Мұрағат: 05.06.2017


Отанның рәміздерін асқақтатқан күн

Күні: , 68 рет оқылды

1 полоса рапапа


4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күні. Осыған орай «Менің Қазақстаным!» атты жастар акциясы аясында Орал шаһарында бірнеше шара өтті.


Мотоциклистер, велошабандоздар, ескекшілер және өзге де спортшылардың қатысуымен өткен «Менің Туым» эстафетасы Орал – Атырау тас жолы бойындағы «Орал» жазуының тұсынан бастау алды. Аталмыш жерге жиылған мотоциклистер еліміздің көк Туын желбірете «Динамо» спорт базасына бет түзеді.

– Жерлестерімді Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтаймын! Көк Туымызды алып жүру – біз  үшін үлкен мәртебе. Мақсатымыз – ел рәміздеріне деген құрметімізді қала тұрғындарына паш ету, — дейді «Velo Brothers» мотоциклистер клубының мүшесі Максим Дмитрук.

Мотошабандоздардан Туды қабылдап алған «Динамо» спорт базасының ескекшілері Шаған өзенімен жүзіп, қалалық мәдениет және демалыс саябағына келді. Осы жерде ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, самбо күресінен төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров бастаған спортшылар Туды ескекшілерден алып, П. Атоян атындағы алаң алдына жиылған велошабандоздарға жүгіріп жеткізді.

– Мереке құтты болсын! Көк Туымызды салтанатпен алып жүру – біз үшін зор абырой. Әлемнің өзге елдерінде Әнұранымызды ойнатып, Байрағымызды көтеріп жүрген спортшылар үшін де Рәміздер күні айрықша маңызға ие, — деді Ерболат Сағатұлы.

Ал велошабандоздарды алтыншы шағынаудандағы жаңа алаңда «Батыс қамқор», «Жасыл ел», «Орал студенттерінің альянсы» ұйымдарының жастары флешмоб биімен қарсы алды. Шара соңында барлық спортшылар Тумен естелік суретке түсті.

4 маусымда «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастыруымен өткен «Менің Қазақстаным!» атты жастар акциясы аясында қала көшелері мен қоғамдық орындарда агитациялық микроавтобустар шығарылды. Мерекеге орай безендірілген микроавтобусқа мінгендер қала тұрғындары мен қонақтарын ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығымен құттықтап, арнайы жалаушалар мен үлестірмелі материалдарды таратты. Орталық базар маңынан бастаған микроавтобус Еуразия даңғылы арқылы жүріп өтіп, «Жаңа алаңдағы» шараға жиналған қала жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлады.

*    *    *

ҚР Мемлекеттік Рәміздер күні Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Менің Қазақстаным!» патриоттық акциясы жалғасын тапты. Мемлекеттік Тулар алып әткеншектің әрбір ұясына орналастырылып, бірнеше айналым жасаған соң, сахнада балғын өнерпаз Максим Ержан еліміздің Әнұранын шырқады. Акция барысында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Дархан Құлбабаев, Айым Шекеева, Айдана Әжіғалиева, Алтынбек Оразов патриоттық әндерді әуелетті. Кейін қала жастарына кеңінен танымал, заманауи ырғақпен ән салатын жергілікті өнерпаздар Данияр Рахметжанов, Райымбек Бақтыгереев, Дамир Дәрібаев, Қайыр Сұлтан кеш көрігін қыздырды. Облыстық КТК құрамасы қалжың-қағытпаларымен көрермендердің көңілін көтерді. Акция соңында жастарға мемлекеттік рәміздерге қатысты танымдық сұрақтар қойылып, белсенділер марапатталды.

Сол күні жастар арасында «Street Workrout» көше спорты бойынша белтемірге тартылудан сайыс өтті. Спорттық байқауда Алексей Павленко, Егор Горунов, Александр Михайлов жүлделі орындарды иеленді.

*    *    *

Таяуда Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Рәміздер — тәуелсіздігіміздің жарқын айғағы» атты патриоттық шара өтті. Оған Орал қаласындағы колледж студенттері мен оқушылар қатысты.

Аталмыш кітапхананың оқу залында рәміздерге орай кітап көрмесі ұйымдастырылған. Оны жиналғандар кеңінен тамашалады. Басқосуды кітапхананың бөлім басшысы Гүлнәз Хамзина ашып, жүргізді. Шара барысында кітапхананың жасөспірімдер оқу залының кітапханашысы Мейірім Мұқатаева «Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер» атты баяндама жасады. Ал облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскерге шақыру бөлімінің басшысы Бауыржан Алтаяқов күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой-пікірін ортаға салды. Шараның келесі бөлімінде студенттер мен оқушыларға рәміздер жөнінде танымдық сұрақтар қойылды. Шара соңында Отан және мемлекеттік рәміздер туралы әндер шырқалды.

*    *    *

Еркін елдің ерекшелігін айқындайтын мемлекеттік рәміздер — отандастарымыздың ортақ мақтанышы.

Отанымыздың рәміздерін дәріптеп, мерейін асқақтату мақсатында Бөрлі ауданында тамаша шара өтті. Қазақстан Республикасының Гимні, Елтаңбасы мен Туының ресми түрде қолданысқа енгендігінің 25 жылдығына орай өткізілген шара алдымен аутошеруден басталды. Қаламыздың басты көшелерімен жүріп өткен шеру 25 мемлекеттік Туды асқақ желбіретті. Абай даңғылынан басталған шеру Совет көшесімен жүріп өтіп, Жамбыл көшесіне қарай бағыт ұстады. Содан соң көк байрағымызды аутошерушілер аудандағы ұлт-ұлыстың татулығын меңзейтін Халықтар достығы көшесімен алып жүрді. Ғұбайдолла Жәңгіров атындағы саябаққа табан тіреген шерушілер ауданның басты сахнасында өткен мерекелік шараға көрік берді. Мерейлі мерекеде аудан әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналин аудан жұртшылығын құттықтап, ынтымағымыздың нығайып, мемлекеттік рәміздеріміздің асқақтай беруін тіледі. Шара аудандық демалу орталығы дайындаған мерекелік концертке жалғасты.

*    *    *

Мемлекеттік Рәміздер күні Теректі ауданында да кеңінен аталып өтілді.

Шара «Менің Қазақстаным!» атты жастар акциясымен басталды. Онда Туымыз биікке көтеріліп, Елтаңбамыз төрден орын алып, Әнұранымыз шарықтай шырқалды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов жиналғандарды қазақстандықтардың асыға күтер мерекесіне айналған ҚР Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтады. Содан кейін «Жігерлі жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н. Кенжин, жас маман Н. Мақсотов, студент А. Жақсылыққызы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Ал Ақжайық ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы А. Әбілқалым өз өлеңін оқыды.

Аудандық туризм және экология орталығы ұйымдастырған велошеруден кейін жергілікті өнерпаздар сахнаға көтерілді. А. Әжіғалиева, Қ. Сағидуллин, Г. Құсайынова, А. Дәулетқалиев сынды әншілер орындаған патриоттық әндермен мерекелік шараның шырайы кіре түсті.

А. ТӨЛЕУҒАЛИ, Т. ТОҚМАМБЕТОВ, Н. ТЕКЕБАЕВ, С. ИХСАНҒАЛИ, 

А.  НҰРҒАЛИЕВА,  Ә. ОРЫНБАСАРҰЛЫ


Айболат ҚҰБАШЕВ: «Анамның қамалғаны жаныма қатты батты…»

Күні: , 268 рет оқылды

48680ff5-7184-4540-b1c0-28249d830b44


Футбол добымен таңғаларлық қимылдар жасаған бейнежазбасын инстаграм желісіне орналастырған оралдық студент Айболат Құбашев аз уақыттың ішінде көпке танымал болды.


Ол туралы республикалық сайттар мен телеарналар жарыса хабарлады. Кейіпкерімізді көпке танытқан спорттың түрі футбол фристайлы деп аталады. Айболат – Орал қаласындағы №25 мектептің түлегі. Бүгінгі таңда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың спорт факультетінің бірінші курс студенті. Жуырда Айболатты редакциямызға арнайы шақырып, әңгімеге тартқан едік.

— Айболат, футбол фристайлына деген қызығушылығың қалай оянды?

— Бірде интернеттен бразилиялық футболшы Роналдиньоның доппен әр түрлі әдемі қимылдар жасау үстіндегі бейнежазбасын көрдім. Сол видео менің футбол фристайлына деген қызығушылығымды туғызды. Шабыттанғаным соншалық, әйгілі футболшының қимылдарын қайталап көргім келді. Осылайша футбол фристайлымен айналыса бастадым. Әрине, Роналдиньо – әлемге мықты фристайлшы емес, футболшы ретінде танылған спорт жұлдызы. Футбол фристайлынан Еуропа чемпионы, норвегиялық Ерланд Фиргери, спорттың осы түрінен үш дүркін әлем чемпионы, польшалық Шимо Скаласкийдің кәсіби шеберліктері аса жоғары деңгейде.  Еуропалық фристайлшылардың деңгейіне жету мен үшін мүмкін емес те шығар, алайда барымша тырысып бағудамын. Міне, бүгінде спорттың бұл түрімен өз бетімше айналысып жүргеніме үш жылдан асыпты.

— Өңіріміз бойынша деңгейі жоғары футбол фристайлшыларынан кімдерді атар едің?

— «Облысымыз бойынша спорттың осы түрін жанына серік еткендер бар ма?» екен деп интернет арқылы іздестіріп көріп едім, ешкімді таба алмадым. Футбол фристайлы еліміз бойынша Алматы қаласында жақсырақ дамыған. Аталмыш спорт түрімен айналысушылар Шымкент, Павлодар қалаларында да бар. В контакте желісіндегі «Футбольный фристайл Казахстана» тобынан қазақстандық фристайлшылардың бәрін көруге болады. Олардың саны небары 20-ға жетер жетпес.

— Футбол фристайлымен айналысудың қандай пайдасы бар?

728 папапа— Менің ойымша, футбол фристайлы – адамның ерік-жігерін, ептілік пен шыдамдылығын шыңдайтын өнер. Жеке мен үшін өзімді белгілі бір мақсатқа жеткізу жолындағы тәрбиелеуші құрал дер едім. Футбол фристайлы – әдемілік. Мұны спорттық шоуға жатқызуға болады. Адамдардың көбі жалықпай тамашалайды.

Мүмкін кейбіреулер менің тірлігімді түсінбей, таңырқай қарайтын шығар. Бірақ адам өзіне ұнаған іспен айналысуы керек деп ойлаймын. Жалпы, футбол фристайлы әлемде 2001 жылдан бастап дами бастаған. Бүгінгі таңда Еуропада спорттың бұл түрі бойынша федерация құрылған. Болашақта футбол фристайлы федерациясы Қазақстанда да құрылатынына сенемін. Өйткені еліміз жан-жақты дамып келе жатқан мемлекет. Сондықтан спорт, білім, өнердің қай саласында болмасын, Еуропадан артта қалған тұсымыз болмауы керек деп ойлаймын. Елімізді сондай деңгейге жеткізу үшін бәріміздің жұмыла еңбектенгенімізді қалаймын.

— Спорттың осы түрінен қандай жетістіктерің бар?

— Өткен жылы Астана қаласында өткен республикалық сайыста үшінші орын алдым. Ал биыл футбол фристайлшыларының сайысы Астана қаласында халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Бұл сайысқа қатысып, тәжірибе жинақтағаным болмаса, жүлделі орыннан көріне алмадым. Аталған екі сайысқа да сабақтан сұранып, өз қаражатыммен бардым. Енді Чехияда өтетін әлем чемпионатына дайындалудамын. Аталмыш сайысқа Қазақстанның атынан екі фристайлшы бармақпыз. Оның бірі – астаналық фристайлшы, екіншісі – мен. Екеумізге де интернет арқылы ресми шақырту келді.

— Жаттығуға қанша уақыт бөлесің, қандай тәртіппен жасайсың?

— Жалпы, күн сайын бес сағаттай уақытымды жаттығуға арнаймын. Бүгінгі таңда күшейтілген режимге көштім. Нақтырақ айтқанда, сағат 9.00- 13.00 және 18.00-21.00 аралығын үздіксіз жаттығуға арнаймын. Жалпы, футбол фристайлы «Апер» — баспен, «Ловер» — тікеңнен тұрып аяқпен және «Ситинг» — отырып, сондай-ақ жатқан күйде жасалатын қимылдар болып үш түрге негізделген. Сайыста олардың әрқайсысына 30 секундтан уақыт бөлінеді. Яғни фристайлшы минут жарым уақыттың ішінде баспен, тікесінен тұрып аяқпен, сондай-ақ отырып және жатып көрсететін қимылдарды жасап шығуы керек. Күнделікті жаттығу кезінде оқыс қимылдар жасап, денені зақымдап алмас үшін алдымен тұла бойды жақсылап қыздыру керек. Өз басым секірмекпен (скакалка) 5-7 минут, ауа температурасы салқындау болған жағдайда одан да ұзағырақ үздіксіз секірген соң аяқ, қол, денені созу жаттығуларын жасап, кейін доппен жасалатын қимылдарға кірісемін.

— Спорттың тағы қандай түрлерін жаныңа жақын тұтасың?

— Жалпы, спорттың барлық түріне құрметпен қараймын. Әкемнің жетелеп апаруымен тоғыз жасымнан бастап жасөспірімдер арасындағы «Ақжайық» командасының құрамында футбол ойнадым.

— Айболат, өзіңмен қатарлас жасөспірімдер арасында футболды сенен күштірек ойнаушылар болды ма? Мықты футболшылар фристайлмен айналысса, қандай нәтиже көрсетер еді?

— Әрине, футболды менен жақсырақ ойнайтын қатарластарым көп болды. Негізі футбол мен фристайл ешқандай са-лыстыруға келмейді. Оның мысалы хоккей ойыны мен мәнерлеп сырғанау секілді. Оларды бірімен-бірін байланыстыратын мұз бен коньки ғана болса, футбол мен фристайлдағы ұқсастық доп және кеды киюде ғана десек болады.

— Отбасың, өскен ортаң туралы әңгімелеп берсең?

— Өзім Орал қаласында туып-өстім. Әкем Ақжайық ауданының орталығы — Чапаев ауылының тумасы. Ол осыдан 10 жылдай бұрын кенеттен дүние салды. Ал анам қазіргі уақытта түрмеде отыр. Ол балалар стоматологиясында бас бухгалтер қызметін атқарған еді. Сол қызметінде миллиондаған қаржыны жымқырған деген айып тағылыпты. Өз басым анам сондай қылмыс жасады дегенге сенбеймін. Қазіргі уақытта апам және екі жиеніммен бірге тұрамын. Анамның түрмеге жабылғаны жаныма қатты батты. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Компьютердің алдында ұзақ отыруды доғардым. Футбол фристайлымен айналысуды осындай жағдайда қолға алдым. Жаныма жаққан спорт түрімен дос болу жан күйзелісіне біржола беріліп кетпеуім үшін қажет болды. Жазда көшеде, қыста жақын апамның үйіндегі жертөледе жаттықтым. Қазіргі уақытта үйіме жақын маңда орналасқан мектептердің басшылығы спорт залдарында шынығуыма жағдай жасауда. Бүгінде осы өнердің арқасында әр түрлі шараларға қатысып, қаламыздағы кісі көп жиналатын орындарға, тойларға шығып, нәпақа таба бастадым. Көпшілік өнеріме риза болды. Өзіме қажетті қаражатты өз еңбегіммен тауып жүргеніме мен де ризамын.

Сұхбаттасқан Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ауылына жанашыр Абылай

Күні: , 33 рет оқылды

IMG_9564


Қазақстан Республикасының Президенті  Н. Ә. Назарбаев:   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Басқа аймақтарға  көшіп кетсе де,  туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді,  шенеуніктерді, зиялы қауым  өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл қалыпты және  патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін» деген болатын.


Иә, «Елім, жерім, ауылым!» дейтін елжанды адамдар  болса, әрине, басшылық, ауыл әкімдері де құшақ жая қарсы алары сөзсіз. Себебі бәрі де осы өзіміздің  кіндік қанымыз тамған, суын ішіп, жерін басып,  ұрпақ өрбіткен   ауыл-аймақ үшін емес пе?!

Расында, шыңғырлаулықтардың көбі  кезінде ауылдан ұзап, жырақ жүріп, оқып-тоқып, қазірде белгілі  бір  қызмет немесе бизнесте жетістіктерге жетіп жүр. Дейтұрғанымен олардың  ойларынан туған жерлері шықпайтыны белгілі. Өмірдің ағыны алға тартқан сайын «Ауыл-аймақ аман ба екен, ауылдың жағдайы қалай?» деген ой жан дүниелерін мазалайтыны кәміл. Жерлестеріміз қолдары қалт еткенде,  ауылға келіп,  жай-күйін көріп, кейде демеушілік жасап та жатады. Десек те, бір демеушілікпен іс бітпейтінін немесе ауыл көріктеніп кетпейтінін олар да жақсы  түсінеді. Бір ауылдарға   газ өтіп, су келсе, адамдардың жақсы  хал-ахуалдарын, көтеріңкі  көңіл  күйлерін  көріп, қуанып қаламыз  дейді олар бірауыздан. Үкімет тарапынан көмек бар-ау, бірақ  оған қоса адамдардың да ынтасы, жанашырлығы  ауадай қажет.

Жас  болғанымен еліміздің  түкпір-түкпірінде, шетелдерде де  болып, кәсіптің небір түрін байқап көрген Қайыңды  ауылының тумасы Абылай Есмағамбетовтың  ойы осы пікірге сай. Қазіргі таңда ақтөбелік болып кеткен жас  кәсіпкер, қайткенде ауылды түлету керек дейді.  Ол туған ауылдың түтінінің түзу шыққанын, адамдарының ауылға қайта оралуын асыға күтеді. Оған әрине өзі де ықпал етуді мақсат тұтқан. Ісіне мығым, сөзге сараң, ақжарқын жанның  туған ауылының қайта көркеюіне  сеп болмақ  іс-әрекеті  оның  көп ойларынан хабар бере бастағандай. Ол, ең алдымен, Ақбұлақ ауылдық округіне  қарайтын жер телімінен 400 гектарды  пайдалануға алып, оған қоса көлемі  6 гектар «Жыланды»  су қоймасын  үш  жылға  жалға рәсімдеген. Ниеті балық өсіріп, оны ауылдастарына үлгі етпек, жерлестерін  жұмыспен қамтымақ.  Балық өсіруді қолға аларда интернеттен біраз нәрсеге  қанығыпты, талай әдебиеттерді оқыпты. Біраз уақыттан соң арманын іске асырып,  «Жыландыға»  4 мың тұқы (карп) балығының тұқымын әкеліп, суға жіберді. Ізгілікті істі бастарда ең алдымен  БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мемлекеттік мекемесімен шартқа отырып, тұқының  майда шабақтарын «Магистраль» ЖШС-дан  сатып алғанды. Балық  тұқымын суға жіберерде  облыстағы  балық өсіретін цехтың инспекторы  Иван Провоторов бірге келген болатын. Балық маманы бұл жердің  табиғатына тамсанып, судың да балық үшін қолайлы екендігін айтты, ал әкелінген  шабақтардың бұл жерге сөзсіз «бауыр басатынына» күмән келтірмеді. Оның айтуынша, балықтар келер көктемде уылдырық шашпақ екен. Бұйырса, кәсіпкер жігіт  балықтардың тағы да 4-5 түрін әкеп, оны да осында «бағып көрмек». Бұрындары балығы шоршып, қайраңға шығатын көлдерді, орман-шілікте аң-құсы  шұбырған кездерді аңсайтын Абылай өзіне-өзі мықтап сөз бергендей. Мамандығы заңгер бола тұра, бар ынтасы ауылдың көкорай шалғынына, судағы балығына ауған. Ауыл баласы бүгінде ержетіп, ойы толысқан шақта. Алған тәлім-тәрбиесі үшін ата-анасы Чапай мен Рахимаға ризашылығын білдірсе, оқушы кезінде көп нәрсенің байыбына жетуді үйреткен тәлімгер-ұстазы Берік Махметовке де алғысы шексіз екен. Олардың өнегесі өмірде қажетіне жарап,  армандарына қанат бітіргенін жасырмайды. Әсіресе, бір істі бастарда бүге-шігесіне дейін пайымдап алуды санасына мықтап түйіпті.

– Қоймаға  биыл көп су жиналыпты. Үлкендердің айтуынша, көлдің астында үш бұлақ көзі бар екен. Оны ашып жіберу қажет. Балықтың онға жуық түрі, түрлі жәндіктерін айтпағанның өзінде  үйрек-қазы бар, тырна, көкқұтаны, тіпті  аққулар мекендейді, – дейді кәсіпкер. Ол  осы жерге бау-бақша салып, құлпынай өсіруді де жоспарлауда.

Айсұлу  АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау  ауданы


«Жасылелдіктер» қызметке кірісті

Күні: , 19 рет оқылды

263A4616


ҚР  Орталық  коммуникациялар  қызметінің  облыстық  алаңында  «Жасыл ел»  жастар  еңбек  жасақтарының  және  студенттік  құрылыс жасақтарының маусымдық  жұмысы басталуына  орай баспасөз  мәслихаты өтті.  Облыстық  жастар саясаты  мәселелері басқармасының  басшысы Аян  Сакошев, «Жасыл  ел» жастар  еңбек жасақтары  штабының БҚО  филиалының басшысы  Қанат  Досмағамбетов, «Студенттік  құрылыс  және  жастар  еңбек  жасақтары» ЖҚБ  төрағасы  Әділгерей  Зұлхаров  аталмыш  тақырып  аясында  мәлімдеме  жасап, журналистердің қойған  сауалдарына  жауап  берді.


– «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және студенттік құрылыс жасақтары 1 маусымнан бастап қызметке кірісті. 2017 жылы  облыс бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1175, ал құрылыс жасақтарына 350 сарбазды жұмысқа тарту жоспарға енді.  Биылғы «жасылелдіктердің» жалақысы өткен жылмен салыстырғанда 20 мың теңгеге өсті, яғни 60 мың теңгені құрайды. Ал студенттік құрылыс жасақтарының жалақысы былтырғыдан 10 мың теңгеге жоғарылап, 70 мың теңге көлемінде болмақ. Жастарды жұмысқа қабылдау үшін «Жасыл ел» облыстық штабы, «Жайық Таза қала» ұйымы және аудандық орман шаруашылықтары меморандумға қол қойды. Студенттік құрылыс жасақтары өз қызметін бастау үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстағы құрылыс мекемелерімен келісімшарт жасасты. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жұмысына 58 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішіндегі 42 млн. теңге жастарға жалақы төлеу үшін жұмсалса, қалған қаражат ұйымдастыру шараларына арналады, – дейді Аян Қажимерұлы.

Баяндаушылардың мәлімдеуінше, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен студенттік құрылыс жасақтарының жұмысына 16-29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.

– Жастар жаз мезгілінде көшеттер отырғызып, жол бойындағы инфрақұрылымдарды абаттандырып, өзен алқаптарын тазарту секілді бірқатар жұмыстар атқарады. Осылайша оларды экологиялық мәдениетке тәрбиелейміз. Егер қатарымызға қосыламын деушілер болса, барлық сұрақтар бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабына және облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығына 24-72-27, 24-72-25 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады, — деді Қанат  Болатұлы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ


«Тарихтың тереңінен маржан сүзсек…»

Күні: , 33 рет оқылды

0404098


Таяуда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бақтығұл Бірімжаровқа арналған «Тарихтың тереңінен маржан сүзсек…» атты еске алу кеші болып өтті. Оған  ғалымдар жоғары оқу орындарының оқытушылары, марқұмның достары мен туыстары, студенттер қатысты.


Шара алдында бірегей ғалымның еңбектері мен суреттері қойылған көрме ұйымдастырылды. Ол туралы даярланған бейнетаспа көрсетілді. Онда Бақтығұл Қабдырұлының өмір жолы, ғылымдағы ізденісі, отбасылық ғұмыры жайында кеңінен баяндалды.

— Бақтығұл екеуміз құрдаспыз. Бірақ ол ҚазМУ-ға оқуға бір жыл кейін түсті. Әуелден бітімі бөлек, байыпты жан еді. Тағдырдан да көп теперіш көрген. Ағалары да, апалары да өмірден ерте кетті. Курсымыз әр қилы болғанымен, көп ұзамай танысып, ол ақырында достыққа ұласты. Соңынан бұрынғы Орал пединституты, бүгінгі БҚМУ-да жолымыз тоғысты. Адамшылығын айтпағанда, ол тамаша ұстаз, тегеурінді ғалым болды. Тек сүйген жары Сәуленің өмірден ерте кетуі жанына қатты батты. Тағы бір ізгі қасиеті – достарының да, шәкірттерінің де ғылым жолына түсуіне көмектесті. Бақтығұл марқұм қашан да жадымда, — деді тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков.

Сөз кезегі тиген ғалымның жерлесі, дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев Бақтығұлдың тек білімпаз жан ғана емес, сонымен қатар тамаша өнерпаз болғанын да айта келіп, әсіресе, домбырада шебер ойнағанын әсерлі түрде әңгімеледі. Әрі қарай күй атасы Құрманғазының «Кішкентай» және Б. Бірімжаровтың сүйсіне тартатын «Ерке сылқым» күйлерін орындап берді. Ғалымның тағы бір жерлесі, «Батыс Қазақстан автомобиль паркі» ЖШС-ның басшысы Нұрлыбек Бірманов та мазмұнды естелік айтты.

Басқосудың келесі бөлімінде ғалымның көзі тірісінде жарық көріп үлгермеген «Бөкей орда тарихы» және «Перзент парызы» кітаптарының жаңғыртылған нұсқасының тұсауы кесілді.

Шарада Б. Бірімжаровтың шәкірттері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісовтің және басқаларының еске алу кешіне жолдаған жеделхаты оқылды. Б. Бірімжаровтің курстас досы, атыраулық ғалым Жеңісбек Мұстафин мен шәкірттері, жас ғалымдар Есқайрат Хайдаров пен Әлфия Байлбосынованың естеліктері тыңдалып, ықылас гүлі сахнаға қойылды. Еске алу кешінің соңында ғалымның қызы Әсел мен балдызы Үкіжан еске алу шарасын ұйымдастырғандарға шын жүректен алғыс айтып, ризалығын білдірді.

Серік ИХСАНҒАЛИ


Деструктивті діни ұйымдардың мүшелерімен қалай жұмыс жасау керек?

Күні: , 62 рет оқылды

IMG_6776


Кеше Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінде «Деструктивті діни ұйымдардың мүшелерімен жұмыс істеудің психологиялық аспектілері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.


Облыстық дін істері басқармасына қарасты  дін мәселелерін  зерттеу орталығының   ұйымдастыруымен  өткен шараны «Менталдық денсаулық және аддиктология» ғылыми-зерттеу практикалық талдау орталығының жетекші мамандары, психология ғылымдарының халықаралық академиясының мүшелері, психология ғылымдарының докторлары павлодарлық  Құралай Алина мен Наталья Фесенко өткізді.

Қазіргі таңда Қ. Алина мен Н. Фесенко діни экстремизм мен терроризмнің таралуына қарсы іс-әрекет саласында  үлкен практикалық тәжірибе жинап, осы бағытта әдістемелік материалдар дайындап, деструктивті діни ағымдардан жапа шеккен адамдарға психологиялық қызмет көрсетіп жүр. Сондай-ақ Павлодар облысының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығында  ғалымдармен бірлескен  радикалды діни ұйымдар мен ағымдардың ықпалына түскен тұлғалардың, олардың отбасы мүшелерінің деструкция деңгейін анықтау бойынша психо-филологиялық зерттеулер жасалды.

Семинар-тренингтің алғашқы күнінде «Діни аддиктің және арбаушының әлеуметтік-психологиялық портреті», «Діни сезім, аддикция, фанатизм», «Әйелдер жамағаты феномені», «Гендерлік және отбасылық аспектілер», тағы да басқа тақырыпта толыққанды мәліметтер берілді.

Құқық қорғау және арнайы құрылым қызметкерлерінің, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің көпшілікпен, соның ішінде деструктивті діни ұйымдардың адептілерімен психологиялық тұрғыда жұмыс жасау жолдарына жеке тоқталып, адамның іс-әрекетіне әсер етуде қолданылатын қазіргі заманғы психотехникалық әдістермен таныстыруды мақсат еткен семинар-тренинг қаламызда алты күн бойы жүргізілмек.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Құралай АЛИНА, 

психология  ғылымдарының  халықаралық  академиясының  мүшесі,  психология   ғылымының  докторы:

– Бұрын жастар би кештеріне қашып кететін болса, қазір түсініксіз жерлерге, жат ағымдарға баратын болды. Олар өздерін Алланың құлы болып жүрміз деп ойлайды.  Сөйте тұра, ата-анасын тыңдамай, мүлдем мойындамай кетеді. Азан шақырып қойған есімдерін өзгертеді. «Жұмақ – ананың табанының астында»  десек те, олар «Енді  сіздердің балаларың емеспін» деп ата-анасынан теріс айналады. Біз түрмеде отырған жастармен сөйлестік, олардан «Осы жерден шыққан соң, кез келген елге барыңыз десе, қай елді таңдар едіңіз?» деп сұрадық. Сонда олардан «Норвегияға барар едік» деген жауап алдық. Өйткені ол елде балалар, мүгедектер, эмигранттар жұмыс жасамайды екен.  Сонда олардың жұмыстан, қиындықтан қашып жүргені байқалады.  «Өмірге не үшін келдің?» деген сұраққа жауап жоқ. Олардың кейбірі төрт әйелден алады (бәйбіше, тоқал, аққолтық, нақсүйер). Біз олардан «Өзіңнің жұмысың жоқ, төрт әйелді неге алдың?» деп сұрасақ, «Біріншісі асырар, мүмкін екіншісі асырар… деп алдық» дейді.  Олар «Бес уақыт намаз оқыдым, маған Құдай береді, менің жұмысым осы» деп ойлайды. Көпшілігі тек  бес  сүрені  ғана жатқа  біледі. Діни таным-түсінігі тым тайыз.  Сондықтан бала «Сен кімсің?» деген сұраққа жауап бере алуы керек. Ол үшін кішкентай кезінен «Сен кімсің? Әкең кім? Атаң кім?» деген сұрақтар балаға қойылуы қажет. Бұрын аталарымыз баланың ата- тегін, жеті атасын санасына құйып өсіріп, дұрыс жасаған. Екіншіден, баланы ерте жастан еңбекке баулу керек. Қазір біз сабаққа барып келген балаға жұмысқа барып келгендей қараймыз. Баламыз мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына түсу үшін жүгіреміз, оны бітіргесін жұмысқа орналастырамыз деп жүгіреміз. Біз тауып берген жұмыс балаға ұнамайды. Осыдан келіп әр түрлі мәселелер туындайды. Сөйтіп, өзіміз баланы жалқаулыққа тәрбиелейміз. Сондықтан да ата-аналар баланың  дегенін  орынсыз  жасай  бермегені жөн.


2018 жылы апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі іске қосылады

Күні: , 19 рет оқылды

20170605114534


«Алдағы  жылы Қазақстанда апаттар  мен  көлденең-кесапаттар  кезінде  шұғыл  шақыру  жүйесі  іске қосылады.  Бұл туралы  Парламент  Мәжілісіндегі  Үкімет сағатында  ҚР  Қорғаныс  және аэроғарыш  өнеркәсібі  министрі  Бейбіт  Атамқұлов мәлім  етті» деп  хабарлайды «ҚазАқпарат».


«Апаттар мен көлденең-кесапаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі (ААШШ) жол-көлік оқиғасы немесе басқа да төтенше жағдай туралы құтқару қызметтерін ақпараттандыру уақытын қысқарту үшін арналған. Осы жүйенің арқасында зардап шегушілерге алғашқы көмек «алтын уақыт» аралығында көрсетіледі. Бұл өз кезегінде жолдарда өлім-жітімді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша ААШШ жүйесінің мәліметтерді өңдеу орталықтары үшін бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленді», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, барлық өңірлердегі төтенше жағдайлар департаменттерінде жүйе операторларына автоматтандырылған жұмыс орындары жасақталды. «Қазақстанның Кеден одағы аясында міндеттемелерімен көрсетілгендей, жүйе қанатқақты режимде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет етуде. Апаттар мен көлденең оқиғалар кезінде шұғыл шақыру жүйесін құру шаралары жалғасуда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы аяқталады», – деп түйіндеді  сөзін  Атамқұлов.

www.inform.kz


Байдаркашылардың екінші тынысы ашылмақ

Күні: , 16 рет оқылды

_DSC8085


Таяуда Оралдағы №1 олимпиада резервтерін даярлауға арналған мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің су спорты базасында қоғам қайраткері Қайыржан Идиятовты еске алуға арналған байдарка мен каноэ есуден біріншілік өтті.


Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Орал қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұхамбетов біріншіліктің мақсаты аталмыш спорт түрі бойынша өңіріміздің жасөспірімдер құрамасын жасақтау әрі өрендердің бабын пысықтау екенін айтты. Байдарка мен каноэ және академиялық есу бойынша облыстық федерацияның төрағасы Юрий Казанин ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қиындық кезінде Қайыржан Идиятов осы спорт мектебін жөндеуге демеушілік танытқанын жеткізді. Соның құрметіне орай жарыс осы жерде ұйымдастырылып отыр. Бұйыртса, бұл сайыс дәстүрлі түрде өткізілмек. Болашақта жарысқа халықаралық мәртебе беру жоспарда бар. Біріншілікке мейман ретінде шақырылған Роза Идиятова жұбайы салауатты өмір салтын ұстанғанын, жас кезінде баскетболдан спорт шеберіне үміткер болғанын айта келіп, оның құрметіне орай осындай сайыс өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.

Жасөспірімдер арасында болған сайысқа Атырау қаласынан арнайы келген өрендерді қосқанда барлығы 40 жас спортшы шеберлік байқатты. Олар 200, 500, 1000 метр қашықтықта сынға түсті. Нәтижесінде 1999-2001 жылдары туғандар арасында Максим Якубенко мен Антонина Казанина, ал 2002-2006 жылдары жарық  дүниеге көрінгендер арасынан Данил Соколов пен Ділназ Алмағамбетова үздік деп танылды. Жеңімпаздарға “Ақжол” партиясының облыстық бөлімшесінің төрағасы С. Мерғалиев бағалы сыйлықтар табыс етті.

Жарыста есу техникасын жақсы меңгергендігімен, жеделділігімен көзге түскен Аяулым Жалмағамбетова (№42 мектеп) мен Екатерина Сармина (№17 мектеп) облыстық жасөспірімдер құрамасына алынды.

— Бүкілқазақстандық жастар ойыны аясында 26-30 маусым күндері Орал қаласында байдарка мен каноэ есуден жарыс өтеді. Тиісті құрал-жабдықтың жоқтығына байланысты он жылдан аса уақыттан бері бұл сайыс облысымызда өткен жоқ. Облыс әкімінің тікелей қолдауының арқасында таяуда қажет құралдар алынды. Оның ішінде байдарка мен каноэға арналған 40 қайық та бар. Кеше өткен облыстық мәслихаттың сессиясында арнайы кеме алуға да қаржы қаралды. Жігіттеріміз бен қыздарымыз бұл додада намысты қолдан бермейді деп ойлаймын. Жалпы, бұл спорт түрінің елімізде бастау алғанына алпыс жыл болды. Күні кешеге дейін республикалық құраманың негізін батысқазақстандықтар құрап келді. Алайда біраз уақыт біздің салаға жіті назар аударылмау салдарынан ұлттық құрама сапында өнер көрсететін жерлестеріміз азайып кетіп еді. Қазіргі таңда облыс басшылығы барынша жәрдемдесуде. Мұның бәрі спортшыларымыздың жақсы нәтиже көрсетуіне, облысымыздың мәртебесін арттыруға мүмкіндік туғызары сөзсіз, — дейді байдарка мен каноэ және академиялық есу бойынша облыстық федерацияның төрағасы Юрий Казанин.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


«Нұр Отан» мен Нұрғазы ағаға алғысым шексіз!»

Күні: , 22 рет оқылды

IMG_5001


Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылында қуанышты оқиға  болды. Екі бөлмелі қуықтай үйді паналап келген көп балалы Ғұбашевтар отбасы қосымша баспанаға қол жеткізді.


Осы ауылдың тұрғындары жеті  бала тәрбиелеп отырған Дастан мен  жұбайы Гүлдәурен («Алтын алқа» иегері) 2000 жылдан бері екі бөлмелі үйде тұрып келген еді. Ауылдағы мектепте ғимарат күтушісі болып жасайтын Дастанның үй салуға немесе сатып алуға қаражаты болмай көп қиындық көрген. Осы мәселе түйіні “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өткен қабылдауда шешілген. Қабылдауда болған Дастанның әкесі Қайырғали Ғұбашев облыстық мәслихаттың депутаты, “ЮНИСЕРВ” ЖШС бас директоры Нұрғазы Сәтбаевқа жолығып, ауылдағы баласы мен келінінің жағдайын жеткізген. Жомарттық танытқан халық қалаулысы Ғұбашевтар отбасына көмек қолын созып, олар тұрып жатқан үйдің жанынан  аумағы 70 шаршы метрді құрайтын үш бөлмелі үйді сатып алып берді.

Дастан ҒҰБАШЕВ:

— Бүгін біздің шаңырағымызда үлкен қуаныш. Әсіресе, балаларымыз қуанып жатыр. Баспана алуға ықпал жасаған “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы қызметкерлеріне және облыстық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Сәтбаев ағамызға алғысымыз шексіз!

Бұл қуанышты жағдайға ортақтасқан “ЮНИСЕРВ” ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Әлия Масалимова көп балалы отбасының жаңа шаңырағында болып, өз құттықтауын жеткізді.

Ғұбашевтар төрт  ұл мен үш  қыз тәрбиелеп отырған жас отбасы. Үлкен қыздары 10-сыныпты аяқтап отыр. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай жасалған көмек үлкен сыйлық болды. Мұндай игі істер жалғасын таба бергей!

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы


Жаңақазандықтар Елбасы мақаласын талқылады

Күні: , 24 рет оқылды

IMG_1590


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты елді елең еткізген, мәні мол, мағынасы зор мақаласына ауыл тұрғындары да атүсті қарамай, оны терең талқылауға атсалысуда. Осыған орай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылдық округінде болып, жергілікті ел-жұртпен жүздесті.


Ауылдық мәдениет үйінде өткен дөңгелек үстел басында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Елбасының бағдарламалық мақаласы ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызды оқиғаның бірі болғанын атап өтті. Ол  мақаланың әр бөліміне жеке-жеке тоқталып, басым бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, мақаладан туындаған міндеттер мен мақсаттарды әңгімеледі.

— Ең басты яки негізгі мәселенің бірі – «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатындығы. Біз өскен өңірімізді жақсы көріп, туған жерімізді мақтан етуіміз арқылы Отанымызға, мемлекетімізге деген сүйіспеншілігіміз арта түседі. Сонымен қатар мақаладағы басымдықтардың бірі қазақтың салт-дәстүрін, ұлттың мәдени кодын халықаралық, гуманитарлық, экономикалық процестерге сәйкестендіріп, сол үдерістерге ілестіріп жіберу болып табылады. Сондай-ақ Елбасы Қазақстанда латын әліпбиін қолданысқа енгізу мәселесіне де ерекше мән беру қажеттігін алға тартты. Қарқынды даму тән заманауи технология, коммуникация және инновацияның техникалық тілін жедел меңгеруде латын әліпбиінің маңызы айрықша — дей келе Бақытжан Қаберұлы латын қарпіне көшу мәселесінде теріс ойда болмай, дұрыс көзқарас таныту керектігін алға тартты.

Дөңгелек үстел барысында еңбек ардагері Қалимолда Зинуллин Елбасының салиқалы саясатын қолдайтынын айтып, мақала қақында өз ой-пікірін білдірді. Ол, әсіресе, «100 жаңа есімнің» өскелең ұрпақ үшін қажетті дүние екенін тілге тиек етті. Мұнан кейін сөз алған зейнеткер ұстаз Нұрсұлу Галимуллина мақала туралы парасатты пікір білдіріп, өлке тарихына немқұрайлы қарамау керектігін айтып, ауылдастарын ауыл тарихын түгендеуге шақырды.

Алтынбек СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

Жаңақала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика