Мұрағат: 02.06.2017


Батырдың ұл-қызын қуантты

Күні: , 27 рет оқылды

IMG_6475


«Жас Отан» жастар қанатының белсенділері мен Орал қалалық мәслихат депутаты Ләззат Рысбекова Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Берік Қалиевтің шаңырағында болды.


Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Ақтөбеде қайғылы оқиға орын алған еді. Лаңкестердің салған ойранынан кейін қаншама отбасы қайғы жұтып, бүлдіршіндерін әкесіз қалдырып, жетімдіктің тауқыметін тартқызғаны баршаға аян. Қалың жұртшылықты аман  алып қалу үшін өз жандарын құрбан еткен азаматтар алдында біз мәңгі қарыздармыз. Осы орайда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық мәслихат депутаты Ләззат Рысбекова аталған лаңкестік шабуылдан қаза тапқан Берік Қалиевтің балаларына сыйлықтарын табыстады.

— Шаңырағымызға келіп жатқан қонақтарымызға алғысымды айтамын. Балалар күні қарсаңында бізді ұмыт қалдырмай қуантып тастады. Жұбайым өткен жылы өмірден озса да, айналасында игі жақсылар бар екеніне көзіміз жетті. Өткен жылы облыс басшылығының қолынан үйдің кілтіне ие болдық. Балаларым да сыйлықтарын көріп, қуанышқа бөленіп жатыр. Осы орайда Елбасымызға шексіз алғысымды білдіргім келеді, — дейді төрт баланың анасы Нұрсұлу Қалиева.

Кездесу барысында «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері сайқымазақ кейпіне еніп, кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Ұлық айдағы қайырымдылық шара

Күні: , 14 рет оқылды

1 шара папра


Қасиетті  Рамазан  айында  садақа  беріп,  қайырымдылық  жасау – ең  сауапты да қайырлы іс. Осыған  орай  ҚМДБ-ның   БҚО  бойынша  өкіл имамы   Руслан  Сұлтановтың  бастамасы  және жеке  кәсіпкер  Біржан  Қожақовтың  қолдауымен  бала кезінен туа біткен  мүмкіндігі шектеулі   Омар  Қуанышұлына  қайырымдылық  көрсетілді.


Руслан  Тыныштықұлы  мүмкіндігі  шектеулі  жандарға  арналған   қоларбаны Омардың әкесі  Қуаныш  Жанболатұлына  сыйласа,  көп  балалы ана Гүлдана  Мырзахметоваға  азық-түлікпен  көмек көрсетті.

Нұрлан  САМАТҰЛЫ


Балалар шеруі

Күні: , 18 рет оқылды

IMG_6516


«Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру мақсатында Халықаралық  балаларды қорғау күні еліміздің барлық қалаларында бір уақытта балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өткізілген болатын.


Біздің өңірдегі негізгі шара Орал қаласындағы Абай алаңында ұйымдастырылды. Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімінің оркестрі әдемі әуенмен бастаған шеру өңіріміздің әр аудандарынан және қаламыздан барлығы 1400-ден астам жас өнерпаздың қатысуымен жалғасын тапты.

— Баршаңызды халықаралық балаларды қорғау күнімен өңір басшысының және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын! Балалар — біздің болашағымыз, еліміздің ертеңіне осы балаларға қарап үміт артамыз. Оларды ел сүйгіштікке және жақсылыққа тәрбиелеп келеміз. Соңғы жылдары балаларымыздың сапалы білім алуы үшін өңірімізде халықаралық стандарттарға сай бірнеше оқу ғимараттары бой көтерді. Бүлдіршіндеріміз үшін де балабақшалар салынып, қолданысқа берілді. Бұның бәрі де оларға бақытты балалық шақ сыйлау үшін жасалып жатқан жұмыстар. Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді шеруден кейін құттықтау сөз алған Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев.

Орталық алаңға жиналған жұртшылық әсем әуеннің ырғағымен жүріп өткен жас шерушілерге қошеметтерін білдірді. Музыка — достық пен бейбітшіліктің қайнар бұлағы. Шара соңында мың бұрала билеген бишілердің өнерін тамашалап тұрған сәтте екі жүзден астам шардың әуеге жол тартқаны ерекше әсер қалдырды.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


«Адамға тек жақсылық тілеп жүрудің өзі – бір жетістік»

Күні: , 40 рет оқылды

DSC_0023


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев татулығы жарасқан, ынтымақтан айнымай, сүттей ұйыған, ұл-қыз өсіріп, оларға жақсы тәлім-тәрбие берген әрбір отбасына, қала берді ел ағаларына құрмет көрсетуіміз керектігін, оларды көпшілікке насихаттап, өзгелерге үлгі етуіміз қажеттігін жиі айтады. Бар саналы өмірін туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне арнап келе жатқан, өңіріміздің сондай бір бірегей азаматы Нұрлыбек Шайдоллаұлы Бірманов – мемлекеттік қызметте де, спортта да, бизнесте де және ең бастысы, өмірде бағы жанған адам. Бүгінде ел ағасы ретінде көпке қадірлі азамат Нұрлыбек ағамыз 70 жастың биігіне көтеріліп, аузы дуалы, сөзі уәлі батагөй ақсақалға айналып отыр. Қызметтің қай саласын болмасын абыроймен атқарған мерейтой иесімен қасиетті Рамазан айының алғашқы аптасында сұхбаттасудың сәті түскен еді.


— Нұрлыбек аға, мерей жасыңыз құтты болсын! Сізді текті әулеттің ұрпағы деп естігенбіз. Арғы тегіңіз бен әке-анаңыз туралы сөз етсеңіз.

— Менің ата-тегім – Шеркештің Қойысы, соның ішінде Сүйініш деген бөлімінен. Тарихи деректерге сүйенсек, шеркеш негізінен көне түрік сөзі. Бірінші мағынасы  қыран, бүркіт, күшті, мықты болса, екінші мағынасы қолбасшы дегенді білдіреді екен. Атақты Нарын құмның ортасында менің алты атам бір жерде жерленген. Өз әкем – Шайдолла, атам – Бірман, одан бұрын Бисенғали, Хаулет, Бекберген, Қожамбет. Ал арғы аталарымыз Жайықтың Бұқар бетінде өмір сүрген. Жүргізілген зерттеулер мен жазылған деректерге сүйенсек, арғы ата-бабаларымыз VІ-VІІ ғасырларда Солтүстік Кавказ, Дон өзенінің төменгі жағын мекендеп, XVI ғасырлар шамасында осы жаққа қоныс аударған. Кіші жүздің рулары, Байұлы, негізінен, Алтай тауында өсіп-өнген тайпалар. Атақты Доспанбет жыраудың өзі біздің ата-тегімізге туыстығы бар. Нарын құмы біздің ата-бабаларымыздың құтты мекені болды. Мен 1947 жылдың 11 маусымында Орда ауданының Ресеймен шекаралас Торғай деген елді мекенінде дүниеге келгенмін. Өз әкем Шайдолла 1946-1957 жылдар аралығында алғашында Орда ауданының атақты №67 жылқы зауытында, одан соң Чапаев ауданының №103 (соңынан «Первомай» кеңшары болып құрылған) жылқы зауытында бөлімше меңгерушісі қызметін атқарған. 1957 жылы атам Бірманның үгіттеуімен туған елге қоныс аударып, мал баққан. Анам Қабира Оспанқызы Беріш руынан. Әкем Шайдолла екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Өзім баланың үлкені болғандықтан, ата-анам менен зор үміт күтіпті. Әке-шешем Ақжайық ауданына қарасты «Первомай» кеңшарына қоныс аударып, бірінші сыныпқа сол ауылда бардым. Мені бірінші сыныпқа орыс тілін білмейді деп алмапты. Сонда әкем мектеп директорына: «Сен менің ұлымды оқуға ал. Ол ертең ер жеткен соң Мәскеуде оқитын болады», — деген екен. Әкемнің артқан үмітін ақтап, кейін Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түстім. Сол қуанышты хабарды естіген әкем «Арманым орындалды!..» деп көзіне жас алыпты.

— Аға, осы жерден сәл кідіріп, бала Нұрлыбектің қандай болғанына тоқталып өтсеңіз. Спортқа деген әуестігіңіз неше жасыңызда оянды?

1. Брмановтың жанұясы— Мен ата мен әкенің тәрбиесін қатар көріп өстім. Әкем Шайдолла көпшіл жан болатын. Әкеге әрбір баланың орны бөлек болатын шығар, бірақ мен дегенде, әкемнің ықылас-пейілі мен үміті бөлек сықылды көрінетін. Есімді білгелі қандай жұмыста болмасын, әкем мені қасына ілестіріп жүруші еді. Әсіресе, үлкенді құрметтеуге, кішіге, бауырларына қамқор болуға баулып, әр нәрсенің ыңғайын түсіндіруге тырысатын. Біздің елде көрісу деген бар ғой. Ол көбіне табиғаттың қолайсыздау уақытымен тұспа-тұс келетін. Соған қарамастан, өзі атқа отырып, мені де атқа мінгізіп, бірінші атамыз Бірманның ауылына баратынбыз. Содан шығып, атамның Хайролла есімді досына, басқа да жора-жолдастарына барып көрісетін едік. Ал Первомай ауылына қоныс аударғанда атам кенже бала-келінімен сол ауылдың екінші бетінде тұратын. Әке-шешем мені күн сайын таңертең үлкен кісімен амандасып келуге жіберетін. Жолшыбай бара жатқанда көрінген барлық қарияларға бұрылып барып амандасатын едім. Қазір ойлап отырсам, соның өзі үлкен тәрбие екен.

Ал спортқа келер болсам, негізінде өмірде барлығы да ата-тегіне байланысты болады деп есептеймін. Жоғарыда айтқан нағашы атам Оспан жас кезінде сері, палуан адам болған. Өз атам Бірман, інісі Зейнолла, ол кісінің әкесі Бисенғали атам өз заманында қарулы кісілер болыпты. Ордада мектепте оқып жүргенде, бос уақытымызда құм үстінде армансыз алысатынбыз. Күреске әуестігім сол кезден басталса керек. Орал қаласында ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде, алғаш рет күрес үйірмесіне қатыстым. Николай Ганичев есімді тәжірибелі жаттықтырушыға тап болдым. Жаңағы айтқан қанымдағы бар қасиет пен ауыл балаларымен күресіп жинаған азды-көпті тәжірибенің арқасы шығар, бірден нәтиже көрсете бастадым. Көп ұзамай еркін күрестен алғашында қала, облыс чемпионы атандым. Қарағанды қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы сайыста Қазақстан чемпионы болып, ересектер арасындағы республикалық додаға қатыстым. Спорт шебері талабын Мәскеуде оқып жүргенде орындадым. Одан әрі күрестің соңына түсіп, айналыса алмадым. Спорт адамға өте қажет. Сайысқа түскен адам жеңіске қуана, жеңіліске төзе білуге машықтанады. Адам өзіне өмірлік дос табады. Сондықтан жастарға спортпен айналысыңдар дер едім.

— Еңбек жолыңызға да қайырылып отырсақ…

— Мәскеуден академияны бітірген бойда маған аспирантураға қалуға ұсыныс жасады. Бірақ мен ауылға қайтатынымды айтып, бас тарттым. Сол оқу орнының жолдамасымен Қарағанды облысының бір ауданына барып, бас маман болып қызмет жасадым. Ол жақтағы қызметім, тұрмысым жаман емес те еді. Әкем өмірден өткен соң, анамның талабымен ауылға қайттым. Елде де бір совхозда бас маман болып қызмет жасап, соңынан Бөкей ордасы ауданының басшысы қызметін он жыл атқардым.

1995 жылдың аяғында Орал қаласына қоныс аударып, Батыс Қазақстан облыстық жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығында 12 жыл басшылық қызмет атқардым. Бүгінгі таңда ұлым Қуаныш басшылық ететін «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС мекемесінде директорлық қызмет атқарып келемін.

— Аға, ел назарында жүрген азаматсыз. Оқырмандарымыз үшін сіздің жанұяңыз, бала-шағаңыз турасындағы әңгімелеріңіз де артық етпес.

— Мәскеуде оқып жүрген кезімде болашақ жарым Рая Сергейқызымен танысып, көңіл жарастырып, отбасын құрдық. Жұбайым – кәріс ұлтының қызы. Менің мамандығым бойынша көп жылдар ауылдық жерде тұрдық. Сол жылдары жұбайым ене тәрбиесін көрді, қазақ тілін жақсы меңгерді. Анам «Сен басқа ұлттың адамын қазақ жасағаның үшін жұмаққа барасың» деуші еді. Ана мен келіннің арасындағы сыйластық қарым-қатынастары өте жақсы болды. Мен өмір бойы жұ-мысбасты кісі болдым. Қызметке ерте кетіп, кеш келетінмін. Сенбі, жексенбі немесе мейрам күні деп таңнан кешке дейін үйде болып көрген жан емеспін. Сол себепті үйдегі шаруашылық пен бала тәрбиесі жұбайымның мойнында болды. Бүгінде жұбайым Рая үлкен бір әулеттің отанасы болып отыр. Шаңырағымызда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қуаныш есімді ұлымыз жоғары білім алып, мемлекеттік қызмет те атқарды. Бала кезінен бизнеске бейім болып өсті. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер. Ұлым Қуаныш пен келінім Айгүлден тараған үш немерем бар. Үлкен немерем Елана мектепте жақсы оқып, кейін Астана қаласындағы Гумилев атындағы университетті қызыл дипломмен бітірді. Екі жылдай Швейцарияда жоғары оқу орнында оқып, білімін жетілдірді. Қазіргі таңда әкесімен бірге бизнес саласында қызмет жасайды. Екінші қызым Диана Швейцарияда «Қонақ үй, мейрамхана бизнесі» саласы бойынша білім алып, жуырда оқу орнын үздік дипломмен тәмамдамақ. Кенже немерем биылғы жылы Англия мемлекетіне жоғары оқу орнына түсті. Арманы – заңгер мамандығын игеру. Жалпы, бала-келініммен, немерелеріммен бір шаңырақта тұрамыз. Жоғарыда айтқан қызымның есімі – Снежана. Ол да осы Орал қаласында жеке кәсіппен шұғылданады. Күйеу балам Талғат – ішкі істер саласының қызметкері. Олардың шаңырағында өсіп келе жатқан үш жиенім бар.

Әкем мені бала жасымнан еңбекке баулыды деп айтқан болатынмын. Мен де әке тәрбиесін жалғап, ұл-қызымды адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиеледім. Шүкір, екі балам да сөзімді жерге тастамай, жақсы адам болуға талпынды. Жазғы демалыс кезінде өзге балалар сияқты лагерьлерде демалып, қыдыруға әуес болған жоқ. Еңбекке талпынды. Қуаныш 5-сыныпта оқып жүргеннен-ақ еңбекке араласты. Осы қаладағы көкөніс қоймаларының бірінде қорап құраушы болды. Содан мектеп бітіргенше жазда еңбек етіп, өз қаражатын өзі тапты. Одан өмірге мол тәжірибе жинады деп ойлаймын. Қай сала, қай жұмыс болмасын, соның ыңғайын тауып, адаммен тіл табысуды үйренді. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырғаны да сондықтан шығар. Ұл балаға қатаңдау болғаныммен, қызды еркелетіп өсірдік. Өзгенің затын алмауға, басын кесіп алса да, өтірік айтпауға тәрбиеледік. Бүгінде сол еңбегімнің еш кетпегеніне іштей қуанамын.

— Аға, сіз ұзақ жыл ел басқару ісіне араластыңыз, қоғамдық жұмыстан да бас тартпадыңыз. Кеңес Одағын көрдіңіз, тәуелсіз елдің де бүгінгі тыныс-тіршілігін байқап отырсыз. Бір сөзбен айтқанда, қос бірдей қоғамдық формацияны көрген адамсыз. Қазір 70-ке келген шағыңызда өмірден не түйдіңіз? Қандай ойлар санада сәуле береді? Өмір туралы толғаныстар не дейді?

— Айтуыңыз орынды. Басымыздан екі дәуір де, екі экономикалық және саяси қалыптасуды да өткеріп келеміз. Бүгінгі таңда кейбір азаматтар Кеңес Өкіметі кезіндегі жағдайды жамандап, жоққа шығарып жатады. Бұны үлкен қателік деп есептеймін. Себебі Кеңес адамының дені бір-біріне көмектесуге дайын тұратын еді және оған ешқандай ақы сұрамайтын. Кейін заманмен бірге адамдар да қатты өзгерді. Нарықтың талабы көбірек алып, азырақ беруге үйретті, оған замандастарымыз тез бейімделді. Соның салдарынан біреулердің табысы екіншісіне қарағанда көбірек болып отыр. Бірақ бұл уақытша, өтпелі кезең деп есептеймін. Жалпы, ел экономикасының дамуы, адамдардың кәсіпкерлікке бет бұрып, өз жағдайын өзі жасауға талпынуы көңіл қуантады. Әр адам – өз өміріне өзі қожайын. Қарап отырған жанға ешкім ешқайдан ештеңе әкеліп бермейді. Адамға, біріншіден, мақсат керек. Сосын сол мақсатқа жету жолына молынан жететін күш-жігер қажет деп ойлаймын. Әр тұлғаның бойында осындай жақсы қасиеттер болса, алынбайтын асу болмас.

— Адам үшін арман-мақсат, шіркін, таусылған ба, аға? Олар сізге жеткізді ме?

— Өз қатарластарыммен бірге мектепте, жоғарғы оқу орнында білім алдым. Жалын-жігерім, күш-қайратым жеткенше аянбай еңбек еттім. Еңбегім еленді. Ата-анамнан қолымнан келер жақсылығымды аяған жоқпын. Бүгін ұл-қыз, немере-жиен тәрбиелеген үлкен әулеттің отағасымын. Шаңырағым, дастарқанымның басы ең жақын адамдарыма толы. Негізі адам барға қанағат ету керек. Сондықтан мен өзімді арман-тілегіме жеткен, бақытты жанмын деп есептеймін.

Әр адамның өмірлік ұстанымы болады емес пе? Бала кезімнен кітаптан, газет-журналдан өзіме ұнаған қанатты сөздерді оқысам, қойын кітапшама түртіп алатынмын. Сол кітапшама сегіз оқып жүргенде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

«Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді

Шығарамын сөзімнен», — деген шумағын және орыстың белгілі ақыны Андрей Марковтың: «Если кого-то обманешь – обман возвратится в твой дом, а если кого-то поранишь – заплачешь от боли потом…» деген қанатты сөздерін түртіп алғанмын. Осы даналардан шыққан сөз кейін менің өмірлік ұстанымыма айналды.

— Өмірге деген өкінішіңіз бар ма? Кімді сағынасыз?

— Негізінен адам баласы өткенге өкінбеуі керек. Керісінше жіберген қателігіңді тауып, соны түзетуге тырысқан жөн, сондықтан өмірге деген өкінішім жоқ. Сағыныш сезімінсіз адам жоқ шығар. Әрине, өткен күндерді, өмірден өткен жандарды сағыну – әр жанға тән қасиет. Дегенмен іссапарға, тіпті күнделікті жұмысқа кеткеннің өзінде жанұямды, балаларым мен немерелерімді сағынамын.

— Өзіңізге бағытталып айтылған сынды қалай қабылдайсыз? Кіммен кездесіп, сыр шерткіңіз келеді?

— Жөнімен айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. Арасында ұнамайтындары да болады. Өзімді шынайы түсінетін, сыйлайтын адамдармен кездесіп, сөйлескім келеді. Өкінішке орай, жас ұлғайған сайын айналаңдағы ондай жандардың қатары азая бастайды. Өзім қатарлы замандастарымның ішінде де белгілі бір тақырыпқа шешіліп айтылған әңгімені тыңдайтын жанның жоқтығы да кейде жаныма батады. Бала кезімде кітапты көп оқығандікі шығар, мен әлемдік деңгейдегі атақты суретшілер, композиторлар немесе ел басқарған тұлғалардың өнері, тағдыры туралы сағаттап әңгіме соға аламын. Бірақ сол әңгімені тыңдайтын, өз ойын, пікірін білдіретін жандар бүгінде сирек. Кезінде қызметтес, жора-жолдас болып, бірге жүрген Нәжімеден Есқалиев, Қабиболла Жақыпов, Төлеген Мерғалиев секілді замандастарыммен кездесіп, сыр шерткенді ұнатамын.

— Қолыңыз қалт еткенде, немен шұғылданғанды ұнатасыз?

— Жоғарыда айтқанымдай, менде сол бос уақыттың өзі көп бола бермейді. Ал егер ондай мүмкіндік туып жатса, кітап оқығанды жаным қалайды. Басқа елге, қалаларға барғанда, кітапханаларды жағалап, жаңа туындыларды алуға тырысамын. Ұлым Қуаныш та көп оқиды. Үйде екеуміздің қоры мол жеке кітапханамыз бар. Жұмыс орнымда да кітап аз емес. Оқудан басқа шахмат, биллиард ойнаймын.

— Нұрлыбек аға, жалпы, жетістікке жетудің жолы қандай? Кейінгі буынға, жастарға не айтар едіңіз?

— Жетістікке жетудің басты жолы – өз-өзіңді оқуға, білім алуға, аянбай еңбек етуге тәрбиелеу. Қолыңнан келгенше, біреуге жақсылық жаса. Дұрыс ақылыңды айт, шама-шарқыңша көмектес. Біреуге жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңе қайтып айналып соғатыны сөзсіз. Сондықтан адамға қиянат ойламай, жамандық жасамай, өтірік айтпай, тек жақсылық тілеп жүрудің өзі – бір жетістік. Ал жастарға заман талабына сай оқып, білім алып, өз туған елі үшін аянбай еңбек етуге талпыну керек дер едім. Қазіргі кезде оған барлық жағдай жасалған. Кез келген адамның алдында компьютер, қолында ұялы телефон. Қажет дерегін әп-сәтте тауып алады. Дұрыс-ақ, ол да заманның ағымы. Дегенмен сол ғаламтордан тауып алып қарайған нәрсесі оның жадында ұзақ сақталмайды. Ал көкейдегі сауалға жауап іздеп, кітап ақтарып, маңдай термен тауып алса, ол санада өмір бойы жатталып, қатталып қалады. Сондықтан мен әрдайым жас буынды газет-журнал оқуға, кітап оқуға шақырар едім. Жастармен өткен кездесулерде «Түптің түбінде ғаламтордан оқыған бала кітапты көп оқыған адамға жұмыс жасайтын болады», — деп жиі айтамын. Негізі, ата-анасын, туған жерін, жалпы адамзатты және өзін-өзі сыйлай білген, қадірлей білген адам бұл өмірде өз орнын табары сөзсіз.

— Ашық-жарқын әңгімеңізге үлкен рақмет! Газет оқырмандары атынан сізді мерейлі жасыңызбен құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жастарды жарылқайтын жобалар

Күні: , 26 рет оқылды

IMG_20170601_111814


Сейсенбіде  өңіріміздің  коммуникациялық  қызмет алаңында  ұйымдастырылған  баспасөз  мәслихатына  «Нұр Отан»  партиясы  БҚО  филиалы  жанындағы  «Жас Отан»  ЖҚ  төрағасы  Нұрғали  Жолдасқалиев  қатысып,  жастарға арналған жобалар  жөнінде  әңгімеледі.


Оның сөзінше, биыл «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалының ұйымдастыруымен жастарға арналған үш жоба жүзеге асырылмақ.

– Біріншісі – «Сәтті қадам»  жобасы. Бұл жоба бойынша Астана мен Алматы қалаларындағы мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жас мамандарға тағылымдама ұйымдастыру, жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жетім балаларды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектеріне әрі қарай оқуды жалғастыруға және оларды жұмысқа орналасуға  көмек  көрсету  жұмыстары  ұйымдастырылмақ.

Екінші жоба – «Нұринтек» жобасы бойынша еліміз экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологиялар  анықталмақ. Үшінші жоба «Жас өркен» тағылымдама бағдарламасы деп аталады. Аталмыш жоба бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті 2017 жылы бакалавриат және магистратура бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын бітірген түлектерді «Самұрық-Қазына» АҚ тобының бірнеше компаниясында тағылымдамадан өткізеді. Тағылымдама мерзімі – 22 ай. Бағдарламаға республика бойынша ең таңдаулы деген 20 жас түлек қатысады. Жас мамандарға арналған бағдарламаны сәтті өткізген   түлектер «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Және осы жерде жас түлекті одан әрі жетілдіру жоспары жасалады. Бағдарлама аяқталған соң таңдаулы тағылымгерлер Қазақстанның ұлттық компанияларына жұмысқа орналастырылатын болады. Бұл жобалардың басты мақсаты – жастардың кәсіби әлеуетін жүзеге асыру және оны дамыту. Жобаға қатысушы жастар әңгімелесуден өткеннен кейін ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған серіктес ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда тағылымдамадан  өтеді.

«Сәтті қадам» жобасының ІІ бағыты бойынша  жоғары және арнаулы орта буынды мамандар даярлайтын оқу орындарын бітірген жетім балаларды жұмысқа орналастыру жұмысы «Жас Отан» ЖҚ филиалдарының  жұмыс берушілермен және жергілікті құзырлы органдармен келісімшарт жасасуы негізінде жүзеге асырылмақ.  Сондай-ақ  ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектеріне әрі қарай оқуды жалғастыруға және оларды жұмысқа орналасуға көмек көрсету ісі «Жол картасы – 2020», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» және ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Нұр Отан» партиясының ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігімен жасаған меморандумы  аясында  іске  аспақ.

Біздің елімізде жыл сайын 100-ден астам ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жоғары және арнаулы оқу орындарын аяқтайды. Осы уақытқа дейін бұл санаттағы жастардың мәселелері, оның ішінде жұмысқа орналасуы мен тұрмыс-тіршілігімен  бірде-бір ұйым тұрақты түрде айналыспаған. Соңғы кездері «Жас Отан» ЖҚ «Сәтті қадам» жобасының II бағыты бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жұмысқа орнала-суына ықпалдасу мәселесін жолға қойды.  Былтыр облыс бойынша 193 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған түлек жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірді (оның 58-і ЖОО түлектері болса, 135-і – арнаулы оқу орындарының түлектері).  Соның 131-і «Сәтті қадам» жобасының II бағыты бойынша жұмысқа орналастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

Ағымдағы жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 118 түлек жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарын бітірді. Солардың 29-ы ЖОО-ны бітірсе, 89-ы колледж бітіріп, орта буынды арнайы маман атанып отыр.

Бұйырса, бұларға да жоғарыдағыдай көмек көрсетілмек. Осы мақсатта биыл ақпан айында «БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» және «БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығымен» ынтымақтастық  жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында инженерия, IT технология, заттану мен жаңа материалдар шығару болашақ ғылымның негізгі трендтеріне айналатындығын айтқан болатын. Үшінші жоба – «Нұринтек» республикалық жастар инновациялық байқауы осыған орай ұйымдастырылып отыр.  Аталған конкурс «Әлеуметтік маңызды жобалар», «Техностарт», «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жобасы» және «Перспектива» аталымдары бойынша өткізіледі. Сыйақы қорының жалпы құны 8 млн. теңгені құрайды.  Конкурс жеңімпаздарына жобасын жүзеге асыруға қажетті қаржы көздерін табуға мүмкіндік бар.  Жобаға 14-29 жас аралығындағы ҚР барлық азаматтары қатыса алады. «Әлеуметтік маңызды жобалар», «Техностарт» «Үздік жас ғалым»,  «Жастардың инновациялық жобасы» аталымдары бойынша жүлдегерлерге 1-орынға 1 млн. теңге, 2-орынға 500 мың, 3-орынға 250 мың теңге табысталатын болады. Ал мектеп және колледж студенттерінің арасында өткізілетін «Перспектива» аталымы бойынша 1-орын иегеріне Қазақстанның жоғары оқу орындарының бірінде грант негізінде оқуға мүмкіндік беріледі. Екі  және үшінші орындарға ноутбук пен планшет сыйға тартылмақ. Конкурсқа қатысу жөніндегі өтінімдер ағымдағы жылдың 18 мамырынан бастап 30 қыр-күйекке дейінгі аралықта  nurintech@nurotan.kz  сайтында  қабылданады.

Сондай-ақ биыл «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті бакалавриат және магистратура бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын биыл бітірген түлектерді «Жас өркен» тағылымдама  бағдарламасына қатысуға шақырады. Бағдарлама қатысушылары міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек және бакалавр немесе магистр 2017 жылғы түлек болуы тиіс. Байқауға қатысқысы  келетіндердің өтініші 2017 жылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін қабылданады. Өтінішті байқаудың ресми сайты  www.skcu.kz/zhasorken арқылы беруге де болады. Яғни тіркелу онлайн режимі арқылы да жүзеге асырылады, – деді Нұрғали Жолдасқалиев  өз  сөзінде.

Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан аталған тақырып бойынша бірқатар сұрақтар қойылып, оған жауаптар қайтарылды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Облыста көгілдір отын құнын төмендету қарастырылуда

Күні: , 23 рет оқылды

20170601_143908


Бұл  жайында ҚР  Энергетика  министрі Қанат Бозымбаев  тұрғындармен  кездесуінде  хабарлады.


Министр  есебін  «Нұр Отан» партиясының  облыстық  филиалының  ғимаратында  бейнебайланыс  арқылы  облыс  басшысының  орынбасары  Бағдат  Азбаев,  облыстық  және  қалалық  мәслихаттың  депутаттары,  облыстық басқармалар  басшылары  және  қоғамдық  ұйым өкілдері  тыңдады.

Әр  аймақпен  онлайн  желісінде  байланысқа  шыққан министрге  «Жайықжылуқуат» АҚ-ның коммерциялық  директоры  Вячеслав Солодилов  облыста газ  бағасының қымбат  екеніне байланысты жиі сауал көтерілетінін  айтты.  «Біздің кәсіпорын  газдың  әр  текше  метрі  үшін 16850  теңге  төлейді.  Көрші  облыстарға қарағанда көгілдір  отынның  құны  екі  есе  қымбат.  Тұрғындар да газдың бағасын  төмендетуді  сұрайды.  Біздің  ойымызша, облыста  шикі  газды  өңдеуді  қолға  алу  керек.  Бұл  бағытта қандай  жұмыстар  атқарылуда?»  – деді  ол.

– Көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарындағы газдың құны төмен екені рас. Аталған өңірлер аумағында орналасқан кен орнынан шикізатты инвесторлар өндіруде. Дегенмен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы газдың бағасымен салыстырғанда, әлдеқайда арзан. Кеңестік кезеңнен бері Батыс Қазақстан облысында шикі газды өңдеу өте өзекті күйінде. Қарашығанақ кен орнынан өндірілген қышқыл газ Ресейдің Орынбор облысында өңделіп, Қазақстанға кері қымбат бағамен сатылады. Сондықтан облыста газ құнына қатысты қалыптасқан ахуал өте күрделі. Дегенмен Қарашығанақ консорциумы өкілдерімен облыста газ өңдеу зауытын салу жөнінде министрлік келіссөз жүргізуде. Себебі жаңа зауытта шикізат нарық талабына сай сапалы өңделуі тиіс, – деді министр. Бейнеконференциядан соң облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев министр облыстағы елді мекендерді газдандыру қолға алынғанын атап өткенін айтты. «Біздің облыс жұртшылығының 93,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Биыл Ақжайық, Бөкей ордасы, Сырым, Жәнібек, Жаңақала аудандарындағы 38 елді мекенге газ құбырлары тартылуда. Маусым айында Сырымда алты, Жәнібекте екі елді мекенге көгілдір отын жеткізу аяқталады. Биыл облыс тұрғындарын газбен қамту 95 пайызға жетеді. Қазіргі уақытта өзіміздің облыста электр қуатын өндіре аламыз. Бұрынғыдай Ресейге мұқтаж емеспіз. Керісінше 40 мегабайтқа дейін электр қуатын өзге өңірге экспорттай аламыз. Биыл «Конденсат» АҚ басшылығы Қарашығанақ консорциумы компанияларымен бірлесіп, газ-химия кешенін салуды жоспарлауда. Министр бұл жоба әлі талқыланып жатқанын айтты», – деді  Ғалым  Орынғалиев.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Атаулы күндерге арналды

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_6400


Жақында  Ғ. Құрманғалиев  атындағы  облыстық  филармонияда  салтанатты  шара  өтті.


Мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет  көрсету  мекемелерінің  кәсіподағы  ұйымдастырған кездесу  қос атаулы мерекеге 10 маусым  Кәсіподақтар  және  23 маусым  Мемлекеттік  қызметкерлер күніне  арналған  болатын. Оған облыс  әкімінің  орынбасары  Марат Тоқжанов  қатысып,  сөз  сөйледі.

Салтанатты басқосуда жоғарыда аталған кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Мерғалиевтің, облыстық мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айболат Сүгірбаевтың, «Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Маусымжан Жүсібәлиеваның  хабарламалары тыңдалды. Содан соң облыс әкімінің орынбасары М. Тоқжанов сөз сөйлеп, кәсіподақтардың бүгінгі қоғамдағы орны мен жұмысына жоғары баға берді және бір топ ұйым белсенділерін марапаттады. Әрі қарай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов атаулы күндерге орай департамент тарапынан бір топ мемлекеттік қызметкерге алғысхат табыс етті. Осындай марапат облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадырәлиевтің тарапынан да жасалды. Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов ұйым белсенділеріне Кәсіподақтар орталық комитетінің  Құрмет грамотасы мен өз тарапынан алғысхат тапсырды. Т. Мерғалиев пен облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының  президиум мүшесі Серік Бахманов және басқасы кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен жекелеген белсенділерді марапаттап, мерейін асырды. Марапатталғандар ішінде Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тәстенова және басқалар бар.  Шара соңы  жергілікті  өнерпаздардың концертіне  ұласты.

Серік   ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Бюджет қаржысы нақтыланды

Күні: , 24 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (184)


Биыл облыстық  бюджет республикалық  трансферт  есебінен  18,3 млрд.  теңгеге  ұлғайтылмақ.  Соған  байланысты облыстық мәслихаттың  2016  жылғы 9  желтоқсандағы  «2017-2019 жылдарға  арналған  облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізуді  депутаттар  мәслихаттың кезекті  Х  сессиясында мақұлдады.  Жиынға  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов    қатысты.


Сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2017 жылға арналған бюджетті нақтылауды ұсынды. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге көлеміндегі мақсатты трансферттер мен несиелеу қаржысы бөлінген. Соның ішінде агрокешен саласындағы жеке субъектілер үшін инвестициялық салымдарға 3,5 млрд. теңге, Орал қаласы мен Ақжайық және Жәнібек аудандарындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жұмысына 1,6 млрд. теңге қарастырылған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы ауқымында жеке кәсіпкерлерге бюджеттік несиелер беру үшін 500 млн. теңге бөлінбек.  Сонымен қатар әлеуметтік мәселелердің шешімін табу қарастырылған. Денсаулық сақтау саласына – 233 млн. теңге, білім саласына – 1,6 млрд. теңге, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласын дамытуға – 1,1 млрд. теңге, тұрғындарды әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге – 573,9 млн. теңге, көгілдір отын жабдықтарын салуға – 179,6 млн. теңге, автожолдарды жөндеуге – 1 млрд. теңге, тұрғын үйлерді салуға   785,8 млн.  теңге жұмсалады.

Бюджет қаражатын толықтыру есебінен 30 млн. теңгеге Орал қаласы мен Қазталов ауданында екі білім беру нысаны күрделі жөнделеді және Теректі ауданы Сарыөмір ауылында 48 орындық сауықтыру лагерінің құрылысы басталады. 63,1 млн. теңгеге Жәнібек ауданы Ақоба ауылындағы мектептің жанынан спортзал салынбақ. Сырым, Теректі, Қазталов, Бөкей ордасы, Тасқала, Жәнібек, Жаңақала аудандарындағы су құбырлары құрылысын аяқтауға және жаңғырту жұмысына 797,8 млн. теңге бөлінген. 179,6 млн. теңге есебінен Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарындағы әлеуметтік нысандарға газ жеткізу, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Қазталов және Теректі аудандарындағы бес нысанға көгілдір  отын тартуға орай жобаның сметалық құжаттамасы  жасақталады.

Жиында облыстық мәслихаттың қаржы және бюджет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Амангелді Таспихов ауылдарға газ құбырын тартқанда, әлеуметтік нысандардың техникалық құжаттарын қоса дайындауға тапсырыс беру ұтымды болатынын жеткізді. «Елді мекендерде әлеуметтік нысандар санаулы. Ауылдарға көгілдір отын жеткізілгенде, әлеуметтік нысандарға жұмсалатын қаражат бөлек есептеледі. Сондықтан оған жекелей жұмсалатын шығын бірнеше есе көбейеді», – деді ол. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев бұл мәселені республикалық және жергілікті бюджет қаражатын бір мезгілде бөлу арқылы шешуге болатынын айтты.

Сессияда облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл  Салахатдинова 2016 жылғы облыстық бюджет есебін берді. Оның мәліметінше, өткен жылы әлеуметтік салаға – 49,4 млрд. теңге,  білім саласына – 13,2 млрд. теңге, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға – 335 млн. теңге,  тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға және баспана құрылысына – 18,3 млрд. теңге, елді мекендерді газдандыруға – 2 млрд. теңге, ауыл шаруашылығына 9,5 млрд. теңге  жұмсалған.

Жиында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин облыс бойынша 2010-2016 жылдар аралығында қылмыс дерегінің саны артқанын хабарлады. Дегенмен 2017 жылдың алғашқы үш айында тонау, ұрлық, бұзақылық және жол-көлік оқиғаларына қатысты көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Соның ішінде, мал ұрлығы 42,5 пайызға немесе 127 қылмыс дерегінен 73-ке азайған. Былтыр Орал қаласы аумағындағы атты взвод базасының құрылысы аяқталды. Енді жаңа жедел басқару орталығы салынуда. Манарбек Ғабдуллин тәртіп сақшыларының тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесі  әлі күнге өзекті күйінде екенін айтты.

Ауылдардағы полиция инспекторларының 28 пайызы тұрғын үймен қамтылмаған. Орал қаласы маңындағы Зашаған кентінде және мұз спорт сарайы шағынауданында екі учаскелік қосын жетіспейді. Сонымен қатар облыс орталығында – 52, аудандарға 20-ға тарта учаскелік полиция қажет.

Сессияда облыс әкімі Алтай  Көлгінов облыста атқарылған ісшараларды кеңінен баяндап, алдағы  жұмыс  жоспарымен  бөлісті.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында облыс бойынша 36,5 млрд. теңгеге автожолдар жөнделеді. Одан бөлек, кәріз жүйелері және су құбырлары жаңадан салынады. Өңірде мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу өзекті. Аудандарда шаруашылыққа пайдаланылатын судың жетіспеуіне байланысты жер телімдері иесіз қалды. Соған байланысты су магистральдарын жаңғырту қолға алынуда.

Ауыл шаруашылығын жандандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлінуде. Биыл облыстық бюджетке бөлінген қаражат молайды. Сондықтан  Елбасы тапсырмасын орындауға баса көңіл бөлеміз, – деді облыс басшысы.

Жиында депутаттар облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізу мен күшін жоюды  мақұлдады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Фракция қаражаттың жұмсалуын бақылайды

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_0860


Бейсенбіде  облыстық  мәслихаттың  үлкен  залында облыстық  мәслихаттағы  «Нұр Отан»   партиясы  депутаттық фракциясының  жиналысы  өтті.


Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен фракция мүшелерінің жиналысында алдымен депутаттық фракцияның 1-тоқсандағы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. С. Сүлейменнің айтуынша, фракция жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері еліміздің саяси өміріндегі маңызды мәселелерге байланысты фракция жиналысының төрт отырысы өткізілген. Партия мүшелері – мемлекеттік органдар басшыларының мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы туралы есептері тыңдалып, мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылатын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, құрылыс, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармалары басшылары мембағдарламалардың өңірімізде іске асырылуы жөнінде есеп берген.

Сондай-ақ жұмыс жоспарына сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша партиялық тәлімгерлердің есептері де тыңдалмақ. Депутаттық фракцияның ережесіне сәйкес барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 2016 жылы атқарған жұмысына «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты баға берген. Биыл да солай болмақ.

«Сайлаушылармен кездесулер ұйымдастырып, Елбасының Үндеуін, Жолдауын және мақаласын халыққа түсіндіру жұмыстарына қатысып, бекітілген кесте бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізіп, бұқаралық ақпарат көздеріне жариялап, өз жұмыстарыңызды көрсетулеріңізді сұраймын», – деді Серік  Сүлеймен.

Басқосуда есеп берген «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуы бойынша бақылау жүргізудегі фракция жанындағы комиссия басшысы Ляна Тұрсынова аталмыш бағдарлама бойынша Оралда қолға алынған құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп, бөлінген қаржының тиімді жұмсалып жатқандығын баяндады. Сондай-ақ фракция мүшесі Нұрлан Серғалиевтің атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. Халық қалаулысы Зашаған кентіндегі Ахметов көшесінің тұрғындарының кәріз, су құбыры желісін «Батыс су арнасы» кәсіпорнының құзырына беру жөніндегі өтініштеріне орай тиісті орындарға депутаттық сауал жолданғанымен, іс жүзінде мәселенің шешілмей отырғандығына қынжылды. «Зашаған» немесе халық арасында «Птичник» аталып кеткен саяжай тұрғындары үй салып, өз күштерімен электр желісін тартуда, суды қал-қадерінше жеткізіп алуда. Саяжай жерін қала аумағына кіргізуді облыстық мәслихат қарауына ұсынып, бұл мәселені шешуде фракция мүшелерін қолдайды деп сенемін. Саяжай тұсындағы күре жолмен үлкен жүк көліктері өтеді. Ал жолды қиып өтетін жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Биылдың өзінде төрт қайғылы оқиға болды. Күре жол – халықаралық  маңызы бар жол, қалаға қарамайды»,  –  деді Нұрлан Серғалиев.

Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім басқармалары басшыларының мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы жөніндегі есептері, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың «Денсаулық» бағыттары бойынша партиялық тәлімгерлерге берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есептері тыңдалды. Фракция мүшелері тарапынан есеп берушілерге сұрақтар көп қойылды. Мысалға, депутат Мәлік Мұхтар Ақжайық ауданындағы түрлі аурулармен есепте тұрған науқастардың тегін дәрі-дәрмекке уақтылы қолдары жетпейтінін, алайда «Талап» дәріханасының жоқ деген дәрілерді неге ақшаға сататынын сұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова ауданды «СК Фармация» компаниясы 19 ауру түріне керекті дәрі-дәрмекпен толықтай қамтып отырғанын, ешқандай мәселе  жоқтығын  алға  тартты.

 Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Мемлекеттік рәміздерге – 25 жыл

Күні: , 33 рет оқылды

IMG_6630


Кеше  облыс  әкімі  жанындағы  ҚР  Мемлекеттік  рәміздері жөніндегі  комиссияның  кезекті  отырысы өңір  басшысы Алтай Көлгіновтің  төрағалығымен  және  аудан  әкімдерінің селекторлық  режимде  қатысуымен  өтті.


Мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жиылған отырыстың күн тәртібінде облыстық деңгейде мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар, сондай-ақ Сырым, Қаратөбе аудандарында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» заңының сақталуы туралы  мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовтің мәлімдеуінше, биылғы сәуір айында мемлекеттік рәміздерді тексеру бойынша инспекциялық топ Сырым және Қаратөбе аудандарына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде рәміздердің қолданылуында мемлекеттік стандарттың сақталмауына қатысты бірқатар олқылықтар анықталған.

Әсіресе, мекеме сыртына орналастырылған мемлекеттік рәміздерді түнгі уақытта жарықтандырудың қарастырылмауы – көп кездесетін кемшілік. Өз кезегінде аталған аудан әкімдері мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты қателіктердің түгелдей түзетіліп, стандартқа сәйкестендірілгенін дәлелдейтін фотоайғақтар көрсетті. Ішкі саясат басқармасының басшысы Елтаңбаға латун түсі енгізілгенін және оның бөліктеріне байланысты бұрынғыға қосымша атаулар қосылғаны туралы да айтып өтті. Жаңа талап бойынша әрбір сатып алынған Елтаңбаның қолданылу мерзімі үш жыл болып шектелген. Барлық мекемелердегі ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы жаңа талапқа сай келетіндей етіп 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін ауыстырылуы керек.

Бақытжан Хаберұлының айтуынша, 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік желілерде «Менің рәміздерім – менің мақтанышым» атты акция ұйымдастырылуда. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен 3 маусым күні сағат 10.00-де «Менің Туым» эстафетасы басталады. Мотоциклистер, велошабандоздар, спортшылар және байдаркашылардың қатысуымен өтетін бұл эстафета қалаға кіреберістегі (Орал – Атырау тас жолы) «Орал» жазуынан бастау алып, жаңа алаңға дейін мемлекеттік Туды алып жүреді. Облысымыздың беделді спортшылары қатысатын аталмыш шара жаңа алаңда жастардың флешмобымен аяқталмақ. 4 маусым күні сағат 09.00-де барлық теміржол вокзалдарында еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалатын болады. Осы күні сағат 11.00-де жаңа алаңда өтетін салтанатты шарада көк байрағымыз көтеріліп, Гимн шырқалады. Қала көшелері мен қоғамдық жерлерге «Менің Қазақстаным» атты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін микроавтобус шықпақ. Мереке күні Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында сағат 17.00-ден басталып спорттық сайыстар және жастардың патриоттық акциясы өтеді. Акция барысында мерекелік концерт, түрлі ойындар ұйымдастырылады. 2-4 маусым аралығында облысымыздың бірқатар аудандарында да ауто, велошерулер, спорттық шаралар, әдеби кештер мен  мерекелік  концерттер  өтеді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика