Мұрағат: 24.07.2017


Алты медаль еншіледі

Күні: , 31 рет оқылды

москва байдарка


Шілденің 21-23-і аралығында Мәскеуде өткен каноэ мен байдарка есуден жасөспірімдер арасындағы Ресейдің ашық чемпионатына қатысқан жас жерлестеріміз олжалы оралды.


Аталмыш жарыста қаламыздағы №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бес тәрбиеленушісі өңіріміздің ғана емес, еліміздің де намысын абыроймен қорғады. 200, 500, 1000 метрлік қашықтықтар бойынша сынға түскен жерлестеріміз алты медальді еншіледі, оның төртеуі күміс, екеуі қола. Қоржынға Антонина Казанина, Маша Бравкова, Наташа Донскова жүлде салды. Балаларының жетістіктеріне қуанған ата-аналар олардың осынау жарысқа баруына мүмкіндік жасағаны және дайындағаны үшін №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қ. Рахметовке, бапкерлер В. Астафьев пен Е. Бравковаға өз ризашылықтарын білдіруде.


Жайықтың экожүйесі — ортақ мәселе

Күні: , 37 рет оқылды

0O9A3587


Өткен аптаның соңында ХХІ тарихи-мәдени, экологиялық «Жайық — Орал» экспедициясы көршілес Орынбор облысының  Елек ауданына келіп тоқтады. Дәл осы жерде Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған қос облыстың делегациялары  кездесті.


ХХІ тарихи-мәдени экологиялық «Жайық — Орал» халықаралық экспедициясы Жайық өзені бассейнінің экожүйесі мен тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу проблемаларын көтеріп, салауатты өмір салтын дәріптеп, патриоттық тәрбие беруді, ұрпақтар сабақтастығын, трансшекаралық ынтымақ-тастықты дамытуды насихаттап келеді. 1997 жылы  бастау алған экспедицияға ҚР Парламенті депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, эколог-ғалымдар тұрақты түрде қатысуда.

— Достық өзеніне айналған Жайықты сақтап қана қоймай, оны келешек ұрпаққа аманаттау — біздің басты парызымыз. «Жайық — Орал» экспедициясына біз осыдан 15 жыл бұрын қосылған едік. Содан бері Жайық өзенін сақтау бағытында көп жұмыстар атқарылды. Ендігі кезекте екі мемлекетте құрылған жұмыс топтарымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет, — деді шараны ашқан Орынбор  облысының  губернаторы  Юрий Берг.

— Өткен жылы екі мемлекет басшысының кездесуімен трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау жөнінде келісімшартқа қол қойылған болатын. Сондықтан да бүгінгі кездесудің маңызы зор. Біз бұл жерге тек мерекеге емес, маңызды мәселелерді талқылау үшін келдік. Жайық өзенін тазалау, табиғатты сақтау, экологияны қорғау, осы істерге жастарды жұмылдыру жөнінде біраз мәселені талқыладық. Осының бәрі келісімшартта қарастырылған. Біздің өңірде су мәселесі өте маңызды. Сол себепті осы мәселемен қатар достықты одан әрі нығайту, экономикалық қарым-қатынасты дамыту жайына да мән бердік, — деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

IMG_8593Жайық өзенінің бүгінгі экологиялық ахуалы екі елді де алаңдатып отыр. Осыған байланысты «Жайықты сақтау — елді және бауырлас халықтардың достығын сақтау» атты конференция ұйымдастырылды. Конференция жұмысына қос облыстан 300-ге тарта адам қатысты. Олар Жайық өзенінің экожүйесін жақсартуға байланысты жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, шешімі табылуы тиіс бірқатар мәселелерді атап өтті. Жайық өзеніндегі құрғақшылық, жер асты сулары деңгейінің төмендеуі, өзеннің қайраңдануы және өзен аңғарының балдыр-батпақпен ластануы — Жайық өзенінің негізгі мәселелері. Сондай-ақ конференцияда Жайық өзені бассейні аумағында орналасқан өндіріс ошақтарының түрлі қалдықтармен суды бүлдіріп жатқаны, Жайықтың жасыл желегі мен орманды алқабының сиреуі, балық қорының мейлінше азайғаны да айтылды. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың биогеохимия, экология зертханасының жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Зәрипа Қунашева Жайық өзенін қорғау тек биліктің ғана емес, жалпы қоғамның міндеті екендігін атап өтті. Оның айтуынша, судың құрамында химиялық, зиянды заттардың шамадан тыс көп екендігі тіркелген. Сондықтан судағы зиянды заттарды анықтау мақсатында қос мемлекет деңгейінде экологиялық мониторинг жүргізіліп, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қайтадан қалпына келтіру, көбейту қажет. Аталған мәселелерді шешудің маңыздылығына тоқталған баяндамашылар өңіраралық жаңа мереке – Жайық күнін атап өту қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгіленсе, осы бағытта Жайық өзеніне байланысты барлық іс-шаралар аталмыш мереке аясында өткізілсе деген ұсыныстарын білдірді.

Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бұл күнді тарихи күн деп атап, Жайық күні мерекесі қос елдің достығын одан әрі нығайтып, өскелең ұрпаққа үлгі болатын шара болатындығына сенім білдірді.

Шара соңы жергілікті өнерпаздардың  концертіне  ұласты.

XXI тарихи-мәдени экологиялық «Жайық – Орал» экспедициясы 28 шілдеде аяқталады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген А.КУПРИЕНКО


Кариб кризисіндей күрделі ПИК дағдарысы

Күні: , 42 рет оқылды

IMG_6795


1962  жылы  қырғи-қабақ  соғыстың  шиеленісін туындатқан  және  әлемді  үшінші  дүниежүзілік  соғыс,  тіпті ядролық  апатқа  ұрындыра  жаздаған саяси-әскери  дағдарыс тарихта  «Кариб кризисі»  деген  атпен  қалғаны белгілі. Кеңес одағының  Кубаға  зымырандарды  орналастыруына  орай КСРО  мен  АҚШ арасында туындаған төтенше  саяси  жағдай ұзақ  жүрген  келіссөздерден кейін  бейбіт  шешілгені  аян.


Орал  қаласындағы  Жәңгір  хан  көшесінің   бойындағы №71 үй тұрғындары  да   өздерінің   қазіргі   жағдайын  Кариб дағдарысына  теңеп  отыр…

«Үміттен»  үмітін  үзгендер

Газетіміздің редакциясына аталмыш үй тұрғындарынан түскен шағымхатта үй шатыры жөнді бітелмегендіктен, бүгінде ондағы көгершін қиы 40-50 см  болып, төбе опырылып түсер қауіпті жағдайда екенін жазған. Үйдің кіреберісіндегі табалдырық ойдымойдым болғандықтан және тәуліктің қараңғы мезгілінде дәлізде жарық жөнді қосылмайтыны, ал сәуір айынан бері электр қуатының тіптен берілмеуі салдарынан тұрғындар құлап, жарақат алыпты. Көп пәтерлі үйде мысық ұстау ережелерін бұзатын бірді-екілі тұрғын да бар көрінеді. Кіреберіс дәліздің қабырғалары бүкіл төрт қабат бойы санитарлық-гигиеналық және эстетикалық талапқа сай келмеген, айғыз-айғыз. Дәліздегі есік-терезе ПИК тарапынан жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, әбден тозығы жетіп, қиюы қаша бастаған. Тұрғындар мұны «Үміт» пәтер иелері кооперативінің басшылығына, құзырлы құрылымдарға бірнеше мәрте ескерткен. Алайда еш нәтиже жоқ.

Редакциямызға 15 мамырда түскен хат бойынша журналистік зерттеу жүргізу кезінде осы үй тұрғындарының бұл бағыттағы азабын біз де басымыздан өткергендей болдық.

«Бұл  үй  біздің ПИК-ке   қарамайды»

IMG_6799Мән-жайды білмек үшін алдымен аталмыш ПИК-тің төрағасы Хайырғали Сыйықовқа жолықтық. «Бұл үй біздің ПИК-ке қарамайды, – деді бірден Хайырғали Сыйықов.

– Оның техникалық паспорты, кондоминимум, жер актісі сынды құжаттары Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде. Сол себепті ол үй инспекцияның теңгерімінде тұр. Біз тек үйдің пәтерлеріне уақтылы салқын, ыссы сулардың барып тұруы, жылудың берілуі, кәріз жүйесін қадағалау бойынша қызмет көрсетеміз. Ал үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу, жарықтандыру, өзге де мәселелер  ПИК   құзырына   кірмейді».

Хайырғали Сыйықовтан коммуналдық-тұрмыстық бағыттағы қызмет көрсету туралы аталмыш үй тұрғындары мен «Үміт» кооперативі арасындағы келісімшартты сұрағанымызда, ол жоқ болып шықты. «Егер арадағы құжат жоқ болса, сіздер қандай негізде төлем қабылдайсыз?» деген сұрағымыз жауапсыз қалды…

Ертеңіне Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарластық. Бөлімнің сектор меңгерушісі Қанат Өмірәлиев ПИК төрағасының аталмыш үйдің инспекция теңгерімінде тұр деп айтуы дұрыс еместігін мәлімдеді. Иә, бұрын бұл үй коммуналдық меншікте болған. Қазір ондағы көпшілік тұрғын өз пәтерлерін жекешелендіріп алды. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 31-бабы 1-тармағына сәйкес  қазір ол үй коммуналдық меншік болып табылмайды. «Егер ПИК бұл үйге су, жылу беру, кәріз жүйесін қадағалау бойынша қызмет көрсетіп отырса, тұрғындардың жалпы жиналысында пәтер иелері кооперативінің қызметі көпшілік дауыспен мақұлданса, «Бұл үй менің теңгерімімде емес» деп олардан сырт айналуы дұрыс емес» – деді Қанат Өмірәлиев. Бірер  күннен кейін  белгілі болғанындай, бұл үйдің тек техникалық паспорты бар, жер актісі енді дайындалуда, ал кондоминимум құжатын тұрғындар өздері жасатуы керек.

Сансыз  сұрақ, сырғытпа  жауап…

Осынау мақаланың жазылуына себепші болған аталмыш хат редакцияға түскен бойда тұрғындар наразылығын баяндап, біраз мекеме-кәсіпорынға хат жолдадық. Бірінші хатымыз Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне кетті. Он шақты күннен кейін келген жауап хатқа аталмыш бөлім басшысының орынбасары М. Нұртазиев қол қойып, негізінен «Үміт» кооперативінің ұсынған дерегі бойынша мәлімет берген. Хатта баяндалғанындай, 2013 жылы айлық жарналар есебінен шатырға және подъезге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал жалпы қолданыстағы жарық көздеріне қатысты мәселе ПИК міндеттемесінде қарастырылмаған. Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде пәтер иелерінің жалпы жиналысы ұйымдастырылып, онда үй бойынша жиналған берешектер төленгеннен кейін подъезді жарықтандыру мәселесін ПИК өз мойнына алатыны жөніндегі түсінік  берілген. Үйді күтіп ұстау жұмыстары бойынша тұрғындарының берешегі 348 868 теңге (18 мамырдағы жағдай бойынша), яғни тариф 1 шаршы метрге 17 теңгені құрайды және үй бойынша айлық түсім 35 122 теңге көлемінде.  Сондықтан кіреберіс баспасындағы ойық шұңқырларды қалпына келтіру және өзге де жұмыстарды уақтылы жүргізуге қиындықтар туындап отыр.

Одан әрі хатта жазылғанындай, «ҚР «Тұрғын үй қатынастары  туралы» заңының 47-бабына сәйкес ПИК-тің жоғары басқару құрылымы (органы) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы болғандықтан, пәтер иелері кооперативінің басқарма мүшелерін, төрағасын, тексеру (ревизиялық) комиссия мүшелерін сайлау және олардың есебін тыңдап, жұмыстарына баға беру пәтер иелері кооперативінің жалпы жиналысының құзырына жатады. ПИК-пен арадағы дау-дамай тудырған мәселелер жалпы жиналыста немесе сот арқылы  шешіледі. Егер ПИК төрағасының және оның басқармасының үй-жайларды күтіп ұстауға байланысты жұмысы қанағаттанарлықсыз деп танылса, тұрғындар кооператив басқармасын және төрағасын қайта сайлай алады. Сонымен қатар аталмыш заңының 42-бабы, 7-тармағына сәйкес тұрғын үй-жайдың иелерi көпшiлiк болып қабылданған шешiм бойынша осы кооперативтiң құрамынан шығып, өзiнiң жеке кооперативiн құруға, басқа кооперативке ауысуға, не кондоминиум нысанын  (объектiсiн) басқарудың өзге түрін қолдануға құқылы.

Үйдің санитарлық жағдайына тексеру шарасын ұйымдастыру турасындағы екінші хатымыз БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ж. Құрмановқа  жолданған еді. Одан Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жіберіліпті. Басқарма басшысының міндетін атқарушы М. Танауовтан келген жауап хатта аталмыш мәселені қарастыру басқарма құзыретіне жатпайтыны жазылған.

Аталмыш үй дәлізінде жарықтың жоқтығы баяндалған хатты «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ға жолдадық. Одан келген жауап хатта бұған дейін осы үйдегі жалпы қолдану орындарын жарықтандыру бойынша серіктестік пен аталмыш үйдің жауапты тұлғасы ретінде болған Сәбила Балқыбай арасында келісімшарт жасалғандығы жазылған. Биылғы 17 сәуірде ол кісі келісімшартты бұзу туралы өтінішін беріп, жұмыстан босаған. Қазіргі таңда бұл үйде тұтынылған электр қуатына байланысты қарыз жоқ. Енді жаңадан келісімшарт жасау керек. Серіктестіктің тұтынушылармен  жұмыс бойынша тобының жетекшісі Н. Келлердің мәлімдеуінше, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 19 ақпанындағы №108 бұйрығымен бекітілген «Кондоминимум объектілеріндегі жалпы қолданыстағы мүлікті қолдану туралы» ереженің 15-тармағына және Энергетика министрінің 2015 жылдың 25 ақпанындағы №43 бұйрығымен бекітілген «Электр энергиясын қолдану туралы» ереженің 75-тармағына сәйкес жалпы қолдану орындарын жарықтандыру үшін  ПИК-пен, ал егер тұрғын үйлер ПИК-ке кірмесе немесе ол қызмет ПИК міндетіне жатпаса, тұрғындар жалпы жиналыста сол үйден жауапты кісіні сайлауы қажет. Осы жауапты кісі мен «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ы арасында келісімшарт жасалады. Электр қуаты содан соң беріледі.

«ПИК-те  жүйелі  жұмыс  жоқ»

Электр қуатына қатысты жайт «Үміт» пәтер иелері кооперативінің ұйымдастыруымен Жәңгір хан көшесіндегі №71 үйдің алдында өткен тұрғындар жиынында көтерілген басты мәселенің бірі болды. Осы жиынға арнайы келген Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының мамандары алдағы уақытта осындай мәселе туындамас үшін үйдегі жалпы қолдану орындарын жарықтандыруды ПИК өз міндетіне алғаны дұрыс болатынын жеткізді. Хайырғали Сыйықов егер бережақтың 70 пайызы өтелсе, дәліздегі жарықтандыруды тарифке кіргізетінін айтты. Яғни келісімшарт талаптары өзгертіліп, 1 шаршы метр үшін төленетін қаржы 20 теңгеге дейін көтеріледі. Осы жерде тұрғындар сол 20 теңгенің ішіне жарықтандырумен бірге кіретін эксплуатациялық шығындардың  санатына не жататыны туралы сұрағанда, ПИК басшысы тұшымды жауап айта алмады.

– Мен ай сайын ПИК-ке 1,2 мың теңге төлеймін. Бірақ ол қаржының қайда кетіп жатқанын білмеймін. Ал үйдің жағдайы мынау.

Не жарық (свет) жоқ, не үйдің кіреберіс баспасындағы ойық шұңқырлар біраз жылдан бері жөнделмейді. Ал төбе толған көгершіннің саңғырығы. Тұрғындар үйге күрделі жөндеу жаса демейді, осындай қалпына келтіру, жамап-жасқау жұмыстары жүргізіліп тұрса, тиісті шаралар уақтылы қолға алынса, ПИК басшылығы не істеп, не қойып жатқаны туралы нақты есебін беріп тұрса,  мұндай реніш тумас еді, – деді 71-үйдің 18-пәтерінде тұратын  Бақытқаным  Бұқарова.

Бұл жиынға осы үйге іргелес тұрған №69 үйдің тұрғындары да қатысты. Сол үйде тұратын Ерсайын Шатинов ПИК-ке, жарыққа төлемейтіндер негізінен пәтерлерін жалға бергендер екенін айтты. Сонда тұтынған коммуналдық қызметіне байланысты уақтылы есеп айырысып жүргендер неге зардап шегулері керек? «Біз ПИК-ке ақшамызды уақтылы төлеп тұрмыз. Мысалы, мен ай сайын 2,2 мың теңге төлеймін, – дейді Ерсайын Қабизұлы. — Бірақ ол қаржылардың қайда кетіп жатқанын білмеймін. Мына жиынға сіз, яғни кооператив төрағасы еш құжатсыз, нақтылап айтқанда, былтыр, биылғы төрт-бес айдың ішінде тұрғындардан қанша қаржы түскені, ол ақша қайда кеткені, қандай жұмыстар жасалғаны көрсетілген құжат-қағазсыз  келіп тұрсыз. Биылғы жылға арналған жоспарыңыз тағы жоқ. Өзіңізден ауызша да нақты жауап естіген жоқпыз. Осыдан-ақ «Үміт» кооперативінде  жоспарлы, жүйелі  жұмыстың жоқтығын көруге болады емес пе?!».

№71 үйдің 34-пәтерінің тұрғыны Анар Тығынбаева ПИК үйдің шатырындағы жағдайға, іргетасы мен кіреберісіндегі ақауларға жауап бермейтіндігіне наразылығын білдірді. Сонда олар неге жауап береді? «Үміттен» үмітін үзген тұрғындар осыдан біраз жыл бұрын өздері ақша жинап, үй дәлізіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген. «Енді мұны осылай қалдыра беруге болмайды, – деді ол. – ПИК-тің жоғары басқару органы кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы болғандықтан, біз, яғни осы екі үй тұрғындарынан тексеру комиссиясын жасақтап, ПИК-тің қызметіне байланысты тексеру шараларын жүргізуіміз керек. Бір-бірімізге көз алартпас үшін осы кезге дейін электр қуатына ақша жинаумен айналысып келген Сәбила Балқыбай да тиісті есебін ұсынсын». Бұл ұсыныс қолдау тауып, сол бойда комиссия  мүшелері  сайланды.

Жиын барысында осы екі үй тұрғындарының ішінен ПИК-ке, электр қуатына ақша төлемейтіндер кімдер екенін анықтау мақсатында бастамашыл топ құрып, пәтерлерді аралағаны да айтылды. Коммуналдық қызметке бережағы көптердің ішінде облысымызға белгілі лауазым иелері, өнер адамдары да бар екен. Сыйықовтың сөзіне қарағанда, ПИК оларды сотқа берген. Бережақтарын өндіріп алу туралы соттың шешімі де шықты. Бірақ олар сот шешімін орындамай отырған көрінеді. Ал жеке сот орындаушылары бережақты өндіріп беру үшін өздерінің еңбегіне пәтер иелері бережақ ақшаның 50  пайызын сұрайды екен. Бұл ПИК үшін тиімсіз.

Тимур Биғалиев есімді тұрғын бұл үйде жертөле (подвал) жоқтығы себепті кәріз жүйесі дұрыс жасалмағанын тілге тиек етті. Соның зардабын бірінші қабатта тұратындар тартып отыр. Кәріз жүйесінен су ағып, пәтерге су кеткен жағдайда ПИК-тың сантехниктерін шақырғанда, олар уақтылы келмейді, келгеннің өзінде ақауды жөндеуге қауқарсыз болып  шығады…

Түрлі сынның астында қалып, сасқан үйректің кебін киген Хайырғали Сыйықов енді дәліздегі жарықты «Үміттің» тарификациясына алмайтынын айтты.

Ол ол ма, №69 және №71 үйлерді ПИК құрамынан шығару мәселесін көтермесі бар ма. Онсыз да терісіне сыймай тұрған кейбір тұрғындар оған сол бойда лап қойды. Ол төраға болып келгенде, шатыр таза, кіреберіс табалдырықтың, іргетастың жағдайы да шүкір еді. Уақтылы қаралып, жөнделмегендіктен, қазіргі кейіпке енді. Егер үйлерді ПИК-тен шығарғысы келсе, бәрін тазартып, ретке келтіруі тиіс. Көптің мысы басты ма екен, Хайырғали Сыйықов бұл істерді мойнына  алатынын  айтты.

Осы жерде әңгімеге араласқан жергілікті атқарушы биліктің өкілі, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және  тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Қанат Өмірәлиев ПИК-тің аталмыш үйлерді өзінің құрамынан шығаруға ниет танытуы асығыс қабылданған шешім екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, осындай келіспеушіліктің  салдарынан ПИК-тен шығып кетіп, қазір иесіз, күтімсіз қалған біраз үй бар. Сондайлардың кебін киюден сақ болған дұрыс. Бүгінгі  әңгімеден кейін екі жақ бірін-бірі тағы да сынап  қарауға  ұсыныс  жасады.

– Негізі «Үміт» кооперативіне осы тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Осы жиын басталғалы бері сырттай бақылап тұрып, тұрғындардың жөнжосықты білетінін, сөзге тоқтайтынын, заң талаптарынан хабардар екенін аңғардым. Тұрғындар негізінен коммуналдық қызметке ақша төлемейтін кейбір көршілерінің кесірінен зардап шегуде. ПИК те өз тарапынан ондай пәтер иелерін сотқа беріп, сот шешімі шықса да, бережақты өндіре алмай отыр ғой. Бірақ бұл бағыттағы нақты шешімді өздеріңіз, яғни тұрғындар қабылдайсыздар. Ал ПИК басшысының бұл жиынға еш құжатсыз, дайындықсыз келуі дұрыс емес. Міне, осыдан тұрғындардың наразылығы туындауда. Төлеген ақшасының қайда кетіп жатқанын білмесе, істеліп жатқан жұмысты көрмесе, онда кез келген тұрғын наразылық танытары анық. Негізі ПИК әр тоқсан сайын есеп беруі тиіс. Сол себепті Хайырғали Мұхамбетқалиұлы көп кешікпей, тағы да жиналыс өткізіп, жиын барысында бүгін қойылған сұрақтың бәріне жауап бергеніңіз жөн. Тұрғындар тарапынан үйдегі жалпы ортақ қолданыстағы  орындарын жарықтандыруды ПИК-тің тарификациясына кіргізу ұсынылды. Кооператив соған байланысты жаңадан келісімшарт жобасын жасап, оны келесі жиында көпшіліктің талқысына салғаны абзал. Егер осынау жұмыстарды ұйымдасқан түрде, өркениетті жағдайда  жүргізілсе, шешілмейтін мәселе жоқ  деп санаймын, – деген Қанат Өмірәлиевтің  сөзін  көпшілік  қолдады.

Тұрғындар жиналысының қорытындысы бойынша «Үміт» кооперативі №69 және №71 үйлердің шатырын тазалауды, кіреберіс табалдырықты жөндеуді өз мойнына алды. Қалған мәселелер келесі жиында қаралатын болады.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Р.S. Осыдан 2-3 апта бұрын, Хайырғали Сыйықов хабарласып, №71 үйдің шатыры толығымен тазартылғанын, енді осындай жұмыс №69 үйдің шатырына жүргізілетінін айтты. Ал одан соң кіреберіс табалдырық жөнделмек. Бірақ редакцияның фототілшісі Жәңгір  хан көшесінің  бойындағы №71 үйдің төбесіне әдейі  көтерілгенде, шатырдың  іші  қайтадан  көгершінге  толы  екендігіне  көз   жеткізген.

Ал биылғы екінші маусым күні  өткен жиында қоңсы қонған қос үйдің тұрғындарына  екі аптадан кейін есеп беруге  уәде берген төраға  бұл  мәселе  бойынша  әлі  төбе  көрсетпеген  көрінеді…


Шаһардан келген «Айболиттер»

Күні: , 17 рет оқылды

dav

dav


Жәнібек  аудандық орталық  ауруханада  балаларға  арналған «Мамандандырылған  медициналық көмек»  атты  «Ашық есік»  күні  ұйымдастырылды.


Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының консультативті емхана меңгерушісі Майна Есмағанбетова және аталған аурухананың дәрігерлері, невролог Азамат Сәметов, сурдолог Нияз Сандыбаев, эндокринолог Таңшолпан Иманғалиева, ортопед-травматолог Болат Әлібаев «Ашық есік» күнінде 167 баланы қабылдап, оларға консультативтік  көмек  көрсетті.

– «Ашық есік» күнін облыс орталығынан ең шалғай жатқан Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Мұндағы мақсатымыз – Орал қаласына барып-келуі қиын балаларға медициналық көмекті жақындату болатын. Жәнібек ауданында өткен «Ашық есік» күнінде көбіне неврологиялық және хирургиялық ақаулары бар балалар дәрігерлердің қабылдауында болды. Оларға сол саланың дәрігерлері консультативтік көмек беріп, кейбіреуіне көпбейінді облыстық балалар ауруханасына барып, тексерістен өту қажеттігін айтты, – дейді аталмыш аурухананың дәрігер-методисі Әслима Ғабдрахимова.

Данияр  ОСПАН,

Жәнібек  ауданы


Қанатқақты төрт жоба – Ақ Жайықта!

Күні: , 25 рет оқылды

index(1)


«Батыс  Қазақстан  облысында   әлеуметтік  маңызы  бар  сегіз бірдей  жоба  мемлекеттік-жеке  меншік  әріптестік  тетігі  бойынша жүзеге  асырылады».


Бұл жөнінде бейсенбі күні облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында өткен жиында «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ-ның вице-директоры Айбек Көбетов мәлімдеді. Оның сөзінше, таяу уақытта бұл жобалардың алғашқы төртеуі қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырылмақ. Жоба бойынша Орал қаласындағы №7 емхана мен облыстық маңыздағы «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» автомобиль жолына сервистік қызмет көрсету ісі жекенің қолына берілмек. Сондай-ақ №8 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп асханасы  ұзақ мерзімге жеке кәсіпкерге жалға берілмек және облыстық клиникалық ауруханаға магниттік-резонанстық томография құрылғысы лизингке сатып алынбақ.

– Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік дегеніміз, бұл – мемлекет пен жеке адамның бірігіп жұмыстануы. Яғни ол екеуі бірігіп, белгілі бір жобаларды жүзеге асырады. Бұл ретте тәуекелдерді мемлекет пен жеке кәсіпкерлер бөліседі. Тәуекелді неғұрлым басым басқарған тарапқа жобаны жүзеге асыру міндеті жүктеледі. Бұл, бір жағынан, секвестрден қорғайды. Яғни жеке кәсіпкердің қандай да бір жобаға қатысты салған ақшасын мемлекет толығымен қайтарады. Бүгінгі таңда шетелдіктер Қазақстанда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жұмыс істеуге аса ынталы, өйткені  мұның өздеріне өте тиімді екенін олар жақсы түсінеді. Негізі, бұл әдіспен жұмыс істеуді біз шетелдіктерден үйрендік. Олар осы тәсілмен көптен бері жұмыс жасауда.

Елбасы өзінің биылғы «Қазақстанның үшінші  жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік-жеке әріптестіктің әр түрлі нысанын белсенді қолдануға шақырды. Бүгінде біздің елімізде көптеген жобалар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша елімізде әзірге Ақтөбе және Қостанай облысы алда келеді. Біз қазіргі кезде кәсіпкерлерге жаңа үлгіде жұмыс істеудің тиімділігін түсіндіру үшін еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүрміз. Бүгін, міне, Ақ Жайық өңіріне келіп, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірігіп, семинар өткізуге мүмкіндік алдық, — деген «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ-ның вице-директоры Айбек Көбетов бұдан әрі семинарға қатысушыларды өңірімізде жаңа тетікпен жүзеге асырылатын  жобалармен таныстырды.

Оның сөзінше, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бюджет үшін өте тиімді. Яғни  осы әдіс бойынша жұмыстанғанда мемлекет жобалық құжаттарды жасақтау барысында жұмсалатын шығыннан құтылады. Инвесторлар өзінің жеке жобасын тезірек жүзеге асыру үшін барын салады, бұл жаңа жобалардың жылдап жатып алмай, тезірек жүзеге асырылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ  жеке кәсіпкерлер мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі саласына кіреді. Басқаша айтқанда, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жұмыс жасау инвесторларға әлеуметтік жауапкершілік жүктейді. Ал мемлекет бұл ретте инвесторлардың жұмысы жүруі үшін оларға барлық жағдайды жасайды. Яғни мемлекет оларды ұзақ мерзімді тапсырыспен қамтамасыз етіп, инвесторларға жобаны жүзеге асыру кезінде жұмсаған шығынын жабуға кепілдік береді.  Сондай-ақ мемлекет өз кезегінде ел игілігіне қызмет ететін жобаларды жүзеге асыру үшін қаражатты кезең-кезеңмен төлеуге мүмкіндік алады.

– Мысалы, Орал қаласындағы №7 емханаға тиесілі ғимараттың көптен бері жұмыс істемей бос тұрғаны баршаға мәлім. Егер осы ғимаратты жеке адамдар жауапкершілігіне алып, жұмысын жүргізетін болса, оған мемлекет 1,6 млрд. теңге төлейді және 10 жыл бойы жеке тарапты медициналық кепілді қызметпен қамтамасыз етпек. Басқаша айтқанда, жеке тарап осы ғимаратқа жөндеу жұмысын жүргізіп, жаңғыртқан жағдайда, оған ұзақ уақыт бойы медициналық қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Жеке тарап облыстық клиникалық ауруханаға магниттік-резонанстық томография құрылғысын лизингке сатып алып, оны халықтың игілігіне пайдалануға мүмкіндік берген жағдайда, мемлекет оған ұзақ мерзімді бизнеске кепілдік береді, – деген Айбек Көбетов жоғарыда аталған жобаларға біліктілігі сәйкес келетін кез келген азаматтың қатысуға құқы бар екенін айтты. Оның сөзінше, осы жобаларды жүзеге асырушы инвесторларды  анықтау үшін  күз айында конкурс ашық түрде өткізілмек. Бұдан кейін «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ-ның басқа да қызметкерлері сөйлеп, өңіріміздегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылатын жобалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Жиын соңында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бұған мамандар тиісінше жауап берді.

Аталмыш шараға салалық басқару өкілдері мен екінші деңгейлі банк басшылары және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық бөлімше қызметкерлері, жергілікті  кәсіпкерлер  қатысты.

Айша   ӨТЕБӘЛІ,

«Орал   өңірі»


Тұрғын үйлер – тиімді бағамен!

Күні: , 59 рет оқылды

rk-news.com-30.03.2017-XRXAUNPTRoxFIaZCIyUTEnMXUHBNchO9


Жақында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Енді жеке тұрғын үйлер аталмыш бағдарлама аясында  шаршы метріне  120 000 теңге көлеміндегі бағамен өткізілетін болады. Бұл үйлердің құрылысын жеке меншік құрылыс компаниялары жүзеге асырмақ. Жаңа үйлердің құны мемлекеттен бөлінетін 7%-дық демеуқаржының арқасында нарықтағы бағамен салыстырғанда едәуір төмен болмақ.

Нақты дерек көздеріне сәйкес Батыс Қазақстан облысында қазіргі таңда жер телімін алу үшін кезекте 100 000-дай адам тұр. Кезекте тұрғандар үшін алғашқы типтік коттедждер құрылысын Федоров, Тоқпай, Переметный және Дариян ауылдарында салу жоспарланып отыр. Жалпы, кезекте тұрғандардың 1 700-і жер телімін дайын үйімен бірге алатын болады. Бұл үйлерді сатып алу үшін оларға  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жылдық 5 %-бен қолжетімді несие беру арқылы  көмектеседі.

Қазіргі таңда Орал қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  көп пәтерлі 7 тұрғын үй  салынып бітті. Соның 504 пәтерден тұратын 3-і «Бәйтерек девелопмент» желісі бойынша салынған. Жақында 144 пәтер иесі  Ләззат Ибрагимованың қолынан баспаналарының кілтін алып, үлкен қуанышқа бөленді.

— Әр адамның өзінің жеке баспанасының болуы отбасылық қарым-қатынасқа, қоғамдағы тұрақтылыққа мықты әсерін тигізеді.

Сондықтан біз мемлекеттік бағдарламалармен қатар, қатысушылардың ортасын ұлғайтатын жеке бағдарламаларды да іске асырудамыз. Осы жолы тұрғын үйлердің бағасын жергілікті құрылыс компанияларымен талқылау үшін осы өңірге арнайы келдім. Тұрғын үйлердің бағасы банк салымшылары үшін шаршы метріне 140 000 теңгеден аспауы тиіс, — деді басқарма төрайымы Батыс Қазақстан облысында болған сапарында.

«Өз үйім» жеке бағдарламасы аясында биыл облыстық ішкі істер департаментінің 106 қызметкері қоныстойын тойламақ. Ал 2018 жылы осы бағдарлама аясында өңірдің тағы 300 тұрғыны жеке пәтерлерге ие болады. Олардың қатарында облыстың ішкі істер департаментінің және  басқа да мекеме-ұйымдардың  қызметкерлері  бар.

Қазіргі таңда қоныстойын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Қостанай және Тараздағы салымшылары да тойлау үстінде. Қостанай облысының 75 тұрғыны   шаршы метрінің бағасы 117 680 теңгені құрайтын жаңа пәтерлерге ие болмақ.

Сондай-ақ Таразда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Үйлерді бөлу рәсімдері үш нысан бойынша жүргізіліп те қойды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» алғашқы 64 салымшысына пәтер кілттері табысталды, тағы 400 адам тамыз айында қоныстойын тойламақ.

Айта кетейік,  «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  — елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін  іске асырушы жалғыз банк. Банк Еуропалық құрылыс жинақ кассалар федерациясының (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру одағының мүшесі болып табылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жалғыз акционері — «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі.

«Тұрғын  үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның баспасөз  қызметі


Суда жүзіп үйренуде

Күні: , 24 рет оқылды

IMG_1108


Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті балаларды алғашқы жүзу дағдыларына үйретуге арналған арнайы  шараны «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің аумағында өткізді.


Аталмыш мекеме қызметкерлері Орал қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, «Атамекен» жазғы демалыс сауықтыру лагеріндегі 37 демалушыны суға жүзу ережелерімен таныстырып, әрі қарай олардың суға шомылуына мүмкіндік туғызды.

— Ағымдағы жылдың басында білім және денсаулық басқармаларымен келісімшартқа қол қойған болатын. Бүгінгі күннен бастап жас жеткіншектер үшін жағажай ашылып отыр. Суға жүзуді үйрету жұмысы апта сайын бейсенбі, жұма күндері күндізгі сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін жүзеге асырылатын болады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары суда жүзуді үйретеді. Өзендегі қауіпсіздікті «Жедел құтқару жасағының» құтқарушылары қамтамасыз етеді. Айтулы шараға ҚР төтенше жағдайлар комитетінің апаттық медицина орталығының мамандары да жұмылдырылып отыр. Әр баланың судағы қауіпсіздігін ата-анасы ойлауы қажет. Жаз маусымында балалардың өзенге шомылуға баратындығы айқын. Сол себепті әр  баланың суда жүзуді үйренгені жөн. Бұл ұйымдастырылып отырған шара болашақта қолға алынатын ауқымды жұмыстардың бастауы дегім келеді. Алдағы уақытта суға жүзу ережелерін балаларға көптеп үйрету жоспарымызда. Ауа райына байланысты суға шомылу маусымы аяқталғанша балалармен жұмыстанатын боламыз, — дейді төтенше жағдайларды жою бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Бақытжан Ихсанов.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


Вардавар мерекесі

Күні: , 22 рет оқылды

IMG_8615


Өткен жексенбіде қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Масис» армян  қоғамдық  бірлестігінің  ұйымдастыруымен  Вардавар мерекесі  тойланды.


Армян ұлтының өкілдері кеңінен атап өтетін  Вардавар мерекесін жаңбыр шақыру немесе су мейрамы деп те атайды. Шара барысында облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов жиылған қауымды Вардавар мерекесімен құттықтаса, «Масис» армян этномәдени орталығының төрағасы Аветик Амирханян аталмыш мейрамның маңызы мен тарихына тоқталды. Сондай-ақ Аветик Рубенұлы еліміздегі береке-бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп, Вардавар мерекесін кеңінен тойлауға жағдай жасаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысын білдірді. Ерекше шараға өңірдегі өзге этномәдени бірлестік өкілдері де қатысты. Айта кетсек, бес мың жылдан астам тарихы бар Вардавар мейрамы өңірде осымен екінші рет аталып өтілуде. Арменияда тұрғындар бұл күні бір-біріне су шашып, мәре-сәре болып қуанышқа кенеледі екен.  Суды шелектеп құйса да, ешкім ренжімеуі керек. Өйткені армяндар бұл мерекені тек жақсылыққа балайды. Көктем мен күз мезгілінің орта тұсында тойланатын мейрам орақ науқанының сәтті өтуіне себепкер болады деген сенім бар.

Шарада жиылғандар бір-біріне су шашысып, әуенге қосылып, шаттана би билеп кештің көркін қыздырды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА


1500 тонна бағланның еті Иранға экспортталмақ

Күні: , 14 рет оқылды


Облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  Ақжайық  ауданына  барған іссапарында  «Батыс  Марка  Ламб»  ЖШС  мекемесіне  де  жолай соғып,  жұмыстың   жай-күйімен  танысты.


Орал – Атырау тас жолының бойында орналасқан мекеменің жұмысы туралы акционерлердің бірі Рақымжан Смағұлұлы баяндады. Оның мәліметінше, аталған серіктестік Ирандағы ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен  келісімшарт  жасасқан.

– Дәл бүгін 18 тонна жаңа сойылған бағлан қозы етін дайындап, Иранның астанасына жөнелткелі отырмыз. Ет өнімін тиеген жүк көліктері халықаралық Ақтау әуежайына бағыт алады. Әуежайдағы алғашқы рейспен Тегеранға жеткізіледі. Бұл – біздің Иранға етті тұңғыш рет экспортқа шығаруымыз. Ирандық әріптестерімізбен жасасқан келісімшарт бойынша алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна қозы етін жеткізуіміз керек. «Санайе» компаниясының басшылығы етті аптасына үш рет жөнелтуімізді талап етіп отыр. Бұған біз де техникалық тұрғыдан дайынбыз, — дейді Рақымжан Смағұлұлы.

Негізінен халықаралық нарыққа, яғни өнімінің басым бөлігін шетелге өткізуге бағытталған «Батыс Марка Ламб» бүгінде етті тұрақты түрде Ресейге жеткізіп отыр. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен ұзақ мерзімдік келісімшарттар жүргізуде. Мамандардың айтуынша, күздің алғашқы айларында аспан асты еліне экспорттауды бастап кетулері әбден ықтимал. Бес гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешенде бәрі де толығымен автоматтандырылған. Мал сою және ет өңдеу желісінде қой союдан бастап ет өңдеуге дейінгі жоғары технологиялық талаптар сақталады. Ауысымына  1400 бас қой сойылады. Дайын өнім тапсырыс берушіге тоңазытылған төшке немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде жеткізіледі. Бүгінде мұздатылған, яғни әбден қатырылған еттен гөрі тоңазытылған етке сұраныс жоғары. Өйткені мұндай ет өзінің пайдалы қасиеттері мен дәрумендерін жоймайды. Осындай артықшылықтарына шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ ирандық компанияның басшысы Хади Хададзе ет өнімінің «Халал» стандартына сай өндірілуін жеке қадағалауына  алған.

– Естеріңізде болса, бұдан біраз уақыт бұрын Иран еліне бір топ делегация барған едік. Сол сапарымызда жоғарыда аталған ирандық белді компаниямен келісімге келген болатынбыз. Әрине, бұған Елбасының Иранға барып, сол елдің басшылығымен кездесуі, соның нәтижесінде екі ел арасындағы қатынастың одан әрі бекуі себеп болды. Екінші жағынан, біздегі мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ет өнімдеріміз экологиялық таза, сапалы. Жыл бойына ауқымды жұмыстар атқарып, енді алғашқы өнімді жөнелткелі отырмыз. Бастысы, тұрақты әріптестеріміз бар. Бұл – өңіріміздегі шаруа қожалықтары үшін үлкен мүмкіндік. Енді отандық өнімді шетелдерге тұрақты  экспорттау үшін барлық тиісті шараларды ұйымдастырып, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, – деді БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында өңір басшысы  Алтай  Сейдірұлы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Шаруалармен жүздесті

Күні: , 33 рет оқылды

PRI_0968


Өткен  аптаның  соңғы  жұмыс күнінде  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  жұмыс  сапарымен  Зеленов  ауданында  болды.


Сапар  барысында өңір басшысы Махамбет ауылдық округіне қарасты «Алтын болашақ» шаруа қожалығының жылыжай кешені мен «Шунайбеков» шаруа қожалығының мал азығын дайындау жұмыстарымен  танысты.

Еркін Насыров жетекшілік ететін «Алтын болашақ» шаруа қожалығы негізінен көкөніс шаруашылығымен айналысады. Қожалық бүгінде 10 мың шаршы метр жерге жылыжай салып, жыл бойына халық тұтынатын көкөніс түрлерін өсіріп, өңір тұрғындарын сапалы өніммен қамтып отыр.

Тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнімге қол жеткізген ұжымда 30 адам жұмыстануда. Шаруалар бүгінде жылыжайларға көкөністі қайта егуге  қамдануда. Шаруашылықта тәулігіне  екі тоннадан астам өнім  жиналуда.  Шаруашылық жетекшісі Е. Насыров  өңір  басшысына  өнімді  өткізу  жағынан  кедергі  жоқтығын айтып, алдағы  уақытта жылыжай көлемін арттыруды көздеп  отырғанын жеткізді.

2008 жылы  құрылған  шаруашылық  соңғы  жылдары  күздік  бидай, арпа, майлы және  мал  азығы дақылдарын егумен айналысып  келеді. Қожалық жұмысымен танысқан өңір басшысы шаруашылық жетекшілеріне қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмауды тапсырып, керек кезінде жергілікті билік тарапынан көмек болатындығын айтты.

Етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал өсірілетін «Шунайбеков» шаруа қожалығында шөп шабу науқаны сәтті аяқталған. Қоректілігі басым екпе шөп егуді қолға алған шаруашылықта шөп түсімі гектарына 25 центнерге жуықтаған. Екпе шөптің әр гектарына мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржының зор көмегі болғанын айтқан шаруашылық басшысы Сергей Михайлұлы егіннен де мол өнім күтіп жүргенін жеткізді.

Өңір басшысының сапары бұдан әрі «Асан-ауыл» шаруашылығында жалғасты. Күздік, жаздық бидай, арпа, тары, майлы дақылдар мен мал азықтық екпе шөп егетін шаруашылық биыл 8 мың  гектарға жуық алқапқа тұқым сепкен. Күздік бидайға түскен орақтан әзірге 30-дан астам центнер өнім жиылуда. Бұл, әрине,  науқанның басы ғана.

Егін алқаптарын аралап, жұмысшылармен тілдескен өңір басшысы шаруашылық жұмыстарының дұрыс бағыт алғанына көз жеткізіп, өнімді уақтылы жинап алу үшін кедергілерге жол бермеу керектігін ескертті. Жанармайы жеткілікті, техникасы сақадай-сай зеленовтық шаруалар алдағы күндері дала төсін еңбек дүбіріне бөлеп, қамбаларды алтын дәнге толтырмақ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика