Мұрағат: 21.08.2017


Тазалық апталығы өтуде

Күні: , 16 рет оқылды

Өткен  сенбі  күні Орал  шаһарында  тазалық  апталығы  аясында жалпықалалық  сенбілік  бастау  алды.


Аталмыш апталықтың мақсаты – тұрғындарды жаңа оқу жылы мен  Қала күні қарсаңында шаhар аумағын тазалауға жаппай жұмылдыру.  Сенбіліктің алғашқы күнінде қала көшелерін қоқыстан тазалау, макулатура және қайталама шикізаттарды жинау, қоқыстарды бөліп сұрыптау және тал-теректерді әктеу жұмыстары жасалды. Тазалық апталығы әр сенбі сайын қыркүйек айына дейін жалғасады. Апталық соңында қала тұрғындарының азаматтық белсенділігін арттыру үшін «Үздік ПИК», «Таза аялдама», «Үздік подьезд», «Таза аула», «Таза аймақ (меншіктің барлық түріндегі ұйымдар арасында)», «Таза сөре (сауда орындары арасында)» аталымдары бойынша үздіктер марапатталатын болады.

Айгүл  МАҚСОТҚЫЗЫ,

БҚО  ауыл  шаруашылығы басқармасының  бас  маманы:

– Өзім қатарлы  мамандар қаланың  өсіп-өркендеуіне  үлесімізді қосып,  жас буынға үлгі көрсету мақсатында  сенбіліктерге жиі шығып тұрамыз. Бұл жолы «Атриум» сауда үйінің жанындағы саябаққа тазалық жұмыстарын жүргіздік. Арамшөптерді жұлып, қатты тұрмыстық қалдықты жинастырдық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет атқаратын қызметкерлердің барлығы дерлік сенбілікке қатысты. Жерлестеріміз тазалық денсаулық кепілі екенін әрқашан естен шығармаса және  сенбілік болған кезде  сауда үйлерінің қызметкерлері де қатарға қосылса екен деймін. Өңірімізді неғұрлым жасыл желекке айналдырсақ, соғұрлым ауамыз таза, денсаулығымыз мықты  болатынына  сенемін.

Әдемі  МАХАМБЕТҚЫЗЫ,

«Жас Отан» жастар  қанатының жобалар жөніндегі менеджері:

– Сенбілік барысында Сәкен Сейфуллин көшесіндегі саябақты тазаладық. Ағаштардың түптерін әктеп, арнайы отырғызылған гүлдердің арамшөптерін жұлып, тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне салдық. Сенбілік көңілді өтті. «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде» деген сөз бар. Қаланың көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бейжай қарамай, қоқыс қалдықтарын кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға атсалысуы қажет. Әр адам тұрғылықты жері мен жұмыс орнының айналасын таза ұстаса, абаттандыруға атсалысса,  соның өзі қаланың тазалығына қосқан үлесі болар еді деп ойлаймын.

Ерғанат  МҰХАМБЕТШИН,

қала  тұрғыны:

– Қоршаған ортаның тазалығына мән беріп, көңіл бөлу әр адамның борышы деп білемін. Өзім  сабақ беретін Жамбыл мектебі Деркөл шағынауданында орналасқан. Жылына бірнеше мәрте  мектепке бекітілген аумақты күлқоқыстан, тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартамыз.  Сондай-ақ Деркөл өзенінің жағалауының тазалығын тексереміз.  Сенбілікке мектептегі барлық қызметкерлер жұмылдырылды. Біз өзімізге жүктелген міндетті абыроймен  атқаруға тырысамыз.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Қарағандыдан құр қайтпады

Күні: , 40 рет оқылды

Қарағанды қаласында Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған халықаралық айтыста батысқазақстандық Жансая Мусина жүлдегер атанды.


Айтулы додаға Қазақстанмен қатар Қытай, Моңғолия, Қырғызстаннан келген ақындар да қатысып, бақ сынады.

Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізген айтыс қорытындысында қарағандылық Аманжол Әлтаев бас жүлдені (3 млн. теңге) жеңіп алды.

Қытайдан келген Ұларбек Минатхан бірінші (1,5 млн. теңге), тағы бір қарағандылық Дидар Қамиев екінші (1 млн. теңге), батысқазақстандық Жансая Мусина мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан үшінші (750 мың теңге) орынға ие болды. Айтыс барысында Жансая Ұларбекпен, финалда Арқалықтан келген Айбек Қалиевпен сынға түсті.


Отбасылық құндылықты дәріптеген кеңес

Күні: , 30 рет оқылды

Сенбі күні облыстық қазақ драма театрында “Қазақстанның жаңғыруы 3.0 — білімнің үлесі” тақырыбында облыс ұстаздарының тамыз кеңесі өтті. Кеңес отырысына облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов қатысты.


Облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымына сәттілік тілеп, зейнетке шықса да, жас ұрпақ тәрбиелеуде белсенді үлес қосып жүрген ардагер ұстаздарға ризашылығын білдірді.

— Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев білім саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Жылма-жыл білім саласына бөлінетін қаражат артып келеді. Соңғы жылдары урбанизацияға байланысты қала халқының саны күннен-күнге көбейіп келеді. Осыған орай мұғалімдердің саны мен сапасын көтеру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Елбасының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде тоғыз жаңа білім ошағы бой көтеріп келеді. Соның ішінде төрт мектеп “Нұрлы жол” бағдарламасымен салынуда. Бұл — үлкен қолдау. Мектептерде білім алуға бар мүмкіндік жасалған. Қазіргі күнде ауыл мектептерін қала мектептеріне теңестіру мақсатында да көптеген жұмыс атқарылуда. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қыры, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір елдің есінде сақталған өз перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс,”- деп атап өткен болатын. Сондықтан жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды да өз дәрежесінде атқаруымыз қажет. «Ұстазыңды атаңнан да әзиз тұт» дейді халық даналығы. Еліміздің ертеңін тәрбиелеп, мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүрген өздеріңізге сәттілік тілеймін! — деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

Болашақта ЖОО-да магистратуралар мен докторантуралар ашылып, жастардың ғылым жолына түсіп, білімдерін жетілдіруге жақсы мүмкіндік болатындығын атап өткен министрліктен келген өкіл Нұрсейіт Байжанов білім саласына қойылып отырған міндеттер мен жоғары талаптар туралы мәлімдеді. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, облыс бойынша өткен оқу жылында 72277 бала ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 56340 бала тегін тамақтанды (1-4 бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары).

Жаңа оқу жылында белгіленген міндеттер мен мақсаттар туралы айтылған кеңесте қала, аудан әкімдеріне мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын көбейту үшін мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігін дамыту қажеттігін атап өткен облыс басшысы ауылдық жердегі мектептерді кеңжолақты интернет желісіне, сымсыз «Wi-Fi» торабына қосуды жеделдетуге тапсырма берді.

Тамыз кеңесінде педагогикалық еңбек ардагерлері мен білім ошақтарында өз жұмысын енді ғана бастағалы отырған жас мамандарға құрмет көрсетілді.

Ұстаздар қауымы бас қосқан жиында жыл бойы білім саласындағы жетістіктерімен биіктен көрінген білім ошағы мен жас ұрпақты тәрбиелеуде еңбек сіңірген мәртебелі мұғалімдер назардан тыс қалмады. Оларға естелік сыйлықтар мен арнайы марапаттар берілді. Облыстық байқаулардың қорытындысы нәтижесінде “Орта білім беретін үздік ұйым” атанған Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №4 орта мектебіне қаржылай сыйлық табысталды. Республикалық “Үздік педагог” байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары №34 “Балбұлақ” бөбекжайының тәрбиешісі А. Сағидуллина, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған “Білім-инновация” мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі А. Сидарова, Орал ақпараттық технологиялар колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы М. Аққалиев арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н. Сабыров, Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің басшысы А. Сапаров, Зеленов ауданы, Дарьинск ЖОББҚМ директоры Ш. Өмірзақова, Орал қаласындағы №23 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім Е. Сусорова “Ы. Алтынсарин” төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар Ақжайық ауданы “Бөбек” балабақшасының меңгерушісі Г. Қажығалиева, Сырым ауданы Бұлдырты орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ. Рамазанова, №8 дарынды балаларға арналған мектебінің география және биология пәнінің мұғалімі Л. Чернецова, Батыс Қазақстан инженерлік-технололгиялық кол-леджінің директоры С. Әлімбеков “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ театр фойесінде ұйымдастырылған ата-аналар көрмесі де ұстаздар қауымына жақсы әсер қалдырды. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бұл көрмеге он екі аудан мен қаладан отбасылар қатысты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

 

Бақтылы РАМАЗАНҚЫЗЫ,

Ақжайық ауданы:

— Мен Дильназдың әжесімін. 10-сыныпта оқитын немеремді қолөнерге баулып жүрмін. Бұрын би үйірмесіне баратын еді. Соңғы кездері осы киізден әр түрлі бұйымдар жасап, қызығушылық танытып жүр. Үйде кішкентай немерелерім бар. Көп балалы отбасымыз ғой. Сол кішкентайларға еңбектеп жүргенде салқын тимесін деп, кілемнің астына киіз жасап беремін. Соны көрген Дильназым маған ылғи көмектеседі. Қолы да икемді. Қазір киіз бен жүннен жасалатын бүйымдар қалып барады ғой. Ал бұлар кезінде әжелеріміз үшін құнды дүние болды. Бұрын үйді де, киімді де, тіпті зат, тамақ салатын бұйымды да жүннен, киізден жасады ғой. Соны жас ұрпаққа заманға сай жеткізсек деймін. Немерем екі-үш  жылдан бері ауылдағы балалар шығармашылығы орталығына қолөнерге барып, өзін дамытып жүр. Мен де әжесі ретінде қызымның шашбауын көтеріп, қолдау көрсетіп жүрмін.

Тимур БЕРКЕНОВ,

Бөрлі ауданы:

— Ұлым Рамазан Ақсай қаласындағы №6 мектепте жетінші сыныпқа барады. 5-сыныптан бері теріден түрлі бұйымдар жасауға маған көмектесіп жүр. Әйел адамға, ер адамға ар-налған әр түрлі әмияндар жасаймыз. Мен балама эскиздерін салып беремін. Ол өзі арнайы құралдармен тесіп, тігіп дайындайды. Қазір модульді картиналарға сұраныс жоғары. Жасаған жұмыстарымызды сатамыз. Одан түскен ақшаға интернет арқылы қажетті материалдарға тапсырыс береміз. Бұл іспен екі-үш жылдан бері айналысып келеміз. Модульды картиналар жасаймыз. Ұлттық нақыштармен жасалған панноларды жақсы алады. Әсіресе, ру таңбасы жазылған бұйымдарға сұраныс көп. Оларды жасауға үш-төрт күн, бір аптадай уақыт кетеді. Гаджеттерге онша әуес емес. Қосымша табыс көзіне айналған жұмысымыз екеумізге де ұнайды.

Лаура МАМЕТАНОВА,

Ақсай қаласындағы №4 орта мектебінің директоры:

— “Орта білім беретін үздік ұйым” байқауы облысымызда жыл сайын ұйымдастырылады. Биылғы жылы біз жоғары нәтижеге қол жеткізіп, сертификатқа ие болдық. Мектебіміз 1991 жылы ашылған. Қазіргі күнде 1955 оқушы білім алып, 121 мұғалім еңбек атқаруда. Мұғалімдеріміздің 40 пайызы — жоғары және бірінші санатты. Бұл табысқа ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде қол жеткіздік деп ойлаймын. Бұл қаражат мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға беріледі. Алдағы уақытта жоспарланған техникалық құралдар, жиҺаздар, қондырғылардың бәрі де осы қаражатқа сатылып алынатын болады. Біз өте қуаныштымыз.


Спортшыларға арналған салтанат

Күні: , 37 рет оқылды

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда  Спорт күніне  арналған салтанатты шара өтті.


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес бұл аталмыш мереке тамыз айының үшінші жексенбісінде жыл сайын  тойланып келеді.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 1545 спорт нысаны, яғни үш стадион, бір спорт сарайы, 11 спорт кешені, бір спорттық манеж, алты шаңғы және екі есу базасы, 101 ату тирі, 965 жазық ғимарат, 20 теннис корты, бес жүзу бассейні, үш хоккей корты және 276 спорт залы мен 151 жапсарлас спорт залы жұмыс жасауда. Шараға қала әкімі Мұрат Мұқаев арнайы қатысып, спортсүйер қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Спорт – салауатты өмір сүрудің салты, денсаулықтың кепілі. Әлемдік додада еліміздің көк байрағын көкке желбіретіп, намысын қорғаған спортшылардың арасында батысқазақстандықтардың да үлесі зор. Олардың ішінде біздің мақта-ныштарымыз, Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов пен олимпиада жүлдегері Екатерина Ларионова бар. Ал шорт-тректен Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы болса, волейболдан қазақстандық құрама сапындағы Антон Кузнецов, Александр Стольников, Қайрат Байбеков, Виталий Вориводин Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, ел мерейін асқақтатты. Қазір облыста 630 мыңнан астам тұрғын болса, оның 170 мыңы спортпен айналысады. Бұқаралық спорт та өңірде жақсы дамып келеді. Спорт саласының материалдық-техникалық  базасына  тоқталсақ, өңірде жыл сайын спорт кешендері бой көтеруде. Дәл қазіргі уақытта  Зеленов ауданы мен Ақсай қаласында заманауи жабдықталған спорт кешені салынуда. Енді Орал қаласында 17 спорт алаңын  салу  жоспарланып отыр. Оның жетеуі «Самұрық қазына» ұлттық әл-ауқат қоры,  оны қалалық бюджет есебінен  қаржыландырылатын болады. Бұл жағдайлар жас ұрпақты спортқа баулу үшін жасалуда. Барша спортсүйер қауымды мерекемен құттықтап, дендеріне саулық тілеймін, – деген шаһар басшысы Мұрат Рахметұлы бірқатар сала мамандарын марапаттады. Айта кетсек, облыс әкімінің алғысхаты Асқар Сәукелинге, Максим Лозовойға, Исатай Қарабаевқа, Вячеслав Барсуковке, Орынбасар Кушевке, Александр Пирскийге, Дастан Мырзағалиевке, Зина Ордабаеваға, Нармағанбет Иманғазыұлына бұйырса, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхаты қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетовке табысталды.

«Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының алғысхатымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің директоры Абай Бакманов және облыстық балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы марапатталды. Сонымен қоса бірқатар спорт жанашырлары облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ облыстық мемлекеттік мекеме қызметкерлері салалық кәсіподағының алғысхатын иеленді. Аталмыш мереке аясында көпшілік жүгіру шарасы ұйымдастырылды. Көпшілік жүгіру Жеңіс алаңынан басталып, Абай алаңында аяқталды. Оған барлығы 300-дей адам қатысты. Жүгіру аяқталғаннан кейін қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Шекара шебінде

Күні: , 16 рет оқылды

Жуырда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің құрылғанына  25 жыл толды. Осы орайда ел мен жердің тыныштығын күзетіп, ұшқан құс, жорғалаған жыланға дейін қалт жібермей, қадағалап отыратын шекарашылардың жұмысы аса жауапты екендігін айта кеткен жөн. Мерейтой қарсаңында біз де журналис-тік қызметімізді бір күнге шекарашы шинеліне айырбастауды ұйғардық.


Дүйсенбінің таңы атысымен диктофон-фотоаппаратымды арқаланып, Тасқала шекара комендатурасына келдім. Комендант, подполковник Бекболсын Найманов жылы шыраймен қарсылап, әуелі ішкі жұмыстармен таныстырды. «Мен Отан алдындағы әскери борышымды 1997 жылы шекарада өтеген едім. Кейін 1999 жылы әскери институтқа түсіп, оны 2003 жылы тәмамдағасын, Алматы облысындағы Үшарал шекара жасағында жұмыс істедім. Одан әрі Қостанай, Тараз, Қызылорда шекара жасақтарында қызмет атқардым. 2014-2016 жылдары ҚР ҰҚК Шекара академиясының магистратурасын бітірдім. Өткен жылдан бастап осы Тасқала комендатурасына комендант болып тағайындалдым. Жалпы, әр шекарашыға жүктелетін міндет – өз қызметіне асқан жауапкершілікпен қарау. Өйткені, ел мен жердің тыныштығы біздің мойнымызда. Жыл басынан бері біздің күшімізбен жеті шекара бұзушы ұсталды. Оның біреуі Ресей Федерациясында жасаған қылмысы үшін жауапкершіліктен қашып жүрген азамат болып шықты. Ал қалғандары шекара режимін бұзушылар. Біз шекарадан өтетін көліктерді, азаматтардың құжаттарын тексеріп, заңсыз заттарды алып өтпеуін қатаң қадағалап отырамыз, – деді Бекболсын Алтынбекұлы.

Комендатура жұмысымен танысып болған соң, түс ауа Достық ауылдық округінде орналасқан «Тасқала» шекара заставасына ат басын бұрдық. Застава бастығы, аға лейтенат Елдос Ережепұлы «қош келдіңіз» айтып, ішке кіргізді. Менің әскердегі бір күндік «өмірім» де осы жерден басталды. Әскери саланың жұмысымен танысуға барғаннан соң, өзіңнің журналист екеніңді уақытша ұмытуға тиіссің. Сонымен не керек, енді әскери киім киюім қажет болды. Жұқалтаң адамға шақ келетін форма табу оңай емес екендігіне сонда көзім жетті. Маған шақ киім таппай, аға лейтенант Елдос Ережепұлы біраз әбігерге түсті. Ақыры осы жарайды-ау деген біреуін әкеліп қолыма ұстатты. Дереу киім ауыстыруға кірістім. Мәссаған! Форма қолпылдады да қалды. Киім ештеңе емес, әскери етік (берцы) тіпті дәу. Енді аяғымды қалай алып жүремін деп уайымдаған түрімді көрсеңіз…

Хош, сонымен әскери форманы киіп алғасын, застава бастығы қызметтік иттермен таныстырды. Бізді көре сала «Рекс» пен «Чаки» құлақтары тік тұрып, арсылдай жөнелді. Кинолог маман Медет Есқалиевтің айтуынша, заставадағы иттер із кесуші және сақшы болып екіге бөлінеді екен.

Із кесуші ит мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен адамның ізін алады да, сақшы ит заставаны күзететін шекарашымен бірге болады.

Бір айта кетерлігі, заставада шамамен жерден үш метрдей тереңдікте қазылған шұңқыр (блиндаж) бар. Ол жойқын жарылыс бола қалған жағдайда шекарашылар жасырынатын орын деп түсіндірді маған.

Әскери өмірге аз да болса бойым үйрене бастағасын қолыма қару ұстап көргім келеді деген өтінішімді жеткіздім. Лейтенант Самат Сапарғалиұлы дереу «АКС-74» автоматын әкеліп, толық мағлұмат беріп, қаруды өзі шашып, қайта жинауға кірісіп кетті. Норматив бойынша әйгілі Калашников автоматын 12-13 секундта бұзып, 15-20 секундта қайта жинап үлгеруің керек. Бұрын-соңды қолына қару ұстамаған бұл жұмыс маған мүлде мүмкін еместей болып тұрды. Лейтенанттың бірнеше рет көрсетуінен кейін ғана әзер деп автоматты бұзып, жинауды үйренгендей болдым. Кәдімгідей қобалжып та кеттім.

Келесі кезекте застава бастығы шекара қызметкерлерінің сабақ оқитын бөлмесін көрсеткісі келетіндігін айтты. Мен «шекарашылар сабақ оқушы ма еді?» деп таңқалысымды жасыра алмадым. Сөйтсем, аптасына бес рет бір сағаттан жеке құрамға мемлекеттік шекараны бұзғанда шекарашыларының іс-әрекеті, байланыс құралдарын дұрыс пайдалана білу, мемлекеттік-құқықтық дайындық секілді сабақтар өткізіледі екен.

Кешкісін застава бастығының орынбасары, лейтенант Самат Сапарғалиұлы шекарашыларға сапқа тұруға бұйырды. Қаз-қатар тізілген сарбаздардың киген киімдерін, сапта дұрыс тұруларын тексеріп шықты. Сосын Әнұран шырқалып, застава бастығы шекарашыларды «Дабыл», «Тосқауыл», «Іздеу» топтарына бөліп, арнайы міндеттер жүктеді.

Сөйтіп жүргенде кешкі астың уақыты да болды-ау, әйтеуір. Тамақтанып отырғанда застава бастығы далаға барып, иттің қалай «жұмыс жасайтынын» көрсететінін, кешкі тоғыздан түнгі бірге дейін нарядқа баратынымызды айтты. Тамақтанып алған соң көлікке тиеліп далаға шықтық. Ауылдан біраз ұзаған соң көліктен түстік. Бір шекарашы үйрету костюмін киіп, қалың шөптің арасына жасырынып қалды. Із кесуші ит дереу иіс алып, жасырынған адамды тауып алды. Айтпақшы, бұл костюмге иттің тісі батпайды екен. Шекара бұзушыны ұстау барысында қатты жарақаттап тастамас үшін ит осылай үйретіледі.

Күн ұясына бата бастаған шақта заставаға қайта оралған біз итті және екі шекара қызметкерін тастап, түнгі нарядқа аттандық. Ауылдан 13 шақырым жердегі Ресеймен шекараны бір барлап өттік. Одан әрі «Тасқала» шекара бақылау бөлімшесіне көлікті қойып, жаяу тексеруге кірістік. Бір айта кетерлігі, шекарашылар тексеріс кезінде қатар жүрмейді.

– Наряд кезінде біз тікенек сымды қиып, шекарадан өтіп кеткен адам жоқ па екен деп қатаң қадағалаймыз. Тексеру барысында бір-бірімізден 20-30 метрдей қашықтықта жүреміз. Өйткені, қандай да бір оқыс оқиға орын ала қалса, біреуіміз дереу заставаға хабарлап үлгеруіміз керек. Сондықтан арақашықтықты сақтау міндетті, – деді оның себебін түсіндірген шекарашы-көлік жүргізуші.

Шекара маңын жаяу шарлап жүріп, әбден шаршадым. Аяғымдағы етігім үлкен, қорбаң-қорбаң етіп, әрең жүріп келемін. Қалтамдағы ұялы телефоныма қарай беремін. Мұндайда сағат тілі де жылжып болар ма? Сөйтемін де «сен бір күн болса да туған жеріңнің тыныштығын күзетіп жүрсің. Шекарашылар күн сайын осылай жүреді. Бірнеше сағатқа шыдай алмай, шаршадым десең еркектік атыңа сын емес пе?!» деп өзімді қайрап қоямын арасында. Шекара шебін түгелдей қарап шығамыз дегенше заставаға қайтатын уақыт та болды. Көлікке отырып, зу ете түстік.

Нарядтан келісімен түнгі кезекшілікте отырған радист Аслан Серікқалиұлының қасына жайғастым. Түнгі кезекшілікке түскен адамға жүктелетін міндет – телефонға, радцияға дер кезінде жауап беру керек. «Ұйықтамақ түгілі, қалғуға да қақымыз жоқ» деді әңгіме барысында түнгі кезекші.

Таң ата шекара маңынан өзбек азаматы өтіп кетпек болды деген дабыл келіп түсті. Дереу көлікке отырып, сол жерге құстай ұштық. Заңсыз енбек болған өзбек азаматын «Тасқала» шекара бақылау бөлімшесінің бастығы Ратмир Анесов ұстапты.

«Тасқала» шекара бақылау бөлімшесінде тәулік сайын көлік пен адам ұзын-сонар кезекте тұрады. Р. Анесовтың айтуынша күніне 500 көлік, 3500-4000 адам шекарадан өтетін көрінеді. Бір көлікті толық тексеруге 10 минут уақыт жұмсалады. «Бұл жерде біз адамдармен жұмыс істейміз, олардың құжаттарын тексеріп, заңсыз заттарды алып кетпеуіне тосқауыл боламыз. Мәселен, жыл басынан бері есірткі, оқ-дәрі, қару-жарақ алып өтпек болған бірнеше адамды ұстадық. Оларға заң жүзінде шара қолданылды», – деді ол.

Ратмир Анесов одан әрі көліктің қалай тексерілетінін көрсетті. Ұйқым келіп, қалт-құлт етіп жүрген мен бақылау бөлімшесінде жұмыс істейтін нәзік жандылардың қажыр-қайратына риза болдым. Шекарашы бойжеткендердің бірі Ранида – Тасқала ауданының тумасы. Аталған бөлімшеде бақылаушы болып қызмет етіп жатқанына үш жыл болыпты. Өзі әскери салада еш білім алмаса да, бойында қазақ қызына тән қайсарлық пен жігердің желі есіп тұрған бойжеткен шекарада қызмет ету үшін ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік болуы керек дейді. «Алғашында өте қиын болды. Өйткені, күніге сан мыңдаған адамның құжатын тексеру оңай емес. Оның үстіне біз тәулік бойы жұмыс жасаймыз. Қатты шаршайсың. Тіпті шыдай алмай, жұмыстан шығып кеткен ер азаматтар да болды. Ең бастысы, жүрегіңде еліңе, жеріңе деген шынайы махаббат болса, қандай жұмыс болмасын абыроймен атқарылатынына сенемін, – дейді ол.

Шекарашылармен өткен біздің бір күніміз де осы жерде өз мәресіне жетті. Тәулігіне тек төрт-бес сағат көз шырымын алатын шекарашылардың өмірін мен өз көзіммен көріп, бір адамдай толық сезіндім және кез-келген кісі бұл салада қызмет жасай алмайтынына тағы да көзім жетті. Көлікте келе жатып, кешегі өткен күнім көз алдыма келді. Шіркін, тағы да бір күн болғанда ғой деп артыма қарай бердім…

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала ауданы


Тілсіз жау айтып келмейді

Күні: , 13 рет оқылды

Шіліңгір шілде мен тамыздың аптап ыстығы – ауылдағы мал өсіретін ағайындардың қауіптенетін мерзімі. Сақтанбасқа амал жоқ. Өйткені жаз басталғалы бері өңірде 12 табиғи өрт орын алып, 9 748 гектар жер отқа оранған, 35 798 гектар жерде 301 өрттің тұтану жағдайлары тіркелген.


Биыл дала өрті Бөкей ордасы, Қазталов, Қаратөбе аудандарында жиі орын алса, орман өрті Ақжайық, Теректі аудандары мен Орал қаласының аумағында болған. Алапат өрттің кесірінен аталмыш аудандардағы бірнеше шаруа қожалық иелері-нің қыс маусымына дайындаған жем-шөптері жанып кеткен болатын. Қазталов ауданындағы өрттің салдарынан мал бағып жүрген ер адам термиялық күйік алып, аудандық орталық ауруханаға жеткізілген еді. Алайда денесінің 70% күйік алуына орай өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қазталов ауданында 598 ұсақ мал және Бөкей ордасы ауданында 25 ірі қара тірілей отқа күйіп кетті. Сондай-ақ Ақжайық ауданында 154 және Қаратөбе ауданында 37 электр бағаны жанып, күлге айналды. Табиғи өрттің салдарынан 27 миллион теңге материалдық шығын келіп отыр. Табиғи өрттер мен жанулардың алдын алуда БҚО ТЖД «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жеке құрамынан 1 321 маман мен 227 техника, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан 86 адам мен бір техника және ауыл тұрғындарынан құралған 3 794 ерікті жандар мен 942 техника жұмылдырылған. Сонымен қоса өртті ауыздықтау үшін облыс бойынша 2 954 адамнан тұратын 151 ерікті құрылым құрылды. Бұл ерікті құрылымдардағы 94 су тасығыш машина, 449 техника, 1 706 аспалы өрт сөндіруші құрылғы, 106 мотопомпа және өзге де отқа қарсы құралдар «тілсіз жауды» ауыздықтауда зор пайда-сын тигізген. Облыстық «Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет» басқармасының бас маманы Мұрат Бейсенбаевтың айтуынша, өрттің алдын алу мақсатында өңірде жергілікті полиция қызметі мен ауыл аза-маттарынан сегіз мобильді топ құрылған. Олар облыс бойынша 82 рейд жүргізіп, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзған тоғыз адамға 102-105 мың аралығында әкімшілік айыппұл салған. Сондай-ақ, осы орайда өңір тұрғындарына 16 дөңгелек үстел, 94 жиналыс және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен шаруа қожалығы иелеріне өртке қарсы нұсқаулықтар түсіндіріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 96 ақпараттық-танымдық материалдар жарияланған.

Шығын өндіріле ме?

БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, дала және орман өрттері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақтамауынан және тозығы жеткен техника ұшқынынан орын алады екен. Жанып кеткен бағаналарды қалпына келтіруге 18 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, облыс бойынша өрт-тің салдарынан зор материалдық шығынға ұшыраған Қазталов ауданының шаруа қожалықтары болатын. Соған орай Қазталов ауданының әкімдігі ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шегушілерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу» қағидасын басшылыққа ала отырып, Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа елді мекені аумағында 29-30 шілде күндері болған дала өртінің салдарынан тұрғындарға келтірілген шығынды анықтау мақсатында комиссияның жоспардан тыс отырысын өткізген. Аталмыш отырыстың №4 хаттамасына сәйкес жеке тұрғындардың өлім-жітімге ұшыраған ұсақ және ірі қара малдарына өтемақы төлеу үшін облыс әкімдігінің резервтік қорынан 5 300 мың теңге қаражат бөлінуіне ықпал ету туралы хат жолдаған. Кейін облыстық ТЖД Қособа елді мекені аумағында болған дала өрті салдарынан келтірілген шығынды өтеу үшін облыстық резервтен қаражат бөлу туралы өтініш хатты қарап, жолданған құжаттарды ҚР ІІМ 2015 жылғы 7 қарашадағы №890 бұйрығына сәйкес тексеріп, облыстық резервтен қаражат бөлу өтіні-шін қолдаған. Қазіргі таңда құжаттар дайындалуда. Нұргүл Қонысқызының мәліметінше, тұрғындардың жанып кеткен мал-дарының шығындары өтеледі, алайда жем-шөп шығыны өндірілмейді екен. Сондай-ақ ол дала және орман өрті орын алғанда, жергілікті атқарушы орган, облыстық табиғи рессурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мен мемлекеттік өрт сөндіру қызметкерлерінің өзара бірлесіп, дер кезінде жалынды ауыздықтай алмауына жазық далада ұялы байланыстың болмауы мен су көзінің тапшылығы жиі себеп болатынын тілге тиек етті.

Өртке қарсы от қою

Тіршілігін мал шаруашылығымен тікелей сабақтастырған ата-әжелеріміз жайылымдарда орын алған өртті өшірудің өзіндік әдісін қолданған. Осы орайда, яғни, «тілсіз жауды» ауыздықтауда әкесі айтқан әдіс-тәсілдерімен Бөкей ордасы ауданының тұрғыны, «Жоламан» шаруа қожалығының иесі Қайырболат Нығметов былайша бөліскен еді.

Оның айтуынша, жойқын өртті тоқтатуда өртке қарсы от қою әдісін қолданған жөн. Адамдардың сөндіруіне күш бермей жалындаған оттың келе жатқан бағытын бағамдап, оған қарсы шамамен ені екі, не үш метр жерді ұзына бойы әдейі өртеу керек. Қолмен қойылған от көп адамның бақылауында ұсталып, лаулап кетуге жол бермеу қажет. Содан соң жердің шөбі жанып бітіп, қара күйеге айналғанда, бықсып жатқан отты өшіріп тастайды. Адамға күш бермей келе жатқан негізгі жойқын өрт, әдейі өртеліп, тып-типыл болған жерге келгенде өздігінен оңай ауыздықталады. Бірақ орман өртену кезінде қарсы от қою өте қиын әрі көп адамның қатысуын талап етеді. Келесі әдісі – табын айдап, өртті тұмшалау. Жайылым жер өртенген жағдайда өртті ірі қара малдың тұяғы да тоқтата алады екен. Өрт қаулаған кезде ел-жұрт түгелдей ірі қара мал атаулысын өрттің алдынан кесе көлденең айдайды. Сол кезде үйір-үйір жылқы, мыңдаған түйе мен сиырдың, қой ешкінің тұяғы шөбі онсыз да қурап, тозып тұрған жердің топырағын шығарып, ақ шаң етері белгілі. Лаулай жайпап келе жатқан тілсіз жау сол сәтінде шаңы аспанға шыққан топырақ аралас жолақты жолдан өтпей, кілт тоқтайтын болады. Сонымен қоса тоғаннан су жіберіп, жер жырту арқылы да өртті ауыздықтауға болады екен. Бұл әдіс даладағы жайылым мен егістік алқаптары өртенген жағдайда немесе егін салатын алқаптарды арам шөптерден, зиянды құрт-құмырсқа сынды жәндіктерден тазалау мақсатында қолданылады. Ол үшін өртке немесе қуаңшылыққа деп арнайы жасалған тоғаннан су жібереді. Алапат от су жайылған жерден ары өте алмай тоқтайды немесе өртті өзге жаққа жібермес үшін егіс алқаптарын айналдыра қара топырағын шығара жыртып тастау қажет. Бұл, біріншіден, алқапта болған өртті бірінен екіншісіне ауыстырмау мақсатында қолданылса, екіншіден, құрт-құмырсқаның қаулауынан сақтамақ. Қайырболат Жоламанұлына әкесі айтқан келесі әдіс, ол – суға бөккен киізбен өртті тұмшалау.

– Бұрын жайылым қаулап жанған сәтте жүйрік ат пен киіз және ұзын арқан да таптырмас құрал болған. Жүйрік атқа мінген адам ұзын арқанның екі ұшын ердің екі жақтама тақымына қайыра қысып, аттың артынан шұбатып тастайды да, оған үлкен киізді ортасынан екі жағына бүктеп қайыра іледі. Арқанға ілінген киізді сүйреген күйі жақын жердегі ағып жатқан өзен немесе бұлақтағы суды (киізге жақын жерде болса құдықтың суын да пайдаланады) кешіп өтеді. Суға малынып, әбден бөккен киізді суын сорғалатып атпен шапқан бойы жанып жатқан өртті көлденең үстінен немесе іргелетіп қабатынан шауып өткенде, сорғалаған судан және ауыр киізден жердегі шөп пен топырақ батпақтанады және от тұншығып, жану күшінен айырылады, – дейді ол.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Қазақ тойының ғибраты кем…

Күні: , 72 рет оқылды

Адам  баласының  бұл  фәнидегі көрер  қызығының  бірі  –  той-томалақ.  Той  десе,  елең  етпейтін пенде  жоқтың  қасы.  Сондықтан болар,  «Той  дегенде  қу бас  та  домалайды»  деп  мәтелдетіп  қоямыз.


Той тойлап жүріп, талай үлесімізді жатқа жіберсек те, тойды қоймаймыз. Тойлайтын жағдай, тойлайтын заман болса, бір сәрі ғой. Елді талмаусыратқан «кемелденген социализмнен» нарықтық қатынастарға ауысқан тоқсаныншы жылдарды есімізге алайықшы. Елде кедейшілік пен жұмыссыздық жайлап, қайсыбір ауылды ашаршылық меңдетіп отырғанда да, төгіліп-шашылып той тойлауымызды қоймадық. А. Пушкиннің «Пир время чумы» деген шағын трагедиясы бар. Сол өлмес шығарманың бүгінгі кейіпкерлері болдық та қалдық. Қазір заман түзеліп, алдымызға мал, аузымызға дәм келген соң не жорық! Жастардың басқосуы да той, баламызды бесікке салу да той, ол баланың мектеп бітіруі мен оқуға түсуі де той, мүшел жас та той, мосқал жас та той, шаруа жүрсе де, той, шаруа жүрмесе де, той! Несін айтасыз, той тойлау біздің ұлттық қасиетімізге айналып келеді емес пе? Біздің ұлттық мерекелер де жұрттікіндей жылына бір рет келіп қоймайды. Жыл бойы бірінен соң бірі келеді де тұрады. Өзіміздің ұлттық мерекелерді бір тойлаймыз. Артынша келетін, кеңес кезінен келе жатқан таныс мереке-лер тағы  бар.

Жалпы, осы бір-бірінің көлеңкесінде қалып жүрген қос мереке турасында тоқтала кету ләзім. Жалпы, түркі әлемінде Жаңа жыл – 22 наурыз қай жағынан да жаңа жыл! Жер ана бусанып, осы күні жеті қат жер астындағы тамыр біткенге жан бітеді екен. Нағыз жыл басы, тіршіліктің басы. Ендеше, осындай жайлы Жаңа жылымыз тұрғанда, оны қыстың қақ ортасында 40 градус аязда қалтырап, дірілдеп жүріп тойлауымызға жол болсын! «Халқы қаласа, хан түйесін сояды» дейді. Қазақстан халқы болып Жаңа жылды 22 наурызға ауыстыруды сұрасақ, Елбасы қарсы болмайтынына кәміл сенемін.

Оның бергі жағында қазақ жастарының ақ қар, көк мұздың үстінде жалаң аяқ тұрып алып берген қасиетті тәуелсіздігін шыршаның тасасында тұрып тойлауымыз сол шейіттердің әруағының алдындағы үлкен күнәміз-ау деп ойлаймын. Қ-о-ош! Сонымен, қазақтың тойына қайта оралайын. Қазақтың тойы деп қоямын-ау, сіз қай жерде қазақтың тойын көрдіңіз? Біз-дің тойларымыздың басы орыстікі, ортасы батыстікі, тек соңында ғана азан-қазан басылып, асабаның көк мылжыңынан енді құтылдым дегенде, сырт киіміңнің бір жеңін киіп, бір жеңін кимей қоштасатын той иесін де ұмытып, үй ішіңді түгендеп, қиқулап тұрған кезде ұқсаймыз ба, қалай?

Ұзын-шұбақ тосттардан кейін ақырған музыкамен арбалаңдап, ирелеңдеп ебедейсіз би басталады дейсіз? Батысша билегіміз келеді-ақ. Бірақ, әу баста батыста тумаған соң, одан соң батыста тұрмаған соң бізден батыстың биі қайдан шықсын? Жаңа ғана жөнімен отырған жұрт жапа-тармағай жын соққандай ирелеңдеп, селкілдеп ала жөнеледі, құдды бір бүкіл қазақ даласы селкілдеп, бүкіл қазақ жұртын жын қағып жүргендей сезімде боласың. Кім билемейді десеңші? Сексенге келіп, ата сақалы ау-зына түскен шал да жүр. Ал мына қайта-қайта желкесіне кеткен жаулығын жұлқылап жүрген – оның кемпірі. Ал олардың қақ алдында селдір жұқа көйлегінен іш киімі көрініп, ашылып қалған желінін де жасырмастан жер тепкілеп жүрген әйел – осы кемпір мен шалдың келіні. Несін айтарсыз, келісіп тұрмыз-ау! Ей, қос қолымен арыстанның жағын айырған көк бөрінің ұрпағы! Бүгінгі бар өнерің осы ма?! Нағыз билей алмасаң, орыстың вальсі мен тангосы бар емес пе?! Той залындағы осы суретті көріп отырып, үлкен сахналарға би қойып жүрген атақты балетмейстерлерді көңілсіз еске аламын. Халқыңның мына мүшкіл халін бір тойға келіп көріп, ағайындарыңның қол-аяғын жөнге салып кетсеңдерші, айналайындар-ау! Батыс біздің не теңіміз?! Осындай ортаға лайық өз биімізді де билеуге болады ғой. Ондай билер бұрын болды емес пе?!

Сорақы биден келіп отырар-отырмастан, одан да сорақы, одан да созылыңқы тосттар басталады. Бірінен-бірі үтір, нүктесіне дейін айнымайтын егіз қозыдай ұйқас сөздер және оны «Не айтамыз енді?» деп бастаймыз ғой. Қолымыздан микрофонды жұлып алғанша сарнаймыз-ай келіп! Айналайын, ағайын-ау, сол тойға кемі екі-үш апта бұрын шақырылдық қой, бір-екі ауыз сөзді жобалап, ойланып келмейсің бе?

Ертеректе академик Әлкей Марғұлан мен жазушы Мұхтар Әуезов кездесулерге барса, академик атамыз көп сөйлеп қояды екен. Шыққан соң Мұхтар Әуезов ренжіп, «Әлке, көп сөйлейсің» десе, Әлкей Марғұлан «Мұхтаржан-ау, көп білемін ғой, сосын көп сөйлеймін» дейді екен. Бізге әлімізге қарамай Әлкей болу не керек? Қарапайым тілмен бір-екі ауыз тілегімізді жеткізе білу де өнер. «Алтын сөз – айтылмаған сөз» деген бар. Қытайдың қазақтар көп тұратын аймақтарында жергілікті қандастарымыз үйлену тойына мыңға жуық адам шақырады дейді. Сол мың адамнан тойда үш-ақ адам сөйлейді екен. Қыз жақтан біреу, жігіт жақтан біреу, сосын ауылдың ақсақалы. Жиналған қаржы-қаражат жаңа үйленіп жатқан жастарға баспанаға жетеді екен дейді. Қытайлық қазақтардың осы үрдісі үлгі боларлық-ау,  ағайын!

Біздің тойлардың шырқын бұзатын бір «әттеген-айы» бастан-аяқ бір бәсеңсімейтін даңғыра музыка. Сол музыка дастарқан басындағы адамдар шүйіркелесіп, сөйлесіп отыра алатындай фон ретінде естіліп тұрса, шіркін! Ал біздің әр дастарқаннан бақырып өлең айту әдетіміз. Көршілерден келген үрдіс болса керек. Бірақ олар да әнді сызылтып, қос дауыспен тамылжытып айтады. Менің көңіліме қонбайтын бір үрдіс – тойдағы ертіп келген немере-жиендерімізді білсін-білмесін, құлқы болсын-болмасын итермелеп, ортаға шығарып ән салдыратынымыз. Ол сәбидің ортаға шығатын өнері болса, бір сәрі, болмаса, босқа жас сәбидің сағын сындырып, жанын қинап, жасқаншақ қыламыз ғой. Әлем-жәлем киініп, қисалаңдап, үлкен әншілерді салып, ақша тауып жүрген жас балаларды көргенде, маймылдың баласын көргендей боламын. Құдай Тағала дарын берсе, ол бала бір күні өзі-ақ шығар. Ал оны сәби күнінен көзбояушылыққа үйретіп, шала мас ортаға әкелу – Құдай алдындағы күнә ғой.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Италияда ғажап дауысы бар Робертино Лоретти деген әнші бала бүкіл дүние жүзіне мәлім болды. Оның пластинкаларының өзі миллиондап тарады. Ол әуелі мемлекет басшыларының, ресми делегациялардың алдында өлең айтып, ән шырқады. Соңында ресторандар мен саябақтарда өлең айтатын маскүнемге айналып, ақыры дауысын да жоғалтып тынды. Жалпы, тойға жас бала ертіп әкелу – бала тәрбиесіне деген ата-ананың көзқарасы, қажет десеңіз, деңгейі ғой деймін. Бала – балалық дәурен кешуі керек. Түн ортасында улап-шулап жүрген шала мас тобыр ма баланың ортасы?

Тағы бір айтпағым, байқайсыз ба, ағайын, қазіргі садақа мен қазаның дастарқан мәзірі той дастарқанынан асып түспесе, кем соқпай тұр-ау?! Қазақ «Қаза бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дейді.

Шелпек пен шай құралымен өткерілетін садақа дастарқанына біз не қойып жүрміз?

Не қойып жүрміз деймін-ау, не қоймай жүрміз десейші. Сол шашылу кімге керек, Құдайға ма? Жан тапсырған марқұмға ма? Алланың өзі босқа шашылуға риза болмайды екен. Тіпті шариғат бойынша зират-тың, яғни моланың өзін белден асырып көтеру күнә көрінеді. Ал біз болсақ… Ең сорақысы, осының бәрін біліп отырып, кейде керісінше, кейде еліктеп істейтінімізді айтсайшы?! Қазір Қазақстан өзге елдерге ақыл айтатын, арағайын болатын дәрежеге жетті. Оны көзіміз көріп отыр. Демек, әр қазақстандықтың қоғамдағы өз орнын, ұлтының абыройын ойлайтын кез келді.

Біз  де  ойланайық  та,  ағайын!

Құжырғали  ТӨЛЕУІШЕВ,

театр  ардагері


Марқа еті Иранға экспортталуда

Күні: , 19 рет оқылды

«Батыс  Марка Ламб»  ЖШС  шілде  айында  Иранға  алғаш  рет  18 тонна  ет  экспорттады.  Ет  өңдеу  кешені  салқындатылған  марқа  етін  екінші  мәрте  сыртқа  шығаруға  қам  жасауда.


Аталмыш серіктестіктің директоры Руслан Темірболаттың айтуынша, серіктестік Иран тарапымен 1500 тонна марқа етін экспортқа шығару жөнінде келісімшарт жасаған.  Бұрын елімізде тек қой етін өндіру субсидияланса, биылдан бастап марқа өсіруге субсидия бөлінеді. «Ауыл шаруашылығындағы әлемдік тәжірибеге сәйкес оңды өзгерістер мал шаруашылығымен айналысатындарға үлкен көмек.

Біздің кәсіпорынға өнім тапсырушыға бағаны өзіміз белгілейміз және оның үстіне әр бас марқа үшін 1500 теңге субсидия бөлінеді», – деді Руслан Рамазанұлы.

Компания облыстың бірқатар шаруашылығымен сойысқа қозыларды қабылдау жөнінде келісімшартқа отырған. Иранға шығарылған өнімнің алғашқы легіне Қазталов, Ақжайық, Жаңақала аудандары шаруашылықтарының малы сойылған. Екінші кезекте осы аптада ұшақпен екі рейспен Иранға 36 тонна ет жеткізіледі. Бұған негізінен Жаңақала ауданындағы «Бірлік» мал зауыты» ЖШС-ның марқаларын қабылдау жөнінде келісім бар.

– Иранның мұсылман мемлекеті екені белгілі, сондықтан салқындатылған етті елдеріне алып кетуге өздері келеді. Иран тарапынан технолог, имам, ветеринарлық дәрігер келіп, сойылатын малдың жай-күйін көздерімен көрді. Мал тапсырушылардан қойды базар нарқына байланысты бағаға қабылдаймыз. Қазір баға шамамен 1000-1050 теңге шамасында, – деді  Р. Темірболат.

Оның айтуынша, өткен жылы Ресейдің Мәскеуге, Санкт-Петербор қалаларына ет экспорттау жөнінде келісімдер жасалған. Енді алдағы қыркүйек айында солтүстіктегі көршіге бөлшектелген марқа етін жеткізу басталады деп күтілуде.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал  өңірі»


«Жас күнімде мән бермеппін…»

Күні: , 15 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

«Кез келген адамда ерекше бір қасиет болады» дейді. Мұны біреулер дер кезінде аңғарып, бойындағы дарынын одан әрі жетілдіруге тырысса, енді біреулер өмір ағынымен жүріп, мүлдем басқа іспен айналысып кетеді. Бірақ ондайлар өзінің сүйікті ісін өмір бойы жүрегінің түкпірінде сақтап, бос уақытын тек соған ғана арнайды.

Сондай жандардың бірі – Клара Ғабдолқызы. Он саусағынан өнері тамған бұл кісі жас кезінде өзінің осы қабілетіне онша мән бермепті.


«Өз  өнерімді  өзім бағаламадым…»

– Менің балалық шағым соғыстан кейінгі ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. Іс тігу, тоқу жұмыстарына бала кезімнен-ақ үйір болатынмын, бірақ ол кезде сүйікті ісіммен айналысып отыруға менде уақыт болған жоқ. Сабақтан босаған кезімде әке-шешемнің тапсырмасын орындаудан қолым босамайтын. Мектеп бітіргесін көп ойланбастан, әке-шешемнің айтуымен кітапханашылық курста оқыдым. Өйткені, ол кезде оқыған, кітап ұстаған жандар өзгелердің алды болып есептелетін. Осы себептен қолым шебер болса да, сол дарынымды бағаламаған шығармын. Кеңес дәуірінде жұрт әдеби кітаптарды көп оқитын, кітапханашылық деген аса құрметті мамандық болды.

Оқуымды бітіргесін аудан орталығы Жымпитыға келіп, кітапханада жұмыс істедім. Содан кейін аудандық «Қызыл ту» газетінде корректорлық қызмет атқардым. Екі жылдан кейін редакция басшылығы өндірістік қызметке байланысты мені станокта әріп теруші   мамандығына оқытып алды. Содан қазіргі Тасқала ауылына көшіп кеткенше, Жымпиты аудандық баспаханасында терімші болып жұмыс істедім. Ол кезде қазіргідей емес, газет шығарудың машақаты көп болатын. Газеттің әр нөмірін бас редактордан бастап, бәріміз күнімен-түнімен жүріп, шығаратынбыз. Біздер, терімшілер, бас редактор мен кезекші тілшілермен бірге газеттің қатесіз, сапалы шығуына жауапты болдық. Қорғасынмен жұмыс істедік, жұмысымыз өте ауыр болатын. Үйдегі ағаңмен (Энгельс Шыңғали ағайды айтады. Авт.)  сол кездері қызмет барысында жүріп танысқанбыз. Ағаң ол кезеңде газеттің аға тілшісі, редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрді. Түнде адамды ұйқы қыса-тын әдеті ғой. Ұйқымызды ашу үшін қолымыз қалт етсе, кезектесіп шәй ішетінбіз. Міне, сол «ұйқыашар дастархандар» бізді бір-бірімізге жақындатты, сырлас достарға айналдырды. Кейін отбасын құрып, ерлі-зайыпты атандық, үш баланы дүниеге әкелдік. Сол балаларымыз аман-есен өсіп, өніп, бұл кезде әрқайсысы бір-бір шаңырақтың  иесі  атанып  отыр.

«Жүрек  қалауым  осы  екен… »

– Жас кезімізде біз Тасқала ауданында да тұрдық. Ол жерде Энгельс ағаң аудандық партия комитетінде, аудандық газетте жұмыс істеді. Арада біраз уақыт өткен соң Жымпитыға қайтадан келіп, ағаң аудандық газеттің бас редакторы қызметін атқарды. 2002 жылы балаларымызға жақындау үшін қалаға көштік. Отағасы қалаға келген соң да газет қызметінен алыстап кете алмады. Осындағы салалық газеттерде, «Жайық үні» газетінде қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шықты. Зейнетке шыққан соң да ағаң баяғы әдетін қоймай, кітап жазумен айналысты. Оған қарап, мен де қолым бос болған соң  өзімнің сүйікті ісіммен айналыса бастадым, – деген Клара апай өз қолымен даярлаған дүниелерін алдыма жайып салды.

– Міне, мынау тұмарша, мұның ортасында «Аллаһ» деген жазу бар. Мұны қорғаныш ретінде қабырғаға іліп қоюға болады. Бұрын мен мұндай ырымдарға сенбеуші едім, қазір Аллаһтың өзіне сенген адамды қорғап, желеп-жебеп жүретініне көзім жетті.  Мұны мен бисерден (уақ моншақтар) жасадым. Осы тұмаршаны жасауға (40х40) бір келі моншақ кетті, бұған екі күн уақытымды арнадым. Ал  мына гүлдерді жасау үшін аузынан бастап түбіне қарай өріп, түбін бекіттім. Жапырағын жасыл лентадан жасадым. Мына қызғалдақты жасау үшін 150-200 моншақ кетті. Ал ана үлкен гүлсебетті кәдімгі сіз бен біз күнде көріп жүрген газеттерден жасадым. Ол үшін ең алдымен газетпен гүлсебеттің формасын келтіремін, содан кейін кәдімгі бояумен сырлаймын, сосын оны лактап тастаймын. Мұндай үлкен гүлсебеттерді қазіргі уақытта тойларда үстел үстін безендіруге қоятын болып жүр. Ана тұрған Сатурн дейтін өсімдік, оны уақ моншақтан жасадым, – деген Клара апай қабырғада ілулі тұрған кішкентай қол сөмкені көрсетті. Апайдың сөзінше, бұған бір жарым орам  моншақ  кеткен.

Әдемі моншақтардан жасалған шағын қол сөмкесі көздің жауын алады. Табиғи сөмкелердің кез келгені бойжеткенге қатты ұнайтыны анық. Сөмкелердің қасында тұрған шағын сандықшалар да адамды өзіне еріксіз қаратады. Мұны сөмке ретінде де ұстауға болады немесе бояу және тағы басқа да уақ-түйек нәрселерді салатын сандықша (косметичка) ретінде пайдалануға болады. Үстел үстіндегі қаламсалғыштардың біріне шебер апамыз кәдімгі аяқкиімнің бейнесін берсе, қайсыбірі шампан ішетін қыпша белді рөмкеге ұқсайды. Оның қасында «ақша шақырғыш» бақалар  жатыр  тарбиып.

Өзінің қолынан шыққан дүниелерді маған асықпай көрсетіп жүрген апай, бір кезде күздік пәлте деуге келетін тоқыма бұйымды алып келді. Мұны күн салқындағанда, киіп, рахатын көріп жүр екен. Бұл тоқыманы тоқуға екі келі жіп кеткен. Астарын салып жасағандықтан ба, тоқыма бірнеше рет жуылса да, созылмапты, өз қалпында тұр. Мұндайларды сатып алсаңыз, анық 15-20 мың теңгеңізді жұмсайсыз. Апайдың шкафында тоқылған бас киімнің неше түрлісі толып тұр. Айтпақшы, апайдың шкафында кәдімгі табанымен қосып тоқылған аяқкиімдер де бар екен. Сондай аяқкиімдерді жас қыздардың сән қылып, көшеде киіп жүргенін талай көргем. Есіме, Астана күні қарсаңында 10 000 теңгеден саттыққа шығарылған тоқыма аяқкиімдер түсті. Клара апаның аяқкиімдері де одан артық болмаса, еш кем емес.

– Іс тігуді, тоқуды бұрыннан білемін деп жаңа айттым ғой. Жас кездерінде балалардың жүн шұлығын, биялайын өзім тоқып беретінмін. Мынандай кардигандар тоқуды соңғы жылдары ғана қолға алдым. Осы күні қолөнерге қатты қызығатыным соншалықты, оған кететін шығын мөлшеріне қарамаймын. Көзіме түссе, бисер моншақтарды, оларды тізетін сымына дейін сатып алып, күн ұзақ ерінбей тоқып, әйтеуір, ойымдағы затты жасап шығарамын. Бір жерлерден тың нақыштар көрсем немесе әдемі заттарды байқап қалсам, суретке түсіріп алып,  соларды қайталап жасаймын. Кейде өзімнің қиялыма ерік беріп, жасап жатқан дүниелеріме жаңаша рең беріп те қоямын. Адамның қиялында шек жоқ қой, адам баласының мүмкіндігі де шексіз. Немен айналыссаңыз да, сол жұмысты шын жүрегіңізбен қалап жасасаңыз, өзгелерге ұқсамайтын ғажап туындыны дүниеге әкелесіз. Менің соған көзім жетті. Біреулер шұқыма жұмыстан қашып жатады. Ал мен осындай әдемі заттарды жасаудан ләззат алып,  демалып қаламын. «Жаның қалаған нәрсемен айналыссаң, шаршамайсың» деген рас екен. Бір жағынан мұндай жұмыстар адамның ақыл-ойын жетілдіріп, жүйкесін тыныштандырады, қиялын қияннан бір-ақ шығарып, әдемілікке, әсемдікке үйретеді. Адам болған соң кейде ауырамыз, сырқаймыз, бірдеңелерді уайымдаймыз. Осы жұмыстар маған соның бәрін ұмыттырады. Шынымды айтсам, мен бұрынғы жасаған жұмыстарымды, міндетім болған соң, амал жоқ, жасайтынмын. Ылғи шаршап, шалдығып жүретінмін. Ал мына жұмысты ешкімнің бұйрығынсыз, жанымның қалауымен жасаймын. Кейде тіпті, түнде де осы жұмыстармен айналысып, таңның қалай атқанын білмей қалатын кездерім болады. Жүрек қалауым, сірә, осы болса керек. Мен соны жас кезімде түсінбеппін, мән бермеппін. Сол кездері жасай алмаған жұмысымды қолым босағанда істеп, өзімді де, өзгелерді де қуантып жүрмін, – дейді  апай  күліп.

Қолөнер туындыларының орталығы  ашылса…

«Мынандай керемет дүниелерді не істемек ойыңыз бар?» деген сұрағыма апай: «Үйге келген кісілерге сыйлық ретінде беріп жіберемін», – деп жауап берді. Мен ол кісіге мұның бәрі қол еңбегі екенін айтып, интернет–магазин ашып, әдемі дүниелерді саттыққа шығармайсыз ба дегенімде, үлкен кісі шоршып түсті. Дегенмен, сондай бір орталық болса, қолдан жасаған әсем бұйымдарын  тапсыруға қарсы болмайтынын жеткізді.

Ойдан ойдың туындайтыны рас. Бұдан бірнеше жыл бұрын өңі-ріміздегі Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығынан сондай бір бөлімнің жұмыс істеп тұрғанын көргем. Сол жерде жергілікті суретшілердің бірді-екілі картиналары саттықта тұрды. Қазіргі кезде ол бөлім жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, білмеймін. Сол бөлімді жаңғыртып, осындағы өнер шеберлерінің туындыларын халыққа ұсынса, орталық үшін де, жергілікті шеберлер үшін де тиімді болар еді. Немесе кәсіпкерлердің бірі дүкендерінен арнайы бұрыштама ашып, осындай әсем дүниелерді көпшілік назарына ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, шетелден келген қонақтар мұндай қолдан жасалған табиғи бұйымдарды көптеп сатып алып, жақын-жуық, дос-жарандарына тарту ету арқылы қазақ деген шебер халықты өз елінің азаматтарына таныстырар  еді.

Тәңіріміз шеберлік қабілетті әркімге бере бермеген. Мұндай әсем дүниелерді жасау екі кісінің бірінің  қолынан  келе  бермейді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Елімізді өркендету жұмыстары ерекше ыждағаттылықты қажет етеді

Күні: , 34 рет оқылды

Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  қатысуымен өңірлердің  әлеуметтік-экономикалық дамуы  және  мемлекеттік бағдарламалардың іске  асырылуы  жөнінде  кеңес  өтті.  Кеңеске Парламент  Сенатының  Төрағасы,  Премьер-министр және  оның  орынбасарлары,  Президент  Әкімшілігінің  Басшысы және оның орынбасарлары,  облыстардың, Астана  және  Алматы  қалаларының  әкімдері,  сондай-ақ  орталық  мемлекеттік органдардың  жетекшілері  қатысты.


Отырыс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды.

Алғашқы сөз Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге берілді. Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы  туралы  есеп  берді.

Қазақстан Президенті Премьерминистрдің бірінші орынбасарының баяндамасын тыңдап, Үкімет тарапынан мән беруді қажет ететін мемлекеттік бағдарламалардың жекелеген индикаторлары мен  көрсеткіштеріне  тоқталды.

«Соңғы екі  жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзандатылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады», – деді Нұрсұлтан  Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы шикізаттық емес экспорт және Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асыру мен байланысты мәселелерге Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің назарын аударды.

Сондай-ақ  Мемлекет басшысы нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктеріне тоқталды.

Күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылау аяқталған соң, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндады.

Нұрсұлтан  Назарбаев А. Мырзахметов келтірген мәліметтерді назарға алып, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері жөнінде сұрады.

Бұдан бөлек кеңесте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің және еліміздегі цифрландыру мәселесі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есептері тыңдалды.

Сонымен бірге күн тәртібіне сәйкес, өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды. Алғашқы болып Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті елордадағы көлік жүктемесінің проблемаларына, балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.

Ә. Исекешевтен кейін сөз Ал-маты қаласының әкімі Бауыржан Байбекке берілді. Мемлекет басшысы қаланың экономикасына шағын және орта бизнесті тарту, сондай-ақ инфрақұрылым салу үшін жер мен баспана алу үдерісіне қатысты мәселелерге тоқталды.

Бұдан соң Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндіретін кәсіпорындар жүктемелерінің төмен екенін айтып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірдің туристік кластерін дамытуға қаражат қарастыруды тапсырды.

Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды.

Алматы облысының дамуы жөнінде өңір әкімі Амандық Баталов баяндады. Қазақстан Президенті Алакөлдің туристік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына  назар  аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есебін тыңдап, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке  сөз  берді.

Мемлекет басшысы облыста инвестиция көлемінің 21%-ға төмендегенін айтып, өңірге инвесторлар тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек Қарашығанақ санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге байланысты Березовка ауылының тұрғындарын уақтылы әрі толық көшіру мәселесі талқыланды.

Одан кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың есебі тыңдалды. Қазақстан Президенті облыстағы шағын және орта бизнес өнімі көлемінің төмендегеніне тоқталып, тұрақты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа Қаражал, Жәйрем кенттерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.

Елбасы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің баяндамасын талқылау барысында өңірдегі бала өлімі проблемаларына назар аударды.

Сондай-ақ  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов  баяндама  жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің баяндамалары мен есептерін тыңдап, отырысты қорытындылады. Сонымен қатар елімізді және өңірлерді дамыту бағдарламаларын іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау тұрғысынан облыстардағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны  төмен  екенін  атап  өтті.

«Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, оның 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек жеті мектеп пен екі балабақша пайдалануға берілді.

Жоспарланған білім беру нысандарының көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне жоспарланған барлық нысандарды уақтылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғындардың көп бөлігінің хабарсыз екенін және оған банктердің қатысу белсенділігінің  төмендігін  айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуының аралық қорытындысын жасады, сондай-ақ экономикамызды цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек  Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытудың маңыздылығына назар аударып, экспорттық стратегияны уақтылы іске асыру қажет екенін айтты.

«Индустрияландыру аясындағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауы тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы инвесторлар тартуда жекешелендіру жоспарын іске асырудың тиімді екенін айтып, Қазақстанның ірі компанияларын мемлекетке мейлінше пайда түсірмейінше, акцияларын асығыстықпен  сатпауға  шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударып, әкімдерге өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ  Мемлекет басшысы биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан, шағын несие беру жұмыстарының баяу жүргізіліп  отырғанын  атап  өтті.

Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге ахуалды терең зерттеп, агрохолдингтердің қарызына байланысты мәселелерді шешу жөнінде нақты шаралар кешенін  әзірлеуді  тапсырды.

Елбасы егін шаруашылығын сақтандыруды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара сақтандыру қоғамдарының жұмысын реттеу жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталып, онда көрсетілген барлық міндеттің жалпымемлекеттік  маңызы  бар  екенін  атап  өтті.

«Қоғамымыз жаңғырудың бұл бағытын жылы қабылдады. Бұл ретте  осы жұмыстарға барша жұртты тарту қажет. Әкімдер бағдарламаның іске асырылуына жауапты екенін ұмытпауы керек», – деді Қазақстан Президенті.

Асқар   ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен   Қазақстан»,

№159,  21 тамыз,  2017  жыл


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика