Мұрағат: 25.08.2017


Шаһар халқы 300 мыңнан асты

Күні: , 30 рет оқылды

Бейсенбіде қалалық әкімдіктің үлкен залында Орал қалалық мәслихатының 15-ші кезектен тыс  сессиясы өтті.

Сессияға қала әкімі Мұрат Мұқаев, қалалық мәслихаты депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, селолық округ және кенттердің әкімдері, әкімшілік бюджеттік бағдарламалар басшылары және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.Күн тәртібі бойынша сессияда Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың баяндамасы тыңдалды.


– Қаламыздағы оң өзгерістердің барлығы Елбасы саясатының тиімділігінің дәлелі. Елбасының тапсырмасы, мемлекеттік бағдарламалар облыс басшылығының тікелей қолдауымен және мәслихат депутаттарының белсенді қатысуымен жүзеге асырылуда.

Соңғы жылдары қала тұрғындарының саны көбеюде. Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша Орал қаласы тұрғындарының саны 300 128-ге жетті, яғни 2015 жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 71,4 млрд. теңгені құрады, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,3 пайызға өскенін көрсетеді.

Есепті мерзімдегі қала экономикасындағы инвестиция көлемі 27,2 млрд.теңгені құрады, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 53 пайызға жоғары.

Қалада кәсіпкерлік саласы да арта түсуде. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша қалада 29 467 шағын және орта бизнес нысаны тіркелсе, соның 22 086-сы белсенді жұмыс жасайды. Осы кәсіпкерлік нысандарында 41 771 адам жұмыс істейді. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 1,4 млрд. теңге бөлініп, соның 90 пайызы несие бойынша проценттік ставканы субсидиялауға бағытталды.

Сондай-ақ, құрылыс саласы да соңғы жылдары қарқынды дамуда. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысына арналған бағдарлама аясында барлығы 9,3 млрд. теңге бөлініп, соның 7,7 млрд. теңгесі көпқабатты 9 тұрғын үйдің құрылысына бағытталды. 1,6 млрд. теңге 9 нысанның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына бөлінді. Қазіргі таңда 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы үш тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарлануда. Бұдан басқа апатты жағдайда тұрған тұрғын үй мәселелері де оңды шешілуде. Деповская көшесіндегі 4 апатты тұрғын үйдің орнында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесі аясында 2 көпқабатты тұрғын үйдің (90 және 138 пәтерлік) құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмысын «Болашақ-Т» және «ОралПолимер» компаниялары жүргізуде. Жыл аяғына дейін 90 пәтерлік тұрғын үй құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деген қала әкімі тұрғын үй құрылысы жөнінен облыстың еліміз бойынша алғашқы орындардың бірінде екенін айтты.

Оның сөзінше, биыл 37 нысан бойынша қаланың 67 өшесіндегі 72 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өткізілмек. Қала басшысы атап өткендей, соңғы кездері бала санының көбеюіне байланысты балабақшалар мен мектептердің жетіспеушілігі байқалуда.

– 2015 жылы қала мектептерінде 37 579 бала оқыған болса, биыл оқушылардың саны 44 000нан асты. Қазіргі таңда қала бойынша 48 мектеп болса, соның 38-і екі ауысымда, 6-ы бір ауысымда, 4-і үш ауысымда оқиды. Үш ауысымда оқитын мектептер Деркөл мен Зашаған кентінде орналасқан. Осыған орай, биыл Деркөлде әрқайсысы 600 орындық екі мектеп және Зашаған кентінде 900 орындық бір мектеп салынуда. Сондай-ақ, әбден ескірген №4 мектептің де ғимараты қайта тұрғызылды. Соңғы 4 жылда 7 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Биыл білім саласының бес нысаны толықтай жөнделмек. Қалада 100-ге жуық балабақша бар, соның 23-і жеке балабақшалар. Егер қалада балабақша кезегінде 17 мың бүлдіршін тұрғанын ескерсек, қазіргі қолданыстағы балабақшалар тым аздық етеді. Сондықтан, қосымша балабақшалар құрылысын жүргізу қажет, бұл жұмысты мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жүйесі арқылы жүргізген жан-жақты тиімді болмақ, – деген қала әкімі жергілікті кәсіпкерлерді осы жұмысқа белсене қатысуға шақырды.

Қала басшысының айтуынша, 2018-2020 жылдар аралығында қаладағы жаңа ықшамаудандарда жеті балабақша ғимаратын салу жоспарлануда.

Бұдан соң қала әкімі қаланы абаттандыру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмысына тоқталды. Әкімнің сөзінше, аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында биыл қалада 7 тұрғын үйде жөндеу-жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының төртеуі бюджет қаражатына, бір үй қайтарымды қаражат есебінен жаңғыртылмақ. Тағы екі үйге қаржы көзі қарастырылуда. Бүгінгі таңда төрт тұрғын үйді жаңғырту жұмысы аяқталған.

Валентина МИХНО, қалалық мәслихат депутаты:

– Қаладағы «Самал-1» және «Самал-2» ықшамауданы аумағындағы орман алқабының жеке қолға өткені белгілі. Соның кесірінен сол аумақтағы ағаштар кесіліп, жұрт ол жерлерге тұрғын үйлерін сала бастады. Жақында сол жерге біреудің коттедж тұрғызғанын көрдім. Бұл жасыл алқапты қолдан жоқ қылу емес пе? Жер телімін бөлетін орындарда туған жеріне жаны ашитын патриоттар отыруы тиіс. Осы мәселеге араласып, орман алқабын сақтап қалуға ықпал етуіңізді сұраймын.

Мұрат МҰҚАЕВ, Орал қаласының әкімі:

– Ол жердегі жер телімдері бұдан 7-8 жыл бұрын жекелердің қолына өткен. Қазіргі уақытта мұндай қателіктерге жол берілмейді. Жер телімдерін жеке қолға беру осы мәселесі бойынша қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жағдайлар орын алмауы үшін алдағы уақытта жер телімдерін бөлетін комиссия құрамына қарапайым қала тұрғындарын да енгізетін боламыз.

Жантас САФУЛЛИН, қалалық мәслихат депутаты:

– Қала бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда, оны жаңа сіздің есебіңізден естіп, білдік, күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Менің сізден сұрайтыным, тұрғындардың игілігі үшін атқарылатын осындай жұмыстарға депутаттардың көбірек араласуына ықпал етсеңіз екен. Бұлай дейтін себебім, өткен жылы №9 округке қарасты Ықсанов көшесі күрделі жөндеуден өтті. Сол кезде сайлаушыларымның сұрауы бойынша депутат ретінде мен құзырлы мекемелерден округ аумағында орналасқан №21 орта мектепке кіреберіс жолды да жөндеп жіберу жөнінде ұсыныс жасаған болатынмын. Кейін жол жөндеу жұмысы аяқталған кезде қарасақ, аталған мектептің кіреберіс жолы сол бұрынғысынша жөнделмеген қалпында қалыпты. Мен сайлаушыларымның алдында құрғақ уәде бергендей болып, ыңғайсыз жағдайда қалдым. Осы мәселе қаперіңізде жүрсе деймін. Бұл мәселе енді қалай шешіледі?

Мұрат МҰҚАЕВ, Орал қаласының әкімі:

– Бұған біржақты жауап беру қиын. Бұл жағдай мердігерлердің жауапсыздығынан болуы да мүмкін немесе тендер мәселесіне қатысты орын алуы ықтимал. Бұл мәселені анықтау керек. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін алдағы уақытта депутаттарды ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Қыстың қамын жаз ойла»

Күні: , 27 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өңірдің жылыту маусымына дайындығы туралы жиын өтті. Селекторлық режімде ұйымдастырылған жиынға аудан әкімдері де қатысып отырды.


Күн тәртібінде аудандардағы өрт қауіпсіздігі және жылыту маусымына дайындық туралы екі мәселе қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов баяндама жасап, аудандарда орын алған табиғи өрттер, соның салдарынан келтірілген шығындар жайына тоқталып өтті. Өңір басшысы дала өрті тіркелген аудандардың әкімдерін әңгімеге тартты. Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев өзі басқаратын аймақтың 8 647 гектар жері өртке оранғанын айтты. Аталмыш ауданда мал азығын дайындау жұмыстары 91 пайызға орындалған. Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың мәлімдеуінше, биылғы жазда аудан бойынша 36 жану және бір дала өрті тіркелген. Өрт сөндіру жұмысына еріктілер жасағы белсенді түрде атсалысқан. Ауданда қазіргі жағдай қалыпты, өрттен ауыл шаруашылығына шығын келмеген. Бөкей ордасы ауданындағы өрт салдарынан 25 бас ұсақ қара мал, сондай-ақ 250 орам және 1500 тай шөп жанып кеткен. Қазір шаруалар қайтадан шөп шабу жұмыстарына кіріскен. Алтай Сейдірұлы ауыл шаруашылығына келген шығындар және өрт салдарынан материалдық тұрғыда зардап шеккен тұрғындарға қаншалықты көмек көрсетіліп жатқаны туралы пысықтады.

Кеңесте облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевке көптеген сұрақтар қойылды. Ол барлық желілер туралы соның ішінде электр, газ-сумен қамту және су ағызу желілері жайында егжей-тегжей баяндады. Бұрыннан белгілі болғанындай, облыста электр қуатын тасымалдау қызметімен «БатысҚазРЭК» АҚ-ы айналысады. Желілердің жалпы ұзындығы 20 437 шақырымды құрайды. Үстіміздегі жылы электр жүйесі компаниясы алдағы қыс маусымына дайындалу жұмыстарына 239 млн. теңге қаражат бөлді. Бұл қаржы подстанцияларды, трансформаторларды жөндеуге және күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруға бағытталды. Бүгінде ол жұмыстар 80 пайызға орындалған. Ал «Батыс су арнасы» ЖШС-ға қарайтын сумен қамту және су ағызу жүйелерін жөндеу жұмыстарының 53 пайызы ғана атқарылған, осы күндерде жұмыс одан әрі жалғасуда. Газ құбырларын жөндеу және қажетті жабдықтарды ауыстыруға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы 384 млн. теңге бөлді. Жұмыс 92 пайызға орындалған.

Облыстағы 1322 тұрғын үйдің жылыту маусымына 696-ы дайын. Білім ошақтары мен денсаулық сақтау орындары және мәдениет үйлерінің жылыту маусымдарына әзірлігі тиісінше 85, 99 және 97 пайыз. Бұл нысандардағы жұмыстардың толық бітпей жатқандығы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болып отыр.

Облыс басшысы қысқы кезеңге әзірлік барысымен мұқият танысып, тиісті сала басшыларына дайындық жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Айнагүл СОҚБОСЫНОВА


Қаржы пирамидасы кеңселері жабылуда

Күні: , 48 рет оқылды

Жыл басынан бері облыста 40 экономикалық қылмыс тіркелген. Олардың басым бөлігін жалған есепке алу – бақылау маркаларын жасау және салық төлемдерінен жалтару құрайды. Сонымен қатар жалған ақша жасау мен несиені мақсатсыз пайдалану және жалған кәсіпкерлік фактілері де тіркелген. Облыста орын алған экономикалық қылмыстар туралы жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БҚО прокуратурасының екі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұсағалиев пен аға прокурор Руслан Жұматаев баяндады.


Бүгінде өзекті болып тұрған экономикалық қылмыстың бірі – қаржылық пирамида. Прокурорлардың айтуынша, көп жағдайда зардап шегушілер құзырлы органдарға жүгіне бермейді. Көлеңкелі кәсіппен күрестің нәтиже бермей отырғаны да содан. Жыл басынан бері «QuestraWorld» деген атаумен танымал бір қаржылық пирамиданың жұмысы заңсыз деп танылып, Орал және Ақсай қалаларындағы сауда үйлерінде орналасқан кеңселері жабылған. Аталған компанияның қызметкерлері тұтынушыларға кеңес беру, шоттарды тіркеуге жәрдемдесу, банк арқылы ақша қаражатын аудару секілді қызметтермен заңсыз айналысқан. «QuestraWorld» қызметі еліміздің төрт қаласында тіркелген. Сондықтан қазір бұл іске қатысты тергеу-тексеру амалдарымен ҚР Ішкі істер министрлігі айналысуда.

Құзырлы орган мамандары алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қаржылық пирамидалар мен адал ұйымдардың аражігін айыра білудің маңыздылығын азаматтардың қаперіне салады. Біріншіден, қаржылық пирамида кеңселері адамдарды жаппай үлкен пайдаға кенелтуге уәде беру арқылы арбайды. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай бірден үрей туғызуы қажет. Екіншіден, қаржылық пирамиданың бастауында шетелде тіркелген белгісіз біреулер тұрады немесе құрылтайшысы мүлде болмайды. Ал өкілдері қаражат салушыларға өздерінің бай әрі беделді әріптестері туралы әңгімелеп, олардың әдемі өмірін насихаттаудан еш жалықпайды. Үшіншіден, олар жаңа тұтынушылар үшін қосымша қомақты табысты уәде етеді екен.

Осыған орай БҚО прокуратурасы азаматтарға егер күмәнді қаржы ұйымдарымен жолыққан жағдайда алдымен құқық қорғау органдарына хабарласуды ескертеді. Кездесу барысында журналистер тарапынан көше толған букмекерлік кеңселер мен соңғы кезде көбейіп кеткен тұрғын үй кооперативтерінің қызметтері қадағаланса деген ұсыныстар айтылды.

Жалпы, сегіз айдың ішінде түрлі сипаттағы экономикалық қылмыстың салдарынан мемлекетке 1 млрд. теңгеден астам залал келген. Қазіргі таңда оның 580 млн. теңгесі өтелген. Кінәлі тұлғалардың мүліктеріне 183 млн. теңге көлемінде тыйым салынған. Облыста жасалған экономикалық қылмыстардың алпыс пайыздан астамын салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтару құрайды. Іс-шаралар нәтижесінде төлемдердің 205 млн. теңгесі мемлекет есебіне өндіріліп алынған. Он тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, тоғыз қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шыққан, бір қылмыстық іс сотта қаралуда.

Динара ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал өңірі»


«Бұзбай құлан пісірмей…»

Күні: , 20 рет оқылды

Халқымыздың саятшылық өнеріне байланысты туындаған көптеген атаулар, сөз тіркестері бүгінде ауыспалы мағынасында еркін қолданыста жүр. Мағынасы айқын болғанымен, ол сөздердің бәрінің бірдей шығу төркінін бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін.


«Саятшылықтың, әсіресе, қазақ халқының тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгілі. Қазақ тілінде осы саятшылыққа байланысты туған мың жарымдай сөз бар, олар қазір де небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте кеңінен қолданылады» депті академик Әлкей Марғұлан Ж. Бабалықұлы және А. Тұрдыбаеав құрастырған «Саят» кітабына жазған алғысөзінде. Кез келгеннің қолына түсе бермейтін сол кітапта жазылған ұғымдардың кейбірін жас ұрпақтың танымын арттыру мақсатында қаз қалпында газет бетіне басқанды жөн санадық. Осы орайда бүгінде жиі айтылатын «тегеурінді», «жер соғып қалу» секілді сөз бен сөз тіркесінің түп төркініне қатысты деректер көзі қарақты оқырманның қызығушылығын туғызары даусыз.

Жер соғу. Өте айлалы, әдісқой бүркіт болмаса, керген (түлкінің төніп келген бүркітке көрсеткен қарсылық айласын құсбегілер «керу» деп атайды) түлкіні ала қою оңайға түспейді. Өйткені жоғарылап барып, қайта шүйілген құстың екпіні өте қатты болады да, жерге жақындап қалғанда, өзін тежеу мүмкіндігі де азая түседі. Қыранның екпінін мұқият байқап, көріп тұрған түлкі бүркіт аяғы өзіне тие бергенде, ыршып кетеді де, қыран өз екпінімен барып жерге, тасқа, ағашқа соғылады.

Егер құс жерге қатты соғылса, мертігеді, өледі. Керген түлкінің айласынан болған осы сәтсіздікті құсбегілер «жер соғу, жер сотыру» деп атайды. Жер соғып қалу көбінесе әдіс-айласы аз, әлсіз бүркітте немесе табиғи тәрбие көрмеген қолбала бүркітте көбірек кезігеді.

Түз, қол бала. Қолда отырған қыран балапан күнінде ұядан алынып қолда жетілдірілсе, оны «қол бала» бүркіт атайды да, тор мен тұзақ және басқа жолдармен түзден қолға түскендерін түз бүркіті атайды (ертеде туыстық жақындығы жоқ жетім қызды асырап, тәрбиелеп өсірген, әр түрлі үй жұмысына пайдаланған. Оны да қолбала атаған).

Тегеурін. Құс аяғының өкше саусағы тегеурін деп аталады. Адамның бас бармағы сияқты саусақтарының ішіндегі ең әлдісі. Қырандар аңды тегеурін күшімен ұстайды немесе тегеуріні арқылы теуіп жібереді. Іліп алатын қырандардың (бүркіт, қаршыға, тұйғын, қырғи) аңға түскен сәттегі ең алдымен тез қадалатын тұяғы да – тегеурін. Ал теуіп алатын қы-рандардың (лашын, сұңқар, ителгі, тұрымтай) аңды, құсты тебетін аяғы да тегеурін.

Аран, арандату ұғымдары да қазіргі ақпарат құралдары арқылы көпшілікке етене таныс. Бұл сөздің де шығу төркіні аңшылықпен байланысты екенін Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романын оқыған жан оңай аңғарады. Аталмыш романда Әбілқайыр ханның нөкерлерімен бірге саят құрып, құландарды арандатып аулайтыны бүге-шігесіне дейін баяндалған. Ондағы «… хайуандар бұлтаруды білмей, аузын ашқан аран орға опыр-топыр секіріп, нарқамыс істіктерге қарналып өледі» деген жолдардан-ақ, аран деп аңдарды қуалап әкеліп, құлатып аулайтын арнайы қазылған орды айтатынын ұғу қиын емес. Дәл осы шығармада Махамбет ақын өлеңіндегі «Бұзбай құлан пісірмей» деген тіркестің мағынасы да ашылған. Яғни құланды бұзып, жіліктемей, тұтастай пісіру «технологиясы» қызықты суреттеледі.

«Манағы аран ішінен сүйреп шығарылған қисапсыз құланның көпшілігі түйе-түйе қып ауылға артылып жіберілді. Қалғандарын қасапшы жігіттер бесін ауа осы мортығы, ебелегі көп қара жонға келген соң терілерін сыпырып, ішек қарындарын аударып тастап, жіліктеп бұзып, әлекке түсіп жатпай-ақ, шіліктің сабау бұтақтарымен қайтадан бүрген-ді. Қаз-қатар жарыстырып төрткіл шұңқырлар қазылған-ды. Сол шұңқырларға әлгі бүрілген құландар салынған-ды. Үстін топырақпен мықтап тұрып көмген-ді. Көмбенің бетіне тау-тау қып отын үйіліп, алаулатып от жағылған-ды. Манадан бері Итжеместің көзін арбап тұрған әзәзіл оттар солар-ды. Ал оның бойын балбыратып, әкетіп бара жатқан әдемі иістің көктен де, оттан да емес, кәдімгі қара жердің өзінен шығып жатқандай боп көрінгені де сондықтан-ды. Лапылдаған алаудың жалыны басылды. Орнында жайнаған қызыл шоқ қалды. Ол бірте-бірте қоламтаға айналды. Қоламта бозара-бозара күлге айналды. Күлді жігіттер аулағырақ күреп тастады. Соның өзінде оттың орны қол апартпай өртеніп тұрды. Топырақтың бетінің қызуы басыла шұңқыр аршылды. Қарулы жігіттер оған қарамастан, ақ тер көк тер боп көмбені аршып бақты. Бір уақыттарда барып буы бұрқырап көмбе де көрінді. Оны киіз қолғап киген жігіттер жер астынан суырып алып, анадай жердегі алаңқай көгалдың үстіне апарды. Бұтамен бүрген көмбе жарылды. Қыныңнан сапыңды суыр да таласа-тармаса жайғасып жатқан жұртпен бірге қатарласып отыра кет».

Міне, бұзбай құлан пісірудің жазушы баяндаған реті осындай.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Аңдар да «демалады»

Күні: , 17 рет оқылды

2017 жылдың 2 қыркүйегінен бастап күзгі аңшылық маусымы ашылатындығын хабарлаймыз.


Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін корғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заныңа сәйкес аңшылық жүргізу арнайы бекітілген аңшылық шаруашылықтарында ғана рұқсат етіледі. Аңшылық қоры аумағында аңшылық жүргізуге қатаң тыйым салынады. Аңшылықпен айналысушылармен келісілген түрде әр аптаның сейсенбі және сәрсенбі күндері аңдар үшін «демалыс» күндері болып белгіленген. Яғни ол күндері аң аулауға рұқсат етілмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 27. 02. 2015 жылы бекітілген №18-03/157 бұйрығы бойынша жаңа аңшылық ережесіне сай әр аңшы әуесқой аңшылық жүргізу барысында өзімен бірге: аңшының жеке куәлігі, жануарлар дүниесін пайдаланудың рұқсаты, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық қаруды қолдануға және сақтауға алып жүру құқығына рұқсаттамасы болуы шарт. Ал жыртқыш құспен аң аулауда жыртқыш құстың құжаты болуы керек және аңшылық кезінде қорықшы бірге жүруі тиіс. Әуесқой (спорттық) аң аулау бекітілген аңшылық алқаптарда 2 қыркүйектен бастап 30 қарашаға дейін қаздар мен үйректерді, 2 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін шілді, 20 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін қарсақ және еліктерді, 1 қарашадан бастап, 2018 жылдың 15 ақпанына дейін түлкі және қояндарды аулауға рұқсат етіледі.

Жолдамаларды бекітілген аңшылық алқаптардан, жануарлар дүниесін пайдалану рұқсаттамасын Орал қаласындағы «Арсенал», «Оружейный двор» және «Турист» дүкендерінен немесе аңшылық шаруашылығы орындарынан, қо-рықшылардан алуға болады.

Жабайы жануарлардың ақылға сыйымсыз әрекеттеріне немесе түсініксіз жағдайдағы өліміне кез болған жағдайда Орал қ., Аманжолов көшесі 75., тел. 51-40-76 мекенжайына шұғыл хабарлауыңызды өтінеміз.

Дархан САМАТОВ,

облыстық орман шаруашылығы

және жануарлар дүниесі

аймақтық инспекциясының

бас маманы


Құрбан айт ерекше тойланбақ

Күні: , 50 рет оқылды

Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі «Құрбан айт» қарсаңында Орал қаласындағы орталық мешіт алаңында рухани-патриоттық шара өтеді. Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов мәлім етті.


Облыстың бас имамы бүкіл мұсылман қауымы жыл сайын «Құрбан айт» мерекесін айрықша қуанышпен, зор ықыласпен қарсы алатынын ерекше атап өтті. Мерекенің қадір-қасиеті мен мән-маңызы туралы әңгімелеп, аталмыш мейрам күндері мешіт ұжымының ұйымдастыруымен өткізілетін мерекелік шараларға тоқталды:

— «Құрбан айт» мерекесі қарсаңында, яғни 31 тамыз күні облыстық мешіт орналасқан Еуразия даңғылының бойында мерекелік рухани-патриоттық шара өтеді. Имамдардың, мешіт жамағатының, сауат ашу мектебі шәкірттерінің және жастардың қатысуымен түйе палуан, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Жастардың діни білімін арттыру мақсатында сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсенді қатысып, сауапты іс жасаған кәсіпкерлер арнайы марапатталады, — деді Руслан Тыныштықұлы.

Құрбан шалу айт намазынан кейін басталады. Ал айт намазы 1 қыркүйек күні сағат 7.30-да оқылады. Намаз оқылмай тұрып, сойылған мал құрбандық есебінде қабылданбайды. Облыс орталығында құрбан шалу Ақтөбе көшесі 298, С. Датов көшесі 41А («Ел ырысы» базары), Екінші молодежная 1/6, Желаев ауылында Промзона 17/3, Зашаған кентінде Рыбцех 55 мекенжайлары бойынша арнайы белгіленген орындарда ғана жүзеге асады. Аталмыш мал соятын орындар арнайы ба-қылауға алынып, оның тазалығы мен барлық жағдайы шариғат талабы мен ережесіне сай орындалады.

Орал қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Рафих Лұқпанов мәлімдегеніндей, ауыл-аймақтан әкелінген малды сатуға барлық құжаты толық тексе-рілгеннен кейін ғана рұқсат беріледі және сойылған малдың еті ветеринарлық талапқа сай тексеруден өтеді. Жиналған терілер былғары зауытына тапсырылады. Қалада қой сою құны 1500 теңге болып бекітілді. Ауыл шаруашылығы жануарларын қаланың кез келген жерінде сатуға және союға жол берілмейді.

Биыл «Құрбан айт» мерекесіне арналған мәдени-рухани көпшілік шаралар Бөрлі ауданының Ақсай қаласында және Жаңақала ауданының орталығында да өтпекші. Енді осы ізгілікке бастар игі үрдіс басқа аудан-ауылдарда жалғасын тапса, дәстүрлі дініміздің насихатталуына қосылған мол үлес болар еді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


58 адам зардап шекті

Күні: , 26 рет оқылды

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Мұқаевтың арнайы осы оқиғаға байланысты суыт өткізген брифинг барысында мәлім болды.


Құқық қорғау органдарының өкілдері, жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме басшылары қатысқан жиында БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин орын алған жол апаты бойынша түсінік берді.

– 24 тамызда 8 сағат 45 минутта Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінің бойындағы Шаған өзенінің үстінен өтетін көпірге жақын маңда жол-көлік оқиғасы болды. Қалалық N7 маршруттық автобустың 1993 жылы туған жүргізушісі Рахымжанов жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жолдың оң жақ шетінде келе жатқан “Рено-Дастер” автокөлігін басып озбақ болғанда аталған машинаның оң бүйірін қағып өткен. “Рено-Дастер” болса, қашықтықты сақтамағандықтан, алдында өз жолымен бара жатқан N5 қалалық маршруттық автобусқа келіп түйіскен. Соның салдарынан ол автобус алдындағы “Ларгус” маркалы автокөлікке соқтығысқан. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындалды. Оқиғаға қатысқан автокөліктер арнайы автотұраққа қойылды, – деді Манарбек Серікқалиұлы.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының қызметкері Айгүл Күлбарақованың айтуынша, оқиға орнына шұғыл келіп үлгерген жеті “Жедел жәрдем” бригадасы облыстық ауруханаға 17 (1-еуі ауруханаға жатқызылды), қалалық көп бейінді ауруханаға 41 (5-еуі жатқызылды) – барлығы 58 зардап шегушіні жеткізген, оның бесеуі – балалар.

Барлығының да алған жарақаттары орташа деңгейде, өміріне қауіп төнетіндей ауыр жараланғандар мен жансақтау бөліміне түскендер жоқ.

– Жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктің қатысуымен болған кез келген жол апаты төтенше жағдай болып табылады. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Ал бүгінгі жол апатынан зардап шеккен жандардың бәріне тиісті медициналық көмек көрсетуді тапсырамын.

Құқық қорғау органдары қоғамдық көліктердегі жолаушылар санының мөлшерден тыс артпауын, белгіленген жылдамдықтан асырмауды қатаң бақылауға алсын.

Көліктерді бақылау инспекциясы техникалық қызмет көрсету орталықтарының қызметін қадағалауды күшейтсін.

Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелерге қойылар талап көп. Соның ішіндегі ең бастылары — тозығы жеткен ескі автобустарды сайлы әрі қауіпсіз жаңасына алмастыру, жүргізушілер мен кондукторларды аты-жөні және көлік нөмірі көрсетілген бейдждермен, бірдей киіммен қамтамасыз ету, салондардың тазалығын сақтау, сервисті жақсарту (билет беру, жолаушылармен сыпайы сөйлесу), т.б.

Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырудың тағы бір маңызды жолы жаңа технологияларды енгізу болып табылады. Осы орайда биылғы жаздың басында қаладағы қоғамдық көліктерге GPRS қондырғысы бар BusReport жүйесі енгізілген болатын. Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалымен айналысатын 500 автобустың 360-ы осы жүйеге қосылды. Қалған көліктерді де қосуды қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деп қорытындылады басқосуды шаһар басшысы.

Айгүл АХМЕТОВА


Базаршоландықтар шетінен өрт сөндіруші немесе зардап шектік деп алақан жайып отырған жоқ…

Күні: , 21 рет оқылды

Табиғи дала өртi — дүлей күш, кейде адам күшіне, техникаға да бағынбауға құштар «қыңыр» мінезді екенін Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылдық округіндегілер жақсы сезінді. Қазір округтегілердің өрттен келген залалды есептеп, кім не берер екен деп бейқам отыруға шамалары жоқ. Өйткені «Қыс — қыр астында», мал азығын дайындау уақыт күттірмейді.


Базаршолан — Ақ Жайықтың бұқар бетіндегі бұрынғы қаракөл қойын өсіріп, атағы дүрілдеп одаққа танылған кеңшардың ізіндегі ауылдық округ. Оның құрамына Базаршолан, Есім, Баянтөбе, Жаманқұдық елді мекендері кіреді. Төрт ауылда 1800-ге тарта халық тұрады. Тұрғындары негізінен төрт түлік мал өсіреді. Ауыл-аймақта үш мыңдай ірі қара, 10 мыңдай қой-ешкі, 1,5 мыңдай жылқы, 700-дей үй құсы өсірілуде.

— Округте 15 шаруа қожалығы ресми тіркелді. Олардың бесеуі мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттен берілетін демеуқаржы алады. Өткен жылы күзде әкім болып жұмысқа кіріскен бойда шаруагерлерді «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сықылды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға үгіттеп, біраз жұмыстанғанбыз. Алайда көктем шыға бағдарламалардың пайыздық мөлшерлемелері күрт өсіп кетті. «Сыбағаның» пайызы 7-ден 16,5 пайызға жетті. Оның үстіне шаруаның алатын несиесінің ең төменгі шегі 11 млн. теңгеден кем болмауы керек. Ал бұған шар-уалардың қалада кепілге қоятын кепілзаты бола бермейтінін қосыңыз. Осылайша ауылдағылар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай, пұшайман болып отыр, — деді аталмыш ауылдық округтің әкімі Ерлан Темірғалиев. Оның айтуынша, соңғы жылдары округтегі шаруашылық құрылымдары лизингке жеті трактор, бір шалғы, бес шөп маялағыш техникасын жаңала-ған. Бірақ қазіргі уақытта лизингтік техниканың да пайызы жоғарылап кеткен әрі пайызы субсидияланбайды. Осының өзі-ақ шаруалардың техника жаңартуға деген құштарлығын су сепкендей «басып» тастады.

Ресми дерекке сүйенсек, округте мал басының өсімі жаман емес. Мысалға, биыл ірі қара 40 басқа, төрт түліктің төресі жылқы басы 18 пайызға өсті. Тек қойдың саны сәл-пәл төмендеген. Оның да себебі жоқ емес, мал баққан ағайынға далада су жоқ, жерді тереңдетіп қазғанмен, су шықпайды. Сондықтан шаруа қожалықтары ауыл іргесінде, күре жолдың бойына қоныстанған. Шаруашылықтардың қатары судың болмауынан да толықпай отыр деуге болады. Алдағы уақытта базаршоландықтар күткендей «Тайпақ-Азынабай» каналы жөнделіп, іске қосылып жатса, баяғы қаракөл өсіріп, одаққа танылған ауылдың бағы қайта жанар ма еді дейсің…

Ақжайық ауданында өткен жылы дала өрттері тамыз айында басталды. Ал биыл құрғақшылыққа байланысты алғашқы өрт мамыр айының соңында тіркелді. Базаршолан округі аумағында 2016 жылғы күзден қалған және биылғы жауын-шашынның молдығынан ұзара өскен шүйгін шөптің жаздың аптап ыстығынан қурауы да дала өртінің өрістеуіне түрткі болды. Жазда шілденің 29-ынан та-мыздың 4-і күндері болған алапат дала өртінен Базаршолан ауылдық округі шабындықтарының, жайылымдарының 50 пайызы өртеніп, күлге айналды. Алты шаруашылықтың мал жайылымы жанып кетті. Базаршоландықтар өрт ауылға жақындап қалғандықтан, барлық күшті ауылды, ауыл қасындағы тоғайды сақтап қалуға жұмылдырғандарын, сондықтан өрттің далаға тарап кеткенін айтады. Өрт сөндіруге базаршоландықтар тайлы-таяғы қалмай шыққан, көршілес бес округтің де тұрғындары көмекке келген көрінеді.

Малмен күнелтісін айырып отырған ағайын күл мен күйік иісі шығатын жайылымдарын тастап, малын айдап қыр асты. Қазір шаруа қожалықтарының малы бұрынғы қазылған құдықтары сақталған Жаманқұдық ауылы жағындағы Бабатай, Мәңкібай жайлауларында, ал базаршоландықтардың жеке малы тоғай бетіне шығарылып, бағылуда. Округ тұрғындарына өрттен келген залал көп. Қыстық малға дайындалған үш мыңдай орама шөп жанып кетті. Серік Қошанов жетекшілік ететін «Ермеш» және «Шымыр мешіті» шаруа қожалықтарының әрқайсынан 500, «Қайсардың» 1300, «Әділ» шаруа қожалығының 150 орама шөбі отқа оранды. «Шымыр мешіті» шаруашылығының жайлаудағы жаңадан салынған жазғы сарайы, «Қайсардың» қыстақтағы жаңа және ескі екі қорасы, жазғы сарайы, «Ермеш» шаруашылығының шөп маялағыш техникасы өртеніп кетті. Сондай-ақ өртті сөндіруге көмекке барған «Жиенбай» ЖШС-ның экскаватор-тиегіш техникасы да өртеніп, күл болды. Шамамен, бұл округтегі 150000 гектар жер дүлей дала өртінің «құрбаны» болды. Өрт сөндіру бөлімшесі көршілес Қарауылтөбе ауылында орналасқан. Алайда округ тұрғындары оған көп үміт артпайды. «Одан көмек келіп болғанша»… — деп әңгіменің соңын сұйылтып жібереді. Базаршоландықтар дала өртін өз күштерімен сөндіруге машықтанған. «Шетімізден нағыз өрт сөндіруші болдық» деседі. Негізі шаруашылықтардың техникасының күшіне сүйенеді.

Әкімнің айтуынша, округтегі Ерлан Сағынғалиев, Есқали Шымыров сынды іскер жігіттер ауыл тұрғындарына шөп дайындап, тасып беруге кіріскен. Ауылдағылар шөптің тіркемесін 30 мың теңгеге сатып алады. «Есім жолы» ауыл шаруашылығы кооперативі және «Сыраң» шаруашылықтары Қаратөбе ауданынан, ал өзгелері көршілес округтерден мал азығын дайындауда. Базаршоланда биыл қоғамдық бақша егілді. Ауылдық округ әкімі тұрғындарды бақша егуге тартуды қолға алды. Биыл жауын-шашын әрі қар суы мол болып, одан кейін ауа райының салқындауы дала тышқандарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызыпты. Содан шығар, ауыл-аймақта дала тышқандары қаптап кеткен. Кеміргіштердің зияны бақшаға да тиген, бақшашылар бақша дақылдарын үшінші мәрте егіп, әрең өсірген жайы бар.

— Округтегі басты түйткіл — жол мәселесі. Көктемгі және қара күздегі лайсаңдарда жол жүру қиын. Жайықтың сол жақ бетіне Атырау облысының Индер ауылы арқылы қатынаймыз. Әзірге «көгілдір отынның» қызығын тек Базаршолан ауылы көруде. Биыл Есімге газ құбырын тарту жұмыстары басталады. Биылғы мамыр айында Базаршолан, Есім, Баянтөбе ауылдарын «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза сумен қамту жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарының мердігері «Жиенбай» ЖШС жоспарлы жұмысты келесі жылға қалдырмай, жыл соңына дейін аяқтауды көздеуде. Ауылда бір жеке және қызметтік үй салынуда. Базаршоланда мамандарға деген әнебір тапшылық сезілмейді. Тек дәрігерлік амбулаторияға дәрігер маман керек. Округ орталығындағы клуб, дәрігерлік амбулатория, екі қабатты мектеп және балабақша ғимараттары кеңестік заманда салынған. Содан бері еш жөндеу көрмеген. Ауыл халқы алдағы уақытта осы әлеуметтік нысандар жөнделсе екен дейді, — деді округ әкімі Е. Темірғалиев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Р.S. Базаршоландықтар «Дала өртінен зардап шектік, бізге көмек керек» деп ешкімге алақан жайып отырған жоқ. Тек жауын-шашын болса екен деп Құдайдан тілеп отырған жайлары бар. Алайда аудан әкімінің орынбасары А. Әбуғалиев өрттен келген шығынды анықтайтын комиссияның мүшелері «Ермеш» шаруашылығы техникасының тек екі дөңгелегі жанып кеттті десе, шаруаның өзі екі дөңгелегіне қоса техниканың бір жағы түгелдей жанып кетті, жұмыс істеуге жарамсыз деп отыр. Қалай болғанда да, ақ тер, көк тер болып, мал өсіріп отырған және «тілсіз жаудың» кесірінен жайылымнан бір, шабындығынан екі айырылып, алыстау аумақтан мал азығын дайындауға кіріскен шаруаның жайына да қарасу керек. Қиын кезде қолұшын беру, әрине, еш-кімнің жеке қалтасынан емес, бюджет есебінен жөн болмай ма?!

Асқар ӘБУҒАЛИЕВ,

Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары:

— Жаздағы айлапат дала өртінен Жаманқұдық және Есім ауылдарына қуат жеткізетін 104 электр бағаны өртеніп кетті. Бүгінде оның барлығы төтенше жағдайлар желісі арқылы қайта қалпына келтірілді. Шаруашылықтардың отқа кеткен бір жазғы сарайының, бір қорасының заңдық күші бар құжаттары болмай шықты, сондықтан оларға комиссия шешімімен өтемақы төленбейді. «Ермеш» шаруашылығының шөп маялағыш техникасының тек екі дөңгелегі жанып кетті. Сондықтан оған да өтемақы қарастырылмайды. Бүгінде әкімдікпен мал азығын дайындайтын, тұрғындарды арзан шөппен қамтитын нұсқалар қарастырылуда.

Шаймерден САҒЫНҒАЛИЕВ,

Базаршолан аулындағы «Қайсар» шаруа қожалығының жетекшісі:

— Шаруашылығымды 2012 жылы құрып, төрт түлік мал өсірудемін. Жаздағы өртте дайын 500 орама шөбім жанып кетті. Бір мың гектар шабындығым өртенді. Қазір малым жайлауда. Қыстық мал азығын Қарауылтөбе ауылдық округіндегі шаруагер Асқар Сағынаевтың жерінен дайындауға кірістім. 2015, 2016 жылдары «ҚазАгроМаркетинг» арқылы лизингке екі «МТЗ-82» тракторын алғанмын, мал сатып пұлдап, тоқсан сайын 300 мың теңгеден төлеудемін. Дала өрті келтірген шығынның өтеуі болар, болмасын білмеймін, оны комиссия шешетін шығар. Төтенше жағдайлар құрылымдарынан, аудандық әкімдіктен мамандар келіп, жерімді қарап, жағдайыммен танысып кетті. Бастысы, мал-жан аман, өзгесі бола жатар.

Батырхан ҚОШАНОВ,

«Ермеш» шаруа қожалығының мүшесі:

— Шаруашылығымыз — отбасылық, төрт түлік мал өсіреді. Малды асылдандыру мақсатында көршілес Қарауылтөбе ауылдық округіндегі шаруашылықтан бір бас бұқаны 350 мың теңгеге сатып алдық. 2015 жылы «ҚазАгроМаркетинг» желісі арқылы лизингке шөп маялағыш техника алғанбыз. Тоқсан сайын 200 мың теңге шамасында төлеп отырған сол техникамыз жаздағы өртте қос дөңгелегі, бір жағы тұтасымен отқа оранып, жанып кетті. Енді оның біржағын жаңалауға қаржы керектігі айтпаса да түсінікті. Жерім түгелдей күлге айналды, 500 орама шөп өртенді. Қазір мал азығын Есенсай ауылдық округіндегі бір шаруашылықпен келісіп, солардың жерінен дайындаудамыз.

Жоламан ДҮЙСЕШОВ,

Есім аулындағы «Есім жолы» ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі:

— Биылғы наурыз айында 21 ауылдасыммен бірігіп, кооператив құрдық. Қазір 90 шақты сиыр, үш асыл тұқымды бұқамыз бар. Бұқаны көршілес ауылдағы шаруагер Асқар Сағынаевтан сатып алғанбыз. Жаздағы өртте жайылымдарымыз жанып кетті. Қазір шөпті Қаратөбе ауданы жағындағы Төлен ауылының жігіттерімен келісіп, оларға да, өзімізге де шөп шауып жатырмыз. Ауыл тұрғындарына да мал азығынан көмектеспекпіз. Қыстық мал азығын жеткілікті дайындау үшін Есімнен Атырау жағына қарай 120 шақырымдық жерде өрттен аман қалған Госпошлина деген жерден де шөп шабуды жоспарлаудамыз. Ала жаздай дала өртінен көз ашпай келеміз. Күні кеше де күре жолдың жанындағы қурап тұрған далалықтың шөбі жанып, соны сөндіріуге барып келдік. Шетімізден өрт сөндіруші болуға қалдық деуге болады. Енді өрттен келген шығынның немен толарын кім білсін… Әзірге басымыз аман, тек күзге салым кооперативке субсидия қаржысы берілсе екен дейміз.


Финдік жаңа технология енгізілуде

Күні: , 23 рет оқылды

Бейсенбіде облыстық құрылыс басқармасының залында Финляндиядан келген сарапшылар облыстың жобалау институттарының, құрылыс компанияларының, құрылыс саласындағы мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен 3D модельдеу жаңа технологияларын енгізу тақырыбында бір күндік практикалық семинар өткізді.


Биылғы шілде айында облыс әкімі Алтай Көлгінов «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі алаңында Елбасының өңірлерге инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасына орай Финляндия Президентімен кездескені мәлім. Кездесу барысында финдік компаниялармен бірге іске асырылатын жобалардың бірі – 3D модельдеу, жобалау жаңа технологияларын енгізу, яғни заманауи технологияны трансферттеу жайы таныстырылды. Сол кездесуде Оралда осы жаңа технологияны енгізуге келісім жасалды. Алдағы 2-3 айдың көлемінде Оралда нақты әлеуметтік нысанға қатысты алғашқы жобаны іске асыру жұмыстары басталмақ. Қазақстанда 3D модельдеу әзірге әлі енгізілмеген.

– Әдетте құрылыс жұмыстары басталмай тұрып, салынатын ғимараттың көрінісі тек қағаз жүзінде көрсетіледі. Инженерлік, техникалық білім-білігі бар мамандар болмаса, өзгелер жобадағы құрылыс нысанының салынып болғаннан кейін қандай пішінде болатынын білмейді. Сондықтан жаңа визуальдық модельдеу арқылы, яғни 3D моделі бойынша жобаның нәтижесі қандай болатынын көруге болады. Жобаны жобалағаннан кейін құрылыс жұмыстары басталмай тұрып, 3D модельдеу жасалмақ.

3D моделі, жобалау мерзімін 20%-ға қысқартуға, құрылыс құнын 30%-ға төмендетуге және нысанды әрі қарай пайдалану үшін қаржылық шығындарды 20-30%-ға азайтуға мүмкіндік береді, – деді «Фин Бизнес Хаб» халықаралық инвестициялық компаниясының директоры Мұхтар Манкеев.

Жаңа технологияны өндіріске енгізу үшін алдымен жобалаушыларды аталмыш финдік компания есебінен 2-3 ай оқыту жоспарланған. Одан кейін белгілі инвестициялық бюджет анықталады. Оралда қазір жаңа шағынаудандар салынуда. Ондағы 5, 9-қабатты тұрғын үйлердің ортаға үйлесімділігін, тұрғындарға қолайлылығын тексеруге осы жаңа технология мүмкіндік береді. Сондықтан 3D модельдеу тек қаржыны үнемдеп қана қоймайды, тұрғындардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, қаланың жоспарын жобалаудың сапасын жақсартады.

– Компаниямыз 3D жобалауға негізделген суреттерді, бейнені шығарады. Визуальдық модельдеу әлеуметтік, өндірістік ғимараттарды салуда ең бастапқы кезеңде жобалаушылар, құрылысшылар немесе тапсырыс берушілердің әр жаққа тартпай, бір ортақ шешімге келуіне мүмкіндік береді, – деді финдік «Соllarrime» компаниясының орындаушы директоры Тони Линдквист.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Халыққа кеңінен түсіндіру қажет

Күні: , 19 рет оқылды

«Нұр Отан»  ХДП  облыстық филиалының  мәжіліс  залында ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты  Шавхат Өтемісов міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыруды  енгізу жөніндегі  өңірлік  штаб мүшелерімен кездесу  өткізді. Онда  аталмыш  мақсат жолындағы жұмыс  талқыланды.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, өңірлік штаб үйлестіру кеңесінің мүшесі Қанат Төсекбаев өңірде әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты нақты жұмыс жүріп жатқандығын баяндады. Оның айтуынша, денсаулық саласындағы осы жаңғыртуды облыс тұрғындарының басым көпшілігі қабылдаған. Дұрыс түсіне алмай жатқандар да бар. Соған орай өткен мерзімде жерлестермен жүздеген кездесулер өткізіліп, түсінік берілді. Оқыту және үйрету жұмысы да басты назарда. Кәсіподақтармен де кездесу өткізіліп, өзара бірлескен іс-қимыл жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Әзірге жеке меншік емхана иелерімен келісу қиын болып тұр. Олар мемлекеттік сақтандырудың жекелеген шарттарына келіспеуде. Мәселен, әр адамды қабылдау үшін белгіленген мемлекеттік бағаға қарсы, яғни жеке меншік секторда еңбек ететін медициналық қызметкерлер үшін ол тым төмен көрсеткіш әрі нарықтың ережесіне сай емес. Сонымен қатар жекелеген емханалар конкурсқа даярлануда. Ал жеке кәсіпкер мен өзін-өзі қамтитындар арасында әлі де қарсылық байқалады. Әсіресе, өзін-өзі қамтушылардың дәл санын анықтау қиындық тудыруда.

Шыны керек, жекелеген кәсіпкерлер міндетті жарнадан жалтару үшін қарамағындағылардың дәл санын жасырады. Облыс орталығындағы  ірі сауда орындары үгіт-насихат топтарын  кейде табалдырығынан да аттатпайды. Міне, осындай келеңсіздіктер үгіт жұмысына  қолбайлау болуда. Ал қала бойынша адамдарды белгілі бір емханаларға тіркеу ісі аяқтала келді.

Кездесуде «Медициналық сақтандыру» республикалық қоры облыстық филиалының жетекшісі Н. Жұмағұлова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С. Хангереев, «Республикалық медициналық палата» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Р. Истаев және басқалар сөз алып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой-пікірлерін  ортаға салды.

– Біз  қазір заңның өмірмен үйлесімсіз тұстарын анықтап, соған орай әрекет жасауымыз керек. Халық арасындағы үгіт-насихат жұмысын одан әрі белсенді жүргізу қажет. Бәріңіздің де осы талқыға белсенді қатысқандарыңызға рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын! – деді жүздесуді аяқтаған Ш. Өтемісов.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика