Мұрағат: Июнь, 2017


Сыр тұнған қос кітап

Күні: , 34 рет оқылды

кошенов китап


Ғарифолла Көшенов пен Алмагүл Әбікенқызының есімдері батысқазақстандықтарға жақсы таныс.


Ғарекең тай кезінен «облыс ақыны» атанып, Тайыр ақынның көз «қырына» іліккен. Ауылда шопыр болып жүрген жас жігіт көп ұзамай, қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетіне оқуға түсіп, студент атанады. Сол университетте болашақ жары алматылық Алмагүлді Алланың әмірімен жолықтырып, жоғары оқу орнын бірге, «үздік» бітіргеннен кейін екеуі де Ақ Жайыққа келеді. Облыстық «Орал өңірі» газетіне қатардағы тілші болып орналасқан Ғарекең кейін сол үнқағаздың бас редакторлығына дейін жоғарылайды. Талай жас журналистерді тәрбиелеп, ақпарат айдынына қосты. Олардың дені бүгінде қазаққа белгілі ақын, жазушы, журналист атанып, ұстаз ағаларының мақтанышына айналған. Ал Алмагүл Әбікенқызы Өмірбекова ұзақ жылдар Оралдың облыстық радиосында диктор болып абыройлы қызмет атқарды. Бүгінде екеуі де Алматы қаласында, ұл-қыздарының қасында зейнеткерлік демалыстарының қызығын бірге кешуде. Зейнеткер болса да, қаламдарын туармай, ақ қағазға сөз кестелеп, өткен жылдардың бедерінде жолыққан жайсаң ағалары жайлы, ұстаздары туралы, қашықта қалса да, қызуы әлі қаритын қайран күндердегі бірге жүрген курстастары, құрдастары, жұмыстас әріптестері жөнінде төгілдіре сыр шертетіндері қандай… Сол сырлар әп-әдемі тұнып, қыз жиған жүктей жұтынып, қос кітапқа айналып, оқырмандарына жол тартты.

Алмагүл Әбікенқызы – кешегі сұм соғыстың жалыны қанатын шарпыған қарлығаштардың бірі. Қырғын соғыстың өтіне аттанған офицердің жарының ішінде қалған перзентінің «Періштем болып жебей жүр» кітабы – әкесіне арнап көркемсөзбен соққан мәңгілік ескерткіші… Жетім қалған қызды арқалап жүріп жеткізген марқұм атасы  Омарқали Өмірбековтің рухына арнаған алғыс еңбегі. Әжелері мен апаларына деген ғұмыр бойғы сыздаған сағынышы.

Ал ақын-журналист, аудармашы Ғарифолла Көшеновтің «Сүмбіленің салқыны» да оқырманын бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, журналистік мамандықты өмірлік мұратына айналдырған жазарман жандарға берері де, үйретері де мол еңбек. Шұрайлы тілі, жалт-жұлт етіп орайы келе қалатын теңеулері, өмірде болған, ізі суып үлгере қоймаған оқиғалары мен бірқатары әлі де ортамызда жүрген кейіпкерлері оқырманын баурап, құшағынан шығармайды. Айтып, айтпай не керек, құрметті оқырман, қос кітап та тұшынып отырып оқитын көркем дүние! Аталмыш шығармалардың ізіне түскен жан болса, оны кітапханалардан табады.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Мүмкін еместі мүмкін еткен

Күні: , 34 рет оқылды

DSC_0117


Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында да кедергілердің бәрін жеңіп, сау адамнан артық жұмыс істеп, үлкен табысқа жетіп жүргендері де бар. Солардың бірі – Өмірболат  Сейітқалиев.


Мына жарық дүниеге сал ауруымен (ДЦП дейтін ауыр диагнозбен) келген Өмірболат өзін өзгелерден ешқашан кем санаған емес. Мұны ол іс жүзінде дәлелдеді де. Кішкентайынан дімкәстігін мойындамайтын ол шамасы келгенінше ата-анасына көмектесіп, олардың ірілі-уақты тапсырмаларын мұқият орындап қоятын. Кейін өсе келе Өмірболат бәрі де адамның өзіне байланысты екенін жете түсініп, білім алып, білікті маман атануды армандады. Бұл ойын ата-анасына жеткізгенде, олар Өмірболатты қуана қолдап, оның бағдарламашы мамандығын игеруіне көмектесті. Өмірболат мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыс табуы өте қиын екенін білді. Сөйтіп, ол өзінің мамандығы бойынша не істеуге болатынын ойластырды. Ғаламтор көмегіне жүгініп, осы мамандықпен өзгелердің қандай шаруа атқарып жатқанын көріп-білді. Сөйтсе, өзгелердің жасағанын бұл да жасай алады екен.

Осы ойын ата-анасына айтқанда, олар ұлдарын тағы да қуана қолдады.

Сөйтіп, Өмірболат өзінің арманын жүзеге асыру үшін 2012 жылы «Өмір» баспа салонын ашып, Достық даңғылы бойынан жалға алынған орында жеке кәсібін жүргізуді бастады. Алғашында қағаз көшіру, мәтін теру, студенттердің курстық жұмыстары мен рефераттарының сыртын әрлеумен айналысса, кейін кәсібінің ауқымын кеңейтіп, тойға шақыру, мерейтойлық фотосуреттер, арнайы альбомдар жасауға тапсырыстар алып жүрді. Өмірболат мұнымен шектеліп қалмай, қасына көмекші жігіттер алып, мүгедектерге арналған арбалар мен басқа да құрылғыларды тапсырыс берушінің тілегіне сәйкестеп қайта жабдықтаумен де айналысты. Бұл жұмысы да жаман болған жоқ, қайсар жігіттің мерейін өсіріп, оған тапсырыс берушілер қатарын көбейтті. 2013 жылы мемлекеттік грантты ұтып алған Өмірболат жеке кәсібінің ауқымын кеңейтті. Енді оның салоны жәй ғана мәтін теріп, сурет шығарып қана қоймай, сонымен қатар жейделер мен күнқағарларға, тәрелкелер мен саптыаяқтарға мерейтой иелерінің суретін салып, көпшілікке ұсына бастады. Орталық қызметкерлерінің бұл істе де жолдары болды. Енді олар сыртқы жарнама жұмысымен, фотосувенирлер жасаумен, мекеме-кәсіпорындарға мөр даярлаумен, командаларға визитка, буклеттер, альбомдар даярлаумен де айналыса бастады. Орталық шеберлері, сондай-ақ жас жұбайлар мен мерейтой иелерінің көрпе-көпшіктеріне қалаған суреттерін салып беретін болды. Қаланың орталық көшелеріндегі мекеме атаулары мен баннерлердің көпшілігі осы «Өмір» орталығы қызметкерлерінің қолынан шыққан десек, қателеспейміз.

DSC_0120«Ерінбеген етікші болады» демекші, бәрін де жәй ғана армандаудан бастаған Өмірболат көп нәрсені үйреніп, бүгінде өз ісінің нағыз шебері болып алды. Тапсырыстың көптеп түсуіне байланысты қасына көмекші етіп, тағы төрт адамды жұмысқа алды. Өмірболаттың айтуынша, бүгінде «Өмір» салонының Орал қаласында екі бірдей бөлімшесі жұмыс істейді. Оның бірі Киров аялдамасындағы «Қарлығаш» дүкені маңында болса, екіншісі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ тұсында. Бұдан басқа «Өмір» орталығының филиалдары Астана қаласында, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында бар. Орталық филиалдары ол жерлерде де мол тапсырысқа ие. Бұдан бес жыл бұрын ашылған шағын ғана «Өмір» салонының жұмыс ауқымы кеңейіп, бүгінде кәдімгідей көп салалы ірі орталыққа айналды. Қазіргі таңда бұл орталық «Өмірболат және Гүлнат» ЖШС деп аталады.

— Біздің орталыққа айына шамамен 1000-1200 тапсырыс түседі. Соның 50-60-сы баннерлердің үлесінде. Әрине, мұндай ауқымды жұмысты жалғыз өзімнің атқара алмайтыным анық. «Өмір» орталығының табысты болуына осында жұмыс істейтін барлық әріптестерім көмектесіп келеді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, оларға ризашылығымды білдіргім келеді, — деген Өмірболат болашақта орталық жұмысын бұдан да гөрі кеңейткісі келетінін жеткізді.

Кәсіпкердің айтуынша, «Өмір» орталығында өзіміздің өңір бойынша 17 адам жұмыс істейді, ал еліміз бойынша барлық филиалдарын қосқанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның үшеуі – мүгедек адамдар.  Қызметкерлердің айлық жалақысы айына 70-80 мың теңгені құрайды және орталық жылына 7-8 млн. теңгедей салық төлейді.

Бюджет қоржынын осыншама қаражатқа толықтырып, 80-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Өмірболатты мүмкіндігі шектеулі деп кім айтар?

 Еңбекқор жас осы бағыттағы жұмысын одан әрі кеңейту мақсатында биыл және бір жобаны жүзеге асырды. Биыл көктем айында облыс көлемінде ұйымдастырылған үздік жобалар конкурсында Өмірболаттың қос бірдей жобасы оза шапты. Сөйтіп, мемлекет бөлген тегін қаражатқа жоғарыдағы жоба аясында көзі көрмейтіндер мен құлағы естімейтін мүгедектерге арналған компьютерлік курс ұйымдастырды.

— Компьютерлік курста барлығы 1200 адам оқып, компьютермен жұмыс істеуге үйреніп шықты. Мүгедек жандарды көзі көр-мейтін және құлағы естімейтіндерге арналған мектептің екі мұғалімі оқытты. Оқу наурыз-мамыр айлары аралығында ұйымдастырылды. Осы курста оқыған мүмкіндігі шектеулі жандардың бүгінде 15-і өздеріне тұрақты жұмыс орнын тапты. Әрине, мұндай жұмыстарды облыс әкімдігі мен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қолдауынсыз, көмегінсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Осы жұмыстардың барлығына қолдау көрсетіп отырған өңір басшысына, қала әкімдігі мен «Су арнасы» ЖШСның басшыларына ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын. Облыс әкімдігі бізге мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту үшін арнайы орын жалдауға көмектесті. Нәтижесінде алғашқы топтың адамдары облыс орталығындағы «Су арнасы» ЖШС-да жалға алынған бір бөлмеде оқып шықты. Жалдау құнының 50 пайызын әкімдік және 50 пайызын өзіміз төледік. Сөйтіп, біз мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлығын айқын сезіндік. Оқушылар үш айлық курста айына небәрі 5 мың теңге төледі. Ал қала орталығындағы «Андас» оқу орталығында мұндай курстарды оқу үшін айына 25 000 теңге төлеу керек. Жоғарыдағы жеңілдік мемлекеттің қайтарымсыз берген қаражатының арқасында жасалды.

Тамыз айында қол кемістігі бар адамдарға арналған оқу курсы да сол «Су арнасы» ЖШС-да ұйымдастырылады. Бұл жолы компьютерлік сауаттылыққа қолы кем адамдар оқытылмақ. Оларға әдетте клавиатурамен жұмыс істеу қиын. Олардың жағдайын жеңілдету мақсатында біз жақында Қытайдан 160 дана екі түрлі қолғап протезін алдық. Мұның біріншісі жасанды саусақ болса, екіншісі – қолға тұтастай киіп алып, жұмыс жасауға арналған жасанды қол. Қол кемістігі бар адамдарға арналған оқу курсы, бұйырса, биыл тамыз айында басталмақ. Бұл курста оқуға қазірдің өзінде жүз шақты адам тілек білдіріп, тіркелді. Оларды оқытатын оқытушылар дайын тұр.

Аталған жобамен қатар тамыз айында тағы бір жаңа жобаны жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Бұл – компьютерлік үстелдерге күн батареясын орналастыруға арналған жоба. Жаңа жоба бойынша біз тапсырыс беруші мекеменің жұмыс үстелдеріне Күн батареясын орнатып береміз. Яғни бұл компьютермен жұмыс жасайтын адамдар үшін өте пайдалы, күн батареясы қызметкердің компьютерін электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіп тұрады. Күн батареясын үстелдеріне орналастырып алғандарға электр қуатының бар-жоғы әсер етпейді. Электр қуаты айырылып қалса да, олар жаңағы күн батареясының арқасында асып-саспай жұмыстарын жалғастыра береді. Компьютерге арналған күн батареясы 3 млн. теңге тұрады. Бұл құрылғыны қызметкерлердің жұмыс үстеліне орнату үшін бір үстелге кем дегенде төрт дана күн батареясы керек. Батареялардың әрбіреуі қазіргі бағамен 20 000 теңге тұрады, — деген Өмірболат өз компаниясының қайырымдылық шараларын да жиі ұйымдастырып тұратынын айтты. Оның сөзінше, компания қызметкерлері жоқ-жітік адамдар мен науқас жандарға арнап, жиі дастарқан жаяды, науқас жандардың дәрі-дәрмегі мен тұрмысы төмен отбасылардың керек-жарағын алып беріп, олардың жабырқау көңілдерін жұбатуға тырысады.

Өзі де қатал тағдырдың қақпақылында жүріп, өзгелерге жан шуағын сыйлауға ұмтылған жас жігіттің жігерлілігі мен ізгі істері талайға үлгі болғандай.

«Мүмкіндігі шектеулі» деген ұғымды ысырып тастап, мүмкін еместі мүмкін қылып жүрген жас жігіттің қайсарлығына еріксіз сүйсінесіз. Өмірболат деген атына заты сай табанды да еңбекқор азаматтың бұл өмірде әлі талай істі тындырып, толағай табыстарға жететіні анық.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жетімнің күйін кешкен полиция қосындары жетерлік

Күні: , 32 рет оқылды

20170627_113434(0)


Облыс бойынша 185 учаскелік полиция қосыны болса, соның 24-і облыс орталығында орналасқан. Соның ішінде Орал қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі мен Зашаған полиция бөлімі ғимараттарында орналасқан №8 және 21 полиция қосындарының «отауын бөлек шығару» мәселесі жыл соңына дейін шешімін таппақ.


Облыстағы 75 учаскелік полиция қосынының қызметтік орнын жөндеуден өткізу үшін 127,5 млн. теңге көлемінде қаражат қажет болса, одан бөлек Орал қаласындағы екі полицей қосынын бөлек шығару және алтауының орнын ауыстыру немесе күрделі жөндеу үшін дәл сондай мөлшердегі қаржы керек. БҚО ішкі істер департаменті ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев шаһардағы учаскелік полиция қосындарын аралаған облыстық мәслихат депутаттарына осы мәселені мәлімдеді.

Осы мәселе, «Зенит» шағынауданында орналасқан №4 учаскелік полиция қосыны 1998 жылы салынған ғимараттың екі бөлмесіне орналасқан. Жиһаздары ескі. Бөлмелеріне кәріз құбыры тартылмаған. «№4 қосында бес учаскелік полицей, бір полиция көмекшісі, сонымен қатар кәмелетке толмағандармен қызмет ететін екі, шартты сотталғандармен жұмыстанатын бір учаскелік инспектор бар. Бір бөлмеде бақылау камералары орналасса, екіншісінде күдіктілерден жауап алынып, саусақ таңбасы құжатқа тіркеледі. Тар бөлмелерде полиция қызметіне жүгінетін тұрғындармен сөйлесуге де еш мүмкіндік жоқ. Бір ай бұрын ғимараттағы бұл бөлмелер сот шешімімен иесіз деп танылып, облыстық ІІД-ның қарамағына берілді. Енді жөндеу жұмысын жүргізуге болады. Дегенмен қызметтік орын аясын кеңейте алмаймыз. Себебі полиция қосыны қасында «Консультант» ЖШС кеңсесі орналасқан», – деді Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жәрдем Мүсілімов. Депутаттар кейін Х. Чурин көшесінде №5 учаскелік полиция қосыны орналасқан жатақхананың кіреберіс баспалдағы опырылғанын көрді. Дәлізден 1-қабат тұрғындарына ортақ әжетхананың иісі мүңкиді.

20170627_10342620170627_115713Қалада заман талабына сай жақсы жағдай жасалған әкімшілік учаске кеңселері де көбейіп келеді. 5-шағынаудандағы №18 учаскелік полиция қосынына көп қабатты үйдің төменгі қабатынан үш бөлме берілген. Шартты сотталғандарды бақылауға алатын және кәмелетке толмағандар ісімен шұғылданатындарға жеке-жеке кеңсе берілген.

Ал рейдке қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Аветик Амирханян №11 учаскелік полиция қосынының қызметтік орнын жөндеуге қолұшын созыпты. Ескі жатақхана ғимаратының іргетасы сапасының нашар болуына байланысты сыз жайлап, бөлме қабырғаларының түсқағаздары бұрын жиі түсетін болған. Кәсіпкердің сапалы жөндеуге мүмкіндік жасағанын қаладағы жергілікті полиция қызметінің басшысы атап өтті.

Кенжебек Құспаевтың мәліметінше, облыста 269 учаскелік полиция мен 114 полиция көмекшісі бар. Тұрғындар санының артуына байланысты облыс орталығына қосымша 50, аудандарға 17 учаскелік полицей қажет. Қаладағы бір учаскелік полицей өзі бақылайтын аудандағы 2350 тұрғынмен жұмыстануы керек болса, қазіргі уақытта бір полицей қызмет көрсететін учаскеде тұрғын саны 4-5 мыңға жуықтайды. Сонымен бірге «участковыйларға» 76 көмекші қажет. Айта кетерлігі, он жылдан бері тәртіп сақшыларының саны өспеген. Дейтұрғанымен облыстағы құқықбұзушылықтардың тең жартысы учаскелік полиция қызметкерлері көмегімен ашылған.

2016-2017 жылдары өңірдегі учаскелік полиция инспекторларына жергілікті бюджет есебінен 100-ге жуық «Нива» автокөлігі алынды, тағы 47 қызметтік автокөлік жетіспейді. Облыстағы 188 учаскелік полиция қосыны компьютермен қамтамасыз етілмеген.

– Жергілікті полиция қызметінің басшылары жергілікті мәслихат алдында жылына екі мәрте есеп береді. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен, учаскелік полиция инспекторларының қызметтік жағдайын бақылауға алу – біздің міндетіміз. Ішкі істер құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарымен шұғылдануды күшейтуді жергілікті атқарушы құрылымдардан талап ететін боламыз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Льяна Тұрсынова.

Учаскелік полиция инспекторлары қызметінің сапалы атқарылуына жұмыс орнында қолайлы жағдай жасалмауы да кері әсер ететіні даусыз. Дегенмен Ремзавод шағынауданындағы №9 учаскелік полиция қосынына таяу жерде тұрмыстық қалдықтардың тау болып шашылып жатқанын көрдік. «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша құқықбұзушылықпен күрес нәтижесін, алдымен, тәртіп сақшылары кеңсесінің маңынан көргіміз келетіні айтпаса да, түсінікті шығар.

 Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Газ саласы ардагерлері республикалық кеңесінің төрағасы Павел КЛИМОВ: «Газдың қымбат болатын себебі – біз өңделген газды қайта сатып аламыз…»

Күні: , 24 рет оқылды

газ


«ҚазТрансГаз»  АҚ өкілдері  «Нұр Отан»  партиясы  облыстық филиалының  қызметкерлерімен  бірігіп,  қоғамдық  қабылдау өткізді.


Бұған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ  Құлжанова, газ саласы ардагерлері республикалық кеңесінің төрағасы Павел Климов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Әзімбек  Асаров,  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БПҰ төрағасы Әлібек Хафизов  және аталған мекемелердің басқа да қызметкерлері қатысты.

Қоғамдық қабылдау кезінде жергілікті тұрғындар газ саласының мамандарына көптеген сұрақтар қойып, оған тиісінше жауап алды. Мысалы, қала тұрғыны Борис Чебаков сала мамандарынан тариф бағасының қалай белгіленетінін сұрады. Бұған жауап ретінде Павел Климов тариф бағасын ҚР Экономика және Энергетика министрліктері белгілейтінін айтты. Оның сөзінше, тариф көтерме баға арқылы әр аймаққа әр түрлі белгіленеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында газдың 1 текше метрі үшін 16,85 теңге болса,  Шымкентте – 31 теңге.

– Тариф бағасы бірнеше жағдаятты есепке ала отырып, белгіленеді.  Біріншіден,  бұл  газды тасымалдау мәселесіне байланысты. Екіншіден, кәсіпорынды жаңғырту жұмысында немесе жөндеген кезде,  не болмаса жаңа құрал-жабдық сатып алғанда жұмсалған шығынның орнын толтыру үшін тариф бағасын көтеруге тура келеді. Баршаңызға белгілі, бүгінде еліміздегі газ саласына қатысты  кәсіпорындарда құралжабдықтардың бірқатары  ескірді, солардың қайсыбірі өндіріс қажеттілігіне байланысты жаңартылуда.

Осы өңірде Қарашығанақ кеніші бар, ол жерден мұнай-газ өндіріледі. Осыған орай кейбір жергілікті тұрғындар өз өңірімізде өндірілетін газ бізге арзан жетуі керек деп есептейді. Сіз бен біз қолданып жүрген газ Қазақстан жерінен өндірілгенімен, ол өңделмеген. Біз газды жер қойнауынан тікелей алып, қолдана алмаймыз, өңделмеген газды бірден газплитаға жіберуге болмайды. Тұрмыста пайдалануға жарамды ету үшін біз газды алдымен Орынборға жіберіп, оны тазартып, өңдетеміз. Өйткені өзімізде газ өңдейтін зауыт жоқ. Содан кейін өңделген газды Ресейден өзімізге қайта сатып аламыз. Яғни қайта өңделген газ бізге Ресей айналып, тұрба арқылы қайтадан келеді. Осы жұмыстың бәрі қыруар ақша тұрады. Міне, осыдан келіп, газдың бағасы көтеріледі. Газдың көтерме бағасы 80 пайыз және тариф бағасы 20 пайызды құрайды. Бұл жұмсалған шығынның шағын ғана бөлігін жабады, – деген Павел Викторович газ саласында жүргендердің тариф бағасын көтеріп, содан мол табыс тауып, «байып жатпағанын» жеткізді. Астаналық мейманнан кейін сөйлеген Әзімбек  Асаров бүгінде облыс бойынша  200 мыңдай адамның (87 пайыз) газбен қамтылғанын айтып, қазіргі уақытта өңірімізде  ескірген құрал-жабдықтарды жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бұдан кейін қабылдауға Айнагүл Оразғалиева дейтін азаматша келіп, «Тұрғын үйлерге газ тарттырған кезде оның бағасына нысанның орналасу аумағының әсері бола ма?» деп сұрады. Оның бұл сұрағына мамандар «Газ тарттыру бағасына нысанның қай аумақта орналасқаны емес, әр нысанға жасалған жұмыс пен нысанның газ жүйесінен қаншалықты қашықтықта орналасуы және нысанға қанша құрылғы қойылғаны әсер етеді» деп жауап берді.

Қабылдауға келесі кезекте кірген Медет Есләмғалиев деген азамат «Газ саласының мекемелерінде арыз-шағым кітабы бола ма? Бүгінде «ОралГазТрансАймақ», «БатысТрансГазАймақ», «Нац-ТрансГазАймақ» деген мекемелер көп.

Бұл мекемелер сіздерге қарай ма?» деп сұрады. Бұл сұраққа «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Әзімбек Асаров нақты жауап қайырды. Оның айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалына қарасты мекемелердің барлығында арыз-шағым кітапшасы бар. Және кәсіпорын қызметкерлері тарапынан заңбұзушылық орын алса, сол кітапшаға жазуға немесе бұл жөнінде мекеме басшысына хат түрінде жазып жеткізуге болады. Бұған 15 күн ішінде жауап беріледі. Ол сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» деген сөзді жалғап алған жекелеген шағын мекемелердің, шынында да, көбейіп кеткенін айтып, олардың бәрі бірдей «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға қарамайтынын айтты. Тұрғындар газ саласы бойынша қызмет көрсетушілерден үйге кірген бойда жеке куәлігі мен келісімшарт қағазын  сұрауы  керек.

Тағы бір келуші қыс айында үйін газдан айырып кеткен сала қызметкерінің жөнсіз әрекетіне арызданып, газды қандай жағдайда  айырып тастауға болатынын сұрады. Бұған  мамандар заң бойынша газды қауіпсіздік ережесі бұзылғанда және газға төлем төлемеген жағдайда  айыруға болатынын айтты. Олардың сөзінше, газды айыру үшін тұтынушыға алдын ала ескерту керек. Сондай-ақ Эльмира дейтін қала тұрғыны саяжай аумағында тұратынын айтып, өзінің мекенжайына техникалық шартты қалай алуға болатынын сұрады. Мамандар техникалық шартты алу үшін алдымен мекеме басшысының атына өтініш жазып, содан кейін белгіленген құжаттарды мекемеге әкеліп тапсыру керектігін айтты.

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова жұмысты ашық жүргізудің қашан да нәтижелі болатынын айтып, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануға шақырды. Партия өкілі тұрғындарға газ саласының жұмысы бойынша ұсыныс-пікірлер болса, оларды жинап, тиісті министрліктерге шығып, депутаттар арқылы шешуге  болатынын  жеткізді.

Жиын соңында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы мен «Газ саласы ардагерлері республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады. Сондай-ақ газ саласының мамандары газбен жабдықтау жүйесінің нысандарын аралап, жастар арасында шеберлік  сағаттарын  өткізді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Мәдениет саласындағы тың серпін

Күні: , 47 рет оқылды

IMG_2946-29-06-17-05-34


ҚР  Орталық  коммуникациялар  қызметі  облыстық  филиалы  алаңында  облыстық  мәдениет, архивтер  және  құжаттама басқармасының  басшысы  Дәулеткерей  Құсайыновтың  қатысуымен брифинг  өтті. Ол  ағымдағы  жылдың  алғашқы жартысында  өзі  басқаратын  салада  атқарылған  жұмыстар  туралы  есеп  берді.


Оның мәлімдеуінше, өңірлік мәдениет саласының даму қарқыны тың серпін алып келеді. Мәселен, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және алыс-жақын өнер сапарларына бөлінетін қаржының көлемі биылғы алты айдың ішінде 682 млн. теңгеге ұлғайған. Облысымыздағы 738 мәдениет және өнер ұйымдарында барлығы 5091 қызметкер еңбек етуде. Былтыр  10 мәдениет мекемесі күрделі жөндеуден өтіп, 19-ына қарапайым жөндеу жүргізілген. Облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ  драма театрына автокөліктер алып, ЛЭД-экранын орналастыруға және жаңа қойылымдар қоюға 38 млн. теңге бөлінді. 160 жылдық маусымына бет бұрған А. Островский атындағы драма театрының шатырын  күрделі  жөндеуден өткізуге 23,8 млн. теңге, басқа да жөндеу жұмыстарына 9,9 млн. теңге қарастырылған. Қос театр «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысып, көрермен назарына қойылымдар ұсынбақ.

Халыққа қолөнер шеберлерінің туындыларын көрсету мақсатында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ел іші – өнер кеніші», Сәкен Ғұмаров музейүйінде «Мектеп және музей» жобалары жүзеге асырылып, «Батыс Қазақстан облысының өнер залы», «Қазақстан халқы ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностығының тарихы» залдары ашылған. Сондай-ақ қала орталығынан жаңа музейдің ашылуы жоспарлануда. Оның ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқан көрінеді.

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жұмысымызға жаңаша серпін берді. Осы бағдарламаның «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына сәйкес Батыс Қазақстан облысының табиғи-ландшафтты нысандары, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ғибадат орындары, тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындарының тізімі жасалып, зерттеулер жүргізілуде. «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Набиоллаұлы бастаған ізденімпаз топ арғы-бергі тарихымызды түгендеуге біраз үлес қосуда. «Зерде» қоғамдық қоры қорымдарды түгендеу, картасын жасау туралы орынды бастама көтеріп, аудандарда ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясы ашылды. Облыс әкімдігінің биылғы жылы маусым айында өткен отырысында облысымыздың тарихи-мәдени мұраларын қорғау және мемориалдық тақталарды орнату мәселелері бойынша жаңа комис-сия құрылған болатын. Аталған комиссия мүшелері жуырда М. Мәметованың бұрынғы ескерткішін жаңа орынға орналастыру мәселесін талқылайды. Облысымызда модельді кітапханалар саны жедел өсіп отыр. Кітапханалар қоры жаңа кітаптармен толығып, мерзімді баспасөзбен қамтылуда. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханаға 16,3 млн. теңге бөлініп, шағын автобус және арнайы тифлотехника сатып алынды, – дейді Дәулеткерей Атауұлы.

Сала басшысы негізгі іс-шаралардың «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі, Елбасының «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтетінін айтты. 31 шілде мен 4 тамыз аралығында Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтеді.

– Осыған орай «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Жайықтың жауһар мұралары» музейлік көрмесі, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «ЭКСПО – 2017 – әлем көрмесіне саяхат» кеңейтілген сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесі жабдықталады. 2 тамызда этноауылда облыстың шығармашылық ұжымдарының этностильдегі концерті, ал 4 тамызда халықаралық көрме алаңындағы амфитеатрда облыстық өнер ұжымдарының гала-концерті ұйымдастырылады. Густав Малердің №8 симфониясын бұған дейін 1400 адам бір мезетте орындап, рекорд орнатқан болатын. Бұл үлкен оқиға Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген.  Биыл әлемдік рекордты тұңғыш рет 1500 адамның қатысуымен қазақстандықтар жаңғыртпақшы. Оған біздің өңірден  55 әнші қатысады. Алдын ала есептеу бойынша аталған шаралар 648 батысқазақстандық мәдениет және өнер шеберлерінің қатысуымен  өткелі  отыр, – деді Дәулеткерей Атауұлы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»


Өңір басшысы сапаға көңіл аударуды тапсырды

Күні: , 42 рет оқылды

IMG_9559


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Қазталов  ауданына  жұмыс сапары  кезінде  жаңадан  салынып  жатқан  тас  жолдың  құрылысы мен  Киров – Шежін  каналының  үшінші  кезеңінің  жұмысымен танысып  қайтты.


Аудан орталығында өткен актив жиынынан кейін өңір басшысы Жалпақтал – Қазталов тас жолының салыну барысын және тұрғызылып жатқан төрт көпірдің жұмысын аяқтай барып көрді. Асфальт төсеу белгіленген мерзімімен  жүріп жатқанын және оған 150-дей  адам жұмылдырылғанын «Uniserv» ЖШС бас директорының орынбасары Дінмұхамед Сәтбаев баяндап берді. Ауа райының ашықтығы мен күннің ұзақтығын пайдаланып, жұмыстың қарқынды жүргізілуін, ең бастысы, сапалы болуына мән берілу керектігін қадағалап айтқан өңір басшысы одан кейін Киров – Шежін  каналын кеңейту, тазарту жұмыстарын көру мақсатында Ақпәтер ауылына жол тартты. Экскаваторлардың әр жерде топырақты тау қылып үйіп жатқанын мұқият шолып шыққан облыс әкіміне «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев  жұмыс барысын нақтылап түсіндіріп берді.

– Киров – Шежін каналының үшінші кезеңінің жұмысы жүзеге асырылуда. Бассейндердің барлығын тазалау және кеңейту жұмыстарын жүргізетін боламыз. Отыз шақырымдық қазу жұмыстарының 16 шақырымын аяқтадық. Жұмысты тоқтатпау үшін төрт экскаватор екі кезеңмен жұмыс жасауда. Өзіміздің жоспарымыз бойынша екі ай жарым уақытта  аяқтауымыз керек, – деген ол қазу жұмыстарын «Азиятехстрой» ЖШС мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалы бірлесіп жүргізіп жатқа-нын  тілге тиек етті.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді сумен қамтып, ауыл шаруашылығын дамыту бағыты жолға қойылған. Жалпақтал ауылында алдағы уақытта су қоймаларын жасақтайтын боламыз. 30 млн. текше метрден астам су  жинайтын су қоймасын салу жөніндегі құжаттама дайындалуда. Көктем мезгілінде келген  суды ұстап қалсақ, осы маңда тұратын тұрғындарға пайдасы мол. Жол мәселесі де жіті қадағалауымызда. Салынып жатқан тас жол Жалпақталдан асты. Биыл аудан орталығы Қазталов ауылында 24 үй салынады. Сонымен қатар аудан бойынша 13 елді мекенге таза ауыз су құбыры тартылады. Чапаев – Жалпақтал – Қазталов жолының 13 шақырымын салуға 1,7 млрд. теңге бөлінді. Бұған қоса ауылішілік жолдарға асфальт төселеді. Он үш елді мекенге газ жеткізіледі. Осы жұмыстардың барлығына ауданға 3,5 млрд. теңге қаралды, – деген өңір басшысы Алтай Сейдірұлы жаңадан тағайындалған аудан әкімі Абат Шыныбековке Елбасының өңірлерді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын жіті қадағалап, аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, өңір деңгейін көтеруге, кәсіпкерлерге барлық мүмкіндікті туғызуға және жаңадан  жұмыс орындарын ашуға бағытталған  міндеттердің сапалы орындалуын тапсырды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Облыс прокурорының жаңа орынбасары

Күні: , 32 рет оқылды

Александр Цуранков


ҚР Бас прокурорының 2017 жылғы 26 маусымдағы бұйрығымен облыс прокурорының орынбасары қызметіне Александр Васильевич Цуранков тағайындалды.


Осыған дейін лауазымды атқарған Нұрлан Мұратұлы Дүйсенбаев ҚР Бас прокуратурасында жаңа қызметке тағайындалды.

Александр Васильевич Цуранков 1981 жылы туған. Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы департаментінің басқарма бастығы қызметін атқарды.

Бас прокуратура департаменттерінде, Астана қаласының Сарыарқа ауданы прокурорының орынбасары, Қостанай облысының Қамысты ауданы прокуроры қызметтерін атқарған.

БҚО  прокуратурасының  баспасөз  қызметі


Еңбек қауіпсіздігіне жете мән берілуі керек!

Күні: , 23 рет оқылды

PRI_2838


Бейсенбі  күні  облыс  әкімдігінде  еңбек  қорғау  және өндіріс қауіпсіздігі  мәселелері  бойынша  семинар-мәжіліс өтті.  Облыс  әкімінің  орынбасары  Марат  Тоқжановтың төрағалығымен  өткен  жиынға  мемлекеттік  құрылым,  құқық қорғау,  коммуналдық,  өндіріс  және құрылыс  салаларындағы  мекеме-кәсіпорындардың,  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері  қатысты.


Бүгінгі таңда еңбек адамын қорғау және өндіріс қауіпсіздігі – өзекті  мәселелердің бірі. Осы жайтқа жете мән бермеудің салдарынан түрлі жағдайлар орын алып жатқандығы белгілі. Еліміздің Конституциясына сәйкес әрбір жұмыс беруші өзінің қоластындағы қызметкердің еңбек етуіне мүмкіндік беруімен қатар, өндірістік қауіпсіздікке байланысты да барлық жағдайды жасауы тиіс. Кейбір азаматтардың осыған немқұрайлы қарауының салдарынан қызметкерлер жұмыста жүріп жарақат алуда. Сөйтіп, өздері де, отбасы да қиын жағдайға тап болып жатады. Орын алған мұндай жағдайларды сараптау, алдағы уақытта болдырмау, алдын алу бағытында бүгін бас қосып отырмыз, – деді жиынды ашқан Марат Лұқпанұлы.

Содан кейін облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айтуев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың басындағы зиянды және қауіпті еңбек жағдайында қызмет атқарып жүргендердің саны 58 мың адамды құрап отыр. Бұл дегеніңіз – жұмыспен қамтылған жандардың әрбір төртіншісі. Өткен жыл ішінде өңірімізде 76 адам қызмет бабында зақым алып, оның сегізі қаза болды. Құзырлы құрылымдар тарапынан ұсынылған мәліметтерге қарағанда, ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жарақатқа байланысты 119 дерек тіркелген. Келеңсіз жайттың 27-сі ірі, 25-і орта, 34-і шағын кәсіпкерлік нысандарында орын алып отыр.

Жұмыс барысында жарақат алғандардың 30 пайыздайы – бюджеттік сала қызметкерлері, қалғаны – құрылыс, күзет және коммуналдық  салалардың  еншісінде.

жаракатСодан кейін еңбек қауіпсіздігі сақталмай, өндірістік жарақаттар жиі орын алған мекеме-кәсіпорын басшыларының да есебі тыңдалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, қалалық «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің жұмыс барысында жарақат алуына түрлі факторлар әсер етуде. Оның бірі жүргізушілердің «Жедел жәрдем» көлігін пайдалану ережелерін бұзуы салдарынан жол-көлік оқиғасына тап болуынан орын алса, екіншісі «Жедел жәрдем» шақырған жандардың өз міндетін атқарып жүрген дәрігерлерге қол көтеруі сынды бұзақы әрекеттерге баруынан болған.

Жиын барысында сөз алған БҚО кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайырғали Серікқалиевтің баяндауынша, былтырдан бастап қолданысқа енгізілген Еңбек кодексінде арнайы өндірістік кеңестер құру арқылы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру жазылған. Соған байланысты қазіргі уақытта кәсіподақ ұйымы бар мекеме-кәсіпорындарда 519 өндірістік кеңес құрылып, өз міндеттері шеңберінде еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырып келеді. Кәсіподақтық бақылауды өндірістік кеңестердің құрамына кіретін кәсіподақ ұйымдарының 661 техникалық инспекторы жүзеге асырады. Өткен жылы бұл инспекторлармен 1,1 мың тәртіпбұзушылық анықталып, оның 92 пайыздайы қалпына келтірілді.

– Баяндамашылар тиісті стандарттардың жоқтығынан өндірістік жарақат орын алып жатқанын айтуда. Менің ойымша, бірінші кезекте мекеме-кәсіпорын басшылығының жауапкершілігі керек. Егер олар еңбек қауіпсіздігіне мүдделі болмаса, ешқандай құжат, сертификат көмектеспейді. Жаңа еңбек қауіпсіздігіне байланысты аттестациялау жөнді жүргізілмейтіндігі де сөз болды. Елбасы тапсырмасына сәйкес соңғы кезде кәсіпкерлік нысандарына тексеру шараларының азайтылғаны белгілі. Соны пайдаланып, көптеген кәсіпкерлік субъектілері аттестация өткізуге ниет танытпай отыр. Өңірімізде аттестациялауға жататын 12 мыңнан астам түрлі бизнес субъектісі болса, соның тек 12-сі аттестациялаудан өтті. Олар тәртіпті сақтайтын, келеңсіздікке орын бермейтін кәсіпорындар. Ал «қара тізімде» тұрғандар одан айналып өтуге тырысады. Мемлекет тарапынан мекеме-кәсіпорындардағы қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі шараларына оқытуға қомақты қаржы бөлініп келеді. Соған сәйкес біз өзіміз мекемелерге барып тегін оқытамыз.  Соған да мүдделілік танытпай отырғандар аз емес, – деді «Еңбекті қорғау бойынша ғылыми-зерттеу орталығы» РМҚК-ның БҚО филиалының директоры  Нәсіпқали  Иманғалиұлы.

Жиынды қорытындылаған Марат Тоқжанов еңбек қауіпсіздігін сақтауда мекеме-кәсіпорынның бірінші басшыларына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Сол себепті келеңсіз жағдайлар орын алып жүрген кәсіпорындардың үстінен қарайтын басқарма басшылары да бұдан сырт қалмаулары тиіс.

Жиын соңында мекемедегі еңбек заңдылығы тиісті талапқа сай деп табылған «Нұргазқұрылыс» және «РегионГазПроект»  мекемелеріне сенім сертификаттары табысталды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 57 рет оқылды

Абат Шыныбеков-04.01.2015 1


Өткен  айда  ғана  Қазталов  ауданында  атқарылып  жатқан жұмыстарды  көзбен  көріп,  танысып  қайтқан  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  аудан  активіне  жаңа  әкімді  таныстырды.


Бұған  дейін  Сырым  ауданы  әкімі  болып келген  А. Шыныбеков  аудандық  мәслихат  депутаттарының  келісімімен  Қазталов ауданының  әкімі  болып  тағайындалды.

Абат Абайұлы Шыныбеков 1973 жылы дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары, 1995 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығын механизациялау мамандығы бойынша, 1998 жылы Батыс Қазақстан «Евразия» тілдер және менеджмент институтын экономика-менеджмент мамандығы бойынша бітірген.

А. Шыныбеков 1996-2003 жылдары аралығында әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтер атқарды.

2003-2006 жылдары – Қазталов ауданы әкімінің орынбасары.

2007-2008 жылдары – Орал  қаласы  әкімінің  кеңесшісі.

2008-2012 жылдары – «Нұр Отан» БҚОФ төрағасының орынбасары.

2012-2013 жылдары Орал қалалық мәслихатының хатшысы қызметтерінде болған.

2013 жылдан бері Сырым ауданының әкімі лауазымын атқарып келді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі

*  *  *

мынбаеваБатыс  Қазақстан  облыстық  тілдерді  дамыту  басқармасы  басшысы  лауазымына  Айгүл Әділгерейқызы  Мыңбаева  тағайындалды.

Айгүл Әділгерейқызы Мыңбаева 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1985 жылы педагогикалық  институтты  тәмамдаған.

– Облыстық тілдерді дамыту басқармасының алдында да жаңа міндеттер тұр. Күн сайын жаңа бір сынақтармен бетпе-бет келіп отырған қазіргі кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан көптілділік саясатының өзектілігі арта түсуде. Білім басқармасында да бұл жұмыстан алыс болған жоқсыз. Елбасының үш тұғырлы тіл саясатын одан әрі жалғастыруыңыз қажет. Жаңа қызметіңізге табыс тілейміз, –  деді облыс әкімінің тапсырмасын жеткізген  өңір  басшысының  бірінші  орынбасары  Арман  Өтеғұлов.

Айгүл Әділгерейқызы 37 жылдық еңбек өтілінің 17 жылында мемлекеттік қызметте. Қызметтік міндеттерін атқару барысында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кәсіптік және басқарушылық тәжірибесі мол маман ретінде  танылды.

1985-2000 жылдары орта және кәсіптік білім беру мекемелерінде педагогикалық қызметтер  атқарған.

2000 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасында жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары және білім басқармасының басшысы лауазымдарын  атқарып  келді.

zhaikpress.kz


Диодты шамдар Оралды жарықтандырады

Күні: , 25 рет оқылды

IMG_9714


«Қазақстанда энерготиімді жарықтандыруды енгізу» бағдарламасы және «Смарт сити» тұжырымдамасы аясында «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ БҰҰ даму бағдарламасымен бірге Орал қаласының көп қабатты тұрғын үйлеріне энергиялық тиімді және қуат үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асырды.


Аталмыш жоба аясында «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ төрт пәтер иелерінің кооперативтеріне («Еділ-Жайық», «Жамбыл», «Ves-Champion» және «KazBatisService») 532 жарық диодты шамды табыстады. Бұл шамдар  12 көппәтерлі тұрғын үйге орнатылып, бір айдан соң тұрғындар жаңалықтың тиімділігіне баға берді. Мұндай жарық диодты шамдарды қирату, бүлдіру қиын, өйткені оның сыртында қорғаныш қаптамасы бар. Сондай-ақ диодты шам қозғалыс датчигімен жабдықталған, яғни адамның қозғалысы мен дыбысы естілгенде ғана автоматты түрде жарық береді және ондай белгілер болмаған жағдайда өзі сөнеді. Жарық диодты шамдар экологиялық таза жарық көзі саналады. Егер энергия үнемдейтін шамдар қарапайым әдеттегі шамдармен салыстырғанда электр қуатын тұтынуды төрт-бес есе төмендетуге мүмкіндік берсе, жарық диодты шамдар қуат үнемдеуді жеті немесе сегіз есеге дейін төмендетеді.

— Орал қалалық әкімдігімен бірге төрт үлгілі пәтер иелері кооперативін таңдап алдық. Есептеулер бойынша энергиялық тиімді технологияларды енгізу арқылы әрбір көппәтерлі тұрғын үй шамамен  жыл сайын 300 мың теңгені үнемдейді. Бұл жоба өзінің пайдалылығын көрсетті, — дейді «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ержан Балтаев. Оның айтуынша, БҚО-ға аталмыш жоба шеңберінде 500 жарық диодты шам алуға 3 млн. теңге бөлініп, көп қабатты үйлердің дәліздеріне, кіре берістеріне, қабаттардағы алаңдарға орнатылған. БҰҰ даму бағдарламасының  негізгі шарты бойынша аталмыш шамдарды сатып алуға грант, яғни қайтарымсыз негізде қаржы бөлінген. Алайда келісімшарт бойынша алдағы 2-3 жылдың ішінде бұл жобаға қатысушы кооперативтер үнемделген қаржы есебінен өздеріне қарасты тағы да 3-4 тұрғын үйге жарық диодты шамдар алып, орнатулары тиіс.

«KazBatisService» ПИК-ның төрағасы Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, олардың қарауында 5, 9-шағынауданда және Зашаған кентінде 18 үй бар. Солардың ішінен 5 және 9-шағынаудандардағы үш көппәтерлік тұрғын үйге  жарық диодты шамдар қойған. «Тоғыз қабатты 72 пәтерлік үш подъезі  бар үйге 54 шам орнаттық. Бір ай өткен соң бұл үй бойынша қуат үнемдеу 70 пайызды құрады. Бұрын электр жарығы үшін ай сайын 20 мың теңге төлесек, енді қуат үнемдегіш технологиялардың енгізілуімен айлық төлеміміз 7 мың теңге болды. Енді үнемделген ақша есебінен өзге 2-3 үйге осындай тәуір шамдарды қойғымыз келеді», — деді ПИК төрағасы.

Мамандардың айтуынша, бір жарық диодты шамның қызмет көрсету мерзімі үш жылдан (отандық өндірістегі) 10 жылға (ресейлік өндірістікі) дейін,  ал бағалары 2800 теңгеден 5000 теңгеге дейін барады. Алдағы 2018-2020 жылдары БҰҰ даму бағдарламасымен бірге облыс экономикасын әртараптандыру бойынша кең көлемде бағдарламаны іске асыру көзделуде. Осы үш жыл ішінде қуат үнемдеу жұмыстарына 50 миллион теңге шамасында қаржы бөлу және Орал қаласы бойынша көппәтерлік үйлердің 10-15 пайызын энерготиімді шамдармен қамту жоспарланған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика