Мұрағат: 14.06.2017


Алғашқы рейспен Франкфуртқа 43 жолаушы аттанды

Күні: , 22 рет оқылды

a4552c29-db6f-4d1f-b2c5-e2e7e114d795-original


Маусымның 14-інде «Эйр Астана» компаниясы Орал – Франкфурт бағытындағы халықаралық рейсті іске қосты. Енді әр аптаның сәрсенбісінде әуе тасымалы арқылы Германияға қатынауға болады.


– Бүгін облыс орталығынан Еуропадағы Франкфурт қаласына баруға жол ашылды. Қазақстан – әлемнің дамыған елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан ел. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне Германия өкілдері де қатысып, жаңа технологияларын назарға ұсынуда. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында халықаралық дәлізді дамыту жөніндегі тапсырмасы орындалуда. Облыс әкімдігі «ҚПО б.в.» және «Эйр Астана» компанияларымен келіссөз жүргізіп, жаңа рейстің ашылуына қол жеткізді. Биыл одан бұрын «Орал – Мәскеу» рейсі ашылды. Қазіргі уақытта халықаралық Орал әуежайы терминалын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Жаңа халықаралық рейс арқылы өңір үшін инвестор тартуға, бизнес саласындағы серіктестікті дамытуға оң жағдай жасалады, – деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов әуе жолының ашылуына байланысты өткен шарада.

«ҚПО б.в.» компаниясының жобаларын басқарушы Тревор Мандейдің айтуынша, «Frankfurt am Main» – Германияда орналасқан ірі әуежай. Еуропа бойынша жолаушылар саны жөнінен Лондон қаласындағы Хитроу, Париждегі Шарль-де-Голль және Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайларынан кейінгі 4-орында. Франкфурт әуежайынан әлемнің түкпір-түкпіріне баруға 293 бағыттағы жолаушылар рейсі іске қосылған. «ЭКСПО — 2017» көрмесі кезінде Германияға қатынайтын жаңа рейстің маңызы ерекше болмақ. Екі елдің арасындағы тікелей әуе сапарының мерзімі – 4 сағат 20 минут. «ҚПО б.в.» компаниясында 40-тан астам шетелдік мемлекеттен келген мамандар жұмыс жасайды. Елдеріне барып келу үшін оларға да осы рейс ыңғайлы», – деді Тревор Мандей. Салтанатты шарада Германияға баратын шетелдік жолаушылар қазақтың ән-күйін тыңдап, ұлттық киім киген ақсақалдың батасын алды.

IMG_7694Орал әуежайынан алғашқы рейспен Франкфуртқа баруға 43 әуе билеті сатылған. «Airbus A320 c» ұшағында эконом кластағы 132, бизнес-класқа арналған 16 орын бар.  Әуе лайнерінің электронды құрылғылары арқылы жолаушыларға кино көруге, ән тыңдауға, газет-журнал оқуға мүмкіндік туғызылған. Ұшақ ішіндегі қызмет ақысынан бөлек, эконом-класс бойынша берілетін билеттің ең төменгі құны 154 935 теңгеге есептелген. Серіктес әуекомпаниялар арасында жасалған келісімдерге байланысты Оралдан келген жолаушыларға Франкфурттан Еуропа мен Солтүстік Америкаға ұшатын рейстерді пайдалануға жағдай жасалған.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

“Орал өңірі”


Көрмені көріп келгендер

Күні: , 38 рет оқылды

13-1


Өткен жұма күні Елордада көптен күткен халықаралық  мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Осы айтулы шараға қатысып келген бірқатар батысқазақ-стандықтардың пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.


Жидегүл АМАНҒАЛИ,

Орал қаласының тұрғыны:

– Алғашқылардың бірі болып Астанадағы «EXPO – 2017» көрмесін көріп қайттық. Делегат ретінде емес, өзім саналы түрде, еркіммен бардым. Билетті жұмыс орным алып беріп, «Қалай да барасың!» деген жоқ, өзім сатып алдым екі рет. Өйткені бір күнде павильондарды түгел аралап шығу мүмкін емес екен. Соның өзінде бәріне үлгере алмадым. Бар болғаны 30 шақты елдің «шаңырағында» болдым. Көремін, білемін деген кісіні қызықтыратын нәрсе көп мұнда. Финляндия, Польша, Түркия мен Ұлыбританияның көрмелері ерекше ұнады. АҚШ, Жапония, Израиль де бар жақсысымен бөлісуге келіпті. Бірі қуатты (энергияны) үнемдеудің тиімді жолдарын ұсынса, енді бірі адамның қимыл-қозғалысынан, күннен, желден, жерден, судан алынатын қуатты қалай жинау, сақтау және қай салада пайдалануға болатындығын көрсеткен. Поляктар ұсынған «көгілдір көмір» (голубой уголь), финдер ұсынған қалдықсыз технология мен күн батареялары орнатылған өнімдер, ағылшындар ұсынған лампалар ерекше таңғалдырды. Вольфрамның орнына пайдаланылған графин деп аталатын лампа ішіндегі жіңішке, нәзік сымдар жеті жылға дейін қызмет етеді екен әрі лампаны да қыздырмайды. Бұдан бөлек ғарыш үшін, құрылыс үшін, өндіріс үшін пайдасы көп сан түрлі жобалар бар. Жапондықтар мен американдықтардың да бейнероликтері арқылы біраз ақпаратқа қанық болдым. Бұдан бөлек Швеция, Швейцария, Латын Америкасы, Австрия, Словакия, Тайланд, Түркия, Әзірбайжан, Үндістан, Сингапур, Иордания, Кариб елдері (кейбірінің атын бірінші рет естідім), Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Малайзия елдерін араладым. Қазақстанның павильоны есігін тек сағат 5-те ашты.

Кешігіп кірдік біраз. Сол себепті әрқайсысы екі қабатқа татитын сегіз қабатты (16 немесе одан да көп қабаттың есебінде) ғимаратты асықпай көруге мүмкіндік болмады. Барын салған енді, бір музей дерсіз.

«ЭКСПО» аяқталғасын да оның ғимараттары еліміздегі көрнекті, танымдық сипаттағы керемет орындардың бірі болып қалары анық…

Туристердің саны әзірге көп емес. «ЭКСПО»-ның қай жылғы көрмесі де ортасына қарай қызады дегенді естіген едік. Соның өзінде Корея мен Қытай павильондарына кіру үшін кемінде 40-50 минут кезекте тұрасыз. Абзалы көргіңіз, танысқыңыз келетін елдердің тізімін ойша нақтылап алған дұрыс. Көрме аумағы үлкен болғандықтан, жүріп, аяғыңыз да шаршайды, беліңіз де ауырады.

Билет құны жұмыс күндері – 4000, ал сенбі мен жексенбіде – 6000 теңге, студенттерге – 3000 теңге. Бір билет көрмеге бір рет қана кіруге жарамды. Қақпадан шығып кетсеңіз, сол билетпен кері кіре алмайсыз. Штрих код бәрін «айтып» қояды.

Көрме аумағында тамақтанатын арнайы орындар бар. Түскі ас бағасы кісі басына – 1500 теңге (швед үстелі). Басқа уақытта қымбаттырақ. Ұшақ пен пойыз билетінің бағасы да бұрынғы.

«Жалдамалы пәтер бағасы да екі есе өсіп кетті» деген – жалған ақпарат. Дүкендегі азық-түлік те Оралмен шамалас.

Сосын… бұл жерге қызыл-жасыл қызық көремін, жалт-жұлт еткен экранға қараймын, фонтан мен циркті тамашалаймын деп емес, өзге елдің озық технологиясымен танысамын, үздік өнімдерін көремін деп келген дұрыс шығар. Шығып алып, «Оооой, дым жоқ, ұнамады» демес үшін айтқаным. Әйтпесе, кейбір апалардың «Бәленбай шақырым жүріп келгеніміздегі осы ма?» дегенін естіп қалдық.

Нұрлан БЕКҚАЙЫР,

Қазталов ауданының әкімі:

— Бұл ауқымды шараның ашылуынан, жалпы «ЭКСПО – 2017» көрмесінен керемет әсер алдым. Барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Көрмені аралау кезінде АҚШ, Ресей, Германия, Иордания, Корея сынды елдердің павильондарында болып, тамашаладым. Ғажайып дүниелерімен таңғалдырды. Өз дөңгелегінің айналуы кезінде қуаттанып, жүретін көліктер, судың ағысынан алынатын энергиялар, осы қуатымен жүретін кемелер адамды таңғалдырмай қоймайды. Мұның бәрі де болашақта қолданысқа еніп, xалық игілігіне айналатындығына сенеміз. Себебі «ЭКСПО»-ның тариxындағы көрмеге қойылған туындылардың дені қазіргі таңда қолданыста екені баршамызға аян.

Сонымен қатар ең алғашқылардың бірі болып келуімнің себебі ертең ауданымыздан келетін делегацияның орналасуы, оларға қызмет көрсететін турфирмалардың өкілдерімен кездесіп, еш қиындықтардың туындамауын қадағалау және ең қызықты деген павильондарды оларға айтып, жол сілтеу болатын.

Мен осы көрмені тамашалап жүргенде, өзімнің қазақ екеніме, Қазақстанның азаматы екеніме қуандым, мақтандым. Себебі шет елдерден келген қонақтардың біздің әсем Астанамызға, ондағы әдемі де зәулім ғимараттарға, «ЭКСПО – 2017» қалашығына таңданыстарын жасыра алмай, таңырқай қарап жатқан кезде мақтаныш сезімі билейді екен. Осының бәрі, әрине, елдегі тұрақтылықтың, бірліктің арқасы.

Жарасты бірлігіміздің арқасында көрмені жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін.

Салтанат ТҰМАНБАЕВА,

БҚО бойынша «Болашақ» қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына облыс делегациясы құрамында барып келген болатынмын. Көрмеден тамаша әсер алдым. 115 мемлекет өкілдерін бір жерге жинаған көрмеде ол елдердің мәдениеті мен тарихы туралы, ең озық технологиялары жөнінде кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Бір күнде барлық павильонды аралау мүмкін емес, 20 павильонда ғана  болдым.

Өзіме ерекше ұнаған – Жапония, АҚШ, Түркия, Германия, Сингапур павильондары. Германия павильоны екі залға бөлінген. Бірінші залы ауыспалы кезеңдегі әлемнің үлкейтілген картасын ұсынатын «Болашақ картасы» деп аталады. Онда Қазақстан мен Германияның бірлескен жобаларынан бөлек интеллектуалды желілер мен энергияны сақтау жүйелері секілді тақырыптар ұсынылған.

Павильонның екінші залында адамның өмір сүру ортасына арналған. Мұнда қуат өндіретін «ақылды үйлер», қуат (энергия) алуға болатын балдырлы қасбеттер, заманауи электромобильдер таныстырылады.

Еліміздің әлемдегі ең беделді халықаралық шараны өткізіп жатқанына қуаныштымын, осыған дейін көрме көбіне Еуропа елдерінде, АҚШ,  Жапония және Қытайда ғана өтіп келген екен.


Бұл неғылған жауап?..

Күні: , 65 рет оқылды

Облыстық  ішкі  істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры М. Аблазимовтың  назарына!

жауап 1жауап 2


Оқырмандарымыз біледі, осы жылдың басынан бермен қарай, «Орал өңірі» газеті мал ұрлығына байланысты жиі-жиі жазып келеді. Солардың біріне («Бірі «Ақшаңды апарып береміз десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр Ананы сенделтіп қойды» «Орал өңірі» 13. 05. 2017 ж.) БҚО ІІД-дан 2017 жылғы 24 мамырда төмендегідей жауап келді. Оны үтір, нүктесіне дейін және стилистикасы мен грамматикасын сол күйі өзгертпей беріп отырмыз.


«Құрметті Бауыржан Файзоллаұлы! Сіздің 18.05.17 ж. шығыс №28 Қаратөбе ауданы Алакөл ауылының тұрғыны Қ. Дәулетиярованың 14 бас қой малдарының ұрлану қылмысы жөнінде шағымы бойынша жіберілген хатыңыз Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті басшылығымен қаралып, қылмыстық істі зерделеу арқылы тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталғанындай, 2016 жылдың қыркүйек айының 18-інен 19-на қараған түні белгісіз аламдар бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында БҚО Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округіне қарасты Алакөл ауылының тұрғыны Қ. Дәулетиярованың мал қорасына заңсыз кіріп, қора ішінен соңғыға тиесілі 14 бас қой малдарын жасырын ұрлап, жәбірленушіге барлығы 350 000 теңге материалдық залал келтіріп оқиға болған жерден бой тасалаған.

09. 2016 ж. аталған дерек Қаратөбе АІІб-нің тергеу бөлімі ҚР ҚК-нің 188-бабы, 2-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

02.11.2016 ж. осы қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталмауына байланысты, ҚПК-нің 45бабы, 7-бөлімі 1-тармағымен қылмыстық істің мерзімі уақытша тоқтатылды.

29.11.2016 ж. жәбірленуші Қ. Дәулетиярова Қаратөбе ауданының прокуратурасына қылмысты ашу бағытындағы жұмыс жүргізілмегені туралы шағымданып, аудан прокурорымен қылмыстық істің мерзімін үзу туралы қаулының күші жойылып, қосымша тергеп-тексеруге жолданған.

Тергеу барысында жәбірленуші Қ. Дәулетиярованың уәждерін тексеру және қылмысты ашу мақсатында жәбірленушінің дәйектеріне сай, күдіктеніп отырған ауыл тұрғыны, яғни жәбірленуші Қ. Даулетиярованың көршілері И. Мұжықпанов пен Е. Шуйншалиевтің қылмысқа қатыстылықтары тексерілді. Алайда, оларды қылмысқа әшкерлейтін дәлелдемелер табудың мүмкіншілігі болған жоқ.

Жедел-іздестіру іс шаралары барысында қылмысты жасауға әуес тұлғалар, ауыл көлеміндегі ет тасымалымен айналысатын адамдардың қатыстылықтарын тексеру мақсатында жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатырғанын қатеріңізге саламыз. Құрметпен, Батыс-Қазақстан облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаев». Жауапты орындаған Қ. Жанболатов деген. Осылай деп жазылуын жазылған, бірақ оған уақыты болмады ма, әлде қажет деп таппады ма, мүмкін анау Жанболатов көрсетпеді ме, Төлебаев қолын қоймаған. Бұған «Бұл неғылған жауап?» — деп бір таңғалсақ, хаттың мазмұнына «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» және таңғалдық. Оның себебі мынау. Әуелі, оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастайық. Сөзбе-сөз жариялап отырған мынау аталмыш хат «Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы 13 мамырдағы 50-санында жарияланған «Бірі «Ақшаңды апарып береміз» десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп, Батыр Ананы сенделтіп қойды» атты журналист Есенжол Қыстаубаевтың мақаласына байланысты жолданып отырған облыс полициясының жауабы. Мақалада Батыр Ана Қалампыр Дәулетиярова қаратөбелік полицияның табалдырығын тоздырып, әбден әуре-сарсаңға түскеніне шағымданған еді. Күндердің күнінде қаратөбелік азамат Жалғас Тінәлиевтің малы жоғалуына байланысты полициялардың сергелдеңге салып қойғандығы туралы «Орал өңірі» газетінде мақала жарияланады («Орал өңірі», 2017 ж. 14. 02. №17). Осы мақаланы арқаланған Қалампыр апай малы ұрланғаннан бергі жарты жыл бойы сергелдеңнен мезі болып, қаратөбелік полицейлерге «ұрыны тауып бермесеңдер, газетке барамын» — дейді. Бұған Қаратөбе аудандық ІІБ-ның басшысы Нұрмағанбетов бар, оның қосшылары бар «Ұрыны тауып береміз» деп уәдені үйіп-төгеді. Сол кезде ағайынды Мұса, Ескендір Бисекешевтердің алдыңғысы Қалампыр апайдың Ақтөбедегі баласына 2017 жылдың 26 ақпанында «Сүйінші, мамаңның қойлары табылды» деп телефон соғады. «Сүйінші сұрап» тұрып, ұрланған қойларының құнына қанша сұрайтынын білгісі келеді. Апайдың баласы: «Менің малым болса, сендерден 700 мың теңге талап етер едім. Мал анамдікі, сол кісімен сөйлесіңдер» — дейді. «Әйтеуір, газетте 14 ақпанда Жалғас Тінәлиевтің малы туралы мақала шыққаннан соң, милиция Ескендірді қысты ма, әлде өздерінің жандары қысылды ма, Мұса Бисекешев звондап тұр ғой, балама» — деген еді бізбен кездескенде Қалампыр Дәулетиярова. Одан әрі «сүйіншілеткен» Бисекешевтер тып-тыныш қалады. Қалампыр апай тағы да қаратөбелік тәртіп сақшыларына: «Газетке барамын, сендер туралы жаздыртамын» — деп айтуға мәжбүр болады. Осыдан кейін көп ұзамай Қаратөбе АІІб бастығының орынбасары Ермұқан Жұмағалиев қасында Асхат Мусин деген тергеушісі бар Ескендір Бисекешевті Қалампыр апаймен беттестіруге алып келеді. Апайдың айтуы бойынша ол беттестіруде ешқандай хаттама толтырылмайды. Керісінше полицейлер апайға: «Ескендірді алып келдік, терге» — дейді. Амал жоқ, азаматша Дәулетиярованың «тергеуші» болуына тура келеді. Анау Бисекешев 14 қойды ұрлаған жоқпын деп тұрып алады. «Сенен күдіктенген жоқ едім, күдікті өзің тілеп алдың басыңа. Ағаңа хабарлап, ағаң маған звондап, балам Оразбекке звондап. «Қанша сұрайды?» — деп бір звондадыңдар. «700 мыңды төлей алмаймын, 350 мыңын» беремін» — деп екі звондадыңдар. Ұрламасаңдар, неге звондайсыңдар?» — деген бағытта Ескендір Бисекешевті полицияның өздері айтқандай «тергейді». Анау мелшиіп үндемей тұра береді. «Тергеуші» Дәулетиярова:

— Сенің үндемегенің, мойындағаның ғой, — дейді. Сонда Ескендір деп отырғаны осылай айтсам, құтыламын деді ме, әлде жаны қысылды ма, «Мен ағама айтқан жоқпын. Мұса өтірік айтады» — деп қашқақтап, ағасын «құрбандыққа шалып жібереді». Одан әрі бір хабарын «Мына кісілерден күт» — деп полицияларды көрсетіп, жөніне кетеді. Ал полициялар болса, Бисекешевке «Бізден не күтеді? Ұрлаған сен, ұры сен, жауабын сен бер!» — деп айтуға жарамай, үндемей олар қалады (бұл Қалампыр Дәулетиярованың бізге айтқаны. Бейнебаянға түсірілген, диктофонға жазулы). Міне, осыдан көп ұзамай (10.05.2017 ж.), бір азамат «Сізге бережақ кісі беріп жіберді» — деп Дәулетияроваға 350 мың теңгені әкеліп тастайды. Оған дейін Бисекешевтер Батыр Анаға телефон соғып:

— 10 мамырға дейін 350 мың теңгеңді апарып береміз. Ешкімге ештеңе деме, полициядағы арызыңды алма, жата берсін, — дейді.

 Ал құрметті оқырман облыстық ІІД-ның басшысының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаевтың жоғарыдағы жауабындағы соңғы сөйлемді «…жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатырғанын қатеріңізге саламыз» — дегенін қалай түсінуге болады? «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» — деп отырғанымыз сол ғой. Өйткені өткен мамыр айының 10-ы күні кейуананың 14 қойын ұрлағандар тоғыз айдан кейін қойдың құнын (350 мың теңге) апарып тастаған. Ал 24 мамыр күнгі облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаевтың бізге жолдаған жоғарыдағы жауабында «Жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр» — дейді. Ал түсініп көріңіз, кімді-кім алдап отырғанын?..

Әлде мал ұрлығына байланысты арыз-шағымнан шаршаған қаратөбелік полицейлер облыстағы басшыларына қате ақпарат беріп жіберді ме екен?..

Дәулетиярованың 14 қойын түн жамылып барып ұрлаған ұрылар алдағы уақытта да ұрлықтарын жалғастырып, ұсталып қалып жатса, құнын төлеп, әрі қарай да ойларына келгенін істей бере ме?..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Бір шаңырақтағы шырғалаң

Күні: , 149 рет оқылды

depositphotos_48617473-stock-illustration-womens-manipulation


Редакцияға  жасы елулер шамасындағы  Жәния* есімді әйел адам арыздана  келді. Өзі – көп бала тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа»  иегері. Әңгіме орайы отбасылық кикілжің туралы, нақтылай түссек, ата-ана мен бала-келін төңірегінде болғандықтан, дағдарып қалдық. Жанұядағы жағдайды жалғанға жар салмай тұра тұрайық, мүмкін татуласарсыздар деп ананы сабырға шақырдық. Ағайын-тума өз алдына, ел, халық алдында ұят болар, шыдаңыз,  бәрі оңтайлы шешілер деп бұл мақаланы жазудан бас тартқанымыз  рас. Алайда көп балалы ана райынан қайтпады. Сондай-ақ ананың кейінгі ұл-қыздары да, жұбайы Берік те редакцияға келіп, мақаланың жазылуын, газетке жариялануын өтініп сұраумен болды. Осы аралықта үлкен ұл мен келіннің ата-ана арасындағы ширыққан қатынас сотқа дейін жетті.


Оқырманға түсінікті болу үшін оқиғаны басынан тарқатсақ… Жәния мен Берік Қаратөбе ауданынан.  Сол ауданда туып, кейін  шаңырақ көтеріп, жеті перзентті дүниеге әкелген қарапайым жанұя. Отбасын құрғанда ата-аналарының еншілеріне берген малын өсіріп, шаруасын күйттеп, төрт перзентін аяқтандырады. Ал кенже балалары  оқу орнында білім алып жүр. Балаларымен базарлы күй кешіп жүрген отбасылардың бірі болатын.

— 2013 жылы жазда тұңғыш ұлым Жарқын үйленетін болды. Жасы отыздан аса бастағасын, біз де уайымдап жүр едік. Содан  бұл қуанышқа бәріміз қуанып, мәре-сәре болдық.  Келінді әкеліп таныстырды. Есімі Роза екен. Көршілес Жымпиты ауданынан. Қарапайым, сүйкімді қыз болып көрінді. Содан  тамыз айының 28-де келінімізге  құда түстік. Құдалықты атқарғаннан кейін ұлым бір кеште көңілсіз келді. Не болды дегенімде:  «Апа, Роза бұрын тұрмысқа шығыпты. Маған осы кезге дейін айтқан жоқ. Енді айтты. Той жасайық па, әлде кейінге шегерейін бе?», — деді. Мен де біраз ойланып қалдым. Бірақ көрші-көлемге, ағайын-туғанға хабарланып қойғасын, ұят болар, мүмкін түсінісіп, жарасымды жанұя болып кетерсіңдер, ұнатсаң, үйлен дедім. Жақсы көретінін  айтты. Біз той қамына кірісіп кеттік.

Қорадағы малымыз арзанға бағаланатын болғасын, той шығындарына қыздарымның біреуіне 800 мың, екіншісіне 280 мың теңге, Қаратөбе ауданында мұғалім болып жасайтын ұлыма 600 мың теңге несие алдырдым. Содан 150 адамға арнап ресторанға дүркіретіп  той жасадық. Тойдан соң ұлым Жарқын: «Құдалық шақырысып,   бірден құтылайық» деді. Құдағайымызға таңдатып жүріп, 90 мыңның  сырғасын, басқа бауырларына  алтын, күміс, бағалы ішік секілді құнды  сыйлықтар алып, күз айында  құдалық жасадық.  Шабыспен уақыт зулап өте берді. Күндердің күнінде Жарқын: «Мал басын көбейту үшін  қожалық ашып, несие алайық» деді.  Келісімшарт секілді қағаздардан хабары болғасын, шаруа қожалықты Жарқынның атына тіркедік. Мемлекеттен берілетін демеуқаржыны алу үшін  кенже баламның атындағы Орал қаласының Сарытау шағынауданындағы жер үйін кепілге қойдық. Содан несие алып, Жарқынның тойы үшін арнап алған басқа балаларымның атындағы несиені  жаптық. Қалған қаржыға асыл тұқымды мал сатып алдық.

Осылай қарбаласпен жүргенде,  жаңа түскен келініміз  өз  бөлмелеріне  кілт салғызып алды. Басқа балаларым ерлі-зайыптылардың бөлмелеріне баса көктеп кіретіндей ақылсыз емес еді. Басында түсіністік танытып жүрдік.  Мүмкін  бөлмесінде бағалы заттары болып,  келіп-кететін қонақтардан сақтанған түрі шығар дедік. Қала берді, тоңазытқыштағы  тағамдардың сыртына бұл менікі, мынау сіздердікі «Тиіспеңдер!» деген сыңайда қағазға жазып, скочтап коятын. Үйленгеннен бастап ұлым екеуі екі күннің бірінде ренжісетін.  Бірде жанұя болып кетсін деп келініме аналық ақылымды айтып едім, ұлыма: «Сенің анаң мені сыйыстырмай сөйлей береді» депті. Содан ұлым Жарқын бір сөз айтып түсіндіруге мүмкіндік бермей, балағаттай бастады. Қит етсе, бауырларына айқайлап, қол көтеріп, әкесі екеумізді балағаттайтынды шығарды. Бұрын мүлдем мұндай емес еді. Қатты бауырмал еді. Іні-қарындастарының сабағын қадағалап, оқуларының ақшасын төлегенін тексеріп жүретін.  Солай жағдай күннен-күнге шиеленісіп, тұңғыш ұлым өзімен-өзі өзгере берді.

Жәния  апайдың кенже қызы Марал  былай деді:

— Ағам тіпті бауырларымен дауыс көтеріп сөйлеспейтін.  Бірде болмашы реніш үшін інім екеумізге қол көтерді. Ол кезде жұбайым үйде жоқ еді. Ол білсе, мәселе ушығып кетер деп  тіс жармадым.

Содан өткен жылы олар желтоқсан айында Сарытау шағынауданындағы үйдегі өз бөлмелерін  кілттеп, Қаратөбе ауданының  елді мекеніндегі әке-шешемнің қара шаңырағына  мал бағуға кеткен еді. Сонда ата-анамның адал еңбегінің арқасында жиналған   малды  сатып, жеңгеміз Достық даңғылы бойынан сұлулық салонын ашып алды. Ал анамыз  соғым соямыз дегенде,   Жарқын ағам  анама дауыс көтеріп,  үйден қуып шыққан.  Ағамды анамызға қол көтергені үшін жек көремін.  Әкемнің жинаған малы ғой. Үйлене сап байлыққа ие болған жоқ, — деді ағасының әрекеттеріне шамданған  қарындасы.

Одан арғы оқиға Жәния апайдың айтуы бойынша былай өрбіген. 2017 жылдың  наурызында ол   үйжайдың, малдың жағдайымен танысуға барады.

— Барғанда  келінім жақтырмай, тіпті амандаспады да.  Сізге өтірік, маған шын үш күн қонғанда,  дастарқанға да шақырған жоқ. Үйдегілер тамақтанғанда пештің түбіне отырып, өксіп-өксіп алатынмын. Келінім болса маған: «Мен саған әлі талайды көрсетемін!» деп өзімен-өзі  сес көрсетіп, кіріп-шыққанымды бағып жүрді. Үшінші күні дегенде, мал бағатын көмекшілерден қалған ыдыстың түбіндегі қалдық сорпаға  көз алдымда шәйнектегі суды құйып бере салды. Бұл үйде тұру мүмкін еместігін түсініп, ұлым Жарқынға қаладағы балаларыма  қалайда соғым  алатынымды айтқанда, анасы екеніне қарамастан қол көтеріп, жалаң аяқ, жалаң бас күйде  сүйреп, күштеп сыртқа шығарып тастады  (батыр ана еріксіз жылап жіберді).  Бұл қыстақта екі үй ғана болғандықтан, жанұшыра жалаң аяқ қозы көш жердегі көршіме жүгіріп бардым. Содан аудан орталығында тұратын екінші ұлыма жету үшін аудан әкіміне хабарласып, көлік сұрадым. Учаскелік полиция «Нива» көлігімен келіп, аудан орталығына жеткізіп тастады.

Түн ортасында  Қаратөбе ауданынан Оралдағы баламның үйіне  жеттім-ау…

Мұндағы  перзенттері анасының түрін көріп, шошып кетеді. Содан   облыстық клиникалық ауруханаға жеткізіп, денсаулығын тексертеді.

Ондағылар оң жақ иығынан соққы алғанын растап анықтама толтырады (медициналық анықтаманың көшірмесі бар). Содан ұлы Жарқыннан  көңілі қалған  ана  өзіне қол көтергені үшін Қаратөбе аудандық сотына арыз түсіреді. Мақала жазылу барысында Қаратөбе ауданында өткен сот отырысын күттік. Жәния апайдың сөзі бойынша сот төрт дүркін шақырту жіберсе де, Жарқын келмейді. Бесінші рет  учаскелік полицейлер арнайы ордермен барып, күштеп сот залына алып келген. Сотта Жарқын анасы Жәнияға сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеп, үйінен қуып жібергені үшін әкімшілік құқықбұзушылық жауаптылыққа тарту жөнінде ісі қаралады. Сонда Жарқын өзінің кінәсін толық мойындап, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада көрсетілген мән-жайды растап, алайда анасы Жәниядан  кешірім сұрамайтындығын айтады. Судья әкімшілік құқық бұзушы Жарқынның сотқа берген жауабын тыңдаған соң  ҚР ӘҚБтК-ның 73-бабының 1-бөлігімен (яғни құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеп, қорлап тиісу, жеке тұрғын үйде жасалған әрекеттер және бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ деген дәрежемен) үш тәулікке қамауға алу жөнінде қаулы қабылдайды.

Үш күндік абақтыдан шыққан соң  біз  Жарқынға  хабарласып, анасынан кешірім сұрамауының  уәжін есту үшін редакцияға келуін өтіндік. Алайда малды қарайтын кісі болмағандықтан, келе алмайтындығын айтқан соң сұрақтарымыздың жауабын телефон арқылы алдық.  Ұялы телефонның таспасына түскен кейіпкеріміздің  жауабын сол күйі беріп отырмыз.

— 2013 жылы Орал қаласының Сарытау шағынауданындағы інімнің атындағы үйді өз қаражатыма  салдым. Үйді салып бітірген соң  қалада жұмыстың ыңғайы шықпай,  ауылға келдім. Содан ата-анамның рұқсатымен 2013 жылы қыркүйек айында мал басын көбейту үшін қожалық ашып, жер алдым.  Сол жылы үйлендім. Шаңырақ көтергеннен кейін  анам үйде жиі реніш шығара беретін болды. 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4%-бен несие алдым. Басымда қазір 15 миллион теңге қарызым бар.

Бірде аудандық әкімдіктен кәсіпкерлерді жинап, көп балалы отбасыларға қаржылай көмектесуімізді сұрады. Сұраған қаржысын беріп едім, анам аудан әкіміне дейін барып, «Неге ақша жинайсыңдар?» деп айқай шығарды. Кейін анамның бұл әрекетіне ренжідім. Үйде де анам солай келіншегіме тиісе берді. 2016 жыл қалай басталды, солай үйден тыныштық кетті. Зайыбымның қалада өз кәсібі бар болатын. Анам келіп, мал шаруашылығына көмектесіп отырған інімді маған қарсы үгіттеп алып кетті. Содан мал қарайтын не тамақ пісіретін адам болмаған соң,  келіншегімді  қасыма алдырдым. Сол кезде анам да  келіп, ауылдағы үй менікі деп айқай шығарды. Екеуміз сөзге келіп қалдық. Ол милиция шақыртты да кетіп қалды. Анама қол көтерген жоқпын. Медициналық анықтаманы қайдан жасап алғанын білмеймін. Анам сотқа менің үстімнен арыз түсірген. Аудандық соттың қызметкерлері бір іздеп үйге келгенде, жылқы іздеп кеткенмін. Одан кейін келгендерін байқамадым. Бірде үйде теледидар қарап отырғанда  учаскелік полицейлер есікті бұзып кіріп, қолымды қайырып алып кетті. Сот өтті. Үш күнге  қамады. Бұл жағдайларға жарымның еш кінәсі жоқ. Бәріне анам кінәлі, — деді Жарқын.

Анасының бізге көрсеткен жарақат алғандығы жөніндегі анықтаманың жәйін сұрадық. Жарқын «Анама қол көтерген жоқпын» — деді. Содан соң  Жарқынның зайыбы Розамен кездеспек болдық. Алайда Роза қанша хабарлассақ та, жұмысының көп, уақытының жоқ екенін айтып кездесуге келіспеді.

Бара-бара телефон арқылы сөйлесуден де бас тартты. Біз Жәния  апайдан  келінінің араласатын құрбы-құрдастары туралы сұрастырдық. Сонда ол келінінің Әлима есімді келіншекпен араласатынын айтып, оның ұялы телефон нөмірін берді.

Ақыры, Әлима және Жәния апайдың үлкен қызы Гүлдариямен кездестік. Әлима қара торы, арықша  келген, отбасылы  келіншек екен.

— Мен Розамен Достық даңғылы бойындағы салонында таныстым.  Араласып сөйлесіп кеттік. Бір барғанымда, көңілсіз тұр екен. Себебін сұрағанымда, сәбилері болмағандықтан, жұбайымен жиі  ренжісіп жүргенін айтты. Сол кезде менің үшінші перзентіме аяғым ауыр болатын. Ішім төмен түсіп, мазалағасын емші апайға қаралып жүр едім. Содан ол менімен бірге емшіге  баратын болды. Сеансты екеуміз екі  бөлек қабылдап жүрдік. Бірде ол маған емші апайға 41 мың теңге ақша бергенін айтты. Неге бергенін сұрағанымда, сосын айтамын деді. Бірнеше күннен кейін Роза учаскелік полицияны әлгі емшіге  алып келді. Мен аң-таң болдым. Содан Роза емші апайға диктофоннан жұбайымен ренжіскен сөздерін тыңдатып, дуаңның ешқандай әсері жоқ, 41 мың теңгемді қайтарып бер деді. Емші апай оған  ақшаны қайтармайтынын түсіндірді. Тәртіп сақшылары  емшінің сертификаттарын тексерді де кетіп қалды.  Содан кейін де ол бірнеше емшіге барды. Бірде қаржыдан қысылғанда мен одан 15 мың теңге қарыз алып, бірақ көп кешіктірмей қайтарып бердім. Бірнеше айдан кейін маған Розаның жұбайы Жарқын хабарласып, «Розадан алған 150  мың теңге қарызыңды  қайтар» деді.  Мен ол қайдағы ақша деп түсінбедім. Кейін  Розаға звондасам, «Қарыздың өсімі сондай болды» дейді. Мен өсіммен қайтару туралы сөз болмағанын айтып, керек болса өндіріп ал деп телефон тұтқасын қоя салдым.  Содан кейін де енеме, жұбайыма хабарласып, мазалаған болатын, — дейді құрбысы Әлима.

Түн ұйқысын төрт бөлген анасы ұлының мұндай жағдайға қалай түскенін ойлап, жүрегінің  сыр бергенін де жасырмады. Ал үш жыл бойы  созылған дау-дамайдан  қажыған әкенің түрі адам аярлық. Оның да жүйке жүйесі сыр беріп, аллергия дертіне шалдыққан. Бүгінде жүйелі ем қабылдап жүр. Бар қайғысын ішінде  тұмшалаған әке   сенім артқан тұңғыш ұлының бұл әрекеттеріне  қынжылады. Сонымен қоса балаларының болашағы үшін жинаған  қожалықтағы ірілі-ұсақты малды бала-келіні бір күнде жоқ қыла ма деп те  уайымдайды. Өйткені аяқтанбаған әлі үш перзенті бар. Қала берді, барлығының пана тұтып отырған Сарытау шағынауданындағы жер үйді банк тартып ала ма деген қорқынышы да жанына батады. Ұлы Жарқын мемлекеттен алған демеуқаржының қарызын төлемей отырған көрінеді. Ал келіні Роза болса, қыздарына «Сендерге ор қазып  жатырмын» деген мәтінде смс хаттар жолдап, тіпті үлкен қызы Гүлдария қызмет жасайтын мекеменің  бастығына оның сыртынан неше түрлі сөз айтып, шара қолдану туралы арыз жазып кетіпті.

Осынау шырқы бұзылған бір шаңырақтың ортақ шаруа қожалықтарында 97 бас ірі қара, оның ішінде 60 сиыр, 41 қой-ешкі, бес жылқы бар екен. Енді   сот арқылы сол мал-мүлік, техника, жер  бөліске түспек. Яғни ата-ана мен бала-келін арасындағы дау тіпті өршіп барады. Оның немен тынары белгісіз. Ата-ана мен бала-келіннің арасындағы даудың бізге белгілі мән-жайы осы. Қайсынікі  дұрыс, қайсынікі бұрыс, оны біз безбендеп бере алмаймыз. Алайда бір кезде сүттей ұйыған шаңырақтағы шырғалаң ата-анаға да, бала-келінге де, ағайын-тумаға да оңай тимей тұр…

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

* Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертіліп алынды.


«Ұлттық рухымыз мықты болуы керек»

Күні: , 30 рет оқылды

orig_blog_13411_0


Республикалық  ұлттық-этнографиялық  «Дәстүр»  журналының  бас  редакторы,  көрнекті  ақын,  «Құрмет»  орденінің  иегері,  Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері  Қасымхан  Бегманов  Орал  қаласына  келгенін  көзіқарақты  оқырман  біледі.  Биыл  ақын  белгілі   этнограф  Жағда  Бабалықұлының  100  жылдығына  байланысты  «Дәстүр:  кеше,  бүгін,  ертең»  атты  ғылыми  жобаны  қолға  алды.  Жоба  аясында  экспедиция  ұйымдастырып,  жергілікті  өлкетанушылармен,  тарихшылармен  кездесіп,  ұлттық  этнографияға  қатысты  тың  деректер  жинақтауда.  Халықаралық  жазушылар  мен  публицистер  қауымдастығының,  бас  редакторлар  клубының  мүшесі,  халықаралық,  республикалық  жыр  мүшәйраларының  жеңімпазы  Қасымхан  Бегмановтың  шығармашылығына  қазақ  поэзиясының  өкілдері  жоғары  баға  берген.  Назарларыңызға  ұсынған  сұхбатта  ақын  ғылыми  жоба  барысын  кеңінен  тарқатып  айтады.


– Қасымхан аға, ұлттық этнография – әлі күнге терең зерттеуді қажет ететін сала. Жаһандану дәуірінде көпшілік нарыққа бет бұруға мәжбүр болып отырғанда мұндай игі істі қолға алғаныңыз ерлікке пара-пар. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан шараларды тілге тиек етсеңіз…

– Бүгінде қазақ ұлттық болмысынан алыстап барады. Қоғамда жан ауыртар мәселелер көп. Тірі шақалақты әжетханаға тастай салу, жігерсіздік танытып, суицидке ұрынып жатқан жастар тағдыры, жат ағымның арбауына түскен қаракөздеріміздің қантөгіске бел байлауы кім-кімді болмасын толғандырмай қоймайды. Біз ұлттық болмысымызға оралмайынша, рухани кеңістігіміз тазармайды. Ол үшін әдет-ғұрып, салтдәстүр, ырым-тыйымдарымыздың түпкі мәніне үңілу қажет. Осы мүдде аясында «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналын сегіз жылдан бері қос тілде жарыққа шығарып келемін.

Былтыр жоспарланып, биыл қолға алынған халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арнап, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты жаңа ғылыми-көпшілік жоба аясында еліміздің әр өңірінде этнографиялық экспедиция ұйымдастырудамыз. 2016 жылы журналымыздың шыққанына жеті жыл толды. «Жеті саны – адамзат пен табиғат арасындағы тылсым байланыс екені белгілі. Жеті ұғымы қазақ үшін қашанда киелі емес пе?! Осынау жеті жыл ішінде «Дәстүр» журналының шығармашылық ұжымы адамзат пен табиғат арасындағы байланыстардың баршасы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызда жатқандығын егжей-тегжейлі таратып жазып, шамамыз келгенінше дәріптедік. Мыңдаған оқырман осы тұрғыдағы өз ой-пікірлерін, салиқалы тұжырымдарын журнал арқылы халыққа жеткізді. Ең маңыздысы, осы жеті жыл бойы редакциямызға келіп жатқан оқырман қауымның ойлы сұрақтарының негізінде қазақы болмысымыздың қайнар көзі – салт-дәстүріміздің бүгінгі жәй-күйі туралы, елдік ғұрыптың негізін сақтап, жаңғыртып, дамытып, болашаққа басы бүтін аманаттау туралы мәселелерді жан-жақты көтеретін «Дәстүр»: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-көпшілік жобасының іске қосылғандығы болды.

Жоба аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының құрметті академигі Уахит Шалекенов, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор СоветХан Ғаббасов, педагогика және психология ғылымдарының докторы Құбығұл Жарықбаев, тарих ғылымдарының докторлары, этнографтар Жамбыл Артықбаев, Серік Әжіғали, Әбдеш Төлеубаев, Ахмет Тоқтабаев, Қалыш Аманжол, Бибизия Қалшабаевалардан алынған сұхбаттар журналда жыл бойына жарық көреді. Айта кетейін, ғұлама Жағда Бабалықұлымен «Этнографиялық әңгіме» атты кітабым «Дәстүр» баспасынан 2010 жылы жарық көрді. 2010 жылы «Салты мықтының – халқы мықты» деген атпен мемлекеттік тапсырыс аясында екінші басылымы жарық көрді.

– Этнографиялық экспедиция ауқымында атқарылатын істерді баяндасаңыз…

– Экспедиция қорытындысы негізінде «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында төрт томдық кітап дайындап жатырмын. Қазақстанда докторлық диссертация қорғаған 15 этнограф-ғалым, 40-қа жуық ғылым кандидаты бар екен. Бұл бағытта 260-тан астам сұрақ негізінде бірнеше томға ғалымдардан алған сұхбатымды енгіземін. Төртінші томдыққа жергілікті этнографтар мен өлкетанушылардың, тарихшы-ғалымдардың еңбегін жариялауды жоспарлаудамын. Жоба аясында бүгінге дейін Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында болдым.

Орал қаласындағы кездесулерден мол әсер алдым. Мәселен, облыстық музейде ер-тоқымды көріп, атам, ауылым еске түсті.

Ал мынау қасиетті Ақ Жайық өлкесі мені қатты таңырқатты. «Қыз Жібектің» дастаны, Қазтуған жыраудың толғауы, Махамбет пен Исатай тағдырлары шиырланған өңірдің әр тасында тарих таңбасы қалған. Осы өлкеде ұлттық салт-дәстүрдің, ырым-тыйымның мейлінше бүтін сақталғанына көзім жетті. Әрине, оның бәрін зерттеу – болашақтың еншісінде. Мен ұлттық құндылықтардың жоқшысы ретінде, қарапайым тілші ретінде келдім. Әсіресе, еліміздің батыс аймағы көрісу амалын бір кісідей атап өтетініне, салт ерекшелігін сақтап қалғанына аса қуаныштымын.

– Сұхбаттарда есімі елге мәшһүр ақын, жерлісіміз Қадыр Мырза Әли туралы жиі айтасыз. Естелігіңізбен бөліссеңіз…

– Қадыр Мырза Әлидің рухани інісі болдым. Жиі бас қосып, сырласып тұрдық. 2008 жылы Қадекең «Ана тілі» газетіне «Ташкентпен қоштасу» – поэтикалық құбылыс» деген мақала жариялап, өлеңіме зор баға берді. «Ол нені болса, жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады. Ең соңғы тамшысына шейін сарқып, таусылып жазады» деп мақаласында атап өткені бар. Ақынмен сырласқан кезде маған ақыл-кеңесін айтып, қамқорлық танытатын. «Алда үзеңгілестеріңнен әлі талай теперіш көресің. Оған мойыма. Бар қиындықты шынайы еңбекпен, ұлтқа қызмет етумен ғана жеңесің. Ал поэзия әлемі – әйел заты сияқты соншалықты жұмбақ, қастерлі, нәзік. Оған шынайы берілмесең, құпиясы мол, құдіретті тылсым саған да оңайлықпен алдырмайды» деп бағыт-бағдар сілтегені есімде. Қадекең өмірді сүйді, еңбегінің зейнетін көргісі келді.

Ғұмырының соңында қатты науқастанып, ауруханаға түсті. Амандасып шыққан соң, көп кешікпей ақынның зайыбы естірткен қаралы хабарды жалпақ жұртқа жария ету оңай болмады… Оралдағы іссапарымда ақын атындағы мәдениет және өнер орталығында қалың оқырманмен кездесіп, ерекше толқып, көзіме жас алдым. Шаһардағы шайыр ескерткішіне сүйеніп, бейне көз алдымда тірі отырғандай сезіндім, дауыстап сәлем бердім. Тамаша сарай салып, оған ақын атын берген өңір жұртшылығына алғысым шексіз. Танымал тұлғаларын қадірлей білуі басқа өңірлерге үлгі боларлық.

– Аға, Алаштың алып азаматы Мұстафа Шоқай тағдырын терең зерттедіңіз. Аласапыран кезеңде жеке басының қамынан ел қамын жоғары қойған алып тұлғаның Ақ Жайық өлкесіне де жолы түскен болар…

– Кезінде қызыл империяның саясатына қасқая қарсы тұрған алаш азаматтары болды. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов сынды тұлғалар қазақ үшін жанын берді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық кітап, төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильм дайындадым. Асыл ердің жары Мәриям Горина 1958 жылы «Менің Мұстафам» күнделігінде басынан кешкен тауқыметтерін толық жазған. Күнделігінде ер басына күн туған қысылтаяң уақытта Мұстафаның Қазақстанның батыс өлкесі арқылы бірнеше мәрте өткенін, соның ішінде, Алашорданың батыс бөлімшесі Жымпитыда (Сырым ауданында) болғанын жазады. Түркістан мұхтариятын құруды ұсынып, кейін осы атаумен құрылған автономияға басшылық жасаған, Сталиннің арнайы қаулысымен №1 халық жауы деп айып тағылған арысты Маңғыстаудағы Кетікқалаға (Форт-Шевченко) дейін жеткізіп, Баку асырған жымпитылық жігіттердің ержүректігіне таңғаламын.

– «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» ғылыми-көпшілік жоба Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген өзекті мәселелердің шешімін табуға себеп болады деген сенімдемін. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сіз ғылыми жобаны қолға алған кезде Мемлекет басшысының рухани жаңғыруға қатысты тың бастамалар көтергенін жақсылыққа жоритын шығарсыз?

– Елбасымыздың ұсынып отырған ұлттық бағдарламасы дер кезінде қолға алынған құжат деп қараймын мен. Ұлттық рух көтерілмей, дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді көтере алмаймыз. Рухы асқақтап тұрған халық қашанда ұлттық құндылықтардың жанашыры болатыны сөзсіз. Негізінен салт-дәстүр, әдет-ғұрып әлемі ол – тылсым. Бүгінде этнографтарымыз тасада қалды. Олардың орнына даңғаза әуен жайлап, көзбояу әншілердің алға шығуы – ұлт үшін қасірет. Этнографтар ата-баба дәстүрін, олар салған қастерлі сүрлеуді, ескі жұрағатты, жөн-жоралғыны зерттеп, ұлттық құндылықтарымызды жандандыруға, негізгі болмысымызға оралуға зор әсер етеді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, қоғамды өлкетану ісін ширатуға шақырды. Билік енді бұл бағытта игі шараларды қолға алады деп сенемін.

Ең бастысы, этнографтарымыздың еңбегі еленіп, олардың жазғандарын, зерттеулерін жаппай халыққа танытатын болсақ, үлкен насихат болар еді. Осы кезге дейін қаншама этнографтармен кездескен болсам, олардың бәрі таза ғалымдар екенін, өз еңбектерін насихаттауға уақыттарының жоқ екенін көріп, біліп жүрмін. Енді осы ұлттық бағдарламаның арқасында осындай елімізге, жалпы халыққа керек дүниелердің жаппай насихатталуы керек деп ойлаймын және солай болатынына сенімдімін.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлтқа адал қызмет етуіміз, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Жастар мемлекетшіл, ұлтжанды болмайынша, Ұлы дала еліне айнала алмаймыз. Ол үшін тек ұлттық рухымыз мықты болуы керек.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жайық бойын жайлаған елдің жақсылығы мол

Күні: , 31 рет оқылды

Талай  жерді  «жаулаған»  «Тайпакский»  қауын-қарбыз…

Нұрлан бақшашы5


Жұбан  еліндегі  іссапарымыз  бұған дейін  жазылды  («Орал өңірі», №57, 30.05.2017 ж.).  Одан әрі қарайғы  сапарымыз  ауылы  жанға, өрісі  малға, Бағырлайының  бойы  бау-бақшаға  толған  Алмалы ауылында жалғасты. Көргіміз  келетін  жерлеріміз, кездесіп,  сұхбаттасқымыз  келетін  жандарымыз баршылық. Соларды молынан  қамтығымыз  келеді.  Іссапардың  мерзімі  тығыз. Соған  байланысты  күндіз  ашық-жарықта молынан «жортып» алсақ дейміз.  Өйткені  мұндай  іссапарлар  екі күннің  бірінде  бола  бермейді. Сондықтан  Алмалының әкімдігіндегі  азаматтарға  кеңседе  жүздескеннен  гөрі, шаруалармен, кәсіпкерлермен кездесуге тіке  тартайық   деп  қоңыраулатып  қойғанбыз.  Ауыл  әкімі  Армат   Хайруллин  оқуда  болғандықтан, әкімдіктің  бас  маманы  Жарқынғали  Ахметпен  ауылға кіреберісте  кездесіп,  қырға,  шаруа   жасап  жатқан  жандармен  кездесуге  аттандық.


Жәкең ауылдың әңгімесін айтады, біз тыңдаймыз.  Округте 2100-дей тұрғын болса, соның 600-ден астамы жұмыспен қамтылған және сондай тұрғын бүгінде өз-өзін еңбекпен қамтып отыр. Алмалыда, оның Атамекен, Жантемір елді мекендерінде кәсіп жасаймын деген жандарға, әсіресе, мал өсіріп, бау-бақша баптаушыларға мүмкіндік баршылық. Округ әкімдігі  бас маманының дерегіне сүйенсек, бұл елді мекенде 3,5 мың ірі қара, 1100-дей жылқы, оның үстінде түйе, 12 мыңға жуық қой мен ешкі малы бар екен. Өткен жылы еліміздегі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында төрт адам мал шаруашылығын дамыту бағытына 10 миллион 500 мың теңге несие алуға қол жеткізген. Ауылдық округте тіркелген 74 шаруа қожалығының 40-ы көкөніс және бау-бақша өнімдерін шығарумен  шұғылданады. Жаз шыққанда ауылдың еңбек еткісі келетін, табыс тапқысы келетін еңбекқор азаматтары Бағырлайдың бойын екінші мекендеріне айналдырады. Жарықтық Бағырлай – бұл өңірдің  асыраушысы әрі мақтанышы. Су көп келген жылдары Алмалы ауылы азаматтарының көңілдері де  аспандайды.

– Өзіңізге белгілі, біздің өңір бау-бақша егумен аты алысқа кеткен Алмалы ғой. Көктемнің шуақты күндері әбден қызғанда, несібесін жерден тапқан бағбандар іске кіріседі. Олар өздері ғана табыс тауып қоймай, ауылдағы жұмыссыз жүргендерді де еңбекпен, табыспен қамтып отыр, — деп бас маман Жәкең біздерді бау-бақша салып жатқан қожалықтардың біріне бастады.

Бас маманнан тағы бір білгеніміз – келешекте Атамекен ауылына су құбырын тарту күн тәртібінде тұр. Елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу бағытында Алмалы, Атамекен ауылдарына қосымша электр шамдарын тарту – басты шаруалардың бірі. Қазір бұл ауылдарда 21 шам ғана бар. Енді ұзын-саны 60 шам орнатылмақшы. Ол үшін жобалық-сметалық құжат дайындалған, енді алдағы тамыз айында бұл шаруа түпкілікті шешілмек. Атамекенде өткен заман мен тарихтың қойнауына жетелейтін музей бар. Ондағы жәдігерлерді ауылдың азаматы, өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов сан жыл тірнектеп жинап, ескі ғимараттың ішіне топтастырған. «Ақ қашып, қызыл қуған» аласапыран заманнан да бұрын салынып, тіпті Махамбет батырды қамаған қапас болған бұл үй бүгінде әбден «қартайып» тұр… Күрделі жөндеуден өткізіп, сыңғырлатып қойса, келер ұрпаққа да қалар еді, кәделеріне әбден жарар еді… Алмалы түгілі, Ақжайық ауданының  азаматтарына дейін ауыз толтырып айта жүрер мақтанышқа айналар еді…

Әке кәсібін жалғаған азамат

DSC_0088Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдың келесі көктемінде Алмалы ауылының азаматы Абай Жұмашев алғашқылардың бірі болып, «Балауса» шаруа қожалығын құрыпты. Сол жылдардың өзінде табыс тауып, жұрт қатарлы ғұмыр кешуді мақсат еткен ол көкөніс шаруашылығымен айналысуды қолға алады. Абай ағамыздан тараған ұл-қыздар да еңбекпен, маңдай термен келген адал асты ішіп өседі. Ағамыз өмірден озған соң, осынау кәсіпті үлкен ұлы Нұрлан жалғастырады.

Нұрекеңнің меншігінде бүгінгі таңда 460 гектар жер болса, соның 50 гектарын көкөніс шаруашылығына пайдалануда. Суы есіліп аққан Бағырлайды бойлай орналасқан көкөніс бақшаларында бүгінде қызу жұмыс жүруде. Шеті мен шеті көрінбейтін егістікте бақша отырғызумен шұғыл-данған адамның қарасы  қалың.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, биылғы көктем өте кеш шықты. Әлі күнге дейін таңертеңгілік салқындық түсіп тұр. Сол себепті бақша отырғызу жұмыстары да кешеуілдеуде. Мұндай уақытта біз үшін әр күн бағалы, – дейді Нұрекең.

Бұл қожалықтың басқа бағбандардан ерекшелігі – өткен жылдан бастап заманауи тамшылатып суару жүйесіне көшкендігінде. Аталған 50 гектар алқаптың 27-сі көне әдіспен, яғни арық арқылы суарылса, 23 гектары тамшылатып суарылады. Қожалық заманауи суару жүйесімен қамтылған алқапқа сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, асқабақ пен қауын-қарбыз отырғызып та қойылған. Ал қарапайым әдіспен суарылатын алқапқа түгелдей қауын-қарбыз егілуде.

– Тамшылатып суару жүйесі – жерді үнемдеуге, оның құнарлылығын ұзағырақ сақтауға таптырмайтын мүмкіндік. Жер өңдеу жұмыстары үшін де тиімді. Жер бедерін де таңдамайды. Жұмыс күшін де көп қажет етпейді. Бұл жүйемен қамтылған 23 гектар жерді бір ғана адамның суаруына болады. Арықпен суарылатын сондай көлемдегі алқапта кемі 15 адам жүреді. Тамшылатып суаруға қажет құрал-жабдық пен көкөніс тұқымдарының денін Ресейден аламыз. Заманауи жүйеге жұмсалған қаражаттың 30 пайызын мемлекет демеуқаржы ретінде кері қайтарады. Яғни су айдағыш құрылғыға, негізгі және қосалқы құбырларға кеткен қаражатымыздың белгілі бір бөлігін қайта ала аламыз. Ендігі жерде айтарым, тамшылатып суару тек егісті полиэтилен пакетімен жапқанда ғана тиімді болмақ. Ал жайын жерге, күннің астына ашық еккеннен еш нәрсе ұтпаймыз. Сондықтан өзім секілді шаруалардың атынан айтарым, сол полиэтилен пакетіне кететін шығын да демеуқаржыға есептелсе екен, — дейді шаруа иесі.

Нұрекеңнің айтуынша, қазіргі таңда бақша отырғызу жұмыстарына 15 адамды жұмысқа алса, науқан уақытында олардың саны 35-40 адамға дейін көбейеді екен. Бұл шаруалардың өніміне деген сұраныс та жоғары. Бұлар өсірген көкөніс, әсіресе, қарбыз-қауын тек біздің өңірде ғана емес, көршілес Ақтөбе, Ақтау, Атырау облыстарында сұранысқа ие көрінеді. Оған еңбекқор азамат мақтанышын жасырмайды. «Сірә, Нұрекең табиғатынан ақжелең азамат-ау» деп қалдық. Әңгімелескенде әзіл-қалжыңын араластырып, онысын сүйкімді күлкісімен «тұздықтап», өзіне еліктіріп әкетеді  екен.

– Өткен жылы жолымыз түсіп, Шымкентке апарып қызанақ саттық. Шымкент деген көкөністен біздің Оралдың базарларын иемденіп алған өңір ғой. Жүрексініп барып едік. Бірақ біздің өніміміздің сапасы ол жақтағы ағайынға ұнап, барған еңбегіміз ақталды, шүкір. Содан ол жақтағы біз секілді шаруалар шығарған қызанақтарын «Тайпакский» деп сататын көрінеді, – деп күліп алды Нұрекең.

Шаруа азаматтың сөзінің жаны бар. «Бақша – байлық бір айлық» қызған кезде өзіміздің Оралда қауын-қарбыз сатып жатқан саудагерлердің кез келгеніне барыңызшы, «Тайпакский» деп тақылдайды. «Мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, қауын-қарбызы Тайпақтікі болмаса да, осы Нұрекең сияқты азаматтар түлеген өңірдің атын жамылып, өнімін өткізіп жіберуге тырысады саған. «Қалай болғанда да, маркамызды түсіруге тиісті емеспіз», – деп Нұрекең шеті мен шеті жоқ егістік алқабына көзін қыдырта күлімдейді.

Әкесінен қалған кәсіпті Нұрекең қолына алғалы бері де 15 жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдардың ішінде алғашында еңбекқор жанға көмекші болып бақшада жұмыс жасап, келесі жылы өз алдына қожалық ашқандар да жетерлік екен.

– Өңір кәсіпкерлерімен өткен бір келелі жиында көптеген қожалық иелері қашан, қанша бас малмен бастағандарын, қазір қандай дәулетке жеткендерін мақтанышпен айтып шықты. Сөз кезегі маған келгенде: «Менде ондай мақтанатын асып бара жатқан шаруам жоқ. Мен тек өзімде жұмыс жасап бастап, кейін өз алдына қожалық ашқан 17 шәкіртіммен мақтана алатын шығармын», – дедім. Шынымен де, солай. Басқасын айтпағанда, әкемізден тараған ұл-қыздар бүгінде бір-бір шаңырақ болдық. Бәріміз осы саладамыз. Себебі біз осы бақшамен өсіп-өндік, — дейді қожалықтың  иегері  Нұрлан  Жұмашев.

*     *     *

Нұрекең егістігінің шетінен жер үйлер салып қойыпты. Енді тағы бір екі-үшеуін салса, бір көше болғалы тұр. Бақшашылардың көшесі. Ертең жиын-терін басталғанда, 35-40 адамға дейін науқанға қатысады, соларға арналған «қонақүй». «Мынау біздің «кафеміз», қалада ылғи жер үстіндегі кафелерден тамақтанатын шығарсыздар… Жер астына да түсіп көріңіздер», – деп Нұрекең лекіте күліп, сол үйлердің бірінің күрекпен кертіп жасаған жер баспалдағымен  төменге  бастады…

Ақжайық  орталығында – ауқымды  құрылыстар

DSC_0104Ақжайық  ауданының  әкімі  Әділ  Жоламанов  орынбасарларымен,  бірқатар  бөлім  басшыларымен,  қоғамдық  ұйымдар өкілдерімен  бірге  Чапаевта  жүргізіліп  жатқан  құрылыстардың барысымен  танысты.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Чапаевта екіпәтерлік бес тұрғын үй салу басталды. Бұдан бөлек аудан бюджетінен қарастырылған қаражатқа алты ауылда бірпәтерлік баспаналар салынатын болады. Аталған бағдарлама бойынша Ерболат Сәрсенғалиев басқаратын мердігер «Қалдығайты» ЖШС құрылысқа жергілікті сегіз тұрғынды тартқан. Әрқайсысының жалпы аумағы 110 шаршы  метр үйлердің іргетасы құйылуда. Бұл үйлер кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі.

– Осы жылы көлемді қаражат бөлініп, алуан ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілетінінен тұрғындар хабардар. Осыған орай қандай іс болса да, оның сапалы болуын қатты қадағалауымыз керек, — деді аудан әкімі Әділ Жоламанов мердігер өкілдерімен әңгіме барысында.

Осы айда құрылысы аяқталатын дене шынықтыру және спорт алаңының жұмыстары біте келді. Мереке Молдағалиев басқаратын мердігер «Жайық Сити» ЖШС салып жатқан кешенге жұртшылық жақсы баға беруде. «Оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізуде әрі спортқа баулуда бұл кешеннің салынуы орайы келген іс болды. Үлкен қалаларда оқып жатқан студенттеріміз де демалысқа келіп жатыр. Жас буынның жаз маусымын қызықты өткізу үшін мұны тезірек тәмамдауымыз керек», — деді аудан әкімі.

Республика, Қазақстан көше-леріне ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын төсеуде жергілікті 21 адам жұмыс жасауда. Соны аяқтау тамыз айының орта шеніне белгіленіп отыр. Әзірге сол аумақтар тегістеліп, қиыршық тас төгілуде. Бұл да, әрине, ырғақты атқарылуға тиісті, іркіліске жол беруге болмайды. Жұртымыз ортақ игілігіміз болып табылатын барлық істе құрылысшыларға зор сенім жүктейді. Қонаев және Республика көшелерінің қиылысында орнатылып жатқан бағдаршам құрылысына қатысты да осы жайында айтылды. Жалпы сомасы 7,1 млн. теңгені құрайтын мұны Қайратқожа Қожамұратов иелік ететін «Жайық жарығы» ЖШС  атқаруда. Алдағы күндері нысанды электрмен жабдықтау орындалады. Айта кетерлігі, бұл бағдаршамның дыбысты бағыттағышы бар, яғни зағип жандар үшін де жолдан өту уақытын еске салып тұрады.

Данияр Сұлтанғалиев басқаратын «Расулстройсервис» ЖШС О. Исаев атындағы көше бойында, орталық базар тұсында құны 6.9 млн. теңгені құрайтын қиынды тас төсеу жұмыстарын жүргізуде. Оның аумағы 1700 шаршы метрді құрайды. Осы істің барысын байқастаудан соң Есенжанов атындағы көшедегі №111 үйді күрделі жөндеуден өткізудің жай-жапсары жайында әңгіме болды. «Жайық Сити» ЖШС қолға алған құрылысқа жергілікті бюджеттен 3,4 млн. теңге қаражат бөлінген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожол бөлімінің басшысы Сәкен Ашабаевтың айтуынша, бұл үйге Панфилов атындағы көшедегі апатты жағдайда тұрған №20 үйдің тұрындарын көшіру жоспарлануда.

Чапаевта жүргізіліп жатқан мешіт құрылысын аяқтау да басты назарда ұсталып отыр. Осы күні тұрғындар сенбілік ұйымдастырып, мешіттің айналасын тазалауға шыққан. Ғимараттың бөлмелерін әрлеу, еденін төсеп, жылу жүйесін жүргізу сияқты қам-қарекет қалып отыр. Осы жерде де істі тездету  жайында  әңгіме  болды.

Базартөбенің  базары  тарқамайды

Аудан  әкімдігіндегі  бие  сауым уақыт  ғана  кездесуімізде Ақжайық  әкімі  Әділ  Жоламанов  әңгіме  арасында  «Арғы бетке өтпей,  осы  бетпен  қайтасыздар ма?»  –  деп қалды.  Жасыратыны жоқ, біздер  Ақжайық  ауданына  жол  түссе,  Орал – Атырау күре  жолымен  ызғытып,  сол бойдағы ауылдарды сүзіп шығып, кері қайтамыз. Әкімнің  «Жайықтың арғы  бетінде  де  ел  бар» деп  сыпайы  құлаққағыс етіп отырғанын  ішіміз  сезіп,  біз  де  бір саусағымызды  бүктік.  Сөйтіп,  Тайпаққа  барып тірелетін іссапарымызды  жолшыбай  өзімізге-өзіміз  «бұйрық  шығарып» өзгертіп,  Базартөбеге  дейін  ұзарттық.

Жайық, жарықтықтың, биылғы бедері  жосын. Арнасы тола, анау-у-у Атырауға қарай аңқылдап жөңкіліп жатыр. Бұқар бетті жайлаған ел, ішінде базартөбеліктер де бар, Орал мен Атырауға Жайықтан пароммен өтіп қатынайды. Алмалы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ахмет Жарқынғали  Ғалымұлы бізді ат-көлігімізбен  ырғай сапты найзадай (еңсегей бойлы дегеніміз ғой) солқылдап тұрған Базартөбенің жас әкімі Артур Ермұхановтың қолына «аман-есен» тапсырып, арғы бетте, «то есть орыс» бетте қол бұлғап, қалып барады. Түп тамыры тасқалалық, бірақ  1974 жылдан бері Алмалыға судай сіңіп, тастай батқан Жарқынғалимен де кәдімгідей бауыр басып қалып едік, алайда іссапар мерзімі мойын бұрғызбады…

Ала жөнелер  азбан  ағыс пен  ақжал толқындарды қақ айырып тыпыршып тұрған паром біздің «Нивамызды»  бұйым көрмей, Бұқар бетке ән сағатта өткізіп тастады (Жайықтың екі жағын жалғап, халықтың алғысына бөленіп жүрген базартөбелік паромшы жігіттер жөнінде әңгіме өз алдына бөлек. Ред.).

Арнасы суға толған Жайықтың ажары қандай жайсаң болса, базартөбеліктердің  көңілдері де арнасынан асып, кемерінен төгілердей болып жүр екен. Айтатын әңгімелерін «Жақында облыс әкімі келіп кетті», — деп мәністеп бастайды. Өңір басшысы Алтай Көлгінов: «Ауылдарыңызға келесі жылы көше-көшелерге су құбырларын тартамыз. Жайықтан таңдайын жібітіп отырған Қызылжар мен Қадырқұлдық жамағатқа да су барады. Биыл жобасы жасалады», — деп айтты десе, бірі: «Орталықпен бірлесіп, «Азынабай – Тайпақ» каналын қайта қалпына келтіруді қолға аламыз»  деді», —  дейді екіншісі. Судың тапшылығынан  мал шаруашылығын шырайландыра алмай отырған базартөбеліктер бұған қатты қуанулы. Бұқар беттегі күре жолдың биылдан бастап жөнделетіндігі туралы облыс әкімінің аузынан шыққан ақжолтай хабар да бүгінде ба-зартөбеліктердің бөркін аспанға аттырып тұрғандай. Әрине, ол бір-екі жылдың бедерінде шешіле қалатын оңай шаруа емес екенін облыс басшысы да айтқан. Дегенмен «Сең қозғалды», – дейді ауыл адамдары. Елу жылдан бері күрделі жөндеу көрмей, әбден мәужіреген» орта мектеп жайы да базартөбеліктердің уайымы еді. 260-қа жуық шәкірт білім алып жатқан ілім ұясын өз көзімен көрген Алтай Сейдірұлы «Есенсайдан кейінгі ер кезегі сіздердікі»  деп аттанды», – дейді мұғалімдер қуаныштарын жасырмай. Айтпақшы, Базартөбеге қарайтын қос ауыл – Қадырқұл мен Қызылжарды қосқанда үш мектепте 78 ұстаз білім беріп жатыр. Әлі де тоғыз мұғалім қажет. Дәрігерлер жеткілікті.

Базартөбеде бесіктен белі шықпаған сәбиден бастап еңкейген егделерді қосқанда 1787 тұрғын  бар. Осылардың 481-і жұмыс жасап, бұйырған несібелерін тауып жүр. 179 зейнеткер бақуатты тұрмыс кешуде. Шаруаларын күйттеген 24 шаруа қожалығы бар. Олардың бәрі де мал шаруашылығы-мен айналысады. Ауылдың ойы мен қырында 4171 ірі қара, 9167 қой-ешкі жайылып,  1077 жылқы жусайды. Осыларға 780 бұзау, 1878 қозы-лақ, 76 құлын ілескен (бұл биылғы 1 мамырға дейінгі мәлімет, төл алу жалғасып жатыр). Мысалы, Бүркіт  Бисембаевтың («Жәнібек  ШҚ»)  әр жүз саулығына 130  қозы алыныпты. Осы қожалық иесі Бисембаев пен  Жарас  Сейтімовтің «Жаннұр»  шаруа қожалығы  жақында  лизингке   техникаларын  жаңалап  алып,  шаруаларын  одан  әрі  шырайландыруға  кіріскен.

 Ауылдық округке әкім болып сайланғанына көп бола қоймаған жас жігіт Артур Ермұхановтың (суретте) арманы көп. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, «Орта мектепті сыңғырлатып жөндеп алсақ» дейді. «Азынабай – Тайпақ» каналын қалпына келтірсек, тек Базартөбе ғана емес, іргелес жатқан ауылдар да бөрікті алшысынан киер еді-ау» дейді. Ауылға кіреберіс жолға жөндеу жүрсе, тіпті қатып кетер еді. Жеке тұрғын үйлерге көгілдір отын тарту бағасын арзандатса, тіпті көрім. Базартөбенің «балалары» – Қадырқұл мен Қызылжарға таза су жетсе, ғаламтор байланысын жолға қойса, кіреберіс жолдары жосылып  жатса,  ту,  шіркін-ай!..

Жас әкім Артур Ермұхановқа түнде ұйқы, күндіз күлкі бермей жүрген арман-мақсаттар бұл. («Сырт  көз – сыншы» деген, ал біздің  бір байқағанымыз, ауыл халқы үшін «Ақ орда» саналатын округ  әкімінің  кеңсе  үйі  тозып  тұр екен. «Базартөбеліктер  соны  келген-кеткеннен  ұялмайтындай етіп  жөндеп  алса, шіркін-ай» деп  кеттік  ішімізден). Облыс әкімі Алтай Көлгінов келіп кеткеннен бері Артур  әкімнің анау армандары жақындай түскендей… Ендеше, Базартөбенің базарлы күндері  де  иек  астында  тұр  делікші!..

Айқарма  бет  материалдарын  дайындағандар 

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,  Нұрбек  ОРАЗАЕВ


Торқалы той мен топырақты өлім дастарқаны бәсекеге түскендей ме?!

Күні: , 83 рет оқылды

Photo-1435824515-85037


Биыл  ҚМДБ  бастамасымен  садақадағы  ысырапшылдықты азайту,  болдырмау  турасында  іс-шаралар  қолға  алынды. Соған  орай  еліміздің  түкпір-түкпірінде  түрлі  басқосулар ұйымдастырылуда.  «Салт-дәстүріміздегі  діни  рәсімдерді жаңғырту»  деген  тақырыптағы  мұндай  шара  мамыр  айының басында  облысымыздың  орталығында  өтті.  Батысқазақстандықтар да  бұл  бастаманы  қолдайтындарын  білдірді.


Жан бар жерде қаза бар» дейді қазекең. Иә, адам – бұл дүниеге қонақ. Жаратқанның әмірімен тірліктің базары тарқағанда, марқұмды қара жер қойнына тапсыру, яғни фәниден бақиға аттанар сәт ақирет сапарына сай жасалар жөн-жоралғысымен аян. Қара жамылған отбасының марқұмды соңғы мәрте  өз босағасында түнетіп, мәңгілік мекеніне апарып жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдық жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Расында да, торқалы той мен топырақты өлім  арасындағы аражікті ажырату оңай болмай бара жатқандай. Жағдайы тартсын, тартпасын,  дастарқанды ас та төк қылып дайындау кең үрдіс алған.

Ет жақынынан айырылу кімге оңай дейсің?!  Мұның бәрі марқұмның артында қалған ұрпақтарына үлкен қиыншылықтар әкелері сөзсіз.

Бұрындары атеистік сана қалыптасқан тұста қаралы үйде молда мен бес-алты адам ғана күзетте отыратын. Садақа дастарқанына бауырсақ, сары май, ірімшік, қант пен кәмпит қана қойылатын. Қайғыға салынған марқұмның туыстарына қосымша жүк артылмайтын дегенді де үлкендерден естіп жүрміз. Қаралы үйде дәм ауыз тиілетіні болмаса, тағам желінбейтіні анық. ҚұранКәрімнің «Исра» сүресінде: «Ысырап қылушы – шайтанға туыс» делінген. Бұл аятқа қарағанда Алла Тағала ысырапқорды өзіне қарсы шығып, адамзатқа дұшпан болған ібіліс-шайтанға теңеген. Алла Тағаланың несібесін шашу адамдарды түбінде өкінішке алып келетін  күнәлар  қатарына  жатқызған.

Жаназа садақасына адамдар қарақұрым жиналғанымен, сол отбасының ауыртпалығын шындап көтерісетіндер некен-саяқ. Көбіне әйелдер қауымы арнайы қойылған шыны банкаға тиын-тебен тастап кететінін көргенде, ойланбасқа шараң қайсы?!  Сонда да санаулысы. Ал ерлер жағы оны міндет деп есептемеген сыңайлы. Ұзақ жылдар бойғы осы бір көріністің соңғы кездері тіні тарқатылып, аудан имамы Назымбек Иманғалиевтің өзі бастамашы болып, қаржылай демеуге ер-азаматтар да  жұмылдырылғанын  айта кету ләзім.

Ажалдың айтып келмесі айқын.

Мәселен, өткен жылдың аяғында бір үйден бір күнде екі бірдей азамат мәңгілік сапарға аттанды. Өте аянышты жағдай. Таңертең ұлын, түс әлетінде немересін жоғалтып, күңіренген кейуана қайғысы ауылдастарына да оңай тимегені хақ. Сол кезде қаралы жандарға тума-туыс, етжақындарын қоспағанда, жаназада 76 мың, жетісінде 65 мың теңге көлемінде қаржы жиналыпты. Үлкен сауапты  іс.  Бұл  бір  ғана  мысал.

Гүлнәр  ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы  ауданы

Назымбек  ИМАНҒАЛИЕВ,

Бөкей  ордасы аудандық мешітінің  бас  имамы:

– Барлық ысырап атаулы – харам. «Өлім бардың малын шашады, жарлының артын ашады» дегендей, кісі қайтқан үйдің дастарқанын тойдағыдай әзірлеу кең етек алған. Кейбір жерлерде 40-45  тағам түрлері қойылады. Бес-алты түрлі салат жасалып, ас та төк ысырапшылдыққа жол беріледі. Қарызданып, қауғаланып, дастарқан жаятындар да бар. Сол себепті бұл ысырапшылдыққа тосқауыл қоюды  біртіндеп қолға ала бастадық. Қаралы үйге материалдық тұрғыдан көмек беру үрдісі жақсы жолға қойылып келе жатыр деп айта аламын. Алла Тағала: «Шаңның тозаңындай жақсылық қылсаң, оның жақсылығын көресің. Шаңның тозаңындай жамандық қылсаң, оның да жамандығын көресің» дейді. Ендеше, әр нәрсе ақирет күнінде міндетті түрде сарапқа салынады.

Чарльз  ҚОЙШЫБАЕВ,

зейнеткер, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы:

– Ертеректе қайтыс болған үйдің дастарқанында тек бауырсақ, шекер болатын. Жағдайлары барлар ғана мал соятын еді. Халық ақтық байлау, яғни садақа салу дегенді түсінбейтін. Оны өзіміз де білмедік. 1970 жылдары кісісі қайтқан  үйге әйелдер екі ұшын байлап, бір метрдей ақ мата алып баратыны есімде. Марқұмның үйінің бір бұрышында сол маталар үйіліп жатушы еді. Оны не үшін апаратынын да бағамдай алмадық. Қазір ой жіберсек, ол  қайғылы жандарға демеу көрсеткен түрлері екен.  Бертін келе  әйелдер банкаға тиын салуға көшті. Ал қазір ше? Жаназа дастарқанына ауылдастар  кәдімгі қонақтық сияқты әзірленеді. Торт, цитрусты жемістер, әр түрлі салаттар қойылады. Кәмпит-сәмпит  сынды тәттілердің не қажеті бар. Банан, апельсин, алма қою дұрыс па? Сол себепті садақаның қонақтықтан, тойдан айырмашылығы қалмай бара жатқанына  шектеу  қоятын  уақыт  жетті  деп  ойлаймын.

Наурыз  ОБАЕВ,

облыстық  дін  мәселесін зерттеу орталығының теолог маманы:

– Қоғамда рухани дерт көп. Керісінше, соны түзетемін деп қаншама имамдар таяқ та жеген. «Арамза елге дүмше молда» дегендей, бұрындары дін тұрғысынан әбестік болып саналатын жағдайға бастапқыда сол жердің молдасы бейжайлық танытқан немесе көз жұма қараған. Тосқауыл болмағасын бұл амалдар кейін салтқа айналып шыға келген. Қазір керісінше, бұл  «шариғат» деп жүрген амалдар адамның сілесін қатырып, исрафқа, сараңдыққа ұрындыруда. Сондықтан да дінмен біте қайнасқан салт-дәстүріміз ешқашан шариғат шеңберінен шықпағаны  жөн.

Зәуреш  СЕЙІТҚАЛИЕВА,

Орал  қаласының  тұрғыны:

– Жасым жетпіске таяды. Бұрыннан да ораза ұстайтын едім. Биыл арадағы кейбір үзілістен соң, Аллаға бағыштаған әрекетім одан әрі жалғасын тапты. Расында да, ауызашар беруде де күпірлік көп. Үстелді қайыстырған жеміс-жидек, тосап, шырын, торттың қажеті қанша? Қарапайым қазақтың қоңыр бауырсағы, қанты не сүзбесі және басқасымен де ауыз ашуға болады. Көпке мәлім, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.) бір құрмамен ғана оразада ауыз ашқан ғой. Сол ұлы адам, Аллаһтың соңғы елшісінің өнегесі мен үлгісі бізге әбден лайық.

Қажымұқан  ҒИЫЛМАНОВ,

Мұхаммед Ғариф  Тулбаев атындағы  қалалық  мешіттің бас  имамы:

– Бүкіл мұсылман жұртының мәңгілік және нық рухани бағдары – қасиетті Құран-Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ шектен тыс ысырап жасамаңдар» делінген. Демек, ысырап – күпірлік. Меніңше, мейлі садақа, мейлі жаназа не ауызашар болсын, дастарқанға тек бауырсақ, талқан, қаймақ сынды қарапайым тағамдардың қойылғаны – әрі сәнді, әрі мәнді.

Сондықтан жамағатты өмірде де, соның ішінде жаңағыдай жиындарда ысырапқа жол бермеуге шақырамын.

Рахматулла  МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ,

Теректі  аудандық  мешітінің  бас  имамы:

– Бақилық адамды о дүниеге құрметтеп шығарып салу, жаназасын өткізу – дәстүрге  енген көрініс. Жаназадан кейін жетісі, қырқы, жүзі арнайы аталып (кей жерде адамның қайтқанына жүз күн болуына байланысты Құран-Кәрім бағыштау) өтіледі. Бұл – адамды құрметтеудің, ағайын-туыс, жекжат болып қайғы бөлісудің  түрі. Осы ғұрыпты қазір мүлдем басқа деңгейде атқарып жүрміз. Әрине, заман ағымына қарай өзгеріс болатыны анық. Дегенмен шектен шықпағанымыз абзал. Бұрын қайтыс болған адамның қарасын үйден беретін еді. Қазір көбісі дәмхананы таңдайды.  Онда келген жұрт, әрине, дастарқанға қарайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадис-шәрифте: «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемшілдік» деген.

Олай болса, әркім көрпесіне қарай көсілуі тиіс. «Басқалардан озамын» деп тыраштану – бос әуре. Керісінше, қаза болып жатқан үйге салмақ салмау мақсатында ағайын-туысы немесе көршісі дастарқан жасауы – мұстахап (істесе – сауап, істемесе – күнәсі  жоқ) амал. Жағфар (р.а.) бақиға аттанғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жағфардың отбасына тамақ апарыңдар. Жанұясының басына іс түсті (жаназа істері мен уайым)» деген екен.

Гүлмира  КОЩАНОВА,

Теректі  аудандық  мәдени-демалыс орталығының  әдістеме  бөлімінің меңгерушісі:

– Адамның қайғысын бөлісу – қазақ қоғамында ертеден тамырын үзбей келе жатқан рәсім. Сондықтан қазалы үйге көңіл айтып, шын ықыласпен көмек қолын созу – әр мұсылманның парызы. Қазір қаралы үйдің қайғысын бөлісу емес, жағдайын сынау басым. Бір өкініштісі, осының бәріне өзіміз  кінәліміз.  Меніңше, садақаның дастарқаны қарапайым дайындалуы керек. Сонда бойыңа имандылық үйіріліп, Аллаға шүкіршілік етіп, марқұмды еске алып, тәубеге келіп,  барыңды  бағалайсың.

Бет  материалдарын  дайындағандар Гүлнәр ҚАДЫРОВА,

Серік ИХСАНҒАЛИ, Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ


Сайлауға дайындық

Күні: , 21 рет оқылды

IMG_7702


Облысымызда  Сенат депутаттығына үміткер  кандидаттардың  есімі  белгілі  болды. Бұл  туралы  кеше  ҚР-ның  Орталық коммуникациялар қызметі  облыстық  филиалының  алаңында өткен  баспасөз  брифингінде  айтылды. Сондай-ақ  облыстық сайлау  комиссиясының  төрағасы  Ғайса  Қапақов  ҚР  Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға  дайындық  барысы туралы  баяндады.


– Қазақстан Республикасы  Президентінің «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2017 жылғы 28 маусымға тағайындау туралы» 2017 жылғы 27 сәуірдегі №468 Жарлығы шыққан болатын. Биыл 31 тамызда 2011 жылы сайланған сенаторлардың өкілеттік мерзімдері аяқталуына орай алдағы 28 маусым күні еліміздің 16 өңірінде жоғары палатаның депутаттарын сайлау өткізілуі тиіс.  Президент Жарлығы шыққаннан кейін облыстық сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес Сенат депутатын сайлау бойынша іс-шараларды белгіленген мерзімдерінде атқарды. Ағымдағы жылы 29 сәуір мен 28 мамыр аралығында ҚР Сенатының депутатына кандидаттарды ұсыну жүргізіліп, біздің облысымыздан кандидат ретінде бес үміткер белгілі болды. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылды. Облыстық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша үш үміткер (Н. Төреғалиев, В. Голоухов, Н. Сертеков) іріктеуден өтті. Ал «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының 73-бабының 3, 5-тармақтарына, 74-бабының 3-тармағына сәйкес өз өтініштері бойынша М. Абдрахманов пен Қ. Бозымов өз кандидатураларын қайтып алды. Маусым айының 8-інен бастап 27-сіне дейін  сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілетін болады, соған сәйкес  таңдаушылармен кездесу өткізу кестесі бекітілді. Жоспарға сай бұқаралық ақпарат құралдарында облыстық сайлау комиссиясының құрамы мен тіркелген кандидаттар туралы мәліметтер жарияланды. Өткен айдың соңғы күні орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің қатысуымен облыстықсеминар кеңес өтті. Басқосуға аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, қалалық-аудандық мәслихаттардың хатшылары, қалалық учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары қатысты, — деген Ғайса Хамидоллаұлы сайлау жұмысына дайындық алдағы күндері күнтізбелік жоспарға сай жалғасатынын жеткізді.

Жиын соңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Жаңа спорт интернат салынады

Күні: , 23 рет оқылды

PRI_0193


Кеше  облыс әкімі  Алтай Көлгінов спортқа дарынды  балаларға  арналған мамандандырылған  облыстық  мектеп-интернатқа барды. Мектеп-интернат  ғимаратының жай-күйімен танысып, оқытушы-бапкерлермен, ондағы  тәрбиеленушілермен әңгімелесті.


2004 жылы ашылған спорттық бағыттағы аталмыш білім ұясының қазіргі ғимараты Орал қаласының жөндеу зауыты ауданында орналасқан. Оған қоныстанғанына да он жылдан астам уақыт өткен. 1964 жылы балабақша ретінде салынған ғимараттың тозығы жеткен. Ғимараттың тарлығы оқу-жаттығу процестеріне де кері әсерін тигізуде.

– Мұнда 236 бала оқып-тәрбиеленуде. Оның жартысынан астамы – аудан-ауылдардан келгендер.

Оқушылардың бәрі бірдей сыймауына байланысты интернатта 100 бала жатады, оның 30-ы – қыз, қалғаны – ер бала. Интернаттың өзі негізінен 80 орындық. Бірақ тәрбиеленушілердің әлеуметтік-отбасылық жағдайларын, шалғай елді мекендерден келгендерін ескеріп, интернаттан орын береміз. Сол себепті төрт балаға арналған бөлмелерде одан үш-төрт есе көп өрен жатады. Кейбіреулері тарлыққа бейімделе алмай, шығып кетеді. Жауын-шашын кезінде кей бөлмелер сыз тартады. Балалар сабақ оқитын сынып бөлмелері де санитарлық нормаларға сай емес. Кітапхана, асхана да өте тар, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Әсия  Аманбаева.

Айта кетейік, бұл жерде оқушылар спорттың 13 түрінен тәлім алады. Оқытушы-бапкерлер негізінен жоғары санатты. Сол себепті бұл жерден тәрбие алғандардың осалы жоқ. Олардың қатарында олимпиада жүлдегері, балуан қызымыз Екатерина Ларионова, қысқы универсиада жүлдегерлері, шорттрекшілер Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Анита Нагай, грек-рим күресінен Азия чемпионатының жүлдегері Дәулет Ларионов, «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындар чемпионы Нұрсұлтан Нұритдинов бар.

Өңір басшысымен кездесу кезінде оқытушы-бапкерлер мектеп-интернаттағы басты мәселе  ғимараттың тарлығы екенін айтты. Мәселен, еркін күрес бойынша бапкер Мұсабек Нарегеевтің сөзіне қарағанда, мұнда келіп, интернатта жатып оқығысы келетіндер көп. Бірақ интернаттың тарлығы қолбайлау. Ернар Нұритдинов жетекшілік ететін боксқа 30-дан астам бала қатысады.

Оның жартысы интернатта тұрады. Аудандардан қабілетті, икемді балалар көп келеді. Бірақ кейбір ата-аналар оқу орнының тарлығын, ғимараттың ескілігін көріп, балаларын бермей қалады. «Грекрим күресіне негізінен ауыл балаларын тартамыз, – дейді аталмыш спорт түрі бойынша бапкер Мақсот Төлегенов. – Себебі олар физикалық тұрғыдан мықты болып келеді. Ал ауылдан келген балаларды көптеп алуға бізде мүмкіндік жоқ». Байдарка және каноэдан есу бойынша бапкер Елена Бравкова бұл мектеп-интернатты болашақта колледжге айналдыру жөнінде ұсыныс айтты. Өйткені байдарка және каноэдан есу спортының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл, негізінен, ересектерге арналған спорт. Сол себепті мектеп қабырғасында спортшының негізі қаланады, ал 18-20 жастан соң өрістеп, спорттық бабына келеді. Жақын маңда осы бағытта тиісті оқу орнының болмауынан көпшілігі мектептен соң басқа салаға кетіп қалады. Сөйтіп, болашағынан үміт күттіретін жастар жоғалады…

– Олимпиадалық ойындарға резервтер дайындайтын осындай оқу орнының облысымызда болғандығы қуантады. Бұл жерден түлеп ұшқандар қазіргі таңда облыс, ел намысын қорғап жүр. Ертең олардың орнын қазіргі шәкірттер басады. Егер біз облысы-мыздан чемпиондардың көптеп шыққанын қаласақ, спортшыларға қажет жағдай туғызуымыз керек. Жақында мен облысымызда бар олимпиадалық спорт түрлерінің қыр-сырын үйретіп жүрген бапкерлермен кездесіп, жағдайларын білдім. Керек құрал-жабдықтарды алуға біздің мүмкіндігіміз бар, барынша қолдаймыз. Спорт мектептерінің басшылары да балалар мен жасөспірімдерді оқу-жаттығу шараларына, түрлі жарыстарға жіберуге, майталман спортшыларды шақырып, шеберлік сыныптарын өткізуге мүдделік танытуы керек. Данияр Елеусінов, Екатерина Ларионова сынды еліміздің мақтаныштары біздің өңірдің перзенттері, жергілікті бапкерлерден тәлім алған спортшылар емес пе?! Яғни қажет жағдай жасалса, жаттықтырушылар жақсылап жұмыс істесе, чемпиондар саны артады. Осы мәселені біз депутаттармен, қоғамдық келісім мүшелерімен талқылап, жаңа спорт интернат саламыз деген шешімге келдік. Енді Мәдениет және спорт министрлігімен бұл мәселе бойынша сөйлесеміз. Жаңа нысанның орнын белгіледік.

Бұйыртса, Деркөл кентіндегі «Орал» спорт кешені жанынан бой көтермек. Болашақта оны колледжге айналдыруды да жоспарлап отырмыз. Онда 300 орындық интернат, үлгі жобадағы спорт кешені, бәрі болады. Міне, 10  жылдан аса уақыттан бері қазіргі ғимаратты және өзге спорт залдарды жалдау үшін жыл сайын бюджеттен 60 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыны осындай жаңа спорт нысанына неге салмасқа?! Ертең ол өзін-өзі толығымен ақтайтыны сөзсіз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Содан соң әкім интернаттағы балалармен жүздесті. Өрендер жаңа интернат керектігін, спорт зал алыста емес, ауланың ішінде болса екен деген армандарын айтты. Облыс басшысы көп кешікпей олардың бұл армандары орындалатынын жеткізіп, ең бірінші кезекте сабақты жақсы оқуға, бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындап, ерінбей еңбектенуге тілектестігін білдіріп, олармен естелік суретке түсті.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


«Бұл ҰБТ бұрынғыдан өзгерек…»

Күні: , 37 рет оқылды

HFRPUSlg-4s


Биыл ҰБТ-ны тапсыру жылдағыдан өзге  сипатта өтетіні мәлім. Маусым айында мектептердегі қорытынды аттестаттау аяқталды. Сынақ кезінде 11-сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазды. Алгебрадан тапсырманы жазбаша орындады. Оқыту тіліне байланысты түлектер қазақ немесе орыс тілінен және таңдау пәнінен тест тапсырды. Қазақстан тарихынан ауызша емтихан алынды. Енді талапкерлер оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ға қатысады. Тестілеу кезінде үш міндетті, екі бейіндік пән бойынша 120 тапсырманы орындайды. Яғни  талапкерлердің математикалық және оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы мен бейіндік пәндер бойынша білімі тексеріледі.


— Облыс бойынша 4414 оқушы қорытынды аттестаттаудан өтті. Соның ішінде 3226 түлектің 2376-сы қазақ, 850-і орыс тілінде ҰБТ тапсырады. «Алтын белгіден» үміттенген 254 оқушының 243-і көздеген мақсатына жетті. 172 түлек «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Биылғы емтиханның бір ерекше-лігі, барлық пәннен «5» деген бағаға ие  болғандардың бәрі «Үздік аттестатты» иеленді. Ал «Алтын белгі» иегерлері бұрынғыдай тестілеуден босатылмайды. ҰБТ-ны өткізуге облыс орталығында — 2, аудандарда 7 пункт дайын, – деді облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева.

Серік САФИУЛЛИН,

Зеленов аудандық білім бөлімінің  басшысы:

– Ауданымыздағы 28 мектептен 370 түлек қорытынды аттестаттауға қатысты. Соның 219-ы жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсыруға жолдама алды. Түлектердің арасында 11 «Алтын белгіге» үміткерден біреуі «Ерекше аттестат» алуға талпынған. 19 оқушының екеуі ғана белгіленген межеден өте алмады. Биылғы ҰБТ- ның  шарттарында  біраз  өзгерістер  бар. Тест тапсырмаларының күрделілігі оқушының гуманитарлық немесе жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді таңдауына байланысты болмақ. Емтиханға қатысқан оқушылар алдыңғы жылдардағыдай абыржымады, психологиялық демеу үшін жан-жақты мамандар жұмылдыру қажет болмады. Енді ЖОО-ға түсуге талаптанатын түлектерді Орал қаласындағы тестілеу пунктіне жеткізу үшін дайындық жүргізілуде. Шалғай орналасқан елді мекендерден келетіндерін ҰБТ өтер алдында Асан ауылындағы мектеп базасына орналастырамыз. Маусымның 20-сы мен  22-сі күндері барлығы тест тапсырады.

Бақыт АБДУЛОВА,

Ақжайық аудандық білім бөлімінің  басшысы:

– Аудандағы мектептерде емтихан тапсырған 291 түлектің 8-і «Алтын белгіге», 8-і «Үздік аттестатқа» ие болды. Түлектердің 70 пайызы, яғни 231-і ЖОО-ға түсуге ниеттеніп отыр. 2016-2017 оқу жылы бойына ҰБТ-ның жаңа сипатта өтетінін оқушыларға түсіндіріп, сынақ тапсыруға дайындадық. Қорытынды аттестаттау белгіленген мерзімде тиянақты ұйымдастырылды.

Дамир МЕҢДІБАЕВ,

Теректі аудандық білім бөлімінің бас маманы:

– Қорытынды аттестаттауға қатысқан 307 оқушының 33-і «Алтын белгі» иегері атанды, 8-і «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Екеуінде бірбір оқушыдан ғана сыннан өте алмады. Теректіден 217 түлек ҰБТ тапсырады. Атап өтерлігі, ауданымыздағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясы түлектерінің 23-і түгелімен «Алтын белгіге», 5-еуі «Үздік аттестатқа» ие болды.

Берікжан ҒАРАПШИЕВ,

Қаратөбе аудандық білім бөлімінің басшысы:

— 2016-2017 оқу жылында ауданымыз бойынша 181 оқушы мектеп бітіріп, мемлекеттік емтихан тапсырды. Түлектер үшін қорытынды аттестаттауда тосыннан қиындық келтірген мәселелер болған жоқ. Алты түлек «Алтын белгіге», бір түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болған еді. Олардың барлығы бірдей білімдерін ойдағыдай ақтады. «Алтын белгі» иегерлерінің бесеуі Қаратөбе мектеп гимназиясының түлектері болса,  біреуі – Қаракөл ауылдық округінің мектеп бітірушісі.

Мәнсия СӘКИЕВА,

Шыңғырлау аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

— Биыл ауданымыз бойынша жеті түлек «Алтын белгіден» үміткер болып еді, алтауының үміті ақталды. Бір оқушы таңдау пәнінен тиісті балды жинай алмауына байланысты «Үздік аттестатқа» ие болды. Жалпы, биыл Шыңғырлау ауданы мектептерін барлығы 85 түлек тәмамдады. Олардың 65-і ҰБТ-ға қатыспақ. Қалғандары колледж, техникалық мектептерде білімдерін жалғастыруға ниетті.

Зейнұр МҰХТАР,

Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

— Бөкей ордасы ауданы бойынша 150 түлек бітірсе, оның 148-і қорытынды аттестаттауға қатысты. Ал екі оқушы денсаулық жағдайлары бойынша облыстық білім басқармасының бұйрығы негізінде аттестаттау сынағынан босатылды. «Алтын белгіге» үміткер бес оқушы, «Үздік аттестатқа» ұсынылған  сегіз түлек алған  білімдерін ақтап шықты. Осыған орай  мектеп бітірушілердің салтанатты шарасында «Алтын белгі» иегерлеріне облыс әкімінің алғысхаты  мен «Үздік аттестатын» ақтағандарға  аудан әкімінің алғысхаты табысталып, барлығына бағалы ұялы телефон сыйға тартылды. Енді маусым айының 20-сында ЖОО-ға түсу үшін тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестілеуге 104 түлек қатысады деп күтілуде.  Биылғы түлектерге енгізілген ҰБТ-ның жаңа форматы оқушылар мен ата-аналардың стрестік жағдайға түсуіне мүмкіндік бермейді деп ойлаймын. Өйткені мектеп қабырғасында алған білімдерін ақтап шықты.

Дайындаған Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

Нұртас САФУЛЛИН, Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика