Мұрағат: Сентябрь, 2017


Дирижерлер додасы

Күні: , 28 рет оқылды


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай Шамғон Қажығалиев атындағы III республикалық дирижерлер конкурсы қорытындыланды.


Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Мұқаев пен Шамғон Қажығалиевтің жұбайы Жаңылсын Төлепбергенқызы және перзенттері қатысты. Кеш шымылдығы Шамғон Сағаддинұлына арналған «Нарынның нар ұлы» атты бейнефильммен ашылды.

– Қайырлы кеш, Ақ Жайықтың жайсаңдары мен қала қонақтары! Шамғон Қажығалиев атындағы республикалық дирижерлер конкурсының тәмамдалуымен баршаңызды құттықтаймын! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды ұлықтау мақсатында өңірімізде көптеген шаралар жүзеге асуда. Бүгінгі өткізіліп отырған Шамғон ағамыздың атындағы республикалық дирижерлер байқауының да маңызы зор.

Шамғон Сағаддинұлы бар ғұмырын дирижерлық салаға арнаған жан еді. Осы кешті пайдалана отырып, дүбірлі додаға арнайы қатысқан ағамыздың отбасына, байқаудың үміткерлеріне, ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Өнер додасы өте жоғарғы деңгейде өтті, – деді қала әкімі Мұрат Рахметұлы.

Содан соң сөз алған Шамғон Қажығалиевтің жұбайы Жаңылсын Төлепбергенқызы аталмыш шараның республикалық деңгейде аталып өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, жас дирижерлерге сәттілік тіледі.

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен бұл байқауда бақтарын сынау үшін үміткерлер еліміздің әр аймағынан келген еді.

Ал  таланттардың өнерін жанжақты бақылап, кәсіби тұрғыдан әділ бағаларын берген қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Астана  қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Нұрғиса Тілендиев атындағы  академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Жалғасбек Бегіндіков, Құрманғазы атындағы мемлекеттік-академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұрат  Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы  қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Рахат Мадреев және «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі  бас дирижері Еркін Нұрымбетов болды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлденің тұғырынан ақтаулық  Әлібек Мұратов көрінсе, I орынды петропавлдық Қайырлы Ғафуров жеңіп алды. Ал жүлделі II орын оралдық Асхат Хасановқа,  III орын шымкенттік Ерлан Дәуренбеков  пен алматылық Айдос Меңдалиевтің еншісіне бұйырды.

Марапаттау рәсімінен соң, салтанатты шара өңір өнерпаздарының дайындаған Гала-концертіне жалғасты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Қазақ мультфильмдеріне қандай кейіпкерлер жетіспейді?

Күні: , 27 рет оқылды


Бүгінгінің тәрбиелі баласы мен ертеңгі күннің қайраткер тұлғаларын қалыптастыруда ұлттық кино мен мультфильмдердің алар орны ерекше. Әсіресе, көгілдір экраннан жиі көрсетілетін бүлдіршіндерге арналған мультфильмдерді идеологиялық қару десе де болады.


Қазақтың тұңғыш мультфильмін еске алсақ, «Платинді Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Әмен Қайдаровтың ойға оралатыны анық. Ол Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын үздік бітірісімен, қазақы мультфильм шығаруға кіріскен екен. Алғашқы мультипликациялық туындысын шығармас бұрын, Әмен Әбжанұлы қазақ аңыз-ертегілері мен қисса-дастандарын оқып, қазақ ауыз әдебиетіне үлкен зерттеу жүргізген. «Қарлығаш ұясын бұзуға болмайды!» деген тыйым сөзді естіп өскен ол, алғашқы туындысына халық ертегісін арқау еткен еді. Сол кезде алғашқы мультфильмді жасауға бес адамнан тұратын шығармашылық топ кірісіпті. Басында кейіпкерлердің бейнелері салынып, мультфильм музыкасы белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевке тапсырылған. Қазақтың тұңғыш мультфильмі ұлттық музыкалық аспап домбыра әуенімен әрленгені мәлім. Ұзақтығы 10 минутқа жететін мультфильмді жасауға бір жарым жыл уақыт кеткен. Бұл туындыны 1967 жылы Мәскеу қаласынан арнайы топ келіп тексеріп, оң бағасын берген. Содан кейін қазақтың тұңғыш мультфильмінің тұсауы кесілген. Соңғы жылдары отандық анимация саласы қарқынды дами бастады. Бұл орайда тұңғыш балалар арнасы «Балапанның» алар орны ерекше. Кабельдік желі арқылы таралатын бұл арнаның аудиториясы 3-10 жастағы бүлдіршіндер. «Балапанның» бағдарламалары кішкене көрермендерді еріксіз тартады. Алайда қазіргі бүлдіршіндердің дені қазақ мультфильмін емес, қазақшаға тәржімаланған шетелдің мульттоптамаларын тамашалайтыны жасырын емес. Осы орайда бөтен елдің кейіпкерлерін үлгі тұтып жүрген балақайларға өз қаһармандарымызды қаншалықты насихаттап жүрміз, олар қазақ мультфильмдеріндегі «Ер Төстіктей» немесе «Алпамыс батырдай» тұлға болғысы келе ме, жалпы қазақ мультфильмдеріне қандай кейіпкерлер жетіспейді, қазақшаланған шетелдік мультфильмдер көңіліңізден шыға ма деген сауал төңірегінде оқырмандардың пікірін топтастырған едік. Бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Светлана МОЛДАҒАЛИҚЫЗЫ,

қала тұрғыны:

– Біз «Союзмультфильм» түсірген туындыларды көріп өстік. Кеңестік мультфильмдер баланы мейірімділікке, үлкенді сыйлауға, тазалыққа, достыққа, адалдыққа, оқу-білімге, бір сөзбен айтқанда жақсылыққа баулитын. Жалпы, әр елдің мультфильмдерін тамашаласаңыз, батырларының бейнесін жасауда өзіндік әдістерін қолданады. Яғни баланы балабақшаға апарғаннан бастап, телеарнадан күнделікті не көріп жүргенін бақылап, оқып жүрген оқулықтарынан өзі еліктейтін кейіпкерлердің образдарын қалыптастырады. Көршілес Ресейдің заманауи техникамен түсірген «Илья Муромец», «Три богатыря», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» секілді мультфильмдерінде батырлардың образдары керемет көрсетілген. Балаларға тартымды, әрі тарихтан хабар береді. Осы секілді туындылар бізде де жарық көруде. Жақында теледидардан «Батырлар сериясын» көріп, қуанып қалдым. Жауынгер халқымыздың небір мықты батырларын насихаттаған екен. Алайда жалпылама емес нақты бір батырға тоқталса, оның ержүректілігі жайлы сериялық мультфильмдер жасақталса, баланың жадында жақсы сақталар еді деп ойлаймын. Қазақша «Алдар көсе», «Қобыланды батыр», «Ер Төстік» секілді мультфильмдердің де мазмұны өте жақсы. Алайда безендірілуі, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетінің үйлесімділігі, тартымдылығы төмен секілді. Өйткені шетелдің мультфильмін көргенде тапжылмай отыратын немерем, бұл мультфильмдерді көргенде, соңына дейін аяқтамай тұрып кетеді. Тағы бір мәселе – біздің туындыларда жануарлардың аттары кездеспейді. Жәй ғана “Қошқар мен теке”, немесе “Аю мен қоян” деп қоя салады. Бұл кішкентай балақайларға қызықсыздау болуы мүмкін. Салыстырмалы түрде шетелдің мультфильмдерін алсаңыз, барлық кейіпкердің Маша, Самсам, Пороро, Кокомонг секілді өз есімдері бар. Сондай-ақ мультфильм кейіпкерлері негізінде әр түрлі ойыншықтар сатылымға шығып жатыр. Бірақ қазақ мульттоптамаларына байланысты ойыншық түрлері жасалмағаны көңілге кірбің ұялатады. Аниматорларымыз осыны да ескерсе екен деймін.

 

Жанболат ИМАНҒАЛИЕВ,

қала тұрғыны:

– Шетелдік өнімдердің сюжеті жарқын, кейіпкерлері тартымды, сценарийлері қызықты болғанымен, кейбіреулерінің бала тәрбиесі үшін кері әсері де бар. Мұхит асып келген мультфильмдер қазақ балаларын патриоттыққа, ұлтжандылыққа шақыруға қауқарсыз деп ойлаймын. Кей мультфильмдердің басты кейіпкері ашушаң, қатыгез, қиратқыш, зұлым болып, оның бұл қылығы өзгелер тарапынан жазаланбай, кейін ол кейіпкер атақты болып, байып кетіп жатады. Мұндай бағыттағы анимациялық фильмдерді қараған бала өмірде солай болу керек деп қабылдап, балабақша мен мектепте тентектік құрып, өзінен кіші балаларға әлімжеттік жасауы мүмкін. Қызым Аяна «Балапан» арнасындағы мультфильмдерді, әсіресе, «Көліктерді», «Батыл жүректі», «Моананы», «Күлбикені», «Монстрлар университетін», «Алисаны», «Джунгли кітабы» мен «Малефисентаны», ал ұлым Бекарыс «Walt Disney Pictures» пен «Pixar» студияларының бірлесе шығарған “Көліктер 2” анимациялық фильмінің қазақ тіліне тәржімаланған нұсқасын жиі көреді. Жұмыстан келген соң, мен де ұлыммен бірге бұл мульт топтаманы тамашалап отырып, мақалдатып сөйлейтін Найзағай Мак Куин мен Метр секілді маши-на кейіпкерлерді көріп, бір марқайып қаламын.

 

Мархабат АЙТМҰХАНБЕТОВА,

қала тұрғыны:

– Қазір мультфильмдерді кинотеатрға бармай-ақ, интернет арқылы үйден тамашалауға болады. Жуырда ұлым Аятпен «Семейка Крудс» мультфильмінің орысша нұсқасын көрдік. Бұл мультфильмді «Шрек», «Мадагаскар», «Кунг-фу панда» секілді қызықты мульт топтамаларын түсірген «Dream Works Animation» киностудиясы шығарған екен. Мультфильм үңгірді мекендейтін ежелгі адамдар туралы басталды. Мультфильмнің желісі әкесі мен бойжеткен қызының арасындағы қарым-қатынас арқылы өрбиді. «Жаңалықтың бәрі қауіпті, сондықтан жаңалық ашуға тырыспа» деген ұранмен өмір сүретін Гругтің отбасы үңгірден шықпайды. Алайда құрлықтардың бөліну салдарынан үңгірлері бұзылып, жаңа үй іздеуге аттанады. Әр мультфильмде бір сүйкімді персонаждың болатыны секілді, бұл фильмнің қызықты кейіпкері жаңалыққа құмар Малойдың досы, белдігі және кеңесшісі маймыл тектес жануар Кушак екен. Мультфильмде кейіпкерлердің тамақ тауып жеуі, үңгір іздеуі, шайырлы (смола) жерден аман қалуы секілді эпизодтары өте тартымды шыққан. Мұхит асып келген шетел мультфильмдерінің қазақша нұсқасын көріп жүрмін. Аудармалары көңілімнен шығады. Болашақта бір-бір мультфильм кейіпкерлеріне сұранып тұрған халық ауыз әдебиетінің, ертегілердің және батырлар жырларының әлі қамтылмаған тұлғаларын мульт-топтама етіп жарыққа шығарса және еліміздің әдемі жерлерін, таутасын, нуын, суын ертегіге енгізсе, ұлттық тәрбиенің бала бойына сіңуіне зор ықпалы тиер еді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

 

P. S. Қазақ халқы өзінің бет-бейнесі мен бітім-болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін, ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздігін ұрпағы арқылы қорғап келді. Ал қазіргі уақытта жұмысбасты ата-ананың перзенттері бос уақытын теледидарға телміріп өткізетіні мәлім. Сондықтан ата-ана бейнеттің зейнетін көрер шақта ұл-қызының тәрбиесіздігіне налымас үшін бос уақытын тиімді ұйымдастырып, бір кезек телмірген көк жәшігіне де көңіл бөлгені жөн-ау!


83 жастағы ісмер әже

Күні: , 60 рет оқылды

1 қазан – Халықаралық  қарттар  күні


«Нұр Отан»  партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» атты жобасы  аясында Қазталов ауданының тұрғыны, тыл еңбеккері, батыр ана Қантай Ахметсафинаға арнайы бардым.  Мен барғанда  Қантай әжеміз шөбересі Әдемі есімді қызына қазақтың ою-өрнегін салып,  малақай мен кеудеше тігіп отыр екен.  Көзіне көзілдірік  кимей, іс тігіп отырғанына таңғалдым. Қаршадайынан  еңбекке ерте араласқан тыл еңбеккері қырқыншы жылдарды ауыр күрсініп,  еске алады.


… Ол Сарықопа елді мекенінде жетіжылдық мектепті 1947 жылы аяқтаған. Соғыс жылдары анасы Меңсұлудың қасында жүріп, өгіз арбамен шөп жинап, масақ теріп, дала жұмыстарына тым ерте араласады. Ағасы Сәлім Айтасов Қарағанды қаласында 1944-1954 жылға дейін шахтада жұмыс істейді. Қантай анамыз апасы Гүлсім екеуі ең ауыр жұмыстарды атқарған. Анасы Меңсұлу Ресейдің Саратов облысындағы Александров Гай теміржол стансасынан өгіз арбамен колхозға жанар-жағармай тасып, балаларын өсірген.

Қантай апа 1958 жылы қазіргі Сарықопа елді мекені «Болат» колхозында Капиятолла Ахметсафин ағамызбен отау құрады. 1961 жылдан 1986 жылға дейін Бостандық қой совхозында көмекші малшы қызметін атқарып,1986 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Аяулы ана, адал жар бүгінде шаңырағының түтінін түтетіп, асыл әже атанды. 12 құрсақ көтерген ана қаншама азап пен қиыншылықты бастан кешсе де, өз тағдырына шүкіршілік етеді.

– Бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан аясында өмір сүруде, бұл ең үлкен бақыт. Ал соғыс және сол кездегі қыруар қиыншылық балаларды тым ерте есейтті, – дейді жігері жасымаған кейуана.

Бес ұл, жеті қыз өсіріп, олардан 11 немере, жеті жиен, үш шөбере көрген кейіпкеріміз Қантай әже Ұлы Жеңістің 60, 70 жылдық мерейтойлық медальдармен, КСРО Жоғарғы Кеңес президиумының «Батыр ана және ҚР Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» медалімен марапатталған. Қантай ананың ұл-қыздары еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Қара шаңырақтың иесі Еділ-су шаруашылығының қызметкері, ал келіні Гүлім – Бостандық орта мектебінің мұғалімі. Шөберелеріне қазақтың қолөнерін үйретіп, ісмерлікке баулып жүрген көненің көзі 83 жастағы Қантай анамыздың деніне саулық тілейміз!

Алтын АҚБАЕВА,

Бостандық ауылдық округінің «Нұр Отан» БПҰ-ның төрайымы, Қазталов ауданы


Форум тың жобаларға жол ашты

Күні: , 47 рет оқылды


ІV  халықаралық  инвестициялық  «WestKazInvest – 2017»  форумы  бейсенбі  күні «Мұнай- газ секторы – өнеркәсіпті  дамытудың  драйвері»,  «Агроөнеркәсіптік  кешен:  Даму.  Өңдеу.  Экспорттау»  тақырыбындағы  панельдік  сессияларға  жалғасты.


Агроөнеркәсіпті өрлетуге арналған дөңгелек үстелге Ресей елінің Орынбор, Самара, Саратов облыстарының және батысқазақстандық ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ірі шаруа қожалығының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

Аталған панельдік сессияда БҚО облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев, Орынбор облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Валерий Новоженин, «Букет» компания тобының вице-президенті Кирилл Семенов, «Мелиорация» жобасының жетекшісі Дмитрий Тарновский, «ДАЛСЕМ» компаниясының өкілі Марк Броерен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ төрағасы Нармұқан Сарыбаев, «Евразия Холдинг» ЖШС директоры Серғазы Исембаев, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, тың тәжірибелерін  ортаға  салды.

– Орынбор облысы – Ресей Федерациясы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін мол өндіретін өңірлердің бірі. Облыс аумағындағы 10,8 миллион гектар жер көлемі ауыл шаруашылығы саласына пайдаланылуда. Оның 6 миллион гектардан астамы егістік жер. Өткен жылы да, ағымдағы жылы да бидайдан мол өнім алдық. Сонымен қатар біздің өңірде жылына 750 мың литр сүт, 148 мың тонна ет, бір миллиард данадан астам жұмыртқа өндіріледі. Мемлекетіміз бізге қолда бар малдың басын жоғалтпай, өз төлі есебінен көбейтуді жүктеп отыр. Тек сүтті бағыттағы ірі қара малын өсіріп қана қоймай, етті ірі қараны өсіруді де қолға алудамыз. Осыдан екі жыл бұрын италияндық кәсіпорынның инвестициясы арқылы мал сою комбинатын ашқан болатынбыз. Заманауи құрылғымен жабдықталған комбинатта аптасына 1200-1300 бас ірі қара малы сойылады. Малды соятын және бөлшектейтін мамандар Италияда арнайы оқытылады. Дайындалған мал етіне деген сұраныс жоғары. Мәскеу, Санкт-Петербург секілді еліміздің ірі қалалары бізде өндірілген етке аса жоғары қызығушылық танытып отыр. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға бағытталған 2013-2020 жылдар аралығына есептелген мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында несиелер беру, шетелдік инвесторлар тарту жолдары да қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізуден бөлек, халықаралық дәрежедегі бәсекелестікке сай келетіндей етіп, сұранысқа ие болатындай дәрежеде өңдеу де бүгінде біздің басты мақсатымыз. Қазақстанға, соның ішінде Батыс Қазақстанға да біздің өнімдер жеткізілуде. Атап айтсақ, сіздің өңір тарапынан аймақта өндірілген сүт, шұжық өнімдері, қара бидай ұны, күнбағыс майы, сыр, балмұздақ, жұмыртқа, тауық етіне деген сұраныс мол.  Бүгінде Батыс Қазақстан облысымен екі арадағы қатынас жақсы дамып, ішкі тауар айналымы жыл өткен сайын артып келеді. Ұйымдастырылған форум осы игі істің әрі қарай дамуына зор үлес қосып, тың келісімдер мен жобаларға жол ашады деп есептеймін, – деді Орынбор облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Валерий Новоженин.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында «ДАЛСЕМ» компаниясының өкілі Марк Броерен ҚР Инвестициялар комитетімен «Уральск Гринхаус Комплекс» инвесторы арасында екі жақты келісімге келіп, форум аясында қол қойылған құны 3,6 миллиард тұратын, жылына 1,5 тонна қызанақ өндіруге қауқарлы жылыжай кешенінің құрылысы туралы жан-жақты түсінік берді.

Ал «Желаев нан өнімдері комбинаты» ЖШС директоры Эдуард Федорченко Ресейден инвестор тарту арқылы комбинатты жаңғыртып, қосымша макарон өндіру кәсіпорны ашылатындығын айтты. Ағымдағы жылдың қараша айында іске қосылады деп жоспарланған кәсіпорын 80 адамды жұмыспен қамтитын болады. Сөйтіп, өңіріміздегі бұл мекемеде жұмыс жасайтындардың саны 600 адамға жетпек. Бұл да болса өткізілген форумның оң нәтижесі болмақ.

*   *   *

«Мұнай-газ секторы – өнеркәсіпті дамытудың драйвері» тақырыбындағы панельдік сессия қаламыздағы оқушылар сарайында өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов арнайы қатысты.

– Облыс өнеркәсібінің 90 пайызын мұнай-газ секторы құрайды. Біз алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар құру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға көбірек мән беруіміз керек. Ол үшін не істеуіміз керек, мұнай-газ секторындағы өңдеу өнеркәсібін дамытуда жергілікті компаниялардың үлесін арттыру үшін қандай шаралар жасалуы тиіс? Бүгінгі сессияда қаралатын басты сұрақтар осындай болып отыр. Яғни бізден өндірілген өнім жай ғана экспортқа жіберілмей, оны өңдейтін зауыттар жұмыс жасап тұруы тиіс. Бұл өз кезегінде жаңа технология және кадр мәселесін алға шығарады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы орайда ірі компаниялардың жергілікті кәсіпорындарымызбен бірлесе жұмыс жасауына айрықша мән бермекпіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов шара кезінде журналистерге берген сұхбатында.

Шараны ұйымдастырушы, облыстық инвестиция, туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиевтің айтуынша, жиынға жер қойнауын пайдаланушы ТШО («Тенгизшевройл»), «ҚПО б. в.» және «ССЕР» компанияларының өкілдері мен олардың қазіргі және болашақтағы бас мердігерлері шақырылған. Ондағы мақсат – аталған ірі жер қойнауын пайдаланушылармен тікелей мемлекеттік сатып алуларға қатысуға мүмкіндігі болмай жүрген жергілікті кәсіпорындарға жағдай туғызу. Яғни облыстағы кәсіпорындар белгілі компаниялардың бас мердігерлерімен әріптестік орнатып, қосалқы мердігер немесе бірлескен кәсіпорын ретінде жұмыс жасауға мүмкіндік алмақ. Басқосуда әрбір жер қойнауын пайдаланушы өздерінің қызметтері, мемлекеттік сатып алуға қатысу ережелері туралы, ал бас мердігерлер қазіргі атқарып жатқан жұмыстары, сондай-ақ болашақ жоспарлары жайында әңгімеледі. Осы уақытқа дейін ірі бас мердігерлермен бірлесе жұмыс жасауға қол жеткізген кәсіпорындар болса, өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Алға екі түрлі мақсат қойылған. Біріншісі – кадр мәселесі. Бүгінгі таңда халықаралық стандарттарға сай келетін мамандарды даярлау қажеттілігі туындауда. Екіншісі – жергілікті кәсіпорындар жаңалыққа, заманға сай жаңғыруға дайын болуы шарт.

– Жиынға ССС халықаралық компаниясының өкілі ретінде қатысып отырмын. Бас кеңсеміз Грецияда орналасқан. Сондай-ақ Дубайда және Ливанда ірі кеңселеріміз бар. Әлемдегі құрылыспен айналысатын компаниялардың ішінен сегізінші орын аламыз. Негізінен, мұнай-газ жобаларының құрылысымен, яғни мұнай өңдейтін зауыттар салумен айналысамыз. Атырау және Ақсай қалаларында компаниямыздың филиалдары орналасқан. Қазіргі уақытта Теңізде ТШО компаниясымен әріптес ретіндегі жұмыстарымызды бастадық. Сондай-ақ «ҚПО б. в.» компаниясымен екі тендер бойынша әріптестік орнатуға дайындалудамыз. Бүгінгі таңда айналысып жатқан ірі жобамыздың бірі – Астана қаласындағы Абу Даби плаза құрылысы. Шараға аймақтағы көптеген кәсіпорындардың жұмысымен танысып, болашақта әріптестік байланыс орнатсақ деген ниетпен келдік. Біз 1999 жылдан бастап Ақсай қаласында ірі жобалармен айналысып, оны 2005 жылы аяқтаған едік. Кейін мұндай жобалардың болмауына байланысты басқа аймақтарға ауыстық. Бүгінгі жиын  осы аймаққа қайта оралып, бұрынғыдай ірі жобаларды бастаймыз деген үмітімізді еселеп отыр. Көптеген жергілікті компаниялар бой көтерген екен. Бұл өз кезегінде бәсекелестік арқылы жұмыс сапасын арттырып, жаңа технологиялармен жұмыс жасауға мүмкіндік бермек, – дейді ССС компаниясының Қазақстан аумағы бойынша директорының орынбасары Амин  Муштаха.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Тілге қызмет ететін әліпбиді қабылдауымыз керек»

Күні: , 33 рет оқылды


Латын  әліпбиіне  байланысты  мәселеде  қазір  тіл  тағдыры  мен  қаржылық жағдай  таразыға  тартылып  тұрғандай әсер  қалдырады.  Қазіргі  кезде  әліпби жасаушылардың  бірі  тілді  компьютерге бағындыру керек десе,  екіншілері  компьютерді  тілге  негіздеген дұрыс  деген  пікірді  ұстанып  отыр.  Әрқайсысының  өз уәжі  бар. Қайсысы  жөн?


Бейсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде Астанадан келген ғалымдардың қатысуымен өткен семинар барысында бұл мәселе кеңінен талқыланды. «Тілдік даму және тілдік қолданыс: іс жүргізу, аударма, терминология және латын графикасына көшу мәселелері» атты жиынды облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Еуразия» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Семинарды ашқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырдың айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейін қоғамда рухани сілкініс болды. Соның бірі ұлттық кодқа қатысты. Ал ұлттық код  дегеніміз – қазақтың тарихы, мәдениеті, тілі. Тіл бәрімізді ұлт ретінде бір ортаға біріктіріп отыр. Ұлтымыздың жаны да – тіл. Оның тағдырына тек өгей балалар бейжай қарайды.

Шара барысында латын әліпбиіне көшудің қазіргі проблемалары турасындағы негізгі баяндаманы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы жасады.

– Латын әліпбиіне көшу жайы Елбасының бастамасымен қолға алынып отырғандықтан, оған дайындық мемлекеттік деңгейде, стратегиялық мақсатқа құрылып жүргізіліп жатқаны белгілі. Ал ұзақ жыл бойы қолданылып, тұтастай бірнеше буын өкілдері сауат ашқан, білім алған, танымдық дүниесін орнықтырған жазудан бас тартуымыздың өзіндік себептері бар. Арғы тарихымызды айтпағанда, кеңес үкіметінің тұсында да бірнеше рет жазу ауыстырдық. Осы ауыстырулардың астарында саяси, тарихи, экономикалық және өзге де себептер бар еді. Ең бастысы, Кеңес үкіметінің қол астындағы ұлттың барлығын ортақ жазу жүйесіне көшіру арқылы біртұтас кеңістік құрылу керек болатын. Ол мақсат жүзеге асырылды. Демек, қай жазуды тұтынсақ, сол кеңістікке тікелей  ықпалдасатын  боламыз.

Латын  әліпбиі  үстіміздегі  ғасырда әлем елдерінің ортақ құралына айналып отыр. Дүниежүзілік ақпараттық кеңістікте бұл жазу ерекше орын алатыны сондай, тіпті ғасырлар бойы өзінің төл иероглифтерімен жұмыс істеп келген мемлекеттер де сыртқы қатынастарда латынға жүгінеді. Қазіргі Қазақстан жағдайына осы тұрғыдан келгенде, бұл таңдаудың стратегиялық маңызы айқындала түседі. Этномәдени табиғаты жағынан да, экономикалық тиімділігі бойынша да біздің қажеттілігімізге орайласатын тұстары аз болғандықтан, ұлттық бірегейліктің алдағы мүддесі мен нарықтық жүйенің талаптарына бейімделу үшін кирилл қарпінен кетуге мәжбүр болып отырғанымыз  анық.

Елбасы тапсырмасына сәйкес біршама талқылаудан өтіп, жалпы нобайы айқындалған латын әліпбиінің жобалары дайындалып, алғашқы нұсқасы Парламентке ұсынылып, қолдау тапқан болатын. Алайда оның қайшы тұстарына баса мән беріп, теріс пікірлер көптеп айтылып жатыр. Бұл мәселе тілді компьютерге бағындырудың салдарынан туындауда. Ал лингвистикалық зерттеулер компьютердің тілге бағынғаны дұрыс екенін көрсетіп отыр. Біз бір дыбысқа бір таңба және кірме  дыбыстарсыз таза әліпби принциптерін басшылыққа ала отырып, компьютерді тілге икемдеуіміз керек, – деді Бекжан Әбдуәлиұлы.

Өз кезегінде сөз алған БҚО мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы директорының міндетін атқарушы Болат Жексенғалиев ұлттық әліпби, қазақ жазуын латынға көшіру туралы Елбасы бастамасына барлық батысқазақстандық тіл жанашырлары толық қолдау білдіретінін мәлімдеді. «Ұлт үшін деген ұлы іске» жұмыла кірісуге, өз үлестерін қосуға ақжайықтың азаматтары әрдайым дайын. «ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге байланысты қағидаттары бұл бағыттағы біздің басты ұстанымымыз болатыны сөзсіз, – деді Болат Жексенғалиұлы. – Ақаң бастаған ұлт зиялылары өткен ғасырдың басында ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан шешім қабылдауға қол жеткізсе, бүгінгі қазақ қоғамы да осы жолда осы үлгіні басшылыққа алады деп сенеміз. Басты міндет – ғылыми негізделген, тіл заңдылығына сүйенген, ең бастысы, тілге қызмет ететін, тіл болашағын сенімді ететін жаңа әліпби нұсқасын  қабылдау».

Семинар барысында сондай-ақ осы мәселе және терминология, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мембағдарламасы» турасында жергілікті ғалымдар, мұғалімдер, мемқызметшілер баяндама жасады. Ал Елордадан келген тағы бір мәртебелі мейман ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова ілеспе аударманың мән-маңызы жөнінде кеңінен  әңгімеледі.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Әділет қызметкерлеріне қошемет

Күні: , 18 рет оқылды


Кеше  Оралдағы  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  үйінде  әділет  құрылымдары  қызметкерлерінің кәсіби  мерекесі  күніне  арналған  салтанатты жиын  өтті.


— Елімізде халықаралық талаптарға сай келетін заңдылық базасы қалыптасты. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуы, ұлтаралық келісімнің нығаюы, азаматтардың мемлекеттік жүйеге деген сенімінің нығаюы заңгердің білім-білігіне, кәсіби шеберлігіне, талапшылдығына да байланысты. Барлығымызға бостандық, әділдік, демократияның жоғары идеалдарын насихаттай отырып, азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосудың міндет-миссиясы жүктелген. Сіздердің кәсібилігіңіз, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз, кіршіксіз қызметтеріңіз  алдағы уақытта да мемлекеттегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтудың кепілі болады, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов. Бұдан соң ол сала қызметкерлері мен ардагерлерін, қонақтарды облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан мерекемен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Мерекелік шараға орай Қазталов аудандық  әділет басқармасының басшысы Эльмира Қайсағалиева баяндама жасады. Оның  айтуынша, еліміздің Тәуелсіздік алуына орай әділет органдарына жаңа кезең басталды. Әділет органдары өзінің сан қырлы қызметінің арқасында егеменді мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыруда өз үлесін қосып келеді. Әділет органының  негізгі қызметі мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету, мұны органдағылар жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырып келеді.

Бұдан кейін БҚО әділет департаментінің басшысы міндетін атқарушы Хамидолла Құсдәулетов, сала ардагері Әсия Мұхитова және бірқатар мекеме-ұйым басшылары сала қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Х. Құсдәулетовтың айтуынша, екі жылдан кейін посткеңестік аумақта әділет органдарының қалыптасқанына 100 жыл толады. Әділет органдарында қолға алынған реформаларға сәйкес жылжымайтын мүлікті, заңды тұлғаларды тіркеу саласында электронды қызметтерге қол жеткізілді. Бұл істер «Елбасының саясатына сәйкес «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының тиісті тармақтарын жүзеге асыруға бағытталған шаралар болып табылады. 2012 жылдан бері жеке сот орындаушылар институты ашылып, табысты еңбек етуде.

Әділет органдарымен көрсетілетін қызметтерге сәйкес заңдарға  үлкен өзгерістер енгізілуде. Мысалға, азаматтардың жылжымайтын мүлікке құқығын тіркеу 10-15 күн уақыт алса, қазір оны бірнеше сағат ішінде электронды түрде тіркей алады. Заңды тұлғаларды тіркеу саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Еліміздің аумағында жұмыс істейтін заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Мұнда да үкіметтік веб-портал арқылы тіркеліп, бес сағаттың ішінде тіркеу куәлігін алып, жұмыс істей алады», – деді Х. Құсдәулетов.

Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Елтай Рашқалиевтың мәлімдеуінше,  қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігінің қарауында көптеген заң жобалары талқылануда. Солардың кейбірі жүзеге асырылса, бұл саладағы көрсетілетін кейбір қызметтер, соның ішінде  жылжымайтын мүлікті тіркеу «Азаматтарға арналған үкіметке» беру жөнінде  өзгерістер болады. «Нұр Отан» партиясының филиалдарымен бірлесіп, тоқсан сайын «Әділет кеңес береді» акциясы шараларын өткіземіз. Онда заңды және жеке тұлғаларды толғандыратын сұрақтар бойынша қабылдау өткіземіз. Білікті мамандар тегін кеңес береді, заңдарды түсіндіреміз, құзыретіміздегі мәселелерді сол жерде шешеміз, — деді ол.

Жиында ҚР Әділет министрлігінің бұйрығына орай «Әділет органдарының үздігі» төсбелгісімен  Қазталов  ауданының №1  сот актілерін орындау бойынша аумақтық бөлімі филиалының  бөлім басшысы, аға сот орындаушысы Роман Иманғалиев, министрліктің грамотасымен  Ақжайық ауданының әділет басқармасының бас маманы Бағдагүл Еркінғалиева және өзге де сала үздіктері министрліктің, аталмыш департамент басшысының алғысхаттарымен марапатталды.

Салтанатты шара соңы концерттік  бағдарламаға  ұласты.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Ұмытылмас үш күн (өлкетанушының қойын дәптерінен)

Күні: , 26 рет оқылды

(Жалғасы. Басы  газеттің 28 қыркүйек  күнгі №116  санында)

Осы орайда ауылдық, аудандық деңгейде өлке тарихын зерттеу ісі Алашорданың земство мекемелерінде еңбек еткен төменгі және орта буын қызметкерлеріне, Алаш полктерін құраған кіші командирлер мен сарбаздар тағдырына да назар тіктеуі тиіс. Әрине, бүгінде ел ішінде әңгіме білетін кісілер аз қалды. Зерттеуді тек Алашпен шектер болсақ, ештеңе ала алмауымыз кәдік. Сондықтан құлашты кеңірек салып, баяғы шежіре қарияларды көре қалған қарттарды сөйлетіп, дәуірге қатысты жанама деректердің қолға іліккенін қалдырмай жинай беру жөн. Қазіргі интеллектуалдық тарих ғылымына салсаңыз, әр адам – өзінше тарих. Өлілермен қатар тірілер, ұлылармен қатар қатардағылар да зерттелуі керек. Толыққанды тарих солардың өмір жолдары жайлы дерек-мәліметтерден құралады. Осы тезис бойынша Батыс елдері әрқандай кісінің әңгімелерін жазып алып, өңдеп, мәліметтер базасына салуда. Бізге де, жалпы адамзат келе жатқан осы бас жарма жолға түсу керек. Ал мұның өзі жергілікті жерлердегі энтузиаст-өлкетанушылардан бастап, мектептердегі жас өлкетанушылар үйірмелеріне дейінгі бастауыш ұялардан басталып, оларды біріктіретін аудандық өлкетанушылар ұйымына, ол аудандық ұйымдардың басын қосатын облыстық өлкетанушылар қоғамына ұласса, кәне. Оның аржағында, Батыс Қазақстан аймағына кіретін төрт облыстың өлкетану қоғамдарының басын қосқан аймақтық өлкетанушылар қауымдастығы тұруы тиіс. Өлке тарихы біртұтас, онда бұрын мөр басылған шекара болмаған, сондықтан тарих бірлесе зерттелуі керек.

Ақжайықтағы конференция аяқталды. Бірақ, Алаш жайлы әңгімені бір жолғы мәслихатпен бітіре алмайсың. Ақжайықтықтар тек тойдың басын бастап берді.

Тойдың үлкені – келесі, 2018 жылы. Себебі, биыл орталық Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына жүз жыл толып отырса, алдағы жылдың мамыр айында Ойыл уәлаятының, ал қыркүйек айында Алаш автономиясының Батыс бөлімінің құрылғанына 100 жыл толмақ. Егер осы атаулы уақиғалар орнымен, жолымен атап өтілер болса, әдеттегі ас ішіп, аяқ төңкеру мәжілістерінің санатында кетпейтіндігіне сенім мол. Орал тарихшылары мен өлкетанушыларының қазіргі аяқ алысы, жарылмаған қауындай тояты осындай үміттілік береді.

Осы  жұрт  Мәулекешті біле  ме  екен?!

Әдетте, зерттеуші дейтін халықтың өз ішкі есебі де болады. Ақжайықтағы конференцияның хабары шыққан сәтте басыма «одан әрі Теректіге барып қайтсам» деген бір дубль-ой зу етіп келе қалғанын жасырып қайтем?! Ол жақта Мәулекеш Қайболдиннің туған жері Еңбек дейтін ауыл бар. Мәулекеш – қазақ тарихындағы тағдыры трагедиялы тұлғаның бірі. 1914 жылы бұрынғы Чапаев ауданында (ол кезде Ілбішін уезі) дүниеге келген ол, соғыстың алдыңғы жылдары талантымен талайды жалт қаратқан сан қырлы қаламгер: әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әдебиетке Исамен, Қасыммен, Абдолламен, Қалижандармен бірге екпіндетіп келгендердің қатарынан. Он бесінде Мәскеу университетінің орыс тілі мен әдебиеті бөлімшесіне түсіп, оны үздік бітіргесін ҚазМУ-де осы пәндерден дәріс оқиды, аудармамен шұғылданады, мерзімді баспасөзде әңгіме-повестері, өлеңдері, пьесалары неше қабат жарық көреді. 1941 жылы әскерге шақырылып, Өзбекстанда жасақталған 44-ші кавалериялық дивизия құрамында, кейіннен тарихқа «диверсант Әлихан Ағаев» деген атпен енген атыраулық Әмірхан Тілеумағамбетовтың пулёмет взводында минометші болып қызмет етеді. Сол жылғы тамыз айында «Шағбан» деген атпен белгілі Иранды басып алу операциясына қатысады. Күзде Мәскеу қорғанысына әкелініп, Рокоссовскийдің 16-шы армиясының құрамында, Панфилов дивизиясымен қанаттаса соғысқан қанқасап кезінде Әмірхан екеуі немістің қолына түседі. Екеуін екі жаққа әкетеді, Мәулекеш Польшадағы белгілі Веньяминово әскери тұтқындар лагерінде Мұстафа Шоқай жасаған тізімге ілігіп, бөкейордалық белгілі қайраткер Қарес Қанатбаймен бірге қамаудан босатылады да, Қареспен бірге Түркістан бірлігі ұлттық комитетіне қызметке шақырылады. Мәулекеш – осы комитеттің баспасөз органдары «Милли Түркістан» және «Милли адабиат» журналдарын шығару ісінің басында тұрғандардың бірі. Берлинде өткізген жылдары ол, сонымен қатар тіл үйренудегі үздік қабілетімен танылып, сегіз айлық аудармашылар курсын тәмамдайды. Соғыс жүріп жатқан 1944 жылдың өзінде немістер оның бойындағы дара талантты да байқап, әуелі Хайдельберг университетінде неміс философиясын оқытады, соңыра Майндағы Франкфурт университетінің ағылшын тілі факультетін бітіреді (екеуі де Германияның бетке ұстар білім ордасы) орыс, неміс, ағылшын, түрік тілдерін еркін білген полиглот және сол тілдерде публицистикалық, көркем шығармалар жазған қаламгер. Соғыстан кейін «ди-пи» – жеңілген елдегі әскери тұтқындар шоғырланған Мюнхен қаласында тұрған. Қарес Қанатбайдың ұсынуымен 1950-ші жылдардың басында американдар құрған «Америка дауысы» радиостансасының түркі тілдері редакцияларын басқарады. 1969 жылы Мюнхеннен шеткері теміржол бекетінің жанында белгісіз біреулер басынан ұрып өлтіріп кетеді (бұл қайғылы қазаның жай-жапсарын неміс полициясы анықтай алмай, жылы жауып қоя салған, сірә, соңғы жылдары Мәулекештің салынып, ішіп кеткенін  ілік  етсе  керек).

Енді, міне, сондай тұлғаның кіндік қаны тамған атамекенін көріп, сәтін салса дерек жинаудың орайы келіп тұр. Бір жақсысы, ақжайықтықтар осыны ескеріп, жолға көлік әзірлеп қойған екен, онымен қоймай жаныма жөн білетін жолсерік қосып берді – және жолсерік болғанда қандай: белгілі ақын, үш өлең кітабының авторы Мәлік Берді-Әлі (қайсыбір әкімқаралар қонағын ауданнан өкше көтерісімен ұмытып кетіп жатады ғой, ал ақжайықтықтардың үлгі боларлық бір ғадеті – бұлар не нәрсе болсын ақырына дейін ат шабысады екен).

Жайықтың сол жақ бетіне «Дунай» дейтін айқай аты бар пароммен өттік. Көпір мәселесі талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ел үшін Жайықтан өту баяғысындай бір сын екен, мына өткен жеріміз, сірә, бұрынырақта «Шаппа өткел» делінген бір тұс болса керек. Биыл су әдеттегіге қарағанда молырақ келіп, армансыз көтерілген шық-шылам екі-үш шақырымдық айнала төңіректі толтырғандықтан, осы шама тоғайлықтармен көмкеріліп қалған екен. Біз мінген Chevrolet Niva әлгі аралықты жедел өтіп, Қызылжар дейтін ауылдың өкпе тұсындағы айдау қара жолға шығарды. Биыл қай жерде де ала жаздай жаңбыр бір тамбай қойды ғой, соған қарамастан, өзеннің жайылмасын, жасыл желекті сай-саласын санамағанда одан бергі самиян сардала, кең алқап саркүйіктің өзінде қуаң жазға онша бас алдыра қоймапты (жер астымен ұласып жатқан жарықтық Жайықтың суының арқасы ғой бәрі де) – дала шіркін қыр баласының жүрегін қытықтайтын жусанның, бидайықтың, боз бен бетегенің исімен бусанып, алыстан айдын тартып жатыр. Дүниенің әтірі мен жұпары теңесе алмайтын бір керім ауа. Жағалай мал малданып, жан жанданып көңірсіп отырған ауылдар. Қызылжар, Құтсиық, Шағатай, Қоғалытүбек, Табынбай, Үлкен Еңбек, Еңбек, Сүттігенді: жеті жұрт жетіп төнсе де, келімсек қанша келсе де ата-баба күлін төккен көң мен қыстау іргесін, байырғы атын жоғалтпастан міз бақпай тұр.

Кейбіреуі, мысалы, Қызылжар, Қоғалытүбек дейтін топонимдер бірдеме-бірдемесімен алыс тарихты, айталық, белгілі «Қыз Жібек» жырын да еске салғандай: XVII ғасырдың аяқ шенінде бұл өңірді бойлай, сонау Елек пен Ордың басынан Атыраудың құярлығына дейінгі жерді Ноғайлы ұлысынан ұшып түскен жаңқа – Алты шекті елі жайлаған. Лиро-эпоста айтылатын бұзыла көшкен Сырлыбай елінің он екі көші қазақтың бұрынырақтағы барша сән-салтанатын паш етіп, дәл осы жағалаумен жүрген ғой. Сол күймелі салқар көштің бірі Кеңтүбектен шығып жатты дейді жыр (Қоғалытүбегің сол түбек болып жүрмесін). Ал Бекежандар қостап жылқы баққан Ордың бойындағы Бауыздау деген жерде, Қособаның көлінде (қазіргі Ақтөбе мен Орынбор аралығы) Төлегеннің қапия қазаланғаны жайлы жаманат хабар Қыз Жібекке бес қыз нөкерімен дәл осы Қызылжардың маңайында гүл теріп жүргенінде жеткен. Әттең, дүние-ай десеңші, жыл санауға дейінгі он екінші-он бесінші ғасырларда, яғни осыдан үш мың жылдай бұрын өтті делінетін Гомер «Иллиадасы» уақиғасының шын болғанына иланған жалғыз адам – Шлиман сияқты бізден де біреу шығып, Базарбайдың сонау Магнитогордағы Хан жайлауынан, Ақ Жайықтың өре басынан мына жерге дейін атпен сыдыртып өтсе, сөйтіп тарихи география арқылы «Қыз Жібек» жыры уақиғасының дәл қалай болғанын қолмен қойғандай етіп қалпына келтіріп берсе ғой дейсің. Бәлкім сонда ішіне сыр бүгіп, тоңторыс жатқан мына ауылдардың Қарағаш, Талдысай, Кеңтүбек, Жыңғылдысай, Саркөл… деп келетін әуелгі эпик аттарына сәуле түсер ме еді, қайтер еді?!

Иә, дүние тіршілігінде рас деп нанбайтындай, жалған деп таласпайтындай нәрселер де бар екен. Соған осы жолы көзіміз анық жеткендей сексен шақырым жолды артқа тастап, ат басын тіреген жеріміз Еңбек ауылы болды (қазіргі ресми аты – Ақжайық), Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылдық округінің орталығы. Обалы не керек, алдын ала хабарланған округ әкімі Болат Қадыралиев ауыл кітапханасына әңгіме біледі-ау деген кісілерді жинап, күтіп отыр екен. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, зейнеттегі мұғалім Тілектес Ашықов, еңбек ардагерлері Мақсот Қойбақов пен Темірәлі Тәуменов, жергілікті ақын Сатқанғали Ахметжанов, аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Мұхамбет Жұбандықов, ауылдық кітапхананың меңгерушісі Уәсилия Қатежанова, тарих пәнінің мұғалималары Алмагүл Өткелбаева мен Гүлмира Жұбатовамен арадағы әңгіме бір сағатқа барды, бірақ еш нәтиже бермеді: Мәулекеш Қайболдин дегенді бұл жақта ешкім білмейді – естімеген, оқымаған (біз келер қарсаңда аудан бойынша айнала  іздеу салған аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Нұрғалиев те осыны айтып еді). Тіпті бұл көлемде Қайболдин фамилиялы еш адам болмай шықты. 1980-ші жылдары аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы болып Қайболдинов деген кісі қызмет жасаған, кейінгі жылдары ол Орал қаласының түбіндегі «Селекционный» деген жерге көшіп кеткен. Болды. Бітті.

Қағаз-қаламымды жиып қойып, терең ойға түстім. Апыр-ау, бұл қалай болғаны?! Осылай қарай келуге ниет қойған шағымда елден ертерек кеткен, әрі атын атауға тыйым салынған адам жайында анық-қанық дерек ұшырастырам деп тамақ ісірмесем де, ауылдың шежірелі ақсақалы дейтін болушы еді, не ел ішіндегі көзі қарақты біреулер шындық орнын табар күнге белгі етіп қалдырған қандай да бір естелік-жазба шығып қалар, солардан тым құрыса аяғы жерге тимей тұрған шөпшек мәлімет болса да алып қалам ба, одан қалды қазақта кісінің орын-аймағы, ағайын-аумағы деген болушы еді, солардан біреулері қара жұртта қалған шығар, ең болмаса қабырға ағайындары болмауы мүмкін емес қой, сұрастырып, қай туған екенін анықтармын, нәр алып, қоректенген топырағымен танысармын деген есек дәмемен аттанғанымды несіне жасырайын?!

Сол үміттерімнің бірде-біреуі ақталмай отыр. Бұл дүниеде Мәулекеш Қайболдин деген адам болмаған, мына өзіміз отырған Еңбек дейтін ауылда тумаған сияқты. Бейне тұңғиыққа батқан қара тастай. Жым-жылас. Амалым таусылғанда тапқан айлам, осы ауылда 1910 жылы дүниеге келген, 1960-шы жылдары республикалық жоспарлау комитетін басқарған Құрман Дияровтың жайын сұраппын ғой. Ақсақалдар оны да білмей шықты. Тек Үлкен Еңбек ауылында туып өскен белгілі продюсер Лұқпан Есеновті біліңкірейді. Айран-асыр болдым. Жауға өтіп кеткен адамды білмеуі қисынға сияды – зәлім саясат ондайлардың жаман атын шығарып, барынша қаралап, ақыры халық жадынан өшіріп тастағаны белгілі, ал кеңестік кезеңде республиканы басқарғандардың бірінің ат-есімінің ел есінде сақталмауы қалай?! «Шырағым, бұл ауыл «Еңбек» астық совхозы болып бертін, 1961 жылы құрылған, сенің іздеп жүргенің Үлкен Еңбек ауылы шығар, ол мына Еңбектен бұрын құрылған елді мекен», – деді ардагерлердің бірі менің шын дағдарғанымды байқап…

Мақсат  ТӘЖ-МҰРАТ

(Жалғасы бар)


Жастардың жұмыссыздығы аналарды алаңдатады

Күні: , 22 рет оқылды


Сейсенбіде  облыстық  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  аналар кеңесінің  кезекті  отырысы  өтті. Кеңес  отырысында  өзекті бес  мәселе  қаралды.


Облыста 13 жастар орталығы жұмыс істейді. Орталықтар жастарға түрлі мәселелер бойынша кеңестік қызметтер жүргізеді. Жыл басынан бері 1800 жасқа кеңес берілген. Оның ішінде 891-і жұмыссыздық, 155-і заңгерлік, 106-сы психологиялық, 250-і теологиялық, 338-і өзге де бағытта кеңес алған. Осындай жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 242 жас жұмыспен қамтылған. Жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытында нақты жұмыстар бар.  Кеңес отырысында жастар ресурстық орталығының жастарды жұмысқа орналастыруға ықпал етуі туралы мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошевтің жалпы ақпараттық мазмұндағы хабарламасы кеңес мүшелерінің көңіліне қонбады. Сондықтан кеңес мүшелері нақты қанша жас адамның жұмыспен қамтылғанын сұрап білді.

– Биыл орталықтарға  үш мыңнан астам жас келіп, олардың 136-сы жұмысқа тұрды. Бұдан тыс 200 адам құрылыс, 85 адам «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс істеді. Бізге келген жастарға жалпы бағыт-бағдар беріп, ақпараттандырып, жұмыспен қамту орталықтарына жолдаймыз.  Одан әрі қарай оларға «Жастар практикасы» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көрсетіледі. Бірінші жәрмеңке арқылы  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 100 шақты, соңғы мәлімет бойынша 150-ден астам адам ауылға жолдама алды, – деді А. Сакошев. Басшының айтуынша, өңірде 145 мың жас болса, соның 4,1 пайызы, яғни 5 мыңнан астам адам жұмыссыз.

Басқосуда жастарды жұмыспен қамтудың маңыздылығы айтылып, бойжеткендердің, оқу орындарын бітірген қыз балалардың жұмыспен қамтылуына қатысты сараптама дайындау тапсырылды.

Соңғы кездері мектепте оқитын оқушы қыздардың хиджабпен сабаққа келу үрдісінің жиі кездесетіні де аналар кеңесінің мүшелерін алаңдатады. Күн тәртібіне шығарылған бұл мәселе бойынша облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Роза Зайнуллина баяндады. Оның айтуынша,  еліміздегі «Білім туралы» заңның 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті. Оның бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау. Бүған қосымша 2011 жылы  аталмыш заңға толықтырулар енгізіліп, 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта мектеп ұйымдары үшін  міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді, бекітеді» деген ереже қосылды. Яғни оқушылар мектептерде белгіленген мектеп формасын сақтауға міндетті деген сөз. «Оралда 96 оқушы қыз бала мектеп киімін сақтамай отыр. Олар хиджаб емес, ақ түсті орамалды мойындарына орап киеді. Түсінік жұмыстары жүргізілгеннен кейін нәтижелер көріне бастады. Зеленов ауданында екі оқушы қыз орамалдарын шешті. Кеше №37 мектепте түсіндіру шаралары жүргізілді. Онда тоғыз отбасынан 13 қыз бала орамалмен сабаққа келіп жүр. Зерттеу орталығының мамандарымен мектептің ішкі тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірудеміз», – деді Р. Зайнуллина.  Оның айтуынша, қаладағы №37, 12, 19 мектептерде орамал тартатын қыздар баршылық.

Облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов орамал тартқан баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, қандай дінді ұстанатынына, соқыр сенімнің жетегінде кетпеуіне мән-маңыз беру керектігіне назар аудартты. «Педагогикалық колледжде 2000-ға жуық студент оқиды. Бірде-бір қыз бала орамал тартпайды. Ал біреуі орамалмен келсе, оны үлкен проблема деп қараймыз. Жұмысты түбінен, тәрбиеден бастауымыз керек. Оның ата-анасы қандай, жұмыс істей ме,  неліктен ол ағымға ілесіп кетті, әке-шешенің әлсіздігінен бе, әлде басқа себептерден бе? Сондықтан мектеп, оқу орындары, басқармалар болып бірігіп, жұмыс істеуіміз керек. Өйткені, бұл мәселелер қоғамды алаңдатып отыр», – деді аталмыш аналар кеңесінің төрайымы  Шалқыма  Құрманалина.

Жиында жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте түрлі басқармаларды, кәсіпкерлік палатасын, даму институттарын және өзгелерінің жұмыстарын бір арнаға тоғыстыратын жұмыс органын, комиссия құру жөнінде ұсыныс мақұлданды. Сонымен қатар өңірде қанат қаққан «Тұрақтылық  кепілі – қауіпсіздік»  жобасы бойынша аудан-ауылдарға шығып, ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізетін топтарға аталмыш аналар кеңесінің мүшелерін қосу жөнінде  ұсыныс  айтылды.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Қазына қаржысы пысықталды

Күні: , 23 рет оқылды


Сәрсенбі  күні  облыстық  мәслихаттың  кезектен  тыс  XIII  сессиясы  өтті.  Депутат  Қатауолла  Ашығалиев  төрағалық еткен  жиынға  облыс әкімінің  орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева арнайы  қатысты.


Сессияның күн тәртібінде «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, облыстағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы, облыс әкімінің Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын беру жөніндегі ұсыныстары туралы мәселелер қаралды.

– Облыстық бюджетті 4,7 млрд. теңге сомасында нақтылау ұсынылады. Соның ішінде жеке табыс пен басқа да түсімдер есебінен 1,5 млрд. теңге және бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен босатылатын қаражаттар есебінен 3,2 млрд. теңге. Қаражаттарды келесі шығындарға бағыттау жоспарланып отыр. Әлеуметтік блок шығындарына және әлеуметтік сала нысандарын дамытуға 762,3 млн. теңге, 45 млн. теңге білім гранттарына, Ақжайық ауданындағы аграрлық-техникалық колледжді күрделі жөндеуден өткізуге 26 млн. теңге, Бөкей ордасы ауданы және Орал қаласындағы қос білім нысанының құрылысын жалғастыруға 153 млн. теңге, Орал қаласындағы 10 балалар ойын алаңы және кешенінің құрылысына 353 млн. теңге, Зеленов ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын аяқтауға 94 млн. теңге. Сондай-ақ Орал қаласында алты білім нысаны құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын даярлауға 9 млн. теңге, Қазталов ауданы орталығынан музыкалық мектеп құрылысын бастауға 10 млн. теңге, ауыл шаруашылығы шығындарына және қоршаған ортаны қорғауға 200 млн. теңге, облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға 758 млн. теңге, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында бюджеттік несиелерді беруге қосымша 558 млн. теңге, коммуналдық шаруашылықты дамытуға 743,2 млн. теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 437,7 млн. теңге бағытталды, – деді күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев.

Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын беру жөніндегі ұсыныстар туралы баяндама жасаған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Ақласов аталмыш атаққа төрт үміткер ұсынылғанын мәлімдеді. Олар – ҰОС ардагері, II дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Еңбек қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен қатар «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарының иегері Мұхтар Әжіғұлов, алашқа танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева, белгілі қазақ альпинисі, ҚР альпинистер құрамының капитаны, «Құрмет» орденінің иегері Мақсот Жұмаев және Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарып, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған  Нұрлан  Ноғаев.

Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша шешім қабылдау дауысқа салынып, депутаттар  бірауыздан  мақұлдады.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Еңбегіне қарай құрметі

Күні: , 20 рет оқылды


Мемлекет  басшысы  Н. Ә. Назарбаевтың  Жарлығымен  елімізде  қыркүйек  айының  соңғы  жексенбісінде  «Еңбек  күні»  аталып өтіледі.  Мерекенің  басты  мақсаты  – еңбек  адамының  мәртебесін  арттыру, жастар  арасында  жұмысшы  кәсіптерін  насихаттау  мен  еңбек  әулеттерінің жылдар бойғы дәстүрлерін нығайту  болып  табылады. Бейсенбі күні  Орал  қаласында «Еңбек  күні»  мерекесіне  арналған  жұмысшылар  мен  еңбек  династияларының  облыстық  форумы өтті. Шара  барысында  «Жалпыға  ортақ  еңбек  қоғамы»  республикалық  форумы аясындағы  «Еңбек  жолы»  байқауының  облыстық  кезеңінің  жеңімпаздары  марапатталды.


Салтанатты шара шымылдығы қажырлы еңбегімен өңірдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік әлеуетінің артуына зор үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары туралы бейнефильммен ашылды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жиынға қатысушыларды облыс әкімі А. Көлгіновтің атынан «Еңбек күні»  мерекесімен  құттықтады:

– Ата-бабаларымыз «Еңбек түбі – береке» деп бекер айтпаған. Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары – адам капиталын дамыту, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру болып табылады. Еліміздегі толымды жетістіктердің бірі – жұмыссыздарды жұмыспен қамту, біліктілігін арттырып, жаңа мамандыққа оқыту және өз істерін ашуға және кеңейтуге қолдау көрсету. Халықты жұмыспен қамту аясында көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда, қала мен ауылда кәсіпкерліктің өрісі кеңеюде. Облыс көлемінде «Еңбек күнін» насихаттау және еңбек адамының мәртебесін асқақтату бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда, – дей келе, «Ең үздік еңбек әулеті» аталымының жүлдегерлерін марапаттады.

Атап айтсақ, Қаратөбе ауданынан Рамазановтар отбасы, Тасқала ауданынан Құрманиязовтар отбасы, Ақжайық ауданынан Боранбаевтар отбасы және Орал қаласынан Шаховтар мен Моновицких отбасылары «Еңбек жолы» байқауының лауреаттары атанса, 120 жыл жалпы еңбек өтілі бар оралдық Закировтар отбасы облыстағы ең үздік еңбек әулеті деп танылды. Алғашында ата-анасының салған сара жолын әулеттің бала-келіні мен қызы жалғастырса, бүгінде немерелері де ұрпақтар сабақтастығына адалдық танытып жүр. Байқау жеңімпаздарына Бибігүл Қонысбаева облыс әкімінің арнайы дипломы мен бағалы сыйлығын табыс етті.

– Еңбек жолын 16 жасында бастаған отағасының еңбек өтілі қырық жылдан астам, мен жиырма жылдан бері осы мекемеде қызметтемін. Ұл-қызым, келінім, немерем – бәріміз де еңбек жолымызды «Водоканал» кәсіпорнында бастадық, ешқайда кеткен жоқпыз, өмір бойы бір мекемеде жұмыс жасап келеміз. Жұмыс орнымыз туған үйіміздей болып кетті. Ұзақ жылғы еңбегіміз бағаланып, зор құрметке бөленіп жатырмыз. Қуаныштымыз.  Облыс жұртшылығын әулетіміздің атынан «Еңбек күні» мерекесімен құттықтаймын, – дейді Наталья Закирова  (суретте).

«Еңбек – ер атандырады» дейді халық даналығы. Осы орайда байқау барысында таңның атысы, күннің батысы қызметте жүріп, ерте тұрып, кеш жататын еңбекқор жандар ұлықталды. «Жұмыс жасайтын жастардың ең үздік тәлімгері» аталымы бойынша Ақжайық ауданынан Гүлнәр Иманғалиева, Бөкей ордасы ауданынан Ғайса Махимов, Жәнібек ауданынан Гүлжан Есмұхамбетова, Қазталовтан Бейбіт Мұқанов, Қаратөбе ауданынан Толқын Ащықова, Орал қаласынан Самиғолла Аймұқашев пен Николай Кондопуло марапатталды. Ал байқау жеңімпазы Тілек Харинге арнайы диплом мен бағалы сыйлықты облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, еңбек ардагері Мырзағали Мұхамбетов табыс етті.

Байқау жеңімпаздарын анықтау онлайн дауыс беру арқылы жүргізілген болатын. Үміткерлердің арасында ең көп дауыс жинаған Әйгерім Молдағалиева да сыйсияпатсыз қалмады. Ал «Өндірістің үздік жас маманы» аталымының басты жүлдесі Ақжайық ауданына қарасты Коловертный ауылының жас тұрғыны Сергей Соболевқа бұйырды.

– Төрт жылға жуық газэлектрдәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Кәсібім өзіме ұнайды. Үздік жас маман атану – үлкен абырой ғана емес, зор жауапкершілік те жүктейді. Сондықтан білмегенімді үйреніп, кәсіби шыңдала түсуге, еселі еңбек етуге талпынамын, – дейді Сергей.

Шара барысында облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ербол Салықов кәсіподақ жүйесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін, бір топ азаматты ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құрмет  белгісімен  марапаттады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау облыс тұрғындары арасында үлкен қызығушылық туғызған. Енді облыстық кезеңнің барлық жеңімпаздары республикалық «Еңбек жолы» байқауында  бақтарын  сынайды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика