Мұрағат: 31.08.2017


38 231 адамға 59,9 миллион

Күні: , 20 рет оқылды

2017 жылғы 31 қаңтарда Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы тапсырма берген болатын.


Қазақстан Республикасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды» енгізу қажеттілігі алғаш рет «Институттық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» жоспары мен Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында анықталған еді.

Елімізде 2015 жылдың 16 қарашасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданып, 2016 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мұнда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды» енгізу мерзімін ауыстыру қарастырылған.

Аталған құжатқа сәйкес Медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мерзімі 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.

Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалардың Қорға төлейтін жарналары 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды.

Жалдамалы жұмысшылардың жарна төлеу мерзімі бұрынғыдай 2019 жылдан басталады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық көмек алу және медициналық мекемені таңдау құқығына ие болады. Азаматтардың бірқатар санаттары үшін МӘМС жүйесіне жарналар мен төлемдер жасау 2017 жылдың 1 шілдесінен басталады. Келесі жылдың басынан бастап МӘМС тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) бойынша қаржылық оператор және МӘМС аясындағы медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы қызметін атқара бастайды.

Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйыммен бірлесіп, міндетті сақтандыру қорының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық-нормативтік базаны, негізгі бизнес-үдерістерді, ақпараттық жүйелерін әзірлеу мен оларды бекіту бойынша жұмыстар атқаруда.

Айта кетерлігі, Қордың медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы ретінде ұзақ мерзімді келісімдер арқылы бірыңғай тарифтік саясат бойынша жұмыс істеуі медициналық көмек пен дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша, МӘМС медициналық қызметтің халықтың барлық санаттары үшін тиісті көлемде қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс.

Осыған орай, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстегі ТМККК аясындағы қызметтерді сатып алу мен ТМККК аясындағы дәрілік қамтамасыз етуді сатып алу құзырын облыстық, республикалық маңызы бар қалалық және астаналық денсаулық сақтау басқармаларынан алып тастау қарастырылған.

Бұл облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың бюджеттерінен ТМККК-ға қатысты шығындарды алып тастап, қаржыны республикалық деңгейде шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қаржыларды республикалық, облыстық бюджеттерге бөлшектемей, вертикалды бақылау орнату арқылы тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.

МӘМС енгізу мақсатында Министрлік құзырлы органдардың қатысуымен ақпараттандыру саласында «Медициналық қызметтерді пайдаланушылар регистрі», «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» ақпараттық жүйелерін әзірлеп, тестілеуден өткізді. Бұл жүйелерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар мен төлемдер, азаматтардың мәртебесі (сақтандырылған/сақтандырылмаған) туралы ақпараттар сақталады.

Аталған жұмыстар аясында Министрліктің ақпараттық жүйесін басқа мемлекеттік органдардың (Әділет министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, ҚР Жоғарғы Соты) ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарлануда. Медициналық қызметтерді сатып алуға қатысты бизнес-үдерістерді автоматтандыру үшін («Медициналық қызмет көрсетушіні таңдау» және «Шарттасу») «Ресурстарды басқару жүйесі» ақпараттық жүйесінің «Мердігерлер регистрі» модулін іске қосу бойынша жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. «Электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың 8 ақпараттық жүйесімен интеграциялау жоспарланып отыр.

МӘМС-ті енгізу бүкіл денсаулық сақтау жүйесін реформалаумен бірге кешенді түрде жүргізіледі.

Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мәселелер (жұқпалы емес аурулардың өсуі, жаңа технологиялар енгізілуіне байланысты саладағы ресурс тапшылығының өсуі, егде жастағы тұрғындар санының өсуі) бұл салаға кететін шығындардың көбеюіне әкелуде.

Халықаралық тәжірибе міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуі аталмыш мәселелерді шешуге ықпал етіп, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететінін көрсетіп отыр.

Міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуімен қатар, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы өсіп, бұл медициналық қызметтің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

МӘМС-ті енгізудің мақсаты – медициналық көмек көрсетудің мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген тұрақты міндеттемелер жүйесін қамтамасыз ету. Осылайша, бұл жүйеде әрбір тараптың денсаулық сақтау жүйесіндегі орны нақты белгіленген.

Қазіргі бюджеттік үлгімен салыстырғанда, МӘМС-тің келесі артықшылықтары бар: денсаулық сақтау үшін ортақ жауапкершілік (мемлекет, жұмыс беруші, адам), әлеуметтік бағдар, МӘМС-тің міндетті сипат, теңдей қолжетімділік (табысы мен жарна көлеміне қарамай, барлығы МӘМС аясында тиісті медициналық көмек ала алады), медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестік, медициналық қызмет сапасының артуы, стратегиялық сатып алулар, денсаулық сақтау жүйесі үшін қосымша қаржыландыру, бейресми төлемдердің азаюы.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалардың жарналары, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылуда. Батыс Қазақстан облысы бойынша 38 231 адамға 59,9 млн. теңге аударылды.

Бүгінгі таңда МӘМС барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін ақпараттық-түсіндіру, МӘСҚ-тың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақпараттық деректер базасын жинақтау, оның интеграциясын дайындау және нормативтік-заңнамалық актілер дайындау жұмыстары жалғастырылып жүргізіліп жатырғанын айта кеткен жөн. Соның ішінде 3-ші ке-зең мерзімінде Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын (АТЖ) өткізу мәселелері бойынша үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 15 тамыз аралығында 2 348 кездесу өткізіліп, 367 643 адам қамтылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының 3-ші кезеңі 2017 жылдан бастап жүргізіліп келетіні бәрімізге мәлім. Барлық атқарылып келген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында халқымыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде хабардар болды. Алайда осы жұмыс ары қарай жалғасын табуы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғастырылады.

Өз тілшіміз


Жастар коалициясы құрылды

Күні: , 25 рет оқылды

Облыстағы жастар ұйымдарының түрлі бастамаларына қолдау танытатын «Елім менің» жастар коалициясы құрылды. Бұл туралы сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошев мәлім етті.


Қазіргі таңда облыста 89 жастар ұйымы тіркелген, соның ішінде тек 35-і ғана белсенді жұмыс атқаруда. Аян Сақошевтің айтуынша, биыл әлеуметтік тапсырыс аясында 57 жоба жүзеге асуда, оның 28-і жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен қолға алынса, 29 жобаға Орал қаласы мен аудан әкімдіктері қолдау білдірген. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Бизнес бастау» бағдарламаларының нәтижесі мол. Сөзімізге дәлел, жыл басынан бері жұмыспен қамту органдары арқылы бес мыңға жуық жас жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 847 жас маусымдық жұмысқа қабылданса, 128 сарбаз құрылыс жасақтарында еңбек еткен. Орал қаласы мен аудандардағы ресурстық орталықтарда жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, баспанамен қамтамасыз ету, шығармашыл жастарды қолдау және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша 1 800 жасқа құқықтық кеңес берілген.

Босағасы берік ел болу үшін жастарды жан-жақты қолдау, ынталандыру аса маңызды. Осы тұста облысымызда жаңадан құрылған «Елім менің» коалициясы ауыл-аймақтағы жастардың жаңашыл ойлары мен тың идеяларын бір арнаға тоғыстыруды, қордаланған мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруды, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

Жастардың бұл бастамасына өңіріміздегі «Болашақ» корпоративтік қоры әлден-ақ зор қызығушылық танытып отыр. Қор директоры Салтанат Тұманбаеваның мәлімдеуінше, Орал қаласында биыл «Ақжайық fest» және «Болашақ мансаптық өсім» атты қос бірдей әлеуметтік жобаны жүзеге асырған болашақтықтар облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып, жастарға арнап түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырмақшы. Дәрістер оқу үшін Алматы мен Астана қалаларынан тәжірибелі лекторлар мен тренерлер арнайы шақырылмақшы.

Брифингте сөз алған облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрғали Жолдасқалиев «Елім менің» коалициясының алғашқы жиынында жақында өткен «Жастар – Отанға!» жазғы саяси лагерінде және «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» аймақтық жастар форумында жинақталған ұсыныс-пікірлердің ойталқыға түсетінін жеткізді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Шаһар мерекесінің сән-салтанаты

Күні: , 27 рет оқылды

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Орал — 2017» атауымен қала күні мерекесіне арналған брифинг өтті.


Шараға қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев қатысты. Қала күнін Қазақстанның батыс қақпасының тұрғындары мен қонақтары 10 қыркүйекке дейін мазмұнды мәдени шаралармен тойламақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мирболат Санғалиұлы шаһар күніне жоспарланған басты іс-шараларға тоқталғанда мәлімдеді. Шаһар күніне орай әр сенбі сайын Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Туған жер» бағдарламасы аясында аудандық өнер ұжымдарының көркемөнер фестивалі өтуде. Қала күні қарсаңында «Үздік ПИК», «Таза аумақ», «Үздік үй», «Таза подъезд» аталымдары бойынша «Жасыл қала» байқауының қорытындысы жарияланбақ. Сондай-ақ «Жайық» қалашығында «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі, Ю. Гагарин атындағы кинотеатрда отандық фильмдер көрсетілімі апталығы, «РОР Simphony» концерті, Орал қаласы әкімінің кубогіне арналған КТК, «Домбыра РARTY» фестивалі мен ҚР эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан және Сон Паскальдың қатысуымен мерекелік кеш, Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманның өнер көрсетуімен ретро-фестиваль және өзге де мәдени іс-шаралар өтеді. Ал шаһардағы тұрғын-үй нысандары, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымдар, жөнделген жолдар 7-8 қыркүйекте ашылады. Қаладағы сауда орталықтарында сегізінші қыркүйек күні «Жеңілдіктер күні» науқаны жарияланатын болады.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Балға іріктеу басталмақ

Күні: , 24 рет оқылды

2  қазан  күні  Орал  қаласындағы  Салтанат сарайында  ІІІ  қайырымдылық  Гранд  балы өтеді.  Жоба  авторы  Алпамыс Шаримовтың  айтуынша,  биылғы  Гранд  бал  жылдағыдан  өзгеше болмақ.  Яғни  қатысушы  жұптар бірнеше  күн  бойы  еліміздің  танымал  эстрада  жұлдыздарымен  бірге  қайырымдылық  шараларын  ұйымдастырмақ.


Гранд балға іріктеу 3 қыркүйекте облыстық қазақ драма театрында өтеді. Кастингке 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жас қатыса алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, гранд балға қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл санап артып келеді. Биыл тіпті Ресей мен Қытай елінен қатысушылар келеді деп күтілуде.

Іріктеуден өткен 50 жұпты бір ай бойына жобаның бас балетмейстері, тәжірибелі хореограф Қарлығаш Қадырбекова мен қазақстандық танымал балет әртісі,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досжан Табылды би өнеріне баулиды. Оған қоса қатысушыларға танымал стилист және визажист Сәнді Бексырға жұлдызды мейк-ап жасайды және қайырымдылық шарасы аясында  шеберлік  сағатын  өткізеді.

Биыл Гранд бал аясында тұңғыш рет «Жүректен жүрекке» атты әлеуметтік жоба қолға алынбақшы. Іріктеуден өткен 50 жұп шалғай ауылдарда тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға отандық өнер жұлдыздарының арнайы сый-сияпаттарын табыстайды.

30 қыркүйек – 1 қазан күндері «Әр күнге махаббатпен» атты мотивациялық шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда елімізге танымал тұлғалар өздерінің жетістікке жету сырларымен бөліседі.

2 қазан күні кешкі сағат 21.00-де ІІІ Гранд бал жұлдыздар шеруімен басталады. Қызыл кілем арқылы жүріп өтетін жұлдызды қонақтар қатарында «Түрквижн – 2014» байқауының жеңімпазы Жанар Дұғалова, танымал әнші Кәмшат Жолдыбаева, «Бастау» тобы, композитор, музыкант Ринат Гайсин, мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен, «Менің екінші кітабымның» авторы, «Әйел бақыты» бағдарламасының жүргізушісі Ләйла Сұлтанқызы, Орал қаласының І Вице-аруы Вероника Залата болады.

Әдемі кештің тізгіні талантты жас актер Асылхан Төлепов пен «Спарта» және «Казахи» КТК командасының белді ойыншысы, жерлесіміз Гүлнар Селбаеваға және оралдық шоумен Сергей Жужаға табысталады. Қызыл кілемнің жүргізушісі әнші Гүлнұр Оразымбетова болмақ.

– Шара қонақтары тек кешкісін келіп, өнер көрсетіп қана қоймайды.  Олар қарттар мен балалар үйлерінде, көру, есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған балалар интернаттарында, сондай-ақ жеке отбасыларға да барып, түрлі қайырымдылық шараларына қатысады.

Жобаның кезекті тосынсыйы – шынайы сезімдері мен өмірге деген құштарлығының арқасында ауыр дертті жеңген, ғаламтор арқылы кеңінен танылған  ғашық жұп Марлен мен Әнел Атыраудан  арнайы  қонаққа  келеді.

Ал жобаның басты тосынсыйы – Қытайда өткен «I аm а Singer» байқауы арқылы әлемге танылған, қазақтың абыройын асқақтатқан Димаш Құдайберген мен «Евровидение – 2011» байқауының Гран-При иегері Эльдар Гасымовтың Орал қаласына келуі болмақ.

ІІІ қайырымдылық Гранд балына дайындық барысы туралы ақпаратты инстаграмм желісіндегі grand_bal_uralsk парақшасынан  білуге  болады.

Динара  ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал  өңірі»


Ертең – «Алғашқы қоңырау»!

Күні: , 33 рет оқылды

1 қыркүйек – Білім күні биылғы жылы исі мұсылман қауымының мерекесі Құрбан айтпен тұспа-тұс келді. Осыған орай, жаңа оқу жылы мектептерде 2 қыркүйек күні басталады.


1917-18 жаңа оқу жылында өңіріміздегі 381 орта білім беретін мектеп 94 мыңнан астам оқушыны асыға күтуде. Жаңа оқу жылында 11 802 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпта білім алмақ.

Биыл жергілікті бюджеттен мектеп оқулықтарын сатып алу үшін 2334,9 млн. теңге бөлінді. Облыс бойынша жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты 2, 5, 7 сынып-тардың барлық оқулықтары, мектепалды даярлық, арнаулы мектеп оқулықтарына, ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы оқулықтар және қорды толықтыру бағытында, барлығы 1 244 000-нан астам дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс берілді.

Өңіріміздегі 12 білім беру нысанына жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 1241,0 млн. теңгені құрайтын күрделі жөндеу жүргізілді. Биылғы жылы білім ошақтарының қатары 3 200-ге жуық баланы қамтитын жаңа 9 мектеппен толыспақ. Қазіргі уақытта Ұлттық қор есебінен Зашаған кенті, Сарытау шағын ауданындағы 900 орындық, Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындықтан екі мектеп, Орал қаласындағы апатты жағдайдағы №4 мектептің ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Зеленов ауданы, Дариян ауылында 100 орындық интернатымен салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысына республикалық бюджеттен, Қазталов ауданы, Қазталов ауылындағы мектеп жанындағы 100 орындық интернат пен Бөрлі ауданы, Кеңтүбек ауылындағы 50 орындық балабақшаға қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Шетелдік инвестиция есебінен Бөрлі ауданы, Аралтал ауылында 300 орындық, Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылында 198 орындық мектептің құрылыстары жүргізілуде.

Барлық білім мекемелеріне күзгі, қысқы жылыту маусымына қажетті қатты отынға тапсырыс беріліп, келісім-шарт жасалған. Мектептерді интернет желісіне қосу және жаңа сандық құрылғыларды орнату бойынша да оң жұмыстар атқарылуда. Облыстық білім басқармасы мамандарының берген мәліметі бойынша, өткен жылы 109 жалпы білім беретін мектеп жергілікті бюджеттен және 49 білім ошағы республикалық бюджет есебінен «Bilim Media» инновациялық компаниясының білім беру ресурстарына қосылған. Аталған ресурстың игілігін тек қала мектептері ғана емес, интернетке қатынау мүмкіндігі бар ауыл мектептері де көруде. Құрамына экран, проектор және компьютер, цифрлық білім беру ресурстары кіретін интерактивті құрал-жабдықтармен облыстың 269 мектебі жабдықталған. Бүгінгі күні осы бағыттағы жұмыс кең жолақты интернет желісімен бірге қарастырылуда.

2016-2017 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық 1 сыныптарында білім берудің жаңа бағдарламасы енгізілгені белгілі. Осыған орай, жаңа оқу жылында 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім бағдарламасымен оқитын болады.

Өз тілшіміз


Редакциядағы күндерді еске алып…

Күні: , 12 рет оқылды

Сейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қос басылымда әр жылдары қызмет жасаған журналистер бас қосты.


Ең алдымен олар «Жайық Пресс» медиахолдингінің әр қабатындағы фотокөрмені және бесінші қабатта орналасқан баспасөз тарихын зерттеу орталығының музейін тамашалады. Газет тарихын қамтыған 60-қа жуық суреттің сырына үңілген экс әріптестер музейдегі көне газет нөмірлері, қолжазбалар, қос басылымда еңбек еткен қызметкерлердің ұстаған бұйымдары мен өзге де жәдігерлердің тарихы туралы мәліметтерге қанықты. Әп-сәттен-ақ арқа-жарқа көңілмен басталып, еркін форматта өткен шарада әдемі естеліктерге кезек берілді. Ақ дастархан басында бас қосып, өздері қызмет жасаған сол кезеңдерді еске алған журналистердің қатарында Тихон Әліпқалиев, Фазылғали Мұштанов, Сергей Аблаев, Қоблан Қуанов, Федор Попов, Тамара Шабаренина, Ярослав Кулик, Қадырхан Наукиевтер бар.

Олардың бәрі де ғасыр толы тарихы бар іргелі басылымда қызмет жасаған кездерін сағынышпен еске алады. Әр кез облыстық қос газетте болып жатқан жылт еткен жақсы жаңалыққа қуанып, төл газеттеріне қарайлап жүретіндіктерін айтып жатты. Ардагер журналист Тихон Әліпқали өзінің журналистикаға қалай келгені, алғашқы жазған мақалалары туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.

– Біз басқа заманда қызмет жасадық. Ол кездің талабы мен тәртібі бөлек еді. Сол кездегі басшылар сол заман үшін білікті жандар болды. Бір қызығы, менің редакторым «баршылық» деген сөзді жаратпайтын. Сол сөз кездессе, қасындағы сөйлемдерімен қосып, сызып тастайтын еді. 1965 жылдан бері мен де осы сөзді қолданбайтын болдым. Мінезім де аса керемет емес еді. Өз ойымды ашық айтып, қарсыласа кетемін. Бірақ соған қарамастан редактор мені тап бір жек көрмейтінін сезетінмін. Ол кезде мақаладағы әр сөзімізге қадалатын. Кейде бұлтақтап көнбейміз. Соның өзінде тәлтіректетіп әкеліп, қоршауға кіргізіп жіберетін. Қазір еркіндік күшті ғой. Жастар бізге қарағанда әлдеқайда жақсы жазады. «Орал өңірі» газетін күнде болмағанмен, анда-санда оқып тұрамын.

Сіздер көп мән бермей жүрген мәселе бар. Қарапайым адамдар мен өз шаруасы бар кәсіпкерлер арасында еңбек келісімшарты жасалмайды. Соның кесірінен біраз адам еңбекақысын ала алмай жүреді. Сондықтан халықтың заңгерлік сауатын ашуға көп көңіл бөлу керек. Өндірістік жарақат алған жағдайда да жұмыс беруші көмектеспейді. Сондықтан прокуратурамен бірлескен рейд жүргізіп, қара халықтың заңгерлік сауатын ашуға бағытталған мақалалардың көбірек болғаны дұрыс, – деп ұсыныс айтқан ардагер журналист қос басылым қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі.

Шара алдында қонақтарға «Ғасырды бағындырған басылым» атты деректі фильм көрсетілді. Мәре-сәре болған журналистер өткен шақты еске алып, қызықты сәттері туралы әдемі әңгімелер айтты. Сол кездегі редакциядағы көзге түсер жалғыз жиһаз болса керек, «қызыл диван» туралы естеліктер бәрімізді күлкіге бөледі. Машбюрода қызмет атқарған қос Гүлнар мен Жұмақыз апайлар ақын Амангелді Шахиннің әзіл өлеңіне арқау болыпты.

Машбюроның қадірін,

Түсінеміз, ұғамыз.

Бір бақшада екі гүл,

Таңырқасып тұрамыз.

Ортасында диванда,

Отырады Жұмақыз – деп қыздарды өлеңіне арқау еткен журналист ағалар қабырға газетін шығарып, әртүрлі әзіл өлеңдер жазып іліп қояды екен. Осы естелікті әдемілеп жеткізген Фазылғали Мұштанов пен Қоблан Қуанов шығармашылық ұжымға зор жетістіктер тілеп, баспасөз тарихы туралы ізденістерге жоғары баға берді.

1982 жылы 17 жасында редакцияға курьерлік қызметке орналасып, «аға машинист» деңгейіне жеткен Гүлмира Қажиева өзінің бүгінгі жеткен жетістіктеріне арқау болған киелі орта, қасиетті қара шаңырақ – редакция деп есептейді.

– Мен 17-18 жасымда рухани құндылықты редакцияда бойыма сіңірдім. Сол кездегі газеттің редакторы Бақтыбай Далабайұлының қызметкерлерге деген қамқорлығы ерекше болатын. Алғаш келген жылдардан бастап, «Жұмысты жақсы жасайсың» деп мені Мәскеуге шипажайға жіберді.

Ағаның осы қамқорлығын ылғи айтып жүремін. Одан бөлек жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарауды Ғарифолла Көшенов ағамыздан үйрендім. Сол уақытта қызмет еткен Мақсот Әндіжанов, Ғайсағали Сейтақ, Есенжол Қыстаубаев ағаларымның жүрекке жылы тиетін жақсы қасиеттері көп болатын. Сырымбек Тұяқов замандасыммен ылғи әзілдесіп жүретінбіз. Қара шаңырақта жалынды жастық шағымыз өтті. Осы жерде аз уақыт жасасам да, көп нәрсе үйрендім. Машинкадан жазба теруге ерінбейтінмін. Брежнев қайтыс болғанда түнімен жұмыс жасағанымыз есімде. Сонда осы ағаларымыз біздің қамымызды ойлап, қамқорлық танытып жүретін. Менің еңбек кітапшамның ең басында «Орал өңірі» тұр. Бұл басылымда жұмыс жасағанымды ылғи мақтанышпен айтып жүремін, – деп өзі қызмет жасаған жылдарды сағынышпен еске алған Гүлмира Қажиева өзінің «Орал өңірі» газетінің тұрақты оқырманы екендігін айтты.

Сынаптай сырғып өткен жылдардың белесінде естелік боп қалған қызықты сәттерін еске алған қос газеттің бұрынғы қызметкерлері ғасырды бағындырған басылым беттерінде өз қолтаңбасы қалғанын мақтан етеді. Әсерлі басқосуды түйіндеген «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Жантас Сафуллин редакцияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.

– Өзімізге ең бастысы газеттерімізді ғаламторда жаңа технология негізінде дамыту, күнделікті газет жұмысын ақсатпай ұстау, өткенімізді қалпына келтіруді мақсат еткенбіз. Ең бірінші ақпарат орталығын құрып, «Жайық Пресс» сайтын жасақтадық. Бұған қоса, он екі аудандық газеттің де өз сайты жасалды. Баспасөз тарихын зерттеуге қатысты он кітап шығардық. Осы бағытта көптеген жұмыстар жасалды. Біз баспасөз тарихы бойынша жасаған жұмыстарымызды жүйелеп, бір жерге тоғыстыру мақсатында «1911.kz» сайтын аштық. Сондай-ақ кез-келген адам біздің ғимаратқа кіргеннен бастап, әр қабатты аралаған кезде газет тарихымен таныс бола алады. Алда екі жобаны іске қосқалы отырмыз. Біріншісі электронды жазылым, екіншісі телефонға жүктелген арнайы бағдарлама арқылы кез-келген адам біздің газеттерді өз смартфонынан оқуға мүмкіндік алмақ, – деп сөзін сабақтаған Жантас Набиоллаұлы кездесуге келгендердің бәріне шексіз ризашылығын білдіріп, баспасөз тарихы туралы кітаптарды қонақтарға сыйға тартты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ата Заң ұлықталды

Күні: , 29 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Жеңіс  алаңында  ҚР  Ата  Заңына  22  жыл  толу  мерекесіне  орай  облыстық  ІІД  тәртіп  сақшыларының қатысуымен  салтанатты  шара  өтті.


Жиын  облыстық  ішкі  істер  органдарының  жеке  құрамы оркестрінің  сүйемелдеуінде  әнұранмен  ашылып,  облыстық  ішкі  істер  департаменті  бастығының  бірінші  орынбасары,  полиция  полковнигі  Асылғали  Меңдіғалиннің  ішкі  істер  органдары қызметкерлерін құттықтауымен  жалғасты.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының арқасында 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Ата Заңымыз бүгінде тиімділігін танытып, көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Бұл күн – еліміздегі қоғамдық маңызды және саяси оқиғалардың бірі. Ата Заңымыздағы қағидалар халықтың әл-ауқатының артуына, саяси құрылымдардың тиімді дамуына негіз болуда.  Бүгінгі мерекеге орай баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге жемісті еңбек тілеймін, – деді  Асылғали Шеңдіғалиұлы. Облыстық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев сөз алып, жас сақшыларға сәттілік тіледі. Шарада ҚР ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың жеделхаты мен марапаттау туралы бұйрығы оқылып, қылмысқа қарсы күресу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде елеулі үлес қосқан қызметкерлерге төсбелгілер мен алғысхаттар табысталды. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ж. Сабырғалиев, Орал қалалық ІІБ штаб бөлімшесінің бастығы, полиция майоры А. Рахметова, облыстық ІІД кадр жұмысы басқармасының жеке құрам бойынша инспекциясының инспекторы, полиция капитаны Б. Досқалиев II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, 400-ден астам сала мамандары алғысхат иеленді. Кейін сапта тұрған жас тәртіп сақшылары халыққа және мемлекетке адал қызмет атқаруға  салтанатты  түрде  ант  берді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Ата Заңды ардақтаған шарада

Күні: , 19 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Салтанат  сарайында Қазақстан  Республикасы Конституциясы күніне  арналған  мерекелік  шара өтті. Ата  Заңның құрметіне  орай  ұйымдастырылған  салтанатты  шараға  өңір басшылары,  мекеме-кәсіпорын  жетекшілері,  қоғамдық  емес  ұйым мүшелері  мен  еңбек  ардагерлері  қатысты.


– 1995 жылдың 30 тамызы – Қазақстан халқының тарихи таңдау жасаған бетбұрыс күні. Бұл Конституциямыз – қазіргідей экономикалық жетістіктеріміздің негізі болған саяси жүйеміздің басты құжаты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылдың басында өзінің үндеуінде саяси реформа туралы атап өтті. Билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу туралы конституциялық өзгерістер Қазақстанның үшінші экономикалық жаңғыруына жол ашпақ. «Мемлекет – тірі организм» деген сөз бар. Яғни бір орнында тұрмай ілгері дамыған қоғамның басты құжатынан бастап, барлық заңдары уақыт өткен сайын жаңарып, толығып отыруы заңдылық. 1995 жылы қабылданған Конституциямызға ең алғаш рет 1998 жылы өзгеріс енді. Бұл біздің мемлекет ретінде қалыптасып, «Қазақстан – 2030» стратегиялық құжатын қабылдаған кезіміз болатын. Елбасының сөзімен айтсақ, екінші жаңғыруға бет алған кезең еді. Одан кейінгі өзгеріс 2007 жылы, яғни саяси партияларды шынайы күшке айналдырып, Парламент депутаттары санының артуына жағдай жасалған өзгеріс. Енді, міне, үшінші экономикалық жаңғыртудың алдында билік тармақтарының кейбір өкілеттіліктерін қайта бөлу туралы конституциялық өзгерістер біздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруымызға бастау болмақ. 22 жыл ел игілігіне қызмет еткен осы Конституция арқылы біз іргесі мығым мемлекетке айналдық. Осы жылдар ішінде Ата Заңымызда жазылғандай, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құрудың барлық негіздері жасалды. Ең бастысы, біз шекарасы шегенделген, халықаралық құжаттармен рәсімделген мемлекетке айналдық. Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында әлемде ең алғашқы мемлекет ретінде Семей полигонын жабу туралы шешім қабылданды. Бүгін бұл тарихи оқиғаға да дәл 26 жыл болған екен.  Ең бастысы, біз Конституциямыздың жетінші бабында көрсетілгендей, қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік.  Қазақ мәдениеті мен тарихы елі-міздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды. Қоғам тарапынан қолдау тапқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – осының айқын көрінісі. Қазіргі кезде облысымызда бағдарлама аясында жаңа жобалар қолға алынып, өңірлік жоба кеңсесі өз жұмысын бастап кетті. Жобаны жүзеге асыру бойынша сарапшылар кеңесі құрылып, аудандарда да жұмыс топтары жасақталуда. Сонымен қатар «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің, Алашорда үкіметінің ғасырлық 100 жылдық мерейтойлары да бағдарламамен сабақтасып, облыс көлемінде аталып өтіледі. Бұл мерейлі күндерді алаңсыз атап өтуіміздің өзі – тұрақтылық пен бірліктің арқасы.

Ал тұрақты дамуымыздың басты кепілі – Конституциямыз. Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жылданжылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар салтанатты жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Захот Мұқлисова, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Виктор Киянский, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, жас ақын Бауыржан Ширмединұлы құттықтады.

Мерекелік жиында өңір басшысы Алтай Көлгінов бір топ еңбек ардагерлері мен сала қызметкерлерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Олардың қатарында Рауза Абилаева, Владимир Асанов, Әділғазы Нұрғалиев, Кенжебай Нығы-мет, Сайлау Мұқашев, Әсия Мұхитова, Роберт Сүйербаев, Қуа-нышбай Төлебаев сынды еңбек ардагерлері бар. Сондай-ақ «БҚО әкімінің аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС директоры Рашид Жұмағазиев, Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубәкіров, «Бөкей ордасы тарихи музей кешені» МҚКМ директоры Ғайса Махимов, облыстық халық шығармашылығы орталығы мәдени демалыстарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бақытты Дәулетқалиева, ақпарат, басылым және жарнама бөлімінің меңгерушісі Айгүл Орынғалиева сынды бір топ сала қызметкерлері де аталмыш медаль иегері атанды.

Сондай-ақ салтанатты шарада бір топ сала мамандарына облыс әкімінің алғысхаты табысталып, кәмелет жасқа толған жасөспірімдер өңір басшысының қолынан  жеке  куәліктерін  алды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тұжырымдама талқыланды

Күні: , 50 рет оқылды

Жақында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен  мүгедектер істері жөніндегі облыстық кеңес өтті.


Облыстық басқарма басшылары, мүгедектер ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелері, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жетекшілері қатысқан жиында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы талқыланды.

– Баршаңызға белгілі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған бағыттарды жүзеге асыру мақсатында 2021 жылға дейін әлеуметтік қызмет жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы жасақталды. Бүгінде бұл тұжырымдама елімізде кеңінен талқылануда. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әлеуметтік қорғауды қажет ететін азаматтар үшін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту, оның экономикалық және құқықтық тетіктерін жетілдіру негізінде әлеуметтік қызмет көрсету нысандары мен түрлерінің қажетті және жеткілікті деңгейіне қол жеткізу болып табылады, – деген Марат Тоқжанов осы тақырыпты егжей-тегжейлі түсіндіру үшін облыстық жұмыспен қамтуды үй-лестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақоваға сөз кезегін берді.

Әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде түбегейлі өзгерістер 2009 жылы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңын қабылдау арқылы басталды. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудің бірінші кезеңінде (2010-2013 ж. ж.) нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, оңалту бағытында көрсетілетін жалпы қызметтен арнаулы әлеуметтік қызметке көшу жүзеге асырылды.

Екінші кезеңде (2014-2017 ж. ж.) әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін монополиясыздандыру қамтамасыз етілді. Азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын және қызметті алушылардың шығындарын бірлесіп қаржыландыру принципін таңдау құқығы берілді. Үшінші кезеңде (2018-2021 ж. ж.) әлеуметтік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы ірі интернаттарды (орталықтарды) деинституционализациялауды жүргізу жоспарланған, шағын ұйымдардың желісін кеңейтіп, кейбір қызметтерді монетизациялау және жүйені ақпараттық қолдаумен қамтамасыз ету көзделген. Осы тұжырымдама әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың үшінші кезеңіндегі негізгі басымдықтар мен тетіктерін айқындайды, – деген Ділдаш Салауатқызы жиналғандарды жаңғыртудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның сөзінше, жаңа тұжырымдамаға сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары жаңартылып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін қаржыландыру тетіктері жетілдірілмек. Осыған орай жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қызметі брендтеліп, жаңа кадрлармен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылып, нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілмек. Жаңа жағдайдағы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыру мемлекеттің, азаматтың және отбасының бірлесіп қатысуымен негізделеді. Әлеуметтік қызметтің мұндай түрі біріншіден, арнаулы әлеуметтік қызметті қажет ететін азаматтар үшін тұрғылықты жеріне қарамастан, әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген көлеміне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Екіншіден, әлеуметтік қызметтерді ұсыну нарығын дамытып, әлеуметтік қызметтер саласында жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, мемлекеттік реттеуші және қадағалаушы рөлді сақтай отырып, сол арқылы әлеуметтік қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтерге деген қажеттілікті, орын толтырушы – техникалық және міндетті гигиеналық құралдарды уақтылы алуды қамтамасыз етеді. Негізгі орындаушылар мобильді әлеуметтік қызметкерлер мен пошта қызметкерлері болады. Тағы бір айта кететін жәйт, жаңа тұжырымдама жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүргізуге, азаматтардың қамтылуына бақылау жүргізуге, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен нәтижелерін бақылауға мүмкіндік береді.

Жиын барысында бірқатар қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері сөйлеп, тұжырымдаманың терең талдауды қажет ететінін айтты. Аталмыш тұжырымдаманың күрделі әрі маңызды екенін жеткізген Марат Тоқжанов қатысушылардан бұл құжатты талқылауда белсенділік танытуды сұрады.

– Тұжырымдаманың жобасы қолдарыңызда. Осыны мұқият оқып, әлде де тереңірек танысыңыздар. Әрқайсыларыңыз жұмыс барысында кездесіп жүрген түйткілді мәселелер болса, еске түсіріп, соның шешімін табу үшін ұсыныс айтыңыздар. Тұжырымдама әлі бекітілген жоқ 1 қыркүйекке дейін тұжырымдамаға енгізу үшін әрқайсыңыз өз ұсыныстарыңызды дайындаңыз-дар, – деген Марат Тоқжанов облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, аудандар мен қала әкімдеріне әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасын ҮЕҰ-ның қатысуымен талқылауды тапсырды. Ол сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасына аталмыш тұжырымдаманы БАҚ-та кеңінен насихаттауды ұсынды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика