Мұрағат: 10.08.2017


Әр баланың суицидалды әрекетіне ересектер жауапты!

Күні: , 14 рет оқылды

1 полоса СуицидҚазіргі кезде адамзаттың өз өміріне балта шабуы қоғам дертіне айналып барады. Суицид – адамның өз-өзіне қолданатын аяусыз жазасы, өз меніне ашылған соғыс десек, сол соғыс өртінің алауы бүгінде төрткүл әлемнің түгелін шарпып үлгерді. Бұл тақырып қанша талқыланса, да оны түбегейлі жою мүмкін болмай отыр.


Бұдан бұрын басына тағдыр тауқыметі түскен кейбір рухани тұрғындан әлсіз жандар тығырықтан шығар жолды өлімнен тауып жатса, кейінгі кездері мұндай ауыр қылмысқа он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірімдер де баратын болды. Сонымен қатар, соңғы жылдары елімізде адамдардың өз-өзіне қол салу әрекеттері жиі орын алуда. Көпшілікті алаңдатып отырған осы дерттің мектеп оқушыларын да жағалауы – дабыл қағарлық жағдай. Өйткені суицид туралы айтқанда, ең алдымен статистика ауызға алынып, «Кім кінәлі?» деген сұрақ туындайды. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан барлық елдер бойынша өз-өзіне қол жұмсаудан 3 орынға шығып отыр. Бірақ мәселенің мән-жайына үңіліп, себеп-салдарын анықтап, шешу жолдары әлі күнге ақсап тұр.

Суицидтің өзі екіге бөлінеді: бірі аяқталған суицид болса, екіншісі – оған ұмтылу. Ал осы жағдайға не итермелейді? Осы мәселені зерттей келе, ғалымдар бірнеше себепті анықтады. Бірі, өмірде ешқандай қиындық көрмеген, дегені орындалатын, сұрағаны берілетін, шолақ ойлайтын, өте дамыған, гипербелсенділер. Олар әрекеттің аяқталу нәтижесіне көп мән бермей, қысқа ойлап, өзіне қол жұмсайды. Сонымен бірге, бүгінде толық емес, сәтсіз отбасылар көп. Осының бәрі өмірді әлі толық танып білмеген, ондағы қиындықтармен күресе алмайтын бала үшін ауыр соққы. Ата-анасы ажырасты да кетті, ал баланың жайы қалай болады? Ол мұны қалай қабылдайды, осыны ата-аналар ойлай ма? Жоқ, әрине. Сонымен қатар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жеткілікті деңгейде болмауы. Күнi бойы жалғыз өзi, өзiмен-өзi болған бала жанына желеу болар жылылық таппаған соң өзiн отбасында ғана емес, өмiрде де керексiз санайды. Осыдан келіп, баланың өз-өзіне қол жұмсауы немесе теріс жолға түсуі сынды оқиғалар орын алады. Келесі себептер: өз құрбы-құрдастарының арасында өзін-өзі кемсіту, махаббаттағы сәтсіздік, жалғыздық, өзіне-өзі сенбеушілік, өзгелерден өзін төмен санау, өзіне-өзі қанағаттанбау, отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі, отбасындағы балаға көңіл бөлмеушілік, оқшауланып қалуы, мұғалімдермен қарым-қатынастың қиындығы мен олардың әділетсіздік жағдайлары да балаға әсер етеді. Өз-өзіне қол жұмсауға бағытталған әрекеттерге ата-аналар үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн. Жан айқайымен зарлаған бала өзіне көмек көрсеткен адамнан жауап күтетіндігіне күмән келтірмеген дұрыс. Өйткені, оның жалғыздық дағдарысына одан басқа ешкім-нің араласуға мүмкіндігі жоқ.

Жасөспірімдердің жабығу көңіл-күйінің алдын алуда ата-ана маңызды рөл атқарады. Баланың көңіл-күйінің төмендеуі және жабығудың басқа белгілері байқала бастағанда–ақ аталған күйден шығару бойынша жедел шаралар жасаған жөн.

Біріншіден, баламен әңгімелесу, оның көңіл-күйі туралы сұрақтар қою, болашағы туралы әңгіме өткізу және келешегін жоспарлау қажет. Бұл әңгімелер міндетті түрде ұнамды, жағымды (позитивті) сарында өтуі керек. Балаға дұрыс бағытта ұстаным «қондыру», сенімділігіне көз жеткізу, қабілетті екендігін көрсету қажет.

Баланың «барлық уақыт жаман қылықтары» үшін сөкпей, жақсы жақтары мен жеке басының мүмкіндіктерін көрсеткен дұрыс. Баланы көңілді, күшті, жетістікке көбірек жеткен балалармен ешқашанда салыстыруға болмайды. Мұндай салыстырулар баланың өзін-өзі бағалау дәрежесін төмендетеді. Кешегі жасөспірім мен бүгінгі жасөспірімді ғана салыстыруға және ертеңгі жасөспірімді дұрыс өмір сүруге бағыттауға болады.

Екіншіден, баламен бірге жаңа істермен айналысу қажет. Күн сайын жаңа нәрселермен танысып, бұрын жасамаған істермен айналысқан жөн. Үйреншікті тіршілік сарынына өзгертулер енгізген дұрыс. Жаттығу залына жазылу немесе таңғы жаттығулар жасау әдетін енгізу, жаңа серуендеу маршруттарын жасау, демалыс күндері қызықты экскурсияға бару, үй жұмыстарын орындаудың жаңа тәсілдерін табу, кинотеатр, көрмелерге бару, үйді тазалап шығу қажет. Баланың қызығушылығы болса, үй жануары – ит, мысық, тоты немесе балықтар алып беруге болады. Өйткені, қорғансыз жануарды күту балаға жақсы әсерін тигізеді және дұрыс өмірлік сарынға бағыттайды. Үшіншіден, баланың күн тәртібін сақтағаны жөн. Оның ұйқысы қанық, тамағы тоқ, таза ауада уақытымен демалып, спорт түрлерімен шұғылдануын ата-ана назардан шығармағаны дұрыс. Жабығу – психофизикалық күй. Аталған кезеңде жасөспірімнің физиологиялық қалпын қамтамасыз етіп отыру керек. Төртіншіден, кеңес алу үшін психолог, психотерапевт мамандармен хабарласу қажет.

Иә, бiр әулеттiң ғана емес, қоғамның да қасiретiне айналып бара жатқан өз-өзiне қол жұмсаудың қайтсек алдын алуға болады? Әрине, отбасында мейiрiм болса, ата-анасы тату-тәттi өмiр сүрсе, баланың әлеуметтiк жағдайы дұрыс болса, бала жұмбақ өлiмге асықпайды. Перзенттерімізге көбiрек көңiл бөлуге, олармен кез-келген тақырыпта ашық әңгiмелесiп, олармен сырласуды әдетке айналдырайық.

Адам – жұмбақ, оның шешiмiн тек бiр Жаратқанның өзi ғана бiледi дегенiмiзбен, өмiрдiң балалық өткелiнен өтпей жатып өлiмге, жанбай жатып сөнуге асыққан балаларымыздың тағдыр жұмбағын қалай шешуге болады? деген сауалға нақты жауап табу қиын секiлдi. Жоқ, әлде, баланың сезiмтал, перiште көңiлдерi айналасындағы ересектердiң кейбiр мейiрiмсiз, қайырымсыз әрекеттерiнен шошынып қала ма екен? Кiм бiлсiн, әйтеуiр, заман жақсарды дегенмен, жұмбақ өлiм көп болып тұрғандай. Әсiресе, балалар арасында… Ендеше, ұлқызымыздың ертеңі жарқын болуы үшін бала тәрбиесіне салғырт қарамайық!

Гүлсая ТӨЛЕШОВА,

облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі жалпы орта,

техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері


Спиннер күйзелістен құтқара ма?

Күні: , 11 рет оқылды

maxresdefault-51Бүгінде спиннер атты ойыншықтың атағы жер жарып тұр. Өндірушілер мен сатушылар күйзеліске қарсы деп жар салып жарнамалауына орай сұраныс та күн санап артып келеді. Ғаламтор желісінің қай бетін ашып қалсақ та, жарнамасына жолығамыз. Алақанға сиып кететін титімдей құралдың осынша танымалдыққа ие болуына не себеп? Жалпы, спиннер деген не? Жарнамадағыдай пайдалы ма? Осы төңіректе жауап іздесек.


Спиннер деген не?

 

Бұл ойыншықтың атауы «Fidget spinner» атауынан (ұшқалақ адамдарға арналған ойыншық) шыққан. Спиннер – саусаққа арналған мини-жаттығу құралы. Оны іске қосу үшін екі саусақпен ортасынан ұстап, сыртқы бөлігін айналдырады. Спиннерді бір бағыттап жіберсеңіз, екі минутқа дейін тоқтаусыз айналады. Бұл ойыншықты 1990 жылы Кэтрин Хеттингер есімді химик ойлап тапты деген дерек бар. Ол «The New York Times» газетіне берген сұхбатында: “Бірде Израилге барғанда қолды-аяққа тұрмайтын, ұшқалақ, тентек балаларға көзім түсті. Содан мұндай балаларды тыныштандыратын ойыншық жасауды ойладым», – депті. Ал «The Guardian» газетіне берген сұхбатында аутизммен ауыратын қызына көңіл бөле алмағандықтан, газет пен жабысқақ лентадан шыр айналдыруға болатын ойыншық жасағандығын және оған патент алып, спиннер атағанын айтқан. Бұл ойыншықтың танымал болғаны сонша, Амазон сайтының зерттеуінше, ең сатылымды 20 ойыншықтың қатарына кірген. Кей ғалымдар қол, саусақ буындарына жаттығу жасауға ыңғайлы десе, енді бірі балалардың қолын қытырлату, тырнағын шайнау, үстелді тарсылдату секілді жағымсыз әрекеттеріне тосқауыл болады дегенді алға тартады.

 Сапа сын көтере ме?

 

Жалпы, спиннерлер металдан, ағаштан, пластиктен немесе бірнеше металдың қосындысынан жасалады. Ойыншықтың сырты тегіс, үш күлтелі және екі күлтелі болып келеді. Пластик түрлері салмағының аздығына байланысты басқаларына қарағанда үлкендеу, ал металдан жасалған ойыншық ықшам шығарылған. Керамикалық тірегі бар спиннерлер ұзағырақ айналады, ал метал тіректілер баяу әрі аз айналым жасайды. Соның ішінде металдан жасалған спиннерлер балаға қауіпті. Өйткені айналу процесінде металдың қызып кетуі немесе қолдан шығып кеткенде өзін не айналасындағы адамдарды жарақаттауы мүмкін. Жуырда ғаламтор желісіндегі Inform.kz сайты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің спиннерлерді сараптамадан өткізгендігін жариялаған еді. Онда өнімдер қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде комитеттің аумақтық бөлімшелері ойыншықтардың 641 сынамасын сатып алып, «Ұлттық сараптама орталығында» зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізгені айтылған. Сараптама нәтижесі бойынша 228 сынаманың техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған. Әсіресе, тауарлардың таңбалануы бойынша талаптардың бұзылуы, санитариялық-химиялық көрсеткіштердің, оның ішінде ойыншықтардың ұсақ бөлшектерінің, өткір қырларының қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігі белгілі болған. Талаптарға сәйкес келмейтін барлық ойыншықтар айналымнан алынып, сапасыз ойыншықтарды сататын тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылған екен.

Телміру – тәуелділік

 

Байқағанымыз, қалада жастар мен жасөспірімдерді қоспағанда балабақшаның тәрбиеленушілері де спиннер ойыншығына әуес. Осыған орай қалалық №1 «Айгөлек» бөбекжайының тәрбиешісі Динара Айтасова бөбектердің ата-аналарына спиннерді балабақшаға алып келмеудің маңыздылығын былайша түсіндірген.

– Ата-аналар балаларын қатардан қалдырмау үшін сұраған ойыншығын алып беретіні белгілі. Жасөспірімдердің көбі «Спиннер бәрінде бар, менде де болуы керек» деген оймен сатып алса, бөбекжай бөбектері аға-әпкелерінен көргенін қайталайды. Спиннер ойыншығына келер болсақ, күйзеліске қарсы құрал дегенге сенбеймін. Менің ойымша, айналған дөңгелекке ұзақ уақыт көз алмай қарап отыру тәуелділікке душар ететін секілді. Баланы тыныштандырамын деп қолына ұялы телефонды беріп қойып, кейін баласын телефоннан ажырата алмайтындар секілді, спиннер де дәл осы бағытта әсер етеді. Сондай-ақ, спиннер уақытты босқа өткізуге арналғандай. Балаға спиннер беріп тыныштандырып қойғаннан гөрі бос уақытын сурет салу немесе басқатырғыштармен өткізген әлдеқайда тиімді. Спиннердің бір ғана пайдасы болуы мүмкін.

Ол – айналдыру үшін қимылдататын екі саусағыңызға арналған жаттығу. Алайда телмірген тәуелділікке душар болмас үшін қол саусақтарына арналған жаттығу түрлері өте көп. Мәселен, асық ойнау – әрі көңілді, әрі пайдалы. Ата-аналарының қадағалауымен жасөспірімдер мен бүлдіршіндер спиннерді өз үйінде қалағанынша ойнауына болады. Бірақ балабақша мен мектепке алып келуіне қарсымын. Балабақша балаларына да үйден шыққанда айналмалы ойыншықтарын тастап кету қажеттігін айтамын. Өйткені олар спиннерге назар аударып келе жатып, баспалдақтан құлап кетуі немесе жолдан өтерде келе жатқан көлікті байқамай қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ зейінін спиннерге бөлген бала мүғалімдердің берген тапсырмаларын да тыңғылықты орындамайды, – дейді Динара Әділбайқызы.

Спиннерлер 700 теңгеден

 

Орталық базарға спиннер саудалайтын орындарды іздеп барған едік. Өзін Айнагүл деп таныстырған келіншектің жалпы саудамен айналысқанына 10 шақты жылдың жүзі болған. Алайда сол жылдар аралығында дәл спиннердей аз уақытта тез саудаланған ойыншық түрлері болмаған екен.

– Балалар ойыншығын сатамын. Спиннерлер бізге саттыққа келгеніне жеті айдай болды. Барлық ойыншықтар сертификатталған. Қазір жас баладан бастап ересектерге дейін осыны ермек қылады. Бағалары әр түрлі, 700 теңгеден бастап 2000 теңгеге дейін. Балаларға арналған ойыншық болғандықтан, соншалықты қауіпті деп айта алмаймын. Қазіргі балалар бір ойыншықпен ұзақ уақыт ойнамайды. Сондықтан уақыт өте келе спиннерден де жалығады, – дейді кәсіпкер келіншек.

Ал Жадыра Сапарова есімді қала тұрғыны баласына спиннер алып беруден ат-тонын ала қашады екен.

– Ұлым Әбілмансұр төрт жаста. Бірде көрші балалардан көрген болуы керек, дүкен аралағанда, спиннерді сұрады. Жыласа да, алып берген жоқпын. Өйткені ғаламтордан түрлі дене жарақатын алған суреттерді көрдім. Біреулері қолдарын, тіпті беттерін, көздерін жарақаттағанын, енді біреулері ойыншықты аузына салса керек, спиннердің сақинасы өңешіне тұрып қалған. Сондықтан балаға қауіпті ойыншықты алып бергенді жөн көрмеймін. Әбілмансұр жан-жануарлар коллекциясын жинағанды жақсы көреді. Біз де сол бағыттағы ойыншықтарды жиі сатып аламыз, – деді ол.

Спиннерді ермек үшін сатып алған Арман Айдынғали оның күйзеліске қарсы құрал дегенге сенбейтінін айтты.

– Спиннерді уақыт өткізу үшін сатып алдым. Күйзеліске қарсы құрал дегенге мүлдем сенбеймін. Базарда бағасы 1000 теңге тұратындары толып тұр. Одан да қымбаттары бар. Астанадағы достарымнан Елордаға ЭКСПО көрмесінің логотипімен қошқар мүйіз оюы негізіндегі спиннерлердің сатылымға шыққанын естідім.

ЭКСПО-ға келетін 5 млн. қонақтың қолында ұлттық құндылығымыздың бір белгісі жүрсе, жақсы емес пе, – дейді қала тұрғыны.

Дүкен сөрелерінде күйзеліске қарсы деп жалаулатқан бұл ойыншықтың көптігінен көзің сүрінеді. Әйтсе де спиннер біткеннің бәрі бірдей сапалы деуге негіз жоқ. Сондықтан сатып алар болсаңыз, бұл ойыншықтың түпнұсқасы мен көшірмесін ажыратып, қауіпсіздігін тексеріп алғаныңыз жөн екенін қаперіңізге саламыз.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


БАУ-БАҚША ДА БІР БАЙЛЫҚ

Күні: , 11 рет оқылды

г-721-1Қатпарлы құмына қасиетті сыр жасырған Хан ордасы ауылына ат басын бұрған сапарымызда әр адамының қонақжай пейілі, ыстық ниеті керемет қайталанбас сәттермен қауыштырды. Жәңгір хан атындағы орта мектептің тәжірибелі ұстазы Рафаэль Денгизбаев шәкірттері талай мәрте республикалық деңгейде өткен спорттық жарыстардан алдыңғы лектен көрініп жүрген өз саласының майталманы болса, осы сапарымызда оның бағбандық қырына да қанықтық. Рафаэль ағай атасына 1957 жылы берілген құтты шаңырақта (қазақтың тұңғыш баспаханасы осында орын тепкен) тұрып келеді. Дәрігер Герасимовтың шәкірті Абдолла ата әртүрлі шөптерден дәрі жасап, ауыл адамдарын емдеген. Бөренеден тұрғызылған үйдің бір жағында отбасымен тұрса, енді бір қанатында дәріхана болған. Үнемі емдік шөптермен жұмыс жасап, оның адам денсаулығына пайдасын білгендіктен де болар, аузына шөп салып шайнап жүретін деп еске алады білетіндер.


1958 жылы бір жасқа толған Рафаэль ағайды ата-анасы, әжесі Қатима мен атасы Абдолланың тәрбиесіне беріпті. Содан бері осы қара шаңырақта тұрып келе жатқан Рафаэль Идрисұлы мұраға қалған баспананы үлкейтіп, сыртқы қалыбын өз қолымен әсемдеп қойыпты. Аса бір көсіліп жатқан жер болмағанымен, аула ішіндегі бос орынды ұқыпты пайдаланып, бау-бақша да өсірген. Рет-ретімен қызанақ, қияр, сәбіз, аскөк, болгар бұрышы және баклажан өнім бере бастаған. Ауланың бір бұрышында кішкене үйшік тәрізді қоршау тұр. Мұнда көктем мезгілінде өсімдіктер егіліп, жазғы уақытқа тұқым дайындалады. Тыным таппайтын еңбекқор жан ала таңнан тұрып, бақшасын суарып, арам шөбін жұлып, оны аса ынтазар көңілмен атқаратын көрінеді. Бұл – алпыстың ауылына шалдықпай жеткен отағасының сүйікті ісі. Үй алдына отырғызған гүлдері де жайқалып тұр. Бақша суару, дайын өнімді жинау, күту жұмыстарына араласпайтын жұбайы Надия (Абдолова) тек күз мезгілінде ғана дайын өнімнен салаттар жасап, қысқы дастархан мәзіріне сақадай сай қылып қояды екен. Оған дейінгі жұмыстар отағасының тікелей мойынында.

– Бақша салып келе жатқаныма он жылдай уақыт болды. Жыл сайын көкөністерге тұқым дайындаймын. Әрқайсысынан 1000 түп егемін. Сиыр қиын ойып, топырақпен араластырып, тыңайтқыш әзірлеймін. Әр жеміс-жидекке түрлі күтім қажет. Мәселен, қызанақты түйнек салғаннан кейін үш-төрт күнде бір-ақ суару керек, — дейді бағбан. Үнемі қозғалыста болып, спортты серік еткесін бе, Рафаэль ағай өз жасынан әлдеқайда жас, әрі қимыл-қозғалысы да ширақ. Еңбекқор жанның ертеңгілік жұмысқа әріптестерінен бір-екі сағат бұрын келуі – күнделікті дағдысы. Шәкірттеріне де сондай талап қоятындықтан да болар, үкілеген оқушыларының айтулы додалардан қоржындары бос келген емес. Марапаттары бір төбе. Былтыр мектептің қыздар командасы баскетболдан республика чемпионы атанды. Кезінде құрылыс жұмыстарында да өз қолтаңбасы қалған байырғы ұстаз бағбандықты сүйікті ісі деп біледі. Бүгінде тұрмыстағы Рашида, Румия атты қыздарынан бал қылықты жиендер сүйіп отырған бұл отбасы енді ұлы Радмирдің отау құру қуанышына әзірленіп жүргендерін жеткізді.

Иә, Жер-ана төсінен нәр алып, «Еңбек етсең-емерсің» деген берік ұстанымды қазық еткен Денгизбаевтар тірлігі үлгі аларлық.

* * *

Бұл жанұямен іргелес тұратын Райгүл Ғазезова да көп жылдардан бері бау-бақша баптап, бағбандықпен айналысып келеді. Қарасу маңын мекен еткен аталары кезінде құмдақ жерге шие, алма, алмұрт, шабдалы жеміс ағаштарын өсіріп, мол өнім алса, Райгүл тұрмысқа шыққан жиырма бес жыл ішінде бау-бақша өсіруді қолға алған. Оның бағында да алма, жүзім, өрік, шие, алмұрт теректері жеміс беруде. Аулаға енгеннен-ақ бір өзгеше леп еседі. Айнала жасыл желек. Мұнда да көсіліп жатқан кең жер жоқ. Бірақ, үйлесіп, үндесіп жатқан талтерек адал еңбектің өтеуіндей көзге ұрады.

Жалбыз (мята) шөбін кептіріп, одан атасына көпшік жасап қойған Райгүл Мұқадесқызы бұл өсімдіктің жоғары қан қысымы дертіне дауа екенін айтады. Адамға жайлы әсер сыйлайтын қасиеті бар көрінеді. Мектепте бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғалім кабинетін гүлге көмкеріп қойған. Тіпті, оқушыларына осы тақырыпта ғылыми жоба да жаздырыпты. Әр сабағын дүниетану бағытымен ұштастырып отыратын ұстаз оқушыларын әдемілікке үйретуде. Үй ішінде жайқалып тұрған гүлдер – соның айғағы. Бұл әулетте Ақтөре атты ұлы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін қызыл дипломмен бітірген. Айдана есімді қыздары Шымкент қаласындағы педагогикалық универ-ситетте оқиды.

– Әр жылдың көктем мезгілін асыға күтіп жүремін. Өсімдік біткен адамды тыныштандырып, сабыр береді. Түске дейін жұмысқа барып келіп, түс ауғаннан түнге дейін бақша ішінде жүремін. Жалықпаймын. Арам шөбін жұламын. Суарамын. Теректердің сынған жерлерін байлап, күнделікті өнімдерді жинаймын. Әлсіреп тұрған көкөністер болса, оларды ерекше күтімге аламын. Әйтеуір, бар ермегім сол бақша ішінде. Отағасы Ерлан Батырханов жеке шаруа серіктестігінде жұмыста. Көктем басталысымен жасы 85-ке келген атама жер қопсытып беремін. Ал, ол тұқымдарды егеді. Артық жерлерін кеседі. Бақшада сондай-ақ, аскөк, пияз, ақжелкен, жалбыз (мята) емдік шөбін өсіремін. Мемлекеттік грантпен несие алып, жылыжай салу – арманым, — деп ағынан жарылды Райгүл. Тосап қайнатып, компот (нәрсу) дайындаудан қолы бір босамайтын еңбекқор ана қазір де қысқы әзірлік қамында.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Хан ордасы ауылы,

Бөкей ордасы ауданы


«Жасылелдіктер» белсенді жұмыстануда

Күні: , 11 рет оқылды

SAM_6348Биыл елімізді көгалдандыру мен тазалығын сақтауға, жас ұрпақ бойына патриоттық және экологиялық тәрбие беріп, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек қозғалысына 12 жыл толды.


Шыңғырлау ауданында да жыл сайын «Жасыл ел» жасақтарының қатысуымен ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Біздің мекемеде биылғы жылғы маусымның 15-нен шілденің 15-не дейін 20 студент жұмыстарын аяқтаса, шілденің 17-нен та-мыздың 11-не дейін екінші топтың құрамындағы 20 жас «Жасыл ел» бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Жастар орман шаруашылығы жұмыстарының дер кезінде орындалуына үлкен үлес қосуда.

Шілде айында аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен Қарағаш орманшылығына іргелес орналасқан «Сарқырама» су құламасы жағалауларында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жастар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қа-рап, тиянақтылық танытуда. Бұған қоса өз демалыстарын тиімді пайдаланып, аз да болса, табыс табуға ұмтылуда. Жылдан-жылға «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа қатысуға тілек білдіруші жастар саны көбейіп отырғаны қуантады.

Н. САТАНҒАЛИЕВА,

 Шыңғырлау аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ орман инженері


Жас ұрпаққа өнеге

Күні: , 34 рет оқылды

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының Алаш қозғалысының 100 жылдығымен тұстас жариялануы ұлттық тарихымызды ұрпақ санасында жаңғыртудың шешуші негізіне айналғандай.


Бұл тұрғыда біздің өлкеде бірқатар игі шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 1918-1920 жылдары алашорданың батыс бөлімшелері жұмыс жасаған Жымпиты ауылы мен Семей қаласының арасында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының өңірлік филиалдары арасында ұйымдастырылған «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты телекөпірге БҚО әкімінің орынбаса-ры Марат Тоқжанов бастаған өлкетанушы, тарихшы ғалымдар қатысып, олар Абай еліндегі әріптестерімен Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы алатын орны, ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық қызметін дәйекті зерттеу бары-сындағы құнды деректерді ғылыми айналысқа енгізу мәселелері төңірегінде ой бөліскен еді. Осы телекөпір аясында Жымпитыдан Семейге «Алаш жолымен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылғанын да білеміз.

Міне, алаш рухын ұлықтаудағы өңірімізде басталған осы игі шаралар одан әрі жалғасын тауып, алдағы уақытта Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек аудандары ішкі саясат бөлімдерінің ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған аудандық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференциялардың жоспарлануы көңіл түкпірінде жүрген ой-пікірімізді көппен бөлісуге қозғау салды. Құптарлық іс.

Ел тәуелсіздігі нығайған сайын тарихи таным жаңа сапаға көтерілді. Елбасы айтқандай, қазақ халқы – өзінің шынайы тарихымен енді қауыша бастаған ұлт. Бүгінде ұлт тарихына бетбұрыс түзеліп, Қазақстан тарихының күрделі мәселелерінің бірі – алаш қозғалысы тарихына әсіресе, Алашорда үкіметінің шығыс және батыс бөлімдері, Әлихан Бөкейханов пен Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың өзара (әлеуметтік, рухани) қарым-қатынасы немесе Алашорданың батыс бөлімі жетекшілерінің сепаратистік іс-қимыл әрекеттері сияқты сауалдарға көзі қарақты ауыл тұрғындарының өзі жауап іздеп отырады. Бұл, әрине, ұлттың тарихи таным деңгейінің өсіп жетілуінің көрінісі. Өйткені тарих дегеніміз – ата-бабалардың өмірбаяны, бастан кешкен оқиғалары мен іс-әрекеттерінің шежіресі. Ал ата-бабаңның басынан өткен қасіретті оқып үйренген сайын, ұлтқа деген жанашырлық сезімің ұлғайып, сүйіспеншілігің арта түседі. Жалпы ғылымда тарихпен тәрбиелеу деген қағида бар. Бұл тарих ғылымының адам баласының бойына отаншылдық, ұлтшылдық сезім қалыптастыра алатын құдіретті күшіне байланысты айтылған тұжырым.

Демек, біз ұлт мүддесіне қызмет етудің феномені – қазақ зиялыларының өнегелі өмірін балабақшадан жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру ошақтарында отансүйгіш, ұлттық асыл қасиеттерді бойына сіңірген ұлтжанды жас ұрпақ қалыптастырудың, бір сөзбен айтқанда, ұрпақ тәрбиесінің негізгі құралына айналдыра білуіміз қажет. Бұл тұрғыда тарих тағылымын санада жаңғырта отырып, ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру – өзекті мәселе. Ұрпақтар сабақтастығы ең бірінші кезекте, кешегі «Алаш ұранды ұлт зиялыларының» қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі тарихи ерен еңбегін бүгінгі тәлім-тәрбие өзегіне айналдыру хақында өрбуі тиіс. Бізге бүгін алаш зиялылары сияқты отаншыл, терең білімді зияткер жастар керек.

Осы орайда ұрпақ тәрбиесіне қазақ арыстарының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін ғана емес, олардың бір-біріне құрметін, рухани қолдауын шынайы деректер арқылы үлгі ете отырып, қазақ зиялыларына деген ұлтымыздың құрмет сезімін арттыруымыз қажет.

Мысалы, Мағжан Жұмабаев пен Әлкей Марғұлан бастарына қатер төнген кезде бірін-бірі қорғаған.

М. Жұмабаевпен пікірлес адам ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған Ә. Марғұланды 1934 жылы қамауға алып, тергеуге алған кезде жан қиналысына шыдамаған Әлкей өзіне қол жұмсап, абырой болғанда, абақтылас серіктерінің көмегімен аман қалады. Ә. Марғұланды жақыннан көрген адамдар оның тамағының сол жағында содан қалған тыртық барын байқайды екен…

Ақырында оған Мағжанмен бірлесіп кеңеске қарсы жасаған қимылын мойындата алмай, 1935 жылы түрмеден босатады.

Екі арыстың арасындағы адал достықтың шынайы көрінісі туралы деректер көп жайды аңғартады. Мәселен, айдауда жүрген Мағжанның соңынан Карелияға кетіп бара жатқан оның жұбайымен Ленинград қаласында кездескен Әлкей Марғұлан аяғындағы жаңа галошын шешіп, Мағжанға беріп жібереді.

Кейін 1938 жылы тергеу үстінде әккі тергеуші М. Жұмабаевтың аузынан шыққан кісілердің тізімін жасапты. «Қайсысы қай жерде жүр», – деп әлгі тізімді қайыра әкеліпті. Сонда Мағжан Ә. Марғұланның тұсына «Өлді» деп белгі соғыпты. Осылай ол досын құтқармақшы болады.

Қазақ даласының жағдайын айтып, 1920 жылы большевиктер көсемі В. И. Ленинмен кездескен қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермековтің сол кезеңдегі білім деңгейінің жоғарылығын алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Апырмай, біздің Әлімханмен сөз жарыстырып, тыңдай алатын орыстан да шыққан жан бар екен-ау», – деп бағалаған еді.

Міне, бұл – ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ зиялыларының бір-біріне рухани қолдау көрсетіп, құрмет тұтып, өзара қадір- қасиетін асырып отырғандығының дәлелі.

Ал алаш көшбасшысы Ә. Бөкейханов пен ағартушы ақын Ғ. Қараштың өзара құрметі мен сыйластығы туралы қоғам қайраткері С. Сейфуллиннің аумалы-төкпелі заманның шежіресі іспеттес тарихи-мемуарлық еңбегінде былайша сипатталады: «Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітап жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» еді», – кітапшасында Әлекеңді мақтайды…

Ақынның:

«Қарсы келді көп кісі,

Пормы киген баршасы

Зиялыдай көрінді,

Алдарында біреу жүр.

Басында бар кепкесі.

Тани кетті ділмарым,

                 «Әлекем ғой анау!» деп,

«Әулет сүйген ерлердің

Дәрежесі сол-ау деп!»

Маңдай алған бағыты,

Ұжымақтың жолында.

«Алаш» сөзі жазулы.

Ұстаған ту бар қолында.

Алғыр студент, гимназист,

Оңы менен солында.

Жарқылдатып кеткенін

Қарай қалдық соңында» – деген өлеңінде Әлихан Бөкейхановтың тұлғалық бейнесі сомдалады.

Қазақ даналарының өзара құрметін, рухани сыйластықтарын Ғұмар Қараштың кіші ұлының есімін Әлихан деп атауынан да анық көреміз. Сол Әлихан Ғұмарұлы соғысқа дейінгі жылдары дойбы ойыны бойынша Қазақстан чемпионы болады. Алайда 21 жасар Әлихан Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кетеді.

Біздің мұндағы айтпағымыз, ұлт зиялылары туралы осындай деректер арқылы ұлт мүддесі үшін саяси күрес аренасына шыққан қазақ саяси тобының арасындағы рухани байланыстың күшейіп, олардың бір-бірін өзара қадірлеп отырғанын насихаттау арқылы бүгінгі жас ұрпақтың ұлт жанашырларына құрмет сезімін күшейту қажет.

Бұл жерде мына мәселені ашық айту керек. Ә. Бөкейханов бастаған алаштық топқа шабуылға көшкен Кеңестік билік большевиктік платформаны алғашқы қабылдаған С. Сейфуллин, С. Меңдешов, Т. Рысқұлов сияқты беделді топтың қызметін пайдаланды. Олар қазақ зиялыларының саяси күш біріктіруінен қауіптенді. Сөйтіп, 1925 жылы қазақ даласына Голощекиннің келуімен байланысты «саяси ойын», яғни, қазақ зиялыларын жіктеп, топқа бөлуді күшейтті.

Десек те, күрделі уақыт кезеңінде өмір сүрген қазақ зиялыларын ешбір күш ажырата алмады. Өйткені ұлт мүддесін ойлаған, арман тілектері бір алаш арыстары өзара бірігіп топтаса түсті.

Міне, жоғарыда айтылғандай, қазақ зиялыларын саяси көзқарас тұрғысынан бөліп жармай, олардың Қазақстан тарихындағы алатын орны туралы жас ұрпақ санасында жаңғыртып, олардың өнегелі өмірін ұлт мақтанышына, тәрбие негізіне айналдыруымыз қажет. Еліміздің мәңгілігін ойласақ, ұлттық тарихымыз бен дәстүрімізден нәр алған келешек ұр-пақ тәрбиесін парасаттылықпен ойлану керек.

Жас ұрпақты ұлттық тарихымыз немесе алаш зиялыларының өнегесі негізінде тәрбиелеу туралы, тағы бір көкейде жүрген ойымызды облыстық мұғалімдердің тамыз маслихаты қарсаңында ұстаздар қауымымен бөліскенді жөн санап отырмыз.

Жалпы біз, өлкетанушылар, жоғары оқу орнының ғалымдары, мектеп ұстаздары, архив, музей, кітапхана қызметкерлері ұлттың, өлкенің тарихын насихаттау, жас ұрпақты тәрбиелеу қызметін үйлесімді жүргізіп, өзара қарымқатынас байланысымызды нығайту қажет деп санаймыз. Өйткені «Бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы» десек те, біз, жеке дара әр сала бойынша тұйықталып жүрген сияқтымыз. Мәселен, мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орны оқытушыларының арасындағы теориялық, практикалық байланыстарымыз жоқ.

Ендеше, білім беру жүйесіндегі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттерге мектепте оқытудың әдіс тәжірибесін терең меңгерген ұстаздар келіп дәріс берсе, ал ғылыми теориялық мәселелер бойынша мектептерге ғалымдар немесе архив, музей, кітапханашылар шақырылып отырса, біздің ұтарымыз көп деп ойлаймын. Өйткені Елбасы айтқандай, «Болашақтың негізі бүгінгі білім ордаларының аудиторияларында қаланады».

Ендеше, алаш зиялыларының өнегесі негізінде тарихтан тағылым алған ұлттық руханиятты бойына сіңірген, жас буын жас ұрпақты тәрбиелеу баршамызға ортақ міндет, мәңгілік ел болудың кепілі екенін естен шығармаған жөн.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты


Білімнің салтанат құратын дәуірі

Күні: , 13 рет оқылды

geo2 (1)Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы барша қазақстандықтарға тың серпін бергені анық.


Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласының «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде халықты, жастарды жаппай білім алуға шақырады. Осы орайда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстаздары студенттерге озық білім беріп, туған жерді құрметтеуге баулып келеді. Бірқатарын айта кетсек, жыл сайын жаратылыстану-география факультетінің студенттері Ақсай қаласы мен Шыңғырлау, Жымпиты аудандарына барып, жер қыртысын ландшафтық зерттеуде. Олар табиғатты тану бағытындағы сараман жұмыстарында туған өлкенің табиғатымен, өсімдіктерімен етене танысты. Сондай-ақ студенттер университет қабырғасында ұйымдастырылатын танымдық сайыстарға қатысып, университетішілік «Өркен» газетіне туған жер, латын әліпбиіне көшу төңірегінде мақалаларды жүйелі жариялайды. Ал академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жаратылыстану-география факультетінің студенттері А. Чкалов атындағы Орынбор мемлекеттік университетіне, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне, Башқұртстан мемлекеттік университетіне барып, білімдерін жетілдіруде. Ал жалпы факультет жертану, туған өлкенің табиғаты мен тарихы, материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы, шетелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси географиясы, геоморфология, гидрология, картография, топография мәселелері бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетімен, М. Қозыбаев атындағы Солүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірлесіп, ғылыми зерттеу конференциялар, республикалық пәндік олимпиадалар ұйымдастырып келеді. Танымдық бағыттағы байқаудан университет студенттері командалық есепте де, жекелей сынақта да жүлделі орындардан көрініп келеді.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студент жастары Елбасы мақаласында көрсетілген бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асыруға ден қойып, еліміздің интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлес қосатынына сенімдіміз.

Алма ОТАУБАЕВА,

М. Өтемісов атындағы

БҚМУ-дың доценті,

Бағдагүл ӘЛЖАНОВА,

М. Өтемісов атындағы

БҚМУ-дың доценті


Тағы тоғыз мектеп, балабақша бой көтермек

Күні: , 28 рет оқылды

РСКСейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарованың қатысуымен облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа 2017-2018 оқу жылына әзірлігі туралы брифинг өтті.


Зәуре Базарғалиқызының айтуынша, жаңа оқу жылы мектептерде 2 қыркүйек күні басталады. Биылғы жаңа оқу жылында 381 орта білім беретін мектеп жұмыс жасап, 94 мыңнан астам оқушы білім алады деп болжануда. Оқушылар санының азайып, талапқа сай келмеуіне орай үш бастауыш мектеп жабылған (Қазталов ауданында Хайруш және Саралжын, Теректі ауданы Қандық бастауыш мектептері). Оқушы санының көбеюіне байланысты 1 негізгі мектеп орта (Ақжайық ауданы М. Өтемісов атындағы негізгі жалпы орта білім беретін мектеп), керісінше оқушы санының азаюына орай, орта мектеп негізгі (Теректі ауданы Талпын ЖОББМ) болып қайта құрылды.

Болжам бойынша 1 сыныпқа 11 800-ден астам оқушы келеді деп күтілуде. 2017 жылы жергілікті бюджеттен оқулықтарды сатып алу үшін 2334,9 млн. теңге бөлінді. Облыс бойынша жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты 2, 5, 7 сыныптардың барлық оқулықтары, мектепалды даярлық, арнаулы мектеп оқулықтарына, ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы оқулықтар және қорды толықтыру бағытында, барлығы 1 244 000-нан астам дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс берілді. Баспалармен келісім-шарттар жасалып, тамыз айында оқулықтарды Алматыдан тасымалдау басталды. Қазіргі таңда оқулықтардың 20 пайызы аудандар мен қалаға жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тамыз айының 30-на дейін жүргізіледі.

Өңіріміздегі 12 білім беру нысанына жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 1241,0 млн. теңгені құрайтын күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда бес білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Орал қаласындағы №8 «Сказка» мектепке дейінгі ұйымы мен Теректі ауданының Сарыөмір ауылындағы Х. Есенжанов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары шарт бойынша қараша-желтоқсан айлары аяқталуы тиіс.

Биылғы және алдағы жылы білім ошақтарының қатары су жаңа 9 мектеп, балабақшамен толықпақ. Дәл қазіргі уақытта Ұлттық қор есебінен Зашаған кентінің Сарытау шағын ауданында 900 орындық, Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындықтан екі мектеп, Орал қаласындағы апатты жағдайдағы №4 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Зеленов ауданы, Дариян ауылында 100 орындық интернатымен салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысына республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Қазталов ауданы, Қазталов ауылындағы мектеп жанындағы 100 орындық интернат пен Бөрлі ауданы, Кеңтүбек ауылындағы 50 орындық балабақшаға қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Шетелдік инвестиция есебінен Бөрлі ауданы, Аралтал ауылында 300 орындық, Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылында 198 орындық мектептің құрылыстары жүргізілуде.

Барлық білім мекемелеріне күзгі, қысқы жылыту маусымына қажетті қатты отынға тапсырыс беріліп келісім-шарт жасалған. Қазіргі күнде отынды тасымалдау жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Білім мекемелерінің жылу жүйелері 71 пайыз тексерістен өткізіліп, жұмыстар ары қарай жалғасуда.

Брифингте жыл сайын республика көлемінде өткізілетін «Мектепке жол – 2017» акциясы туралы да айтылды. Мемлекет басшысының мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында осымен оныншы рет өткізіліп тұрған аталмыш акция 1 тамыздан бастап, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде көмек көрсетуді мақсат еткен акцияға белсене қатысатын демеу-шілердің қатары артып келеді. Акцияның 9 жылы ішінде 138 693 бала 655 млн. 63 мың теңгеге материалдық көмек алған. Өткен жылы өткізілген акция барысында әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасының 21046 балаларына 120 млн. 905 мың теңгеге, бюджеттен тыс қаражат есебінен 13 952 балаға 59 млн. 77 мың теңгеге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылдарға қарағанда Ақжайық, Зеленов, Жәнібек, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында материалдық кө-мектің мөлшері өсті. Биылғы жылы дәстүрлі акция «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өткізіледі.

Жазғы кезеңде өңіріміздегі 20 демалыс лагерінде 6824 оқушы демалған. Мектеп жанындағы ыстық тамағымен ұйымдастырылған 350 лагерьде 33238 оқушы, тамақ ұйымдастырылмаған 228 алаңда 23363 оқушы, 25 шатырлы лагерьде 3869 оқушы демалған.

1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 92,4 пайызы түрлі бағыттағы демалыспен қамтылды.

Өткен оқу жылында облыстың білім беру мекемелерінде 21 850 педагог қызметкер, жалпы білім беретін мектептерде 11971 мұғалім қызмет жасады. Оқу жылының аяғында 105 педагогикалық қызметкерге қажеттілік бар екендігі анықталды. Негізінен ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Аталған қажеттілікті ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап жұмысқа кірісетін жас мамандарды қабылдау және зейнеткерлерді жұмысқа тарту, жүктемелерді көбейту есебінен жабу көзделуде.

2016-2017 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық 1 сыныптарында білім берудің жаңа бағдарламасы енгізілгені белгілі. Осыған орай, 2017-2018 жаңа оқу жылында 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған білім бағдарламасына көшірілетін болады. Функционалдық сауаттылыққа бағытталған аталған бағдарлама 30 пилоттық мектепте апробациядан сәтті өтті. Жаңартылған білім беру бағдарламасы кестеге сәйкес 2018 ж. – 3, 6, 8, 10 сыныптар, 2019 жылы – 4, 9, 11, 12 сыныптар кезең-кезеңмен енгізіледі.

Үш тілде білім беруді енгізудің кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде облыс әкімімен өңір мектептерінде 2015-2019 жылдарға арналған үш тілде білім беруді дамыту бойынша кешенді жоспарды апробациялау жөнінде Жол картасы бекітілді. 2016 жылдан бастап жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 563 педагог жергілікті бюджет есебінен ағылшын курстарымен қамтылды. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту эксперименті жүргізілетін мектептердің тізімі анықталды. Баспаханаларға жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ағылшын тіліндегі оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендердің 13271 данасына тапсырыс беріліп, сәйкесінше келісім-шарттар жасалды.

Брифинг соңында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Базарғалиқызы журналистердің сұрағына жауап берді.

 Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика