Мұрағат: 04.09.2017


Шаһар мерекесі «Текеден» басталды

Күні: , 38 рет оқылды


Оралда жыл сайын аталып өтетін «қала күні» мерекесі биыл ортағасырлық Жайық (Теке) қаласының орнынан басталды. Көне шаһар орнына бірнеше киіз үй тігіліп, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.


Ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы ХІІІ-ХV ғасырларға тиесілі дейді тарихшылар. Алайда ІХ ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Фадланның жазбаларында Жайық қаласы туралы да айтылады. Жергілікті археологтар жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде көне шаһар орнынан мешіт, кесенелер, шығыс моншасы, тұрғынжайлар мен кірпіш күйдіретін көне зауыт орындары анықталды.

– Осы кезге дейін көшпелі халықтардың қала мәдениеті жоқ деген жаңсақ пікір қалыптасқан еді. Алайда ол дұрыс емес. Көшпелі өмір салтын ұстанған халықтардың өзінде басқару, сауда, айырбас, өнер, қорғаныс, ұйымдастыру орталығы ретінде қалалар болды. Жайық қалашығы – дәл осындай орталық болған. Біздің болжамымызша, қаланың өзінде 800-1500-дей адам тұрған. Сол кезеңнің өлшемімен алғанда бұл аз емес. Өйткені орталықта осынша адам тұрғанына қарап, оның айналасында көшпелі тұрмыс салтын ұстанған біраз халық болғанын болжауға болады, – дейді Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов.

Орал қаласын қазақтар да, татар, ноғай секілді түркі тілдес ағайын халықтар да бұрыннан «Теке» деп атаған. Совет өкіметі кезінде ғалымдар «қазіргі Орал қаласының төңірегінде көне шаһар болуы керек» деп қанша іздегенмен таба алмаған. 2001 жылы мұнай құбырын жүргізу кезінде Жайық өзені жағасынан ортағасырлық кірпіш күйдіретін пеш орны табылып, қазба жұмыстары басталды. Сөйтіп, археологтар көне шаһар аумағынан мешіттің, шығыс моншасы – хаммамның, тұрғын үйлердің орнын тапты. Бір қызығы, тұрғын үй құрылысы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі үлгілермен бірдей екен. Тек жылыту жүйесі екі есе күшейтілген.

– Шаһар орнына таяу Желтау биігінен бірнеше кесене орны табылды. Оның бірі сол кездегі өлшеммен алғанда өте үлкен – биіктігі 14-16 метр, ені – 13, ұзындығы 20 метрге жеткен. Үлкен кесенеде алты ересек, бес сәбидің сүйегі жерленген, әулеттік қабір болса керек. Ал сән-сәулеті келіскен кішкене кесенеде жалғыз адам жерленген. Біздің болжамымызша, бұл жерде Шыңғыс тұқымы – билеушілер, дінбасы – әулие жатуы мүмкін, – дейді Мұрат Наурызғалиұлы.

Мұрат Сыдықов бастаған Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы ортағасырлық Жайық қаласының ашық аспан астындағы мұражай ету мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген еді. Жақында ғана Қазақстанның жалпыұлттық киелі 100 нысаны тізіміне Жайық (Теке) қаласы да кірген соң, бұл идеяға да жан кіріп, жүзеге асар деген үміт бар.

Оралдықтар жыл сайын асыға күтетін «қала күні» мерекесі биыл тұңғыш рет көне шаһар орнынан бастау алғаны шынымен де көңілге шуақ сыйлағандай. Бұл ойды осы шараға қатысқан үлкен-кіші қайталап айтты. Қала басшылығы осы бір шараны керемет ұйымдастырған екен. Көне шаһар орнында, Ақ Жайықтың жағасындағы жайқалған әсем мүйісте бірнеше ақ отау тігілген. Алтыбақан орнатылып, қыз-жігіттер тербеліп жатыр. Бір топ аттылы жігіттер тазыларын ертіп, ауылға беттеп келеді. «Оралым» фольклорлық ансамблінің әдемі әуені жүректі тербейді.

– Баршамызға белгілі, биыл Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынған болатын. Жалпы, еліміздің көркеюі, экономикасының дамуы біздің тарихымызды түйсінуден басталады. Еліміздегі 100 киелі орынның бірі – біздің Жайық қаласы болғанына қуаныштымыз. Сондықтан биылғы қала күні мерекесінің тұсаукесерін зиялы қауымның ұсынысы бойынша осы жерден бастағалы отырмыз. Тарихымызды зерттеп, жоғымызды түгендеп жүрген барлық ғалымдар мен зерттеушілерге табыс тілеймін, – деді шараның салтанатты ашылу сәтінде Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

Ортағасырлық Жайық (Теке) шаһары – қазіргі Орал қаласының арғы түбі екендігі зерттеушілер тарапынан соңғы кезде жиі айтылып келеді. Отарлық кезеңде туған «Орал қаласының іргетасын 1613 жылы қашқын казактар тақыр жерден тұрғызған» деген тұжырымның қате екендігін уақыттың өзі көрсетті. Алтын Орда кезеңінде 110 қала болған екен, Жайық (Теке) – соның бірі. Жайық пен Шаған өзендерінің қиылысар тұсында, әсем мүйісте орналасқан әдемі шаһардың басынан бақ тайып, қиратылғаны дәл сол XVI-XVII ғасырларға сәйкес келеді. Көздің жауын алатын көне қала ғимараттары аяусыз бұзылып, кірпішін іргетасына дейін тасып әкеткен. Содан бері 6-7 ғасыр өтті, дәл осы жерге киіз үй тігіліп, домбыра үні әуелемеген де шығар, бәлкім.

– Мен 1935 жылдан бері осы Орал қаласында тұрамын. Бірақ ауылда туып-өскен қазақ баласымыз ғой. Осындай тарихи жерге табаным тиіп, жусан иісін иіскеген сәтімде ерекше сезімді бастан кештім. Орал қаласы басшыларының бұл бастамасы өте керемет! Рухани жаңғыру түп бастауыңды танудан басталады. Жайық қаласының жұлдызы жанып, ел-жұрттың игілігіне айналар сәт жақын болсын! – деді тоқсанның төріне шыққан ғалым Қалам Сүйіншәлиев толқып тұрып.

Жайық (Теке) қаласының бүгінгі аумағы сегіз гектар шамасында. Мұрат Сыдықов бұл жерге ашық аспан астындағы мұражай, ғылыми зерттеу орталығы және заманауи демалыс кешенін салуды ұсынып отыр.

 Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ


Ләйлә АХМЕТҚАЛИЕВА, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробациялық қызметке басшылық ету бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Қателескендерден гөрі, қоғамға сол қатесінен сабақ алмағандар қауіпті…»

Күні: , 104 рет оқылды

dav


Өмірде шалыс басқандарды түзеп, оларды қоғамға қайта қосуда пробация қызметінің маңызы зор. Осы сала қызметкерлерінің қиын да күрделі жұмыстарының нәтижесінде қоғамда қылмыс жасауға бейім тұратын адамдардың саны азайды, білместіктен шалыс басқан адамдар өз қателіктерін түсініп, дұрыс жолға түсті.


Сөйтіп, көптеген адам отбасына оралып, жанұясын қуантты, өмірлерін бірқалыпқа түсіріп, ақ жолмен жүріп, адал нәпақа табуға үйренді. Осындай ізгілікті істің бастауында пробация қызметінің тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан төзімділік пен парасаттылықты қатар талап ететін осы бір қиын да күрделі қызметті көпшілікке таныстыруды жөн көрдік. Осы мақсатта жақында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробациялық қызметке басшылық ету бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләйлә Ахметқалиевамен кездесіп, пробация қызметі жөнінде әңгімелеп беруін өтіндік.

– Жаңа Қылмыстық атқару кодексінің енгізілуіне байланысты Қылмыстық атқару инспекциясы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап пробация қызметі болып ауысты. Яғни бұрынғы қылмыстық атқару инспекциясының барлық міндеті осы пробациялық қызметке жүктелді, – дейді Ләйлә Қанатқызы бізбен әңгімесінде.

– Жаңа Қылмыстық және қылмыстық атқару кодекстерінде бостандығы шектеулі сотталғандар, шартты-мерзімінен бұрын босатылған сотталғандарға пробациялық бақылауды орнату, сотпен әкімшілік қадағалау бекітілгендерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету көзделген. Пробациялық қызмет біздің елімізде жаңалық болып саналғанымен, АҚШ пен Англияда бұрыннан бар. Мысалы, шетелдерде пробацияның сотқа дейінгі, жазалаушы, пенитенциарлық және постпенитенциарлық секілді төрт қызмет үлгісі жұмыс жасайды. Күні кешеге дейін біздің елімізде пробациялық қызметтің тек екі түрі, яғни шартты-үкімдік және постпенитенциарлық түрі жүзеге асырылып келді. Еліміздегі қылмыстық іске қатысты заңдарды әлем бойынша әбден сыналған осы бағыттағы заңдармен жақындастыру мақсатында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамын жүзеге асыру үшін ҚР Ішкі істер министрлігі «Пробация қызметі» туралы заңды қайта жасақтады. Осыған орай «ҚР Пробация қызметі мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға 2016 жылдың 30 желтоқсанында қол қойылып, бұл заң 2017 жылдың 16 қаңтарынан бастап күшіне енді. Аталмыш заңға сәйкес биылдан бастап біздің елімізде де пробация қызметінің барлық төрт түрі жүзеге асырылатын болды. Бұл ретте шартты үкімдік пробацияның міндеттері кеңейді. Яғни тек шартты түрде сотталғандар ғана емес, сондай-ақ бостандығы шектелген сотталушылар да пробациялық бақылауға жататын болды. Сонымен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар да пробациялық бақылауда болады. Пробация қызметі бұдан басқа белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылған адамдарды, қоғамдық жұмысқа тартылғандар мен түзету жұмыстарына жіберілгендерді, сотталған жүкті әйелдер мен жас баласы бар әйелдерді және балаларының жастығына байланысты жазалау тәртібі кейінге шегерілген жалғызбасты ер-азаматтардың тыныс-тіршілігін бақылайды.

Жалпы, пробациялық қызмет дегеніміз не, оның атқаратын міндеті қандай, енді соған тоқталайық. Пробацияның мақсаты – пробация есебінде тіркелгендердің қылмыстарды қайталап жасауын болдырмау. Елімізде пробация қызметін енгізу түрмеде отырғандардың санын азайту ғана емес, сонымен қатар қылмыстардың қайталануының алдын алуға мүмкіндік береді. Проба-циялық қызметтің негізгі міндеті — сотталғандардың мінез-құлқын түзеу және олардың құқықбұзушылығының алдын алу. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін пробация қызметінің инспекторлары өзінің бақылауына берілген сотталушыларды есепке алып, олардың әрқайсысына арнап жұмыс жоспарын дайындайды. Мұнда әрбір сотталғанға қатысты оны бақылау, оның отбасымен кездесу, әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмектер көрсету бойынша кешенді шаралар қамтылады. Бұл жерде әлеуметтік-құқықтық көмек деп отырғанымыз, бұл – теріс қадамға барған адамды жұмысқа орналастыру, белгілі бір кәсіпке бейімдеп, сотталушының кәсіби білім алуына көмектесу, денсаулығы нашар болса, оның тегін емделуін қамтамасыз ету. Бұрын қылмыстық атқару инспекциясы сотталушыларды есепке алып, оларды тек бақылаумен шектелсе, пробация қызметінің инспекторлары өзі бақылауға алған сотталушыларға әлеуметтік-құқықтық көмекті жергілікті атқарушы органдармен, сотпен, прокуратурамен және ҮЕҰ-мен бірігіп, ұйымдастыра алады. Нақтырақ айтсақ, пробация қызметі мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, бақылауда тұрған адамдарға көмек көрсету жөнінде бағдарлама жасайды. ҚР заңдарына сәйкес жоғарыда аталған органдар шалыс басқандарды өмірге орналастыру бойынша пробация қызметі инспекторларымен бірігіп жұмыстануы тиіс. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар бақылауда тұрғандар үшін жұмыс орнын, оқу немесе әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін ұсынуға міндетті.

Қазіргі таңда облыс бойынша 17 пробациялық қызмет көрсету учаскесі бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл өткен сайын пробациялық қызметте есепте тұрушылардың саны азаймай отырғанын көреміз. Мысалы, соңғы үш жылдың көрсеткіштерін салыстырып көрсек, 2014 жылы пробациялық қызмет есебінде 1585 сотталушы тұрды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. 2015 жылы – 2331 сотталушы, бұл дерек 2014 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көбейгенін көрсетеді. Өткен жылы, яғни 2016 жылы пробациялық қызметте тұрғандардың саны 3047-ні құрап, 2015 жылға қарағанда 31 пайызға дейін өсті. Қазіргі таңда пробациялық бақылауда 1446 қоғамнан оқшауланбаған сотталушы тұр. Оларды 76 инспектор бақылап, қадағалауда. Осы қызметкердің әрқайсысы бақылауда тұрған жандардың өз қателіктерін түсініп, қалыпты өмірге қайта оралуына барынша ықпал етуде.

Баршамызға белгілі, өткен жылдың соңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Елбасының Жарлығымен елімізде көптеген сотталушыларға рақымшылық жасалды. Соған байланысты біздің облыста да бірқатар сотталушылар түрмеден босатылуда. Рақымшылық жасалғандардың есебінен биыл, яғни 2017 жылы бақылау-ға алынатын сотталушылар саны бұрынғыдан көбеюі мүмкін. Өткен жылы пробациялық есепте тұрған 3047 адамның 1690-ы 2017 жылға өтті, қалғаны есептен шығарылды. Осы 1690 адамның 614-і рақымшылыққа ілікті. Осы 614 сотталушының 400-і жазадан мүлдем босап, тағы 214-нің жазалары қысқартылды.

Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Солардың көбісі өз қателерін дер кезінде түзетіп, мағыналы істерімен өмірінің кедір-бұдыр тұстарын жуып-шайып жібереді. Бұған керісінше, бір рет қылмыс жасап, өмір бойы төменшіктеп өтетіндер де бар. Оларға айналасындағылар да сондай көзбен қарайды. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, қателескеннен гөрі, сол қатесінен сабақ алмаған адамдар қоғамға көбірек қауіпті…

Қазіргі таңда Пробация қызметтерімен Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың 18 наурызында облыс әкімдігі мен облыстық ҚАЖД бірігіп, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыру бойынша «Қақпа алдында кездесу» атты әлеуметтік жоба әзірлеп, бекітті. Күні бүгінге дейін аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында 14 кездесу өткізілді. Сонымен қатар биыл Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Пробация кабинеті» ашылды. Кабинет әр сәрсенбі сайын Орал қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды қабылдайды. Бүгінгі таңда 19 сотталушыға жұмысқа орналасу бойынша бағыт-бағдар, қажетті кеңестер беріліп, жеті адам оқу курстарына жолданды, — деген Ләйлә Қанатқызы бұл санаттағы адамдарға қоғам болып қолұшын созу керек деген ұсыныс-пікірін айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Қорқор тартып, қор болмайық

Күні: , 28 рет оқылды


Баяғыда қорқорды (кальян) тек шетел киноларынан көруші едік. Ондағы шығыстың әміршілері мен егде тартқан ақсақалдары шынтақтап жатып, қорқорды шеккенде, тек соларға ғана тән дүние секілді елестететінбіз. Ал қазір қаладағы демалыс орындарынан қорқордың кез келген түрін кездестіресің. Ал оны ермек ететіндердің дені – жастар.


Қорқор – темекі секілді табак өнімдерін тартуға арналған құрал. Оны парсы тілінен тікелей аударғанда жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін құрал дегенді білдіреді. Қорқор құрылысына тоқталсақ, оның мундштук деп аталатын сору түтігі болады. Хош иістендірілген табак фольга қағазына оралып, судың үстіне орналастырылады. Оның жоғарғы жағына сүзгі қойылып, көмір өнімі салынып, жабылады. Қорқордың түтіні салқындататын су арқылы өтеді. Алғаш қорқор Үндістанда пайда болған. Кейін аз уақыттың ішінде бүкіл мұсылман мемлекеттеріне тарап кеткен. Еуропада қорқордың танымалдылығы ХІХ ғасырда басталған. Қорқор әр елде түрлі атауларға ие. Мысалы, араб тілінде шиша, аргила десе, Түркия, Грекия, Әзірбайжанда, Ирак, Ливан, Сирия және Израилде наргила деп атаған. Наргила сөзін парсы тілінен аударғанда «narghile» кокос деген мағынаны береді. Бұдан ғалымдар алғашқы қорқор кокос жаңғағының қабығынан дайындалған болуы мүмкін деп топшылайды. Иранда қорқорды «галиян» деп атайды екен. Бұл сөз араптардың «gla» қайнау, бұрқылдау деген сөзінен шыққан. Ертеректе қорқор жасауда мыс, жез қосындылары бар қорытпалар қолданған. Ал қазір олардың орнына тот баспайтын болаттарды пайдаланады. Ғаламтор мәліметтеріне сүйенсек, қорқордың ішіне табак өнімімен бірге насыбайдың бірнеше түрін қолданады екен. Біріншісі “tumbak”, құрамында никотині көп насыбай түрі. Қорқордың бұл түрін пайдаланушылар аталмыш насыбайға су қосып, кейін суын сығып қорқордың ыдысына нығыздап салады.

Содан соң шылым секілді дәмін татады. Екінші түрі – “Mu essel”, бұл тәтті шырынмен ылғалдандырылып, түрлі жемістің жоңқаларымен иістендірілген насыбайдан жасалған қорқор. Үшіншісі – “Jurak”, бұл адамның ағзасына қоздырғыш, уыттандырғыш, мутагендік, канцорегондік, психобелсенділік (соның ішінде тәуелділікке әкеліп соғады) әсер тудыратын түрі.

 

Сүт қосылғаны – 5000 теңге

 

Тақырыбымызға арқау болған қорқордың бағасын білу мақсатында қаланың орталық ауданындағы мейрамханаға бас сұғып, шеткері тұрған залына орналастық. Қара көлеңке залдың ішінде шығыстың сазды әуені ойнап тұрды. Жер-жерден будақтаған көк түтін қолқаны қауып барады. Бір кезде даяршы қыз мәзірін алып жанымызға келді. Біз таныстарымызды күтіп отырғандықтан, тапсырысты кейін беретінімізді айттық. Содан соң даяршы басын изеп, жөнімен кетіп қалды. Біз айналамызға барлау жасай бастадық. Сол сәтте айқара ашылған есіктен бес-алты бойжеткен кірді. Көрерге көз керек, үріп ауызға салғандай жап-жас қыздар. Қорқоршы жігіт оларға ұқыпты қызмет көрсете бастады. Отыра сала бір қорқорды асығыс иемденді. Лезде айналаны қарбыздың жұпар иісі алып кетті. Содан соң мейрамханаға қыз бен жігіт араласқан тағы бір топ келді. Араларында той көйлегін киген қалыңдық пен күйеу жігіт те бар екен. Олар бірнеше қорқорға тапсырыс берді. Шамасы кешке болатын тойларының алдында көңіл көтеру үшін осында келсе керек. Содан олар бізге таяу орналасып, даяршылардың әкелген қорқорларын тарта бастады. Қалыңдық та жанындағылармен қалыспай, таңсық құтыны жарыса пайдалануда. Содан жан-жағымызға көз тастап отырғанда, қорқор тартудың нұсқаулығы мен бағасы жазылған мәзір қолымызға тиді. Онда қорқорды тамақ ішкеннен кейін асықпай, жақсы көңіл күйде отырып тарту қажеттігі мен қорқордың арнайы үстелде тұруы маңызды екені жазылған. Мәзірге көз жүгіртсек, шарап, коньяк қосылған қорқордың бағасы алты мыңнан жоғары, ал сүт қосылғаны бес мыңнан, алма, шабдалы, қауын, қарбыз секілді жеміс-жидекпен хош иістендірілгені төрт мыңнан, ал ассортидің яғни аралас түрінің бағасы бес мың жарымнан жоғары екен. Содан сәті түсіп демалып отырған жандардың бір-екеуімен тілдестік.

– Басында қорқордың дәмін қызығушылықпен татып көрдім. Ал қазір қыздармен мейрамханаға жинала қалсақ, үнемі қорқорға тапсырыс береміз. Маған қауын мен жалбыздың қосылып дайындалған түрі ұнайды. Пайдаланған кезде ауызда дәмі мен хош иісі қалады. Бағасы дәміне қарай әр түрлі болады. Біз тапсырыс беретін түрі 5000 теңгеден жоғары, – дейді Аружан есімді бойжеткен. Ал Әсет есімді жігіт қорқор шылымды алмастырады деген сөзге сеніп тұтына бастағанын айтады.

– Бірде досымның туған күнін атап өту үшін түнгі клубта бас қостық. Содан туған күн иесі қорқорға тапсырыс берді. Таныстарым «қорқордың дәмін татсаң, шылымнан бас тартасың» деген соң дәмін татып көрдім. Маған ерекше ұнады. Кейін де сол клубқа екі-үш рет жолым түсіп, қорқорға тапсырыс бердік. Қазір қорқорға тәуелді болып қалғандаймын. Өйткені сенбі-жексенбі сайын қорқоры бар жерге барып, көңіл көтеруге аңсарым ауып тұрады, – дейді ол.

 

25 грамм табак 60 тал шылыммен тең

 

Қазір көптеген адамдар қорқорды көңіл көтерудің жолы деп біледі. Алайда бұлайша көңіл көтерудің қаншалықты зиян екенінен бейхабар. Осы орайда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Мөлдір Құрмашевадан пікір алған едік. Ол қорқор арқылы өкпеге енетін 25 грамм табактың 60 тал шылым шеккендей әсері болатындығын айтады.

– Қорқордың денсаулыққа келтірер зияны шаш етектен. Оны жиі тұтынатын тұрғындар «құтыдан шығатын түтін арнайы сүзгіден өтеді» деуі мүмкін. Алайда қорқор құтысындағы баяу жанған көмір 400с градус болғанда түтін шығады. Түтін құтыдағы салқын су арқылы өтсе де, залалсыз температураға дейін суытып үлгере алмайтыны белгілі. Бірнеше жыл бұрын неміс ғалымдары қорқордың зияндылығын анықтайтын аппарат ойлап тапқан. Олар адам өкпесіндей цилиндрдің ішіне қорқордан шығатын түтінді жіберген. Нәтижесінде сол цилиндрдің ішіндегі құрылғы жұтылған түтіннің көлеміне қарай зиянды қал-дықтардың жиналғанын көрсеткен. Яғни қорқор шегу арқылы ішке кіретін 25 грамм табак 60 тал шылым шеккендей әсер берген. Ол дегеніңіз бір мезгілде үш қорап шылымды тауысқанмен бірдей. Қорқор табактан жасалған соң оның құрамында никотин болады. Ал никотиннің адам ағзасына зияны көп. Қорқорды тарту кезінде ауыз қуысына, тыныс алу жүйесіне, өкпеге күш жұмсауға тура келгендіктен, түтін өкпенің терең тұстарына дейін барады. Адам қорқорды шылым секілді бір-екі минут тартпай, сағаттап пайдаланатындықтан, оның зияндылығы да өте жоғары. Никотин шегетін ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін адамға 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді. Одан миға оттегі жетіспей, жүрекке, бауырға, бүйрекке де зиян келеді. Соның салдарынан адамның ойлау қабілеті төмендейді. Сондай-ақ қорқордың құрамында бензапирен канцерогенді қосылыстар бар. Бензапирен – жоғары дәрежелі қатерлі ісіктің пайда болуына әсер етіп қана қоймай, адам генінің бұзылуына апаратын бірден-бір фактор болып саналады. Улы түтінді жиі жұту ауыз қуысының, өкпенің қатерлі дертіне және баланың түрлі кеміс аурулармен дүниеге келуіне алып келеді. Сонымен қоса табак өнімін жиі пайдалану ер адамдардың жыныстық қабілетін төмендетеді. Ал гигиеналық жағынан қарайтын болсақ, түнгі клуб, кафе, мейрамхана секілді көпшілік орындардағы қорқорлар жиі залалсыздандырылмағандықтан жұқпалы дерттің ошағы да болуы мүмкін. Өйткені оның мундштук аталатын сору түтігін бір мезетте бірнеше адам пайдаланатындықтан, сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез секілді сырқаттарды жұқтырмайтындығыңызға ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді Мөлдір Тайырқызы.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Мешіт алаңындағы спорттық шара

Күні: , 17 рет оқылды


Қасиетті  Құрбан  айт  мерекесіне  орай  Орал  облыстық  орталық мешітінің  алаңында  ұлттық  ойындардан   жарыс  өтті.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ұйымдастырылған шараның мақсаты – жас ұрпаққа ұлық мейрамның маңызын ұғындыру. Рухани мерекеге ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы, облыстық орталық мешітінің бас имамы Руслан қажы Сұлтанов қатысып, тұрғындарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар облыстық жастар шығармашылығы орталығының өнерпаздары халық термелерін орындап, әннен шашу шашты. Жарыс қорытындысы бойынша ауыр салмақ көтеруден Р. Күнтуғанов, асық атудан А. Темірешев, қазақша күрестен Т. Көлбай, арқан тартудан «Сұңқар» тобы жеңіске жетті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар  табысталды.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз  қызметі


Жаңа оқу жылына – жаңа интернат

Күні: , 29 рет оқылды


«Көптен  күткен  ұлы  той»  демекші,  Қазталов  ауданы  орталығында  Қазталов  орта  мектебі  жанындағы  100  орындық  жаңа  интернат  құрылысы  аяқталып,  2  қыркүйек күні пайдалануға  берілді.


Жаңа интернат салу мәселесі көптен бері көтеріліп, қаражат тапшылығынан жылма-жыл кейінге шегеріліп келген еді. Қыс мезгілінде бөлмелері суық және барлық санитарлық талаптарға сай емес ескі интернатта ауылдан келген оқушылардың білім алып, тынығуына көп кедергі келтірілгені рас. Міне, былтырғы жылы ел басқарып отырған азаматтардың тікелей араласуымен жаңа интернат салу мәселесі шешіліп, құрылысы басталған болатын. Былтырғы жылдан құрылыс жұмыстарына білегін сыбана кіріскен мердігер «СәттіСәулет» ЖШС облыстық бюджет есебінен бөлінген 286 млн. 485 мың 044 теңге қаражатты толығымен игеріп, екі қабатты жаңа нысанды сапалы да бүгінгі заманға сай салып берді.

Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков жаңа нысанның ашылуымен құттықтаса, «СәттіСәулет» ЖШС-ның инженері Наурызбек Аймашев мектеп директоры Әлия Жақсыбаеваға интернаттың  кілтін  табыс  етті.

Бұл жаңа жатақханада әзірге 60 бала орналасқан. Алдағы уақытта ол 100 орындыққа жететін болады. Жаңа интернатқа келіп орналасқан оқушылардың қуанышында шек жоқ. Заманауи тұрғыдан толық жабдықталған интернатта оқушылардың сапалы білім алып, тәрбиеленулеріне бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл интернатта Қазталов ауылдық округіне қарасты Бозоба, Беспішен, Сексенбаев кіші елді мекендерінің балалары жатып оқиды.

Айта кетсек, биылғы жылы ауданымызда білім нысандарын күрделі жөндеу мен жаңадан салу жұмыстарына 545 млн. теңге қаражат бөлінген.

*  *  *

Қазталов  ауданына  қарасты  Қошанкөл  ауылының  оқушылары биылғы  жаңа оқу жылын ерекше көңіл-күймен  қарсы  алды.  Ұзақ жыл  жөндеу  көрмеген мектеп  ғимараты  күрделі  жөндеуден  өтіп, қыркүйекте  қайтадан  балдырғандарға  айқара  есік  ашты.

Алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, аудан бюджетінің 51,3 пайызы білім саласына бөлінгендігін, соның ішінде 545 млн. теңге аудан мектептеріне құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалғандығын айтты. Қазіргі таңда аудандағы барлық мектеп жаңартылған білім жүйесін жүзеге асыру мақсатында құны 140 млн. теңге болатын жаңа оқулықтармен  қамтамасыз етілуде.

Қошанкөл жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Ернар Ілиясовтың айтуынша, мектеп ғимараты 1983 жылы қолдануға берілген. 34 жыл күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, ғимараттың әбден тозығы жеткен. Қошанкөлдіктерді толғандырып келген бұл мәселе облыс, аудан басшыларының қолдауымен оң шешімін тапты. Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жасаған «БатысСтройСервис» ЖШС жұмысты мерзімінен  бұрын  аяқтады.

Білім күніне арналған салтанатты жиында ардагер ұстаз Роза Жәнібекқызы, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлсамал Елтайқызы ауыл тұрғындарына, мектеп ұжымына және жас бүлдіршіндерге жүрекжарды тілектерін білдіріп, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Жұлдыз  АСҚАР,

Қазталов  ауданы


Алғашқы қоңырау сыңғыры

Күні: , 36 рет оқылды


Орал  қаласындағы  Назарбаев зияткерлік  мектебінде  өткен  алғашқы  қоңырау салтанатына  облыс  әкімі Алтай Көлгінов  арнайы  қатысты.


Назарбаев зияткерлік мектебі өткен оқу жылын сәтті аяқтаған. Мектеп шәкірттерінің 2-і халықаралық, 31-і республикалық, 35-і облыстық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы мен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткен желілік пәндік олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын иемденген. 2017 жылдың 3-4 шілде аралығында Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған республикалық робототехника олимпиадасында мектеп оқушылары ең үздік нәтиже көрсетіп, бес бірдей жүлделі орыннан көрінген. Жеңімпаздар осы жылдың қараша айында Коста-Рикада өтетін халықаралық жарысқа жолдама алыпты.

– Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қадірменді оқушылар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жыл Елбасымыздың рухани жаңғыру бағытында жариялаған мақаласымен ерекше болып отыр. Тарихымызды білу, мәдениетімізді көтеру, ел бірлігін нығайту, сонымен бірге заманауи талаптарға сай болу – аталмыш мақалада көтерілген басты мәселе. Еліміз бойынша жаңа заманға сай мектеп алғаш болып 1841 жылы Жәңгір ханның бастауымен бүгінгі Батыс Қазақстан облысының аумағында ашылған екен. Осыдан 24 жыл өткеннен кейін ғана Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білімге ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан мектептерде жыл сайын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде облысымызда 10 білім ошағы салынуда.

Оның 8-і жаңадан ашылатын мектеп. Орал қаласында 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Құрметті оқушылар, сіздерді мемлекетіміздің сенімін ақтайды деп сенеміз. Жаңа оқу жылын білімге деген ерекше құштарлықпен, жаңа армандармен бастасаңыздар, армандарыңыз орындалады.

Ол үшін аянбай, тер төгіп оқу керек, – деді салтанатты шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі.

Жиында «Рухани жаңғыру: жетістіктер тарихы» театрландырылған көрінісі көрсетілгеннен кейін, 7-сынып оқушылары алғашқы қоңырау соғу рәсімін жасады.

Облыс әкімі шараның құрметті қонақтарымен, сондай-ақ аталмыш мектепке жаңадан қабылданған 7-сынып оқушыларымен бірге мектеп ауласына алма ағашының көшеттерін отырғызды. Мұндай шара дәстүрлі түрде жылма-жыл жалғасын тауып келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, биыл 7-сыныпқа 680 талапкердің ішінен іріктелген  80  оқушы  қабылданған.

Оқушылар салтанатты жиыннан кейін «Туған елге тағзым», «Ауылдағы екі апта», «Ата-ана жұмыс орнындағы 10 күн», «Баланы жұмысқа жетеле» секілді жазғы әлеуметтік тәжірибелер мен шетелдегі оқу курстары, «ЭКСПО – 2017» көрмесі тақырыбында жинаған  білімдерімен  бөлісті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Киелі жерлер анықталу үстінде

Күні: , 40 рет оқылды


Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының аясында «Қасиетті Ақжайық» атты өлкетанушылар мен тарихшылардың басқосуы өтті.


Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген көзделген мақсаттарды орындау үшін ұлттық комиссия құрылған. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонда белгіленген алты жобаның ішінде «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты да бар. Оған жауапты – ҚР мәдениет және спорт министрлігі.

Ал облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша жұмыстың өңірдегі үйлестірушісі болып табылады. Алғашқы қадам – облыс аудандарынан тұшымды ақпарат жиналып, республикалық  маңызы бар 100 қасиетті нысан тізіміне өңірден Жайық қалашығы мен Бөкей ордасының тарихи-мұражай кешені енгізілген еді. Енді 500 тап сондай орындардың тізімін жасақтау жүріп жатыр. Жобаның негізгі орындаушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылды. Оның басты міндеті – киелі жерлер мен ескерткіштердің дерек қорын даярлау, оның атласын жасақтау және әдістемелік көмек көрсету. Отанымыздың қасиетті нысандарының картасын қалыптастыру да өте ауқымды жұмыс. Міне, осы мәселеге орай, біздің өңірге ҚР Ұлттық мұражайы жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының мүшелері Анар Екімбаева мен Арайлым Рахимберді келді. Олар облыстағы әріптестерімен бірге өңірімізді аралап, 2 500  километр жол жүріп, жағдаймен тұрғылықты жерде танысты. Сапар соңында осы дөңгелек үстелге қатысып, алған әсерлерімен бөлісті. Жүздесуді облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова жүргізіп отырды.

– Біздің орталық осыдан үш ай бұрын ашылды. Шыны керек, Отанымыздың тарихын, шежіресін кең көлемде зерттеу, жан-жақты деректер жинау елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Басқаны есептемегенде, сіздің өңірде ғана 73 жергілікті, 4 республикалық маңызы бар нысан анықталды. Жұмыс онан әрі де жалғасын таппақ. Өйткені жергілікті маңызы бар нысандарды анықтауға шек қойылмайды. Ал республикалық маңызы бар нысандарды тауып, белгілеуде шектеу болады. Мынаны ескертемін, жергілікті маңызы бар қасиетті орынның біріншіден, аңыз әңгімесі не шежіресі болуы тиіс. Екіншіден, ол дәйекті және деректі болуы міндетті. Үшіншіден, рухани қуаты күшті болса, тіпті құба-құп. Тағы бір айтарым, республикалық маңызы бар ескерткіштер туралы үш тілде (қазақ, ағылшын, орыс), жергілікті маңызы бар қасиетті орындар хақында қазақ және орыс тілінде ғылыми монографиялар жарық көреді. Біз сіздегі жұмыс тобымен әрі бірлесіп толымды істер тындырдық. Әсіресе, аймақтың көп ауылындағы «көкірегі сезімді, тілі орамды» ақсақалдардың зор көмегі тиді. Сондықтан осы сапарға мұрындық болып, белсенді қолғабыс берген облыс әкімі Алтай Көлгінов пен барлық ауыл ақсақалдарына шын жүректен алғыс айтамыз, – деді астаналық қонақ А. Екімбаева.

Кездесуде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мирболат Ерсаев аталмыш іссапар туралы толыққанды баяндады.

Дөңгелек үстел барысында ардагер журналист Тихон Әліпқалиев, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобасы кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева, тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев және басқасы ой-пікірімен бөлісті. Мәселен, облыстық тарихи-археологиялық орталығының басшысы Мұрат Сыдықов тарихи нысандарға байланысты заңды жетілдіру қажеттілігін айтса, облыстық «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Жайық өңіріндегі сармат дәуірінен қалған тарихи-қасиетті нысандарды сараптауды төрт кезеңге бөліп, зерттеуді жіті жүргізудің маңызына тоқталды. Көне мәйіттердегі құлпытастарды мұқият оқып, сараптаудың қажеттілігін де баса көрсетті.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Макаровтағы жаңа өндіріс

Күні: , 34 рет оқылды


Индустрияландыру картасы аясында Зеленов ауданының Макаров ауылында кірпіш зауыты жобасы іске қосылып, сынақтан өтуде.


Оңтүстіктегі қазақы ауылда ұлттық тәрбиенің уызымен ауызданып ержеткен Жұмабек оқу іздеп Алматы асты. Одан кейін әскер қатарында болды. Кейін Белоруссиядағы милиция мектебінде оқып бітіріп, ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққан соң да, үйде шалжиып, тас төбеге қарап жата алмады. 2000 жылдары ол әуелі ұсақ-түйек саудаға ден қойды, артынан көңілі қалаған салада кәсіпкерлікпен айналысты.

– Мәселе дүние табуда емес, соны қалай табуда ғой. Кәсіпкерліктің мақсаты ақша табуда десек, қазақтың табиғаты дүние қууға жақын емес. Өйткені бала кезден ата-анамыздан біреудің ала жібін аттама, шүкіршілік ет, біреудің обалына қалма, біреуге қарыз болма, біреуді алдама деген ақылын құлағымызға құйып өстік. Қараңыз, Оралда кірпіштен салынған әдемі коттедж үйлер көп. Алайда ондай үйде тұратындар шамамен 20 пайыздай. Өзгелер саманнан, қамыстан құрастырған баспаналарды місе тұтады. Олар да кірпіштен үй салар еді, әттең, кірпіштің бағасы қымбат. Кейде әр нәрсенің өзіндік құны болуы керек емес пе деген ой иектейді. Кірпіштің бағасы ең қымбат нанның бағасымен пара-пар. Алайда нан дастарханға оңайлықпен келмейді. Жер жыртасың, бидай тұқымын сатып алып, егесің. Содан жауын тілейсің Құдайдан, кейде қуаңшылықтан егінің күйіп те кетеді. Шыққан егінді орасың, жанар-жағармай, техника керек дегендей. Орылған бидайды элеваторға тасып, кептіреді, тазалайды, содан кейін диірменге жіберіп, ұн жасайды. Одан кейін оны наубайханаға жібереді. Сол кезде оның жұмысы кірпішпен теңеледі. Кірпіш шығару бұған қарағанда жеңілдеу. Сондықтан кірпіштің бағасы  арзандау болуы керек. Содан қызыл кірпіш шығарып, тұтынушыларға арзандау бағамен ұсынсам деген ой туды, – дейді Жұмабек Жапбарқұлов.

Кәсіпкер күйдірілген кірпіш өндіретін жобалық құны 720 мың доллар тұратын  жобаны 2014 жылы қолға алды. Самара бағытындағы күре жол бойынан 12 шақырым жердегі Макаров кен орнын игеруге рұқсат қағаз алу үшін  биылғы жылды қосқанда төрт жыл бойы мемлекеттік құзырлы орындарға кезек-кезек жүгірді. «Құрал-жабдықты Қытайдан алып келіп орнаттым. Оның сертификатын алудың машақаты көп екен. Кедендік рәсімдеуден өткізу үшін жабдықтың сертификатын Мәскеуден жасаттым. Кірпіш зауытын салатын жер телімін екі-ақ жылға жалға берді. Екі жылда шағын тұрғын үйді де салып алу қиын. Бұл – Зеленов ауданындағы жер комиссиясының шығарған шешімі. Комиссияға бізді шақырмайды, сыртымыздан өздері «тон пішеді». Зауыт салатын болған соң, жалға үш немесе бес жылға беру керек қой? Зауыттың қабырғаларын металл құрастырмалардан салып болған кезде жердің жалдау мерзімі бітіп қалды, сөйтіп жалдау мерзімін созу үшін тағы жүгірдім. Өндіріс ошағын саламын деп жүгіріп жүргенде екі жыл өтіп кетті зу етіп… Жүйке де жұқарды. Он жылға берсеңдерші десем, болмайды деп тағы бес жылға берді. Кен орнын игеруге рұқсат қағазға төрт жыл дегенде биыл ғана қолым жетті. 2014 жылы кен орнын игеруге жарияланған конкурстың қорытындысы дұрыс емес деп қайта өткізетін болды. Содан кейін ол конкурс жарияланбады. Аудандық әкімдіктегілерге барып, күнде жалынамын, өткізсеңдерші деп… Мұның бәрін бәзбіреулер заңда, заңдық актілерде солай көрсетілген дейтін шығар. Айналайындар-ау, заңды жасайтын адамдар емес пе?! Мен сықылды талай адамдар жүр ғой, солардың меселін қайтармау керек қой. Игі іс істеймін, инвестиция құямын деген адамды жүгірту адамгершілікке де жат қой», – деп жеңіл күрсінді кәсіпкер. Оның айтуынша, жобасын индустрияландыру картасына енгізудің арқасында облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының көмегімен инвестициялық жобасын биылғы шілде айында іске қосты.

Макаров кен орнының қоры жеткілікті. Кәсіпкер жалпы пайдалы қазба орнын 26 жылға пайдалануға келісімшарт жасаған. Қазір зауыт аумағында кірпіш күйдіретін екі пеш салынып, іске қосылды. Шикі кірпіш пеште 1 000 градус ыстықта белгіленген уақытта күйдіріледі.  Өндіріс орны сынақтан өтуде. – Базарда күйдірілген кірпіштің бір данасы – 70 теңге. Макаров зауытының кірпіші шамамен 50 пайызға арзандау болады. Климаттық жағдайға қарай пештер түрліше жасалынады. Өзбекстанда, Қытайда, Ресейде кірпіш зауыттарында болып көрдім. Қызыл кірпіш өндірісі  үздіксіз жүруі үшін төрт пеш болуы қажет. Екеуін көмірмен, екеуін газбен жағылатын етіп жасауға бел байладым. Ертең газ қымбаттап кетсе, қиын болмасын деймін, – деді Жұмабек Қаһарұлы.

Бүгінде зауыт пеш жағуға қажетті көмірді Орталық Қазақстаннан вагонмен тасымалдауда. Темір жолмен тасымалдау қымбатқа шығады. «Горелка дегеніңіз бір түйір темір. Соны жергілікті зауыттағылар жасамады. Бір-екі зауытқа осы бағытта жұмыс істейді ғой деп барғанмын, бір пештің 15 горелкасы 3-4 млн. теңгеге шығады екен. Әрі сынақтан өткізетін мамандары да жоқ. Содан жергілікті кәсіпорындарға қолымды бір сілтеп, Мәскеудегі Каширский зауытына барып, тапсырыс бердім. Қазір өнімді шығарып, сапасын байқап көрудеміз», – деді ол.

Кәсіпкер күйдірілген қызыл кірпіштің сапасы қандай болады деген сауалымызға аз-кем ойланып:

– Мәскеудегі Қызыл алаңдағы Кремльді айтпай-ақ қояйық, Оралдағы 1901 жылы салынған Карев көпестің үйі әлі күнге міні құрамай тұр. Әуелі сол қызыл кірпіштен өзім құрылыс салып, байқап көрудемін.  Жаман емес, – деп түйіндеді сөзін ол. Жұмабек Қаһарұлына бәзбіреулер кірпіш зауыттары Оралда жеткілікті, өнімдеріңді кім алады дейтін көрінеді. Ол  мемлекеттік бағдарламалар арқылы өнім өткізуді жоспарлап отырған жоқ. Алайда кәсіпорынның қызыл кірпіші қарапайым халыққа қолжетімді болып, баспана тұрғызуға алып жатса, неге қуанбасқа?! Кәсіпкер кірпіш өндірісінен табысқа қарық болайын деп отырмаған сыңайлы. «Бір-екі тиын пайдасы болса болар. Өндіріс ашуға кедергі көп, қағазбастылық, сөзбұйда көп. Кейбір мемлекеттік орындар қандай көмек керек деп сұрайды. Мен ешқандай көмек керек емес, тек  кедергі болмасаңыздар болды деймін. Шыным сол», – дейді кәсіпкер ағынан жарылып.

Бүгінде кірпіш зауытында 20 адам жұмыс жасайды. Алдағы 2018 жылы кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде, жұмысшылар саны 27 адамға жетпек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика