Мұрағат: 14.07.2017


Елбасының кітапханасы және Қоры журналистер арасында «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсын жариялайды

Күні: , 31 рет оқылды

unnamed


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Қоры баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» тақырыбы бойынша таңдаулы материалдарға жыл сайынғы ашық конкурс жариялайды.


Конкурстың мақсаты – елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсету, Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын танымал ету.

Конкурс төрт номинация бойынша өткізіледі:

  • «Үздік теледидар материалы»;
  • «Үздік радиоматериал»;
  • «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала»;
  • «Ғаламтор-БАҚ-тағы үздік жарияланым».

Номинациялардың әрқайсысы бойынша жеңімпаздарға 1 миллион теңге мөлшерінде ақшалай жүлде беріледі, ал екінші және үшінші орындар үшін тиісінше – 500 мың және 200 мың теңге беріледі. Одан басқа, барлық жүлдегерлерге дипломдар мен омырауға тағатын белгілер тапсырылады.

Конкурсқа кәсіпқой журналистер жеке және ұжымдық негізде де қатыса алады.

Конкурсқа 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 қазан мерзімі бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми жарияланған (басылған, эфирге шығарылған, ғаламторда орналастырылған) бірегей материалдар қабылданады.

Конкурстың қорытындысын құрамына белгілі журналистер, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері енген Конкурс комиссиясы шығарады.

Жеңімпаздарды марапаттаудың салтанатты рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіледі.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 2017 жылғы 1 маусымнан бастап 10 қарашаға дейінгі мерзімде әкеліп беру тәртібімен немесе поштамен жөнелту арқылы мына мекен-жайда: Z05S5X1, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 10, 213-каб., «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсына» деген белгісімен қабылданады (байланыс тел.: (7172) 69-30-57, 69-30-54, 69-30-56).

Конкурсты өткізудің шарттары мен уақыты туралы барлық ақпаратпен www.presidentlibrary.kz, www.presidentfoundation.kz сайттары арқылы танысуға болады.


Абай бол, айналайын!

Күні: , 31 рет оқылды

гироскутер


Гироскутер — жастар мен жасөспірімдердің көшеде серуендеуге арналған электрлі құрылғы. Алғаш 2010 жылы құрастырылған бұл құрылғыны өңірімізде пайдаланушылардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда гироскутермен серуендеп жүріп,  жарақат алатын жағдайлар да аз емес.


Гироскутер құралдарын бірнеше елде ұшақпен тасымалдауға тыйым салынған. Өйткені ұшақта құралдың ішіндегі батарея жарылып, өрт шыққан жағдайлар тіркелген. Кей гироскутердің батареясы арнайы қорғау қабатымен қапталмағандықтан, жарылуға бейім болады. Мамандар бұл құралды арнайы сертификатталған орталықтардан алуды ұсынады. Гироскутерлер пластик материалдардан жасалады. Бұл ойыншықты ата-аналар перзенттеріне алып берген жағдайда оларды жиі қадағалаған жөн. Ал сатып алған соң қолдану қауіпсіздігі жайлы мәліметті міндетті түрде оқу керек. Құрылғыны пайдалану барысында ойын құралынан құлаған сәтте жарақат алмас үшін балаға қорғаныс жарағы мен шлемді бөлек сатып алыңыз. Гироскутерді пайдаланушының салмағы 20 келіден кем болмауы тиіс. Егер көрсетілген мөлшерден төмен болса, ол құралды басқара алмай, гироскутерден құлау ықтималдығы артады. Сондай-ақ құрылғыны тазалау, техникалық қызмет көрсету барысында оны қоректендіру көзі токтан ажыратылу керек. Құралды субұрқақ, жасанды және өзге де су айдындарының маңында қолдануға тыйым салынады. Гироскутерді тазалаған кезде химиялық ерітіндіні қолданбаңыз. Егер оның ақауы анықталса, техникалық жөндеуді тек өндіруші компанияның қадағалауымен жұмыс істейтін авторландырылған қызмет көрсету орталығына ғана алып барыңыз. Құрылғының ақаулығы жойылмайынша гироскутерді пайдалануға тыйым салынады.

Мөлдір ҚҰРМАШЕВА,

БҚО салауатты өмір салты орталығының маманы

P.S. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің  мәліметіне сүйенсек, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына осы жылдың қаңтар-маусым айларында түрлі дене жарақатын  алған 5103 бала түскен. Соның ішінде 4520-сы 14 жасқа дейінгілер болса, 575-і – 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер.  Жарақат алғандардың  438-і  ауруханаға  жатқызылып, қажетті ем-дом алған. Балалар мен жасөспірімдердің дене жарақаттарының 37%-ы тұрмыстық, ал 45%-ы көшеде алған жарақаттың салдары болып табылады. Сонымен мамандар бүгіндері балалар гироскутердің кесірінен жиі жарақаттанатынын ескертеді!


«Жыр дүлдүлі – Марабай»

Күні: , 21 рет оқылды

IMG_0455


Сәрсенбі күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясында екі күнге созылған Марабай Құлжабайұлы атындағы «Жыр дүлдүлі – Марабай» республикалық жыршылар байқауы мәреге жетті.  Марабай Құлжабайұлы атындағы байқау 2007 жылдан бастап  ұйымдастырылып келеді.


БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған байқауға еліміздің  Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Орал қаласынан және Ақжайық, Бөрлі аудандарынан барлығы 10 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Жыраулық өнерімен дараланған Марабай Құлжабайұлының есімін есте сақтау, еліміздің Батыс аймағында кенжелеп қалған жыраулар мектебін дамыту мақсатында өткен сайыста жыршылар «Қобыланды батыр» және басқа жырларды орындады.

Байқауға белгілі әнші-термеші, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, әнші Сәуле Таудаева, ҚР мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Амандық Көмеков, ақын Мұнайдар Балмолда, республикалық байқаулардың лауреаты Армат Ислямғалиев қазылық етті.

Екі күнге созылған жыршылар байқауында маңғыстаулық Бердібай Тойғұлиев бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынға қызылордалық Әділхан Қуанбаев қол жеткізсе,  ақтөбелік Өмірхан Жетесов пен оралдық Сәкен Жанғазиевке екінші орын бұйырды. Ал тағы бір маңғыстаулық Аманбек Сәуірбаев, оралдық Ақмарал Кемелханова мен Гауһар Ұзақбай үшінші орынды өзара бөлісті. Бөрлілік Қамбар Жылқыбаев, ақжайықтық Ардақ Омар, атыраулық Болатбек Құбашев дипломант атанды.

Республикалық байқау Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залындағы танымал өнер шеберлері мен байқау жеңімпаздарының  гала-концертімен қорытындыланды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Байқау жеңімпаздары марапатталды

Күні: , 27 рет оқылды

IMG_0426


Сәрсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде  «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай оқырмандар арасында ұйымдастырылған  танымдық байқаудың алғашқы жеңімпаздары марапатталды.


Апта басында  zhaikpress.kz сайтының фейсбуктегі парақшасында байқау шарттары жарияланған болатын.

Мақсат қос басылымның арғы-бергі тарихын, сол кезеңдегі ел азаматтарының еселі еңбегін оқырманға жеткізу, әлеуметтік желіде танымдық-тәрбиелік бағытты насихаттау болатын.

Алғашқы сұрақты қазақтың өз жерінде жүйелі шығып, бастауында Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев сынды тұлғалар тұрған «Қазақстан» газеті тарихына қатысты қоюды жөн көрдік.

Көп ұзамай-ақ Аида Зайнуллиева, Әділгерей Зұлхаров, Меңтай Сұлташева, Ұлбосын Молдағалиева секілді оқырмандар белсенділік танытып, сұрақтың дәл жауабын берді. Алайда жеңіс уақыт жағынан алда болған Аидаға бұйырды. Аида – болашақ журналист. Қазір Алматы қаласында білім алуда.

Байқаудың келесі күнгі талабы «Қазақстан» (1911-1913) газетінің Орал қаласындағы баспаханасы ғимаратын тауып, сол жерден алғаш болып селфи жариялау еді. Алғашқы сұраққа да мүдірмей жауап берген Әділгерей Зұлхаров тура бір сағаттың ішінде Чапаев көшесінде орналасқан газеттің баспаханасынан фотосурет жариялап үлгерді. Сөйтіп, белсенді оқырманымыз байқау жеңімпазы атанды. Айта кетейік, Әділгерей – көптеген қоғамдық шаралардың басы-қасында жүрген, өңіріміздегі белсенді жас. Қазір «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет етуде.

Басқосуда медиахолдинг директоры Жантас Сафуллин ғасырлық мерейтой қарсаңындағы жоспарлармен бөлісіп, жеңімпаздарға естелік сыйлық табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына арналған байқау одан әрі жалғасатын болады. Белсенділік танытып, жүлделі болыңыздар!

zhaikpress.kz


Төрт жыл тұтқында болған

Күні: , 124 рет оқылды

Чураев-686x1024


Биыл аудан орталығындағы №1 орта мектепті осыдан 50 жыл бітіргендердің Жәнібекте кездесуі болады деген хабарды көптен естіп жүргенбіз. Олардың ішінде даңқты жерлесіміз, генерал-лейтенант  Евгений Чураевтың да бар екенін білеміз. Бұдан бұрын да бір-екі рет мектеп түлектерінің осындай кездесуіне келгенде, онымен жүздесіп, сөйлесудің реті келмеген. Бұл жолы туысқаны Надежда Егоровна Чураеваның мекенжайына екі рет  іздеп барып, ұзын сөздің қысқасы,  әйтеуір, таңертең  «қолға түсірдік».


Әскери формасымен жүргенде, жүзі аздап  қатулау  сықылды  Евгений Николаевич жайшылықтағы  киіммен көзімізге қарапайым көрінді. Жұбайына қан қысымын өлшетіп алған оның жанына барып, өзімізді таныстырдық. Тегімді айтқасын ол маған қарап алды да: «Фамилияң таныс сияқты, сен Анатолий Жапақовтың жақыны емеспісің?» — деді.  Толиктің немере ағам екенін айттым. Оның жүзі жылып сала берді. Ағамды бала кезінен танитынын, бірінші сыныптан бастап мектепте бірге оқығандарын, тіпті темір жолдың арғы бетінде көрші тұрғандарын да айтып, оның қандай аурудан қайтыс болғандығын сұрап жатыр…

…Ол Жәнібек ауылында 1950 жылдың 3 ақпанында дүниеге келіпті. Әкесі темір жолда электрик, анасы осы темір жолдағы бекетте дүкенші болып қызмет істеген екен. 1967 жылы мектепті бітіргесін Ташкент жоғары танк училищесіне түсу үшін Шыршық қаласына аттанады. Училищені 1971 жылы үздік тәмамдаған соң  Грузияда әскери қызметте болып, танк взводының командирінен танк батальонының командиріне дейін көтеріледі. Болашағынан зор үміт күттіретін офицерді жоғарғы әскери басшылық 1977 жылы Мәскеудегі бронетанкті әскери академияға жолдайды. Осында үш жыл білім алып, оқуын ойдағыдай аяқтаған ол Прибалтикаға жол тартады. Балтық жағалауы елдерінде танк полкі штабының командирі және дивизия командирінің орынбасары қызметін атқарады.  Қандай да болмасын қызметте істегенде, әскери тапсырмаларды ойдағыдай орындап, басшылық тарапынан сан мәрте алғыс пен марапаттауларға ие болады.

1987 жыл. Евгенийдің Солтүстік Шығыс Африкада орналасқан Эфиопия елінде әскери қызмет атқарып жүрген кезі. Мұнда ол 14-жаяу әскер дивизиясында командирдің кеңесшісі болып істейтін. Бірде жауынгерлік ұрыс кезінде сепаратистердің қолына түсіп қалды. Онымен бірге кеңес әскерінің екі офицері де жаудың торына түсті. Үшеуі сепаратистердің тұтқынында төрт жылға жуық уақыт болады. Жерлесімізді әлгі екі офицерден оқшаулап, бөлек ұстайды. Күн сайын үш мезгіл нан мен күріш және бір стақан шай береді. Басқалай тамақ татырмайды. Сепаратистер бұған өздерінің қорғаныс министрінің кеңесшісі қызметіне ұсынып, айына 20 мың доллар жалақы төлемек те болды.  Евгений бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Әрі айтып, бері айтып көндіре алмағасын оны атып тастамақ болып, тысқа да алып шықты. Алайда тәуекелдері тұрып ата алмады, қорқытпақ болып, жан-жағынан, төбесінен оқты асыра атумен тынды.

— Иә, бұл бір үрейлі, қорқынышты шақ еді, — деп еске алды сол кезеңді  Евгений Николаевич. — Сепаратистер «Атамыз!» деп алып шыққанда, қорқынышты болды. Мен үшін бұдан гөрі қорқыныштысы сепаратистердің айтқанына көніп, солардың қарамағында қызмет істеу еді. Сол кезде ойыма: «Сендердің әкелерің Отанын сатқан опасыз» деп  қайсыбіреулердің мені айтатыны көз алдыма жиі елестейтін. Бәрінен де қорқыныштысы осы болды. «Балаларым ертең жұрттың бетіне қалай қарайды?» деген сауалдан туындайтын ойлар мені түрмеде көп мазалады. Дұшпанның мол ақша беремін дегеніне сатылып, оларға қызмет істеу менің үш ұйықтасам да, түсіме енбейтін.

Ол тұтқында болғанда Англияның өкілдері Эфиопиядан кетіп, бұған Англия, АҚШ мемлекеттерінің бірінде тұруды да ұсынды. Бірақ Евгений келіспеді. Басынан кешкен осындай сынақтардан кейін 1991 жылдың наурыз айында тұтқындалған үшеуін Кеңес елшілігінің қолына тапсырмақ болып, Эфиопия түрмесінен алып шығады. Мүдделі жақтар өзара келісімге келу үшін үш сағат сөйлесті. Ақырында үш тұтқынды Кеңес елшілігіне тапсырды.

— Елшіліктің автокөлігіне мінгенде, Кеңес туын көріп, жылап жібердім. Бізге арнайы ұшақ жіберіпті. Ұшақпен Мәскеудегі Шереметьево әуежайына келдік. Тұтқында болған қасымдағы екі жолдасымды әуежайдан әйелдері мен балалары күтіп алып, мәре-сәре болып жатыр. Ал мені Волгоградта тұратын апам Нина Федоровна Еркина ғана қарсы алды. Әйелім мен төрт жылға жуық тұтқында болғанда, осалдық танытып, кетіп қалыпты, — дейді ол.

Қаншама қиындықтарды басынан өткерсе де, әскери антына адал болған Кеңес офицері Евгений Чураев КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, полковник атағын алып, атаулы қару берілді. Бұдан соң ол министрліктің Бас штабы академиясында оқып, бітіргесін Қиыр Шығыста дивизия командирі және Смоленскідегі танк әскері штабында бастық болып қызмет етті. 1998 жылы генерал шеніндегі ол грузин-абхаз және грузин-осетин жанжал аймағына жіберілді. Бұл аймақтарда  ТМД ұжымдық күштерінің штаб бастығы бола жүріп ол әлемдік тәжірибеде алғаш рет грузин және осетин жақтарының қаруларын қайтарымсыз тапсыруын қамтамасыз етті. Тек бір жылдың ішінде дау-жанжал тудырушы екі жақ екі мыңнан астам автомат, пистолет, мина сияқты соғыс құралдарын өз еріктерімен тапсырып жатты.

Бүгінде Евгений Николаевич құрметті демалыста. Смоленск қаласында тұрады. Зейнетте болса да, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысып, Смоленск облысындағы қауіпсіздік және өмір сапасы жөніндегі қоғамдық палатасы комиссиясының төрағасы қызметін атқаруда. 2012 жылдан бері Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің жетекші инспекторы, доғарыстағы генерал-лейтенант. Смоленск облыстық азаматтық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі қоғамдық палатасы комиссиясының мүшесі. Ол жауынгерлік ерлігі үшін үш орден, бірнеше медальдармен және үкіметтік марапаттауларға ие болған. Оның марапаттары мен жеке заттары Смоленск қаласындағы жауынгер-интернационалистерге арналған музейде сақтауда. Кейіпкеріміздің екі қызынан екі жиен бар. Үлкені Ирина 24 жаста болса, кішісі Татьяна 15-те. Әйелі Галина Алексеевна – зейнеткер. Евгений ағамыздың анасы Жәнібекте жерленген.

—  Жәнібекті туған Отаным деп есептеймін. Бірге оқыған сыныптастарымның әрбір бес жыл сайын ұйымдастырылатын кездесуіне міндетті түрде келіп тұрамын. Мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор. Жәнібекті, маған білім мен тәрбие берген мұғалімдерді ешқашан ұмытпаймын. Туған жерімнің, мұғалімдерімнің, ата-анамның арқасында осындай дәрежеге жеттім. Сыныптастармен кездесу алдағы өміріме күш-жігер, қуат береді. Олармен арадағы айнымас достықты, берік жолдастықты айқын сезінесің. Міне, қазір, жарты сағаттан соң сыныптастармен бірге «Академсадқа» баруға жиналып отырмын. Бұл жер де көзіме тым ыстық. Алыста қалған балалық шағыма ойша саяхаттап қайтамын. Әзірге жүрегім соғып тұрғанда, Жәнібекті ұмытуым мүмкін емес, — деді даңқты жерлесіміз сөз соңында.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Көлдете суарылмақ

Күні: , 36 рет оқылды

IMG_2656


Ақоба ауылдық округіне сапары кезінде аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов және облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесов Соркөл  елді мекенінде болып, алдағы уақытта жайылымды көлдете суару үшін көктемгі қар суын тоқтату мақсатында бөгет салып жатқан  «УральскСтройИнвест» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Серіктестіктің прорабы  Фарид Халимуллин атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты түсінік берді.


Оның айтуынша, жұмыс маусымның 15-інде басталған. Қажетті техника мен адам күші тартылған. Қазіргі таңда Әбдіраманда бір, Соркөлде үш учаскенің құрылысы қызу жүріп жатыр.

Ахмет  ҚУАНҰЛЫ,

Ақоба ауылы,

Жәнібек ауданы


Құрылыс жұмыстары қарқын алуда

Күні: , 24 рет оқылды

DSC_0022


Жәнібек ауданында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


Мәселен, үстіміздегі жылғы наурыз айынан бастап Жәнібек ауылының шығыс жағынан үш пәтерлі сегіз тұрғын үйдің және оның инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы қызу атқарылу үстінде. Мұндағы бір пәтердің ауданы 53,10 шаршы  метр болса, бір үйдің жалпы ауданы 160 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй құрылысының жұмысын аудан орталығындағы кәсіпкер Есқайыр Елемесов жетекшілік жасайтын «Символ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары атқаруда. Бұл тұрғын үйлердің құрылысына ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген қаржы уақтылы игерілуде. Бүгінгі таңда үйлердің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, төбесі жабылып, ішкі жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ үйлердің инфрақұрылымы бойынша газ, су құбырының және электр желілерінің құрылысы да аяқталған. Бұл мекенжайды салуға жергілікті жерден 40 шақты адам жұмысқа тартылып отыр. Құрылыс жұмыстары тамыз айында толық аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар Жәнібек ауылының шығыс және батыс беткейінен екі пәтерлі 40 тұрғын үй мен олардың инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс рәсімі өткізіліп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге Қызылорда қаласының қос бірдей «RealStroiInvest» және «Қазқұрылыссервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшарт жасалған. Осындағы бір пәтердің ауданы 71 шаршы метр, ал бір үйдің жалпы ауданы 197 шаршы метрді құрайды. Аталған тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін әзірге ауданнан 20 шақты адам жұмыспен қамтылған.

IMG_6348— Қазір аудан орталығының шығыс жағынан салынып жатқан үш пәтерлі сегіз тұрғын үйдің  бесеуінің құрылысы аяқтала келді, — дейді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов. — Сол сияқты сегіз үйдің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы толығымен бітті. Қалған үш үйдің құрылыс жұмыстары тамыздың соңында аяқталады. Ал аудан орталығындағы шығыс және батыс беткейден салынатын екі пәтерлі 40 тұрғын үйдің құрылысы ауыспалы, дәлірек айтқанда, олардың құрылысын аяқтау 2018 жылға жоспарланған. Бұл күндері салынатын үйлердің іргетасын құю жұмыстарын бастап кету мақсатында қажетті материалдар жеткізілуде.

Жақсылық Каримоллаұлының айтуынша, ауданда бұдан басқа да құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Атап айтқанда, аудан орталығындағы А. Оразбаева, Т. Жароков атындағы мектептерге және аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығына ағымдағы жөндеу жұмыстары өткізілуде. Мысалы, аудан орталығындағы Алма Оразбаева атындағы жалпы білім беретін негізгі мектептің үш корпусына аудан орталығындағы Айболат Аяпов басқаратын «Жәнібектранссервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш мектеп ғимаратына пластикалық терезелер орнатылып, жылыту жүйелері ауыстырылуда, еденіне линолеум төселмек. Мектептің сыртқы қабырғасына да жөндеу жүргізіліп, айналасы талапқа сай қоршалмақ. Аудан орталығындағы осы үш оқу орнын ағымдағы жөндеуден өткізуді аяқтау 15 тамызға дейін белгіленіп отыр. Биыл маусым айында Талов ауылында жазғы шағын футбол алаңы  пайдалануға берілсе, осындай спорт алаңдарының құрылысы Жақсыбай, Жәнібек ауылдарында да үстіміздегі жылы аяқталмақ. Қазіргі кезде осы екі ауылға футбол алаңдарын салуға мердігер анықтау жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы көптен құрылысшылардың қолы тимеген  Борсы ауылындағы мәдениет үйіне де «АИАС» ЖШС-ның күшімен күрделі жөндеу жұмыстары басталып, тамызда аяқталмақ. Ал Ақоба ауылындағы Х. Халиуллин атындағы мектептің жанындағы спорт залға жапсаржай салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазір мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізілуде. Сол сияқты Жәнібек – Қазталов бағытындағы күре жолдың үстіне Ұзынкөл ауылына дейін 8,2 шақырымға асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ


Ұлттық қауіпсіздік – тұрақтылық кепілі

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_0748


ҚР  Ұлттық  қауіпсіздік   құрылымдарының  құрылғанына  25 жыл  толу  мерекесіне  орай  бейсенбі  күні  облыстық  қазақ  драма  театрында  салтанатты  жиын  өтті.


ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің мерекеге орай жолдаған құттықтау хаты оқылғаннан соң қызметтік іс-қимыл барысында қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлерін еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Содан кейін ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің бастығы, полковник Махмуд Әділғазин ширек ғасыр ішінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап өтті.

– Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі сол елдің ұлттық қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Елбасымыз айтқандай, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ететін жүйе секілді, онсыз мемлекет те болмайды.

Осыдан дәл 25 жыл бұрын ҚР Президентінің Жарлығымен отандық арнаулы қызмет – Ұлттық  қауіпсіздік комитеті құрылды. Сол кезден бастап әлі күнге дейін ұлттық қауіпсіздік  құрылымдары мемлекет, қоғам және жеке тұлға мүддесіне басымдық  беріп келеді.

Бүгінде Қазақстан ұлтаралық, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету арқылы тұрақтылықты сақтауға бағытталған бейбіт саясатты ұстанып отырғаны белгілі. Кейбір сыртқы күштер біздің осынау мамыражай тірлігімізді көре алмай отыр. Сол себепті олар біздің биік те мықты шаңырағымызды шайқалтудың айла-тәсілдерін қарастыруда. Террористік және өзге де деструктивті ұйымдардың елімізде бой көрсетіп, ылаң салуы – соның айқын дәлелі. ҰҚК-ның жеке құрамы осынау жағдайды жете түсініп, экстремистік әрекеттердің орын алмауы үшін бар күш-жігерін салып қызмет етуде. Департаментпен осы жылдар ішінде өңірде террорлық актілердің орын алуына жол берілген жоқ. Дәстүрлі емес идеологиялардың ықпалынан сақтау мақсатында жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде көптеген жастың өмірі сақталып қалды. Осынау жұмыстардың артында өз өмірлерін бәске тіккен қауіпсіздік құрылымдары қызметкерлерінің көзге көрінбейтін күрделі істері мен маңдай терлері жатыр.

Департамент қызметкерлері еліміздің тұрақты дамуымен қатар халықтың әл-ауқатының артуына да үлкен үлес қосып келеді. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында уақтылы алынған бастамашыл шаралардың нәтижесінде ел қазынасына 50 млрд. теңге қаржы қайтарылды. Есірткі саудасы бағытындағы халықаралық арналардың жолдары кесіліп, 200 келідей ауыр есірткі заттар айналымнан алынды. Мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижелері де көп пайдасын берді. Осы сәтті пайдаланып, бізге әлеуметтік, материалдық-техникалық тұрғыдан көмек көрсетіп келе жатқаны үшін жергілікті атқарушы билік құрылымдарына өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ кезінде мықты кадрларды іріктеп алып, оларды жоғары білікті маман етіп тәрбиелеген, қазіргі кезде де уақытпен санаспастан департамент қызметіне жәрдемдесіп жүрген, жас мамандарды шыңдауға үлес қосып келе жатқан ардагерлерге алғысымды айтамын. Ардагерлер, қазіргі қызметкерлер болып бірігіп жұмыс істеуіміздің арқасында департаментіміз өз мақсат-міндеттерін орындап, ҰҚК тарапынан жоғары бағаға ие. Бұл жерде біздің өмірлік серіктеріміз туралы да айтпай кетуге болмайды. Егер олар бізді қолдамаса, отбасыларымызда береке болмаса, мұндай жетістікке жетуіміз екіталай. Сол себепті отағасының қызмет ерекшелігін түсініп, жанұяда тату-тәтті тірлікті сақтап, балаларды бағып-қағып отырған аруларға шын жүректен алғысымды білдіремін. Мемлекет қауіпсіздігін қорғау сеніп тапсырылған сіздердің жарларыңыз нағыз ер-азамат, бүгінгі күннің батырлары болып табылады, — деді өз құттықтау сөзінде Махмуд Хадерұлы.

Сахнаға көтерілген облыс прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов департамент қызметкерлерін, ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысы қойып отырған міндет-мақсаттарды Ұлттық қауіпсіздік  құрылымдарының қызметкерлері талапқа сай орындап келе жатқандарын айтып, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі қызметтері үшін ризашылығын жеткізді.

Жиын барысында өңіріміздегі мемлекеттік, құқық қорғау мен күштік құрылымдар басшылары және ҰҚК БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері «Ұлттық қауіпсіздікке – 25 жыл» мерекелік медальдармен және алғысхаттармен марапатталды.

Шара соңғы мерекелік концертке ұласты.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Әуежай қызметкерлері орыс тіліне басымдық беруде

Күні: , 16 рет оқылды

PRI_7686


Бұл  жайында  тіл  туралы заңнамаларды қолдану және  тілдерді  дамыту  бағдарламаларының  орындалуын  жүзеге  асыру  жөніндегі облыстық  үйлестіру  кеңесінің отырысында  облыстық  тілдерді  дамыту  басқармасының басшысы  Айгүл  Мыңбаева мәлім  етті.


Ол  қоғамдық  көлік, әуе  және  темір  жол  саласы  мен  бірқатар  мекеменің құжат  айналымындағы  мемлекеттік  тілдің  үлесі  жөнінде баяндады. Оның  хабарлауынша, «Жайықжылуқат» АҚ номенклатуралық  ішкі іс-құжаттары  мен  қызметтік отырыстарының  хаттамаларын  мемлекеттік  тілде  ішінара  жүргізген.  Тұрғындармен тікелей  жұмыс  жасайтын  203 әкімшілік  және  техникалық қызметкердің  32  пайызы  ғана  қазақ  тілінде іс  жүргізе  алса, 35  пайызы  мемлекеттік тілді  мүлде меңгермеген. Бұл  мекемеде мемлекеттік тіл  аударма  тіл ретінде  ғана  қолданылады. Штат  бірлігінде  құжаттарды мемлекеттік  тілге  аударумен сектор  меңгерушісі  айналысады  және  мемлекеттік  тілді  енгізу  жөнінде  жетекші  инженер  жұмыс  істейді.

«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-да негізгі құжаттар мен жиындардың қаулы-қарары орыс тілінде  қабылдануда. Облыстағы темір жол саласы қызметкерлерінің 78 пайызы, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының 89,1 пайызы мемлекеттік тілде іс жүргізе алады. Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі 15 қызметкердің 14-і мемлекеттік тілді жетік меңгергеніне қарамастан, ішкі номенклатура бойынша іс-қағаздарды әлі күнге қазақ және орыс тілдерінде жүргізуде. Облыс бойынша мемлекеттік тілде іс жүргізу 2006 жылдан бері қолданылады. Аталған бөлімде биылғы жыл басынан бері 179 бұйрықтың төртеуі орыс тілінде қабылданған. Яғни тіл туралы заңнама талаптары бұзылған. «Облысымыздағы мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 99,7 пайызды құрады. Бұл – санаулы мемлекеттік құрылымнан алынған ақпарат негізінде дайындалған шартты көрсеткіш қана», – деді  Айгүл  Әділгерейқызы.

Кеңес отырысында баяндама жасаған БҚО бойынша ХҚКО департаменті директорының орынбасары Нұрғиса Камашев орталық ғимаратында тұтынушылар үшін құжаттарды толтыру үлгілері қазақ және орыс тілінде берілгенін және «Мемлекеттік тіл саясаты» бұрышында көрнекі ақпараттар топтастырылғанын айтты.

Жиында мемлекеттік тілге «төрден орын беру» мәселесі айтылып жатқанда, тіл саясатының «бұрышқа орналасқаны» құлаққа тосындау естілгенін жасырмаймыз.

«Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Бәйменов кәсіпорындағы 1148 қызметкердің 321-і орыс, 23-і өзге ұлт өкілі екенін айтты. Мекеменің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі – 70 пайыз. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Бизнес қауымдастық» ЖШС-ның оқытушылары ұйымдастырған мемлекеттік тіл курсына кәсіпорынның 26 қызметкері қатысуда. Курсқа қатысушылардың 15-і – қазақ ұлтынан.

– Қазіргі уақытта кәсіпорынға қарасты жылу-электр орталығы қызметкерлерінің 60 пайыздан астамы – орыс ұлтынан. Жалпы ұжымда техникалық білімді кеңестік кезеңде алған орта жастағы буын өкілдерінің орыс тілді екенін жасырмаймын. Дегенмен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бірқатар шаралар қолға алынуда. Он бес жыл бұрын кәсіпорын қызметкерлерінің тең жартысы қазақ тілін білмесе, бүгінде бұл көрсеткіш 35 пайызға кеміді, – деді Мұрат Бәйменов.

Жиында «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ның маманы Айгүл Көбеева, «Қазақстан темір жолы  тасымалы» АҚ Орал бөлімшесі директорының орынбасары Айбек Қуанышев, Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Серік Үбішев өз салаларына қатысты тілдік ахуал жөнінде жарытымды жауап бере  алмады. Үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Алтын тамыр» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ақын Дариға Мұштанова әуежай мен темір жол бекетінде жүргізілген  рейдке қатысқанын, сол кезде ғимарат ішіндегі хабарландыру, құжат, жарнама мәтіндерінен анықталған қателіктерді түзету жөнінде жасалған ұсынысқа басшылық өкілдері салғырт қарағанын, соған қатысты шара қолдану қажеттігін  айтты.

– «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жыл ішінде 276 шығыс құжатының 27 пайызын қазақша дайындаған. Ал  «Қазақстан темір жолы тасымалы» АҚ Орал бөлімшесінде 2390 шығыс құжатының 130-ы ғана мемлекеттік тілде жолданған. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді шешу жөнінде мекеме өкілдеріне берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуы, қажет кезінде әдістемелік көмек беруі тиіс. Келесі кеңес отырысында құжат айналымындағы аталған кемшіліктерді жоюмен шұғылдануға жауапты мекеме өкілдері есеп береді, – деді жиында облыс әкімінің орынбасары, үйлестіру кеңесінің  төрағасы  Марат  Тоқжанов.

Кеңес отырысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 24-бабына сәйкес заңбұзушылық жол берген мемлекеттiк құрылымдардың бiрiншi басшылары не жауапты хатшылары немесе өзге де лауазымды адамдары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары ҚР заңдарына сәйкес жауапты  болатынын  ескертті.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


Өріс неге өртенді?

Күні: , 19 рет оқылды

3 от жану орт


Қырық күн шілде келіп, қоңырбас қурағаннан бастап дала өрті көбейетіні баршаға мәлім. Өрттің бірі тез сөндіріліп, елеулі залал келтірмесе, енді бірі үлкен аумақты қамтып, біраз әбігер әкеліп, әупіріммен ауыздықталады.


Өрт  — тілсіз жау. Оның қай күні, қай өңірден басталатынын ешкім білмейді. Сондықтан өрт қаупінің алдын алу шаралары жоспарлы, жүйелі жүргізіп, шыға қалған жағдайда өршітпей сөндіруді ұйымдастыруға әзір тұруы керек. Өкінішке орай, жағдай үнемі бұлай бола бермейді. Мысалға, соңғы екі жылда (2015-2016 жылдары) Жаңақала ауданы бойынша 23 дала өрті тіркелді. Оның бәрі де ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде уақтылы өшіріліп, айтарлықтай зиян келтірмеген еді. Ал биылғы бір өрттің әбігері де, келтірген зияны да аз болған жоқ.

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп дана халқымыз осындайда айтса керек.

Өрт қайдан шықты?

30 маусым күні Жаңажол ауылдық округіне қарасты Сарыкөл елді мекені төңірегінен өрт басталып, ауыздық бермей өршіп, он күндей Жаңажол, Мәстексай, Жаңақазан, Көпжасар ауылдық округтерінің құм өңірін тегіс қамтып, қаулап бітік өсіп, енді шалғы саламыз деп отырған төрт округтегі 27 шаруа қожалығы мен бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің шабындығы мен жайылымын шарпыған өрттің шығуына, өршуіне не себеп?

Алдымен «Сақтансаң, сақтармын» деген бұлжымас қазақы қағидаға мән бермей, өрт қауіпсіздігін болдырмауға аңғалдығымыз кінәлі. Өрт қауіпсіздігіне атүсті қарайтынымыз сол – қарапайым ереже талаптарын орындай бермейміз. Мысалға, жазғытұры жолдың бойы, бағандар бойы, елді мекен, қыстақ маңы жыртылуы керек. Шаруа қожалықтары сақтық үшін шабындықтарын айнала жыртып қойса, артық ете ме?

Екіншіден, отқа абай болуымыз да мардымды емес. Әрине, өрттің шығу себебі көп. Найзағай түсуінен, қатты ыстықта шыны қызуынан, адамдардың жаққан отқа мұқият болмауынан, толық сөнбеген темекі тұқылынан, ақаулы техникадан ұшқан ұшқыннан, басқа  да себептерден өрт тұтануы мүмкін.

Өрт сөндірушілер бұл жолғы өрт ақаулы тракторлардан ұшқын ұшуынан шықты  деген жорамал айтады. Көзбен көрген ешкім жоқ, басқа себептен болуы да мүмкін. Десе де, «ақаулы трактордан» деген сөздің өзі кейбір жауапты сала жұмысындағы жауапсыздықты, дәрменсіздікті аңғартады.

Атап айтайық, ауыл шаруашылығы техникалары, тракторлар орақ науқаны басталғанға дейін техникалық байқаудан толық өтуі керек. Өткізу кестесі алдын ала аудандық газетте жарияланды. Кесте бойынша ауданның тоғыз округіндегі барлық ауыл шаруашылығы техникалары 16 мамырдан 8 маусымға дейін өтіп болуы керек-ті. «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы» ҚР заңы және ҚР  Үкіметінің 2003 жылғы 19 тамыздағы №827 қаулысына сәйкес барлық заңды және жеке тұлғалар иеліктеріндегі тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Жыл сайынғы техникалық байқаудан өтпеген тракторлар мен ауыл шаруашылығы  машиналарын пайдалануға ел үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы №1650 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы ережесіне» сәйкес тыйым салынады. Бұл талап аудандық газеттің 15 сәуір күнгі №15 санында техникалық байқау кестесімен бірге атап көрсетілді.

Тағы да, өкінішке орай, бұл орындалуы міндетті заң талабы күні бүгінге дейін толық орындалмай отыр. Олай дейтініміз – үстіміздегі жылдың 8 маусымына дейін техникалық байқаудан өтіп болуға тиіс тракторлар мен ауыл шаруашылығы  техникаларының күні бүгін аудан бойынша 51 пайызы ғана байқаудан өткен. Яғни  тең жарты тракторлар мен ауыл шаруашылығы машиналары техникалық байқаудан өтпей, ақауы барлары сол күйінде пайдаланылуда. Бұл,  біріншіден, заңды және жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздігіне жауапсыздығы, заң талаптарын орындауға құлықсыздығы.

Екіншіден, оны бақылауға, заң талабы бойынша талап етуге құзырлы мекеменің дәрменсіздігі немесе өз жұмысына жауапсыздығы.

Міне, осындай салғырттықтар үлкен өрттің шығуына себеп болғаны даусыз.

Қалай болғанда да өрт шықты. Енді өршімей тұрып сөндірілуі керек еді…

Өрт неге өршиді?

Дала өртінің шығуы тек бұл емес. Өрттің болуы жылда кездесетін жай. Жоғарыда айтып өттік, тек 2015-2016 жылдары аудан жағдайында 23 дала өрті тіркелді. Соның бәрі де өршімей тұрып өшіріліп еді. Бұл жолы неге өршіді? Сөндіру жұмыстарын кім ұйымдастыру керек? Осыған тоқталайық.

Көп адам өрт болса болды «Өрт сөндіру бөлімі қайда? Солар сөндірмей ме?» — дейді. Ал заң бойынша дала өртін сөндіруді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген. Бұл «Азаматтық қорғау туралы» ҚР заңының 15-бабы, 18-тармақшасында көрсетілген. Демек, дала өртін сөндіруге жергілікті атқарушы органдар белсенділік  танытуы тиіс. Бұдан аудандық  төрт өрт сөндіру бөлімшесі дала өртін сөндіруге міндетті емес, қол қусырып қарап отырсын деген түсінік тумауы тиіс. Олар қарап отырған да жоқ. Дала өрті туралы бірінші шілде күні хабар тиіп, сол бойда өрт сөндірушілер аттандырылған.

Биыл қыс қарлы, жаз жаңбырлы болып, құмда да шөп өте бітік, биік өсті. Оның үстіне шілде айы, күн ыссы, құм сұйылды. Техникалардың  жүруіне елеулі қиындық келтірді. Оған жердің шалғайлығын, су көзі жоқтығын қосыңыз. Қанат жайып алған өрт әл бермеді. Жел бағытымен Сарыкөлден  Мұқырға, одан Жаңақазан құмына, қайта оралып Көпжасар құмына түсті.

Аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімінің берген мәліметі бойынша Жаңажол, Мәстексай, Жаңақазан, Көпжасар округіне қарасты, құмды жайлаған 27 шаруа қожалығы мен бір серіктестіктің шабындығы мен жайылымы түгел күлге айналды.

Қынжылатынымыз – өрт қанат жаймай тұрып, сол өңірдегі барлық күш жұмылдырылғанда, сөндіріп алуға болатын еді. Өрт шыққан жердегі сарыкөлдіктер ондай ұйымшылдық көрсете алмаған. Барлығы өрт сөндіруге бұл округтен 15 адам, екі «МТЗ-82» тракторы ғана қатысқан.

— Өрт Сарыкөл қыстағындағы шөпшілерден шықты. Бірден өшіріп алмағасын, күш бермей кетті, — дейді көршілері мұқырлықтар реніштерін, өкініштерін жасырмай.

Бұл жерде «сенікі, менікі» деп қарау қате еді. Өрт байқалған бойда, барлығы бір кісідей жұмылса, өкініші аздау болар еді. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген осы емес пе?

Өртті сөндіруге аудан  бойынша бар күш жұмылдырылды. Аудан әкіміне дейін өрт басында жүрді.  Бірақ  қанат жайып, қалыңға түскен от бой бермеді.

Осы арада айта кететін бір жай  — аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінде, тіпті ауданда бір қуатты техниканың («К-700») жоқтығы айқын білінді. «Беларусь» тракторлары қалыңдықтағы өртті өшіруге дәрменсіз болды. Олардың сабаны 1,5 метр ендікте ғана жерді жыртады. Сабағы ұзын шөп желмен жапырылғанда от жалғасып кете берді. «К-700» тракторы болса, сабаны төрт метрге дейін ендікте жыртады. Онымен өрттің жел жағын жыртып өршітпеуге болатын еді… Өрт осындай дәрменсіздіктерден өршіді.

Тағы бір қаперге беретін жай – ауқымды алқап өртенсе де, аудан бойынша төтенше жағдай жарияланған жоқ. Төтенше жағдай жариялау үшін заң бойынша «…қаза болғандар саны бір және одан да көп адам, жараланғандар мен жарақат алғандар, өзге де зардап шеккендер бес не одан да көп адам, 100 бас не одан да көп мал өлсе, 300 тонна не одан да көп шөп жанып кетсе…» Аллаға шүкір, адам, мал аман. Бірақ шабындықсыз, жайылымсыз қалған шаруа қожалықтары баршылық.

— Құмдағы шаруаларға оңай болған жоқ. Оларға қолдан келген барлық көмекті ұйымдастырамыз, — дейді сол өңір адамдарымен ортақ мәселе төңірегінде пікірлесуге аттанғалы отырған аудан әкімі Н. Қарағойшин.

Иә, мал азығының мол қоры жанып кетуі аудан жұртшылығы үшін аз қиындық емес. Оны тек бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ұйымшылдықпен ғана жеңуге болады.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика