Мұрағат: Июль, 2017


Ұл-қызыңызға кітап сатып әпересіз бе?

Күні: , 91 рет оқылды

IMG_1195


Міне, көзді ашып-жұмғанша жаздың екі айы өте шығып, тура бүгін ақырғы айы – тамыз басталды.  Жаздың алғашқы екі айында ойынның түбін түсірген балалардың өткен тоғыз айлық оқу-білім марафонынан  ендігі шаршағандары басылғаны кәміл. Алда – жаңа оқу жылы. Әдеби кітап оқу – бос уақытыңды мазмұнды өткізудің ең керемет түрі әрі балалар үшін жаңа оқу жылына психологиялық дайындықтың бір тәсілі болса керек.


Соңғы үш-төрт  күн турысында ата-аналар арасында біз жүргізген әлеуметтік сауалнаманың тақырыбы – «Ұл-қызыңызға кітап алып беруді ұмытып кеткен жоқсыз ба?» Егер сіздің өзіңіз үшбу мәселені бүгінге дейін ескермей келсеңіз, әлі де уақыт бар. Бірақ арқаны кеңге сала бермеңіз, жаңа оқу жылының басталуына бар болғаны бір-ақ ай уақыт қалды…

Аққойсын ТАНБАЕВА,

Орал қаласының тұрғыны:

– Отағасы екеуміз екі ұлымыздан алты немере сүйіп отырмыз. Бүгінде кіші бала-келіннің қолында тату-тәтті тұрамыз. Тұнғыш немереміз Дания №42 Ақниет мектеп-гимназиясының бірінші сыныбын үздік тәмамдады. Ортаншы немереміз Әділ балабақшадан, даярлық топқа көшуде. Ал кенжеміз Арнұрдың жарық дүниеге келгеніне төрт-ақ ай болды. Өзім он бір баланың ортасында өстім. Бізді тәрбиелеуге әкеміздің жұмыстан, анамыздың үй тірлігінен қолдары босамайтын. Есесіне біз он бір қозыдай әжеміздің қойнында жатып, түрлі аңыз-ертегілерге қарық болып өстік. Міне, енді өзіміз де ата-әже атандық. Ұрпақ тәрбиелеудің сыры қайда екенін бағамдадық. Немерелеріміздің бойына ұлттық сананы сіңіріп, ой-өресін дамытуға тырысамыз. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде кітап оқу, сурет салу, спортпен шұғылдану, музыка тыңдау, түрлі көріністер қою сияқты білім мен қабілетті арттыратын пайдалы істермен шұғылданамыз. Сонымен қатар аталарымен хайуанаттар бағына жиі барады. Жоғарыда айтқандарымның барлығын белгілі бір жүйеге келтіріп алдық. Тіпті ештеңемен шұғылданбай, жәй демалып жатсақ та, немерелерімізбен бір ертегіні немесе аңызды талқылаймыз. Егер дүкендерден қазақ тілді әрі түрлі-түсті суреттермен әспеттелген кітаптарды тапсақ, Дания інісін қасына алып, өзі-ақ оқиды. Ал аса безендіріле қоймаған кітаптарды оларға өзім оқып беремін. Бұған да атүсті қарамай, әр кейіпкердің дауыс ырға-ғын салып оқимын. Немерелерім мені арасында тоқтатып, түсінбеген жерлерін мұқият сұрап, талқылап отырады. Осылайша олардың елестету, ойлау қабілеттері дамиды. Өздеріне қатты ұнаған өлең шумақтарын жаттап алатынды шығарған. Әрине таусылмайтын «Ол неге олай? Бұл неге бұлай?» деген сұрақтардан кешке дейін басың айнала жаздайды. Алайда «балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дегендей, бұны да «жылы жауып» тастамай, барлық сұрақтарына түсінікті, қызықты етіп жауап береміз. Ұрпағымыздың жүрегі ұлтым деп соққанын қалаймыз.

Мәжит ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

ардагер журналист:

— Кітап оқыған бала дүниетанымының кеңдігімен, ойының ұшқырлығымен ерекшеленеді. Баланы кітап оқуға баулу, әдеби шығармаларға қызықтыру – ата-ананың негізгі міндеті. Біз бала кезімізден кітап оқып және оны балаларымызға жинап өскен ұрпақтың сарқытымыз. Үйімде 1000-нан астам кітап қоры жинақталған жеке кітапханам бар. Балаларым мен оқыған кітаптарды оқып өсті. Қазір алтыншы сыныпта оқитын Рәзия есімді немереме ертегі кітаптарын сатып алып беріп жүрмін. Ол көбіне ертегі кітаптарын оқып, жұмбақ шешкенді ұнатады. Кітап оқимын деген жастарға қазір барлық жағдай жасалған. Айта кетсек, смартфон телефоны арқылы интернетке тіркеліп алып, әдеби шығармаларды оқуға да мүмкіндік зор. Бастысы, ниет болса болғаны.

Алтынгүл  ҮМБЕТОВА,

Зеленов ауданы, Володар жалпы орта білім  беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

– Қыздарымның алды Динара мен Айнараны, Асылгүлді әрдайым кітап оқуға кеңес беріп, тәрбиелеп өсірдім. Бала күнінен оларға ертегі оқып беретінмін. Есейе келе, қыздарым танымал ақын-жазушылардың туындыларын іздеп жүріп оқитын болды. Үшеуіне интернеттегі дереккөздер мен әлеуметтік желілердегі жарияланған жазбалардан гөрі, кітаптан алған білім жадыңда берік сақталатынын, әкемнің сүйікті дағдысымен көркем әдебиеттерді бірге оқығанымды әрдайым әңгімелеп отырамын. Бүгінде қызым Динара – ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің студенті, грант иегері. Айнара биыл Орал қаласындағы Құрманғазы саз колледжінде кітапханашы мамандығы бойынша құжат тапсырды. Қазір ол қазақтың ақындары Абай Құнанбаев пен Фариза Оңғарсынованың өлеңдер жинағын оқуда. Ал Асылгүл «Сервис» техникалық колледжінде тігіншілік мамандығын игеруде. Отбасымыздағы кенже қызымыз Ұлжанның жасы алтыда. Жазғы демалыста балалар танымына лайық жаңа әдебиеттермен танысуда. Оған жақында «Жеті лақ», «Жалғыз үйрек» секілді ертегілер енген шағын кітапты сатып алып бердім. Ұлжан тұрақты жаздыртып алдыратын газет-журналдардың әр санын асыға күтеді. Қызықты әңгіме-хикаяттардың мазмұнын бірге талқылаймыз. Өзі сондай алғыр. Жалпы, қыздарымның өмірден өз жолын тауып, ибалы болып өсулеріне жан дүниелері кітап әлеміне ерекше жақын болғанынан деп есептеймін.

Ангелина  СҰЛТАНОВА,

қала тұрғыны:

— Жұбайым екеуміз 2011 жылы отбасын құрдық. Екі перзентіміз бар. Үлкен қызымыз Аэлина №45 мектептің жанындағы шағын орталыққа барып жүр. Бұйырса, қыркүйекте мектепке барады. Төрт жасынан бастап әжесі ертегі кітабын, жазу-сызу құралдары мен «Әліппені» алып берген болатын. Күн сайын ұйықтардың алдында әжесі ертегі оқып береді. Ол да әдетке айналдырып алғаны соншалық, анамызға «Әже, «Тазша баланы» қашан оқып бересіз?» деп ұйықтамай күтіп жүреді. Кітап оқығанда баланың тілі жатық шығып, ой-өрісін дамитынына сенемін. Жуырда ол қалалық №30 мектепте өткен мектеп оқушыларының Қадыр Мырза Әли оқуларынан жүлделі екінші орынды иеленді. Жас ерекшелігіне қарай іріктегенде бесінші сыныпқа дейінгі оқушылардың ішінен қызымның  үздік шыққаны біз үшін мақтаныш. Ата-анасы кітапты көп оқитын баланың да оқуға деген қызығушылығы тез оянады деп ойлаймын. Өйткені өзім де әдеби кітаптар оқығанды жақсы көремін. Отағасы көбіне жұмыста болғандықтан, оның кітап оқуға мүмкіндігі бола бермейді. Қызымызға  кітап таңдағанда, бірінші оның неге қызығатынын ескереміз. Ол ертегі тыңдағанды және хайуанаттар туралы суреттер қарағанды ұнатады. Кітап дүкеніне бара қалсақ, міндетті түрде бояуы қанық, суреттері «сөйлейтін» кітаптар сатып аламыз. Өйткені Аэлина алдымен өзі кітаптың суреттерін қарап, парақтап шығады.

Серік  БЕКТҰРҒАНОВ,

Тайпақ  ауылының  тумасы:

– Үлкен ұлым Бейбарыс сегіз жаста. Ең алғаш біз оған ауруханада жатқанында «Қазақ халқының ертегілері» атты кітапты апарған едік. Одан кейін де бір-екі рет ертегілер кітабын алып бердік. Ол кітаптарды балам қызығып оқыды. Кейіннен біз оны спорттық үйірмеге апарып, кітап әперуді құнттамай кеттік. Осы кезге дейін дені сау, спортқа үйір болса екен деп баулып келеміз. Бірақ «Балаңызға кітап сатып әпердіңіз бе?» деген сұрақ қойылғанда ойланып қалдым. Шын мәнінде, бала тәрбиесінде кітаптың алар орны ерекше. Кейбір кейіпкерлер баланы тәрбиелейді. Баланың жақсы адам болып қалыптасуы үшін жақсы кітаптар алып бергеніміз дұрыс. Қазіргі балалар гаджеттерге әуес десек те, өзіміз бастап оларға кітап әперіп, оларды кітаппен дос болуға үйреткеніміз жөн. Өзім бала кезімде кітапты таңға дейін оқитын едім. «Құрыш қалай шынықты?», «Үш ноян», «Тихии Дон» кітаптары есімде жақсы сақталып қалыпты. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов менің сүйікті жазушыларым еді. Осы сұрақтан соң, алдағы күндері балама кітап сатып әперуді жоспарлап қойдым.

Асылғаным ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Теректі ауданы, Жаңаөмір ауылы, Шаған орта мектебінің мұғалімі:

— Иә, қыздарыма кітап сатып алып беремін. Оқушыларыма да кітаппен дос болу қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін. Өйткені кітап оқыған бала ой-өрісі кең, сезімтал, ұғымтал боп келеді. Қыздарыма осы жазда Бердібек Соқпақбаев пен Мағзом Тиесовтің таңдамалы шығармалар кітабын сатып әпердім. Олар бұл кітаптарды қызыға оқыды. Әсіресе, «Менің атым Қожаны» «кинода бөлек, кітапта бөлек екен» деп өздерінше талдап жатты. Таяуда «Қазақ ертегілері» кітабын сатып алдым. Бұл кітапты ең алдымен қыздарым оқиды, содан соң сабағымда пайдаланбақпын. Өзім де кітап оқығанды өте жақсы көремін. Ауылдық, мектептің кітапханаларынан өзіме, қыздарыма үнемі жақсы кітап іздеп жүремін.

Қазіргі уақытта балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы өте төмен. Бұрындары әр үйде  жатып алып кітап оқитын балаларды жиі көретін едік. Қазір, керісінше түрлі гаджеттерді құшақтап отыратын балаларды жиі көріп жүрміз. Сондықтан ата-аналар балаларына мереке, туған күндерінде ұялы телефонның орнына жақсы кітап сыйлауды дәстүрге айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.


Кеше басталды

Күні: , 41 рет оқылды

expo-2017


Кеше Астана қаласында «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталды.


Тамыздың 4-іне дейін жалғасатын мәдениет күндері аясында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Орал қаласының өнер ұжымдары, облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Орал-сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Назерке» биі ансамблінің концерттері өтеді.

Сонымен қатар бұл күндері облыстық қазақ драма театрының ұжымы Еврипидтің «Троя арулары» мен Ф. Буляковтің «Қысқа ғұмыр» мұңды драмасын, А. Островский атындағы облыстық драма театрының ұжымы Жан Батист Мольердің «Лекарь поневоле», А. Островскийдің «Последная жертва», У. Шекспирдің «Он екінші түн», Лопе де Веганың «Дурочка» қойылымдарын сахналайтын болады.

Елордадағы этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Жайықтың жауһар мұралары» көрмесі ұйымдастырылады. Облыстық халық шығармашылығы орталығы «ЭКСПО – 2017» — әлем көрмесіне саяхат» сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесін жабдықтайды.

Облыстың мәдениет күндері аясында этноауылда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, «Қазанат» алаңында көкпар сайысы өткізіліп, көрермен назарына театрландырылған концерт қойылады.

Тамыздың 4-і күні «ЭКСПО» алаңындағы амфитеатрда Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының үлкен концерті өтпек. Ол концертке Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, мәдениет қайраткері Біржан Хасанғалиев, «Әзіл әлемі» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов, белгілі әнші Дәурен Сейтжанов сынды бір топ жерлестеріміз де өнер көрсететін болады.


Этноауылдағы көрмеде 400-ге жуық музей жәдігері

Күні: , 51 рет оқылды

IMG_1804IMG_1762


Мәдениет күндері аясында Қабанбай батыр даңғылы бойында орналасқан этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы тарихи жәдігерлер және қолданбалы қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелерін ұйымдастыруда.


Музей жәдігерлері қойылған киіз үйлердің ішінен «Алтын ханшайым» экспозициясы, Құрманғазы домбырасының көшірмесі, Ә. Қастеевтің 1941 жылы салған «Төлеген мен Қыз Жібектің кездесуі» атты картинасы, Жәңгір хан мундиірінің, оның жары Фатима ханымның салтанатты кеште киетін көйлегінің көшірмелері, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің үлгісін көруге болады. Сонымен қатар музей қорынан алынған облыс аумағындағы Лебедевка, Қырықоба қорғандарынан табылған археологиялық қазба материалдары, алтын жапсырмалар, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдардың мол жиынтығы, өңір тарихына қатысты құнды құжаттар бар. 400-ге жуық музей жәдігері тамыздың 4-іне дейін келушілердің назарына ұсынылады.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Батырхан Қайыровтың айтуынша, этноауылдағы көрмеге біздің облыс атынан келген 21 қолөнер шебері қатысуда. Көрме барысында Нұрбол Әміржанов керамикадан ыдыс жасаудан шеберлік сағатын көрсетті. Шыңғырлау ауданындағы «Марфуға» тігін цехының иесі Әсел Сұлтанғалиева қыз жасауына қатысты өнімдерді ала келіпті. Ақжайық ауданының тұрғыны Ерлан Бектеновтің зергерлік бұйымдары республика көлеміне кеңінен танымал. Орал қаласындағы «Women Art Дизайн» компаниясы ұлттық бұйымдар галереясын жабдықтаған. Шығармашылық топтың құрамында Қазақстан Дизайнерлері одағының мүшелері Раиса Алексеева, Марина Ермекқалиева, Наталья Брикс бар. 2012 жылы Сеул қаласында өткен халықаралық саммитте  Елбасымыз «Women Art Дизайн» дайындаған тұмарды сол кездегі АҚШ президенті Барак Обамаға сыйға тартқан. Оралдық «Текемет» жеке серіктестігі де аталған компания секілді шетелдерде көрмелер ұйымдастырып үлгерген. Көрмеге қатысып жатқан кәсіпкерлер өз бұйымдарын саттыққа қоя алады.

IMG_1739Этноауылда Қостанай облысының қолөнер шеберлері де бар. Олар  батысқазақстандық топпен шығармашылық байланыс жасауда. Жалпы, көрмеге келушілер арасында жерлестеріміздің өнеріне жылы пікір білдіріп жатқандар  жетерлік.

Айта кетейік, «Экспо – 2017» халықаралық көрмесі аясында Астанада облысымыздың мәдениет күндерін өткізуге 111, 8 млн. теңге бөлінген. Облыстың мәдениет және өнер ұжымдары Елордада  10 концерттік бағдарлама мен сегіз спектакль қойылымды көрермендер назарына ұсынады. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады. Тамыздың 4-і күні облыс басшылығы қатысатын маңызды шараларды өткізу жоспарланған.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»,

Астана

Шаһизада  БАЙҒАРАЕВА,

Шымкент  облысының  тұрғыны:

–  Музей жабдықтары қойылған киіз үйдегі Фатима ханымның киімінің үлгісіне, қыз жасауына арналған сандық, кебеже, жүкаяқтың сәнділігі көз сүйсінтеді. Осындай ескі бұйымдарды тұтыну қайта жаңғырса деп армандаймыз. Көрмедегі ер-тұрман алтынмен апталып, күміспен күптелген екен. Музей экспозициясы өте бай. Шымкент облысында ұлттық киімдер сататын дүкенім бар. Ақ Жайық өңіріне тән қымбат жәдігерлерді  көргеніме  қуаныштымын.

Қабдолмәжит  ИМАНОВ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері, Қостанай   облысының  қолөнер  шебері:

– Мен, негізінен, Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Көрмеге Қостанай облысы атынан қатысудамын. Өзім ағаштан домбыра, бесік жасаймын, қолөнер жұмысымен айналысамын. Қазіргі уақытта Қостанай облыстық қазақ драма театрында әртіс болып қызмет етемін. Кезінде Оралдағы қазақ драма театрының ашылуына қатысқанмын. Өнер жолындағы алғашқы ұстаздарым – театр қайраткерлері Хадиша Бөкеева мен Нұрмұхан Жантөрин. 1975 жылы Алматыдағы музыкалық аспаптар шеберін дайындайтын №46 училищені тәмамдадым. Кейін Қазақ ұлттық консерваториясынан әртіс мамандығы бойынша білім алдым. Театр саласында 40 жылдан астам еңбек еттім. Бүгін Оралдан келген шеберлермен кездесіп, арқа-жарқа болып қалдық. Көрмеге қойылған олардың туындыларының ұлттық бояуы қанық, көркі  көз тоярлық. Сәтті кездесуді пайдаланып,  тәжірибе  алмасудамыз.

Аблулуаһһаб-Абдул, Біріккен араб әмірлігінің азаматы,  сот  саласының  маманы:

– Мен Орта Азия халықтары туралы көптеген деректі оқыдым. Расында, сол  деректер арқылы Қазақстанды сырттай көшпенді ел ретінде қабылдап, мынадай бай мәдениеті бар деп ойламаппын.

Кешеден бері Астана қаласының көрікті жерлері мен мәдени орындарды, музейлерді араладым. Бүгін этноауылдағы көрме жабдықтарымен таныстым. Қазіргі уақытта Қазақстан туралы көзқарасым 100 пайызға өзгерді. Тарихы терең, салт-дәстүрге бай, қарқынды даму жолындағы  мемлекет  екеніне  көзім  жетті.


Кәсіпкерлердің кілтипаны

Күні: , 49 рет оқылды

IMG_3933-31-07-17-05-02


Жуырда  Орал  қаласы  әкімінің  орынбасары  Алтынбек  Қайсағалиев және   жергілікті  полиция  қызметкерлері  Әбілқайыр  хан  даңғылы бойында  рейд  жұмыстарын  жүргізді.


Шаһар басшысының орынбасары төрағалық еткен шарада аталған көше бойындағы қала келбетін бұзып тұрған кәсіпкерлік нысандардың басшыларына ескерту жасалды. Қала тазалығына қатысты санитарлық талаптарды сақтамаған бизнес өкілдеріне ережелер жазылған парақшалар таратылды.

– Әкімшілік тарапынан құрылған комиссия өкілдері бизнес нысандарын аралауды бастап кетті. Рейд барысында кәсіпкерлерге абаттандыру жұмыстары жайында ақпарат берудеміз. Осылайша талаптарға сай келмейтін кәсіпкерлік нысан басшыларына алдымен хабарлама жасаймыз. Он күннен кейін талаптың орындалу-орындалмауын қайта тексереміз. Егер берілген мерзім ішінде абаттандыру, тазалау жұмыстары жасалмаса, 30 АЕК көлемінде айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, — дейді Алтынбек  Кеңесұлы.

Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, биылғы жылдың басынан бері аталған мәселе бойынша 1053 ереже бұзушы  анықталып, олардың 36-сына айыппұл салыныпты. Нәтижесінде бір миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Әрбір кәсіпкер өз нысанының айналасындағы бес метрге дейінгі қашықтық үшін жауапты. Сондықтан сол жердің тазалығын қадағалап, арамшөптің өсіп кетуіне жол бермей, қоқыс жәшігін ыңғайлы жерге орналастыруы керек. Рейдтің айына бір-екі рет өткізіліп, тоқтап қалмайтынын айтқан полиция қызметкерлері қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырды.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»


Қос газетке — 100 жыл

Күні: , 24 рет оқылды

PRI_2422


Өткен  жұмада  «Жайық  Пресс»  медиахолдингінде   облыстық «Орал  өңірі»  және  «Приуралье»  газеттерінің  ғасырлық  мерейтойына  арналған  салтанатты  шара  өтті.


Басқосуда сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның  бас директоры Жантас Сафуллин қос газеттің ардагерлері мен ұжымын құттықтап, басылым тарихынан сыр шертті.

– 100 жылдыққа дайындық кезінде баспасөз тарихы зерттеліп, тың деректер анықталды. Қолда бар газет көшірмелерінен белгілі болғанындай, «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Әзірге тоғыз нөмірі табылды. Осылайша, облыстық қос газеттің ізашары «Ұранның» 1917 жылы 28 шілдеде Ордада алғашқы саны шыққаны белгілі болды. 2014 жылы бар тапқан нөмірлер кириллицаға аударылып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектер, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақалалары және «Ұран» туралы жазылған материалдары топтастырылып, «Ұран» газеті 1917-1918» кітабы шығарылды «Ұраннан» бөлек «Известия-Хабар», «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы) газеттері де жинақталып, жеке кітап болып жарық көрді. Соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрді. Оған қоса газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. «Жайық Пресс» ғимаратында баспасөз музейі жасақталып, жүз жылдық тігінді жасақталды. Бұл ұжымның газеттің ғасырлық мерейтойға қосқан үлесі болмақ, — деді Жантас Набиоллаұлы.

Қос газеттің ғасырлық мерейтойына редакция ардагерлері Ғилаж Наурзин, Мәжит Қайырғалиев, Құбаш Қажымов, Амантай Боранқұл, Амангелді Ақмурзин, Энгельс Шыңғалиев  арнайы келіп, ақжарма тілектерін арнады. Сондай-ақ басылымдардың тарихына арналған деректі фильм көрсетілді. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықоваға, баспасөз тарихын зерттеу орталығы басшысы Қазбек Құттымұратұлына алғысхаттар табысталды.

Шара барысында айтылған ізгі тілектерден соң қонақтарға ақ дастарқаннан  дәм ұсынылды.

Қаперлеріңізге сала кетсек, облыстық басылымдардың 100 жылдығына арналған негізгі салтанатты  шаралар қыркүйек  айында өтпек.

Өз   тілшіміз


Әскери тәрбиенің ошағында

Күні: , 25 рет оқылды

PRI_1186


ҚР  Қорғаныс  министрлігі   әскери  техникалық  мектебінің   Орал  филиалы  ҚР  Қарулы  күштерінің  құрылғанына  25  жыл толуына  орай  бұқаралық  ақпарат  құралдарының  өкілдеріне баспасөз  турын  ұйымдастырды.


Журналистер қауымы әскери-техникалық мектептің табалдырығын аттағаннан бастап әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен таныса бастады. Аталмыш мектептің күн тәртібіне сәйкес, сарбаздар таңғы 6.30-да ұйқыдан оянды. Содан кейін тазалану, киіну, таңғы ас, жаттығуға дайындық уақыты, тиісті қаруларын алу сағат 8.30-ға дейін аяқталып, сапқа тұрды. Ал тілшілер дайындық залына кіріп, интерактивті тир арқылы оқ атып, автомат құрастырып шеберліктерімізді сынай бастадық. Интерактивті тирдің ерекшелігі сол қару ұстаған адам интерактивті нысанды көздеп атады. Оқтың дәл тигенін не тимегенін компьютер арқылы анықтайды. Ал автоматтарды бөлшектеуде толық не толық емес әдістері қолданылатынын және толық емес бөлшектеу мен жинақтау үстел үстінде немесе таза төсеніш жайылып жүргізілетінін, бөлшектеу кезінде құрылғылары ретімен қойылатынын ұқтық.

Толық бөлшектеу – жаңбыр мен қар астында қалғанда не жөндеу кезінде автоматты қатты ластанудан тазалау үшін жүргізіледі екен. Автоматтарды бөлшектеу, майлау, тазалау жұмыстары әскери қызметтен тыс сала мамандарына оңай шағылатын жаңғақ емес екендігіне көз жеткіздік. Аталмыш мектептің оқу-материалдық базасы заманауи жабдықталған. Әскери техникалық тұрақтағы «КамАЗ»  көлігінің  электр құрылғылары компьютерге жалғаныпты.  Байқағанымыз, мұндағы сарбаздар 40 күн бойы атыс дайындығынан өтіп, алғашқы медициналық көмек көрсету, техника айдау, қару-жарақ түрлерін қолдану, жауынгерлік әдіс-тәсілдерін үйрену бойынша маманданып, әскери өмірге дағдыланып шығады. Әскери техникалық мектептің оқу  ақысы 263 мың 687 теңге көлемінде. Бұл қаржы сарбаздардың тамағына, киіміне, жатақханасына жұмсалуда. Содан соң журналистер облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, келісімшарт бойынша әскери қызметке жинақтау және әскерге шақыру бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Денис Садыков, департаменттің әскерден тыс даярлық бөлімінің аға маманы Жоламан Әбдірахманов пен әскери-техникалық мектеп директорының оқу ісі  жөніндегі орынбасары Валерий Охотников қатысқан баспасөз мәслихатына  келді.  Басқосу барысында подполковник Денис Садыков бұл  әскери-техникалық  мектепте ауысым сайын 70 сарбаздан  қабылдайтындығын жеткізді.

PRI_1218– Жергілікті әскери-басқару органдарының мақсат-міндеті – әскери қызметкерлердің қатарын білімді, білікті мамандармен толықтырып, түлектерді әскери оқу орындарына түсіру, ҚР Қарулы күштері қатарына мерзімді әскери қызметін өтеуші жігіттерді дайындап, азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке жіберуді қамтамасыз ету. Көктемгі әскерге шақыру науқанында ҚР Қарулы күштері қатарына өңірімізден 700-ден астам сарбаз аттанды. Сондай-ақ  бұл әскери-техникалық мектепті белгілі бір көлемдегі тапсырысқа сәйкес шәкірттермен қамтамасыз ету де департаменттің құзырында. Бүгінгі таңда әскери-техникалық мектепке ҚР-ның «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге байланысты 24-27 аралығындағы ер-азаматтар қабылдануда. Мұнда қандай да бір себептермен мерзімді әскери қызметін өтей алмаған, бұрын сотталмаған, жоғары, орта, арнаулы орта білімі бар, денсаулық жағдайы  жарамды немесе шектеулі жарамды азаматтар қабылданып, атқыш мамандығы бойынша әскери билет алып шығады. Мұндағы  берілетін әскери билет бір жыл бойы әскер қатарында борышын өтегенмен тең  дәрежеде есептеледі,- деді подполковник Денис Садыков.

– Еліміз бойынша  Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері  әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері институты мен Щучинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусы қорғаныс саласына мамандар даярлайды. Бүгінгі таңда осы оқу орындарына білім алуға ниет білдірген 163 үміткердің жетпісі іріктелінді. Елімізде әскери қызметкерлерге материалдық жағдай жақсы қарастырылған. Олар тегін баспанамен қамтылады. Егер пәтер жалдап тұратын болса, пәтерақысы мемлекет есебінен төленеді.  Перзенттері кезексіз балабақшаға, мектепке алынады. Жалпы әскери маман болу жолында мектептегі алғашқы әскери дайындық  пәнінің тигізер ықпалы зор, — деді кіші сержант Жоламан Қанатұлы.

Басқосуда сөз алған әскери-техникалық мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Валерий Охотников аталмыш білім ошағының тыныс-тіршілігімен таныстырып, сарбаздарының жетістігімен бөлісті. Айта кетсек, бұл әскери-техникалық мектепті отставкадағы полковник Құспан Мұқатаев басқарып келеді.  Мұндағы 70 сарбаздың  оқу-жаттығу жұмыстарымен алты маман айналысады. 2014  жылы бұл білім ошағының жанынан мектеп оқушылары мен студенттерге арналған «Жас жауынгер» әскери-патриоттық үйірмесі құрылған.  Жуырда аталмыш үйірменің тәрбиеленушілері Қарағанды қаласындағы «Спаск» әскери оқу-жаттығу полигонындағы халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, қос кубок пен төрт бірдей медальға ие болып оралған.

Содан соң қалам тербеген әріптестер жауынгерлік даңқ мұражайына барды. Мұражайдың іші тарихи кезеңдерге орай арнайы бұрыштармен жасақталған. Бір жағында шығыстың қос жұлдызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың,  ҰОС-ның сұрапыл жылдарынан кейін құрылған «Фронтовичка» әскери-патриоттық клубы ұжымының және өзге де Халық Қаһармандарының  портреттері, қару-жарақ макеттері қойылған. Ал келесі бөлігі қазақ тарихының 550 жылдығына арналған тарихи деректермен байытылған. Сондай-ақ мұнда бас сұққан азаматтарға арналған «Тілек кітабы» да қарастырылған. Бұл жерде сарбаздармен тілдесудің сәті түсті. Өзін Қоштан Текебаевпын деп таныстырған азамат бір аптадан соң оқуды тәмамдап, қолына әскери билетін алмақшы екен.

– Сырым ауданынан келдім. Мамандығым бойынша қаржыгер болып қызмет атқарамын. Қызмет барысында әскери билет қажет болғандықтан, білімімді жетілдірудемін. Қолымызға қару-жарақ алып, әскери дағдыларды үйрендік. Алғашқы медициналық көмек көрсетуді де меңгердік. Отан алдындағы борышымды өтеуге әрқашан  дайынмын, – дейді сырымдық сарбаз.

Сонымен қатар бұл жерде сарбаздар күнделікті оқу-жаттығудан бөлек, спортпен айналысуларына болады. Зілтемір, гір тасын көтеріп, ауыр атлетикамен айналысатындарға арнайы жаттығу  залы бар. Мұндағы сарбаздардың көпшілігі гір спортымен шұғылдануды күнделікті әдетке айналдырған. Енді біреулері бос уақыттарында шахмат, дойбы ойнап, гитара тартады екен.

Түс ауа сарбаздардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашаладық. Атыс дайындығында иықтарына ауыр автоматтарды асынып, қарулы қолдарымен зілтемір көтеріп, ауыр көлікті тізгіндеген  сарбаздар  бұл жолы әуелете ән салып, домбырамен күй шертті.

Саптағы сарбаздардың бір күнімен бөліскен журналистер қауымы сарбаз ботқасынан дәм татып,  тарқасты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Ерназар – «Алаш барысы»

Күні: , 42 рет оқылды

IMG_9203


Сырым ауданында «Алаш барысы» атты  қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Алаш үкіметінің құрылғанына  100 жыл толуына арналған жарысқа «Қазақстан барысы — 2017» республикалық турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев арнайы келді. Турнирде Астанадан, Ақтөбе облысынан және өңіріміздің аудандарынан келген жалпы саны 40-тан астам балуан бақ сынады.


Бозкілемге әуелі салмағы 90 келіге дейін болатын балуандар шықты. Жергілікті балуандардың бағы мен бабы қатар шауып, нәтижесінде финалдық белдесуде сырымдық Айбол Оразғалиев пен Нұрымжан Ғаббасов кездесті. Айболға қарсыласының салмағы ауыр, бойы биік болуы біраз ыңғайсыздық туғызғаны рас. Бірақ оған қарайтын Айбол жоқ. Тіпті іле-шала бүкке бүк ұпаймен жауап беріп, қайрат көрсетіп, жұртты да бір желпіндіріп қойды. Қарсылас атаулысының бәрін қоғадай жапырып келген Нұрымжанның ақтық сайыста барын салары анық. Солай болды да. Орайлы сәтте қарсыласын алып жықты. Қалған жүлделі орындарды Айбол Оразғалиев пен Айбек Ғабдешев бөлісті.

Ал 90 келіден жоғары салмақта 15 балуан белдесті. Бұлардың жетеуі – жыл сайын «Қазақстан барысы» турнирінің шешуші белдесуіне қатысқан балуандар. Бірден айту керек, алыптар күресі бірін-бірі алып ұрудан басталды. Мәселен, қаратөбелік балуан Дархан Темірханов өзінен ірілеу қарсыласын үш секундта жауырынын жер иіскетті. Қалғандарын да көп ұзатқан жоқ. Жәнібек ауданының атынан шыққан Ерназар Хамзин де бас жүлдеден дәмелі екенін бірден байқатты. Қазталов ауданы, Ақпәтер ауылының тумасы болып табылатын Ерназар биылғы «Қазақстан барысының» облыстық кезеңінде де жеңімпаз болып Елордада өңіріміздің намысын қорғаған еді. Ол әлі де бабында екен. Бозкілемде өзіне қарсылас шақ келтірген жоқ. Ақтық сында Дархан мен Ерназар белдесті. Ерназар өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, «Алаш барысы» атанды. Сөйтіп 1 млн. теңгенің сертификатын алды. Қаратөбелік Дархан Темірханов күміс, бөрлілік Темірлан Көлбай қола жүлдегер деп танылды.

Турнир барысында елдің азаматтары осы жарыстың құрметті қонағы болған Еламан Ерғалиевке шапан жауып, ат мінгізді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Құрметті «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы және оқырман қауым!

Күні: , 45 рет оқылды

ж п оара


Ақ Жайық өңірінің айнасы — «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газеті үшін биыл ерекше мерейлі жыл. Облыстың аға басылымына бір ғасыр!


Осыдан жүз жыл бұрын, заманның алмағайып кезеңінде дүниеге келген «Ұран» газетін шығарушылардың мақсат-мүддесі – ел болудың қамы, қазақ баласын қараңғы қоғамнан ел қатарына қосу болатын. Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен өңіріміздегі ең байырғы басылымның мерейтойы қатар келуі тектен тек емес. Міне, біз бүгін сол Алаш арыстары армандаған тәуелсіздікке жетіп, егемен елдің еркін азаматтары атанып отырмыз.

Ақпарат ағыны үстемдік етіп тұрған бүгінгі қоғамды БАҚ-сыз елестету мүмкін емес. Соның ішінде өңіріміздің айнымас рухани темірқазығына айналған «Орал өңірі» газетінің алатын орны ерекше. Ғасырлық тарихы бар басылым осы жылдар ішінде Жайық жұрты мен тұтас қазақ елінің игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдық пікір мен оқырман көзқарасын қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосты.

Әр жылдарда басылымға басшылық жасаған қазақ журналистикасының майталмандары газет тарихында өзіндік ізін қалдырса, бүгінгі ұйымшыл кәсіби деңгейі  жоғары ұжым талғамы биік оқырман сұранысын қанағаттандырып, сапалы дүниелерімен сусындатып келеді.

«Орал өңірі» — билік пен бұқара халықтың арасындағы алтын көпір. Елдің мүддесін, қоғамның қажеттілігін жеткізіп, маңызды мәселелерді дер кезінде көтере білетін қаламы қарымды тілшілер ұжымы бар абыройлы басылым.

Газеттің тойы – елдің тойы. Облыстың бас басылымында қызмет істеген ардагерлер мен редакцияның қазіргі құрамын, талғамы биік оқырман қауымды газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, еліміздің егемендігін нығайту бағытындағы әр бастамаңыз лайым сәтті болғай! Қаламдарыңыз мұқалмасын!

 Баршаңызға амандық-саулық пен жемісті еңбек,    шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін!

Ізгі тілекпен,  Батыс Қазақстан облысының әкімі А. КӨЛГІНОВ


Армандар орындалады

Күні: , 490 рет оқылды

гулжамал


Журналист  болуды  бала кезімнен армандадым.  Оған  себепкер  болған  сол  кездегі  балалар мен жасөспірімдердің  сүйікті  басылымы болған  «Ұлан»  газеті еді. «Ұлан» газетіне тырнақалды шимайларымды жиі жазып жіберетінмін. Ал сонау Алматыдан сол кездегі Орал  облысының Қаратөбе ауданына қарасты  Шөптікөл кеңшарының  №2  бөлімшесіне «Құрметті Гүлжамал!» деп басталып, мені іздеп келетін хаттар бала көңілімді көкке көтеретін. Біздің әр шимай-шатпағымызға жауап беретін, сол кездегі талай балалардың балалық арман-тілектерінің үмітін үрлеген «Ұлан» газетінің мен үшін маңызы зор.  Хат келген күні немесе «Ұлан» газетіне кішкентай туындыларым жарық көргенде,  марқұм әжем көрші әжелерге «Қызымның алғашқы қадамы ғой» деп тәтті шай беретін еді. Алайда оқу бітіретін жылдарымыз қиын кездермен тұспа-тұс келіп,  өзім армандаған оқу орнына түсе алмадым. Маңдайыма жазылғаны мұғалім болу шығар деп шәкірт тәрбиесіне шын ниетіммен  атсалысуға тырыстым.


Балалар әлемі – ерекше әлем. Олармен жұмыс жасай жүріп, кейбір әсерлі сәттерді қағазға түсіріп жүретінмін. Бірде «Мұғалім күнделігінен» атты шағын мақаламды өзімнің сүйікті газетім «Орал өңіріне» жібердім. Кейіннен газеттің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің  шақыруымен  облыстық  басылымға  қызметке  орналастым.  Осылайша  отыз  жасқа  жақындағанымда, бала кезгі арманым  аяқ  астынан  орындалды.  Сондықтан шынайы армандардың  түптің  түбінде  орындалатынына  әр адам сенуі тиіс.  Ең  алғаш Қазбек Құттымұратұлы жетекшілік ететін бөлімге түстім. Ол кісі өзінің «Егіз есім» атты жобасын ұсынып, менің жұмысты әрі қарай  алып кетуіме ықпал жасады. Сол кезде  (2007 жылдары) компьютерден терім жасауды да білмейтінмін. Бірақ үстелімнің алдында толып кеткен хаттар мен тапсырмаларды тезірек орындау үшін екі күннің ішінде терімді  тез теретін жағдайға жеттім. Содан бері балалар психологиясы, мұғалімдердің еңбегі мен мәселелері,  отбасылық құндылықтарды дәріптеген мақалаларым оқырманға жол тартып келеді.

 Бірде бір студент қыз: “Апай, журналистиканы қайдан бітірдіңіз, ұстаздарыңыз кім болды?” деп сұрады. “Мен журналистиканы әлі бітірген жоқпын, оқып  жүрмін” деп жауап  бердім.  Тықылдақ  қызым  таңғалып, қарап  қалыпты.  «Менің журналистикадағы алғашқы ұстазым Бауыржан Ғұбайдуллин, өйткені мені журналистика әлеміне алып келген сол кісі. Одан бөлек  алғашқы сәттен  бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін аямаған әріптес-ұстаздарым Қазбек Құттымұратұлы, Ғайсағали Сейтақ,  Тәрбие Смағұлова, Сырымбек Тұяқов, Есенжол Қыстаубаев деген мықты мамандардың тәлімін алып жүрмін. Мен «Орал өңірі» деген үлкен мектептің журналистика факультетінде әлі оқып жүрмін, диплом алған жоқпын» деп  жауап берген едім. Шынында да, мен өзімді әлі дипломын алмаған студенттей сезінемін. 100 жылдық тарихы бар басылым «Орал өңірі» газеті тек газет шығарып қана қоймай, мен сияқты журналист болғысы келетін талай жанның өмірден өз орнын табуына ықпал етіп келеді. Осы салада білетінімнен білмейтінім, үйренерім көп. Ұстаздарым мен әріптестерімді қос басылымның 100 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Ал жүрек түкпірінде бұғып жатқан арманы бар оқырмандарымызға «Ертеңгі күнге сеніңіздер!

Армандар орындалады!» дегім  келеді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»  газеті  қоғамдық-саяси  бөлімінің  тілшісі


«…Мен жастарға сенемін!»

Күні: , 598 рет оқылды

Есенжол Кыстаубаев_2016_июнь


Арыстандай  айбатты,

Жолбарыстай  қайратты.

Қырандай  күшті  қанатты,

Мен  жастарға  сенемін!

Мағжан  ЖҰМАБАЕВ


Осыдан тура 40 жыл бұрын айналайын, «Орал өңірінің» табалдырығынан имене аттаған жас жігітке, яғни осы жолдардың авторына (жалғыз маған емес, мен құралпы жастардың бәріне де)  газеттің сол кездегі бас редакторы Бақтыбай Далабайұлы осылай деп еді-ау… Тура дәл осылай демегенмен, осыған жақындатып, «Сендердің журналистикадағы болашақтарыңа сенемін» — деуші еді. Тым  жиі болмағанмен,  ілуде бір болса да, оңаша шақырып алып, бұған дейін газетте шығып кеткен мақалаларымыздың ішінде сәтімен құраған сөйлемдерімізді, орнымен қолданған сөзімізді, сұлу шыққан суреттемелерімізді кішкентай қойын кітапшасынан мәністеп отырып, оқып беруші еді. Өзіміз жазғанмен, өзіміз ұмытып қалған әлгі сөздерді өзімізге қайта оқып бергенде (майысқақ қаламымыздан туған әр мақаламызды айтасыз, әр сөзімізді безбендеп, кітапшасына әдейі көшіріп алып жүретінін айтсайшы…),  көңіліміз көкті тесіп өтердей болушы еді-ау! Алдыңғы ағаның кейінгі жалғасының жігерін жану деп осыны айт! Содан бері неше жыл аунады, қанша су ақты. Енді, міне, біз де ақсақалдар ауылына ат туарып жатқан сәтімізде сол сөздерді бізге де айтуға тура келіп тұр. Оны айтқызғалы тұрған «Орал өңірінің» ғасырға толған жасы, онда қызмет атқарып жүрген бүгінгі легі, бұла толқын жастары.

 Иә, заман өзгерді, уақыт, орта  адам танымастай бөлек. Соған орай газеттің де бедері бөлек. Өзгермегені мақсат-мұраты – оқырман көңілінен шығу, талап-тілегінен қия баспау, соның мұңын мұңдау, оның жоғын жоқтау. Сәт санап құбылып, жөңкілген ақпараттар ағынынан қалып қоймай, оны анау ауылдың қыры мен ойындағы, ағайынның ауанына жеткізу. Осы мақсаттардың үдесінен шығып, өздерінің де мерейі үстем, газеттің де абыройын аспандатып жүрген жастар баршылық бүгінде «Орал өңірінде»! Дәлел қажет пе? Мархабат! Өзі редакцияда отырса да, көңіл дүрбісі ауылда шаруа баққан ағайынның ортасында жүретін қай жерде қай қой егіз тауып, қай шаруаның қай сиыры бошалап кеткенін «біліп» отыратын, мақалалары қазір ғана сол ауылдан келгендей жазылатын «зоотехник», «веттехник», «агроном», «финансист», «бизнес-леди» Гүлбаршын Әжігереева, барған жерінде көрген нәрсесін тәптіштеп сұрамай, діттеген дерек-дәйегін алмай, жазатын нәрсесіне әбден қанықпай, соңына түскеннің қыр соңынан «өлсе де» қалмайтын «экономист», «кәсіпкер» және тағы бір «бизнес-леди» Айша Өтебәлі, қаламының қарымы арқасында «Орал өңірінің» де маңдайын жарқыратып, өзінің де маңдайы жарқырап, Еуропа асып, талай жерді басып, Лондонға барып қайтқан Сәкен Әбілхалықов, алдына сақалы, аузынан мақалы төгілген ақсақалдың алдынан қия өтпейтін, қайта қисайып жата кетіп, әңгімесін тыңдағысы келіп тұратын, оба, қорған, ескі қорым, құлпытас тұсынан «қарасыншылап» өте алмайтын, ескі әңгіме, тәмсіл, аңыз десе, айналшықтап шыға алмайтын, күй күмбірлеп, жыр жырланған жерден табылатын, қолтығынан әдеби кітаптар түспейтін  Нұртас Сафуллин, мектеп өмірінен, білім саласынан жазса, айдынын аңсап жеткен аққудай тербелетін, тебіренетін Гүлжамал Кенжеғалиева, тың тақырып, жаңа дүние жазсам деп құлшынып жүретін, ертеңді кеш ерттеулі пырақтай елеңдеп тұратын күміс қалам, қарлығаш қарындастарымыз Ләззат Шағатай, Гүлсезім Бияшева, Айымгүл Төлеуғалиева, бас редактор қайда жұмсаса да, қыңқ етпей аттанатын, барған жерлерінен тап-тұйнақтай дүние әкелетін Нұртай Текебаев, Нұрбек Оразаев, мойнынан асай-мүсейлері түспейтін, үнемі етегіне сүрініп, шауып жүретін фототілші Темірболат Тоқмамбетов, жұмысы ертеңді-кешті айтасыз, күні-түні  «өртеніп» жататын секретариаттың тас құманын шоқтан түсірмейтін Жаннат Есполаева мен Назгүл Ізтілеуова, газеттің енді  шығатын  нөмірінің  беттерін  безендірумен таңды  атырып, күнді  батыратын Жасұлан Көшекқалиев пен Азат  Есенаманов, қылт еткен қатемізді корректурадан шығармай, көзін құртатын қырағы корректор қарындастарымыз Нұргүл Сұлтанова, Динара Шанкишева. Міне, біз  осындай  жастарға  сенеміз!!!

 Бір жерден оқыдым ба, әлде естідім бе, әйтеуір өзімнің сөзім емес, көңілге көрікті лепес ретінде мөрдей болып дөп түскен, сол күйінде қалып қойған бір тәмсіл көлбеңдейді осындайда. Желке жағымнан топ-топ түсіп, дүсірлетіп келе жатқан  тұяқтардың дүбірі келеді. Дүбірін айтасыз, кейде демі де арқамды қарып-қарып кетеді. Енді болмаса, шаңдарына көміп өте шығардай, шымыр да тегеурінді тұяқтардың, жас «перілердің» дүбірі. 100 жасаса да, қартаймаған, оқырманымен әлі де жасай беретін  бүгінгі «Орал өңірінің» бүгінгі жас қаламгерлерінің дүбірі ғой, бұл!!! Шабыстарыңнан талмаңдар, айналайындар!  Бір ысынып, бір суынып, «өліп-өшіп» отырып, жазатын дүниелерің көп болғай, сендердің!!!

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі» газеті бас  редакторының орынбасары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,   ҚР Мәдениет қайраткері,  Қазақстанның  құрметті журналисі,  Ақжайық  ауданының  құрметті  азаматы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика