Мұрағат: 02.08.2017


Суреттер сыр шертеді

Күні: , 32 рет оқылды

PRI_2499


Облыстық  «Орал  өңірі» және  «Приуралье»  газеттерінің 100 жылдығына  орай  «Жайық  Пресс» мекемесі  ғимаратының   дәліздегі  қабырғаларына    қос  басылымның  тарихынан  сыр  шертетін фотосуреттер  ілінді.


Мекеме басшысы Жантас Сафуллиннің мәлімдеуінше бұл суреттер бұрын еш жерде ілінбеген. Үңілген жанға әр фотосуреттің сыры мол. Мысалы, кеңсе дәліздеріне ілінген суреттерден қос газеттің бастауында тұрған тұлғалардан бастап, осыдан біразырақ жыл бұрын құрметті демалысқа шыққан ардагерлердің де фотобейнелерін көре аласыз. 1927 жылғы суретке «Қызыл ту» және «Қызыл Орал» газеттерінің 70-тен астам журналистері мен қызметкерлері алғашқы губерниялық жиналысқа келгенде түсірілген. Дәл сол жылы түсірілген тағы бір фотосуретте баспахананың байырғы қызметкері Тамимдар Сафиевті көре аламыз. Сонымен қатар қос газетте түрлі жылдары қызмет еткен тілші-журналистердің бейнелері сақталған. Қос газеттің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы секілді тарихи сәттерге қарап, сол шақтың тынысын  сезінгендей  боласың.

PRI_2324

Айымгүл  СҮНДЕТ,

Орал  қаласы


Астана аспанында қалықтаған Ақ Жайық әуендері

Күні: , 47 рет оқылды

IMG_2402


Батыс  Қазақстан  облысының  Елордадағы  мәдениет  күндері  аясында  басталған  іс-шаралар жүйелі  әрі  тартымды  ұйымдастырылуда.


Аптаның сейсенбісінде Астана қаласындағы «Бәйтерек» монументі жанында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ақерке – Ақ Жайық» концерті өтті. Оркестр концертті Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетовтың дирижерлігімен орындаған «Серпер» күйімен ашты. Есіл жағасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова «Арман – Астана», «Ақ Астана», халықаралық ән байқауларының лауреаты Ақсұлу Жұмалиева «Карамболинаның әнін» әуелетті. Ақ Жайық атырабы арқау еткен жергілікті және басқа да танымал композиторлардың туындылары көрмеге келушілер мен астаналықтардың көңілінен шықты. Кең тынысты, күміс көмей Дастан Есентеміров пен Дария Бахитова «Ағады Ақжайық», Еркін Өтегенов «Оралым – асыл қалам!», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің әнін» шырқады. «Құрмет» орденінің иегері, белгілі домбырашы-күйші Ермек Қазиев Құрманғазы мен Динаның аттас күйлері «Бұлбұлды» қос ішектен тамылжытты.

*   *   *

астана5488Тамыздың 2-сінде Астанадағы этноауылдағы думан батысқазақстандық өнер ұжымдары мен қолөнер шеберлерінің және спортшылардың шеруінен басталды. Ұлттық нақышта көркем әдіптелген киім киген өнерпаздар қақпадан сән-салтанатын паш ете кірді. Алтыбақан маңында беташар, айтыс, жар-жар секілді салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері қойылды. Көңілді думан он екі қанат киіз үй ішінде қойылған сахнада жалғасын тапты. «Жазира Жайық» тақырыбында өткен мәдени шара барысында Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Күләш Қуанышқалиева халық әндерін орындады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовтың дирижерлігімен Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Құрманғазының «Серпер», Дәулеткерейдің «Ақжелең» күйін төгілтті. Танымал күйшілер Ермек Қазиев, Аңсар Бердіғалиев, Ақылбек Бектасов, Досым Мақсотовтың күй шеруі тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады. «Назерке» және «Ақжайық» би ансамбльдері би қойылымдарын әсем орындады. Қазталов, Зеленов, Тасқала аудандарының өнерпаздары ұсынған ән-күй, термелері, билері де ешкімді бейжай қалдырмады.

*   *   *

Облыстың мәдениет күндері аясында Елордадағы «Конгресс-хол» сарайында облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі «Жан тебірентер әуендер» концертін көпшілік назарына ұсынды. Өнер ұжымы Асхат Хасановтың дирижерлігімен Логвиновтың «Утвртюра Дударай», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қанат Ахметовтың «сиқырлы таяғының» ерекше желпінісімен А. Оренбурскийдің «Жан досым», А. Бабаджанянның «Благодарю тебя», П. Морианың «Менуэт» симфониялық әуендерін орындады. Оркестрдің сүйемелдеуімен Қанатқали Қожақов, Жаңылсын Хасанова, Айбар Қайырханов, Дамир Сатыбаев кең тынысты  әндерді  шырқады.

*   *   *

IMG_2396Кеше Орал қаласының өнер ұжымдары «Қазмедиа» орталығында «Ақ Жайық ақ жүрекпен ән салады» тақырыбында концерт қойды. Орталық фойесінде Орал қаласының бейнесі берілген фотокөрме назарға ұсынылды. Фойеде қалалық скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті. Кейін концерт залында ән-күй әуеледі. Алдымен «Арна» би ансамблі «Әжемнің сандығы» биін ұсынды. Белгілі жыршы Армат Ислямғалиев Сартайдың өр толғауын  төгілте  орындады.

Мәдени шарада «Оралым» фольклорлық ансамблі «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовтің «ЭКСПО-Ақжелең» күйін орындады. Облыстық камералық оркестр В. Водиканың «Симфония до мажор» әуенін шалқытты.

Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында өткен «Славян базары – 2017» байқауының лауреаты Ержан Максим «Because we believe», Латвияның Рига қаласында  болған «Нюстар Рудага» байқауының лауреаттары Мырзағұл Алмағамбетов мен Аяна Қажымова «Мәңгілік ел» әндерін әуелетті. «Қыз Жібек» термешілер ансамблі Асылхан Болтановтың «Қазақ  елі  жасасын!»  әнін  шырқады.

Атап өтелік, облыстың мәдениет күндері аясында Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театр сахнасында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Троя арулары» трагедиясы мен Буляковтың «Қысқа ғұмыр» трагикомедиясын, А. Островский атындағы облыстық драма театр әртістері М. Горкий атындағы театрда А. Островскийдің «Соңғы құрбандық», У. Шекспирдің «Он екінші түн»  қойылымдарын  сахналады.

Суреттерді   түсірген   Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Әбухан КАРИН,

Орал  қаласының  тұрғыны,  зейнеткер:

– Астанаға «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің кереметін көру үшін келдім. «ЭКСПО» қалашығын екі мәрте араладым. Болашақтың қуат көзіне арналған жобалар жайына қанық болдым. Жас ұрпаққа тағылымды дүниелер өте көп. Сейсенбі күні Бәйтерек монументі жанында өткен Дәулеткерей атындағы қазақ халқы аспаптары оркестрінің концертіне көзайым болдым. Көңілді күй төгіліп, ұлттық рухты әндер әуеледі. Ақ Жайықтың өнер жұлдыздары астаналықтарға  айрықша  әсер  сыйлағаны  сөзсіз.

Гүлмайра  ҚАБДЫРАХИМОВА,

Орал  қаласының  тұрғыны:

– Бүгіндері отбасымызбен Астанада тұрғанымызбен, негізінен, Сырым ауданына қарасты Абай ауылының тумасымын. Туған өңірдің өнер жұлдыздары келіп, концерт қойып жатқанын естіп, немерем Әлиді қолыма алып, мәдени шараларды көруге асықтым. Белгілі әншілер Жұмағаным Рахимова, Сәуле Таудаева, Дастан Есентеміров шырқаған әндерді тыңдап, құлақ құрышым қанды. Жерлестерімнің  өнеріне  ризамын!

Тілектес  МЕЙРАМОВ,

Қазақстанның  халық  әртісі:

– Оралдағы қазақ драма театры ұжымы қойған «Троя арулары» трагедиясын тамашаладым. Спектакль өз шешімін тапқан. Режиссер Қуандық Қасымов аз ғана детальға көп мағынаны сыйғызған. Атап өтерлігі, көптеген театр репертуарында әйелдерге арналған спектакльдер аз болады. Ал «Троя аруларының» шиеленіскен сюжетінде көптеген әйел адамның образы айрықша ашылған. Әріптестеріміз өзіне жүктелген әр рөлді сәтті орындады.

Бағила  МҰРАТӘЛІ,

Астана  қаласының  тұрғыны, психолог:

– Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында өр екпінді күйлер төгілуде. Халықаралық көрме салтанатына байланысты әр өңірдің жыр әуезінен, ән-күй әуенінен өзіндік ерекшелігін танудамыз. Психолог маман ретінде айтарым, Күнбатыстың күйлері екпінді, өр, асқақ, келеді. Осыған орай тыңдарманның жан дүниесін баурап, көңіл күйін шарықтатып, бойындағы ұлттық намыс пен ерік-жігерін жани түсетін ерекше қасиеті бар. Мәселен, «Адай» – кең тынысты, өршіл күй. Өнер ұжымымен бірге келген жас өнерпаз Ақылбек Бектасовты бұрыннан танимын. Ақ Жайықтың өнер және мәдениет қызметкерлеріне  сәттілік  тілеймін!


«Таза жағалауға» атсалысайық!

Күні: , 25 рет оқылды

2-z19-648f1534-e329-49cc-94ce-1a8c130be4f6


Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы алдағы бесінші тамыз күні  туған өлкеміздің аумағындағы өзен-көлдер мен бөген-тоғандардың жағалауына санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу мақсатында «Таза жағалау» акциясын жариялайды.


Сол себепті аталмыш мекеменің басшы-қосшысы облыс тұрғындарын осы шараға білек сыбанып, белсенді қатысуға шақырады. «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын  үшбу сенбілікке үлкен-кішіміз болып, барынша  атсалысайық, ағайын! Егер сіз сенбілікке қатысты мән-жайды егжей-тегжейлі анықтағыңыз келсе, мына телефонға хабарласқаныңыз жөн:  26-52-57.


Сарай Бату сапары

Күні: , 193 рет оқылды

Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Н. Ә. Назарбаев

DSC_0477


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазылған «100 жаңа есім» жобасы бойынша «Жанымызда жүрген жақсы адам», ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты бір қазақты атау керек болса, батыл түрде ол  Едіге Нәбиев дер едік.


Едіге Нәбиевті осы күндері сирек орындалатын немесе мүлде тартылмай кеткен, бабалардан қалған қоңыр күйлерді келер ұрпаққа сарынын бұзбай, табиғи таза қалпында жеткізуші санаулы күйшілердің бірі әрі бірегейі десек, еш артық айтқандық емес. Ол – қазақтың киелі аспабы домбыра жасаудың да хас шебері. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұйымдасты-рылған домбыра жасаушы шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» байқауында Едекеңнің екі дүркін лауреат атануы – сөзімізге айқын дәлел. Бүгінде оның шеберханасынан шыққан жүздеген домбыраның көпке танылған өнер адамдары, республикалық, халықаралық конкурстарда топ жарып, бас жүлдегер атанған жастардың қолында, әр түрлі сахналардан күмбірлей күй төккеніне куә болып жүрміз.

Шын талантқа тұсау жоқ. Кейіпкеріміз ескілікті халық әндерін, әсіресе, Батыс өңірі әндерін айтқанда, күйшілік машығына салып, домбыраны Ғарекеңше құйқылжытуы, ал ақын Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған жаңа заман әндерін орындағанда, қарт Жайықтың толқыны, қалықтай ұшқан құстың қанат қағысы, сұлу табиғаттың ән мәтінінде айтылмаған өзге де әсерлі көріністерін тыңдаушы көзіне елестетіп, сағынышқа толы лирикалық сезіммен жеріне жеткізе шырқауы еріксіз таңдай қақтырады.

Оның жалындаған жастық шағында Оралдағы педагогикалық институттың спорт факультетін тәмамдап, жүгіруден облыс чемпионы атануы, Алматы қаласындағы олимпиада резервтерін даярлайтын орталықтың жаттықтырушы-әдіскері қызметін атқарып, еліміздің атын айдай әлемге танытқан спорт саңлақтарына бапкер болуы, осы сала бойынша жеткен өзге де жетістіктері – өз алдына бөлек тақырып.

Хас өнерпаздың бойына біткен сан түрлі өнеріне қоса, өтірікке, жалған атаққа, тәртіпсіздік пен қиянатқа әрдайым «мүлдем төзбеушілік» танытатын жан тазалығын, сөзіне беріктігі мен адалдығын ескергенде, «Сірә, ертедегі серілердің сарқыты осы Едіге ағамыздай болар» деген ойға қаласыз. Бүгінде ол жетпісті алқымдаса да, бұрынғыны ғана аңсап, жаңалық атаулыға тосырқағыш келетіндер санатынан емес. Кейіпкеріміз – уақыт ағымына қиындықсыз икемделіп, сүйікті ісін кәсібіне айналдыр-ған жан. Зейнет жасындағы Едекеңді іздеген кісі оны жайлы орын, жылы төсегінен емес, облыстық қазақ драма театрының жертөлесінде орналасқан шағын ғана шеберханасынан табады. Ал оның қолынан шыққан нағыз отандық әрі ұлттық бағыттағы өнімдердің сапа деңгейіне жоғарыда тоқталдық.

Өнер иесімен өскен ортасы, туған жері, балалық шағы, ғибратты өмір өткелдері туралы кең көлемді сұхбат жасау көптен бері көкейде жүрген жоспар еді. Биылғы жазғытұры күйшімен кең отырып, әңгіме дүкен құрудың сәті түсті-ау ақыры. Алайда осынау шағын еңбегімізге арқау болып отырған аталмыш сұхбат емес, оны жариялауды алдағы жақын күндердің еншісіне қалдырдық. Бұл мақалада күйшінің Орал қаласынан мың шақырым қашықтықта жатқан туған жеріне сапары баяндалады.

— Туған жерім Астрахан облысына қарасты Қарабайлы ауданындағы Бірінші май колхозының орталығы Басты дейтін ауыл болатын. Басты ауылының орналасқан жерінде осыдан сегіз ғасыр бұрын тарихтағы әлемге әйгілі алып мемлекет Алтын орданың астанасы Сарай Бату болған. Ол – Шыңғыс ханның немересі Бату хан салдырған шаһар. Ресейліктер дәл осы жерде «Орда» атты тарихи фильм түсірді. Құдай бұйыртса, жақын арада ауылға барып қайтуды жоспарлап жүрмін. Осы сапарда Құрманғазы, Сейтек, Ерғали күйшілердің, Мақаш прауител (правитель), Сейіт баба, Бөкей ханның зияраттарына тәу етіп, ел ішінде олар туралы әңгіме білетін шежірелі адам-дар қалған болса, жолығып қайтсам деген ойым бар. Мүмкіндігің болса, менімен бірге жүр, — деді Едіге аға сұхбат ала барғанда.

Күйші ұсынысына екі ауыз сөзге келместен қуана келістім. Өйтпегенде ше. Сарай Бату… Оқушы күнімде ерекше әсерленіп оқыған Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» трилогиясы дәл осы Бату хан заманын, ол салдырған Сарай Бату шаһарын суреттеумен басталатыны ойыма оралды. Тарихи тұлғалар жатқан жерлерді зиярат қылу жоспарынан да зор жауапкершілік жүктер қазыналы сапар болғалы тұрғанын анық түйсіндім.

Сонымен, межелі күн жеткенде, таңмен таласа тұрып, Едіге ағаның жапондық көлігіне тақым артып, «Қайдасың, Қажытархан?» деп ұзақ жолға аттандық.

DSC_0330Орал – Атырау тас жолымен ызғытып келеміз. Көлік тізгіні Едекеңнің өзінде. Аңқыған жолдың қос қапталындағы далиған дала көз тастағанның көңілін сүйсінткендей. Тегіс жолмен кідірмей жүріп, сәскелетіп Атырау даласына өттік. Бағытымыздан солға қарай қиялап, Индербор аймағынан асыңқырап, қырға көтеріле бергенде, «Қарой» деп жазылған сілтеме белгінің тұсынан шықтық.

— Махамбет батырдың сүйегі осы жерден 10 шақырымдай қашықтықта қалып барады, — деді Едіге аға. Ол батырдың басын денесіне қосып жерлегеннен кейін, тоқсаныншы жылдардың басында Қаройда Махамбет поэзиясы күндері өтіп, ат шаптырып, киіз үй тігіліп, ас беріліп, той жасалғанын, ол шараға Алматыдан ақын Фариза Оңғарсынова бастаған үлкен делегация келгенін қызықтыра әңгімеледі. Тойға Батыс Қазақстан облысының атынан «Исатай-Махамбет» дастанын жырлаушы қазталовтық Шайзат Ғұбашев, Ғарекең шәкірті, Махамбеттің термесін орындаушы қаратөбелік Мұхит Бірәнов, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ғайсағали Сейтақ, Махамбет күйлерін орындаушы күйші ретінде Едіге Нәбиевтің өзі болып төрт адам қатысып қайтқан екен.

Қаройдың тұсынан аса бергенде «Қаройдың қалды қамшы-ау қабағында» деп басталатын халық әні «Шымыр» еріксіз есіме түсті. Ыңылдай әндетіп «Жаңғырта көш жөнекей ән салғанда, жатады-ау қыздың жаны тербетілген» деп тәмамдай бергенімде, Едіге аға тосын әңгіме бастады.

— Алматыда жұмыс жасағанымда, 1978-82 жылдар аралығында Ғарифолла Құрманғалиевтің студиясына жиі бардым. Сабақ алып, әңгіме-дүкен құрып, ескілікті қара өлең, ән тарихтарын үлкен дәптерге Ғарекеңнің өз ауызынан жазып алып жүрдім. Осы күнге дейін өзімде сақтаулы сол қалың дәптердегі «Шымырдың» соңғы жолдары жаңа өзің айтқандай емес, «Жаңғыртып көш жөнекей ән салғанда, жатады қызғылт дала тербетілген» деп аяқталады. Әрине Ғарекеңнің өзі «Шымырды» алдыңғы айтылған нұсқада шырқап, көпшілікке де солай тараған. Алайда менің көңіліме дәптеріме өз ауызынан жазып алған кейінгі нұсқа қонымдырақ, орнықтырақ болып көрінеді. Ғарекең әнші-жыршы ғана емес, соншама қазынаны бір бойына жиғандықтан ақындығы да бар адам. «Дәукеннің әні» деген ән болған. Бұл сотталған әндердің қатарына жатады. Өйткені ән мәтінінен болыс болып, елге билік құрған кезін, өткен өмірін аңсау байқалады. Төңкерістен кейін мұндай әндерді айтуға тыйым салынды. Бірақ Дәукен әнінің керемет сазы жоғалмасын деп сөздерін өзгертіп, «Жас дәурен» деген атаумен қайта шығардым» деп Ғарекең айтып отыратын. Сол секілді саясатқа байланысты, кейде тыңдаушы ортаға орай әннің әр түрлі нұсқалары пайда болса керек, — деді Едекең.

Екінті мезгіл таяғанда Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин ауылына жақын орналасқан, тас жолдан екі шақырымдай қашықта жатқан Мақаш прауител (правитель) зияратына ат басын бұрдық. Ақ шағылды жарып өтетін жайдақ жолмен жүйткітіп келеміз.

DSC_0334— Біз туып-өскен жердің реңі де осыған ұқсас. Құмда кесірткенің бір түрі батпа дейтін жәндік жүретін. Бала күнімде тентектеу болдым. Бірде құмға батып жатқан батпа екен деп улы сұр жыланды басынан ұстап суырып алғаным бар, — деп Едіге аға балалық шағын есіне алып келеді.

Прауител (правитель) кесенесінің ішіндегі мәрмәр тақтаға бұл күмбезді құрылыстың 2000 жылдың қыркүйегінде Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен салынғаны жазылыпты. Ақтаудың ақ тасынан жарқырата салынған кесене алдынан сәл оңға қарай қарағайдан қиып, өрнектеп салынған ескі кесене және бар. Оның алдына бозғылт түсті мәрмәр құлпытас қойылған. Құлпытас-тағы әдемілеп ойып жазылған араб қарпіндегі мәтін зер салып қарамаса, байқалмайды екен. Бірақ анық сақталған. Суретке түсіріп көріп едім, мәтінінің оқылар сыңайы байқалмады. Фотодан анық оқылуы үшін зиярат маңында жатқан қызыл кірпіштің жаңқадай сынығын алып, мәтінді бояуға кірістім. Едекең болса, ашық аспан астында, сұлу дала ырғағына үндестіріп, байсалды, байыппен орындалатын ескілікті күйлерді бірінен соң бірін төгіп отыр. Күйші қолындағы қара домбыра үні жетер жерді бірде Әлікейдің «Қоңыраласымен» тербесе, келесі сәтте «Ұршықтың жұртта қалғанын» айтып азалы тарихтан сыр шертеді…

700 шақырымнан аса жолды артқа тастаған біз мамыр даласының жұпар иісін көкірек кере жұтып, тас жолға қайта көтерілгенде, көңіліміз де сергіп, бойымызға қуат құйылғандай күй кештік.

— Көп ұзамай жол да тегістеледі, — деді Едіге аға Ресей шекарасына жақын қалғанымызды меңзеп.

Атырау қаласынан асқалы шұрық тесік болып ойылған жөндеусіз жол тақымымыздағы «көк арғымақты» қалай бұлтарса да, құтқармай әбден титықтатқан еді.

Едіге ағаның туған жері Басты ауылының халқы кейін сол ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан Тамбовка ауылына көшіріліп, бұрынғы мекен қаңырап бос қалған. 1964 жылы Хрущевтің «У нас не будет наций, народностей, будет единый советский народ» деген ұранымен Ресейдегі қазақ мектептері түгелдей жабылған. Сол кезеңде «Бірінші май» қазақ колхозын «Ленинский путь» деп аталатын орыс колхозына қосып, басшысын орыстан сайлаған. Тамбовка оған дейін де «Ленинский путь» колхозына қараған негізі орыс ауылы екен. Зорлықшыл саясаттың ықпалымен Бастының байырғы қазақтары екі жылдың ішінде түгелдей тамбовкалық болып шыға келген. Қазір біз сол Тамбовка ауылына келе жатырмыз. Онда Едіге ағаның ағайын-туғандары тұрады. Әке-шешесінің зираты да сол ауылда.

Кештетіп шекарадан өттік. Тамбовка Қарабайлы ауданына қарайды. Оған жету үшін алдымен Краснояр ауданын кесіп өтуіміз керек. Әуелде бұл аудандар Бөкей ордасының құрамында болған. Едіге аға «Жас Алаш» газетінің 2002 жылғы №77 санынан мұқият қиып алып, сақтап қойған Сатыбалды Дауымовтың «Ханның қайын атасы» атты мақаласында «Қарауылқожа сауда-саттықпен айналысқан Краснояр (Қызылжар) ғана емес, 1824 жылы Жәңгір мен Фатима ханымның үйлену тойы өткен Қарабайлы, сондай-ақ Володар, Ахтуба (Ақтөбе), Құмөзек аудандарынан (200 мыңға жуық қазағымен қоса) біржола күдер үзуге тура келетіндігі қандай өкінішті!» деп жазылған екен.

Шекарадан өткеннен кейін оң қолда, 20 шақырымдай қашықтықта Бәйбек, Кіші Арал ауылдары қалады. Сол ауылдардың маңында Сейіт баба, Бөкей хан жерленген. Нәсіп болса, ол жерлерді кері қайтқанда зиярат етпекпіз. Қазір күн кешкірді.

Айнала Еділ суы жайылған, жайнаған желегі, тал-терегі мол жасыл алқапты жарып, тақтайдай тегіс жолмен зулатып келеміз. Әр жерде үйірлі жылқылар, өрістен қайтқан сиырлар көзге жиі шалынады. Жол-жөнекей қалып жатқан  ауылдардың атаулары тілімізге соншалықты жат көрінбейді. Мысалы, Ясын соккан (Жасын соққан), Жанай, Лапас. Едіге ағаның айтуынша, Краснояр (Қызылжар) ауданына қарасты Ясын соккан, Жанай ауылдарын түбі бір түрік жұртының өкілдері татар, ноғайлар мекендейді екен. Ал Қарабайлы ауданына кіргендегі алғашқы кездесетін ауыл Лапаста Қарағаш ноғайлар тұрады.

Әлемге әйгілі Шыңғыс ханның айбынды немересі Батый хан салдырған Сарай Бату іргесінен 5-6 шақырым жерден орын тепкен Тамбовкаға түн қараңғылығы қоюланғанда жеттік.

Ертеңіне сәске болмай Едекеңнің ағайындарын аралап сәлемдесіп, кейбір кісісі қайтқан шаңырақтарға қазақтың салтымен бата тигізіп шықтық. Қай шаңыраққа барсақ та, төрде ілулі тұрған қазақтың қара домбырасын көрдік. Едекең ауылдастарымен бірге өткен күндерді еске алысты. Олар Едіге ағаның әке-шешесі туралы сөз болғанда, «Қандай ізгілікті жандар еді…» деп көздеріне жас алып отырды.

Едіге ағайдың інісі Қатим Сарай Бату орнын аралату үшін бізді өз көлігімен алып жүрді. Алдымен Едекеңнің әке-шешесі жерленген ауыл іргесіндегі қауымға аялдап, Құран оқып, аруақтарға дұға бағыштадық.

Сарай Батуға барар жол ойлы-қырлы, биік белесті, жалпақ қыратты болып келеді екен.

— Бұлардың бәрі – Алтын Орда заманындағы қарауыл төбелер, — дейді Едіге аға айналадағы биік төбелерді нұсқап. — Сарай Батудың бір беті осындай қарауыл төбелермен шектессе, келесі беті Ашулық, Ақтұба арғы жағы Еділдің өзі, яғни үш тармақты суға тіреледі.

Еріксіз ойға шомасың. Өздері құрған алып мемлекетке еркін иелігін жүргізген жауынгер бабалардың әлемді тітіретердей құдіретті де зор үні төңіректі кернеп тұрғандай ерекше әсерге бөленесің.

Қатим аға бізді «Орда» фильмі түсірілген алаңқайға алып келді. Ашулық өзенінің терең жарқабағына таяу орналасқан екен. Мұнда аталмыш фильмге декорация ретінде салынған көне қала үлгісі сол күйінде сақталып, бүгінгі таңда туристер тамашалайтын нысанға айналған. Декорация орналасқан орын Едіге ағаның Сәлім деген нағашысының немересі, кәсіпкер Аман есімді азаматтың жеке иелігіне алып, шаруашылық жүргізіп отырған аумағына қарайды екен. Бойшаң әрі екі иығына екі кісі мінгізгендей еңгезердей Аман алыстан келген жиенін құшақ жая қарсы алды. Туристер үшін декорация ішіндегі мұнарадан дыбысзорайтқыш арқылы қазақтың күйі ойнатылып, көне шаһар Сарай Батудың тарихы айтылып тұрады екен.

— Бұл декорацияны тұрғызу үшін Владимир қаласынан 32 шебер келді. «Орда» фильмінің осы жердегі түсірілімі 2010 жылдың жаз айларында 45 күнге созылды, — дейді Аман.

Декорация құрылысына (суреттерде) осыдан 7-8 ғасыр бұрынғы Сарай Батудың түпнұсқа қызыл кірпіштері де пайдаланылыпты.

Едіге ағаның балалық шағы өткен Басты ауылының орнымен айналып, Селитренное ауылы арқылы Тамбовкаға қайтып келдік. «Алтын орда» трилогиясының бірінші кітабының бас жағында Сарай Бату осы күнгі Селитренное қалашығының маңында орналасқан деген түсінік беріледі. Бұл ауыл бірнеше шақырымға созылған көне шаһардың үстіне тұрғызылған.

— 7-8-сыныпта оқыған кезімізде Селитренное ауылында тұратын Лопырева ныспылы орыс мұғалім бізге орыс тілі пәнінен сабақ берді. Бірде Лопыреваның ұлы үйінің астынан жерқойма (погреб) қазбақшы болғанда, ескі қызыл кірпіштен өрілген жерасты ғимаратының үстінен түскен, — дейді Едіге аға.

Ұлы Отан соғысы жылдарында осы жерден өндірілген селитра жауға қарсы оқ-дәрі жасауға жұмсалған екен. Сол соғыстың басталуын Ақсақ Темір қабірінің қазылуымен байланыстыратын аңыз іспеттес деректер бар. Енді Ақсақ Темір қарсы соғысып, күйреуіне бірден-бір себепкер болған Алтын орда мемлекетінің алғашқы астанасы Сарай Бату орнынан жауды жусататын оқ-дәрі шикізатының өндірілуін қызықты тарихи сәйкестікке баладым.

Түскілікте Едіге ағайдың досы Сыралы деген кісінің үйінде қонақ болдық. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиын қыстау заманда Сыралының ата-анасы мен Едіге ағайдың әке-шешесі өзара бір үйді паналаған. Сыралы ағайдың өзі өнерге жақын, Едекеңді ерекше қастерлеп, сыйлайды. Ол кітап секілді қалың дәптеріне қазақтың даналық сөздерін, тарихи тұлғалар туралы аса құнды шежіре деректерді мұқият жазып жүретін парасатты адам екен. «Кейінгі ұрпақтарыма қалдыратын бар аманатым осы дәптердің ішінде», — дейді ол.

«Қонақ қойдан жуас» демекші, кешкіліктегі билігіміз қайтадан Қатим ағайдың қолына тиді. Қатим ағаның үйінде Романтик магнитофонының пленкасына жазылған ескі жазбалар сақталыпты. Оның ішінде Едекеңнің мықты күйші болған Сыдиық есімді үлкен ағасының тартқан күйлері, сол ауылдың өзге де өнерпаз адамдары орындаған жыр-термелер бар. Едіге ағаның 1976 жылы өз қолынан жасаған алғашқы домбырасы да осында екен. Аттанарда үй иесінің келісімімен осынау қазынаның бірін қалдырмай, көлігімізге тиеп алдық.

Ертеңіне Қарабайлы ауданы Ахтуба (Ақтөбе) ауылында жатқан Сейтек күйші мазарын зиярат еттік. Күйші жерленген жерге 2013 жылы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен қызыл кірпіштен көрнекті белгі орнатылған екен. Әрі қарай Астрахан қаласы арқылы Құрманғазының сүйікті шәкірті, атақты Ерғали күйші жерленген Құмөзек ауданының Лебяжье ауылына сапар шектік. Күйші Ерғали Есжанов әулие кейіпті адам болса керек.

— Әкем де домбырашы, жыршы болды. Ол Дина мен Ерғалиді Құрманғазының сүйікті шәкірттері деп отыратын. Әкемнің інісі – Ораздәулет Ұлы Отан соғысында Сталинград шайқасында болған. Елге аман оралғанымен, соғыста алған жарақаты кейін асқынып, қайтыс болды. Осы кісілер Ерғали күйшінің оққағары болған дейтін. Ол Сталинград шайқасындағы баласына барып, майдан даласынан ақ киіммен өткенде екі жақтан да ешбір оқ атылмаған. Елден апарған дәмін беріп, күй тартып, сарбаздарды рухтандырған, — дейді Едіге ағай.

Ерғали күйшінің ақсақалдық жасқа жеткен Қати және Бақыт есімді қос немересі Лебяжье ауылында тұрады екен. Олар бізді аталары жерленген ауыл іргесіндегі қауымға бастап барды. Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл зираты өртке ораныпты. Сонда дәл осы Ерғали күйші жерленген тұсқа жеткенде өрт өздігінен сөнген екен. Бүгінде күйші зираты қарапайым ағаш қоршауы ескірген шағын ғана төмпешік болып жатыр.

Қати ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, Ерғали күйшінің ата-бабалары және кейінгі ұрпақтары туралы шежірелік деректерді жазып алдық. Ақсақалдың үйінде көненің көзіндей болып көптен тартылмаған бір қара домбыра сақтаулы тұр екен. Едіге аға ескі домбыраны қолына алып, табан астында шегін ауыстырды. Лекерлеп күйін келтірді. Қос ақсақал елең етіп, домбыра үніне құлақ түрді. Ерғали күйшінің «Қоштасу» деген күйі тартыла бастағанда Қати қарт қатты толқып, көзіне жас алды. «Атам тура осылай тартушы еді» деп Едіге ағаға ризашылығын білдірді. Қати ақсақал «атамның өнері әкем Халелге қонды. Ол солақай домбырашы еді. Бала күнімде әкемнің шығарған әнін айтқанымда, колхоз төрағасы риза болып, бір қашар атағаны бар. Осы күнде жас ұлғайды. Домбыра тартудан қалдым. Енді бұл қара домбыраға өзің ие болғайсың» деп ескі домбыраны Едіге ағаға сыйлады.

— Адай руының Тоқмамбет бөлімінен тараймыз. Соның ішінде Шыбынтай атамыздан Есжан, Есжаннан Ерғали атамыз туған. Біз Ерғали атаның Халел деген баласынан тараған немерелеріміз. Атамыз ауқатты болған. Ұжымдастыру жылдарында үкімет мал-мүлкін тартып алған соң, Атырау облысына қарасты Забурын деген мекенінен осы жерге көшіп келген. Атамыз балық кәсіпшілігімен айналысқан. Астраханға балық тасыған. 1942 жылы Сталинград соғысында жүрген немересі Зүбәйірге барып домбыра тартып кеткен соң, жау жағы ығысқан деген әңгімені үлкендерден естіп өстік. Шәрәпи деген баласынан туған үлкен немересі Идият соғысқа кетерде «Тастама, мойныңа тағып жүр. Қиын-қыстау жағдайға кез болсаң, «Я, Бекет!» деп айтуды ұмытпа» деп дұғалық жазып берген. Сонда Идият ағамыздың қасына түскен снаряд жарылмаған. Ағамыз 1947 жылы соғыстан оралғанда сол дұғалықтың қасиетін айтып, тастамай кері алып келді. Идият ағамның құдағайы көзі көрмейтін соқыр кемпір болды. Үйдегілердің бәрі жұмысқа кеткенде жатып демалайын десе, бір дыбыс «Енеке, енеке» деп мазалап, ұйқы бермепті. Осындай жағдай бірнеше күн қайталанғасын, Ерғали атама дұғалық жазып беріңіз деп өтініш айтыпты. Содан атам құдағайының үйіне барып, біраз уақыт Құран оқығаннан кейін, айнала «Шық та шық» деп қолына алған айыр сабын сындырғанша сабалапты. Артынша дұғалық жазып береді. Содан кейін тым-тырыс болыпты. Құдағайды ештеңе мазаламапты, — дейді Қати қарт.

Бір кездері құлдыраңдай жүгіргендеріне Ерғали күйшінің өзі куә болған қос немересі – бұл күндегі қос ақсақалдың «Атамыз тұрған үйдің орнын көрсетеміз» деп жас баладай елпең қағып алдымызға түсіп аяңдағаны бізге ерекше әсер етті.

Ерғали Есжанов Лебяжье ауылының іргесімен ағып өтетін Кизань өзенінің жағасында тұрыпты. Бүгінде күйші бабасынан қалған қара шаңыраққа оның тікелей шөбересі Нұрлан Қожанұлы ие болып отыр екен. Ол ескі үйдің құрылысын жаңғыртып, қазіргі заманға лайықтап қайтадан салған.

Ертеңіне Володар ауданының Алтынжар ауылы маңында жерленген ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының зияратына тәу еттік.

Сапарымыздың бесінші күні дегенде Астрахандағы ағайынмен қош айтысып, елге қарай бет түзедік. Аспан шайдай ашық. Алайда қаладан шыға бергенімізде, қалың тұманға кез болдық. Теңіздей жайылған Еділ суының таңғы салқын ауамен буланып жатқан шағы екен. Абайдың өзі ерекше іш тартып жақын көрген, бірнеше шығармасын тәржімалаған орыстың ойшыл ақыны Михаил Лермонтов өлеңіндегі тұманды теңіз тіркесі еріксіз ойға оралады. Бір сәт мыңмен жалғыз алысып келе жатқан сол желкен дұрыстықтың туын жықпай, тағдырының қай сынағына да мойымай, өнеріне деген адалдығынан танбай, турашыл ұстанымынан таймай келе жатқан қасымдағы кейіпкерім сияқтанып кетті…

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Атыраулық автожорықшылармен жүздесу

Күні: , 23 рет оқылды

DSC_0040


Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты бағдарламалық   мақаласына орай  атыраулықтар  «Қарой – Шейітсай – Қарой»  атты  автожорық  ұйымдастырды.


Ер Махамбеттің қара ниетті жаумен соңғы қанды шайқасы болған Қаройдан бастау алған бұл сапарға қатысушылар жолшыбай Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта аялдады. Партияның Атырау облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев бастаған өкілдер қатарында партияның аудан филиалдары төрағаларының  бірінші орынбасарлары, тарихшылар, журналистер бар. Олардың  мақсаты – азаттық үшін арпалысқан Алаш асылдарының бірі Исатай Тайманов жерленген Шейітсайда болып, батырдың басына тәу ету, қолда бар ерлік шежіресін тың деректермен толықтыру, осы орайда көрші облыстармен байланысты  одан  әрі  тереңдету.

Автожорықшыларды Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов, «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев қарсылап, әңгімелесті. Тұрғындар, еңбек ұжымдарының өкілдері қатысқан бұл дидарласуда атыраулықтар өз мақсатын айтып, Маңғыстау облысына да баруды көздеп отырғандары хақында баяндады.

Рухани түлеу аясында Қазақстанның киелі жерлерінің  географиясы, тарихи-мәдени ескерткіштері жөнінде қолда барды байыта түсу, Исатай бабамыз туралы деректі фильм түсіру де көзделуде. Кездесуден соң  атыраулықтар соңғы кезде  тың дүниелермен толыға түскен тарихи-өлкетану музейін  аралап, Ақжайық ауданында Алаш қозғалысының мерейтойына орай орындалып жатқан іс-шаралармен танысты.

*   *   *

Атырау облысынан бастау алған  Елбасының «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай ұйымдастырылған «Қарой–Шейітсай – Қарой» атты автожорықтың қатысушылары  Сырым ауданында да болды. «Нұр Отан» партиясы, Атырау облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев бастаған автожорықшыларды аудан әкімінің орынбасары А. Сарқұлов, «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Т. Дарғожиев қарсылап  алды.

Ауданға келген қонақтар Қадыр ескерткішін, Алаш саябағын, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайын тамашалады.

«Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұловқа алғысхат табыстаса, А. Сарқұлов атыраулықтарға «Оралбек батыр», «Абдолла» кітаптарын  сыйға  тартты.

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА


«Шараннан» келер шатақ көп

Күні: , 40 рет оқылды

DSC_0261


Сейсенбіде  облыстық  Ішкі  істер  департаментінде  өткен баспасөз  мәслихатында,  маусым  айының  алғашқы  күндері Орал-Ақсай  тас  жолында  орын  алған  жол  апатына  байланысты  тергеу жұмыстарының  нәтижесі  баяндалды.


Айта кетейік, осы жылдың 2-ші шілдесі күні кешкі сағат 19.00 шамасында аталмыш жол бойының 77-ші шақырымында жолаушы тасымалдайтын екі «Фольксваген Шаран» автокөлігі бетпе-бет соқтығысып, апат салдарынан 4 адам көз жұмып, 9 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен болатын.

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте БҚО ІІД Анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Максим Сиықов орын алған апатты жайтқа орай жүргізілген тергеудің мән-жайына тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, жүргізілген сот-медициналық сараптамасының нәтижесі екі автокөлікті тізгіндеген жүргізушілердің спирттік ішімдік ішпегендігін анықтаған. Сонымен қатар қарсы жолаққа шығып, апаттың орын алуына себепші болған көліктен  еш  ақау  табылмаған.

Тексеріс нәтижесі оқиға орын алған жол бөлігінде шоқалақтың болмағандығын да анықтады. Бұл жерде бір ғана себеп тас жол бойындағы жылдамдықты сақтамау болып отыр. Сондай-ақ апат болған жерде көз жұмған көлік жүргізушісі жолаушылар тасымалымен айналысатын «Экипаж Батыс» ЖШС мекемесіне тіркелмегендігі белгілі болды. Апатқа кінәлі деп танылған адамның оқиға орнында мерт болуына орай қылмыстық іс тоқтатылды. Дегенмен, жол апатынан зардап шеккен жандар мен олардың туыстары келтірілген моральдық және материалдық шығынды өндіру мақсатында сотқа шағымдануға құқылы, – деді Максим Кимұлы.

Баспасөз мәслихатында сөз алған БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншин соңғы жылдардағы жол апатына қатысты бірқатар деректерге тоқталып өтті.

– Соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдарымен жол патрульдік полициясы қызметкерлерінің бірлесіп өткізілген бірқатар шаралардың нәтижесінде жол көлік оқиғаларымен олардың ауыр салдарының алдын алуы ретке келтірілді. Осы жылдың алты айы ішінде республикалық маңызы бар жолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,7, облыстық жолдарда 63,6 пайызға төмендегені байқалады. Жол апатынан көз жұмғандардың саны республикалық жолдарда 59,1, жарақат алғандар саны 9,7 пайызға азайған. Ал облыстық деңгейдегі жолдарда мерт болғандар 50,0 пайызға, түрлі жарақат алғандар саны 43,7 пайызға төмендеген. Соңғы бес жылдық деректерге сүйенсек, біздің аймақ бойынша қоғамдық көліктің қақтығысуымен болған 101 жол көлік оқиғасы тіркелген. Олардың салдарынан 24 адам мерт болып, 165 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Соңғы жылдары республикалық маңызы бар жолдарда орын алған 9 жол-көлік оқиғасының барлығы Фольксваген Шаран автокөлігінің қатысуымен болған. Соның салдарынан 9 адам мерт болып, 13 адам жарақат алған. Атап айтқанда,  Орал-Атырау тас жолында – 4, Подстепное-Федоровка-РФ шекарасында – 3, Самара-Шымкент тасжолында – екі жол апаты орын алған. Ағымдағы жылы болған бір жол көлік оқиғасынан 4 адам көз жұмып, 10 адам жарақат алған. Жол бойындағы апаттардың басты себебі жылдамдықты шектен тыс өсіру, басып озу және жолдың қарама-қарсы жағына шығуы салдарынан болып отыр, – дейді Жанболат  Жасқайратұлы.  Сонымен қатар брифингке қатысқан БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Құспаев «Уральская неделя» басылымының журналисі Лұқпан Ахмедияровтың 21 шілде күні фейсбуктегі жеке парақшасына жазған мәлімдемесіне қатысты  түсінік  берді.

Кенжебек Құспаевтың айтуынша, сол күні Лұқпан Сайлауұлы қаладағы «Сити орталығы» сауда үйіндегі «Синема Парк» кинотеатрында өзінің жас әріптестерімен бірге спирттік ішімдік ішті деген айыппен, автоматпен қаруланған полиция қызметкерлеріне ұсталғандығын жариялаған.

– Жүргізілген тексеріс барысында 21 шілде күні түнгі сағат 23.00 шамасында ІІД 102 операторына алтыншы кинозалының соңғы қатарында белгісіз біреулердің спирттік ішімдік ішіп отырғандығы туралы жасырын қоңырау шалынғандығы анықталып, тіркеуге алынған. Оқиға орнына келген «Сова» түнгі іздестіру тобының қызметкерлері 1975 жылдың 23 желтоқсанында туылған, «Уральская неделя» басылымының журналисі Лұқпан Сайлауұлы Ахмедияровты және өзі ұйымдастырған «Журналистер курсының» тыңдаушыларымен алтыншы залдың соңғы қатарында отырғандығы анықталған. Аталған адамдарға тексеріс жүргізген кезде олардан біреуі толық, екіншісі ішілген екі шөлмек «Виски» ішімдігі мен стакан табылған. Аталған жайтты анықтау мақсатында ұсталғандар арнайы тексеру орнына жеткізілген. Ол жерде ұсталғандардың екеуі өз еркімен тексеруден өткен. Екеуінің де спирттік ішімдік ішпегені анықталған. Ал Л. Ахмедияров пен қалған тәртіп бұзушылар тексерістен өтуден мүлдем бас тартқан. Аталған адамдарды жауаптау кезінде 21 шілде сағат 22.30 шамасында, кино басталмас бұрын Л. Ахмедияров «Сити орталығы» сауда үйінің ішінен екі шөлмек «Виски» ішімдігін сатып алып, қалташаға салынған күйі кинозалға кіргізгендігі анықталды. Орындарына жайғасқан соң қасындағы Д. Зайкин есімді азаматпен бір шөлмекті іше бастаған. Орын алған жайтқа байланысты 22 шілде күні жауапталған азамат Д. Зайкин кинотеатрда болғанын және досы Л. Ахмедияровпен бірге ішімдік ішкенін толық мойындады. Д. Зайкин «Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргендігі үшін» әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 24 шілде күні азамат Л. Ахмедияров та әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5672,6 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Л. Ахмедияров аталған айыппұлды сол бойда төлеп, өз кінәсін толық мойындады. Қоғамдағы әділдік үшін күресіп, халық алдында беделге ие болып жүрген азамат Л. Ахмедияровтың бұл қылығы өзімен бірге жүрген шәкірттерінің және жас ұрпақтың тәрбиесіне кері әсер етері сөзсіз деп санаймын, – деді Кенжебек Сүйеужанұлы.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


6,9 млрд. теңгенің алты жобасы жүзеге асырылмақ

Күні: , 48 рет оқылды

IMG-20170801-WA0002


Сейсенбіде  Батыс  Қазақстан өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  «Аймақтағы  шағын  және орта кәсіпкерлікті  мемлекеттік  қолдау  шаралары» тақырыбында  кезекті  баспасөз  мәслихаты  өтті.


Брифингке облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры»  АҚ аймақтық филиалының директоры Ербол Иденов қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған Б. Ибраимов өңіріміздегі кәсіпкерліктің даму барысы жөнінде баяндады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда өңірімізде 48 мыңға жуық кәсіпкерлік нысандары тіркелсе, соның 37 мың 800-і белсенді жұмыс істеп тұр. Экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі шағын және орта кәсіпкерлікте қызмет етеді. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында кәсіпкерлік нысандары 312 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Кәсіпкерлікті жанжақты дамытуды көздеген «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғалы облыста несие және инфрақұрылым жеткізу түріндегі 713 жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, оның жалпы сомасы 85,6 млрд. теңгені құрады.

– Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 1,6 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 1,4 млрд. теңге, кепілдеме беруге – 94 млн. теңге, гранттық қаржыландыруға – 47 млн. теңге қарастырылды.

Биыл жыл басынан бері БҚО Үйлестіру кеңесінің 17 отырысы өтіп, онда екінші деңгейлі банктер берген несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жалпы құны 9 млрд. теңгені құрайтын 79 жоба мақұлданды. Бүгінгі таңда өз ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер арасында қайтарымсыз гранттық қаржыландыру үлкен сұранысқа ие. Мысалы, ағымдағы жылы 19 кәсіпкер жалпы құны 47 млн. теңгені құрайтын грантқа қол жеткізді (соның ішінде 14 кәсіпкер ауылдан).

Индустрияландыру картасы аясында II бесжылдықта (2015-2019 ж. ж.) жалпы құны 83,4 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылуда, нәтижесінде 1224 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ. 2015-2016 жылдары жалпы құны 72,7 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 1800 жұмыс орны, соның ішінде 595 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде құны 6,9 млрд. теңге болатын алты жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы жобалар жүзеге асқан жағдайда 558 жұмыс орны, соның ішінде 416 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобалар жөнінде таратып айтар болсақ, олар электр қалқандары жабдығы өндірісін ұйымдастыру бойынша – («ОралЭлектрик» ЖШС), Макаров кірпіш зауытының құрылысы, асфальт-бетон зауытының құрылысы («Бірлік» ЖШС), құрғақ тағам өндіру цехы («Казкон» кондитерлік фабрикасы), жылына 6000 тонна құс етін өндіретін фабрика («Жайык Агро ЛТД» ЖШС) және макарон өндіру фабрикасының құрылысы («Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ).  Қазіргі таңда электр қалқандары жабдығы өндірісін ұйымдастыру («ОралЭлектрик» ЖШС) және Макаров кірпіш зауытының құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Картадан тыс жалпы құны 9,1 млрд. теңге болатын алты жоба қолға алынды. Олар есік-терезе өндірісі («СтеклоСервис» ЖШС), Сэндвич-панель өндірісі («Агран» ЖШС),   Асфальт зауытының құрылысы («АдалАрна» ЖШС), Аяқ-киім тігу фабрикасы («Асар» ЖШС), БАСК құрылыс көлік-логистикалық орталығы («Еуразиан Логистик» ЖШС) және мал өнімін өңдеу цехы құрылысы («Кублей» ЖШС). Бұл жобалар ағымдағы жылы іске қосылады деп жоспарлануда, нәтижесінде 550 жұмыс орны ашылмақ.  Бұдан басқа алдағы уақытта, дәлірек айтсақ, 2018-2019 жылдары 491 жұмыс орны, соның ішінде 213 тұрақты жұмыс орны бар жалпы құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын төрт жоба іске асырылады деп күтілуде. Олар Керамикалық кірпіш зауыты («134» ЖШС), химиялық өндірістік база құрылысы («Топан» ЖШС), БҚО-да минералды ұнтақ, сұйық натрийлі шыны және пеношыны өндірісі зауытының құрылысы («Foamsil» ЖШС) және  шағын катерлер өндірісін жаңғырту және ұлғайту («НИИ «Гидроприбор» АҚ).

Үстіміздегі жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру тәжірибесін одан әрі қарай жалғастыру көзделуде. Ол үшін облыстық бюджет пен аталмыш қордың әрқайсысынан 300 млн. теңгеден қаражат қарастырылады. Сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қаржыландыру үшін 700 млн. теңгеден қаржы бөлмек, – деген Бақдәулет Ибраимов мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы арқылы сегіз жоба қолға алынғанын да қаперге салды. Оның сөзінше, мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы бойынша қазіргі таңда төрт балабақша, бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Сондай-ақ биыл Орал қаласындағы №7 емхана мен  №8 орта мектептің асханасын сенімгерлік басқаруға беру  мәселесі  шешілмек.

Өз кезегінде сөз алған Ербол Иденов халыққа шағын несие беру мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қалалық жерлерде осы мақсатқа 294,7 млн. теңге және кепілдеме беруге 36 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарлануда. Өткен 2016 жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында субсидиялау бойынша жалпы құны 20,4 млрд. теңге құраған 111 келісімшарт жасалған. Биылғы жылдың алғашқы алты айында жалпы несие портфелі 8 млрд. 123,7 млн. теңге болатын 69 жоба бойынша сусбсидиялау келісмшартына қол қойылған. Жалпы, бағдарлама басталғалы бері несие портфелі 86,7 млрд. теңге болатын  603  жоба  мақұлданды.

«Екінші деңгейлі банктерден несие алу барысында кепілдеме жетіспесе, кәсіпкер субсидиялау бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдемесін ала алады.

Яғни, жұмыс істеп отырған кәсіпкердің банкке қойған кепілдемесінің құнынан екі есе артық мөлшерде несие алуына мүмкіндігі бар. Шаруасын енді бастаған кәсіпкерге, біздің қорымыз алатын несиесінің 85 пайызы көлемінде кепілдеме береді. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында жалпы құны 490,8 млн. теңге құрайтын 24 кепілдеме бердік», – деді Ербол Иденов өз сөзінде.

Баяндамашылардың мәлімдеуінше, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржысыз қолдау шаралары да табысты іске асырылуда. Мысалы, «Назарбаев Университеті» бизнестің жоғары мектебі (Астана қаласы) базасында қолға алынған «Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту» жобасы шетелдік оқыту орталықтарын қатыстыру арқылы білім беруді көздейді. Оқыту тегін. Жоба басталған уақыттан бері облыстың 64 кәсіпкері осы жерде оқыды. Шалғай аудандардағы кәсіпкерлерге ақпараттық және кеңес беру бағытында 2013 жылдан бері кәсіпкерлерді мобильді қолдау орталығы жұмыс істеп, арнайы жабдықталған автобус  жүруде.

Қор 2016 жылдан бастап халықтың кәсіпкерлік салаға ынтасын оятуға, қабілетін қалыптастыруға қажетті Стартап жобаларды қолдауға бағытталған «Жаңа бизнесті ашуға қолдау» жобасын қолға алды. Былтыр аталмыш жоба аясында 86 кәсіпкер оқудан өтсе, биыл жылдың алғашқы алты айында 43 кәсіпкер оқыды, олардың 17-сі Стартап жобасы арқылы  біліктіліктерін  арттырды.

Өткен жылы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы жеке ісін бастаған тұрғындарға 4 мыңнан аса көмек-кеңес берілсе, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында ақыл-кеңес түріндегі  қызмет  саны 2734-ке жетті.

Жиын соңында сала мамандары журналистер тарапынан қойылған  сұрақтарға  жауап  берді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Күні бүгінге дейін «ЭКСПО – 2017» көрмесін 30 мыңнан астам батысқазақстандық тамашалап үлгерді

Күні: , 43 рет оқылды

IMG_2332


Бұл  жайында  Батыс  Қазақстан  облысы  әкімінің бірінші орынбасары  Арман Өтеғұлов  Қазақстанның Орталық коммуникациялар  қызметі  ұйымдастырған  брифинг барысында  мәлімдеді.


Облыстың  мәдениет  күндері  аясында  Елордада өтетін іс-шараларды баяндаған Арман  Кәрімұлы  өңірге  қатысты инвестициялық  жобалар  жөнінде  де  айтты.  Оның  мәліметінше, 2017 жылдың  1  жартыжылдығы  бойынша  аймақтық  өндірістің жалпы  өнім көлемі  468,1 млрд.  теңгені  құрады. Бұл  2016  жылғы көрсеткіштен  2%-ға артық. Ауыл  шаруашылығы  өнімінің жалпы көлемі  39,6 млрд.  теңгеге  жетті.

Ақжайық ауданында орналасқан «Батыс Марқа Ламб» ЖШС  Ирандағы  ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасады. Соның негізінде алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна қозы етін экспорттау жоспарлануда. Жергілікті компания етті аптасына үш  рет жөнелтуге дайын. Өнімінің басым бөлігін халықаралық нарыққа өткізуі тиіс «Батыс Марқа Ламб» бүгінде етті тұрақты түрде Ресейге жөнелтуде.  Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен ұзақ мерзімдік келісімшарттар жүргізілді. Мамандардың айтуынша, күздің алғашқы айларында компания аталған елге ет экспорттауды бастауы ықтимал. Аумағы 5 гектар әрі  толығымен автоматтандырылған өндірістік кешен өнімі сапасының жоғарылығына, етті өңдеп, сақтаудағы артықшылықтарына шетелдіктер қызығушылық танытуда.

Еуразиялық экономикалық одақ  (ЕЭО)  елдерімен облыстың сыртқы сауда айналымы 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 2 339,8 млн. АҚШ долларын құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,8%-ға көбейді.

– “Дженерал  Финланд” компаниясы мен оралдық «Стеклосервис» ЖШС бірлесіп,  фин технологиясымен құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлауда. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында “Ақылды қала” жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша жеке меншік-мемлекеттік серіктестік аясында “Сергек” компаниясы қала көшелері мен көп қабатты үй аулаларына, әлеуметтік нысандарға 200 және қалалық бюджет есебінен 100 видеокамера орнатуда. Финляндия, Ресей, Франция, Австрия ивесторлары және отандық компаниялар бірлесіп құрылыс саласында 3D-жобалау қолға алынған, – деді Арман Өтеғұлов. Ол облыстағы Теректі ауданында индустриалдық аймақ жасақтау үшін 281 га жер телімі берілгенін айтты. «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жасаған аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік  сараптамадан өтті.

Брифингте Арман Кәрімұлы халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесінің қонақтары және өзге облыс тұрғындары үшін Шалқар көлі мен Бөкей ордасы ауданына және мұражайларға жеткізетін туристік және экскурсиялық  жол-бағдарлар дайындалғанын хабарлады. Келушілер өңірдегі туристік нысандар мен көрікті орындар туралы  барлық  ақпаратты www.visit-west.kz сайтынан оқи алады.

Біздің өңірде 14 туризм және экология орталығы бар. Облыстағы балалар-жасөспірімдер туризмінің даму деңгейі республика бойынша алғашқы орында. Биыл аталған бағытта қызмет ететін облыстық орталыққа ЮНЕСКО клубының мәртебесі берілген. Былтыр өңірдегі туристік базалар 86 868 адамға жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгенің қызметін көрсеткен. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 48%-ға артық. Қазіргі кезде «ҚПО б.в» компаниясымен «Орал» халықаралық әуежайын жөндеу, «Еlim» әлеуметтік жобасы негізінде қалада ойын алаңдарын жөндеу, италяндық «Tuvia» компаниясымен заманауи қонақүй кешенін салу бағытында келіссөздер жүргізілуде. Жайық өзенінің экологиялық ахуалын түзеу мақсатында Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасында кездесу және экспедиция ұйымдастырылды.

Арман Өтеғұлов облыста “Саят” этнотуристік орталығы ашылатынын да хабарлады.

Атап өтерлігі, 31 шілде мен 4 тамыз аралығында Астанада өтетін облыстың мәдениет күндері аясында іс-шараларға шығармашылық ұжым құрамында болатын 600-ге тарта  адам  қатысады.

IMG_2372“Казахстанская  правда” республикалық   газеті:

– Батыс Қазақстан облысында шілде айында бұршақ жауғанын білеміз. Оның салдарын жоюға қандай шаралар алынды? Облыстағы биылғы егін шығымы көңіл  көншіте ме?

Арман  ӨТЕҒҰЛОВ,  облыс әкімінің  бірінші  орынбасары:

– Шілденің 11-і күні Зеленов ауданында бұршақ аралас жаңбыр жауды. Соған байланысты арнайы комиссия құрылды.  Дегенмен  табиғаттың  бұл  тосын  құбылысының  тұрғындарға  айтарлықтай зардабы тиген  жоқ. Кейбір жеке бау-бақша иелеріне өтемақы берілді. Қазіргі уақытта күздік бидайды гектарына 23 центнерден жинаудамыз. Былтыр гектарына 27 центнерден өнім алғанбыз. Есесіне, күздік бидай алқабы былтыр 46 мың гектар болса, биыл 72 мың гектарды құрайды. Сондықтан егін шығымы өте мол болады  деп  күтілуде.

Қазақсанның  орталық  коммуникациялар  қызметі:

– Облыстағы спорттың  дамуы жайында айтсаңыз?

– Жергілікті спортшылар соңғы жылдары 339 түрлі деңгейдегі  жарысқа қатысып, биік  белестерден  көрінді,  оның ішінде біздің  өңір спортшыларының  116-сы – алтын, 101-і — күміс, 122-сі қола медальға қол жеткізді. Облыс тұрғындары арасында спортпен тұрақты айналысатындардың саны 171 мыңға жетті. Бұл — өңір жұртшылығының 27 пайызы. Аудандарда спорт кешендері мен шағын спорт алаңдары салынуда. Сол арқылы бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінуде.

“Қазақпарат”  халықаралық ақпараттық  агенттігі:

– Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде айтсаңыз. Өткен жылы Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округі әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар   балалардың  осындағы мектепте -8 градус салқындықта сабақ оқығанын айтып, шағымданған болатын. Бұл мәселенің оң шешімі  табылды  ма?

– Биыл 35 елді мекенге көгілдір отын құбыры тартылуда. Әлеуметтік нысандарға, оның ішінде, мектептерге табиғи газ жеткізіледі. “Ақбұлақ” бағдарламасы аясында 54 елді мекенді ауыз сумен қамтимыз.  Қазіргі   кезде  қарқынды  жүріп  жатқан  жұмыстардың  нәтижесінде  биыл  күзге  салым біздің облыс тұрғындарының 97,3 пайызы көгілдір отынмен  қамтылмақ. Сондықтан биыл қысқы маусымға толық дайын боламыз. Чапаев ауылындағы білім ошағына қатысты мәселе де осылай оңынан шешілері анық.

Дайындаған  Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Астана  қаласы,

«Орал өңірі»


Ломбардпен «доссыз» ба?

Күні: , 32 рет оқылды

bc706f84066c9c3c200f13a2ca6f0fba


Аяқ астынан ақшадан қысылсаңыз, бірден «Кімнен қарыз алсам екен?» деген ойға берілеріңіз кәміл. Алайда сол сәтте жат түгілі, ет жақын ағайының да сұраған ақшаңды қолыңа ұстата салуы екіталай. Сондай кезде  мекенжайыңды, тіркеу кітапшаңды, табысыңды, туғандарыңның нөмірін  қазбалап тексеретін банктерден гөрі, алтын әшекей сықылды құнды заттарды кепілге қойып,  бір құжатпен 10 минутта мәселені шеше салатын ломбардтар тығырықтан шығар жолдай көрінеді…


Ломбард  деген не?

Ломбард – жеке тұлғалардың  жылжымалы мүлігін, әшекей бұйымдарын, құнды қағаздарын  кепілге алып, қысқа мерзімге қарыз беретін мекеме. Мұнда мүлік иесі тапсырған затын келісімшартта көрсетілген уақыт ішінде үстемеақы төлеп, қайта сатып алуға құқылы. Егер белгіленген уақыт ішінде сатып алмаған болса, ол зат сатылымға түседі. Ломбард қызметкерлерінің кепілге салынған заттарды пайдалануға, иеленуге құқы жоқ.  Бұл қызмет түрін сонау XV ғасырда Францияға Ломбардиядан (Солтүстік Италия) келген италиялық көпестер енгізген. Содан бері әлемнің қай елінде де сұранысы жоғары кәсіп түріне айналды. Әсіресе, АҚШ, Жапония, Австралия және Еуропа елдерінде ломбардтық мекемелердің қызметі тұрақты сұранысқа ие. Ғаламтордағы  PosiTime  сайтына сүйенсек, АҚШ-та 16000-нан астам ломбард жұмыс жасайды екен. Мұнда  ломбардтарға лицензия беретін Ұлттық Ломбард ассоциациясы (National Pawnshop Association)  алғаш 1988 жылы құрылған. Ал Францияда 40-тан астам ломбард секілді несие беретін ұйымдар жұмыс (антиквариат заттарды, швейцар сағаттарын, алтын бұйымдарды арнайы қабылдайтын) жасайды. Олардың жылдық табысы 75 млн. долларды құрайды. Сондай-ақ бұл жерде  ломбардтардың  қызмет сапасын, үстеме пайыздарын реттеп отыратын арнайы кеңес  беру орталығы  ашылған. Бельгияда ломбардтар мемлекетке жылына 50 млн. кіріс кіргізеді екен.

Ал Германияда  аталмыш қаржы ұйымдарының дамығаны соншалық, 50 мың тұрғыны бар шағын ауылдарында да «кепілге несие» беретін  жеке кәсіпкерлер үлкен сұранысқа ие. Ғаламтор деректеріне сүйенсек, экономикасы дамыған алпауыт елдерде  ломбардтар  жұмысы  үлкен  бәсекелестікке ие болса да, олардың саны жылдан-жылға  артып келеді.

Алтынның  1 грамы 10 000  теңгеден…

Орал шаһарында «№1 автоломбард», «М-Ломбард», «Р-финанс ломбард», «Сейф-ломбард», «МС ломбард», «Астра ломбард», «Алтын ломбард» секілді мекемелер бар. Мақаланы дайындау барысында солардың бірнешеуіне бас сұқтық. Барлығының да жұмыс істеу мәнері бір сарындас. 999 сынамадағы алтынның әр грамын – 10 000-12 900 теңгеден, 750 сынаманы – 8000-9700 теңгеден, 585 сынаманы 6500-7500 теңгеден алады.

Тұрмыстық сұранысқа орай орталық базардың маңындағы ломбардтардың саны да жыл сайын  артып келеді. Онда алтын әшекейлерін ломбардқа  өткізіп, жалақыдан жалақыға жеткенше амалдайтын тұрғындардың да қатары көбейген. Орталық базар аялдамасындағы «М-Ломбардқа» бас сұғып, кезек күтушілердің қасына жайғастық. Жанымызға зейнет жасына келген ақ жаулықты ана келді. Ол құдағайы сыйға тартқан алтын алқасы мен гауһар тасты  жүзігін тапсырмақшы екен.

— Екі бөлмелі пәтерде тұрамын.  Өткен айда тұрмыстағы  қызым  несиелерін өтей алмай, менен қарызға ақша сұраған еді. Шыдай алмай, қолымдағы барымды бердім. Енді, міне, келесі айға дейін ломбардқа алтын бұйымдарымды өткізіп, ақша алмақпын. Бұл да қиналғанда демеу ғой. Қазір кім қарыз береді, шырағым-ау, — деді налып. Сол сол-ақ екен жасы отыздар шамасындағы ер адам ақжаулықты ананың сөзін қоштап ала  кетті.

— Менің ойымша, негізі ломбард, несие-кредит дегендерге адам жоламаған дұрыс. Бірақ өзім қаражаттан тарыққан кезде, амал жоқ, келіп тұрамын. Осыдан біраз уақыт бұрын қаланың шетіндегі  бір ломбардқа неке жүзігімді, келіншегімнің бар алтынын  тапсырып, 120 мың теңге алған едік.  Уақтылы төлеуге мүмкіндігіміз болмай, пайызын айына 12 мың теңгеден төлеп тұрдық. Қысқасы, бір айымыз жеті  айға созылып, 120 мың теңгені 190 мың етіп төлеп, әрең құтылдық. Бүгін кешке досымның тойы бар еді. Ақша керек болып, жұбайымның гауһартасты жүзігін тағы  алып келген бетім. Өкінішке орай, көп ломбардта алтын жүзіктің гауһар көзі есептелмейді екен. Тек алтынның салмағын тексеріп, қолыма небәрі 20 мың теңге берді, — деді  Ерасыл есімді Оралдың тұрғыны. Ал Динара есімді бойжеткен наурыз айында ломбардқа тапсырған алтын жүзігін кері ала алмаған екен.

— М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студентімін. Наурыз айында қаржыдан қысылып, Достық даңғылы бойындағы ломбардқа бардым. Ол кезде жасым 18-ге толмаған  еді. Содан ондағы менеджер апай жеке куәлігімді қарап,  кәмелеттік жасқа толғанда ғана алтын сақинамды қабылдап, ақша беретінін айтты. Сол сәтте ойыма жатақханадағы құрбым түсті. Ол бізден жоғары курста оқитын еді. Содан мен алтын сақинамды оның куәлігі арқылы  тапсырып, қажетті қаржыны алдым. Күндердің бір  күні жатақханада сол құрбыммен болмашы нәрсеге бола ренжісіп қалдым. Содан менің ломбардпен жасасқан келісімшарттың уақыты келгенде, ол жеке куәлігін бермей қалды. Осылайша алтын жүзігім сатылып кетті, — деді Динара есімді кейіпкеріміз.

Алмагүл есімді қала тұрғыны болса, алтын бұйым өткізіп, несие алу тығырықтан шығар  жол еместігіне көз жетізген.

— Ұлым үйленерде қаладағы ломбардтардың біріне алтын өткізгенмін. Алайда алған кезде өзім өткізген сақина бастапқы салмағымен салыстырғанда айтарлықтай азайып, қаңылтыр болып қалды. Бұл туралы ломбардта жұмыс жасайтын менеджер қыздардан сұрасам, олар «Сіз алтын өткізгенде, басқа қыз жұмыс істеген. Қазір ол қыз жұмыстан шығып кетті. Біз бұл туралы ештеңе айта алмаймыз», — деді. Содан кейін де бірнеше мәрте сол ломбардқа барып сұрастырсам да, көңіл толатындай мардымды жауап ала алмадым. Осы оқиғадан кейін ломбардқа алтын өткізгім келмейді, — деді Алмагүл Алтынбекқызы.

«Қаржылық  сауаттылықты  үйренуіміз  керек»

Әңгімемізге арқау болып отырған мәселеге орай, қаржылық ұйымдарда қызмет атқарған экономист-қаржыгер Мәулен Неғметовтің пікірін білген едік.

— Жалпы, ел-жұрт банкке, ломбардқа  қаржыдан қысылған кезде  бас сұғады.  Осы орайда екінші деңгейлі банктердей емес, ломбардта басы артық құжат тексермейді. Алтын бұйымдарыңызды, қала берді, көлігіңізді кепілге алып, ақша ұсынады. Бұл – ақшадан қысылған адамға таптырмас мүмкіндік. Алайда  ломбардта пайыздық үстеме жоғары. Жалпы, алтынның нарықтағы бағасы күн сайын өзгеріп отыратыны мәлім. Оған мұнай бағасының көтерілуі не құлдырауы, әлемдік сауда қатынастары әсер етеді. Сондай-ақ алтын өндіруші компания алтынды мол шығарса, онда алтынның бағасы арзандайды. Ломбард иелері де заңға сәйкес мемлекетке салығын төлеп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Жеке басыма келер болсам, кейде жалақы уақытында аударылмай, кешіккен сәтте ломбардқа жүгінген кездерім болды. Ломбард — шетелде тәжірибеден өткен бизнес көзі. Тұрғындардың көбі ломбардқа салған алтындарын келісімшарт мерзімі келгенде ала алмай, жаңа мерзімге ұзарта береді. Содан алтын бұйымын  тапсырғанда алған қаржысынан еке есе көп ақша төлеп, сатып алып жатады.  Ал кейбіреуі айдан-айға ұзартып жүріп, соңында ала алмай қалады. Ломбардта кепілге қойған затыңызды өзінің бағасынан анағұрлым кем бағалайтынын білген жөн. Мәселен, сіз 80 мың теңгеге алған алтын бұйымыңызды ломбард небәрі 3540 мың теңгеге бағалайды. Менің ойымша, жалпы қарыз алудан аулақ болу үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Көбіміз ақшаны сақтауды, шығындарымызды жоспарлауды білмейміз.

Жалақы алса, маңызы жоқ дүниелерді сатып алады.  Балабақшадағы балаға жол жүру ережесін өмірі үшін маңызды деп үйретсе, оларға солай қаржылық сауаттылықты, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлап, оны соған сай орындауды  ұғындыруымыз керек. Кез келген отбасы мүшелері кірісі мен шығынын  есептеп жүрген жөн.  Кемінде жалақының 10%-ын алдағы күннің қорына жинап қою керек. Қазіргі уақытта несие алып, дабыралатып той жасап, кейін қаржылық қиындықтан ажырасып кеткен отбасылар да бар. Сондықтан қарыз алуды емес, табысымызды жоспарлы жаратуды үйренуіміз керек, —  дейді Мәулен Мейрамұлы.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”


Қылмыскерлер құрықталмақ

Күні: , 27 рет оқылды

SAM_5318


Сейсенбіде Орал қалалық ІІБ-ның №9 учаскелік полиция пунктінде «Өзіңнен баста» жобасы  негізінде «Ашық есік» күні бастау алды.


Облыстық прокуратура мен Орал қалалық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен қолға алынған акцияға орай  жергілікті тұрғындар  кез келген уақытта учаскелік полиция пунктіне келіп, арыз-шағымдар мен өтініштерін айтып не ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.

— Ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында облыстық прокуратура мен қалалық ІІД екі жақты ынтымақтықты орнату үшін меморандумға  қол қойған еді.

«Өзіңнен баста» жобасы сол меморандумның жемісі. «Ашық есік» күнін экспериментальды түрде №9 учаскелік полиция пунктінде өткізуімізге осы шағынаудандағы ұсақ құқықбұзушылық пен қылмыстың көп болатындығы себеп болып отыр. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша бұл аумаққа 10 бейнебақылау  камерасы орналастырылды. Оларды  №9 учаскелік полиция пунктінің қоғамдық көмекшілері мен халықты еңбекпен қамту орталығы арқылы келген консьерждар бақылайды. Қылмыстық оқиға орын алған жағдайда бірден учаскелік полиция пунктіне хабарлама береді.

Содан соң  учаскелік полиция пунктінің инспекторлары оқиға орнына барып, әкімшілік хаттама толтырады. Қылмыстық оқиға орын алған жағдайда полиция қызметкерлері сол мезеттегі күдікті адамдарды тергеп тексеру үшін бейнебақылаудың көмегіне жүгінеді, — дейді қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Ақтоты Қалимоллақызы.

Айта кетсек, Жөндеу зауыты шағынауданын 21 325 тұрғын мекендейді. Қылмыстық оқиғаларды болдырмау үшін «Өзіңнен баста» жоба негізінде ұйымдастырылған шаралар туралы тұрғындарға қалалық ІІД-ның жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Данияр Ракишев түсінік берді.

— Жөндеу зауыты, Ет комбинаты шағынаудандары — қылмыстық құқықбұзушылықтың жиі орын алатын аймақтары.

Ағымдағы жылы осы учаскелік пунктке 700 әкімшілік құқықбұзушылық және 50-ден астам мүлдем төзбеушілік туралы арыз-шағымдар келіп түсті. Қаланың тазалығын сақтау, белгіленбеген жерге қоқыс қалдықтарын тастамау туралы 200-ден астам жазбаша хабарламалар, бүктемелер үйлестірілді. Бұл орайда бізге қоғамдық қызметкерлер, еріктілер көмектесіп тұрады. Қала бойынша жалпы 246 бейнебақылау камера болса, әр шағынауданда 10 камерадан орнатылған. Қылмыстың алдын алу мен оны әшкерелеуде бейнебақылау камералардың тигізер пайдасызор, — деді полиция майоры Данияр Асқарұлы.

Журналистерді ақпараттандырған соң полиция инспекторлары тұрғындарға қылмыстың алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бүктемелер  үйлестірді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика