Мұрағат: 28.06.2017


Энергетиктер пленумы

Күні: , 21 рет оқылды

PRI_2405


Оралдағы  Достық  үйінде «Қазақстандық  энергетиктердің салалық  кәсіподағы»  қоғамдық бірлестігі  орталық  комитеті  ІV пленумының  қорытынды  жиыны ұйымдастырылды.


Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан энергетиктерінің кәсіподақтары бірлестігінің төрағасы Оразбек Бекбас, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров және өңіріміздегі қуат саласының мамандары қатысты.

– Қайырлы күн, құрметті энергетиктер қауымы! Астанадағы энергетика кәсіподақтар саласының нағыз мамандарының Орал өңіріне келгені бізді қуантады. Энергетика – өте маңызды сала. Қазіргі заманда ғаламтор, дамыған смарт технологиялар туралы жиі айтамыз. Алайда ток көзі болмаса, бұлардың бірі де болмас еді. Сондықтан заманауи технология саласында энергетиктер ерекше орын алады. Бүгінгі жиын аталған саланың одан әрі дамуына үлес қосады деген сенімдеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға жаһандану мәселесін қойған болатын. Ал жаһандану энергетика саласымен тікелей байланысты. Облысымыз бойынша электр желілерінің тозығы жеткен жерлер бар. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. Өңіріміздегі кәсіподақтарда көптеген жаңашыл технологиялар қолданылып, энергетика жүйесіндегі қажеттілікті қамтамасыз етуде. Бұл – 25 жылда жеткен жетістіктеріміздің бірі, — деді облыс  әкімі  Алтай  Сейдірұлы.

Қазақстан энергетиктері кәсіподақтары бірлестігінің төрағасы Оразбек Телбайұлы пленумда қаралған мәселелерге қысқаша тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, энергетика саласында еліміз бойынша бастауыш 98 кәсіподақ болса, онда барлығы 104 мың адам қызмет етуде. Ол пленумда барлық қызметкердің құқығының сақталуы қадағаланып, баяндамалар терең талқыланып, салиқалы шешімдер  қабылданғанын  жеткізді.

Шара соңында Батыс Қазақстан облысындағы энергетика кәсіподақтары жұмысының дамуына үлес қосқаны үшін облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров және облыстағы үздік энергетиктер алғысхат әрі төсбелгімен марапатталды.

Айымгүл  ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Сенат депутаты сайланды

Күні: , 21 рет оқылды

PRI_2650


Кеше  Батыс  Қазақстан  облысынан  Сенат депутатын  сайлау үшін  облыстық  мәслихат  залында  депутаттардың  бірлескен отырысы  болды.


Бұл жиынға өңірдегі 198 депутаттың 194-і қатысып, олар түгелдей дауыс  берді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов дауыс беру қорытындысын жария етті. Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Нұржан Сертековке 38, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке 156 депутат жақтап, дауыс берді.

Нариман Төреғалиев халық атынан қолдау білдіріп, сенім көрсеткені үшін депутаттарға ризашылығын білдірді.

Сайлауға барлығы жеті халықаралық байқаушы, үміткерлердің сенім білдірген өкілдері қатысып, өту барысын бақылап отырды.

– «Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жөнінен облыстық сайлау комиссиясы көп жұмыс тындырды. Әрине, Ресеймен салыстырғанда, Қазақстандағы сайлаудың өз ерекшелігі бар. Дегенмен үлкен айырмашылық жоқ. Бұл – менің сіздің елдегі сайлауға халықаралық байқаушы ретінде бірінші қатысуым. Бұған дейін Арменияда өткен сайлауды бақыладық. Ондағыға қарағанда, мұнда тәртіп жақсы болды, шаралардың бәрі дәл де уақтылы өткізілді, – деді газет тілшісіне көршілес Самара облысынан келген халықаралық байқаушы Валерий Князькин.

Айта кетейік, тағы бір үміткер, «Автокомбинат» ЖШС директоры Валерий Голоухов өз өтінішіне және отбасы жағдайына байланысты кандидатурасын алып тастаған  болатын.

Елжан  ЕРАЛЫ

Суретті  түсірген  Айбатыр НҰРАШ


Ғасырдан ұзақ ғұмыр

Күні: , 31 рет оқылды

23873610-979d-4d32-92d8-e83e11b1ea6b


Сырым ауданының Жетікөл ауылында тұратын 103 жастағы Хамида Балтеменқызын қалаға келген сәтінде арнайы іздеп бардым. Осынша жасқа жетсе де, өз көйлегін өзі тігіп киетін әжені көргім келді. Мені құшағын жайып қарсы алған әжей жүзінен мейірім төгілген, ширақ кісі екен. Тоқсан жасқа толғанша сиырды өзі сауып, үй тірлігін дөңгелеткен әже қазір де қарап отыра алмайды. «Іс машинасының инесін жайлап сығалап, сабақтап аламын да, өз көйлегімді өзім тігіп аламын. Оның несі қиын?» дейді Хамида әжей. Мен әжейден өткен өмірі туралы естелік әңгімелер айтып беруін өтіндім. Терең күрсініп алып, әңгімесін бастаған кейуана «Ең жақсысы – қазіргі заман. Елдің жағдайы соғыстан кейін мысқалдап барып, көтерілді ғой. Бұрын адамдар сауатсыз болды. Қазір кішкентай балаға дейін бәрін біледі. Жастардың ересегін былай қойғанда, сәбилердің өзі – сұмдық білгіш. Соған қуанамын. Осы күнді көргеніме тәубе етемін», – дейді көнекөз қария.


 

Шойын жол салған сол кездер…

 

Хамида әжей – Атырау өңірінің тумасы. Әкесінен бір жасында, анасынан төрт жасында айырылған. Бала жастағы сәттерінің көбі есінде жоқ. Әйтеуір, алдында арқасүйер, бірге туған жалғыз апасын пана тұтып, соны саялап, соның қолында өскені жадында. Жас кезінде шойын жол салуға қатысып, қиналып-қамыққан сәттері әженің есінде жақсы сақталыпты.

— Қай жылдары екені есімде жоқ, бар білетінім жас қызбын. Бізді шойын жол салуға жинап алып кетті. Сол кездері Атырау жақтағы Ойыл, Қиыл, Жемсағыз деген жерлерден әрі асқанымыз есімде. Түйеге жүк артып, жолға бәлен күн қонып бардық. Жол бойында үш ай жатып, шойын жол салдық. Тау болып үйілген топырақ, жылжып-жылжып жүре береміз. Қонатын үй жоқ. Маң дала. Жылжымалы ағаш үй. Екі-үш киіз үйіміз бар. Ол бәрімізге жетпейді. Сондықтан үш ағаштың басын буып, күрке жасап ұйықтаймыз. Сөйтіп, үш ай бойы жұмыс істедік. Өне бойы күрекпен жұмыс жасаған соң, қолымыз көң болып кетті. Үш айдан кейін шойын жолдың шеті ауылға жетті. Ауылда біраз демалып, кері жұмысқа шықтық. Күздің қара суығы келді. Жер тастай қатты. Трактор қопарып кетеді, күрек өтпейді. Қатты қиналдық. Қара жұмыстан шаршап келгенде, демалатын үй де жоқ. Менің қасымда екі үлкендеу әйел болды. Ашық далаға ұйықтай алмаймыз. Жер кепе қазып, сонда ұйықтаймыз. Түнімен дірілдеп тоңып шығамыз. Жерді ойып, шойын қазан қондырып, соған су қайнатып ішеміз. Күніне 500 грамм қара бидайдың нанын береді, соны талғажау етеміз. Жағатын отын да жоқ, қиын кездер еді. Сөйтіп қиналып жүргенімізде, бір күні қасымдағы үлкендеу әйелдің бірі: «Бір күні мұз болып, қатып өліп қалармыз. Одан да қашып кетейік» деп ұсыныс айтты. Әбден қалжырап, шаршаған біз үнсіз келістік. «Біз қашамыз» деген күні қара бидайдың наны жетпей қалып, ұн берді. Содан домалақ бірдеңе жасап, отқа қақтап пісіріп алдық. Кешкілік бригадир келіп тексеріп кетті. Үшеуміз киіз үйде тұратын бастықтардың ұйқыға кеткенін күттік. Олардың киіз үйлерінің оты сөнгенде, буынып-түйініп, нартәуекел деп тартып кеттік. Үшеуміз қашып келеміз. Қасымдағы үлкендеу әйел «Мен жолды білемін, Тасқараның түбінде апа-жездем тұрады, соған барайық», — деді. Соңынан ілесіп жүре бердік. Түнімен жүрдік. Біреу көріп қоймасын деп, су бойын жағалап, таса-тасамен жүреміз. Өзімізше жасырынған түріміз ғой. Сөйтіп, сол апайдың үйіне барып, демалып, ертесіне тағы жолға шықтық. Менің апамның үйі Жамбай, Малаш деген жерлердің артындағы құм шағылда еді. Бірнеше күн мен түн жүріп, үйіме жеттім. Сонда маған бір қарияның «Ойбуй, қарағым-ай, бесті аттың жүрісін жүріп келген екенсің» дегені есімде. Сонда қанша шақырым жүргенімді бір Құдай біледі, — дейді өткен шақты еске алған әжей.

 

«Құмаршық – астың төресі»

 

Хамида әжей тоқсан жасқа дейін сиыр сауып, үй тірлігін жасаса, 100 жасқа жеткенше жүн жуып, көрпе жасап, ұл-қыз, немерелеріне қолғабыс етіпті. Бұрындары киіз басып, өрмек тоқып, тоқыма да тоқыпты. «Қолым қарап отырмайтын, қазір түк жасай алмай қалдым», — деп мұңайып қалды әңгіме арасында. Мен әжейден «Аштық жылдарын басыңыздан өткерген жоқсыз ба?» деп сұрадым.

— Жетім өссем де, иығым жалаңаш, аш болып көрген жоқпын. Мен құмда тұрдым ғой. Ол кезде құмға құмаршық шығатын еді. Өзі меңдуанаға ұқсайды. Соны күз мезгілінде шауып аламыз. Сосын қағып, ұшырып, тазалап, диірменге тартып, қуырып жейміз, көже қылып ішеміз. Құмаршық – астың төресі. Біздің аш қалмауымыздың сыры осында шығар, бәлкім. Құмаршықты кейбір құмда тұратындар сатып, пұл қылып жүрді, — дейді әжей.

 

Жаста көрген бейнеттің зейнеті бар

 

Әңгіме арасында қазіргідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманға қайта-қайта шүкіршілік айтқан ғасыр әже №12 ауылға көшіп келіп, бие байлап, жылқы баққан кездерін еске алды. Бұл соғыс жүріп жатқан кез болса керек.

— Соғыс жылдарында ауылда тек әйел, бала-шаға қалды ғой. Соғыс кезі де ауылдағылар үшін оңай болған жоқ. Қолымызға түскен жұмыстың бәрін жасадық.

Мал да бақтық, орақпен, қолорақпен шөп те шаптық. Колхоздың малын баққан адамдарға көмектестік. Әйтеуір, қарап отырған жоқпыз, — дейді ол.

1947 жылы Хамида әжей отбасымен Жаңақала ауданына көшіп келеді. Одан кейін Сырым ауданының Жетікөл ауылына қоныс аударады.

— Жұбайымның бұрынғы әйелінен қалған 10 жасар ұлы болды. Кейіннен өзімнің жеті балам көрінді. Бір балам ауырып, бәлніске жатып көрген адам емеспін. Қазір баламның ең кішісі елуден асып кетті. Ол кезде тамақты диірменге тартып, түйіп пісіреміз. Киімді қолдан тігіп береміз. Қазіргідей жағдайдың бірі жоқ. Тіпті жарық жоқ кездер ғой. Бірақ балаларымыз қарғадай кездерінен өзімізге қолғанат болып, өсіп-жетілді. Үлкен ұлымыз 19 жасқа келгенде үйленіп, оның тоғыз баласы болды. Олар да менің құшағымда өсті. Аллаға шүкір, қазір бәрі бір-бір үй болды, ұл-қыз өсіріп отыр. Қолымдағы келін-балам мені алақандарына салып, аялап бағып, қас-қабағыма қарап жүреді. Бес келін алдым. Бесеуі де алдыма шығып көрген жоқ. Үлкен баламның келіншегімен де өле-өлгенше жақсы сыйластық. Қалаға келсем, келіндерім: «Мама, біз алып кетейік» деп таласып қалады. Бұдан артық бақыт бар ма? — дейді кейуана.

 

Анасына еркелеген әжелер

 

Әжейдің үлкен қызы Ағиба апай жақында 70 жасқа толған мерейтойын тойлапты. Өзі әже атанып отырса да, анасына әлі күнге еркелейтін Ағиба апайды әңгімеге тарттым:

— Әке-шешемнің тұңғышымын. Бала кезімді еске алсам, Жаңақаладан Жетікөлге көшкен сәтіміз еске түседі. Ол кезде мен бес жаста едім. Әкеммен бірге жылқы айдап келе жатқанымыз еміс-еміс есімде. Өзіме арнаған құнанға мініп, Чапаев ауылына келіп жылқы тапсырдық. Содан алдымыздағы көш ұзап кетіп, далаға қондық. Әкемнің маған жаны ашып, қарны ашып, шөлдеп қалмасын деп көк биені сауғаны көз алдымда. Қолымызда ыдыс жоқ болғандықтан, қалтасынан әмиянын шығарып, соған сауып, маған қымыз ішкізіп еді. Әкемнің осы қамқорлығын әлі күнге сағынышпен еске аламын. Ол кезде жұмыс жасаған еңбегіңе ақша төленбейді, қара бидайдың ұнын тарататын. Қара бидайдың ұны пісіп болмай, берекеміз кететін. Шешем табыскер кісі болды. Тарыны тартып, табаға құйып, керемет нан пісіріп беретін. Үй тірлігіне ерте жастан араластық. Отқа шөп жағамыз, малға қар ерітіп, су береміз. Әйтеуір, тыным таппайтынбыз. Анам – өте сабырлы адам. Жас кезінен атқа мініп, таза ауада жүрді. Қымыз ішті. Судың жағасында өсетін желкек, ақсүйрек деген шөптердің тамырын сорып өсіпті. Осының бәрі оның денсаулығының мықты болуына әсер еткен болар деп ойлаймын. Бұл кісінің тағы бір жақсы қасиеті – өте мұқият адам. Анамның өзімен бірге сонау Атыраудан алып келген қол диірмені мен білтелі шамның шынысы әлі сақтаулы. Өзімнің үш ұл, бес немерем бар. Анамызды ортамызға алып жүрген біз бақыттымыз, — дейді Ағиба апай. Осы тұста әңгімеге араласқан ғасырдан да ұзақ жасаған (тіл-көзіміз тасқа) әженің ортаншы қызы Салиха апай да анасының өте сабырлы адам екендігін тілге тиек етті.

— Анамыз «ауырдым» деп жата қалатын жандардың қатарынан емес. Өте сабырлы, шыдамды, төзімді адам. Беймаза дәрі іше бергенді де қолай көрмейді. Тәртіпті жақсы көреді. Өзінің тамақ ішетін, серуендейтін уақыты бар. Көп ашуланбайды. Кең пейілді. Үйде сегіз бала өстік. Жастайымыздан еңбекке араластық. Бес жасымда атқа мініп, мал бақтым. Бізді үндемей, бірауыз сөзбен, қас-қабақпен тәрбиеледі. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде, нан ашытып, нан пісіруді үйрендік. Ол кезде жарық жоқ, отқа пісіреміз. Атаанамыз жұмыста жүреді. Біз ол кісілерге көмекші болдық. Сол кездерде әке-шешеміз бір айтады, сол заң болатын. Қазіргідей қайталап айта бермейтін. Үлкен ұлдың тоғыз баласы, әкемнің ағайындары бәрі біздің үйде жүретін. Анам бәрінің бабын тауып отыратын. Соңғы жылдары үлкен ағамыз бен кіші келініміз өмірден өткенде уайымдап, жүдеп қалды. Алла анамызға қуат берсін! Ортамызда ақылшы болып отыра берсе екен, — дейді Салиха апай.

— Алыстан жылдам хабар алатын қазіргі заман рақат заман ғой. Осы уақыттың қадірін біліңдер, айналайындар! Біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған адамдармыз. Ұл-қызымыздың алдында, ешкімге салмақ салмай, зиянымызды тигізбей аттанып кетсек деп армандап жүреміз. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Аман болыңыздар! — деп батасын берді ғасыр әжей қоштасарда.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ақұштап Бақтыгереева публицистикасы туралы тұңғыш еңбек қорғалды

Күні: , 54 рет оқылды

Ақұштап Бақтыгереева публицистикасы туралы тұңғыш рет ғылыми еңбек қорғалды (6)


«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған қоғам қайраткерін оқырман қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Әңгiме аппақ келбетiмен ғана емес, жүрекжарды жырларымен, тiптi өзiнiң есiмiмен де ерекшеленiп тұратын ақын Ақұштап Бақтыгереева жайлы болып отыр. Десе дегендей, қазақтың ақын қызының «Ақ шағала» атануы да тегiн емес. Қазақта Жайықты жырға қоспаған суреткер сирек. Бірақ бүгінгі қазақ әдебиетінде Жайық тақырыбын тиіп-қашып емес, тұтастай өзінің шығармашылық жолының басты өзегі, тұтқасы, негізгі нысанасы етіп алған Ақұштап апамыз десек, қателеспейтініміз анық. Сондықтан да Ақ Жайықты қаншама қазақ ақындары жырлағанымен, поэзия сүйер қауым негізінен Ақұштап Бақтыгерееваны «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атаған. Бұл шағаладай өскен жерін қимаған, елінің өзекті мәселесін жырлаған ұлтжанды, нәзік сезімді, батыл мінезді қайраткер ақынға берілген жоғары баға болса керек. Ақындығы бiр төбе де, қайраткерлiгi бiр төбе, халқының маңдайына туған қаламгер апаның публицистикасы да ерекше орында тұрады.


Ақұштап Бақтыгерееваның поэзиясы қаншалықты нәзік лирикадан, сыршыл сезімнен, көркем де шұрайлы, адал да шыншыл жыр жолдарынан тұрса, оның публицистикалық шығармалары да соншалықты қуатты, халықтың мұң-мұқтажы мен қоғамның келеңсіз құбылыстары мен замана шындығын тап басқан кесек-кесек ойлардан тұрады. «Ал, уақыт, «Сөйле!» деп тұрғанда халық жүгін, мұңын нәзік қабырғасы қайыса толғап-толғап қара сөзбен – мақалаларымен мерзімді баспасөзде жиі көтеріп жүрген Ақұштап әлеуметтік тапсырыс орындаушы қаламгерге мүлде ұқсамайды, қайта қазағы туралы жазбаса тұра алмайтын, жүрегін қаламымен жұбататын ақынға, азаматқа келіңкірейді» деп ақын Мылтықбай Ерімбетов жазғанындай, бүгінде әйел пендесі түгілі, еркегің еңкейіп қалған бұқпантай заманда елдің мұңын айтып жүрген ақын, көрнекті қаламгердің орны қашан да елі үшін алабөтен.

Міне, қаламында қуат, ойларында шуақ бар «ақ шағала» ақын Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасы туралы тұңғыш еңбек жақында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қорғалды. Филология факультетінің түлегі Нұрсұлтан Мықтыбаевтың «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» тақырыбындағы дипломдық жұмысын қорғау сағатына ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өзі арнайы келіп қатысты.

Шындығын айту керек, Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасы туралы осы уақытқа дейін бірді-екілі баяндамалар жасалғаны болмаса, толық және көлемді түрде зерттелмеген болатын. Нұрсұлтан Мықтыбаев еңбегінің басты ерекшелігі мен жаңалығы да осында – Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасы тұңғыш рет ауқымды түрде зерттеліп, талданып, сарапталып, тақырыптық және авторға тән қолтаңбалық ерекшеліктері алғашқы рет айқындалып отыр. Н. Мықтыбаевтың жұмысына БҚМУ аға оқытушысы, PhD доктор Гүлсамал Дүйсембина ғылыми жетекшілік етсе, филология ғылымдарының кандидаты, БҚИТУ доценті Азамат Мамыров сарапшы болды.

Ғылыми ізденуші өзінің «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» тақырыбындағы еңбегінде қоғам қайраткері А. Бақтыгерееваның публицистикасына ғылыми түрде кеңінен талдау жасай отырып, ақынның ұлттық таным тақырыбында баспасөзде жарияланып келе жатқан мақалалары мен шығармаларын «Публицист мақалаларындағы туған жер, ауыл, Отан тақырыптарының мәні мен маңыздылығы», «А. Бақтыгереева публицистикасындағы әйел-ана және қыздар тақырыбы мәселелері», «Қоғам қайраткері публицистикасындағы ұлттық құндылықтар мен мәдениет, ұлттық тәрбие және ұрпақтар үндестігі – ұлттық танымның ажырамас бөлшегі ретінде» секілді бірнеше тарауларға жіктеп, қазақ халқының ұлттық танымын сақтап қалу жолындағы көкейкестілігін баяндайды. Бәрімізге жақсы таныс көрнекті қаламгердің әр жылдары еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларына жан-жақты зерттеулік талдау жүргізу арқылы ұлттық идеология мен ұлттық танымның артықшылықтары мен кемшіліктерін, жетістіктері мен іркілістерін көрсетуді мұрат тұтқан автордың жұмысы жоғары дәрежеде орындалған.

Осы арада: «Ғылыми ізденуші неге басқа емес, публицистің дәл осы ұлттық таным тақырыбындағы мақалаларына тоқталған?» деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Жалпы, бүгінгі қоғамдағы ұлттық танымның рөлі қандай? Бұл тұрғыда:

– Әрбір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық танымы мен мәдениетінің қайталанбас бай тарихы бар. Мәселен, қазақ халқының осындай көл-көсір рухани мұралары ұлттық танымымыздан ажырап, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып келеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты бөлімінде: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз, танымымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» дей келе, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп түйіндеген болатын.

Олай болса, ұлттық код дегеніміз не? Ұлттық код дегеніміз, ең алдымен, ұлттық таным. Ұлттық таным, халық танымы – әрбір ұлттың, халықтың ұлттық тарих сахнасында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен тілі, діні мен ділі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері. Ұлттық танымды әрбір халықтың болмысының барлық саласымен тамырлас, астас жатқан қасиетті ұғым ретінде қарағанымыз жөн.

Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлттық танымы үлкен қауіп-қатердің үстінде тұрғаны жасырын емес. Тәуелсіздігіміздің екінші он жылдығында ұлттық идеология мен ұлттық таным мәселесі мемлекеттік дәрежеде көтеріліп, сол уақыттан бері көптеген пікірталастың тақырыбына айналып  келеді. Әрине, қирағанды қайта тұрғызу мен қайта салуға қарағанда жоғалтқанды іздеп-тауып, бастапқы орнына келтіру әлдеқайда қиын. Ал сол жоғалтқаның ата-бабаңның мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинап, уысынан шығармай, ұрпағына табыстап отырған қасиетті мұрасы, рухани байлығы, ұлттық танымы болғандықтан, оның салмағы да соғұрлым ауырлай түседі. Тіпті бұл ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміз, ұлттық құндылықтарымыз сияқты түпсіз қазыналарымыздың босап қалған орындарын толтыру үшін бүгінгі заманда өмір сүрушілердің ғұмырлары жетпеуі де мүмкін. Бірақ өткен мен ертеңнің арасын ажыратып, үзіп алмас үшін бүгінгі буын алдында орасан зор міндеттер тұр. Ал бұл ұлы істердің бар салмағы, ұлттық танымды ұрпаққа жеткізудің басты ұйытқысы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде ұлттық шараларды насихаттауда қомақты орын алатын баспасөзге жүктеліп отыр.

Осындай мақалаларымен оқырманға қозғау салып, қоғамдық пікірдің ұйытқысы болып келе жатқан қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасынан ұлттық таным, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде тақырыптары ойып тұрып орын алады. Ақұштап Бақтыгереева ұлтқа арнаған шығармаларында ең бірінші ұлттық мәселені – қазақтың мәселелерін көтеріп келеді. Ақынның өзі осы жөнінде: «Иә, өзге тіл, өзге діннің ықпалы көбірек тиген бұл жағалау қазақ елінің өзге өңірінен ерекшелеу еді. Тек бабалар рухының мықтылығынан өз келбетін, өз салтын сақтап, бірін тапса, бірін жоғалтып отырғаны рас қой. Еліктегіш, сенгіш, аңғалдау да болатын қазақ ұрпағын, әсіресе, ұлт ұрпағына ана болатын қазақ қызының батысқа қатты еліктейтін өңірі де осы жер. Бұл – менің көкейімдегі өмір бойы басты мәселем, тақырыбым да», – дейді.

Оның әйел-ана, атамекен, туған жері Ақ Жайық, туған ауыл, ана тілі, ата салт, адамгершілік игіліктер, ұлттық құндылықтар, қазіргі қоғамның көкейкесті мәселелері тұрғысындағы мақалалары оқырман қауымды бей-жай қалдырмайды. Тегінде, Ақұштап Бақтыгереева табиғаттың нәзік жыршысындай болып көрінгенмен, оның өлеңдері мен мақалаларының арғы астарынан батырлық пен өршіл рухы өріліп жатады. Алапат ұрыста Әлия мен Мәншүктей әйгілі батыр қыздарды тудырған ардақты өлке өзі өсіріп түлеткен ақын қызынан да ол мінезін аямапты. Айырмашылығы, оларда – қару, ал біздің Ақұштап апамызда – қалам. Ақұштап апа еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туын көтергелі бері жарғақ құлағы жастыққа тимей, халқының ары мен намысына тиетін келеңсіз нәрселердің бәрімен аяусыз күресіп, өзінің қаламымен-ақ заманның небір зұлмат, зобалаң, зымиян сұмдықтарымен соғысып, арпалысып келеді. Бүгінде ел анасы атанған ақынның бүкіл публицистикалық шығармаларын шолып шыққан адам оның мақалаларының ең басты екі тірегін байқар еді: ол – ақынның туған ел мен жерге, ұлтқа деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі. Бақтыгереева публицистикасының тақырып аясы өте кең, ауқымды. Оның публицистикасының тақырыбы мен ондағы ұлттық мәселелерді негізінен үш топқа бөліп қарастыру қажет. Оның біріншісі – туған жер, ауыл, Ақ Жайық тақырыбы, екіншісі – ана, әйел, қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесі жөніндегі, ал үшіншісі – ұлттық тәрбие, ұрпақтар үндестігі, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде, халықтық таным, қоғамдағы түрлі мәселелерді қаузаған мақалалары, – дейді ғылыми еңбектің авторы, ізденуші Нұрсұлтан Ертуғанұлы.

Қорғау отырысы кезінде пікір айтқан мемлекеттік аттестация комиссиясының мүшесі, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев зерттеуші Н. Мықтыбаевтың аталмыш тақырыптағы еңбегі дипломдық жұмыс болып қорғалғанымен, ғылыми және жазылу тұрғысынан магистрлік, кандидаттық жұмыстардан еш кем түспейтіндігін жеткізді.

– Осы уақытқа дейін республикалық беделді басылымдарда еңбек еткен Нұрсұлтанның дипломдық жұмысы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен астасып, үндесіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда ізденуші тақырыпты сәтті таңдай білгендігін байқатады және бүгінгі таңдағы өте өзекті тақырыптардың бірегейі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін Әбіш Кекілбаевтың публицистикасы туралы докторлық, Фариза Оңғарсынованың мақалаларынан кандидаттық диссертация қорғалғанын бәріміз білеміз. Ал Ақұштап Бақтыгерееваның поэзиясы туралы ғылыми еңбектер жазылғанымен, публицистикасына ешкім дендеп бара алған жоқ. Ақұштап апамыздың публицистикасына жүрексінбей бара білді.

Осы ғылыми жұмыстағы қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның баспасөздегі ұлттық мәселеге байланысты мақалаларына талдаулар, оларды салыстыра қарау, сарапқа салу бағытындағы зерттеушінің ой тұжырымдарын, құнды пікірлерін ұлттық мәселемен айналысатын мүдделі мекеме қызметкерлерінің күнделікті жұмыстарында пайдалануларына болады. Түрлі ақпарат құралдарындағы материал-дар көрерменге қандай ой салады, одан ұлт пен мемлекетке қандай пайда болады деген сұрақтарға жауап іздеу – әрбір жұмыстың басты ерекшелігі. Ғылыми ізденушінің зерттеу нәтижелерін тіл білімінің лингвоаксиология, лингвомәдениеттану, медиалингвистика арнаулы курстарында, ұлттық таным, ұлттық идеология, ұлттық мүдде, ұлттық дәстүріміз жайлы мәселелерге қатысты болашақ зерттеулер мен журналистердің хабарлар даярлау үдерісінде кеңінен қолдануға болады, – деген ғалым Зейнолла Жақсылықұлы шәкіртіне ақ жол тіледі.

Қорғау жұмысына қатысқан Ақұштап Бақтыгереева ұлттық идеология, ұлттық таным және ұлттық тәрбие мәселелері тұрғысында кеңінен ой толғады.

– Қазіргі күні біздің халқымыздың ұлттық танымындағы көп нәрселер ұмытыла бастаған. Көп нәрселер жаңарған. Сонау Шоқан, Ыбырай, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім бабаларымыздан бастап зерттеле бастаған ұлттық таным, ұлттық мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз бертін келе өзінің бұрынғы жанашырларынан айырылып қалды. Әсіресе, кеңес өкіметінің кезінде ұлттық танымымыз бен мәдениетіміз, тарихымыз бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз отаршылдық идеологияға күшпен таңылып келді. Халқымыздың бүкіл салт-дәстүрін де ескілікке балап, тыйым салынған тұста қазақ халқы асыл мұраларынан айырылып қалғандары жасырын емес. Соның салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан бір ұлттың танымы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Оған мысалды алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Тек бір ғана тіл мәселесін алсақ та жетіп жатыр. Сол секілді жаңаша ойлау мен батыс мәдениетіне бой алдырған кейінгі ұрпақ болса, өз рухани байлықтары мен ұлттық құндылықтарынан бірте-бірте айырылып қалғандарын сезінбей қалыптасып келеді. Сөйтіп, мең-зең күйде ХХІ ғасыр табалдырығына жеткен жаңа ұрпақ егемендікке қолы жетіп, тәуелсіздік дәмін татқан соң ғана өткенге көз тастап, жоғалтқандарын іздей бастады. Экономика – құстың бір ғана қанаты екендігін, екінші қанатында ұлттық руханият мәселесі тұруы қажеттігін ешқашан естен шығармауға тиістіміз. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы бәрімізді бір серпілтіп тастады, – дей келе, осы уақытқа дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Намазалы Омашев, Тұрлыбек Мәмесейіт, Сауытбек Абдрахманов секілді танымал ғалымдардан, ІІМ Қостанай академиясында білім алған Нұрсұлтан Мықтыбаев туралы да өзінің жылы лебізін білдіріп, көз алдында ер жетіп келе жатқан оның болашағынан зор үміт күтетінін айтып, ақ батасын берді.

Ал университет басшылығы атынан сөз алып, дипломдық жұмыс туралы жақсы пікірін білдірген оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Түймеш Дәрішева қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерейқызына ұжым атынан алғысын білдірді.

Ерекше атап өтерлігі – Н. Мықтыбаевтың ғылыми жұмысы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасынан тәжірибеден сәтті өтіп, осы жұмыстың нәтижелерінің негізінде 2017-2018 жаңа оқу жылынан бастап журналистика кафедрасының студенттеріне «Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасы» атты элективті (таңдау) пән жүргізіле бастайды екен. Сондай-ақ қорғау кезіндегі пікірлер ескеріле отырып, ғылыми еңбек толықтырылып, кейін монография болып өз алдына жеке жарық көрмек.

Ғалым АЯН


Кәсіпкерлердің мәрттігі

Күні: , 38 рет оқылды

Туған  жерді  түлеткендер

IMG_0071


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талай адамның еліне деген махаббатын, сүйіспеншілігін оятқандай. Осыған орай «Туған жер» бағдарламасына сәйкесті «Туған жерді түлеткендер» қатары көбейіп отырғаны көңіл қуантады.


Мәселен, Сырым ауданының Жетікөл ауылдық округінің топырағында туған, бүгінде атыраулық қос азамат Берікқали Құсесов және Тұралы Үдіреев – ешқашанда туған жерін жадыларынан шығарып көрмегендер. Берікқали Құсесов бүгінде Жетікөл ауылында «Айкөркем» атты шаруа қожалығына жетекшілік жасап, мал басын асылдандыруға үлесін қосуда. Тұралы Үдіреев – Атырауда білдей кәсіпкер. Қос кәсіпкер Б. Құсесов пен Т. Үдіреев Жетікөл ауылының қал-ахуалын назарларынан тыс қалдырмай, мүгедек жандарға қамқорлық жасау, мәдени шараларға қолдау көрсетуді өздерінің азаматтық  парыздары санайды.

Міне, осының айқын айғағы іспеттес жуырда қос азамат Б. Құсесов пен Т. Үдіреев ауыл тұрғыны, буын ауруынан зардап шеккен екінші топтағы мүгедек жан Айман Қарабасованың қиын жағдайына куә болып, екі жыл бойы көгілдір отын қызығын көре алмай отырған азабынан құтқарды. Сөйтіп, қос кәсіпкер 505 мың теңге қаржы шығарып, үйдің жылу жүйесіне газ қондырғыларын орналастырып, үйге көгілдір отынға қосып берді.

Сондай-ақ кәсіпкер Б. Құсесовтің өз қаражаты есебінен ауылдағы саябаққа отырғызған 60 түп ағашы да жайқала өсіп, ауылға сән беруде. «Туған жер» бағдарламасы арқылы Қосарал ауылы орталығындағы балабақшадағы ойын алаңына, балдырғандар үшін әткеншек, сырғанақ, ойыншықтар түрлерін алып беруді өз міндетіне алып отырған Берікқали Құсесов бұл бағытта қоржынынан 1 млн. теңге қаржысын шығарып, үлкен мәрттік танытуда. Іскер азамат, ауылдан түлеп ұшқан түлектің бірі «Азиятехстрой» ЖШС-ның басшысы Армат Әлімбетов Қосарал ауылына кіреберіс тұсқа еңсесі биік, шамдар орнатылған қақпа құрылысын 1 млн. 200 мың теңгеге салмақшы болса, ауылдағы саябақты орындықтармен қамтуды да өз қаржысы есебінен жүргізбек. Міне, Сырым бабаның 275 жылдығы тойланғалы отырған Жетікөл ауылдық округінде осындай игі бастамалар қолға алынған.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы


Өнертапқыш өрендер Астанаға аттанды

Күні: , 35 рет оқылды

робототехника


Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «ЭКСПО — 2017» аясында өтетін робототехника тақырыбындағы республикалық олимпиадаға қатысу үшін бүгін Астана қаласына аттанды.


Олар кеше редакциямызға арнайы келіп, аталмыш сайыста қорғайтын ғылыми жобалары туралы әңгімелеп берді. Ғылыми сайысқа қатысушы Асан Бекқалиев, Шымболат Тінәлиев және Дияс Тілекбай қаламыздағы Назарбаев мектебінің 12-сыныбына көшкен оқушылар екен. Олардың айтуынша, робототехника тақырыбындағы республикалық олимпиадаға қатысу үшін өңірлерде аймақтық кезең ұйымдастырылады. Сайыстың республикалық кезеңіне бірінші, екінші орын алған барлық командалар жиналады. Сөйтіп, олардың арасынан әлемдік олимпиадаға қатысушылар іріктеледі. Бұл бағыттағы әлемдік олимпиада жыл сайын әр түрлі елдерде ұйымдастырылады екен. Мысалы, биыл мұндай олимпиада «Жасыл энергия» тақырыбында Коста-Рика мемлекетінде өтпек. Ғылыми сайыста әрбір ел өзінің тақырыбын жариялап отырады. Коста-Риканың энергетикасы, жалпы барлық өндіріс-өнеркәсібінің 90 пайызы жасыл энергия болып табылады. Былтыр мұндай олимпиада Үндістанда өткен екен.

— Біз Үндістанда өткен олимпиадаға да қатыстық. Өйткені біз өткен жылы сайыстың республикалық кезеңінен бірінші орын алдық. Ондағы жалпы тақырып қоқыс жинау технологиясы туралы болды. Себебі Үндістанда қоқыс жинау өте күрделі мәселеге айналған. Ал біз роботтарға футбол, боулинг ойнату тақырыбындағы шығармашылық санатқа жататын жобамызды қорғадық. Әлем бойынша 160-тай команда қатысқан сайыста біз жалпы есепте алғашқы отыздыққа ене алдық. Бір жеке санат бойынша алғашқы ондықтан көріндік, — дейді Дияс Тілекбай.

Оқушылардың ақыл-ой, білімбілік сайысының республикалық кезеңінде қорғайтын биылғы жобасы – өздері қолдан құрастырған автоматтандырылған шағын су электр стансасы. Қолдан жасалған шағын стансадағы әр түрлі полюстары бар магниттер орналастырылған диск су ағысымен айналғанда, магнит өрісі пайда болады. Сол кезде кернеуді күшейту мақсатында бір-біріне тізбектей жалғастырылған қос орамда айнымалы ток жүреді. Ток түзеткіш деп аталатын, төрт диодты көпірмен параллель жалғанған конденсатор, пайда болған айнымалы токты тұрақты токқа айналдырады. Қорыта айтқанда, оқушылар жасаған шағын станса кернеуі 2,4 вольт болатын тұрақты ток өндіреді. Олардың айтуынша, телефон аккумуляторын қуаттандыруға 1,5 вольттың өзі жеткілікті. Магнит өрісіне тізбектей жалғанатын орам санын көбейту арқылы кернеуді одан әрі күшейтуге мүмкіндік бар. Оқушылар өздері жасаған бұл стансаны Деркөл өзеніне жіберіп, тәжірибеден өткізіп көрген. Аталмыш құрылғыда автоматты түрде іске қосылатын екі шағын мотор орналастырылған. Моторлар су ағысымен ыққан стансаны орнына кері әкелу үшін қолданылады. Ол аталмыш құрылғыға орнатылған әр түрлі сенсорлары бар шағын компьютерге бағдарлама енгізу арқылы жүзеге асады.

Мысалы, мұндағы гиросенсор аталмыш стансаның су бетінде орналасу градусы өзгеріп, айналатын дөңгелек-дискінің ағыс бағытына көлденең тұрып қалмауын қамтамасыз етеді. Егер орналасу градусы ауытқып бара жатса, соған сәйкес мотор іске қосылады да, робототехника қалпына келеді. Ал ультрадыбысты сенсор арқылы ағып келе жатқан құрылғы алдынан кездесетін қандай да бір кедергіден айналып өтуге тырысады. Сондай-ақ станса бір жерге тоқтап қалған жағдайда қожайынға белгі (сигнал) береді. Аталмыш сайыстың басты бағыты мен мақсаты да осында. Қатысушылардың жобалары шағын сенсорлық компьютерді қолдануға негізделген болуы шарт. Бұл – әлемдік робототехникалық олимпиаданы ұйымдастырушы комитеттің биылғы талабы. Жалпы мұндай компьютерлік бағдарламалар арқылы үлкен зауыттарда кісі бойы жетпейтін биіктіктердегі заттарды сұрыптау жобасы жасалған. Сондай-ақ 2014 жылы Сочида өткен «Спутник» атты сайыста роботты орбитаға шығарып, жер шарын айналып жүрген жарамсыз спутниктерді жинап, әуе қоқыстарынан арылуға мүмкіндік беретін жоба қорғалған.

— Жыл сайын сайыстың республикалық іріктеу кезеңі қыркүйек айында өтетін. Бұл жолы ұйымдастыру комитетінің еліміздегі өкілдігі «Назарбаев зияткерлік мектебі» АҚ «ЭКСПО – 2017» көрмесінің өтіп жатқан уақытына орайластырып, шілде айында ұйымдастыруды жөн санады. Себебі, ғылыми олимпиада мен «ЭКСПО» тақырыбы бірдей. Бірде мектебімізге тәжірибе алмасу бағытында ресейлік өнертапқыш Петр Харитонов келген еді. Мұндай шағын ГЭС жасау – сол кісімен әңгімелесу барысында туындаған идея. Болашақта жасанды жол кедергілеріндегі («лежачий полицейский») механикалық энергиядан электр энергиясын өндіріп, оны жолды жарықтандыруға қолдану жобасын жасамақ ойымыз да бар. Профессор Харитоновтың айтуынша, мұндай жоба Америкада қолданыста бар. Бірақ онда энергия өндіру сенсорлы серіппелер арқылы жүзеге асырылады екен. Серіппе уақыты келе тозып, істен шығуы мүмкін. Ал біз серіппенің орнына механикалық әсерге берік магнитті пайдаланып көрмекпіз. Бүгінгі таңда ғылыми жұмысымызға жетекшілік етуші ұстазымыз – физика пәнінің мұғалімі Нұрболат Дағаров. Ал жалпы бізді робототехникаға баулыған алғашқы жетекшіміз информатика пәнінің мұғалімі, оңтүстікафрикалық Пат Найду болатын. Осы кісінің арқасында Оралдағы білім ошақтарының ішінен робототехника кабинеті ең алғаш біздің мектепте пайда болды. Кейін бұл тәжірибе еліміздегі өзге де мектептерге тарай бастады. 2013 жылы Пат Найдудың жеке іскерлігі нәтижесінде Оралдағы Назарбаев мектебінің оқушылары Индонезиядағы ғылыми сайысқа барғаннан кейін, жалпы Қазақстан оқушыларының әлемдік робототехникалық олимпиадаға қатысуына рұқсат берілді, — дейді Шымболат Тінәлиев.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жемқорлықты әшкерлегендерге 2,3 млн. теңге сыйақы төленген

Күні: , 32 рет оқылды

PRI_2163


Сейсенбіде облыстық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық еткен отырысқа аудан әкімдері және облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысты.


— Қазір заң талаптары күшейтілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты сыбайлас жемқорлықты жою және мемлекеттік аппараттың беделін арттырып, мемлекеттік қызметші жөнінде қоғамда оң пікір қалыптастыру міндеттерін қойды. Соған орай бұл қоғамдық кеселге қарсы күрес ешқашан толастамауы тиіс, — деді кіріспе сөзінде Алтай Сейдірұлы.

Әрі қарай күн тәртібіндегі мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев баяндама жасады. Оның айтуынша, аталмыш департаменттің өндіріс үдерімінде өткен және биылғы жылдың бес айында 170 жемқорлық сипаттағы құқықбұзушылық ісі болған. Соның 121-і аяқталып, 108-і сотқа жіберілген. 56 кісі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жемқорлығы үшін 47-сі сотталды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстық істері бойынша соттар салған айыппұлдың жалпы мөлшері 91 миллион теңгеден астам. Есеп беру кезеңінде 45 мемлекеттік қызметкер мен соларға теңестірілген тұлғалар 114 сыбайластық жемқорлық қылмысын жасады.

Айыптыларды заң бойынша жазаға тарта отырып, аталмыш департамент бірде-бір азаматтың заңды құқығын бұзу жағдаяттарына жол берген жоқ. Алайда лауазымдық қылмысы үшін 17 адамның, соның ішінде 9 бірінші басшының жауапқа тартылуы жақсы жағдай емес. Солардың ішінен Мақсат Аманқұлұлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы М. Оңғарбеков, Орал қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бұрынғы басшысы М. Арыспаев, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бұрынғы басшысы А. Төкешева және басқасының есімдерін атады әрі слайд арқылы суреттерін көрсетті. Әрине, департамент ұжымы тек жазалаумен шектеліп қалмай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында маңызды жұмыстар тындырды. Соның бірі – аталмыш қоғамдық кеселге қатысты ұсыным жіберу. Өткен және биылғы жылдың бес айын қоса есептегенде 140 осындай құжат ұсынылған. Соның негізінде әрбір екінші мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, он лауазымды қызметкер жұмыстан босатылды, 18-і лауазымынан айырылса, 34-іне қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту жасалған. Бұдан басқа облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына оның бұрынғы басшысы Т. Шаяхметовтің сотқа дейінгі тергеуі жөнінде де ұсыным берілген болатын. Қазір осы басқармада жемқорлық тәуекелінің алдын алу үшін жылма-жылғы ведомстволық статистикалық есеп беруді «ЕСЭДО» электронды құжат айналымы арқылы қабылдау жоспарлануда. Үгіт-насихат мақсатында өткізілген жүйелі семинарлардың да оң нәтижесі бар. Онда жемқорлығы үшін қылмыстық жазасын өтеп жатқан бұрынғы шенеуніктердің тәубеге келуі мен өзгені қылмысқа бармауға шақыруы туралы бейнетаспалар көрсетіліп жүр.

PRI_2152Жемқорлық жағдаяттарының азаймауына байланысты облыс әкімінің бастамасымен және ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен құрылған жұмыс тобы Батыс Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шаралар жоспарын жасақтап, соны жүзеге асыруға кірісті. Сол жоспар бойынша аталмыш департамент өзге де мүдделі тараптармен ынтымақтаса отырып, өңірдің жемқор-лық тәуекелі картасын жасақтады. Алынған деректер төмендегіні анықтады: ең жемқорлық тәуекелі көп мекеме – БҚО ІІД, ондағы жемқорлық тәуекелі 24,1 пайызды құрайды. Содан кейінгі кезек тиісінше облыстық дене шынықтыру мен спорт басқармасының және барлық деңгейдегі әкімдіктердің үлесінде. Жемқорлық бойынша қылмыстың көбі облыс орталығында тіркелген. Олардың саны – 129. Содан кейін тұрған – Зеленов, Теректі, Бөрлі аудандары. Жемқорлық қылмыстың түріне келсек, оның басым көпшілігі пара алу мен лауазымды тұлғалардың қызмет бабын жеке мүддесіне пайдалануы жатады. Егер де сыбайлас жемқорлық көріністеріне қашанда «мүлдем төзбеушілік» қағидаты қолданылса, аталмыш қылмыстың аясы тарылар еді. Жиынға қатысушылар әлі де қоғамда бұл қылмысқа қатысты немқұрайлылық пен енжарлық ахуалының сейілмей отырғаны жөнінде ортақ пікірге келді. Айта кетерлік жәйт, сыбайлас жемқорлықты әшкерелеуге байланысты хабарласқан тұлғаларды марапаттау жөніндегі ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсанындағы қаулысына орай күні бүгінге дейін 16 тұлға 2,3 млн. теңгені құрайтын ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Басқосуда Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірхан Қонақбаевтың, облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін уақытша атқарушы Момыш Ермековтің, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллиннің «Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған қызметкерлерді анықтау нәтижелері бойынша қабылданған шаралар және 2017 жылға қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жоспарланған шаралар туралы» хабарламалары тыңдалды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов және басқалар сөйлеп, ой-пікірімен бөлісті.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізге үнемі мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеріп отыруды тапсырды. Мынаны қатаң ескеру қажет: әр ұжымдағы мемлекеттік қызметкердің жемқорлық қылмысы үшін бірінші кезекте басшы жауап беруі тиіс. Тағы бір маңызды міндет – ауыл және аудан әкімдерін бюджетті басқаруға оқытып, үйрету қажет. Әсіресе, ол жергілікті өзін-өзі басқару үдеріміне байланысты. Алда тұрған жұмыс көп. Соны бірлесіп адал атқарайық, — деді жиынды қорытындылаған өңір басшысы.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ


Окулист Меңсұлу

Күні: , 35 рет оқылды

DSC00111-1


Әлі  есімде,  балалық  шақта  бір  кейуана үнемі:  «Ей, Алла,  осы  өмірде  жарқыраған  жанарымнан айыра көрме!»  деп   тілек  ететін.  Кейін білсем, оның бір  туысы  зағип  болған  екен.  Жаратушы  тілегін қабыл  етіп, әлгі  әже өле-өлгенше  ине  сабақтап,  жүн түтіп, киіз  басып,  өмірден  өтті.


– Ең бастысы – диагноз. Егер  ол дәл қойылса, қай дертті де сауатты емдеп, адамды сауықтыруға болады. Соның ішінде көз аурулары да бар. Сондықтан өзім дәл  диагнозға басымдық беремін. Міне, отыз жылға жуық кәсіби ісімде оның   дәлдігінен жаңылған сәтім жоқ, – дейді Орал қалалық №1 емхананың жоғары санатты көз дәрігері Меңсұлу Әбілхайырова.

Ақтөбе медициналық институтының түлегі Меңсұлудың осы ұжымда еңбек еткеніне биыл жиырма жыл толды. Осы жылдар ішінде ол талай адамның жанарын емдеп, жарық сәуле сыйлады, көруін жақсартты. Енді белең ала бастаған көз ауруын анықтап, ем-домын жасап, көп науқасты зағиптықтан, жан және тән азабынан сақтап қалды. Бұл емхана облыс орталығындағы ең көп  тіркелген емделушісі бар мекеме болғандықтан, тәжірибелі көз дәрігеріне келушінің қарасы бір үзілмейді. Соның бәрін қабағын шытпастан қарсы алатын Меңсұлудың сарқылмайтын қайрат-жігеріне еріксіз таңданасың. Өзім осы емдеу орнында 17 жылдан бері есепте тұрғандықтан, жыл сайын окулистке де бір жүгінетінім бар.

Сонда өзіне келушінің бәрімен еменжарқын сөйлеседі. Оның кабинетінен ешкім де ашулы не томсырайып шықпайды. Әсіресе, егде жастағы кейуаналарды қолтығынан демеп, есіктен шығарып салатын тәжірибелі дәрігер олардан жылы лебізі мен сөзін де аямайды.

Жалпы М. Әбілхайырованың көпшіл де  мейірімді болуының себебінің сыры бар.  Ол Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылында көп балалы отбасында өсіп-өнді. Шаңырақтағы он бір ұл-қыздың  ортаншысы. Ата-анасы – қарапайым ауыл адамдары. Анасы Хатима өмірін ұл-қызының тәрбиесіне арнаған екен. Нәтижесінде бәрі де өмірден орындарын тапты. Осы үйдегі төрт қыз дәрігерлік мамандықты қалапты. Солардың  басында Меңсұлу тұр. Тіпті оның нағашысының үш қызының да медик болуы – үнемі кездесе бермейтін жағдаят. Ал солардың бәрінің  осы мамандықты қалауына кейіпкеріміздің септігі тигені айдан анық.

– Өзімнің  осы мамандықты таңдауыма  көршіміз Тамара Росликтің зор әсері болды. Ауылдағы бір фельдшер барлық жерлесінің денсаулығы күзетінде тұрды. Кім-кімнің басы ауырып, балтыры сыздаса, тәуліктің қай уақыты болсын, көмекке келіп үлгеретін. Кезінде анамды да Тамара талай рет ажал аузынан алып қалған-ды. Ал студенттік шақта украиндық Татьяна Кривенко көз дәрігері болуыма ықпал етті. Өйткені ол сонау Батыс Украинадан бізге келіп оқығанда, окулист болуды мақсат тұтыпты. Топтас құрбымның көз дәрігері жөніндегі талай «дәрістеріне» қанық болғаным бар. Ақырында осы кәсіпке аңсарым ауды, – дейді Меңсұлу.

Айтпақшы, Меңсұлудың екінші қызы Гауһар да анасының мамандығын таңдап, қазір Минск қаласындағы медуниверситетте оқып жатыр. Алдағы кәсібін әзірге таңдай қоймапты. Бірақ оның да ісіне ұқыпты маман боларына М. Әбілхайырова қазірден сенімді. Ал тұла бойы тұңғышы Адина – қаржы саласының маманы. Тұрмыста, одан жұбайы Мержан екеуі жиен сүйіп отыр.

– Жұмысымды жаным сүйеді. Емделушілеріме де ризамын. Біздің ұжымның татулығы мен өзара ынтымағы да көңіліме қонымды. Басшылық та жақсы. Әлсін-әлі дәрігер қауымының жалақысын өсіріп отырған Елбасымыз бен Үкіметімізге алғысымыз зор, — дейді тәжірибелі  дәрігер.

Тамаша дәрігер, байыпты әріптес, аяулы жар және абзал ана Меңсұлу сәл қолы босаған шақта тоқуды жаны қалайды. Отырыстарда ән салудан да іркілмейді. Ал шаңғы тебу – оның  сүйікті құлшынысының бірі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – осындай жан.

Серік  ИХСАНҒАЛИ

Марина  НӘЖЕНОВА,

№1  қалалық  емхана  бас  дәрігерінің  орынбасары:

— Меңсұлу – жауапкершілігі мол, белсенді, ұқыпты және ізгі әріптес. Қашанда науқасқа жанашырлықпен қарайды. Оның қоғамдық жұмысқа да ынтасы күшті. Көп жыл осында бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарды. Бізде еңбек еткеніне жиырма жыл толған М. Әбілхайырованы  тек  жақсы  жағынан  ғана  білемін.

Людмила БУРАЯ,

Орал  қаласының  тұрғыны,  емделуші:

– Оған өте ризамын. Қаралуға барғанда, жан-дүниең тыныш тауып, көңілің көтеріңкі болады. Өйткені ол жылы лебізімен де жаныңа нұр себелейді. Сондықтан өзім де, отбасым да оның еңбегіне тек алғыс сезімін білдіреміз. Біздің емханадан ешқайда кетпесінші деп тілеп  жүрмін.


Екі айлық немеремді аман алып қалды

Күні: , 22 рет оқылды

IMG-20170606-WA0014


Бірде босанатын күні таяп,  дәрігерге қаралуға кеткен келінім үйге жылап оралды. Дәрігер іштегі нәрестенің бір бүйрегі ақаулы, қауіпті дерті барын, оған қандай ем қолданары тек туғаннан кейін ғана белгілі болатынын айтыпты. Сабырға салып, сәбидің өмірге келуін күттік. Жаны аман қалған келініміз ұл босанды. Қанша қуансақ та, дерті не болар екен деген қорқыныш күні-түні маза бермеді. Келінім болса «Сәбиімнен айырылып қаламын» деген оймен әбден жүдеп кетті.


Дәрігерлер сәбиіміздің дертін гидронефрез деп тауып, кез келген сәтте қауіп тудыратынын, ота жасамаса болмайтынын айтты. Біз біраз дағдарып, аман қаларына ешкім кепілдік ете алмайтын ота жасауға амалсыз келісім бердік. Сөйтіп, екі айлық нәрестемізге ауыр ота жасалып, науқас бүйрегі алынып тасталды. Ота сәтті болып, немереміздің аса қауіпті дертінен айыққаны шаңырағымызды шаттыққа бөледі. Оған бірден-бір себепші болған бүйрек венасының  гипертензиясын емдеу саласының білікті маманы Рафхат Ажғалиев (суретте) еді. Бағымызға орай сәбиімізге ота жасау қырық жылға жуық өтілі бар, талай күрделі хирургиялық  оталар жасап, мыңдаған адамға өмір сыйлаған осы дәрігерге тап келген екен.

Шіркін-ай, сәбиіңнің күлкісін көру қандай бақыт десеңші! Сол бақытты бізге Рафхат ағамыз сыйлады.

Өз кәсібінің асқан шебері, көптеген медициналық ғылыми еңбектердің авторы Рафхат Біләлұлы бұл күнде алпыс жасқа  толып отыр. Ата жасына абыроймен жету бар адамның арманы десек,  Рафхат ағамыз – сол арман биігінен көрініп, көптің құрметіне бөленіп жүрген жан. Отбасымызға шексіз қуаныш сыйлаған ақ халатты абзал жанға өмірдің бар жақсылығын тілегіміз келеді. Абзал  жанға  Алланың  нұры  жауғай!

Сәуле   ИХСАНОВА,

Жаңақала  ауданы


«Жаңа көлік алып, қызметкерлер жалақысын көтереміз»

Күні: , 29 рет оқылды

IMG_9412


Келесі  айда  Орал  қаласы  аумағындағы  қоғамдық  көліктердің жолақысы  80  теңге  болмақ.  Төрт  жыл  бұрын  бекітілген  жол жүру  құнын өзгерту жайы  қалалық  мәслихаттың  ХІІІ  кезекті сессиясында  талқыланып,  жаңа  тариф  күшіне енетін  болды. «№1 жолаушылар  автокөлігі  мекемесі»  ЖШС-ның  директоры  Cаян  Нұрмұханбетов  тариф  құны  өзгерсе,  тасымалдаушы компаниялардың  қызмет  сапасы  жоғарылайтынын  айтты.


– 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «МАЗ-103» ныспылы жаңа 10 автобус сатып алдық. Биыл соңғы жыл мемлекеттік бағдарлама ауқымында берілген несиені төлеудеміз. Несиенің айлық төлемі – 3,5 млн. теңге. Биыл қыста бір автобус істен шықты. Оны жөндейтін қаражат табылмай, қосалқы бөлшектерін пайдалануға тура келді. Автопаркте «Газельдерді» қосқанда 80-дей қоғамдық көлік бар. Жыл сайын автопарктегі көліктердің 10 пайызы жаңа-ланып тұруы тиіс. Бағдарламаға қатысқаннан кейін тағы да «МАЗ-103» автобусын көбейту жоспарымызда болған. Бірақ теңге бағамы құнсызданғаннан кейін бес жыл бұрын 12 миллион теңге болған көліктің құны қазіргі уақытта 47 миллионға дейін шарықтады. Одан бөлек, жанар-жағармай, көлік тетіктерін майлауға арналған өнімдердің бағасы да қымбаттады, – деді  серіктестік  басшысы.

Аталған компания шаһар ішіндегі 9, қала маңындағы саяжайларға баратын 3 бағыттағы маршрут бойынша жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді. Автопарктегі арнайы орында көліктер тәулігіне бір мәрте жуылады.

IMG_9425Серіктестік қарауында 100 қызметкер болса, жалақының жалпы орташа көрсеткіші 35 мың теңгені құрайды. «Жолақы құнын көтерсе, қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттырамыз. Қосалқы бөлшектер алып, көліктерді жаңалаймыз. Серіктестікте төрт механик жұмыс жасайды. Жөндеу жұмысымен көбіне көлік жүргізушілерінің өздері айналасыды. Ол үшін үстеме ақыны жарытып төлей алмаймыз. Ең болмаса, жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларға үкімет тарапынан демеуқаржы берілсе, тариф құнын көтеруді сұрамас едік», – деді Саян Нұрмұханбетов.

Тұрғындардың қоғамдық көліктерде тұрақты билет таратылмайтынына шағымданатыны жөнінде сұраған журналистер сауалына «Билет берілмей қалып жататыны рас. Бірақ жоспар бойынша серіктестікке күніне белгіленген ақыны төлеп тұру ғана міндеттелген. Автопарктегі көліктердің  40 пайызы жалға берілген. Сондықтан серіктестік меншігіндегі жаңа көліктер санын көбейтпейінше, жалға берген көлік иелерінен жауапкершілік талап ету мүмкін емес. Билет қағазын Алматыдан тапсырыс беріп  алдыртамыз. Бір тапсырыс құны 500 мың теңгеге жуықтайды», – деді Саян Сәбитұлы. Серіктестік басшысы автопарктегі көліктің қысқы тұрағына арналған нысанның 1957 салынғанын, содан бері күрделі жөндеу  жүргізілмегенін  айтты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика