өзекті. Жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе жұмыс істеу төмен деңгейде ұйымдастырылады. Сондықтан 2018-2021 жылдарға арналған үшінші кезеңде арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын жаңғырту, олардың имиджін көтеру, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, кәсіби мамандар даярлау, әлеуметтік қызметтерге қатысты бірыңғай ақпараттық жүйе құру міндеті тұр. Тұжырымдама негіздерін баяндаған басқарма басшысы бүгінгі таңда облыстағы 12 әлеуметтік көмек көрсету орталығында 280 қария, 966 мүмкіндігі шектеулі жан, 134 мүгедек бала қамқорлыққа  алынғанын  айтты.

Өз  тілшіміз


Агросыныптарға 33 оқушы қабылданған

Күні: , 20 рет оқылды


Бұл  жөнінде  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  ұйымдастырған  брифингте  аудан  әкімі  Санжар  Әлиев айтты.


Биыл  Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ  бағдарламасы  негізінде  Тасқала  ауданындағы  екі  мектепте  ашылған  агросыныптарда факультативтік  сабақтар  басталған.

Яғни Қ. Сәтбаев атындағы мектепте – 17, С. Жақсығұлов атындағы мектепте 16 бала агросыныпта оқуда. Пилоттық жоба мерзімі – екі жыл. Оқу бағдарламасы 8-9-сыныптарға арналған. Бағдарлама жеті модульден тұрады. Аграрлық ма-мандықтар, агробизнес негіздері, мал шаруашылығы мамандықтары жөнінде білім алған мектеп түлектеріне өңірдегі ЖОО-ға түсетін кезде жеңілдіктер жасалады. Аудандағы шаруа қожалықтары оқушыларды машықтан өткізуге  дайын.

Осы орайда айта кетейік, биыл ауданда көктемгі кезеңде далалық жұмысқа қатысуға 62 шаруа қожалығы өтініш білдірген.  24 932 гектар жерге егістік егіліп, оған 149 592 мың теңге қаржы жұмсалған. «Егінжай» бағдарламасы бойынша «Тасқала ауылдық несие серіктестігі» ЖШС арқылы жеті шаруашылыққа 40,7 млн. теңге несие қаражаты берілген. Егілген жаздық дақылдардың көлемі – 19,57 мың гектар. Оның ішінде жаздық бидай, арпа, тары, сұлы және дәндік құмай бар. 2,5 мың гектар жерге майлы дақыл, 3,45 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары егілді. Қазіргі уақытта 5,35 гектар күздік бидай  алқабынан 12,8 мың тонна өнім жиналған. Биыл 4,7 мың гектар жерге  күздік  бидай  егілмек.

Тасқала ауданында асыл тұқымды ірі қара саны 2 132-ге жеткен. Оның қатарында қазақтың ақбас сиыры, герефорд, абединангус, голштин тұқымдары өсірілуде. Аудан бойынша 17 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі бар. Оның ішінде 11-і тұқымдық түрлендірумен, үшеуі мал басын бордақылаумен айналысады, біреуі сүт қабылдайды. Кооператив мүшелері «Ынтымақ» және «Береке» бағдарламалары бойынша несие қаражатына қол жеткізген. «Тасқала ет» кооперативі 8 млн. теңгеге мал сою қосынына тоңазытқыш жабдығын алған. Биыл «Тасқала сүт» жеке кәсіпкерлігі сүт өңдейтін қосын ашқан. Ол тәулігіне 1 000 литр сүт өңдей алады. Қосынға 30 бас сүтті сиыр сатып алу жоспарлануда.

 Асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал сатып алған 42 шаруа қожалығына 18,9 млн. теңге, мал басын асылдандыру жұмыстарын жүргізген 80 шаруа қожалығына 69,5 млн. теңге демеуқаржы берілді. Ауданда ветеринар мамандары тексерген 18 мың бастың 360-ынан сарып ауруы анықталып, олардың барлығы санитарлық мал сою қосындарына тапсырылды.

Ауданда 980 шаруашылық субъектісі тіркеуге алынған. Аудан орталығында баспана салуға инженерлік инфрақұрылымдары дайын 266 жер телімі енген екі алаң бар. Тасқала ауылындағы бірқатар көшелердің жолдары жөнделуде. Аудан аумағындағы ауыз су құбырлары желісінен 182 ақау табылған. Cоған байланысты су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тасқала ауылындағы 10 көшеге 4 км ауыз су жүйесі жүргізілді. Ауыл тұрғындарының 87 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Мерей ауылы су құбырын жаңғырту 85 пайызға, 2-Шежін ауылының су құбырын қайта жөндеу 75 пайызға орындалған. Амангелді ауылындағы су құбырын жөндеу басталды.

«Мектепке жол» акциясы бойынша 345 балаға 2,07 млн. теңге есебінде көмек көрсетілді. Оның 973 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған қайырымдылық акциялары демеушілер арқылы жүзеге асты. Тасқалада көптің игілігіне өз еркімен үлес қосып жатқандар бар. Мысалы, Шежін ауылының тұрғыны Рафхат Байтуков өз күшімен балалар  ойыны алаңын салды. Мерей ауылы маңындағы Бақалы көлін Аманкелді Ахмекиев жеке қаржысына көлдің аумағын тазалап, ұлғайтып,  оған балық жіберумен айналысуда. Мереке ауылындағы мектеп түлектерінің демеушілігімен аудан орталығында «Жастар» аллеясы салынбақ. Тасқала ауылдық округі әкімшілігімен меморандум жасаған «Тасқала-нан» ЖШС 7 млн. теңге жеке қаражатына тұрмыстық қалдықтар орнын жоюмен айналыспақ. Осындай игі істерді баяндаған аудан әкімі Санжар Әлиев брифингте алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

 

Санат  ОРЫНАЛИЕВ,

«Надежда»  газеті:

–  Тасқала – облыс бойынша ауылішілік жолдарға ақ түсті тау жынысын (опока) төсейтін бірден-бір аудан. Басқа аудандарда қиыршық тастар немесе өзге құрылыс материалдары пайдаланылады. Опоканы себу құрылыс талабына  сәйкес  келе  ме?

Санжар  ӘЛИЕВ:

–  Оян мен Атамекен ауылдарына тартылған жолға опока төсеу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Өңірімізде қиыршық тас қат әрі оның бағасы қымбаттауда.  Материалды Ақтөбе қаласынан ғана тасымалдау қажет. Ал тасымал құнымен тіпті қымбатқа шығады. Ауыл ақсақалдарымен және тұрғындарымен ақылдаса келе, опоканы төсеуге ұйғардық. Бұл табиғи өнім экологиялық тұрғыда таза.

Саида  ТӨЛЕГЕНОВА,

«Приуралье»  газеті:

–  Ауданда мал ұрлығымен күрес  қалай  жүргізілуде?

Санжар  ӘЛИЕВ:

–  Еліміздің барлық өңірінде бұл – өте өзекті мәселе. Негізінен, мал ұрлығы тұрғындардың бейқамдығынан орын алуда. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп бұл бағытта түсіндірме жұмысын жүргізу бағытында ауылдық округтерде тұрғындармен және шаруа қожалығы иелерімен жылына екі мәрте кездесу ұйымдастырылады. Қаражатын үнемдеу мақсатында малын бағымға қосудан бас тартып, қараусыз қалдыратындар бар. Сол себепті мал ұрлығына жол беріледі. Соңғы жылдары шекаралас Ресей тарапынан ұрлыққа барғандар жөнінде дерек тіркелген жоқ. Көбіне аудан аумағында малын жоғалтқаны жайында хабар түседі. 2016 жылы Ақжайық, Зеленов, Теректі аудандарында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Одан кейін мал ұрлығына қатысты жағдайлар азайды. Мәселен, өткен жылы төрт жағдай орын алса, биыл бір-ақ  дерек  тіркелді.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

 

Қысқа  мерзімді  жоспарлар:

  1. Тасқала ауылында 280 орынға  арналған  балабақша  құрылысы,  Қ. Сәтбаев  атындағы ОМ-ға  күрделі  жөндеу  жұмыстары  және  сервистік  қызмет  көрсету  мемлекеттік-жекешелік  әріптестік  арқылы  жүзеге  асыру  жоспарланып  отыр.
  1. Тасқала ауылында 320  адамға  арналған  дене шынықтыру-сауықтыру  кешенінің  құрылысы  нысаны.
  1. «Тасқала ауданы Қазақстан ауылдық округінің  Атамекен,  Қалмақшабын,  Алмалы  ауылдарының  су  құбырын  қайта  құру»  нысаны.
  1. «Тасқала ауылындағы екі  үш  қабатты  көппәтерлі  тұрғын  үй  құрылысы  және  оған  инженерлік  инфрақұрылымдар»  нысаны.

Батысқазақстандық зиялы қауым өкілдері: «Қазақ  тіліне  қызмет  ететін әліпбиді  таңдаймыз»

Күні: , 25 рет оқылды


 Батыс  Қазақстан  облысында  М.  Өтемісов  атындағы  БҚМУ-дың  оқытушы-профессорлық  құрамы облыстағы  ғылыми  зиялы  қауым  өкілдерімен  кездескен  жиын  өтті.


Аталған оқу ордасының ректоры Асхат Иманғалиев төрағалық еткен жиында қазақ тілінің латын алфавитіне көшу мәселелері талқыланды.

– Жуырда ҚР Парламент Мәжілісінде латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылған болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстары талқыланған жиынға біз де қатыстық. Аталған жиында бұл мәселеде асығуға да, кешігіп қалуға да болмайтыны баса айтылды.

Елбасымыздың латын қарпіне көшуді дәл осы кезеңге сәйкестендіруі тегін емес. Қазақстандықтар бұл жағдайды әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Байқасақ, олардың көпшілігі латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр, – деді жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан  Нарымбетов.

Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев және өзге де мамандар әліпбидің жаңа нұсқасы жөнінде өз  пікірлерін  ортаға  салды.

– Қазақ тілінің табиғатына лайық, қазақ тіліне қызмет ететін әліпбиді міндетті түрде таңдап аламыз. Осылайша бірінші мақсат анықталды. Екінші мәселе қазақ тілінің төл әріптерін болашақ әліпбиге қалай беретіндігімізде. Егер тілімізге жаңарту енгізсек, тек қана латын графикасында бар әріптерді ғана пайдаланып, одан артық әріпті қолданбау ұсыныстары бар. Бұл жағынан бәрі ескерілген. Егер тілімізді жаңартатын болсақ, қазіргі қолданыстағы сөздерге қатысты түйінді мәселелер бар. Өзге тілдерден енген «тауар», «зауыт», «пошта» секілді бір топ сөздерді қазақ тілінің үлгісімен жаза бастадық та, «конституция» секілді сөздер орыс тілінің үлгісінде қалды. Бұларды біз қазір шешіп, жаңа әліпбиге жүк қылмауымыз керек. Бұл жерде айқындық қажет. Жалпы халықаралық тіл ғылымында сөз бір тілден екінші тілге ауысса да, еш уақытта дыбыс ауыспайды деген қағида бар. Кез келген сөз әр тілдің өзінің ішкі жандылығына сәйкестендіріп жазылады. Тілдің ұлттық коды дегеніміз – дыбыстық жүйесі. Мәселен, акцент деген бар. Грузиндер орысша сөйлегенде өзінің акцентімен сөйлейді. Соны мақтаныш тұтады. Өйткені олардың ұлттық коды тілінің дыбыстық жүйесін білдіріп тұр. Тілімізді асыл қалпында кейінгі ұрпаққа жеткіземіз десек, бізге реформалау сөзсіз керек. Алайда тек әліпбиді ауыстыра салу емес, емле ережелеріне жөнді өзгерістер енгізу қажет. Қазақ тілі өте бай  тіл. Ағылшын тілінде алты дауысты дыбыс болса, біздің тілде тоғыз. Дауысты дыбыс дегеніміз – үн, гармония, музыка. Осындай ғажап тілімізбен кез келген сөзді қолдана аламыз, және оны айту арқылы жаза да аламыз, – деді  Болат  Өтеғалиұлы.

Жиынға қатысушы ғалымдардың ұсыныс-пікірлері ҚР Парламенті Мәжілісіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тіл комитетіне  жолданбақ.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Сендерге ұрсып алып, соңынан өкінетінмін»

Күні: , 19 рет оқылды


Мәжит ағайды көп білемін деп те, аз білемін деп те айтуға болады. Аз білемін деп отырғаным, жалауы жығылуды білмейтін жалт-жұлт жиырмадан енді-енді асып жүрген кезімде көрдім Мәжақаңды. Айтпақшы, Мәжақаң деп отырғаным – Мәжит Қайырғалиұлы Қайырғалиев ағамыз ғой. Сонау ала-топалаң, алмағайып 90-жылдарда «Орал өңірі» газетінің 12 жылға жуық ноқтасын ұстаған бас сарапшысы.


 Жалаулы жиырмам деп отырғаным, сол тұста «Орал өңірінің» есігінен енді-енді еніп, тұлабойдағы дірілді баса алмаған, алакөбең шағым. Ондай кезде  жасы қырыққа таялып тұрған, мүйізі қарағайдай журналист ағаларға  өз бетіңмен жақындай аласың ба? Ал  жан-жағына биіктен көз салатын, кез келгенмен шүйіркелесе кетпейтін, айтарын ешкімнің бет-жүзіне қарамай, сарт еткізетін Мәжақаңмен «тем более». Маған ол кісі бірден қатал, тәкәппар көрінген. Сондықтан алыстан ғана сәлем беріп жүретінбіз біздер, жастар. Бұл аз білемін деп отырғанымнан шығып отыр ғой.

Сонымен келесі жылы қарашада 80-нің сеңгіріне аяқ басқалы отырған Мәжақаңмен «Орал өңірі» газетінің ғасырлық тойы қарсаңында шұрайлы әңгіменің шүйкесін созудың ыңғайы келді.

— «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасыңыз қай кезден бастау алады, аға?

— Сонау 50-жылдары кеңес елі бойынша Қазақстанның тың өлкелеріне аттаныстың дүркіреп тұрған шағы еді. Мектептегі кезімнен өлең жазатынмын. Содан 1956 жылы, Калмыков орта мектебінің 9-сыныбында оқып жүрген кезімде, «Тың батырларына» деген арнау өлеңімді «Орал өңірі» газетіне жолдап келіп жібердім. Күндердің күнінде ол жарияланды. Хамидолла Қыдыров, Әмин Фатихов деген ағаларымды газеттегі жазғандарынан білуші едім. Солар өлеңімді ұнатса керек. Содан бастап облыстық газет менің бір бүйірімді жылытып жататын. Мектепті көбі бес және төрттік бағамен тәмамдап, сол 1957 жылы Оралдың педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне еркін түсіп кеттім. Айтпақшы, кешегі алапат соғыстан елдің иіні әлі бүтінделе қоймаған жылдар ғой. Біздің үйдің де жағдайы сол елмен бірдей, оқуға баратын қаражат жоқ, пұлдай қоятын басы артық мал тағы жоқ. Алғашқыда «жұмыс істеймін бе?» — деп дағдарып жүргенімде, марқұм анам «Балам, бір қалсаң, қалып қоясың, қарайлама, бір жөні болар» — деген сөзін арқаланып аттанғанмын. Анамның сол ақылы дұрыс болғанын кейін түсіндім. Институттың екінші курсына дейін, яғни 1959 жылға дейін газетке ештеңе жаза қоймаппын. Бір күні ұстазымыз Тілеужанов Мәтжан ағай сабақ үстінде «Мәжит, сен редакцияға бірдеңе жазып па едің?» дегені. Мен ештеңе жазбағанымды айттым. «Сені шақырып жатыр, барып келші» — деді. Редакция ол тұста Карев үйіне қарсы жатқан, қазіргі №3 емхананың ауласында. Жүгіріп бардым. Ол кезде сырттай білуімше, бас редактор Байкенов Қарқабат ағай. Хамидолла ағай: «Сені редактор іздеп жатыр» — деді де, мені бірден  бас редакторға ертіп кірді. Амандық-саулықтан кейін Қарқабат ағай: «Сен өлең жазады екенсің ғой?» — деп сұрады. «Иә, жазамын» — дедім, қысыла үн қатып. Сол уақытта облыстық ақындар айтысы өтейін деп жатыр еді, мені соған қатыс деп шақырған екен. Мен бұрын-соңды айтысқа қатысып көрмегенімді айтқанмен, Қарқабат ағай мені қатысуға көндіріп тынды. Сонымен мен қаладағы ет комбинатының атынан, қарсылас ақын механикалық зауыт атынан облыстық ақындар айтысына қатысқанбыз. Араға бір жыл түскенде, 1960 жылы «Орал өңірінде» топтама өлеңдерім шықты. Менің редакциямен байланысым осылай басталған еді.

— Өлеңге бейімі бар жас ретінде танылып қалдыңыз. Институтта жүре береміз бе, аға, оқуды бітірмейміз бе?..

— Иә, содан 1962 жылы институтты бітіріп, Тайпақ ауданының «Котельников» кеңшарындағы сегізжылдық мектепке жолдамамен жұмысқа келдім. Бұл ауылда басқа ұлт өкілі басым еді, соған орай мектепте қазақ мұғалімдері де аз екен. Маған көп сағат берілді. Бір күні ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесін құрайын деген ой келді басыма. Айтпақшы, институтта оқып жүргенімізде, біздер, студенттер «Қыз Жібек» операсын қойған едік. Сонда операны сүйемелдеп отыратын өнерлі студенттерден құрылған ансамбльді мен басқардым. Домбырада, скрипкада, мандолинада ойнайтынмын. Әлгі ансамбліміз операны қойғаннан кейін атағы дүрілдеп, қалаға жақын аудандарға, мысалы, Камен (қазіргі Тасқала) ауданына барып, концерт қойғанымыз есімде. Содан сөздің қысқасы, мектепте тек мұғалім болып жүре бермей, ауылдағы өнерлі жастардың басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін құрдым. Бара-бара ауыл өнерпаздарының фестивальдарына қатыстық. Ансамбліміздің атағы ауданнан да асып кетті. Оның алдында Тайпақ ауданы таратылып, Чапаевқа қосылған еді. Бірақ көп ұзамай, аудан өз алдына құрылғалы жатыр деген хабар тарады. 1964 жылдың желтоқсанында мені ауданға шұғыл шақыртты. Барсам, Жұмақаев Төлеген ағай, Тәжімұқанов Мырзахмет ағай және сол кезде облыстық партия комитетінің хатшысы болып істейтін Жұмағалиев Бисен ағай, Табылдиев Тобанияз ағай төртеуі отыр екен.  «Апырмай, мені клуб немесе мәдениет үйінің меңгерушісі боласың» — деп шақыртты-ау  деп ойладым.

Сөйтсем, ағаларым одан да асырып жіберді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Баяғыда аудан тарағанда, тек кітапхана қалған, қалғаны быт-шыт. Бәрін қайтадан бастауға тура келді ғой. Қысқарта айтсам, 1965 жылдан 1971 жылға дейін осы қызметті атқардым. Қазан төңкерісінің 50 жылдығы, Лениннің туғанына 100 жыл деген сол кездегі ұлы мерекелерді абыроймен өткіздік. Тайпақ аудандық мәдениет бөлімі облыста Орал қаласынан кейін екінші орын алып, атағымыз алысқа кетті.

— «Орал өңірі» газетіне қай жылы келіп едіңіз?

— Мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жеті жыл істегеннен кейін, әр түрлі себептермен Орал қаласына қоныс аударуға тура келді. Облыстық кинофикация басқармасының бастығы, марқұм Рахметова Мәжитқызы Ғарифа апай бір тамаша жан еді. Мені жұмыс бабында жақсы білетін. Сол кісінің қарауында жұмыс істедім. Бара-бара ол апамыз сол кездегі қаладағы ірі кинотеатр «Мирге» директорлыққа жұмсады. Сөйтсем, оның қарауына тағы үш кинотеатр («Аврора», «Ленин комсомолы», Гагарин атындағы) кіреді екен. Әрине, «Жаңадан келген адамды бірден директорлыққа қойды» — деп күндеушілер де болмай қалған жоқ. Бірақ ер мінезді Ғарифа апамыз оларды құлағына да ілген жоқ, маған «Қысылма, жұмыс істей бер!» — деді.

Ол кісінің жақсылығын ұмытпаймын, өмір бойы қарыздармын… Осы жылдарда «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасымды үзген жоқпын, жазып тұрдым. Ол  уақытта журналистер Ғарифолла, Тихон, кейін марқұм болып кеткен Ораз Мұсақұлов, Азамат Иманбаев бар, жақсы байланыста болдық. Марқұм Қабдырахим Өтепбергеновпен жақын сырластым. Тихон бастап, осы жігіттер газеттің сол кездегі редакторы Нұрмұхамедов Хабер ағайға айтқан ғой, қолынан жазу келетін жігіт деп мені. Содан 1972 жылы тамыз айында редакцияға түпкілікті  жұмысқа келдім. Кіші әдеби қызметкер болып Орынбасаров Қосаман ағайдың бөліміне жұмысқа қабылдандым. 1977 жылы  мамыр  айынан  бастап газетке  редактор  болып Бақтыбай Далабайұлы келді ғой. Ол азамат газетке, ұжымға зор еңбек сіңірді. Жұмысты жаңаша ұйымдастыруға күш салды. Есіңде ме, журналистердің ауыр еңбегін жеңілдетуге, газеттің ұшқырлығын арттыруда жаңаша әдістер ойлап, оны тәжірибеге енгізді ғой. Қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын, оларды тұрғын үймен қамту да бар ызбынын салды. Сол тұста аға тілші болдым. Бөлім меңгерушісі, сәл кейін бас редактордың орынбасары болғанымды өзің жақсы білесің. Одан   беріректе  бас  редакторлыққа  тағайындалдым.

— Сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің редакцияға келіп, сізді бас редакторлыққа тағайындаған жиналыста мен де болдым…

— Иә, 1991 жылдың 25 қарашасы ғой… Редактор Ғарифолла Көшенов  облыстық телерадио комитетіне төраға болып тағайындалып, орнына мені қойды ғой. Келесі күні туған күнім болатын, соған жасаған сыйлықтай болды (күлді).

— Менің сұрайын дегенім… Сол жиналыстан кейін сіздің тұстастарыңыз, құрдастарыңыз көбі сыпырылып, жұмыстан өз еріктерімен босап кетті ғой?..

— Жалпы, ол жиналыста кейбір тұстастарым «Редакторды сайлап қою керек» — деп қарсы болғанын сен де естідің ғой… Мен облыс басшысына «Мені редактор етіп қойыңдар» — деп сұрап бармағанымды сен жақсы білесің.

Редакторлықтан дәметіп жүргендер ренжісе, ренжіген шығар… Мен ешкімді жұмыстан қуған жоқпын. Сол кетіп қалғандардың бірқатары кейін қайтып келді, оны да жақсы білесің.

Редакторымыз  сол  кездегі  нарықтық  қатынастың  қыспағынан  ұжымды  аман  алып  шығу үшін  қолдан  келгеннің  бәрін  жасады. Жалақыны  айлап  алмаған  журналистер  де елмен  бірге  қоңылтақ  тұрмыстың  қамытын  киді. Газетке шаруашылықтар  жөнінде  ақылы материалдар,  арнайы  беттер  беріп, орнына сиыр,  жылқы  алып, оны  ұжымға  бөліп  беріп, амалдап отырдық. Қызметкерлердің   жалақы  алмағандықтан, пәтерлеріндегі  жылу  мен  ыстық  суға  қордаланған  қарыздарынан  құтылу  үшін  бас  редакторымыз  осы  жолдардың  авторын бұл  жұмысқа  басы  байлы  жекті.  Жылу беретін  мекемемен  арнайы  келісімшарт  жасалып,  ақылы  беттер,  материалдар  ұйымдастырылып,   қарыздарымыздан  құтылдық.

Сұхбатымыз аяқталып, Мәжақаң қайтуға жиналды. Жылы қоштастық. Күлтеленген толқынды шаштары бір кезде желкесінде жалданып тұратын. Қазір әбден сирепті. «Анау шаштың талайының ағарып, сиреуіне мен де себепкер болдым-ау, аға!..» — дей жаздап, тілімді тістеп қалдым…  Оның орнына «80 деген немене, қыр астында тұр, аға! Жасаған ие, сізге 100-ге жетуді бұйыртқай?» — дедім  іштей.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ

 

Осындайда ойға оралады:

Мәжақаң обалы қайсы, орайы келіп жатса, ұжыммен арқа-жарқа отыруды онша жек көрмейтін. Арнайы жиһаздалған шағын демалыс бөлмеміз болды. Ол жерге газетте бұрын қызмет атқарып кеткен зейнеткер ардагерлерімізді шақыртып, мерекелерде қонақасы беретін. Қаржылық жағдайдың қиындығына қарамастан, қарияларға аз да болса, ақшалай сый-сияпат жасауға тырысатын, бас редактор. Ал тым жиі болмаса да, үлкен жұманың соңына қарай, жұмыстың аяғына таман ұжым болып, өзіміз кейде жинала қалатынбыз. Өзі шағын бөлмені жиырма шақты қызметкер шүпілдете толтырып, талай шалқып отырып едік, шіркін-ай!  Бірақ бас редакторымыз ертеңіне ештеңе болмағандай, жұмысқа келгенде екі аяғымызды бір кебіске тығып жіберетін. Сол қылығы жанымызға әбден батты. Күндердің-күнінде менің саяжайымда бір демалудың реті келіп қалды. Мысық табандап барып, оған бас сарапшымыз Мәжақаңды да шақырдым. Келісті. Жақсы отырдық. Түннің біруағы болып қалса да, асықпадық. Көңіл шіркін, әбден асып-тасып ернеуінен шөпілдеп тұрғанда, Мәжақаңды сейілдеп келуге шақырайын. Бастығымыз да көңілді, келісе кетті. Сүттей төгілген ай сәулесіне шомылып, екеуміз әрлі берлі қыдырайық. Содан «Аға, біз сізді өте жақсы көреміз, тек бізге көп ұрыспасаңызшы» — деппін. «Иә, ондай мінезім бар, кейде сіздерге ұрсып алып, соңынан өкінетінім рас…» — деп ағамыз жайылып түссін. Қысқасы, бас редакторымыз енді бізге мейіріммен қарайтын болды деп мен мәз-мейраммын. Одан әрі сүт пісірім уақыт отырғаннан кейін Мәжақаң үйіне қайтып кетті. Біз әрі қарай жалғастырдық… Келесі күні саяжайда қара басып, ұйықтап қалыппыз. Түс қайта жұмысқа келсек, Мәжақаң «Орал өңірі» ұжымы отыратын екі этажды дірілдетіп жатыр екен. Қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қыз Кенжегүлдің: «Мәжит Қайырғалиевич қамшысын суға малып, сендерді күтіп отыр» — дегені бізді одан сайын дірілдетті. Қалай кіргенім есімде жоқ, Мәжақаңның алдына. Бас редактордың қос иығында ашудың қос  айдаһары, Алла-ай, бет қаратпайды-ай… Кешегі ай сәулесінің астында айқұшақ болып қыдырған  ағамыз жоқ, оның орнында басқа Қайырғалиев отыр… Қысқасы, «Жұмыстан кешіккенің жөнінде түсініктеме жаз» — деген әмірді арқалап, ағамыздың кабинетінен жердің астымен шықтым. Түсініктеме жазылды. Бірақ обалы қайсы, Мәжақаң жағдайды одан әрі ушықтырмады. Сірә, бізді қорқытып алайын дегені шығар. Ол кезде түсінбедік пе?.. Сонысы дұрыс болған-ау,  дейміз бүгінде.

 * * *

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, сол кезде электр жарығы да жиі өшетін. Бір күні баспахана, редакция ғимараты жарықсыз қалды. Ол ұзаққа созылатын болды. Сонда бас редакторымыз не істеді дейсіз ғой. Редакциядағы үш компьютерді үш операторымен көлігіне тиеп, өз үйіне алып кетті. Оларға қоса, кезекшілер мен корректорлар бірге кетті. Содан газеттің бірнеше санын редактордың үйінен теріп, құрып, қаттап дегендей, Оралдағы жеке баспаханалардың бірінен тоқтаусыз шығарып тұрдық. Тап сол сәтте редактор Қайырғалиевке «Газетті қалай шығарсаң, олай шығар» — деген ешкім болған жоқ. Алайда  редактор газетті қиындықтарға қарамастан, ақшаларына жаздырып алып күтіп жүретін оқырмандарын сыйлағандықтан, осындай шалт қадамға барған ғой. Айтпақшы, редактордың үйінде жатып алып, газетіміздің кезекті сандарын әзірлегендер: «Гүлмария жеңгеміз үш мезгіл тамағымызды дайындап, жұмысқа барлық жағдайды жасады» — деп мәз болып келді.

 * * *

Газет үшін қате кетсе, «катастрофа». Сол пәлеңіз бір күні кетіп қалды. Тура бірінші бетте. Бас тақырыпта. Келесі күні баяғы «Дастанның» «Орал өңіріне» тиесілі қос қабаты Мәжақаңның қаһарынан қақ айырылардай болып жатты. Айқай шабыспен поштада аудандарға жөнелтілгелі  жатқан «Орал өңірінің» түнде баспаханадан шыққан бумаларын «тұтқындап», редакцияға кері тасыдық. Оларды әкеліп қате кеткен бірінші бетпен оған ілесіп жүретін соңғы бетті жұлып алып көзін құртып, баспаханада қайта бастыртып, қолмен қайта бумаладық. Ол кезде қиын жағдайға байланысты газетіміздің таралымы төмендеп, бес мыңды төңіректеп қалған-тұғын. Бірақ сол бес мыңға жуық таралымның өзі көп болады екен. Таңертеңнен екінті ауғанша ақ тер, көк тер болдық. Бұл жұмысқа журналистер өз алдына, редакцияның еден жуушысы мен шопырына дейін жұмылдырған бас редакторымыз арасында өзі де келіп, қолдап көмектесіп кетеді. Қате жібергендерді қалай жазалаймын десе де, редактордың еркінде еді. Оның үстіне газеттің беттерін қайта бастыруға кеткен қағаз, бояу, электр қуаты, тасымал сияқты  қосымша шығын бар, ол дегеніңіз қарайған ақша. Шындап келгенде,  оларды қатені жіберген кінәлілер (корректор, кезекші тілші, бет құрушы және т.б.) өтеуі тиіс.  Бірақ обалы қайсы, Мәжит Қайырғалиұлы мұның да тігісін жатқызып жіберді. Қатеге кінәлілерді жазаламады.

* * *

Бас редакторымыздың жұмысымызға енгізген бір талабы біздің арқамызға әбден батты. Ол кезде нарықтық қарым-қатынастың енді-енді еніп жатқан кезі. Қай-қай салада да қиындық бастан асады. Жалақы, зейнетақы дегенді жұрт ұмыта жаздаған кезең. Газеттің де жағдайы мүшкілденіп, аптасына бір рет (айлап шықпай қалған кезіміз де болды) тәлтіректеп, әрең шығатын жағдайға жетті. Журналистер екі қолын қайда қоярға білмей отыратын апталар көбейген. Сондай шақтарда күн сайын әр журналист 250 жол авторлық мақала ұйымдастырып (мамандардың, еңбеккерлердің атынан) тапсырып отыруы тиіс. Ол үшін қабылдау  бөлмесінде тапсырылған материалдарды күн сайын сағат кешкі 18-00-де тіркеп отыратын журнал қойылды. Егер 250 жол материал тапсырылмаса, Мәжақаң қаһарына мінеді. Мәліметтерін алып, біреудің атынан мақала жазу дегеннің қандай «оңбаған» жұмыс екенін қаламдастарым жақсы білетін шығар. Мұны да Мәжақаң журналистер «қаламсапқа сүйеніп»  отырмасын деп әдейі ойлап тапқан. Қолы бос журналистің «желіп кететінін» бас редакторымыз жақсы біледі. Сөйтіп, күн сайын 250 жол мақала тапсырамыз деп талай «желіп кетуден» аман қалыппыз. Мұны да кейін түсіндік қой…


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика