Мұрағат: 08.09.2017


Фархаттың кезекті жүлдесі

Күні: , 24 рет оқылды


Ғ. Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының дәстүрлі әншісі Фархат Оразов Қарағанды қаласында «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында мәреге жеткен Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек би» атты жыршылар мен термешілердің республикалық байқауында бірінші орынға ие болды.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған өнер додасына Алматы, Астана, Қызылорда, Қарағанды, Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан, Петропавл, Орал қалаларынан барлығы он алты жыршы-термеші қатысып, бақ сынады.

Фархат Оразов байқаудың бірінші кезеңінде Кердері Әбубәкірдің насихат сөздерін, Ақтан Керейұлының «Қазақтың салты», Махамбеттің толғауын орындап берді.

Екінші кезеңде байқау талабы бойынша Арқа өңірі жырауларының туындыларына кезек келді. Бұл жолы Фархат Үмбетей жыраудың «Абылай ханға Бөгенбай батырдың өлімін естіртуі» деген толғауын, сондай-ақ дастан айтудан «Қарасай-Қазиды» қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынды.

Байқау қорытындысында қызылордалық Майра Сәрсенбаева бас жүлдені еншілесе, бірінші орын Ф. Оразовпен бірге астаналық Бағдәулет Толыбековке де берілді.

Айта кетейік, Ф. Оразов өткен жылдан бері бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері атанған болатын.

Елжан ЕРАЛЫ


«Барып қайт, балам, ауылға»

Күні: , 37 рет оқылды


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында жерлес композитор Темірәлі Бақтыгереевті еске алуға арналған «Барып қайт, балам, ауылға» атты сазды кеш өтті.


Еске алу кешінде ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Саят Медеуов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова, әнші-термеші Мейрамгүл Орашева, сондай-ақ облыстық филармония әртістері – ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Айбар Хайрханов, ҚР мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова және өзге де әншілер өнер көрсетті.

Шара композитор туралы арнайы түсірілген бейнефильмді тамашалаудан басталды. Әнші Сағадат Рахметжанов Айсұлу Қадырбаеваның сөзіне жазылған Темірәлі Бақтыгереевтің «Барып қайт, балам, ауылға» атты әнімен концерттік кештің шымылдығын ашты. Өнерпаздар композитордың әр түрлі тақырыпта шығарған туындыларын әуелете шырқады. Әсіресе, кештің сыйлы қонақтары Нұрлан Өнербаев және Саят Медеуов Темірәлі әндерін терең тебіреніспен орындап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

– Темірәлі Бақтыгереевпен шығармашылық байланысым сонау сексенінші жылдарда қазақ өнерінің қара шаңырағы М. Әуезов атындағы драма театрда жұмыс жасап жүрген кезімде басталып еді. Темірәлі ағамыз осы театрда дыбыс операторы болып қызмет атқарды. Менің қойылымдарда ән айтып жүргенімді сырттай бақылап жүреді екен. Ол уақытта гитара аспабын енді үйреніп жүрген кезім болатын. «Нұрлан, сен гитарамен ән айтқың келе ме? Менде бір жақсы ән бар. Тыңдап көр» деп өзім жаңа ғана сіздердің алдарыңызда орындаған «Сағыныш» әнін тыңдатты. Сөйтіп менің ең бірінші шырқаған әнім де, бірінші композиторым да Темірәлі Бақтыгереев болды. Ол менің бірінші композиторым болып қана қойған жоқ, одан кейін айтатын әндерімнің де жанрын анықтап берді. Темірәлі Бақтыгереевтің шығармашылығы, оның досқа, өнерпазға деген адалдығы, бойындағы адамгершілігі, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы мен үшін сағынышқа айналды. Темірәлі ағамыз маған «Нұрлан, біздің елге барамыз, үлкен концерт қоямыз» деп туған жерін аузынан тастамай, үнемі айтып жүруші еді. Осы жоспары науқасқа шалдыққаннан кейінгі жылдары тіпті арманға айналды. Көңілге демеу болары – ағамыздың үлкен кеші көзінің тірісінде Алматыда өтті. Ал оның көкейінде кеткен бір арманын бүгін біз орындап тұрмыз. Ағамыздың туған топырағына оның әнін, шығармаларын алып келдік. Енді Темірәлі Бақтыгереевтің кіндік қаны тамған туған жерімен мәңгілік үзілмес байланысы басталды, – деген Нұрлан Өнербаев композитор туралы қызықты естеліктер айтты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, ақын Айсұлу Қадырбаева және композитордың зайыбы Жәмила апай сөз алып, кештен алған әсерлерімен бөлісті.

– Қадірлі ағайын, бүгін қалың көрерменнің көңілінен шыққан тамаша ән кешінің куәсі болып тұрмыз. Ол – жерлесіміз Темірәлі Бақтыгереевтің әндері. Оның Айсұлу Қадырбаева апамыздың сөзіне жазылған «Барып қайт, балам, ауылға» әні сонау жырақта жүрген азаматтардың жүрегінен орын алған әсерлі туынды болды. Одан өзге де көптеген мықты туындыларды дүниеге әкелді. Темірәлі ағамыздың шығармашылық кештері өзінің кіндік қаны тамған Қазталов ауданы Қайыңды ауылында да жалғасын табар деп ойлаймын, – деді Арман Кәрімұлы. Ол композитордың аяулы жары Жәмилаға, Алматыда үлкен кешін ұйымдастыруға ұйытқы болған ҚР еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетоваға, өзге де кеш қонақтарына құрмет көрсетті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«ДРАНДУЛЕТ»: немесе ескі көлігіңізді тапсырдыңыз ба?..

Күні: , 28 рет оқылды


Өткен жылдың қараша айынан бастап елімізде тозығы жеткен ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы іске аса бастағандығын қалың бұқара жақсы біледі. Бүгінде ескі көліктерді қабылдау жобасы жалғасуда. Тозығы жеткен темір тұлпар үшін берілетін сома өзгерді ме? Қандай жеңілдіктер қарастырылған? Мақалаға арқау болған тақырыпты тарқатып, осы бағдарлама аясындағы тың өзгерістер туралы түсінік беріп, оқырманға жеткізу үшін бірқатар мәліметтер жиынтығын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Тұрғындар тапсырған ескі, жеңіл көлік үшін төленетін қаражат көп емес, небәрі 150 мың теңге. Бірақ жүргізушілер еш ұтылмайды. Берілген соманы алып, қанағат тұтуға, болмаса су жаңа көліктің иесі атануға жеңілдік ала алады. Яғни  қоқысқа кететін көліктің орнына 315 000 теңгеден басталған сертификаттар беріледі. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, жыл соңына дейін қазақстандықтар үшін 12 мыңға жуық кәдеге жарамайтын көліктерін өткізуге квота қарастырылған.

“ӨКМ операторы” ЖШС Астана қаласындағы өкілі Жомарт Рахымжанның мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 26 маусымынан бастап елімізде тозығы жеткен көліктерді тапсырушыларға жаңа көлік сатып алуға жеңілдік берілетін сертификат бағдарламасы іске қосылған. ҚР Энергетика министрлігінің тапсырмасымен жасалған бағдарламаны «ӨКМ операторы» ЖШС ҚР Инвестиция және даму министрлігі мен отандық аутоөндірушілермен бірлесе дайындаған.

Жаңа бағдарлама талабы бойынша жоюға ескі М1 санатындағы жеңіл аутокөліктен бастап, жолаушылар тасымалдайтын және жүк көліктері қабылданады. Жоюға тапсырылатын көлік құралдарының шығарылған жылына, моделіне қатысты ешқандай да шектеу жоқ. Тек жолаушылар тасымалдайтын және жүк көліктері үшін жалғыз талап – М3, М3, N2, N3 санатындағы көлік құралдары техникалық жарамды болуы керек және барлық жабдықтар өз орнында  болуы  тиіс (1-кесте).

Бағдарлама талабы бойынша ескі техниканы өткізушіге арнайы сертификат беріледі. Қазақстанда өндірілген көлік сатып алғанда, сертификат жеңілдік ретінде пайдаланылады.

Жеңілдік беретін сертификаттың құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты 315 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында. Бағдарлама бойынша отандық өндірушіден кез келген санаттағы көлік құралын сатып алғанда жеңілдік сертификатын пайдалануға болады. Бір автокөлік сатып алғанда екі сертификатқа дейін пайдалануға мүмкіндік бар.

– Тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы негізінде қандай аутокөліктерді жеңілдікпен алуға болатындығын төмендегі сайттардан көруге болады: «БИПЭК АВТО» www.bipek.kz немесе: 8 778 746 0698 телефоны бойынша, AllurAuto дилерлік орталығы сайтынан: www.allurauto.kz, www.jac-motors.kz, «Astana Motors», «Вираж», «УЗАВТО АЗИЯ» дилерлік орталықтарынан: www.ssangyong.kz, www.peugeot.kz,  www.iveco.com/kazakhstan, сондай-ақ 8 800 070 55 88 және 8 701 737 12 71 телефондары арқылы хабарласып білуге болады. Жеңілдік сертификаты атаулы және оны өзгенің атына тіркеу екі реттен артық жүргізілмейді. Сондай-ақ ол қайтарып беруге және қолма-қол ақшаға ауыстырылмайды. Сертификат тіркелген күннен бастап 12 айға дейін жарамды. Тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы отандық парктің жаңаруына, қазақстандық аутоөндірісті ынталандыруға және утилизация саласының инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – дейді Жомарт Рахымжан.

Аталмыш кәсіпорын жетекшілерінің бізге берген соңғы ақпарына сүйенсек, жеңілдік беретін бағдарлама басталғаннан бері еліміздегі «ӨКМ операторы» 910 жеңілдік сертификатын берген. Табысталған сертификаттың 293-і отандық өндірушіден 173 су жаңа аутокөлік сатып алуға пайдаланылған. Тозған көлікті өткізіп, жеңілдік сертификатын алу бағдарламасы бойынша Қостанай қаласы алда тұр. Аталған қалада 236 көлік тапсырылған. Екінші орында 203 көлік өткізген Павлодар қаласы. Үздік үштікті 92 машина тапсырған Алматы қаласы түйіндеген. Ал біздің өңірдің көрсеткіші әзірге 48 аутокөлікті құрап отыр. Жеңілдік сертификаты бойынша өткізілген техникалардың шығарылған жылы 1970-1993 ж. аралығын қамтиды.

Тозығы жеткен көліктерді қабылдау орындары республиканың әр өңірінде жұмыс істеуде. Жобаны іске асырушы компания өкілдерінің айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – елімізді темір қоқыстан арылту. Осы бағытта жақында Қарағанды қаласында темір-терсекті өңдейтін зауыт іске қосылды.

Ескі көліктерді қабылдау үшін біздің өңірде де өткен жылы «ӨКМ операторы» ЖШС құрылған болатын. Бүгінде Орал қаласы, Желаев көшесі, 39-үй мекенжайында орналасқан кәсіпорын облыс тұрғындарынан көне аутокөліктерді қабылдауды жалғастыруда.

– Еліміздің қалған өңірлерімен бірге біздер де өткен жылдың қараша айынан өз қызметімізді бастадық. Сол уақыттан бері облыс бойынша 1355 ескі аутокөлік қабылданды. Ағымдағы жылдан бастап жеңіл көлік тапсырушыларға 150 мың теңге көлемінде қолма-қол ақша немесе 315 мың теңге көлемінде сертификат алуларына болады. Бүгінде ескі көліктерін тапсырушылардың саны көп. Әсіресе, облыс орталығынан, қалаға жақын ауылдардан көптеп тапсыруда. Қаратөбе, Қазталов өңірлерінің тұрғындары да көне көліктерін өткізуде белсенділік танытуда. Биылдан бастап жүк машинасын қабылдауға да кірістік. Бүгінге дейін үш жүк машинасы өткізілді. Орталықта жеті адам жұмыс жасайды. Әр тәулікке он машина қабылдауға квота бөлінеді. Бастапқы кезде көлік иелері машиналарын тікелей орталыққа келіп өткізетін болса, бүгінде электронды кезекке тұру арқылы келеді. Кезекке тұру үшін 88000800865 нөмірлі call-орталығына хабарласу немесе www.auto.recycle.kz сайтына кіру арқылы тіркеле алады. Тіркеуден өткен көлік тапсырушыға орталыққа келетін күні мен уақыты белгіленеді, – дейді «ӨКМ операторы» ЖШС аймақтық менеджері Зорымбек Бисенов.

Айта кетейік, тозған көліктерді тапсыру үшін жеке тұлғалар көлікті жоюға тапсыру жөнінде өтініш, жеке бас куәлігінің көшірмесі, банк шотының бар екендігін растайтын анықтаманың түпнұсқасы, жоюға арналған көлік құралын тіркеу (есептен шығару) хаттамасының түпнұсқасы секілді құжаттар жиынтығын әкелу керек. Ал егер тозығы жеткен көлік құралы көлік иесінің өкілі арқылы тапсырылатын болса, ҚР заңнамасы талаптарына сай рәсімделген сенімхат түпнұсқасы қажет етіледі.

 Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

 

Николай ЖУРАВЛЕВ,

қала тұрғыны:

– Мен «ВАЗ-2101» маркалы көлікті 1975 жылы сатып алған болатынмын. Сол уақытта күні бүгінге дейін керек шаруаларыма айдадым. Осы жазда ойламаған жерде көлік апатына тап болдым. Бұрылыста тұрған аутокөлігімнің артынан келіп көлік соғылды. Соның салдарынан машинамның артқы бөлігі түгел пайдасыз болып қалды. Жөндеу орындарына апарғанмын, 180 мың теңге сұрады. Амалсыз тапсыруға әкеліп тұрмын. Әрине, өзіме ыстық болғасын қимаймын да. Тапсырам деген сөзді естігенде, жұбайым жылап та алды. Дегенмен тұрып, шіріп кеткеннен гөрі аз да болса кәдеге жарасын. Апатқа ұшырағаным үшін көлік сақтандыру қорынан қаражат алдым. Енді мына тұлпарымды өткізсем, екеуінің ақшасын қосып, басқа көлік сатып алмақшымын. Елімізде осындай бағдарламаның жүзеге асқаны тұрғындар  үшін  өте  қолайлы  деп  есептеймін.

Қадыржан БАХТИЯРОВ,

«ӨКМ операторы» ЖШС-ның қоймашысы:

– Біздің басты қызметіміз – осы орталыққа қабылданған ескі көліктерді тексеру, бөлшектеу және орналастыру болып табылады. Әуелі келген көліктің пластикалық бөлшектері мен резина доңғалақтары ағытылып алынады. Одан соң арнайы орында машинаның бойындағы сұйықтықтар толықтай ағызылады. Кейін ескі көліктер орталықтың ауласына текшеленіп жиналады. Көлік саны белгілі бір мөлшерге жеткен соң арнайы нығыздағыш техника шақырылады. Еліміз бойынша үш нығыздағыш техника бар. Олар әр қалаларды кезекпен айналып жүреді. 500-600-дей көлік жиналған соң келген техника аутокөлікті жоғары қысыммен нығыздап, белгілі бір қалыпқа келтіреді. Қазір бұл жерде 900-дей нығыздалып қалыпқа келтірілген көлік тұр. Көп кешікпей үлкен жүк көліктері арқылы Қарағанды  қаласындағы  темір-терсекті  өңдейтін  зауытқа  жөнелтіледі.


«Менің депозитім де, инвестициям да – балаларым»

Күні: , 25 рет оқылды


Шортанбай би бірде Тұрым деген азаматпен сапарлас болыпты. Тұрым жолай кездескен оңтайлы отын болса ат үстінен қамшымен іліп алып, қоржынына сала береді екен. Шортанбай оның бұл қарекетін күйкі тірлікке балап, аса мән бермейді. Кештете олар бір ауылға тоқтайды. Бұлар келердің алдында жаңбыр жауып, түскен үйлерінің отыны су болып қалған екен. От жаға алмай әбігерленген үй иелеріне Тұрым «Ана менің қоржынымды алдырыңдар, осы үйдегі жандардың берекесі жол жөнекей мен іле кеткен шөпшекте жатыр» десе керек. Тұрымның қоржынындағы тамызықты жаққан соң үйдің іші мамыражай күйге енеді. Сонда Шортанбай «Апыр-ай, Тұрым, отының ат жалында жататын, несібені тосыннан табатын, ғайыптан алғыс алатын, көзге ілінбес, жұртқа білінбес керемет қасиетің бар екен ғой. Шөпшектің қасиеті — қызуында, жігіттің қасиеті — қынуында екені қысылтаяңда байқалды-ау» деген екен.


Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Серікжан Біржановты бүгінгінің Тұрымы деп айтуға әбден болады.

Ата көрген оқ жонар Ол 1973 жылы Қостанай қаласында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы бұрынғы Тайпақ ауданының Өлеңті ауылында өтті. Сондағы орта мектепті тәмамдады. «Нағашы жұрт сыншыл, жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші, тілеуқор боп жүреді» деген рас екен. Нағашы атасы Әушет Жұмағалиевтен көп тәлім-тәрбие алды. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген қағиданы ұстанған атасы еңбекке баулыды, салауаттылықты жанына серік етуге дағдыландырды. Айтар ойын анық та қысқа жеткізуге әрі бір сөйлеуге машықтанды. Жылқы үйретіп, ат әбзелдерін жасап, ұлттық өнерді, салт-дәстүрді меңгерді. Мұның бәрі әскерде де, үлкен өмірде де көп көмегін тигізді.

 Әскерден келген соң ауылдасы Гүлмаржанға көзі түсіп, артынан екеуі отау құрды. 90-жылдардың ортасында қаладағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс жасап жүрген Гүлмаржан алдағы уақытта 7 баланы дүниеге әкеліп, шын мәнінде тәрбиеші атанатынын әсте білген жоқ.

– Гүлмаржан шынайылығымен, қарапайымдылығымен ұнады. Мысалы, отасқанымызға ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де оның әлі күнге дейін боянғанын көрген емеспін. Үйленбестен бұрын оған бетке жағатын қымбат бояу алып бергенім есімде. Сол ақыры пайдаланылмай қалды. Жан дүниесі де таза әрі бай. Сосын көпшіл адам. Үйге бір күн қонақ келмесе, біртүрлі боламыз. Біздің шаңырақ көтерген кезіміз ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағы, қиын уақыт қой. Ауылдағы жағдайымыз мүшкілденіп кеткесін, амалсыз Оралға көштік. Алғашында базарда жүк тиеуші болдым. Мен секілді жігіттер көп, бәрімізге бірдей жұмыс бола бермейді. Кейде құрқол қайтасың. Ал үйімізден келімді-кетімді кісі арылмайды. Сондай кезде бір қабақ шытпады ғой. Өмір жолымызда кездескен түрлі қиындықтарға мойымады. Ең бастысы, менің тік мінезіме әлі күнге дейін шыдап келеді. Адам есейе келе мінезі жұмсарады екен. Өз-өзіңді тәрбиелей бастайсың. Бұған зайыбымның да қосқан үлесі бар. Марқұм қайын атам Амангелді Шүйінішқалиев көпті көрген ерекше жан еді. Оның да тәрбиесін алдық. Мәселен, бір қателігіңді көрсе, тіке бетіңе айтпайды. Біреуді мысалға алып, соның қылығы мен ісін әңгімелеген болып жеткізеді. Сол кезде ағаттығыңды түсінесің. Міне, осындай өмір көрген, аузында аталы сөзі бар жандардан көбірек тәлім алуға тырыстым. Осындай көрген-білгендерімді, оқыған-тоқығандарымды енді балаларыма айтып отырамын. Құр айту аздық етеді ғой, іспен де көрсетуге тырысамыз. Нақтылап айтсам, отбасымызда барынша ұлттық салт-дәстүрімізді ұстанамыз. Балаларыммен бірге кітап, газет-журнал оқимыз. Мысалы өзім Мұқағалидың, Мұхтардың өлеңдерін жиі-жиі оқуға тырысамын. Үлкен балаларым «Абай жолын» оқуда. Баланың интернетті білгені жақсы, бірақ ол кітап пен газеттің орнын баса алмайтыны анық. Балаларымның сөздік қоры мол, рухани тұрғыдан бай болғанын қалаймын. Сол себепті оларды кітапханаларға апарып тұрамын. Жалпы менің депозитім де, инвестициям да – балаларым. Қаржы түссе, оны ойланбастан балаларымның қосымша білім алуына, шыңдалуына жұмсап отырамын.

Жеті перзентімнің үшеуі ұл бала. Әке ретінде олардың тәрбиесіне де көңіл бөліп тұрамын. Ер бала физикалық тұрғыдан мықты, шымыр болуы керек деп есептеймін. Ертең олар отбасын, Отанды қорғауға қабілетті болуға тиіс. Соған орай Тимур, Рустам, Әмірсұлтанның қол еңбегімен, спортпен айналысуын қадағалап жүремін, – дейді Серікжан.

Осы әңгіме барысында ұққанымыз, Біржановтар отбасын нарықтың қыспағынан сауда құтқарыпты. Бастапқыда базарға шығып көкөніс сатты. Саудаға шығаратын өнімдерді қол арбамен әкеліп жүрген. Кейін велосипедпен тасыды. Артынан көлік алды. Тиыннан тиын құрап, өздері шағын дүкен салды. Осылайша жеке кәсіпкер атанды. Қазір Серікжан шағын серіктестік ашып, құрылыс саласында қызмет етуде.

«Отағасына қарап, күш аламын»

Кейіпкерімізбен редакциямызда кездескен соң, осындай батыр мінезді жігіттің өмірлік серігімен, «Алтын алқалы» анамен тілдесу үшін олардың үйіне бардық. Орал қалалық мәдениет және демалыс паркінің дәл түбінде орналасқан үйінің ауласына кірген бойда бұл шаңырақ иелерінің таза-лығын, еңбекқорлығын, салауатты өмір салтын ұстанушылығын, қазақылығын, өнерге жақындығын бірден байқадық.

– Серікжанның мінезі тік әрі бір сөйлейді. Көпшілікке ұнасын, ұнамасын әділін айтады. Өзі өтірікке жоқ және жалған сөзге жаны қас. Алған бетінен қайтпайтын да қасиеті бар. Бұрын жас кезімізде көшеде келе жатқанда алдымыздан топталып жігіттер шықса, ол біз сияқты ығыспайды, ешкімге жолын бермейді. Иық пен иық тіресіп өте шығады. Сұсы мен мысы баса ма қайдам, отағасымыз отырған жерде көп сөйлемейміз және ол өзін мақтағанды аса ұната қоймайды. Қазір оның жоқтығын пайдаланып айтып қалып жатырмын.

Серікжанды алғаш көрген құрбыларым «Түсі суық қой, мынадай адаммен қалай өмір сүріп жатсың? Балаларға да қатал ма?» деп сұрайды. Сырттай сұсты көрінгенімен, жүрегі жылы деп айтамын. Ал балаларға тіптен мейірбан. Өзі мектептен, кәсіби училищеден басқа жерде оқымағасын перзенттерінің жоғары білім алғанын қалайды, сол себепті олардың оқуына көп көңіл бөледі. Балалар сабақтарын түсінбей жатса, отырғызып қойып тәтпіштеп түсіндіреді. Өзім олай жасай алмаймын.

Өмірде қиыншылықтар, түрлі жағдайлар болады ғой. Сондай сәттерде қайғы-уайымға берілмейді. Мен өзім соған қарап күш аламын. Шынымды айтсам, қайраттылығына тәнтімін. Ол қашанда алға итермелеп отырады. «Сәл, шыда, бәрі реттеледі, барлық қиыншылықты жеңеміз, біздің көшеде де той болады» деп сабырға шақырады. Алдына бір мақсат қойса, соған жетпей тыным таппайды. 2000 жылдардың басында базарда сауда жасап жүрген кезіміз. Бір күні үйге келіп «Қаланың бір шетінен бос жер көрдім, сол жерді өз атыма алып, дүкен саламын» деді. Одан соң мына үйді алған кезде жер телімі шағын болды. Сонда болашақта көршінің жерін қосып алатынын айтты. Бәріне біраз қаржы керектігін айтып, сенім білдірген жоқ едім. Ондай сәттерде «Неге кері тартасың? Жақсы ойла, сонда бәрі болады» деп айтып тастайды. Өз ақылы мен қайратына сене білуінің арқасында ол жоқтан бар жасап жүріп дегеніне жетті.

1997 жыл біз үшін өте ауыр жыл болды. Сол кезде үйімізге келген бір туысқаным «Тамақтарыңыз жоқ, жағдайларыңыз мүшкіл, бұлай өмір сүргенше өз әке-шешеңе барып тұрмайсың ба?» дегені бар. «Мен ешқайда бармаймын, қандай қиындық болса да осы шаңырақта көремін» деген кездер де басымыздан өтті, – дейді Гүлмаржан Амангелдіқызы.

Мерейлі отбасы

Сол 1997 жылы екінші перзенттері дүниеге келді. Есімін кім қоямыз деп жатқанда достары «Банкротбек десе қалай?» деп әзілдемесі бар ма? Серікжан оған намыстанып «бұл балам бізді де, елді де банкрот қылатын емес, жарылқайтын азамат болады әлі» деп атын Тимур қойыпты. Артынан дүкеніне осы атауды берген екен. Шүкір, сол Тимур биыл Құрманғазы атындағы саз колледжін интерьер дизайнері мамандығы бойынша бітіріп, енді БҚМУ-да жоғары білім алуда.

Ал тұңғыштары Назерке биыл БҚМУ-дың педагогика факультетін үздік бітіріп, магистратурада оқып жатыр. «Негізі менің мінезім әкеме тартқан, сол себепті әскери саланың маманы болуды ойлағанмын, әлі де армандаймын. Бірақ ата-анам қыз балаға мұғалімдік қолайлы ғой дегесін гуманитарлық салаға бет бұрдым, – дейді Назерке. – Өзім әкемді үлгі тұтамын. Бойында бұрынғы қазақ батырларының мінезі барына қуанамын. Осы мінезіне орай оны көпшілік сыйлайды, кейбіреулер жүрексініп сырт айналып жүреді. Егер әкем оқыған болса, ол саясаткер болар еді деп ойлаймын. Себебі, саяси сауатты, әр нәрсенің артын біліп, болжап отырады, ойын адамның жүрегіне дейін жеткізе біледі. Ең бастысы ол адамды сендіре алады. Мысал үшін биыл бізге магистратураға түсуге 3 грант бөлінді. Оған 8 адам таластық.

Университетте жүріп гранттардың бәрі сатылып кетті, еш мүмкіндік жоқ деп естіп уайымдап жүргенбіз. Әкем басынан-ақ уайымдама бір грант сенікі деді. Егер сатылып кетсе, не басқа жағдай болса, қарап қалмай, әділдік үшін күресетінін айтты. Нәтижесі әкем айтқандай болды. Бір гранттың иесі атандым».

Бұл жанұядағы балалардың лақап аттарын естіп таңқалдық. Мәселен, Назерке – министр, Тимур – сәулетші, Рустам – ботаник, Ділназ – актриса, Әмірсұлтан – генерал (Асылым мен Медина балабақша қабырғасында жүргендіктен әзірге күлімкөз бен аққұлыншақ атанып жүр). Әкелері қойған бұл бүркеншік ат балалардың өздеріне деген сенімдерін қалыптастыруда. Ал сенім бар жерде серпін бар. Оған дәлел – Біржановтар жанұясы биыл «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде бас жүлде алып, облыстық турда арнайы аталымға қол жеткізді.

Ұрпағының бойына ұлттың салиқалы салт-санасын сіңіріп, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеп, ақ адал еңбегімен ел-жұртқа еленіп отырған Біржановтар отбасы берекелі шаңырақ ретінде осындай беделге ие.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Қоныстой көбеюде

Күні: , 26 рет оқылды


Қала күні мерекесіне орай облыс орталығында көп қабатты қос тұрғын үй ел игілігіне берілді. Осылайша Қала күні қарсаңында 270 шаңырақ қоныстойын тойлады. Қуаныш иелерін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.


Осыдан бес-алты жыл бұрын Орал қаласының шеткі бөлігіндегі Зашаған кенті шап-шағын аумақта ғана орналасқан еді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының табысты жүзеге асуының арқасында құрылыс жұмыстары қарқын алып, көп қабатты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Қазір бұл жерді кент деп айтуға тіпті аузың бармайды,  аспанмен таласқан зәулім әрі сымбатты ғимараттары бар кәдімгі қала дерсің.

Зашаған кентіндегі 180 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 1 503, 757 млн теңге. Бас мердігер «Болашақ-Т» ЖШС құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, тұрғын үй Орал қаласының туған күні қарсаңында қолдануға берілді. Құрылыс нысанының жалпы ауданы – 15 437, 72 шаршы метр. Мұнда бір және екі бөлмелі 72 пәтер және үш бөлмелі 36 пәтер орналасқан. Жаңа баспанаға ие болған отбасылардың барлығы да – ҚР «Тұрғын үйқұрылыс жинақ банкінің» салымшылары.

Қоныстой иелерінің қуанышын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және қала тұрғындары бірге бөлісті.

– Көп қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кезекте тұрған салымшыларына берілді. Бұл үй тұрғын үй құрылысы комбинатының жүйесімен заманауи технологияларға сәйкес салынды. Яғни үйдің басты ерекшелігі – энергияны үнемдейді. Ауланы абаттандыру жұмыстары жақында аяқталады. Оны сақтап қалу, ары қарай күтіп ұстау тұрғындардың өздеріне байланысты.

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл көп қабатты 14 үй салынады. Тек облыс орталығында ғана емес, сегіз ауданда үй салып жатырмыз. Биыл өңір тұрғындарына барлығы 1600 пәтер берілетін болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Президенттің тапсырмасына сәйкес абаттандыру жұмыстарына 12 млрд. 600 млн. теңге, ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 28,6 млрд. теңге қаражат бөлінді. Оған 500 шақырым жол жасалуда, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жылдан-жылға қаламыз көркейіп, өңіріміз дамып келеді. Бұл – біздің тәуелсіз еліміздің жеткен жетістігі. Қоныстой құтты болсын, игіліктеріңізге жарай берсін, – дей келе облыс әкімі Алтай Көлгінов салтанатты жағдайда жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.

Жаңа пәтерге ие болған қуаныш иесінің бірі – Бақыт Ерғали. Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылында тұратын Бақыт Кәрімқызының мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төрт жыл бойы қаражат жинап, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр. «Отбасымызбен ауылда тұрамыз. Қалада да бір үйіміз болса деп армандаушы едік. Бүгін сол арманымыз орындалып, шаттанып жатырмыз. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлының өзі келіп, қуанышымызды бөліскені біз үшін үлкен мәртебе. Бұл үйде қалада оқитын студент бауырларым тұратын болады», – дейді жүзі бал-бұл жанған қоныс иесі.

Күмғалиевтер отбасы үшін де бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Үш баланы бағып-қағып өсіріп отырған Ерлан мен Әсел баспанамызды кеңейтсек, жаңа үй алсақ деген мақсатпен бірнеше жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салым жасап отырған екен. Еңбектенген жерде қалмайды демекші, су жаңа үйдің бірінші қабатынан үш бөлмелі пәтерге ие болды.

– Қала күні қарсаңында жаңа пәтер алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Сапасы көңілімізден шығып жатыр. Бөлмелері кең әрі жарық. Өзім сауда үйінде күзетші болып жұмыс істеймін, зайыбым «Еркем-ай» балабақшасында тәрбиеші. Оралдықтарды Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Барлық мұқтаж жандарға баспаналы болу бақыты бұйырсын, – дейді отағасы.

«Қайран өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп жаңадан баспана алғандар  ендігі жерде ауызбіршілік танытып, үйлерін базарлы мекенге айналдыратынына сенім мол. Айта кететін бір жайт, аталмыш тұрғын үйдің пәтер иелері кооперативінде ең алғашқы болып «Электронды ПИК» жүйесі іске қосылатын болады.

*  *  *

Оралдың Депо көшесінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынған 90 пәтерлі тағы бір үйдің құрылысы аяқталды.

Іргетасы екі жыл бұрын құйылған тоғыз қабатты үйді «Болашақ-Т» ЖШС жеке инвестициясы есебінен 683, 478 миллион теңге қаржыға салды. Оның ішіндегі бір бөлмелі 16 пәтер баспаналары апатты деп танылған тұрғындарға тегін берілді. Мұндай жоба облыста тұңғыш рет жүзеге асып жатқанын облыс әкімі Алтай Көлгінов қоныстойға арналып өткен салтанатты жиын барысында атап өтті.

– Бүгін Зашаған кентінде тоғыз қабатты үйде орналасқан 180 пәтердің кілтін иелеріне тапсырдық. «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында жыл соңына дейін Оралда тағы да 14 қабатты үй, яғни 1600 пәтер беріледі. Биыл өңіріміздің сегіз ауданында жаңа баспаналар пайдалануға беріледі. Келесі жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 2700 пәтер салуды жоспарлаудамыз. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, баспанаға мұқтаж адамдардың сұранысын орындаудамыз. Облыс орталығында 41 апатты, 200-дей ескі үй бар. Осы мәселенің біртіндеп шешімін табудамыз. Қалада сүрілген тоғыз ескі үйдің орнына жеті жаңа баспана тұрғызылуда. Міне, Депо көшесінде апатты үй орнына жаңа үй салынды. Абаттандыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілді. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясындағы мұндай жоба өңірімізде тұңғыш рет жүзеге асуда, – деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пәтер кілттерін тұрғындарға табыстаған соң, жаңа пәтер иесі Күләш Шантаева облыс басшылығына және құрылысшыларға алғыс айтты. Шара кезінде сөйлеген «Болашақ-Т» ЖШС директорының міндетін атқарушы Асқар Қосжановтың сөзінше, қалған 74 пәтер «Тұрғын үй құрылыс жинақ  банкі» салымшылары мен инвесторға пәтердің келісімді құнын бөліп төлеуге келіскен тұрғындарға беріледі. Пәтерлердің құны бір шаршы метріне 110-140 мың теңге аралығында бағаланады.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген О. КАТКОВА


Қылмыстық қудалау жүйесі де жаңғыртылмақ

Күні: , 16 рет оқылды


Бейсенбі  күні  Өңірлік  коммуникациялар  қызметінде  «Қылмыстық  істер бойынша  өндірістің  жаңа  тәртібі.  Қылмыстық  қудалау  жүйесін  жаңғыртудың  негізгі  бағыттары»  тақырыбында  кезекті  баспасөз мәслихаты  өтті.  Басқосуда  БҚО  бойынша  мемлекеттік  кірістер  департаменті экономикалық  тергеу  қызметі  профилактикалық  жұмыс  және  бақылау  басқармасының  басшысы Анастасия  Болграбская  қылмыстық  қудалау  жүйесін  жаңғыртудың  базалық  бағыттарын  жетілдіру  жайлы  айтып  берді.


ҚР 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сот өндірісінің үлгісін оңтайландыру мақсатында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамалары қайта қаралды. Осы орайда, 2014 жылдың шілде айында қабылданған жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекс осы уақыт ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеп  үлгерді.

Қазіргі таңда қылмыстық қудалау жүйесін оңтайландыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар арасында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, негізгі бағыттар бойынша кешенді ұсыныстар жасақталуда. Айта кету керек, қылмыстық іс бойынша өндірістің жаңа тәртібі азаматтарды заңсыз айыптау мен соттаудан, құқықтары мен бостандықтарын шектеуден қорғауға, заңсыз айыпталып, сотталған жағдайда кінәсізді тез арада ақтауға, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқыққа деген сыйластық қатынасты қалыптастыруға, қылмыстық процесте айыптау мен қорғау тараптарының қатысу ұстанымын  жетілдіруге  бағытталған.

Анастасия Болграбскаяның айтуынша, қылмыстық қудалау жүйесінде қамауға алу бас шарасын қолданбау негіздерінің тізімі ұлғаймақ. Сонымен қатар, қамауға алу бас шарасын санкциялау үшін сотқа дейін жеткізу мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту жоспарлануда.

Азаматқа өз құқығын толық көлемде заңмен көзделген әдіспен қорғану мүмкіндігін беру үшін жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген тұлғаға ол жөнінде хабарлау міндетін сотқа дейінгі тергеу органдарына жүктеу қарастырылуда. Ал құқық қорғау органдарымен тергеліп жатқан әрекет аясынан басқа да дәлелдемелер жинақтау тәжірибесін мүлдем алып тастау көзделуде.

Оған қоса 2017 жылдың 3 шілдесінде қабылданған ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға сәйкес Қылмыстық Кодекстің 244-бабы 1-бөлігі (азаматтың салық және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтаруы) бойынша және 215-бабы (жалған кәсіпкерлік) бойынша қылмыстық жауапкершілік алынып тасталды. Қылмыстық Кодекстің 244-ші және 245-баптарында қылмысты бірінші рет (қылмыстық топпен жасалған қылмыстан басқасы) жасаған тұлғаларды, егер өз еркімен салық берешегі және басқа да міндеттемелерін бюджетке төлесе, қылмыстық жауаптылықтан босату енгізілді. Сондай-ақ ірі мөлшердегі залал көлемі 2000 АЕК тен 20000 АЕК дейін ұлғайтылып, 244-бап бойынша қылмыстық жауаптылық айқындалды.

Брифингте белгілі болғандай, жоғарыда аталған баптардың алынып тасталғандығына қарамастан, «көлеңкелі экономика» құбылысы байқалып отыр. Көлеңкелі экономикамен күрес мәселесі мемлекеттік кірістер органдарының қызметінде негізгі бағыттың бірі  болып айқындалған және бұл бағытта тиісті  жұмыстар атқарылуда.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

   

Ерденбек  ЖЫЛҚАЙДАРҰЛЫ,

«Хабар»  арнасының  тілшісі:

– Облыстағы бірнеше ауылдық округте ветеринар мамандар тарапынан бюджеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану оқиғалары орын алғаны белгілі. Бұл қылмыстық іс бойынша қандай шаралар алынды?

– Қазір қаланың кез келген жерінен ойын автоматтарын, құмар ойындарға арналған кеңселерді көруге болады. Бұл орындарда тек ересектер ғана емес, мектеп оқушылары да көп жүреді. Осы букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарының жұмысын кім қадағалайды?

Анастасия  БОЛГРАБСКАЯ:

– Бұл аудандарда агрокешенді дамыту бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері тіркелген. Яғни ветеринарлар аналық малды ұрықтандыру шараларын жүргізбеген. Бірақ іс-шаралар уақтылы жүргізілді деп жалған құжат жасаған және ауыл тұрғындарының қолдарын қойдырып алып отырған. Қазір бұл қылмыстық іс шығынның толық өндірілуіне байланысты қысқартылды.

– БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті облыс аумағындағы ойын бизнесін бақылау, қадағалау бағытында жоспарлы жұмыс атқарады. Мәселен, жыл басынан бері 50 ойын автоматы тәркіленіп, интернет арқылы бәс тігумен айналысатын 6 сайт бұғатталды. Жоспардан тыс тексерулер азаматтардың арыз-шағымы  негізінде  жүргізіледі.


Нәрестенің ауыр дерті

Күні: , 24 рет оқылды


Жуырда  Орал  қаласының  ерлі-зайыпты   тұрғындары  Руслан және  Мария  қазақстандықтардан қаржылай  көмек  сұрап,  дабыл қаққан  болатын. Себебі  жас  отбасының  тұңғыш  перзенті,  тоғыз айлық  Рамина  ауыр  дертке  шалдыққан.  Ал,  сәбидің  ата-анасы облысымыздағы  дәрігерлердің  салғырттығына  шағымданып отыр.


Мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына бас сұғып, сәбидің ата-анасымен және мамандармен тілдескен едік.

Науқастың әкесі Руслан Мұхамедияровтың айтуынша, өткен жылдың қараша айында дүниеге келген нәрестенің денсаулығында ешқандай ақау байқалмаған. Алайда сәби алты айға толған уақытында кенеттен қызуы көтеріліп, қатты мазасызданып, жедел жәрдем шақыртқан.

– Жолдасымның бойына бала біткенде уақтылы тексерулерден өтіп, нәрестенің дамуын жіті қадағаладық. Дүниеге келген соң жетілуінде ешқандай кемшілік болмады. Алты айлығында денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем қызметімен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түстік. Ол жерде екі тәулік өтсе де, нақты диагнозы анықталмаған соң, облыстық көпбейінді ауруханаға жолдандық. Сол кездерде қызымыз қимылдап, күлімдей алатын еді. Ал аталған ауруханада өткен төрт айдан соң қимылға келмей, үздіксіз жылай беретін болды. Яғни жағдайы одан сайын нашарлай түсті. Соған қарамастан дәрігерлер қызымызды ауруханадан шығарып, үйге жібергілері келді. Жергілікті дәрігерлерден көңіліміз қалып, шетелдік мамандарға сұраныс жібердік. Нәтижесінде Германиядағы «Хелиос» ауруханасы біздің сұранысымызға жауап қайтарды. Алайда ол жақтағы ем-дом 80 мың евроны талап етеді. Уақыт жоғалтпау үшін жерлестерімізден қаржылай көмек сұрап, дабыл қақтық, – дейді Руслан Мұхамедияров.

Раминаның қазіргі жағдайы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев баяндады.

– Рамина ауруханаға түскен кезінде бірден дәрігерлік тексерулерден өткізіліп, нәтижесінде миына қан құйылғанын байқадық. Оған гемморагилді инсульт диагнозы қойылды. Науқасқа тиісті ем-шараның барлығы жасалды.  Бір ай жансақтау бөлмесінде жатып, кейін паллиативті емдеуге ауыстырылды. Паллиативті емдеу дегеніміз – жағдайы өте күрделі науқастарға медициналық күтім жасау. Науқас туралы мағлұматтарды республикалық ауруханаларға жіберіп, олармен тығыз байланыста болдық. Осы кезге дейін Раминаны өзге қалаларға тасымалдауға болмайтын еді. Жуырда Астанадағы «Ана мен бала» орталығынан шақырту алдық. Сегізінші қыркүйекте санитарлық авиамедицина арқылы аталған ауруханаға көшірмекпіз. Ол жерде науқасқа реабилитациялық емдеу жүргізіледі. Ал шетелдік емханаларға жүгінудің қажеті жоқ деп есептейміз. Себебі шетелдік емханаға өзіміздің елде емі қарастырылмаған аурулар ғана жіберіледі, – дейді Қанат Дүйсенбайұлы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

 

«Электронды қылмыстық іс» іске қосылмақ

Күні: , 16 рет оқылды


Бұл  жайында  қылмыстық  процесті  жаңғырту барысы  мен «Прокуратура  туралы»  заңға  енетін толықтырулар  мен  өзгерістер  талқыланған семинарда  облыс  прокуроры,  3-сыныпты  мемлекеттік  әділет  кеңесшісі  Сапарбек  Нұрпейісов хабарлады.  Оның  сөзінше, пилоттық  жоба  қыркүйектің  20-сында іске  қосылады.


Қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қазіргі таңда Германия, Ұлыбритания, Эстония мен Грузия елдерінің тәжірибесі зерттелу үстінде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жүзеге асатын реформалар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, құқық қорғау және сот саласын жаңғыртуға мүмкіндік береді. 2014 жылы күшіне енген ҚР Қылмыстық-процестік кодексі құқықтық институттардың нығаюына ықпал етті. Мәселен, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі арқылы қылмыстық құқықбұзушылықтарды жаппай жасырып-жабу тоқтатылды. Қылмыстық процесте орын алған тергеуші мен прокурордың заңсыз шешіміне жәбірленуші шағымдана алатын болды. Азаматтардың конституциялық құқын қорғауда оңтайлы тетіктер қалыптасты. Соған қарамастан, 2016 жылы «Заң үстемдігі» халықаралық рейтингінде Қазақстан 15 позицияға төмендеді. Яғни, рейтингке енген 113 мемлекеттің ішінде 38-ден 73 -орынға сырғыды. Халықаралық сарапшылар еліміздегі тергеудің тиімді жүргізілуі мен сыбайлас жемқорлықтың болмауы, айыпталушының құқығын қорғауда заңнаманың сақталуы бойынша индикаторларды жетілдіру керектігін айтқан. Біздегі қылмыстық процесте айыптау мен қорғау тараптары арасында тепе-теңдік сақталмайды. Тергеу істері ұзақ мерзімге созылады және әкімшілік  кедергілер көп. Қағазбастылықтың орын алуы да бюджетке тиімсіз болуда. Сондықтан қылмыстық процесті жетілдіру мақсатында жұмыла жұмыстануымыз қажет. Бұл бағытта жаңа әдістерді қолға алудамыз. Мысалы, қылмыстық процесс барысын тұрғындарға монитор арқылы бақылауына мүмкіндік туғыздық. Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу мерзімі бір аптаға дейін қысқарды. Негізінен, тергеу істерінің 70 пайыздайымен полиция қызметкерлері шұғылданады, – деді жиында Сапарбек Нұрпейісов.

Семинарда облыс прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы, әділет кеңесшісі Александр Цуранков «The World Just ice Project» тәуелсіз халықаралық ұйымы сот төрелігін жүзеге асыру көрсеткіштерін бағалайтынын айтты. «Заң үстемдігі» халықаралық рейтінгінде ТМД елдері ішінде Грузия 38, Қазақстан 73, Қырғызстан 96, Ресей 98-орынға тұрақтаған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы елдердің бәрі рейтингте жетекші орын алған. Александр Цуранковтың сөзінше, ЭЫДҰ елдеріне ортақ қылмыстық процесс үлгісі 3 кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезеңде айғақтарды жинау мен қылмыскерді әшкерелеу, келесісінде деректерді нақты бағалау, іс санатын айқындау, айыптауды жариялау, мәжбүрлеу шарасын қолдану жүзеге асырылса, соңғысында сот шешімі мен жаза түрі айқындалады. Әр кезең бойынша полиция мен прокурор және сот органдарының қызметі нақтыланған. Александр Цуранков шетелдегі құқық қорғау және қадағалау органдарының тәжірибесі еліміздегі қылмыстық процеске енгізу жолдары қарастырылып жатқанын, оның тұжырымдамалық негіздері бес бағытта  жетілдірілетінін  баяндады.

Алдымен, қылмыстық процесте адамдардың бостандығы мен құқын қорғауға баса көңіл бөлінеді. Мәселен, күдіктіні бірден күзетке алу басқа шараны қолдануға амал қалмағанда ғана қолданылады. Әсіресе, экономикалық салада орын алған құқықбұзушылықтар үшін қарауыл қою жазасы шектелмек. Бұл жеңілдік ауыр қылмыстар жасалғанда қолданылмайды. Қазіргі уақытта сот санкциясынсыз адамды 72 сағатқа дейін тұтқындауға болса, енді бұл мерзімді 48 сағатқа қысқарту қарастырылуда. Екіншіден, адвокаттардың өкілеттігін кеңейту арқылы сотқа дейін тергеудің кез келген кезеңінде оларға іс материалдарымен, керісінше, тергеу қызметіне адвокаттардың қолындағы құжаттармен танысуларына рұқсат берілмек. Сонымен қатар қылмыстық процеске жұмсалатын шығынды азайту, сотқа дейінгі тергеуде сот бақылауын күшейту, сот пен прокуратура арасындағы кепілзатты санкциялау мен мәжбүрлеп алу өкілеттіктерін қайтадан бөлу мәселелері тұжырымдалық негіздерге  енгізілген.

Жиында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің  БҚО бойынша бөлімінің басшысы, 1-сыныпты заңгер Ержан Мұхитов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауқымында «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» базасына «Электрондық қылмыстық іс» модулін енгізу жоспарланғанын айтты. Республика бойынша бұл модуль Жамбыл, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында және Астана қаласында пилотты түрде жүзеге аспақ. Аталған жоба негізінде арыз тіркелгеннен кейін сотта үкім шыққанша қылмыстық іс электронды форматта жүргізіледі. Электрондық іс жүргізу Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Эстония, Түркия, АҚШ, Австрия, Нидерландия және Дания елдерінде кеңінен қолданылады. Болашақта бұл жоба сыбайлас жемқорлықты алдын алып, қылмыстық істі тергеу барысында бұрмалаушылықты болдырмайды, қағазбастылықтан арылуға, қылмыстық іс қатысушылары (куә, айыпты, адвокат, т. б) процедураны онлайн түрде бақылауға алуына, яғни, ашықтықтың қамтамасыз етілуіне септеседі, істің тергелу мерзімін едәуір қысқартады деп күтілуде.

– Қылмыстық іс деректері тіркелген қағаз құжаттарды ауыстыруға болатыны жасырын емес. Ал электронды құжаттардағы шешімді өзгерту жолы мүмкін емес және цифрлық қолтаңба қолданылады. Бастысы, қылмыстық процесс қатысушыларына, яғни айыпталушы немесе куә, адвокаттар қылмыстық іспен онлайн түрде таныса алады. Сол үшін оларға құпия кілтсөз беріледі,  – деді Ержан Мұхитов.

Біздің облыста құқық қорғау  органдары «Электрондық қылмыстық іс» модулі бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруға дайын. Облыс басшылығы техни-калық негіздемесін қамтамасыз ету бағытында жергілікті бюджеттен қаржы бөлуді мақұлдаған. Пилоттық жобаға ішкі істер органдары, мемлекеттік кірістер департаменті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қосылмақ.

Облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Абзал Құспан қылмыстық процесті жетілдіру барысында адвокаттар өкілеттігін кеңейту мәселесіне ықпал ету үшін ведомствоаралық жұмыс тобына адвокаттар қауымдастығы тарапынан ұсыныстар дайындалып жатқанын жеткізді.

– 2015 жылы қолданысқа енген жаңа Қылмыстық-процестік кодекстің бірқатар нормаларын жетілдіру қажеттігі жөнінде заң қабылданбастан бұрын ұсыныстарымызды айтқан едік. Қазіргі уақытта заңнама талаптарының олқы тұстары бар екенін аңға-рылуда. Мәселен, жаңа кодекс қабылданғаннан бері біздің облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша бірде-бір нақты үкім шығарылмаған. Оның бір себебі – сотта айыптау және қорғау тараптарының өкілеттіктері тең болмауында. Іс жүзінде прокурорлардың ықпалы әлдеқайда басым. Аталған кодекстегі қарама-қайшылықтарға байланысты азаматтардың құқын қорғауды толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Бүгінгі таңда Елбасымыз қылмыстық процесті жетілдіру, соның ішінде, прокуратура мен адвокатура өкілеттігін теңестіру мәселелеріне баса көңіл бөлу қажеттігін мәлімдеп, құзіретті органдарға нақты міндеттер жүктеді. Адвокаттардың өкілеттігін кеңейту, әсіресе, қарапайым азаматтардың құқығын қорғауда маңызды рөл атқарады,  – деді  адвокат.

Семинарда Сапарбек Нұрпейісов жыл соңына дейін «Бір терезе» қағидаты жүйесінде құқық қорғау органдарының орталығын жасақтау  жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Арнайы кеңсе ашылған соң, тұрғындарға құқықтық кеңес берілетін орталықта елуден астам мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады. Сонымен қатар, облыстық прокуратура ғимаратында «Жобалық кеңсені» ашу жоспарлануда. Кеңседе әлеуметтік және құқық қорғау саласында маңызды жобалар талқыланады.

Құқық қорғау және сот саласында қолға алынатын реформалар жөнінде баяндалған жиында биылғы шілде айында колданысқа енген «Прокуратура туралы» заң талаптары таныстырылды. Семинарға мемлекеттік және құқық қорғау, арнайы қызмет, қадағалау органдарының басшылары және үкіметтік емес ұйым мен бизнес-қауымдастық мүшелері, адвокаттар мен мәслихат депутаттары  қатысты.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Австриялықтармен серіктес болуға дайын

Күні: , 20 рет оқылды


Сәрсенбіде  Орал  қаласындағы  «Парк Отель»  қонақүйінің мәжіліс  залында  Австрия еліндегі  сауда  палатасының  бастауымен  облысқа  жұмыс  сапарымен  келген  Австрияның  бір  топ кәсіпкерлері  жергілікті  бизнес  өкілдерімен  кездесті.  Басқосуға облыс  әкімінің  орынбасары  Игорь  Стексов  қатысты.


Қазақстан Республикасындағы Австрия елшілігі  сауда бөлімінің басшысы Михаэль Мюллердің айтуынша, Австрияның Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысуы аясында  Қазақстандағы мұнайгаз саласына түрлі технологияларды, қызметтерді  және құрал-жабдықты ұсынатын   австриялық бір топ кәсіпкерлерді облысқа ынтымақтастық құру мақсатында ертіп келген. Бұған дейін олар Ақтау мен Атырауда болып жергілікті кәсіпкерлермен кездескен. «Бүгін Оралда, ертең Астанада жергілікті компаниялармен, кәсіпкерлер қауымдастығымен жүздесеміз. Австриядан өкілдерін жіберген 10 шақты ірі компания әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді әрі «қанатын кеңге жайғандар». Компаниялардың өкілдері Батыс Қазақстан өңірі экономикасында оң динамика барын өз көздерімен  көреді. Делегация құрамында инжинирингпен, жобалаумен, мамандарды оқытумен, сервистік қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері де бар. Қазақстанда Австриямен біріккен 50 компания жұмыс істейді. Әзірге БҚО-да  австриялықтармен біріккен кәсіпорындар жоқ, сондықтан алдағы уақытта құрылуы да ықтимал», – деді Михаэль Мюллер. Оның айтуынша, жалпы 2016 жылы Австрия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 800 млн. еуроны, ал Австриядан елімізге тартылған инвестиция көлемі 20 млн. еуроны құраған.

Жиында австриялық кәсіпкерлер өздерінің компаниялары жайында мағлұмат берді. Олардың ішінде мұнайгаз саласына сорғы өндіріп, инновациялық жасақталымның көшбасшысы саналатын «Kral», «Cimos» делінетін өзінің платформасы базасында тұрба құбырлары туралы ақпараттарды басқарудың жеке жүйесін ұсынатын «ONG», мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен, ұңғыма ішілік жұмыстарды атқаруда  Ресей мен Қазақстан нарығына танылған «Petro Welt Technologies» және өзге де компаниялардың жұмыстары кеңінен таныстырылды. «B&R Industrial Automation» компаниясының аймақтық бөлімшесінің жетекшісі Тимур Нагаев ұйымның «ABB Group» концернінің бір бөлшегі болып табылатынын әрі 30 жылдан бері түрлі саладағы өнеркәсіптік автоматтандыру жұмыстарымен айналысып, жабдықтар жеткізетінін әңгімеледі. Бүгінде компания алматылықтармен бірге жұмыстануда. Енді БҚО-мен әріптестік орнатуға мүдделі.

– Өңірдің мамандануына орай, мұнайгаз саласындағы кіші кластерді дамыту міндеті тұр. Қазір оны толыққанды дамытуға дайындық жұмыстары жүруде. Кластердің «ҚПО б. в.», «Жайықмұнай» сықылды ірі мұнайгаз компанияларына иек артатыны белгілі. Өнеркәсіптік базамыз мықты, 2013 жылы машина жасаушылардың «Машзауыт» консорциумы құрылды. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіптік өнімінің көлемі үш миллиард долларды құрап, өсім 12,3 пайыз болды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа технологиялы жаңа өндіріс орындары құрылуда. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» «General Electric» компаниясымен бірге  газтурбина құрылғыларын жөндейтін сервистік орталық, «Орал трансформатор зауыты» түрік инвесторларымен бірге «Орал электрик» біріккен кәсіпорнын құрды. «Конденсат» зауыты еуро-5 бензинін өндіруде. Биылғы жеті айда облысқа 500 млн. доллар көлемінде инвестиция тартылды. Мұның 85 пайызы – жеке инвестиция, – деген облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов бұл кездесудің екі тарапқа да тиімді болатынын, сондықтан жергілік кәсіпкерлерді белсенді диалог құруға  шақырды.

Жақында Елбасы өңір басшыларымен өткен кеңесте өңірлердің басшыларының алдына экономиканың өсімін төрт  пайызға көтеруді тапсырғаны мәлім. Ондай тапсырманың экономиканың барлық саласына, соның ішінде инвестицияға, тауар айналымына да қатысы бар. «Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтудеміз. Австрия делегациясы «Жайықмұнай», «Зениттехсервис» консорциумында болды.

Австрия кәсіпкерлеріне олардың тауарларын, қызметтерін сатып алуды ғана емес, облыс аумағында өз өндірістерін ашқанын және ірі жер қойнауын пайдаланушылардың жобаны кеңейту жұ-мыстарына қатысқандарын қалайтынымызды жеткіздік. Жергілікті кәсіпкерлер біріккен кәсіпорын құруға, серіктес болуға әзір», – деді облыстық инвестиялар, туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиев.

Бәсекелестік заманда батысқазақстандық кәсіпкерлерге озық технологиялары трансферттеуге, мамандарды оқытуға тұрақты серіктес қажеттігі сөзсіз. Мамандар инвесторлардың БҚО-ны Ресейге, Қытайға, Иранға экспортқа шығатын алаң деп қарастырғандары жөн деседі. Бұл кездесуден кейін австриялық компаниялардың өз тәжірибесін жергілікті компаниялар бірлесіп дамытқаны маңызды. Өйткені еуропалық технологияларды  тарту  ерекше  назарда.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Тағылымы мол туынды

Күні: , 20 рет оқылды


Бейсенбіде «Жайық Пресс» медиахолдингінде журналист, ақын, «Ақжайық» телеарнасының жүргізушісі Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» кітабының тұсаукесері болып өтті. Оған тарихшылар мен өлкетанушылар, журналистер мен студенттер қатысты.


Басқосуды аталмыш холдингтің бас директоры Жантас Сафуллин  ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда тағы бір толымды іс тындырылғанын айтты. — Жалпақталдық жалынды жастардың жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов жөнінде тарихшы ағамыз Жаңабек Жақсығалиевтың «Егемен Қазақстанға» арнап, көлемді мақала жазғанын біліп, оған қолқа салып, өзімізде шығатын «Дана» журналына жариялаттық. Ал сол жастар жөнінде Мұнайдар ағамыз тамаша роман жазып, ұлт алдындағы борышын абыроймен өтеп шықты. Ағаның ақиқатқа негізделген кітабының жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын! — деді Жантас  Набиоллаұлы.

Шара барысында кітап авторының сценарийі негізінде жасалған «Тарихқа тағзым» бейнеролигі көрсетілді. Содан соң жалпақталдық жастардың жасырын ұйымының бір мүшесі Сүндетқали Қаражановтың туған інісі Кенжеғали мен Сатқали Молдағалиевтың жалғыз қызы Нұржиян жаңа  кітаптың тұсауын кесті.

— Өте сәтті шыққан еңбек. Жерлесіміз Амангелді Шахинның да  осы тақырыпқа қалам тербегені белгілі. Бірақ екеуінің сөз саптауы бір-біріне ұқсамайды. Осы үлкен еңбегімен Мұнайдар еліне рухани ескерткіш-мұра қалдырды. Сол үшін құттықтаймын! Демеушілік көрсеткен Жантас Набиоллаұлына мың да бір рақмет — деді алғаш лебізін білдірген өлкетанушы, журналист Тихон Әліпқали.

— Романның авторы қаламгерлік ортада сегіз қырлы, бір сырлы қасиеттерімен танылған. Ол — ақын, ол — журналист, ол – сценарист және т. б. осылай кете барады. Оның осыған дейінгі рухани еңбегі бір төбе де, жаңа кітабы бөлек лебізге лайық. Меніңше, өткен ғасырдың аяғында  ресми билік пен халық тарапынан қазақтың тарихы мен шежіресіне іңкәрлік күшті болды ғой. Ол бастауын өткен ғасырдың ортасындағы атақты тарихшы Бекмахановтың Кенесарының тұлғасын ғылымда сомдауынан бастау алады. Сол үшін кеңестік өктем биліктің тарапынан жазықсыз жазаланса да, оның жанқиярлық өнегесі ұлтжанды азаматтарды оятты. Соны пайдаланып, тарихшылар да, қаламгерлер де көп өрелі істер тындырды. Қазір солардың қатарына Мұнайдарды да қосқан дұрыс. Жаңа кітап шығармашылық ұмтылыстың соңы емес. Өйткені аталмыш тақырып әлі де кеңінен зерттелуі тиіс, зерттеле береді де. Кейде осы жалпақталдық ұлтжанды жастардың іс-әрекетіне талдау жасай отырып, көңілге: «Мұның бәрі «Үш әріптің» қолдан жасаған қулығы емес пе?!» деген күпті ой келеді. Кезінде талай рет солай болған да.  Алайда бұлтартпас дәлелдер бүгінде оның ақиқат екенін ашып берді. Жалпы, Мұнайдар қаламгерлердің арасында ұлттық рухы күшті адамның бірінен саналады. Оған дәйегім — ол сонау 1991 жылғы қыркүйек дүмпуінде қайсарлығымен ерекше көзге түсті. Сөйтіп, өзінің адами ұлттық ұстанымына нық болды. Сөз соңында айтарым, тарихи роман  жазу — қиын кәсіп, сондықтан оның  жаңа туындысын кез келген айтулы сыйлыққа ұсынса да, артық болмас еді — деді «Он төрттің» алғысөзін жазған, өңірге танымал тарихшы ғалым, ғылым кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

— Бүтінделген дүние — жалғыздың емес, жалпының ісі. Бірлескен қимылдың нәтижесінде осы ұжымдық еңбектің шығуы «Алашорда» қозғалысының 100 жылдығына да тұспа-тұс келді. Бұл да кездейсоқтық емес. Өйткені Алашорда көсемдері мен жалпақталдық жалынды жастардың мұраты ортақ, мақсаты бір. Әрине, Амангелді ағамның да кітабы маған күшті әсер етті. Оның үстіне Жантас бауырымның: «Аға, сізге қолдау болады!» деген бірауыз сөзі жаныма қанат бітірді. Нәтижесінде туындымның 300 бетін қалай шабыттана жазып тастағанымды білмей қалдым. Әрі Жалпақталда бір ай болып, асықпай аралағанымның жазуға көп септігі тиді. Тұсаукесерге қатысып, ізгі ниеттеріңді білдіргеніңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын, — деді кітап авторы М. Балмолдин.

Шараның  құрметті қо­нақтары Кенжеғали және Нұржиян ағасы мен әкесі хақында естеліктерімен бөлісті. Екеуі де өздеріне ең қым­бат адамдары туралы естелікті жаң­ғыртқаны үшін кітап авторына жә­не тарихшыларға шын жүректен алғыс айтты. Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Айзада Шү­кірғалиева мен Қазталов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жәңгереева, Зеленов аудан­дық «Ауыл тынысы» газетінің ре­дакторы Нұржан Дүзбатыров ав­торды шығармашылық жетістігімен шын жүректен құттықтап, ал­­ғысхаттар мен кәдесый тапсырды. Сондай-ақ Нұржан Тоғызбайұлы аудан тұрғындарына тарату үшін өзімен бірге 100 дана кітап алып, авторды оқырмандармен кездесуге шақырды. М. Балмол­дин жина­л­ғандарды кі­тапты көр­кемдеген су­ретші Бекжан Жұма­баевпен таныс­тырып, оған ерек­ше ризалығын білдірді. Суретшінің өзі де сөйлеп, ой-пікі­­рімен бөлісті. Тұсаукесер­де «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас ди­­ректо­ры­ның орынба­сары, ақын Ғайсағали Сейтақ, фи­ло­логия ғы­лымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, «Ақжа­­йық» телеарна­сының редакторы Гүл­мира Тілеу­баева және басқасы сөз алып, М. Бал­молдинге келе­шекте шығар­ма­шы­лық табыс тілеп, жүректен шық­қан лебіздерін ар­на­ды. Соңын­да Ж. Сафуллин қа­лам­герге алғыс­­хат пен жерлес жазушы Хамза Есенжановтың кітаптар топтамасын салтанатты түр­де табыс етті.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика