Мұрағат: 14.08.2017


«Ақжайық Fest»

Күні: , 26 рет оқылды

IMG_4368-14-08-17-03-33Өткен сенбіде Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағында халықаралық жастар күніне арналған «Ақжайық Fest» атты мерекелік шара өтті.


Облыстық жастар саясаты мәселелері және «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған шараны жас продюсер Алпамыс Шаримов жүргізді. Жастар форматында өткен көңілді кеште қазақстандық эстраданың танымал әншілері «Алау» тобы, Олжас Абай және «Бастау» тобының күйшілері өнер көрсетті. Концертке жиналған қала тұрғындары бояулар фестиваліне қатысып, «Candy dance» би тобы, Алтынбек Әбдіхалимов, Галина Калашникова, Ғизат Қаресов сияқты жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Данияр Құлжанов жастарды мейрамдарымен құттықтап, концерттің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен «Нұр» кеңсе тауарлары дүкеніне, «Родник» фирмасына, «Самғау Индастрис», «Айдана» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, «Backstage» сұлулық салонына және «Eldivino» ойын-сауық орталығына алғыс білдірді.

– Биылғы жастар мерекесі өз ерекшелігімен есімде қалады. Себебі менің сүйіп тыңдайтын танымал әншілерім қатысуда. Оларды жанды дауыс арқылы тыңдауға тамаша мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді қаланың жас тұрғыны Мөлдір Абайқызы.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Рухани жаңғыру – келешектің кепілі»

Күні: , 24 рет оқылды

IMG_4415Шараға спикер ретінде «Қазақстан – 2050» қозғалысы» кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Мұхтар Манкеев, Батыс Қазақстан облысындағы «Аялаған алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Рада Хайрушева, Астана қаласының азаматтық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Тимур Ілиясов қатысты.


Спикерлер қоғамның бәсекеге қабілеттілігі, рухани жаңғырудың іске асырылуы мен келешек үшін маңызы туралы сөз қозғады. Шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары спикерлерге өздерін толғандыратын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты.

– Басты мақсат – жаңа коммуникациялық құралдар арқылы қоғаммен бірігіп, республиканың, өңірдің дамуына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына үлесімізді қосу. Халықтың ойы қандай, қандай бастамалары бар екенін біліп, «Туған жер», «100 жаңа есім», «Ұлттық код» тағы басқа тақырыптарда ой бөліскіміз келді. Орал қаласынан бастау алған «Ашық алаң – 2050» жобасы басқа облыстарда да жалғасын таппақ. Кейін жұмысымыздың қорытындысы ретінде халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, нақты жобалар дайындамақ ойымыз бар, – деді «Қазақстан – 2050» қозғалысы» кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Мұхтар Манкеев.


Енді сорға сенбілік ұйымдастырамыз ба?..

Күні: , 29 рет оқылды

86783Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округінің аумағындағы Әлжансордың емдік қасиеті, оның балшығының құрамы, тіпті, аталу тарихы туралы да біздің газетте алдыңғы жылдары біраз жазылды. Сол себепті үшбу тақырыпты біз тап қазір қаузамаймыз. Бүгінгі әңгіме тұзға түсу мәдениеті хақында.


Әлқисса, атам қазақ сордың, яғни, тұзды балшықтың ағзадағы жел-құзға, буын ауруларына, соның ішінде ойнамалы буын дерті мен сүйек сынығына ем екендігін әлімсақтан білген. Сол себепті қазекең 15 шілде мен 15 тамыз аралығын «Тұз айы» деп атап, тұзға түсуге, яғни, тұз ваннасын қабылдауға ұмтылған. Осыдан бірер апта бұрын бізге де тұзға түсудің сәті түсті. Сол кезде өз көзімізбен көрген келеңсіздіктерді оқырман қауымның назарына ұсынып, көптің талқысына салып отырмыз.

Бірден айтарымыз бұл тасынғандық па, әлде басынғандық па, ол жағын түсінбедік, әйтеуір кейбір қазақтар Әлжансордың нағыз балшығына дейін аутокөлікпен таяп барып, тұзға түсуді әдетке айналдырыпты. Негізі күн ыстықта тұздың тақыр жерімен жаяу жүріп, табаныңнан ыстық өткізіп барып, балшыққа жеткеннің өзі ем. Себебі, біріншіден, табаннан өткен ыстық бүкіл денеге жайылып, суықты, жел-құзды шығарады. Екіншіден, сіз біраз жер әрі ыстық, әрі тұзды топырақты жалаң аяқ басып бару арқылы ағзаңызды тұз ваннасын қабылдауға ақырындап, яки баппен бейімдейсіз. Ал енді сордың үстін аутокөлікпен шиырлау, бізге барып тұрған оспадарлықтай көрінді.

Тұзға түсушілердің дені діттеген жеріне дейін қолына таяқ ұстап барады да, үстіндегі лыпасын соған іліп қояды. Ал жағаға қайтарында әлгі шаншулы таяқ сол жерде сол күйі қалады. Біраз уақыттан кейін әлгі таяқ желмен немесе басқа факторлардың әсерімен құлап, жаяу келе жатқан біреудің аяғына немесе тұз ваннасын қабылдап жатқан әлдекімнің ағзасына кіріп кетуі әбден кәдік. Міне, біз осыны ескере бермейміз. Тағы бір байқағанымыз, жағалауда да және сордың нағыз бетінде де шашылып жатқан полиэтилен пакеттер мен пластик құтылар баршылық. Бұл жалпы жердің (топырақтың) құнарына қоса, тұздың (сордың) шипалық қасиетін кемітетін жайт. Өйткені, әлгіндей ыдыстардың шіруі бірнеше ондаған, тіпті жүздеген жылдарға созылып, шіріген сайын олардан бөлінетін зиянды заттардың залалы үдей түсетін көрінеді. Полиэтилен пакеттер мен пластик құтыларға қоса, жағалауда немесе сордың бетінде қалдырылған тізкиім мен сүйретпе аяқ киім де көзге шалынды. Есесіне, біз аумағы ат шаптырымдай бүкіл сордың жағалауынан бір ғана қоқыс контейнерін көрдік. Егер сордың жағалауына контейнерлер жиірек қойылса, шашылып жатқан қоқыс атаулы азаяр ма еді…

Әлжансордан таяқ тастам жерде Бөгет деген шағын көл бар. Бұрындары бұл көлдің суы таза һәм тұщы болған екен. Сондықтан да осы көлдің суын ХVІІІ–ХІХ ғасырларда сол маңның қазақтары бау-бақша суаруға пайдаланған көрінеді. Ал бүгінгінің қазақтары әуелі тұзға түсіп, үстіндегі сордың балшығын әлгі көлге шомылып кетіріп, Бөгеттің суын теңіздің суынан бетер ащы қылып жіберген. Бұған қоса Бөгеттің жағалауы азық-түліктің қалдығы мен арақ-шараптың бөтелкесінен аяқ алып жүргісіз. Бұл көргенсіздікті де біз фотоға түсіріп, көптің назарына ұсынып отырмыз.

Өз басым Әлжансорға жыл сайын барып тұрамын. Бұл шипалы жерге өзіміздің өңірдің тұрғындарына қоса, Ресейдің біздің облыспен шекаралас аймақтарынан да дертіне дауа іздегендер жиі келеді. Әлжансордың маңындағы Дуана ауылының тұрғындары үшбу тұзға түсу үшін тіпті, Башқұртстан мен Татарстаннан да келушілер бар екендігін айтады. Ендеше өзгелер «алты айшылық» жерден келіп жатқан қасиетті жерді ең алдымен өзіміз қадірлейік, әлеумет! Әйтпесе, даладағы-қаладағы үлкен-кішіміз жиналып, сорға сенбілік жасауға тура келетін түрі бар…

Бауыржан ӘЛЖАНҰЛЫ,

Орал қаласы


Нәтижелі сапар

Күні: , 38 рет оқылды

PRI_5106Жақында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыс делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Делегация өңіраралық кооперацияны дамыту шеңберінде оңтүстік өңірдегі ауыл шаруашылығы, индустриалды аймақ саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тәжірибе алмасты. Аталмыш делегация құрамында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармаларының, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ-ның және «ҚПО б. в.» компаниясының, «Машзауыт» БҚО машина жасау зауыттарының консорциумының өкілдері болды.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибрагимовтың айтуынша, аталмыш жұмыс сапары барысында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында инвестиция және өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнату жөнінде меморандумға қол қойылды. Облыс делегациясы құрамында болған «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли бастаған компания өкілдері Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның өндірістік базасында болып, оның өндірістік қуатымен, технолоияларымен, өнім түрлерімен және сапа сертификаттарымен жете танысты. Нәтижесінде аталмыш кәсіпорын (Оралдағы трансформатор зауыты осы АҚ-ның филиалы) және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы арасында трансформаторларды жеткізу жөнінде меморандум жасалды. Бұдан екі жыл бұрын Қарашығанақ кен орнындағы аймақты қуатпен қамтитын трансформатор жанып кеткені белгілі. Оралдағы зауыттан шығарылатын трансформаторларға қарағанда Кентау зауытының трансформаторларының қуаты күштірек. Сондықтан кен орнына қажетті күштік трансформаторды сырттан тасымалдамай, отандық кәсіпорыннан, оңтүстіктен жеткізу – келісілген шаруа. Сондай-ақ «Шымкент» және «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-лары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды, ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейтін меморандумға да қол қойылды. Іссапар барысында төртінші келісімшарт «Шымкент-цемент» АҚ және «BafkerHughes» компаниялары арасында жасалды. Бұл келісімшарт Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының төртінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын қажетті цемент өнімдерімен қамтуды көздейді. Оралдық «BafkerHughes» кен орнындағы «ҚПО б.в.» компаниясына сервистік қызмет көрсетеді, соның ішінде бұрғылау жұмыстарын атқарады.

– Қазіргі уақытта ОҚО және БҚО араларындағы тауар айналымы жақсы жолға қойылған. Өңірден оңтүстікке ет, ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылса, ол жақтан бізге көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері тасымалданады. Бүгінде екі өңір арасында біріккен жобалар іске асуы үшін екі облыстың әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары жұмыстануда. Оңтүстік Қазақстан негізі аграрлы аймақ деп есептеледі. Онда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған, – деді Б. Ибрагимов. Оның айтуынша, ОҚО-да 11 индустриалды аймақ, тек Шымкенттің өзінде жеңіл және ауыр өнеркәсіп орналасқан үш индустриалды аймақ жұмыс істейді. Еліміздегі фармацевтика кластері дамыған жалғыз аймақ – осы Оңтүстік Қазақстан. Сонымен қатар оңтүстік өңірде жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған. Бұрындары Қазақстанға шұлық түрлері Қытайдан, Қырғызстаннан тасымалданатын. Ал бүгінде шымкенттік «Әлем БТ» кәсіпорны еліміздің өңірлерін өз өнімдерімен қамтуда. Жылына 16 млн. дана шұлық өнімін шығаруға мүмкіндігі бар «Алем БТ» фабрикасы – «Jintex Global» кәріс компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған жоба. Аталмыш кәсіпорын өз өнімдерін тек еліміздің аумағына ғана емес, сыртқа да шығарады. Облыс делегациясы іссапар барысында неміс технологиясымен кілем шығаратын «Бал Текстиль» ЖШС кілем фабрикасының, «ЕвроКристалл» ЖШС-ның шыны құты, банкі өндірісін көріп, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ «Оңтүстік» индустриалдық аймағындағы масел «HILLCorporation» ЖШС аутомобиль мотор майын өндіретін кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысудың сәті түсті.

Оңтүстік өңірдегі Ордабасы ауданының Бадам ауылындағы шетелдің ең соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған «Бөрте-Милка» кешенді фермасы сүтті өңдеп, одан сүт өнімдерін жасайды. Бір қызығы, онда сиырларды сауыншы емес, құлтемірлер сауады. Одан кейінгі жерлестеріміз бас тіреген осы Бадам ауылындағы тағы бір нысан – «Ордабасы құс» ЖШС. Заманауи техногиялармен қамтылған күркетауық фабрикасы 2010 жылдың аяғында іске қосылған. Бұл кешен – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы күркетауық етінің өндірісі бойынша алғашқы жоба. Фабрикада өндірілген күркетауық етін іргелес елдер де таныды. «Дәмді ет» деген сауда белгісімен шығарылатын күркетауық етінің қаптамадағысы, ысталғаны, тіпті шұжығы да бар. Аталмыш компанияның басшысы Мұрат Тағаевтың айтуынша, экспортқа өнім жөнелтетін кәсіпорын әлемдік нарықта технология және сапа тұрғысынан бәсекелес болуға дайын.

Ақ Жайық өңірінің делегациясы Түркістан қаласында болып, шаһар басшылығымен кездесті. Тарихтан тамыр тартқан көне қалада туризм саласы жақсы дамыған. Қазір онда 860 орындық 16 қонақүй жұмыс істейді. Тек 2016 жылдың өзінде жаңадан төрт қонақүй салынып, пайдалануға берілген. Қалада 270 мың адам тұрады. Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді. «Жалпы шаһарға келетін шетелдік туристер көп екенін кесенеге барған кезде байқадық. Қонақүйлердегі, мұражай қызметкерлері, кесенедегі гидтердің барлығы шетел тілдерін меңгерген. Бір туристік агенттік өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Олар Түркістанға тур ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Тур барысында шаһарды, көрнекі тарихи орындарды аралатады. Туристерді орналастыру сықылды барлық мәселелерін шешуді өз мойындарына алады. Бұл мәселе бойынша облыстық туристік басқармасымен жұмыстанудамыз. Жалпы қорыта айтсам, іссапар нәтижелі болды», – деді Б. Ибрагимов.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Туған жерін түлеткен Нұрлыбай

Күні: , 25 рет оқылды

DSC_65531Рухани жаңғыру аясында жүзеге асатын «Туған жер» бағдарламасының түпкі мақсаты – азаматтарды өз ауыл-аймағының ажарын келтіру ісіне тарту. Осылайша, кез келген қазақстандық еліміздің одан әрі дамып, бәсекеге қабілетті болуына үлес қоса алады. Бұл – нақты айтқанда, әрбір перзенттің кіндік қаны тамған ел мен жер алдындағы адамдық парызы. Егер сол адамдық парызынан айнымаған азамат болса, оны «бүгінгінің батыры» деп бағалауға әбден болады. Сондай жанның бірі ауданымыздың Сарықұдық ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбайұлымен кездесіп, тілдесудің сәті түскен еді.


Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сарықұдық ауылы сонау Кеңес дәуірінде дүркіреген ауылдардың бірі болды. Мәдениеті мен әлеуметтік жағынан да басқа ауылдарға қарағанда ілгері еді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында Сары-құдық ауылы азып-тозып кетті. Ғимараттар қаңырап, жарамсыз күйге түсті. Жұмыс жоқ деп қалаға үдіре көшкендер көшті, көшпегендері сол ауылда тұрақтап қалды. Сол тұста болашақтың баянды болатынына бірі сенсе, бірі сенбеді. Ал Нұрлыбай Жолдыбайұлы сол бизнес деген ауылдың есігін батыл ашты.

Орал қаласында да тіршілік етіп көрген Нұрлыбай 1999 жылдан бастап шөлмек жинап, оны тапсырумен айналысты. 2007 жылы біржола ауылға бет бұрды. Туған жерге деген сағыныш басыла ма? Әрі ата-анасы Жолдыбай ағамыз бен Ғазиза анамыздың тұңғышы болғандықтан елге келіп, інілері Абылай, Руслан, Марданмен бас біріктіріп, қожалық ашып, төрт түлік мал өсіруді жөн көрді. Бастаған ілкімді ісі қазір ілгері басты. Нақтырақ айтсақ, санаулы уақ мал өсіп-өніп, қоралы қой болды. Діттеген мақсатына жету үшін Нұрлыбай бауырларымен күндіз-түні еңбек етті. Қақаған қыстың аязына қарамады. Бертін келе, замана көші түзеліп, мемлекет еңбек адамдарына нақты қолдау көрсете бастады. Бұл игі шараның шарапатынан шаруа тыс қалмады.

— Біз мал шаруашылығымен айналысамыз. Асыл тұқымды малды баққанымыз үшін мемлекет тарапынан көмек беріліп тұрады. Тіпті асыл тұқымды малды сатып алған адамдарға субсидия береді. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды, — дейді Нұрлыбай Жолдыбайұлы.

Туған ауыл десе, жүрегі елжіреп тұратын кәсіпкер Жеңістің 70 жылдығына орай Сарықұдық ауылындағы соғыста қаза тапқан майдангер аталарымызға арнап «Ерлер есімі ел есінде» ескерткішін мәрмәр тас қойып, кафельдетіп, түгелдей жаңартты. Дана халқымыз «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деп нақыл қалдырған. Ауданның белсенді бизнесмені Нұрлыбай Жолдыбаев осы сөзді өміріне өзек етті. Биыл ол ауылына 6 миллион теңгеге медициналық қосын салды. Бұрын апатты жағдайдағы ескі баспанада қызмет көрсеткен дәрі-герлер енді кең де жайлы ғимаратта науқастарға ем-дом жасап жүр.

— 2003-2004 жылдары үйде мал басы 15-16-ға жетіп қалды. Ол кезде елдің бәрі жаппай қалаға көшті. Ал мен олардың малын сатып алдым. Сөйтіп, мал басын көбейте бердік. 2006 жылы несиеге «КамАЗ» аутокөлігін алдым. Оны жалға беріп қойдым. Ай сайын 156 мың теңге төледім. Жыл жарымда несиені төлеп бітірдік. Мал да көбейе бастады. Сол кезде бағымда 60 шақты мал басы болды. Бар малды тиеп, Ақтауға өткіздік. Оралдан орамжапырақ тиеп апарып, сатып жүрдік. Сол сәттен малдан жақсы пайда бар екенін ұқтым. Ендігі бар мақсатым – артылған ақшаға мал басын көбейту еді. Халық жаппай қалаға қоныс аударып жатқанда, біз ауылға көштік. Үкіметтің мал шаруашылығына жақсы көңіл бөліп жатқан кезі еді. Сол жылы 70-80 бас малмен «Дархан» шаруа қожалығын аштық. Бәрі бірден үйлесіп кетпейтіні анық. Қарыздандық, қауғаландық. Сізге өтірік, маған шын, жұртқа 8 миллион теңге берешек едім. Аллаға шүкір, үкімет берген демеуқаржыларды пайдаланып, ісім ілгерілей бастады. Қазір қожалықта өзімізді қосқанда 17-18 адам бар. Науқан уақытына байланысты өзгеріп отырады. 4-5 жылқы сауып отырмыз. Той-томалақтарға қымызды көптеп алады. 2012-2013 жылдары еттің бағасы түсіп кетті. Содан 2015  жылы өз өнімімізді айналымға түсіру үшін «Шаһизада» асханасын аштық. Асханада тұрақты 10-11 адам жұмыс істейді. Жолаушылар риза сияқты. Қазір «Дархан» ШҚ-да 1000 бас ірі қара, 500 жылқы, 1000-ға тарта қой малы бар. Мал басының тұқымдық сапасын жақсартудамыз. Биыл 120 бастай асыл тұқымды аналық сатып алғымыз келеді, — дейді бізбен әңгімелескен Нұрекең.

Аудан бойынша «Жыл меценаты» атанған кәсіпкер енді өз қаржысына балабақша салуды көздеп отыр. Айтқан сөзін, іске асыратын азамат қазірдің өзінде, ауыл маңынан ғимарат орнын белгілеген. Нұрлыбай Жолдыбайұлы: «Адам баласының арманы көп қой. Ауылдастарға балабақша салсақ па деп ойлап жатырмыз. Сол жолда жұмыстанып жүрмін. Жоспарымыз – 20-30 балалық бір топ болса да құру. Қазақ «Бота алғанша, бата ал» деген. Қазіргі күні әлеуметтің алғысына бөленгендер биіктемесе аласарған емес. Бұл кәсіпкер Нұрлыбайдың айтқаны. Ол еліміздегі әр адам сылдыр сөзден салмақты іске көшсе», – дейді. Туған жерін түлетіп, тура жолға бастаса деп тілейді. Мұқтаж жандарға қолұшын беру, айналасына қуаныш сыйлау – кәсіпкердің өмірлік ұстанымы. Сондықтан Нұрлыбай, ардагерлер, көп балалы аналар, тұрмысы төмен отбасыларға әр мереке сайын сый жасайды.

– Ауылға мәдениет үйі қажет дедім. Мәдени шараларда мектептің спорт залына жиналамыз. Неге мәдениет үйі? Халықты ыдырату үшін оны тілінен, дінінен және мәдениетінен айыру керек екен. Менің назар аударып отырған мәселем – бұл іске жалпы халықтың жұмылуы қажет. Мен намыстансам, Құдайдың көзі түзу болса, нысанды өзім-ақ салып беремін. Ал мен ауылдастарымды осы іске тартқым келеді. Өзім алғашқы жарна ретінде 1 миллион теңге салдым. Түсінген адамдар аз да болса, қаржы салып жатыр. Біреуі зейнетақымнан берем десе, келесісі балшығыңды дайындайын дейді. Оның өзі жақсылық. Бізбен ниеттес екенін білдіреді. Өздерінің бір үлесі болған соң, ол нәрсе оларға ыстық болады. Балаларына үлгі бола алады. Қазір мәдениет үйінің орны таңдалды. Бұйырса, күзде іргетасын қалаймыз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғанындай, туған жерімізге туымызды тігіп, оны түлету — ортақ парызымыз. Мұндағы мақсатым — туған ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосу. Соңғы жылдары Сарықұдыққа қатқыл табанды жол жетті, енді ауыз су, газ келеді деп жатыр. Тағы бір арманым — ауылда жаңадан мектеп салынса деймін. Осылайша толық жағдай жасалса, туған жерінен тұрғындар, әсіресе, жастар көшпей, тұрақтап қалар еді. Қай уақытта болсын ұлттың қамына сөйлеген сөзді, іспен дәлелдеу керек деп ойлаймын. Бұған біз секілді кәсіпкерлер, ел азаматтары қолұшын созып, үлгі көрсетіп, ықпал етуі тиіс, — дейді Нұрлыбай Жолдыбайұлы.

Тұрарбек АҚМУРЗИН, Сарықұдық ауылы,

Қазталов ауданы


Мектептің оқу жоспары өзгермей, білім сапасы көтерілмейді

Күні: , 15 рет оқылды

Биылғы аяқталған оқу жылында да білім сапасын жетілдіруге қатысты көлемді реформалық өзгерістер болды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытында «математикалық сауаттылық», «оқу сауаттылығы» түсініктері енгізіліп, білім мазмұнына үлкен өзгеріс жасалды. Таңдау пәні біреуден екеуге көбейтіліп, тестілік сұрақтар күрделене түсті.


Оқушылардың функционалдық сауатын дамытуға ерекше көңіл бөлінуі – әлемдік білім беруде бүгінгі білім сапасына қойылатын басты талаптардың бірі.

Функционалдық сауаттылық – оқушылардың жалпы дүниетанымдық, ертеңгі өмірде бағдар жасауға қатысты теориялық білімнің мәнін терең түсініп, оны адамзат қызметінің әртүрлі саласында нақты қолдана білу қабілеттері мен дағдыларының қалыптасуы, күнделікті адамдар қатынасында, әлеуметтік байланыста кездесетін тіршілік міндеттерін жан-жақты практикада шеше білу мүмкіндіктері.

Ақпарат құралдары талдап көрсеткендей («Көзден бұл-бұл ұшқан 140 балл» «ЕҚ», 4 шілде 2017 жыл), мектеп өткен оқу жылы білім сапасын айтарлықтай төмен түсіріп алды. Биылғы білімнің ең жоғарғы көрсеткіші – 140 балл. Ол түлектердің «көзінен бұл-бұл ұшты».

Білім министрлігі жоғарғы оқу орнына түсушілерге мемлекеттік ҰБТ моделін сақтап қалғанымен, ҰБТ-ға кіретін пәндер мен олардың мазмұнын айқындауда үлкен іркіліс болды. ҰБТ-ның қай форматта өтетіндігі оқу жылының соңғы жарты жылында ғана анықталды. Мемлекеттік емтиханның функционалдық сауаттылығына қатысты материалдар асығыс құрастырылған, мағыналық, логикалық тапсырмалар да ғылыми жүйеге келмеген. Сондықтан оқушылардың дайындығына қиындық келтірген жағдайлар кездесті.

Мектептегі білім сапасын жетілдіруде ҰБТ моделіне реформа жасауда, біріншіден, ҰБТ-ның соңғы жылдары мектеп практикасында білімді объективті сырттай тәуелсіз бақылау мен бағалаудағы мол жағымды тәжірибесін сақтап қалуымыз қажет.

Бұрын оқушылар сабақ процесінде білімді күнделікті баға алу үшін оқитын. Білім баға алумен шектеліп, кейін есте ұзақ сақтала бермей ұмытылатын-ды.

ҰБТ – әрбір оқушының білім стандартындағы бағдарламалық материалды терең, жан-жақты ұзақ уақытқа нақты білім алуын талап етеді. Ол оқушылардың бейінді білім алуына, білім стандартының талабына сай, заңдылықтар мен ережелерді, құбылыстар мен уақиғаларды терең, мәні мен маңызын жете меңгерулеріне қолайлы жағдай жасайды.

Екіншіден, білім сапасын көтеруде, ҰБТ-ның ондаған жылдар бойы атқарған тарихи миссиясы мұғалімдердің бағаны жа-санды көтеріп бағалауды болдырмау және оқу орнына жастарды қабылдау шынайы, олардың білім дәрежелеріне қарай жүруін қамтамасыз ету болса, оны ҰБТ жүйесі тиісті дәрежеде атқара білді. Сөйтіп, оқушының саналы білім алуына, мұғалімдердің сапалы білім бере білуіне тікелей ықпал етті. Демек, мектептің білім беруде мемлекеттік стандартын қандай дәрежеде жүзеге асырып жатқанын қатаң бақылауда ұстағымыз келсе, мектепке де, ата-анаға да, оған мүдделі ағарту мекемелеріне тәуелсіз мемлекеттік ҰБТ моделінің жұмысын одан әрі жетілдіруде, ең бастысы, ұйымдастыруда – тестіні шпаргалка арқылы тапсырып, жалған балл жинау емес, тікелей компьютерлік-электронды жүйе арқылы, әр оқушының білімін нақты да әділ бағалауға қолайлы мүмкіндік жасауға тиіспіз. Оған бүгінгі таңда материалдық-техникалық жағдай жеткілікті.

Педагогика ғылымында айқындалған, өзіміз күнделікті практикада көзіміз көріп жүрген жағдай, білім сапасын барған са-йын жетілдірудегі басты кедергі – ең алдымен мектептің оқу жоспарымен байланысты. Бүгінгі таңда мектептің жоғары сыныптарында 19-дан 23-ке дейін пән оқытылады. Әр пән бағдарламасы сол ғылымның ХХI ғасырға дейінгі даму деңгейін, ертеңі мен бүгінін толық қамти отырып құрастырылғанын ескерсек, 19-23 пәннен берілетін осыншама білім көлемі бір оқушыға түсетін «салмақ» екенін, тіпті бір кезек ойлап та жатпайтын сияқтымыз. Яғни, оқу жоспары оқушыларға бейінді білім алу принципіне емес, кеңес мектебінен бері өзгеріссіз келе жатқан – жалпыға бірдей міндетті энциклопедиялық білім беру принципіне негізделген. Бұл «Білім туралы» заңның жоғары сыныптарда оқушыларды өз қабілетіне, таңдаған болашақ мамандығына, өзіндік қызығушылығына қарай «Оқытуды саралап және даралап» оқыту талабына мүлде қайшы. Әр жеке тұлғаның өз қабілет-икемділігіне қарай, әлемдік деңгейде бірыңғай бейінді білім беруді жүзеге асыруға тиіс, мамандандырылған дарынды балалар мектебінде де сол пәндер дәл сол мазмұнда, толықтай міндетті оқытылады.

Оқу жоспарындағы бейінді және міндетті пәнге берілетін уақыт көлемінің жай пәндерден айырмашылығы жоқтың қасы. Сонда түске дейін оқушылар алты сағат стандарттағы (оқу жоспарындағы) пәндерді оқиды. Оған қоса оқушылар түстен кейін төрт сағат ертеңгі сабаққа – үй тапсырмасына әзірленіп және факультативтік сабақтарға, арнаулы курстарға қатысуы керек. Сөйтіп, оқушылардың бір күндік жұмыс уақыты 12 – 14 сағаттан асып жығылады. Нәтиже – керісінше. Өйткені, бұл жағдай оқушыларға да, мұғалімге де өз мүмкіндіктерін бір бағытта – бейінді, міндетті пәндерді жан-жақты тереңдетіп оқып, бағдарламалық материалды бейінді білім алу талабына сай меңгерулеріне мүмкіндік бермейді. Сондықтан да қазір оқушылардың ҰБТ-ға мемлекеттік емтиханға әзірленуі үшін мектептен тыс репетитор жалдау, шпаргалка әзірлеу және тікелей тестінің әзір жауаптарын сырттан көшіріп алу үшін түрлі байланыс құралдарын жаппай қолдануы – барлық жерде бірдей дағдылы жағдайға айналды.

Айталық, биылғы жылдың өзінде тестілік сынаққа қатынасқан 88 583 түлек, тестілеу барысында 84 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 40 мыңнан астам электронды құрылғылар мен 40 мыңнан астам қағаз түріндегі шпаргалкалар қолданды. («ЕҚ» 4 шілде 2017 жыл). Бұл тек ресми деректер. Сонда, біздің түлектеріміз ҰБТ-ны түгелге жуық тек қана шпаргалкалардың көмегімен тапсырды деген сөз.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары–ақ педагогика ғылымында толықтай мойындалған – «Мектепте оқылатын пәндер бойынша берілетін білім көлемі балалардың білімді меңгеру қабілетінен артып кетті» (А. Құсайынов. «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары», Алматы – 2016. 34 бет) дейтін, бұл мәселе бүгінгі біздің мектеп практикасында өзінің шешімін табуы қажет-ақ.

Жоғары сыныптағы оқушылардың білім алу уақытының 70-80 пайызын, олардың міндетті және таңдау пәндері бойынша тереңдетіп, бейінді білім алуларына жұмсамайынша, сапалы білім беруде ілгерілей алмаймыз.

Демек, ең алдымен, бүгінгі мектептің оқу жоспарына реформа жасалмайынша, мектепке қатысты басқа реформалар то-лыққанды жұмыс істейді деу қиын.

 Биылғы тағы бір өзгешелік – жалпы орта білім алуды аяқтауда, одан әрі оқу орындарында білімдерін жалғастыруда түлектер екі форматта мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, емтихан тапсырды. Көп уақыт өткен жоқ, яғни тестілік бақылау моделі қолданысқа енгенге дейін мектеп практикасында оқушылар бітіру емтиханың мектепте, оқу орындарына қабылдану емтиханың сол оқу орнының өзінде сынақтан өткен-ді. Демек, екі форматта емтихан тапсыру жаңалық емес. Бұндай жүйе келе-келе өзін ақтамады. Демек, оның тиімсіз, субъективтік жағы басым болғандығын жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Биыл да сол кемшіліктер қайталанды. Мектептің емтиханды өзі алуы, мұғалімдердің өз еңбектерінің дәрежесін өздері бағалауында, оқушылардың білімін бұрынғыдан көрі жасанды көтеріп бағалаудан басқа, яғни ата-аналардың мұғалімдерге, мұғалімдердің оқушыларға екі жақты «көмектесуінен» өзге жаңалық бола қоймады. Сондықтан, IХ-сыныпты бітіруші оқушылардың өзін тестілік мемлекеттік бақылау (ҰБТ) арқылы аттестациялаудан өткізудің уақыты келген сияқты. Ол IХ сыныптан кейін, алда келе жатқан 12 жылдық білім алам деген ынталы жастарға сапалы білім алу талабын қойып, тегін колледжге оқуға баратын жастардың өз арасында конкурстық жағдай қалыптастырған болар еді.

Биылғы ҰБТ-дағы тағы бір өзгерістердің бірі – таңдау пәнінің екеу болуы. Оның мәнісі түлектердің мектепті аяқтағаннан кейін мамандық таңдауына қолайлы жағдай жасау. Тіпті, таңдау пәнінің екеу болуы, түлектерге 50-ден 100-ге дейін мамандық таңдауына жол ашады деп түсіндіріледі. Бұл пікір бұған дейін де болған. Бүгінгі мектеп практикасында көріп отырмағанымыздай онымен келісу қиын.

Біріншіден, оқушылар бүгінгі таңда мамандықты мектеп бітіргеннен кейін барып таңдамайды. Қандай да болмасын бір іс-әрекет саласына баланың қабілет-икемділігі 7 – 8 сыныпта, әрі кеткенде 9-сыныпта толықтай айқындалып көрінеді. Бұл кездегі мектептің, ата-ананың білім-тәрбие берудегі ең басты міндеті – оқушыға нақты кәсіптік бағдар беру. Осы негізде ғана, жалпы білімнің жоғарғы сатысында оқушыға бірыңғай бейінді білім беру жүзеге асырылады. «Бейінді білім» оқушының алдынала, өз қабілетіне, қызығушылығына қарай бір мамандыққа теориялық, практикалық, психологиялық жағынан әзірленуін талап етеді.

Екіншіден, қазіргі жалпы білімнің жоғарғы сатысында жалпыға бірдей міндетті көптеген пәндер оқытылып отырғанда, таңдау пәнін екеу жасау, оның сапасына кері әсер еткен болар еді. Демек, таңдау пәнінің біреу болуы – сапаның жоғары болуына ең қолайлы жағдай. Тағы бір көңіл бөлетін мәселе – «Алтын белгі» аттестатына иегерлеріне ЖОО-ға түсудегі жеңілдіктердің болуы.

Бүгінгі таңда интеллектуалдық ұлт қалыптастыруда, адами капиталды дамытуда бірінші кезекте дарынды жастарға әлемдік деңгейде білім беру, олардың әлемдік білім кеңестігіне еркін енуіне қолайлы жағдай жасау.

Қазіргі жалпы білім беруде, ХХI ғасырдың небір күрделі интеллектуалдық мамандықтарына талантты да, дарынды жастарды дайындайтын біздің елімізде инновациялық жаңа мектептер жүйесі қалыптасып, дамып келеді. Әсіресе, мамандандырылған дарынды балалар мектептері «Алтын белі» аттестатына үміткер дарынды жастарға әлемдік деңгейде білім беру деңгейіне дейін көтеріледі. Біздің мектебіміздің ондаған жылғы тәжірибесінде, мектеп бітіруші түлектеріміздің 80-90 пайызы «Алтын белгі» аттестатының иегерлері. Олар еліміздің ұлттық университеттерінде ғана емес, әлемнің ең таңдаулы университеттерінде де жоғары білімдерін көрсетіп келеді. Мекте-біміздің жүзден астам түлектері соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алып келеді.

Демек, алда тұрған міндет – «Алтын белгі» аттестатына үміткерлерге, шынайы қабілетті жастарымызға әлемдік деңгейде сапалы білім беру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру оларға осы жолда қандай да болсын жеңілдіктер жасауды талап етеді.

Бүгінгі таңда, Елбасы алға қойған рухани қайта жаңғыруымызда «білім адамның басты құндылығына айналып, білімнің салтанат құруында» біз неге білім рейтингін төмен түсірдік?! Мұғалім өз еңбегін өзі баға-лап, мектеп мемлекеттік аттестаттауды өзі жүргізеді. Он бір жыл жас ұрпаққа білім берудің соңғы нәтижесі – ҰБТ-ның көрсеткішін жария жасаудың, оған қарай не мұғалімнің, мектептің, не ауданның, облыстың балаға білім-тәрбие беруінің рейтингіне баға берудің қажет болмай қалуын түсіну қиын. Бұл білім сапасына кері әсер етпей ме?!

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп – интернатының директоры, педагогика ғылымының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері


Гендерлік сипаттағы семинар

Күні: , 16 рет оқылды

IMG_1561Шыңғырлау ауданында «Еліміздегі гендерлік теңдіктің қалыптасуы мен ерекшелігі» тақырыбында семинар-тренинг өтті.


Шараға арнайы келген БҚО «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қадиша Мұқанова, БҚО ішкі істер департаментінің полиция майоры Шынар Қапаева ауданның қыз-келіншектер тобымен жүздесіп, гендерлік саясат, қоғамдағы зорлық-зомбылық факторларының алдын алу шаралары жөнінде әңгіме өрбітті.

 Мемлекетіміздің ұлт саулығы жөніндегі бағдарламадан бастап әйел адамдарға қатысты барлық заңды екшеп берген Қа-диша Халыққызы отбасы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жыл сайын елімізде некелескен жандардың жыл аяғына дейін 30 пайызы ажырасып кетеді және жалғыз басты аналар қатары жылдан-жылға көбейіп отыр. Сондай-ақ семинарда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандармен профилактика-лық ісшаралар өткізу» тақырыбы да кеңінен сөз болды. Бұл мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің полиция подполковнигі, жергілікті полиция басшысы Бекежан Елесбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Жиын соңында әйелдер арасындағы кәсіпкерлік барысы туралы кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының ме-неджері Бейбіт Жандаулетовтің, жалпы аудан көлеміндегі әйелдің тыныс-тіршілігі жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Садықова Амангелді-қызының хабарламалары тыңдалды.

Айсұлу АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы


«Нұр әлем» павильоны – мақтанышымыз

Күні: , 21 рет оқылды

<4D6963726F736F667420576F7264202D20C8D1CFD0C0C220EC3FE4E5EDE8E5FБүкіл әлем көз тіккен «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесін тамашалау бақыты Бөрлі аудандық мәдениет қызметкерлеріне де бұйырды.


«Орал — Астана» жүрдек пойызының теміржолы бекетіне тоқтауы сол-ақ екен, алдымыздан жүздері күлімдеген жолнұсқаушы қыздарымыз күтіп алып, арнайы дайындалған қонақүйге апарып орналастырды. Олар бізді жолай қаланың көрікті де әсем ғимараттарымен таныстырып отырды.

Ерке Есілдің жағалауында бой көтеріп, еліміздің мақтанышына айналған Астанамыздың тірлігіне етене араласып кетпесек те, демімізді басып алған соң қаланы аралауды бастадық. Алдымен күннің аптап ыстығына қарамастан, кезекте тұрып Бәйтеректің ең биік шыңына шығып, тілек-армандарымызды жолдап, естелік суреттерге түстік. Араға бірнеше сағаттар салып, «Ханшатыр» сауда үйін аралап, қазақы дәстүрді сақтай отырып, көркемделген “Этноауылды” тамашаладық.

Біз Астана қаласында болған үш күннің біреуін «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне толықтай арнадық. Мұнда алдымен еліміздің «Нұр әлем» павильонын аралап, көрсе көз тоймайтын көркем туындыларына көз жүгірттік. Таңғалдық, тамсандық, риза болдық, мақтандық. Елім деген әрбір перзентке бұл көрме дәл осылай әсер етуі керек шығар.

Дәл осындай әсермен көрмеге жұмылдырылған өзге мемлекеттердің де павильондарын тамашаладық. Әр павильонның өзіндік бір ерекшелігі бар, әсерлері де молынан. Бірінен бірі асып түспесе, кем түспесі анық. Бұл жерде аспан әлемінің таңғажайыптарын бір павильоннан тамашашаласаң, енді бірінен дала қызықтарының шынайы бейнелерін көресің, ал енді бірінен түсіңде де көрмейтін әсерлі дүниелерді тамашалайсың. Тіпті кейбір елдің павильондарын тамашалау барысында сол елдің әндерін де тындап үлгердік. Алатаңмен басталған көрмені қызықтауымыз күн қызарып батқанға дейін жалғасты. Оны біз сөзбен жеткізіп айта алмаспыз. Ең бастысы, дәл осындай қайталанбас сәттердің бақытын сыйлаған Жаратқанға шүкіршілік мың алғысымызды айттық. Астана қаласында елеулі ғимараттарды, яғни сарайлар мен мұражайларды аралап жүріп, орталық мешітке де бас сұғып, дұға жасадық.

Арман қала — Астанада өткізген әр күніміз біз үшін ерекше естелік болып қалары сөзсіз. Ауданымыздың мәдениет қызметкерлері бұл көрмеден үлкен әсер алып қайтты.

Ұлдай ТАҢБАЙҚЫЗЫ,

ақпараттық-полиграфиялық

 жұмысының маманы,

Бөрлі ауданы


Ұл-қызыңыз мектепке дайын ба?

Күні: , 18 рет оқылды

IMG_4447Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Базарға бара қалсаңыз, баласын жетелеп, керек-жарағын түгелдеп жүрген бір адам. Дағдарыс қысқан заманда баланы мектепке дайындаудың өзі үлкен жауапкершілік. Оған қоса қазіргі балалардың талғамы да жоғары. Бұрынғыдай сатып әпергеніңді үн шығармай, киіп алып, жүре беретін бала қазір жоқтың қасы. Сондықтан әр ата-ана баласын қатарынан қалдырмау үшін барын салып бағады.


Сенбі-жексенбі күндері мен де көппен бірге базар араладым. Шамамен 12-13 жасар қызын жетелеген ана мектеп сөмкесін қарап жүр. Толып тұрған қызылды-жасылды сөмкелердің бағасын сұрап, қызына жаутаңдайды. Қызы болса, мұрнын шүйіріп, ұнамайтынын айтады. «Ой құрысын, универмагтағы сөмкені алатын болдық қой, енді…» — деп кері айналып кетіп бара жат-қан ананы әңгімеге тарттым.

— Жайлап-жайлап жыл сайын қымбаттап жатыр ғой бәрі. Осыдан екі-үш жыл бұрын 10 теңге болған қарапайым жазу дәптерлерінің өзі қазір 15 теңге тұрады. Балаларға қытайдың жібі салбыраған киімін алып бергім келмейді. Барынша сапалысын алғанды қалаймын. Үш баламды мектепке дайындап жүрмін. Қазірдің өзінде 100 мың теңгенің үстінде ақшам кетті. Әлі алынбаған спорт киімдері, сөмкелері, бантик, галстук сияқты ұсақ-түйектері бар. Көбін базардан алдым. Үлкен сауда үйлерінде баға тым қымбат. Базардан ер баланың костюмі — 15 мың, жейдесі — 4500, екі қызыма 11 мыңнан екі костюм, 5 мыңнан екі жейде алдым. Үшеуіне аяқ киімге 35 мыңдай ақша жұмсадым. Өздерін ертіп жүріп, ұнағанын алып беріп жүрмін, — дейді өзін Гүлсім деп таныстырған ана.

Мектепке қажетті оқу құралдары бір қарағанда соншалықты қымбат емес, көңілге қонымды көрінеді. Алайда бір үйден үш-төрт бала мектепке баратын жағдайда, қалтаға қомақты әсер ететіні анық. Дәптер, қарындаш, қалам, сызғыш, ермексаз, сурет дәптері, күнделік, тағы басқалары орта есеппен, молынан алғанда бір балаға 5-6 мыңнан келеді.

Ал оқушының киімдері ер баланың костюмі – 11 мың, жейделері – 2500-ден бастап, сапасына байланысты қымбаттай береді. Қыз баланың костюмдері де 11-12 мыңның төңірегінде. Аяқ киімдер 4-5 мыңнан басталады.

Ұққаным, егер балаңызды базардан киіндірем десеңіз, орта есеппен бір балаға 45-50 мың теңге көлемінде қаражат жұмсайсыз. Тарқатып айтсақ, ер бала болса, костюмі (екі шалбарымен) — 11 мың, жейде – 4500, аяқ киім – 7000, спорт киімі — 8000, спорттық аяқ киім — 7000-8000, бір түсті жемпір 5000-6000 шамасында.

Базар аралап жүріп, бір ата-ананың нұсқауымен «Азиза» сауда үйінің үшінші қабатына бет алдым. Бұл жердегі бағалар базармен салыстырғанда әлдеқайда арзандау көрінді маған. Менің бұл ойымды 9-10 жасар баласына мектеп сөмкесін қарап жүрген Әлия есімді жас ана да құптай жөнелді. Баласына ұнаған қара сөмкені көрсетіп: «Дәл осы сөм-келер базарда 4500-5000 теңге тұрады. Мұнда 3000 теңге екен» деп қуанып, сатып алып жатты. «Киімдер алаңы» деп аталатын бұл бутикте ер баланың костюмдері — 5580 теңге, қыздарға арналған сарафан — 3690 теңге, жейделер — 2500, бір түсті жемпірлер — 3500, спорттық киім — 5000-6000 теңге, спорттық аяқ киімдер — 4000-5000, мектеп сөмкелері 2500-6000 теңгенің аралығында екен. Қытай мен Қырғызстаннан өндірілген тауарларға сұраныстың жоғары екендігін саудаласып жатқан адамдардың көптігінен байқадық.

«Сити центр» орталығындағы бағаларды бағамдамақ болып барып, бутиктерді аралап жүрген Нұрлы есімді келіншекті әңгімеге тарттым.

— Мен екі баламның мектепке қажетті киімдері мен оқу құралдарын маусым айында алып тастадым. Ол кезде баға әлдеқайда арзан болды. Екеуінің қажетті заттарына 80 мың теңге жұмсадым. Кейбір киімдерді сауда үйлерінен, қымбат дүкендерден сатып алдым. Жаз мезгілінің басында үлкен сауда үйлерінде ақ жейделер, күзгі, қысқы киімдер, аяқ киімдерге көптеген жеңілдіктер болды. Сол жеңілдіктерді жақсы пайдаландым. Қазір екі ұлым да мектепке дайын. Таныстарым базардағы бағаның өзі былтырғымен салыстырғанда қымбат екенін айтады. Бәрін ертерек дайындап қойғаным үшін өз-өзіме риза болып жүрмін, – дейді Нұрлы.

«Сити-центр» орталығында ақ жейделер 6 мың теңгеден, аяқ киімдер 8-10 мың теңгеден басталады. Ер баланың костюмдері 17 мыңнан басталып, 37 мыңға дейін кете береді. Есесіне сапасының жақсы екендігі де бірден байқалады. Бұл жерде сауда жасап жүргендердің қарасы базармен салыстырғанда аздау. Әңгімеге тартқан келесі кейіпкерім Сандуғаш бес баланың анасы екен.

— Мектепке баратын төрт баламның жоғын түгелдеп жүргеніме бір апта болды. Қаланы шарлап шықтым десе де болады. Біреуден «әнебір жерде арзан» дегенді естісем, үйде отыра алмаймын. Төрт баланы киіндіру оңай емес. Шамамен бір балаға 60 000 теңгедей жұмсадым. Базардан да, сауда үйлерінен екі ұл, екі қызымның таңдаған киімдерін сатып әпердім. Көп балалы болған соң жылда жан-жақтан көмек келіп жатады. Әйтсе де, оның бәрі балаларға ұнай қоймайды. Талғамға талас жоқ. Сондықтан шамамыздың жеткенінше балалардың қалауын орындағанды жөн көреміз, — дейді Сандуғаш.

Қаламыздағы мектеп формасын сататын «Спецодежда» дүкенінде ұл баланың костюмі — 16700, дара шалбар — 5990, бір түсті жемпір — 3000-3500 теңге, қыз баланың костюмі — 10 800, дара юбка — 5500, сарафан 7700 теңге тұрады. Қала мектептерінде оқитын оқушылардың басым бөлігі аталмыш дүкеннің мектеп формаларын сатып алады.

Ертеден кешке дейін базар мен сауда үйлерін аралап жүріп түйгеніміз – әр жерде баға әркелкі. Мектепке қажетті киімдер мен оқу құралдарының неше шұрайы бар. Шетінен шертіп жүріп, көңіліңіз қалағанын қалтаңыз көтергенінше сатып алуға таңдау көп. Әрине, сапалы дүниенің бәсі биік, бағасы да қымбат. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. Таңдау өз еркіңізде…

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика