Мұрағат: 18.08.2017


Жұмыспен қамтылды

Күні: , 19 рет оқылды

Жуырда Жаңақала аудандық мәдени демалыс орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.


Жәрмеңкеге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық білім беру бөлімі, мектептер, аудандық орталық аурухана мен сауықтыру орталығы, тағы басқа ұзын-саны 18 мекеме қатысып, келушілерге 54 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 23 жұмыссыз адам өздеріне лайықты (тұрақты) жұмыс тапса, үш адам «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде қысқа мерзімді кәсіби мамандық алуға жолдама алды. Сондай-ақ екі адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді.

Жалпы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ауданда тоқсан сайын өтіп келеді. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін 19 адам тұрақты жұмысқа орналасса, бес адам қоғамдық жұмысқа, бір адам әлеуметтік жұмыс орнына, 23 адам жастар тәжірибесіне, төрт адам «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алған.


«Салауатты өмір, көтеріңкі көңіл!»

Күні: , 24 рет оқылды

Жақында «Деркөл» мәдени-демалыс орталығында үйірмеге қатысушы балалар арасында «Салауатты өмір – көтеріңкі көңіл!» атты спорттық ойындар сайысы ұйымдастырылды.


Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген бұл шараға балалар белсене қатысты. Шара барасында балалар екі топқа бөлініп, секіртпелер арқылы арнайы кедергілерден өтті. Бұдан кейін кедергілерді құлатпай, допты екінші ойыншыға жеткізуден командалар шеберліктерін сынады. Осыдан кейін үйірме қатысушылары волейбол ойыны бойынша сайысқа түсті. Бұл ойындардың қай-қайсысы да балаларды тез қимылдауға, жедел шешім қабылдауға үйретеді. Ерекше жылдамдығымен көзге түскен балалар команда мақтанышына айналып, өзгелерге үлгі болды.

 А. БӨКЕНБАЕВА,

Орал қаласы


Дәстүрлі турнир мәреге жетті

Күні: , 15 рет оқылды

Оралда самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевті (1963-2000) еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир мәреге жетті.


Қазақстандық палуандардың әлемдік додаларға дайындығын арттыру мен шеберліктерін ұштау мақсатында 23 жасқа дейінгілер арасында самбодан және ерлерден әскери самбодан осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шы-ғыс Қазақстан облыстарынан 120-ға жуық спортшы қатысып, 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

Турнир қорытындысында сал-мақ дәрежелеріне қарай Ерасыл Бақыт (48 кг), Армат Қабдолов (52 кг, екеуі де БҚО-дан), Базарбай Жасұлан (57 кг), Жеңіс Қалабай (62 кг, екеуі де Ақтөбеден), Серікбай Неғмет (68 кг, БҚО), Төлеген Нұрғалиев (74 кг, ШҚО), Дәурен Болатбекұлы (82 кг, Атырау), Еламан Қойшыбеков (90 кг, Ақтөбе), Олжас Сүлейменов (100 кг), Темірлан Көлбай (+100 кг, екеуі де БҚО-дан) чемпион атанды. Сондай-ақ әскери самбодан Ержан Есенғалиев (62 кг) пен Мейрамбек Бисенғалиев (74 кг, екеуі де БҚО-дан) үздік шықты.

Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлері диплом, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Оған қоса 48 кг салмақта жеңімпаз атанған Ерасыл Бақыт ат мінді. Кезінде Асқар Шайхиев осы салмақта күрескен болатын.

Елжан ЕРАЛЫ


«Жас патриот» маусымы ашылды

Күні: , 18 рет оқылды

Орал қаласындағы «Еуразия» туристік сауықтыру кешенінде «Жас патриот» атты алтыншы маусымның ашылу салтанаты өтті. Шараға БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов, облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин қатысып, бүлдіршіндерді құттықтады.


Құрметті достар, баршаңызды жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын! Демалыс уақыттарыңды Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы талаптарға сай өткізуге тырысамыз. Тарихи өлкемізді зерттеу үшін түрлі жорық, экскурсияларға шығып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барасыңдар. Шалқар көліне шомылып, сан түрлі мерекелік шаралар мен ұлттық ойындарға қарқ боласыңдар. Кешкі қалаға серуен жасайсыңдар. Осылайша туған елге деген махаббаттарың арта түседі деп сенеміз, – деді Виктор Павлович.

Аталған туристік кешен қызметкерлерінің айтуынша, «Жас патриот» маусымында жүзден астам бала демалуда. Жазғы демалысын өткізуге облыс орталығымен қатар Сырым, Бөкей ордасы, Ақжайық аудандарынан да бүлдіршіндер келген. Он екі күнге созылатын демалыстың құны – 42 мың теңге. Дегенмен кейбір балалар Үкімет және түрлі мекемелер бөлген арнайы жолдамалар арқылы тегін демалуда.

– Мен Сырым ауданындағы жас туристер стансасында есепші қызметіндемін. Жыл сайын басшылық «Еуразия» туристік кешеніне тегін жолдама сыйлайды. Оның қызығын он бір жасар ортаншы қызым көріп жүр. Төрт жыл қатарынан келсе де, қызығы әлі басылар емес. Перзентімнің оқу алдында демалатынына мен де қуаныштымын, – дейді Тұрсынгүл Рахымқұлова.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»


Қоғамдық бақылау жемқорлықтың алдын алмақ

Күні: , 42 рет оқылды

Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресуге үлкен мән берді.


Елімізде азаматтардың мемлекеттік басқару мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруына, оны жетілдіруге барлық жағдайлар қарастырылған. Сондай тетіктерінің бірі – азаматтардың бірігіп үкіметтік емес ұйым құруы. Ол коммерциялық емес заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуге жатады. Бүгінде еліміздегі 18 мыңнан астам ҮЕҰ экономикалық, экологиялық, жастар, құқық қорғау, балалар және өзге де бірқатар саланы қамтып отыр.

БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (2003 жылғы 31 қазан) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның анағұрлым тиімді құралы ретінде қоғамдық бақылауды кеңейтуді ұсынған болатын. Ол үшін азаматтардың қатысуы белсенді болуы қажет. Азаматтық қатысу – ол азаматтар мен азаматтық қоғам құрылымдарының мемлекет пен жергілікті қоғамды басқаруға қатысуы. Осы орайда бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, «Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» секілді үкіметтік емес ұйымдар құрылып, өз белсенділіктерін танытуда.

Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департа-менті мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы» және «Батысқамқор» жастар қоғамдық бірлестігімен бірнеше іс-шара ұйымдастырған болатын. Оның ішінде «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығының» «Азаматтық бақылау» жобасы аясында күн сайын азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, жеке сұрақтары бар облыс тұрғындарына тікелей мемлекеттік орган басшыларының қабылдауында болуға мүмкіндік жасады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оны жетілдіру бағытындағы ой-пікірлерді бөлісу үшін диалог алаңдары ұйымдастырылды. Облысымыздағы өзге де қоғамдық бірлестіктер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өз үлестерін қосып келеді.

Биылғы Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының сәтті жүргізілуі азаматтық қоғам институттарының белсенділігімен тікелей байланысты екендігі атап өтілді. Осыған орай наурыз айында, Астана қаласында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша азаматтық бастамашылардың І конгресі» ұйымдастырылған болатын. Конгресті өткізуге Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталығы бастамашы болып, жобаға агенттіктің өзі қолдау білдірген еді. Шара барысында «Есіктен есікке», «Парасыз болашаққа бірге» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді тобының жобалары талқыланды. Топ құрамына қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, кәсіподақ белсенділері енгізілді. Аталған жобалар біздің өңірде де жүзеге асырылуда.

Ал конгресс қорытындысы бойынша бес жоба жүзеге асырылуда. Олар «құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық аудит, мемлекеттік қызметте мүдделер қақтығысын қарастыру, сатып алынатын қызметтер және тауарлардың дәлелденген бағаларына мемлекеттік сатып алуларды мониторингілеу, еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, «Жолдарда» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 10 қадам» жобалары.

Қорыта айтқанда, қоғамның белсенділігі және олардың мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылау жасауы, еліміздің экономикасының алға өрлеуіне әсері мол. Сондықтан әр тұрғынды азаматтық белсенділік танытып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне қарсы тұруға шақырамыз.

Біржан ХАЙРУЛЛИН,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы


Кәсіпті нөлден бастағандар

Күні: , 20 рет оқылды

Бүгінде түрлі салада өз кәсіптерін ашқан жастарды да көреміз. Соның бір айғағы – жас отбасы Арман — Айгүл Есенғалиевтар.


Олар ел экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген жандар. Өздері аудан орталығындағы бос тұрған ғимаратты жалға алып, отбасылық кафе ашты. Үкіметтен бір тиын да қаражат алмай, өз күштерімен жұмыстарын бастап отырған Арман мен Айгүлдің ісі баршаға үлгі болары хақ.

– Екеуміз ақылдаса келе, отбасылық демалыс орнын ашуды шештік. Себебі ауыл адамдары да балаларымен бірге кафе-мейрамханаларда бір мезгіл демалғылары келеді. Соны ескере келе, осы кафені аштық. Күн сайын түсте кешенді аз мәзірі әзірленетін болса, жұма күні ұлттық тағамдар дайындалады. Сондай-ақ жастар қалайтын пицца, донер тағамдары да бар. Біздің қызметімізді пайдаланушылар қатары күн санап көбейіп келеді. Алдағы уақытта тағамдарды тапсырыс бойынша үйге жеткізу қызметін ашпақпыз, — дейді жас кәсіпкерлер. Отбасында үш бүлдіршін тәрбиелеп отырған Арман мен Айгүл аз уақыт ішінде тұрғындардың ри-зашылығына бөленіп жүр.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


Шаруалардың асығы алшысынан түсіп тұр

Күні: , 16 рет оқылды

Бөрлі ауданының Қаракемір ауылындағы «Нұр» шаруа қожалығы мал, өсімдік, құс шаруашылықтарымен айналысады.


Жанна Шандоева – осы шаруашылықтағы белді сауыншының бірі. Бұдан тоғыз ай бұрын шаһарды тастап, ауылға келген келіншек сауыншылық кәсіпті қайта бастады. Қазір қалаға оралғысы жоқ. «Таза ауа, әсем табиғат жаныма жақын. Биелерді күніне алты рет сауып, 18-20 литр сүт алып, қымыз жасаймыз. Ал сиыр арнайы аппаратпен сауылады. Негізгі мамандығым аспазшы болса да, осы іс өзіме ұнайды», — дейді ол. Шаруашылық қазақтың ақбас, Ресейдің сүтті симменталь тұқымды сиырларын өсіріп, көбейтіп отыр. Етті ірі қара сүтті де жақсы береді. Күніне 1200 литр сүт алынады. Бұған қоса Ресейден әкелінген асыл тұқымды жылқы да шаруашылықтың өрісін толтыруда. Денсаулыққа пайдасы мол қымызды қала тұрғындарына саттыққа шығарады. «Нұр» шаруашылығында 533 ірі қара, 110 жылқы, 3300 құс өсірілуде.

Төрт түлікпен қатар шаруашылық түрлі дақыл өсіреді. Қазір егіске орақ салып, бидайды ысырап қылмай, жинап алудың қамын жасауда. Жиналған өнім шаруашылықтың диірменінде тартады. Еш қоспасыз таза ұнды нан, кондитерлік тағамдар дайындауға пайдаланып, дәнді дақылдардан қалған қалдықты малға береді. Тауық жұмыртқасын да өз өнімдерін дайындауға қолданады. Бағбаншылық та шаруашылықта жақсы дамуда. Қысы-жазы Ақсайдағы сауда орындары сөрелерін көкөніспен қамту жоспарланған. Осыған орай қысқы жылыжай салынып жатыр. Сексен адамды жұмыспен қамтып отырған қожалықтың болашаққа жоспарлаған жұмысы көп. Мәселен жылқы, сиыр сүтінен жасалатын өнімнің барлығы саттыққа шығарылады.

Аудандағы мақтаулы шаруашылықтардың бірі «Жарсуат» серіктестігі асыл мал өсіреді, егін егеді. Биыл жарсуаттықтар бес мың гектардан өнім жинайды. Қазір егінге орақ түсті. «Шаруашылықта америкалық кешенді егу технологиясы қолданылады. Оның пайдасы мол.

Бастысы, жұмысымызды едәуір жеңілдетеді. Бір жүргенде төрт қызметті қатар жасайды. Биылғы жаз шаруалар үшін қо-лайлы болды. Қуаңшылықтың зардабын әбден тартқан шаруаларды биыл Жер-ана мол өніммен қуантты», — дейді серіктестік басқарушысы Анатолий Калашников. Серіктестік өнімдері ауданымызда үлкен сұранысқа ие. Мәселен, ақсай-лықтар дүкен сөрелерінен «Жарсуат» нанын іздеп жүріп алады. Одан бөлек жартылай фабрикатталған өнімдерді шығарып, оны көрші Ресей еліне де саттыққа шығарады. Серіктестік болашақта шұжық өнімдерін шығаруды жоспарлаған.

Ауданда 220 шаруа қожалығы тіркелген болса, соның елуі соңғы үш жылда жұмысын жаңадан бастаған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітовтің айтуынша, өз шаруасын бастағысы келетін тұрғындар да жетіп артылады.

Әсіресе, мал басын көбейтіп, асылдандырғысы келетін азаматтар көп. «Мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығына үлкен дем береді. 2014 жылы мал басын асылдандыру бағдарламасына 112 малмен 12 шаруа қожалығы қатысса, бүгінде 3500 малмен 50 шаруашылық қатысуда. Асылдандыру әдісімен алынған төлдер ендігі төлдеу жасына жетті. Демек, келер жылдары ауданда мал басының өсуіне өз септігін тигізеді. «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» сынды бағдарлама аясында 200 млн. теңге несие алынып, 600-дің үстінде мал сатып алынды», — деді бөлім басшысы.

Айым ҒАБДЫЛБАРҚЫЗЫ,

Бөрлі ауданы


Сөресі толы супермаркет

Күні: , 30 рет оқылды

Ел дамуының алғышарты қатарындағы ауылды өркендету, орта және шағын бизнестің қанат жаюы Елбасы Жолдауында басым сипатқа ие бағыт. Бүгінгі таңда елімізде осы мақсатта мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетіліп, кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осындай қолдаулардан қуаттана түскен кәсіпкерлік субъектілері де өз күшімен кеңейе түсуде.


Шыңғырлау ауданы орталығында кәсіпкерліктің жаңа бір нысаны іске қосылды. Өткен сенбі күні «Патриот» жеке кәсіпкерлігі аудан тұрғындарына «Патриот» супермаркеті қызметін ұсынды. Жаңа сауда орны Шыңғырлау ауылының орталығында орналасқан және ауылдың Елек өзеніне жақын орналасқан төменгі аймағындағы тұрғындар үшін қолайлы болғалы тұр. Супермаркет халыққа кешенді сауда қызметін ұсынады, атап айтқанда, азық-түліктің барлық түрі, тұрмыстық химия сөрелері тұтынушысын күтуде. Сауда орнының иесі, жеке кәсіпкер Мәриям Камзаева алдағы уақытта ыдыс-аяқтар, сый-сияпаттар бөлімдерінің де іске қосылатынын айтып отыр.

Ашылу салтанатына ауыл тұрғындары көптеп жиылып, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімі Альберт Есәлиев:

– Ауылдар, аудандар өмірі қала деңгейіне мүмкіндігінше теңестірілуі керек, бұл бағыттағы жұмыстар толассыз жүргізіле береді. Жаңа нысанда сапалы азық-түлік ұсынылып, тұтынушыға барлық жағдай жасалады, бұл жетістік. Сондай-ақ бизнесі қуаттана түскен кәсіпкерлік өз ісінің аясын кеңейте түсуде, бұл Елбасымыздың, еліміздің саясатына үндес жағдай, – деп атап өтті.

Аудан басшысының пікірін дәлелдей түсетін шаралар күнделікті көз алдымызда. Осы биылғы жаз айларының өзінде ау-дан орталығындағы бірнеше көшелерге тас жол төселіп үлгерді. Жаңа нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымы толық қамтылған бір пәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр. Мұның барлығы тұрғындар өмірін жақсарта түсу, ауыл тіршілігін қалалық стандартқа жақындата түсу бағытында жасалуда.

Кәсіпкер Мәриям Камзаева ашқан жаңа нысан әрбір жекелеген азықтың бірнеше түрін ұсынып, бірнеше сауда белгілерінің өнімдерін қойған. Ет-сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, түрлі шырындар мен көкөніс, жеміс-жидек түрлері, кәмпит-тәттілер, шай түрлері және т.б күнделікті дастарқан мәзірлеріне қоса, тұрмыстық химия, атап айтқанда, кір жуғыш ұнтақтар, сусабындар, түрлі үйге қажеттіліктердің бәрі де табылады. Дүкен иесі азық-түліктер мен қажетті зат-тардың әлі де тасылуда екенін, сөрелерді әлі толтырып үлгермей жатқанын айтады. Десе дегендей, жалпы аумағы 800 шаршы метрді алып жатқан нысан аумағы сауда жүргізуге әбден мүмкіндік беріп отыр.

Сауда орны әкімшілігінің айтуынша, кәсіпкерлік Ақсай, Орал, Ақтөбе және Ресей Федерациясы қалаларының іргелі сауда орындарымен әріптестік байланыста жұмыс жасайтын болады, сондай-ақ жергілікті өндірушілер өнімі де дүкен сөрелерінен орын алады. Сауда-саттық бағасы да өндірушілерден сатып алу бағасына қатысты болмақ. Мәриям Камзаева бүгінде нысанға 26 жұмысшы қабылданғанын, олардың 16-сы аудандық жұмыспен қамту бөлімінде есепте тұрғандар екенін айтты. Бұл, әрине, аудан көлеміндегі жұмыссыздықты азайтуға үлес, ал кәсіпкер, алдағы уақытта нысанның екінші қабатын іске қосу жоспарының бар екенін ескерте өтті. Бұл өз кезегінде тағы да қосымша бос жұмыс орындарын беретіні сөзсіз.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


Түлік төресінің саны неге өспейді?

Күні: , 11 рет оқылды

Ата-бабамыз түйені жылқыдан кейінгі қадірлі түлік санаған. Бүгін бұл түліктің бағасы неге түсті?

Қысы-жазы күтім тілемейтін, бағуы жеңіл, шөлге төзімді, өнімінің өзіндік құны арзанға түсетін түйе саны неге өспейді?


Түйені не үшін бағалады?

Түйе — алдымен төзімді түлік. Қыста суыққа, жазда ыстыққа төзімді, шөл мен аштыққа өте шыдамды. Түйе алпыс күн аштыққа, отыз күн шөлге шыдайды дейді. Құнарлы азық пен жылы қораны қажет етпейді, күй таңдамайды. Басқа мал жемейтін қатты, тікенді өсімдіктермен қоректене береді. Жаз айларында қыстық май қорын ішіне, өркешіне жинап алады да, қиын-қыстау кезде ұзақ уақыт азықсыз, сусыз жүре алады.

Бойына жинап алған қорын азық жеткіліксіз кезде бойынан үнемдеп жұмсау — малдың өмірін, тұқымын сақтап қалудан шыққан генетикалық инстинк.

Екінші қасиеті – ата-бабамызға көшіп-қону үшін көлік ретінде қажеттілігі жылқыдан артық бағаланған. Салт мінуге де, жүк тиеуге де, арба, шанаға жегуге де қолданылған. Бір түйеге салмағына қарай 150-200 килограмм жүк артқан. Ал әбден толысқан 8-10 жастағы түйелер 250-300 килоға дейін жүк көтерген.

Түйенің басты өнімі – еті саналады. Жыл он екі ай жайылымды пайдаланып, басқа мал жей бермейтін жантақ, жусан, көкпек, қияқ, қамыс, изен сияқты шөптермен қоректеніп, сапалы өнім береді.

Еті жоғары сапалы, оның химиялық құрамында су 73-76 пайыз, белок 17-20 пайыз, май 2-6 пайыз, минералдық қалдық күлдері 0,7-1 пайыз болады. Түйе еті, әсіресе, өркеші жұғымды, өкпе ауруына ем ретінде қолданады.

Түйе – тез жетілетін мал. Ботасы бір жыл ішінде бес-алты есе өсіп, екі жасында союға келеді.

Түйенің сүті — аса бағалы ас. Бұрын көшпелі халық тұтынатын асының 80-90 пайызын түйе сүті құраған.

Түйе сүті сиыр, жылқы сүтінен құрамы өзгелеу. Түйе сүті құрамында белогы — 4,45 пайыз, соның ішінде казейн 3,22 пайыз, альбулин мен глабулин — 1,23 пайыз.

Түйе сүтінің амин қышқылдық құрамы да жақсы. Майлылығы сиыр сүтінен жоғары, ол түйе тұқымына қарай 3,8 пайыздан 5,5 пайызға дейін, қанты бес пайызға дейін болады.

Түйе сүті витаминдерге өте бай, минералдық заттар да жеткілікті. Сонымен қатар түйе сүтінде бактерияларды өлтіретін, оларды өсірмейтін заттар да бар. Осының нәтижесінде түйе сүті — адам ағзасына өте пайдалы азық әрі сусын.

Түйе сүтінен шұбат дайындалады. Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына ем, қанды толықтырады.

Шұбаттан құрт жасалады. Құртта белок, май, көмірсутегі көп, сондықтан оның пайдалылығы мен азықтық қоректігі еттен де асып түседі.

Түйенің тағы бір өнімі — жүні. Түйе жүні өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат саналады. Оның мықтылығына, жеңілдігіне, жұмсақтығына, жылылығына ешқандай жүн жетпейді.

Түйенің шудасы да қымбат бағаланады. Оны буын, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады.

Түйе қадірі неге азайды?

Ауданымызда өсірілетін бактериан түйесі. Бұл айыр өркешті түйенің таза қандысы. Түсі қоңыр және қара қоңыр болып келеді. Қоңды кезінде бураларының салмағы 550-600 килограмм, іңгендері 500-550 килограмм болады. Толысқан аса ірілері 1000 килограмға дейін салмақ жинайды.

Бактериан түйелерінің тұрқы шағыны Маңғыстауда, ірілері Батыс Қазақстанда өсіріледі.

Осындай өнімінің өзіндік құны арзан түлік түрі – түйе саны неге өспейді?

Біріншіден, бүгінгі техника қарыштап дамыған заманда түйе көлік ретінде пайдаланудан қалды.

Екіншіден, түйе етіне жергілікті жерде сұраныс жоқ.

Үшіншіден, түйе жүніне де қызығушылар азайды. Дегенмен шұбатқа сұраныс бүгінгі таңда артып отыр.

Мысалы, Мұқыр ауылынан келетін азғантай шұбат аудан орталығы тұрғындарының тапсырысын өтей алмайды.

Төртіншіден, басқа түліктер сияқты түйе шаруашылығын дамытуға үкімет аса көңіл бөліп отырған жоқ. Мемлекеттік субсидия шұбаттың бір литріне 55 теңге мөлшерінде екен. Мұндай болмашы демеуқаржы шаруаларды түйе өсіруге қызықтырмайды.

Ауданымызда өніміне сұраныс аз болғандықтан, түйе саны өспей келеді.

Мысалы, 1962 жылы ауданда түйе саны 2531 бас болған екен. 2009 жылы 1211 бас болса, өткен жылы 939 бас, биыл 934 бас болып отыр.

Түйе ауданымызда Көпжасар ауылдық округінде 338 бас, Мәстексайда 249 бас, Жаңақазанда 151 бас, Жаңажолда 66 бас. Түйенің 556 басы шаруа қожалықтарында, 367 басы жеке иеліктерде, 11 басы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде.

Іңген саны 455-ті құраса, биыл 161 бота алынды. Қыста бұл түлік түрінен шығын болған жоқ.

Түйе санын көбейтуге негіз бар ма?

«Жоқ» дей алмаймыз. Шұбатқа сұраныс артып келеді. Оны жоғарыда айттық. Адам ағзасына өте пайдалы шұбат өндіруді дамытса, тіпті экспорттаса, артық етпейді. Бұған Атырау облысының көршілес Индер ауданы шаруалары ұлттық сусынды шығарып жүргенін, экспорттауды жоспарлап жатқанын мысал етуге болады.

Түйе жүнін кәдеге асыру Атырауда жақсы жолға қойылған. Олардағы «Дастан ата» шаруа қожалығы мен «Каспий-Лена Атырау» шұға фабрикасы табысты жұмыс жасап, жылына 150 тонна түйе жүнін өңдейді екен. Көршілер істеген шаруа біздің қолымыздан келмей ме?

Түйін

Біз неге түйе шаруашылығын дамытуды қозғадық? Өйткені жері жартылай шөлейтті Жаңақала секілді оңтүстік аудандардың табиғаты түйе өсіруге өте қолайлы.

Осы тиімділікті ұтымды пайдалансақ, ұтылмасымыз анық.

Екіншіден, жыл он екі ай жайылымда болатын түйе өнімінің өзіндік құны басқа түлік өнімдерінен қымбат болмайды, әрі өрісте жайылған түйелер жердің экожүйесі мен өсімдік қабатына оң әсерін тигізеді.

Сондықтан түлік төресі – түйе шаруашылығын дамыту да ескерусіз қала бермесе екен дейміз. Басқа түлік түрлеріне көрсетілетін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары сияқты түйе өсіруге де мемлекет тарапынан қаржылай қолдау шаралары көрсетілсе, бағуы жеңіл, табиғаттың ыстық-суығына, шөлі мен аштығына өте төзімді түлік – түйе өсіруге шаруалардың ынтасы артар еді. Оның пайдасын өсіргендер де, ел-жұрт та көрер еді.

Кім білсін, технология қарыштап дамыған заман, түйе саны көбейсе, күндердің күнінде түйе сүтін, жүнін өңдейтін жобалар жүзеге асар, табыс көзіне айналар, асылдандыру жұмысы қолға алынар, ел игілігін көрер, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бұл да бір қадам болар еді деп ойлаймыз.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


«Ақбидай» аяқталды

Күні: , 27 рет оқылды

Бес күн бойына спортсүйер қауымның назарын өзіне аударған облыстық «Ақбидай» ауыл спорты ойындары мәреге жетті. Төрт жылда бір келетін «Ақбидай» ауыл спортшыларының олимпиадасы деуге тұрарлық байрақты бәсекені биыл Зеленов ауданы қабылдады. Спорттың 12 түрінен өткен жарыстар тартысқа толы болды. Бақ сынай келген спортшылар өздерінің керемет бабында екенін көрсетті. Оған тартысқа толы өткен бәсекелер куә. Енді әр спорт түріне жеке-жеке тоқталсақ.


БӘЙГЕ

Жарысты 11 шақырымдық топ бәйге мен 21 шақырымға созылған аламан бәйге бастады. Топ бәйгеде үшінші орынды Шыңғырлау, екінші орынды Теректі ауданынан келген сәйгүлік еншілесе, бірінші орынды Зеленов ауданының жылқысы иеленді. Ал аламан бәйгенің жүлдесін Жаңақала, Зеленов және Тасқала аудандарының шабармандары өзара бөлісті. Топ бәйге жеңімпазына 200 мың, аламан бәйгеде бірінші келгенге 400 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

КӨКПАР

Ауыл спортшылары бақ сынаған ойындарда ең қызықты өткен спорт түрінің бірі — көкпар. Тақымы мықты, білегі күшті жігіттер сайысын көрермен қауым қызыға тамашалады. Әр команда жеңіс үшін барын салды. Көрерменнің де, шабарманның да делебесін қоздырған бәсекелер қорытындысында үшінші орынды Зеленов, екінші орынды Бөрлі көкпаршылары еншілесе, спартакиада чемпионы атағын Жәнібек ауданының жігіттері жеңіп алды.

ТЕҢГЕ АЛУ, АУДАРЫСПАҚ, ЖАМБЫ АТУ

Ептілердің ептісі ғана ойнайтын теңге алушылар бәсекесі де қызықты өтті. Өңіріміздің барлық аудандарынан келген жігіттер бар өнерін көрсетті. Дегенмен қорытындысында үшінші орын алған Бөрлі, екінші орын алған Зеленов және бас жүлде иеленген Ақжайық ауданының жігіттерінің бабы келісіп тұрғанын дәлелдей алды. Ат үстінде отырып, білек күшін сынасқан жігіттер де жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Қызықты жарыстар нәтижесінде үшінші орынға Ақжайық, екінші орынға Бөрлі, бірінші орынға Зеленов спортшылары лайық деп танылды. Ал жамбы атқан мергендер сайысына келер болсақ, бұл сында жәнібектік мергендер үшінші, зеленовтық садақшылар екінші орынға табан тіресе, Ақжайық ауданының намысын қорғаған спортшылар бірінші орынды иеленді.

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ

«Ақбидай» ауыл спорты ойындарында көрермені де, қатысушысы да көп болған спорт түрі — қазақ күресі. Бірнеше салмақ дәрежесінде үздіктерді анықталған күрес бәсекесіне әр ауданнан мықты деген палуандар жиналған-ды. Тек финалдық бәсекелер ғана емес, іріктеу сындары да қызыққа толы болды. Өліспей беріспеген палуандар сынының қорытындысында Қазталов спортшылары үздік үштікті қорытындыласа, екінші орынға Бөрлі палуандары табан тіреді. Ал бірінші орынды Сырым елінің жігіттері қанжығаларына басты.

ВОЛЕЙБОЛ

Қыздар да, ерлер де бақ сынай алған спорт түрі — волейбол. Бірнеше күнге созылған әуедоп бәсекесінің атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр ұпай үшін жанын сала ойнаған ауыл спортшылары волейболды жақсы меңгергендіктерін көрсете алды. Қызықты өткен ойындар қорытындысында ерлер волейболында Тасқала, Теректі және Ақжайық ойыншылары өзара жүлделі орындарды бөліссе, қыздар арасындағы сында Зеленов үшінші, Бөрлі екінші, Ақжайық ауданының арулары бірінші орынды иеленді.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ, АСЫҚ АТУ

Ой ұшқырлығын талап ететін тоғызқұмалақшылар сайысында сырымдық ұшқыр ойлы қыз-жігіттер чемпион атанса, екінші және үшінші орынды Бөрлі мен Жаңақала спортшылары бөлісті. Ал асық ату спортына келер болсақ, бұл жарыста Бөрлі спортшылары қарсыластарынан озық болды. Екінші орынды теректіліктер еншілесе, үздік үштікті Ақжайық ауданының спортшылары қорытындылады.

ГІР СПОРТЫ, ҚОЛ КҮРЕСІ

Қолдары қарысқанша беріспеген қол күресі шеберлерінің тартысқа толы жарысында тасқалалық спортшылар үшінші орынға табан тіресе, бөрліліктер екінші, қазталовтық спортшылар бірінші нәтиже көрсетті. Шыдамдылық пен білек күшін сынға салған гір тартысында Шыңғырлау мен Жәнібек спортшыларының нәтижесін басып озған зеленовтықтар чемпион атанды.

ЖАЗҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК КӨПСАЙЫС

Бірнеше спорт түрін қамтыған жазғы президенттік көпсайыс бойынша өткен жарыс қатысушылары өздерінің бабында екендіктерін көрсете алды. Жарыс нәтижесі туралы айтар болсақ, Ақжайық спортшылары үшінші, Зеленов спортшылары екінші, Бөрлі ауданының намысын қорғаған қыз-жігіттер бірінші орын иеленді.

ШАҒЫН ФУТБОЛ

Өңіріміздің барлық аудандарынан келген аяқдоп шеберлерінің сайысы да көрермен қауымның көңілінен шықты. Алдымен топтық кезең ойындары өтті. Ол бәсекелердің қорытындысында үздік шыққан төрт ұжым өзара финалға берілер жолдаманы сарапқа салды. Қорытындысында үшінші орынды Жәнібек ауданының футболшылары қанжығасына байласа, чемпиондыққа таласты Теректі ауданы мен Зеленов ойыншылары жалғастырды. Қызықты өткен финалдық ойын нәтижесінде теректілік ойыншылар жеңімпаз атанды.

Аламанмен басталған ауыл спортшыларының байрақты бәсекесінің қорытындысында жалпыкомандалық ІІІ орынды Ақжайық ауданының, екінші орынды Зеленов спортшылары еншілесе, І орынды барлық спорт түрінен үздік нәтиже көрсете білген Бөрлі ауданының спортшылары иемденді.

Өңіріміздің барлық аудандарынан келген спортшылар бәсекесінің жабылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева мен Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров арнайы қатысты.

Салтанатты түрде ұйымдастырылған шарада сөз алған Әсия Рахымқызы:

— Осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылығым шексіз. Облыстық, республикалық деңгейде жарыстар өткізіп жүрміз. Ауданда өткен «Ақбидай» ойындарының ұйымдастырылуы солардан еш кем түскен жоқ. Аталмыш доданың республикалық кезеңінде облыс спортшылары үлкен жетістікке жетеді деген сенімім мол, — деп қатысушыларды төрт жылда бір келетін доданың аяқталуымен құттықтады. Одан соң Асхат Берлешұлы сөз алып, барлық командаларға алғысын жеткізді.

Енді жарыс жеңімпаздары мен үздік нәтиже көрсеткен спортшыларынан облыс құрамасы жасақталып, ауыл спорты ойындарының республикалық кезеңіне аттанады.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика