Мұрағат: 16.08.2017


Қос өзен суы қосылды

Күні: , 22 рет оқылды

«Кісідегінің кілті аспанда» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Бастауын көршілес Ресей елі жерінен алатын Қараөзен мен Сарыөзен суын алу бүгінде сол көршілерімізге тәуелді болып қалды. Қазір тегін ештеңе жоқ. Қос өзенге түсер су қыруар қаржы төлеп сатып алынады. Онда да сыздықтатып берген аз су қарық қылмайды. Өйткені өзеннің бізге дейінгі бойында қоныстанған ел көп. Олар да өз жерін суға бөкітіп алмай бізге жібергісі келмейді. Мұның бәрі қос өзен суына тәуелді жерлестерімізге біраз қиындықтар туғызып келеді.


Әсіресе, бастауын Ресейдің Саратов облысы, Ершов қаласы маңындағы бұлақтан алатын Сарыөзен суының соңғы жылдардағы тапшылығы күрмеулі мәселеге айналды. Осы өзеннен нәр алатын көлдер кеуіп, қақсып қалды. Жаңақазан ауылдық округі тұрғындарының малы мен жанын сумен қамту мұң болды.

Осы мәселені шешу жолын іздеген облыс, аудан басшылары бұл тығырықтан шығар жол — қажет кезінде Сарыөзенге Қараөзен суын түсіру, Қараөзен суын Жайық суымен толықтырып отыру керектігіне тоқталған болатын.

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Ел мұқтажын ескерусіз қалдырмаған басшылар жобалық құжаттарын әзірлетіп, Қараөзен суын Сарыөзенге түсіру үшін ұзындығы 8,2 километр болатын үлкен арық қазу, су өткізгіш қақпалар орнату ісі 2011 жылы басталып кетті. Бұл іске республикадан бөлінген 269 млн. теңге қаржымен «Қазсушар» РМК БҚО филиалы жұмыс жүргізіп, 2015 жылы құрылыс жұмысы толық аяқталған болатын.

Мақсат – Сарыөзен суы сарқылған кезде өзен бойындағы қоныстанған қыруар елді сумен қамтамасыз ету.

Міне, биыл қажеттілік туды. Су түспеген Сарыөзеннің аудан жеріндегі арнасы кеуіп, содан толығатын көлдер суы саси бастады. Осы жағдайды көзімен көрген аудан басшысы Наурызбай Қарағойшин қос өзенді қосатын су өткізгіш қақпаны аштырды. Арнасы толып тұрған су арық бойымен, тату көршісімен қауышуға асыққан жомарт жүрек жандай құлдырай ақты. Сарыөзеннің кепкен арнасы да бастап түскен сумен исінді. Өзенге су түскенін әлдебір түйсікпен сезінген мал да үйір-үйір болып өзенге шұбырды. Сумен бірге өзен бойына құт келгендей көрініс көз алдымызда тұрды.

— Қараөзен суы қазір Сарышығанақ су қоймасы арқылы реттеліп отыр. Оған су екі жақтан түседі. Біреуі — Қараөзен арнасымен Ресейден келетін су. Екіншісі — Әжімбет арығы арқылы Дөңгелек су қоймасынан беріліп тұрған Жайық өзенінің суы. Қазір Киров — Шежін арығының құрылысы жүріп жатыр. Ол біткен кезде Жайық суы Сарышығанаққа тікелей түсетін болады, — дейді бұл іске жетік, қос өзенді қосудың басы-қасында жүрген аудан әкімі Н. Қарағойшин.

Қараөзен суының Сарыөзенге қосылуы, аудан үшін өте игілікті шаруа, үлкен қуаныш. Сарыөзен суы жаз соңына жетпей сарқылып, кенезесі кепкен көлдердің аши бастаған суының жаңаруы сол өңірдегі жан үшін де, мал үшін де теңдессіз игілік болды.

Бірлікті жерде береке, ырысты жерде мереке бар деген осы емес пе?!

Жаңа басшының аудан халқы үшін ең өзекті ісі — су алу мәселесін шешуден бастағаны көптің көңіліне сенім мен қуаныш ұялатуда.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Еңбек дауы бойынша баспасөз мәслихаты

Күні: , 31 рет оқылды

Сейсенбі күні «Сити» орталығында баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихатта Круглоозерный арнаулы әлеуметтік мекемесінің медициналық құрамының шағымы бойынша еңбек дауының шешу жолдары қарастырылды. Аталмыш мекеменің медициналық құрамы өздеріне тиесілі он екі сағаттың тек он сағатына еңбекақы төленіп, кейбір құқықтарының бұзылғанына наразылығын білдірді.


Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұйғымбетовтің айтуынша, Еңбек кодексіне сай қызметкерлерге тамақтанып, тынығу үшін үзіліс беріледі. Тексеру барысында жұмыс беруші тарапы-нан түсініктеме берілді. Онда қызметкерлер екі сағатты өзінің қажетіне жұмсайтынын жазған.

– Біз он екі сағат жұмыс жасаймыз. Бірақ 10 сағаттың ақысын төлейді. Көшімдегі балалар үйінде, «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» МКҚК-ның біз сияқты қызметкерлеріне он екі сағатқа жалақы төленеді. Бірақ тек бізге 10 сағатқа төленеді. Неге? Олар бізге ұжымдық келісімшартты көрсетеді. Онда он сағат жұмыс, екі сағат демалады деп көрсетілген. Осы жерге қазір 22 адам келіп тұрмыз. Әлі күнге дейін қызметкерлердің кейбір әлеуметтік жағдайлары мен еңбек жағдайлары оң шешімін таппаған, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген тазалықшы.

Баспасөз мәслихатында тараптар жұма күні тағы да бас қосатын болып тарқасты. Біз осы мәселеге қатысты сала мамандары мен заңгердің пікірін білген едік.

Ділдаш САЛАУАТҚЫЗЫ, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл – 18 жастан асқан психо-неврологиялық ауруларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталық. Мекеме қызметкерлері психоневрологиялық аурулармен жұмыс жасайтындықтан, оларға зияндылығы үшін төленеді. Сондықтан Еңбек кодексінің 78-бабына сәйкес зиянды жұмыс жасайтындарға жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс бір сағат беріледі. Негізі, барлық адам сегіз сағат жұмыс жасайды да, оларға қосымша өз қажетіне орай, екі сағат жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Ал бұл жерде жұмыс жасайтындарға тек бір сағат қана беріледі. Өйткені біз оларға нормадан тыс жұмыс жасатуға тиісті емеспіз. Сондықтан олар таңғы сағат тоғыздан кешкі тоғызға дейін, кешкі тоғыздан таңғы тоғызға дейін ауысыммен жұмыс жасайды. Еңбек кодексіне сай оларға ішкі ауысымдық үзіліс беріледі. Оларға үзілісті түскі, кешкі тамақ ішулеріне сол екі сағатты жарты сағаттан бөліп беріп отыр. Бұған өздерінің келісімдері бар. Біз арыз-шағым түскеннен бері бірнеше рет ұжыммен кездестік. Оларды осы жерге де шақырып, кездестік. Ұжымға да басқарма басшысымен бірге барып, кездесулер өткіздік. Еңбек заңына байланысты еңбек дауларын шешу үшін татуластыратын комиссия құрылуы тиіс. Біз жұмыс ауысымдарының уақытын өздеріне ыңғайлы етіп берейік деп, үш нұсқасын ұсындық. Тіпті бір кісінің қанша жалақы алатынына дейін есептеп көрсетіп, түсіндіріп, «Келісім комиссиясын құрайық» деп ұсыныс жасадық. Өткен жылы тамыз айында болған бір жиналыста сондай мәмілеге келгендей болғанбыз. Алайда олар біздің ұсынысымызбен келіспей, сотқа жүгінуге шешім қабылдады. Қараша айында сот болды. Соттың ұйғарымымен бұл іс нақты дәлелдердің болмауынан қараусыз қалдырылды. Олар кейін прокуратураға хат жазды. Өткен жылы ақпан айында бұл мекемені жалақының дұрыс төленбеуі жөніндегі шағыммен қаржы бақылау инспекциясы тексерді. Ішкі ауысымдық үзілістің заңдылығы жөнінде облыстық еңбек инспекциясы басқармасы тексерді. Екі бірдей бақылаушы құрылымдардың тексеруінің нәтижесінде заңбұзушылық анықталған жоқ. Алдағы жұмада аталмыш мекемеде ұжым-мен кездесіп, мәселені шешу жолдарын қарастырмақ ниеттеміз.

– «Бір санитар 25 емделушіні бағып-күтуі керек. Біз 37 адамды қараймыз. Қызметкерлер жетпейді. Қамқорланушыларға дәрі берілмейді» деген уәж айтылды. Бұған не дейсіз?

– Бұл мекемеде арнайы бекітілген норматив бойынша штат-қа қажетті мамандардың бәрі бар. Стандартқа сәйкес норматив бойынша толық палаталық санитармен қамтылған. Ал жыл басында дәрі жетіспеушілігі болғаны рас. Оның себебі препараттарды алу үшін Үкіметтің арнайы бекіткен қаулысы бар. Қаулыда қажетті заттарды мүгедектер құрған Үкіметтік емес ұйымнан алыңдар делінген. Ал ондай ҮЕҰ республика бойынша болған жоқ. Соған байланысты проблема болды. Бірақ қазір шешілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ


«Денсаулықтың» шапағаты

Күні: , 22 рет оқылды

Адамның саулығы — қоғамның байлығы. Осы орайда елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы енгізілген болатын. Бұл бағдарламаның нәтижесін өңір тұрғындары да көріп отыр.


Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың мәліметінше, 2017 жылдың жеті айында ана өлімі тіркелмеген. Жалпы, өлім-жітім 6,5 %-ға, нәресте өлімі 6,3%-ға, қан айналым жүйесі ауруларынан өлім-жітім 6,2%-ға, туберкулезбен сырқаттанушылық 4,2%-ға, туберкулезден өлім-жітім 12,5%-ға төмендеген. Айта кетсек, облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдарының желісі 45 заңды нысанды, 28 дәріханалық, алты дербес амбулаторлық-емханалық, 11 басқа да медициналық ұйымды құрайды. Орталық аудандық және аудандық ауруханалар құрамына бір ауылдық, 60 дәрігерлік амбулатория, 61 фельдшерлік-акушерлік және 221 медициналық пункт кіреді. Ал қалалық емханалар құрамында төрт дәрігерлік амбулатория мен төрт медициналық және бір фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының биылғы бюджеті 15 594 379,0 мың теңгені құрап отыр. Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 1,6 млрд. теңге көлемінде қаражат (76 бірлік медициналық техника, 10 санитарлық аутокөлік, аудандық медицина ұйымдары үшін 636 бірлік компьютерлік техника және т.б) қарастырылған. Сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде өмірін сақтап қалу үшін қалалық «Жедел жәрдем» стансасында – 94, санитарлық авиацияда жеті аутокөлік пен бір бірлік «АН-2» санитарлық ұшағы қызмет көрсетуде. Бригадалар диспетчерлік қызметпен және стационарлардың қабылдау бөлім-дерімен скайп және IP арқылы байланыс орнатуға арналған планшеттермен жабдықталған. Жедел медициналық жәрдем бригадасы тәулігіне 24 сағат бойы қызмет етеді. Орташа есеппен «Жедел жәрдем» қызметіне тәулігіне шамамен 500 шақырту түседі екен. Соның ішінде 36%-ы, яғни 180-і балаларға шақыртулар. Барлық «Жедел жәрдем» шақыртуларының 20%-ы қалалық емханалар жанындағы жедел көмектің деңгейінде атқарылып, жедел шақыртулар түгел қамтылады екен. Облыста травматология, кардиология, кардиохирургия, офтальмология, нейрохирургия, онкология, гинекология бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 65-тен астам түрі көрсетілуде.

Ана мен бала саулығы

Денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау. Демография дімкәс болмауы үшін ана мен бала денсаулығында кінәрат табылмауы шарт. Сондықтан облыстағы 24 медициналық ұйымда отбасын жоспарлау кабинеті жұмыс жасайды. Мұнда ұрпақ өрбіту жасындағы 169 256 қыз-келіншектің 75%-ы тіркелген. Бұл кабинетте қыз-келіншектер жүктілікті жоспарлау, түрлі тұқым қуалайтын аурулар, туа пайда болған ақаулар, жұқпалы және өзге де дерттер бойынша кеңес алуда. Екінші мәселе, жүктілік кезінде жас аналарда кездесетін қаназдық дерті. Анемия қан құрамындағы эритроциттерде гемоглобин мөлшерінің кеміп кетуінен орын алады. Бұл дерт дұрыс тамақтанбаудан, түрлі күйзелістен және иммунитеттің төмендеуінен пайда болады. Қаны аз адамның тәбеті бұзылады. Бор, ақбалшық секілді нәрселерге аңсары ауады. Бұл заттар асқазанға ауыр тиіп, ағзадағы зат алмасу процесіне кері әсер етеді. Сөйтіп, түрлі дерттердің пайда болуына әкеп соқтырады. Сол себепті аталған белгілер пайда болған жағдайда міндетті түрде ем алған жөн. Егер ұрпақ өрбітуге қабілетті қыз-келіншектер I, II сатыдағы темір тапшылығы анемиясының верификацияланған диагнозымен есепте тұратын болса, темір сульфаты препараттары, аскорбин қышқылы, фоли қышқылы, сироптар, ерітінділер тегін беріледі. Жүкті келіншектер үшін құнарлы тамақтың маңызды екенін облыстық салауатты өмір салты орталығының маманы Мөлдір Құрмашева былайша түсіндірген еді.

– Жүкті әйелдерге арналған дәрумендер мен минералдарды қабылдаумен қатар, салауатты, теңгерімді тамақтанудың маңызы зор. Бұл ағзаны жүктіліктің жақсы өтуі үшін қажет нәрлі заттектермен қамтамасыз етуге көмектеседі. «Екі адам үшін тамақтану» деген сөз тәрелкеңіздегі тамақты екі есе көп жеңіз деген емес, ұзағырақ шайнап, сіңімді тағаммен тамақ-таныңыз дегенді білдіреді. Жүкті әйелдің ағзасындағы темір нәрестенің қанының қалыптасуы үшін маңызды. Майсыз ет, дәрумендер қосылған ботқалар мен шпинат – жүкті келіншектер үшін темірдің қайнар көзі. Мұздатылған шпинат қымбат емес және оны дайындау жолы да оңай. Сондай-ақ сүт өнімдері ананың да, баланың да денсаулығына пайдалы. Яғни сүттің құрамындағы кальций нәресте сүйегінің дамуы мен қалыптасуын реттейді. Сонымен қоса жүктілікті жоспарлаған жандар жұмыртқа, жаңғақ өнімдерін, жеміс-жидектерді жүйелі тұтыну керек, — дейді Мөлдір Тайырқызы.

Екпеден 922 отбасы бас тартқан

Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе алады. Әрине, бұл екпелердің көбісі ерікті, бірқатары міндетті болып келеді. Десе де, вакциналық екпе егуге байланысты қазіргі қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Вакцина – белгілі бір инфекцияны жоюға бағытталған микроағзалардан жасалатын препарат. Еліміздегі өндірісте вакцинаны жасаған кезде дәрілік қоспалар қатаң бақылауға алынып, зиянды инфекциялардан қорғайтын қасиетін сақтап, артық және зиянды дәрілерден толықтай тазартылады екен. Одан кейін препараттың қауіпсіздігі зертханалық және клиникалық тексерулерден өтеді. Негізінде, вакцина вирусты аурулардың алдын алады. Екпе ауруды мүлдем болдырмайды деген қате түсінік. Вакцина аурудың жеңіл өтуін ғана қамтамасыз етеді және кеселді асқындырмайды. Сондай-ақ облыста екпеге қарсы отбасылар саны да көбейген. Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың мәліметінше, өңірде екпе егуден 922 отбасы бас тартқан. Сондықтан сала мамандары екпе ектірмеген ата-аналармен кездесулер ұйымдастырып, мониторинг жүргізген. Нәтижесінде ата-аналардың бас тартуына 88,7%-на діни сенім әсер етсе, 11,3 %-ы вакцинаға сенімсіздік танытқан. Діни басылымдарға көз тастасақ, Құран Кәрім мен пайғамбар сүннетінде аурудың алдын алуға қарсылық келтірілмеген. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім ерте тұрып, құрма жейтін болса, сол адам аурудың алдын алады», – деген екен. Бұл жерден ислам дінінде аурудың алдын алуға маңыз берілгенін айқын аңғаруға болады. Денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір сүруді насихаттайды. Бұдан басқа жыл сайын қажылық кезінде Сауд Арабиясына барғандарға ауру жұқтырып, сырқаттанбауы үшін әуежайда вакцинамен екпе жасалатынын айтуға болады. Яғни нағыз мұсылман елі деп есептелетін Сауд Арабиясының өзінде вакцина жүргізіледі. Сондықтан екпені қабылдап, аурудың алдын алу да ислам дініне сай екені анық.

Сонымен қоса, елімізде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Халықтың нысаналы топтарын профилактикалық, медициналық тексеріп-қарауды жүргізу ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 0-18 жастағы балаларға профилактикалық тексерулер жүргізілуде. Биылғы жылдың жеті айы бойынша облыста 0-17 жас аралығындағы 137 616 бала профилактикалық тексеруден өтсе, 16,7% баланың ауруы ерте анықталып, 11,7%-ы диспансерлік есепке алынып, 72,3%-ы сауықтыру емін қабылдаған.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Оқырмандар қаламгермен кездесті

Күні: , 19 рет оқылды

Дүйсенбі күні «Ақжайық» шипажайында қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досановпен кездесу кеші өтті. Кездесу кешіне арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов ұлттық рухты көтеру бағытында өтетін рухани шараның маңызды екендігін атап өтті.


Әдемі жаздың жайдары күнінде өңірімізге арнайы ат басын бұрған атақты жазушы, сыншы, драматург Сәбит Досанов ағамызбен кездесіп отырмыз. Бұл кездесудің мақсаты – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы ой өрбіту, оқырмандар сұрақтарына жауап беру. Ұлттық байлығымызды, дәстүрімізді, тарихымызды кейінгі ұрпаққа үлгі ету – біздің міндетіміз. Осы бағытта өтетін рухани шаралар өскелең ұрпақ үшін, жастар үшін қажет. Қазір жастарымыз бір-бірімен араласпай, бірі-бірімен ға-ламторда амандасып, хал сұрасып отыра беретін болды. Ал аталарымыз «Адамның мейірімі – екі көзінде» деп бекер айтпаған. Дәл осылай бетпе-бет жүздесіп, тілдескеннің өзі бір ғанибет емес пе?! — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сұрақ-жауап түрінде, еркін форматта өткен емен-жарқын кездесуде белгілі жазушы Сәбит Досанов балалық шағынан, өткен күндерден естелік-әңгімелер айтты.

– Балалық кезіміз өте ауыр болды. Біз екі-үш ауысыммен оқитынбыз. Ол кезде қаламсап болмайтын. Сия жоқ. Марганцовка деген бар, соны суға езіп, қамыстан қалам жасап жазатынбыз. Жоқшылық, қиын кездер еді. Қағаз да жоқ. Інім екеуміздің ортақ бір пимамыз болды. Екеуміз екі ауысымда оқимыз. Әлгі пиманы сабаққа кезектесіп киіп баратынбыз. Қыс пен жазда онша қиналмаймыз. Көктемде қатты қиналатын едік. Пимасы құрғырды кимейін десең, мұздақ, салқын. Кисек, аяқтан су өтеді. Содан әке-шешеміз пимаға ағаш байлап беретін. Сондай күндер өткен басымыздан… Кітапқа керемет ғашық едік. Күндіз-түні кітап оқитынбыз. Түнде айдың жарығымен кітап оқушы едік. Көркем әдебиет жас баланы мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді. Әдебиеттің күші осында, – деген жазушы тағылымды әңгімелердің тиегін ағытты.

Қаламгердің «Қыран қалғымай-ды» (1971) повестер жинағы мен «Тау жолы» (1978), «Екінші өмір» (1981) романдары, «Жер тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор стенного кургана», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» шығармалары жазушыны өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, өткір көркем сөз шебері ретінде танытты. Осы аралықта әдеби-зерттеу мәселелеріне қайта оралып, «Қазына» (1984), «Жүректің отын сөндірме» (1988) монографияларын жариялады. Досанов соңғы жылдары «Жиырмасыншы ғасыр» (1998), «Аптаның екінші күні» (2003), «Қылбұрау» (2003), «Ұйық» (2005), «Тұйық» (2007) романдары мен «Дүние жалған» (2007), «Жусан иісі» (2007) повестер мен әңгімелер жинақтарын жарыққа шығарды.

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы үш нәрсеге тоқталғым келеді. Біріншіден, әлемдегі ең үздік жүз кітапты қазақ тіліне аударып шығару – қарапайым халық үшін де, зиялы қауым үшін де аса қажет дүние. Кітап деген – асыл қазына. Сондықтан бұл өнегелі іс болар еді. Екінші, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. Атақты адамдарды халық онсыз да біледі. Ал ел үшін елеулі іс тындырып, тасада қалып жүрген жандарды танытудың екі түрлі пайдасы бар. Біріншіден, олар еліміздің даңқын асқақтатады. Өзгелер қазақтың қой бағып жүрген емес, ой бағып жүрген халық екендігін таниды. Екіншіден, жастар сол адамдарға қарап, алға талпынар еді. Үшінші, латын қарпіне көшу – мезгілі жеткен мәселе. Бірақ асықпау керек. Бұл жерде латын қарпіне көшкен өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, олар жіберген қателікті болдырмауға тырысқан жөн, – деді Сәбит Айтмұханұлы.

Кездесуде белгілі жазушыға оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылды. Көрші өңірлерден келіп, шипажайда ем алып жатқан демалушы көрермендер ерекше өткен кездесуге шынайы ризашылықтарын білдірді. Кеш соңында облыс басшысы Алтай Көлгінов қаламгерге шапан кигізіп, естелік сыйлық табыстады.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 67 рет оқылды

Дүйсенбі күні өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының қызметкерлеріне жаңа басшысын таныстырды.


Жиын барысында облыс әкімі бұған дейін «Госэкспертиза» РМК БҚО филиалының директоры болып қызмет атқарып келген Сейтқали Бауыржан Болатұлының осы лауазымға тағайындалғанын айтты. Тағайындау «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес жүзеге асты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов басқарманың жаңа басшысына табысты жұмыс тіледі.

Бауыржан Болатұлы Cейтқали 1981 жылы дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 2002 жылы  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 2007 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмәмдаған.

2002 жылы еңбек жолын Батыс Қазақстан электр тораптарын тарату компаниясында заң кеңесшісі болып бастаған. 2003-2004 жылдары «Құрылысконсалтинг» ҰО» ААҚ БҚОФ бас маманы, кейін осы мекемеде директордың орынбасары қызметінде болған.

2005-2007 жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бас маманы, 2007-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы, 2008-20011 жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2014 жылдары ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Комитетінің БҚО мем-лекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары, 2014 жылдан бері «Госэкспертиза» РМК БҚО филиалы директоры лауазымында болды.

* * *

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-иннова-циялық даму басқармасының қызметкерлеріне жаңа басшысын таныстырды.

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Жалмағамбетов Арман Жанатұлы тағайындалды. Тағайындау «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес жүзеге асты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов басқарма басшысының қызметіне табыс тіледі.

Арман Жанатұлы Жалмағамбетов 1983 жылы дүниеге келген.

Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 2006 жылы Түркия Сельчук университетін тәмәмдаған, 2008 жылы АҚШ-тың Солтүстік Техас университетінде білім алған, экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын 2010 жылы Астана қаласындағы «Ұлттық сараптама және сертификаттау» АҚ орталығының аудармашысы болып бастаған. 2011-2013 Астана қаласындағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті халықаралық ынтымақтастық басқармасының эксперті, 2013-2014 жылдары Астана қаласы өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы, 2014-2015 жылдары Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің басқарма басшысы, 2015 жылдан бастап, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Күміс үзеңгі табылды

Күні: , 45 рет оқылды

Сырым батырдың үзеңгісі делінген көне жәдігер табылды.


Орал қаласында тұратын белгілі өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі Қайыржан Хасановтың айтуынша, күміс үзеңгіні осы кезге дейін қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын Қайыпберген Дүйсенов сақтап келген. Ол Қарақалпақстанда дүниеге келген қазақ. Өзінің сөзіне қарағанда, көне бұйымдарды жинаумен айналысқан. Бірде ол өзбек кейуанадан күміс үзеңгіні сатып алған. Кейуана оны «Ғайып атанікі» деген. Бұл тарихи дерекпен сәйкес келеді. Сырым Датұлының (1742-1802) жерленген орнын анықтау мақсатында, 2007 жылдың мамыр айында БҚО тарих және археология орталығы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде батырдың бейіті Өзбекстанның Хорезм облысы Гүрлен ауданы «Ғайып ата» қорымында екені анықталған болатын. Өмірінің соңғы кезеңінде өзбек еліне барған Сырым батырды жергілікті жұрт ғайыптан келген баба, «Ғайып ата» деп атап кеткен. Сондай-ақ дұшпандары оның үзеңгісіне у жағып өлтірген деген әңгіме де бар.

Үзеңгімен бірге күміс шақша да сақталған, әйтсе де оның кімдікі екендігі белгісіз.

Сырым Датұлы атындағы Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның нақтылауынша, Қайыпберген Дүйсенов үзеңгі мен шақшаны сырымдық мұражайға тапсырмақшы.

Оған Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға шақырту жіберілді. «Үзеңгінің қай ғасырға жататынын сараптама жасап, анықтауға болады», деді А. Ойшыбаева.

Елжан ЕРАЛЫ


Күздік жиналып, жаздық дақылдарға орақ түсті

Күні: , 40 рет оқылды

Ақ Жайық өңірінде шілде айының бел ортасынан ауа егін жинау науқаны басталды. Биыл 248,35 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егілді. Соның ішінде 73,69 мың гектар алқапқа өткен жылы егілген күздік дақылдарды жинау жұмыстары қауырт жүруде.


Бөрлі, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарының шаруашылықтары күздік дақылдарды 100 пайызға бастырып алды. Күздік дақылдар алқабы өзге аудандарға қарағанда әдеттегідей көлемділеу Зеленов және Теректі аудандарының, Орал қаласы маңындағы шаруашылықтардың диқандары күздікті жинап бітуге таяу.

Облыс бойынша күздік дақылдарды жинау жұмыстары 96,7 пайызды құрайды. Ал күздік дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 22,8 центнер өнім алынуда. 2016 жылы бұл көрсеткіш 27,6 центнер болды. Аудандар арасынан әдеттегідей Зеленовта егін шығымдылығы жоғары, әр гектардан 24,6 центнерден өнім алынуда.

Сондай-ақ өңірімізде тамыз айының ортасында жаздық бидайды ору жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыста 174,66 мың гектар алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 168,38 мың гектар болды. Жаздық дақылдар алқабы ауқымды, ол 91,79 мың гектарды құрайтын Зеленов ауданы егіннің 5,1 пайызын ғана жинады. Ал егіс алқаптарының аумағы көлемді емес, яғни 3,40 мың гектарды құрайтын Шыңғырлау, 9,74 мың гектар болатын Бөрлі, 7,14 мың гектар шамасындағы Сырым, 17,53 мың гектар болатын Тасқала аудандары жаздық дақылдарды ору жұмыстарын жоспарлы жүргізуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған соңғы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша жаздық дақылдарды жинау 12,5 пайызды құрайды. Егін алқаптарының әр гектарынан орташа есеппен 11,9 центнерден өнім алынуда. Соның ішінде ең жоғары көрсеткіш Зеленов ауданында, әр гектарынан 14 центнерден, одан кейінгі орын Орал қаласы маңындағы шаруашылықтардың еншісінде, оларда әр гектарынан 12,6 центнерден өнім жиналуда.

– Биыл өңірде егін шығымы өткен жылғы көрсеткіш шамасында. Көктем және жаздың басында жаңбыр кей жерлерге молынан жауды, кей аумақтарға сиректеу жауды. Ауа райының суықтау болуы егіннің кештеу пісуіне әкелді. Ендігі міндет – ел ырысын төкпей-шашпай жинап, қамбаларға құйып алу, – деді егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылболат Құбиев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Зеленовтық шаруалар айрықша үлес қосуда

Күні: , 28 рет оқылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсатыров Зеленов ауданында шаруашылықтарды аралап, жұмыстарына қанықты.


Алдымен Дарияндағы «Каверин» жеке шаруашылығының май-ірімшік зауытында болған депутат К. Ғарапұлы шаруашылық жетекшісі Сергей Каверинге ауылдық жерде өндірістің көлемін арттырып, сапаға бағытталған талапты жетілдіру, ауыл шаруашылығы кооперативін құру бағытында ел үкіметінің қолға алған жобаларын түсіндірді.

2010 жылы іске қосылған зауыт сүтті қайта өңдеп сары май мен түрлі «чечил» ірімшігін өндіреді. Тәулігіне 40 тоннаға жуық сүт өңдеп тұрған зауыттың келешекте өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндігі мол. Бұл бағытта қосымша құрылыс нысаны салынуда. Облыстан бөлек, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Астана, Петропавл, Ақтау қалаларына өнімін өткізіп отырған зауытта 42 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, төңіректегі ауылдар күнделікті сауылған сүтін тапсырып, отбасылық табысын осы жерден айыруда. Әр қызметкермен жеке тілдесіп, жағдайларын сұрап білген халық қалаулысы заманға сай жабдықталып, сүт өңдеуге қатысты барлық талаптар сақталған зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

Одан әрі депутат Дариянның құнарлы топырағына бақша егіп, мол өнім алуға әбден машықтан-ған «Ильичев» шаруа қожалығына барды. Өнімнің сапасына көз жеткізіп, шаруаның мәселесіне құлақ түрді.

– Бірден бәрі қайдан оңып кете қойсын. Сапалы тұқым іздеу, бақшаны баптауға қажетті техника мен тамшылатып суаруға арналған құрылғыны алу қиынға түсті. Мақсат қойғасын қиындықтарды жеңуге тырыстық. Бірақ қазір одан да өткір мәселеге тап келдік. Бау-бақшаны баптай білетін маман жоқ. Маман дейміз-ау, тіпті бақшаны күзеп, түзеп, түптеу үшін қарапайым жұмысшы таппай қалатын кездер де болады. Ауылда бос жүрген тұрғындардың ыссы күннің астында адал еңбектеніп, нәпақа табуға құлқы жоқ. Бірер күн жасап, ақысын сұрайды. Ұстата салсаң, ғайып болады. Жыл сайын 14 гектарға тұқым салатын шаруашылыққа кемі 12 жұмысшы қажет болса, жиын-терім науқанында олардың саны еселеп артады, – деген қожалық жетекшісі Н. Ильичев мәселені шешу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп отыратындығын алға тартты. Қажетті тыңайтқыштар алу үшін берілетін мемлекеттік демеуқар-жыны тиімді пайдаланған шаруа биыл да мол өнім алмақ ниетте.

Зеленовтағы картоп өсіруші ірі шаруашылықтардың бірі – Александр Мясников жетекшілік ететін «Август» шаруа қожалығы. Сапалы картоптан мол өнім алып, тауарын ауданымыздың «брендіне» айналдырып үлгерген шаруашылықта жұмыстың бәрі автоматтандырылған. 2005 жылы құрылған қожалықта жалпы сыйымдылығы 3200 тонна болатын үш көкөніс сақтау қоймасы бар. Аз аумақтан мол өнім алу қағидатын берік ұстанған шаруашылық биыл 200 гектарға себілген картоптың әр гектарынан 300 центнерден өнім алуда. Сондай-ақ 200 га алқапқа егіліп, жайқалып тұрған жаздық бидайға жуырда орақ түспек.

– Елбасы Жолдауында айтқан ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру мақсаты бекер емес. Бұл – сапалы әрі қауіпсіз өнім, жаңа жұмыс орындары әрі экономикалық кіріс көзі. Ауыл шаруашылығының өркендеуі, түптеп келгенде, елдің азықтүлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Бұл бастамаға зеленовтық шаруалар айрықша үлес қосуда. Егін, бау-бақша, ет, сүт өңдеуде тың технологиялар енгізілген. Бұл – өз кезегінде сапалы әрі мол өнімнің нақты кепілі, – деді сапарын түйіндеген халық қалаулысы.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы


Әсия АМАНБАЕВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Спортшылар да, спорт нысандары да көбеюде…»

Күні: , 30 рет оқылды

«Қазақстан – Орал» телеарнасында БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан облысында олимпиадалық және бұқаралық спорт түрлерінің дамуы мен болашағы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.


Басқосуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева қатысып, өңіріміздегі спорттың бүгінгі жағдайы мен оны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша 47 869 адамның қатысуымен 1219 түрлі спорттық шаралар өткізілді.

Облыс орталығында денсаулық сақтау бағытында өткізілген шаралардың арқасында бүгінде спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 170 650 адамға (26,7 пайыз) жетті. Биыл спортшыларымыз айта қаларлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс спортшылары спорт түрлері бойынша ресми республикалық және халықаралық жарыстарда, атап айтсақ, әлем, Азия, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 339 медаль, соның ішінде 116 алтын, 101 күміс, 122 қола медаль ұтып алды. Өңірімізде спорттың 57 түрі тұрақты дамуда, соның 28-і – олимпиадалық спорт түрі. Жыл басынан басқарма бюджетінен облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге 17 970,0 мың теңге бөлінді. Облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде 38 спорт түрінен (20 олимпиадалық спорт түрі) 107 жарыс өткізілді, – деген Әсия Рахымқызы одан әрі өңіріміздегі спорттық құрылымдардың жай-күйіне тоқталды.

Спорт нысандары көптеп салынуда

– Бүгінгі таңда облыс бойынша спорттық ғимараттардың саны – 1545, соның 1176-сы ауылдық жерлерде. Биыл дене шынықтыру және спорттың дамуына 3 056 264,0 мың теңге бөлінді, жарты жылда осы қаражаттың 56 пайызы игерілді.

Облыста 25 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, олимпиада резервтерін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, 11 спорт клубы (оның үшеуі кәсіпқой клубтар – «Ақжайық» спорт клубы» ЖШС, «Жайық» волейбол клубы» МКҚК, «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС) жұмыс істейді. Облыс бойынша 25 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар, бұл мектептерде 11 038 бала спорттың 44 түріне (осының 26-сы олимпиадалық спорт түрі) үйретілуде.

Қазіргі таңда өңірімізде спорттық нысандар саны жетіспейді. Бұл мәселені мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде шешуге тырысып жатырмыз. Бұл іске жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы соңғы кездері жаңа спорт нысандарының саны көбейді. Мысалға айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорттық белсенділігін арттыру, денсаулығын нығайту мақсатында биыл «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған спорт клубы» МҚҚК ашылды. Бұдан басқа 2015 жылы Орал қаласының Зашаған кентінде 320 орындық, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында және Қаратөбе ауданы, Қаратөбе ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып, ғимараттар қолданысқа тапсырылды. Бұдан басқа қысқы спорт түрлерін дамытуға тиімді жағдай жасау мақсатында «ҚПО б. в.» компаниясының қолдауымен «Жастар» стадионында жасанды мұз айдынын салу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ Зеленов ауданындағы Переметный ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Аталған кешенде көпатқарымды ойын залы (волейбол, баскетбол, шағын футбол), жекпе-жек және жаттығу залы болады. Кешен биыл қараша айында қолданысқа берілмек. Бұған қоса Ақсай қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған кешен көпатқарымды ойын залы, жекпе-жек және бокс залы, жаттығу залы, сегіз жеңіл атлетикалық жолы және екі спорт алаңы болады. Бұл кешен де, бұйырса, қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында спорттық ғимараттар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жоспарлануда. Мысалы, Ақжайық ауда-нында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін осы әдіспен салу көзделуде. Қазірдің өзінде Орал қаласында 23 көпатқарымды жаңа үлгідегі спорт алаңдары жұмыс істеп тұр.

2020 жылға дейін аймақты дамыту бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен (қала, аудан, селолық округ) биыл облыста (селолық жерлерде) төрт спорт алаңы салынды. Жыл аяғына дейін аталған бағдарлама бойынша жергілікті бюджет есебінен өңірімізде 28 спорт алаңы салынуы тиіс. Спорт алаңдарының 13-і Орал қаласында, 15-і аудан орталығы мен ауылдық округтерде салынбақ, – деген Әсия Рахымқызы әзірге облыстағы 12 ауданның ішінде тек Бөкей ордасы мен Бөрлі ауданында ғана барлық ауылдық округтердің спорттық алаңдармен қамтылғанын айтты.

Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан басқарма басшысына көптеген сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар қайтарылды.

 

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

Дмитрий ТЕРЕЩЕНКО, «Надежда» газетінің тілшісі:

– «Ақжайық» футбол клубының бүгінгі хал-күйі қалай? Естуімізше, жақсы ойыншылардың бірқатары кетіп қалыпты дейді. Бұл қаржы қиыншылығына байланысты ма, әлде бұған басшылықтың ауысуы ықпал етті ме?

Әсия АМАНБАЕВА:

– «Ақжайық» футбол клубындағы орын алған жағдайлар басшылықтың ауысуына да, қаржы қиыншылығына да байланысты емес. Мұның бәрі клубтың ішкі жұмысындағы түйінді мәселелерге байланысты болып отыр. «Ақжайық» футбол клубы жақсы ойыншыларын жоғалтқан жоқ. Өз басым жақсы жаттықтырушылар футбол клубының бағын әлі де ашады деп үміттенемін. Аталмыш футбол клубы қазіргі уақытта саттықта тұр.

 

Дмитрий КУЗНЕЦОВ, облыстық радионың редакторы:

– Парашют спортының жағдайы қалай?

Әсия АМАНБАЕВА:

– Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында «Облыстық авиация спорты бойынша балалар-жасөспірімдер мектебі» жұмыс жасайды. Спорттың бұл түрі аса қауіпті болғандықтан, мұнымен айналысушылар саны аз, бар болғаны 10 адам. Жаттықтырушымыз зейнеткерлік жаста және жаттығуға арналған ұшақтар да ескі. Мұндағы екі ұшақтың біреуі 1977 жылы, ал екіншісі 1984 жылы пайдалануға берілген, қолдану мерзімі баяғыда біткен. Жалға алайық десек, бағасы өте қымбат. Осыған байланысты кезінде талай мықты парашютшілерді даярлаған бұл мектептің қазіргі хал-күйі онша мәз емес. Дегенмен, спорттың осы түрі бойынша еліміздегі санаулы мектептердің бірі болғандықтан, «Облыстық авиация спорты бойынша балалар-жасөспірімдер мектебін» сақтап қалу бағытында жұмыстанып жатырмыз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика