
Осыдан бірер апта бұрын Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияда еліміздің әр аймағынан жиналған тарихшы-ғалымдар бас қосқан болатын. Осы шарадан кейін Светлана Смағұловамен тілдесіп, қазақ даласындағы ашаршылық, отаршылдық саясат кезіндегі қазақ баспасөзінің дамуы, латын әрпіне көшудің тарихы жөнінде сұхбаттасуға мүмкіндік алдық. Ғалымның есімі мен ғылым жолындағы шығармашылығы көпшілік қауымға қазақ зиялыларының тағдыры, «Алаш» қозғалысы, ХХ ғасыр басындағы қазақ мерзімді баспасөзін зерттеуші ретінде кеңінен таныс.
– Светлана Одепқызы, «Алаш» қозғалысын сөз етпес бұрын, әңгімемізді алдымен ХХ ғасыр басындағы қазақ даласын жаппай жайлаған ашаршылықтан бастасақ. Бұл қалай болып еді, нәубеттің қолдан жасалғандығы қаншалықты тарихи шындыққа сәйкес келеді?
– ХХ ғасырдың басында қазақтар үш бірдей ашаршылықты басынан өткерді. 1917-18 жылдары Оңтүстік аймақ, әсіресе, Тараз өңірі қатты зардап шекті. Осы өңірдегі ашаршылықты ауыздықтауға Тұрар Рысқұловтың өзі тікелей араласып, дәрігерлік пункттер құру, жұқпалы аурулармен күресу мәселесімен көп жұмыстар жүргізді. Ал қазақ халқының аштықтан зор қасірет шеккен жылдары 1921-22 және 1931-33 жылдардағы зобалаң еді. 1921-22 жылдардағы ашаршылыққа Азамат соғысы, мал басының біресе қызылдарға, біресе ақтардың қолына өтуі, ауыл шаруашылығының күйреуі, табиғи апаттың орын алуы кесірін тигізді. Бұл ашаршылық Батыс өңірін, әсіресе, Ақтөбе даласын кеңінен жайлады. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, Ырғыз, Шалқар жерлеріндегі халықтың ауыл-ауыл болып қырылып қалғандығын көреміз. Батысты жайлаған халық аштықтан дала кезіп, тамақ іздеп, біртіндеп Семей өңіріне қарай боса бастайды. Қазақтардың арып-ашып, азып-тозып жатқанына шыдап отыра алмаған ұлт зиялылары 1922 жылы Семейде бас қосады. Осы жиында Міржақып Дулатов үлкен бастама көтеріп, аштарға көмек көрсету мақсатында жылу жинауға ұран тастайды. Сөйтіп, «Бостандық», «Ақжол» газетіне үндеу жариялап, белді азаматтарға қолқа салып, соның арқасында халық үшін мыңдаған бас жылу жиналады. Ал Жүсіпбек Аймауытов бастаған қазақ зиялылары жиналған малды Торғай, Қостанай өңіріндегі ашығып жатқан халыққа айдап баруға атсалысады. Өкінішке орай, осы жылу мәселесіне байланысты кейін дау туындап, төрт жылға дейін созылған сот процесі басталады. Сотта қаралған негізгі мәселе — Семейде көмек көрсетуге жиналған малды ұлт зиялылары өзара талан-таражға салып, түгел таратып жіберді деп қаралаған. Шын мәнісінде, жиналған малдар жол бойы кезіккен ашыққан халыққа таратылған еді. 1926 жылы Қызылордада өткен 10 күнгі сотта Міржақып Дулатовтың тікелей қатысуымен, «Еңбекші қазақ» газетінің араласуымен Ж. Аймауытов айыбынан толықтай ақталып шығады. Алайда оның қасындағы Ахмет-Сапа Жүсіпұлы, Ілияс Бәйменұлы, Ш. Құлжанұлы сынды азаматтар 1-2 жылды арқалап кете барды. Бұдан бөлек аштықты ауыздықтауда Сейітқали Меңдешовтің де үлесі зор. Тіпті өзіміздің еліміз ғана емес, сонау Американың «Ара» ұйымы да көмекке келіп, Ақтөбе, Торғай, Ырғыз өңіріндегі халыққа тамақтай, заттай қолұшын созған. 1931-32 жылдардағы ашаршылықты халықтың басына түскен үлкен қайғы-қасірет деуге болады. Бұл Үкімет тарапынан әдейі жасалған әрекет еді. Өйткені 1927-28 жылдары елде тәркілеу жүргізілді, байлардың малдарын тартып алып, ұжымға беру әрекеттері орын алды, 1929-31 жылдары әр жерде байлар мен дінбасылар бастаған көтерілістер бой көтергенімен, олардың бәрі сол кезде-ақ қуғындалып, атылып кетті.
Нәтижесінде халық тағы да сеңдей соғылып, боса бастады. Бір жұтым тамақтың қамымен шетелге, қала берді Қытайға қашты. Одан әрі Түркия, Түркіменстан асты. Егер 1921-22 жылдардағы аштық баспасөз беттерінде үнемі жарияланып тұрса, 1931-33 жылдары аштықтың қасіреті туралы баспасөз беттерінде мәлімет беруге қатаң тыйым салынды. ХХ ғасырдың басында А. Байтұрсынов «Әлхамдулла, алты миллион халықпыз» деп айтқан болатын, ал аштық кезінде соның тең жартысы қырылып қалған еді. 1921-22 жылдары халық саны 1,5 миллионға дейін азайса, 1931-33 жылдары бұл сан екі есеге артты. Яғни алапат аштық басталған кезде Қазақстанда отырықшыландыру мәселесін қолға алып, колхоздастыру, совхоздастыру науқаны жүріп жатқан еді. Елдегі ауыр жағдайды қалпына келтіруде Ұзақбай Құлымбетовтің де еңбегі орасан. Ол мал басын қалпына келтіру, ша-руалардың төлейтін салық мөлшерін азайтуды сұрап, жоғарыға бірнеше рет хат жазып, шаруалардың қамын ойлады. Ол жұқпалы аурумен күресушілердің қатарында болды. Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы меңдеп бара жатқан ауру ошақтарын жоюға қатысты құрылған төтенше комиссияның төрағалығын атқарды. Уақтылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қатерлі індетпен ауырғандарды арнайы дайындалған орындарға жатқызып, ем-дом жасау, аштықтан далада, көшеде өлген адамдар мен қырылған малдарды жинастыру және тағы басқа іс-шараларды қолға алды.
Осы комиссияның белсенді жұмысының нәтижесінде мыңдаған адамдар ажал құрсауынан аман қалды десек те болады. Азық із-деп, көршілес республикаларға немесе шетелге босып кеткендерді қайтару ісін қолға алды. Үй-күйсіз, ата-анасыз қалған кезбе балаларды түрлі оқу орындарына, оның ішінде кәсіптік оқу орындарына орналастырып, тәрбиелеуді жөнге салды. Әрине, аштық нәубеті халық шаруашылығын тұралатып тастады, халықтың демографиялық өсіміне кедергі келтірді. Дегенмен ұлт зиялыларының ұйымшылдығы арқасында аштық ауыздықталды. Украинадағы аштықтан келген шығын Қазақстаннан әлдеқайда аз болса да, олар «Голодомор» деп жариялап, Ресейден өтемақы өндіріп алды. Ал біздің елде аштық тақырыбы әлі күнге дейін ашық күйінде тұр. Сондықтан аштық мәселесі өзіндік тарихи бағасын алу үшін бұл тақырып терең әрі жан-жақты зерттеуді қажет еді.
– Ал қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары туралы не айтасыз?
— Біздер қуғын-сүргін жылдары деп 1937-38 жылдармен ғана шектелеміз. Шын мәнісінде, 1917 жылдан басталады. 1925 жылы қазақ жеріне билікке келген Ф. Голощекинге «Алашорданың ықпалы қалай? Соны анықтаңдар» деп арнайы тапсырма беріліп, қазақ зиялыларының ізіне түсу үшін арнайы құпия іс ашады. Ұлт зиялылары не істейді, қандай әрекетке барады, соның бәрін тізіп отыруға бұйрық беріледі. Бұйрықта «Егер алашордашылардың ықпалы коммунистердің арасында басым болса, оларды жасыту, қызметтен қуу мәселесін қолға алыңдар» делінеді. Осылайша ол Қазақстанға келісімен кіші Қазан төңкерісін жүргізіп, қазақ ұлтының қаншама зиялысы «тазартуға» ілікті.
Кеңес үкіметінің жандайшаптары сол кезде құрылған үш топтың артына түседі. Алғашқы көшті Әлихан Бөкейханов бастайды, олардың әрекеті – Кеңес өкіметіне Алаштың бұрынғы идеясын таратып, халықты қайтадан өзіне қарай тартып, Кеңес өкіметін құлату. Ал екіншісі – Ахмет Байтұрсынов бастаған топ, ол бұрынғы алашордашы, Кеңес өкіметін мойындап, коммунистік партияның қатарына өтіп, алаш идеясын таратушы делінген. Ал үшіншісі – нағыз коммунистік топ.
Голощекин кезінде оларға «жікшілдік» деген жаланы қосып беріп, олардың әрбір істерін газет бетіне жариялап, бір-біріне айдап салып отырды. Сол кездерде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Ауыл большевигі» газеттерінің бәрінде ұлттың зиялыларын қаралаған мақалалар көптеп жариялана бастайды. Олардың бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды, олар идеологияның құрбаны болды. Айталық, Ұзақбай Құлымбетовтің өзі бірнеше сот процесіне тартылған. Оны кезінде Алаш идеясын жақтаушы, ақтардың қатарында болды деп бір қараласа, Ахмет Байтұрсыновты да партия қатарынан шығарады. Оған қандай айып тағылды? Біріншіден, алашорданың мүшесі болғаны үшін, екіншіден, жарна төлемегені үшін, үшіншіден, партия жиналысына қатыспады деген айып тағылды. Бірақ бұл сылтау ғана еді. Ең басты себебі 1920 жылы Ленинге хат жазып, интеллигенцияға күдікпен қарауды тоқтату керектігін алға тартады. Осы хаты партиядан шығуға итермелейді. Одан бөлек партия деректерінде 44 адам жазаланды дегенмен, олардың саны одан да көп еді. Осы 44 адам Мәскеудегі Бутырка түрмесіне айдалды, кейін кешірім жасап, 10 жылға сотталғанымен, оның үшеуі бірден атылып кетті. Олар Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Дінше Әділов. Ал әйелдердің арасынан «қара тізімді» Шахзада Шонанова бастады. «Телжан Шонановтың идеясын сен неге бізге айтпадың? Оның жазғанын неге жария етпедің?» — деп Шонанованы да ату жазасына кескен. Жалпы, Кеңес өкіметінің қатып қалған біржақты көзқарасы ең алдымен қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалғысы келген тұлғалардың көзін құртуға бағытталды. «Қуғын-сүргінге кімдер ұшырады?» дегенде, біз көбіне ұлт зиялылары ұшырады деп жатамыз. Шын мәнісінде, одан өзге де азаматтар өте көп болған еді. Әкімшілік салада жұмыс істеген азаматтардың көпшілігі алашордалық болмаса да, солардың идеясын жақтап, насихаттаушы деп айыпталды.
Мұның ішінде қарапайым малшы да, жұмысшы да, тіпті жасы ұлғайған кісілерге дейін қуғындалып кетті. Осыдан-ақ қазақ тарихының қасіретке толы екенін анық аңғарамыз. Ал осы азаматтардың қилы тағдыры әлі күнге жұмбақ күйінде зерттелмей жатыр. Біз қазақ ұлтының зиялыларын ғана зерттейміз де, ал қарапайым адамдарға әлі қолымыз жетер емес…
– Светлана Одепқызы, өзіңіздің диссертациялық жұмысыңыздың басты тақырыбы болған ХХ ғасырдың басындағы қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелуі жөнінде не айтасыз?
– Қазақстанда баспасөз ісі ХІХ ғасырдың аяғында пайда болып, қалыптаса бастады. «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шыққанда Ахмет Байтұрсынов:
«Газет – халықтың көзі һәм құлағы» деген екен. Қазіргідей телеарна, радиосы жоқ заманда халықтың бар назары газетке ауғаны шындық. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының» газетінен басталған бұл сала ХХ ғасырдың басында бірнеше газет-журналдармен толыққаны белгілі. 1907 жылы жалғыз нөмірі жарыққа шыққан «Серке» газеті бірден өз жұмысын тоқтатады. Оның алғашқы санынан-ақ патша үкіметіне қарсы екенін біліп, «Ұлтшыл газет» деп айып тағылып, редакциясы тәркіленіп, жабылып қалады. Бүгінде «Жайық Пресс» медиахолдингі толықтай зерттеуді қолға алған «Қазақстан» газеті тек Батыс өңірінде ғана емес, сонау Қытай жеріне дейін тарағанын білеміз. Одан кейін баспасөз тарихында үлкен орны бар Мұхамеджан Сералиннің бастамасымен қолға алынған «Айқап» журналының 1911-1915 жылға дейін 88 нөмірі жарыққа шығып үлгерген. Біздің институт оның барлығын қазақ қарпіне аударып, баспаға дайындап отыр. «Айқаптың» негізгі бағыты ағартушылықты насихаттады. 1913-1918 жылдары шыққан «Қазақ» газеті ұлттың, ұлт зиялыларының газеті болып, өз айналасына нағыз тұлғаларды топтастырды. Олардың «Алаш» қозғалысын құрар алдындағы идеялары да біртіндеп жарияланып отырған. 1916 жылы «Алаш» газеті, одан кейін 1917 жылы Семейде «Сарыарқа» газеті жарық көріп, бұлар да «Қазақ» газеті сияқты Алаштың идеясы мен ұранын насихаттап, Алаштың бүкіл өмірінен мәлімет таратып отырды. Аталмыш мерзімді басылымдар үкіметтің қатаң бақылауында болса да, патша үкіметінің отаршылық жүйесіне қарсы наразылықтарын таныта білді.
Негізінде 1917 жылға дейін шыққан газеттерді ұлтшыл газеттер, ал 1920 жылдан кейін жарыққа шыққандарды большевиктік газеттер деп қарастырамыз. Өйткені қуғындаудың «салқынын» баспасөзден де көруге болады. 1919 жылдан бастап мерзімді баспасөз үкімет тарапынан бақылауға алынып, оның саласын «алашордашыл» қызметкерлерден тазарту шаралары жүрді. Осы жылдардан бастап зиялылардың ойын тежеу, кеңес саясатына нұқсан келтірерлік материалдарға жол бермеу әрекеттері іске асырыла бастады. Ал ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қазақ мерзімді баспасөзі түбегейлі коммунистік партияның насихат құралына айналды. Күні бүгінге дейін қазақ баспасөзі қилы жолдарды бастан өткеріп, жаңа жолға шықты.
Ал баспасөз бетінде жарияланған материалдарды тарихи дерек ретінде пайдаланып, кешенді зерттеу жұмыстары енді ғана қолға алынды.
– Елбасының халыққа жариялаған рухани жаңғыруға қатысты мақаласында латын әрпіне көшуге ерекше көңіл бөлініп, арнайы тапсырма берілген болатын. Түрлі көзқарас тудырған бұл мәселеге қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Латын мәселесі түркі халықтарының арасында ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап көтерілді. Ал біздің ұлт зиялыларының латын әліпбиіне көшуге деген көзқарастары 1923 жылдан бастап, 1927 жылға дейін қызу айтыс-таласқа ұласады. Бұл мәселеде ұлт зиялыларының пікірі екіге бөлінді. Оның бірі Ахмет Байтұрсынов ислам діні енгеннен бастап қолданыста келе жатқан араб жазуында қалуды ұсынса, Мұхтар Мырзин, Нәзір Төреқұлов бастаған топ латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Латын әліпбиін қолдаушылар арасында Халел Ғаббасов та болады. Ол: «Мен латын әліпбиіне қарсымын, бірақ Үкіметтің тапсырмасы бойынша латын әліпбиін жасап жатырмын және құрастыруға кірістім» деген екен. 1924 жылы Әзірбайжанда өткен Білімпаздар сиезіне Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары қатысып, латыншылар мен арабшылардың арасында қызу пікірталас туады. Олардың көпшілігі «Араб жазуы бұрыннан келе жатыр, оған көзіміз де, тіліміз де үйренген, арабта қалуымыз керек» десе, екінші топ «Латын әліпбиіне көшу арқылы бүкіл әлемге таныламыз» деген ұстанымда болады. 1929 жылы жарлық шығып, ақыры латын әліпбиін енгізу мәселесі қолға алынады.
Латынға көшу жолында көптеген кедергілер орын алып, қиындықтар туындайды. Зерттеу барысында анық көз жеткізгеніміз – латынға көшу барысында араб әліпбиінде жазылған көптеген құндылықтарымыздан айырылып қалғанымыз рас, бүгінде олар мүлде қолданусыз қалды. Қазіргі таңда бірлі-жарым адам болмаса, араб жазуын танудан мақұрым қалдық. Ең өкініштісі, 1930 жылдардан бастау алған латын әліпбиі аяқсыз қалып, 1940 жылы кириллицаға көшірілді. Сөйтіп, он жылда латынша жазылған құндылықтарымыз тағы да шаң басқан сөрелерде қалып кетті. Соған қарамастан, бұл мәселені бүгінде Елбасымыз батыл көтеріп отыр. Латын әліпбиіне көшудің бір жетістігі, бізді түркі халықтарымен жақындастырады. Қазіргі жағдайда басым көпшілігі латынға көшуді құптап отыр. Қазір әліпби қалыптастырушылардың арасында да бірнеше нұсқа жасалуда. Бұл әліпбиді тек қазақ тілді халықтар емес, өзге ұлт өкілдері де қолданатындай дәрежеге жеткізгеніміз абзал. Кириллицаны да жоқ қылуға болмайды, қатар ұстаған жөн деп білемін. Әрине, бұл – өз ойым, төл пікірім.
– Тарихымыздың ақтаңдақ беттерінен молынан хабар берген келелі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ләззат ШАҒАТАЙ,
«Орал өңірі»