Мұрағат: 11.08.2017


Ақпараттық хабарлама

Күні: , 33 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігі «Әскер – МЕДИА 2017» тұңғыш республикалық баспасөз фестивалін ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне қоғамның назарын аудару және әскери   қызметтің беделін арттыру  аталған іс – шараның  негізгі мақсаты болып табылады. Фестивальға қатысуға орталық және өңірлік баспа және электрондық БАҚ-та Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл-мерейтойлық жыл бойында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қызметі туралы материалдар жариялап жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары, әскери қызметшілер, БАҚ өкілдері мен блогерлер шақырылады. Конкурстың қорытындысы бойынша іріктелгендер түрлі аталымдар бойынша марапатталады.

Электрондық өтінім нысанын, сондай – ақ фестиваль туралы ереже Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрінің (mod.gov.kz) ресми сайтында орналастырылған. Барлық сұрақтар бойынша Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына хабарласуға болады. Мекен жайы: Евразия даңғылы, 100. Тел: 53-86-60.

Фестивальге қатысуға ниет білдірушілер болса Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына 2017 жылдың 24 тамыз күніне дейін хабарлансын.


Оқырмандар назарына!

Күні: , 22 рет оқылды

2017 жылдың 31 тамызында Н. Ә. Назарбаевтың қоғам­дық келі­сім жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған ғы­лыми  жобалар  байқауының  өңірлік  кезеңі  аяқталады.

Байқаудың  құрылтайшысы  –  Қазақстан  халқы Ассамблеясы.

Өңірлік байқаудың ұйымдастырушысы Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» КММ бо­лып табылады.

Байқау  3  кезеңде  өткізіледі:

1) Өңірлік  кезең;

2) Республикалық  кезең  (жобаларды  сырттай  іріктеу);

3) Қорытынды кезең (қатысушылар жобаларын бетпе-бет таныстыруы).

Республикалық кезеңнің жеңімпаздары дипломдармен жә­не бағалы сыйлықтармен марапатталады, байқау иегерлері қа­тысқаны үшін сертификаттармен марапатталады. Республикалық кезеңнің жеңімпаздарын марапаттаудың салтанатты рәсімі Астана қаласында өткізіледі.

Толық ақпаратты 8-7112-30-08-27 нөмірі бойынша немесе bko-kelisim.kz(http://bko-kelisim.kz/ru/konkursy.html) сайтынан табуға болады.


Жасампаз еңбек жалғасады

Күні: , 24 рет оқылды

IMG_4333Тамыз айының екінші жексенбісінде құрылысшылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтпек. Осы мерекеге орай кеше облыстық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтіп, онда жасампаз мамандық иелерінің бір тобы марапатталды.


Жиында көпшілік назарына алдымен құрылысшылардың ерен еңбектерін паш ететін бейнебаян ұсынылды. Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құрылысшы еңбегінің мән-маңызына тоқталып, құрылысшыларды төл мерекемен құттықтады. Арман Кәрімұлының мәліметіне қарағанда, 2016 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 275 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл одан бұрынғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,2 пайызға артық. Сегіз көппәтерлік, 25 бір пәтерлік тұрғын үй салынып, іске қосылды. Жыл санап Ұлттық қордан, республикалық бюджеттен тұрғын үй, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бөлінетін қаржы көлемі өсіп келеді. Соған орай пайдалануға тапсырылатын үйлер саны да өсуде. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа тұрғын үй және инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 11 млрд. 763 млн. теңге бөлінді.

Елбасы биылғы Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға мән-маңыз беріп, әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты нақты тапсырмалар бергені мәлім. «Нұрлы  жол»  бағдарламасы бойынша өңірімізде білім беру саласының жеті нысанының құрылысы жүруде. Олардың бесеуі, соның ішінде Оралда төрт мектеп, Қазталов  ауданының  орталығында бір мектеп-интернат  биыл пайдалануға тапсырылуы тиіс. Денсаулық сақтау саласы бойынша Бөрлі ауданының Кеңтүбек және Успеновка ауылдарында фельдшерлік-амбулаториялық пункттің, яғни екі нысанның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Теректі ауданындағы 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы да биыл бітеді. Мұндай жобамен Сарыөмірде және Қаратөбе ауданында  мәдениет ошақтары салынды.

Биыл 10 ауданда 25 сумен қамту нысанының құрылысы  аяқталады.  Бұл 175 елді мекенді орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Аутожолдардың құрылысына ерекше екпін түсіріп отырмыз. Бұдан 3-4 жыл бұрын өңірімізге іссапармен келген Елбасы облыстағы жол құрылысына қаржы бөлуді тапсырған болатын. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінуде. Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарына жақсы жол жетті. Қазір Жалпақтал – Қазталов – Жәнібек бағытында жол салынуда. Жаңақала бағытындағы жол құрылысы аяқталды. 2016 жылы аудандық, облыстық маңызы бар 145 шақырымдық, биыл 126 шақырымдық жолды жөндеуге қаржы бөлінді. Өткен жылы 96 шақырымдық республикалық жол жөнделсе, биыл 209 шақырым жол жөндеу жоспарланды. Қазіргі экономикалық  жағдайда түрлі түйткілдер кездесетіні анық. Алайда құрылысшылардың жанкешті еңбегінің арқасында еліміздің, өңіріміздің гүлденуі жолындағы жасампаз еңбектеріңіз  жалғасын табады, — деді  Арман Өтеғұлов.

Шара барысында «KazconstructionGroup» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Орынғали Жұмағалиевке, «Юнисерв» компаниясының құрылыс басқармасының бастығы Павел Лоскутовқа, «ПМК-117» ЖШС-ның учаске  бастығы Александр Новиковқа,  жеке кәсіпкер  Тарас Сәрсеновке, «Домостроитель» ӨК-ның жұмыс өндірушісі Николай Синельниковке «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Сергей Батинге «Қазақстанның құрметті  жолшысы» төсбелгісі  мен куәлігі  табысталды. Ал облыс әкімінің алғысхаттарына 20 құрылысшы ие болды. Сондай-ақ жобалаушы компанияның басшысы Михаил Кульпин «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекіткен ІІІ дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталды.

Салтанатты жиында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құрылысшыларды құттықтап, озат еңбеккерлерге ҚР Инвестициялар және даму министрінің, аталмыш министрліктің автомобиль жолдары комитетінің төрағасының Құрмет грамотасы мен алғысхаттарын, кәсіби шеберлігі байқауының жеңімпаздарына дипломдарды табыстады. «Қа-зақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің  иегері «KCG» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Орынғали Жұмағалиев кәсіби мерекемен әріптестерін құттықтады.

Мерекелік шара Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Он төрт үй салынбақ

Күні: , 23 рет оқылды

IMG-20170810-WA0036Осыдан бірер күн бұрын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Өңір басшысының орынбасары аудан әкімі Төлеген Төреғалиев және облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұхановпен бірге аудан инфрақұрылымының артуы үшін жасалып жатқан кейбір жұмыстармен танысты.


Күні бүгін Шолақаңқаты ауылдық округі бойынша Тоғанас, Аңқаты және Қарағанды, ал Алғабас ауылдық округі бойынша Жаңаөңір және Сасықкөл елді мекендеріне жоғары және орта қысымды газ құбырлары толық жеткізілді. Мердігер серіктестік «АлияСервис» ЖШС құрылыс жұмысын межелі уақытта бітірді. Жалпы ұзындығы 103, 28 шақырымды құрайтын газ желісі арқылы 1428 ауыл тұрғыны көгілдір отынды пайдалануға қол жеткізеді. Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылында болған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жеке тұрғын үйлерді көгілдір отын желісіне қосу қызметінің құнын ха-лыққа қолжетімді етуді тапсырды. Мердігерлер бұл қызметті бүгінгі күні 320 000 теңгеге бағалап отыр. Жергілікті тұрғындар осыған дейін болған елді мекендердегі кездесулерде, қызмет құнының қымбат екендігіне қатысты шағымдар айтқан болатын. Тұрғындардың бұл мәселесі бүгінде өңір басшыларының назарына алынып жатқан сыңайлы.

Аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында аудан орталығының іргесінде бүгінгі таңда бір пәтерлі 14 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы басталды. «Сәтті сәулет» ЖШС құрылысшылары қазіргі уақытта 10 тұрғын үйдің іргетасын дайындап қойыпты. Құрылыс алаңына құрылыс материалдарының алдыңғы легі жеткізіле бастады. Жобаның жалпы құны 136, 5 млн. теңгені құрайды. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев бұл жұмыстардың да барысымен танысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Палуанның туған ауылындағы турнир

Күні: , 30 рет оқылды

Еліміздің құрметті спорт қызметкері Берікқали Баймұратовтың туған жері – Лубен ауылында палуанның 55 жылдық мерейтойына байланысты аудандық турнир өтті. Оған 2003-2005 және 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер қатысты.


Берікқали Байғабылұлының балалық шағы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында өткен. Егіндікөл ауылында спорт саласындағы алғашқы ұстазы Марат Абдрахманов түрлі спортқа баули бастайды. Кейіпкеріміз білім сапарын Лубен ауылындағы мектепте 7-сыныптан бастап жалғастыра бастайды. Жастайынан шынығып өскен жігіт Кеңес әскері қатарында самбо күресімен шұғылданады. Елге оралған соң Ақтөбе педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. Білікті бапкерлер Қайсар Бақтығалиев пен Шадияр Тұрғалиев оған самбоның қыр-сырын үйретеді. Жас палуан студенттер арасында бірнеше дүркін Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды. Волейбол және баскетболдан институттың құрама командасы сапында өнер көрсетіп, тіпті жүзу мен жеңіл атлетикадан жарыстарға қатысады.

Институтты тәмамдап, Лубен ауылындағы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастаған ол бапкер ретінде қабілетті жасөспірімдерді самбоға баули бастады. Оның қатарында Қанат Ульяров КСРО чемпионы атанды. Ардагер спорт шеберлері арасында әлем чемпионы атанған Қайсар Құсайынов ұстаз жолын қуып, әлі күнге бапкерлікпен айналысуда. Сонымен бірге шәкірттерінің арасында Арман Төлембетов, Кәрім Назаров, Нұрболат Қожаниязов, Жәнібек Қарабаев, Азамат Басгулов, Сағымбай Дәулетов, Берік Нұғыманов және ағайынды Қал-мағанбетовтер секілді шәкірттері самбо, дзюдо және қазақ күресінен бірнеше дүркін облыс чемпионы атанды, ел біріншіліктерінде жүлделерге қол жеткізді. Тоқсаныншы жылдардағы қиынқыстау кезеңде Шыңғырлау ауданындағы спорт мектебінің бапкерлері қысқартуға ұшыраған соң, Ақтөбе қаласына қоныс аударып, сонда спорт саласында қызмет атқарды. 2013 жылы ашылған республикалық «Ел Қайраты» ауыл дене шынықтыру және спорт қоғамының Ақтөбедегі филиалының төрағасы болып тағайындалды.

Берікқали Баймұратовтың спорт саласына сіңірген еңбегі ескерусіз қалмай, ол Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері атанды. Ауған соғысы ардагерлері республикалық қоғамының төрағасы, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев палуанды «Сауап» және «Батыр шапағаты» медальдарымен марапаттаған болатын.

Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында саңлақ самбошы, белгілі бапкер құрметіне өткен жарысқа Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысынан 100-ге жуық жас палуан қатысып, 12 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Шалғай ауылда өткен турнирді тамашалаған қауымның қарасы көп болды. Берікқали Байғабылұлын құттықтауға атақты спортшылар келді. Олардың арасында Ақтөбе облысы бойынша қазақ күресінен тұңғыш спорт шебері Зейнолла қажы Төлеутаев, грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Мұхамбетжан Зарлықов, каратэден әлем және Еуропа чемпионы Әшім Қали болды. Екі күн бойы өткен жарыс барысында мерейтой иесіне Шыңғырлау ауданы әкімінің атынан алғысхат берілсе, Сырым аудандық мәслихатының депутаты Санат Берсебаев ақшалай сый ұсынды. «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев «Қазбат» жауынгерлік іс-қимылдар және бітімгершілік операциялар одағы атынан «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттады. БҚО дойбы федерациясының президенті, спорт жанашыры Жарқын Тәжіғалиев боз кілемде белдескен палуандарға бағалы сыйлықтар тарту етті. Өз кезегінде Берікқали Байғабылұлы білім берген ұстазы Тұрсын Қалдыбаеваға «Қос Аққу» Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубының «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалін табыс етті.

– Берікқали досымыздың туған ауылында ұйымдастырылған турнир жастар үшін үлкен серпіліс болды. Ақтөбе қаласында каратэден менің атымнан 15 жылдан бері осындай жарыстар өткізілуде. Туған жеріңде спорттық сайыс ұйымдастырудың маңызы ерекше екеніне көзім жетті. Ауылдағы ағайынның, әсіресе, жастардың спортқа деген ықыласы жоғары, – деді турнирді тамашалаған құрметті қонақтардың бірі Әшім Қали.

Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері Берікқали Баймұратов өзінің мерейтойына орай жарыс өткізу идеясын қолдаған Шыңғырлау ауданының басшылығына, ауылдастары мен шәкірттеріне ризашылығын білдірді.

Алтынгүл ТӨЛЕУҚЫЗЫ,

Лубен ауылы,

Шыңғырлау ауданы


Қаламы жүйрік қаламгер

Күні: , 24 рет оқылды

20768245_Бейсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы Бақтығұл Ойшыбаевты еске алуға арналған «Қаламы жүйрік жазушы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Өмірден ерте кеткен жазушы-журналисті еске алуға арналған шараға Алматы мен Астанадан жазушының досы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, жазушы-драматург Алтыншаш Жағанова арнайы келді. Ең алдымен, кеш қонақтары қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әли ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қадыр атындағы әдеби-мемориалдық кабинетте жасақталған Бақтығұл Ойшыбаев атындағы естелік бұрыштың ашылуына куә болды.


Жазушы-журналист Бақтығұл Ойшыбаевты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш театрлық қойылыммен басталды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жазушылық пен журналистиканы қатар ұстаған Бақтығұл Ойшыбаевтың саналы ғұмырын тек шығармашылыққа ғана арнамай, өнегелі ұл-қыз өсіріп, соңында сүбелі рухани мұра қалдырғанының өзі үлкен құрметке лайық екендігін атап өтті.

Жастайынан қиындық көріп жетілген жазушы бала кезінен еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түседі. Балалық шағы соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келіп, сол кездегі қиындықтарды қатарластарымен бірге көріп, сезініп өседі. Анасы шоққа пісіріп әкелген нанды, интернаттағы достарымен бөлісіп жеп, жақсы оқуға, жоғары білім алуға ұмтылады. Бақтығұл Ойшыбаевтың білімге құштарлығы, өрлігі мен шыншылдығы туралы Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева өз естелігін әдемі жеткізді.

— Бақтығұл 1961 жылы Алматыға білім іздеп барды. Мен де дәл сол жылы үш мың шақырым жол жүріп, Алматыға арман қуып, оқуға барған едім. Біз замандас едік. Сонау сұрапыл соғыс басталғанда ол бір жастан жаңа ғана асқан сәби екен. Ал соғыс аяқталғанда ол бар болғаны бес жаста болыпты. Соғыстан кейінгі сүреңсіз жылдар, ел-жұрттың қиын-қыстау өмірі, тауқыметке толы тұрмыс-тіршілік. Осының бәрін көзімен көріп, басынан кешірген бала Бақтығұл анасының интернатқа әкелген нанын жаутаңдаған жетімдермен бөлісіп өсті. Қиындыққа толы балалығы оны мейірімділікке үйретті. Соғысты көрген, елдің қасіретін көрген, әкесі жоқ, анасымен ғана қалған Бақтығұлдың шығарма жазбауға қақы болмаған шығар.

Бүгін тағы еске алуға келдік қой,

Ұмытпаспыз, ұмытпаймыз дедік қой.

Өлгендерді ұмытпаудың өзі де,

Қолдан сирек келетұғын ерлік қой, — депті Ғафу Қайырбеков. Біз Бақтығұлдай өмір бойы ел-жұртпен біте қайнасып күн кешкен қаламгерді ұмытпауымыз керек! – деді Ақұштап ақын.

Ал алыстан ат арытып арнайы келген қаламдас досы Сәбит Досанов, — Бақтығұлдың шығармалары ойы терең, тілі төгіліп тұрған көркем, таңғы шықтай мөлдір әңгіме-повестер — деп сөз сабақтады.

— Оның бір бақыты, соңында қалған әдеби шығармалары болса, енді бір бақыты – ұлағатты ұрпағы. Перзенттерінің бәрі де жақсы тәрбиеленген. Оның ошағының отын сөндірмей отырған Бақтығұлдың жары Мәнираның да ақыл- парасаты мен еңбегін атап өткен жөн, — деп ойын жалғаған белгілі жазушы Сәбит Досанов қазақы дәстүрмен досының отбасына сый-сияпат жасады.

Көз көргендердің естеліктерінен ақиқатты айтамын деп талай қиындыққа тап болған журналист-жазушының өмірі күреске толы болғандығын аңғардық. Ал Алтыншаш Жағанова Бақтығұл Ойшыбаевты белгілі жазушы, жұбайы Әнес Сарай арқылы танитындығын айтып, шаңырақтарына қонақ болып келген жазушыға дастарқан жайып, әңгімесін тыңдаған сәттерді еске алды.

— Бәкең — сирек кездесетін адам. Шындыққа қарсы тасқамал тұрғызылған қиын-қыстау заманның өзінде турасын айтып, айналасындағы адамдардың шынайы құрметіне бөленген жан. Мұндай азаматтар қазір жоқтың қасы. Мен әкесінің таланты мен ақылы, анасының ұстамдылығы дарыған Жанна Ойшыбаеваны өте жақсы танимын. Ол — талантты журналист. Сондай-ақ мен бүгін Қадырдай ұлы ақынның атындағы мәдениет және өнер орталығына да сүйсініп тұрмын. Мұндай орталық Қазақстанда жоқ. Мен мұны өнерге, әдебиетке көрсетілген құрмет деп бағалаймын, — деді ол өз естелігінде.

Жұбайының өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігін сағынышпен жеткізген Мәнира апай: «Ол әр мақаласын жазарда бәрін көзімен көріп, бүге-шүгесіне дейін анықтап барып жазатын» деп еске алды.

— Бірде «Жосалы» совхозын аралап жүрсе, қойлардың уақтылы қырқылмай, жүнін сүйретіп келе жатқанын көріп: «Арыстан тәрізді қойлар» деп фельетон жазды. Сол фельетон шыққаннан кейін оны бюроға шақырды. Сонда ол бешпетінің қалтасына бұрын шыққан газеттерді салып барып, ол совхоз туралы бұрын жақсы мақалалар да жазып жүргенін көрсетіп, ал аталмыш фельетонның нақты фактілерге негізделіп жазылғандығын дәлелдеп шықты. Тағы бірде әжесі туралы «Қара нан» деген әңгіме жазды. Сол әңгіме шығысымен, жергілікті нан зауытының директоры Қара деген ағай үйге келіп: «Мені жаздың!» деп айқай-шу көтерді. Осы жағдайда да біздің отағасы әлгі әңгімені әжесіне арнап жазғанын айтып, өзінің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Осындай сәттер көп болатын… деп сәл мұңайған Мәнира апай көрермен қауымға ризашылығын білдірді.

Әдемі әнмен өрілген әсерлі рухани шара соңында жазушының үлкен ұлы Кемелбек Ойшыбаев әкесінің өмірден өткеніне 20 жыл болуына орай ұйымдастырылған еске алу шарасына арнайы келген көрермен қауымға алғыс айтты. Әдеби-мәдени шарадан соң жиылған жұртшылыққа «Керемет» мейрамханасында ас берілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Гаражда өткен би кеші

Күні: , 26 рет оқылды

Ш.ЖиенқұловаБиыл халқымыздың би өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар  өнер жұлдызы, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың  туғанына 105 жыл толмақ. Осыған орай апамызбен ауыл-елге келген өнер сапарында кездесіп, дәмдес болған сәттерден естелік мақала жазуды жөн санадым.


1962 жылдың тамыз айында Шара Жиенқұлова Ақ Жайық өңіріне өнер сапарымен келді. Бишінің кезекті сапарларының бірі Фурманов ауданында жалғасты. Алдымен аудан орталығы Фурманов ауылында (қазіргі Жалпақтал ауылы) халыққа концерт берген биші ауданға жақын жерде орналасқан «Ақкөл» қой совхозының орталығы Жаңажол ауылында болды. Концертті ұйымдастыру маған жүктелді. Ол заманда колхоздар есебінен жаңа құралып жатқан совхоз орталығында концерт қоюға лайықты мәдениет ошағы жоқ болатын. Ауылда тракторлар мен машиналарды жөндейтін үлкен ғимарат гараж бар еді. Сол автопарктің іші-сыртын тазалап, орындықтар қойып, шағын сахна жасап әзірледік. Сахнаның бір бұрышынан бишінің концерт кезінде киімін ауыстырып тұруға ыңғайлап арнайы бөлме жасақталды. Келесі күні аудан орталығынан келген өнер иесі біздің бір күнде дайындаған концерт қоятын орнымыз бен сахнамызды көріп, оң бағасын берді. Өзімен бірге екі көмекшісін ерте келген Шара апамыз концертке аз-маз дайындық жұмыстарын жүргізді. Кешкі сағат жетіде биші апамыздың Ақкөл жұртшылығына арнап ұсынған концерті басталды. Халық көп жиналды. Автогаражымызда ине шаншар орын болған жоқ. Бишінің көмекшісі үнтаспаға жазылған билерді хабарлап, музыкасын ойнатып тұрды. Сол кезде 50 жаста болған Ш. Жиенқұлова жасына қарамастан, желдей есіп, мың бұралып билеп, көрермендерді таңғалдырды. Үш сағатқа созылған концертте ол «Айжан қыз», «Құдаша», «Сауыншы жеңгей», «Тәттімбет», «Алтынай», «Шалқыма», «Аңшының биі», «Шахтер биі» және басқа да ұлттардың билерін билеп берді. Әрбір биді билеп болған сайын халық ду қол шапалақтап, сахнадан жібермей қалған сәттер болды. Кей билерін қайталап билеп беруге тура келді. Сол күні Шара апамыз ауылымыздың құрметті қонағы болды. Шара Жиенқұлованың Жаңажол ауылына келіп концерт қоюы, совхоз орталығынан 1963 жылы 150 орындық жаңа үлгі жобадағы мәдениет үйінің салынуына себепкер болды. Жаңадан салынған мәдениет ошағында Шара апамыздан кейін Жаңажол ауылына өнер сапарымен келген бірқатар КСРО мен Қазақстанның халық әртістері өнер көрсетті.

Осыдан 55 жыл бұрын біздің өлкемізге келіп, жергілікті халық үшін өз өнерін паш еткен Шара Жиенқұлова 1991 жылғы наурыз айында 79 жасқа толған шағында қайтыс болды. Биші апамыздың жалғыз ұлы, белгілі жазушы, режиссер, «Сақтар», «Томирис» шығармаларының авторы Болат Жандарбеков ауыр науқастан дүние салған болатын. Шара апамыз жалғыз ұлының қайғысын көтере алмай, көп кешікпей фәниден бақиға өтті. Би өнерінің жұлдызын соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Алматыға арнайы бардым.

«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, мен де сексеннен асқан шағымда өмір жолымдағы әсерлі кездесуді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Айсағали ӘБИЕВ,

республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер,

Алматы қаласы


Алқаптағы ашық әңгіме

Күні: , 21 рет оқылды

IMG_3969Бейсенбіде  облыстық  ауыл  шаруашылығы  басқармасы  мен «БайерҚаз»  және  «Авангард»  ЖШС  бірігіп,  «Егіс  даласы – 2017» бағдарламасы  аясында  семинар  ұйымдастырды.


Семинарға  облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, «БайерҚаз» компаниясының өңірлік өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов, «Семагро» серіктестігі директорының орынбасары Олег Ремин, «Great Plains» өкілдігінің директоры Андрей Воробьев, Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров және басқа да аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ және «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе  стансасы» ЖШС ғалымдары, сондай-ақ шаруа қожалығының жетекшілері қатысты.

Жиынды жүргізген Арман Кәрімұлы жиналғандарды ең алдымен күн тәртібімен таныстырып, содан кейін өңіріміздегі егін шаруашылығының жәй-күйіне тоқталды.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасында ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісін диверсификациялау (әртараптандыру) бойынша 2017-2021 жылдарға арналған меморандум жасалған болатын. Осыған орай  біз егіс алаңын кеңейтіп, мал азығы мен майлы дақылдар және күздік дәнді дақылдар өндірісін арттыруымыз керек. Биыл облыс бойынша дәнді дақылдар 248 мың гектар жерге егілсе, соның 72 мың гектарына күздік дәнді дақылдар себілді. Майлы дақылдар 65 мың гектар жерге егілді,  соның  43 мың гектарына күнбағыс отырғызылды. Соңғы жылдары өңірімізде мал басының көбеюіне байланысты мал азығына арналған егіс көлемі 170 мың гектарға дейін артты. Биыл ауа райы малға да, жанға да жайлы болып тұр. Соның арқасында өңіріміздің шаруалары күздік дәнді дақылдарды орта есеппен гектарына 22,7 центнерден жинауда. Бұл, меніңше, жаман көрсеткіш емес. Қазіргі таңда жаздық дәнді дақылдарды жинау басталды, бұл бағыттағы егін шығымы орта есеппен алғанда, әр гектардан 11,9 центнерден айналуда. Дәнді дақылдар шығымдылығы 2008 және 2016 жылдары жақсы болды, қалған жылдары ауа райының құрғақшылығы мол өнім алуға кедергі келтірді. Сондықтан бізге өнімділігі жоғары, құрғақшылыққа  төзімді дәнді дақылдар мен олардың сұрыптарын өсіру жолдарын іздестіру керек. Ол үшін егіншілік шаруашылығына инновациялық технологиялар тәсілін енгізу қажет. «БайерҚаз» компаниясы осы бағыттта тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Бұл компания Ресейден, Украинадан бізге ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді өсімдік түрлерін әкеліп, осы жерге жерсіндіруде. Бұдан басқа өсімдіктерді түрлі аурулардан, басқа да зиянды нәрселерден тазартатын арнайы заттарды қолданып, егістің сапасын арттыруға көмектесуде. Бүгінгі семинарда аталмыш компания шаруаларға егістік көлемін ұлғайтудың жаңа технологиясын көрсетуде. Бұған қоса Украинадан, Ресейден келген ауылшаруашылығы мамандары да өздерінің іс-тәжірибелерін ортаға салуда. Мұндай пайдалы семинарлар осымен бесінші жыл өткізілуде. Осының бәрін біз егін шаруашылығында аз шығын жұмсап, мол өнім алу мақсатында жасап жатырмыз, – деді Арман Кәрімұлы  өз  сөзінде.

Семинарға қатысушылар «Авангард» ЖШС-ның  егістік  алқабына барды. Алқапта  «БайерҚаз» компаниясының өңірлік өкілі Алдаберген Нұғманов ауыл шаруашылығы саласының мамандарын күнбағыс, мақсары, дәндік жүгері (сорго) дақылдары, нұт дәнді дақылдары, соя және сұлы дақылдарының жаңа сорттарымен таныстырып, оларды өңдеудің заманауи  тәсілдерін  көрсетті.

– Өңірімізде ауа райы құбылмалы, мұнда соңғы жылдары жауын-шашын аз түсіп, құрғақшылықтың кесірінен шаруалар егіннен мол өнім ала алмай жүр.

Осыған орай біз алыс-жақын шетелдерге барып, құрғақшылық зардабынан және сәт сайын көбейіп, дәнді дақылдардың өсуіне кедергі келтіретін арамшөптерден қалай құтылу жолдарын үйрендік. Енді солардан үйренген іс-тәжірибемізді өзіміздің шаруаларға үйретіп, олардың егіннен мол өнім алуына ықпал етудеміз. Мысалы, біз биыл Украинадан күнбағыстың 14 түрін әкеліп, оны 6-7 гектар жерге отырғыздық. Бұдан басқа бидай мен жүгерінің және дәндік сорго дақылдарының алты, нұт дәнді дақылдарының төрт, жаздық бидайдың бес және сафлордың бірнеше түрін әкеліп, осы жерге отырғыздық. Зиянды нәрселерден қорғау үшін жаздық бидайдың «Саратовская – 73» және «Ульяновская – 100» деген түрлерін Сенатор Турбо дейтін гербицидпен уладық. Ал жүгеріні Майстер Пауэр және күнбағыстарды Консенто деген фунгицидпен уладық. Нәтижесінде зиянкестерден қорғалған өсімдіктер арамшөпсіз, тап-таза болып өсіп келеді. Ал уланбаған өсімдіктердің айналасы арамшөптен көрінбейді. Оны тазартуға қанша уақыт және адам еңбегі жұмсалады? Бұл дегеніңіз – қып-қызыл шығын. Уланбаған жерден тек 2-3 центерден өнім алынады. Ал зиянкестерден қорғалған өсімдіктен 12-13 центнерден өнім алуға  болады. Міне, көрдіңіздер ме, зиянкестерден қорғалған өсімдіктер мен қорғалмаған өсімдіктерден алынатын өнім мөлшерінде қанша айырмашылық бар? Біз жыл сайын семинарлар ұйымдастырып, осы айырмашылықтарды шаруаларға көрсетіп жүрміз. Нәтижесінде шаруалар мұндай инновациялық технологияға қызыға бастады. Бүгінде «Тінәлі», «Шунайбеков» және басқа да шаруа қожалықтары осы тәсілді қолдануға бел буып отыр, – деді Алдаберген Нұғманов бізге  берген  сұхбатында.

Егіс даласында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Мұхит Ихсанов жиналғандарға «Одесская селянка» жаңа сортын көрсетсе,  «Семагро» серіктестігі директорының орынбасары Олег Ремин Украина күнбағысының артықшылықтары жөнінде  әңгімеледі.

Осыдан кейін диқандардың уақытша қосынына қайта жиналған ауыл шаруашылығы саласының мамандары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Қайдашевтің астық қабылдау және оны сақтау кәсіпорындарының биылғы жаңа өнімді қабылдауға дайындығы жөніндегі баяндамасын тыңдады. Кеңес Баянұлының айтуынша, бүгінде облыс бойынша  лицензиялы тоғыз астық қабылдау мекемесі бар. Олар «Белес-Агро», «Переметный  элеваторы», «№8 астық базасы», ««Шыңғырлау» астық өнімдерін қабылдау кәсіпорны», «Жайық» астық өнімдерін қабылдау кәсіпорны», «Тасқала-Дән», «Желаев астық өнімдерін қабылдау кәсіпорны», ««Ақ қайнар»  астық өнімдерін қабылдау кәсіпорны» және ««Орал» астық өнімдерін қабылдау кәсіпорны». Күні бүгін өңіріміздегі кәсіпорындар жалпы көлемі 556,6 мың тонна астық қабылдауға әзір тұр, соның 162,2 мың тоннасын қоймалар және 394,4 мың тоннасын элеватор құрайды. Тексерілген астық өнімдерін қабылдау кәсіпорындары заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген және тиісті  талаптарға  сәйкес  келеді.

– Бұрын астық қабылдау және сақтау орындары үшін тариф бағасын монополияға қарсы комитет белгілейтін. Қазіргі уақытта тариф бағасын әр мекеме көрсеткен қызметі мен шығындарын есептей отырып, өздері бекітеді. Бүгінде өңіріміздің астық қабылдау орындарына биылғы егін түсімінен барлығы 82,2 мың тонна дәнді дақылдар қабылданды. Биылғы егін түсімінің сапасы бұрынғыларға қарағанда, әлдеқайда жақсы. Дәл қазіргі уақытта облыс элеваторларында 105,9 мың тонна дәнді дақылдар сақталуда, жүктемесі жалпы сыйымдылығының 19,0 пайызын құрайды. Соның ішінде 97,4 мың тонна азық-түліктік, 8,5 мың тонна фураждық дәнді дақылдар, – деген Кеңес Баянұлы бұдан әрі жиналғандарды астық қабылдау және сақтау орындарының белгілеген тарифтерімен таныстырды.

Шараны қорытындылаған Арман Кәрімұлы бұл жолғы семинардың маңызына тоқталып,  егін өнімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарып жүрген «БайерҚаз» компаниясының қызметкерлеріне  ризашылығын білдірді.

Айша   ӨТЕБӘЛІ,

«Орал   өңірі»


Үміткерлер дұрыс іріктелсе…

Күні: , 18 рет оқылды

DSC_9483Бейсенбі күні облыстық сотта «Алқабилер тізіміне үміткерлерді іріктеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.


Облыстық соттағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ақан Жұмағұлов жүргізген жиынға сот, прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, облыс, қала әкімдігі аппаратының мамандары, адвокаттар алқасының төрағасы қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты баяндама жасаған БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қайрат Шалқаров алқабилер тізімін жасақтау кезінде осыған дейін жіберілген бірқатар кемшіліктерге тоқталып өтті. Мәселен, 65 жастан асқан тұрғындарды олардың келісімін алмастан алқабиге үміткерлер құрамына өткізген жағдайлар кездескен. Сондай-ақ аталмыш тізімге енген кейбір азаматтар өзге облыстардың тұрғындары болып шықса, енді біреулері дүниеден өтіп кеткен. Баяндамашы болашақта аталған бағыттағы олқылықтарға жол бермеу үшін алқабилер тізімін жасақтауды азаматтар туралы қажетті мәліметке ие сайлау комиссиясы қызметкерлеріне тапсыруды, жергілікті атқарушы органдардан алқабилерге үміткерлер туралы мәліметті тексерістен өткізетін арнайы комиссия құру секілді нақты ұсыныстарын айтты.

– Елімізде Алқабилер туралы заң 2006 жылы қабылданып, 2007 жылдан қолданысқа енді. Оның негізгі мақсаты – билік пен халық арасын жақындату. Алқабиге үміткерлер халықтың арасынан таңдалады. Алқабилер сотталушының өтініш хаты бойынша қылмыстың аса ауыр түрлерін ғана қарауға қатысады. Заң бойынша сот қабілетсіз деп таныған адамдар, 25-ке толмағандар, прокурор, судья, тергеуші, әскери, мемлекеттік қызметшілер, кәсіби заңгерлер алқаби құрамына кіре алмайды. 65 жастан асқан зейнеткерлер аталмыш тізімге енген жағдайда міндетті түрде олардың келісімі ескерілуі тиіс. Алайда біз алқабиге үміткерлерді іріктеу кезінде жергілікті атқару органдары жасақтаған тізімдегі 12 адамның дүниеден өтіп кеткені белгілі болды. Оларға шақырту жіберілгені үшін марқұмдардың туматуыстары тарапынан орынды реніш туындады. Одан бөлек сол тізімде Ішкі істер органдарында жасаған екі зейнеткер бар болып шықты. Бір адвокаттан «мені алқаби құрамына іріктеуге шақыруыңыз заңсыз» деген бағытта арнайы хат келді. Біздің бүгінгі таңдағы мақсатымыз – сапасыз тізім жасақталғаны үшін кінәлілерді тауып жазалау емес, алдағы уақытта ондай кемшіліктерге жол бермеу болып отыр. Жалпы осыған дейін алқаби қараған істер сотталушылар үшін оң нәтижесін беруде. Атап айтқанда, олардың айыптары төмендетілген немесе мүлде ақталып кеткен жағдайлар да бар. Алқабиге істі қарау уақыты бойынша сол аралықта судьяға төленетін жалақының жарты мөлшеріндей еңбекақы беріледі. Егер басқа қаладан келіп кетер болса, ол үшін арнайы іссапар шығындары қарастырылады. Бүгінгі таңда тұрғындардың алқабиге үміткерлерді іріктеуге қатысу және алқабилердің сотқа келу белсенділігі төмен. Болашақта бұл мәселені реттеу үшін тұрғындарға заңмен белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүктелуі ықтимал, – дейді дөңгелек үстелге қатысушы БҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қарым-қатынас нығая түспек

Күні: , 27 рет оқылды

20708301Бейсенбі  күні  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  бастаған  делегация  Оңтүстік  Қазақстан  облысына  жұмыс  сапарымен  барды.  Елбасы тапсырмасына  сәйкес  өңіраралық  кооперацияның  дамуын  жолға  қою мақсатын  көздеген  делегацияны  Оңтүстік  Қазақстан  облысының әкімі  Жансейіт  Түймебаев қарсы алып,  Оңтүстіктің  әлеуметтік-экономикалық  ахуалымен  таныстырды.


Жиын мақсаты экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салаларда тығыз ынтымақтастық орната отырып, өзара тауар айналымын ұлғайту, өңірлердің экономикалық жағдайын жақсарту болып табылатындығын айтқан Оңтүстік өңір басшысы Ж. Түймебаев екі өңірдің өзара тиімді әрі нәтижелі қарым-қатынастарының одан сайын дами түсуіне бұл кездесудің септігі  мол  боларына  сенім  білдірді.

Ал  БҚО әкімі А. Көлгінов өз кезегінде  Батыс Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан бірқатар жобалармен таныстырып, Қазақстанның оңтүстігі мен батысына тиімді болады деген ұсынысын  жеткізді.  Ол:

– Біз Оңтүстік Қазақстан облысына мұнай-газ секторынан бөлек, серіктестіктің өзге де салаларын ұсынғымыз келеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптегі әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды пайдалану, АӨК өнімдерін қайта өңдеу мен агроөнімдерді экспорттау үшін инфрақұрылым құрылысын жүргізу бағытында бірлескен жобаларды ұйымдастыруға дайын екенімізді мәлімдейміз, – деді.

Кездесу соңында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен бизнес-қауымдастық өкілдері арасын-да екі жақты әріптестікті нығайту аясында үш меморандумға қол қойылып, бір келісімшарт жасалды.

Келісілген бірінші құжат аясында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында инвестиция және өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнатылса, екінші меморандум Кентау трансформатор зауыты мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы арасында трансформаторларды жеткізу жөнінде болды. Соңғы, үшінші меморандум «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ мен «Орал» ӘКК» ҰҚ» АҚ арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздеді. Ал төртінші құжат – келісімшарт «Шымкентцемент» АҚ мен BafkerHughes компаниялары арасында жасалды.

Айта кетейік, бұл  БҚО өкілдерінің еліміздің оңтүстік өңіріне жасап отырған алғашқы жұмыс сапары емес. Биыл сәуір айында индустриалды аймақтарда атқарылып жатқан жобалармен танысып, тәжірибе алмасу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына дәл осындай сапар  ұйымдастырылған  болатын.

БҚО  әкімдігінің баспасөз  қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика