Мұрағат: 26.06.2017


Үздік тауар өндірушілер анықталды

Күні: , 30 рет оқылды

DSC_1043


Өткен  сенбіде  Оралдағы  жаңа Республика  алаңында  «Қазақстанның үздік тауары – 2017»  облыстық  көрме-байқауы  өтті.  Шараға облыс  әкімінің  орынбасары  Игорь  Стексов  қатысып,  азық-түлік  және өнеркәсіп  тауарларын  өндірушілерімен  жүздесіп,  олардың  өнімдерімен  танысты.


Көрме-байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Игорь Стексов көрмеге қатысушылар мен қонақтарға «Қош келдіңіздер!» дей келе, бұл шараның өңіріміз үшін маңызды  екеніне тоқталды.

– Көрмеде облыс кәсіпкерлігінің әлеуеті айқын көрінеді. Қырыққа тарта компанияның өнімдері көрмеге қойылып, өндірістік, халық тұтынатын, азық-түлік тауарлары түрлерінің тұсаукесерлері жасалуда. Байқау үздік өндірісшілерді анықтайды. Көрмеге қатысушы кәсіпорын-компаниялардың ішінде осы қалайы жоқ, барлығы да марапатқа лайық. Бұдан бұрын Елбасының «Алтын сапа» сыйлығына «Кублей», «Агропродукт ЛТД» компаниялары ие болды. «Гидромаш-Орион МЖБК», «Желаев нан өнімдері комбинаты», «Стекло-Сервис» кәсіпорындарының тауарлары республиканың ең жоғары марапаттарымен марапатталды. Бұл тек көрме, экспозиция емес, өңір кәсіпкерлеріне дамуға, өнім сапасын жетілдіруге, ел ішінде ғана емес, сыртқы нарықтағы бәсекелестікке төтеп беруге серпін береді, — деген Игорь Стексов көрмеге қатысушыларға өз брендтерін елге танытуда табысқа жетулеріне тілектестігін білдірді.

«Өңірлік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша 1-орын «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ға (директоры Валерий Крылов) бұйырса, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС 2-орынды, «Азот зауыты» ЖШС 3-орынды иеленді. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша  1-орынды «Конденсат» АҚ (басшысы Валерий Жүнісов), 2-орынды «Мария ханым» сән үйі – «Жұлдыз» жеке кәсіпкерлігі, 3-орынды «KazStepService» ЖШС алды. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Нұржанар» ЖШС (басшысы Рустам Ахметов) 1-орынды, «Родник» ЖШС 2-орынды, «Орал құс фабрикасы» ЖШС 3-орынды қанжығасына байлады. Байқау жеңімпаздарына 1, 2, 3-дәрежелі дипломдар және «Қазақстанның үздік тауары» ескерткіш белгісі табыс етілді. Сондай-ақ байқауға қатысушы өзге компаниялар алғысхаттармен марапатталды.

Көрмеге алғаш қатысушылардың бірі ретінде «KazStepService» компаниясының тұрмыстық химия өнімдері келушілердің назарына ілікті. Компанияның директоры Шолпан Өтербаеваның айтуынша, компания өткен жылы құрылған.

– Биылғы жыл басында сұйық сабын өндіру желісін іске қостық.

Наурыз айында ыдыс-аяқ жуатын сұйықтықты шығаруды бастадық. Өнімдеріміз ресейлік өндірісшілердің осындай өнімдерінен сапасы жағынан кем түспейді. Сұйық сабынды мемлекеттік стандарт бойынша, ал ыдыс-аяқ жуғышты өзіміздің рецептура негізінде дайындалған техникалық шарттармен өндірудеміз. Бір ай бұрын сұйық кір сабын өндірісін жолға қойдық. Енді кір ағартқыш және залалсыздандырғыш сұйықтық түрлерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Тауарларымыз кедендік одақ шеңберінде сертификатталған. Айына 100 тонна өнім түрлерін өндіреміз, – деді Шолпан Өтербаева. Оның айтуынша, жергілікті өнімдерді Оралдағы «Дина», «Бәйтерек», «Алтындар» супермаркеттерінен және көршілес Атырау, Ақтөбе облыстарындағы сауда орындарынан табуға   болады.

Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жұмыс беретін «Шаңырақ» әлеуметтік кәсіпорны көрмеге балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелердің ойын залдарына арналған жұмсақ ойыншық түрлерін әкелген. Ондай ойыншықтар мен ойыншық модульдері түрлі-түсті жасанды теріден, созылғыш паралоннан, жоғары сапалы экологиялық материалдардан жасалған. Кәсіпорын басшысы Артур Франк бұған дейін ұлдарға құю цехын ашса, енді қыз балаларға осындай тігін цехын ашыпты.

– Бұрын тұрғындар бір мекеменің мекенжайын, оған қалай жету керектігіне бас қатыратын. Қазір олай емес. «2ГИС» сервисінен шағын дүңгіршіктен бастап  түкпірдегі жеке үйдің мекенжайын таба аласыз. Оның мобильдік қосымшасы ғаламторсыз да жұмыс істейді. Өткен жылдың желтоқсанынан бастап Оралда жұмыс істей бастадық. Бас  кеңсеміз – Ресейдің Новосібір қаласында, сервисімізді тоғыз елдегі 300-ден астам қала, әсіресе, Ресей мен Қазақстанда пайдаланады. Қазақстанда тоғыз қалада қызмет көрсетіледі, – деді аталмыш халықаралық электрондық ақпараттық анықтама компаниясының менеджері Ақат Мұқатов сервистің қызметімен көрмеге келушілерді өз өнімдерімен таныстыру  барысында.

Жеңімпаздар Астана қаласында «EXPO – 2017» шарасы аясында өткізілетін республикалық байқауға  барады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жұмазия  МОЛДАҒАЛИЕВА,

Қазталов ауданынан «Қайсар» жеке кәсіпкерлігінің  жетекшісі:

– Ұлым Сағындық Оралда пластикалық терезе жасайтын компанияда жұмыс істеп, кейін Жалпақталдан менің атыма кәсіпкерлік ашып берді. Жаңақала, Жәнібек, Жалпақтал ауылдарына  және Оралдағы кейбір жеке тұрғын үйлерге тапсырыспен пластикалық терезе қондырудамыз. Екі ауылдасымды жұмыспен қамтудамын.  Екі және үш қабатты әйнекті терезе қоямыз. «Даму» қорының көмегімен, кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының қолдауымен «Бизнестің жол картасы – 2020» мембағдарламасымен сегіз пайызбен «Халық банктен» несие алдық. Несиеге ресейлік автоматты станок алдық. Тапсырыс баршылық. Көрмеге қатысып, әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, марқайып қалдық.

Валерий КРЫЛОВ,

«Орал сауда-өнеркәсіп  компаниясы»  ЖШС-ның  директоры:

– Компания газ және ыстық су, жылу үшін кез келген диаметрлі термомықтылығы жоғары полиэтилен тұрбаларын шығарады. Мұны индустрияның «революциялық» серпілісі деуге болады. Мұндай тұрбалар металл тұрбаларды қолданыстан толықтай ығыстыра алады. Бұрын полиэтилен ыстық суға шыдамсыздық танытса, бүгінде жаңа тұрбаларымыз +115 градус ыстыққа төтеп береді. Қазір қалада +90,  +95 градус ыстық су беріледі. Жаңа өнімімізді Орал жылу қуат орталығында екі нысанда сынақтан өткізудеміз. Өнімге сертификатты Қазақстаннан, Ресейден алдық. Өнімнің қолданысқа жарамдылығы жөнінде халықаралық қорытынды да бар. Металл тұрбаларды пайдалану мерзімі 25 жыл болса, термомықты тұрбаларды пайдалану одан екі есеге ұзағырақ. Сыртына қаптаманың да керегі жоқ.

Өнімді елімізге шығарамыз және Ресейден сұраныс бар. Қазірдің өзінде Мәскеу облысына жіберудеміз.  Бұрын ондағылар  Еуропадан  алатын.

Нұрлан  СҮНДЕТҚАЛИЕВ,

«KazConstructionGroup» ЖШС-ның  өндіріс жөніндегі  директоры:

– 2011 жылдан бері диаметрі 20-1200 мм-лік полиэтилен тұрбаларын шығарудамыз. Тұрбаларымыз газбен, сумен қамту, коммуникация желілерінде пайдаланылады. Сонымен қатар компания құрылыс-монтаж жұмыстарымен де айналысады. Өз өнімдерімізді өзіміз орнатамыз. Қаратөбе ауданында жеті ауылда, Бөрлі ауданында Бөрлі, Аралтал ауылдарында, Ақжайық ауданындағы бір нысанда су құбырын тартудамыз. Өзге өңірлермен де әріптестік байланыстамыз. Алдағы уақытта өндірісті жетілдіріп, ыстық сумен қамтуға қажетті тұрбалар өндірісін  игергіміз  келеді.


«Кәсіпкерлік үшін банк қызметінің маңызы зор»

Күні: , 27 рет оқылды

IMG_9073


Кеше  облыс  орталығында  «ФортеБанк»  АҚ  жаңа  бөлімшесінің  ашылу  рәсімі өтті. Оған  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  қатысты.


Ең әуелі  облыс әкімдігінде өңір басшылығы мен аталмыш банк арасындағы өзара ынтымақтастық туралы  меморандумға  қол  қойылды.

– Кәсіпкерліктің одан әрі алға дамуы үшін банк қызметінің маңызы зор. Жаңа бөлімшенің ашылуы  өңірдегі бизнес ахуалға  тың серпін берері сөзсіз. Мұның бәрі Елбасымыздың ел экономикасына инвестицияны кеңінен тарту, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынуда. Біз қашанда осы қаржы құрылымдарының, соның ішінде сіздің банктің де өрісі кеңейіп, шаруасы нығаюына тілектеспіз, – деді Алтай Сейдірұлы салтанатты рәсім алдында.

«ФортеБанк» АҚ-ның басқарма төрағасы Мағжан Әуезов облыс әкіміне жаңа бөлімшені ашуға қолдау-көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Сонымен бірге банк қызметкерлерінің кәсіптік міндетін ойдағыдай атқаратынына сендірді. Облыс әкімі  мен банк төрағасы салтанатты жағдайда меморандумға қол қойды.

Қаламыздағы орталық базар аумағында орналасқан жаңа банк бөлімшесі ғимараты алдында Алтай Сейдірұлы тағы да сөз сөйлеп, банк ұжымына жемісті еңбек тіледі. Ол сөзінде бұл қаржы мекемесінде жүзден астам маман қызмет істейтіндігін айта келіп, олардың қатарының одан әрі толығарына үміт артты. Өңірде жаңа бөлімшенің ашылуы инвестициялық ахуалға оң әсер етіп, экономиканың күре тамырына қан жүгіртпек. Әзірге тек Орал және Ақсай қалаларында осы банктің бөлімшелері жұмыс істейді. Әкім келешекте банктің аудандарға да назар аударуын қалайтынын білдірді. Салтанатты лента қию рәсімінен кейін облыс әкімі А. Көлгінов пен   М. Әуезов  жаңа  бөлімшені  аралап,   жұмыс  үдерімімен  танысты.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Журналистер спартакиадасы

Күні: , 37 рет оқылды

PRI_0603


Жексенбі күні Деркөл шағынауданындағы «Орал» спорт кешенінде ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай  журналистер арасында спартакиада өтті.


Спорттық шараның ашылу салтанатында Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетов, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «Қазақстан-Орал» телеарнасы директорының орынбасары Клара Қамбетова сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спартакиада аясында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, арқан тарту, көңілді сөре секілді спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жарыста «Жайық Пресс», «Қазақстан-Орал», «ТДК – 42», облыстық мекемелердің баспасөз хатшылары, «Мой город»  «КТК», «Хабар», «24 КZ», «Астана», «Пульс города», «Жайық үні», «Ел және мұғалім» секілді БАҚ-тардың құрама командалары бақ сынады. Спорттық байқаудың көркін ерлер арасында өткен шағын футбол сайысы қыздырды. Салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық  спортты да қатар алып жүргендерін анық аңғартқан журналистер теңбіл допты торға тоғытуға келгенде, бір-бірінен кем түспеді. Десе де, бағы мен бабы қатар шапқан «Қазақстан-Орал» телеарнасының командасы тұғыр биігінен көрінді.

Ал волейболдан «Жайық Пресс» құрамасы ешкімге дес бермей, I орынды иеленді. Үстел теннисінен ер-азаматтар арасынан «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Ғалиев, ал қыз-келіншектер арасынан «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкері Данагүл Шарапиева жеңіс тұғырына көтерілді. Арқан тарту бәсекесінде білегімен бес атанды сүйрейтіндей күш жиған «Қазақстан-Орал» телеарнасының құрамасы үздік деп танылды. Ал дойбы бойынша тартысты бәсекеде қыздардан «Қазақстан-Орал» телеарнасының қызметкері Жамал Қадырова, ер-азаматтардан «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Ғалиев екінші мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. «Көңілді сөре» жарысынан «қазақстаноралдықтар» алдына жан салмады. Жалпыкомандалық есепте I орынды «Қазақстан-Орал» телеарнасы жеңіп алса, «Жайық Пресс» құрамасы II орынды қанжығалады. Ал III орынға баспасөз хатшылары табан тіреді.

PRI_0667PRI_0956Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Намыс» спорт клубы ұйымдастырған шараға «Орал Таза Сервис» ЖШС (басшысы Азамат Бисенов) демеушілік етті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

Орал қаласы


БАҚ саласының үздіктері марапатталды

Күні: , 42 рет оқылды

PRI_1806


Кеше  Орал  қаласындағы «Park Hotel»  мейрамханасында  өңір  басшысы  Алтай  Көлгінов  бұқаралық  ақпарат құралдарының  өкілдерімен  кездесіп,  журналистерді  кәсіби  мерекелерімен  құттықтады.


Барша қоғам елімізде болып жатқан жаңалық-өзгерістер, түрлі оқиғалар жөнінде журналистер арқылы ақпарат алып отырады. Оны жедел де сапалы жеткізу әркімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Қазіргі таңда өңірде сексеннен астам бұқаралық ақпарат құралдары болса, соның 55 пайызы – жеке меншік БАҚ-тар. Оларды мемлекет тарапынан қолдау жұмыстары жасалып келеді. Өйткені Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ашықтық пен жариялылықты, халыққа барынша жақын болуды басты міндет етіп қойды. Осы орайда мемлекет жүргізіп отырған сан салалы саясатты да елге жеткізетін журналистер. Қазір ақпараттың желдей жүйткіген заманы. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп қалады. Әлеуметтік желілер, ғаламтор  қауырт дамып келеді. Сондықтан БАҚ өкілдеріне қойылар талап та күшейді. Биыл өңірлік «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына тура бір ғасыр толғалы отыр. Жүз жыл ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының қандай өзгеріске ұшырағанын, нендей жолдан өткенін ардагерлер жақсы біледі. Олардың да еңбегін біз ешқашан ұмытпаймыз. БАҚ саласындағы ұрпақтар сабақтастығы бұдан былай да жарасымын тауып, шеберлік тіні үзілмей, жалғаса беретін болады, – деді өңір басшысы.

Журналистерді мерекемен сондай-ақ «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры Артур Нығметов құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сала үздіктеріне облыс әкімінің және «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-ның алғысхаттары табыс етілді.

PRI_1849Марапатталғандар қатарында облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері редакцияларының ұжымдары мен жекелеген журналистері, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшілері Қазбек Қабжанов, Марина Иванова, «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ғайсағали  Сейтақ және басқалар  бар  екенін  айта  кетейік.

Ал «Орал өңірі» газетінде 40 жылдан бері қызмет жасап келе жатқан танымал журналист Есенжол Қыстаубаев өңіріне  «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін  тақты.

Ғалым  АЯН

Суреттерді түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Облыс әкімі Алтай КӨЛГІНОВ: «Жергілікті кәсіпкерлер бір-бірін қолдауы керек…»

Күні: , 41 рет оқылды

IMG_8915


Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов пен өңірдегі құрылыс саласының мамандары облыс орталығында жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.


Өңір басшысы бастаған топ Орал – Атырау және Орал – Саратов жолдарының арасында, Зашаған кенті аумағында жүріп жатқан құрылыс жұмысын өз көздерімен көріп, жұмыс барысымен танысты. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімі №40, 35, 34, 4, 6, 5, 1, және №33 дақтарда салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында әкім олардан жұмыс барысында кездесуі мүмкін түйткілді мәселелер жөнінде сұрап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Бұл ретте №34 дақта көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуші «СКФ Отделстрой» ЖШС басшысы Валентина Михно қаладағы «Кірпіш зауытының» жұмысына наразылық білдірді. Оның сөзінше, оларды құрылыс материалдарымен жабдықтаушы компания қажетті кірпіштерді мезгілінде үлгертіп жеткізе алмай жатыр, бұл жағдай жұмыстың жедел жүруіне кедергі келтіруде. Қалған мердігерлер жұмыстың кестеге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Алтай Сейдірұлы оларға құрылыс жұмысы аяқталысымен, артық техникаларды бұл жерден шығарып, ғимарат айналасын күзгі жауын-шашынға дейін абаттандыруды тапсырды. Өңір басшысы бастаған топ аяқталуы жақын құрылыс нысандарының ішін аралап көрді. Жаңа үйлердің жобасы тұрғындар үшін өте ыңғайлы жасалған, бұрынғы үйлерден бір айырмашылығы, сыртқы есіктері мықты және балкондарына дейін әйнектеліпті. Жаңа үйлер «ҚР Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесінің салымшыларына және қалалық әкімдіктің үй кезегінде тұрғандарға берілмек.

Көп қабатты тұрғын үйлерден соң жұмыс тобы Сарытау шағынауданында және Деркөл кентінде салынып жатқан мектептерге барып, құрылыс жұмысын қадағалады. Кездесу кезінде Сарытау шағынауданында 900 орындық мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «СВ плюс» ЖШС жетекшісі Сәбит Өтебалиев қосымша жұмыс күші қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, 20 адамнан құрылған бір бригада жұмыс істеуде, бұған қосымша тағы екі бригада керек. «Әрқайсысы 20 шақты адамнан тұратын екі студенттер отряды жасақталса (40-50 адам), олардың жалақысы 80 мың теңгеден кем болмайды» деген компания жетекшісі жастарды жазғы демалыс кезінде қосымша табыс табуға шақырды. Бұл мәселелерді қаперге алған өңір басшысы тиісті сала мамандарына жоғарыда айтылған түйткілді мәселелерді тездетіп шешуді тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы бастаған жұмыс тобы Деркөл кентіндегі мектептерге (әрқайсысы 600 орындық) және №4 мектепке (300 орындық) барып, ондағы жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші «ҚФ Альтаир» және «Альтим ҚФ» ЖШС өкілдері жұмыстың кестеге сәйкес жүріп жатқанын және жұмыс күші мен құрылыс материалдарының жеткілікті екенін айтты. Деркөлдегі мектептердің бірінің құрылысы биыл бітіп, пайдалануға беріледі, ал екіншісі келесі жылы аяқталады. Жолай жұмыс тобы Деркөл ауылындағы кварталішілік жолдарға соғып, ауыл ішінде су жаңа жол салып жатқан мердігерлермен кездесті. Мердігерлердің сөзінше, қазіргі уақытта Даль көшесінің  белгіленген бөлігіне екі қабатты асфальт жол төселуде, бұған қоса қосымша тротуар жүргізілуде. Жол құрылысын жүргізуші мердігер компанияның жетекшісі мұнда дәл қазір 50 адам жұмыс істеп жатқанын айтып, жолдың сапасына 5-7 жылға кепілдік берілетінін жеткізді. Жұмыс тобы №4 мектеп құрылысында да болып, ондағы жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанына куә болды.

Осы жерде облыс әкімі Алтай Көлгінов құрылыс саласы мамандары мен осы салаға қатысты өнім өндіруші жеке кәсіпкерлердің басын қосып, шағын жиын өткізді.

— Біз бүгін жартыжылдықты қорытындылау мақсатында бірқатар құрылыс нысандарын араладық. Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше мектептер мен көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Осы екі бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру үшін өңірімізге биыл жолды қоспағанда 21 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына 12,6 млрд. теңге, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3298 орындық сегіз мектеп құрылысына 8,3 млрд. теңге бөлінді. Аталған бағдарламалар аясында тоғыз құрылыс компаниясы жұмыс істейді және 450 адам жұмыспен қамтылды.

Жаңа мектептердің төртеуі – облыс орталығында, қалғаны – аудандарда. Бұл мектептердің екеуінде, яғни Зеленов ауданындағы Дариян ауылындағы 300 орындық мектепке 100 орындық интернат және Қазталов ауданындағы Қазталов ауылында да 100 орындық интернат салынуда. Бұдан басқа Ақжайық ауданының Шабдаржап деген ауылында алдағы уақытта 198 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда тендерлік процедуралар жүруде. Қаладағы №4 мектеп те жаңадан салынуда. Бұл апаттық жағдайдағы мектеп болған, былтырдан бері оқушылар басқа мектептерде оқып жүр. Бұл, әрине, оқушылар үшін де, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де ыңғайсыздық туғызды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл мектептің құрылысына қажетті қаражат бөлініп, қазіргі уақытта жұмыс қарқынды жүруде. Бұйырса, күзде мектеп құрылысы аяқталып, балалар өз мектептеріне оралады.

Жоғарыда айтылған қос мемлекеттік бағдарлама өңірімізде көптеген құрылыс нысандарының салынуына мұрындық болып қана қоймай, сонымен қатар бірқатар жергілікті кәсіпорындардың жұмыспен қамтылуына себепші болды. Мысалы, «Құрылыс комбинаты», «Кірпіш зауыты» ЖШС-лар, полиэтилен тұрбаларын шығаратын «Алим» және «Орал сауда-өнеркәсіп кешені» секілді серіктестіктер, «Квант» жиһаз фабрикасы, «Агран» секілді зауыттардың өнімдері жаңағы айтқан құрылыс жұмыстарында кеңінен қолданылуда. «Құрылыс комбинаты» ЖШС-ға түскен тапсырыстар кәсіпорынға 150 пайыз жүктеме беріп тұрса, «Кірпіш зауыты» ЖШС тапсырыстың тым көптігінен кірпіш шығарып үлгере алмай жатыр. Зауыт басшыларымен сөйлесіп, жұмыс кестесін қайта құратын шығармыз. Өйткені олар құрылысшыларды материалдармен уақытында қамти алмаса, нысандарды уақытында тапсыра алмай қаламыз. Осының алдын алуымыз керек. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының төбесі өзіміздің «Агран» ЖШС-дан шыққан шатырлармен жабылса, биылғы су жаңа сегіз мектептің ішін жиһаз шығаратын жергілікті фабрика, шағын цехтар жабдықтаса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл деген жергілікті кәсіпорындарға үлкен қолдау ғой. Тапсырыс алған кәсіпорындар өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал мұның халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына әсер ететіні анық. Бұған қоса салық есебінен жергілікті бюджет те толығады. Міне, «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының елге тигізіп отырған пайдасы қандай! Бұл айналып келгенде, еліміздің экономикасын көтеріп, халықтың әлауқатының артуына септігін тигізеді. Қысқасын айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер бір-бірін қолдауы керек.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында биыл 15 тұрғын үй салынуда. Осының сегізі – аудандарда, тағы бір үй – Ақсай қаласында, қалғаны –  Орал қаласында. Жыл аяғына дейін 11 көп қабатты үй (1555 пәтер) және аудандарда 143 тұрғын үй (165 пәтер), барлығы 1720 пәтер пайдалануға берілмек. Құрылыс нысандарының маңайын абаттандыру жұмысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ Деркөл ПДП-1-де тек биылдың өзінде 27 жол салынып, асфальтталуы керек. Осы жұмыстар аяқталған соң Деркөл ПДП-2-де де жолдар асфальтанады. Жол құрылысының сапалы жүргізілуі қазіргі таңда өзекті мәселе болып отыр. Жолшыларға бүгінде талап күшейтілген. Жолдың сапасына кепілдік бұрын тек екі жылға берілсе, бүгінде бұл мерзім 5-7 жылға ұзартылды. Сапасыз жол салғандарды сотқа беріп, оларды өз ісіне адал емес мердігерлер тізіміне енгізудеміз. Ал мұндай тізімге іліккендердің жолдарының кесілетіні белгілі. Осындай жолдармен мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал етудеміз, — деген өңір басшысы әр кәсіпорын басшысынан қанша адамға жұмыс беріп отырғанын сұрады. «Құрылыс комбинаты» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев өндіріс басында 350 адамның (жалпы 1000 адам), «Агран» ЖШС 100, «Алим» ЖШС 400 адамның жұмыс істеп жүргенін айтты. Осы жерде әңгімеге араласқан «Демеу» ЖШС жетекшісі Біржан Қожақов өздерінің шағын жиһаз цехында бұрын 30 адам жұмыс істегенін, қазіргі уақытта тапсырыстың жоқтығынан адам санының 10-ға дейін азайып қалғанын айтты. Ол сондай-ақ облыстағы «Болашақ-Т» және «СВ плюс» секілді ірі құрылыс компанияларымен бірігіп жұмыс жасағысы келетінін, бірақ жұмыс орындарына неше рет барса да, басшыларымен кездесудің сәті түспей жүргенін жеткізді. Өңір басшысы бұған жауап ретінде мектеп құрылысын жүргізушілерге кеңсе жиһазы мен оқушыларға арналған парта, отырғыш секілді ағаш бұйымдарымен қамтамасыз етуді «Демеу» ЖШС-на тапсыруды өтінді. «Өздерінің денсаулық жағдайына қарамастан, жұмыс орнын құрып, өздерімен бірге өзгелерге де жұмыс тауып беріп жүрген жерлестеріміздің ерік-жігерін құрметтейік», — деген өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді барынша қолдауға шақырды. Құрылысшы кәсіпкерлер әкімнің көзінше Біржан Морякұлына тапсырыс беруге уәде беріп, сөз байласты. Сенбі күнгі рейд жұмысын қорытындылаған Алтай Сейдірұлы құрылыс жұмысының қарқынына ризашылығын білдіріп, өңір кәсіпкерлерін бір-бірін қолдауға шақырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ет әкелу операциясы

Күні: , 42 рет оқылды

100 жыл Орал онири мен Приуралье


Тоқсаныншы жылдардың  орта кезі. Ол жылдары мен «Орал өңірі» газетінің Сырым және Қаратөбе аудандары бойынша меншікті тілшісі болып істеймін. Қиын уақыттар газетімізді де айналып өткен жоқ. Сондықтан газетке демеушілік танытатын азаматтарды іздеп табу, ақылы беттер ұйымдастыру журналистер арасында ресми болмаса да, міндет еді. Ол жайында бас редакторымыз Мәжит Қайырғалиев ағамыз редакцияда өтіп тұратын лездеме (летучка) немесе жоспарлау жиындарымызда ара-тұра сұрап отыратын. Мәжақаң бір айтады, оны орындауың керек. «Орал өңірінің» журналистері бұл шаруаға білек сыбанып кірісіп кетті, мен болсам, ретін шығара алмай біраз жүріп қалдым.


Сөйтіп жүргенімде, демеуші болатын азаматтың қолайы келе қалды. Беркінғали Дәулетов сол кезде Сырым  ауданының «Қособа» кеңшарының директоры болып істейтін. Өзі – жас директор, өзі оған дейін Сырым елінен шығып, талай жарыста кілемнің шаңын қағып, жеңімпаз болған самбошы, оған қоса қазақша күрестің де қабыланы атанған атақты спортшылардың бірі. Өзінің шаруашылығында да бүкіл еліміздегідей жалақы, зейнетақы, жәрдемақы дегендердің берілмегеніне біраз уақыт болған. Шаруашылықтың малымен жан бағып отыр еді. Соған қарамастан, газеттің жағдайын бір кісідей түсінді. «Маңдайымызға біткен жалғыз газетімізге осы кезде көмектеспесек, қашан жәрдемдесеміз?»  деп спортшыларға тән шұғыл шешім қабылдады. Табыннан таңдап жүріп, бір сиырды сойғызып, төшкелеп, кеңшардан қалаға жүргелі тұрған автобусқа тиеп жіберу жөнінде жігіттеріне тапсырма берді. Мен де редакцияның атынан қарыздар болып қалмайын деп, анау сиырдың бағасына Беркінғалидың шаруашылығынан ақылы бет ұйымдастыратын  болдым.

Әлқисса, сонымен, қаңтар айының аязды күндерінің бірінде  кеңшардың автобусымен Орал қаласына аттандық. Автобусты Таспай Әндіров айдап,  салон ішінде кеңшардың жұмысымен шыққан кәнігі бағбан Оңғарбай Баймолдаев және 4-5 адам бармыз.

Үстімде малшылардың қысқа тоны, аяғымда байпақ, салонның артқы жағында аязға сіресе қатып қалған қызыл сиырдың төшкесін анда-санда тексеріп қойып, «Оралға қашан жетеміз?» деп асығып келемін.

Қособадан шығарда директор Берекең жүргізуші ағай Тәкеңе «Әуелі етті Мүсекең айтқан жерге жеткізіңіз»  деген еді. Сол бойынша   көлігіміздің тұмсығын «Орал өңірі» газеті редакциясы орналасқан Достық даңғылы бойындағы көп қабатты ғимараттың ауласына тіредік. Үлкен бір істі тындырғаныма қомпиып, тонымның шалғайлары екі жақта редакцияның ұзынша дәлізімен адымдай басып келе жатыр едім, қарсы алдымнан бас редактор Мәжит Қайырғалиев ағайдың шыға келгені. Қос қолымды соза амандасып, үй-ішін, ұжымның амандығын сұрастырып, Мәжит ағама ауылдан сиыр етін алып келгенімді жылдамдата айтып салдым.

Бас редактор шарт кетті: «Қайдағы ет!.. Редакцияға саған ет әкел деген кім?.. Қайда апарсаң, онда апар, шаруам жоқ»,  – деді де ағамыз өз жөнімен кете барды. Төбемнен жай түскендей болып, дәлізде есеңгіреп тұрып қалдым.

Көшеде тұрған автобуста «Қызыл сиырдың төшкесін қашан алып қалады?» деп мені күтіп отырған бір топ адам бар. Олар да қыдырып жүрген жоқ, тындырып қайтатын шаруалары толып тұр. Төшкені алып қалғанда, қайда апарамын?.. Беркінғалиға сүйретіп, қайтып апарып берсем, ұят қой. Маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете қалды. «Қысылғанда қасыңнан сүйенішің табылар» деген сөздің жаны бар-ау, сірә. Дәліз бойымен адымдай басып келе жатқан газеттің сол кездегі агроөнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Есенжол Қыстаубаев мені көріп, «Өй, қойына қасқыр шапқан қойшы құсап, мынау не тұрыс?» деп үйіріле кетті. Болған жәйтті Есақаңа түсіндіріп айтып жатырмын. «Тфу, сол да сөз болып па? Саспа, етіңді қазір алып қаламыз. Мүшелеп бөлеміз, жіліктеп,  келілеп ұжымға таратып береміз. Қайда өзі, кеттік…» деп мені бастай жөнелді. Редакцияның қызмет көліктері тұратын гаражы Карев үйінің ауласында еді. Соған келіп, Есақаң төшкені түсіріп, автобустағы азаматтарға, біразын жақсы таниды, рақметін  жаудырып,  шығарып салды.

Ендігі мәселе аязға сақиып қалған төшкені мүшелеп бұзу  оңай шаруа емес-ау деп тағы уайымдай бастадым. Мұны да Есағаң әйдімге келтірмей, қатырды. Әуелі ол гаражға іргелес «Қазақстан» азық-түлік дүкенінен ет шабатын жігітті балтасымен жалаңдатып алып келді. Әзірбайжан ба, армян ба, мұрны қолағаштай әлгіні бір шөлмек араққа көндіріпті. «Давай, земляк, вперед!» деп жұмысқа салды. Әп дегенде Есақаң «Соғым сойып алғанмын, менің есебімнен»  деп, 3-4 келі етті бөлек шаптырып алды. Сосын «Қазақстан» дүкенінен күйелеш-күйелеш үлкен  кастрюльді әкеліп, әлгіні гараждың ауласына темір-терсектен ошақ құрастырып, отқа қойды. Ет пісіп жатыр, жұмыс жүріп жатыр.

Өзі бастап, редакцияның суретші-ретушёрі Сағын Тапақов және 2-3 жігіт бар редакция қызметкерлеріне тізім жасап, әркімге  келілеп өлшеп (таразыны да Есағаң «Қазақстанның» сатушы қызкеліншектерінен сұрап, алып келді), алуға ыңғайлап қағазға орап, жұмыс аяғына қарай тап-тұйнақтай қылды. Сосын редакция қызметкерлеріне телефон соғып, олар да бір кісідей келіп, маған алғыстарын жаудырып, тізім бойынша тиесілі еттерін алып кетті. Шынын айтқанда, етті бұзып-бөлуге «Сенің әкелгеніңнің өзі – үлкен еңбек, Мүсеке, дем ал!»  деп менің саусағымның ұшын да тигізген жоқ жігіттер. Бірақ мен де қарап қалмай, жігіттердің «сусындарын» жеткілікті ұйымдастырып тұрдым…

Ертеңгілік редакцияға соға кетуді жөн көрдім. Бас редактор Мәжақаңа арнайы кіріп, амандастым. Кешегі реніштің табы да қалмаған. Жайраңдай күлімдеп, риза көңілде амандығымды, жұмысымды егжей-тегжей сұрап жатыр. Мен аңтаңмын. Бас редактордан шығып, Қыстаубаевқа кірдім.

– Мүсеке, Мәжақаң қылтың-сылтыңы жоқ, таза адам ғой. «Ет әкелдім»  деп жетіп барғаныңды түсінбей қалған ғой, – деп  сылқ-сылқ күледі. – Беркінғалидың шаруашылығынан арнайы бетіңді құтыртып тұрып дайында… Ұзатпай, беріп жіберейік. Ал редакцияның қыз-келіншектері «Мүсірбектің әкелген еті семіз екен, пісіргенде сорпаның бетіне бір елі май шықты», – деп саған қатты риза болып жатыр. Рақмет! Осылай деп Есақаң қолымды қысып, қапсыра құшақтады. Шыны керек, ол солай дегенде неге екенін білмеймін, жанарым жасаурап кетті…

* * *

«Орал өңірі» газетінің меншікті тілшісі болған жылдарымда Беркінғали інімізге қоса, басқа да шаруашылықтардың басшылары Жұмагелді Қадыралиев, Кейпін Төлегенов, Ерболат Атқаев, жеке кәсіпкер Самат Ғабдуллин  сынды азаматтар газетке барынша көмектесіп отырды. Сол бір қиын жылдарда Кейпін ініміз журналистердің жеке өздерінен де көмегін аямағанын айта кетуіміз керек.

Қысылғанда қасыңнан табылып, қиындықтан шығар жолды бірге таңдасатын ақеділ азаматтардың болғаны қандай жақсы, шіркін!

Мүсірбек  АЙТАШЕВ,

Сырым  ауданы


Береке-бірліктің мейрамы

Күні: , 28 рет оқылды

DSC_0365


Жексенбі  күні  барша мұсылманның  ұлық  мерекесі  – Ораза  айт басталды. Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов облысымыздың  орталық мешітіне  арнайы  келіп, батысқазақстандықтарды  осынау  мейраммен  құттықтады.


Құрметті жамағат! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Алла Тағала ұстаған оразаларыңыз бен құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл етсін. Осы айдағы ізгі ниет пен игі істер қоғамда өзара түсіністіктің дамуына, халқымыздың татулығы мен ауызбіршілігінің нығаюына септігін тигізгені анық. Биыл Елбасымыз рухани жаңғыру бағдарламасын жариялады. Онда республикамыздың рухани-мәдени тұрғыдан дамуына жете мән берілген. Бұл еліміздің кемелдене түсуіне септігін тигізетініне сенім мол. Аспанымыз ашық, деніміз сау, отбасымыз аман, тәуелсіздігіміз баянды болып, айттан айтқа аман-есен жете берейік, – деді Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов та Алла Тағаланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, бес парыздың бірін орындаған батысқазақстандықтардың  ниеттілектерінің қабыл болуын тілеп, Ораза айтты мерекелеу әдептері туралы уағыз айтты.

Айт намазынан кейін мешіт ауласында спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Ораза айттың құрметіне орай өткен арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі сынды додаларға мешіт жамағаты да белсене қатысты. Жарыс соңында жеңімпаз-жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Мемлекеттік тілді жетімсіреткен жиын

Күні: , 15 рет оқылды


Өткен  сенбі  күні  қаламыздағы  Достық  үйінде  еліміздегі, соның ішінде  облысымыздағы  кәсіпкерлікті  дамыту  турасында  алқалы  жиын  өтті.  «Сатып  алу  саласында  отандық  тауар өндірушілерге  қолдау  көрсету  жөніндегі  жұмыс  комиссиясының кеңейтілген  отырысы»  деп  аталған  шарада  мемлекеттік  тіл қағажу көрді.  Яғни  екі  сағатқа  жуық  өткен  жиында  екі  ауыз  сөз қазақша айтылған жоқ.


Атамекен» өңірлік палатасы ұйымдастырған шараның тақырыбы айшықталып көрсетілген тақтайшадағы (бильборд) жазудан бастап, жиынның күн тәртібі, жергілікті қамтуды бақылау бойынша комиссия жұмысының типтік регламенті, іс-шаралар жоспары, атқарылған жұмыс бойынша есебі – бәрі-бәрі ресми тілде көрсетілген…

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қазақстандық қамту стратегиялық маңызға ие екендігін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес қазір Үкімет оны жалпы ішкі өнімнің елу пайызына жеткізу бағытында еңбектенуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында пайыздық мөлшерлемелерді демеуқаржыландыру, грант бөлу, инфрақұрылым тарту, кепілдеме беру, бизнесті жаңа бастағандарды кәсіпкерлік негізіне үйрету сынды қолдаулар көрсетілуде. Сөйтіп, мемлекеттік, ұлттық және кен игеруші компаниялардың сатып алу шараларына қатысулары үшін мүмкіндік жасалып жатыр. Ал кәсіпкерлер өз тарапынан бәсекеге қабілетті өнімдер шығарулары, жұмыс, қызмет түрлерін ұсынулары керек. Біраз жағдайда отандық компаниялардың өнімдері, жұмыстары мен қызметтері тиісті стандарттарға, техникалық регламенттерге сай келмеуі себепті олар тендерден өте алмай қалатыны белгілі. Сонымен қатар сатып алу шаралары жөніндегі ақпараттар да толыққанды жарияланбайтынын да айтып өткен жөн. Жергілікті қамту бағытындағы бақылауларға жете мән берілмейді.

Егер осындай олқылықтар жойылса, ол қазына қаржысын тиімді пайдалануға, жергілікті қамту көлемін арттыруға мүмкіндік берері анық. Отандық тауарөндірушілерді қолдау және облыстың экономикалық тұрақтылығын арттыру мақсатында енді бюджеттік бағдарламалар әкімгерлері мен «Орал» ӘКК алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге байланысты техникалық сипаттамаларды, жобалық-cметалық құжаттамаларды дайындау кезінде жергілікті өнім өндірушілерді ескеруге  жете  мән  берулері  тиіс.

Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Сапарғалиев, «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Нұрлан Қайыршин өз баяндамаларын үтір, нүктесіне дейін ресми тілде баяндап шықты. Бұған дейін әңгімесінің әлқиссасын қазақша бастап, қалғанын орысша айтып шығатындарға көңіліміз құлазып келсе, мына жағдайға не дерімізді білмедік…

Ұлты қазақ мемлекеттік құрылым басшылары мемлекеттік тілге жанашырлық танытпағаннан кейін өз күндерін өздері көріп жүрген кәсіпкерлерге не дейсің?! Жиын барысында олар да сатып алуларға қатысты мәселелерін орысша айтты. Сөйтіп, мемлекеттік тіл бұл жиынның табалдырығынан аттай  алмай,  обал  болды…

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Қазақтың қаһарман қыздарына құрмет

Күні: , 19 рет оқылды

Копия Изображение 185


Сенбі күні Орал қаласының орталығында есімдері аңызға айналған қазақтың қаһарман қыздары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш салтанатпен ашылды.


Қоладан құйылған ескерткіш мүсінші Нұрлан Далбайдың нұсқасы негізінде дайындалған. Ескерткіштің биіктігі – 3,6 метр. Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұхтар Әжіғұлов, Хамза Сафин және Иван Гапич, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, әйгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев қатысып, ескерткішті салтанатты түрде ашты.

— Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Бүгін біз тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары ер-азаматтармен бірге Отан қорғауға аттанған ұшқыш Хиуаз Доспанованың, пулеметші Мәншүк Мәметованың, мерген Әлия Молдағұлованың ескерткіші шаһар орталығына орнатылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өткенде өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер батыр аруларға ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтқан болатын. 2015 жылы 18 наурызда мемлекеттік комиссия мүшелері даңқты қыздарға арналған 11 жобаның ішінен Нұрлан Далбайдың нұсқасын таңдады. Бұл ескерткіш жас ұрпақты Отанын, елін сүюге, патриоттық тәрбие беруге, қазақтың қаһарман қыздарының ерлігін жадымызда мәңгі сақтауға арналады, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлы.

Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапич пен еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай сөз алып, батырлық пен ерлікті насихаттайтын аталмыш ескерткіштің мән-маңызына тоқталды.

Салтанатты шарада театрландырылған көрініс қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Жиылған қауым батыр қыздардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Гүлсезім БИЯШЕВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика