Мұрағат: 07.06.2017


1, 8 млн. теңге алимент төледі

Күні: , 29 рет оқылды

jq5g


Теректі ауданының сот орындаушысы С. есімді азаматқа алимент берешегін төлемеген жағдайда жеке мүлкі сауда-саттыққа шығарылатындығы туралы қаулыны табыстады.


Үйсіз қалудан қорыққан азамат алимент бойынша берешегін түгел, яғни 1 821 000 теңгені бір айдың ішінде тауып берді. Үш баланың пайдасына өндірілген қаражат талапкердің есепшотына аударылды.


Көркейсе ауыл, кооперациямен көркейеді

Күні: , 146 рет оқылды

PRI_9827


Елбасының жергілікті атқарушы биліктің алдына қойып отырған талабы  – халықты жұмыспен қамту. Әсіресе, ауыл тұрғындарының екі қолға бір күрек табуына жете мән беру керек. Қазіргі таңда ауылдарда ірі өндірістік кооперативтер құру арқылы бұл мәселені шешуге болады.  Сондай-ақ аталмыш құрылымдар  ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, сапасын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық.


Экономиканың жаңа драйвері

— Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деп, агроөнеркәсіп кешені саласының алдына нақты алты міндет қойып отыр. Соның бірі — бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылығы мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау. Облыста бұл бағытта тиісті іс-шаралар алынып жатыр. ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы заңына сәйкес өңірімізде жаңадан ауыл шаруашылығы коопертивтерін құру және қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Соның аясында Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерде кооперацияны енгізу және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын жүзеге асыру туралы берген тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен оқыту семинарлары өткізілді. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудан-дық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Сонымен қатар министрлік, өкілетті құрылым өкілдері өңіріміздің барлық ауданында кооперация негіздері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Облысымызда қазіргі таңда 165 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Оның біреуі ғана өсімдік шаруашылығымен айналысса, қалғаны мал шаруашылығы бағытында. Атакәсіпке ден қойғандардың алтауы сүт өндірісін дамытуға, 64-і мал бордақылауға, қалғаны тұқымдық түрлендіруге мән беріп отыр.

Өткен жылы кооперативтерге 398 млн. теңге демеуқаржы төленді. Соның ішінде мал шаруашылығы бойынша 342 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша 3 млн. теңге, инвестициялық салымдардың шығынын өтеу бағдарламасы бойынша техника, жаңбырлатып суару жабдығы, көкөніс қоймасы құрылысы шығындарына 53 млн. теңге берілді.

Биыл облыс бойынша тұқымдық түрлендіруге 142,8 мың аналық мал басын қатыстыру жоспарланып отыр. Оларға 2,4 мың бас асыл тұқымды бұқа қажет. Бүгінгі таңда аталық малдың жартысынан астамы алынды. Үстіміздегі жылы сондай-ақ 5349 асыл тұқымды малды сатып алу да жоспарда бар, — дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында Үкімет тарапынан облысымызға бірқатар міндеттер жүктеліп отыр. Солардың ішінде 18 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін (АӨК) құру, 14326 бас бұқашық, 2355 бас аналық мал, 4 рефрижератор,  1 сүт тасымалдайтын көлік алу, 3 сүт қабылдау пунктін, 15 мал сою пунктін құру, 10 мал сою пунктін жабдықтау бар. Белгіленген мерзімі – биылғы 1 сәуірден 30 желтоқсанға дейін. Бұл тапсырмалардың алды орындалып жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде 40 АӨК жұмысын бастады. 5 мыңға жуық бұқашық, 200 бастай аналық мал шаруашылықтарға жеткізілді. Бір сүт қабылдау пункті ашылса, қалған екеуі маусым-шілде айларында жұмысын бастауы керек. Мал сою пунктінің үшеуі іске қосылды. Қаржы мәселесі шешілген соң, яғни бюджеттік несиелер АӨК-пен, оның мүшелерінің қолына тиген бойда қалған жоспарлар да орындалмақшы. Жалпы, аталмыш жобалар іске асқанда, өңірімізде 300 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жеңілдетілген несиенің пайдасы көп

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберіндегі жоғарыда атап өткен жобаларды іске асыру үшін өңіріміздегі шаруаларға 1,5 млрд. теңгедей бюджеттік несие керек. Осы бағдарламаны қаржыландыру бойынша оператор болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан облысымызға тиісті қаржы артығымен бөлінген.

— Облысымыздағы агроөнім өндірушілерді жеңілдетілген несие ресурстарымен қамтамасыз ету үшін биыл 3,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл сома былтырғымен салыстырғанда үш есеге жуық көп. Соның 2 млрд. теңгесі АӨК-ке бағытталмақшы. Жыл басынан бері несие алуға ниет білдіргендерден жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгені құрайтын өтінімдер түсті, соның 800 млн. теңгесі берілді. Бұл бағыттағы несиелендіру шарасы біздің қордың екі түрлі бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Алғашқысы — «Береке» бағдарламасы. Төмен пайызбен несие алып, мал бордақылау арқылы кәсібін өрістететіндердің қатарын көбейтуді мақсат тұтқан бағдарламаның ауыл тұрғындары үшін тиімді тұсы көп. Кооператив мүшесі болып табылатын кәсіп иелері бюджеттік несие алулары үшін ауылдардағы, тіпті бұрынғы кеңшар бөлімшелері болған елді мекендердегі үйлерді кепілге қоя алады. Қазір несие мерзімі ұзартылды. Бұрын 4,5 жыл болса, енді 6,5 жылға дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Несиені тоғыз айдан кейін өтей бастайды. Алынған қаржыға бордақылау үшін сатып алынатын бір мал басы 170 мың теңге деп есептеледі. Егер 4 млн. теңге несие берілсе, оған 20 ірі қара малы, қалған қаржысына жем-шөп алынады деп құжат толтырылады. Осы тұста екпін түсіріп айта кетер жайт, бұл жерде жауапкершілік кооперативке емес, оның мүшесі ретінде тіркелген ауыл тұрғынының өзіне жүктеледі. Несиені ешқандай бережағы жоқ, несиелік тарихы жақсы жандар ала алады. «Ынтымақ» деп аталатын екінші бағдарламамыз АӨК-терді дамытуға бағытталған. Бұл бағдарлама шеңберінде берілетін несиеге кооперативтер ет, сүт, көкөніс-жидек өнімдерін өндіруге қажетті жаңа техника немесе құрал-жабдық сатып алуы тиіс. Әзірге біз ет және сүт бағытын қаржыландырудамыз. Облысымызда 40 АӨК болса, соның жартысы бізге өз өтінімдерін жолдады. Қазіргі таңда алтауының өтінімі қолдау тапты. Мәселен, Зеленовтағы «Николай и К», Қазталовтағы «Жалпақтал» АӨК-тері модульді мал сою пунк-тін, Тасқала ауданындағы «Тасқала-ет» барлық құрал-жабдықпен жабдықталған рефрижератор алуға ниетті. Ал Дариян ауылындағы «Батыс сүт», Теректі ауданындағы «Адал», «Достық» АӨК-тері модульді сүт қабылдау пунктін орнатуды жоспарлап отыр. Бұлар біздің «алғашқы қарлығаштарымыз». Ертең олардың жұмыстарының нәтижелерін көргеннен кейін өзгелер де тартылады деп ойлаймыз, — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының директоры Арыстан Арсланбаев.

Айта кетейік, облысымыз бойынша модульді мал сою және сүт қабылдау пункттерін жеткізуші операторлар анықталды. Мал сою пунктін жеткізуді өз міндетіне алған «Академ строй» ЖК Орынбордың «Холод» деген фирмасымен келісімшартқа отырып, бұл бағыттағы жұмысын бастады.

Ал «Каверина» ЖК сүт қабылдау пункттеріне жауапты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалы мамандарының сөзіне қарағанда, ет және сүт өнімдерін өндіру құрал-жабдықтарын алуға АӨК тарапынан ешқандай қаржы шықпайды. Мысалы, орта есеппен бір модульді мал сою пунктінің құны 19 млн. теңге тұрса, оның елу пайызын мемлекет демеуқаржыландырады. Қалғанына аталмыш қаржы ұйымы несие береді және оған кепілзат ретінде осы модульді пунктті алады. Бұл да кооператив үшін тиімді.

АӨК-ке бірігудің тиімділігі көп

Жоғарыда айтып өткеніміздей, облысымызда жыл соңына дейін 15 мал сою пункті құрылуы керек. Қазір тек Ақжайық, Сырым, Шыңғырлау аудандарында жасақталды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының бөлім басшысы Азамат Ахметовтің айтуынша, көп кешікпей мұндай пункттер барлық ауданда ашылады. Мәселен, «Атамекен-Бисен» АӨК Бөкей ордасының Бисен ауылында, «Бөрлі-ет» кооперативі Ақсайда, «Жаңақала-ет» — Жаңақалада, «Құдай назар» — Қазталовтың Жалпақталында, «Қаратөбе — 2017» — Қаратөбеде, «Тасқала-ет» — Тасқалада, «Қабылтөбе» — Теректі ауданының орталығында ашылмақшы. Ал Жәнібек пен Зеленов аудандарының жергілікті атқарушы билік құрылымдары бірден екі мал сою пунктін ашу бағытында жұмыстануда. Мысалы үшін «Жәнібек-Өрлеу» АӨК Жәнібек ауданы орталығында пункт жасақтаса, «Мерхат» Талов ауылында салмақшы. Сол сияқты Зеленовтың Дариян («Батыс-ет» АӨК) және Көшім («Николай и К» АӨК) ауылдарында бой көтермекші.

— Бүгінгі таңда шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ауыл тұрғыны үшін АӨК құрамына кіріп жұмыс істеу тиімді. Мысалы, малын сойғызу үшін арнайы пункттерге барғанына орай кооперативтерге мемлекеттен демеуқаржы төленеді. Шаруашылық құрылымдары жем-шөп алатын болса да, осындай жеңілдік қолданылады. Егер шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер кооперативке кірмесе, мұндай жеңілдіктен сырт қалады. Күні кешеге дейін тұрғындардың бордақылауға мал алуына жете мән беріліп келсе, енді ол малын кооперативке тапсыруына көңіл бөлінуде. Себебі, ауылдағы ағайын бордақылаған малын қайда өткіземін деп қиналмауы керек. Ал кооперативтер өз кезегінде қажет құрал-жабдықпен жарақтанған мал сою пункттерін ашулары қажет. Етті тасымалдайтын рефрижератор алуы тиіс. Сөйтіп, кооперативтерді сервистік-дайындау және қайта өңдеуші ұйымдар ретінде дамыту мақсаты қойылып отыр. Болашақта олар өнімді өңдеу ісіне мамандандырылмақшы. Алдағы уақытта кооператив мүшелері мал бордақылаумен ғана айналысатын болады. Малдың азығын алу, бордақыланған малды өткізу сынды жұмыстармен кооператив айналысатын болады, — дейді Азамат Ахметов.

Сөздің шыны керек, ауылда кооперацияның мән-мағынасын жете түсінбей жүргендер әлі де бар. Теректі ауданындағы «Достық-Теректі» АӨК-тың құрылтайшысы Тұрсынбек Бақтығалиевтың сөзіне қарағанда, Покатилов ауылының тұрғындары арасында кооперативке бірігу дегенді бұрынғыша колхоз-совхозға қайта оралу деп ойлайтындар аз емес. «Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, облыс, аудан, ауыл басшыларымен бірге біз де кооперацияның кеңес заманында ұйымдастырылған шаруашылық құрылымдарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтып түсіндірудеміз, — дейді ол. — Ол заман басқа, қазір жаңа дәуір ғой. Тәуелсіз Қазақстанда жеке меншік институты қалыптасты, әркімнің жеке мал-мүлкі, бизнесі заңмен қорғалады. Одан бөлек кооперация туралы арнайы заң қабылданды. Кооперативке біріккенде әр шаруаның мал-мүлкі, жері, қора-жайы өз меншігінде қалады. АӨК құрудағы басты мақсат — заңды тұрғыда бірлесіп, мемлекеттің қолдауын алу. Мемлекет ондай қолдауды жеке адамға көрсете алмайды. Осындай түсінік жұмыстарының, шаруашылық бағытындағы ісі-міздің біртіндеп алға басуының арқасында ауылымыздың біраз тұрғыны бірігіп жұмыс істеуге ниет білдіруде. Мұны өзгелер де көріп, ойланып жүргендері анық. Бүгінгі таңда мемлекеттің ұсынып отырған тиімді жолы көп кешікпей өз жемісін береріне сенімдіміз».

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Көшең түзелмей, көшің түзелмейді

Күні: , 100 рет оқылды

111_41326


Ауыл қазақтың  алтын  бесігі  болса,  көше –  сол  ауылдың  айнасы,  керек  десеңіз,  ажары.  Өкінішке  орай,  солай  деп ауыз  толтырып  айтқанмен, көше атауларына келгенде, күрмеулі аттай  кібіртіктеп  қалатынымыз  жасырын емес.  Бұл – 8 мыңнан аса  тұрғыны  бар,  облыстағы  ірі  елді  мекендер  санатындағы Тасқалаға  да  тән  көрініс. Айтпақшы,  көшеге  кіріспес  бұрын Тасқаланың  кіреберісіндегі «Таскала»  деген  жазу  да  түйсігі  бар  жанға  біраз жайдан  хабар  берері  хақ. Түзетілуі «қиын», тіпті мүмкін  болмай  тұрған  бұл  қателік, шынын  айтқанда,  елге сын, ел  басқарған  атқамінерлердің  бетіне  шіркеу емес пе!?  Әй,  бірақ  оған  бола  бас  қатырып  жатқан  адам  көрінбейді…


Қош, сонымен көше атауларына кірісейік. «Қызықтың» көкесі осында. Қазақ тілін белден басқан, қатеден көз сүрінетін, ер адам мен әйел адамды айыра алмайтын атауларды көргенде жылағың келеді. Мәселен, Жұмағалиев көшесі басында Жұмағалиева, ортасында Жумагалиева, соңында Джумагалиева болып үш түрлі жазылып, «жынысын» (!) өзгерткен. Қазақтың батыр ұлы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы көшенің жазылуы (суретте) тіпті сорақы. Б. Мамышулы. Кейінгі ұрпағы батырдың рухын мұншалықты қорлайтындай  не  күн  туды  басымызға…

Жүре берсең, көре бересің. Көшедегі қателерді қарап жүргенімізде, бір көшенің атауы екі түрлі жазылғанын байқап қалдық. Бір жерде Қ. Рысқұлбеков болып тұрса, екінші жағында Молодежная деген жазу бар. Көшенің дұрыс атауы қайсысы екенін аңғару қиын…

Абай  атауы  түсіп  қалған…

111_4112Хакім Абайдың атын ауданның басты көшесі иеленген. Осы орталық көшедегі қалақшада жазулы тұрған Абай атауының түсіп қалғанына да екі аптадай уақыт өтті. Әрі-бері өткен сайын «Қашан қояр екен?» деп үмітпен қараймыз. Алайда  баяғы жартас, сол жартас. Көре-көре көз ұялғасын осы сұрақпен ауылдық округ әкіміне бардық. «Өзіңіз айтып отырған көше атауы жазылған қалақша мен оның ішіндегі жарық шамын белгісіз біреулер сындырып кеткен. Аудандық ішкі істер бөліміне арыз түсірдік. Жанатын қалақшаны әкімдіктің қолма-қол есеп айырысу шотына түскен қаржыға жылдың соңына дейін (!) орнатамыз», — деді округ әкімі  С. Өтемісова.

Сонда қалай, шағын қалақшаны орнату үшін неге жеті ай күтуіміз керек?! Жайбасарлық, шығарыпсалма сылтау демеске лажың жоқ. Әйтпесе, кейбір үй, кәсіпкерлік нысан иелері біздің ескертуімізге құлақ асып, сол бойда атауларын түзетіп жатыр. Мысал ретінде редакцияның іргесіндегі автобөлшектер сататын дүкенді алайық. Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Садық Жақсығұловтың есімін иеленген көшеде орналасқан бұл дүкен қожайындары «Жаксыгулов» деп қате жазылған қалақты әп-сәтте алып тастады.

Мұнымен айтқымыз келгені – үлкен тұлғалардың аты берілген көше атаулары әманда дұрыс, қатесіз жазылуы тиіс.

«Сен  салар да, мен  салар…»

111_2774111_2788Енді «Бұған қалай жол берілді, құзырлы мекемелер не дейді?» деген сауалдар көкейге өзінен-өзі тірелді. Сөйтіп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мэлс  Нәріковке  жолықтық.

– Аудан бойынша 160-қа жуық көше бар. 2014 жылдан бері ауданда 61 көшенің, Тасқала ауылында 34 көшенің атауы қазақыланды. Көшелердің жаңа атауын жазып, ілдіру – Тасқала ауылдық округі әкімдігінің құзырындағы шаруа. Олар оған тікелей жауапты. Өйткені  бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлінеді. Ал көше атауларының қате жазылуына қатысты айтатын болсам, оған тұрғындардың өздері кінәлі (?). Тұрғындар бізге келіп, «Осылай жазылуы дұрыс па, бұрыс па?» деп бағыт-бағдар сұрамайды (?). Сұраса, өзіңіз айтып отырған қателіктер болмас еді. Біз тілдерді дамытуға жауапты бөлім болғаннан кейін жауапкершіліктен ешқашан қашпаймыз. Бірақ, өкініштісі, бізге жеке тұрғындардың үйлеріне баруға немесе жеке кәсіпкерлердің ашқан дүкен, кафе т.б. нысандарының атауы жазылған қалақтарды тексеріп, қате жазылғанын алып тастауға заң бойынша құқық берілмеген. Қолымыздан келетіні – тек түсіндіру жұмысын жүргізу, жадынама тарату, – дейді басшы.

Көше атауларының қате жазылуына тұрғындардың өздері кінәлі деген соң Жұмағалиев көшесіндегі №5 үйдің иесімен сөйлестік. «Көше атауы жазылған қалақты осыдан бес жыл бұрын балам жасатып, іліп қойған еді. Өйткені үйге «Жедел жәрдем» немесе такси шақырсақ, мекенжайымызды сұрайды. Содан амалсыз өзіміз жасаттық», — дейді үй иесі.

Жазған құлда шаршау жоқ, мәселе әкімдікке тірелгесін, Тасқала ауылдық округінің әкімі Светлана Өтемісоваға қайта кіріп шықтық. «Көше атауларының қате жазылуына біз кінәлі емеспіз (?). Ономастикаға жауапты – мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі. Ол біздің міндетімізге мүлдем кірмейді. Біз тек әр көшенің қиылысына ғана көше атауын орнатамыз», – деп қысқа қайырды округ әкімі.

Қос құзырлы құрылым басшысы осылай деді. Сонда бұған кім жауапты?! «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кері, қысқасы…

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала  ауданы


Ғайса Махимов: «Музейлер – халық қазынасы

Күні: , 115 рет оқылды

Фото Гайса Темирбулатович Махимов


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған көкейкесті мәселелерді жүзеге асыру мақсатында елімізде, соның ішінде өңірімізде көптеген жоспарлы іс-шаралар қолға алынуда. Осыған орай ғасырлық тарихы бар «Орал өңірі» газеті «Туған жер» атты жаңа айдар ашып отыр. Қазақтың киелі жерлері Батыс Қазақстанда да аз емес. Соның бірі – Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылы. Еліміздің тарихын танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде музейлердің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Біз бүгін Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің директоры Ғайса Махимовтың сұхбатын газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.


— Ғайса Темірболатұлы, алдымен Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің тарихына, бүгінгі таңдағы мақсат-миссиясына тоқтала кетсеңіз?

— Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде көрсетілгендей, бұл бағдарлама білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Бұл ретте өлкетану жұмыстарын жүргізу бағытында музейдің өз міндеттері бар. Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы, ел-жұрттың тағдыры – бәріміздің тағдырымыз.

Қазақстанда музейлер тарихы 1830 жылдан басталады. 1889 жылы 20 маусымда халықаралық «Музейлер ассоциациясы» құрылды. 1918 жылы халықаралық музейлер бюросы құрылып, «Музеон» журналын шығарды. Бұл ЮНЕСКО-ның «Музеум» журналының шығуына негіз болды. 1946 жылы Луврда ЮНЕСКО-ның құрамына енген халықаралық музейлер кеңесі құрылды. Музейлердің халықаралық кеңесіне (ІСОМ) 1948 жылы – 29, 1950 жылы – 43, 1977 жылы – 109, 1999 жылы 135 мемлекет музейлері мүше болды. 2002 жылы мамыр айынан бастап «Қазақстан музейлері» журналы шыға бастады.

Бокей орда хан сарайыӘр адамның өз отбасы, ата-бабасының өткенін білуімен басталған қызығушылық туған ауылының, қаласының, өлкесінің, мемлекеттің тарихын білуімен жалғасады. ХХ ғасырдың бас кезеңінде, заманның қым-қиғаш уақытында, дәлірек айтқанда, 1917 жылы Бөкей хандығынан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев халықтың рухани мұрасы – жәдігерлер мен этнографиялық туынды, шежірелерді жинау жөнінде бастама көтерген. Мұны 1919 жылы қоғам қайраткері Мұстафа Көкебаев қостап, Бөкей ордасында «Халық мұражайын» ашу туралы үндеу тастайды. Ал кейінге шегініс жасасақ, тіпті хан билеген заманда Нұралыдан тарайтын Бөкей ханның ұлы Жәңгір 1828 жылы өз сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, музей ісін бастап кеткен еді. Бөкей ордасында музей ісі осылайша бастау алып, 1962 жылы Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин орденді Ахметфайыз Юсупұлы Тажетдиновтің Орда өңірінде өткен тарихи оқиғаларға қатысты жинақтаған 55 экспонатымен қоғамдық негізде музей ісі жалғасты.

— Сөзіңіз аузыңызда, Бөкей хандығында, тіпті қазақ елінде деуге болады, музей ісі Жәңгір ханнан бастау алды деуге толық негіз бар. Кеңес дәуірінде жалғасын тапқанымен, ол негізінен революциялық сипат алып, хандар тарихы мүлдем ұмыт қалды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Елбасы Жарлығымен Орда ауданы 2000 жылы Бөкей ордасы ауданы болып аталып, тарихи атауы қайтарылды. Мемлекет басшысы осынау тарихи мекенге арнайы ат басын бұрып, өзінің ізетін білдіргенін бұл өңірдің халқы ұмыта қойған жоқ.

Германия2— Иә, Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылы – Батыс Қазақстандағы Бөкей мен Жәңгір хандардан бастау алатын, өзінің бай тарихымен көпшілікке танымал елді мекен. Елбасы Н. Ә. Назарбаев киелі Орда топырағына екі мәрте аяқ басып, ең алғаш келгенінде музейдің тілек және пікір кітабына «Өз жерінің, елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ» деп, еліміздің тарихы мен мәдениетін, танымал тұлғаларын, өткені мен бүгінгісін насихаттайтын, көпшілікке танытатын музейлер екендігін жеткізді. Ұлт көшбасшысы өңірімізге сапарында осындай тарихы бай мекенді республикаға, шетелдерге таныту қажеттігін айтып, бірнеше тапсырма жүктеген болатын. Нәтижесінде бір ғана музей Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне жетіп, құрамындағы тарихи-мәдени, архитектуралық ескерткіштер болып табылатын 19-ғасырдың ғимараттары қайта жаңғыртылды. Соның төртеуінде музей жасақталды. Атап айтқанда, Бөкей ордасы тарихы музейі, Тәуелсіздік музейі, Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы музейі, Бөкей ордасында халыққа білім беру және Тұңғыш қазақ баспаханасы музейлері халыққа қызмет етіп, өлке тарихын жан-жақты насихаттап келсе, олардан басқа кешеннің құрамындағы хан ордасындағы тұңғыш штаттық дәрігер А. Сергачев үйі, Тарғын мектебі, Ордада болған мектеп қалашығының үйлері де қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қызмет етіп келеді. Сәйкесінше музей кешенінің қоры толығып, жәдігерлер 16 мыңнан асты. Музей қорын толықтыруға жергілікті тұрғындар, өлкемізден шыққан тұлғалардың ұрпақтары т.б. атсалысуда.

Қазіргі таңда қоғамда руханият тапшылығы айқын сезілуде. Туризм, соның ішінде мәдени туризм осы тапшылықтың орнын толтыруға бағытталады және бұл жерде музейлердің рөлі басым болмақ. «Мәдени туризм» термині XX ғасырдың сексенінші жылдарында пайда болса, бүгінде одан бастау алған дербес бағыт – «музей туризмі» кеңінен таралуда.

Кытайлар1Музей туризмін дамытуға Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде негіз баршылық, мүмкіндігі де толық жетеді. Мәселен, кешен құрамында 19-ғасырдан сақталған хан Жәңгірдің сарайы көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Бұл ғимараттың бізге дейін сақталған шығыс бөлігінде Хан сарайының қару-жарақ палатасы музейі орналасса, орталық бөлігі тарихи зерттеулер мен хан сарайын көрген саяхатшылардың сипаттамалары бойынша 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қайта тұрғызылды. Болашақта мұнда Хан сарайы мемориалдық музейін жасақтау жоспары дайындалып, жәдігерлер жинақталуда. Тарихи оқиғалар, танымал тұлғалар, ауыл шаруашылығы, соғыс, еңбек ардагерлері жөнінде және басқа тақырыптарда түрлі шаралар өткізіліп, бейнефильмдер түсірілуде. Еліміздің түрлі телерадио арналарының режиссерлері кешенге келіп, Жәңгір хан, Фатима ханша, тарихи орындар, өлкеміздің халқы туралы материалдар жинақтап, жариялауда. Кешен қызметкерлері кешен қорын толықтыру, өлке тарихын одан әрі зерттеп, зерделеу мақсатында еліміздегі және Ресей қалаларындағы мұрағаттарда жұмыстануда. Көршілес Астрахан, Волгоград облысының қалаларында тарихымызды танытып, еліміздегі, өлкеміздегі оң өзгерістерді баяндайтын бейнероликтер көрсетіліп, түрлі тақырыптағы көрмелер ұсынылуда.

—  Ғайса Темірболатұлы, елордада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің өтуіне орай туристік маршруттар тізбесіне Бөкей ордасы енгізілгені белгілі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

— Биылғы жылы еліміз үшін аса маңызды ірі шара болып табылатын «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушыларына арналған туристік маршруттар тізбесіне Батыс Қазақстан облысы бойынша Бөкей ордасы, соның ішінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені енгізілді. «Бөкей хандығына саяхат» тақырыбындағы Астана – Орал – Чапаев – Жаңақала – Орда – Орал маршрутымен келетін қонақтар Бөкей хандығының 210 жылдық тарихы, Хан ордасының іргесінің қалануы, Жәңгір хан, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы туралы тарихпен, Бөкей даласының географиялық орналасуы, ауа райы, Нарын құмы мен қарағайлы орманы, сондай-ақ Орда, Жаңақала, Чапаев ауылдарының тарихи-мәдени орындарымен таныса алады.

«Ашық аспан астындағы музей» атанған кешен құрамында бүгінгі күні он үш ғимарат және Жәңгір хан, күйші-композитор Дәулеткерей, ғалым-этнограф М-С. Бабажановтардың кесенелерінен тұратын пантеон бар. «Хан қорымындағы» 600-дей көне құлпытасты зерттеп, кітапқа енгізу жоспарлануда. Қорымнан шығысқа қарай 12 шақырым жерде Сағи, Сүлеймен хазіреттердің зираты орналасқан. Алдағы уақытта мұндай киелі орындарды да ретке келтіріп, тарихи ескерткіштер қатарына қосу ойластырылуда.

— Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне шет елден де қонақтар көп келеді деп естіп жатырмыз…

— Ол рас, музейді тамашалауға жыл сайын 17 мыңдай адам келіп, оларға 2 мыңға жуық экскурсия жүргізіледі. Соның ішінде шетелдік азаматтар да бар. Мысалы, жуырда Ресей ғылым академиясы Дала институты Урал бөлімшесінің ғылыми қызметкерлері Стасис Норейка, Роман Рухов, Вадим Петрушевпен бірге Германиядан Йена қаласындағы Фридрих Шиллер атындағы университеттің ғылыми қызметкері Томас Роде (Thomas Rohde) келіп, музей кешенінің экспозицияларын қарап, алғыстарын білдіріп кетті. Олар Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының табиғатын, қазақ халқының тарихы мен тұрмыс-салтын зерттеу мақсатында жүр екен. Сол секілді Қытайдың Гоң Джу қаласындағы «Қытай телеком» компаниясының өкілі Ни Го Щян деген азамат ризашылығын жасыра алмады. Ол музейдің тілек кітапшасына: «Бүгінгі көргенім арқылы Қытай мен Қазақстанның байланысынан тарихи сәйкестік тауып жатырмын. Қытайдың Жібек жолына ұқсастық өте көп. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық мәңгі өшпесін, бірге өркендей берейік» деген қолтаңба қалдырды.

Қорыта айтқанда, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес қазіргі таңда туристерді бұрынғыдан да көбірек тарту мақсатында Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін республикалық мемлекеттік маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, мемлекеттік реестрге ансамбль ретінде тіркету көзделуде. Сондай-ақ музейді Батыс Қазақстан облысының «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік кластеріне кіретін кешенді Бөкей ордасы тарихи, мәдени-этнографиялық қорығына айналдыру, осы аумақта ұлттық этноауыл құру және үлгілі этноауыл жобасын әзірлеу, кешен ғимараттарын қайта жаңғырту, музейлендіру, жәдігерлер жинақтау сынды жұмыстар атқарыла беретін болады.

— Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Ғайсағали САМИҒОЛЛАҰЛЫ,

Бөкей ордасы ауданы


Балық жеген тоқ болар…

Күні: , 20 рет оқылды

IMG_9267


Шыңғырлау  ауданында  бау-бақша бағытында  кәсіпкерлігін  кеңейтіп, тұрғындарға  сапалы  көкөніс,  бақша өнімдерін  ұсынып  жүрген  кәсіпкер  Александр  Рудьтің  есімі  шыңғырлаулықтарға  жақсы  таныс.


Аталмыш кәсіпкер енді балық шаруашылығын да қолға алуды ойластырып жүр. Осы мақсатта таяуда ол өз меншігіндегі Жаңакүш бөгетіндегі су қоймасына тұқы балық түрінің 7500 данасын жіберді. Осындай шара арқылы кәсіпкер көлдегі балық санының өсімін қамтымақ. Жаз айларында тамаша демалыс орны болып отырған осынау көлді жақсы кәсіптің көзіне де айналдыруды ойлаған А. Рудь көлдегі балықты көбейтуді көптен жүргізіп келеді.

– Алдыңғы жылы осы көлге 3500 дана тұқы (карп), мөңке (карас) және көксерке (судак) балықтарын жіберген едік. Былтыр 2500 дана тұқы балықты жібердік. Міне, енді бір  жылдық осындай тұқы балықтың жеті жарым мың данасын жіберіп жатырмын. Жыл сайын қысқы мұз қату кезеңінде балықтың тұншығуынан болатын шығындардың орнын толтыру мақсатында жыл сайын осылай толықтырып отырамыз. Күзге жақын тағы бір мәрте ересек балықтардан әкеліп жібермекшімін, — дейді кәсіпкер.

Балықтар Орал қаласы маңындағы «Магистраль» ЖШС-дан сатып алынуда. Балық жіберу сәтіне аудан әкімі Альберт Есалиев, облыстық табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу орталығының балық шаруашылығы жөніндегі ғылыми қызметкері Дмитрий Пилин, облыстық аумақтық инспекцияның Ақжайық балық шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы Иван Провоторов қатысты.

Шара барысында сөйлеген Дмитрий Пилин Шыңғырлау аумағындағы Жаңакүш су қоймасынан басқа Шаңды, Жыланды, Сұлукөл су қоймалары мен Ащы өзеніндегі балық өсімі, судың жағдайы мен балық жемінің түрлері, балық қоры жөнінде баяндап, балық қорына нұқсан келтірмейтін аулау көлемі туралы мәліметтерді нақтылау бойынша тұрақты зерттеулердің жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал Иван Провоторов өз құзыретіне қатысты Елек өзенінде балық аулауға 10 сәуір мен 15 маусымға дейін тыйым салынғандығын, сондай-ақ бұл тыйымдар өзге су көздерінде мамыр айы бойына сақталып, ай соңында рұқсат берілетінін ескертті.

А. Рудь алдағы уақытта аудан орталығынан балық өнімдерін сататын сауда орындарын ашып, аудан тұрғындарын жергілікті өніммен қамтуды жоспарлап  отырғанын  жеткізді.

Қаршыға  ЛЕКЕР,

Шыңғырлау  ауданы


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалай қалыптасады?

Күні: , 22 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (74)


Облысымыздағы  көптеген  мемқызметкер  бұл  сауалдың  жауабын  білмейді.  Яғни  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  заңнама талаптарын  жөнді  меңгермеген.  Сөйтіп,  олар  атқарып  отырған қызметі  жемқорлық  әрекетке  жататынын  аңғармай  қалуы ғажап емес.


Бұл туралы сейсенбі күні Достық үйінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы алынып жатқан шаралар турасында өткен семинар кезінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен мәлімдеді.

– «Нұр Отан» партиясы да тиісті өкілетті құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлықпен күресуде белсенділік танытып келеді. Біздер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментімен бірлесіп, мобильді топ құрып, осындай келеңсіздікке баруы мүмкін деген ұйым-мекемелерде болып, жемқорлық, оның зардаптары жөнінде кездесулер өткізудеміз. Өткен жылы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасаған 11, биыл үш «нұротандық» партия қатарынан шығарылды. Тағы бір айта кетер жайт, мемлекеттік қызметшілердің өздері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жете білмейді. Мәселен, биылғы наурыз-сәуір айларында «Б» корпусындағы мемқызметкерлерді аттестациядан өткіздік. Сонда мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, нөлдік төзімділік туралы сауалдар қойдық. Аттестациядан өтушілердің 90 пайызы оған жауап бере алған жоқ. Сөздің ашығын айтқанда, бұл заңдар бірінші кезекте мемқызметкерге бағытталған құжаттар ғой. Егер олар мұны білмесе, қызметінде түрлі олқылықтарға жол беруі мүмкін. Сөйтіп, атқарып отырған қызметі жемқорлық әрекетке жататынын білмей қалады. Сол себепті осындай шараларды жиі өткізіп, тиісті заңнамаларды кеңірек түсіндіруіміз керек, — деді Серік Кенжебекұлы.

Өңіріміздегі мемлекеттік құрылым, этномәдени бірлестік, қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер қатысқан семинарда облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов Қазақстан xалқы ассамблеясы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, xалық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биылғы сәуір айында аталмыш мемлекеттік құрылым мен қоғамдық ұйым арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Соған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен облыстық ассамблея да бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспарын бекітті. Сол жоспардағы бірінші шара бүгінгі өтіп жатқан семинар болып табылады. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы этномәдени бірлестіктердің, отбасының рөлдері турасында семинарлар, жемқорлықты ауыздықтау мен алдын алудағы қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде ассамблеяның қоғамдық кеңесінің кеңейтілген алқа мәжілістері ұйымдастырылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа, оған деген нөлдік төзімділікке байланысты  түрлі сауалнамалар жүргізілмекші.

Семинарда негізгі баяндаманы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин жасады.

Баяндамашының сөзіне қарағанда, соңғы екі жыл ішінде республикамызда жемқорлық деңгейін төмендету мәселесінде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл бірінші кезекте «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы» мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына негізделген  мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатымен байланысты. Соған сәйкес 2015 жылдың өзінде жемқорлық әрекеттерін болдырмауға бағытталған 60-тан аса заң қабылданды. «Өткен жылдан бастап мемлекеттік қызмет жаңа форматта жұмысын бастады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметке қайтып келушілердің саны үш есе артса, кадрлардың алмасуы екі, басқа жұмысқа ауысу 18 есе қысқарды, – деді Біржан Марданұлы. – Біздің агенттіктің бастамасымен оқушылардың тәрбие жұмыстары туралы тұжырымдама бекітілді. Соған сәйкес бүгінде еліміздегі мектептердің тоқсан пайызында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, оған 750 мыңдай оқушы мүшесі болып табылады. Осындай шаралар арнаулы және жоғары оқу орындарында да жүйелі түрде жүргізілуде».

Жиын барысында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның медиаторы Талшын Италиева мен сараптамалық-талдау бөлімінің кеңесшісі Айсұлу Мұқатаева да баяндамалар жасады.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Шаһар әкімдігі «есігін айқара ашты»

Күні: , 18 рет оқылды

WhatsApp Image 2017-06-05 at 16.04.28


Дүйсенбі  күні  Орал  қаласы  әкімдігінің  ғимаратында  «Ашық  әкімдік»  шарасы бастау  алды.


Жобаның басты мақсаты жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетудің ыңғайлы алаңын ұйымдастыру болып отыр. «Ашық әкімдіктің» төрт негізгі қағи-датының біріншісі – ашықтық. Бұл қағидат қызмет көрсету кезінде жемқорлық тәуекелдерінің азаюына әкеледі. Екіншісі – қолжетімділік, яғни  халыққа кедергісіз қызмет көрсетіледі. Үшіншісі – қызмет сапасы бойынша ыңғайлы электронды кезек жүйесі жасақталған. «Ашық әкімдіктің» төртінші қағидаты – ыңғайлылық. Нақтырақ айтқанда, қызмет алушы үшін залда ыңғайлы орындықтар, кондиционер, су диспансері, кофе автоматы бар.

– Бүгінгі шара Елбасының «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында көрсетілген транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру мақсатында қолға алынып отыр. Жоба аясында қалалық сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, қала әкімдігінің кеңсесі бөлімдері халыққа қызмет көрсетуде. «Ашық әкімдік» түске дейін келген 365 адамға толықтай қызмет көрсетіп үлгерді. Тұрғындардың көбі шаруаларын ертерек реттеуге дағдыланғандықтан, сағат 9.00-10.00 аралығында қызмет алушылар саны көп болды да, кейін азайды. Олардың басым бөлігі жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің қызметіне жүгінді, — дейді қала әкімі аппаратының басшысы Сәкен Нұртазаев.

«Ашық әкімдік» бір ай бойына тесттік режимде жұмыс жасайды. Яғни қызмет сапасын жақсарту бойынша ескертулер мен келушілер қалауы ескерілетін  болады.

– «Ашық әкімдіктің» өтетіні туралы ақпаратты ғаламтор арқылы білдім. 2009 жылы жер кезегіне тұрған едім. Жер қатынастары бөлімінің бас маманына жолығу үшін арнайы талон алып, төрт минут қана күттім. Сұрағыма түсінікті жауап алдым. Кеңсе қызметкері маған алдағы уақытта әкімдікке аяқтай келмей-ақ, жер кезегі туралы мәліметті арнайы сайттан қараудың жолын түсіндірді. Көрсетілген қызметке көңілім толды, – дейді зейнеткер Рауза Абылаева.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Сақтандыру сенімді ақтағай

Күні: , 28 рет оқылды


Сейсенбі күні  ҚР Орталық коммуникациялар  қызметінің облыстық филиалы алаңында  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидің қатысуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіруге арналған брифинг өтті.


МӘМС халықтың денсаулық сақтау саласындағы мүдделерін қорғап, қолжетімді де сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйе болмақ. Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылмақ. Қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударады. Ал қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға аударылып отырады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сәйкес тұрғындарға медициналық көмектің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы – республикалық бюджет қаржыландыратын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірілген көлемін ұсынатын базалық пакет.  Мұнда «Жедел жәрдем» қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді.

Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті. Яғни бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік-шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік және жоғары технологиялық көмек кіреді.

— Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы басты мәселе. Сондықтан медицина саласындағы бұл реформа халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтанған адам  мемлекеттік және жеке клиникаларда медициналық көмекті тегін ала алады. Сондай-ақ мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша дәрілік заттарды еліміздің кез келген ауруханасынан ақысыз алуға мүмкіндігі болады. Өйткені медициналық  шығын түрлерін МӘМС жүйесінің қоры төлейді. Қор медициналық ұйымдарды іріктейді және қызмет сапасын қадағалайды. Сондықтан әр клиника білікті медициналық көмек көрсетуге тырысады. Яғни бәсеке артады.

Елімізде 1 шілдеден бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заң күшіне енеді.

Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Гүлсезім ЕРБОЛАТҚЫЗЫ


Экологтар мерекесі

Күні: , 18 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (264)


Қазақ драма театрында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және ҚР экологтарының кәсіби мерекесіне арналған  салтанатты шара өтті.


Мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов  қатысып, табиғат жанашырлары  мен сала ардагерлерін атаулы мерекемен  құттықтады.

— 1972 жылдың 5 маусымында БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні деп бекітілген болатын. Ал 1998 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы күнді қоршаған ортаны қорғау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Экологтар  күні деп жариялады. Бүгінде заманның алға жылжуымен, түрлі өңдеу, өндіру кәсіпорындарының пайда болуымен экологиялық жағдай халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Ғылым мен техниканың, технологияның дамуымен зиянды қалдықтардың қоршаған ортаға тигізер залалы  да көбейді. Техногендік әсердің табиғатқа, адамзатқа тигізер зиянын мейлінше төмендетуде  бұл сала мамандарының еңбегі зор, — деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

фото Халелова Рафхата (26)Салтанатты шарада бірқатар мамандар қоршаған ортаны қорғауға қосқан сүбелі еңбегі үшін облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында облыстық экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Жанар Ізболатова,  әкімшілік-қаржылық, кадрлық, құқықпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Оңат Қамбетов, зертхана-аналитикалық бақылау бөлімінің басшысы  Нұрлы Исмаилова, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы, аға мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым Тілегенов және Шыңғырлау  аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде 1988 жылдан бері қызмет атқаратын Михаил Завгородний мен облыстық табиғи рессурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Фариза Сұлташева, «Конденсат» акционерлік қоғамының бас инженері Нұрия Мүфтеева бар. Сонымен қатар ҚР Энергетика министрінің Құрмет грамотасына Николай Чаганов, Айсұлу Әбдірахманова, Гауһар Қайырлиева, Айгүл Түркина ие болды.

Өңірімізге танымал өнер жұлдыздарының әуелете салған әні мен мың бұралған билері шара көркін қыздыра түсті.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”


Амбулатория пайдалануға берілді

Күні: , 24 рет оқылды

_DSC0278


Халықты қолжетімді медициналық қызметпен қамтуды көздеген мемлекет басшысының тапсырмасына сай биыл сәуір айында Зеленов ауданы Рубежин ауылындағы тозығы жеткен дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын.


«Жолаушы жол» ЖШС жүргізген жөндеу жұмыстары еліміздің Рәміздер күні мерекесі қарсаңында аяқталды. Емдеу мекемесінің ашылу салтанатына аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, Дариян ауылындағы аудандық аурухана директоры Ғабитжан Ислямов, «Жолаушы жол» ЖШС-ның басшысы Ролан Темірханов, ауылдық округ әкімі Айбар Жаңабаев және ауыл тұрғындары қатысты.

— Осыдан біраз уақыт бұрын келгенімізде ауылдың клубы мен амбулаториясы әбден ескіріп тұрғанды. Ауылда мәдениет саласының ақсап тұрғанын және тұрғындардың дәрігерлік көмексіз отырғанын ескеріп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ауылдық клубты, ел рәміздерінің 25 жылдығы қарсаңында дәрігерлік амбулаторияны жөндеп беріп жатырмыз, — деді рубежиндіктерді қуанышымен құттықтаған аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған зейнеткер Зылиха Нұрғали тозығы жеткен ғимаратты жөндеп, ажарын кіргізген құрылысшылар мен аудан әкімдігіне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышына ортақтаса келген рубежиндік кәсіпкерлер дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Құралай Самалықоваға кеңсе қызметіне қажетті бағалы сыйлықтар ұсынды.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика