Мұрағат: 29.07.2017


Құрметті «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы және оқырман қауым!

Күні: , 45 рет оқылды

ж п оара


Ақ Жайық өңірінің айнасы — «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газеті үшін биыл ерекше мерейлі жыл. Облыстың аға басылымына бір ғасыр!


Осыдан жүз жыл бұрын, заманның алмағайып кезеңінде дүниеге келген «Ұран» газетін шығарушылардың мақсат-мүддесі – ел болудың қамы, қазақ баласын қараңғы қоғамнан ел қатарына қосу болатын. Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен өңіріміздегі ең байырғы басылымның мерейтойы қатар келуі тектен тек емес. Міне, біз бүгін сол Алаш арыстары армандаған тәуелсіздікке жетіп, егемен елдің еркін азаматтары атанып отырмыз.

Ақпарат ағыны үстемдік етіп тұрған бүгінгі қоғамды БАҚ-сыз елестету мүмкін емес. Соның ішінде өңіріміздің айнымас рухани темірқазығына айналған «Орал өңірі» газетінің алатын орны ерекше. Ғасырлық тарихы бар басылым осы жылдар ішінде Жайық жұрты мен тұтас қазақ елінің игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдық пікір мен оқырман көзқарасын қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосты.

Әр жылдарда басылымға басшылық жасаған қазақ журналистикасының майталмандары газет тарихында өзіндік ізін қалдырса, бүгінгі ұйымшыл кәсіби деңгейі  жоғары ұжым талғамы биік оқырман сұранысын қанағаттандырып, сапалы дүниелерімен сусындатып келеді.

«Орал өңірі» — билік пен бұқара халықтың арасындағы алтын көпір. Елдің мүддесін, қоғамның қажеттілігін жеткізіп, маңызды мәселелерді дер кезінде көтере білетін қаламы қарымды тілшілер ұжымы бар абыройлы басылым.

Газеттің тойы – елдің тойы. Облыстың бас басылымында қызмет істеген ардагерлер мен редакцияның қазіргі құрамын, талғамы биік оқырман қауымды газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, еліміздің егемендігін нығайту бағытындағы әр бастамаңыз лайым сәтті болғай! Қаламдарыңыз мұқалмасын!

 Баршаңызға амандық-саулық пен жемісті еңбек,    шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін!

Ізгі тілекпен,  Батыс Қазақстан облысының әкімі А. КӨЛГІНОВ


Армандар орындалады

Күні: , 490 рет оқылды

гулжамал


Журналист  болуды  бала кезімнен армандадым.  Оған  себепкер  болған  сол  кездегі  балалар мен жасөспірімдердің  сүйікті  басылымы болған  «Ұлан»  газеті еді. «Ұлан» газетіне тырнақалды шимайларымды жиі жазып жіберетінмін. Ал сонау Алматыдан сол кездегі Орал  облысының Қаратөбе ауданына қарасты  Шөптікөл кеңшарының  №2  бөлімшесіне «Құрметті Гүлжамал!» деп басталып, мені іздеп келетін хаттар бала көңілімді көкке көтеретін. Біздің әр шимай-шатпағымызға жауап беретін, сол кездегі талай балалардың балалық арман-тілектерінің үмітін үрлеген «Ұлан» газетінің мен үшін маңызы зор.  Хат келген күні немесе «Ұлан» газетіне кішкентай туындыларым жарық көргенде,  марқұм әжем көрші әжелерге «Қызымның алғашқы қадамы ғой» деп тәтті шай беретін еді. Алайда оқу бітіретін жылдарымыз қиын кездермен тұспа-тұс келіп,  өзім армандаған оқу орнына түсе алмадым. Маңдайыма жазылғаны мұғалім болу шығар деп шәкірт тәрбиесіне шын ниетіммен  атсалысуға тырыстым.


Балалар әлемі – ерекше әлем. Олармен жұмыс жасай жүріп, кейбір әсерлі сәттерді қағазға түсіріп жүретінмін. Бірде «Мұғалім күнделігінен» атты шағын мақаламды өзімнің сүйікті газетім «Орал өңіріне» жібердім. Кейіннен газеттің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің  шақыруымен  облыстық  басылымға  қызметке  орналастым.  Осылайша  отыз  жасқа  жақындағанымда, бала кезгі арманым  аяқ  астынан  орындалды.  Сондықтан шынайы армандардың  түптің  түбінде  орындалатынына  әр адам сенуі тиіс.  Ең  алғаш Қазбек Құттымұратұлы жетекшілік ететін бөлімге түстім. Ол кісі өзінің «Егіз есім» атты жобасын ұсынып, менің жұмысты әрі қарай  алып кетуіме ықпал жасады. Сол кезде  (2007 жылдары) компьютерден терім жасауды да білмейтінмін. Бірақ үстелімнің алдында толып кеткен хаттар мен тапсырмаларды тезірек орындау үшін екі күннің ішінде терімді  тез теретін жағдайға жеттім. Содан бері балалар психологиясы, мұғалімдердің еңбегі мен мәселелері,  отбасылық құндылықтарды дәріптеген мақалаларым оқырманға жол тартып келеді.

 Бірде бір студент қыз: “Апай, журналистиканы қайдан бітірдіңіз, ұстаздарыңыз кім болды?” деп сұрады. “Мен журналистиканы әлі бітірген жоқпын, оқып  жүрмін” деп жауап  бердім.  Тықылдақ  қызым  таңғалып, қарап  қалыпты.  «Менің журналистикадағы алғашқы ұстазым Бауыржан Ғұбайдуллин, өйткені мені журналистика әлеміне алып келген сол кісі. Одан бөлек  алғашқы сәттен  бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін аямаған әріптес-ұстаздарым Қазбек Құттымұратұлы, Ғайсағали Сейтақ,  Тәрбие Смағұлова, Сырымбек Тұяқов, Есенжол Қыстаубаев деген мықты мамандардың тәлімін алып жүрмін. Мен «Орал өңірі» деген үлкен мектептің журналистика факультетінде әлі оқып жүрмін, диплом алған жоқпын» деп  жауап берген едім. Шынында да, мен өзімді әлі дипломын алмаған студенттей сезінемін. 100 жылдық тарихы бар басылым «Орал өңірі» газеті тек газет шығарып қана қоймай, мен сияқты журналист болғысы келетін талай жанның өмірден өз орнын табуына ықпал етіп келеді. Осы салада білетінімнен білмейтінім, үйренерім көп. Ұстаздарым мен әріптестерімді қос басылымның 100 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Ал жүрек түкпірінде бұғып жатқан арманы бар оқырмандарымызға «Ертеңгі күнге сеніңіздер!

Армандар орындалады!» дегім  келеді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»  газеті  қоғамдық-саяси  бөлімінің  тілшісі


«…Мен жастарға сенемін!»

Күні: , 598 рет оқылды

Есенжол Кыстаубаев_2016_июнь


Арыстандай  айбатты,

Жолбарыстай  қайратты.

Қырандай  күшті  қанатты,

Мен  жастарға  сенемін!

Мағжан  ЖҰМАБАЕВ


Осыдан тура 40 жыл бұрын айналайын, «Орал өңірінің» табалдырығынан имене аттаған жас жігітке, яғни осы жолдардың авторына (жалғыз маған емес, мен құралпы жастардың бәріне де)  газеттің сол кездегі бас редакторы Бақтыбай Далабайұлы осылай деп еді-ау… Тура дәл осылай демегенмен, осыған жақындатып, «Сендердің журналистикадағы болашақтарыңа сенемін» — деуші еді. Тым  жиі болмағанмен,  ілуде бір болса да, оңаша шақырып алып, бұған дейін газетте шығып кеткен мақалаларымыздың ішінде сәтімен құраған сөйлемдерімізді, орнымен қолданған сөзімізді, сұлу шыққан суреттемелерімізді кішкентай қойын кітапшасынан мәністеп отырып, оқып беруші еді. Өзіміз жазғанмен, өзіміз ұмытып қалған әлгі сөздерді өзімізге қайта оқып бергенде (майысқақ қаламымыздан туған әр мақаламызды айтасыз, әр сөзімізді безбендеп, кітапшасына әдейі көшіріп алып жүретінін айтсайшы…),  көңіліміз көкті тесіп өтердей болушы еді-ау! Алдыңғы ағаның кейінгі жалғасының жігерін жану деп осыны айт! Содан бері неше жыл аунады, қанша су ақты. Енді, міне, біз де ақсақалдар ауылына ат туарып жатқан сәтімізде сол сөздерді бізге де айтуға тура келіп тұр. Оны айтқызғалы тұрған «Орал өңірінің» ғасырға толған жасы, онда қызмет атқарып жүрген бүгінгі легі, бұла толқын жастары.

 Иә, заман өзгерді, уақыт, орта  адам танымастай бөлек. Соған орай газеттің де бедері бөлек. Өзгермегені мақсат-мұраты – оқырман көңілінен шығу, талап-тілегінен қия баспау, соның мұңын мұңдау, оның жоғын жоқтау. Сәт санап құбылып, жөңкілген ақпараттар ағынынан қалып қоймай, оны анау ауылдың қыры мен ойындағы, ағайынның ауанына жеткізу. Осы мақсаттардың үдесінен шығып, өздерінің де мерейі үстем, газеттің де абыройын аспандатып жүрген жастар баршылық бүгінде «Орал өңірінде»! Дәлел қажет пе? Мархабат! Өзі редакцияда отырса да, көңіл дүрбісі ауылда шаруа баққан ағайынның ортасында жүретін қай жерде қай қой егіз тауып, қай шаруаның қай сиыры бошалап кеткенін «біліп» отыратын, мақалалары қазір ғана сол ауылдан келгендей жазылатын «зоотехник», «веттехник», «агроном», «финансист», «бизнес-леди» Гүлбаршын Әжігереева, барған жерінде көрген нәрсесін тәптіштеп сұрамай, діттеген дерек-дәйегін алмай, жазатын нәрсесіне әбден қанықпай, соңына түскеннің қыр соңынан «өлсе де» қалмайтын «экономист», «кәсіпкер» және тағы бір «бизнес-леди» Айша Өтебәлі, қаламының қарымы арқасында «Орал өңірінің» де маңдайын жарқыратып, өзінің де маңдайы жарқырап, Еуропа асып, талай жерді басып, Лондонға барып қайтқан Сәкен Әбілхалықов, алдына сақалы, аузынан мақалы төгілген ақсақалдың алдынан қия өтпейтін, қайта қисайып жата кетіп, әңгімесін тыңдағысы келіп тұратын, оба, қорған, ескі қорым, құлпытас тұсынан «қарасыншылап» өте алмайтын, ескі әңгіме, тәмсіл, аңыз десе, айналшықтап шыға алмайтын, күй күмбірлеп, жыр жырланған жерден табылатын, қолтығынан әдеби кітаптар түспейтін  Нұртас Сафуллин, мектеп өмірінен, білім саласынан жазса, айдынын аңсап жеткен аққудай тербелетін, тебіренетін Гүлжамал Кенжеғалиева, тың тақырып, жаңа дүние жазсам деп құлшынып жүретін, ертеңді кеш ерттеулі пырақтай елеңдеп тұратын күміс қалам, қарлығаш қарындастарымыз Ләззат Шағатай, Гүлсезім Бияшева, Айымгүл Төлеуғалиева, бас редактор қайда жұмсаса да, қыңқ етпей аттанатын, барған жерлерінен тап-тұйнақтай дүние әкелетін Нұртай Текебаев, Нұрбек Оразаев, мойнынан асай-мүсейлері түспейтін, үнемі етегіне сүрініп, шауып жүретін фототілші Темірболат Тоқмамбетов, жұмысы ертеңді-кешті айтасыз, күні-түні  «өртеніп» жататын секретариаттың тас құманын шоқтан түсірмейтін Жаннат Есполаева мен Назгүл Ізтілеуова, газеттің енді  шығатын  нөмірінің  беттерін  безендірумен таңды  атырып, күнді  батыратын Жасұлан Көшекқалиев пен Азат  Есенаманов, қылт еткен қатемізді корректурадан шығармай, көзін құртатын қырағы корректор қарындастарымыз Нұргүл Сұлтанова, Динара Шанкишева. Міне, біз  осындай  жастарға  сенеміз!!!

 Бір жерден оқыдым ба, әлде естідім бе, әйтеуір өзімнің сөзім емес, көңілге көрікті лепес ретінде мөрдей болып дөп түскен, сол күйінде қалып қойған бір тәмсіл көлбеңдейді осындайда. Желке жағымнан топ-топ түсіп, дүсірлетіп келе жатқан  тұяқтардың дүбірі келеді. Дүбірін айтасыз, кейде демі де арқамды қарып-қарып кетеді. Енді болмаса, шаңдарына көміп өте шығардай, шымыр да тегеурінді тұяқтардың, жас «перілердің» дүбірі. 100 жасаса да, қартаймаған, оқырманымен әлі де жасай беретін  бүгінгі «Орал өңірінің» бүгінгі жас қаламгерлерінің дүбірі ғой, бұл!!! Шабыстарыңнан талмаңдар, айналайындар!  Бір ысынып, бір суынып, «өліп-өшіп» отырып, жазатын дүниелерің көп болғай, сендердің!!!

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі» газеті бас  редакторының орынбасары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,   ҚР Мәдениет қайраткері,  Қазақстанның  құрметті журналисі,  Ақжайық  ауданының  құрметті  азаматы


Батыс Қазақстан басылымдарына — 100 жыл

Күні: , 37 рет оқылды

1968 Орал оніріне орден берілген кун


Еліміздегі ең байырғы мерзімдік басылымдардың бірі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің биыл шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Бұл басылымдар 1917 жылы Бөкей ордасында жарық көрген «Ұран» газетінен бастау алады.


«Ұран» газеті 1917 жылдың 28 шілдесінен бастап шыққан. Оның редакторы – ағартушы, полиглот ғалым Ғабдолғазиз Мұсағалиев болған. Кейін Қазақ АССР-ның оқу-ағарту комиссары болатын Нұғман Манаев та орыс газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарған.

Біз көп жыл бойы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін 1918 жылғы 17 қарашадан бастап шықты деп келдік. Өйткені Совет өкіметі тұсында алашордашыл «Ұран» газеті туралы айтуға тыйым салынып, оның орнына Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Известия областного исполнительного комитета Совета крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецских депутатов» – «Ішкі Ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің Хабары» атты басылымнан бар тарих басталды. Тек 2016 жылы ғана әділеттілік салтанат құрып, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері әр санының маңдайына «Газет 1917 жылдың 28 шілдесінен бастап шығып келеді» деп жаза бастады.

Қазір қолда бар деректер бойынша, «Ұран» газеті 1918 жылдың ортасына дейін шығып тұрған деп айта аламыз. Газеттің әзірге табылған соңғы №38 саны 1918 жылғы 16 мамырда шыққан. Бұл газеттің жалпы қанша саны шыққаны, тарихи тағдыры, басқа да мәліметтері зерттеуді қажет етеді.

Хан ордасына болшевиктер келіп, совет билігі орнаған соң, яғни 1918 жылы 17 қарашада «Ұран» газеті жабылып, оның орнына Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде «Хабар — Известия» деген атпен жарық көрген.

Жоғарыда айтқанымыздай, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінің алғашқы саны шыққан күн ретінде көп жыл бойы осы дата айтылып келді. Кеңес үкіметі жылдарында Қазақстан Компартиясы Орал облыстық және қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің органы болды. 1968 жылы облыстық басылымдардың шыға бастағанына 50 жыл толуына орай «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

«Хабар – Известия» газеті 1919 жылы 1 қаңтардан «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» атала бастаған. Кейбір деректерде газет редакторы Мұстафа Көкебаев болғандығы айтылады. Бірақ басылымда бұрынғыдай «шығарушы Милютин» деп жазылған.

Азамат соғысының аласапыран кезеңінде, қым-қуыт оқиғаларға толы 1918-1920 жылдары Ордадағы қоғамдық-саяси өмір де ерекше күрделі болған. 1920 жылы республика билігі Орынборға шоғырланып, ресми астана мәртебесі жарияланғанға дейін бейресми орталық, жалпықазақтық астана қызметін Хан ордасы атқарған. Мәселен, ең алғашқы қазақ советтік баспахана 1918 жылы осы Ордада ашылды. В. Ленин, К. Маркстің еңбектері, советтік идеология әдебиеттері қазақ тіліне аударылып, кітаптар шыға бастады. Ең алғашқы мұғалімдер сиезі өтіп, оқулық жазу, мектеп бағдарламаларын жасау мәселесі көтерілді. Бұл мақсаттарға Мәскеуден қыруар қаржы бөлінді. Ордаға сол кездегі ең заманауи баспахана жабдықтары жеткізілді. Бөкейлікте Қазақтың №1 Үлгілі атты әскер полкі жасақталды. Қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының баламасы дерлік «Жазушылар құрамасы» құрылды. Дәл осы топ осының алдында орыс-қазақ тілдерінде шыққан большевиктік қос газеттен («Хабар — Известия», «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда») мүлдем бөлек, бастан-аяқ қазақ тілінде «Дұрыстық жолы» газетін шығарды. Ол басылымның алғашқы саны 1919 жылы 26 ақпанда жарық көрді.

Зерттеушілердің бірауыздан айтуынша, «Дұрыстық жолының» орны бөлек. Біріншіден, бұл басылым бастан-аяқ қазақ тілінде шықты. Екіншіден, «Дұрыстық жолында» қазақ халқының, қазақ зиялыларының мақсат-мүддесі айқын көрінеді. Бұдан бұрын Ордада шыққан «Қазақстан» мен «Ұранның», тіпті жалпықазақтық «Айқап», «Қазақ» секілді басылымдардың салған жолы, алға қойған мақсаты анық байқалып тұр. Ол жол, ол мақсат – қазақ халқын ағарту, бірлігін сақтау, өзгелермен терезесі тең ел ету, автономия болу еді.

Бұған дейін Бөкейліктегі Хан ордасын бүкіл қазақ даласына орталық етуге күш салған большевиктер Азамат соғысында жеңіске жетіп, жалпы Ресейде күш алған соң, 1920 жылы республика билігін Орынборға шоғырландыра бастады. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» Декрет қабылдады. РКФСР БРОАК-ның 1920 жылы 22 қыркүйектегі жаңа Декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды. 1920-25 жылдары Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. Сөйтіп, Ордада шоғырланған советтік қазақ билігі-нің көсемдері Орынборға қоныс аударды. Хан ордасына орнатылған заманауи баспахана да Орынборға көшірілді. Бұл жөнінде осы оқиғалардың куәсі Тамимдар Сафиевтің естелігінде толығырақ айтылған. Ордада «Дұрыстық жолын» шығарған топ құрамындағы Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап Орынбордан жалпықазақтық «Ұшқын» газетін шығара бастаған. «Ұшқын» — қазіргі Қазақстан Республикасының ең үлкен аға басылымы – «Егемен Қазақстанның» ізашары болатын.

Осы тұстан Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің шежіресі Орал қаласындағы баспасөз ісімен байланысты айтылады. Белгілі баспасөз тарихын зерттеуші Қылышбай Сүндетұлы: «Орал-Бөкей Қазақ әскери революциялық комитетінің 1919 жылдың 15-28 қарашасында Қазәсревкомының басқармасына берген есебінің баяндамасында: «…Татар тілінде «Сахара таңы» атты газеттің бірінші саны 3000 данамен жарық көрді. Жаудан тазартылған аудандардағы мұсылман қызыл әскерлер мен 25-ші дивизияның саясат бөлімі арқылы жауынгерлер арасына таратылды. Мәскеу, Саратов, Қазан, Орынбор және басқа қалаларға жіберіліп, онда шығатын татар газеттері секілді ауылдық кеңестер мен атқару комитеттеріне киргиз (қазақ) арасында мәдени жұмыстарды жүргізу үшін жіберілді» делінген» деп жазады.

Иә, Орал қаласында большевиктердің жергілікті халыққа арнап шығарған басылымы – «Сахара таңы» газеті негізінен татар тілінде шыққан. Бұл жөнінде Әмірғали Ипмағамбетов өзінің «Қызыл ту» газетінде (8. 01. 1926 ж., №3) жарияланған «Есімде қалғандар» мақаласында былай дейді: «Орал губернесінде қазақ тілінде баспасөз төңкерістен соң ғана дүниеге шықты. Одан бұрын шыға түсіп жоғалып кеткен «Қазақстан» газетін еске алмағанда газет атын естігеніміз жоқ-ты.

…1919 жылдың сентябрь-октябрь айларында Орал губернесі қазақ-орыс жандаралдарынан, Алаш-Ордадан құтылып, кеңес орнағаннан кейін Текеде қазақ тілінде газет шығару керек болды.

Ең әуелі «Сахара таңы» газеті шықты. Мұның басқармасында қазақтан жазушылар аз болды, көбі татар еді. Сондықтан газеттің тілі татарша да емес, қазақша да емес, былық болды. Шығарушы Забирұлы Уәли еді. «Сахара таңының» өмірі ұзын болмады, 3-4 саны шықты да, тоқтап қалды…»

1919 жылдың аяғы, 1920 жылдың басында Орал қаласында қазақ тілінде газет шығаруға тағы бір талпыныс болған. Бұл туралы Ахмет Мамытұлы былай деп жазады: «…Бір күні губком хатшысы жолдас Петровский қазақ жігіттерін жинап алып, қазақ тілінде бір газет шығарудың керек екенін, соған ат қойып, шығарушы белгілеуді ұсынды. …Ертеңіне 4-5 қазақ: мен, Қаратілеуұлы, Епмағамбетұлы, Әлібекұлы бір үйде жиналып, қазақ газетіне ылайық ат қойып алуды кеңестік. …Газеттің аты «Ерік» болды. …Сол күннен бастап мені шығарушы етіп белгіледі де, іске кірісуге қосты. Жұмысқа кірістім, бірақ жәрдемші етіп бір адам да бермеді, бергенмен ылайықты кісі де жоқ еді. …Жазушы да өзім, корректор да өзім… жазға дейін тоқтатпай жеткіздім». Алайда Оралда тұрмыстың қиындығы, жәрдемдесетін сауатты қазақтардың тапшылығы салдарынан 1920 жылы жазда «Ерік» газеті қалың қазақ ішіне, Жымпитыға көшірілген. Кейін, 1923 жылдан бастап бұл басылым баспаханасымен, қызметкерлерімен бірге Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына көшіріліп, қазіргі Атырау облыстық газетінің бастауына айналады.

Орал қаласында қазақ тілінде губерниялық газет шығарудың үшінші мәрте талпынысы «Қызыл ту» газеті болды. Оның алғашқы саны 1920 жылдың 7 желтоқсан күні шықты. Бұл газеттің басы-қасында әу баста Батырбек Әлжанов пен Шайқы Жантілеуов, кейіннен Ысқақ Санатұлы, Ғабидоллаұлы, Рахметжан Малабайұлы, Әмірғали Ипмағамбетұлы, Ахмет Мамытұлы, Медеш Оралдиев, Нұғман Манаев, Тамимдар Сафиев және т. б. тұлғалар жүрді. Сөйтіп, «Қызыл тудың» ғұмыры ұзақ болды, 1932 жылға дейін шықты. Орал губерниялық (облыстық) басылымының негізін қалады, іргетасын нық бекітті.

Орал облыстық басылымдары 1932-1957 жылдары «Екпінді құрылыс», 1957-1963 жылдары «Октябрь туы» деген атпен шықты. 1963 жылы мамырдан «Орал өңірі» деген атаумен шығып келеді.

Алғашқы қазақ басылымдарының қарлығашы – «Қазақстан» (1911-1913 ж. ж.) газетінің ізбасары ретінде жарық көрген «Хабар» газетінің басында да Алаш арыстары тұрды. Мысалы, 1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешев, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылайды. Көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тамимдар Сафиев кірген. Бұл жөнінде газеттің жартығасырлық мерейтойына арналған мерекелік нөмірде (1968 жылғы 17 қараша) сол кезде Мәскеу қаласында тұратын Тамимдар Сафиевтің «Газет осылай шығарылды» атты мақаласында айтылады.

Бір ғасырлық тарихында ұлтымыздың ең байырғы басылымдарының бірі ретінде «Орал өңірі» газеті де талай тарихты бастан кешті. Ұлт зиялыларының басын қосқан киелі шаңыраққа айналды. 1932-1937 жылдары Орал педагогикалық институтында жұмыс істеген Қажым Жұмалиев редакция жұмысына белсене араласты. Сол кездері Орал қаласында болған Қасым Аманжоловтың тұңғыш өлеңі «Екпінді құрылыс» газетінде басылды. Қасымның қаламдас досы, 1934-1936 жылдары Орал пединститутында оқыған ақын Абдолла Жұмағалиевтің де газет тарихында орны бар. Ақиық ақындардың 1932-1936 жылдары газет редакциясында қызмет атқарғаны жөніндегі ескерткіш тақта кезінде «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясы болған ғимаратқа – Орал қаласы, Ғұмар Қараш көшесіндегі 14-үйге орнатылған.

Хамит Ерғалиев, Хамза Есенжанов, Жәрдем Тілеков, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов секілді қазақ әдебиетінің алыптары да алғашқы қадамдарын «Орал өңірінде» бастаған.

Газет редакциясында ұлтжанды азаматтар қызмет еткендігі жөнінде дерек көп. Мысалы, «Екпінді құрылыс» газетінің сол кездегі бас редакторы Сәтбек Иманқұлов 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен айыпталып, ату жазасына кесілген. Ол сол кездегі кеңес үкіметі саясатына, елдегі ашаршылыққа наразылық білдірді деген жаламен оққа байланған.

Көп жылғы ізденістердің нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің тарихына қатысты көптеген тұлғаның 1930-1938 жылдар аралығында саяси репрессия құрбаны болғанын анықтадық. Олар – Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Уәли Забиров, Халел Есенбаев, Ахмет Мәметов, Батырбек Әлжанов, Шайқы Жантілеуов, Абдрахман Байділдин, Рахым Сүгіров, Медеш Оралдиев, Сәтібек Иманқұлов, Елжас Бекенов, Ізбай Қошанов, Ыдырыс Мұстамбаев  және т. б. болатын.

1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде қаламын қаруға айналдырып, ұрыс даласына аттанған журналистер де аз болған жоқ. Мысалы, Сағит Құдайбергенов, Айтжан Құсайынов, Б. Нұрғалиев, Ж. Құдасов, Ғ. Қалиев секілді қаламгерлер редакциядан өз еркімен соғысқа сұранып, қан майданда қаза тапқан. Кейбір деректерде редакциядан соғысқа он адам аттанғаны, олардың ішінен Ғұбаш Жөндібаев қана аман оралғаны айтылады. Бүгінде газет редакциясының фойесінде боздақтардың құрметіне арналған ескерткіш тақта орнатылған. Ал Хабер Нұрмұхамедов, Бисен Жұмағалиев, Қосаман Орынбасаров, Ғалиасқар Қосанов, Рахым Қожахметов, Ғұбаш Жөндібаев секілді ағаларымыз майданнан аманесен оралып, газет редакциясында ұзақ жыл жемісті еңбек етті.

Облыста әдебиет пен журналистика саласында қалам тербеген тұлғалардың «Орал өңірі» газетіне тағдырын қоспағаны кем де кем. Қазақ поэзиясының ең ірі өкілдерінің бірі Қадыр Мырза Әлидің алғашқы туындылары осы газет бетінде басылды. Газет редакциясында ұзақ жыл қызмет еткен белгілі ақын, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин 1963 жылы 1 мамырда «Орал өңірі» деген атпен шыққан тұңғыш санына кезекшілік еткенін есіне алады. Бұл газетте қазіргі қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілдері Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Серікқали Шарабасов, Рахымжан Отарбаев, Мақсот Ізімов, Серікқали Хасанов, Александр Тасболатов, Таңатар Төлеуғалиев, Темір Құсайын және т. б. әр жылдары қызмет атқарған.

Басылымның ұзақ ғұмырында қазақ журналистикасының талай майталманы «Орал өңірі» газетіне басшылық жасады. Сол редакторлардың тізімі, басшылық еткен жылдарының кестесі осы жинақта бөлек беріліп отыр.

«Орал өңірі» газетінің редакциясы 1958-1984 жылдар аралығында Орал қаласының Карев көшесіндегі 47-үйде (әйгілі Карев үйінің үшінші қабатында) орналасты. 1984 жылдың күзінде қазіргі Достық даңғылы 177-үйдегі жаңадан арнайы салынған ғимаратқа – Баспасөз үйіне көшті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру науқанында ғимаратынан айырылып қалған редакция 2006-2009 жылдары көп қиындық көріп, бірнеше мәрте көшіп-қонуға мәжбүр болды. 2009 жылы ақпан айында сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен қазіргі ғимаратқа – Орал қаласы, Мұхит көшесі 57/1-үйге қоныстанды. Сол жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері өз баспаханасынан басылып шыға бастады.

Қазбек  ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Жайық  Пресс»  ЖШС  жанындағы

баспасөз  тарихын  зерттеу  орталығының жетекшісі


Биыл өңірімізде 500 шақырым жол жөнделмек

Күні: , 33 рет оқылды

20170725_105450


«Қазақстан — Орал»  телеарнасының  ғимаратында  БҚО өңірлік  коммуникациялар  қызметінің ұйымдастыруымен «Облыстағы  көлік  жолдарының  құрылысы  және  жөндеу жұмыстары»  тақырыбында  баспасөз  мәслихаты  өтті.


Басқосуға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары  Медет Шақаев, Орал қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев және БҚО «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ филиалының қаржыландыру, бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімінің бастығы Ерлан Қажымов қатысты.

Жиында  алдымен Ерлан Қажымов  автомобиль  жолдарына қатысты облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

– Баршаңызға белгілі, «Орал – Тасқала — Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 100 шақырымын  қайта  жаңғырту  жұмысы — «Нұрлы  жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың  бірі. Осы  жобаның нәтижесінде жол екінші техникалық санатқа ауыстырылады, жолдың  үстіңгі  жамылғысының ені — 9 метр, ал жалпы ені  15 метрді құрайтын болады. Жолдың ең төменгі негізгі қабатынан бастап үстіне дейінгі қалыңдығы – 65 см, соның ішінде асфальт қалындығы – 27 см. Биылғы жоспар бойынша 41,6 шақырым жолға асфальт жамылғысы төселмек. Сондай-ақ су өткізетін 68 құбыр және алты аялдама жөнделіп салынады. Бүгінгі таңда жолдың 8,6 шақырымына асфальт төселді, 13 құбыр, екі аялдама салынды және өзге де жұмыстар орындалды. Жылдық  жұмыс жоспарының 30 пайызы жасалды, осы жобаның аясында 300-ге жуық жұмыс орны ашылды. «Орал – Тасқала — Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 4-31 шақырымын қайта жаңғырту  жұмысына 364,1  млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта соның 115,8 млн. теңгесі игерілді. Осы жолдың  31-104 шақырымын  жөндеуге – 9,201 млрд. теңге  қарастырылып, осы қаражаттың 1,732 млрд. теңгесінің  жұмысы жасалды. Қалған 18 шақырымын жаңғырту жұмысы келесі кезеңге, яғни 2018 жылға ауысады және бұған 5 014 млн. теңге жұмсалады деп жоспарлануда.  Қысқасы, биыл тасқалалықтар көптен күткен сапалы жолға қол жеткізбек.

Биылғы тағы бір маңызды жобалардың бірі – Чапаев – Жалпақтал – Қазталов  жолының 97-157 шақырымдарын күрделі жөндеу жұмысы. Бұған барлығы 1,714 млрд. теңге бөлініп, соның 294 миллионы  игерілді.  Бұл  жоба бойынша  жолдың үстіңгі асфальт жамылғысының ені сегіз  метрді құрайды, ал  жалпы  ені – 12 метр.

Жолдың ең төменгі негізгі қабатынан бастап үстіне дейінгі қалыңдығы 47 сантиметрді  құрайды, соның ішінде асфальт қалыңдығы 14  см. Биыл жоспар бойынша 12,5 шақырым жолға асфальт төселмек. Бес көпір, бір гараж жөнделіп салынады. Бүгінгі таңда жолдың бес шақырымына асфальт төселді және көпірлер салынуда. Жылдық жұмыс жоспарының 38 пайызы жасалды. Жоба нәтижесінде 93 жұмыс орын ашылды.  Бұйырса, осы  жоба жүзеге толық асырылған жағдайда Қазталов ауылына дейінгі асфальтсыз жолдың тек 29 шақырымы ғана қалады. Осы жолдың асфальтсыз  бөлігін  күрделі  жөндеуден өткізу үшін қазіргі уақытта жобалау-ізденіс жұмыстары аяқтала  келді. Бұйырса,  құрылыс-монтаждау  жұмыстары  2018  жылдан  басталады. Бұл екі жобаның да бас мердігері -«Юнисерв» ЖШС, тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

Келесі жобамыз Қазталов-Жәнібек жолының 137-157 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу. Аталған жобаға 1,118  млрд. теңге  бөлініп отыр. Осы  жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жолдың үстіңгі асфальт жамылғысының ені сегіз  метр, ал  жалпы ені 12 метр болмақ. Жолдың ең төменгі негізгі қабатынан бастап,  үстіне дейінгі қалыңдығы —  50 см, соның ішінде асфальт қалындығы – 11 см. Ағымдағы жылы үстіңгі қабатқа 9,4 шақырым асфальт төсеуді және су өткізетін екі құбыр салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жолдың алты  шақырымына негізгі төсеніш қабаты төселді, бір құбыр салынды және өзге де жұмыстар орындалды. Жылдық жұмыс жоспарының 37 пайызы орындалып, 78 жұмыс орны ашылды.

Ал енді жолдарды орташа жөндеу жұмысына келер болсақ, биыл 133 шақырым жолды осы бағытта жөндеу жоспарланды. Нақтырақ айтсақ, Орал — Атырау автожолының 27-108 шақырым аралығы, Орал мен Чапаевтың ортасында, Меловые горки маңындағы көпір өткелінің 0-16 шақырымы және «РФ шекарасы (Самараға)  — Шымкент»  автожолының Ақтөбе облысының шекарасынан бері қарай 490-526 шақырымдық арасын орташа жөндеуден өткізбекпіз. Бұл жоба бойынша бүгінгі таңда жылдық  жұмыс  жоспарының 47 пайызы жасалды. Автожолдарды жыл бойына күтіп ұстауға 950 млн. теңге бөлінді, — деді ол өз сөзінде. БҚО «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ филиалы өкілінің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін биыл барлығы – 15,126 млрд. теңге бөлінген.

Бұдан кейін облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Медет Шақаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жөнделу барысына тоқталды. Медет Махамбетұлының айтуынша, өңіріміздегі автомобиль жолдарының  жалпы ұзындығы 6 530,1 шақырым болса, соның 1 392,55 шақырымы республикалық маңызда және 5 137,55 шақырымы  облыстық және аудандық маңызда.

инфо 90-91Биыл өңірімізде осы жолдардың 500 шақырымын жөндеуден  өткізу  жоспарлануда.

– 2016 жылы  облыстық  және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмысына барлығы 5 978,6 млн. теңге бөлінсе, соның 4 338,86 млн. теңгесі республикалық бюджеттен және 1 639,73 млн. теңгесі жергілікті  бюджеттен қарастырылды. Осы қаражатқа былтыр «Чапаев – Жаңақала — Сайқын 36-76 км», «Ақсай — Шыңғырлау  0-51 км», «Аңқаты — Сарыөмір 0-23 км», «Жымпиты — Қаратөбе 0-55 км», «Орал — Кирсанов 1-48 км» және Бұлдырты ауылына кіру жолының 0-12 шақырымы жөндеуден өтті.  Сондай-ақ  «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен Бөрлі – Ақсай — Жымпиты 0-38 шақырымы   жөнделді. Сөйтіп, 2016 жылы өңіріміздегі жолдардың 145,5 5 шақырымы жөнделді.  Аудандардағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға және жөндеуге барлығы 2,5 млрд. теңге бөлініп, осы қаражатқа 29,6 шақырым жол жаңартылды, – деген Медет Шақаев одан әрі ағымдағы жылдың жұмыс  жоспарына  тоқталды.

Оның сөзінше, биылғы жұмыс жоспарына сәйкес Бөрлі – Ақсай – Жымпиты бағытындағы 38-53 шақырымдық және осы бағыттағы (Бөрлі – Ақсай – Жымпиты бағытындағы) 53-63 шақырымдық (15 км) жолдар жаңғыртылмақ.

Орал — Кирсанов жолының 1-48  шақырымы, Чапаев – Жаңақала Сайқын жолдарының 36-76 шақырымы, Чапаев – Жаңақала– Сайқын жолдарының 0-36 шақырым және Барбастау – Ақжайық – Индер жолдарының 0-43 шақырымы  орташа жөндеуден өтпек. Сондай-ақ  Үлкен Шаған мен Переметный бағытындағы жолдың 0-10, 10-20 және 20-32  шақырымдарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Осы жұмыстарға 6629,96 млн. теңге бөлінген. Осы қаражаттың 3944,88 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалған 2685,08 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Ол сондай-ақ  аудандық маңыздағы жолдарды күтіп-ұстауға  және  жөндеуге  биыл 6,6 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Көрсетілген қаражатқа 90,3 шақырым жол (74 көше) жөнделмек.

Өз  кезегінде сөйлеген  Орал қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев қала жолдарының жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, қала жолдарының ұзындығы қазіргі таңда 582,3 шақырымды құрайды. Осы жолдың 288,43 шақырымы немесе 49,5 пайызы асфальтталған. Қазіргі уақытта асфальтты жолдардың 50 пайыздан астамының  жағдайы  сын  көтермейді. Жыл өткен сайын ескіріп бара жатқан жолдар жөндеуді аса қажет етіп тұр.

– Қаладағы кетеуі кеткен жолдарды жөндеу үшін биыл барлық қаржы көздерінен  8,1 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражатқа қаланың 67 көшесіндегі 72 шақырым жолды жөндеуді көздеп отырмыз. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда үш есеге көп қаржы, сондықтан  биылғы атқарылатын жұмыс ауқымы да бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп болмақ. Бүгінгі таңда алғашқы жартыжылдықта жоспарланған 67 көшенің төртеуі жөнделді. Төрт көшенің біреуі «ҚПО б.в.» компаниясы және үшеуі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды. Тағы екі  көшеде  жөндеу жұмысы аяқталуда, 48 көшеде жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 13 көшеде тендерлік процедуралардың жүруіне байланысты жөндеу  жұмысы әлі басталған жоқ. Биыл «ҚПО б.в.» компаниясының есебінен қаланың бірқатар бөлігінде автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – деген Қайрат Қуанышқалиұлы қаладағы жөндеуден өтіп жатқан жолдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.

Оның сөзінше, биыл қала көшелерін ағымдағы жөндеуге 400,0 млн. теңге бөлінген. Осы қаражатқа  қаланың  80  көшесінде  жалпы көлемі 42 000 шаршы метр құрайтын ойықтар  жөнделмек. Сондай-ақ 5,7 шақырым тротуар құрылып, «Нефтебаза» аумағындағы өткел  жол да  жөнделеді. Бұған қоса қиыршықты-шағылтасты  орнатумен  жолдың  (жалпы  көлемі 15000 шаршы метр) негізін қырып-тегістеу жұмысы да жүзеге асырылмақ. Және басқа да жоспарлы жұмыстар атқарылмақ.

Жиын  соңында журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, мамандар тиісті жауаптарын берді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


54 елді мекен таза сумен қамтылмақ

Күні: , 20 рет оқылды

ec99850a-9d06-4a01-a267-c11e88c54c4e


Биыл  «Ақбұлақ»  бағдарламасы  аясында  облысымызда  39  жоба  жүзеге аспақшы. Егер  осы  жобаның  бәрі  іске қосылса,  өңіріміздегі  186 ауылда  су мәселесі  шешіледі.  Сөйтіп, орталықтандырылған  сумен  қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендер  42  пайызға  жетіп,  облысымыз республикалық  орташа көрсеткішке  (52,3 пайыз)  айтарлықтай  жақындай  түседі.


Жыл басында өткен есептік кездесу кезінде облыс әкімі Алтай Көлгінов өңіріміз ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту жағынан республикада көштің соңғы жағында келе жатқанын айтқан еді. Облыстағы 443 елді мекеннің 37 пайызы ғана орталықтандырылған таза сумен қамтылған.

– Таза су ана мен баланың, жастардың, орта және аға буынның денсаулығымен тығыз байланысты. Аудан-ауылдарда болған кезімізде бұл мәселе жиі көтеріледі. Әсіресе, ол оңтүстік аудандарда өзекті. Әріптестеріммен бірге облысымыздағы ең шалғай аудан — Бөкей ордасына барғанда бір ақсақал:  «Балам, бізге су қашан келеді? Қазіргідей техника мен технология дамыған заманда әлі бөшкемізді сүйреп жүрміз ғой» деп сауал тастағаны бар. Өткен жылдың соңында Елбасының қабылдауында болған кезде осы мәселемен қатар, ауылдарға жол, газ тарту жайттарын айттым.

Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдағы ағайынға мемлекет тарапынан тиісті көмек болатынын жеткізді. Ауылдардағы бұл жағдайдан Үкімет мүшелері де, Парламент депутаттары да хабардар. Елбасының тікелей қолдауының арқасында ағымдағы жылы облысымыздың барлық ауданындағы 54 елді мекенді таза сумен қамту бағытындағы жұмыстар қолға алынады, – деген еді Алтай Сейдірұлы.

Сол ауқымды жұмыстардың алды көктем шығып, жер кепкен бойда басталды.

«Ауылға таза су келеді» деп қуанғандардың бірі — жаңақалалықтар. Себебі мұндағы тұрғындардың 70 пайызы сапасыз су ішіп отыр. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан біраз іс-шаралар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Тиісті сала мамандары аталмыш аудан аумағында жүйелі зерттеу жұмыстарын  жүргізді. Алайда жеткілікті қоры бар су көзі табылған жоқ. Ал көрші Бөкей ордасымен шекарадағы Құлшық деген жердегі су қорының көзі 27 жылға дейін жететіні анықталды. Бірақ ол жерден аудан орталығына дейінгі арақашықтық 151 шақырымды құрайды. Оған қомақты қаржы керек. Облыс басшылығы ұсынған бұл жоба Үкіметте, тиісті министрлік, салалық құрылымдарда біраз қаралды. Нәтижесінде қолдау тапты. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Жанғали Мұратовтың айтуынша, құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын аталмыш жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы жүзеге аспақшы. Биыл су құбырын тарту жұмыстарының алғашқы кезеңі басталады.

Облыстық  құрылыс басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, жоғарыда айтып кеткен 39 жобаны жүзеге асыруға 7 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Оның жартысынан астамы республикалық бюджеттің  еншісінде болса, 1,9 млрд. теңге Ұлттық қордан, қалған 1,4 млрд. теңге облыстық қазынадан қаралған. Жалпы, «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге аса бастағаннан бері өңірде 67 нысан пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта олардың бәрі қалыпты жұмыс жасап тұр.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Мәлім де беймәлім Мұстафа Көкебаев

Күні: , 44 рет оқылды

04 Мустафа Кокебаев


Тарихта жеке тұлғалардың тарихын зерттеу мен зерделеу қай қоғамның болмасын өзекті мәселесі болғаны анық. Әсіресе, қоғам дамуын тұлға дамуымен барынша тығыз байланыстырған қазіргі Қазақстан Республикасы жағдайында бұл аса өткір мәселелердің біріне айналып отыр.


Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», — деген сөзінде қоғамның дамуында жеке тұлғалардың феномені ерекше орын алатындығы нақты көрсетілген.

Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегіне орай әрқилы баға беріледі. Тарихи тұлғаны біржақты бағаламай, тарихтағы шынайы бейнесін тану күрделірек мәселе. Бұған дейінгі тарихтың даму белестері кезінде кейбір ірі саяси тұлғалар саясаттың ықпалына орай, идеологиялық шеңбердің аясында бағаланды. Көптеген тарихи тұлғаларымыздың жарқын бейнелері, халыққа сіңірген өлшеусіз еңбектері жөнінде жан-жақты талданып, оларға тарихи тұрғыдан баға берілмеді. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Мұстафа Көкебаев.

М.Көкебаев туралы қысқаша мәліметтер «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының 4-ші томында және Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында берілген. Сонымен бірге ол туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты мен Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты қорларындағы құжаттарда сақталған. Ғалымдар С.Зиманов, М.Тәж-Мұраттың зерттеу еңбектерінде М.Көкебаев туралы мәліметтер бар.

Жерлесіміз, ардагер журналист Р.Иманғалиев М. Көкебаев туралы естеліктерді сонау 1964, 1970 жылдардың басында 1920 жылдардың тірі куәгері, азамат соғысына қатынасқан сарбаздардың бірі Досмұхамбет Сарбасов пен қарт ұстаз Биғазы Жұмағалиевтан естіген әңгімелерін жазып алғандығын аталып отырған еңбегінде көрсетеді.

Ардагер журналист Досмұхамбет ақсақалдан Мұстафа Көкебаев туралы жазып алған жылы естелік кейіпкері 1964 жылы Шымкент қаласында 76 жасында қайтыс болған. Ал, журналист сол атажұртында дүние салған деген дерек келтіреді.

Сонымен әңгімемізге арқау болып отырған Мұстафа Көкебаев кім? Қандай ісімен жұртшылықтың есінде қалды, ел, өлке тарихындағы орны қандай? деген заңды сұрақ туындайды. М. Көкебаевтың өмірдерегі мен ұлттық мемлекетіміздің таңсәрісіндегі еңбегі мен халқы үшін атқарған қызметі, шығармашылық еңбектері әлі толық зерттелмеген тұлға.

Мәлім де беймәлім Мұстафа Көкебаевтың ғұмырына қысқаша шолу жасасақ. Ол 1888 жылы Бөкей Ордасы, І Приморье округіне қарасты Мыңтөбе мекенінде балықшы отбасында дүниеге келген. 1907 жылы 19 жасында Ордада 4 сыныптық мектебін бітірген. Одан кейін Астрахан гимназиясын бітіріп, 1910 жылы Омбы мал дәрігерлік училищесінде оқыған. Оқу жылдарында либеральдық студенттік қозғалыстарға қатыса жүріп, Қазан қаласынан шығатын «Орал» газетінің тұрақты оқырманы болады. 1907-1908 жылдары шамасында Самар губерниясының таяу жерде Көлборсы елді мекенінде құрамында Б. Қаратаев, Е. Бұйрин, М. Көкебаев, Ғ. Қараш, Ғ. Мұсағалиев, Х. Сембаев, Ш. Бөкеев, С. Нұралыханов, С. Меңдешев бар жасырын топ «Қазақстан» газетін шығару және баспахана сатып алу үшін қаражат жинау мақсатында астыртын жиын өткізген. 1910-1911 жылдары Астрахан қаласындағы қасапханада мал фельдшері болып істейтін М. Көкебаев астрахандық большевик И. Е. Ивановпен достық қарым-қатынаста болады және қалаға жер аударылып келген әзірбайжанның революционері Нариман Наримановпен танысады. Бұл танысу Мұстафаның кейінгі өміріндегі қоғамдық-саяси қызметіне елеулі ықпал еткендігі сөзсіз. 1917 жылдан бастап республиканың буырқанған қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны бұлтартпас тарихи ақиқат.

Мұстафа Көкебаевтың 1913 жылы «Айқап» журналының №17 санында «Хажылар жайынан» тақырыбында мақаласы жарияланды, онда автор: «Біздің ел ішіндегі қарттарымыз һәм шала білімі бар моллаларымыз қол қусырып Аллаға сыйынады. Жылма-жыл көбейіп хажыға барушы адамдарды көріп: Ислам дінінің таралғаны һәм біздің анық мұсылман болып фарызды жеріне келтіргеніміз білінеді», — дейді. Бұл айтулары дұрыс, бірақ 70-80-ге келген шалдарымызбен, ел ішіндегі сараң байларымызбен, иәки хажының атағына құмар болып жүрген жамандарымызбен таралмайды ғой. Себебі, намазды жөндеп оқи алмай жүріп, көңілін хақ жолға қоя алмай, ұялмай жүріп, құр қойша шұбырып ұзын жолды көріп келгеніменен ұялмай нағып Ислам діні таралды дейді? Мұндай… дүниесін орынсыз жерге ысыраф қылушы надандар, шариғат жолы мен ғылым иесі хақ жолда халық файдасында болушы адамдар малдарын шет жерлерге надан ғұрыптарға жұмсамасын… өнер, білім шығатын жарлы жастарды (жәрдем беріп) хажылыққа һәм оқуға жіберу керек, сонда хажылықтан да артық жақсылық көрер», — деп жазды. Мұстафаның бұл мақаласы елді  бір дүрліктіргені де рас. Мақаладағы көтеріліп отырған мәселелер, яғни өнер мен білімге ұмтылған қазақ жастарын оқуға жіберу, олардың оқу қаражатын төлеу сол кезеңдегі ең өткір мәселелердің бірі еді.

Ол қазақ даласынан сырт жүрсе де, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісті қолдаған қазақ интелигенциясы өкілдерінің бірі. Көтеріліске қатысқаны үшін Астрахан түрмесіне қамауға алынған Өтепқали Исатаевқа және оның серіктері Н. Кентаев, Б. Жанбаев, И. Төлебаев, М. Маутенов, С. Меңдешев пен Н. Залиевке өміріне қауіп төніп тұрса да, оларға тамақ тасып, материалдық жағынан көмек берген. Бұл азаматтық игі істі кейін 1936 жылы С. Меңдешев «Екпінді құрылыс» газетіне естелік ретінде жазды. Қазан төңкерісін қолдаған М. Көкебаев 1917-1918 жылдары Астрахан Кеңесінің алғашқы жұмыстарына қатысты. Астрахан губерниясы атқару комитетінің төралқа мүшесі болып сайланды және Астрахан өлкесі қазақ атқару комитетінің мүшесі болды.

«Қазақ» газетінің 1918 жылы 27 ақпанда шыққан 261-ші нөмірінде «Ұран» газетіне бір хабар басылған. Бұл хабар бойынша денсаулық саласына М. Көкебаев жауапты болғандығын аңғарамыз. Ұлттық энциклопедияда Мұстафаны 1918 жылға дейін Алаш партиясының мүшесі болды делінген. Бірақ та оның Алаш партиясына қатысы туралы ешқандай деректер кездеспейді. Кейінгі уақытта жарық көрген материалдарда Алаш партиясына мүше болғандардың тізімі қатарында оның есімі ұшыраспайды. Мұстафа Көкебаевтың меньшевиктер партиясының мүшесі болғандығы туралы мәліметтер мұ-рағат құжаттарында кездеседі. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты қорында сақталған құжатта 1918 жылы 300 жігіттің бірі болып Қызыл армияға өз еркімен кірген, Бірінші үлгілі қазақ атты әскер полкінде қызмет атқарған, Бөкей даласындағы комсомол ұйымын құрушылардың белсенділерінің бірі, Орда қалалық комсомол комитетінің және Бөкей губерниясы комсомолы комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Жұмағали Сәрсеков өз естелігінде: «1918 жылдың маусым айында мен  Орда қаласына орналасқан Торғын уезінің атқару комитетінде жұмыс жасайтын едім. Жастықтан айналада болып жатқан өзгерістер туралы, елдегі барлық жаңалықтарды білуге құштар едім, көп оқыдым. Саясатқа қызығушылықта таныттым. Сол жылдары жарық көрген газеттердің бірде-бір номерін жібермей оқыдым. Сол кездегі әр алуан партия өкілдеріне көңіл де аудара бастадым», дейді. Ол өз естелігінде аласапыран тұста қалың жұртшылықтан жырақталған азаматтардың галереясын беруге тырысады. Мысалы, «оңшыл эсер  Абдолқадыр Әзербаев бұйра шашты, дөңгелек жүзді, аяғын сылтып басатын, жігерлі, мылжың,  шадыр мінезді адвокат болса, Ғұмар Қарашев байсалды, орта бойлы, толық денелі, орта жаста, Алаш Орда үкіметінің дін істері жөніндегі министрі болған, керітартпа ақын, ал меньшевик Мұстафа Көкебаев қараторы, сәл еңкіш, түнеріңкі адам», — деп сипаттайды.

1918 жылы Ордада меньшевик Мұстафа Көкебаев өз бастамасымен «Жігер» қоғамын құрады.

М. Көкебаев жетекшілік жасайтын он адамдық топ қоғам қызметіне «мәдени-ағарту үйірмесі» дейтін жаңа мәртебе беріп, жарғысын жазады. Ерікті дербес қоғамдық ұйым ретінде ресми тіркеліп, өзге өңірлерден отау бөлімшелерін ашты. Қоғамның Тарғын қисымында «Ұлт қауымы», ал Жаңақала жағында «Білім бірлігі» деген атпен бөлімшелері болды.

Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің мүшесі, Орталық Қазақ әскер ісі жөніндегі комиссариаттың Әскери комиссары Мұхамедияр Тұңғашиннің бастамасымен ашылған РКФСР Ұлт Халық Комиссарлары Қазақ бөлімі Бөкей қосалқы бөлімінің меңгерушілігіне меньшевик М. Көкебаев бекітіледі. Бұл жерде бөлімнің меңгерушілігіне М. Көкебаевтың бекітілуі әдеттегі большевиктердің коалициялық саясат сақтауы деп түсінген жөн сияқты.

Ордада 1919 жылы 3-17-қаңтарда Екінші толық мұғалімдер сиезі өтті. Сиезге Нарын, Қалмақ, Таловка, Қамыс-Самар, Тарғын бөлімінің мұғалімдері түгелдей дерлік қатынасты. Сиездің алғашқы мәжілістерін халық ағарту комитеті жанындағы ұлттық мектептер секциясының қызметкерлері Мұстафа Көкебаев пен Ғали Бегалиев жүргізген. Сиез оқу үрдісіндегі ұлттық ерекшеліктерді ескереді, қазақ ағарту саласында тұңғыш рет интернаттық жүйе енгізіліп, әрбір мектепте мектеп кеңесін құруға, қазақ ағарту саласында тұңғыш рет интернаттық жүйе енгізіліп, әрбір мектепте мектеп кеңесі, емле мәселелеріне жан-жақты тоқталады. Сиез жұмысының барысында «Оқу құралдарын жетістіру, кітаптар тәржіме ету, тағлым журналын шығару үшін» сайланған комиссияға М. Көкебаев, Ғ. Бегалиев, Х. Есенбаев, Ғ. Қараш, Ғ. Бөкейханов, Ғ. Мұсағалиев, Ғ. Мұқанов енеді. Қабылданған қаулыда осы кісілердің қызметте тұрғандары шығып, тек қана кітап жазу қызметімен шұғылдансын делінеді.

М. Көкебаевтың қазақ мерзімді баспасөзіне қосқан үлесі де зор.

Ол туралы «Әлі есімде, 1919 жылы февраль айының бастапқы күндерінің бірінде Ордада азамат соғысына белсенді қатысып жүрген және сауатты қазақ жастарының жиналысы болды. Оған Шафқат Бекмұхаметов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешев, Хайырлы Бекқалиев, Хамит Чурин, белгілі ақын Ғұмар Қарашев және басқалары қатысты. Жиналыста сол мезгілге дейін екі тілде шығып келген «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» газеттерінің орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланды. Алдымен газеттің аты туралы әңгіме болды. «Ел еркі», «Ерікті ел» болсын деген ұсыныстар айтылды. Ақырында жиналысқа қатысушылардың бәріне «Дұрыстық жолы» деген ат қатты ұнап, болашақ газеттің атын осылай атауға ұйғарылды. Осы жиналыста редакциялық коллегия мүшелері бекітілді. Оның құрамына М. Көкебаев, Ғ. Қарашев, Ғ. Мұсағалиев, Х. Есенбаев және осы жолдардың авторы кірді. Сөйтіп 1919 жылғы 20 февральдан бастап Ордада «Дұрыстық жолы» газеті шығарыла бастады», — деп жазды сол жылдар қайраткері, журналист Тамимдар Сафиев. «Дұрыстық жолының» редакциялық алқасын басқарған М. Көкебаев еді. Газеттің таралымы аз уақыт ішінде 15 мың данаға жетті.

І Жалпықазақ сиезіне әзірлік 1919 жылдың 26 мамыр мен 6 маусым аралығында өткен Бөкей Ордасы кеңестерінің ІІІ сиезі қараған мәселе болды. Бұл сиез жұмысына М. Көкебаевтың «ескі» танысы Астрахан РК(б)П губкомынан өкіл болып Н.Нариманов қатынасты. 5 маусымда РКФСР Ұлт Халық Комиссариаты Қазақ бөлімі Бөкей бөлімшесінің есебі тыңдалды. Мәжілістің барысында сол жылдың 18-сәуір күнгі «Дұрыстық жолы» газетінің №6 санында жарияланған М. Көкебаевтың «Жұмыскерлер халы (Коммуна һәм Интернационал)» дейтін мақаласы жөнінде айтыс-тартыстар өтті. Автор мақаласында «Коммуна», «Интернационал» сөздеріне түсініктеме бере келіп: «Айтылған сөздердің мағынасы біздің қазаққа тіпті жат. Дұрысын айтқанда, ішіңнен ұнатып, ұнатпасаң да бұл сөздердің мағынасын түсініп қою тиіс. Қазіргі уақытта коммуна деген сөздің түпкі шегі дүниедағы бар нәрсенің әйел-еркекке шейін ортақтығын, менікі-сенікі жоқтығын көрсетеді», — деп жазған болатын. Бұл мақалаға қатысты М. Тұңғашин өз тарапынан «Контрреволюцияның арандату мақсатында бұрмалап пайдалануына ыңғайлы мақалалар кеңес қаржысына шығып тұрған басылым бетінен жіберілмесе керек», — деген ескерту береді. Бұл мәселеде ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш «М. Көкебаевтің мақаласын тек арандатушылар ғана пайдалануы мүмкін, «Дұрыстық жолының» редакциялық алқасы пікірлер алуандығын сақтап, «Бірліктің» тойтарма мақаласын өз бетінен орын бергендігін» — атап көрсетіп, М. Көкебаевты қолдап сөз сөйледі. Дегенмен де, С. Жақыпов басқаратын «Жарлы қазақ жастары бірлігінің» наразылықтарын туғызғаны да ақиқат.

Сиездің соңғы күні І-Жалпықазақ сиезіне делегат сайлауы өтті. Бөкей Ордасына бөлінген қырық орынға делегат сайланды. М. Көкебаев солардың қатарында болды, бұл дегеніміз сол жылдарда қоғамдық-саяси сахнада белгілі дәрежедегі қайраткер болғандығының нақты айғағы. Мұстафа 1920 жылы мамыр айында өткен Бөкей облыстық ҮІ сиезіне қатынасады. Сиез барысында эсер А. Әзірбаев ұлт мәселесі туралы айта келіп, «Кеңес өкіметі берген өзін-өзі билеу құқығы өмірде жүзеге асып отырған жоқ», — деп пікірін ашық айтты. А. Әзербаевты М. Көкебаев қолдады, ал бұл пікірге большевиктер Ламский, С. Милютин, Д. Темірәлиев сияқтылар қарсы болды. 26 мамырда Ішкі басқару бөлімінің есебін жасаған Милютинге көптеген сұрақтар қойылады. Соның ішіндегі ең маңыздысы милиция мәселесі болды. Сол жылдары Кеңес өкіметінің атын жамылып, бейбіт елге бейбастық жасау етек алып кеткен болатын. Шын мәнінде милиция уездік кеңес органдарына бағынбайтын. Аталған мәселе бойынша қабылданған қарарға делегат М. Көкебаев: «Милиция әрекетіне жергілікті атқару комитеттері тарапынан бақылау жасалсын» деген өзгеріс енгізуді ұсынады. Алайда бұл ұсынысқа Милютин қарсылық таныты. Бірақ көпшілік дауыспен Мұстафаның ұсынысы қабылданды.

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ АКСР-нің құрылуы мен Ресей империясының бодандығы тұсында ыдырап кеткен Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре бастады. Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру қазақ халқының болашақ тарихи тағдыры үшін аса маңызды рөл атқарды. Сондықтан да бұл аса қиын да күрделі мәселені шешу үстінде ұлт қайраткерлері А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, У. Танашев, А. Тұрлыбаев, Ғ. Тәжібаев, М. Көкебаев т.б. ұлт мүддесі үшін, бар жан-тәндерімен жұмыс істеді. Қазақ революциялық комитеті Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін шақырудың, болашақ республиканың шекараларын анықтаудың барлық дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл күрделі міндеттерді жүзеге асыруда Қазақ ревкомының жанында ұйымдастырылып, А. Байтұрсынов басшылық еткен Қазақ Республикасының шекараларын анықтау жөніндегі комиссия ерекше ықпал етеді. Қазақ жерін біріктіруде күрделі де қиын жұмыс алғашқы кезекте ұлы державалық пиғылдағы шовинистермен толассыз күрес барысында жүзеге асырылды. Үлкен талас-тартыстар ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-інің құрамына Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының едәуір аймағын енгізу мәселесі бойынша туындады. Даулы мәселелерді шешу үшін Қазақ револоциялық комитеті өз өкілдерін Семей, Омбы, Челябі облыстарына жіберді. Тарихи әділеттілік үшін қазақ жерінің аумағын белгілеуде болашақ Қазақ республикасының шекараларын анықтауда Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. И. Лениннің қазақ халқының өкілдерін қолдағанын атап өткен жөн деп білеміз.

Қазақ АКСР-інің қарамағына 1917 жылға дейінгі шекарадағы Орал (Орал, Гурьев, Ілбішін, Темір уездері), Торғай (Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Торғай уездері), Семей (Өскемен, Зайсан, Павлодар, Семей, Қарқаралы уездері), Ақмола (Ақмола, Петропавл, Атбасар, Көкшетау уездері мен Омбы уезінің бір бөлігі), сондай-ақ Маңғыстау уезі, Закаспий облысындағы Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясынан Синеморье болысы, Бөкей Ордасы, бірінші және екінші Приморский округінің қазақтар қоныстанған жер аумақтары енгізілді. Қазақ АКСР-інің құрамына Орынбор губерниясы енді. Ал Орынбор қаласы 1925 жылға дейін еліміздің тұңғыш астанасы болды. Сол кезеңдегі ресми мәліметтер бойынша 1920 жылы күзде республиканың жер аумағы 1 871 239 шаршы версті қамтыды, халқының саны – 5 046 000 адам, оның 46,6 пайызын қазақтар құрады.

М. Көкебаев 1920 жылдары Бөкей губерниясының жер комитетінің төрағасы һәм губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып, жаңадан іргетасын қалап жатқан Қазақ АКСР-ының батыс шекарасын белгілеуге жауапты адамдардың бірі ретінде қызмет атқарды. Мемлекеттік дәрежедегі барлық құжаттарды дайындау, оны нақтылап, қағаз бетіне түсіру Мұстафа сияқты екі тілде бірдей жазатын сауатты адамға тірелсе керек.

Қазақстанның мемлекеттік шекарасын орнатудың өзіне тән ерекшеліктері болды. Шекараның графикалық қосымшасы бар және мәтіндік сипаттауы баяндалатын картографиялық материалдар іс жүзінде мүлдем болған жоқ. Сонымен қатар 1920 жылы Қазақ КАСР-і құрылған кезден бастап Қазақстан – Ресей шекарасы бірнеше рет өзгеріске түсті.

Р. Иманғалиевтың жазуы бойынша Мұстафа Көкебаев Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлігін нақтылауда оның Қиғаш өзенінің бойымен жоғары өрлеп, Ескі Кордуан жерінен бастап, Азау даласымен, Ноғайбай даласының түстігін қуалап, Майшағыл жайлауының түстік етегімен Қоңыртерек, Қоянды қоныстарын қамтып, Басқұншақ көлінің шығыс шалғайымен өтетін шекара шеруін түйемен жүріп картаға түсірткен. Сол сапарда М. Көкебаев қасындағы мемлекетаралық комиссияның келісімін ала отырып, кей тұстарға уақытша шекара қадаларын қақтырған екен.

М. Көкебаевтың екі елдің шекарасын белгілеуде жасаған жұмыстарын кейінгі ұрпақ білуге тиіс. 1921-1926 жылдары Саратов университетінің құқық факультетінде оқыған, кейінгі жылдары Орал, Алматы облыстарында республикалық мемлекеттік жоспарлау комитеттерінде қызмет істейді. 1937 жылы Шымкент педагогикалық институтында сабақ берген. Ұлтымыз үшін аянбай еңбек еткен, қазақ елінің батысындағы мемлекеттік шекарасын белгілеуге атсалысқан бірегей тұлға Мұстафа Көкебаевқа еліміздің қалаларынан (Атырау, Орал, Шымкент, Алматы, Астана) бір көше атауын берсе, ескерусіз қалған ардақты тұлғаға көрсеткен құрметі-міз болар еді.

 Аққали АХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры


Берешегі көп үйлерге нүктелік айыру әдісі қолданылмақ

Күні: , 24 рет оқылды

20399434_1272755866179624_621862440_o (1)


14  шілдеден  бастап «Жайықжылуқуат» АҚ-ға «ҚазТрансГазАймақ»  АҚ  газ беруді  тоқтатқан  еді.  Соның  салдарынан  облыс орталығында  ыссы  су  айырылып  қалды.  Жергілікті  атқарушы  биліктің араласуымен 25 шілдеде қос монополист компания  басшылары  өзара келісімге келіп,  оралдықтар  ыссы  судың  игілігін көре  бастады.


Бұл жөнінде осы мәселеге байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев  мәлімдеді.

– Оралда біраз күн ыссы судың болмай қалуының басты себебі – тұтынушылардың бережағы. Тұтынушылардың «Жайықжылуқуатқа» қарызы 550 млн. теңгені құрады. Ал бұл компания өз тарапынан «ҚазТрансГазАймаққа» 223 млн. теңге бережақ. Осы түйінді мәселені шешуге қалалық әкімдік пен жергілікті полиция қызметі, жеке сот орындаушылары да араласуда. Құрамына аталмыш құрылымдардың өкілдері енген 15 мобильдік топ құрылып, олар бер жағы көп пәтерлерді аралауда. Ол өз пайдасын берді.

Жалпы, көрсетілген қызметке уақтылы төлем жасау әр тұрғынның міндеті екенін ұмытпауымыз керек, – деді  Мұрат  Рахметұлы.

Жиын барысында белгілі болғанындай, 67 мың тұтынушының тоғыз пайызының бережағы 25 мың теңгеден асады екен. Яғни солардың кесірінен оралдықтар біраз зардап шекті. «Жайықжылуқуат» компаниясының арызы негізінде 67 млн. теңгеден астам берешегі бар 1400-ге жуық азаматты сот айыпты деп таныған. Ал сот орындаушылардың қолында 103,6 млн. теңгенің атқару қағазы жүр. Қазіргі таңда коммуналдық қызметке ақша төлеуден қашатындардың жолын бөгеу бағытындағы шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ішінде жылжымайтын және жылжитын мүліктеріне тыйым салу, ел аумағынан шығуына шектеу қою, екінші деңгейлі банктер арқылы несие бермеу сынды шаралар бар.  Алдағы уақытта тағы да осындай мәселе туындамас үшін енді берешегі көп үйлер мен подъездерге нүктелік айыру әдісін қолдану жүргізілмекші.

Баспасөз мәслихатына қатысқан «Жайықжылуқуат» АҚ-ның басшылары жылыту маусымына дайындық барысына да тоқталды.

Мәди  ЫҚЫЛАС


«Сервистік қызмет көрсету жүйесін құруды тапсырамын»

Күні: , 17 рет оқылды

IMG_1423


Сәрсенбі  күні  ҚР  Премьер-министрінің  орынбасары-ҚР  Ауыл шаруашылығы  министрі  Асқар  Мырзахметов  өңірімізге  жұмыс сапарымен  келіп,  ауыл  шаруашылығы  саласының  өкілдерімен  кездесті.


Нақтырақ айтсақ, бұл жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов, сонымен қатар аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдары, қайта өңдеуші кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары қатысты. Кездесу барысында еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалып, жергілікті сала мамандары көтерген түйткілді  мәселелер  талқыланды.

Атап айтар болсақ, жергілікті сала мамандары тарапынан қазақтың ақ бас сиырының санын көбейту және малдың генетикалық сараптамасын (экпертизасын) аккредиттелген зертханаларда жасау керектігі жөнінде ұсыныс айтылды. Сондай-ақ «Белес-Агро» компаниялар тобының құрылтайшысы Мұрат Жәкібаев бір кездері түрлі себептерге байланысты жұмысын тоқтатқан «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның жұмысын инвестиция салу арқылы жандандырғанын айтып, зауыт жұмысын одан әрі жетілдіруге қосымша қаражат табудың қиындап тұрғанын жеткізді. Оның сөзінше, «Қазагроқаржы» АҚ өкілдері  кепілзат құнының тек 30 пайызын ғана береді.  Ол сондай-ақ нақты мысалдар келтіру арқылы инвестсубсидия мен қайтарым мәселесін де (инвествозмещение) көтерді. Оның сөзін мақұлдаған «Ақас-агрофирма» ЖШС жетекшісі Қатауолла Ашығалиев мал суарылымы жөніндегі түйткілді мәселелер жөнінде баяндаса, Валерий Голоухов ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін  жеткізу қызметін қалыптастыру жөніндегі пікірін алға тартты.

– Біз осы жолы сіздерге ауыл шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беру үшін келген жоқпыз. Өздеріңізбен бетпе-бет кездесіп, мал шаруашылығын дамыту жұмысында туындап отырған мәселелерді бірге талқылап, мұның шешу жолдарын бірге қарастырайық деп келдік. Жаңа сіздер инвестдемеуқаржы (инвестсубсидия) жөнінде дұрыс айттыңыздар. Бұл жөнінде басқа да өңірлердің сала мамандары осы тектес пікірлерін айтуда. Кез келген нәрседе қатып қалған ештеңе жоқ, таяуда болатын үлкен басқосуда осы көтерген мәселелеріңіз қайта қаралады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет жөнінде де жақсы айтылды. Кез келген сала секілді ауыл шаруашылығы да заманауи техникасыз дамымайды. Сондықтан сіздердің сервистік қызмет жөніндегі пікірлеріңізді қолдап, бұл бағытта сервистік қызмет көрсету жүйесін құруды сала мамандарына тапсырамын, – деді кәсіпкерлер ұсынысына нақты жауап берген Асқар  Мырзахметов.

Осы жиында аграрлық қайта өңдеуді дамыту және  ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі де көтеріліп, осы бағыттарда ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндалды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша слайд көрсеткіштерімен танысқан министр бұл бағыттағы жұмысты сынға алды. Слайд мәліметі бойынша біздің облыста барлығы 51 кооператив құрылғанымен, соның тек алтауында ғана арнайы қондырғылар  бар екен. Ал қалған 45-де қондырғы жоқ боп шықты. «Ақша бар, қондырғы бар, енді кооператив құруға не кедергі келтіріп отыр?» деген министр сұрағына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов объективті және субъективті жағдайларды түсіндіре отырып, байыппен жауап берді. Оның сөзінше, облыста жыл аяғына дейін 11 мал сою бекеті ашылады. Сүтті бағыттағы бекеттерді құру мәселесі алдағы аптада шешілмек. «Бұл бағытқа бөлінген қаржыны игеруге толық мүмкіндігіміз бар» деген Арман Кәрімұлы жеке адамдардың қолдарындағы мал басын басқа жаққа сатып жіберуіне байланысты кооперативтерді бұқашықтармен қамтудың қиындап тұрғанын жеткізді.

– Бүгінгі кездесу облыс үшін, әсіресе, шаруашылықтар үшін өте маңызды болды. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы бағдарламаны жүзеге асыру барысында министрлік тарапынан шешілетін көкейкесті мәселелерді өзіңізге тікелей қоюға мүмкіндік алдық, сол үшін сіздерге алғысымызды айтамыз, – деген Арман Кәрімұлы одан әрі өңіріміздің мал шаруашылығы бойынша дамуы жөніндегі мәліметті министр назарына ұсынды. Оның сөзінше, мал шаруашылығында мүйізді ірі қара 7,2 пайызға, қой мен ешкі  2,4 пайызға, жылқы 10,9 пайызға және құс саны 12,6 пайызға артқан. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша мал өнімдерінің өндірісі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда тірілей салмақта өндірілген ет көлемі 2,9 пайызға (39,1 мың тонна), сиыр сүті 0,5 пайызға (117,2 мың тонна), өндірілген жұмыртқа 5,5 пайызға (80,6 млн. дана) артып отыр. Биыл өңірімізге ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін 10 млрд. теңгеден астам қаржы  бөлінген.

Жиын барысында аталмыш министрлік өкілдері жиналғандарды ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған демеуқаржыны бөлу тәртібіне енгізілген өзгерістермен таныстырды. Сала мамандарының мәлімдеуінше, мемлекеттік бағдарлама аясында биыл демеуқаржының 65 түрі қарастырылып, нәтижесінде 11 тиімсізі алынып тасталған, 40 демеуқаржының өлшемдері өзгертілді. Тағы 14-і өзгеріссіз қалды.  Мал шаруашылығымен айналысушылар арасында демеуқаржы алушылар көбейді. Мысалы, бұрын демеуқаржыны ірі қара өсіретін 175 шаруашылық алса, қазіргі таңда ол 522-ге немесе 100 пайызға артты. Сүт өндірушілер демеуқаржыны бұрынғыға қарағанда екі есе, қой өсірушілер 1,3 есе және тері өңдеумен айналысатындар 3,6 есе көп алды. Сондай-ақ қой малын демеуқаржымыз одан гөрі тиімдірек қозымен алмастырылды. Тері өңдеу бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемені орындай алмауына байланысты тек жіңішке ғана  емес, жартылай жіңішке жүн түрлерін демеуқаржыландыру қарастырылды.

Жиынды қорытындылаған Асқар Мырзахметов жиналғандарға ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ел үкіметінің барлық жағдайды жасап отырғанын айтып, шаруаларға осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін айтты. Министр сондай-ақ ауылшаруашылығы саласының қызметкерлеріне елді мекендерге жиі шығып, кооперация құрудың тиімділігін түсіндіруді  тапсырды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да болып, оқу орнының ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты. Университет ғалымдары мал және балық шаруашылығы, құрылыс және машина  жасау, тағам өндірісі және 3Д-принтинг саласында қолға алынған ғылыми жобалар туралы баяндап, министрдің сұрақтарына  жауап  берді.

Оқу орнының Ақжайық етті-жүнді қой өсіретін шаруашылығында өңделген биязы жүн өнімдерімен танысу кезінде Асқар Исабекұлы «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында биылдан бастап биязы ғана емес, жартылай биязы жүнді де субсидиялау көзделгенін  айтты.

БҚАТУ-лық ғалымдардың сүбелі жетістігінің бірі – бекіре тұқымдас балықтарды сақтау мен өндірістік негізде көбейту және тауарлық өнім өндіру. Қазіргі таңда университет «Парасат» ұлттық-технологиялық холдингі» АҚ-мен бірлесіп жабық су тоғандарында балықтардың өмірін сақтай отырып, қара уылдырық алу, оны өңдеу жұмыстарымен айналысуда. Ұдайы ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар жас ғалымдар шетелдік құрғақ құрама жемге балама ретінде экономикалық тұрғыда тиімді әрі жергілікті жағдайға бейімделген сапалы құрама жемдерді дайындауды да қолға алды. Аталмыш ғылыми жобаға қызығушылық танытқан А. Мырзахметов жоғары оқу орны базасында балық азығын дайындайтын цех ашу арқылы ғылыми-зерттеу жұмысындағы жаңашылдықты өндіріске енгізу  мәселесіне  тоқталды.

Сонымен қатар Асқар Исабекұлы кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдің бірі – ветеринар мамандар тапшылығын жою, білікті, жаңашыл кадрлар даярлау, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және өндіріске кеңінен енгізу мәселелеріне  қатысты  ойымен  бөлісті.

Айта кету керек, еліміздің Батыс аймағын агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандармен қамтып отырған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың негізі 1963 жылы қаланған және бүгінгі таңда мұнда төрт мыңнан астам болашақ  маман білім алуда.

Бұдан соң А. Мырзахметов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға және «ПОШ РУНО» ЖШС тері өңдеу кәсіпорнында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. «ПОШ  РУНО» ЖШС  жетекшісі  Роберт Ирменовтің айтуынша, бұл нысанның жобалық құны – 2,2 млрд. теңге, жобалық қуаты жылына 182 мың ірі қара және 624 мың ұсақ мал терісін өңдеуге жетеді.

– Жаңа зауыт екі айдан кейін өз жұмысын бастайды. Толық қуатына көшкенде бұл кәсіпорын күніне 2500 қой терісін және 700 сиыр терісін өңдейтін болады. Мұнда 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Осы зауыттың жанынан аяқ киім фабрикасын ашуды да жоспарлап отырмыз.  Табиғи теріден тігілген аяқ киімнің сапасы жаман болмайды деп ойлаймын, – деген кәсіпкер шикізатты ауылдардағы кооперативтерден келісімшарт бойынша алатынын айтты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында еңбектеніп жатқан кәсіпкерге министр ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік  тіледі.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

Динара  ЖҰМАББЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді   түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Ғасырлық ғұмыр

Күні: , 154 рет оқылды

Жантас Сафуллин (1)6265


Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш арыстары барша қазақтың басын бір идеяға тоғыстыру үшін баспасөз ісін қолға алғаны белгілі. Елдік тұрғыда айтылған сөздері, атқарған істері сол кездегі газет беттерінде сақталды. Ол кезде халыққа насихат жүргізуге аса маңызды ең алдыңғы технология осы газет болғаны анық. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінде Ғұмар Қараш: «…бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет…» десе, биыл жүз алты жылдан соң Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын «Ұшқыннан» бастау алатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетіне жариялауы бүгінде баспасөздің қоғамдағы орнын анықтап тұр. Халқымыздың санасын рухани жаңғыртуда баспасөздің өткенін білу, бүгін оңды пайдалану, болашаққа дұрыс жоспарлау бірліктің кепілі болмақ.


Бастауы Кеңес өкіметі құрылғаннан соң, 17 қараша 1918 жылдан басталады деп қалыптасқан Батыс Қазақстан облысындағы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері ақиқатында 28 шілде 1917 жылдан екендігін дәлелдедік. 100 жыл. Бір ғасыр. Осыны батыл айту үшін біз аянбай тер төктік. Талай ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізіп еңбектендік. Атқарған істерімізге қаныққан Алматы, Астана, Орал ғалымдары: «Бір ғылыми институттың жұмысын жасап жүрсіңдер» деп марқайтып қойды. Артық болса да осылай бағалайтындай не тындырдық? Абай атамыз он бесінші қара сөзінде: «…Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?…» деп есті болуға шақырады. Міне, баспасөз тарихын зерттеу жұмысымыздың есебін беретін уақыт келді.

Ғасырлап отаршылдықтың қамытын киген елдің алдымен тілі, діні бұзылып, тарихы әбден бұрмаланады. Алаштың 100 жыл-дығымен тұспа-тұс келген біздің баспасөздің де тағдыры осылай. Біз ақиқатты анықтауға бар күшімізді салдық. Тіпті іздене жүріп, газеттерді зерттеп, бастауында болған тұлғалардың өмірі мен жанкешті істерін білген сайын өзімізде соларға қарап бой түзей бастадық. Соның ішінде «Қазақстан» газетімен толық танысып, оны ұйымдастырып, тұрақты шығарған Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтердің қиын-қыстау заманда, өздерін қауіп-қатерге тігіп, аянбай ұлтқа қызмет етулері бізге сабақ болды. Тек алған жалақың үшін ғана қызмет етпей, бос уақытыңды ұрпаққа қажет іспен айналысу қажеттігінің дұрыстығына нақты тағы бір дәлел болды. Бізде «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуге бекіндік. Шүкір, азаттығымыз қолда, енді осыны бекіте түсу үшін ұлттық рухты көтеруіміз қажет, ол үшін алдымен әбден бұрмаланған тарихымыз қайта түзілуі тиіс, біздің қолдан келері шынайы тарихымызды жазуға қажет деректерді жинақтау деп түйдік. Содан соң бір емес, бірнеше рухани бағыттағы жобаларымызды бастадық. Соның бірі осыдан бес жыл бұрын жүз жылдықты лайықты қарсылауға бағытталған баспасөз тарихын зерттеу болатын.

2013 жылы газеттеріміздің 95 жылдығын өткізу барысында тарихымызды түгендеу бағытындағы әр ісіміз басылымдардың жүз жылдығына дайындық екенін айтқанбыз. Міне, тыңғылықты маңдай тердің арқасында бес жылдан кейін емес, төрт жылдан соң жүз жылдыққа жетіп отырмыз. Әр облыста да тарихы түгенделмей жатқан талай аудандық, облыстық газеттер бар. Жаңа тарихымызды түзуге талай құнды дүниелер бәрінде сақталғаны анық. Тек құнттап, кәдеге жаратушы аз. Атқарған ісімізді егжей-тегжейлі баяндауымыздың басты мақсаты жүрген жолымызбен таныстырып, жақсы жағы болса үлгі етіп алсын, әрі қарай жалғасын деген ниет. Ал енді баспасөз тарихын зерттеу бағытындағы істерімізді ретімен баяндайын.

Бастау  «Қазақстаннан»

DSC_0041Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығы таяғанда арнайы музей жасақтап, газеттерімізді өзіміз зерттеп, тігінділерін түгендеп, ең алғашқы нөмірлерінен бастап ұйымдастырған, шығарған тұлғаларды іздестіруден бастағанды жөн санағанбыз. Бұл ретте «Орал өңірі» газетінің елу жылдық мерекелік нөміріндегі сол кезде Мәскеу қаласында тұрған Тамимдар Сафиевтің мақаласы (1968 жылғы 17 қараша) ерекше назар аудартты. Мақалада газеттеріміздің тарихына қатысты көптеген құнды деректер келтірілген, соның ішінде көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» (1919 жыл) болып өзгертілгенде оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиевтің де болғандығы жазылған. Біздің жұмысымыздың арнасын осы мәліметтер күрт өзгертті. Алқада мүше болған бесеудің үшеуі, яғни Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетін шығарушылар екендігін білген соң жұмысымызды атауы мен шығарған тұлғалары маңызды «Қазақстан» газетін зерттеуден бастадық.

Тігіндісі сақталмаған, не жөнді зерттелмеген газетті елімізден таба алмадық. Талмай іздеудің арқасында Санкт-Петербургтегі М. Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасы мен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан таптық. Он алты нөмірі қолымызға тиді. Ыждағаттап газеттің түпнұсқа көшірмесімен бірге араб әліпбиінен кириллицаға аудармасымен (аударған Қазбек Құттымұратұлы), газетті шығарушылар мен кейін зерттеген азаматтар туралы деректер және зерттеушілердің еңбектері мен осы тақырыпта түрлі басылымдарда жарияланған мақалаларды қосып «Қазақстан» 1911-1913» атауымен 2012 жылы кітап етіп шығардық. Бұл тек облыстық газеттердің емес, жалпы еліміздің баспасөз тарихына зерттеуге қосылған сүбелі іс болды. Елбасы Батыс Қазақстан облысына келген бір сапарында кітап қолына табысталды. Жиырмасыншы ғасырдың басында газеттің әр нөмірінде «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым өнер турасында» деп азат ел болуды аңсап «Қазақстан» атауымен газет шығарған тұлғаларымыздың еңбегімен 1991 жылы мемлекетіміздің атауын «Қазақстан Республикасы» деп бекітіп, бабаларымыздың еңбегін жалғап, армандарын жүзеге асырған Н. Назарбаев ғасыр өткен соң парақтап танысты. Осыдан соң Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада кең көлемде таныстырылымын өткіздік, ғалымдар зерттеумен айналысып кетті.

МаскаудеОсы кезде газет тарихына байланысты тағы бір кітапты қызу дайындық үстінде болдық. Ол тамыры тереңнен бастау алатын басылымдарымызда еңбек еткен редакторлардан бастап қарапайым қызметкерге дейін ұмыт қалдырмау мақсатындағы іс еді. Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан алдырылған газеттер сараланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында жасалған жұмыстардың арқасында көптеген тың деректер табылды. Кемінде бес редактордың саяси қуғын-сүргін құрбандары болып, ату жазасына кесілгендігі анықталды. Газеттеріміздің алғаш шыққан кезінен бастап бүгінгі күнге дейінгі редакторлардың тізімі жасалды.

Мүмкіндігінше басылымдарда қызмет еткен қызметкерлер туралы анықтамалық мәлімет суреттерімен және ұжымдық суреттерді де жинадық. Әр кезде редакцияда қызмет еткен әріптестеріміздің естеліктерін де ұмыт қалдырған жоқпыз. Оған Мәскеу мұрағаттарынан газеттерімізді қалай әкелгендігіміз жөніндегі жолжазбаларда енгізілді. Басылымдардың басын біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрылу, даму тарихы, басқарған басшылары туралы да ақпараттар топтастырылды. Жинақталған қолда бар мәліметтермен газеттеріміздің тарихына байланысты алғашқы «Қос газеттің тарихы» — «История двух газет» атауымен кітап шығардық.

2013 жылы «Жайық Престе» қызмет ететін барша шығармашылық сала қызметкерлерінің әрқайсысының өз қалауы бойынша сол жылы газет бетінде жарық көрген ең үздік мақалаларын топтастырған алғаш рет «Жайық журналистері» кітабы да жарық көрді.

Осылайша бір жылғы тынымсыз еңбегіміздің арқасында 2013 жылы «Қос газеттің тарихы» — «История двух газет», «Жайық журналистері» атты үш кітап шығардық.

Осы жылы газеттеріміздің 95 жылдығын қызметкерлеріміз, ардагерлеріміз, оқырмандарымыздың қатысуымен Орал қаласында кең көлемде атап өттік.

Өз күшімізбен «Қазақстан» газетін шығарушылар және басылымның бағыты жөнінде деректі фильм түсіріп, ол телеарналарда көрсетілді. «Жайық Пресс» ЖШС бастамасымен газеттің ресми редакторы болған Елеусін Бұйринге Зашаған кентіндегі көшеге есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатылды.

Е. Бұйриннің Алматы қаласындағы туған немересі Валерий Бұйринді Оралға алдырып құрмет көрсеттік. Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Бұрханқызы Қарашеваны тауып, бірнеше рет арнайы сапарлап бардық. Қолындағы Ғұмар Қарашқа қатысты түрлі зерттеушілердің еңбектерін бізге табыстады. Біз де өз тарапымыздан Ғ. Қараштың еңбектерін тырнақтап жинап жүрміз, жақында прозасы мен поэзиясын бөліп екі том шығармақшымыз.

«Ұранға»  неге  бет  бұрдық?

«Қазақстан» газетін бірыңғайлаған соң сол кезде газетіміздің бастауы саналған, 17 қараша 1918 жылдан жарық көрген «Известия» — «Хабар» газеттерін зерттеуге кірісуіміз қажет еді. Солай бастап та едік. Қазақстаннан табылмай, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан әкелінген алғашқы нөмірлерді араб әліпбиінен кириллицаға аударуымыз жоспарымызды тағы өзгертті. Хабардың алғашқы нөмірінде араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп…» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейтіні анық және «Ұран» баспаханасы» дегені «Ұран» газетінің баспаханасы» дегенді аңғартады. Осылайша «Ұранның» орнын «Известия» — «Хабар» газеті басқаны аңғарылып тұрды. Дәл осы мәлімет «Ұран» газетін зерттеуге бет бұруға түрткі болды. «Ұран» газетінің тоғыз нөмірінің түпнұсқасы Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-дан Мақсат Тәжімұрат ағамыз тауып берді. Арнайы барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «Халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954 ж. ж.) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Музей қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған. «Ұран» газетінің кей нөмірлерінің көшірмелері Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде де сақталған екен.

Мұстафа ағамыз «Ұран» газетінің фотокөшірмелерімен қатар осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап қойыпты. Музей басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.

Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз – «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Біз тоғыз нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16(3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.

2014 жылы бар тапқан нөмірлерімізді кириллицаға аударып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектерді қосып, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақалаларын және «Ұран» туралы жазылған материалдарды топтастырып «Ұран» газеті 1917-1918» кітабын шығардық. Газет туралы танымдық деректі фильм дайындадық.

2013-2014 жылдары шығарған кітаптарымызды Орал, Алматы, Астана қалаларындағы іргелі оқу орындарында ғалымдар мен студенттердің қатысуларымен таныстырылымдарын жасадық. Түсірген деректі фильмдерімізді көрсетіп, кітаптарымызды кітапханаларына тарту еттік. Елеусін Бұйринмен қатар Зашаған кентіндегі тағы бір көшеге Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатып, барша ұжым боп барып, көшеге ағаштар отырғызып, мәдени шара өткіздік.

«Хабар»

Осыдан соң «Известия — Хабар» және «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» газеттерін зерттеуге кірістік. Бұл газеттердің көшірмелерін Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан әкелген болатынбыз. «Известия — Хабар» газеті 1918 жылдың 17 қарашасынан осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарық көрген. Барлығы 31 нөмір болса, біздің қолымызда 4-6, 24, 26 нөмірлері жоқ. Қалғандары толық. 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» атауымен осы жылдың 7 ақпанына дейін шыққан. Барлығы 24 нөмір, оның 19-ы қолда бар, жоғы 7, 12, 14, 19, 21 нөмірлер. Газеттердің орысшасы кириллица, қазақшасы араб әліпбиімен жазылған. Қолымыздағы бар нөмірді жинақтап, араб әліпбиінен кириллицаға аударып (аударған Ерсайын Мергенбаев, Мұратбек Жахатов), газетті шығарушы тұлғалар туралы деректерді қосып «Известия — Хабар» және «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» газеттерін қалың бір кітап етіп 2015 жылы шығардық.

2013 жылы 21 маусымда жұма күні жолымыз болып Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан «Известия — Хабар» және «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» газеттерін тапқан болсақ, ертеңіне Мәскеу маңындағы Химки қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінен «Дұрыстық жолы» газетінде тапқанымызда қуанышымызда шек болмаған. Сол сәтте тапсырыс беріп, көшірмесін ала келгенбіз. Мұның алдыңғы басылымдардан басты ерекшелігінің бірі — қылышынан қан тамып тұрған Совет дәуірінің өзінде тек қазақ тілінде шыққандығы. Бастауында Алаштың біртуар қайраткер-ағартушылары Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевтер болған. 1919 жылы Ордада 20 ақпаннан 10 шілде аралығында айына екі рет, барлығы 11 нөмірі жарық көрген. Толықтай араб әліпбиінде. Барлық нөмірін аударып, шығарушылар туралы ақпаратты, газетті шығарушылардың бірі Тамимдар Сафиевтің Мұстафа Ысмағұловтың өтініші бойынша 1916-1920 жылдар арасында Бөкей ордасында болған қоғамдық-саяси оқиғаларды суреттеген араб әліпбиінде жазылған естелігін аударып (аударған Гүлмару Мырзағалиева) қоса бердік. Осылайша 2016 жылы «Дұрыстық жолы» газеті 1919» кітабын шығардық.

«Ұшқынның» тарихына неге қызықтық?

Осы жылы баспасөз тарихына қатысты тағы бір аса маңызды газетті жинақ етіп шығардық. «Қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитетінің атағынан жетісіне екі шығарылатын саяси, әдеби һәм шаруашылық газетасы» деп сипатталған, 1919-1920 жылдары сол кездегі астанамыз Орынборда жарық көрген, бүгінгі тәуелсіз еліміз, Қазақстан Республикасының бас газеті – «Егемен Қазақстанның» бастауында тұрған «Ұшқын» басылымы. Шарқ ұрып іздемеген жеріміз қалмады. Орынбордағы мұрағат пен кітапханалардағы ізденісіміз нәтиже бермеді. Әдеттегідей Мәскеудегі кітапханалар мен мұрағаттардан сұраған са-уалдарымызға оң жауап болмады. Бірақ іздегеніміз елден табылды. Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында 37 нөмірі сақталыпты. 2, 3, 5, 6, 7, 13, 32 сандары жоқ екен. Алдырдық. Аудардық. Ресейде большевиктер билігі орнаған соң пайда болған тұңғыш жалпықазақтық газет. Саяси бағыт-бағдарына қарамастан, газеттің басы-қасында жүрген азаматтар ең алдымен қазақ қамын ойлап, қазақ жерінің бүтіндігін көздеген, өз ұлтының жыртығына жамау болуға ұмтылған. Мұны газетте жарияланған мақалалардың мазмұнынан-ақ байқайсыз. «Батыс Қазақстандағы «Жайық Пресс» мекемесі Орынборда шыққан «Ұшқын» газетінің тарихына неге қызықты?» — деген сауал да тууы мүмкін. Біріншіден, біз бір ниет, бір тілектегі тұтас ел болғандықтан, қазақ басылымдарының қай-қайсысы да бізге жат емес. Екіншіден, «Ұшқын» газетін шығару үшін Ордадағы жазушылар құрамасы Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевтер шығарып тұрған «Дұрыстық жолы» газетін жауып, баспаханасын Орынборға көшіргені туралы Тамимдар Сафиевтің естелігінде айтылған. Осы естелікте Сейітқали Меңдешев газеттің атауын «Ұшқын» деп қойып, осы газетті шығаруды Тамимдар Сафиев өзіне тапсырылғанын айтқан. Яғни «Дұрыстық жолы» газетін шығарушы бөкейлік Тамимдар Сафиев «Ұшқынның» алғашқы редакторы болса, сол кезде Халел Есенбаев «Ұшқынды» шығарушы жазушылар құрамында болған. Осыған дейін «Егемен Қазақстанның» алғашқы редакторы кім болғандығын зерттеушілер тап басып айта алмағанын ескерсек, бұл мәліметтер тыңнан түрен салғандай. Сондықтан аласапыран жылдарда алаш қамын ойлаған басылымның сөзін қайта тірілтіп, оқырман қолына ұстату ісін борышымыз санадық. Әдеттегідей қолымыздағы бар нөмірді араб әліпбиінен (аударған Гүлмару Мырзағалиева, Мұратбек Жахатов) кириллицаға аударып, шығарушылар туралы мәліметтерді жинап, газетке қатысты зерттеу материалдарды топтастырып, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған Тамимдар Сафиевтің естелігін қосып, 2016 жылы «Ұшқын» газеті 1919-1920» кітабын шығардық.

Тәуелсіздік   жылнамасы

2016 жылы желтоқсанда азаттық алғанымызға 25 жыл толды.

Осы атаулы датаға біз де ісімізбен нақты үлес қосуды мақсат еттік.

2013.11.12 музей (1)Жүз жыл үздіксіз жарық көрген басылымда өңірдің жүз жылдық шежіресі де хатталғаны анық. Тәуелсіздік күніне біздің тартуымыз болсын деп, 1991 жылы 16 желтоқсаннан бастап 2016 жылға дейінгі, яғни ширек ғасырды қамтитын облысымыздың хронологиялық шежіресін жасадық. Осы жинақты жасау үшін Тәуелсіздік алған күннен бастап шыққан қос газетіміздің әр нөмірін бүгінгі күнге дейін парақтап, өңірімізде атқарылған маңызды шаралар, атқарылған істер, елеулі оқиғаларды нақты күнімен көрсетіп тізбектеп шықтық. Еңбегіміз қазақ тілінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016) (700 бет), орыс тілінде Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)» (935 бет) атауымен қалың кітаптар боп жарыққа шықты.

Баспасөз тарихын зерттеумен айналыса жүріп, басқа да еліміздің тарихы үшін маңызды құжаттарға кезігеміз. Алматы қаласына газет тігінділерінің электронды көшірмесін жасауға жіберген маманымыз А. Есеналинге кезіккен 1905 жылы жазылған хат соның бірі еді. Оны да ала келуді тапсырдық. 1905 жылы Орал және Торғай облысының Петербургқа депутаттар болып барған ізгі ишандарының Һәм билерінің дін тұрғысындағы Һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге жазған хатын араб әліпбиінен кириллицаға (аударған Сайфолла Моллақанағатұлы) аудардық. Аса маңызды екеніне көзіміз жетті. Сол кезеңдегі саяси ахуалды жан-жақты талдап, мәселені оң шешуге тырысқан ұмтылыс. Дінді сақтау арқылы жерді сақтауға, жерді сақтау арқылы отаршылдыққа тойтарыс беруге талпыныс екендігі анық байқалады. Дін мәселесі бүгінде өзекті боп тұрғанда, толық нұсқада бұрын-соңды жарық көрмеген ата-бабамыздың жеке бастың емес, елдің тағдырына орай жазған хатын «Дін үшін. Жер үшін» атауымен арнайы жинақ етіп шығардық. Бұның өзі шынайы тарихымызды жазушыларға маңызды дереккөз болмақ.

2017 жылы осы «Дін үшін. Жер үшін» кітапшасынан бөлек 1920-1922 жылдар аралығындағы «Қызыл ту» газетіндегі маңызды мақалаларды іріктеп аударып, жинақ етіп шығарудамыз. Көпшілік бұл кезеңде қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің саясатын соққан болар деп ойлайды. Ақиқатында олай емес. Қиюын тауып қиыстырып, халықтың қиын жағдайын ашық жазған. Артынан көпшілік редакторлардың «Халық жауы» болуларына осы әсер еткен.

Біз  шығарған   кітаптар

PRI_2585Қорыта айтқанда, соңғы бес жылдың ішінде, 2012 жылдан бері «Жайық Пресс» ЖШС жанынан баспасөз тарихын зерттеу орталығын құрып, өңірдегі баспасөз тарихын зерттеп, әр жыл сайын сериялы кітаптар шығардық.

2012 жылы әуелі Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы), кейіннен Орал қаласында шыққан «Қазақстан» газетіне арналған «Қазақстан» газеті 1911-1913» (400 бет);

2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына арналған «Қос газеттің тарихы – История двух газет» (436 бет) және «Жайық журналистері» (257 бет);

2014 жылы Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы) шығып тұрған алашшыл қазақ газетіне арналған «Ұран» газеті. 1917-1918» ( 400 бет);

2015 жылы Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы) Совет өкіметі орнаған соң қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрған басылымға арналған «Хабар — Известия» 1918. «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда» 1919» (680 бет);

2016 жылы Бөкей ордасында құрылған «Жазушылар құрамасының» құрылтайшылығымен шыққан қазақ тіліндегі басылым тарихы туралы «Дұрыстық жолы» 1919» (300 бет) және Орынборда шыққан басылым «Ұшқын» газеті 1919-1920» (370 бет), Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қазақ тілінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016)» (700 бет), орыс тілінде «Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)» (935 бет).

2017 жылы 1905 жылы Орал және Торғай облысының Петербургқа депутаттар болып барған ізгі ишандарының Һәм билерінің дін тұрғысындағы Һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге жазған хатын аударып «Дін үшін. Жер үшін» жинағын және 1920-1922 жылдар аралығындағы «Қызыл ту» газетінде жарық көрген мақалалар топтастырылған «Қызыл ту» 1920-1922».

Міне, бес жылдың ішінде баспасөз тарихымен байланысты он кітап шығарыппыз! Бұл кітаптардағы деректердің маңыздылығы жыл өткен сайын арта бермек. Келер буынға құр сөз емес, нақты іспен үлгі жасап, жол салғанымызға шүкіршілік етеміз.

Газеттерді арнайы жинақтап кітап етіп шығаруымыздың мақсаты – республика бойынша байырғы басылымдардың қатарындағы біздің «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бүгінгі қоғамда алатын орнына айрықша мән беру, 100 жыл бойы мемлекеттік саясатты халыққа насихаттап келген, елімізде бірліктің, ынтымақ пен татулықтың салтанат құруына қосқан үлесін, білім мен өнерді, ғылым мен тарихты, тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін, сөйтіп, әр азаматтың тұлға болып қалыптасуына тигізген ықпалын оқырманға паш ету.

Жүз  жылдық  тігінді

IMG_4831Жүз жылдық мерейлі күнімізге дейін атқаруға мақсат еткен маңызды жобаның бірі «Жүз жылдыққа — жүз жылдық тігіндімен» бастамамыз еді. Жүз жылдыққа дейін талай мерейлі жылдары атап өтілді. Бірақ бүгінгі күнге дейін толық тігіндісі жасалмаған. Осы олқылықты толтыру басты мақсатымыздың бірі санадық. Әйтпесе, «жүз жылдығымыз» деп алысқа айқайлағанымызбен, «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегеннің кейпінде боларымыз анық. Сондықтан электронды және қағаз нұсқасындағы толық тігіндісін жинау табан тірер нақты істердің бірі болмақ деп шештік. Бұл өте ауқымды іс екенін білдім. Жүз жыл бойы аптасына кемінде үш рет, жыл сайын орташа 150 нөмір, Кеңес заманында дені А2 форматында, кемінде төрт бет боп жарық көрген газеттің ұзын-саны неше бет болатынын долбарлай беріңіз. Қазақ және орыс тілінде шыққан екі газет болғандықтан, тағы екіге көбейтіңіз. Міне, алдымызда осындай ауқымды іс күтіп тұрды.

Істі газеттерді сканерлеуге мүмкіншілігі жоғары құрылғы сатып алудан бастадық. Содан соң алдымен Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында сақталған газеттерімізді алып, сканерледік. Жоқ нөмірлерін Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасынан тауып, электронды көшірмесін жасадық. Орал қаласында газеттеріміздің тігіндісі сақталған тек осы екі мекеме болды. Бірақ екеуінен жинасақ та, толық тігіндісін жасақтай алмадық. Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінде бізде жоқ тігінділері бар екендігін білген соң маманымызды құрылғымен Алматы қаласына аттандырдық. Бір ай жатып, бізге қажет нөмірлердің оларда барының барлығының электрондық нұсқасын жасады. Алматыдағы ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының баспасөз мұрағатында кей нөмірлеріміздің бар екендігін анықтап, салып отырып онда да барды. Барын алды. Осылай Мәскеу мен Алматыдағы кітапханалар мен мұрағаттардан денін жинадық. Қызығы, «Приуралье» газеті 1921 жылдан облыстық мемлекеттік мұрағатта бүгінгі күнге дейін ретімен сақталған. «Орал өңірі» олай болмады. Біздің Алматы мен Мәскеу асуымызға да осы «Орал өңірі» газетінің толық болмауы себеп болды. Қолдан келгенді жасадық. Қалғанын табу — болашақтың ісі. «Орал өңірі» газетінен — 56 212, «Приуралье» газетінен — 91 636 бет сканерленді, барлығы — 147 848 бет. Осының бәрін өңдеп, қағазға шығарып, түптедік. Ғимаратымыздың бесінші қабатында арнайы бөлме жасақтап, жүз жылдық тігіндіні самсатып тізіп қойдық! Дәл осы ісіміз Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасымен үндесіп жатқаны және біз бұл тапсырманы орындауға нақты үлес қосқанымызға марқайа түстік. Бұл да бір біткен іс болды!

Тарихымызды  танытар  жобалар

IMG_2447цветметБаспасөз музейін жасақтау бағытында үздіксіз жұмыс әлі жалғасуда. Түрлі жәдігерлер, маңызды құжаттар, басқа да музейге жарамды дүниелерді бір жерге жинақтаудамыз. Қазір қолымызда түпнұсқадағы ескілікті газеттер, тарихи суреттер, кітаптар, қолжазбалар, түрлі құрал-жабдық-тар, жеке құжаттар және т. б. бар. Музейге лайықты арнайы бөлме де жасақтаудамыз.

Орал қаласында «Қазақстан» газетінің және Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылындағы «Ұран» газетінің редакциясы болған үйге арнайы тақта ілдік. Қазір бұл үйлердің жанынан өткен адам бұл орынның тарихи маңызды екендігін біле жүреді.

Газеттерімізде қызмет еткен тұлғаларымызға қатысты тарихи суреттерді жинақтауды да қолға алдық. Оларды өңдеп, қағазға шығарып, рамкаға салып, ғимаратымыздың ішіне ілдік. Бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін көтерілген адам суреттерді тамашалау арқылы баспасөз тарихымен қанығады. Ғимаратымыздың іші баспасөз тарихынан сыр шертетін фотокөрмеге айналды.

95 жылдықтың қарсаңында бес редактор саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын таптық десек, 100 жылдықтың қарсаңында 15 редакторымыздың «Халық жауы» атанып, дені ату жазасына кесілгенін анықтап отырмыз!

Бірнеше жыл қатарынан «Елеусін Бұйрин және Ғұмар Қараш атында: тілші болғың келсе» байқауын өткіздік. Мақсатымыз — аты аталған қос тұлғамызды халық арасына кеңінен насихаттау, жазуға икемі бар, қабілетті жастарды газетке қызметке алу. Осы байқаудың арқасында облыстық, аудандық газеттерге орналасқан жастарымыз өздерінің іскерлігін дәлелдеп, бүгінде бар ынта-жігерімен қызмет етуде.

Баспасөздің бастауында тұрған Ғұмар Қараштың өлеңдерінің аудионұсқасын жасап, арнайы дискілер шығардық. Мұқабасында тарихи тұлғаларымыздың суреті бейнеленген дәптерлер шығарғанбыз, оның ішінде Ғұмар Қараш та бар. www.gumar.kz  сайтын жасап, оған өмірбаяны мен шы-ғармаларынан бастап барлық ақпаратты енгіздік.

100 жылдыққа орай жасаған істеріміздің бәрінің басын тоғыстыратын маңызды жобамыз www.1911.kz сайты болмақ. Бұл сайтта шығарған кітаптарымыз, дайындаған фильмдеріміз, музей жәдігерлері, саяси қуғын-сүргін көрген журналистер туралы, тарихи суреттер, басқа да баспасөз тарихына байланысты құнды деректердің бәрі қамтылды. Кез келген қызығушыға қолымызда барды ұсынамыз.

Осы жұмыстың бәрін сайттарымызды күнделікті жаңартып, газеттерімізді уақтылы шығара отырып, өз қызметкерлеріміздің күшімен атқардық. Мұндай ауқымды іс ұжымда ынтымақ, ауызбіршілік болғанда ғана нәтижелі болары анық. Әр жыл сайын 22 наурыз, 16 желтоқсан, жаңа жыл, журналистер күні, басқа да мейрам күндерді барша ұжымның ауызбіршілігін арттыру мақсатында мазмұнды етіп, кеңінен атап өтуге тырысамыз. Ардагерлерімізге құрмет көрсету де осы асыл мақсаттан туған. Өздерінің шығармашылық бағытындағы еңбектерімен елге танылған әріптестеріміздің туған күндерін де кең көлемде ұйымдастыру — бір-бірімізге құрмет көрсетудің үлгісі. Мысалы, облыстық қазақ драма театрының залында Ұлдай Сариева, Ертай Бимұханов, Есенжол Қыстаубаев, Бауыржан Ғұбайдуллин әріптестеріміздің мерейлі жастарын шығармашылық кеш ретінде өткізуіміз осының айғағы.

Жалғасын  таппақ  жобалар

Жүз жылдыққа қатысты жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін биыл бастаған бірнеше жобамызды аяғына жеткізуіміз қажет.

Тұстастары «Абайдан кейінгі ақын…» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақ. Мұнда Ғ. Қараштың өлеңдері, әдеби шығармалары, мақалалары, көсем сөздері, пәлсапалық ой-тұжырымдары, жинақтаған ауыз әдебиеті туындылары енгізіледі. Нобайы дайын. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған елеулі үлес болмақ.

Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай толық түрлі-түсті деректі-жылнамалық жинақ әзірлеуге кірістік. Жинақта облыстық газеттердің тарихы, кезеңдері, атаулары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер беріледі. Биылғы жылдың қыркүйек айында 100 жылдыққа орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, оған елге белгілі баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарды шақырып, баспасөз тарихын зерттеу мәселелерін талқылап, болашақта бірлесе қимылдауға ақылдаспақшымыз. Негізгі салтанатты шара да осы қыркүйек айында болмақ.

Жалпы, баспасөздің дұрыс зерттелмеуіне газеттердің бұрын-соңды елге әкелініп, түсінікті әліпбиге аударылмағаны себеп болды. Осы олқылықтың орнын толтырудамыз. Енді жинақтаған дүниелерді жеделдетіп, ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Осы орайда ғасырлық той аясында еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын журналистика, филология және тарих факультеттерінің студенттері мен магистранттары арасында баспасөз тарихы тақырыбында курстық, дипломдық, магистрлік жұмыс байқауын жарияладық. Мақсат – баспасөзді зерттеу объектісіне айналдыру. Байқау жөнінде алғашқы жүздесу Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарымыз ғалымдар мен студент жастар тарапынан қолдау тапты.

Елімізге белгілі ақын, баспасөздің бастау алған Орда жерінің тумасы, барша аналарға өлеңмен ескерткіш орнатқан Қайрат Жұмағалиев ағамыз өмірінің соңғы жылдары «Жайық Престе» қызмет етті. Марқұм Қайрат аға тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.

Осы атаулы жыл аясында Қайрат Жұмағалиев атында шығармашылық байқау жарияладық. Сонымен қатар ортамыздан жастайынан кеткен, ерекше еңбекқор, өз ісінің шынайы маманы әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға арналған фотобайқауды ұйымдастырудамыз.

Мақсатымыз – еліне еңбегі сіңген азаматтарды үлгі етіп, халыққа насихаттау, әріптестікке адал болу.

Баспасөз тарихын, Ғұмар Қарашты зерттеуге үлес қосқан, сөзі мен ісі қабысқан баспасөз саласының үздіктеріне Ғұмар Қараш атындағы арнайы төсбелгі табыс ету де биылғы жылдың еншісінде.

Бүгініміз

100 жылдықтың қарсаңындағы біздің атқарған істеріміз уақыт өте тарихқа айналары сөзсіз. Осы кезеңдегі газет тарихын зерттеуден бөлек заман ағымымен, күнделікті атқарып жатқан істеріміздің бірсыпырасымен, тыныс-тіршілігіміз туралы хабар бергенде жөн болар.

Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Пресс» ЖШС мемлекет саясатын, ел мен облыста болып жатқан жаңалық-өзгерістерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел де мазмұнды жеткізу мақсатында өз қызметін қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жаңашылдықпен жүргізіп келеді. «Жайық Пресс» ЖШС 2003 жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін біріктірген мекеме болып құрылған. Кейін ЖШС құрамына 12 аудандық газеттер біріктірілді. Ал облыс аумағында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу үшін ғаламтор мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, «Жайық Пресс» ЖШС ең алдымен 2012 жылдан бері ақпарат орталығын құрып, www.zhaikpress.kz сайтын жолға қоюмен бірге облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және он екі аудандық газеттерінің жеке сайттарын жасақтады. Мұндағы басты ерекшелік – облыс көлеміндегі және барлық аудандардан келетін жаңалық — ақпарат сол бойда сұрыпталып, сайтқа орналастырылады. Бұл бағытта қазақ және орыс тілдерінде арнайы мамандар жұмыс жасайды. Облыстық және аудандық газеттердің сайттары да осылайша жаңарып отырады. Сонымен қатар маңызды жарияланымдар «Жайық Престің» әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларында жарияланады. Медиахолдингтің әлеуметтік желілерде мыңдаған тұрақты оқырмандары қалыптасты. Республикалық басылымдар өңірімізге қатысты өздері іздеген мақала, хабар, деректерді осы сайттан ала алады. Осы орайда «Жайық Пресс» ЖШС беделді республикалық газеттер және ақпарат агенттіктерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Яғни «Жайық Пресс» — өңірлік ақпараттық агенттік іспеттес.

«Жайық Пресс» ЖШС-ға қарасты барлық сайт материалдары екі тілде, суреттерімен жарияланады. Сайт қазіргі заманғы талаптарға сәйкес безендірілген. Облыста қалаға қоса, он екі ауданды бірдей қамтитын мұндай сайт әзірге жоқ. Бұл жерде атап өтетін жайт, әр аудандық газет өз сайтын дербес жүргізіп, жаңартып отырады. Сонымен қатар олардың әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар. Осылайша аптасына бір рет жарық көретін аудандық газеттер көкейкесті тақырыпта жазылған мақалалары мен маңызды жаңалық — хабарларын алдымен сайт пен әлеуметтік желіде орналастырып, алыста жүрген оқырмандарымен де күні бұрын қауышып отырады. Бұл сол газеттердің танымалдылығын арттыру бағытында таптырмас мүмкіндік болып отыр. Жергілікті журналистер де өскелең заман талаптарына тез бейімделіп, осындай мүмкіндіктерді молынан пайдаланып, әлеуметтік желілерде өз белсенділіктерін көрсетіп келеді. Мұның бәрі медиахолдинг құрамына облыстық-аудандық БАҚ-тардың бірігуінен, олардың жұмысы жүйеленіп, жаңа медиа мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білгенінен деп есептейміз.

Жүз жылдықтың қарсаңында облыстық газеттердің логотиптері жаңартылды. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасалды. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің логотиптері де осындай ықшам болған екен. Қазіргі ғаламтор жаулап, жаһандану жамыраған заман да басылымның атауы, мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі талапқа сай, жаңаша болуын талап етеді. Қос газет жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырды. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «Менің газетім», «100 жылдыққа – 100 тұлға» айдарымен материалдар берілуде. «Приуралье» газетінде де «Летопись Приуралья газетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала газета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа да айдарлар көрініс тапты.

Тұрғындармен тікелей байланысты жақсарту мақсатында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қосылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, газетке немесе сайтқа өз тақырыбын ұсына алады. Сонымен қатар шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді. Қазірдің өзінде оқырмандар аталмыш нөмір арқылы хабарласып, соның нәтижесінде облыстық газеттерде жедел ақпараттар берілуде.

Әлбетте, әр адам өзінің шыққан тегін білмесе, не білуге ұмтылмаса, оның мәнсіз өмір сүргені. Сол сияқты мемлекет те халқына өз тарихын терең зерделеп ұғындырмаса, оның ел ретінде тарих сахнасынан жойылары кәдік. Тап осы секілді, біздің газеттеріміздің де тарихын тыңғылықты зерттеп, тиянақтамасақ, оны газетте болашақта қызмет етер ұрпаққа жеткізбесек, басылымдарымыздың болашағы бұлыңғыр болары хақ. Өскелең ұрпақ бұл басылымдарды тірі ағза ретінде қабылдауы қажет. Егер әр қызметкер газетіміздің тарихын терең үңіліп, қоғамдағы орнын жете сезінсе, өз жұмысын жанашырлықпен, мақсат-керлікпен атқарып, газеттің о бастағы ұйымдастырушылық, насихатшылық ұлы миссиясын алға апарары сөзсіз. Әріптестерімді баспасөзіміздің бастауы болған Ордаға апаруымның басты мақсаты осы! Жиырмасыншы ғасырдың басында бүгінгі бізге жарқын өмір сыйлау үшін бастарын бәйгеге тігіп, еңбек еткен Алаш арыстарының табаны тиіп, қолдарының табы қалған қасиетті жерді көзбен көріп, қолмен ұстап сезініп, рухани жаңғыруларына сеп болу.

Қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқарған істеріміз барша қазақтың қамы үшін қайғырып, қолына қалам ұстап, қиын кезде газет-журнал шығарып, елге қызмет еткен барша қаламгерлердің рухы алдындағы құрметіміз.

Жантас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Жайық  Пресс» ЖШС-ның  бас  директоры


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика