Мұрағат: 23.08.2017


Ұшқыштар мектебінде

Күні: , 24 рет оқылды

Кеше облыстық авиация спорты бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт-техникалық мектебі елеулі еңбегі үшін «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» облыстық филиалының алғысхатымен марапатталды.


— Республикадағы тұңғыш авиация спорт мектебінің тарихы сонау 1936 жылдан бастау алғаны мәлім. Сол жылдары КСРО қарулы күштерінің құрылымдарына қажетті алғашқы әуе мамандарын дайындау ісі осы мектепте жүзеге асырылды. Кейін 2002 жылы бұл білім ошағы «Авиация спорты бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт-техникалық мектебі» аталып қайта құрылды. Енді, міне, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасап, жас ұрпақты патриоттық-рухани тәрбиелеу жолында еңбек етіп келе жатқандарыңызға 15 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңізге алғыс айта отырып, дендеріңе саулық, отбасыларыңа амандық тілеймін, — деді «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» облыстық филиалының директоры Айдар Батырханов аталмыш мектептің директоры Ерген Орынбасаровқа алғысхатты табыстап. Ал кезегінде сөз алған Ерген Елеусізұлы бұл марапатқа ұжымның ынтымағы мен еңбегінің арқасында қол жеткізгенін атап өтті.

Айта кетсек, облыстық ДОСААФ аэроклуб базасында құрылған бұл авиация мектебі 1935-1941 жылдар аралығында 350 ұшқыш дайындаған. Олардың қатарында қазақтың алғашқы ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова және Кеңес Одағының Батырлары Леонид Беда, Иван Куличев, Алексей Чурилин, Константин Малин, Фарид Шагалеевтер бар екен. Бұл мектептегі парашют, авиамодель және қол күресі бөлімдерінде 20-дан астам жаттықтырушы-оқытушы қызмет атқарады. Ал спорттық дайындығын уәкілетті органдардың бекітілген бағдарламасы бойынша іске асыруда. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ҚР Спортшылар күніне орай спорт мектептері арасында өткен республикалық байқаудан «Үздік авиация спорты мектебі» аталымын жеңіп алған аталмыш спорт мектебінің түлектері «АЭРО», «СКАТ», «ЭЙР Астана» авиакомпанияларында ұшқыш болып қызмет атқаруда.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Балаларды қуантты

Күні: , 28 рет оқылды

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтановтың бастамасымен және жеке кәсіпкердің қолдауымен облыстық орталық мешіттің ауласынан балаларға арналған ойын алаңы ашылды.


Жалпы құны 4 млн. теңге болатын балаларға арналған ойын алаңы мешіттің ауласына орнатылғанына мешіт жамағаты бек қуанулы. «Мешітке келген жамағат құлшылық қылып, Алладан дұға тілесе, ал балалар ойын ойнайтын болды. Әткеншектер, турниктер, әр түрлі ойын құралдары мектепке дейінгі жастағы балдырғандарға және бастауыш сынып оқушылары үшін қолайлы. Ойын алаңын ашқан өкіл имам мен иманды азаматтарға Раббымыз разы болсын», – деді мешіттің жамағаты Айсалқын Шәутімова.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі


«Ауылым – алтын тұғырым»

Күні: , 16 рет оқылды

Кеше Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының кітапханасында «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Алтын тұғыр» атты үш томдық жинақтың тұсаукесері өтті.


Жаңа жинақ аталмыш партия ұйымдастырған «Ауылым – алтын тұғырым» атты жас ақын-жазушылар арасындағы шығармашылық байқаудың нәтижесінде жарық көрген.

– «Ауылым – алтын тұғырым» шығармашылық байқауы Елбасының 2016 жылғы Жолдауында айтылған руханият тақырыбын қолдау мақсатында ұйымдастырылған еді. Байқау шарттары БАҚ арқылы, партиямыздың сайты арқылы жарияланды. Проза, поэзия және драматургия жанрлары бойынша ұйымдастырылған байқау былтыр жыл соңында қорытындыланып, бас жүлдеге 500 мың теңгеден қаржылай сыйлықтар табыс етілген болатын. Ал биыл жыл басында аталмыш байқауға келіп түскен шығармалар топтастырылған үш томдық жинақ Астана қаласынан басылып шықты. Жинаққа жүлделі орыннан көріне алмаса да, байқауға қатысқан біздің өңір қаламгерлерінің де ауыл тақырыбында жазған шығармалары енген. Мұндай байқау жылма-жыл дәстүрлі түрде жалғаса бермек, – дейді «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Амангелді Баянов.

Шара барысында ауылға, туған жерге деген сүйіспеншілік туралы тағылымды әңгімелер айтылды. Партияның облыстық филиалының төрағасы жаңа жинақты Қадыр Мырза Әли орталығының кітапханасына тарту етті. Жиынға қатысушы ақын, жұбантанушы, ардагер ұстаз Үзілдік Елеубайқызына, Қазақстан Журналистер одағы және «Ауыл» ХДПП мүшесі Махамбет Ерниязовқа, Қадыр Мырза Әли орталығындағы кітапхананың тұрақты оқырманы, «Ауыл» ХДПП мүшесі Саниахмет Шоқановқа, 2016 жылғы «Ауылым – алтын тұғырым» байқауына қатысушы Түгелбай Бисенге және Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ұжымына аталмыш партия филиалының алғысхаттары табыс етілді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Бурабайдағы кеңесте

Күні: , 24 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде Бурабайда өткен кеңес туралы газетіміздің өткен санында жариялаған едік. Алқалы басқосуда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов есеп берген болатын.


– Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында оңды көрсеткіштер байқалуда. Жалпы, өңірлік өнімнің өсімі қазіргі таңда екі пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп саласында 12% өсім бар. Соның ішіндегі тау-кен өндірісінде – 13, ал өңдеу өнеркәсібінде үш пайыз. Құрылыс жұмыстары саласында 6% өсім бар. Шағын және орта бизнеске келетін болсақ, бүгінгі таңда оның көлемі 25%-ға артып отыр. Салада қызмет жасап жатқан азаматтардың саны 7000 адамды құрайды. Ал ішкі өңірлік өнім құрылымдарының үлесі 40 пайыз. Экономикаға тартылған инвестиция, қазіргі уақытта 63 млрд. теңгені құрауда. Сіздің халыққа арнаған Жолдауыңыз ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін бергені анық. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция бес есеге өсіп отыр. Суармалы алқаптардың көлемі биыл екі есеге артып, 72 мың гектарды құрады. Үкіметтен тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігімен элигациялық құрылымдарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудеміз. Өңірде 42 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтер қазіргі уақытта жұмысын бастап, нақты іске кірісті. Біздің Иранға сапарымыздан кейін, экономикалық қарым-қатынасымыз күшейді. 1500 тонна ет экспорттауға келісімшартқа қол қойылды. Соның бірінші партиясы, осы өткен айда Иранға кетті. Қазір де жұмыс жалғасуда. Бұл үкіметтің бақылауында тұр.

«Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары да кешенді түрде іске асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша 27 млрд. теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта мыңның үстінде жұмыс орны ашылуда. Мысалға, биыл тоғыз жаңа мектеп құрылысы жүрген болса, соның төртеуі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Сонымен бірге жол құрылысы да қарқынды жүруде. Тапсырмаңызға сәйкес, жолға бөлінетін қаражат едәуір өсті. Биыл да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орал қаласы мен Ресейдің Саратов облысы арасындағы 104 шақырым жолдың 86 шақырымы бітетін болады. Ал жалпы 500 шақырым жол жөнделмек, оның 200 шақырымнан астамы – республикалық маңызы бар жолдар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 78 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынды. Биыл жоспар бойынша 280 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынады, – деді өз есебінде Алтай Сейдірұлы.

Осы тұста Елбасы «Березов, Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру мәселесі бір жағына шықты ма? Не болды?» деген сауал тастады.

– Мәселе бақылауда тұр. Бірінші кезеңін өзіңіз білесіз, осыдан бір жарым жыл бұрын жасалған болатын. Қазіргі екінші кезеңде 400-ге жуық отбасы, 1500 адамды көшіру осы тамыз айында басталады. Бір қабатты 100 үйді толық бітірдік. 100 отбасы көшетін болады. Алғашқы лекте 20 отбасы келесі аптада қоныстанбақ. Екі қабатты, көп қабатты және тоғыз қабатты тұрғын үй қыркүйек айында толық бітеді. Балабақша құрылысы тәмамдалды. Жылыту маусымы басталғанға дейін толық көшіреміз, – деді облыс басшысы Елбасы сауалына орай берген жауабында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Тyбіртек тапсырып, сыйлық ұтты

Күні: , 31 рет оқылды

Өткен мамыр айында Сырым ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы көлеңкелі экономиканы жою мақсатында «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының басталғаны жөнінде хабарлаған болатын.


Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін акция жұмысы электронды форматта «Wipon» мобильдік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. ҚР-ның кез келген азаматы акцияға қатысушы бола алады. Ол үшін мобильдік бағдарлама арқылы фискалды түбіртектің суретін жіберу керек. Ойынға осы түбіртек қатысады. Кім көп түбіртек жіберсе, оның ұтысқа ие болу мүмкіндігі соншалықты мол. Акция жеңімпаздары ай сайын анықталып отырады.

Кешегі аптада Батыс Қазақстан облысында осы акцияның бірінші деңгейі бойынша шілде айының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздардың саны үшеу ғана екен. Солардың бірі болып Сырым ауданы, Өлеңті ауылының тұрғыны Азат Қарағойшиев болып танылды. Азат сауда жасаған жерлердің барлығында тұтынушы ретінде түбіртек талап етіп, заңның да, акцияның да барлық талаптарын тыңғылықты орындаған.

Сырым аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Ғұмаров «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының шілде айындағы жеңімпазы Азат Қарағойшиевті арнайы қабылдап, акцияның жүлдесін табыс етті. Жүлдеге әмбебап мультиварка бұйырыпты.

Осындай игі сыйлыққа ие болуға, тіпті көлік ұтып алуға әркімнің де мүмкіндігі бар. Ол үшін ұялы телефонға «Wipon» мобильдік бағдарламасын қондырып, сау-да жасаған жеріңізден түбіртек талап етіп, суретін жіберіп отырсаңыз болды. Акция жыл соңына дейін жалғасады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Шәкірттерді жаңарған мектеп күтеді

Күні: , 14 рет оқылды

Жетікөл ауылдық округіне жұмыс сапарымен барған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев округ орталығындағы Сырым орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарын мердігер серіктестік «ӨркенСЕРВИС» жүргізіп жатыр. Жобаның әуелдегі құны — 166 млн.


Серіктестік өкілдерінің айтуынша, күні бүгін нысанның жөндеу жұмысы 75 пайыз орындалып үлгеріпті. Іске маусым айына кіріскен мердігерлер мойындарына алған жұмысты мүмкіндігінше мінсіз атқаруға тырысып жатыр. Жөндеу жұмыстарына серіктестіктің 60 кәсіби құрылысшысы, жергілікті жердің 12 құрылысшысы және ресми жұмыссыздар есебінде тұрған 16 адам тартылған. Жұмыс күші толық болғасын, жұмыс та қарқынды жүруде. Қазір үш қабатты мектептің жоғарғы екі қабатындағы кабинеттер жаңа тақта мен партаны ғана күтіп тұр. Мектептің жылу жүйесі жүргізіліп болуға жақын. Шатыр ауыстыру, есік-терезелерді жаңалау, едендерді құю жұмыстары шамаласып қалған. Мектептің ауласы да жаңа шарбақпен қоршалады.

Нысанды тапсырудың негізгі мерзімі – қараша. Мердігер серіктестік болса, қарашаға қарап отырмай, мектепті жаңа оқу жылына дейін толық аяқтамаққа ниетті. Алла қаласа, Сырым орта мектебінің оқушылары 2017-2018 оқу жылын жаңарған мектептің жаңа партасында отырып бастайды.

Аудан әкімі округтегі сапары кезінде Сырым Датұлының дүниеге келгеніне 275 жыл толуы құрметіне Жетікөл ауылдық округінде өтетін шаралардың дайындығын көрді. Айта кетейік, келесі айдың аяғына дейін округ бойынша Сырым орта мектебінен басқа тағы үш бірдей нысан ағымдағы жөндеуден өтеді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Жүйелі жұмыстар жүзеге асуда

Күні: , 14 рет оқылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов Бөрлі ауданында болып, халықтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Березов пен Бестау тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысымен танысқан халық қалаулысы Ақсай қаласында құрылысы қарқын алған бірнеше нысанды көрді.


Березов пен Бестау тұрғындарына арналған жүз үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінде тұрғындар баспананы жекешелендіру құжаттарын рәсімдеуде. Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, әр аулаға құдық қазылып, қосалқы шаруашылық нысандардың да салынғаны белгілі. Әр баспанаға шамамен 20 млн. теңге көлемінде қаражат бағытталған.

Халық қалаулысы қос ауыл тұрғындарының талап-тілегі ескеріліп жатқандығына көз жеткізді.

Халық пен жергілікті биліктің ауызбіршілігі арқасында атқарылған жұмыстың нәтижелі болғандығына қанықты. Алғаш боп Аралталға қоныс аударған Владимир Березкин Мәжіліс депутатына жасалған жұмыстарға риза екендіктерін айтып, көшу мәселесінде ешқандай қиындықтың жоқ екендігін жеткізді. «Біз баспанамызға ризамыз. Бізге қамқор болған мемлекетке алғысымыз шексіз. Барлық жағдайымыз жасалып жатыр. Қала да жақын. Үйімізге жаңа жиһаздар сатып алған соң, бірден отбасымызбен қоныс аударамыз», — деген Владимир Березкин Шавхат Өтемісовке жаңа баспанасын көрсетіп, сапалы салынғандығын тілге тиек етті.

Жаңадан бой көтерген Аралтал шағынауданын көркейту жұмыстары қолға алынды. Жуырда 1200 адамға жер телімі берілмек. Баспана құрылысын бастайтын жандарға мұнда газ, су, жарық жүргізіліп, азық-түлік дүкені мен дәріханасы бар бизнес орталықтың құрылысы басталып кетті.

Депутат екі ауылдың халқы үшін салынып жатқан тоғыз қабатты қос тұрғынжайдың құрылысымен де танысты. Оның біреуі 153 пәтерден тұрады. Қарашығанақ-1 шағынауданындағы құрылысты «Азиятехстрой» және «АТК» компаниялары жүргізуде. Тұрғындар қос үйге қыркүйек айында көшіріледі деп күтілуде. Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынған.

Жолаушының діттеген жеріне кедергісіз жетуі үшін сапалы жол салу — Елбасының жергілікті атқарушы органдар алдына қойған нақты тапсырмасы. Ауданда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылы аудан бюджеті есебінен 38 шақырым жол қалпына келтіріледі. Халық қалаулысы жергілікті өзін-өзі басқару қаржысы есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Бірінші мамыр (Первомайский) көшесінің және «ҚПО б. в.» компаниясының қаржыландыруымен іске асып жатқан Цвиллинг атындағы көшенің жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Бірінші мамыр көшесінде 960 метр қашықтықтағы жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Одан бөлек бұл жобада көшені жарықтандыру жұмыстары мен осы көшеден шығатын жолдарға да асфальт төселетін болады. Бұл жұмыстарға 168 млн. теңге қаралды. «ҚПО б.в.» компаниясының өңірде іске асқан әлеуметтік жобасы негізінде қаладағы Мәметова атындағы және Железнодорожный көшелерінде жолдар пайдалануға берілсе, Цвиллинг атындағы көшеге асфальт төсеу жұмысы қыркүйек айының соңында аяқталады», — дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Өтегенов.

Өңірге жасаған іссапар барысында Мәжіліс депутаты дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Айта кету керек, нысан «ҚПО б.в.» компаниясының өңірде іске асқан әлеуметтік жобасы болып табылады. Барлық стандарттарға лайықталып салынған нысан қыркүйек айында аяқталып, балалар мен жасөспірімдер спорт мек-тебінің балансына берілетін болады.

Ақсайдан соң депутат Жарсуат ауылына ат басын бұрды. Өңірдегі «Жарсуат» серіктестігінің жұмысымен танысып, шаруалардың жағдайын көзімен көрді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы


«Ақжайықтағы Алаш іздері»

Күні: , 12 рет оқылды

Таяуда Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында Алаш қозғалысына жүз жыл толуына орай «Ақжайықтағы Алаш іздері» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.


Республикамыздың түкпіртүкпірінен алаштанушы ғалымдар, аталған аудан мектептеріндегі тарих пәнінің мұғалімдері, өлкетану мұражайларының жетекшілері және кітапханашылары жиналған шараға аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысты.

– Биыл Алаш үкіметінің құрылғанына жүз жыл толды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш арыстарының азаттық идеясын бізге аманат етіп кеткенін жазды. Алаш зиялылары көтерген идеялар Елбасының бүгінгі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен терең тамырлас. Ата-бабамыздың ерлігіне тағзым еткен ғылыми-танымдық конференция ауданымыз үшін қайталанбас тарихи оқиға болып табылады. Бүгінгі басқосуды өткізу үшін арнайы ұйымдастыру алқасы құрылып, еліміздегі белгілі жоғары оқу орындарына ақпараттық хаттар таратылған болатын. Аталған алқаның сараптамалық қорытындысы бойынша бізге жолданған 42 ғылыми еңбек іріктеліп, конференция жұмысына талқылауға ұсынылуда. Батыс Алашорданың құрамында Ақ Жайық өңірінен шыққан саяси күрескерлер де аз болмағаны белгілі. Олардың есімдері қалың қауымға әлі де бейтаныс. Конференция барысында Алаш үкіметі кезіндегі Ақжайық ауданының тарихы, Алаш қозғалысының ел егемендігі жолындағы рөлі, Батыс Алашорда қайраткерлерінің еңбегі, тарихтағы ізі, олардың ұстанымдары мен шығармашылығы хақында жаңа тарихи деректер ашылады деп сенеміз. Біздің шақыруымызды қабыл алып, Алматы, Атырау қалаларынан және облысымыздың өзге аудандарынан ат терлетіп келген ғалымдарға алғысымды білдіремін, – деді Әділ Тауфиқұлы.

Төрт кезеңнен құралған конференцияның алғашқы бөлімінде филология ғылымдарының кандидаты, белгілі алаштанушы Мақсат Тәж-Мұрат «Азаматтар бар еді, күрек тісіміз сықылды» атты баяндамасында жергілікті қайраткерлер жөнінде бірнеше деректерді алға тартты.

– Батыс Алашорданың, соның ішінде Ілбішін-Тайпақ алашордашыларының өмір деректері, жергілікті Алаш мекемелерінің хақында төрт аяғы түгел, іргелі зерттеулер жоқ. Оның бірнеше объективті себептері бар. Біріншіден, архивтік құжаттардың басым көпшілігі Ресейдің қалаларында жатыр. Ал Ресейде мұрағат қорын өңдеуге, цифрлеуге, мәлімет базасын жасауға федералдық бюджеттен бөлінетін қаржы мардымсыз, өз тарихын түгендеуге әзер жетеді. Мұндай жағдайда сала мамандарының қазақ сияқты бөгде халықтарға қатысты мәліметтерге қолдары жетпейтіні өзінен-өзі түсінікті. Ал жұмыс көп. Бір ғана Мәскеу архивтерінде Алашордаға қатысты деректерден 11 қор жинақталған. Қағаз 150 жылға дейін шыдайды. Бірақ оның бетіне сиямен, химиялық қарындашпен түскен таңбалардың, телеграф ленталарының ғұмыры ұзақ емес. Сондықтан енді бір он жылда әлгі материалдар өңделіп, оцифровка жасалмаса, кеш болып қалуы мүмкін. Бұдан шығатын жалғыз жол – Қазақстан тарапынан Ресей архивтеріне арнайы тапсырыс беріп, қолжетімді деректерді компьютерлік базаға түсіру, – деді Мақсат Әнесұлы.

«Ел аумағын түгендеген Танашев» тақырыбындағы баяндамасын оқыған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Мәңгілік ел» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет конференцияның тарихи маңыздылығына тоқталды.

– Көп тарихи тұлғаларымыздың жарқын бейнелері мен халыққа сіңірген өлшеусіз еңбектеріне реалистік тұрғыдан баға берілмеді. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев. Алаш қайраткері У. Танашевтың Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлігін нақтылауда және екі елдің шекарасын шегендеуде істеген ерен ісін өскелең ұрпақ жадында ұстауы тиіс, – дейді Аққали Ахмет.

Келесі сөз кезегіне ие болған М. Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстарының арманы: тарих және тағылым» атты баяндамасымен таныстырды.

Бұдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов Алаш қайраткерлерінің тарихын зерттеуге атсалысып жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, екінші топтың құрамын таныстырды. Аталған топ құрамында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова «Жаһанша Досмұхамедов – күнбатыс Алашорда мемлекетінің жетекшісі», облыстық дін істері басқармасының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов «Алаш зиялыларының дәстүрлі дін үшін күресі», Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы «Жазықсыз жазаланғандар» атты баяндамаларын жиналған қауым назарына ұсынды.

Ал үшінші топтың құрамында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Бақтылы Боранбаева «Алаш арыстарының өнегесі», тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин «Қажығали Мәулімберлі және ХХ ғасырдың басындағы өлкедегі қоғамдық-саяси жағдай», Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров «Ақжайықтан шыққан Алаш арысы – Бақтығали Бисенов» атты ғылыми жұмыстарын ортаға салды.

Ардагер журналист Бақтығали Қоспаев, Атырау облысы, Индер ауданы, Мұрат Мөңкеұлы атындағы мектептің жоғары санатты тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Сағынбай Керешев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева келесі кезеңде сөз алды. Олар «Хамза Есенжанов және Алаш», «Ақжайықтық Алаш арыстары», «Алаш қозғалысы және тәуелсіздік идеясы» тақырыптарында баяндама жасады.

Түскі үзілістен кейін конференцияға қатысушылар дөңгелек үстелде бас қосып, жоғарыда оқылған баяндамаларды талқылап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

– Конференцияда маңызды мәселелер көтеріліп, Ақ Жайық өңіріндегі Алаш қайраткерлері туралы көптеген тың деректер айтылды. Алматыдан келген алаш зерттеушісі Мақсат Тәж-Мұраттың баяндамасы өте ерекше болды. Ол жергілікті жердегі Алаш қайраткерлері туралы біраз мағлұмат берді. Жиынға қатысқан ғалымдардың ой-пікірлерінде жаңа серпіліс, жаңа тыныс барын сездім. Түстен кейін жалғасын тапқан дөңгелек үстелде де жақсы тақырыптарға шолу жасалды. Бүгінгі тың ұсыныстардың бірі – Алаш офицері Айтқали Абылаевтың ақталу мәселесі. Ақталмаған алаштың қайраткерлері бірнешеу болуы мүмкін. Соларды зерттеп, ақтап, артарында қалған ұрпағына, қазақ халқына игі іс жасауымыз керек. Екіншіден, Ақ Жайық өңірінен шыққан, Батыс Алашорданың мүшесі болған Иса Қашқынбаевтың денесі Ташкентте жерленген. Сол жерге барып, қайраткеріміздің басына дұға етіп, құлпытасын орнатсақ, елдігіміздің белгісі болар еді. Үшіншіден, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедов 1917 жылы Шора Ислам съезінде мүшелікте жүріп, зор қызметтер атқарған болатын. Ол түрік тілдес халықтардың діни басқармасын құрды. Сонымен қатар Лениннің рұқсат қағазымен Ресейдің сақтауында болған ескі Құран-Кәрімді елге алып келді.

Алайда дәл сол Құран-Кәрім бүгінде өзіміздің елде емес, Өзбекстанның Ташкент қаласында сақтаулы. Құран-Кәрімді елге алдыртсақ, тым болмаса көшірмесін жасатсақ, дұрыс болар еді. Төртіншіден, Алаш тұлғалары әлі де зерттеліп, зерделенуі тиіс. Бұл жолда ғалымдарымыз көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың басын біріктіретін белгілі бір орта жоқ. Тым құрығанда, Алаштың туы тігілген жерде зерттеу орталығы құрылып, зерттеу жұмыстары бір жерде жүйеленіп, таразыланып, мәліметтері тексеріліп, кітаптар басылып шығарылса дейміз. Болашақта бұл бағытта мектеп оқулығын да құрастырып, оған жергілікті қайраткерлерімізді енгізсек, ұлттың жаңғыруына үлкен септігін тигізер еді, – дейді Дәметкен Сүлейменова.

Ауқымды шара соңында аудан әкімі Әділ Жоламанов жан-жақтан жиналған ғалымдарға алғыс- хаттар мен естелік кітаптар табыстады.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Қалай демалдың, балақай?

Күні: , 94 рет оқылды

Бала біткеннің асыға күтетін жазғы демалысы да аяқталуға таяу. Тоғыз ай бойы мектеп партасынан шаршаған әр баланың жазғы демалысқа құратын жоспары болады. Ауыл мен қала баласының жазғы демалысы бір-біріне ұқсамайды. Ауыл баласы қалаға келуді армандаса, қала баласы ауылға барып, таза ауамен терең тыныстап, бой жазғанды жөн көреді.


Жақында редакцияға ауылдағы балалардан қалай демалып жүргендерін баяндаған хат келді. Ауылдағы күндерін шынайы суреттеуге тырысқан жас өрендердің сәлемхатын оқырман назарына ұсынамыз. Осы орайда біз «Қаланың балалары қалай демалып жатыр екен?» деген сауалмен бір-екі баланы әңгімеге тарттық.

Жанерке ШАЯХМЕТОВА,

Теректі ауданы,

Шаған ауылы:

— Жасым онда. Менің жазғы демалысым керемет өтуде. Өйткені ауылда тұрамын. Сізге жаздың әр күні қалай басталатынын айтып берейін бе?.. Күнде таңертең ерте тұрып, қаздарым мен тауықтарымды далаға шығарып, бағамын. Барлығы ұйқыдан тұрып болған соң анама үй жинауға көмектесемін. Түскі астан соң демаламыз. Бәріміз тамақ ішіп алып, душқа су құямыз. Терімізді басып, жуынып аламыз. Бақша суарып, арамшөптерін жұлуға көмектесемін. Кір жуамыз. Барлық жұмыс біткен соң, достарыммен ойнауға шығамын. Кешкілік достарыммен велосипед теуіп, суға түсуге барамын. Осы жазда мен анаммен, апатайыммен бірге жүн түтіп, көрпе жасауға қолғабыс еттім. Жаздың әдемі бір күнінде отбасымызбен нағашы атама қыдырып бардық. Ол туған күніме қой сойды. Өте керемет естен кетпес демалыс болды. Тағы бір қызығы, құрбыларыммен мұғалім болып, ойнағанды жақсы көремін. Өйткені өскесін анам сияқты мұғалім болғым келеді.

Жаз кезінде ата-анам бізді қаладағы саябақтарға, ойын алаңдарына апарып, қыдыртып тұрады. Ауылдағы кітапханаға барып, қосымша кітаптар алып оқыдым. «Балапан» арнасынан балаларға арналған бағдарламалар қарағанды ұнатамын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңілімді ойнатып, оған қарау да маған жүктелген. Осылайша көзді ашып-жұмғанша жазғы демалысым аяқталып қалды. Енді сабақ басталады. Демалыста жинаған күш-қуатымды сабақты жақсы оқуға жұмсайтын боламын.

 

Нұрсұлтан ТАЛҒАТҰЛЫ,

Ақжайық ауданы,

Қызылжар ауылы:

— Мен 7-сыныпты аяқтап, 8-сыныпқа көштім. Жазғы демалысым ойдағыдай өтуде. Демалысымның көп бөлігі ауылда, үй шаруасына көмектесумен өтті. Ауылда тұрғандықтан, шаруашылығымыздағы азды-көпті малымыз бар. Соны қараймын. Күнде қайталанып отыратын үйге шелектеп су тасу, су төгу, ауладағы гүлдерді суару, қораны тазалау, таңертең бұзауларды жайылымға шығару, кешкілікте іздеп тауып әкелу, қойды түгелдеу сияқты жұмыстардың бәрі мойнымда. Осы шаруалар реттелген соң, ой рахат, кешкі ойын басталады. Ауыл шетіндегі көгалға жиналып, ойын қызығына батамыз. Айтпақшы, мен анама ылғи кілем, палас жууға да көмектесемін. Биыл алғаш рет қой қырқуды үйрендім. Әкем екеуміз ауладағы шағын моншаның құрылысын бастадық. Жұмыс көп.

Өзіме жаз мезгілі қатты ұнайды.

Қаладан қыдырып келген туысқандарымызды Жайықтың жағасына апарып кәуап пісіріп, демалдық. Осылайша жазғы демалыстың әр күні зулап өте шықты. Осы жаздың тағы бір қызық сәті – балалармен бірге Жұбан еліне барғанымыз болды. Ақын атамыздың ескерткішіне гүл шоғын қойып, өлеңдерін оқыдық. Сол ауылдағы мәдениет үйі мен кітапхананы аралап, жақсы әсер алдық. Осы саяхатты ұйымдастырған кітапханашы Анар апай мен тәрбие ісінің меңгерушісі Амандық ағайға алғысым шексіз. Биыл қалаға балалар күніне орай және нағашымның тойына барып қайттым. Қалада қыдырған керемет, бірақ ауылдағыдай еркін жүре алмайсың. Ауылымды ерекше жақсы көремін. Тек ауылда футбол ойнайтын стадион жоқ. Егер қолымнан келсе, туған ауылыма үлкен стадион салып бергім келеді… Биыл жазғы демалыста келген ой.

 

Айнара ДВАШЕВА,

№25 орта мектептің 4-сынып оқушысы:

— Мен Ақсай қаласында дүниеге келгенмін. Жазғы демалысымның әр күні қызыққа толы. Жақында ғана Ақтөбе қаласынан келдім. Ол жерде «Мега» орталығында өте қызықты ойындарға қатыстым. Түрлі тақырыптағы көрмелерді араладым. Бос уақытымда үйде әжеме, анама көмектесемін. Әжемнің көзі көрмейді. Сол кісіні жетектеп, серуенге алып шығамын. Әжем маған қызықты әңгімелер айтып береді. Осы жазда жүгері сатып, еңбек ете бастадым. Одан түскен қаржыға әжеме дәрі, өзіме балмұздақ сатып аламын. Жүгері сатуға шыққалы, үйге келетін әр заттың адал еңбекпен келетінін түсініп жүрмін. Бұрынғыдай ақшаны қажет емес, керексіз нәрселерге жұмсамаймын. Ата-анама оқу құралымды өзім сатып алсам да, пайда жасағым келеді. Қазір мен 4-сыныптың кітаптарын оқып, сабағыма дайындалып жүрмін. Мен үшін сабақ бірінші орында. Болашақта бизнесім болғанын қалаймын.

 

Асылжан ЗӘКӘРИЯ,

№20 мектептің 9-сынып оқушысы:

— Мектеп жасындағы әрбір оқушы жазғы каникулды асыға күтеді. Себебі күнделікті ерте тұрудан, сабаққа барудан, дайындалудан бір мезет шаршайсың. Әр бала үш ай демалысын қызықты да тиімді өткізуге тырысады. Осы каникулды жақсы өткіздім. Ерте көктемде отбасымызбен аулада жер қопсытып, бау-бақша салғанбыз. Демалысымның көп бөлігін сол бақшаны баптауға арнадым. Ерте тұрып, су құямын, арамшөп жұламын. Еңбегіміз зая кеткен жоқ. Бүгінде сол көкөніс дақылдарының жемісін жинаудамыз. Бұл да болса ата-анама қолқабыс еткенім.

Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде отбасымызбен туған ауылымызға баруды дәстүрге айналдырдық. Жыл сайын ауылдағы ағайын-туыспен, бұрынғы сыныптас достарыммен амандасып келуге асығамыз. Өзіме ауыл қатты ұнайды. Ауылда болған аз уақыттың ішінде жайлауға барып қой бағып, өзенге шомылып, уақытты қызықты өткіздім. Көл жағасында тұратын ағамыз бізге, яғни жан-жақтан қыдырып келген тума-туыстың балаларына арнап қой сойып, қуырдақ, кәуәп жасап берді. Кешкісін аулаға музыка қосып, бәріміз көгалда би биледік. Естен кетпес тамаша кеш болды.

Енді аз уақыттан соң жаңа оқу жылы басталады. Үш ай демалыста жақсы демалып, тың күш жинап, білім алуға кірісеміз.

 Бізбен тілдескен әр баланың сөзінен ұққанымыз – олардың бәрі жазғы демалысты еңбекпен ұштастырған екен. Ал сен қалай демалдың, балақай?

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жарман қазірет

Күні: , 83 рет оқылды

Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылынан жиырма шақырымдай қашықта Тұрғанбай елді мекені орналасқан. Ал Тұрғанбайдан оңтүстік-шығыс бетке қарай төрт-бес шақырымдық жерде Жарман мешіті аталатын орын бар. Жергілікті халық бұл орынды киелі санайды.


Осынау маңайға қатысты қызықты оқиғалар республикаға танымал жерлес жазушы Құрманғазы Қараманұлының кітабында көркем шығарма түрінде өрілген. Ал аталған елді мекенге аты берілген Тұрғанбай қарттың немересі, жергілікті өлкетанушы Әзербай Кенжеғалиевтің балалық шағы осы жерде өткен. Ол өз еңбектерінде Жарман қазірет, оның мешіті және аталас ағайындарының тарихы туралы кеңінен қалам сілтеп келеді. Жарман ата Ақсары ысықтың Қоскелді бөлімінен тарайды, Әзербай ағай – оның аталас туысы.

1891 жылы осы өңірде дүниеге келген Науқан есімді молданың жазушы Құрманғазы Қараманұлы магнитофон кассетасына жазып алған әңгімесінде Жарман мешіті туралы айтылған. Аталмыш сұхбат «Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы №4 және №18 сандарында жарияланған еді.

— Құлақшиде құлаған мешіттің орны бар. Ол біздің мешіт, Жарман-Жармұхамед қазіреттің мешіті. Жармұхамед деген менің тумам. Үлкен оқымысты, ғалым кісі. Мешітін 1928 жылы үкімет адамдары бұзды ғой. Ол жерде үлкен шәр болған. Менің мекенім сонда, Қалдығайты өзенінің бойындағы Құлақши деген жерде еді, — дейтін онда Науқан ата.

Анабір жылдары Жарман қазірет мешітінің орнына оның ұрпақтары келіп, ата рухына тағзым етіп, көрнекті белгі орнатыпты.

— Қазірет мешітінің орнына белгі ретінде қойылған әр тастың салмағы 2,5 тонна шамасында. Тас белгідегі жазуды жұмыстан кейінгі уақытымды пайдаланып, үш аптаның ішінде өз қолыммен жазып шықтым, рамазан айында дайын болды. Белгіні орнатқан соң сол кезде Жігерлен ауылында тұрған Қанат Тоғайбайұлының үйінде садақа бердік. Бізге белгі орнату туралы ой келіп, қазіреттің Сайфолла есімді шөбересі мешіт орнын іздеп барғанда, жол көрсетуші Қанат болатын. Сайфолла Жігерленге жетіп, жөн білетін кісілердің нұсқауымен Қанатқа жолығады. Қанат «Күткен қонағым сіз болдыңыз, негізі бүгін жол жүруім керек еді, түсіме бір қарт кісі еніп, қонақ қарсылауым керек екенін айтты» — депті. Қазіреттің бірінші әйелі қайтқасын, екінші рет үйленсе керек. Екінші әйелінің есімі – Жамал. Одан 1928 жылғы Ысқақ есімді ұлы болады. Ол 2013 жылы дүние салды. Жарман қазірет атамыз ұжымдастыру болып, туған жерден көшкенде ұлы Ысқақ емшектегі бала екен. Қазірет сол көшкеннен Сегізсайдың үстімен, Електен өтіп, Башқұртстанға дейін барады. Бүгінде Ақсай қаласында тұратын, тоқсан жасқа аяқ басқан ысық Мүтиғолла есімді атай сол бетте қазіретпен жүздескен, бала күнінде оның қолынан ет асаған. Ол Жарман ата мешітінің орнына белгі қойған кезімізде ұлғайған жасына қарамастан, қазіреттің туған жерін көруге арнайы келді. Жарман ата ҰОС жылдарына таман елге қарай жылжып, Орынбор облысының Сухоречка деген жеріне келіп тұрақтайды. Сонда жерленген. Атаның жатқан жеріне аяқтай барып, арнайы зиярат еттім. Жарман атаның пері оқытқаны айтылады. Оның Нәпиза деген қызынан Алтынай деген жиені болады. Мен Алтынайдың ұлымын. Жарман атаның Нәпизадан кіші қызы жуырда қайтыс болды. Қазіреттің немере-шөбере, жиендері бар, бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Әжелеріміздің айтуынша, Жарман атаның кітаптары мешіт аума-ғында, бес метрдей тереңдікке көмілген. Жарман атадан «Мешітке көмілген заттарыңызды біреулер қазып алып кетпей ме?» дегенде, «Оны ешкім ала алмайды, өзінің қараушылары бар» деген екен.

Бұл әңгімені баяндаушы қазіреттің Жеткін есімді жиеншары. Бүгінде Жеткін Ермұқанов Ақсай қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етеді.

Мен, осы мақаланың авторы Жеткін ағаймен бірге Жарман қазіреттің Ақсай қаласында тұратын немересі — Серік Ысқақұлының үйінде болдым. Онда қазіреттің Құраны мен қолжазбалары сақталған екен. Араб қарпіндегі елу беттей қолжазбаны суретке түсіріп алдым. Құран кітабының алғашқы беттеріндегі таза, ақ парақтарда 14 бет қолжазба бар. Мұның сыртында Құран беттеріндегі негізгі мәтіннің шет жағындағы бос орындарда араб қарпіндегі қолжазбалар кездеседі.

Атақты ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбековаға Facebook әлеуметтік желісі арқылы хабарласып, аталмыш қолжазбаның кейбір парақтарын оқып беруін өтінген едім. Ол кісіден төмендегідей жауап келді.

Бірнеше парақ Құран-Кәрімнің беттері екен, литографиялық басылым. Сыртқы мұқабасын суретке түсірген кітап Құран-Кәрім. Ал кәдімгі дәптер бетіне жазылған дүниенің тілі түрікше, яғни ескі қазақша десек те болады. Онда Құран-Кәрімнің ішінде кездесетін кейбір сүрелер мен аяттардың қалай аударылғанына өзінше түсінік беріп, оларды қалай оқу керектігін жазып отырғаны белгілі болды. Ол дегеніміз ақсақал арабшаны өте жақсы білген (әрине, егер жазу ақсақалдікі болса) және тек біліп қана қоймай, Құран- Кәрімнің тәпсірімен жақсы таныс болған. Және сол тәпсірлер мен Құранның аудармаларын оқи отырып, өзінше түсінгендерін бөлек дәптерге жазып отырған. Шәкірттерге түсіндіруге ыңғайлы болсын деп жазған болуы мүмкін деп шамалаймын. Маған жіберген екі түрлі еңбек болды. 1-Құран-Кәрім бірнеше парақ және сыртқы мұқабасы. 2-ақсақалдың дәптері, оның өзі екі түрлі дәптер екен. Алайда екеуінің де мағынасы бір. Құранның өз мәтіні ғана бар. Алайда тәпсірі жиектерге кейіннен сиямен және қарындашпен жазылған. Профессионалды тұрғыдан тәпсір болмаған соң, бұл еңбекті Құранның тәпсірі деп атай алмадым. Әрине, егер бұл жиектерге жазылған жазулар ақсақалдікі болса және ол анықталса, онда ақсақалдың Құранға жазған тәпсірі деуге болады. Бірақ мендегі бір парақта жиектерге жазылған жазу көп, екінші бетте аз, үшінші бетте ешқандай жазу болмауы да мүмкін. Сондықтан бүкіл парақтарын көрмей тәпсір деп толық айтуға болмайды. Құран екендігіне күмән жоқ және оның литографиядан жарық көрген жылы 1295 (Хижра жыл санауымен. — автор) деп тұр. Құран-Кәрім хазіреті Османның Құранының негізінде жарық көрген, тәпсірі мен оқылуына қарай белгілер қойылған деп алғашқы бетінде жазылған. Алайда тәпсірін көрмеген соң ештеңе дей алмаймын. Сыртқы безендірілуіне қарағанда, Қазанда басылып шыққан Құранға ұқсайды. Құранды оқыған адамдар алғашқы бос парақтарға және соңындағы бос парақтарға түрлі жазулар жазып қалдыратын болған. Алайда ол сөздердің мәні кітаптың негізгі мазмұнынан басым емес. Яғни кімдердің кітабы болды, кімнің қолында болған кітап деген тұрғыдан ғана маңызды. Құран кітабының алдыңғы және соңғы бос парақтарына жазған жазуларда ерекше бір көзге түсетіндей ештеңе жоқ. Ал дәптерлерді арнайы бір адамға беріп аудартып, ішкі мағынасын ашуыңа болады. Дәптер парақтарының бірінде адам қай жылы қайтыс болса, оның жайы не болады дегенді Құран аяттарымен түсіндірген. Әри-не, бұл тек бір парағы. Басқа парақтарды да көру керек. Басқа парақтарда басқа тақырып болуы мүмкін. Менің түсінгенім, жылмен санағанда 84 жас, әр жасты 9 аймен есептегенде 97 жас, және бәрі бәлен ай депті. Фото анық емес, үлкейтіп оқиын десем, әріптер одан сайын бұлдырайды.

Ғалымның осы жазбасына қарап, Жарман қазіреттің ұстаған Құран кітабы мен жазған дәптерлері арнайы зерттеуді талап ететінін ұғуға болады.

Қазірет ұрпақтарына оның мешітінің орнын көрсетуде қолұшын созған Қанат Тоғайбайұлымен арнайы жолықтық.

— Бұрын Жарман қазірет жайында ештеңе білмейтін едім. Бір күні түсімде бұзылып, жарлары қалған ғимарат көрдім. Біреу «Жарман, Жарман» дейді екен. Оянғасын әкемнен: «Папа, осы жарман деген не зат?» деп сұрадым. «Ие, ол Қалдығайты суының арғы бетіндегі мешіт орнының атауы ғой» — деді әкем. Біраздан кейін атқа мініп, судан өтіп, Жарман қазірет мешітінің орнын арнайы барып көріп келдім. Одан кейін тағы түс көрдім. Екі қарт кісі келіп тұр екен. Біреуі шағындау келген, үстіне тізеден келетін жасыл түсті қысқа шапан киген. Шапанының өңірі алтын түспен әдемі түрде өрнектелген. Сол кісі маған: «Жарманнан келдік» деп қылыш ұсынып тұр екен. Қылышты қолыма алып қарасам, жалпақ жағына арабша жазулар бедерленіпті… Бірде аудан орталығына жол жүретін болып ұйқыға ертерек жаттым. Таңда оянсам, арқама шөп қадалып тұрғандай бірдеңе батып тұр. Анама көрсетіп едім, «Ештеңе жоқ» — деді. Содан жолға шықтым. Егіндікөл жақтан ішінде бос орын бар бір мәшине келе жатты. Қол көтеріп едім, тоқтамады. Одан кейін «Жедел жәрдемнің» уазигі де кідірмей өте шықты. Таңда ұйқылы-ояу жатқанымда, түсімде біреу: «Келеді, саған келеді» деп еді. Түс көріне береді ғой деп оған мән бермегенмін. Амал жоқ, көліктің реті шықпағасын үйде болдым. Түске таман үйдегілер сені бір кісі іздеп келіп тұр деді. Шықсам, бейтаныс ағай тұр. Жарман қазіреттің ұрпағы Сайфолла есімді кісі екен. Әуелі Егіндікөлде тұратын Қайыррахман атаға барған екен, ол кісі «Жігерлендегі Қанатқа барыңдар, мешіт орнын сол көрсетеді» — депті. Сөй-тіп, жол бастаушы болып Жарман мешітке барып келдім. Бір қызығы, сол күні түс қайта сағат үштің шамасында аяқ астынан Қаратөбеге баратын көлік табыла кетті. Аудан орталығындағы шаруаларым да оңай үйлесіп, кідірмей кешкі сағат сегіздерде ауылға қайтып келдім. Үлкендердің айтуынша, Жарман қазірет Құлақшидегі алпыс үйді қамқорлаған екен. Мұқтаждық туындағанда, Шыңғырлаудың базарына ұшып барып келген деген әңгіме айтылады. Әкем Тоғайбай 1935 жылы туған. Бала күнінен дін жолына бейім болыпты. 15 жасына дейін Смағұл деген қарттан діни бағытта аздап сабақ алып жүріпті. Соны байқап қалса керек, бір күні өзімен қатарлас қалжыңбас бозбалалар әкемді жабылып жығып, күштеп аузына темекі қыстырады. Әкем содан кейін Смағұл қартқа барғанда: «Жарайды, балам, сен енді бұл жолға алаңдамай-ақ қой» — депті. Сол Смағұл қарт па, әлде басқа оқымысты адам ба екен, анығын білмеймін, әкеме: «Қара судың ұйығанын көрерсің, сол суды қорықпай іш» — деген екен. Әкем жұпынылау тірлік кешіп, сиыр бағып жүрген кезінде жаз мезгілінде ертемен малға тұрып, қолын жуайын десе, құмандағы су ақпайды. Қара су қоюланып тұр екен. Үлкен кісінің айтқаны есіне түскен әкем суды ішіп алады. «Содан кейін жұмысым жүріп, алдыма мал бітті, шаруам алға басып, қатарға қосылдым» — дейтін әкем. Руымыз – Алаша. Алашаның ішінде Сарысы, оның ішінде Тілемістен тараймыз, — дейді Қанат Тоғайбайұлы.

2016 жылдың сәуір айында табиғат аясында демалып жүргенімде, Жарман қазірет мешітінің орнын көрудің сәті түсті. Ол жерге Қалдығайты өзенінің Тұрғанбай елді мекенінің тұсындағы екі тармағынан қайық арқылы өтіп бардық. Мешіт жарының бір бөлігі құламаған күйі әлі күнге сақталыпты. Айналасында ұзын әрі енді болып келетін үлкен орлардың орны анық аңғарылады. Мешіттің батыс іргесіне таяу орналасқан, төмпешіктері тегістелуге айналған ескі қорым бар екен. Қорымның солтүстік шетінде жалғыз ғана құлпытас сақталған. Онда кирил қарпімен алаша Шотқара руының адамы жерленгені жазылыпты.

Мақаланы жазу барысында бала күнінде қазақтың дәстүрімен Жарман қазіреттің қолынан ет асаған Мүтиғолла қартпен жолығудың да сәті түсті. Ол Ақсай қаласында тұрады. Бүгінде жасы тоқсаннан асқан Мүтиғолла атай бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмайтын жан екен. Ол Жарман қазіретті былайша еске алады:

— Жарман қазіретті көрген кезде мен бала едім. Ол орта бойлы, жауырынды, жарасымды етіп қойған сақал-мұрты бурыл тартқан, жүзі шырайлы, не айтса да орта дауыспен нағыз саңырау естімегенімен, құлағының тосаңдығы бар адам ұққандай етіп анық сөйлейтін жан еді. Башқұртстанда аралары жеті-сегіз, он шақырымдай болатын ауыл көп қой. Бір ағып жатқан су болса, соның арғы бетінде бір ауыл, бергі бетінде бір ауыл отырады. Жарман қазірет пен менің әкем бір ауылда тұрған жоқ. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демекші, екі қазірет бір ауылда тұрғандарын қолай көрмеді ме екен. Бірақ араларында ондай араз-ашулары жоқ еді. Олар бірін-бірі жұма сайын болмағанымен, айына бір рет көрмей тұрмайды. Жарман ата менің Құран оқығаныма кереметтей риза болатын. Бірде сол үшін шиланын ашып, жиырма тиын ақша берді. Содан кейін оның келе жатқанын көрсем, қолыма Құран ұстап отыра қалатынды шығардым. Ол кісі де: «Ә, Құран оқып отыр екен» — деп шиланынан он бес-жиырма тиын алып, маған ұсынатын. Менің аяғым ақсақ, ат туару, суару, жегу секілді жұмыстарға жарамаймын. Әкем сол себепті қасына көбіне менен үш жас үлкен ағамды алып жүретін. Жарман қазірет пен әкемнің асықпай, жайлана отырып ішкен шайлары шамамен екі сағаттай уақытқа созылар еді. Ол күндегі әйелдер де шай құюға ерінбейді ғой. Әдетте екеуінің қолында да арабша жазылған бір-бір кітаптан болады. Бірі сұрайды, екіншісі тыңдап, жауап береді. Сөйтіп, алма-кезек сұрақ-жауап біразға созылады. Сонда шынымен білмей сұрай ма, әлде бір-бірінің білімін шыңдаңқырап алайын дей ме екен, кім білсін. Ол кезде біз мән бермейміз, нанға май жағып берсе жеп алып, жайымызға кететінбіз. Бірде әкеме ілесіп, Жарман атаның үйіне бардым. Шай ішілгесін әкем маған: «Сен осында бол, мен бір жерге барып келейін» — деп кетіп қалды. Бірақ қонып келетінін айтпады. Содан мен Жарман атаның қойнында жаттым. Әкем ертеңіне түс қайтқасын келді. Мен ол кезде жас баламын ғой, біртүрлі әкемді сағыныңқырап қалғандай жылағым келді. Бірақ әйтеуір тамағым тоқ болғасын, сыр бере қоймадым. Әкем қайтып келгенде, қазіреттің үйіне тағы бір кісі келе қалды. Содан қой сойылған жоқ, бірақ ет асылды. Сол жолы Жарман ата маған өз қолынан ет асатқаны есімде. Соның артынан Жарман ата біздің ауылға келді. Онда әкем үйде жоқ еді. Қазірет бесін намазын оқып алып, шай ішті. Ол самаурыннан тамыздырмай, қызыл шайды ақ құманның өзінен ғана ішетін. Екі-үш аяқ ішілген сайын құманға су құйып, бір шөкіп шай үстеп әзірлеп отырады. Әкем де шайдан үлесін жібермеуші еді, бірақ тап Жарман атадай қызартып ішпейтін. Жарман атаның жуан сұр биесі болды. Сол биесімен башқұрттарға бақшалық жерін жыртуға жалданады. Сондайда қасында башқұрттың бір шалы: «Қазірет, қазірет, тереңірек, тереңірек» деп жүргенін көрдім. Түренді тереңірек жібер дегені ғой. Сонда Жарман қазіреттің өзі де шаршамайды, жалғыз аты да терлемейтін. Әкемізде де жалғыз ат болды. Бірақ ол біреумен бірігіп, атты қосарлап жалданатын. Аттар соның өзінде болдырып жатады. Бір күні әкем: «Өнебойына Қамидолланы ілестіріп, сені тастап кетіп жүрмін, жүр, атаңа барып сәлем беріп қайтайық,» — деді. Содан он-он екі шақырым жердегі Жарман қазіреттің ауылына келдік. Жатарда майын бетіне шылқытып, дырау табақ қылып, сөктен төп пісірді. Әлгіден жеп алып, ұйқыға жаттық.

– Қарағым, Құрбанғали, осы жерге қазық қағамыз, соның топырағы шықпайды, сол топырақ қайда кетеді? – деді Жарман ата әкеме.

— Ой, Жареке-ай, соны білмей сұрайсың ба? – деді әкем.

— Әрине, білмеймін ғой, білсем сұраймын ба, — дейді Жарман ата.

Сонда әкемнің берген жауабы:

— Жерге қазық қаққанда топырағы шықпайтыны туралы ібіліс пайғамбардан келіп сұрапты дейді. Пайғамбар айтыпты:

— Бір үйге қонақ келсе, қонаққа үй иесі бола тұрып барын бермесе, әлгі топырақ үй иесінің көзіне құйылады. Үй иесі барын беріп, қонағы риза болмаса, топырақ қонақтың көзіне құйылады. Үй иесі барын беріп, қонақ та риза болса, ібіліс, топырақ сенің көзіңе құйылады.

— Ә-ә-ә-ә, — деді Жарман ата дауысын созыңқырап. Қос қазірет әңгімелерін жалғастыра берді.

Мен ұйықтап қалдым. Ертеңіне Жарман қазірет: «Қарағым, Құрбанғали, бір-екі сағат кідір. Жеңгең түндегі сөзіңнен «Көзіме қиқым түседі» деп бүркеніп жатты» — деді. Кешікпей сақтаулы тұрған бір жуан қазы қазанға салынды. Сүр болғанмен, жылдам піседі ғой, ақыры ол қонағасыны да жеп аттандық. Қазірет қазының барын біледі де, асқызуға тікелей айтып араласпай, кемпірі түсінсін деп тұспалдап жеткізгені екен. Әкем соғыстан асқазаны аурулы болып оралды. Бір күні қайдан естігенін білмеймін, «Жарман аталарың марқұм болыпты» — деді. Жағдайымыз нашарлау еді. Шешем барлы-жоқты ұннан шелпек пісіріп, әкеміз Құран оқып, бетімізді сипадық. Жарман қазіреттің зиратына үш рет бардым. Орынбор облысындағы Сухоречка деген мекенде орналасқан. Қасында құдық, малдың қорасы бар екен. Онда барғанымызда, қазіреттің әйелі жағынан бір жақындарының үйінен дәм таттық. Олардан «Атаны мал қораның қасына қойғандарың не?» деп сұрап едім, «Әуелде бұл маң дала болды, колхоз бірнеше жерден құдық қазып еді, ешбірінен су шықпай қойды. Ақыры, Жарман ата зиратына жақын жерден қазылған құдықтан су шығып, қасына мал қора салынды» — деді.

Мүтиғолла қарттың Жарман қазірет туралы естелігі осындай. Оның әкесінен естуі бойынша, Жарман ата діни білімді Уфадан алса керек. Бір таңғаларлығы, Ресей жеріне өткен соң қазіреттерді ешкім қудалап, соңынан түспеген. Мүтиғолла қарттың әкесі Құрбанғали қазірет Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылына жақын маңдағы Шым деген ойпатта мешіт ұстаған. Шымның бойы олардың арғы аталарынан бері еншіге тиген жерлері екен. Қазірет Құрбанғали Қуанышқалиұлы Оралдың түрмесінен (Қырықтұрба) босағасын, оған сол кездегі Орал облысының топырағын бес жылға дейін басуға рұқсат етілмеген. Сол себепті ол 1928 жылдың күзінде отбасы мен мал-мүлкін алып, Башқұртстан жеріне көшкен. Батыс Алашорда үкіметінің рухани көсемі — Қуанай қазіретпен бірге түрмеге қамалған Құрбанғали қазіреттің өмірі де өз алдына үлкен тақырып.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика