Еңбек нарығы фармацевке неге зәру? қазақтың ұл-қыздарын фармацевт болуға шақырамын
Мен он жылдан бері колледжде фармацевт даярлайтын қазақ тобын ашқым келетін. Бірақ, өкінішке орай, бұл салаға келетін қазақ балалары өте сирек. Амалсыз орыс тобын оқытып жүрдім. Өзім қызмет жасаған отыз жылдың ішінде қанша фармацевт дайындасам да, қазақ бөлімін аша алмай жүр едім. Сондықтан биыл аз-кем жеңілдіктер жасап, қазақ бөлімін аштым. Әзірге тек алты бала ғана фармацевт мамандығына құжат тапсырып отыр. Орыс тобына бала толып қалды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Сырым ауданында болғанымда, маған биыл 11 бітіретін үш сыныптағы шәкірттерді жинап берді. Со-лардың ішінен бір қыздың ғана химияны таңдағаны мені қатты таңқалдырды. Біздің қазақ балалары әу бастан химиямен дос емес. Көп талапкердің фармацевт мамандығын таңдамау себебіне де осы химия пәні әсер етіп тұр-ау деп ойлаймын.
Фармацевт дәріханада жұмыс жасағандықтан, дәрі дайындайды, дәрінің құрамын білуі керек. Біздің оқу орнындағы фармацевтика бөлімінде жоғары санатты мамандар білім береді. «Мақсат» медициналық колледжі үш қабатты ғимаратта орналасқан. Өз зертханамыз, спорт залымыз бар, материалдық–техникалық базамыз толық қалыптасқан. Студенттерімізге жайлы жағдай туғызу мақсатында жатахқана салу да алдағы басты жоспарларымыздың бірі. Оқу құны Алматыда – 350-370 мың болса, бізде әлдеқайда арзан. Бар болғаны жылына — екі жүз отыз мың теңге. Сонда он айға 23 мың теңгеден шығады. Біздің колледжді бітірген соң талапкер Ақтөбе, Саратов пен Самара қалаларындағы мединститутта үшінші курстан бастап, білімін жалғастыра алады. Сонымен қатар еңбек өтілі бес жылға толған соң жеке дәріхана ашып, кәсіп жасауына болады.
Өзімнің мамандығым – фармацевт. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Фармацевт, дантист маман-дықтары барлық жерде ақылы оқытылады. Тағы бір айта кетерлік жайт, ҰБТ-ға қатыспаған немесе аз балл жинаған балалар тікелей біздің оқу орнына емтихан тапсыру арқылы фармацевт мамандығын алып шыға алады. Ол үшін талапкерлер қазақ тілі, Қазақстан тарихы, химия пәндерінен сынақ тапсыруы тиіс. Менің қояр талабым — біріншіден баланың қызығушылығы болуы керек, екіншіден, сабақтан қалмай оқуы керек. Біздің оқу орнының өзге білім беру орындарынан айырмашылығы, сабақ оқымайтын балаға диплом бермейміз. Фармацевт мамандығын алып шыққан маманға жүз пайыз жұмыс табылады. Біздің оқу орнын жыл сайын бітірген фармацевт мамандарды қаладағы дәріхана мамандары талап алып кетіп жатады.
Жалпы, біздің өңірде фармацевт мамандығын қазақша оқытатын топ бұрын болған емес. Фармацевт мамандығына құжат тапсыру тамыздың 20-ына дейін жалғасады. Қазақ балалары да қазіргі қат мамандықтардың бірі фармацевтика саласына келіп, жұмыс жасаса екен деймін. Сондықтан өзіміздің облыстық басылым «Орал өңірі» арқылы қазақтың ұл-қыздарын өңірімізде алғаш рет қазақ тілінде білім алу үшін ашылған фармацевт мамандығына оқуға шақырамын.
Мақсот БЕРГЕН,
«Мақсат» медициналық колледжінің директоры