Мұрағат: 06.09.2017


Бөкейліктердің 62,4 пайызы ауыз сумен қамтылған

Күні: , 23 рет оқылды


Өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  баспасөз  алаңында Бөкей  ордасы  ауданының  әкімі  Нұрлан  Рахымжанов  журналистермен кездесті.  Брифингте  Нұрлан  Сағынтайұлы  ауданның биылғы  әлеуметтік-экономикалық  дамуы  туралы  есеп  берді.


Аталмыш ауданның экономикасының негізін мал шаруашылығы құрайды. Ауданда бұл саланың дамуына  қажетті алғышарттар бар. Өйткені жер көлемі 1 921 445 гектарды құрайтын Бөкей ордасында жайылым 1 376 444 гектарға жетіп жығылады. Шабындық  та ауқымды. Осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша  Орда өңірінде 1 176 түйе, 21 389 жылқы, 126 979 қой-ешкі және 67 228 бас ірі қара шоғырланған. Биыл малдың өз төлі есебінен өсуі ойдағыдай. Тек түйе түлігінде ғана өсім байқалған жоқ. Оның өзіндік себептері бар. Жалпы, аудан бойынша  әр тұрғынға шаққанда, бес шартты мал есебінен келіп тұр. Бұл  облыстағы ең жоғары көрсеткіштің бірінен саналады. Бұдан басқа  биыл өндірілген өнімнің жалпы көлемі 2 млрд. 468 миллион теңгеге жетті.  Ауданда  495 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың  саны  жылдан-жылға өсіп, төрт түлік басын көбейтуде. Биылғы  жеті айда 17 шаруа қожалығы ашылып, оларға 21 900 гектар жер телімі пайдалануға берілді. Керісінше, жерді тиімді пайдаланбаған екі шаруа қожалығы жабылып, олардың 850 гектар жері мемлекетке қайтарылған. Сондай-ақ мал шаруашылығына қатысты құрылған сегіз өндірістік кооператив те аяғынан тік тұрып кетті.

Соңғы жылдары малды өсіріп қана қоймай, оның тұқымын асылдандыруға мемлекет ерекше мән беріп отыр. Нәтижесінде аудандағы «Хан ордасы» ЖШС қазақтың қос өркешті түйесін өсірсе, екі шаруа қожалығы көшім және жабы тұқымды жылқы бағумен айналысуда. Қазақтың ақ бас сиырын өсіру 16 шаруа қожалығының еншісіне тиіпті. Оларға мемлекет тарапынан қолдау мен көмек жоғары деңгейде. Тілге тиек етсек, өткен жылы ордалықтар 487 млн. 403 мың теңге демеуқаржы алса, ағымдағы жылдың жеті айында оларға төленген демеуқаржы 314 млн. 514 мың теңгені құрап отыр. 15 шаруа қожалығына кеткен шығынның бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық  демеуқаржы да төленген екен. Бұл да әр шаруаға  айтарлықтай  қолдау.

Биыл Орда өңірінде шөп шүйгін шықты. Табиғаттың берген мүмкіндігін жіті пайдаланған олар осы жылға 140 мың тонна мал азығын дайындауды жоспарлаған еді. Шабындықтың әр гектарынан 4,5 центнер өнім алған ауыл еңбеккерлері  жылдық жоспарын орындап шықты. Мұның сыртында былтырдан қалған 20,5 мың тонна пішен тағы бар. Демек, қысқа қамданыс қалыпты. Шаруашылықтардың материалдық-техникалық негізі нығайтылуда. Мәселен, былтыр лизингке 12 шөп шабу агрегаты, 13 трактор алынса, биыл агрегат саны отызға, трактор саны 24-ке жетті.

Биыл 1 тамыздағы мәлімет бойынша ауданда  955 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 40-ы заңды және  915-і – жеке тұлғалар.  Кәсіпкерлік саласында 1912 адам нәпақасын табуда. Есепті мерзімде Орда аймағында төрт  азық-түлік, бір шаруашылық тауарлары дүкені, бір наубайхана, және басқа нысандар ашылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер А. Нұрланова және Ж. Садарова  мемлекеттік гранттарға ие болды.

Содан соң  аудан басшысы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы көрсеткіштерге кеңінен тоқталып, толағай табыстар мен алдағы міндеттер жайында баяндады. Нұрлан Сағынтайұлы аудандағы қоғамдық тәртіп ахуалына тоқталып, әлі де ауыр қылмыстың азаймай отырғандығына қынжылыс білдірді. Құрылыс саласында  халықты ауыз су және табиғи газбен қамтуда ілкімді істер мол. Мысалы, ауыз сумен қамтылуы қазір аудан бойынша 62,4 пайызды құрап отыр. 22 елді мекеннің тек 10-ы құдықты пайдаланса, екі елді мекенге су тасымалы бар. Келешекте бұл мәселені толық шешіп, халықтың өмір нәрімен қамтылуын 96,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ  22 елді мекеннің тоғызында газ құбыры жұмыс істейді. Қалғандарын газбен қамту алдағы жылдардың еншісінде. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Ордалықтар барды місе тұтпай, келешекте де талай толымды істерді ұйымшылдықпен атқара бермек.

Баспасөз мәслихаты соңында аудан әкімі Н. Рахымжанов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап  берді.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

 

Самат  ОРЫНӘЛИЕВ,

«Азаттық»  радиосының   меншікті  тілшісі:

– Сіздің аудан көршілес Ресейдің Капустин Яр әскери сынақ полигоны іргесінде орналасқан. Көршілердің оның белгілі бір бөлігін кері  қайтарғанын  да  білеміз. Әскерилермен  қарым-қатынасыңыз  қандай?

 

Н. РАХЫМЖАНОВ:

– Қарым-қатынасымыз қалыпты. Біздегі сынақ аумағы 945 гектарды алып жатыр. Оның өзі үш санатқа бөлінген. Біз үшінші санаттағы 270 гектар аймақты тұрақты пайдаланамыз. Алдыңғы екі санатты пайдалануға жағдай жоқ. Өйткені онда мал ұстауға, қора салуға рұқсат етілмейді. Ал бізге қайтарылған 1460 гектар аумақта қиыршық тас өндіруге мүмкіндік беретін кен көзі бар. Келешекте соны игермекпіз.

 

Роман   КОПНЯЕВ,

«ТДК-42»  телеарнасының  тілшісі:

– Сіздегі  Хан ордасының туристік әлеуеті мол. Соны ұқсату  жәйі  қалай?

 

Н. РАХЫМЖАНОВ:

– Өте орынды сұрақ. Орда тарихи-мұражай кешеніне жылма-жыл орта есеппен алғанда 2,5-3 мың саяхатшы келеді. Басым көпшілігі – өңір тұрғындары мен көршілес Ресей облыстарынан ат басын бұрғандар. Қазір кешенде барлық жағдай жасалған. Бізді қинап отырғаны – оған барар асфальт жолдың болмауы. Сондықтан шағын ұшақтарды пайдаланбақ ойымыз бар. Әрі сол кешенде  киіз үйлер тігіп, қонақтың көңіл күйін көтеру үшін ат және түйе серуенін ұйымдастырып, велотректі  қолданғымыз  келеді.

 

Юлия  МУТЫЛОВА,

«Мой город» газетінің тілшісі:

– Кеңес  Одағының  Батыры  Мәншүк  Мәметованың  дайын  ескерткіші  қашан  орнатылады?

 

Н. РАХЫМЖАНОВ:

– Алдағы екінші қазан күні ауданда батыр қыздың туылғанына 95 жыл толуы атап өтіледі. Соған орай аудан орталығы – Сайқында оның ескерткіші  бой  көтеретін  болады.


Көненің көзі – тарихтың өзі немесе Епифановтар туралы бір үзік сыр

Күні: , 146 рет оқылды


Хан ордасы ауылынан шыға бере «Бабай бағына» барар ескі жол бойынан шамамен 150-200 метрдей қашықтықта, басына темір крест орнатқан зират көзге шалынады. Ол Орда ауылынан көп қашық та емес, әрі кеткенде екі шақырымға жетер-жетпес жерде. «Апырай, қызыл құмның ішінде жападан жалғыз бірбүйір тұрған бұл зираттың иесі кім екен?» деген сауал жол үстіндегі жолаушының ғана емес, ол жәйдан әлі күнге бейхабар ордалықтардың өздерінің де көкейінде тұруы әбден мүмкін.


Ал өзім Орда мұражайында жұмыс істеген кезден оның аз-мұз тарихын білетінмін. Тек осы кезге дейін соның жәй-жапсарын терең анықтауға сәті түспей-ақ қойғаны. Әу баста ол туралы Орданың тірі тарихы, ондағы мұражайдың негізін қалаған марқұм Ахметфаиз Тажетдиновтен естісем, кейін ол туралы және ұрпақтары жайлы дереккөз басқа кісілерден де естіген, білген, көрген мәліметтермен толыға түсті. Сонымен, қызыл құмның ішінде, айдалада тұрған бұл зираттың иесі Епифанов Павел деген кісі көрінеді. Әрі ол қатардағы қарапайым кісі емес, саудамен айналысып, байыған гильдия дәрежесі бар (гильдия дәрежесі көпеске капиталының мөлшеріне қарай берілетін атақ) көпестің бірі болған. Мұражай қорындағы архивтік деректерге сүйенсек, тек Орданың өзінде 136 сауда нүктесі болған. Соның қаншасы Епифановтікі, ол жағы біз үшін беймәлім, әйтеуір, аз болмаса керек. П. Епифановтың ларектарынан тұз, керосин, сіріңке сияқты басқа да күнделікті халық тұтынатын тауарлар сатылғаны туралы деректер кездеседі. Өзінің жеке наубайханасы да болыпты. «Оның иісі мұрынды жаратын тәтті тоқаштары Хан қаласы тұрғындарының дастарқанында әманда болатын», — деп еске алушы еді марқұм Ахметфаиз ата. Сол Фаиз атаның айтуынша, Хан ордасының қазақтары оны (П. Епифановты) өз есімімен атамай, банкіге еш қатысы болмаса да, «банкі бала» атап кетіпті. Олай деуге оның қолының ашықтығы себеп болса керек. Қазақтар қарызға ақша сұраса, меселін қайтармай береді екен. Сол мезетте төлеп алатын ақшасы жоқтарға тауарын кейінге қаратып, жазып та беретін болған. Соған қарағанда, оның обал-сауабы мол, көкірегіне құдайы қонған кісі болған ба деп қаласың.

Қазіргі күні Ордада хан заманынан бері сақталған 40-50 шақты ағаш үй бар. Соның бірі осы Павел Епифановтың үйі. Бірнеше бөлмесі бар биікке салынған бұл үйде ұзақ жыл «Орда» кеңшарының партком хатшысы болған марқұм Жәрдемғали Әжіғалиев тұрған-ды (қазір қыз-күйеуі тұрып жатыр). Павел Епифанов көп ағайынды екен. Өзінің де бала-шағасы көп болған көрінеді. Келтірілген деректердің бәрі Фаиз атаның аузынан алынғандығын қайталап айтудың артықтығы болмас.

«Павел Епифанов ежелгі ордалықтардың есінде қолы ашық, жүрегі жұмсақ, жаны ізгі адам ретінде қалды» — дейтін әр кез марқұм Фаиз ата. Сөйте тұра, сыңсыған қалың елдің қақ ортасында бай да бақуатты өмір кешіп келіп, ақыр аяғында оның айдалада жалғыз қалуы тіптен де ақылға сыймайды. Орыстар Ордада Жәңгір ханның кезінен бері тұрып келгені белгілі (қазіргі күні Ордадан бұл ұлттың бірде-бір өкілін таба алмайсыз). Содан бері П. Епифановқа дейін қайтыс болған орыстардың саны бір Құдайдың өзіне ғана аян. Орыс қорымы Ордадан 4-5 шақырымдай жердегі «Бабай бағы» маңында. Оны неге сонда апарып қоймағанын. Иә, неге? Неге?.. Сұрақ көп, жауап жоқ. Құпия. Епифановтардан қалған қандай да болсын бір белгі болса, ол сол жапанда қалып, жабырқап тұрған жалғыз зират. «Бұл әулеттің ұрпақтары тамыр жайып, кіндік қаны тамған жерден қашан, қайда, қалай, не себепті кетті екен?» деген сұрақ та еріксіз мазалайды. Біз олардың Ордадан кетуі жиырмасыншы жылдардың аяқ кезі болуы мүмкін деп топшылаймыз. Олай дейтініміз, 1928 жылы байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударғаны тарихтан белгілі. Тажетдиновтың айтуынша, Хан қаласының (Орданың) Сайқынға шығар бетінде шамамен қазіргі Жәңгір хан атындағы орта мектеп, мәдениет үйі, «Ақбота» балабақшасы орналасқан жерде ірі орыс көпестерінің қызыл кірпіштен салынған екі қабатты үйлері болыпты. Олар кәмпескенің дүмпуін естісімен үйлерін бұзып, Капустин Яр, Тұзқалаға (Владимиров-ка қаласы) көшіріп алып кеткен. Үкіметтің құрығы қай жерге де жетеді ғой. Десек те, біреулер шекара асып құтылса, біреулер іште жүріп те ізін жасырып, құтылған. Епифановтар әулеті хақында ізденіс ізінде жүріп, тағы бір дереккөзге кезіктік. Ол Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені қорында сақтаулы Павелдің баласы Василийдің 1923 жылы комсомол қатарына өтердегі №344 мүшелік билеті. Ондағы жазбаларда Василийдің 1905 жылы туғаны көрсетілген, яғни ол комсомол қатарына 18 жасында өткен. Ал мүшелікке қай жерден, қай ұйымнан өтті, ол жағы көрсетілмеген. Мұражай қызметкерлерінен: «Бұл құжат мұнда қашан, қалай, қандай жолмен келді?» деп сұрағанымызда, «Ағай, ұмытыпсыз ғой. Сіз оны Москва қаласының тұрғыны А. Епифанова-Дунаева деген кісіден алып, 1981 жылдың сәуірінде мұражайға өз қолыңызбен тапсырдыңыз ғой» дегенде, шыны керек, не дерімді білмей, аңырып тұрып қалдым.

Содан бұл құжаттың мұражайға келу тарихы еміс-еміс есіме түсті. А. Епифанова-Дунаеваның Москвадағы мекенжайын мен марқұм Көбейсінов Құспаннан (ол кезде «Орда» ветучаскесінің меңгерушісі болатын) алған едім. Құсақаң ол кісіге қалай кезіккені жөнінде былайша майын тамыза әңгімелейтін:

— 70-ші жылдардың іші. «Орда» совхозы №3 ферманың зоотехнигі Орынғали Құсайынов, №4 ферманың зоотехнигі Есмұқан Жабасов (екеуі де марқұм болған) үшеуміз еңбек демалысымызды алып, кәсіподақтың тегін жолдамасымен Мәскеуге таяу Подольскідегі шипажайда демалыста жүргенбіз. Үшеуміз күндегі әдетімізше, сырттағы орындыққа жайғасып, шаруа, ауыл жайын әңгімелесіп отырғанбыз. Анадай жердегі орындықта бір орыс кемпірі отырған. Бір уақытта ол орнынан тұрып, бізге келіп амандасып:

— Кешіріңіздер. Қазақ екендеріңізді біліп отырмын. Қазақстанның қай жеріненсіңдер? «Орда» деген сөзді естіп қалдым, Орда селосынан емессіңдер ме? — дегені. Біз де:

— Иә, Қазақстанда Совет өкіметінің туы бірінші тігілген жер – сол Орда селосынанбыз, – дедік ағымыздан жарылып. Сол-сол-ақ екен, кемпірдің бізге жабыса кеткені. «Бәсе, өзім де солай деп ойлап едім. Жерлестерім болдыңдар ғой. Өте қуаныштымын деп өзін таныстырды. Менің де туып-өскен жерім – Орда. Сонда үйіміз болған-ды, әлі бар ма екен? Кәмпескенің кезінде көшіп кеткенбіз. Содан бері Мәскеуде тұ-рамыз. Мұнда Епифановтар әулетінен баршылықпыз, — деп сайрай жөнелді де, — былай болсын, — деді әңгімесін жалғап. — Менің демалысым біте келді, бүгін-ертең шыққалы тұрмын. Сендерді қонақ жасамай жібермеймін. Қашан шықсаңдар да, үйіме келмей кетпеңдер. Келмесеңдер, әйтеуір, ренжимін. Қорықпаңдар, пойызға билетті өзім алып беремін. Мынау менің адресім» — деп, мекенжайы көрсетілген қағазды ұстатты.

Жылы қоштасып, біз кейінде қала бардық. Мықтап тұрып шегелеп кеткесін, бармасқа тағы амал жоқ. Демалыс уақыты таялып, үшеуміз әлгіндегі мекенжайды іздеуге шықтық. Сөйтіп, іздеген үйімізді де таптық. Бір бөлмелі үйде жалғыз тұрады екен. Жақсылап қонақ етті, пойызға отырғызып, шығарып салды. Қоштасарда рақметімізді айтып, туған жеріңізге келіп, аунап-қунап, қыдырыстап кетіңіз деп, біз де оны Ордаға шақырдық, — деп марқұм Құсақаң Епифановтарды сағынышпен есіне алып отырушы еді.

Содан кейін апалы-сіңлілі Епифановалар Ордаға бір емес, бірнеше рет келді. Құсақаңның, Есақаңның (Жабасов Есмұқанның) үйлерінде болды, өз үйі мен мұражайды көрді, орманды аралады, әкесінің басына барып, зиярат етті. Әйтеуір, Орданы армансыз шарлап, сағыныштарын басты.

1981 жыл. Наурыз айының іші. Барлық одақтық республикалардан тарихи-революциялық бағыттағы мұражайлардың аға ғылыми қызметкерлері КСРО-ның Революциялық Орталық музейінде өтетін онкүндік семинарға шақырылдық. Теория-талмуд. Әрі-бері тыңдағаннан кейін жалығып кетесің. Бізді оқудың практикалық жағы көбірек қызықтыратын. Мәскеуде қанша мұражай бар (олардың саны екі қолдың саусағынан да асып кететін-ді). Солардың бәріне жуық экскурсия жасап, экспозициясымен танысу оқу кестесіне кіретін-ді. Соның арқасында Мәскеу музейлерінің бәрін болмағанымен, көбін көрдік. КСРО Қарулы күштері мұражайының экспозициясымен танысқанымызда он бір мыңнан астам Кеңес Одағы Батырының есімдері мұражай қабырғасына қашап жазылғанын көріп, қасымда тұрған Армениядан келген әріптеске: «Осы он бір мың батырдың үшеуі менің жерлестерім» — деп, мақтанғанымды несіне жасырайын. Оқу аяқталарға таман курс басшылары:

— Ақыры келдіңдер ғой, осында тұратын, өлкеңізде Совет өкіметін орнатуға атсалысқан, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен ардагерлеріңіз болса, соларға жолығып, қолдарындағы материалын ала кетіңдер, – деп кеңес бермесі бар ма. Сонда барып А. Епифанова-Дунаеваның Құсақаң берген адресі есіме сап ете түсті. Мекенжайын әуелі метромен, одан жаяу жүріп, таптым-ау, әйтеуір. Міне, Василий Павлович Епифановтың комсомол билетінің Орда мұражайына келу тарихы қысқаша осылай болып еді.

А. Епифановамен (өкінішке қарай, оның өз есімі мен әкесінің есімін толық көрсетуді ескермеппіз) әңгіме барысында оның жоғары білімді дәрігер екенін, Ұлы Отан соғысы жылдарында далалық госпитальда талай жаралы жауынгерлерді өлім аузынан аман алып қалғанын білдік. Сондай-ақ оның сөзінен Москвада өзінен басқа сіңлісі және екі ағасы тұратынын да естідік. Ол ағаларының бірі одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, 1-топтағы мүгедек екенін, екіншісі, тарих ғылымдарының докторы, МГУ-дың профессоры Петр Павлович Епифанов екенін айтты. «Барып сөйлескіңіз келсе, жолықтырайын» — деді ол. Өкінішке қарай, уақыт тапшылығы жолығуға мүмкіндік бермеді.

1980 жылы тамыз айының екісі күні көршілес Палласовка ауданының туберкулез ауруына қарсы ем-шара жасайтын «Кумыска» шипажайынан бір автобус толы (17 кісі) дәрігер сау ете түсті. Олар мұражайда өлке тарихымен танысып, Орданың тарихи орындары мен ескерткіштерін тамашалады, жасыл орманның жұпар иісін жұтып демалды. Бақсақ, ақ халаттыларды тарихи мекенге саяхат жасауға ұйымдастырып алып келген Ресей еліне еңбегі сіңген дәрігер, шипажайдың бас дәрігері, тегі ордалық А. Епифанов екен.

«Қайда жүрсең атамекен, көкейіңде жатады екен…» деп Қадыр Мырза Әли жырға қосқандай, бұдан біз ордалықтардың қайда жүрсе де, туған тарихи мекенін ұмытпай, патриоттық сезімдерін паш етіп жүретінін аңғардық.

Айта кетелік, енді есімі жоғарыда аталған тарих ғылымдарының докторы, МГУ-дың профессоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Петр Павлович Епифановтың 1983 жылы Москваның «Ағарту» баспасынан шыққан «Өте ерте кезеңнен 1861 жылға дейінгі СССР тарихы» (мұғалімдерге арналған оқу құрал. Хрестоматия) атты кітабы мұражайдың құнды бір экспонаты болып есептеледі. Аталмыш оқу құралы Петр Павлович Епифанов және қызы Ольга Петровна Епи-фанованың құрастыруымен 1989 жылы толықтырылған күйде сол «Ағарту» баспасынан екінші рет басылып шығады. Кітапты мұражайға қолтаңба жазып тапсырған Ольга Петровна Епифанова. Онда былай деп жазылған:

«Глубокоуважаемым землякам и сотрудникам Урдинского музея С добрыми пожеланиями О. П. Епифанова Июнь 1990 г. Москва».

Ольга Петровна кітаптың ішіне әкесі Петр Павловичтің фотосуретін қоса салыпты.

Енді әңгімеміздің бастауы болған крест мола тарихына қайта айналып соқсақ. Бұрын мал сүйкеніп, бір жағына жамбастап жатқан темір кресті 80-ші жылдары Орда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Мәлік Көбейсінов әкесі Құспанның айтуымен (Құспанның үйіне келіп жүретін апалы-сіңлі Епифановалардың өтініші бойынша) қайта тіктеп тұрғызған-ды.

Сосын жоғарыда айтқан деректерімізде көрсетілген крест моланың иесі Павел емес, музей қызметкерлерінің анықтауынша, Степан Григорьевич Епифанов болып шықты. Неге екені белгісіз, қабір басындағы белгіде ақиреттік жылы көрсетілмей, тек туған жылы (1849) ғана көрсетіліпті. Қасына 1907-1984 жылдары өмір сүрген Дунаева (қыздай фамилиясы Епифанова) Александра Павловна қойылған. Екеуінің жас ерекшелігі тым алшақ (58 жыл) болғандықтан, оларды не қызы, не күйеуі деуге келмейді. Дұрысы ағайынды, яғни аталас болар деп болжаймыз. Ал біз айтқан Павел Епифанов қызыл коммунизм тұсында қайтыс болған болса, басына белгі қойылмауы да ғажап емес. Қалай болғанда да, бұл құм ішіндегі кішігірім қауым Епифановтардың отбасылық сағанасы (фамильный склеп) екенінде дау жоқ. Епифановтар әулеті жөніндегі мақаламызда оқиғалары бір-біріне байланысты, бірінен-бірі туындап жататын жеті Епифановтың фами-лиялары келтірілді. Сонымен, бұл әулет туралы көргеніміз, естіп-білгеніміз осы. Біздің дәлел-дәйегімізге қосып-алатын, мақаланы толықтыратын авторлар болса, құба-құп. Сынның да кез келген түрін қабыл аламыз, тек ақиқат аясында болса болғаны.

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Бөкей ордасы ауданы


Балаң жастардың ұлттық рухы маза бермейді

Күні: , 33 рет оқылды


Талантты журналист, тележүргізуші Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінің мәжіліс залында кітаптың тұсаукесері өтеді.

Таяуда әріптесімізбен кездесіп, толағай туындысы жайындағы ой-пікірімен бөлісуін сұраған едік.


 

– Жаңа шығарманың «Он төрт» аталуы неліктен?

 

– Өйткені шығарма сонау өткен ғасырдың 40-жылдары өңірдің Жалпақтал ауылында белсенді әрекет еткен, кейін аяусыз басып-жанышталған «Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы» атты жасырын саяси ұйым туралы ғой. Ұйымның басшысы Ғұбайдолла Әнесовтың көзқарасы 14 жасқа келгенде күрт өзгеріп, ұлттық санаға ауысты. Оған әсер еткен ағасы Сатымовтың рухани болмысы. Таңғаларлығы сол, Сатымовтың есімі еш деректе айтылмаған. Екіншіден, кәнігі суретші ретінде айтарым, айнаны теріс қаратып, жарыққа бағыттаса, 14 санының таңбасы 41 болып көрінеді. 1941 жыл – бұл зұлмат соғыстың басталған әрі жалпақталдық жастардың тұтқындалған жылы.

 

– Осы жалпақталдық жалынды жастар ұйымы туралы сенен бұрын өзіңнің жерлесің, қаламы қарымды журналист, ақын Амангелді Шахинның «Сол бір сүргін» атты туындысы жарық көрді. Соған қарамастан, осы тақырыпқа қалам сілтеуіңе не себеп?

 

– Иә, аталмыш кітапты оқыдым. Алған әсерім де мол. Неге екені белгісіз, жалпақталдық жастардың жанқиярлығы 2003 жылдан бастап мені үнемі мазалап жүрді. Көпке дейін жаза да алмадым. Бірақ сол өшпес ерлікті енді әдеби тұрғыдан және жаңа қырынан көрсетуге бел байладым. Жылдар бойы іздендім, деректер жинап, оны сараптауға кірістім. Соның бәрі биыл ақпан-сәуір айларында қағаз бетіне түсе бастады. Оның үстіне балаң жастардың жалындаған ұлттық рухы да күні-түні маза берген жоқ. Ол аз десеңіз, ата-тегімде де күрескерлер баршылық. Мәселен, 1931 жылы Жаңақала өңірінде Кеңес өкіметіне қарсы күшті көтеріліс болды. Соған атам Әлім Балмолда, оның туған інісі Махмұт та қатысты. Әрине, озбыр да өктем күш бой көтеруді қаталдықпен басып, оған қатысушыларды ерекше өшпенділікпен жазалады. Атам түрмеде отырса, інісі хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Кейін атам өзі сұранып, Ұлы Отан соғысына аттанды.

Сірә, ол саяси сенімсіз сарбаз ретінде «Айып батальонының» құрамында қаза тапса керек.

Орал қаласындағы Жеңіс алаңында тасқа қашалып жазылған тізімнің ішінде атам да бар. Мүмкін, солардың да рухы желеп-жебеген шығар…

 

– Әрине, деректі оқиғаны көркем тілмен жазу да оңай емес шығар…

 

– Әлбетте. Мен әдеби тілде, көркем образдар арқылы жастардың қайсарлығы мен төзімділігін, батырлығы мен батылдығын беруге тырыстым. Оның қалай шыққанына тиесілі бағасын оқырман қауым бере жатар. Яғни, қасаң тарихи деректерге жан бітіруге тырыстым. Мәселен, оларды тұтқындап, ат шанамен Орал қаласына дейін қыста 9 күн бойы алып жүріпті. Жастардың жолдағы көрген азабы мен қорлығының өзі бір хикая. Орал түрмесінде де ешкім олардың басынан сипаған емес. Қала берді, НКВД-ның жендеттері де әрі аяр, әрі сауатты болған ғой. Соған қарамастан, талай ит қорлықты бастан кешірген жалпақталдық жанкештілер жұмған аузын ашқан жоқ. Себебі тағылған айыптың басым көпшілігін Ғұбайдолла Әнесов мойнына алған. Нәтижесінде топтың ішінен тек ол ғана өлім жазасына кесіліп, қалғаны талай жыл бойы түрме тозағын бастан кешірді. Тірі қалғандары Сейітқали Бәжекенов, Өтеген Аманов, Сатқали Молдағалиев және басқасы күні кешеге дейін өмір сүрді. Ал соларды ұстап берген сатқын Ғабиден Құлбасов та ұзақ ғұмыр кешті. Атылар алдында: «Қазақ халқы жасасын! Мен халқымның түбінде тәуелсіздік алатынына сенемін!» деп дауыстаған, жастық өмірін ұлы мақсатқа сарп еткен Ғ. Әнесовтың ерлігі ел есінде сақталуы тиіс! Туындымның басты мақсаты да, өзегі де – осында!

 

– Өнерге де әркімнің бір таласы бар. Сенің жекелеген фильмдерге сценарий, әндерге мәтін жазған автор екеніңді білеміз. Сол шығармашылық қырың туралы не айтар едің?

 

– Шығармашылық адам суреткер болуы да керек. Ал суреткер өмірдің шындығына жанынан көркем бояу қосу арқылы, оның нәрін, дәмін келтіреді. Бұл орайда өзім поэзия және прозамен шектеліп қалғаным жоқ. Содан әнге мәтін, бейнебаян, деректі және көркем фильм түсіруге ынтам, ықыласым ауды. Оны 2008 жылы «Қағаз ұшақ» атты толық метражды көркем фильм түсіруден бастадым. Кино әлемі – күрделі. Бірақ менде жүрексінуден гөрі жұмбақ ғаламға қызығушылық, іңкәрлік басым болды. Ақыры бір топ жастың басын қосып, кино түсіру жұмысына кірісіп кеттік. «Қалауын тапса, қар да жанады», алғашқы фильм мейлінше сәтті болды. «ҚазақстанОрал» телеарнасының бейнекамерасы мен операторын пайдаланғанымыз болмаса, оған қаржы көп жұмсалған жоқ. Тегін түсірдік, тегін тараттық. Киноға сценарий жазу да прозалық шығарма сияқты, бірақ өзіндік өзгешелігі бар, қалтарыс-бұлтарысы көп дүние. Іздену арқылы оған да төселеді екенсің. Кейін «Жаяу әскер» атты қысқа метражды фильм түсірдік. Оны да төл ұжымның күшімен бүтіндедік, яғни «Қазақстан-Орал» арнасының шығармашылық тобы қолға алды. «Жаяу әскер» өзімнің көңілімнен онша шықпаса да, жұртшылық оны жақсы қабылдады. Ондағы идея да өмірден алынған оқиғалар тізбегі. Айтпақшы, жазушы бір нәрсемен «ауырып», соны жарыққа шығарғанша мазасы кетіп, аласапыран күй кешетіні бар. Ондай күй басымда жиі болады. «Қағаз ұшақ» экранға шыққанша, шыбын жаным тыныштық таппады. Айналама ішкі күйімді сездірмеуге тырысамын. Ал кинодағы үшінші жұмысым – «Ақ қоян» деп аталатын 16 минуттық шағын фильм. Ол жастарға арналған.

Сюжеті қарапайым, өзінше қызықты. Жалпы, фильмдер шығармашылық ізденісімнің бір ғана қыры, оны да талантты жастардың көмегімен жүзеге асырдым. Сол үшін фильмдеріме түскен жастарға, соларды түсіру барысында мені қолдаған адамдарға әлі күнге дейін алғысым шексіз. Болашақта деректі фильмдер мен әлеуметтік бейнетаспалар, яғни, қоғамның дамуына кедергі бір мерез–жемқорлық жайлы, оның жегі құрттай зияны туралы бірер дүние түсіргім келеді. Мүмкін ол фильм болмаса, әңгімеге айналар. Негізі проза саласында бұл тақырыпта жазғандарым бар. Бірақ оларға көңілім толмайды. Мүмкіндік болса, күй атасы Құрманғазы туралы да деректі фильм түсірсем деймін. Оның сценарийі жазулы, сарғайып жатқалы көп болды. Қолдың қысқалығы, көбіне қаржы жоқтығы көңілге қаяу. Осыған шейін аталған фильмдер мен қыруар әнге сөз жазып келдік қой. Бірақ алға жылжу үшін қаражатсыз болмайтын уақыт келді. Менің шығармашылық жолымның өзегі біреу болғанымен, арнасы сан тарау Жайық өзені секілді. Бірақ әр саласы да өзім үшін қымбат, төл перзентім тәрізді тәтті…

Сұхбаттасқан Серік ИХСАНҒАЛИ


«Ақ ерке – Ақ Жайық» әні қалай туды?

Күні: , 33 рет оқылды


…1965 жылдың жазы. Гурьев облыстық комсомол комитетінде хатшы болып істеп жүрген кезім. Бір күні Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков телефон соқты. «Біз сендердің тілектеріңізді орындағалы отырмыз, – деді ол. – Сіздер жаққа композитор Шәмші Қалдаяқов бастаған шығармашылық топ жүргелі жатыр. Жастарға жақсы әндер, жырлар мен әңгімелер сыйлайтындай етіп дұрыстап қарсы алыңдар».


Топтың құрамында дарынды ақын, өмірден ерте кеткен марқұм Төлеген Айбергенов, Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында туып-өскен, қазақшаға судай прозаик-жазушы Иван Голубев болатын.

Олар Астанадан жұма күні ұшып келді. «Гурьев» мейманханасына орналастырдым. Мен облыстық комсомол комитетінің басшылығымен алдын ала келісіп алған өз жоспарымды айттым. Меймандар бұл ұсынысымды қабыл алды.

Сенбі күні біздің қызметкеріміз Майя Есқазиева тұрмысқа шығатын болып, той қамдап жатқан. Біздерге шақыру қағазын табыс ете келіп ол: «Тойға меймандарды да ала келіңіздер» деп өтінген-ді. Ал жексенбі күні катерге отырып, Жайық өзені мен Каспий теңізі үстінде «шығармашылық» серуен құруды жоспарлап қойғанбыз.

Меймандар бұл ұсынысқа да қарсы болған жоқ…

Біз тойдан, әлбетте, көтеріңкі көңілмен шықтық. Той қызығы қаншалықты думанды болды дегенмен әсердің ең үлкені алда екен.

Жайық өзеніне салынған жаңа көпірдің үстімен жаяулатып қайтып келеміз. Төңірек тұтастай таңғы тыныштық құшағында. Батып бара жатқан ай сәулесі ағысы қатты өзеннің бұйра толқындары үстінде аракідік жалт-жұлт етіп қалады. Енді бір сәтте таң шапағы өзен үстінде алтын бояулармен ойнайды.

Тойдан көңілді шыққан, әрі мына бір ғажайып көрініске жан-жүрегімен елтіген Шәмші өзімен-өзі болып, әлдебір бейтаныс әуенді әрлі-берлі аударып, ыңылдап келе жатты. Композитордың шабыт құшағына беріліп, жаңа бір әнмен алысып келе жатқанын сезген біз де үнсізбіз. Әлдебір уақытта ол Төлегенге бұрылып, «Жаңа бір ән дүниеге келетін секілді, сен оған Гурьевтің жастарына арнап жақсы бір сөз дайындағын» – деді…

Ертеңіне, жексенбі күні катерге отырып, Жайық бойымен және одан әрмен Каспий теңізінің үстімен серуен құрған кезде де Шәмші мен Төлегеннің әңгімесі сол жаңа әнге ойыса берді.

Төлеген сол серуен кезінде-ақ болашақ әннің сөздерін өрнектей бастағаны анық.

Арманым саған ауған

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген

Ақ Жайығым,

Ақ еркем,

Аңсаған ән өлкем…

Келесі күні меймандар балықшылар қауымымен кездесу үшін қала маңындағы Балықшы ауданына үлкен ықыласпен асыға аттанды. Осы сапарда қонақтар жергілікті ақын қыз Фариза Оңғарсыновамен кездессек деген тілек айтты. Кездесу «Қызыл балық» колхозында Фаризаның бір құрбысының шаңырағында өтті.

Қалада да осындай кездесу дастарқандары аз болған жоқ.

Сол тұстағы атақты ақынымыз, марқұм Меңдекеш Сатыбалдиевтің үйінде Шәмші мен Төлеген облыстық газет журналистерімен кездесті.

Содан соң меймандар ұшаққа отырып, Ақтау қаласына аттанды. Одан әрмен Маңғыстау ауданының орталығы Таушық селосына барып қайтты.

Дегенмен бұл ұзақ та ауыр сапардан меймандар жолсоқты болып шаршағандарына қарамастан көңілді оралды.

…Кешкілік Төлеген маған телефон соқты.

– Жаңа әннің толғағы қатты болайын деп тұр, — деді ол әзіл араластыра.

– Оқасы жоқ, толғағы қатты болса, ғұмыры тәтті болар, – деп мен де оның әзіл ыңғайына жығылып жатырмын.

– Дегенмен аздап қамшы салмаса, «Ақ ерке – Ақ Жайық» оңайлықпен алдыра қояр сыңайы жоқ. Мәдина екеуің мейманханаға келсеңдерші, — деп өтінді Төлеген.

Мәдинаның қолы тие қоймады да, мейманханаға мен жалғыз тарттым. Құр қол бармайын деп, қолтығыма бір шиша коньяк шарабын қыстыра кеттім (ән жүрмей жатса, қамшылап жіберуге, бітіп қалған болса, «жууға» керек қой).

Әннің өзі де, сөзі де дайын болып қалған екен, тек қайырмасының келіспей тұрған жері бар секілді. Қисынын келтіре алмай әлектеніп отырған екеуіне:

– Төменге түсіп, бой жазсақ қайтеді? – деп ұсыныс жасадым. – Көңіл сергітіп, демалыңдар, содан соң әннің адымы ашылып кетер.

– Жоқ, бармаймыз, — деп шорт кесті Шәкең. – Таңға отырсақ та, бүгін «Ақ ерке – Ақ Жайықтың» иін қандырмай орнымыздан қозғалмаймыз.

– Онда мен кофе қайнатып жіберейін.

– Е-е, мұның енді жөн сөз, – деп келісе кетті Шәкең. Кофе дайын болған соң екеуін стол басына шақырдым.

– Шабыт шақыру үшін қазір мына столдың жанына Балықшының ақ сазандай әдемі қыздарын жинасам болар еді, – деп әзілдеп жатырмын. – Кінә өздеріңде, кеш хабарластыңдар. Сондықтан «Қазақстан» коньягынан басқа ештеңе ұсына алмаймын.

Көп кешікпей екеуі «әннің иін қандыруға» қайта отырды да, мен кесел етпейін деп кетіп қалдым…

Содан түннің бір уағына дейін отырған екеуі ертеңіне дайын әнді алып, облыстық комсомол комитетіне келді. Сол бойда бәріміз музыка училищесіне барып, оранжировка жасаттық. Талапкер әнші, облыстық спорт комитетінің төрағасы болып істейтін Төкен Олжабаев (бізде облыстық комсомол комитетінде хатшы болып істейтін Рухия Бөлекбаеваның жұбайы) жаңа әнді алғаш рет орындап көрді.

Гурьев қаласы жастарының композитор Шәмші Қалдаяқовпен және ақын Төлеген Айбергеновпен кездесу кешін алдын ала хабарлап қойғанбыз. Кеш Жилгородоктағы мәдениет үйінде өтті. Зал іші жастарға лық толы. Төкен Олжабаев белгілі бір қобалжу сезіміне беріліп, жүрексініп тұрса да, жаңа әнді жарасымды-ақ етіп айтып шықты. Жиналғандар дуылдай қол шапа-лақтап, әнді қайталап айтқызды…

Осылайша тұсауы кесілген «Ақ ерке – Ақ Жайық» әні облыс жастары арасына тез тарап кетті. Меймандар аттанып кеткен соң бір ай өтпей жатып, Қазақ радиосы арқылы шырқалған жаңа ән ұлан байтақ республика үстінде қанатын кең жайып, қалықтап бара жатты…

Мырзағали МҰҚАМБЕТОВ,

 облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Ақ Ерке – Ақ Жайық

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген,

Ақ Жайығым,

Ақ еркем – аңсаған ән өлкем.

Жаным-ау, дара туған,

Ағыстардан жаратылған.

Жайықтың жағалай тал

Жағасынан,

Қымбаттым,

Сен маған тіл қаттың.

Қайырмасы

Өзіңсің, жаным,

Жаңғыртқан әнім,

Каспийдің толқын тауларын.

Сенбісің көгілдір

Махаббатым,

Алқызыл алаулы таңдарым?!

Айдыным шалқыған бір,

Дидарыңда толқыған нұр.

Мен сені көрдім, еркем,

Ерке теңіз,

Аспанға

Маржандар шашқанда.

Айырылмас достығыңның,

Айғағы ма қос бұрымың?!

Жанымды нұрландырып,

Сенің шолпан

Жанарың,

Алаулап барамын.

Қайырмасы

Бір сәуле күлімдеген,

Жанарыңнан дірілдеген.

Мен сені балықшының,

Арманынан,

Жан сәулем,

Іздеймін аңсаумен.

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген,

Ақ Жайығым,

Ақ еркем –

Аңсаған ән өлкем.

Қайырмасы


Дирижерлер конкурсы өтпек

Күні: , 17 рет оқылды


27-28 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі, дирижер, профессор Шамғон Қажығалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай Шамғон Қажығалиев атындағы ІІІ республикалық дирижерлер конкурсы өтеді.


Отандық дирижерлер мектебінің бай дәстүрін насихаттау, жас таланттарды анықтау және олардың шеберліктерін шыңдауға жағдай жасау арқылы музыка мәдениетін дамыту мақсатын көздеген шараның ашылу салтанаты 27 қыркүйекте Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияда, ал марапаттау рәсімі мен Гала-концерт 28 қыркүйек күні облыстық қазақ драма театрында өтеді.


«Тікелей желі»

Күні: , 13 рет оқылды


19 қыркүйек күні сағат 11-00-де газетіміздің редакциясына БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов келіп, «Тікелей желі» арқылы оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап береді. Оған кәсіпкерлік нысандарында жұмыс жүргізу үшін жасалып жатқан жеңілдіктер, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу жөнінде сауалдар қоюға болады.


«Тікелей желі» телефондары 51-25-80, 51-18-14, 8-747-842-19-30, 8-705-567-25-47 (whatsapp). Сұрақтарды алдын ала да жолдауға болады.


Қазақстан – ОПЕК-тің маңызды серіктесі

Күні: , 17 рет оқылды


2016  жылы  ОПЕК  Ұйымға  мүше  емес  11  мемлекетпен  қарым-қатынас  орнатып,  ынтымақтастықтың  жаңа  дәуіріне  қадам басты,  ол  елдердің  қатарында  Қазақстан  да  бар.


Бұл өз кезегінде тарихи Ынтымақтастық жөніндегі декларацияның қабылдануына негіз болды. Қатысушы мемлекеттер алғашқы 6 ай мерзімінде өндіріске ерікті түрде түзетулер енгізуге міндеттелді. Аталған түзетулер 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 9 айға ұзартылды. Түзетулердің мақсаты – әлемдік экономика, өнеркәсіп және өндірушілер мен тұтынушылар мүдделеріне мұнай нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Бұл туралы «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) арнайы күні барысында, ақпарат қызметінің басшысы Хамид Хасан мәлімдеді. Ол өз сөзінде, қазіргі кезде ОПЕК Ұйымы Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін атап өтті.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбы заман ағымындағы басты мәселенің талқылануына негіз болды. Дүниежүзілік қауымдастықтар энергетика саласындағы жаһандық мәселелерді шешу жолында жұмылып жұмыс істеуі тиіс. ОПЕК өсім мен өркендеудің негізіне айналған тұрақты дамуға үлкен мән бөледі. Атап айтқанда, экологиялық саясат тұрғысында ОПЕК өзара байланысты екі мәселені –  жөнелтілім қауіпсіздігін және әділет қағидаларын жіті бақылауына алған.  Қазіргі таңда Қазақстанмен тарихи ынтымақтастықтың жемісін көрудеміз, себебі мұнай нарығы тепе-теңдікті сақтауда. Қазақстан – ОПЕК-тің маңызды серіктесі.

Болашақта ынтымақтастығымыздың нығаюын асыға күтеміз», – деді  Хамид  Хасан.

Өз кезегінде ҚР Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев «ЭКСПО – 2017» көрмесі энергия сақтау саласында озық әлемдік технологиялар, баламалы энергия көздерін пайдалануда соңғы әзірлемелер мен технологияларды тартуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Сонымен қатар, Абу-Дабиде мұнай өндірісінің көлемін қысқарту жөніндегі техникалық конференция туралы баяндады.

«Ағымдағы жылдың қаңтарын-да Қазақстан ОПЕК алдында өз міндеттемелерін орындады: тәулігіне 1,673 баррель мұнай өндірді және есепті кезеңде ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында мұнай өндіру тәулігіне 1,713 миллион баррельді құрады. Ағымдағы жылы Абу-Дабиде Кувейт және Ресей Федерациясының төрағалығымен ОПЕК Мониторинг жөніндегі комитетінің техникалық конференциясы өтті. Конференция барысында мұнай өндірісі көлемін қысқарту туралы елдермен бұрын қол қойылған келісімді жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Қазақстан аталған келісім бойынша өз міндеттемелерін орындайтынын, бекітілген деңгейде мұнай өндіруді жалғастыратындығын хабарлады. Қазақстан ОПЕК-пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін сындарлы диалогқа әрдайым дайын», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

ОПЕК елдері жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін үлкен жұмыс атқаруда. Ұйымның ең ірі мүшелерінің бірі – Сауд Арабиясы әлем бойынша электр энергиясын алу үшін мұнай өндіруден бірінші орынды алады. Сауд Арабиясының күн электр станциялары жергілікті элемент базасын пайдалану арқылы құрылады. Сонымен қатар, БАӘ 2050 жылға дейін баламалы энергияны дамытуға 163 миллиард доллар қаржы салуды жоспарлауда. Бұл БАӘ-ге күн электр станцияларынан жартылай тұтынатын энергияны алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мемлекет энергияның 90%-дан астам бөлігін табиғи газды жағу арқылы алады.

Алжир жалпы қуаты 4 ГВт-тан астам болатын үлкен күн электр станциясын құруда. Сауд Арабиясындағыдай, елде күн энергетикасын дамытудың өнеркәсіптік негізі құрылады.

Атап өтейік, ОПЕК – мұнай өндіру үлестемесін бақылау мақсатында мұнай өндіруші елдер құрған халықаралық үкіметаралық ұйым. ОПЕК құрамына Алжир, Ангола, Венесуэла, Габон, Иран, Ирак, Кувейт, Катар, Ливия, БАӘ, Нигерия, Сауд Арабиясы, Экваторлық Гвинея және Эквадор кіреді. ОПЕК елдерінің мұнай қоры қазіргі уақытта 1 199,71 млрд баррельді құрайды. Ұйым мүшелері әлемдік мұнай қорының 2/3-ін бақылайды. Олардың үлесі әлемдік мұнай өндірісінің 35% немесе әлемдік мұнай экспортының жартысын құрайды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ


Жасырын бақылау жалғаспақ

Күні: , 19 рет оқылды


Облыста  жыл  басынан  бері  мемлекеттік  қызмет көрсетуде  қосымша  құжаттарды талап  ету,  қызмет көрсету мерзімдерінің  бұзылуы, қызмет  көрсету  сапасының төмендігі,  мемлекеттік органдар  және  ұйымдар тарапынан  дөрекі  қарым-қатынас  сияқты  62  оқиға орын  алған.


Бұл кемшіліктер мамыр-тамыз айлары аралығында мемлекеттік мекемелерде «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша жүргізілген қоғамдық бақылаулар барысында анықталған.

Мониторинг қорытындысы сейсенбі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен жиында жарияланды. Қоғамдық бақылауды департаменттің әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығы» жүзеге асырған. Басты мақсаты – халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетілетін6 мемлекеттік қызметтер салаларындағы заңнамалардың, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарының орындалуын қадағалау.

«Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының жетекшісі Әлия Сәлиеваның айтуынша, жасырын сатып алушылар қаламыздағы білім беру, денсаулық сақтау нысандарында, халыққа қызмет көрсету орталығында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде, облыстық ішкі істер департаментінде болып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасаған. Жұмыс кестесінің бұзылуы, қызмет алушылардың кезекте ұзақ тұруы, мемлекеттік қызмет көрсетушілердің дөрекілік танытуы, заңнамада көзделмеген қосымша құжаттарды талап етуі және қате кеңес беруі сияқты жағымсыз жайттар  бақылаудан өткен мекемелердің басым бөлігінде кездескен. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету дұрыс жолға қойылмағандығы анықталған. Атап айтсақ, ғимараттарда пандустар қарастырылмаған, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпараттар көрнекті орынға ілінбеген  немесе  мүлдем  болмаған.

Жиын барысында «Жасырын сатып алушылар» анықтаған кемшіліктер бейнеороликтер көрсетіле отырып талданды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов қоғамдық бақылаудың мақсаты жазалау емес, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру дей келе, «Жасырын сатып алушы» жобасының жыл соңына дейін жалғасатынын жеткізді. Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер заңнамаларын бұзушылықтарды жою мақсатында мекеме басшыларына  нақты  ұсыныстар  берілді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Дауы сотқа жеткен «тоқал баспақ…»

Күні: , 123 рет оқылды


Журналист Есенжол Қыстаубаевтың облыстық «Орал өңірі» газетінің 2017 жылдың 14 ақпанында «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» және  осы жылғы 13 мамырда «Бірі «Ақшаңды апарып береміз десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр ананы сенделтіп қойды» атты мал ұрлығына қатысты сын мақалалары жарық көрді. Осы мақалаларға қатысты Қаратөбе ауданының тұрғыны Берік Шұқанов облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетін сотқа беріп, мақалаларды теріске шығаруды, сонымен қатар 3 000 000 (3 млн. теңге) моральдық шығынды өндіріп беруді сұрады. Дүйсенбіде Орал қалалық №2 сотында Берік Шұқановтың талап арызы бойынша үшінші сот отырысы өтті.


Сот отырысы басталғанда талапкердің өкілі, қорғаушы Н. Фазылғалиев талапкердің моральдық шығынды үш миллионнан 1 миллион 500 мың теңгеге азайтқанын мәлімдеді. Берік Шұқановтың айтуынша, Е. Қыстаубаев «еш негізсіз, еш дәлелсіз, еш ресми құжаттарға сүйенбестен ар-намысы мен абыройын қорлаған» және қадір-қасиетін түсіріп бір адамның сөзіне бола жалған мәлімет жазып, екі бірдей мақала жазған. «Аталған мақалалар сотқа дейінгі тергеп-тексеру бітпестен және сот шешімі шықпастан жазылған. Мен Қаратөбе ауданының белді азаматымын және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жеке дүкенім бар кәсіпкермін, немере тәрбиелеп отырған атамын. Малға да, дүниеге де мұқтаж емеспін», – дейді талапкер.

– Милиция (полиция -ред.) іс тоқтатылды дегеннен кейін де мені газетке шығарып, елге, көрші-көлемге, тума-туысқандарға қарабет қылды. Екі адам малға таласты, бір адам өзімдікі деп алып кетті. Бұл кісі мені «ұры» деп қайта-қайта газетке берді. Сол жөнінде газетке қайтадан дұрыстап мақала берсе деймін, – деді талапкер сотта. Жауапкер жақтың өкілі, қорғаушы  Ғалия Қаржауова талапкерге екі мақаланың қайсысында, қай жерінде «ұры» деп көрсеткенін нақтылауды сұрады. Оған Б. Шұқанов: «Бірінші мақалада «ұры» деп көрсеткен, екінші мақалада «фотомды шығарып қойған» – деп жауап берді. Жауапкердің өкілі «Қай жерінде Шұқанов – ұры» деген сөйлем барын көрсетуді сұрады. Бұл сұраққа талапкер нақты жауап айта алмай, «фотомды берген, жұрттың бәрі ұры деп күдіктеніп жатыр» дегеннен аспады.

– Мақалада «Шұқанов – ұры, Шұқанов Тінәлиевтің баспағын ұрлап алды» деген сөйлем жоқ. Бізге арыз түсті, арыздан бұрын Тінәлиевтің ағасы келді. Ол кезде Қаратөбеде мал ұрлығы гулеп тұрды. Ұрлыққа байланысты әлеуметтік жағдай шиеленісті. Тінәлиевтің ағасы: «Інім полицияның табалдырығын тоздырып жүр, арызын алмайды. Арыз әкелсе, аласыздар ма?» – деді. Арызы қабылданды. Одан кейін мән-жайды білмекші болып Шұқановпен хабарласып едім, ол: «Сен тергеушімісің, кімсің, мен саған ештеңе айтпаймын, тергеушіден сұра», – деп телефонын өшіріп тастады. Мақала Тінәлиевтің айтуы бойынша жазылды, бір сөзін өзгертпестен бердік. Мал Шұқановтың қорасында тұрған. Тінәлиевтің өзі тауып алған. Ал сол Тінәлиевтің бізге айтуы бойынша бұдан төрт жыл бұрын  да тап осылай бір танасын тауып, дау-дамаймен әрең алған. Мен бұл туралы Шұқановтың  өзінен сұрадым. «Сіздің қораңыз «дом-приют» па малдарға, жоғалған мал қораңыздан шығады деп. Ол: «Менің үйім шетте, бөтен мал мөңіреп тұрады, сосын аяп кіргізіп аламын» деді. Оның сөзі бар жазылған. Мақалада талапкердің ар-намысына кір келтіретін мәлімет жоқ деп есептеймін, – деді журналист Есенжол Қыстаубаев.

Сот процесі барысында жауапкердің өкілі Ғалия Қаржауова талапкердің мақала авторының қай сөзінің ар-намысын қорлап отырғанын, қандай мағлұматтарды теріске шығару керектігін көрсетпегенін, арыз берудің реті сақталмағанын айтты. – «БАҚ туралы» ҚР Заңының 19-бабы 3-тармағында көрсетілгендей, мақаладағы ақпаратты теріске шығару жөнінде алдымен газет редакциясына арыз беріп, газет оны мақұлдамаса, сотқа жүгінулері тиіс. «БАҚ туралы» Заңның 26-бабы 3-тармағында «Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер» деп көрсетілген, онда былай делінген: егер де олар өкілді адамдардың, депутаттардың, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса, онда бас редактор және журналист жауапты болмайды» деп көрсетілген. Журналист мақаласының басында Жалғас Тінәлиев былай дейді деп бастайды. Мақала Тінәлиевтің баяндауы бойынша жазылған. 2017 жылы 27 ақпанда және екінші рет 4 сәуірде Шұқановқа байланысты қылмыстық құрам жоқ деп іс қысқартылды. Осы екі іс материалдарында Шұқанов мал қорада тұрды, оны Ескендір Төлегенұлы алып кетті деген. Сол Ескендір Тінәлиевке ақшасын берді, бәрі болған оқиға. Оның барлығы газет мақаласында жазылған. Сондықтан Шұқановтың намысына тиетін ештеңе жоқ. Қайта басқа кісі алды деп бұл кісіні ақтап отыр,  – деді қорғаушы.

Сот процесіне екі жақтың да куәгерлері қатысты. Жауапкер тараптың куәгері Жалғас Тінәлиев мақаланың өзінің атынан, сөзбе-сөз берілгенін айтты. Ол Ескендір Төлегенұлының «Малды сенікі деп ешкім айтпады. Иесіз мал деген соң алып кеттім. Барғанда да мал жоқ, соның орнына құнын ал» деп 100 мың теңге бергенін, кейін басқа малды көрсетіп, берген ақшасын кері қайтар дегенін баян етті. Талапкер тараптың куәгері Ескендір Төлегенұлы болса: «Тінәлиевпен ағайын адамдармыз. Трактормен үш күн жүріп ауылға жете алмадық. Бір баспақты ылаңдатып жатырсың, алыс-берістегі ағайынбыз, дау бітсін деп  100 мың теңге деп бердім», – деп, 100 мың теңгені кері сұратқан жоқпын, Шұқановтың қорасынан алып кеткен мал үйде тұр деуден танбады.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Қаратөбедегі Тінәлиевтің қызыл тоқалынан басталған істі қарау барысында жауапкер тараптан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «БАҚ туралы» Заңның 20-бабында журналиске аудио, бейнежазба жасауға рұқсат етілетіндігін, бейнежазбаның Шұқановтың келісімімен түсірілгенін, қораға өзі бастап барғандығын айта келіп,  талапкер өзінің бейнетаспаға түсіп жатқандығынан бейхабар болмағанын еске салды.

– Куәгерлер шындықты айтамыз деп ант берді. Жалған айтса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығынан хабардар.

Жаңа талапкер жағынан келген куә Ескендір Төлегенұлы «Шұқановтан алған мал қайда?» деген сұраққа «Мал бар» деді. Жауапкер жағынан келген куә Жалғас Тінәлиев Ескендір Төлегенұлының «Мал жоқ, оның орнына біресе бұзау, біресе баспақ берейін» дегенін айтты. Бұл жерде екеуінің бірі жалған сөйлеп тұр. Сотқа жалған ақпар беріп тұрған жағдайды ескеріп, іс-әрекет жасауыңыз сұралады.

Сондай-ақ сіздің назарыңызға Қаратөбе ауданы орталығының картасын ұсынғым келеді. Байқасаңыз, Шұқанов пен Тінәлиевтің үйлері жақын орналасқан. Талапкер өз сөзінде: «Баспақ менің қорама келіп, бір-екі күн мөңіреп тұрды. Сосын амалсыздан қамап алдым» деді. Газетте де ол әңгіме бар.

Мына картаны қарасаңыз, екеуінің үйлері жақын. Есік алдына шығарылған мал өз үйіне барады. Өрісі бір мал қорасы жақын жерде болса, қалайша мөңіреп тұрады, қалайша қорасын таба алмайды? Іс барысында бір-бірімен сәйкеспейтін дүниелер көп. Біз, бұл істі зерттеуді әрі қарай жалғастыратын боламыз», –  деді Жантас Сафуллин.

Сот ұйғарымы бойынша Берік Шұқановтың талап-арызы қараусыз қалдырылды. «Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 143-бабының 4-тармағына сәйкес, дауды сотқа дейінгі шешу сақталмаған. Арызданушы тарап 10 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіре алады», – деді судья Бақтияр Жорабаев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Р.S. Айтқандай, биылғы наурыз айында БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Әбіләзімовтың төрағалығымен мал ұрлығына қатысты облыстық басылымда жарияланған журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?…», «Қорамыз қаңырап қалды…», «Қаратөбелік полицейлерше сенделту…» атты мақалалар бойынша өткен кезектен тыс консультативтік кеңесте аталмыш істі тергеу барысында жауапсыздық пен салғырттық танытқан Сырым АІІБ-ның 17, Қаратөбе АІІБ-ның алты қызметкеріне тәртіптік шаралар алынған болатын.  Шұқановтан басталған дау-дамай әлі басыла қойған жоқ. Бұл дауға қатысы бар Ескендір Төлегенұлы (Шұқановтан баспақты алып кететін) қаратөбелік 77 жастағы көп балалы Батыр ананың 14 қойын ұрлаған деген күдікке ілінген. Осы істі дұрыс тергемеген Қаратөбе АІІБ-ның тергеушісі жұмыстан қуылды. Облыстық газетте бірнеше рет жарияланған дау-дамай әлі күнге дұрыс тергелмегендіктен жалғасуда.

Нүкте қашан қойылары белгісіз. Алайда облыстық «Орал өңірі» газеті бұл мәселені өзінің назарынан тыс қалдырмайтындығын оқырмандар қаперіне салады.


Борсыдағы заманауи ғимарат халық игілігіне

Күні: , 37 рет оқылды


Борсы  ауылдық  округіндегі  мәдениет  үйі  күрделі  жөндеуден өтіп,  пайдалануға  берілді. Ауыл  мәдениет  ошағына  «Айас» ЖШС-ның  құрылысшылары мен  ауылдан  жеті  адам  жұмыспен қамтылып,  екі  ай  мерзім  ішінде  34  миллион  720  мың  теңгеге жөндеу  жасап,  заманауи  талапқа  сай  ғимаратты  халық  игілігіне  ұсынды.  Сәулеті  жарасқан  ғимараттың  ашылуына  жиналған борсылықтардың  қуаныштарында  шек  жоқ.


Талапқа сай жөндеуден өткен ғимаратта өнерпаздарымыздың өнерлерін тамашалауды жазсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Әрқашанда осындай мерекелі күндері шат-шадыман көңіл-күйде кездесейік, – деп аудан әкімі Азамат Сафималиев жүрекжарды тілегін жеткізді. Содан соң ауыл ақсақалы Ғайнолла Есенғалиев ауылдастар  атынан  тілегін  арнады.

Ғимараттың лентасы салтанатты жағдайда кесілген соң, әжелеріміз қазақы салт-дәстүрмен шашу шашты. Ойшыл, ақын, журналист Ғұмар Қараштай дара тұлғаның кіндік қаны тамған қасиетті де киелі Борсы ауылындағы мәдени ошақ сахнасында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерді ән-жырға бөлесе, танымал биші Ғарифа Әзербаеваның шәкірттері мың бұрала билеп, қалың көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ахмедияр  БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика