Мұрағат: 05.08.2017


«Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды»

Күні: , 328 рет оқылды

IMG_3001


Астанада өткен Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндерінде «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жабдықталған көрмелер келушілерге өңірдің рухани құндылықтарын паш етті. Кеше батысқазақстандық делегациямен бірге этноауылдағы қолөнер шеберлерінің туындылары мен музей жәдігерлерін көрген облыс әкімі Алтай Көлгінов көрмелер жұмысына оң бағасын берді. Көрмені тамашалаушыларға қолөнер шебері Төлепберген Сарманбеков зергерлік бұйымдарын көрсетсе, Ерболат Мұсағалиев былғарыдан жасалған аяқ киімдер мен белбеулерді назарға ұсынды. Көрмеде Асылан Сарыбаев оюмен әдіптелген ағаш тұғырға әсем домбыраларды орнатыпты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, этноауылда Қостанай облысынан келген шеберлердің бұйымдары да қоңсылас тігілген киіз үйлер ішіндегі көрмеге қойылған.


«Жаңа технологиямен ағаштан және тері мен жүннен өңделген ұлттық бұйымдарымызды әкелдік. Батысқазақстандық әріптестердің керамикалық ыдыстары мен әсем өрнектелген кәдесыйлары, әшекей тастары көңілімізден шықты. «ЭКСПО  2017» көрмесіне байланысты шеберлер жәрмеңкесін ынтымақтаса өткізіп жатырмыз», — деді облыс басшысы Алтай Көлгіновке қостанайлық суретші-безендіруші Арна Аңқауов.

Біздің облыстың делегациясы кейін облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған экспозициялық бұйымдарды тамашалады. Музей директоры Мирболат Ерсаев өңірдің тарихи жәдігерлеріне Ұлыбритания, Италия, Ресей, Венгрия, Қытай, Бельгия елдерінің туристері қызығушылық танытқанын айтты.

Оның қатарында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (OSCE) Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо да оң бағасын берген.

– Елбасымыз рухани жаңғырудың тарихымыздан бастау алатынын айтқаны мәлім. Яғни, мемлекет басшысы «ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» атап өтті. Сондықтан ұлттық нақышта безендірілген қолөнер туындылары мен өлке тарихынан терең сыр шертетін музей экспозицияларын рухани-мәдени құндылық ретінде қастерлеуге тиіспіз, – деді шара барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

IMG_3417Игілікке бастар инвестициялық форум

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің корпоративті павильонында Батыс Қазақстан облысының инновациялық жобалары таныстырылды. Кейін инвестициялық форум басталды. Оған шетелдік мемлекеттер елшіліктері мен халықаралық қаржы институттарының, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.

– Елбасымыз Қазақстанды ең дамыған әлем елдерінің қатарына қосуды мақсат етіп қойды. Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі «жасыл энергетиканы» дамытуға мүдделі жаһандық кеңістікке кіруге негіз болмақ. Форумда Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуетін баяндаймыз. Аймақтағы минералды ресурстардың молдығы және инвестициялық ахуалдың жақсаруы өзге өңірлер арасында тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша алғашқы орында болуға мүмкіндік беруде. Яғни  ТШИ 1,2 млрд. доллар көлеміндегі жалпы инвестицияның 71 пайызын құрайды. Облыстың сыртқы сауда айналымы 4 млрд. доллардан асты. Қазіргі уақытта шетелдік инвесторлармен және өңірдегі бизнесмендермен ынтымақтасудың арқасында заманауи технологиямен жабдықталған бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашылуда. Мәселен, өңірде финдік технологиямен жиһаз және терезе жасау, мұнайхимия саласында канада-ирандық жобаны қолдану, түрік инвесторларының кәсіпорындарымен бірлесіп трансформатор шығару табысты жүзеге асуда. Біздің облыста жеке инвестицияны дамытуға болатын салалар жеткілікті. Мәселен, мұнайгаз саласы мен агросекторды және азық-түлік өнеркәсібін дамыту біздің аймақ үшін аса қолайлы. Өткен айдан бастап облыстағы кәсіпорында тоңазытылған қозы еті Таяу Шығысқа экспортталуда. Ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында Қытай нарығына шығу жоспарлануда. Тері мен жүн-жұрқаны өңдеп, киім-кешек өндіретін боламыз. Бұл үшін испандық және итальяндық технология мен жабдықтарды пайдаланамыз. Сонымен қатар, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру аймақтық экономикалық драйверлер мен импорт алмастыру бағытындағы басымдықтардың бірі болып есептеледі. Облыс басшылығы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында кез келген жауапты коммерциялық бастамаларды қолдауға дайын. Сонымен қатар, қызметін бастаған және перспективалық даму мүмкіндігі зор инвесторларды жеке қабылдауға әрдайым әзірмін. Менің әріптестерім біздің өңірде бизнестеріңізді өркендету үшін барлық мүмкіндікті қарастырады, – деді форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жиында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пирметов инвестициялық серіктестіктің нығаюына сәттілік тілесе, ЭКСПО комиссары Рапиль Жошыбаев бүгінге дейін көрме павильондарында 15 халықаралық шара өткенін  хабарлады. «Қазақинвест» ҰК өңірлік филиалының директоры Азамат Бисенов облыстың инвестициялық әлеуеті жайында баяндады. Оның мәліметінше, өңірдің жалпы ішкі өнімі 6 млрд. долларды құрайды. Орал қаласы – Еуропаға жақын орналасқан қала болғандықтан, біздің облыс халықаралық логистикалық орталық болып есептеледі. Қазақстан табиғи ресурстарының байлығымен әлемге әйгілі. Бір ғана Ақжайық өңірінде 100-ден астам компания қызмет етуде. Облыста бір жылда ауыл шаруашылығы саласында құны 380 млн. доллар болатын тауар өндірілген. Экономикалық драйверге айналған басқа салалар да даму үстінде. Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, аймақтағы азық-түлік өнімін алу тұрақты дамуда. Азамат Бисенов шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бизнесмендер кеден мен баж салығынан босатылып, оларға демеуқаржы және визасыз режимде жұмыс жасауына мүмкіндік беріледі. Қазақстандағы әлеуметтік және саяси тұрақтылық, телекоммуникация инфрақұрылымының дамуы шетелдік инвесторлар бизнесінің дамуына оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта 5 млн. долларға Орал халықаралық әуежайының ғимаратын жаңғырту жоспарлануда. Әуежайдың аумағы кеңейтіліп, тасымалдау ағынын жылына 300 мың адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Соңғы уақытта Ресейдің Мәскеу және Германияның Франкфурт қалаларына қатынайтын халықаралық рейстер ашылды. Алдағы уақытта әуежай арқылы Нидерландтың Амстердам және Түркияның Стамбул қалаларына қатынауға жол ашу көзделуде. Оралдан Еуропаға шығуға құны 1,3 млрд. болатын теміржол құрылысын қолға алу жоспарланған. Бұл жобалар басқа елдермен байланысты нығайтуға, тауар айналымын жандандыруға мүмкіндік бермек. Азамат Бисенов биыл қызметін бастаған «Қазақинвест» ҰК шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізуді соңғы уақытта белсенді қолға алып жатқанын айтты.

«ҚПО б.в.» компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Сабыров Қарашығанақ концорциумы жүзеге асыратын жобалар жайында баяндады. «Nostrum Oil and Gas» компаниясының бас директоры Кай Уве Кессель «Жайықмұнай» ЖШС мен компаниялар тобын дамыту жайына тоқталды. Ал финдік «Бизнес Хаб» компаниясының директоры Мұхтар Манкеев облыста жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар жөнінде баяндады. Жиында «Зениттехсервис» және «Эдвайтедж Қазақстан» ЖШС-ларының өкілдері арасында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Кейін бизнесмендерге В2В және В2G форматында кездесуге мүмкіндік берілді.

– Бүгінгі кездесуге 33 мемлекеттің елшілік өкілдері мен бизнесмендері келді. Форум инвестиция тартуға болатын салаларды анықтауға мүмкіндік береді.

ЭКСПО павильонында Финляндия өкілдерімен кездесу өткізіп, бірлескен үш жобаны жүзеге асыруға келістік. Яғни, облыста фин технологиясымен жиһаз және есік-терезе шығару, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және құрылыс саласында 3D-жобалауды қолдануға басымдық беріледі.  Сонымен қатар, бірқатар салаларды дамыту бағытында  Түркия және Қытай елдерімен келіссөз жүргізілуде, – деді облыс әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

«Қазанаттағы» ғажап  сайыс

IMG_2745Облыстың мәдениет күндеріне байланысты Астана қаласы «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінің «Қазанат» ипподромы алаңында ұлттық спорт түрлерінен сайыс оздырылды.

Сайыстың ашылуында еліміздің әнұраны орындалған соң, спортшылар шеруі басталды. Шеру кезінде ұлттық спорттың жергілікті майталмандары, облысымыздың беткеұстарлары Жанәділ Ғазезов, Төрехан Бақытжанов, Айболат Базарбаев, Әділ Оңғарбаев, Нармағанбет Иманғазыұлы, Әнуарбек Қалиев, Рахметолла Темірбеков, Нұрмағанбет Жәнібеков көпшілікке салтанаттты түрде таныстырылды.

Кейін облысымыздың Ақжайық, Зеленов және Жәнібек аудандарының көкпаршылары сайысқа түсті. Бұдан соң қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойындарында жігіттердің ептілігі, күш-жігері, мергендік қасиеті сыналды. Тазылар жарысын да көпшілік қызыға тамашалады.

– Спорттық сайыстарға облысымыздан келген 50 спортшы қатысуда. Зеленов ауданының Асан ауылындағы ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер облыстық спорт мектебінде 450 оқушы асық ату, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі мен жекпе-жектің әдіс-тәсілдерін үйренуде. Оларды ат үстіндегі сайыстарға баулу үшін мектеп базасында 33 жылқы күтімге алынған, –деді сайыс барысында аталған облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Дастан Мырзағалиев.

«Қазанат» ипподромындағы жекпе-жекте жәнібектік көкпаршылар жеңіске жетіп, 500 мың теңгені ұтып алды. Басқа да спорт түрлері бойынша жүлделі орынға ие болғандарға дипломдар мен медальдар табыс етіліп, ақшалай сыйлықтар берілді. Айта кетейік, ұлттық спорттың 8 түрінен өткен сайыстың жүлде  қоры 1 млн. 600 мың теңгені құрады.

Ақжайық  толқынында – ЭКСПО  қалашығы

IMG_2862Кешке таман «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі алаңындағы амфитеатрда Ақжайық өңірі өнерпаздарының гала-концерті өтті. Концерт белгілі композитор, дирижер Еркін Нұрымбетовтің «ЭКСПО – Ақжелең» шығармасымен ашылып, «Назерке», «Ақжайық», «Қызғалдақтар» би ансамбльдері ұсынған хореографиялық қойылым композициясымен әрленді. Амфитеатрда батыстың күмбірлеген күйлері төгіліп, әсем әндері шырқалды. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Құрманғазының «Серперімен» серпілтті. Оркестр сүйемелдеуімен оралдық әншілер Айбар Қайырханов, Алтынбек Оразов, Тимур Мусин Жаяу Мұсаның «Ақсисасын», Ковалевскийдің «Дон Кихот» серенадасын шырқады. Танымал әнші-термешілер Сәуле Таудаева, Ернар Өмірәлі, Күләш Қуанышқалиева, Дастан Есентеміров Мұхиттың «Айнамкөзін», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Асыл жанын», халық әні «Ақ еркені»,  Ғарифолла Құрманғалиевтің туындысы «Оралымды» шырқады. Орыс халқы аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен күміс көмей оралдық әншілер Эльмира Усаева, Екатерина Левина Александр Алябьевтің «Соловейін» тамылжытты. Концертте танымал ақындар Қадыр Мырза Әли, Мәлік Бердалиев, Ерікқали Ахметов, Талант Арғынғалидың сөзіне жазылған жергілікті композиторлар Донеділ Қажымовтың “Орал», Ғұбайдолла Хибашевтың «Ақжайық – өлкем», Жаскелең Ғайсағалиевтің “Астанаға тағзым», «Ұрпақ үні» әндері шырқалды. Ал есімі елге белгілі әзіл-сықақшы Тұрсынбек Қабатовтың жерлестері туралы айтқан көңілді қалжың-қағытпалары көрерменнің езуін жидырмады. Гала-концертте әкелі-балалы ерекше дарын иелері, ел мақтанышы, композитор-әншілер Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер және эстрада жұлдызы Дәурен Сейітжанов өнер көрсетті.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»,

Астана қаласы

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика