Мұрағат: 12.07.2017


Жайдар ҚҰРМАНОВ, БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы: Тауары мен қызметі сапасыз кәсіпкердің күні қараң

Күні: , 45 рет оқылды

IMG_8234


— Жайдар Бисенбайұлы, сіз басқаратын департаменттің атауы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудан қоғамдық денсаулық сақтау департаменті болып өзгерді. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету сықылды негізгі функцияларыңызға қоса тағы қандай міндет-миссиялар жүктелді?


— Иә, биылғы жылдың ақпан айында Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті одан Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетін бөліп шығару жолымен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзіреті мен функцияларын Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне берілуі жолымен қайта ұйымдастырылды.  Кезіндегі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті болып өзгертілді. Облыс деңгейінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау өкілеттіктері табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау мен тұтынушылардың құқықта-рын қорғау БҚО бойынша департаментіне берілді.

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі денсаулық сақтау жүйесін дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға, дамыған елдердегі ұлт денсаулығын бейнелейтін көрсеткіштерге де қол жеткізуге бағытталған. Қарапайым пайымдаумен айтқанда, эпидемиологиялық маңызға ие жұқпалы дерттермен күресумен қатар  адамдардың жұқпалы емес ауруларға (жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, онкологиялық, эндокринологиялық және т.б.) шалдығуының алдын алу. Халық денсаулығын сақтауға үш алғышарт қойылуда, олар салауатты өмір салтын ұстану, эпидемиология, гигиена және дұрыс тамақтану. Бұл – әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесіне тән нәрсе. Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бойынша қалыптасқан тексеру, мониторинг жүргізу жұмыстары өз жалғасын табуда.

— Елбасының кәсіпкерлік қызметті қорғауға бағытталған саясатына байланысты еліміздегі мемлекеттік қадағалау құрылымдарының бақылау-қадағалау функциясы шектетілгені белгілі. Десе де, халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін өткізумен айналысатын субъектілерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қалай жүзеге асырылуда?

— Халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін өткізумен айналысатын субъектілерді санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау ҚР Кәсіпкерлік кодексі арқылы жүзеге асырылады. Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев   Ұлт жоспарында кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсетуге басымдық берген. Біздің қызмет осы орайда кәсіпкерлік нысандары жұмысына кедергі келтірмей, тексерістер санын азайтып отыр. Осы  бағытта тексеріс санын азайта отырып, қауіпсіздік тұрғысынан халыққа ұсынылатын тауар, тағам түрлерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу балансын табу міндеті тұр. Кәсіпкерлерді тексеріп, кемшіліктеріне орай шаралар қолданудан гөрі түсіндіру, көрсету, кеңес беру, яғни кәсіпкерге әлеуметтік жауапкершілігін сезіндіру жұмысына ден қойылуда. Өнім өндіруші, қызмет көрсетуші және тұтынушы арасында тепе-теңдік тауып, бейнелеп айтсақ, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауымыз» керек. Гигиеналық талаптарды кәсіпкерге түсінікті тілмен жеткізу, менің ойымша, өте маңызды мәселе. Бұл жұмысты бірқатар тұрғыдан ұйымдастырудамыз. Кәсіпкерлерді жинап, семинарлар өткізу және осы жұмыстың тың жолы сол кәсіпкерлердің ұжымдарына барып, барлық қызметкерлері қатысуымен тәжірибелі түрде түсіндіру, көрсету. Алысқа бармай, осы мамыр және маусым айларында осындай 128 кездесу, 43 семинар өткізілді. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда қалалық және барлық ауданның әкімдіктері қолдауын тауып отырмыз.

Тексерістердің азаюына байланысты азық-түлік түрлерінің сапасын тексерудің тың жолы енгізілді. Үкімет тарапынан бөлінетін арнайы қаражатқа қарапайым тұтынушы есебінде, кәсіпкерге шығын болмауы үшін тағам түрлерін сатып алып, сапасын тексереміз. Биылғы жылдың бес айы ішінде 906 өнім сатып алынып, соның 82% тамақ түрлері, 18% тамақ емес тауарлар сапасы тексерілді. Жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде 906 өнімнің 89-ында (10%), яғни 39 тамақ түрлерінде, 51 тамақ емес өнімдерде түрлі сәйкессіздік анықталды. Мұндай сәйкессіздік көбіне сырттан әкелінген тамақ өнімдерінен табылуда. Осы нәтижелер бойынша қажетті тәртіпке сай ұсыныстар беріліп, сапасыз тағамның жолы кесілді.

Санитариялық тексерістер белгілі халыққа қызмет көрсететін нысанның халық денсаулығына әсер ету тәуекелдігіне сәйкес анықталады. Мәселен, кез келген қоғамдық тамақтану орындары тамақтанушылардың орын санына қарай 50-ден жоғары немесе 50-ден төмен болып бөлінеді. Орын саны 50-ден төмен қоғамдық тамақтану орындары елеусіз топқа жатқызылып, жоспарлы тексерілмейді. Ал 50-ден жоғарылары тәуекелі жоғары сапына енгізіліп, уақтылы санитариялық тұрғыдан тексеріспен қамтылады. Соңғы үш жылдың ішінде тексерістер саны 2,5 есеге азайды. Жұмыс басталып та кетті.

— Қалада, әсіресе, базар маңында не көп, қоғамдық тамақтану орындары көп. Аты кафе делінгенімен, кейде аспазшылардың бөлкелерді жалаң қолдарымен ұстайтынын, ыстық тамақтың беті ашық тұрғанын көресіз. Осындай қоғамдық тамақтандыру орындарының санитарлық жағдайлары талапқа сай ма?

—  Әрине, ондай нысандарда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Алайда мынаны айтқым келеді, көзіңіз көріп тұрған, қарапайым талаптар сақталмаған орыннан тамақ алмасақ, айналып өтсек, нарық өзі ондай келеңсіз жағдайларды реттейді. Сапасыз тауар ұсынатын, қажетті жағдай жасамаған кәсіпкер тауары өтпесе, белгілі уақыттан соң «Менің тауарым неге өтпейді?» деп ойлана бастайды. Яғни тауары мен қызметі сапасыз кәсіпкердің күні қараң. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, үлкен супермаркеттер сондай деңгейге жетті. Менің ойымша, олар халықты тек сапамен және бағамен тартуға болатынын түсінгендей. Сондықтан кәсіпкерлер де мәселенің осы жағын ойлауы керек. Өйткені сауда дүкендерінің сауда бөлмесінің көлемімен бұған дейін 50 шаршы метрден төмен және одан жоғары болып бөлетінбіз. Соның 50 шаршы метрден төмендерін жоспарлы тексермейтінбіз, тек одан ауданы аумақтырағын тексеретінбіз. Енді енгізілген жаңа тәртіп бойынша аумағы 50 шаршы метрден жоғары сауда нысандары да жоспарлы тексерістен босатылды.

— Жайдар Бисенбайұлы, өңірімізде тамақтан улану фактілері көбейіп кеткен сияқты. Қазір жаздың  нағыз қақ ортасы. Ондай келеңсіздіктің алдын қалай алуға болады?

— Биылғы бес айда облыстың 17 тұрғынына қатысты тағамдық улану диагнозы тіркелді. Адамдардың тамақтан улану фактілері өмір болған соң болып тұратыны белгілі. Мынаны түсінсек деймін, егер бір мезгілде бір-бірімен байланысты үш адамнан артық адам тамақ жеп ауырса, соны тамақтан жаппай улану дейміз. Өткен жылы жаппай тағамнан уланудың екі жағдайы тіркелді. Биыл Оралдағы балабақшалардың бірінде және студенттердің арасында (қоғамдық орында емес) тіркелді. Оқиғалардың көбі тағамдарды дайындау, сақтау барысында қажетті санитариялық талаптардың, жеке бас гигиенасының сақталмауынан болуда. Барлық ауру ошақтары сала қызметкерлерімен уақтылы тексеріліп, індетке қарсы шаралар жасалынды.

Жалпы, жазғы мезгілде жіті ішек жұқпалы аурулары жиілейді. Ішек жұқпасының қоздырғыштары сыртқы қоршаған ортада жоғары төзімділікке ие. Олар шикі көкөніс пен жеміс-жидекте жақсы көбейеді, бір-екі апта өміршеңдігін сақтайды. Сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ жұмыртқа ішек қоздырғыштарының жұғуына қолайлы орта болып табылады. Тауарларды бір-бірімен қатар қою талаптары, шикі ет тураған тақтайда тазаламай піскен етті турау секілді келеңсіздіктер ауру тудыруы мүмкін. Тағамнан улану жағдайлары тағам өндірушілер мен тұтынушылардың тамақ дайындау технологиясын бұзуынан, сақтамауынан орын алып жатады. Әрине, себептерді көптеп келтіруге болады. Жұқпаның пайда болуына ең қауіпті тағамдар бірінші кезекте майонез араласқан салат, кондитерлік өнімдер, шаурма, туралған ет (котлет, орама, паштет) саналады. Сондықтан әркім өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығына мұқият болса дейміз.

Жақында қалада жалған түрде барлық медициналық байқаудан өткендігі жөнінде мөрлері басылып, қолдары қойылған, тек суретіңді жапсырып, пайдалануға болатын дайын медициналық кітапша анықталды. Біздің қызмет тарапынан аталған медициналық кітапша ішкі істер департаментіне жолданған болатын. Бүгінгі күні қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде.  Мұндай кітапшаны сатып алған адам дәрігерлік тексерістен өтпей-ақ, жұмысқа тұра алады. Ал оның арғы жағында халыққа қызмет көрсетіп тұрған адам ауру болып шығатын болса, жағдайдың қалай боларын болжау қиын емес. Осы ретте біз денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жұмыстанудамыз. Қаладағы медициналық бақылауға қатысы бар мамандарға семинар ұйымдастырылып өткізілді. Құқық қорғау мекемесі өкілі қылмыстық жауапкершілік жөнінде әңгімеледі. Тұрғындарға айтатынымыз, осындай дайын кітапша сатып жүрген адамдарды көрсеңіздер немесе естісеңіздер, біздің мекемеге хабарласулары сұралады. Сенім телефоны: 51-27-66.

— Әңгімеңізге рақмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаһанша Бутов полигонында жерленген

Күні: , 17 рет оқылды

IMG_0387


Мәскеу түбіндегі Бутов полигонында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің мүрдесі жерленгені анықталды. Бұл жөнінде Алашорда қозғалысының 100 жылдығына  байланысты тарихи тұлға ізімен шілденің 5-10-ы күндері Сырым ауданынан Ресейдің Мәскеу қаласына барған экспедиция мүшелері мәлім етті.


Экспедиция құрамында Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова, Бұлан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов, Сырым аудандық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабыралиев, «Сырым елі» аудандық газетінің тілшісі Бауыржан Мұстафиев, дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешенінің 9-сынып оқушысы Әмина Төлешова болды.

Белгілі тұлғалар Тұрар  Рысқұлов пен Жаһанша Досмұхамедов апалы-сіңлі Надежда мен Ольга Константиновналарды жар етіп алған.

Тұрардың жиеншары Владимир нағашы атасының тегіне Рысқұлов болып жазылған. Тарих ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Владимир Рысқұловпен  шығармашылық байланыста болдық. Ғалым Бутов полигоны жанындағы орыс провослав шіркеуінің поместьелік соборындағы қорымға жерленгендер тізімі cақталғанын, Ж. Досмұхамедов жөнінде деректің сол құжатта бар екенін айтты. Бутов полигонына барғанда, собор қызметкері берген бірнеше томдықты ақтарып қарай бастадық. Бірақ таба алмай дағдара бергенімізде, мешіт имамы Бақытжан Сабыралиев көзге шалынған тағы екі томдықты көрсетуді өтінді. Оның қолына түскен ІІІ томдықтың 82-бетінде Жаһанша Досмұхамедов жөнінде жазылған дерек бірден табылды. Кітапты қолымызға ұстағанда, көзімізден жас саулап қоя берді,  деді  Дәметкен  Сүлейменова.

19875596_1432235676813814_62824809895692544_n201707111301511937 жылдың 8 тамызы мен 1938 жылдың 19 қарашасы аралығында  Бутов полигонында  НКВД жендеттерінің қолымен атылған 20 762 адамның мәйіті жерленген. 1938 жылы тамыздың үші күні 120 адам ату жазасына кесілген. Құрбан болғандардың арасында Алаш арысы Ж. Досмұхамедов те болды. Қатал үкімнің шарықтау шегі 1938 жылдың ақпан айының 28-інде орын алды. Сол күні атылған  562 адамның ішіндегі ең егдесі 80 жастағы қария болса, ең жасы 13 жастағы жасөспірім болған. Аудандық газеттің тілшісі Бауыржан Ширмединұлының әлеуметтік желідегі жолжазбасында 1997 жылы полигонда археологиялық қазба жұмысы жүргізілгені жөнінде дерек келтірген. Яғни қазба жұмысы нәтижесінде бауырластар зиратының аумағындағы 12 шаршы метр шұңқырында 149 адам сүйегін  жерленгені  анықталғанын жазған.

Көрші елде саяси қуғын-сүргін құрбандарының алып қорымын ескерусіз қалдырмау бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, 2002 жылдан бері НКВД-ның арнайы аумағында «Бутов» мемориалдық ғылыми-ағартушылық орталығы жұмыс істеуде. Экспедиция мүшелері орталықтың төрағасы, полигон аумағындағы храмның басшысы, иерей Кирилл Каледамен сөйлесті.

Кирилл негізі геолог маман екен, бұрын Қазақстанның бірнеше облысында болған. Соның ішінде Сырым ауданының орталығы  Жымпиты ауылын да біледі. Ол Жаһаншаның тарихи тұлға болғанын естігенде, таңданысын жасырмады. Орталық қызметкерлері полигонда жерленгендердің тума-туысқандарының, демеушілердің арқасында «Еске алу бағы» мемориалдық кешенінің құрылысын жүргізуде. Мәрмәр тақтаға мерзім-мерзімімен саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері қашалып жазылуда. Тақтаға 1938 жылдың 3 тамызы күні атылғандардың есімдері енгізіліпті.

Ж. Досмұхамедов 1906-1910 жылдары Мәскеу университетінің заң факультетінде оқыған. Қазіргі уақытта сол  факультет корпусында университетке қарасты Азия және Африка елдерінің институты орналасқан. Экспедиция тобы институт директорының орынбасары, Азия, Африка және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Жібек  Сыздықовамен жүздесіп, әңгіме барысында  тарихи деректерге қанықты.  Институтта 40 шақты тіл оқытылса, оның ішінде қазақ тілі де қамтылған. Экспедиция мүшелері Мәскеудің  Лестев көшесінде Ж. Досмұхамедов тұрған үйіне барған. Бұл үйде қазақ зиялысы зайыбы Ольгамен бірге тұрғаны және көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын орыс тіліне аударғаны жөнінде деректер бар. Батысқазақстандық делегация Мәскеудегі Дон зиратында жерленген Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов қабіріне барып, дұға бағыштады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ


Басқармада жаңа басшы

Күні: , 68 рет оқылды

саялбек гиззатов


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Батыс  Қазақстан  облысының дін  істері   басқармасының  ұжымына  аталмыш  басқарманың  жаңа  басшысын  таныстырды.


«100  нақты  қадам» Ұлт  жоспарында  көрсетілген  меритократия  қағидасына  сәйкес, бұған дейін сол басқарманың  дінтану  сараптамасы,  мониторинг  және  ақпараттық талдау  бөлімі басшысы лауазымын  атқарып келген  Саялбек  Махамбетұлы Ғиззатов басқарма басшысы болып  тағайындалды.

Саялбек  Ғиззатов 1984 жылы дүниеге келген. Білімі  жоғары. 2005 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 2012 жылы «Еуразия» академиясын тәмамдаған.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов басқарма басшысына табысты жұмыс тіледі.

Саялбек   Махамбетұлы  ҒИЗЗАТОВ

  • 2005-2013 жылдары арасында жоғары оқу орындарында педагогтық қызметтер атқарған, декан болған.
  • 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасына қарасты дінтану сараптамасы, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы лауазымын  атқарып  келді.

Тарих  ғылымдарының  кандидаты.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Инвесторлар кеңесі

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_0339


Кеше  облыс  әкімдігінде   инвестициялар  тарту  мен  инвестициялық  ахуалды  жақсарту  мақсатындағы  аймақтық  кеңестің  бірінші  отырысы  өтті.  Облыс  басшысы  төрағалық  еткен  жиынға  мемлекеттік  құрылымдардың  жетекшілері  мен  бизнес  қоғамдастығының  өкілдері  қатысты.


Жиында өңір басшысы Алтай Көлгінов кіріспе сөз сөйлеп, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» Батыс Қазақстан облысындағы аймақтық директоры болып тағайындалған Азамат Бисеновты таныстырды.

Азамат Ғимранұлы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның жұмыс барысымен таныстырып, аталмыш компанияның облысымыздағы филиалының мемлекеттік құрылымдармен, жергілікті бизнесмендер және шетелдік инвесторлармен екіжақтық өзара қатынастары жөнінде  баяндады.

Аталмыш аймақтық кеңесте Батыс Қазақстан облыстық сыртқы байланыстар мен туризм басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиев сөз алып, ағымдағы жыл бойынша облысқа инвестиция тарту жөніндегі аймақтық жоспарын, Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында 4 тамызда өтетін  облысымыздың инвестициялық әлеуетін таныстыру тұжырымдамасын және «WestKazInvest –2017» халықаралық IV инвестициялық форумын өткізу тұжырымдамасын таныстырды.

Сонымен бірге қонақ ретінде шақырылған инвестицияларды тарту жөніндегі сарапшы маман Д. Родин «Индустрия 4.0» жобасы жөнінде айтты.

IMG_0342Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы қорытынды сөзінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның аймақтық директорына және барлық қызығушылық танытқан тараптарға инвестициялар тартуда мемлекеттік құрылымдар мен даму институттарының, бизнес-қоғамдарының жұмысын жандандыру қажеттігін айтып, кәсіпкерлерге көбірек қызығушылық танытып, өз бизнесін кеңейтуге тілектестігін білдірді.

Инвестициялар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатындағы аймақтық кеңес отырысы инвестициялық саясат мәселелерін талқылаған ашық диалогпен аяқталды.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Жайық бойынан еңбек лебі аңқиды

Күні: , 25 рет оқылды

Паромшылар   династиясы

2589+


Өзін Жамбыл Щурин деп таныстырған азамат паромшылар династиясынан екен. Жәкеңнің әкесі Шөре Құмашев осы совхоз құрылған жылы, яғни 1966 жылы паромщик жұмысына тұрған. Сол жылдан бастап 1991 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін халықты Жайық өзені бетінен әрлі-берлі тасымалдауға қызмет жасаған.


Зейнет жасқа жеткен әкесі өмір бойы айналысқан ісін үлкен ұлы Нұрбол Щуринге тапсырған. Көп кешікпей Жамбыл да осы жұмысты өзіне лайық көріпті. Совхоз тарағаннан кейін паром жекенің қолына өткен. Бүгін паром ауылдың азаматы, жеке кәсіпкер Нұрлан Мұхамбетжановтың иелігінде екен. Жайықтан әрлі-берлі көлік және ауыл тұрғындарын өткізуді алты адам ауысыммен атқарады. Ерте көктемде қар еріп, Жайық арнасынан тасып, қайта өз деңгейіне келгенде басталатын жұмыстары қара күз түсіп, мұз қатқанға дейін жалғасады. Күніне облыс, аудан-ауылдар арасына қатынайтын 30-даған көлік осы паромның қызметіне жүгінеді. Әр көлікті бір жағадан екінші бетке өткізу құны – 1000 теңге.

– Ағамыз екеуміз осы қызметте жасағанымызға біраз жыл болды. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Әкем де өмірінің біраз жылын осы паромда өткізді. Паромды сүйрейтін катер 1980 жылдарда жасалынған. Қолымыздан келгенше жөндеп, тозған  бөлшектерін  ауыстырып  салып  жүргізіп келеміз. Таңертең басталған жұмысымыз кешке дейін жалғасады. Ауыл-аймақ болғасын, неше түрлі жағдай болады. Кей кезде түн қараңғысында ауыр науқасты ауданға немесе облысқа жеткізу қажеттігі туады. Ондайда жылы төсегімізді суытып, катерге бет аламыз. Жақында ғана бүйрегі ауырып, қансыраған адамды таңғы сағат 4-те арғы бетке жеткізуге тура келді. Бір минөт те  ойланбастан, тартынбастан  көмекке  ұмтылдық. Себебі ол – менің жұмысым, атакәсібім. Басты мақсатымыз – халыққа сапалы да қауіпсіз қызмет көрсету,  –  дейді Жамбыл.

Сөзге сараңдау, мінезі салмақты Жамбылдан есте қаларлықтай қызықты деректерді суыртпалап сұрап келеміз.

– Менің әкем 1928 жылы туған. Ел-жұрттың айтуынша, әкем 1945 жылы соғыстан аман қайтқан солдаттарды да Жайықтан өткізген. Бұл туралы әкемнің өзі әңгімелемеуші еді. Ол жылы әкеміз 17 жаста екен. Ширек ғасыр, сирек мамандықта жұмыс істеген әкеміз қандай қиын-қыстау уақыт болса да, жұмысын ауыстырмаған. Бүгінде ағамыз екеуміз әке жолын жалғап, ел-жұртқа қызмет атқарып жүрміз. Ауыл-аймақтағы ағайын біздерді «Паромшылар династиясы» деп атап кетті, – дейді Жамбыл  Щурин.

Бүгінде өз істерінің мамандары болып алған паромшы  жігіттер біздерді көзді ашып жұмғанша арғы жағалауға жеткізді. Көлігімізді қара жерге түсіріп, жігіттерге алғысымызды айтып, Базартөбе  ауылына  бет  алдық.

Жарастың  жарасымды  шаруасы

DSC_0219Базартөбеде  болғанымызда,  ауылға  жақын  орналасқан Қарабек  елді  мекенінен  қоныс теуіп,  қожалық  құрып,  бүгінде шаруасын  дөңгелентіп  отырған  Жарас  Ситимов  есімді  жігітпен  де  танысқан болатынбыз.

Орда бұзар отыз жасқа енді толатын Жарастың бүгінгі тірлігі жарасып-ақ тұрғандай. Осыдан тура  бес жыл бұрын Атырау қаласындағы білдей бір мекемеде ағаш шебері болып жұмыс жасап жүрген кейіпкерімізді қожалық құрып, өз алдына шаруа күйттеуге әкесі Ержан үгіттепті.

– Әкем бір жылдары жекеден мал қабылдап, ет комбинаттарына тасумен айналысты. Мен мектепте 9-сыныпта оқитынмын. Әкем сол кезден бастап-ақ жеке шаруа ашып, мал өсіргеннің пайдасы туралы жиі айтып, менің де осы бағытқа бет бұрғанымды қалаушы еді. Мамандық игеріп, жұмыс та жасап көрдім. Әкем: «Шет жерде жұмыс жасап қашанғы жүресің? Ауылға қайтып, шаруамен айналыссаңшы», – деді күндердің күнінде. Алғашында жүрексінгенмен, кейін пайдалы іс екеніне көзім жетті. Өз алдыңа шаруа болғанына ештеңе жетпейтіндігін енді түсінгендеймін. Себебі ешкімге тәуелді емессің. Өз ырыздығың өз қолыңда. Тек аянбай еңбек етсең  болғаны, – дейді Жарас.

Алғашында қолда бар, ірілі-ұсақты отыз бас ірі қарамен, ескі техникамен басталған істе бүгін береке бар. Қазіргі таңда «Жаннұр» қожалығында жүзге тарта сиыр, үш асыл тұқымды бұқа бар.

Кейіпкеріміздің айтуынша, биылғы төл алу науқаны да ойдағыдай өткен. Мал басы да жылданжылға асылданып келеді. Қыс мезгілінде 10-15 малды бордақылауға қояды. Алғашында елдегі «Сыбаға» бағдарламасымен 8,5 миллион несие алса, бүгінде мемлекет қаражатын толықтай қайтаруға жақындаған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан лизингке су жаңа трактор, шөп шапқыш пен маялағыш алған. Қожалық үш ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде «жеке шаруа» атанған Жарастың шаңырағында үш бүлдіршін өсіп келеді. Үйдегі келін – ауыл мектебінде мұғалім. Жазғы демалыс уақытында бала-шағамен бірге жайлауға келіп, сиыр сауып, қаймақ-май жинауды да дәстүрге айналдырған. Үйдегі бүлдіршіндер әзірге қой бағып, құйрық жемесе де, табиғи өніммен тамақтанатындықтары бет-жүздерінен-ақ білініп тұр. Биылғы жаз айлары салқындау болса да, балақайлардың шырайы келісіп, әжептәуір қарайып қалыпты.

– «Мал баққанға бітеді» демекші, жылдың қай мезгілі болмасын, күні-түні бағып-баптасаң, малдың басы өсері хақ. Өзім шамалас құрбы-құрдастарыма да мемлекеттік қолдаулардан тартынбай, өз кәсіптерін ашуға кеңес берер едім. Аз ғана жылдың ішінде тер төгіп, еңбек еткеннің бағы жанатындығына көзім жетті.

Алдағы мақсатым – шаруашылығымды одан әрі дамытып, отбасым мен ұрпағыма бақуатты өмір сыйлау, – дейді  Жарас.

Базартөбенің «базар жоқ»  Бауыржаны

DSC_018056Базартөбе ауылының азаматы Бауыржан Молдашев 1997 жылы осы ауылдан мектеп бітірген. Сол кездегі үлкен өмірге қадам басқан бозбала қатарластары секілді жоғары оқу орнына түсуге талпынбапты. Оның бала күнгі арманы жастайынан еңбекке араласып, ата-анасына қарайласу болатын. Арман-мақсаты алға жетелеген мектеп түлегі Орал қаласына келіп, темір бұйымдарын жасайтын жеке кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Алғашында қара жұмысқа түскен ол кейін темір дәнекерлеуді үйренді. Сол саладан мол тәжірибе жинады. Көп кешікпей өзі жинақтаған қаражатпен, жора-жолдастарының қолдауымен өз алдына жеке кәсіп ашқан. Он шақты жылдан бері Орал қаласындағы «Б.И.Құрылыс» ЖШС-ны бас-қаратын Бауыржан Маратұлы газ қазандықтарын құрастырумен шұғылданады.

Ағымдағы жылы кейіпкеріміздің мектеп тәмамдағанына 20 жыл толды. Кәсіпкерлікке бір кісідей төселіп қалған Бәукең бұл тойдан қалыс қалмады. Соңғы қоңырау салтанатына арнайы барған ауылдың түлегі өз алтын ұя мектебіне сый-сияпат жасады. Өзінің цехында жасалған темірден иілген 15 гүл орнату тұғырын, мектеп дәлізіне аяқ киім қоятын сөрелер, қоқыссалғыштар мен саябақ  орындықтарын  сыйға  тартты.

– Елбасымыз ағымдағы жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Ол отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтқан болатын. Мен де бүгінгі өз алтын ұя мектебіме қолымнан келгенше сый-сияпат жасадым. Әрине, адам баласына байлық пен мансап жеткізген бе? Бірақ бір мезгіл туып-өскен, білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан, ауыл-аймақтың өніп-өсуіне, гүлденуіне де шама-шарқымызша көмектесуіміз керек. Болашақта да осы іс өзге де ауылдастарыма үлгі болса екен деймін. Бұл – аз  ғана демеушіліктің бастамасы. Өз басым аман жүріп, кәсібім алға басса, туған  ауылыма, мектебіме әлі талай көмегімді беремін деген ойдамын, – дейді Бауыржан.

Бәукең сонымен қатар мектеп бітіргендерінің 20 жылдық мерейтойына арналып, ауыл жастары арасындағы волейбол, футбол, гір тасын көтеру секілді спорттық сайыстар ұйымдастырып, жеңіске жеткендерге 80 мың теңге қаржылай демеушілік көрсетті.

Әке ізін  жалғаған  ағаш  шебері

DSC_0051Тайпақ  ауылының  тұрғыны  Абай  Сағынғалиев  2012  жылы  «Жұмыспен қамту  – 2020»  бағдарламасымен 2 миллион  теңге несие алып,  ағаштан  бұйымдар  жасайтын  шағын  цех  ашқан.  Кеңес  заманы  құлаған  соң  қаңырап  бос  қалған,  ауыл шаруашылығы  техникаларына  арналған  тұрақтардың  бірін  мемлекет  тарапынан жекешелендіруге  алыпты.  Бүгінгі  күні  ағаш  шебері  ауыл-аймақтағы  ағайынның тапсырысымен  құрастырмалы  қаңқалы  тұрғын  үй,  сарайлар  мен  қора-қопсы  жасап  сатуда.

Менің әкем Аманжол – осы өңірге танымал ағаш шебері, сандықшы болған жан. Мен де көз ашқалы шеберханада өсіп, балға-шегені бала жастан меңгердім. Осыдан бес жыл бұрын кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін естіп, үш адам бірігіп, серіктестік құрдық, қажет құжаттарды жинадық. Мен ағаштан есік-терезе жасаумен шұғылданбақшы болдым. Бірақ аталмыш бағдарламадан өз үлестерін алып, кәсіп ашқысы келетіндердің қарасы көп болғандықтан, сұраған сомамызды ала алмадық. Дегенмен тапсырыс берген үш миллион қаржының орнына екі миллион несие алдым. Жоспарым көп еді. Алған несиемнің бір миллионына Ресейден қажет құрал-жабдық алсам, қалғанынан сапалы ағаш аламын деп есептегенмін. Несие алмастан бұрын Ресейге барып, 80 шаршы метр ағашқа тапсырыс беріп, келісімшартқа да отырып қойғанмын. «Айтылған сөз – атылған оқ»  дегендей, межелі күні тапсырыс берген ағаштарымды алып келді. Ал заманауи құрал-жабдық алуға қаражатым қалмады. Жоғарыда айтқанымдай,  есік-терезе жасауды мақсат еткенмін. Себебі қазіргі уақытта бақуатты адамдар үйлеріне пластиктен гөрі, экологиялық таза ағаштан жасалған есік-терезе қондыруға ниетті. Көршілес Атырау, Ақтау облыстарынан да тапсырыс көп болатын.  Дейтұрғанмен қол қусырып қарап отырмай, ағашқан құрастырмалы-қаңқалы үй жасай бастадым. Бағдарламадан үлес алған соң тұрғындарды жұмыспен де қамтуға тиіс едік. Бастапқы жылы бірнеше жұмысшы да алдым. Кейін кіріс аз болғандықтан, оларға еңбекақы төлеу жайы қиындады. Содан бері жалғыз өзім жұмыс жасаймын. Бағырлай өзенін жағалап, қамыс шабамыз. Жаз мезгілінде бақша егеміз. Әйтеуір, еңбек еткен жанға күнкөріс көзі бар. Тек Орал қаласынан әкелетін ағашымыздың бағасы мықтап өсіп отыр. Күні кеше ғана ағаштың әр текше метрін 36-37 мың теңгеден алғанбыз. Кешегі барғанымызда 49 мың теңгеге көтеріп жіберіпті. Олардың ағашы қымбаттаған сайын біздер де баға өсіруге  мәжбүр  боламыз, – дейді  Абай  Сағынғалиев.

Бет  материалдарын  дайындағандар  Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,  Нұрбек  ОРАЗАЕВ


Депутаттар ел ішінде, халық арасында

Күні: , 24 рет оқылды

IMG_1756


Облысымызға  іссапармен  келген  ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаттары Бақтықожа  Ізмұхамбетов, Абай  Тасболатов,  Қанат  Мусин  және  Павел  Казанцев сейсенбі  күні  Орал қаласында  жаңадан  салынып  жатқан №4  мектептің  құрылыс  жұмыстарымен  танысты.


Халық қалаулыларын мектеп құрылысымен «Альтаир» ЖШС директорының орынбасары Виктор Дорошенко таныстырды. Айта кетейік, Сергей Потиченко басқаратын аталған құрылыс компаниясы осыған дейін Орал қаласында жаңа Салтанат сарайы мен Оқушылар сарайын, бірнеше мектеп пен балабақша салып үлгерген болатын. Аталмыш ЖШС басшысының мәліметінше, мектептің жобалық құны 941, 626 млн. теңге көрінеді. Әзірге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша  605, 000 млн. теңге, жергілікті  бюджеттен 95, 061 млн. теңге бөлінген. Апаттық жағдайда болған ескі мектепті наурыз айында бар-жоғы 21 күн үшінде бұзып, сәуір айында жаңа құрылыс жұмыстары басталған-ды. 300 оқушыға есептелген мектепте үлкен спорт алаңы, тіпті бастапқы әскери дайындыққа арналған тир залы да салынуда. Әр сынып арнайы пәндерге арналған қажетті құралдармен жабдықталмақ. Құрылысшылар мектеп бөлмелерінің кең болатынын айтты.

Мәселен, мектептің жалпы жер аумағы 1, 1877 гектар болса, ғимарат аумағы 8,6 мың шаршы метрді құрайды екен. Келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айын-да басталып, 16 ай ішінде аяқталуы тиісті. Алайда В. Дорошенко жаңа мектепке қатысты құрылыс жұмыстарын алдағы қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Төрт қабатты мектепте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 630 келіге дейін жүк көтеретін «SL Elevator» жеделсатысы  орнатылмақ.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы алты басым бағыттың біреуі – білім. Ал білімнің негізі мектептен басталатыны анық. Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша сегіз жаңа мектептің құрылысы жоспарланған екен. Солардың бірін бүгін өз көзімізбен көріп тұрмыз. Бұл жобаны Орал қаласындағы белгілі «Альтаир» компаниясы жүзеге асыруда. Мекеме  басшысының орынбасарына бірқатар сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алдық. Ұлттық қордың қаражаты орынды  жұмсалуда  екен  соған  көз  жеткіздік. Бір жылдан аса уақытқа есептелген жобаны не бары жарты жылдай уақытта аяқтау – жоғары кәсібиліктің белгісі. Құрылыс жұмыстарын ерте аяқтап, кейін сапасы сын көтермей жатқан нысандарды да білеміз. Алайда «Альтаир» компаниясы осыған дейін де бірнеше нысанын сапалы әрі уақытынан бұрын тапсырғандығынан хабардармыз.

Сонымен қатар мектеп салуға қолданылып жатқан құрылыс материалдарының 80 пайызы осы Орал қаласында өндіріледі екен.

Ал құрылысқа жұмылған 120 еңбеккердің бәрі  де осы өңірдің тұрғындары. Демек, бұл батысқазақстандық құрылыс  компаниялары  отандық  өнімдерді   кеңінен  пайдаланып  және  жергілікті  жұртты  көптеп  жұмыспен  қамту  арқылы  еліміздің  әлеуметтік-экономикалық  дамуына  айтулы  үлес  қосуда  деген  сөз,  – деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Айымгүл  ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

*  *  *

Сейсенбі  күні  ҚР  Парламенті Мәжілісінің  депутаттары  Бақтықожа Ізмұхамбетов  пен  Абай  Тасболатов және  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Арман  Өтеғұлов  Қаратөбе ауданында  жұмыс  сапарымен  болып, аудан  активімен  кездесті.

Аудан әкімі Жанат Асантаевтың төрағалығымен өткен жиында сөз алған Бақтықожа Ізмұхамбетов бір топ мәжіліс депутаты Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгенін айтты. Сапар мақсаты – Елбасы Жолдауы арқылы жергілікті билік құрылымдарына берілген тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқанын көру, батысқазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігімен танысу, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау, олардың шешілуіне ұйытқы болу. Бақтықожа Салахатдинұлы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарын да баяндап өтті. Абай Тасболатов республикамыздың жетістігін тілге тиек етіп, Қазақстанның саяси-экономикалық  даму  жолына  тоқталды.

Қаратөбеліктер атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев ауыл тұрғындары көгілдір отынның рақатын, облыс орталығымен қатынайтын қатқылтабанды жолдың игілігін көріп отырғандығын, енді елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты. Сол үшін де ауыл халқы Елбасына, Үкіметке, Парламент депутаттарына, жергілікті атқарушы  билікке  риза.

Серікбай  ХАСАНОВ,

Қаратөбе  ауданы


Орман тазарып қалды

Күні: , 16 рет оқылды

IMG_5410


Жақында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өңіріміздің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында сенбілік ұйымдастырды. «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке  облыс тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар, оқу орындары, теміржол ұжымдары және «Жасыл ел» жасақтары қатысты.


Шара барысында облыс орталығына таяу маңда және басқа да елді мекендерге іргелес орналасқан мемлекеттік орман қоры аумағы, әсіресе, республикалық және жергілікті маңызы бар аутокөлік жолдарының бойы қураған және құлаған ағаштардан, сонымен қатар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.

Сенбілікке облыс аудандары мен Орал қаласынан 9544 адам, 257 техника қатысты. Бұл жолы орман алқаптарынан 267 текше метр қураған ағаш бұтақтары және 1140, 4 текше метр тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен мемлекеттік-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұжымы және ҚазИИТУ университетінің оқытушылары  мен студенттері «Хан тоғайы» аумағын тазартса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен ветеринария және фитосанитария саласының қызметкерлері, облыстық жер қатынастары басқармасының ұжымы  «Перевалочная роща» деп аталып кеткен орман алқаптың аумағын жинастырды. Сондай-ақ Орал қаласы әкімдігі мен қалалық тұрғын үй бөлімінің қызметкерлері «Жеңіс алаңы» аумағының қоқыстарын жинап, ретке келтірді.

Бұл күні белсенді еңбек еткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері республикалық маңызы бар Орал-Ақсай тас жолы мен ПоймаКолузанова елді мекендерінің аралығын 50 текше метр қураған ағаштардан және тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұл жолғы сенбілікке Зеленов, Шыңғырлау, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарының тұрғындары белсене қатысты. Қорыта айтқанда, «Таза орман» экологиялық акциясына облыстағы  барлық сегіз орман шаруашылығы мекемесінен 117 қызметкер қатысып, мемлекеттік орман қоры жерлері мен республикалық және жергілікті маңызы бар тас жолдар бойын  267 текше метр қураған ағаштардан тазартты.

Наталья  МАКСИМОВА,

облыстық  табиғи ресурстар  және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының  бас  маманы


Андрейдің екі алтыны, бір күмісі

Күні: , 25 рет оқылды

_DSC8437


Таяуда қаламыздағы «Динамо» спорт базасында республикалық жастар ойындары аясында байдарка мен каноэ есуден жарыс өтті.


Төрт жылда бір өтетін додаға еліміздің тоғыз өңірінен келген командалар сапында 170-ге жуық ескекші сынға түсті. 15-22 жас аралығындағы спортшылар қатарында олимпиада, Азия ойындарының, әлем чемпионаттары мен кубоктарының жеңімпаздары, жүлдегерлері атанған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де болды.

Сайыста өңіріміздің намысын 15 спортшы қорғады. Олардың ішінде әлем және Азия чемпионы, байдарка мен каноэ есуден ұлттық құраманың мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Андрей Ергучев бар. Осы Андрейдің арқасында қоржынымызға екі алтын мен бір күміс түсті. Ол байдаркадан 200, 500 метрлік қашықтықтағы эстафетадан бас жүлде алса, 1000 метрлік сайыста екінші болып келді. Ал қыздардан Диана мен Дильназ Алмағамбетовалар, Адель Искарова, Антонина Казанинаның тобы мәре сызығын төртінші болып кесті. Жалпыкомандалық есепте ҚР құрметті бапкерлері В. Астафьев, А. Акунишников, А. Новозенко, М. Шкирман, Е. Бравкова жаттықтырған жас жерлестеріміз 7-орынды місе тұтты. Сайыс қорытындысында шымкенттіктер бас жүлдегер атанса, алматылықтар мен астаналықтар қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.

— Бізде Андрей Ергучевтан басқа жастардың тобына ілігетіндер жоқ. Кезінде түрлі себептерге байланысты бұл жастағы спортшылар тәрбиеленбей қалды. Қазір соның зардабын тартып келе жатырмыз. Жүлдеге бір табан жақындаған қыздарымыздың алды тек биыл он бес жасқа толмақшы. Сол себепті оларға өздерінен жасы да үлкен, тәжірибесі де көп қарсыластарымен сынға түсу оңай болған жоқ. Егер оқушылар спартакиадасы болса, онда жүлделі орынның бірінен көрінер едік. Алдағы қыркүйекте Алматы қаласында спорт мектептері арасында байдарка мен каноэ есуден республикалық ашық чемпионат өтеді. Қазір соған дайындықты бастап кеттік. Бұйырса, ол жақтан құр қол қайтпаймыз, — дейді байдарка мен каноэ және академиялық есу бойынша облыстық федерациясының төрағасы Юрий Казанин.

Айта кетейік, жарыстың жабылу салтанаты кезінде қонақтар, басқа өңірлерден келген командалардың өкілдері сайыс жоғары деңгейде, республикалық дәрежеге сай ұйымдастырылғанын айтты. Сол үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, байдарка мен каноэ және академиялық есу бойынша облыстық федерациясының, №1 спорт резервтерін дайындау бойынша балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика