Мұрағат: 17.07.2017


101 миллион пара алған

Күні: , 37 рет оқылды

pogudx5v6vipcg3a5.706d61ba


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің хабарлауынша,  2017 жылы 13 шілде күні  БҚО бойынша МКД экономикалық тергеу қызметі қаржылық салада құқықбұзушылықтарды тергеу басқармасы заңсыз мекемелерді қаржыландыруға қарсы бөлімінің басшысы 1981 жылы туған  Н.  Урналиев қамауға алынған.


Ол  2016 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдың шілде айы аралығында қызмет бабын пайдаланып,  «К» ЖШС-ның құрылтайшысынан сотқа дейінгі тергеуді қысқартуға ықпал ету және сотта салық сомасын түзету жөніндегі азаматтық іс бойынша мәселені оңды шешу, сонымен қатар одан әрі кәсіпорынға қолдаушылық ету үшін бірнеше рет аса ірі мөлшерде жалпы көлемі 101 миллион теңге пара алған.

Осы жайттар бойынша, Н. Урналиевтің іс-әрекеті ҚР ҚК-ның 366-бабының 4-бөлімінде көрсетілген қылмыс белгілері бойынша дәрежеленді.

взятка

Тергеу жүргізілуде. Басқалай ақпарат тергеу жүргізілуіне байланысты таратылмайды.


91 пайыз тұқымдық түрлендірілді

Күні: , 20 рет оқылды

DSC_0714


Төрт түлік малға мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді дер кезінде пайдалану мақсатында ауданда біркелкі жұмыстар жүргізілуде. Аудан бойынша мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Нақтылап айтатын болсақ, биылғы есепті мерзім ішінде ірі қара 43012 бас, қой-ешкі 85676, жылқы 13224 бас, түйе 116 бас болып, өткен жылмен салыстырғанда  өсім тиісінше 115, 112,121 және 117 пайызды құрады.


Елімізде пайдаға асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ауқымында аудан бойынша 183 шаруа қожалығы және төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде 13774 бас аналық мал мен 496 асыл тұқымды бұқа тұқымдық түрлендіру бағытына сай тіркелді. Сол сияқты 13 шаруа қожалығы 5127 бас аналық қойын 171 бас асыл тұқымды қошқармен қамтыды. Үстіміздегі жылы 120 шаруа қожалығы ірі қара малының 386 бас асыл тұқымды төлін және сегіз шаруа қожалығы 115 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды.  Сондай-ақ барлық ауыл орталықтарындағы жеке табындағы 5546 бас аналық малдың 3900 басы 144 асыл тұқымды аталық бұқамен 70 пайыз қамтылды. Жалпы аудандағы 17420 бас аналық мал түрлендірумен қамтылып, 91 пайызды құрады.

Аудандағы шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалануға оң көзқарас танытуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тапсырма 262 бас ірі қараның аналығы болса, күні бүгін екі шаруа қожалығы 26 миллион қаржы алып, екі бұқа мен 87 бас аналық мал сатып алды. Бізге сондай-ақ «Алтын асық» бағдарламасына сай 1138 бас қой малының аналығын, ал «Құлан» бағдарламасына сәйкес 80 бас жылқы сатып алу тапсырмасы беріліп отыр.

Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемін арттыру және азық-түлік қауіпсіздік мәселелерін шешу бағдарламасын жүзеге асыру бағытында аудан бойынша 10 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Соның ішінде екеуі мал бордақылау, қалған  сегізі тұқымдық түрлендіру бағытында жұмыс істейді. Сол тұқымдық түрлендіру бағытындағы бес кооператив шаруашылыққа қажетті 5927 гектар жер телімін сұраса, қазір олардың құжаттары рәсімделуде. Бұл бес кооперативте  41 асыл тұқымды бұқа мен 660 бас аналығы тіркелген. Мал бордақылау бағытындағы кооперативтерді қаржыландыру мақсатында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы аудандағы 50 аулаға «Береке» несие бағдарламасы бойынша 1231 бас бойдақ мал сатып алу жоспарланған.  Бұл малды бордақылауға 225 миллион теңге несие бөлінген. Соның күні бүгін 53 миллион 450 мың теңгесі игеріліп, 281 бас мал сатып алынды.

Сонымен бірге аудандағы шаруа қожалықтары жыл сайын техника сатып алуды қолға алуда. Мысалы, үстіміздегі жылдың бес айында машина-тракторлық парктерді жаңарту бойынша ауданда тұратын шаруа қожалықтары 14 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алса, соның барлығы трактор, нақтылап айтқанда, лизингтік техника болып саналады. Биылғы ережеге сәйкес инвестициялық салымдарды субсидиялау бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері мен жайылымдарды суландыруға берілуде. Сондықтан бірінші шілдеден бастап, ауданда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған шаруа қожалықтары субсидия алу үшін құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тапсыруда.

Аудан аумағында бұдан басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстары біртіндеп жүзеге асуда. Мәселен, биыл бес ұңғыма құдық жасатуға үш шаруа қожалығынан өтініш түскен болатын. Бұл мәселе бойынша ұңғыма құдықтарды жасауға жуырда «Жайықгидрогеология» мекемесінен бригада келмек. Ал шеген құдықтарды қазу жұмыстарын аудандағы «Биби» жеке кәсіпкерлігі атқармақшы.

Арман ИСҚАҚОВ,

Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы


Шынболат ЕРМАҒАМБЕТОВ, «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі: «Ирригациялық жүйелерді қалпына келтірудің стратегиялық маңызы зор»

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_8212


— Шынболат Бекұлы, өткен жылы индустрияландыру қорытындысына арналған кеңесте Мемлекет басшысының 600 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу туралы тапсырма бергені мәлім. Өңірде осы бағытта қандай шаруалар қолға алынуда?


 

— Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шара жоспарына Батыс Қазақстан облысы бойынша 21000 гектар тұрақты суармалы жерді, 162631 гектар көлтабанды (лиман) суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру ұсынылды. Сонымен қатар іс-қимылдар жоспарына Жалпақтал ауылы маңындағы Жалпақтал бөгетінің құрылысын, Шаған су қоймасындағы қосымша апатты су жібергіштің құрылысы және Киров су қоймасын қайта қалпына келтіру енгізілді. Облыс бойынша осы шаруалардың барлығына 20 839,084 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. 2016 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс аудандарының әкімдіктерімен бірлесе отырып, 225,4 млн. теңге шамасындағы қаржыға су шаруашылығы нысандарының төлқұжаттарын дайындау жоспарын жасақтады.

 

— Аудандарда су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қарқын алып отыр деу қиындау. Алайда Сырым ауданы бұл тұрғыдан алғанда өзгелерден көш ілгері ме?

 

— Иә, өңірде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары бұдан бұрынырақ басталды. Алайда бір ауданды өзгелерден бөліп жалаулатуымыз жарамас. Бұл жағынан Қаратөбе ауданында да игілікті істер бар. 2014 жылы Қалдығайты жүйесін қайта жаңғыртудың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, 2015 жылы 6670 гектар көлдете суарылатын Қалдығайты жүйесін жаңғыртуға 88 951 мың теңге бөлініп, игерілді. Сондай-ақ 2015 жылы Өлеңті жүйесін қайта жаңғыртудың құжаттамасы жасақталып, жобаға 2016 жылы облыстық бюджеттен 18,0 млн. теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 85,6 млн. теңге бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 2016 жылы Сырым ауданының Тоғанас ауылында жергілікті бюджет есебінен 3,4 млн. теңгеге Шолақаңқаты су қоймасының имараттарын қайта жаңғырту жобасы жасақталып, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Одан басқа Теректі ауданында 2015 жылы Ұзынкөл су қоймасы қалпына келтірілді. Жәнібек ауданында 1,8 мың гектар жерді қамтитын Әбділман және Соркөл су жайылмалары учаскесін қалпына кел-тірудің құжаттары жасалып, биыл бұған 196,7 млн. теңге бөлінді. Жайық өзенінің сол жағалауында орналасқан елді мекендер-дің жерін суландыру мақсатында Теректі ауданының Жайық – Шалқар каналын қайта жаңғырту жоспарлануда.

 

_MG_133151044068— Ақжайықтықтар, соның ішінде бұрынғы Тайпақ ауданы аумағындағы жергілікті жұрт Ащы – Азынабай – Тайпақ және Азынабай – Тайпақ көлтабанды суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстарының басталуын елеңдеп күтіп отыр. Облыс әкімінің осы аумаққа барған бір іссапарында да ауыл тұрғындары нақ осы мәселені алға тартты. Гидромелиорация саласының да 40 жылға жуық еңбек өтілі бар, осы саланың майын ішкен, білікті инженер-гидротехник ретінде мәселенің түйінін қалай шешкен жөн деп санайсыз?

 

— Иә, облыс басшысының Ақжайық ауданына жұмыс сапары кезіндегі тапсырмасын орындау мақсатында маусым айында Ащы – Азынабай – Тайпақ суару-суландыру каналына және Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесіне (Аяқ су қоймасына) мүдделі тараптардың қатысуымен іссапар ұйымдастырылып, нысандардың техникалық жағдайы зерттелді. Алдымен, Ащы – Азынабай – Тайпақ каналын іске қосу үшін каналды қайта қалпына келтірумен қатар, су көзін анықтау қажет. Бұл ретте кепілді су көзі – Жайық өзені. Өзеннен Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына су берудің төрт нұсқасы қарастырылуда. Оның біріншісі – Чапаев ауылы тұсындағы аспалы көпірмен су беру, екіншісі – Жайық – Шалқар каналымен Қарабас сайы арқылы Ақжайық су қоймасының деңгейін көтеріп, сорғы қондырғылары арқылы Ақжайық су қоймасынан Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына су беру, үшінші нұсқа – Жайық өзенінен қалқымалы сорғы қондырғысымен тұрбалар арқылы Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына тікелей су беру, соңғы төртінші нұсқа бойынша – Ақжайық су қоймасының қазіргі таңдағы жинақталған суын жылжымалы сорғы қондырғыларымен Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына шығару. Маман ретінде қарастырылған төрт нұсқаның екіншісін қолдаймын. Бірақ бұған қомақты қаражат керек.

Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстарына тоқталар болсақ, негізі суландыру жүйесінің құрамына кіретін топырақтан көтерілген бітеу бөгет, екі қақпалы су жіберу имараты және су таратушы каналдарын қайта қалпына келтіру керек. Елбасының тапсырмасына орай облысымызда тасқын суларды жинақтауға арналған жалпы саны 22 су қоймасы мен тоған бойынша жұмыс жоспары Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарына ұсынылып, жоспар мақұлданды. Алдағы жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, жобалық құжаттары жасалса, Азынабай – Тайпақ каналын қалпына келтіру жұмыстары басталады. Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесінде орналасқан Аяқ су қоймасының бөгетін қайта қалпына келтіру облыс бойынша тасқын суларды сақтау, жинақтау және тарату, шалғайдағы жайылымдарда мал суаратын суландыру құрылғыларын (құдықтар) қалпына келтіру және жайластыру бойынша ұсынылған іс-шаралар жоспарына енді. Аяқ су қоймасының бөгетін қайта қалпына келтіру жобасының құны 400,0 млн. теңгені құрайды. Бұған қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

 

– Шынболат Бекұлы, өңір басшылығы Киров – Шежін каналы арнасын (180 шақырым) қалпына келтіруге басымдық беріп отырғаны мәлім. Облыстың төрт бірдей ауданының аумағындағы жайылымдық жерлерді кеңейтуге мүмкіндік беретін жоба жайын тарқата кетсеңіз?

 

— Алдымен Киров – Шежін каналын қайта қалпына келтіруге неге соншалықты маңыз беріліп отырғанын айтайын. Бұл каналды қайта жаңғырту арқылы облыстың Ресейден санитарлық-экологиялық мақсаттарға ақылы берілетін Еділ суына тәуелділігін азайту, сонымен қатар Ақжайық, Тасқала, Қазталов және Жаңақала аудандарының елді мекендерін тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін Қараөзен өзеніне су беруді ұйымдастыру көзделген. Бұл жобаны жүзеге асыру жыл сайын Жайық өзенінен Қараөзен өзеніне 25-50 млн. текше метр көлемінде су айдауға мүмкіндік береді. Сонда жыл сайын 600-700 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік аламыз. Киров – Шежін каналын қайта жаңғырту төрт кезеңге бөлінген. Оның бірінші кезеңі 2011 жылы басталып, 2016 жылдың қараша айында аяқталды. Жобаның екінші кезеңінде каналдың арнасы кеңейтіліп, 74,94 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілді, 33 гидротехникалық имарат, үш тұрғын үй салынды. Ал жобаның үшінші кезеңінде каналдың 47,9 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын қосалқы мердігер «АзияТехСтрой» ЖШС атқаруда.

Каналын қайта жаңғыртудың төртінші кезеңінде, яғни жазғы-күзгі мезгілде Киров – Шежін каналын толықтыру үшін Көшім ауылы аумағындағы Жайық өзеніне қалқымалы сорғы стансасын салу қарастырылған. Жобалау-сметалық құжаттаманы жасақтау мен жобаны жүзеге асыруды Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына енгізу ұсынылды. Киров – Шежін магистралды каналы арқылы 140 гектар тұрақты суармалы, 6152 гектар көлдете суармалы, 130000 гектар жайылым жерлерін суландыру іске асады. Сөйтіп, төрт ауданның аумағындағы суландыру жүйелерінің «тамырларына» қан жүгіреді.

 

– Ғалымдардың айтуынша, Ресейдің Орынбор облысында салынған Ирикла су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін Жайықтың төменгі ағысындағы су азайған әрі Жайық суын есепсіз пайдаланудың салдарынан 2030 жылға қарай өңірде ауыз су тапшылығы басталуы мүмкін. Мұндай болжамға не дер едіңіз?

 

— Ирикла су қоймасының ұзындығы – 70, ені – 8 шақырым, сыйымдылығы – 3 миллиард 257 миллион текше метр. Ол – Жайық өзені арнасы бойындағы ең ірі су қоймасы. Су қоймасының салынғаны – бүгінгі күннің ақиқаты, ресейліктер бәзбіреу байбалам салды екен деп, қоймадағы суды төменге, өңірімізге жібере салмайды. Тарих демекші, Ирикла су қоймасы атауының шығуы туралы көптеген аңыз-әңгіме бар. Ерте заманда, сол маңда төбешіктің басынан көкжиекке дейін кілемдей төселген кең байтақ далаға көзі түскен бір атамыз «Еркін дала» деп тамсаныпты. Кең дала мен Жайықтың көгілдір толқынына сүйсінген қарияның айтқаны алқаптың атауына айналыпты деседі. «Еркін дала» немесе транскрипциясы «ирик дала» — «еркін дала, кең алқап» дегенді білдіреді екен. Қазіргі Ирикла су қоймасы орналасқан алқап тап сондай атаумен бүгінге жетті.

Соңғы жылдары Ирикла су қоймасының жұмысын реттеу, төменге су босату мәселелері Қазақстан – Ресей үкіметаралық деңгейдегі құрылған комиссияның жұмыс тобы отырысында бірлесе шешіледі. Биылғы жылдың 1-2 маусымында Ресейдің Орынбор қаласында өткен трансшекаралық Жайық өзені бассейні бойынша су қорын бірлесіп пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан – Ресей комиссиясы жұмыс тобының кезекті отырысында жақсы шешім қабылданды. Онда 2017 жылдың жаз айларына Ирикла су қоймасынан төменге су жіберу секундына 60,0 текше метрді құрайтын болды. Салыстырар болсақ, жаз-дың ең ыстық айларында төменге су жіберу секундына 15,0 текше метр құраған жылдар да болды, яғни биыл төменге су жіберу төрт есеге артты. Әлгіндей болжамға қатысты кесіп айту қиын. Бірақ дәл 2030 жылға таман өңірімізде су тапшылығы орын алады деген пікірмен өз басым келісе алмаймын.

 

– Ақ Жайық атырабындағы табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Облыстағы ең басты су көзі – Жайық өзені өз бастауын Ресей аумағындағы Орал тауларынан алады. Шаған мен Деркөлдің де бастауы – Орынбор жағында. Ресейден су алу мәселесі қалай шешілуде?

 

— Өңірге Еділ суы Саратов облысындағы Саратов каналы арқылы Қараөзен мен Сарыөзенге, Волгоград облысының Палласов жүйесі арқылы Жәнібек суару-суландыру (ЖССЖ) жүйесіне жіберу арқылы келеді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен суды жеткізуші ресейлік мекемелердің су беру қызметтері төленеді. Шығынның басты бөлігін Саратов каналы арқылы Қараөзен және Сарыөзенге су беру кезіндегі бес сорғы стансасы мен Палласов жүйесі арқылы Жәнібек ССЖ-ға су беру кезіндегі үш сорғы стансасының каскадтарының жұмыстарына жұмсалған электр қуатының шығындары құрайды.

2017 жылы келісімшартқа сәйкес Ресейден өңірімізге 1204,7 млн. теңге қаражатқа 66,256 млн. текше метр көлемінде су алынады, соның ішінде Сарыөзенге 31,256 млн. текше метр, Қараөзенге 35,0 млн. текше метр су жіберіледі. Жәнібек суару суландыру жүйесіне 439,642 млн. теңгеге 23,468 млн. текше метр су алынады. Сондықтан тарихы тамырлас әрі тату көршіміз Ресейден су алуда әлдебір түйткілді мәселе жоғы айдай анық. Сөйте тұра, туған өлкеміздің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру мен жетілдірудің әлеуметтік-экономикалық және стратегиялық мән-маңызы зор екендігін естен шығармауға тиіспіз.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тақтайдай тегіс жол болмақ

Күні: , 29 рет оқылды

IMG_3718


Жақында  облыстық  маңызы  бар  Бөрлі –  Ақсай – Жымпиты автомобиль  жолын  қалпына  келтіру  жұмыстары  басталды.


Өткен жылы Бөрлі ауылы мен Ақсай қаласының арасындағы тас жол жөнделіп, тұрғындардың көңілі бір демделіп қалған еді. Мамыр айында талай жылдан бері ойқы-шойқы болып, шұңқыр мен жыраға айнала бастаған Ақсай қаласы мен Жымпиты селосы арасындағы жолды қайта құру жұмыстары басталды. Жол азабын жолаушы ғана түсінеді. Осы жолмен сапарлаған әрбір көлік жүргізуші ойдым-ойдым шоқалаққа соғылып, жауынды күні балшыққа батып, талай бейнет көріп жүргені рас. Ал енді талай мәрте айтылып та, жазылып та келген бұл жол мәселесінің оң шешімін тапқаны көңілге қуаныш ұялататыны да шындық.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Өтегенов айтып өткендей, жолдың 38 шықырымынан 68 шақырымына дейінгі бөлігі қайта жөнделмек. Тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып табылады.

2017-2018 жылдар ішінде жолдың 30 шақырымы тақтайдай тегістелмекші. Шаңы шығып, борпылдақ топыраққа айналған жол үстіндегі жұмыстарды көзбен көріп қайтқан едік. Зеленов ауданындағы «Асфа» ЖШС жолдың 53 шақырымынан 68 шақырымына дейін жөндемекші. Биыл 8 шақырымды, екі жылда жолдың 15 шақырымын қайта жөндеп шықпақ. Учаске бастығы Алексей Стрибковтың айтуынша, 70 адам жұмыс жасайды, 40 техника бар.

– Бұл жерде грейдермен салынған жол ғана болды. Жолдың бетінен бір түйір де қиыршық тас көрмедік, — деген учаске бастығы жолдың қаншалықты нашар болғанын да айтып өтті. Сонымен қатар оралдық «Uniserv» ЖШС жолдың 38 шақырымынан 53  шақырымға дейінгі бөлігін қайта жөндеп жатыр. Бұл мекеме жұмысты маусымның ортасында бастады.

Жиырма шақты техника жұмылдырылды. 70-80-ге жуық жұмысшы бар, ақсайлық жергілікті тұрғындарды да жұмысқа алып жатырмыз. Қазір бұл жолдың үстіңгі қабаты қырылып, жоспарға сай жұмыстар жүруде. Кейін қара қиыршық тас, сосын үш қабат, яғни 8, 6, 4 қабат асфальт төселеді. Жолдың ені 8 метр болады, — дейді жол шебері Ринат Уразғалиев.

Бұл мекеме де биыл жоспардағы 15 шақырымның тең жартысын жөндемек. Жол шеберінің айтуынша, жол белгілерін өздері қоятын болады. Жолды қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау 2018 жылдың желтоқсан айына белгіленіп отыр.

Ясипа  РАБАЕВА,

Бөрлі  ауданы


281 ойын алаңы жөнделмек

Күні: , 16 рет оқылды

DSC_0045


Бұл жөнінде Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетов хабарлады. Оның мәліметінше, тендер рәсіміне қатысқан «КазПроектСервис ЛТД» ЖШС қалалық бюджеттен бөлінген 15 млн. теңгеге ойын алаңдарында орнатылған спорттық құрал-жабдықтарды ағымдағы жөндеуден өткізеді.


Қазіргі уақытта «Юбиляр» аялдамасы аумағындағы Еуразия даңғылы бойында орналасқан көп қабатты үйдің ауласындағы белтемір, өрмелеу жабдықтары сырмен боялуда. Дәл  осы  аулаға  келіп,  журналистерге сұхбат берген бөлім басшысына ойын алаңының күтімсіз қалғаны жөнінде тұрғындар шағымданып та үлгерді. Азамат Мадиярұлы оларға аула аумағындағы қажетсіз темір кесінділері кесіліп, бұзылған әткеншектің, басқа да ойын құралдарының бөлшектері ауыстырылатынын айтты. Тазалық жұмысы ПИК пен тұрғындардың мәселесі екенін  түсіндірді.

– Күніне төрт-бес ойын алаңындағы жабдықтарға жөндеу жүргізілуде. Сынған орындықтардың тақтайы жаңаланып, сырғанақтардың қаңылтыры түзеледі. Темір құралдардың үзілген бөлшектері дәнекерленеді. Серіктестік жұмысына 10-нан астам қызметкер тартылған. Құжатта жөндеу мерзімі төрт айға белгіленсе де, екі  айдың ішінде аяқтауды жоспарлаудамыз. Дегенмен кейбір аулалардағы ойын құралдарының сапасы өте нашар. Бұл жайында жұмыс жобасында нақты көрсетілмеген, – деді серіктестіктің атқарушы директоры Нұрлан Боранқұлов.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ


«Шапағаттың» шырайлы күндері көп

Күні: , 30 рет оқылды

32fe861d-8c92-46eb-b47e-5d818c85fbdf


«Шапағат»  арнаулы  әлеуметтік  қызмет  орталығы  2009  жылы  ашылды.  Біздің  орталықты  мүмкіндігі  шектеулі  балалардың  ата-аналары  жақсы  біледі. Бір  қарағанда  біртоға, бірқалыпты  көрінетін  біздің  мекеменің  де  өзіне  тән  тыныс-тіршілігі  бар.


Мекеменің арнайы көліктері таңғы сағат  сегізден бастап екі рейс жасап, мүмкіндігі шектеулі балғындарды алып келеді. Осы сәттен бастап орталықтағы «Таңшолпан», «Айналайын», «Еркетай» топтарында жұмыс қыза бастайды. Ең алдымен,  бөбектеріміз таңғы асын ішеді. Содан соң, олардың көңілін көтеру үшін мамандармен бірге жеңіл жаттығулар жасатамыз. Мекемедегі арнайы мамандар әр баламен кесте бойынша  жұмыстанады. Мүмкіндігінше, біз бөбектеріміздің әр күнін өзгешелеу өткізу үшін ізденеміз. Сондықтан ауа  райы жақсы кездері таза ауада серуендеп, түрлі ойындар ұйымдастырамыз. Мекеме ауласында да бар жағдай жасалған. Түскі ас кезі де қарбаласқа толы. Бұл сәтте тәрбиешілерімізге мамандар  көмектеседі. Тамақтан соң жуындырып, бөбектерді  түскі ұйқыға жатқызамыз. Олардың барлығы ұйықтамайды.  Сондықтан кейбір ұйықтамайтын балалармен мамандар акт залында,  сенсор бөлмесінде, түзету  кабинетінде  жұмыстанады. Бала ортаға қарап өседі. Алғашында тамақ ішуді,  дұрыс отырып,  тұруды білмейтін балалар өзі сияқты балаларға қарап, бой түзей бастайды. Түстен кейін жоспар бойынша тәрбиешілер тәрбие сағатын өткізеді. Кешкі сағат алтыда балаларды мекеме автобусы үйлеріне жеткізіп тастайды.  Әр күн сайын балғындарымыздың үйлеріне жадырап, қуанып қайтқанын көру бізге қуаныш сыйлайды. Сондықтан «Келесі күні бөбектерімізді қалай қуантсақ екен?» – деген сұрақ бізді әр кез мазалайды. Осы бағытта ұжым болып ізденіп, жұмыс жасап келеміз. Қызмет алушы бүлдіршіндердің өз-өзіне  қызмет ету дағдыларын қалыптастырып, жеке даму деңгейін арттыру арқылы атааналарының жұмысқа орналасуына мүмкіндік туғызу, жанұя  мүшелеріне моральдық-психологиялық  көмек көрсету – мекеменің басты міндеті. Бүгінгі таңда осы жерде 1,5-18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек қозғалыс аппараты бұзылған балалар қызмет алады.

Осындай мүмкіндіктерінің шектелуіне орай, олар  арнайы әлеуметтік балабақшалар мен мектептерге бара алмайды. Сондықтан да біздің орталық  оларға  халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес әлеуметтік-медициналық, әлеуметтіктұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтікқұқықтық бағытта қызмет көрсетеді.

Дүние есігін ашпай жатып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған бүлдіршіндердің өз ортасына  ертерек  бейімделуі үшін  мекемеде арнайы мамандар қызмет атқарады. Арнайы педагогтар, тәрбиешілер мен психолог мамандары қызмет алушыларға педагогикалық-психологиялық диагностикалық зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижесінде балалармен жүргізілетін коррекциялық түзете-дамыту жұмыстарының негізгі бағыттары анықталып, балалардың  өз-өзіне қызмет етуі мен қимыл-қозғалысын дамыту, сенсорлық дағдысын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргіземіз.

Балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты мен ауыр, күрделі дәрежедегі ақылойы кеміс балаларға арналған түзете-дамыта оқыту бағдарламасы бойынша стационарлық жағдайда қызмет алады. Бағдарлама балалардың  заттарды қабылдауын, сөйлеу тілін, сенсорлық қабілетін, моторикасын  дамыту, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бағытында  құрылған. Осы мақсатта мекемеде заманауи құрылғыларымен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, сенсор,  логопед, дефектологтардың кабинеті жұмыс жасайды. Мәдени, мерекелік және спорттық іс-шаралар спорт залда, демеушілердің көмегімен салынған мекеме ауласындағы жабық беседкада  өтеді.

Жыл санап мүмкіндігі шектеулі балаларға деген қоғамның көзқарасы өзгеріп келеді. Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалармен жұмыс жүргізудің өз ерекшеліктері мен қиындықтары да жетерлік. Соған қарамастан, біз  бала тұлғасын қалыптастыру, дер кезіндегі тілдік және танымдық қабілетін, жалпы, ұсақ моторикасын дамыта отырып, олардың қоршаған орта мен қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға тырысамыз. Елбасы Н. Ә. Назарбаев  «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деп атап көрсеткен еді.    Осы бағытта  мекемеде түрлі мерекелік шаралар мен түзете-дамыту жұмыстары жиі жүргізіледі. Мұндай шаралар балалар  мен мамандар арасындағы өзара ынтымақтық пен  қарым-қатынасты қалыптастырады. Өткізілген әр шара баланың дамуына оң әсер етіп, олардың байқампаздығын, белсенділігін, өмірге деген қызығушылығын оятады. Сондықтан ұйымдастырылған мерекелік шараларға ата-аналар да белсене қатысады. Ғалымдардың  зерттеулері бойынша баланың сөйлеу тілінің даму деңгейі саусақтардың ұсақ қимыл қозғалыстарымен байланысты екені дәлелденген. Соған байланысты мамандар  ұсақ моторикасының дамуына арналған саусақтық ойын жаттығуларын және жарма терапияларын кеңінен қолданады. Әр қызмет алушы баланың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, кешенді және мақсатты түрде, жоспарға сай түзете-дамыту жұмыстары  жүргізіледі.

«Шапағат» орталығындағы әр күн мағыналы әрі көңілді өтеді. Ертеден кешке дейін балаларының сенімді жерде болғанына ата-аналар да риза. Біз де өз тарапымыздан мүмкіндігі шектеулі балғындарға «Шапағаттың» шапағаты  тисе  екен  деп  тілейміз!

Тұрсынай  ДӘРІБАЕВА,

«Шапағат»  арнаулы әлеуметтік  қызмет  көрсету орталығының  әдіскері


«Көкейімде бар әлем»

Күні: , 26 рет оқылды

IMG_0862


Өткен  жұма  күні  облыстық  тарихи-өлкетану  музейінде «Көкейімде  бар  әлем»  атты  көрме  есігін  айқара  ашты.


«Ел іші – өнер кеніші» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға көптеген қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған. Көрме арқылы он саусағынан өнер тамған ісмер жандардың туындыларын жалпақ жұртқа таныстыруға даңғыл жол ашуға болады. Аталмыш көрмеге келушілер ағаштан, киізден, матадан жасалған бұйымдар мен графикалық суреттерге қызығушылық танытып жатты.

– Аталған жоба наурыз айының 14 жұлдызынан бастау алған болатын. Арамызда танылмай немесе көзге түспей жүрген талант иелерін жұртшылыққа таныстыруды мақсат тұтқан болатынбыз.

Владимир Щукин, Дәурен Ғұмаров, Роза Кәрімова, Құндыз Иманғалиева сияқты қолөнер шеберлерінің туындылары көрменің ажарын кіргізіп тұр, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің  қызметкері Асылжан Мырзаболатова.

Көрмені көріп, тамашалаймын деген жандар үшін қаз-қатар тізілген ғажап туындылар көрмесінің есігі ай бойына ашық тұрмақ.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


Судьялар мен адвокаттардың ынтымағы

Күні: , 23 рет оқылды

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????


Облыстық  сот   ғимаратында  облыстық  сот   және  адвокаттар алқасы  өзара  ынтымақтастық  туралы меморандумға  қол қойды.


Шараға облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың  төрағалары, адвокаттар алқасының мүшелері, кәсіби медиаторлар  қатысты. Меморандум аясында  азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот өндірісінің қағидаларын сақтау, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамыту бойынша өзара әрекеттесу, тіпті  нығайту, сот ісін жүргізудің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, судьялар мен адвокаттар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін екі жақ ынтымақтаса шешетін болады.

Басқосуда сөз алған облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Ержан Қалиев ынтымақтастық туралы құжаттың маңыздылығына тоқталып, дауларды шешу кезінде медиацияны қолдану саласын кеңейтуді және  бұқаралық ақпарат құралдарында дауларды бітімгершілікпен реттеудің мүмкіндіктері мен басымдықтарын бірлесе түсіндірудің тиімділігін айтты. Содан cоң  судьялар мен кәсіби медиаторлар өзара тәжірибе алмасты.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Прокурор пәрменімен күрделі мәселелер шешімін тапты

Күні: , 30 рет оқылды

PRI_0349


«Ашық есік»  күні  акциясы  аясында  Зеленов  ауданының Дариян  ауылында  облыс  прокуроры  С. Нұрпейісов,  Зеленов  ауданының  прокуроры  З. Саралеев,  Приурал  полиция бөлімінің  басшысы  Р.  Мусин  25  тұрғынды    қабылдап,  оларға құқықтық  кеңес  берді.  Тұрғындардың  көпшілігіне қолданыстағы  заңнаманың  талаптары  түсіндірілді.


Азаматтар еңбек дауы, жер қатынасы, тұрғын үй саласындағы заңбұзушылықтар, тергеу органдарының әрекетсіздігі, сот актілерінің орындалмауы, кінәлі кісілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылмауы жөнінде шағымданып және тағы басқа мәселермен жүгінді. Шара барысында облыс прокурорының пәрменімен бірқатар арыз берушінің өтініші орындалды.

Жеке қабылдауға келген А. есімді азамат бас бостандығынан айыру орнынан шыққаннан кейін тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу мәселесі бойынша қиындыққа кезіккенін айтты. Сол күні Зеленов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері оны «АлатауАльданАгро» ЖШС-ға жұмысқа орналастырды.  Сондай-ақ «Самал» ЖШС-ға «В, С» санатына аутокөлік жүргізуге оқуға жолдама алды және оған 20 мың теңге шәкіртақы төленетін болды. Арыз иесіне уақытша баспана беру мәселесі де қаралатын болды. Құқық қорғау құрылымдарының өкілдеріне жолыққандардың ішінде А. Махновскийдің әкімшілік құқықбұзушылық  жасамаса да, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесінен оны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы тіркелген мәліметті алып тастау жөнінде жасаған өтініші қанағаттандырылды. Э. Каполоваға қосалқы шаруашылық жүргізу үшін ғимарат салуға жер телімі ұсынылатын болды. Жеке қабылдау нәтижесінде өндірісті тоқтату және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімін аяқтау туралы бес негізсіз шешім бұзылды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Облыс әкімінің атына Рубежен және Шынар ауылдарының тұрғындарының өтініші бойынша Орал – Январцев тас жолдарын түзеу кезінде айналма жол жасау жөнінде ақпараттық хат жолданды. Тұрғындар акцияның  ұйымдастырылғанына оң баға беріп, алғыс айтты. «Ашық есік» күндері басқа  аудандарда  жалғасады.

Облыстық   прокуратураның баспасөз   қызметі


«Fasching» карнавалы

Күні: , 17 рет оқылды

IMG_3346-17-07-17-02-22


Қазақстан  халқы  ассамблеясының  облыстық  филиалы  неміс ұлтының  «Fasching»  карнавалына  орай  мәдениет  және  демалыс  саябағында  мерекелік  шара  ұйымдастырды.


Жергілікті тұрғындарды неміс ұлтының мәдениетімен таныстырып, ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында өткізілген шарада «Атамекен», «Самал»  жазғы лагерьлерінде демалушылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Түрлі-түсті костюмдер киген ертегі кейіпкерлері балалар арасында ойындар ұйымдастырып, ән айтып, би билеп, саябақ қонақтарының көңілін көтерді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Жамал Ихсанова шараның өтуіне 470 мың теңге көлемінде қаражат бөлінгенін айтты.

– Аталған шара осымен қатарынан екінші жыл өтуде. Біз көп ұлтты елде тұрғандықтан, әрбір ұлт өкілдерінің құрметіне этнос күндері жобасы ұйымдастырылды. Жобаның арқасында әр ұлттың тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныса аламыз, – дейді Жамал Сағынғалиқызы.

«Fasching» карнавалы – Германияның барлық қалалары мен ауылдарында тойланатын мереке. «Fasching» деп шаттық пен қуаныш кезеңін атайды. Негізінде карнавал уақыты 11-айдың 11-і күні сағат 11-ден 11 минут кеткенде басталады екен. Бұл күні Германия елінің тұрғындары өз үйлерін, дүкендер мен мейрамханаларды мерекеге арнап безендіреді. Кіреберіске сабаннан жасалған қуыршақтарды іліп, карнавал аяқталған соң оларды өртейді. Карнавалдың бірінші күні әр қала өз ханзадасы мен ханшайымын таңдап, кеш бата түрлі дәмді тағамдарын алып, бір-біріне қонаққа барады. Карнавал осы ырғақпен бір апта бойына жалғасатын көрінеді.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика