Мұрағат: 23.06.2017


Бауырларды қолдайтын қор

Күні: , 22 рет оқылды

казактар кор


Астанадағы  Тәуелсіздік сарайында  өтіп  жатқан  Дүниежүзі  қазақтарының V  құрылтайында  Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев  бірнеше  маңызды  мәселелерге тоқталды.


Елбасы өз сөзінде латын әліпбиіне көшу туралы айтты. Президенттің ай-туынша, латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам.

«ТМД елдері кириллица, Қытайдағы қандастарымыз төте жазу, Батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сонда сөйлескенде, тіліміз бір болғанымен, оқығанда, тіліміз үш түрлі. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз. Жазуын ұқпаймыз. Бұл, бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстатады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға,  ғаламторға латын әрпі керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшу әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды рухани жақындастыра түсетінін атап өтіп, өзінің Жолдауында 2025 жылға дейін бұл мәселеге меже қоюын тапсырғанын айтты.

«Бірақ оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзірбайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап отырып, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, қиындығы жоқ. Себебі 1-сыныптан бастап барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектептерде ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де онша қиыншылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбір ағайындардың «Біздің шығармаларымыз не болады?» деп қынжылатыны бар. Қазіргі  ғаламтор заманында ешқандай проб-лема  жоқ», – деді Елбасы.

Өз сөзінде Президент шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қоры құрылатынын айтты.

– Қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Мен оны Үкіметке тапсыратын боламын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама аясында гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100 оқулық қазақ тілінде шығарылатындығын, бұл қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтары үшін маңызды жоба екендігін атап өтті.

– Рухани құндылықтарды, гуманитарлық білімдерді, оқулықтарды шет тілдерінен, ағылшыннан орысшаға, орыс тілінен қазақшаға аударғанша 10-15 жыл өтеді. Сондықтан біз ең керекті 100 оқулықты шығару мәселесін алдымызға қойып отырмыз. Енді қандастарымыз қай елде тұрғанына қарамастан, дүниедегі ең таңдаулы біліммен ана тілінде сусындайтын болады деп есептейміз, — дей келе Елбасы құрылтайға қатысушылардың барлығын бұл жобаға белсене қатысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы өтуде. Оған 750-ден астам делегат келді. Оның ішінде әлемнің 39 елінен 350 делегат қатысуда.

Гүлнұр  ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен  Қазақстан» www.egemen.kz


«Ұлым арманымды орындады»

Күні: , 35 рет оқылды

IMG_8575


Орал қаласындағы Оқушылар сарайында өткен баспасөз мәслихатына бокстан Рио жазғы олимпиадасының чемпионы, даңқты жерлесіміз Данияр Елеусінов қатысты.


Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!» айтып, жиынды ашты. Шараға қатысушылар алдымен Данияр Елеусіновтің жасөспірім кезіндегі шаршы алаңдағы өнерін бейнебаян арқылы тамашалады. Одан кейін сөз алған олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов «Мұндай әсем ғимаратқа келіп, өзімнің тәжірибеммен бөліскеніме қатты қуанып отырмын. Алдағы дайындық жұмыстарымды кешікпей бастаймын. «Мені кәсіпқой боксқа ауысады екен» дегендер үшін әзірге ешқайда ауыспайтындығымды жеткізгім келеді. Негізінде австралиялық компаниямен келісімшарт болғаны рас. Бірақ бір себептерге байланысты келісімшартты үзуге тура келді. Үш жылдан кейін болатын Токио жазғы олимпиадасына қатысу жөнінде әлі толық шешім қабылдап үлгермедім. Еліміздің көк байрағын желбірететін 69 келі салмақ дәрежесі бойынша мықты боксшылар өсіп келе жатқандығына қуанамын», — деген ол соңынан ерген жас боксшыларға тілекші екендігін білдірді. Баспасөз мәслихатында сөз алған Даниярдың әкесі Марат Тәліпұлы да өз ойымен бөлісті.

«Өзім жетпеген жетістіктерге ұлдарым жетсе деген арман жас күнімнен басталған еді. Қазір баламның менің ойымнан шыққанына шүкіршілік етемін. Дәуренім – Батыс Қазақстан облысы бойынша ең алғашқы болып ұлттық құрамаға енген боксшы. Қазір кәсіпқой бокста елін қуантып жүрген қазақ ұлдарының бірі деп айта аламын. Ал Данияр 2004 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстанның чемпионы атанды. Кейін Түркияның Стамбул қаласында өткен әлем біріншілігінде алтын алып, баршамызды қуантты. 2007 жылы Астана қаласының шақыртуымен қоныс аударғанбыз. Міне, содан бері тынымсыз еңбектің арқасында ұлым олимпиада чемпионы атанды. Даниярдың тек менің ғана емес, барша қазақтың ұлына айналғанына қуанамын. Кезінде Дәурен мен Даниярды екі бағытта дайындайтынмын. Дәурен дене бітімі шымыр және соққылары ауыр болғандықтан, рингке шыққан кезде төбелескенді ұнатады. Ол жұдырықтасу кезінде көбінесе ашық айқаста жүреді. Ал Данияр жұдырық дарытпау жағын ойлап, ұпай санын арттыруға мән береді. Ең бастысы, балаларымнан соны ұғындым. Егер Даниярды ағасы сияқты дайындасам, бұны мен қазіргі жетістігінен алыстатып жібергендей болар едім», — деп ой түйді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Тәліпұлы.

IMG_8543Туған жеріне келген атақты боксшы Данияр Елеусінов шеберлік сыныбын өткізді. Өзінің тәжірибесімен бөліскен олимпиа-да чемпионы қолына былғары қолғап киіп, жекпе-жек кезінде қарсыласқа соққыларды дарыту жөнінен бірнеше әдіс-айламен таныстырды. Аталмыш шараға қаламыздағы спорт мектептерінің өкілдері, ата-аналар және жас спортшылар қатысып, ерекше әсер алды. Мұндай басқосулардың ұйымдастырылуы бокспен айналысушылар қатарының көбеюіне пайдасын тигізері сөзсіз.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

Орал  қаласы


Жетпіс бесінші жылғылар жарады!

Күні: , 46 рет оқылды

Туған  жерді  түлеткендер

IMG_5653


Елге деген махаббаттың ешқандай да шеңберге сыймайтыны рас. Ешкім елді сүюге оқытпайды, оны үйретпейді. Махаббатты ояту ғана керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы талай адамның еліне деген махаббатын оятқан болар. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» деген еліміздің бірінші адамының сөзін көпшілік қатты қолдады.


Ал жұрт қолдап қана жатқанда, жақсылық атаулыға жалау болып жүретін қособалықтар «Туған жер» бағдарламасы арқылы алғашқы істі атқарып та үлгерді. Маусым айының алғашқы күнінде Қособа ауылында Қособа орта мектебінің 1992 жылғы түлектерінің өз күштерімен салынған жаңа ойын алаңы ашылды. Ол 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне дәл келді. Алаңды салтанатты ашу құрметін түлектер қадірлі ұстаздары Серікбай Жүкеев пен Айгүл Құсайыноваға ұсынған еді.

Ойын алаңында балалардың демалыс уақытын алаңсыз өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Әткеншек керек пе, сырғанақ керек пе, ойыншық үй ме – бәрі де осы алаңда тұр. Жас спортшылар үшін керменің түр-түрі бар. Бұлардың барлығын ауыл мектебінің 1992 жылғы түлектері өз қолдарымен жасаған. Әрине, қаржыны да өздері шығарған. Қолдан жасамай-ақ, бұл ойыншықтарды дүкеннен дайын күйінде сатып алуға да болар елі. Біріншіден, бағасы қымбат, ең тиімсіз жері – сапасы нашар болып тұр. Өзіңе болса бірсәрі, игілігі ел үшін болғасын, қай дүниенің де сапалы, мықты болғаны жақсы. «75-тер» әуелі осыны ойлапты.

Алаңның сол күні өткен салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Аспандияров, жаңағы түлектердің бірі, аудандық мәслихаттың депутаты Жеңіс Шапешов сөз сөйлеген еді.

— Біздің басты мақсатымыз – атақ шығару емес. Біздің бар болғаны туған ауылымыздың көркеюіне сәл де болса үлес қосқымыз келді. Ауыл азаматтары осындай жақсылықты әрі қарай жалғастырып кетсе, қуанышты болар едік, – деді осы кезекте сөз алған идеяның авторы, Қособа орта мектебінің 1992 жылғы түлегі Руслан Өмірғалиев.

Сол күні Қособа орта мектебінің 1992 жылғы түлектерінің балалары 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік концерт берді. Түскі уақытта «75-тер» ауыл балалары үшін тәтті дастарқан жайды.

Қособалықтар «Туған жер» бағдарламасына осылай белсенді үн қосып еді. Кешегі айда ғана осы ауылдағы мектептің 1997 жылғы түлектері ауылдағы алаңға саябақ орындықтарын орнатып берген болатын. Соған қарағанда сырымдықтардың мұндай жан сүйсінтер істері болашақта да жалғасын табатыны кәміл.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Кәсіпкерлерге қолдау көрсету деңгейі өсуде

Күні: , 18 рет оқылды

20170620_114231


ҚР Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз отырысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.


Шараға облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Қайыршин, аталған мекеменің бөлім басшысы Мақсат Құланбаев және бизнес-жаттықтырушы Қуанышбек Ерниязов қатысты.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлікке қатысты тұрғындардан барлығы 163 хат келіп түсті. Бұл арғы жылдармен салыстырғанда кәсіпкерлікке қызығушылықтың 21 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Жуырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астана қаласында дәстүрлі кәсіпкерлер съезін ұйымдастырған болатын. Съезде кәсіпкерлікті дамыту үшін бірқатар кедергілер тудырған жалған кәсіпкерлерге қатысты заң және кәсіпкерлерге қойылатын талаптар санын азайту жөнінде мәселелер көтерілді. Соның ішінде тауар өндірушілердің жағдайын жеңілдету үшін бірқатар шаралар жүргізілмек. Алдағы сенбіде «Қазақстанның үздік тауары» атты конкурстың өңірлік кезеңі өтпек. Оған облыс бойынша барлығы отыз мекеме қатысқалы отыр. Жеңімпаз атанған жоба Астанаға жолдама алады, — дейді Нұрлан Серікұлы.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Мақсат Құланбаев мемлекет ұсынған бірқатар қаржылық емес қолдауларға тоқталды.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге бірқатар қаржылық емес қызметтер көрсетіліп келеді. Кәсібін жаңадан бастаушылар бухгалтерлік есептер, кеденді рәсімдер, кәсіпкерлерді сүйемелдеу, маркетингтік, юристік қызметтерге ие бола алады. Есепшілер мен заңгерлерді қызметке алу мүмкіндігі болмаған жағдайда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, келісімшарттар жасау, бухгалтерлік есептер жүргізу, бизнес жоспар дайындау қызметтерін тегін алуға болады. Ал егер екінші деңгейлі банктен несие алу керек болса, арнайы маман кәсіпкерге барлық құжаттарды жинауға көмектеседі. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының бөлімшелері барлық аудандарда қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар бірнеше оқу бағдарламалары ашылды. Биыл ғана жұмысын бастаған «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы екі күндік қысқа курстан құралған. Ал кәсіпті бастаймын деушілер міндетті түрде аталмыш жобаның сертификатын алуы тиіс. Әзірге бұл бағдарлама бойынша бес аудан ғана жұмыстануда. Келесі жылы барлық аудан қамтылмақ. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында кәсіпкерлер қыркүйек айында екі апталық оқу курсына қатысып, емтихан тапсырады. Үздік танылғандары шетелге барып оқи алады. Биыл кәсіпкерлерді Германияға жіберу жоспарлануда. Ал «Аға сеньорлар» бағдарламасы бойынша керісінше шетелдік мамандар тренингтер өткізу үшін біздің елге шақырылады. Жоғарыда айтылған барлық қызметтер үкімет есебінен қаржыланады, — деді ол.

«Bastau Бизнес» бағдарламасы бойынша Зеленов ауданының Переметный ауылында бизнес-кеңесші ретінде қызмет көрсетіп жүрген Қуанышбек Шынболатұлы топтың негізгі құрамы жұмыссыздардан құралғанын айтып, жұмыс жоспарымен бөлісті.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жемқорлық бойынша – 336,0 млн. теңге айыппұл!

Күні: , 23 рет оқылды

89ddca8750895e09f4f791901a19d22a


Облыстық соттың мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығының алдын алу және сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында семинар-кеңес өтті.


Жиынды жүргізген БҚО бойынша соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғанов аталмыш шараның маңызына тоқталып, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі принциптері жөнінде баяндады.

Бұдан соң сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерінде кешенді және жүйелі шараларды қолдану керектігін айтты. Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында мемлекеттік қызмет 2016 жылдан бастап меритократия қағидаттарына негізделген жаңа форматта жұмыс істей бастады. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке жаңадан келген адамдардың саны үш есеге көбейді, кадрлардың ауысуы екі есеге азайып, өзге қызметке ауысу жағдаяты 18 есеге қысқарды. Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмыс нәтижелері бойынша 2016 жылы 22 лауазымды тұлға жұмыстан босатылған, 200 тұлға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертіліп, төрт тұлға лауазымынан төмендетілген. Азаматтар сенімінің басты көрсеткіштерінің бірі мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына байланысты. 2008 жылдан бастап Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметінің даму индексінде әлемнің 190-нан астам елдері арасында 33-орынды иеленіп, 48-позицияға көтерілді. 2014 жылдан электрондық қызметтер көрсету үлесі 15%-ға өсті. «Әлемдік сыбайлас жемқорлық барометрі – 2016» зерттеулері оң динамиканы көрсетіп, оның нәтижелері бойынша Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегені байқалуда. Сонымен бірге «Іскерлік ахуал – 2016» зерттеулері бойынша 70%-дан астам кәсіпкер елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іске асырылып жатқан бағдарламаларды жоғары бағалаған.

Жиында сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департамент басшысының орынбасары Жомарт Әбдірахманов сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жағдаяттары туралы баяндап, бұған мысалдар келтірді және нақты оқиғаларға негізделген бейнероликтер көрсетті.

— 2015-2016 жылдар және 2017 жылдың бес айы ішінде департамент ауқымды жұмыстар жүргізіп, 325 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 168 қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық жауапкершілікке 115 тұлға тартылды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 82 тұлға сотталды. Соның ішінде облыстық деңгейдегі 35 тұлға болса, оның 13-і – бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары, аудандық деңгейдегі 28 тұлға, оның сегізі – бірінші басшылар және олардың орынбасарлары, қалалық деңгейдегі 46 тұлға, оның алтауы – бірінші басшылар және олардың орынбасарлары, ауылдық деңгейдегі алты тұлға, оның екеуі бірінші басшылар және олардың орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде алтауы шартты жазаға, 21-і бас бостандығынан айыруға, 51-і айыппұлға және төртеуі басқалай жазаларға тартылды.

Талдау аралығында сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша сот қаулыларымен салынған жалпы айыппұл сомалары 336,0 млн.-нан астам теңгені құрады. Судьяларға қатысты облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен қылмыстық істер қозғалған жоқ.

2014 жылы ЖШС директорынан 200 000 теңге ақшалай қаражат көлемінде пара алған №2 Зеленов аудандық сотының төрағасы Б. Сатыбалдиев қылмыстық жауаптылыққа тартылып, сот үкімімен алты жылға бас бостандығынан айырылды. 2015 жылы Орал қалалық сотының жетекші маманы У. Ғабдолова өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, алаяқтық жолмен азамат Н. Нұршаевтың 245 000 теңге ақшалай қаражатын иемденген. Нақтырақ айтсақ, аталмыш қызметкер азамат Н. Нұршаевты Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының лауазымды тұлғаларына әкімшілік материал бойынша оң шешім шығару үшін пара беруге келістірген. Осы үшін Орал қалалық сотының жетекші маманы У. Ғабдолова қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Орал қалалық сотының 11.02.2016 жылғы үкімімен У. Ғабдолова мемлекеттік мекемелерде лауазыммен айналысу құқығынан айырылды және оның дүние-мүлкі тәркіленді. Үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ оның жазасын орындау баласының тым жас болуына байланысты ҚР ҚК-ның 74-бабына сәйкес бес жылға кейінге қалдырылды, — деген Жомарт Қаражанұлы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жайттары анықталған жағдайда 98-47-20 телефонына хабарласу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу ережесі» қолданысқа енгізілген уақыттан бастап департаментпен 13 тұлға 1,9 млн. теңге көлемінде көтермеленген.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин сыбайлас жемқорлық мониторингі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың маңызы жөнінде баяндады. Сондай-ақ облыстық соттар әкімшісінің ішкі қауіпсіздік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжиһан Сәпиева сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жөнінде айтты. Оның сөзінше, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ҚР Жоғарғы сотының жанынан ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылған, осыған ұқсас бөлімдер облыстық соттарда да жұмыс істейді.

Шараны қорытындылаған Нұрлан Қажғанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тек сот жүйесінде ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамда қалыптастыру керектігін, бұған еліміздегі әрбір азаматтың атсалысқаны жөн екенін айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Қос қауіптен сақ бол!

Күні: , 24 рет оқылды

DSC_0003


Бейсенбі  күні  облыстық  төтенше  жағдайлар  департаментінде  «Ормандар  мен  дала  алқаптарындағы өрт  қауіпсіздігі.  Су айдынындағы  қауіпсіздік  шаралары»  тақырыбында  брифинг өтті.


Шарада аталмыш департаментке қарасты өрт қауіпсіздігі саласын бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының аға инженері Жарас Көпжасаров, жедел құтқару жасағы суда құтқару қызметінің басшысы Алексей Еремеев, төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы Сергей Сценцеренко өздері қызмет ететін салаларға қатысты мәлімдемелер жасап, журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Сала мамандарының айтуынша, биылдыққа БҚО аумағында материалды шығын 17 мың тең-гені құрайтын, жалпы ауданы 8,7 гектарға жайылған бір орман өрті және жалпы ауданы 845 гектар болатын 145 жану тіркелген. Жанулардың саны өткен мерзіммен салыстырғанда бес есеге өскен. Мұны мамандар тұрғындар жауапкершілігінің төмендігімен байланыстырады. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және алдын алуға облыс бойынша 97 988 000 теңге қаражат бөлінген. Жергілікті полиция қызметі мен орман және жануарлар дүниесін қорғау бойынша мекеме қызметкерлерінен тұратын сегіз мобильді топ құрылып, 25 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде екі әкімшілік хаттама толтырылған. Ағымдағы жылғы есептік кезеңде БҚО аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 16 төтенше жағдай тіркеліп, салдарынан 11 адам зардап шегіп, төрт адам қаза тапқан. Ал өткен жылы 17 адам зардап шегіп, сегіз  адам қаза болған.

Бүгінде суға кету оқиғалары өзекті мәселеге айналып, облыстағы барлық төтенше жағдайлардың 25 пайызын құрауда. Соңғы 10 жылдың ішінде облыстағы су айдындарында 321 адам қаза тапқан. Оның 78-і – балалар. Мұндай оқиғалар Зеленов, Қазталов, Қаратөбе, Теректі аудандарында және Орал қаласында жиі тіркеледі. Былтыр суда құтқару қызметкерлері 14 ересек адам және сегіз  баланы құтқарған болса, алдыңғы жылы 32 адамды құтқарып қалған. Алексей Еремеевтің айтуынша, қайғылы оқиғалардың көпшілігі спирттік ішімдіктің кесірінен орын алады екен. Суда құтқару қызметінің басшысы қауіпсіздік шараларына жан-жақты тоқталып өтті.

Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы Сергей Сценцеренко «Қазгидромет» болжамы бойынша жақын күндерде облысымызда ауа температурасы көтерілетінін мәлімдеді. Осыған орай өңір тұрғындарының су жағасында демалуы жиілеген кезде сақтық шараларын ұмытпауы ескертілді. Шүкір, биылдыққа, әйтеуір, суға кету  фактісі  тіркелмеген.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


Ирикла қоймасы Жайық суын азайтты

Күні: , 105 рет оқылды

20170621_115414


Маусымның  21-інде  «Жайық бұлағына  дем  бер!»  облыстық акциясы  аясында  «Жас эколог»  қоғамдық  бірлестігі  Орал  қаласындағы  оқушылар  және  жастар  сарайында семинар-тренинг  ұйымдастырды. Оған студенттер, табиғат  жанашырлары  мен  үкіметтік  емес  ұйымдардың  жетекшілері  қатысты. Еліміз «Жасыл  экономикаға»  көшуге  мүдделі  екені  мәлім. Бірлестік  қолға  алған  «Жайық  бұлағына  дем  бер!»  жобасын әлеуметтік әріптестік аясында  АҚШ  елшілігі  шағын  грант  негізінде қаржыландыруда.


Семинар кезінде жоба менеджері Манарбек Ажкенов былтыр тамыз айында басталған облыстық акция аясында қала маңындағы және аудандардағы елді мекендер аумағындағы тоғандарды абаттандыру, бұлақтардың көзін ашу мақсатында қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы  құрылымдардың қолдауымен экологиялық шаралар ұйымдастырылғанын айтты. Нәтижесінде Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылының аумағындағы бұлақ маңы абаттандырылып, шағын саябақ пен көпір орнатылған. Тасқала ауданындағы Ешкітау басына экологияны қорғауға көпшілікті үндеу мақсатында мемориалды тақта қойылған. Бірлестік мүшелері акцияға қатысуға оқушылар мен студенттерді, ауыл жастарын тартып, тұрғындармен кездесуде суды үнемді пайдаланудың маңызын түсіндірген. Манарбек Ажкеновтің мәліметінше, облыс аумағында 196 өзен мен бұлақ бар. Оның ішінде 80-ге жуығы қар мен жаңбыр суы және бұлақ көздері арқылы толығады. Жайық жағалауында өсімдіктің 700 түрі өссе, оның 90-ы сирек кездесетіндердің қатарында, 12-сі «Қызыл кітапқа» енген.

ҚР Ғылым академиясы география қоғамының толық мүшесі, профессор, жоба авторы Мақсұт Мырзағалиев өңірде су қорының экологиясына қатысты ахуал алаңдарлық жағдайда екенін әңгімеледі. Ғалымның түсіндіруінше, 1957 жылы Ресейдің Орынбор облысында салынған Ирикла су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін Атырау аймағынан бермен Жайықтың төменгі сағасындағы су азайып, өзен жағасындағы орман алқабы, өсімдіктің алуан түрі сирей бастаған. Миллиондаған жыл бұрын Каспий теңізінің жағасы қазіргі шаһар орналасқан аумаққа дейін жеткен. Осы аймақта динозавр, ихтозавр секілді алып жануарлар өмір сүрген. Көпшіліктің жеңсік асы болып есептелетін қызыл балықтар сол дәуірден бермен Жайық өзенін мекендеп келеді.

– Ирикла су қоймасын салғалы  Жайық суы жыл сайын азаюмен келеді. Облыс орталығындағы кәсіпорындар мен автокөлік жуатын орындар, құрылыс нысандары, жағалауда орналасқан елді мекендердің тұрғындары Жайық суын есепсіз пайдалануда. Сондықтан жер асты су қорын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Өңірдегі бұлақ көздерінің қасына тал-терек егілсе, ағаштар ылғалды бойына сіңіріп, тұщы су қорын сақтауда айрықша рөл атқарар еді. Соңғы жылдары тұрғындардың денсаулығы нашарлап, бауыр мен өт жолдарына тас байлануда. Жақында Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында мал ауруы шыққанын білеміз. Табиғи су көздерінің ластануынан түрлі дерт өршуде. Өңірдегі елді мекендерге жақын жерасты су қорлары болса да, су құбырының желісін шалғай орналасқан ауданнан тартып, ірі қаражаттарды шығындаудамыз. Мұндай ахуалмен 2030 жылға қарай облыс жұртшылығы ауыз су тапшылығын сезе бастайды, – деді профессор Мақсұт Мырзағалиев. Басқосуда АҚШ елшілігінің бас маманы Әсем Бекешева туған өлке табиғатын қорғауға жастарды белсенді тарту, экологиялық шаралардың маңызын насихаттау үшін акцияны ұйымдастырушыларға әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалануға кеңес берді.

Семинарға қатысқандар ертеңіне ғылыми-тәжірибелік экспедиция ұйымдастырып, Теректі ауданында бұлақтар орналасқан аумаққа барып, зерделеу жұмысын жүргізді, сол маңдағы елді мекен тұрғындарымен кездесті. Кейін Жайық өзені бассейнінің жағалауы мен табиғи қорықтарға саяхат  жасады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Киіз үйді насихаттайтын бағдарлама қабылдасақ қайтеді?…

Күні: , 17 рет оқылды

кииз уй


Елбасы  «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты мақаласында:  «Жаңғыру атаулы  бұрынғыдай  тарихи тәжірибе  мен  ұлттық  дәстүрлерге  шекеден  қарамауға тиіс.  Керісінше,  замана  сынынан сүрінбей  өткен озық   дәстүрлерді  табысты жаңғырудың  маңызды алғышарттарына  айналдыра  білу  қажет. Егер  жаңғыру  елдің  ұлттық-рухани  тамырынан  нәр  ала  алмаса,  ол  адасуға  бастайды»   деген  болатын.


Осы тұрғыдан келгенде Оралдағы «Аяз» ЖШС табиғи жүннен бұйымдар жасап қана қоймай, жаңа өнім түрлерін шығаруда. Қазақтың өзіне таңсық дүниеге айналған киіз үйді шығарып, ұлттың рухани жаңғыруына өз қал-қадірінше үлес қосуы құптарлық. Қазір кәсіпорындағылар алты, сегіз, он екі қанат киіз үй жасап шығарады. Бұрын қаңқасын темірден жасайтын болса, ендігі оны ағаштан жасайды.  Киіз үйдің ішіне ұлттық нақышта жасалған сәнді жиһаз қойып шығару да жоспарланған. Киіз үйдің уықтары шығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құры-шалманы, сәндік жиһаздық сипат беретін желбауды,  басқұрды, үзік бауды, белбауды, тұмарды да «аяздықтар» сәндеп, өрнектеп өздері шығарады.

Киіз үй өндірісін бұдан екі жыл бұрын бастаған кәсіпорын жаңа өнім өндірудің  технологиясын шеберлікпен игерген. «Аяздың» киіз үйлерін кәсіпорынның мекенжайында Елизаров көшесіндегі №48 үйде  жаңадан ашылған сауда-көрме кешенінен көруге болады. Тек киіз үй емес, өндіріс орнының өзге бұйымдарын, әр салаға арналған жұмыс киімдерін, ұлттық кәдесыйлар, тұмар, жасанды теріден және былғарыдан жасалған түрлі бұйымдарын осы кешеннен табасыз.  Атам қазақ қасиетті, киелі шаңырақ деп дәріптейтін және ұлтымыздың сәулет, құрылыс, сурет, қолөнері, мәдениет сияқты бірнеше өнерінің басын құрайтын туындымыз деп мақтанатын киіз үйді кейінгі ұрпаққа насихаттау аясында облыстың мәдениет, білім беру саласына қарасты мекеме-ұйымдары көңіл аударса дейміз. Жалпы, Елбасымыз атап айтқандай, жаңғыруды өзімізден бастап, осындай ұлттық құндылығымызды дәріптейтін әрі жолы ауыр жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорынның өнімдерін қолдайтын, оны күнделікті тұрмыста қолданатындай облыстың өзіндік бағдарламасын қабылдасақ қайтеді?! Сонда ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып әрі өнеркәсіпті де дамытуға үлес қосар едік дейміз-ау.

IMG_6837IMG_6835

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Жалақы бойынша берешек азайып келеді

Күні: , 11 рет оқылды


2015 жылы  облыс  әкімдігі жанынан  дағдарысқа  қарсы штаб  құрылған  еді. Осы  уақыт  аралығында штабтың  жеті  отырысы  өтті.  Осы жиындардың  және  тексеру шараларының  нәтижесінде үш  жылға  жуық  уақыт  ішінде 647  мекеме-кәсіпорындағы 807,1  млн. теңге  көлеміндегі еңбекақы  бойынша  берешек өтеліп,  7114  қызметкердің құқығы  қорғалды.


Бұл туралы кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысы кезінде айтылды.

– Біз комиссия отырысында мекемелердегі қызметкерлерге еңбекақының уақтылы төленбеуі  және міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдардың мерзімінде аударылмауы мәселелерін қарастыратынымыз белгілі. Бүгін де осы жайттарға тоқталатын боламыз. Ақпарат үшін айта кетейін, жыл басында 200 млн. теңгедей еңбекақы бойынша берешек болса, қазір ол 53 млн. теңгеге дейін түсті. Ол – мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарының, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да  жалғасын табуы керек. Орын алған жайттардың уақтылы шешілуіне ұйытқы болу – комиссияның міндеті, – деді жиынды ашқан Марат Лұқпанұлы.

Комиссия отырысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу жұмыстары турасында баяндама жасаған облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айтуевтың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еңбекақы бойынша берешегі бар кәсіпорынның бірі – «Омега» прибор  жасау зауыты» АҚ. Биылғы наурыз айында 9 млн. теңгеден астам соманы құраған берешектің қазір жартысы өтелді. Комиссия отырысына келген аталмыш кәсіпорын бас директорының міндетін атқарушы Алмас Әуелбеков орын алған жағдайға байланысты түсінік берді. Оның айтуынша, 2013 жылы техникалық қателікке орай салық жөнді төленбей қалған. Осы олқылықты анықтаған Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы ағымдағы жылдың 7 наурызында кәсіпорынның есепшотын жауып, бір-екі айдың ішінде салықтық берешек бойынша жиналып қалған 22 млн. теңгені төлеуге міндеттеді. Содан жалақы бойынша берешек пайда болды. Салықты төлеп, есепшот ашылған соң, берешектің жартысы өтелді, көп кешікпей қалғаны да төленеді. «Бұл  жерде кірістер басқармасының бірден кәсіпорынның есепшотын жауып тастауы сынды жедел түрде шара алуы дұрыс емес деп ойлаймын, — деді Марат Тоқжанов. – Осындай жиындарда біз салық құрылымдарына еңбекақы және зейнетақы жарналары, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар, ешкімге пысқырып қарамай отырған мекеме-кәсіпорындарға қатаң шара қолдану туралы ұсыныс айтамыз. Көп жағдайда ол орындалмай жатады. Ал қалыпты жұмыс жасап, қызметкерлерінің еңбекақысын, өзге де төлемдерді уақтылы төлеп тұрған кәсіпорынға келгенде, осындай шара қолданады. Сөйтіп, «Омегада» қиын жағдай орнады. Қанша адам уақтылы еңбекақысын ала алмады. Олардың артында отбасылары тұр. Егер есепшотты жаппастан бұрын оның арты неге апарып соғуы мүмкін екенін қарап, талдау жасап, басқа бір жеңілдеу шара-лар қолданса, мұндай жағдай орын алмас еді».

Өз кезегінде сөз алған БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Еспол Әміров мұндай жайттар алдағы уақытта ескерілетінін жеткізіп, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдары бойынша баяндады. Оның айтуынша, 16 маусымдағы жағдай  жайлы міндетті зейнетақы жарналарына байланысты 114,7 млн. теңге, әлеуметтік аударымдары бойынша 22,3 млн. теңге берешек бар. «Қара тізімге» іліккендердің басында «Кроун Батыс», «Тінәлі», «БГС-Ақсай», «Азия Болашақ Батыс», «Батыс Марқа Ламб» сынды серіктестіктер тұр. Мемлекеттік кірістер құрылымдары қолданған мәжбүрлеу шараларына қарамастан, олар әлі күнге дейін берешегінен құтылмай отыр.

Жиын барысында сөз сөйлеген БҚО жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Жандос Саматовтың мәлімдеуінше, жыл басында жалақы берешегі бойынша оларда 40 өндіріс болды. Оның жартысының берешегі өтелді, 12-сі кері қайтарылды, ал алты өндіріс бойынша тиісті  іс-шаралар  жүргізілуде.

Жиын соңында орын алған мәселелерді шешу жолдары турасында тиісті тапсырмалар берілді.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ


Алты оқушы мектеп формасына оралды

Күні: , 19 рет оқылды

PRI_9723


Облысымыздағы  дін  саласындағы  ақпараттық-түсіндіру топтарының  (АТТ)  қызметі  жөнді  ұйымдастырылмай отыр. Аудандарда  АТТ  мүшелерімен  өтетін  кездесулерге көбіне басқа  да  түрлі жиындарға  қатысып  жүрген  «дежурный»  адамдар  шақырылады. Сөйтіп,  дәстүрлі  емес  дін ұстанатындар,  діни бағыттағы  мәселесі  бар  ауылдық  елді  мекендер  қамтылмай қалады. Бұл  жат  діни  ағымдарда  жүрген  жандардың қатарының  көбеюіне  әсерін  тигізеді.  Облыстық дін істері басқармасы  жергілікті  атқарушы  билікпен бірлесіп, осы  мәселелерді  реттеуі  керек.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында дәл осындай тапсырма берді.

 Теріс діни ағымдардың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік құрылымдардың атқарып жатқан жұмыстарының барысы талқыланған жиынды ашқан Арман Өтеғұлов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттер аясында өзара пікір алмасуы үшін кеңес отырысы өткізіліп отырғанын айтты.

Жиында негізгі баяндаманы облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов жасады. Ол өңірдегі дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру жолдары мен өзекті мәселелеріне тоқталды.

– Зерттеулер мен талдау жұмыстары көрсеткендей, тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыруда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары негізгі пәрменді әдіс-тәсіл болып табылады. Сондықтан басты мақсатымыз осы жұмыстар арқылы қоғамда терроризм идеяларына қарсы иммунитетті, тағатты діни сананы қалыптастыру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру болып табылады. Қазір өңірімізде 14 АТТ қызмет етеді. Биыл АТТ-ның 213 мүшесінің кәсіби дағдыларын, жеке қасиеттерін ескере отырып, әрқайсысына тиісті тақырыптар бекітілді, — деді Талғат Рақымұлы.

Баяндамашының сөзінен ұққанымыз, кейбір аудандар АТТ жұмысына атүсті қарайтын көрінеді. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта облыс көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында құрылған АТТ арқылы 100 мыңға жуық адамды қамтыған 1,3 мың шамасында іс-шара  өтсе, оған Ақжайық, Тасқала, Жәнібек, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандары жөнді үлес қоспаған. Дін саласы бойынша үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары біраз ауданда көңіл көншітпейді. Ал Бөкей ордасы, Жаңақала, Шыңғырлау, Қазталов аудандарында мұндай ҮЕҰ әлі күнге дейін құрылған жоқ. Таяуда басқарма мамандары батысқазақстандықтар арасында АТТ-ның жұмысын бағалау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оған қатысқандардың 57%-ы еліміздегі жүзеге асырылып жатқан дін саласындағы саясат туралы хабардар екенін айтқанымен, бөкейліктердің, жаңақалалықтардың, теректіліктердің басым бөлігі бұл бағыттағы мемлекеттік саясатты жөнді білмейтін болып шықты. Осы аудандар тұрғындарының көпшілігі ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыстарынан да бейхабар. Яғни аудандарда АТТ тобының мүшелері қағаз жүзінде ғана жасақталған, дін саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу жағы кемшін, ғаламторда, әлеуметтік желіде жарияланатын материалдар  саны тым  аз.

– Осындай олқылықтардың орын алуының бір себебі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде дін мәселесіне бөлінетін қаржыларға байланысты ұйымдас-тырылатын конкурстық процедуралардың ұзақ жүруінде жатқан сияқты. Талғат Рақымұлы, жаңа өзіңіз айтқандай,  дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жобасы үшін бюджеттен бөлінген 47,8 млн. теңгені ҮЕҰ енді алып жатыр. Яғни жылдың жартысы өткеннен соң. Оның тиісті құжаттарын реттеп, өзге шараларымен бір ай жүреді, жұмыс басталғанша тағы да 1,5 ай өтеді. Нақты жұмыс істейтін уақыт сонда 3,5 ай ма?! Ал мұнымен қандай  нәтиже  болады?!

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын негізінен аудан-ауылдарда жүйелі түрде ұйымдастыру керек және АТТ мүшелерінің тиісті аудиториялармен жүздесуіне жіті назар аударған жөн. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, Оралда дәстүрлі емес дін ұстанып жүргендердің көбі – ауылдан келгендер. Осыдан-ақ тиісті түсіндіру жұмыстарымен қамтылмаған жастар қалаға келіп, жат ағымда жүргендердің санын толықтырып жатқанын бағамдауға болады.

Құрметті кеңес мүшелері, отырысқа селекторлық режимде қатысып отырған аудан әкімдері! Дін өзекті мәселенің бірі екенін жақсы білесіздер. Жаңа айтылған мәселелерді назарларыңызға алып, олқылықтарды жойып, алдағы уақытта олардың қайталануына жол бермеуіңізді сұраймын, – деді жиын барысында Арман Өтеғұлов.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі жас ұрпаққа рухани-патриоттық білім мен тәрбие беру болып саналады. Жалпы білім беретін орта мектептерде заман талабына сай жасөспірімдерді діни сауаттылыққа тәрбиелеуге негізделген «Дінтану негіздері» курсы  енгізілді. Өткен оқу жылында  ол «Зайырлылық және дінтану негіздері» болып өзгертілді. Дәл осылай аталатын оқулық (авторлары Д. Кенжетаев, Ә. Сайлыбаев, Г. Новикова) облысқа толығымен жеткізілді.  Аталмыш курспен өңірімізде 310 жалпы орта және негізгі білім беру ұйымындағы 5367 оқушы қамтылып,  оларға  343  мұғалім  сабақ берді. Курстың  ерекшелігі  ескеріліп, мектептерде  сапалы  білім берілуі  үнемі  назарда ұсталады. Барлық мектепте қандай да бір діни, соның ішінде деструктивті ілімдердің таралуына жол бермеу, алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасақталып, оқушылармен психологтердің, әлеуметтік педагогтердің  жүйелі жұмыстануы жүргізілуде.

– Облыстық білім басқармасы жаңа оқу жылының басында мектептер мен колледждерде діни бағытты ұстанатын оқушылардың тізімін жасақтап, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, оқушылар білім орындарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті. ҚР Білім мен ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарын бекіту туралы» бұйрығы бойынша мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Атааналар және өзге де заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді. Облыс мектептеріндегі діни киім элементтерін қолданатын (хиджаб жамылып, орамал тартып жүретін) оқушылар есепте тұр. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын ата-аналармен түсіндіру жұмыстарының ұдайы жүргізілуі нәтижесінде алты оқушы орамалын шешіп, міндетті мектеп формасын киді. Бұл аз көрінгенімен, оның артында педагогтердің, мемлекеттік құрылым өкілдерінің үлкен еңбегі тұрғанын айтып өткен жөн, – деді Айгүл  Әділгерейқызы.

Жиын соңында талқыланған мәселелер бойынша тиісті хаттама  қабылданды.

 Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика