Мұрағат: 19.07.2017


Астанада облыстың мәдениет күндері өтпек

Күні: , 42 рет оқылды


Шілденің 31-і мен тамыз­дың 4-і күндері Астана қа­­ла­­сын­­да Батыс Қазақстан об­лы­­сы­­ның мәдениет күнде­рі өтпек.


Мәдениет күндері аясында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыс­тық филармонияның Дәулетке­рей атындағы қазақ ұлт аспапта­ры оркестрі, Орал қаласының өнер ұжымдары, облыстық эстра­да­­­лық-симфониялық оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық-этногра­фия­лық ансмаблі мен «Назерке» халық биі ансамблінің концерттері өтеді.

Облыстық қазақ драма театры­ның ұжымы Елордадағы Қ. Қуа­нышбаев атындағы театрда шілде­нің 31-інде және тамыздың 1-інде Еврипидтің «Троя арулары» мен тамыздың 2-сі мен 3-і күндері Ф. Буляковтің «Қысқа ғұмыр» мұң­ды драмасын, А. Островский атын­да­ғы облыстық драма театры­ның әртістері М. Горький атындағы театрда шілденің 31-інде Жан Ба­тист Мольердің «Лекарь поневоле», тамыздың 1-інде А.Островскийдың «Последняя жертва», тамыздың 2-сінде У. Шекспирдің «Он екін­ші түн», тамыздың 3-інде Лопе де Ве­га­ның «Дурочка» қойы­лым­дарын сахналайды.

Еліміздің бас қаласындағы этно­­ауыл­да об­лыс­тық тарихи-өл­ке­та­­ну музейі «Жа­йық­­тың жау­һар мұ­­­ра­­ла­­ры» көр­ме­­сін ұйым­дастыр­­­са, об­лыс­тық ха­­­лық шы­ғар­ма­шы­­­лы­­­ғы ор­та­лы­­ғы «ЭКСПО – 2017» – әлем көр­месі­не сая­­хат» сәндік қолдан­балы қол­өнер шеберлері және суретші­лер көрмесін жабдықтайды. Соны­мен қатар этноауылда ұлт­тық спорт түрлерінен тамыздың 3-інде қазақ күресі, теңге ілу, ау­дарыс­­пақ, келесі күні жамбы ату, қыз қуу ойындары және тазы мен төбет жарысы ұйымдастырылса, «Қаза­нат» алаңында көкпар өт­кі­зіліп, театр­ландырылған концерт қойылады.

Тамыздың 4-інде «ЭКСПО — 2017» алаңындағы корпоративтік павильонда өңірдегі инновациялық жо­балармен таныстыру рәсімі өтіп, облыс экономикасына инвес­тиция тартуды көздейтін меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Сол күні кешке облыстың мәдениет күн­де­рі аясында өтетін іс-шаралар «ЭКСПО» алаңындағы амфитеатрда Ғ. Құрманғалиев атындағы облыс­тық филармония ұйымдастыратын концертпен тәмамдалмақ.


Жастарға 1500 жұмыс орны ұсынылады

Күні: , 30 рет оқылды

IMG_0935


Шілденің 21-інде облыстық қазақ драма театрында жастарға арналған «URALSK JOB FAIR — 2017» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде мемлекеттік мекеме-кәсіпорындар және жеке кәсіпкерлер жұмыс орындарын ұсынбақ. «URALSK JOB FAIR – 2017» шарасы аясында бизнес бастау, жеке қасиеттерді дамыту, халықаралық және мемлекеттік білім беру бағдарламалары жөнінде ақпарат беру бағытында семинар-тренинг ұйымдастырылады.


Шілденің 21-іне дейін бос жұмыс орындары мәлімет туралы толыға түспек. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Аян Сақошев хабарлады. Оның айтуынша, өңірде 145 мың жас болса, соның 30 мыңдайы өңірдегі төрт жоғары оқу орнында білім алуда. Жұмыспен қамту құрылымдарында 787 жас жұмыссыз ретінде есепке алынған. Оның үстіне, жоғары білім алған 7478 түлек бар. Сондықтан жазғы маусымда бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу аса маңызды.

Брифингке қатысқан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Миржан Әбілқас облыс бойынша ресурстық орталықтардың мамандарына жыл басынан бері 1790 жас жолыққанын, соның 224-і қаладан екенін айтты. Яғни 1790 жастың 891-і жұмыссыздық мәселесін алға тартса, 378-і заңгерлік, 106-сы психологиялық, 250-і теологиялық кеңес алған. Миржан Әбілқас бос жұмыс орындары жәрмеңкесі күзгі маусымда да өтетінін хабарлады. Брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның облыс бойынша зерттеу жүргізгені айтылды. Зерттеу нәтижесінде өңірде білім, мәдениет, спорт, медицина саласындағы мамандықтарға және өндіріс саласында жиһаз құрастырушыларға, жылу қондырғысы операторларына, инженерлерге, техникалық жұмысшылар мен малшыларға сұраныс жоғары  екені  белгілі  болған.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Ғылымға арналған ғұмыр

Күні: , 52 рет оқылды

рысбеков1


Хакім  Абайдың:  «Парасаттылықтың  мәні  –  ыстық  қайрат, нұрлы ақыл,  жылы  жүрек,  білім,  оның  ішкі  нәрі, сыртқы шырайы және әрі»  деген  сөзі  бар. Осындай  талапқа сай  келетін тұлғалардың  бірі,  саналы  ғұмырын  ұрпақ  тәрбиесіне  және  тарих   ғылымына  арнаған  ғалым  – Тұяқбай Рысбеков.  Білімге,  еңбекке  деген  құштарлығының арқасында  ол  ауыл мектебіндегі  бастауыш сынып мұғалімінен бастап  университет  ректоры  дәрежесіне дейін көтеріліп,  тарих  ғылымдарының  докторы,  профессор,  академик  атанды.


ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен армян жазушысы Хачатур Абовянның «Ормандағы еменнің алыптығы оның өсіп, өркен жайған топырағымен тығыз байланысты» деген сөзін біздің бүгінгі кейіпкерімізге қарата айтуға болады. Саңырық батыр, Сапақ датқа, Бөлтірік шешен, ақын-жазушылар Өкім Жайлауов, Шона Смаханұлы, Әбдірахман Асылбеков, Серік Әбдраймов, Күләш Ахметова, ғылымның асқарында үлкен із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Ауданбек Көбесов, Құралбек Құлжанов, Жанқара Дәдебаев сықылды тұлғалар шыққан Жамбыл облысының Талас ауданының ол да төл перзенті. Нақтылап айтсақ, 1947 жылдың 25 шілдесінде Ақкөл ауылында қарапайым еңбек адамдары Зейіт пен Дәнеқыздың отбасында дүниеге келді. Адамгершілік қасиеттерімен, еңбекқорлықтарымен көпшіліктің ілтипатына бөленген ата-анасы оның болашағынан үлкен үміт  күткен-ді.  Сол сенім ақталды.

Тұяқбай Зейітұлы Ақкөл ауылында 7-сыныпты аяқтағаннан соң Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педучилищеге оқуға түсті. Осында студент бола жүріп, өнер мен спортты жанына серік етті. Білім құмарлығын, ізденгіштігін байқаған ұстаздары оны оқу орнында шығатын «Мұғалім» деген газеттің редакторлық қызметіне бекітті. Осылайша оның қаламы да ұштала  бастады…

Оқуын бітірер кезде елге танылған педучилищенің мақтан тұтар түлектерімен кездесу кеші ұйымдастырылмасы бар ма. Оған қазақтың белгілі ғалымдары Мәулен Балақаев пен Төлеген Тәжібаев та келді. Олардың әңгімесінен зор әсер алған зерек жас «Мен де осындай ғалым боламын» деп алдына  үлкен  мақсат  қойды…

1965 жылы педучилищені үздік тәмамдап, Үшарал ауылындағы мектепте еңбек ете жүріп, ЖОО-ға түсуге дайындалды. Ғалым ағаларының баталары себепші болған шығар, талабы оңғарылып, бағы жанып, келесі жылы С. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінің студенті атанды.

Тұяқбай ағамыздың курстастарының айтуынша, Тұқаң өзінің зеректігімен, адамгершілік қасиеттерімен студенттер мен оқытушылар қауымының құрметіне бөленіп, үздік студент атанды. Бірінші курстың соңында ол Қазақ КСР Ғылым академиясы, Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институты жанынан ұйымдастырылған академик Әлкей Марғұлан басқарған ғылыми экспедицияның құрамына еніп, еліміздің шығыс және орталық аймақтарында болды. Ол жақта халқымыздың салтдәстүрі, ауыз әдебиеті, шешендік сөздері, шежірелерін жинақтауда белсенділік танытты. Осындай этнографиялық экспедициялар, оқу орнындағы ғылыми атмосфера жас жігітті шыңдай түсті. Университет жанынан ұйымдастырылатын түрлі қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысуы оның таным көкжиегін кеңейтіп, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырды. Ұйымдастырушылық демекші, университеттегі студенттік кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары бола жүріп, студенттердің емдеу-сауықтыру бағытындағы шараларды жоғары деңгейде әрі жүйелі ұйымдастырғанын оның замандастары әлі күнге дейін ілтипатпен еске алады. Осындай қарбалас тірліктің арасында жүріп, ол ҚазМУ-дың халық театрының актері, «Аққу» ансамблінің әншісі болды. 1969 жылы Харьков мемлекеттік университеті базасында ұйымдастырылған КСРО универсиеттері студенттерінің өнер байқауында Н. Тілендиевтің «Алатау» әнін тамылжыта орындағаны үшін лауреат атанды.

Оралға  жолдама

1971 жылы диплом алған кейіпкеріміз Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы оқу орындары министрлігінің жолдамасымен А. Пушкин атындағы Орал пединститутына келеді. Айта кету керек, оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді болған Т. Рысбековтың Ақ Жайық өңіріндегі іргелі оқу  орнына  жолдануы  тегін емес.

Өңірімізге, республикамызға танымал тарихшы ғалым, көп жыл бойы Тұяқбай ағамызбен дос болған марқұм Бақтығұл Бірімжаров бұл туралы кезінде естелік айтқаны бар еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы, жетпісінші жылдардың бас кезінде пединституттың тарих факультетінде қазақ және орыс топтарының оқу үлгерімдері тең болмауына байланысты дау туындапты.

Нақтылап айтқанда, ауылдардан келіп оқып жатқан қандастарымыздың оқу үлгерімі, оқу-әдістемелік іс-шараларды игеруі орыс тобындағы студенттермен салыстырғанда көп артта қалған. Факультет басшылығы осы мәселені институттың ғылыми кеңесіне шығарып, қазақ тобын жауып, оның есебінен орыс тілінде оқытатын қосымша топ ашу жөнінде ұсыныс айтады. Бұл ұсыныс ғылыми кеңес тарапынан қолдау тауып, ол министрлікке жолданады. Мәселенің күрделілігіне байланысты Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы оқу орындары министрі  Қ. Біләловтың тікелей басқаруымен арнайы комиссия құрылады. Комиссия тексеру жұмыстары кезінде тарих факультетіндегі оқу процесін ұйымдастыруда орын алған біраз кемшіліктерді анықтайды. Олардың арасында қазақ тілді оқытушылардың жетіспеушілігі, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың аздығы, негізгі пәндердің бірыңғай орыс тілінде оқытылуы бар. Сондай-ақ факультет басшылығы ауылдан, әсіресе, алыс елді мекендерден келген студенттердің білім деңгейлерін толық ескерілмегендігі, яғни оларды қаладағы және қала маңындағы аудандардағы орыс мектептерін бітіргендермен білімдері тең дәрежеде деп қарауы сынды олқылықтар да болған. Осылайша комиссия шешімімен факультетті ұлттық қадрлармен қамтамасыз ету міндеті қойылады. Міне, Тұяқбай Зейітұлы Оралға осылайша келді. Онымен бірге және кейін де біраз мықты тарихшылар Ақ Жайық өңіріне көш түзеді. Пединститут тарихында олар «70 — жылдықтар» деген атпен қалды. «70 — жылдықтардың»  қатарында Тұяқбай ағамыздың жары Баян Шынтемірова да бар. Жас мамандар өздеріне артылған сенімді толығымен ақтап, факультеттегі қазақ топтарындағы студенттердің білім деңгейінің көтерілуіне, олардың институттың қоғамдық өміріндегі белсенділіктерінің артуына айтарлықтай үлестерін қосты.

«Өмірде  бақытты  әйел  болса, ол  мендей-ақ  шығар»

Тұяқбай Зейітұлы туралы мақала жазып отырып, оның өмірде үлкен табысқа жетуіне, ғылым биігіне көтерілуіне көп үлес қосқан өмірлік серігі туралы айтпай кетуге болмас. Бұған қоса қос ғалымның шаңырақ көтергеніне биыл 45 жыл!

Қазталов ауданының тумасы болып табылатын Баян Ғаббасқызы болашақ жарын ҚазМУ-да жолықтырды. Өзінің сөзімен айтсақ, тағдыр адамды табыстырайын десе, ештеңеге қарамайды екен.

Оған уақыт та, жердің қашықтығы да, басқа да әр түрлі жағдайлар әсер ете алмайды. Екі жас сонау алпысыншы жылдардың аяғында Алматыға білім іздеп барып танысты. Екеуі тарих факультетінің бір тобында оқыды. Тұяқбай Зейітұлы топ старостасы болған екен. Соңғы курста жүргенде алдағы уақытта бірге болуға, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татуға сөз байласты. Екеуі бірге Оралға келіп, пединиститутқа қызметке тұрды. 1972 жылы екі жастың бақыт  тойы  тойланды.

– Алдымнан Тұяқбайды кездестірген тағдырыма ризамын. «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деп Мұқағали айтқандай, біздің өміріміз де жібектен ескен ботаның бұйдасындай махаббатпен басталып, парасатпен жалғасын тапты. «Осынша уақыт аралығында бізді не біріктірді?» деп кейде өзіме сұрақ қоямын. Ойлап отырсам, бізді біріктірген жағдайлар көп екен.

Біз рухани тұрғыдан бір-бірімізге жақын, үйлесімді адамдар болып шықтық. Екеуміз де ұстаздық мамандықты, тарих ғылымын шексіз жақсы көреміз. Осы жолды таңдағанымызға ризамыз. Ол өзі ғана ғылымның биігіне көтеріліп қойған жоқ, маған да үлкен талаптар қойып, өзімен қатар өсуіме, отбасында жарасымды қарым-қатынастың қалыптасуына жағдай жасады. Жылдар өтсе де, жасымыз біразға келсе де, менің бұрынғыша әдемі, жинақы жүргенімді қалайды. Осы арқылы уақыт ағынын тежеп, менің жастығымды ұзартқысы келетін шығар деп ойлаймын. Маған сыйлық жасағанды ұнатады. Сыйлық жасағанда, мейрамға, туған күнге байланысты құтыла салу емес. Міндетті түрде таңмен ерте тұрып, жеті ақ раушан гүлін сыйлайды. Азаматтың өз жарына мәңгілік көктем сыйлауы деген осы емес пе?! Екеуміз театрға, өнер кештеріне барғанды сүйеміз. Сапарға шыққанды, табиғаттың аясында болғанды жақсы көреміз. Алыс жолдан оралғанда, бір-бірімізді қарсы алу біздің дағдымыз. Айта берсек, біздің ұқсастығымыз, бір-бірімізді толықтырар нәрселеріміз көп-ақ. Өмірде бақытты әйел болса, ол мендей-ақ шығар деп ойлаймын. Өзім кейде осыны айтуға да қорқамын. Кез келгеннің алақанына түсе бермейтін, екінің бірінің бақшасында пісе бермейтін әйел бақыты деген өте нәзік нәрсе ғой. Сол үшін де күніне Құдайға мың рет шүкіршілік етемін, – дейді тарих ғылымдарының докторы Баян  Шынтемірова.

Оксфорд  пен  Кембриджді мойындатқан  тұлға

Тұяқбай Зейітұлының Орал педагогикалық институтындағы ұстаздық жолы оның әрі қарайғы өмір жолына айналғаны белгілі.

Оның жоғары теориялық, әдістемелік деңгейде оқыған дәрістері мен жүргізген семинар сабақтарынан студенттер қалмауға тырысатын. Ал әріптестері,  соның ішінде О. Гришина, В. Ивакин, С. Өтешев сынды кафедраның белді оқытушылары бұл еңбектеріне  жоғары  баға  берді.

Т. Рысбеков Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мен тарихи мәселелерін жіті зерттеп, 1973 жылы ҚазМУ-дың жанындағы аспирантураға қабылданды. Аспирантураны мерзімінен бұрын аяқтап, кандидаттық диссертациясын қорғады. 1979 жылы кафедра меңгерушісі ретінде он жылға жуық уақыт қызмет атқарғаннан кейін факультет деканы болып тағайындалды. Үздіксіз ізденіс нәтижесінде 1990 жылы ғылым  докторы  атанды.

Танымал тілші-ғалым, Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің проректоры болған марқұм Отар Әлі Бүркіт кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне біздің кейіпкеріміз туралы «Азаматтың үш жолы» деп мақала жазғаны есімізде. Онда Т. Рысбековтың ұстаздық, ғылымдық және басшылық жолдары турасында өзінің ой-пікірімен бөліседі. Басшылық жолы жөнінде баяндаған кезде 1990 жылдар Орал педагогикалық институты үшін күрделі кезең болғанын айтады. «Министрліктің бұйрығы бойынша жіберілген ректорлар тұрақтамай, бірінен соң бірі ауысып жатты. Басшысы жиі ауысқан оқу орнынан береке кетеді екен. Осындай кезде ұжымның тікелей сайлауымен тарих факультетінің деканы Т. Рысбеков ректор болып тағайындалды. Ол институтта жаңа мамандықтардың ашылып, жаңа кафедралардың құрылуына ұйытқы болып, білім ордасының абыройын асқақтатты. Осынау қиын заманда тарих және шет тілдері факультеттері үшін дербес оқу ғимараттары берілді. Институт жанынан ауыл балалары үшін педагогикалық лицей ашылды. Жас оқытушылар ғылыми орталықтарға, аспирантураларға жүйелі түрде жолданды. Ректор Рысбековтың табандылығының арқасында 1996 жылы 65 жылдық тарихы бар оқу орны Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті дәрежесіне ие болды», – деп қалам тербеген еді ғалым.

Ал Тұяқбай Зейітұлының 50 жасқа толу мерейтойына орай құттықтау жолдаған сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Білім және мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетов оның ғылым докторы, профессор ретінде Ақ Жайық өңірінде үлкен ғылыми мектеп қалыптастырғанын баяндаған. Сонымен қатар Т. Рысбековтың Батыс Европа, АҚШ мемлекеттерінің білім беру жүйелерімен танысып, оларды еліміздің білім беру жүйесін ізгілендіру мен ұлттық мәдени дәстүрге негіздеуге шебер ұштастыра білгенін мақтаныш тұтатынын жеткізген…

Тұяқбай Зейітұлының білім беру саласындағы ерен еңбегі жоғары бағаланып, «ҚР Білім беру саласының үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атанды, бірнеше салалық академияның  мүшелігіне  сайланды.

Тұяқбай ағамызды көпшілік басшы ғалым, ұстаз ғана емес, сонымен қатар облыс, республика көлеміндегі қоғамдық істердің ұйытқысы ретінде жақсы біледі.

Облыс орталығының қоғамдық өміріне белсенді араласқаны үшін оған «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.  Бертін келе «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалін, «Парасат» орденін өңіріне тақты. Сонымен қатар Ресейдің «Ақпараттық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін» деген халықаралық орденін, Францияның «SPI алтын медалін», Ұлыбританияның «Европалық интеграцияның дамуына жеке үлесін қосқаны үшін» халықаралық марапатын алды. Ал Кембридж университеті оған «2007 жылдың кәсіпқой  маманы»  деген  атақ  берді.

Академик Т. Рысбековтың депутаттық қызметте жүріп те атқарған қызметтері бір төбе. Онымен бірге халық қалаулысы болып сайланған әріптестерінің айтуынша, Тұяқбай Зейітұлы ашықтылығымен, адалдылығымен, парасаттылығымен ерекшеленеді. Депутаттық міндетіне жауапкершілікпен қарап, әр мәселеге жете назар аударуға тырысады.

Оның, әсіресе, еліміздегі білім жүйесіне қатысты заңнама талаптарынан хабары мол. Сол себепті аталмыш сала бойынша өңіріміздегі бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан жан-жақты зерттелмей дайындалған жоспарлары мен есептері сан мәрте кері қайтарылды. Осылайша ол мәслихат депутаттарының талқылауларына ұсынылатын құжаттардың талапқа сай әзірленуіне ұйытқы  болып  келді.

Биыл өзінің жетпісінші жазын қарсы алып отырған Тұяқбай Зейітұлының өңірімізге әбден сіңісіп, батысқазақстандықтардың өз адамы болып кеткені мәлім. Тарих ғылымдарының докторы,  Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Хангелді Әбжановтың сөзімен айтсақ, оның кіндік қаны тамып, балалық шағы өткен Таразы мен Таласы Батысқа айналды. Сөйтіп, «Өзі жақсыға қай-қайда да бір кісілік орын барлығын» өнегелі өмірімен  дәлелдеді.

Сәкен   МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Парасатты жан еді…

Күні: , 23 рет оқылды

Копия Изображение 020_1


Таяуда  «Орал  өңірі»  газетінің  100  жылдығы аясында  Кеңес Одағының   Батыры  Мәншүк  Мәметова  мұражайында  Ұлы  Отан  соғысы  және  еңбек  ардагері  Рахим  Қожахметовтың  туғанына  95  жыл  толуына  орай  еске  алу  шарасы  өтті.  Рахим Қожахметов  ұзақ  жыл  «Орал өңірі»  газеті  бас  редакторының орынбасары  қызметін  атқарды.


Рахим Абдоллаұлы 1922 жылдың 15 қаңтары күні Жымпиты ауданының Жымпиты ауылында қызметшілер отбасында өмірге келген. 10 жасқа толғанда әкесі кенеттен өмірден өтіп, біздің бүгінгі кейіпкеріміз есейе келе,  екі әпкесі мен екі  інісіне өмір бойы  жанашырлық  танытып, қамқорлық  жасаумен болды.

Абдолланың  Рахимы 1940 жылдың қыркүйегінде Қызыл әскер қатарына шақырылды. Соғыс басталғанда оны Иркутскідегі әскери-саяси училищенің жеделдетілген курсына жолдады. Ал курсты бітірісімен, саяси жетекші, полк командирінің адъютанты, кейін көп ұзамай Забайкал әскери округінің әскери 36-полкі штаб басшысының көмекшісі болып тағайындалды. Р. Қожахметов қызмет еткен әскери бөлім Қиыр Шығыстағы кеңес әскерлерінің тобына кірді. Адал коммунистермен өз қатарын нығайту мақсатында партия үндеу жариялағанда 19 жасар Рахим ойланбастан, алғашқылардың бірі болып, 1941 жылдың қарашасында партияға кіру туралы өтініш білдіріп, қабылданды.

– Көрсеткен қажыр-қайраты мен ерлігі үшін әкем  «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Жеңіске – 20 жыл», «Жеңіске – 30 жыл», «Қарулы күштерге – 50 жыл», «Қарулы күштерге – 60 жыл» медальдарымен марапатталды.  – Жасөспірім шағымызда әкемізден үнемі соғыс туралы сұрайтынбыз. Соғыс жөнінде  көрген фильмдеріміз бен оқыған кітаптарымыздағы солдаттардың ерлігі туралы  естігіміз келетін. Бірақ әкеміз соғыс  туралы естеліктерімен сараң  бөлісетін. Бүгінде біздер, оның перзенттері, қайғы-қасірет пен орны толмас қазаға толы сол жылдарды еске алу оған оңай болмағанын түсінеміз, – дейді оның қызы Римма Қожахметова.

Соғыс аяқталғасын Кеңес әскері қатарынан босаған Р. Қожахметов туған ауылы Жымпитыға оралады. Әрі қарайғы қызметі партия жұмыстарымен байланысты болды. 1946-1949 жылдары ол штаттық насихатшы, Қазақстан Компартиясының Жымпиты аукомының үгіт-насихат, партия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Облыстық архив құжаттары көрсеткендей, ауданда үздік болған саяси үйірмеге  Рахим  Абдоллаұлы  25 жыл жетекшілік  еткен  екен.

– 1949 жылдың тамызында әкем Оралға ауыстырылып, Қазақстан КП обкомының үгіт-насихат бөлімінің  нұсқаушысы және меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1952 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Оны бітіргеннен кейін үш жыл  Бөрлі аудандық  партия  комитетінің екінші хатшысы болып қызмет етті. Сол жылдары партия мен халық алдында дәнді дақылдар өнімін еш шығынсыз жинап алу  тапсырмасы тұрды. Аталмыш тапсырманы орындауда көп  күш жұмсалды. Еліміз үшін осындай маңызды істе жоғары нәтижеге жетіп, астық дайындау мен егін жинауды еш шығынсыз өткізгені үшін әкем «Тың жерлерді игергені үшін», «ХШЖК-ның үлкен күміс медалі» медальдарымен марапатталды. Ал 1957 жылдың қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Құрмет белгісі» орденін  өңіріне тақты. 1957-1961 жылдары Орал облыстық партия комитетінде  жауапты  қызметтер атқарды.

Коммунистік партия жастар тәрбиесі ісіне, соның ішінде студенттерге жіті  көңіл бөлді. Әкем де бұл  іске лайықты үлес  қосты. Ол  А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының партбюро хатшысы қызметін істеген жылдары замандастарының  айтуынша, студенттердің  саяси  сауатты тұлға  ретінде  қалыптасуына  баса  назар  аударған, – деп еске алады бүгіндері Римма Рахимқызы.

Біраз жыл Жымпиты және Бөрлі аудандық кеңестерінің депутаты ретінде жергілікті жұртқа мінсіз қызмет еткен Рахим Абдоллаұлы құрметті демалысқа шығарға таман «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен де марапатталды. Ол сондай-ақ республикалық дәрежедегі  дербес  зейнеткер  болды.

1963 жылдың мамырынан бастап Рахим Қожахметовтің өмірі журналистика саласымен байланысты болды. Өйткені  ол сол  кезеңде облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары болып тағайындалады. 1966 жылы КСРО Журналистер  одағының  мүшелігіне  өтті.

Кезінде  қызметтес  болған әріптестері  Р. Қожахметов орыс  тілінен қазақ  тіліне,  сондай-ақ  қазақ  тілінен  орыс  тіліне  сауатты,  дәл  аударуымен ерекшеленгенін  және «Орал өңірі» газетінің  редакциясында 14  жыл қызмет  атқарған  Рахим  Абдоллаұлының  жас  тілшілердің  маман  ретінде  қалыптасуына  да  лайықты  үлес  қосқандығын  айтады.

Динара   ИҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Айтқали  НӘРІКОВ,

ҚР  Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– 1968 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық  институтын бітіріп, облыстық «Орал өңірі» газетіне кіші әдеби қызметкер болып қабылдандым. Ол кезде Рахим Абдоллаұлы редактордың орынбасары қызметін атқаратын. Редакцияда жалпы жеті-сегіз бөлім болды. Соның ішіндегі партия жұмысы мен үгіт-насихат жүргізу бөлімдеріндегі әдеби қызметкерлердің мақалалары жіті тексерілетін. Рахим Абдоллаұлы осы бөлімдердегі әдеби қызметкерлердің мақалаларын тексеріп, саяси қате кетпеуін қадағалайтын. Жас мамандарға журналистика саласының қыр-сырын ұқтырып, саяси  сауатты жазуды үйрететін.  Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан,  көрген-түйгені мол басшы болды.  Сондай-ақ ол өте мәдениетті, байсалды, парасатты  жан  еді.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

 «Орал өңірі»  газеті  бас  редакторының орынбасары, Қазақстанның  құрметті журналисі:

– Рахим ағайды сонау 1970 жылдардың аяғында көрдім. «Орал өңірі» газетінің сол кездегі бас редакторы Бақтыбай Далабаев зейнет жасында жүрген ардагер журналистерді жылына бір жұмысқа шақыратын. Сонда олар бірер айдай жұмыс істеп, аға буын ретінде ақыл-кеңес айтып, сол кездегі біз сияқты «сары ауыз» жас тілшілерге өздерінің тәжірибелерін үйрететін. Ғұбаш Жөндібаев, Хабер Нұрмұхамбетов, Садық Ғайсин ағаларды сонда алғаш көргенмін. Ал Рахим Абдоллаұлы редакцияға жиі соғып тұратын. Ол кісі сол кезде зейнет демалысында жүрсе де, «Союзпечать» деген мекемеде қызмет істейді екен. Көп жыл «Орал өңірі» газетінде қызмет атқарыпты, бас редактордың орынбасары болған. Алғаш көргенім әлі есімде. Бөлмемізге орта бойлы, көзілдірікті ағай кіріп келді. Қимыл-қозғалысы жылдам және өзі де жылдам сөйлейтін жан еді. Түрі қазаққа келіңкіремегені өз алдына, тілі де біртүрлі өзгешелеу мақаммен сөйлей ме, біртүрлі. Бірақ таза сөйлейді, ағып тұр. Әйнегі қалыңдау, мүйіз көзілдірікті арғы жағындағы кішкене  көздері  адамға  әрі  күлімдеп,  әрі  барлай  қарайтындай.

«Союзпечать» дейтін мекемеде ол кезде былайғы жерлерден кездесе бермейтін кітаптар түсіп тұрады екен. Ағай оны журналистерге алып қалыңыздар деп айта келеді екен көбіне. Бұл, сірә, өзі көп жыл жұмыс істеген редакциядағы бұрынғы әріптестеріне бүйрегі бұрғандығы болса керек. Сосын ағайдың бауырмал, біз сияқты жастарды бауырына тарта, «қарағым»  деп  сөйлейтіні  де  жадымда  жатталыпты.


Қоныстой жасайтын күн таяу

Күні: , 26 рет оқылды

20229010_1518125171560131_8420302629289857338_n


Сейсенбіде облыс әкімі Алтай  Көлгінов жұмыс сапарымен  Бөрлі ауданында болып,  құрылыс  жұмыстарының  жай-жапсарымен  танысты.


Облыс басшысы ең алдымен Аралтал ауылындағы Березов және Бестау ауылының тұрғындарына арнап салынып жатқан үйлерге ат басын бұрды. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Өтегеновтың айтуынша, инженерлік желілер жүргізіліп, бар жағдай жасалған 100 үйдің құрылысы аяқталған. Бұл үйлердің 50-і үш бөлмелі, 50-і төрт бөлмелі. Тамыз айының ортасында тұрғындар жаңа қонысқа көшеді. 200-ден астам жұмысшы жұмылдырылған құрылыс жұмыстарына негізінен отандық өнімдер пайдаланылған. Ауылда салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысы жаңа оқу жылы басталғанша аяқталмақ. 100 үйде мектеп жасындағы 32 бала бар. Жаңа оқу жылына дейін құрылысы аяқталады деп жоспарланған білім ошағында көрші ауылдың балалары да білім алмақ. Жаңа бағыттағы автобус маршруттарын шығару да алдағы күннің еншісіндегі негізгі шаруалардың бірі. Қазіргі күнде барлығы сегіз шақырымды құрайтын жол, тротуарлар мен көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Алыстан менмұндалап тұратын, қаз-қатар тізілген қоңыр шатырлы, қызыл кірпіштен өрілген үйлердің әрқайсысына жарық, су, газ желілері тартылып, бар жағдай жасалған. Әр үйдің ауласы қоршалған. Әрбір үйге тиесілі 8-12 сотық жері, аулада құдық, қосалқы шаруашылық нысаны бар.

PRI_9545Бұдан соң облыс басшысы Ақсай қаласының Қарашығанақ ауданындағы 9 қабатты, 153 пәтерлі екі үй салынып жатқан аумаққа барды. Қазіргі күнде ішкі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан көп қабатты үйлерді аралаған облыс басшысы қарқынды жүріп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Бұл үйлердің құрылысы қыркүйек айында толығымен аяқталуы керек.

Березов және Бестау ауылдарының тұрғындары жылу маусымы басталғанша жаңа қонысқа қоныстанып үлгеруі тиіс. Халық осы күнді асыға күтіп отыр. Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, ең бастысы сапаға мән бергеніміз дұрыс, — деді Алтай Сейдірұлы.

Бұдан әрі облыс басшысы Ақсай қаласындағы 10-шағынауданында «ҚПО б.в.» компаниясының  әлеуметтік жобасы бойынша салынып  жатқан 120 пәтерлік тұрғын үйдің  құрылыс жұмыстарымен танысты. Ақсай техникалық колледжіне қарасты апатты деп танылған жатақхана тұрғындарына арнап салынып жатқан, құрылысы енді ғана басталған  тұрғын үй тоғыз  айда аяқталуы тиіс. Бес қабатты 120 пәтерлік тұрғын үйге апатты жатақханада тұрған 90 отбасы көшіп келмек. Сондай-ақ Ақсай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Мәметова, Железнодорожная көшелері мен Ақсай – Жымпиты жолының күрделі жөндеу жұмыстары облыс басшысының назарынан  тыс  қалмады.

Ақсай – Жымпиты жолының 30 шақырымын  күрделі жөндеу жұмыстары  екі жыл ішінде аяқталмақ.  Мердігерлер – «Асфа»  мен «Uniserv» серіктестері. Жолды қалпына келтіру жұмыстары 2018 жылдың желтоқсанында аяқталады деп  жоспарланған.

PRI_9893– Жұмыс қарқынды жүруде. Аралталдағы 100 үй дайын. Қазіргі күнде тұрғын үйлердің құжаттары рәсімделуде. Тамыз айында Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын бірінші кезең бойынша көшіре бастаймыз.

Екінші кезеңде екі тоғыз қабатты үйге көшіреміз. Көшетін азаматтар жұмыс тобын құрып, өздері құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүр. Үйлерге жапсырылған түсқағаздардың түсін  де тұрғындардың өздері таңдады. Үлкен ауылды көшіру оңай емес. Бұл бақылауда тұрған мәселе.  Бар  жағдай жасалды. Өзім тұрғындармен үш-төрт рет кездестім. Балдырғандарға  арналған балабақша дайын. Ендігі кезекте мектептің құрылысы аяқталса, жоспарлы жұмыс толыққанды орындалды деп айта аламыз, – деді Бөрлі ауданындағы жұмыс сапарының  қорытындысы жөнінде  БАҚ өкілдеріне  сұхбат берген  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Гүлжамал   КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»


Жол болсын, «РАТМИР»!

Күні: , 17 рет оқылды

PRI_9461


Сейсенбіде  Оралда тағы  бір  кеме  суға  түсірілді.  FC-19  жобасымен  жасалған  «Ратмир»  ұшқыр  катері  «Зенит»  зауытының  конвейерінен шыққан  27-кеме. Бұл  кеме  ҚР  Ұлттық   қауіпсіздік  комитеті  Шекара  қызметінің  тапсырысымен  жасалды.


Су жаңа кемені суға түсіру салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі жағалау күзеті басқармасының бастығы, І дәрежелі  капитаны С. Хасанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі өңірлік жағалау күзеті басқармасы бастығының орынбасары, І рангілі капитан С. Қалдыбаев  және  жергілікті басқару органдарының өкілдері мен «Зенит» Орал зауыты»  АҚ-ның ұжымы қатысты.

–  Жыл сайын суға жаңа кеме түсіру біз үшін дәстүрге айналды. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде «Зенит» зауыты 27 кеме құрастырып үлгерді. Міне, бүгін біз өзіміздің 27-ші кемені суға түсірдік. Осының барлығы Елбасының индустриалдық-инновациялық даму бойынша  жасақтаған бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда «Зенит» зауыты жетілдірілуде, нәтижесінде кәсіпорын қазіргі талапқа сай заманауи кемелер шығара бастады. Осыдан екі-үш ай бұрын біз сыйымдылығы 250 тонна кемені суға түсірген болатынбыз. Енді, міне, бүгін суда жүзу жылдамдығы 100 км/сағатты құрайтын ұшқыр кеменің сауырын су сүйді. Осындай заманауи кемелерді пайдалана отырып, шекарашылар мен әскери қызметшілер ел тыныштығын күзетеді. Мұндай заманауи техниканы жасау үшін зауытқа мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Кәсіпорын жұмысының тоқтаусыз жүруі үшін мемлекет жыл сайын зауытты тапсырыстармен қамтамасыз етуде. Бұл жағдай кадрлардың біліктілігін көтеруге де оң ықпалын тигізуде. Зауыт ұжымының сапалы жұмысына ризашылығымды білдіре отырып, ел экономикасын көтеру мақсатындағы Елбасының технологияны жаңғырту бойынша берген тапсырмасын осылайша бірігіп орындайық, – деді облыс әкімі.

«Зенит» Орал зауыты»  АҚ  бас директоры Вячеслав Валиевтің айтуынша, мұндай ұшқыр катерлерді кәсіпорын осымен бесінші рет даярлап отыр. Дегенмен, «Ратмирдің» алдыңғыларына қарағанда, айта қаларлықтай ерекшеліктері бар. Жаңа кеменің корпусы бұрынғыларға қарағанда,  едәуір жетілдірілген және үш балға дейінгі толқында қозғалыс мүмкіндігін шектеусіз  сақтайды.  Сондай-ақ жаңа кемеде экипаж үшін барынша тұрмыстық қолайлы жағдай жасалған.

– Бұл катер өте жүрдек және қажет кезде оңтайлы маневр жасауға қабілетті. Кеменің осы артықшылығы, Каспий теңізі аумағында кездесіп қалатын заң бұзушылармен, сондай-ақ  браконьерлермен белсенді  күресуге  мүмкіндік береді. Бұрын мұндай мақсатқа арнайы ұшақтар пайдаланылатын, бүгінде осындай жетілдірілген кемелердің көмегімен қылмыскерлердің, соның ішінде шекара бұзушылардың жолын кесуге болады, – деді Вячеслав Валиев.    Бұл кемені «Ратмир» деп атаған тапсырыс берушілердің өздері.

– Әскери флоттың негізгі міндеті – мемлекет шекарасын қорғау, тыныштықты сақтау. «Ратмир» деген сөз тыныштықты сүюші, бейбітшілік қорғаны деген мағынаны білдіреді. Бұл кеме теңіз жағалауындағы тыныштықты қорғайтын болғандықтан, біз оны «Ратмир» деп атадық. Бүгінде басшылар тарапынан отандық кеме жасау ісіне зор көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде біз бүгін Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толу қарсаңында жасалған заманауи кеменің суға түсірілу салтанатына қатысу құрметіне ие болып тұрмыз.  «Зениттен» шыққан кемелер мемлекет шекарасын қорғауда бізге әрдайым сенімді көмекші болып келеді, — деген Сабыр Хасанов кәсіпорын ұжымына сапалы қызмет көрсеткені үшін Шекара қызметі басшыларының атынан алғыс айтты.

Шараны қорытындылаған Вячеслав Валиев шекарашыларға арнап тағы бір жаңа кеме дайындауды жоспарлап отырғандарын айтты. Оның сөзінше, бұл кеме, бұйырса, 2019 жылы тапсырылады. Жаңа кеменің су ығыстырымдылық қуаты «Ратмирден» 10 есе жоғары болмақ. «Ратмир» он  күннен соң Каспий теңізіне бағыт  ұстамақ.

Наташа  ГОРОХОВА


41 жобаны инвесторлар қаржыландырмақ

Күні: , 25 рет оқылды

IMG_0918


Березовтықтарды  көшіру  тамыздың  ортасынан  кешікпей  басталуы  керек.


Миланда өткен «ҚПО б.в.» компаниясын бірлесіп басқару бойынша комитет жиналысы кезінде облыс әкімі Алтай Көлгінов дәл осындай міндет қойды. Өңір басшысы атап өткендей, биыл облыста жол, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу сынды 41 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олар жер қойнауын игерушілер тарапынан жүргізілмекші.

– «ҚПО б.в.» компаниясының 2017 жылға арналған әлеуметтік-инфрақұрылымдық аударымдары есебінен облыс көлеміндегі жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын жолдарды жөндеу, соның ішінде Орал қаласында 19 шақырымы, депо көпірін қайта салу жоспарланған.

Жер қойнауын игерушілердің қаржылары үш көп пәтерлі үйдің (273 пәтер), бір орта мектеп пен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Ақсай қаласы мен Бөрлі ауылында қос бірдей балабақшасы құрылысына, Оралдың үш көшесі мен әуежайға дейінгі жолды жарықтандырудың бетон тіректері мен әуе желілерін жер асты желілеріне ауыстыру, қуат үнемдейтін шамдар орнату, әлеуметтік нысандар жөндеу, инженерлік желілер тартуға, жол салуға бағытталды. Бұдан басқа Бөрлі ауданы Аралтал ауылында 100 тұрғын үй құрылысы аяқталады.

Барлық жоба уақтылы және сапалы түрде орындалуы керек, — деді Алтай Сейдірұлы.

Жиын барысында, сондай-ақ «ҚПО б.в.» тарапынан сатып алу кезінде жергілікті қамту көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарды белсенді жүргізу жөнінде де келісімге қол жеткізілді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық қамту көлемі 51,6 пайызға жетіп, 530 млн. АҚШ долларын құрады.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Сыбайлас жемқорлыққа себеп болатын 101 жағдай анықталды

Күні: , 32 рет оқылды

IMG_0924


Бұл  жөнінде  өңірлік  коммуникация  қызметі  ұйымдастырған брифинг  барысында  ҚР  Мемлекеттік  қызмет  істері  және  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің  БҚО  бойынша  департаментінің  басшысы,  Әдеп  жөніндегі  кеңестің төрағасы Болат  Исақов  мәлімдеді.


Оның айтуынша, департамент мамандары ағымдағы жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік қызметте заңнама талаптары сақталуына 28 тексеру жүргізіп, 357 заңбұзушылықты анықтады. Тексеру нәтижелері бойынша 11 заңбұзушылықты жою туралы берілген ұсыныс орындалды. Тәртіптік жауапкершілікке 18 қызметкер тартылды. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес отырысында 47 мәселе қаралды. Тәртіптік істерді қарау қорытындысы бойынша 21 лауазымды тұлға, оның ішінде, алтауы Әдеп кодексінінің талаптарын, 15-і мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол бергені үшін тәртіптік жазаға тартылды. Мемлекеттік қызмет сапасына қатысты жүргізілген 22 тексеру нәтижесінде 1241 бұзушылық анықталды. Бұзушылықты жою жөнінде тиісті құрылымдарға тоғыз  ұсыныс жасалып, 10 қызметкер  тәртіптік  жауапкершілікке  тартылды.

Болат Әлмұханұлының мәліметінше, облыста  461 мемлекеттік құрылым (орган) бар. Мемлекеттік  қызметкерлердің саны – 4148. Бірінші жартыжылдықта «Б» корпусы бойынша біліктілігіне талдау жүргізілген 3097 мемлекеттік қызметкердің 105-і «өте жақсы», 2521-і «тиімді» деген баға алды. Мемлекеттік  құрылымдарда 754 лауазымға конкурс рәсімі ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 850 кандидаттың 410-ы конкурстан өтті. Заңнама бойынша тестілеуге 931 қызметкер қатысып, соның ішінде 42,75 пайызы шекті деңгейден өтті. Департамент басшысы бірінші жартыжылдықта 2,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Соның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекетті корпорация арқылы көрсетілген қызметтің үлесі өткен жылдағы көрсеткіштен 59 пайызға артық. Бақылау барысында 46 қызметтің мерзімінде орындалмағаны анықталды. Оның 33-і – техникалық ақауға байланысты. Мерзімінде атқарылмаған қызмет үшін сегіз адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Департамент өкілдері алты мемлекеттік құрылым мен төрт квазимемлекеттік сектор субъектісіне сыртқы талдау жүргізіліп, сыбайлас жемқорлыққа себеп болатын 101 жағдайды  анықтады. Соған байланысты 101 ұсыныс беріліп, қазіргі уақытта оның 95-і орындалған.

Лұқпан АХМЕДИЯРОВ,

«Орал  апталығы»  газеті:

– Әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлер туралы айтсаңыз?

Болат  ИСАҚОВ,

ҚР  Мемлекеттік  қызмет істері  және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл агенттігінің  БҚО  бойынша департаментінің  басшысы:

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 99-бабының 1-тармағына сәйкес, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурстық іріктеу рәсіміне нұқсан келтіргені үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  конкурстық комиссия мүшелері жауапкершілікке тартылды. Олардың бәріне әкімшілік  айыппұл  салынды.

Юлия  МУТЫЛОВА,

«Мой  город»  газеті:

– Жақында Әдеп жөнінде кеңес отырысына қатыстым. Кеңес отырысы мемлекеттік тілде өтті. Орыс тілін қолданыстан ешкім алып тастаған жоқ. Бұл заңбұзушылық болып есептеледі емес пе? Шараға орыс тілді БАҚ өкілдері де қатысты. Бұл бағыттағы мәселені шешу жолдарын қарастырсаңыз?

Болат  ИСАҚОВ:

– Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік құрылымда шараны қазақша жүргізу ешқандай заң талабына қайшы келмейді. Егер сіз Әдеп кеңесінің тура күні кешегі жиналысына аяғына дейін қатысқаныңызда, Бақышеваға қатысты тәртіптік іс, талдау материалдарының бәрі орыс тілінде болғандықтан, кеңес отырысы орысша өткендігіне куә болған болар едіңіз. Жыл басынан бері кеңес отырыстарының бірқатары орыс тілінде өтті. Ал жоспарлы түрде қаралатын мәселелерді мемлекеттік  тілде  талқылаймыз.

Алла  ЗЛОБИНА,

«Ratel.kz»  интернет-порталы:

– Мемлекеттік қызметті мерзімінде орындамағаны үшін сегіз қызметкер  жауапкершілікке тартылғанын хабарладыңыз. Олар жөнінде толық мәліметті тарқатып айтсаңыз. Жалпы, сандарды жай ғана атап қана қоймай, әр фактіні дәйекті мысалдармен түсіндіргеніңіз  жөн  болар  еді.

Болат  ИСАҚОВ:

– Мемлекеттік қызметтің орындалу мерзіміне қатысты бұзушылықтар әлеуметтік салада жол берілген. Оның ішінде сәулет-құрылыс бөлімі, жер қатынастары, жұмыспен қамту құрылымдары бар. Құжаттардың орындалу мерзімі мен белгіленген уақыты арасында  айтарлықтай алшақтық жоқ. Ал сіздің айтқан ұсынысыңызды алдағы уақытта қаперге алатын  боламыз.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Орал – Тасқала – РФ жолының 86 шақырымы жөнделуде

Күні: , 21 рет оқылды

IMG_1022


Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  «Нұрлы  жол»  бағдарламасы  бойынша  жаңғыртудан өтіп  жатқан  Орал – Тасқала – РФ  тас  жолының  бойында  атқарылып  жатқан  жұмыстармен  танысты.


Жаңғырту жұмыстарын  жүргізіп жатқан «Юнисерв» ЖШС-ның бас инженері Николай Кондопулоның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын басталған жұмыстың нәтижесінде жаңғыртылуға жататын 104 шақырым  жолдың 54 шақырымы жаңа кейіпке енді. Жыл соңына дейін 86 шақырымға дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонда келер жылға 18 шақырымы ғана қалады. Жол бойындағы 10 көпір де жаңғыртылды. Қазір 12 көпірді жөндеу жұмыстары жүруде. Мамыр-маусым айларындағы жауын-шашынға байланысты жұмыстардың  бір айға жуық уақытқа кешеуілдегені  болмаса,  басқалай  мәселе  жоқ.

– Бұл жоба Елбасының тікелей бақылауында. Сондықтан жоспарланып отырған 86 шақырым жолды биыл қалай да бітіруіміз керек. Қажет қаржы толығымен бөлінді. Қыста вагонның жетіспеушілігіне байланысты мәселе болған еді. Қазір ол шешілді. Сондай-ақ көрші Ақтөбе облысының басшылығымен келісіп, қиыршық тастың толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз  еттік. Өздеріңіз айтқандай, қажет материалдың бәрі бар, техника мен адам күші жеткілікті. Сол себепті мынадай ауа райын пайдаланып, барынша жедел де сапалы  жұмыс істеу қажет, – деген Алтай Сейдірұлы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жайына да жете назар аудару керектігін  жеткізді.

Мердігер компания өкілдерінің сөзіне қарағанда, олар жергілікті жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде жол бойында түрлі жұмыс атқарып жүргендердің тоқсан пайызы, яғни 80 шақты адам Зеленов, Тасқала аудандарының жақын маңдағы ауылдарының тұрғыны.

Өңір басшысы сондай-ақ жол сапасына техникалық бақылау жүргізумен айналысатын ресейлік «Стройтрест» компаниясының атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, оларға да жол сапасына қатысты тиісті  тапсырмалар  берді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Қос сенатор Қазталовта

Күні: , 34 рет оқылды

IMG_8072


Шілденің  18-і  күні  ауданымызға  ҚР  Парламенті  Сенатының депутаттары  Ерболат  Мұқаев  пен  Нариман  Төреғалиев  жұмыс сапарымен  келді.


Сапар  барысында халық қалаулылары Жалпақтал және Қазталов ауылдарындағы құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Айта кетсек, ауданымызда биылғы жылы 4 млрд. теңгені құрайтын жобалар іске асуда. Солардың қатарында Жалпақтал, Қараөзен ауылдық округтеріндегі «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тартылып жатқан ауыз су жүйесі  және Жалпақтал  ауылындағы Масалимов атындағы көше жолына қара жамылғы мен жаяу жүргіншіге арналған тротуар төсеу жұмыстары. Сонымен қатар округ орталығындағы «Ертегі» балабақшасы күрделі жөндеуден өтуде. Ал Қазталов ауылында 100 орындық интернат пен 1 пәтерлік 22 тұрғын үйдің  құрылысы  жүргізілуде.

Құрылыс нысандарын аралағаннан кейін сенаторлар  «Нұр  Отан» партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында ауыл ақсақалдары, аудандық  мәслихаттың депутаттары, мекеме басшылары және қоғамдық ұйым жетекшілерімен кездесті.

Кездесуде сенат депутаты биылғы жылы жоғарғы палатада «100 нақты қадам» бағдарламасының аясында қабылданған заң жобалары туралы айта келіп, Елбасымыздың биылғы үндеуі мен мақаласы туралы кеңінен түсінік берді. Сондай-ақ кездесуде қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге  құлақ түріп, қойылған сауалдарға  жауаптар  қайтарды.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика