
Кеше облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары мемлекеттік құрылым, этномәдени бірлестік, кәсіподақ, саяси партиялар мен ҮЕҰ басшылары қатысты.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Оның алғашқысы, яғни ҚР Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ассамблеяның ХХV сессиясында қойған тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы өңір басшысы баяндама жасады.
– Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық ХХV сессиясында Елбасы қоғамдық сананы жаңғырту үшін ассамблеяның алдында тұрған нақты мақсат-міндеттерді белгілеп, басым бағыттарды айқындап берді. Нұрсұлтан Әбішұлы сессияда рухани жаңғыруға қатысты жаңа тапсырмалар жүктеді. «Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет» деп атап өтті Елбасы.
Біз Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес, өңірімізде қайырымдылық бойынша үйлестіру кеңесін құрып, ізгілікті істер жасау бойынша жоспарды орындаудамыз. «Мейірімді көктем» қайырымдылық айлары акциясы тек көктеммен шектелмей, жыл бойы өз жалғасын таба береді. Қайырымдылық балы ұйымдастырылып, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы арбалар сыйға тартылды. Облыс бойынша «Мейірімді көктем» акциясы шеңберінде 43675 адамға 18,5 млн. теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді және жергілікті бюджеттен бөлінген 119,3 млн. теңгеге ақшалай, заттай (тұрмыстық техника, сыйлық, азық-түлік) жәрдем берілді. Рухани және мәдени шаралар әлі де жалғасын табуда. Сананы жаңғырту дегеніміз – мемлекеттің тағдырына бейжай қарамайтын пайым-парасаты мол, бәсекеге қабілетті, тарихты жетік білетін, болашаққа барынша қам жасай білетін жаңа қазақстандықтың келбетін қалыптастыру. Яғни бізге ұлттық бірегейлікке негізделгенмәдениетті, білімді, жауапкершілікті сезінетін, прагматикалық тұрғыдан ойлай алатын тұлға керек.
Бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі – компьютерлік сауаттылық, шет тілін меңгеру және мәдени ашықтыққа ие болу. Бүгінгі таңда облысымызда үштілділік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Мектеп бағдарламасына сәйкес 1-11-сынып оқушылары, яғни 94 мыңнан астам шәкірт ағылшын тілін меңгеруде. Келесі жылдан бастап өңірімізде үш тілді оқыту бағдарламасы бойынша сыныптар ашылады. Мәдени ашықтық жұмыста да, үйде де, жалпы қоғамда біздің үлгілі адам ретінде қалыптасуымызға ұйытқы болады. Ол үшін алдымызға нақты мақсат қойып, оған жету үшін еңбектене білуіміз шарт. Біз қоғамда астамшылықты емес, барды ұқыпты, тиімді пайдалана білу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл – күнделікті атқаратын күрделі әрі сан салалы жұмыс. Мемлекет басшысы атап өткендей, алға қадам басуымыз үшін ұлттың дамуына кедергі келтіретін бұрынғы элементтерден арылуымыз қажет.
Шынайылық және прагматизм — алдағы онжылдықтың ұраны. Яғни бұрын қолданған тәсілдеріміз бен ұсынымдарымызды қайта қарағанымыз абзал. Осындай ауқымды жұмысқа облыстық ассамблеяның этномәдени ресурсын, оның мәдени-ағартушылық жобаларын кеңінен пайдалануға болады. Этнос күні — сондай жобалардың бірі. Жыл сайын жүзеге асып келе жатқан бұл жоба өңіріміздегі этностардың салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін сақтап, дамытудың жарқын мысалы бола алады. Сол себепті аталмыш жобаның географиясын, идеялық құрамдас бөліктерін дамытуды ұсынамын. Түп негізінде азаматтардың жалпыұлттық бірегейлігін дамыту, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету бағытындағы жобаны жүзеге асыру үшін тың идеялар, жаңа ракурстар керек.
Енді Елбасы ұсынған, уақыт талабына сай келетін, қоғамдық сананы жаңғыртатын нақты жобаларға тоқталайын. Қазіргі уақытта біз облыстық ассамблеяның қатысуымен өтетін алты жоба бойынша іс-шаралар жоспарын бекітудеміз. Сол жоспар бойынша жұмыс комиссиялары құрылып, бастамашыл топтар жасақталуда.
Ассамблея жүзеге асырып жатқан ірі жобаның бірі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» болып табылады. Біздің бүгінгі міндетіміз – өңіріміздегі өмір жолы көпшілікке үлгі болатын, ерік-жігері жастарға талпыныс беретін жандардың құрамын жасақтау. Олардың өмір тарихы, табыстарының сыры БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көрініс табатын болады. Сол себепті аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін аудан, қала әкімдерінен облыстық ассамблеяға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетулерін сұраймын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы туған жерге, оның мәдениеті мен тұрмыс салтына деген сүйіспеншілік және мәдени-генетикалық кодқа негіз болары анық. Бұл бағдарлама өлкетану жұмыстары, ауылдан шыққан табысты жандардың инфрақұрылымды қолдауы және жергілікті басқарушы биліктің меценаттылықты ынталандыру сынды үш негізгі бағыттан тұрады.
«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бәріміз де атсалысуымыз қажет. Ол үшін бірінші кезекте айналамыздағыларды емес, өзіміздің өзгеруімізге мән бергеніміз жөн. Яғни ауламызды реттеп, күл-қоқысты жинап, ортақ қолданыстағы жерлерді таза ұстаудан бастағанымыз абзал. Сөйтіп, үйлеріміздің келбетін, тиісті аумақты, елді мекендерді белгіленген стандарттарға сәйкестендіруге жол ашамыз. Осы жерде «Үздік елді мекен», «Үздік көше», «Үздік аула», «Үздік үй» сынды жобаларды қайта жаңғырту туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл тұрғындар арасында тазалық мәде-ниетін және туған жерге деген құрметті қалыптастырып, дамытары анық. Мәселен, Зеленов ауданының Зеленое ауылында біраз жылдан бері «Через годы, через расстояния» деген тақырыпта жерлестер кездесуі өтіп келеді.
Аудан, облыс, еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген ауыл түлектері белгіленген мерзімде ауылға жиналып, ұйымдасқан түрде туған жерге көмектерін көрсетеді. Облыстық ассамблеяның тағы бір жобасы Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан жерлестерге арналуы қажет. Аудан, қала әкімдері бір ай мерзім ішінде аталмыш жобалардың жүзеге сәтті асуы үшін өз ұсыныстарын берсе, нұр үстіне нұр.
Барлық өлкетану жұмысын үйлестіру және оны жаңа деңгейге көтеру үшін облыстық өлкетану қауымдастығын құрған абзал. Өлке табиғатын дәріптеу мақсатында арнайы фотоэкспедиция жасақтауды ұсынамын. Облыстық мәдениет басқармасы аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, өңіріміздегі көрнекі орындардың картасын дайындауы керек. Мемлекет басшысының «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыстық ассамблеяға облыстық білім басқармасымен және М. Өтемісов атындағы БҚМУ-мен бірлесіп аталмыш картаны біздің өңірімізге қатысты материалдармен қамтуды тапсырамын, — деді Алтай Сейдірұлы.
Облыс әкімі өз баяндамасында сондай-ақ «Жаңа гуманитарлық білім», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның сакральды географиясы» сынды жобаларға, латын әліпбиіне көшу, қайырымдылық қызмет, медиация жөнінде кеңінен айтып өтті.
Жарыссөзге қатысқан Бөрлі ауданындағы кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан биыл кәрістердің Қазақстанға депортацияланғанына 80 жыл толғанын атап өтіп, сол кездегі оларды қабағын шытпай қарсы алып, үйіндегі барымен бөліскен қазақтар мен олардың ұрпақтарын бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды. Өзі қазақ халқына құрмет көрсету ишарасын жасап, иіліп тағзым етті. «Менің балалық шағым өте қиын болды, балалар үйінде тәрбиелендім, – деді Виталий Константинович. – Қазақ халқына құрметім ретінде және бір балаға болса да әкелік махаббатым мен шапағатымды тигізейін деп 2011 жылы облыстық балалар үйінен он төрт жасар Асхат Аронов есімді қазақ баласын өз тәрбиеме алдым. Өзінің төл тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жетік біліп, Қазақстанның патриоты болып қалыптасуына барынша жағдай жасадым. Ол бүгінгі таңда облыстық клиникалық аурухананың үздік массажисі болып табылады. Президентіміз қайырымдылыққа мән беру туралы жиі айтады. Облыс басшылығы тарапынан да бұл бағытта шаралар алынып жатқаны қуантады. Қайырымдылық жасауды өзіме міндет санаймын. Еңбекақымның көп бөлігін мұқтаж адамдарға жұмсаймын. Шығыс медицинасының маманы болғандықтан, дертті адамдарға жиі қолұшымды созамын. Адамдардың қуанышын көруден артық бақыт жоқ мен үшін. Мереке-мейрам күндері балам екеуміз сыйлықтар алып, балалар үйіне барамыз. Бүгінде менің осынау істерімді ұлымның жалғастырып жатқанына шүкіршілік етемін».
Еңбек ардагері, облыстық ассамблеяның аналар кеңесінің мүшесі Роза Көжекова Елбасының бағдарламалық мақаласын көптеген студенттің оқымағанын, жөнді білмейтінін айта келіп, сол себепті оқу орындарында бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін жеткізді. Латын әліпбиіне көшуге дайындық шаралары кезінде аға буын өкілдері де ұмыт қалмаса екен деген ұсынысын да айтты.
БҚО бойынша азаматтық альянстың президенті Айгүл Туркина «Мерейлі отбасы» секілді байқауларды ауылдық округтерде ұйымдастырып, оған түрлі ұлт өкілдерін қатыстыру, ал ауылдың дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкер, меценат жандарға ауылдың құрметті азаматы деген атақ беру турасында өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ облыстық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары В. Киянский, Жаңақала аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы З. Сисенғали, Қазталов аудандық мәслихатының депутаты, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Н. Жолдыбаев, «Уральская газета» басылымының редакторы И. Тоболева да жарыссөзге қатысып, өз ой-ұсыныстарымен бөлісті.
Сессияның күн тәртібіндегі қалған мәселелер облыстық ассамблеяның даму тұжырымдамасы және ассамблея мүшелерінің ротациясын бекіту жөнінде болды.
Жиынға қатысқан облыстық ассамблеяның 120 мүшесі оларды бірауыздан бекітті.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,
«Орал өңірі»