Жаңақаланың бір жайсаңы
…1979 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогика институтын бітіріп, туған жерге – Жаңақалаға оралып, аудандық «Жаңарған өңір» газетіне қызметке орналастым. Газетте редактордан басқа кәсіби журналист атаулы жоқтың қасы екен. Әр түрлі мамандық иелері газет қызметін әлінше атқарып жүр. Тіпті олардың өздері басқа мамандық өкілдері немесе ел ішінен шыққан табиғи қабілет иелері болып келеді.
Бала жастан ақындығымен танылып, газет қызметін туа бітті қабілетімен меңгеріп, тілші болып жүргендердің бірі Закария Сисенғалиев екен. Бірден тіл табысып, достасып кеттік. Әсіресе, бізді жақындатқан ақындығымыз еді. Шалғайда үлкен шығармашылық ортасын аңсап жүрген әріптесіміз облыс орталығында белгілі ақын ағалардың алдын көріп, жоғарғы оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ жазуы да тым тәуір төселіп, танымал болып қалған замандасымен бір ұжымда бас қосқанына шын қуанды. Кәдімгі арқа тұтты. Өлең жазудың қыр-сыры, машықтары жөніндегі ақыл-кеңестеріме құлшына құлақ түріп, өзінің шеберлігі де тез шыңдала түсті.
Закарияның ақындығы елге, әсіресе, ән мәтіндерімен жақсы танылды. Сол жылдардың өзінде белгілі сазгер Әсет Бейсеуовпен сәтті шығармашылық қарым-қатынас орнатты. Ауыл баласының сөзіне жазылған әндер бірінен соң бірі дүниеге келіп, байтақ ел кеңістігіне тарап жатты. Сол кездегі өнерге ықыласты ел ағаларының пейілі де себеп болған шығар, Жаңақала өңіріне жиі ат басын тіреген Әсет Бейсеуов ауданға әр келісінде жаңа бір әннің тұсауын кестіретін. Соның ішінде Жаңақалаға арнаған әндердің бәрінің дерлік мәтінін Закария жазды. Осы жылдарда Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болып, атағы шартарапқа жайылған «Сәуле» тракторшы-қыздар бригадасына арнаған осы қос автордың «Аққу қыздар», сондай-ақ «Жаңақала – гүл қала», «Іңкәрім» сынды сәтті әндері халықтың жүрегінен жол тапты.
Ал оралдық әнші-сазгер Донеділ Қажымовпен бірге жазған «Ақ Жайық – ару мекенім» әні қанатын бірден кеңге жайып, өлкенің әнұраны іспетті әуелей, шарықтай жөнелді. Бұдан ілгерірек жылдары Орал қаласында Донеділ әндерін орындаушылардың «Ақ Жайық – ару мекенім» атты республикалық конкурсы өткені есімізде. Сазгердің өз шығармашылығын өлеңнің осы жолдарымен атауы кездейсоқтық емес. Сыршыл әуеннің тұңғиығымен астасып, жыр мен саздың қос пернесін үндестіріп тұрған келісті, өршіл туынды ақынның да, сазгердің де шығармашылығының шоқтығына баланып жүр.
Ән әлі күнге сахна төрінен, ұлы өнердің көгінен түспей зор әсермен орындалады. Донеділ Ташкенттің «Мелодия» фирмасынан «Ақ Жайық – ару мекенім» атты әнтабақ та шығарды. Ән мәтінімен республикалық басылымдарда жарияланды. Ондаған жинақтарға енді. Талай рет Мәскеу сахнасында үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) орындалып, «Ақ Жайық» ансамблімен шет елдерге де шығып кетті. Алматы, Астана сахнасынан да жиі шырқалып жүр.
Бүгінде ақынның ән мәтіндерінің өзі – бір бөлек дүние. Ол Ә. Бейсеуов пен Д. Қажымовтан басқа елімізге белгілі сазгерлер Базарбай Жұманиязов, Тұяқберді Шәмелов, жергілікті сазгер Ерлан Сатыбаевтардың ән әуендеріне қырықтан астам мәтін жазды.
Біздің құнарымыз – Қамыссамар, құмарымыз – Құм Нарын. Қараөзен мен Сарыөзеннің құйылысындағы қатқылдың құммен шектесіп, көлдер көмкерген тамылжыған табиғат аясында заманында орыс-казактар да қоныстанып, қатар бой түзеген екі елді мекен бар. Бірі – казак жасақтары бекінген Казарма, қазақша атауы Мұқыр ауылы да, екіншісі – Фокеев, қазақша Сарыкөл ауылы. Закария сол Казармада, мен Фокейде дүние есігін ашыппыз. Ол менен үш жас кіші. 1957 жылы 23 шілдеде туған.
Казарма мен Фокеев – Қамыссамар қойнауындағы ерекше ауылдар. Он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі орыс-қазақ қарым-қатынастарының ізі қалған тарихи қоныстар. Кейін мұндай тағдырластығымыз жыр жолдарымен өрнектелді. Закарияға сыр ретінде жазған бір өлеңімде:
«Ғаламатпыз, ғажаппыз,
Әрменіміз азаптың.
Іңгәлаған қазақпыз,
Хуторында казактың.
Мүмкін менен кәмілдің
Аралығы мың сымбат.
Сусылынан шағылдың
Өстік білем сыр тыңдап.
Ұға түстік тұспалды,
Болса-дағы тылсым қат.
Қиқуласа құстардың
Көмейінен күй тыңдап.
Қараөзен мен Мұқырдың
Сар сазанын бұлқынтып,
Құмға аунадық
күтірдің
Бұйра жалын сілкінтіп», — деп келетін жолдар бар.
Осы өлең жолдары Қамыссамар қойнауындағы кезінде орыс-казактар қоныстанып, жергілікті жұртпен мидай араласып кеткен сол қос «хутордың» сыр-сипаты мен сол жердегі балалық шақтың көріністеріне жетелейді.
Закария аудандық газеттің тілшілігінен редакторлығына дейін көтерілді. Арнаулы білімі болмаса да, таудай талабымен және қабілетімен тілші, бөлім меңгерушісі болды. Кейін жауапты хатшы қызметінде жасап жүріп, 1979 жылы С. Киров атындағы университеттің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсті. Ертерек жанұя құрып, анасы мен бауырларын қанатының астына алған ол отбасылық және материалдық жағдайына байланысты Орал педагогика институтына ауысып, ойдағыдай бітірді. Одан соң Алматы саясаттану және басқару институтына жолдамаман барып, білімін дамытып, туған жерге қайта оралды. Келген бетте облыстық «Орал өңірі» газетінің Жаңақала ауданындағы меншікті тілшісі, одан соң аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы болды.
1993 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, аудан әкімі аппараты ішкі саясат, ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі лауазымында істеді. 2001-2012 жылдары Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, әлеуметтік салаға жетекшілік етті. Сөйтіп, соңғы жиырма жыл бедерінде Жаңақала ауданының әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Бүгінде Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы.
Ол кейбіреулердей кеңсе тірлігімен қасаңсып, лауазым буында бөртіп те кеткен жоқ. Өлеңнен, өнерден қол үзбеді. Ол оның сөз өнерін өз өнерім деп білуінде еді. Жыр мен сазға, халықтық өнерге құмарын бір сәт те тарқатпай, өмір соқпағына өрлеп келеді.
Закария облыс орталығында екі рет шығармашылық есеп берді. Жаңылыспасам, алғашқысын 50 жасқа, екіншісін өзінің 55 жасқа және шығармашылығына 35 жыл толуымен ұштастыра өткізді-ау деймін.
Өлеңді өміріне серік етіп келе жатқан жергілікті қаламгер үшін бұл аз табыс емес.
2001 жылы Алматының «Жазушы» баспасынан «Әнім сенсің, Жаңақала» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Одан кейінгі жылдары да қаламы бір құрғаған жоқ. Мақалалары мен өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. «Ақ Жайық – ару мекенім», «Ақ тілек», «Жылдар, ойлар», «Жырлайды жүрек» «Қарашада қалған мұң», «Шындық шырайы» атты кітаптары шықты. Қазақстан Журналистер одағының және халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
Жемісті қызметі үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Елбасының Алғысхатына ие болды. Ең бастысы, елден ұзамай, туған жұртының құрметі мен ықыласына бөленіп келе жатыр.
Қасиет пен қабілет тек пен тәрбиеден дариды. Закария – қос ананың арда ұлы. Оны кішкентайынан бауырына басып, өсірген жарықтық Хадиша анамыз тұла бойынан мейірім мен ықылас төгілген ғажап жан еді. Маған осындай аналардан тағылым алған Закарияның арлы азамат, нұрлы перзент болмауы мүмкін еместей көрінеді. Ақынның аналар достығына арнаған «Қос ана» атты жан толқытар өлеңі бар.
«Біреулер дүниелік қара жинап,
Бірісін екі етсем деп жанын қинап.
Жүргенде жарылқады Жаратқаным,
Бір маған екі бірдей ана сыйлап.
Бірің дара, екіншің дана болдың,
Десем-дағы мен ортақ бала болдым.
Жазылмаған бар екен өмір заңы,
Бірің – жеңге, екіншің – ана болдың.
Сөзіне ермей кейбір найсаптардың,
Қараумен көңілдерге жан сақтадым.
Біріңді ана десем, ал екіншің
Өкпелеп қала ма деп тайсақтадым», — деп тебірене жеткізеді.
Бүгінде Закария – Жаңақаладағы желегі жайқалған үлкен әулеттің діңгегі. Құдай қосқан қосағы Маржанмен жарасымды өмір сүріп, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, қанаттандырды. Бүгінде әрқайсысы өз алдарына тұрмыс құрып, елдің азаматтарына айналды. Құда-жекжаттары, тума-туыстары қаумалап, елі құрмет тұтқан Закария әулеті мәуелі бәйтеректей тамырын тереңдетіп, жапырағын жая түсті. Елімен етене жарасқан Жаңақаланың жайсаң азаматы асқаралы биігіне асқақтай өрлеп барады.
Аманкелді ШАХИН,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі