Мұрағат: 29.05.2017


Балаңызды тегін тексертуден өткізіңіз!

Күні: , 196 рет оқылды

дети беспл


«Облыстық кеңесші-диагностикалық орталығы» мемлекеттік мекемесі  Халықаралық балаларды қорғау күніне орай көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап  акция өткізеді.


Қайырымдылық акциясына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балаларға ультрадыбыстық зерттеу, функционалды зерттеу және қан талдау қызметтерін жүргізу тегін жүзеге асырылады. Бұл науқас балалардың денсаулығына қатысты дәл анықтама алуларына, көптеген аурудан дер кезінде айығуға мүмкіндік бермек. Қабылдауға алдын ала жазылу міндетті.

Өтетін күні мен орны: 2 маусым, 2017 жыл, сағат 09.00, Орал қаласы, «Жайықжылуқуат» аялдамасы, 3-құрылыс бұрышы, «Облыстық кеңесші-диагностикалық орталығы» мемлекеттік мекемесі, телефон: 8 (7112) 23-93-32.


Жайықтың екі бетін ен жайлаған ел

Күні: , 41 рет оқылды

DSC_0132


Бір ғасырлық мерейтойын шілде айының соңғы күндері атап өткелі отырған облыстық «Орал өңірі» газетінің журналистері жылда ауыл-елді аралап, оқырманмен ой бөлісуді, жергілікті жерлердегі игі істерді дүйім жұртқа таратуды көп жылдан бері дәстүрге айналдырып келеді. Жайықтың екі бетін ен жайлаған ірі аймақтардың бірі – киелі Ақжайық ауданында болу бұл жолы біздің еншімізге бұйырды.


Сапарымыздың «біссіміләсін» аудан тізгінін ұстаған Әділ Тауфиқұлы Жоламановқа жолығудан бастап, Жайықтың қос бетін ен жайлаған елмен жүздесумен жалғастырдық.

Еңбекті еншілеп, ертеңгі күндеріне сеніммен қараған ажарлы Ақжайықтың еңбек тынысы төмендегідей.

Жалпы аудан үшін биылғы жыл жақсылыққа толы болмақ. Атқарылар игі істерді өңір тұрғындары естіп, оқып жүргендіктен, таңсық болмаса да, соның ішіндегі ауқымдыларына қысқаша тоқталып өтсек. Жалпы, биылғы жылы бұл ауданды дамытуға 4,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Екі жылға жоспарланған жоба негізінде аталмыш ауданның 11 елді мекеніне газ тартылып, 100% көгілдір отынмен қамтылатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 18 тұрғын үй салынып, жеті елді мекенге таза ауыз су тартылмақ. Жайықтың Бұқар бетіндегі Есенсай ауылының мектебі күрделі жөнделіп, Шабдаржап ауылынан жаңа білім ошағы салынады деп жоспарлануда. Аудан орталығы Чапаев ауылында алты, Тайпақ ауылында екі көше күрделі жөндеуден өтпек. Чапаев ауылынан Жаңақала ауданы бағытындағы республикалық жолдың 36 шақырымы жөнделетін болады. Қысқасы, ауданда осындай ауқымды істер қолға алынуда. Бұл – Елбасымыздың, елдегі саясаттың, өңір билігін тізгіндеген азаматтардың қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған игі бастамалары. Біз бұл жолғы ауданға сапарымыздың «форматын» сәл-пәл өзгертіп, ауыл-елдің тыныс-тіршілігін, жан-жағына жалтақтамай кәсібін ашып, өз күнін көруге талпынған жандарды көбірек насихаттауды ұйғардық. Бірқатар елді мекендерде болдық. Діттеген жерімізге барып, шаруақор жандармен жолықтық. Ендеше, солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз.

«Берекенің» берекесін көрген

Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауыл халқын өнімді жұмыспен қамту мақсатында министрлік «Береке» атты жаңа жоба әзірлеген болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындарды микронесиелеу арқылы жаңа өнім өндіру бағытын дамыту. Бұл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қаражатынан іске асырылуда. Бірінші кезекте басты бағыт ретінде министрлік тарапынан сүт қабылдау бекеттерін және кішігірім мал бордақылау алаңдарын құру бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл жобалардың ерекшелігі – тікелей ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру арқылы жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің сиыр етін өндіру бағытындағы жоспары аясында 5-20 бас мал бордақылау алаңы қаржыландырылады. Осылайша жеке шаруа қожалықтары кәсіпкер ретінде тіркеліп, ай сайын белгілі бір деңгейде табыс табады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджетке түсім түсіп отырады.

мадиярМіне, Ақжайық ауданының бірқатар жеке кәсіпкерлері осы бағдарламаның шапағатын көріп те үлгерген. Солардың бірі – чапаевтық «Ақнұр» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Мадияр Әжігереев (суретте). Ол өзі сықылды отызға жуық жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің басын біріктіріп, «Ақжайық» ауыл шаруашылығы кооперативін құрған. Әрқайсысы өз шама-шарқынша кепілдік салып, жекеден мал алып, бордақылау алаңдарын ашқан. Отыз жасқа да толмаған Мадияр жеке үйі мен автокөлігін кепілге қойып, 4 миллион теңге несие алуға қол жеткізген.

— Осы жылдың басында «Береке» бағдарламасының жүзеге асып жатқандығын естіп, кооператив құрып, несие алуға құжат жинадық. Негізі мал бордақылаумен көп жылдан бері шұғылданамын. Табысты кәсіп екеніне де көз жеткіздім. Кепілдікке тұрғылықты үйіммен қатар жеке автокөлігімді де салдым. Қолыма тиген қаражат есебінен мал алумен қатар жем-шөпті де қамдадым. Өзім қызметте болған соң ауладағы малды баптау үшін ауылдың бір азаматын жұмысқа алдым. Екі-үш ай дегенде бордақылауға қойған малдарым өте жақсы қоң жинады. Семіртілген малдарымызды Атырау, Ақтау өңірлеріне апарып, ойлаған бағамызға өткіздік. «Береке» бағдарламасы 6 пайыздық үстемеақымен төрт жарым жылға берілді. Алғашқы алты айда несие қайтарымынан босатылдық. Бұйырса, жақын күндері алған несиемнің алғашқы жарналарын төлей бастаймын. Еңбектеніп тапқан қаражатымның қалған бөлігіне тағы да мал алып, бордақыламақшымын. Жалпы, ауылдық жерде еңбек етіп, пайда табамын деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалуы қуантады, — дейді Мадияр.

Жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары да мығым. Өзі жетекшілік ететін кооператив иелерінің басын біріктіріп, ортақ бордақылау алаңын салу да Мадиярдың ойында бар.

Керемет тойхана

DSC_0042Ақжол ауылындағы «Алтын тамыр» мейрамханасы бұл ауылға келген жанның назарын аударады екен. Заманауи үлгімен салынған ғимараттың айналасы да жып-жинақы. Әсемделіп қоршалған, өрнектас төселіп, түнгі жарықтар орнатылған, айналасына түрлі тал-терек отырғызылып, орындықтар қойылған. Келбеті келіскен мейрамхана 250-300 адамға есептелген. Облыс орталығындағы кейбір мейрамханаларды басып озатын ғимарат ішінде сондай-ақ азық-түлік дүкені мен наубайхана орналасқан. Дүкенде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сатылса, наубайханада осы ауылдың тұрғындарына арналып 50-60-таған, сұранысқа қарай кейде 70-80 бөлке нан пісіріледі. Мейрамхана 5-6 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, қосымша тойтопыр күндері осы жерден 13-14 ауыл тұрғыны өз нәпақасын табады. Аталмыш мейрамхананың иесі – Ақсуат ауылына қарасты «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов есімді азамат. Негізі мал өсіруді кәсіп еткен жеке шаруа мейрамхананы 2015 жылы мемлекет тарапынан несие алмастан өз қаражатына салған.

— Біз ата-анамыздан ерте қалдық. Әке-шешеміз осы Ақжол ауылында тер төгіп, көп жыл қызмет еткен жандар болатын. Інім Ақылбек осы жерден мейрамхана салып, оның атын үлкен кісілеріміздің құрметіне «Алтын тамыр» деп қойды. Шүкір, мейрамханамыз қалыпты жұмыс жасап, халықтың игілігіне жарауда. Жаз айларында той өткізушілерден тапсырыс көп болады. Бағасы да ауылдық жерге қолайлы. Тапсырыс тек осы ауылдан ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындарынан да жиі түседі. Оның сыртында ел болғасын қайғылы жағдайлар да кездеседі. Ондай жерлерде қолымыздан келген жеңілдіктерді ұсынамыз. Қаза орын алған үйдің иесі тек аспазшылар мен газ, свет секілді мейрамхана шығындарын ғана төлейді. Бір ауылда тұрғасын бір-бірімізге қарайласуымыз керек. Азық-түлік дүкені мен наубайхананың қызметіне де халық дән разы, — дейді мейрамхана иесінің әпкесі Аққойсын апай.

Қарлығаш бауыр басқан Қарабек

Қырдағы қарлығаш— Өй, мынау қайтеді, адамды тапай ма? — деп Алтай безілдеп келе жатқан баспақ, тайөгіз, сиырлардың алдынан қарсы жүгірді. – Әк, былай, ұят қайда, журналиске қарай жүгіріп, ертең «Орал өңірі» газетіне «Алтайдың баспақтары тәртіпсіз екен, кісіге қарай шауып» деп жазып қойса… Алтекең осылай деп сөйлей жүріп, шауып келе жатқан бес-алты ірі қараны қораға қарай бұрды. Олар да әбестік жасағанын «білді-ау» дейміз, «ұялғандарынан» жалт бұрылып, қораға қарай салды. «Антенна» секілді құйрықтары жығылмайды-ау, жығылмайды. Шодыраның әлегі. Құйрықтарын аспанға шаншып тастап, сиыр біткен көздері желкелерінен шығып, боратып шауып жүр. Өздері жондары жылт-жылт еткен қоңды-ақ. Анандай жердегі құдықтан су ішіп жатқандары да бар. Базартөбелік Алтай Сабырұлы Сұлтанбековпен осыдан елу жыл бұрын екеуміз бір мектепте, бір сыныпта бірге оқыдық. Малын алға салып, бізді қағытып жатқан кластасымызға үнсіз қала алмай: «Сиырларың қожайынымыз газетке шығатын болды деп қуаныштан шапқылап жүрген шығар…» — дейміз. «Келе жатқандарыңды естідім, бірге оқыған ұялас күшік еді, маған соқпай кетер ме екен?..» — деп отыр едім. Қош келдіңіздер, «Орал өңірінің» журналистері күнде келіп жатқан жоқ, қонақ боласыңдар, қой соямын деп пышағын қайрап, Алтекең қораға қарай жүгірді. Зорға тоқтаттық. Уақытымыз тығыз, баратын жеріміз көп, деп жарты сағаттай сұхбаттасып, жүретінімізді айттық. Шашы бұйра, қыр мұрынды сұлу бала болып еді. Сабаққа да мығым. Бірақ қырсықтау, мұғалім даусын көтеріп ұрысса немесе дөрекі сөйлесе, аузын ашпай, сабақты айтпай, қасарысып үндемей тұрып алатын. Орта мектепті қотарып оқуға көнбей Базартөбесінің Қызылжарына кетті. Әкесі Сабыр сол кезде Тайпақ өңіріне аты мәлім абыройлы азамат әрі сыйлы ұстаз болатын. Содан көп ұзамай оқуын бітірген ғой, жүйткітіп трактор айдап жүрді. Арада тағы бір төрт-бес жыл аунағанда, еңбек озаты атанып, атын ылғи жақсылықпен еститін болдық. Содан бері көріп тұрғаным. Баяғы тастай бұйра, қара шаш сиреген, маңдайы жалаңаштанып, төбеге қарай жылжыған. Содан бергі уақытта өзінің жеке басындағы жаңалығы — үйленген, Алтын екеуі ұл-қыз сүйген. Қазір шаруа қожалығы бар, қорасы малға толған Базартөбенің білдей бір «буржуйі». Шаруашылығының жәйін сұрап, әңгімеге тартсаң, «Алтын біледі, сол айтады» — деп әңгімені қалқатайына қарай бұра береді. «Ойбуй, Алтеке, билікті құрбымызға әбден беріп қойыпсыз ғой» — дейміз қалжыңдап. Бір кездегі қою бұйра шаштың сарқындысын жөнді ештеңе ілікпесе де, қолымен бір сипап, «Генеральный директор сол кісі, біз соның қарауындамыз» — дейді ол да ұстатпай. Баласы Бердіғалиды да осы балам біледі деп көтермелеп отырады екен. Бір кездегі жас Алтайдың көшірмесіндей Бердіғали да «қыздар бұрылып қарайтындай, келіншектер атын сұрайтындай» көрікті жігіт-ақ. Тек үйленуге асықпай жүргені болмаса… Әкесі құрдастың баласы да құрдастың ретімен Бердіғалиды «Биылдан қалмай үйлен» — деп біраз мүйіздедік. «Бұйыртса» — дейді танадай көздері жайнаған жігітіміз, жарқырай күліп.

*       *       *

DSC_0207«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген Алтайдың сыртынан талай жылы лебіздер естіп, көңіліміз марқайды. Бәрін былай қойғанда, өткен қыс қарлы, жауынды-шашынды болғаны белгілі. Жиі-жиі боран соғып, ауыл ішін, сыртқы, ішкі жолдарды жиі басып қалған. Сол кезде Алтай жеке тракторын беріп, үнемі жол аршуға көмектесіп отырған. Басқалай жағдайларда да көмегін аямайды екен. «Қыран жемін шашып жейді» — дегендей, Алтайдың азаматтығы жайлы жақсы әңгімелерді көп естідік. Қарабек елді мекенін 1984 жылдан құтты мекенге айналдырыпты. Шаруашылық тарағанда пай да алмаған. Алайын десе де, шаруасы жүрмеген кооператив тарап тынғандықтан ештеңе тимеген. 2002 жылы қолдағы азын-шоғын малын салып, әкесінің атындағы «Сабыр» шаруа қожалығын құрады. Мектептегі оқуын толық аяқтамай, тракторшылықты қалағанында «Оқуың керек еді, балам-ай!» — деп ұрыспаса да, өкінішін жасырмаған әкесінің атын өшірмей, өзінше сақтап қалғысы келген. Содан бері қандай қиыншылық кездессе де, қажырлықпен жеңіп, бүгінде шаруашылығы аяғынан қаз тұрған. Асыл тұқымды мал өсіруге біржолата бет бұрыпты. Қазір басқаларын айтпағанда, 120 сиыры оларға тиісінше тегі асыл тұқымдық бұқалары бар. «Жұмыс істеймін деген адамға жағдай бар ғой қазір. Айта кетуім керек, аудан басшылары, ауылдағы әкіміміз кездескен сайын, «үкіметтің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып қалыңыздар» — деп айтады да жатады. Қолдап, демеп жатыр. Аудан әкімі Әділ ініміздің, өз ауылымыздың әкәмі Артур баламыздың да шаруаларға деген пейілдері бөлек дедім ғой жаңа. Соның арқасында өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 17 млн. теңге несие қаржы алдым. Әр сиырымның басына демеуқаржы ретінде 18 мың теңгеден аламын. Бұл біз құсаған мал баққан адамға кереметтей көмек қой. Мүмкіндік, жағдай туғызылды, енді денсаулық болса, арман-мақсат көп алдымда» — дейді шаруақор азамат.

«Сыбаға» Алтекеңнің екінші тынысын ашқандай. Өзінің қолда бар тракторларының үстіне тағы да жаңа трактор және шөп тайлағыш алмақ. Қазірдің өзінде баласы мен жиенін, Алтын мен өзін айтпағанда, ауылдың үш азаматына жұмыс тауып беріп отыр. Алтай Сұлтанбеков тек асыл тұқымды малын бағып қана қоймай, жыл сайын жазда ауылдың жеке малын да бағып беріп отыр. Ерінбеген адамға ол да әжептәуір табыс. Бордақылауға мал қояды, ол да жақсы өтіп, қарауындағыларға еңбеккүнге жұмсалады. Малына қажетті шөбін жылда өзінің қолда бар техникасымен өзі дайындап алады.

— Екі мың гектардың үстінде жайылым мен шабындығым бар. Жылда шөпті артығымен дайындаймыз. Өзімізден артылғанын ауылдастарыма — базартөбеліктерге саудалаймыз. Ертеден келе жатқан екі құдығым бар. Біреуі ауыз суға, екіншісі малға молынан жарап тұр. Былтыр малым қолға желтоқсанның 17-де тұрды. Содан наурыздың 17-сіне дейін бағып-қақтық. Қыстан жақсы шықтық. Қазір қора-аулаларымды алдағы қысқа мұқият әзірлеу үшін кейбір тұстарын бұзып, қайта салып, жөндеудемін.

— 120 сиырыңа қанша бұзау ілесті, — дейміз біз Алтекеңді одан әрі әңгімеге тартып. Құрдасымыз:

— Оны Алтын біледі, содан сұраңыздар, — деп тағы қалжыңға бұрады. Қаңтар айынан бермен қарай 50-ден астам торпақ алған. Сиырлары қараша айына дейін әлі төлдейді. «Арық айтып, семіз шық, деген 70-80 бұзау аламын» — дейді Алтекең Алтынға көзінің астымен қарап қойып. Алтын да «бұйыртса» — деп қояды.

*       *       *

Базартөбелік шаруа Алтай Сабырұлымен оның жары Алтынмен, ұлдары Бердіғалимен әңгімелесіп отырғанымызда, құлағымызға бала кезімізден таныс, бірақ сағынышқа айнала бастаған қарлығаштың шықылықтағаны келгендей болды. Елең ете түстік. Сөйтсек, үйге кіреберіс сенеге балапандарына жем тасып, сынық сүйем қанаттары сусылдап кіріп, шығып жүрген қарлығаштар екен… «Жылда келеді, әбден бауыр басқан» — дейді Алтекең. Шаруа баққан азаматтармен қимай қоштастық. Ата-анасымен бірге біздерді шығарып салып тұрған Бердіғалиға «Сенің қарлығашың Қарабекке қашан келіп қонақтайды?..» — дедік. Дүр жігіт жымың-жымың етеді. Бір ойлағаны болар…

Айқарма беттерді ұйымдастырған «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшілері Нұрбек ОРАЗАЕВ, Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

Ақжайық ауданы


«Демалысымда поштаны сағынамын…»

Күні: , 21 рет оқылды

DSC_0225


Әдетте күннің ыстық-суығына, жауын-шашынына қарамай, сөмкесін асынып алып, газет-журналын, хат-хабарын тиісті жеріне таратып жүретін пошташылардың жұмысы сырт көзге оңай сықылды. Алайда пошташылық кәсіптің жауапкершілігі атан түйеге жүк болатындай екенін Мүгілсін Жамбозова жақсы біледі. Оның «Қазпошта» АҚ-ның Оралдағы бөлімшесіне жұмысқа кіргеніне 30 жылға жуықтапты.


Мүгілсін Баймұратқызы Ақжайық ауданының Рыбцех ауылындағы көп балалы балықшылар отбасында дүниеге келді. Еңбек жолын балық цехында жұмысшы болып бастады. Кейін Оралдағы бухгалтерлік мектепті бітірді, ауылда клуб меңгерушісі, қаладағы фабрикада киім пішуші болып жұмыс істеді. Өмірлік серігі Абатты қаладан кезіктіріп, тұрмыс құрды. Ұл-қыз сүйді. Алыс жерлерге жүк тасымалдайтын еңбекқор жұбайына жұмыс істейтін кәсіпорны шаһардың жөндеу зауыты жағынан пәтер берді. Осы тұста Мүгілсін кішкентай қызы Гүлфираны балабақшаға апаруға қолайлы болсын деп фабрикадағы жұмысын тастап, пошташы болып кетті.

— 1988 жылдың 24 тамызында қалалық №5 пошталық бөлімшенің №6 учаскесіне пошташы болып жұмысқа тұрдым. Ғұмырымның тең жартысы пошташылықпен өтті. Басқа жұмысқа ауысып кетуге мүмкіндігім болды. Бірақ олай істей алмадым. Өйткені жұмыста сәл болмай қалсам, учаскемді, жұмысымды сағынамын. Қызығынан шыжығы басым газет тарату ісіне әбден бауыр басып кеттім. Екі жыл болды зейнетке шықтым. Салалық «Үздік байланысшы» төсбелгісін алдым. Басшылыққа рақмет, мұны ұзақ жылғы еңбегіме деген құрмет, сый деп білемін, — деді пошташы апа.

Оның айтуынша, бастапқыда поштада газет-журналдарды мекенжайлары бойынша сұрыптап, таратып жүріпті. Одан кейін арнайы газет жеткізушілері басылымдарды, хабарламаларды алып, үйлердің жанындағы жәшіктерге апарып салып кететін. Қазір қаладағы үйлерде бұрынғыдай пошта жәшігі жоқ. Сондықтан газет-журнал, хат-хабарды мекенжайлар бойынша жеткізіп, үй иелеріне табыс етуге тырысады. Күн сайын таңертеңгі сағат 10-да шығып, түс ауғанша, сағат төрт жарымға дейін үй аралайды. Сөмкесіне салынған хат-хабарлама, басылымдардың салмағы 17-18, кейде 20 келіге жетеді. «Учаскемдегі тұрғындарға хат көп келеді. Бұрын менің аумағымда сот орындаушылар кеңсесі болатын. Солардан күніге 100-ден астам хат түсіп, тарататынмын. Жақында кеңсенің мекенжайы ауысып, жүктемем сәл азайып қалғандай болды», — дейді ол.

Әсілі, қай жұмыстың болмасын өзіне тән қиындығы бар. Таңертеңнен кешке дейін сөмке арқалап, үй аралап жүру қысқы аяз, борандарда нәзік жандыларға оңайға түспейді. Хат-хабарларды таратқаннан кейін пошта бөлімшесіне келіп, хаттарды компьютердегі хаттар тізімінен шығарады. Сондықтан бүгінгі заманның пошташы «Colvir» деген қаржылық бағдарлама бойынша жұмыстанады, яғни компьютер тілін жақсы білуі тиіс. «Осы №6 қалалық пошта учаскесінде 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Қай үйде, қай пәтерде кім тұратынын жатқа білемін. Қариялар жағы көрінбей қалсам, жоқтап жатады. «Оралагрореммаш», «Алтим», «Қазтрансгазаймақ», «Жайықжылуқуат», «Орал инвестстрой», «Домостроитель» сықылды компаниялардың кеңселеріне, Гагарин көшесіндегі төрт жаңа үйге, 8 он қабатты, 8 бес қабатты тұрғын үйге пошталық қызмет көрсету менің мойнымда. Адамдар әр түрлі ғой. Кейбіреулердің есігінде қоңырау болмайды. Көршісінің есігін қақсаң, «Мазамды алдыңыз» деп ашуланады. «Баламды оятып жібердіңіз» деп те беттен алып жатады. Соттан хабарламалар келеді, оларды кешіктірмей сол күні тарату керек. Зейнеткерлерге зейнетақы апарамын, бұрын учаскемде 18 адам еді, уақыт өткен сайын олардың қатары сиреп, тоғыз адам қалды. Барлығының да қал-жағдайларын сұрап, қуаныш-қайғысымен бөлісеміз. Қанша асығыс болсақ та, ет пен сүйектен жаратылған адамбыз, амандық сұрасқанға не жетсін…», — деп ақтарылады Мүгілсін апа.

Бүгінде пошташы жай жазбаша хат-хабарлар, басқа да пошталық жөнелтілімдер тасымалдаумен, ақша аударумен, жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын таратумен ғана шектелмейді, сонымен қатар филателия өнімдерін сату, мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемі мен әлеуметтік жәрдемақыны жеткізу, трансфер-агенттік қызмет, депозит қабылдау, жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың банктік шотын ашу және жүргізу, еңбекақы, стипендия және басқа ақшалай төлемдерді аударым операцияларын жүргізу сықылды және бірнеше қаржы қызметтерін атқарады. Тұрғындардан екінші деңгейдегі банктерге несиелерінің өтемін қабылдайды.

— Күніне қадам өлшегішпен (шагомермен) 18-20 шақырым жүреді екенбіз. Үйренгенбіз жаяу жүруге. Қазір әр пошташының қолында тегін сөйлесетін смартфон бар. Басшылар қай пошташының қай мекенжайда жүргенін көріп, бақылап отырады. Смартфонмен қарап, қадағалау жеке басымыздың қауіпсіздігі үшін тиімді. Зейнетақы апаратын күні ащы судың «құлы» болған кейбір бәтшағарлар «Пәленшеге зейнетақы әкеле жатырсың ба?» деп сұрайтынын қайтерсің. Ондайда «Әлгі қария зейнетақысын өзі келіп алып жүр, қайдағы?» — деп өтірік айтамыз. Зейнетақы таратуға шыққанда, пошташының киімін кимеуге тырысамыз.

Жайық жағалауындағы мекемелерге елсіздеу, сай-саламен баруға тура келеді. 30 жыл ішінде қорқа-қорқа батыр болдық қой, — деп күледі пошташы.

Негізі пошташылар кіріс келтіретін және кіріс келтірмейтін болып бөлінеді. Мүгілсін Баймұратқызы табыс табу бойынша берілген жоспарды 100 пайызға орындайды.

Тұрғындарға газет-журнал, темір жол билетін сатады, олардың коммуналдық төлемдерін, несиелерін төлеу сықылды қызметтерін атқарады. Мерзімдік баспасөзге жазылу науқанында да алдына қара салып көрген емес. Өзі аяқтай жүріп жаздыратын тұрақты мекемелері, компаниялары баршылық. «Орал өңірі», «Приуралье», «Егемен Қазақстан» газеттеріне зейнеткерлерді, бюджеттік қызметкерлерін үгіттеп тұрып жаздыртады. Қалалық құқық қорғау құрылымдарынан 700-800 адамға дейін түрлі басылымдарға жаздыртып жүр. Пошташы апа өз тәжірибесін өзге әріптестерімен бөлісіп, кішілерге қамқорлық көрсетуге сергек қарайды.

— Ұжымға рақмет. 8 наурызда, кәсіби мерекеде үлкендерге сый-сияпат көрсетіп жатады. Филиал директоры Бауыржан Қанешев және оның орынбасары Гүлбаршын Қажымовалар – өз ісін білетін, алғыр жандар. Бастық екен деп мақтап отырғаным жоқ. Гүлбаршын Ғабделқайырқызы адамның жан дүниесін түсінеді, білмегеніңді ұрыспай, жайымен түсіндіреді. Ол кісі әрбір қызметкердің, оператордың, пошташының жұмысын жетік біледі. Хаттардың кірісін-шығысын жақсы меңгерген. Сондықтан өз жұмысына жауапты қарайтын адамдарды бағалайды. Менің басшылардан жолым болды, — деп жымияды ол.

Көпшілігіміз электронды пошта, скайп, мобильді агент, факс, ұялы телефон секілді бірнеше байланыс түрлері шықты, конвертке салып, хат жолдау қалған шығар деп ойлаймыз. Алайда Мүгілсін Байбатырқызының айтуынша, адамның сезімін жеткізуде қай кезде болмасын хаттар бірінші орында тұратындықтан, қалам ұстап хат жазатындар әлі көп. Көршілес елдерден, Ақтөбе, Ақтау жағынан тума-туыстар хат жазысады. «Әсіресе, Ресейден хат көп келеді. Ондайда қариялардың әжімді жүздері жадырап қалады. Шыңғырлау көшесінде тұратын бұрын поштада істеген бір кейуана бар. Сол кісіге Ресейдегі баласынан хат жиі келеді. Кейде қуанышты хабар алып жатса, сүйіншіге деп тәтті не алма береді. Барғанымда, қуанып қалады. «Сіздердің еңбектеріңізді білемін ғой», — деп алғысын жаудырады. Ондайда алғыс алғаныңа марқайып қаласың. Бәріміз де пендеміз ғой», — деп қойды ол.

«Пошташы болу оңай емес. Жастардың бұл жұмысқа келгісі жоқ. Пошташы болғалы біреу үстімнен шағымданып, жұмысын дұрыс атқармады дегізбедім. Жұмысымыз жеңіл емес. Бірақ демалысқа шығар кезде, енді кетіп қалайыншы, шаршадым деп ойлаймын. Бірақ поштаны сағынамын. Үйреніп қалғанмын ғой. Зейнетке аман-есен жетсем, үйге қалай сыярмын деп ойлайтынмын. Міне, сол жасқа да жеттім, бірақ әзір кеткім жоқ», — деп күлімдейді қой көздерінен мейірім төге қарайтын Мүгілсін апа.

М. Жамбозова – отбасында да бақытын тапқан жан. Бір кездері фабрикадағы жұмысын тастатқан қызы Гүлфира облыстық ішкі істер департаментінде қызметте, подполковник. Күйеу баласы да құқық қорғау саласында. Ұлы Әсет «Алтим» компаниясында жүргізуші болып еңбек етеді. Өткен жылы Рита есімді аппақ келін түсіріп берді. Тек өмірлік жары өмірден озғаны жанын күйзелтті, мұңайтты. Бірақ өмір-өзен ағынындағы ауыртпалықтарды көтеруге қауқары жететін қайсар жан көршілес тұратын қос жиендерінің балдай қылықтарымен жұбанады.

Мүгілсін анасы ерте қайтыс болып, нағашы әжесі Нәзипаның қамқорлығын көріп өскен еді. Ағасы Ғиният пен жеңгесі Нұрсұлу әкелері марқұм болғаннан кейін жас болса да, отбасының барлық ауыртпалығын өз мойындарына алды. Ғиният пен Нұрсұлу жеңгей соңынан ерген інілерін үйлендіріп, қарындастарын өз қолынан ұзатты. Нұрсұлу жеңгесі аяулы анасының орнын басты, сегіз бауырдың қамқоры болды. Баймұраттың кіндігінен тараған ұл-қыздар адал еңбектерімен елді көркейтуге үлес қосты және әлі де қосуда. Ғиният ағасы – еліміздің елге еңбегі сіңген ардақты тұлғаларының есімдері жазылған «Алтын кітапқа» есімі енген атақты балықшы. Осындай аға-әпкелерінің соңынан ерген, текті жердің қызы Мүгілсін де ұжымына сыйлы, әріптестері арасында беделді.

Таң атып, күн батқанша тыным таппайтын Мүгілсіндей пошташылардың еңбегі сый-құрметке лайық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Қылыштың жүзіне түскен тағдырлар

Күні: , 50 рет оқылды

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні


Тоталитарлық қоғамда қалам иелері ерекше зардап шегеді. Әсіресе, журналистика саласы қызметкерлерінің тағдыры қылыштың жүзінде, оттың ортасында, арыстанның аузында жүргендей әсер қалдырады. Шыға бастағанына биыл бір ғасыр толғалы отырған Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің тарихына үңілгенімізде осындай ойға әбден бекідік.


01 Гумар Караш02 Елеусін Бұйрирн03 Ғабдолғазиз МұсағалиевӘлбетте, ақиқаттың ақ жолы үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған баспасөз қайраткерлері дегенде тізімді ең алдымен Ғұмар Қараш (1875-1921 ж.  ж.), Елеусін Бұйрин (1874-1933 ж. ж.), Ғабдолғазиз Мұсағалиевтерден (1888-1933 ж. ж.) бастаған жөн-ақ. Бұл арыстар «отыз жетінің» ойранына жетпей жатып өмірден өтіп кетті. Ғұмар Қараш қылышпен туралды, Елеусін Бұйрин жат жерде, Тәжікстанда аштан өлді, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің де өмірінің соңғы кезеңі бізге белгісіз, туған жерден алыста, Жетісуда жұмбақ жағдайдв көз жұмған. Бірақ ресми түрде «халық жауы» аталмаса да, бұл тұлғалар туралы совет үкіметі кезінде мүлдем айтуға тыйым салынды. Ғұмардың шығармалары «совет қоғамына жат» саналып, оқулықтардан аластатылды. Ендеше, бұл да репрессия емей немене?! Сондықтан газетіміздің советтік солақай саясат кезінде құрбан болған қызметкерлері қатарын бұл үш арыстан бастаймыз.

04 Нұғман МанаевБұдан кейін еңбегі көпшілікке көп насихатталмай жүрген Нұғман Манаевқа (суретте) (1894-1938 ж. ж.) тоқталайық.

Манаев Нұғман Сәрсенұлы 1894 жылы бұрынғы Астрахан  губерниясы Бөкей уезі Жанбай ауылында туған. 1929-30 жылдары Қазақ АКСР-ы  халық ағарту халық комиссары (білім министрі).

Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. «Садақ» қолжазба журналын шығарушылардың бірі. 1915 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан «Иман-Ислам» атты медресе оқулығын басып шығарған. 1917 жылы шілдеде Орда қаласында шыға бастаған «Ұран» газетінде редактордың орынбасары. Манаев Уфадағы «Шығыс баспасы» баспаханасында әріп теруші, корректор, «Орал» газетінде жауапты хатшы, «Қызыл ту» газетінде редактордың орынбасары (кей деректерде редактор) болған. 1938 жылы тұтқындалып, 8 наурыз күні атылған.

05 Халел ЕсенбаевХалел Есенбаев Мұхаметжанұлы (1892-1938 ж. ж.) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы аумағында, Ағашүй ауылында өмірге келген. Орынбордағы «Хұсайыния» медресесін бітірген.

Х. Есенбаев 1919 жылы Ордада «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналының алқа мүшесі болған. 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынборда «Ұшқын» газетінің бірінші нөмірі Х. Есенбаевтың редакторлығымен жарыққа шықты.

Х. Есенбаев 1936 жылы Бүкілқазақстандық ІІ Кеңестер сиезінде ҚАССР Орталық Атқару комитетіне мүше болды. Ағарту комиссариаты басқармасын басқарды. 1938 жылы 3 наурызда «Халық жауы» деген жаламен атылған.

06 Ахмет МаметовБатыс Алашорда қайраткері, ағартушы, ақын, журналист Ахмет (Ахметқали) Мамытұлы (1895-1938 ж. ж.) Астрахан губерниясының Қойтоғыт ауылында туған. Ол – әйгілі қазақ батыры Мәншүк Мәметованың әкесі.

Уфадағы Ғалия, Орынбордағы «Хұсайыния» медресесінде оқыған. 1912-1914 жылдары Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Кеңес», «Ғибрат» атты өлеңдер жинағы шыққан. 1917-1918 жылдары Ташкентте «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істейді. 1918 жылы күзде «Ойыл уәлаятына» келіп, «Еркін қазақ» газетінің бірнеше нөмірін шығарады. 1920 жылы Орал қаласында «Ерік» газетін шығарып, редактор болады. 1921 жылы «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы болады. 1923-1927 жылдары Саратов университеті медицина факультетінде оқиды.

1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы атылған.

07 Уали ЗабировЗабиров Уәли Абдрахманұлы (1897-1937 ж. ж.) Орал қаласында туған, ұлты татар, медресе және СССР Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1919 жылы қыркүйек-қазан айларында Орал қаласында қазақ тілінде газет шығару мәселесі көтерілген кезде, ол жұмыс Орал губерниялық партия комитетінің қызметкері У. Забировке тапсырылған. Осылайша Орал қаласында «Сахара таңы» газеті шыққан. Қазақ-татар тілдерінде аралас шыққан «Сахара таңы» 3-4 санынан кейін тоқтап қалған.

Уәли Забиров кейін ғылыммен айналысқан, түрколог, тарихшы және археограф, Орта Азиялық жоғары техникалық мақта жоғары оқу орнында жұмысшы факультетінің деканы, Шығыстану институтының қызметкері болған. СССР ҒА Тарих институты Ленинград бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жүрген кезінде 1936 жылы тұтқындалған. 1937 жылы 4 қарашада атылған.

08 Батырбек АлжановӘлжанов Батырбек Хайроллаұлы (1895-1940 ж. ж.) Орал облысы Қароба болысы, Бұлақсай ауылында (Теректі ауданы Қабылтөбе ауылдық округінде) туған. Ауыл молдасынан хат таныған. Азамат соғысынан кейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетін алғаш шығарушылардың бірі. 1920-23 жылдары осы газеттің редакторы, жауапты хатшысы болған. Орал қаласында қазақ театр өнерін дамытуға атсалысқан. 1923-25 жылдары республикалық «Жас қайрат» («Лениншіл жас») журналында жауапты қызметтер атқарды.

1938 жылдың 17 сәуірі күні оған РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 2, 7, 8, 11-тармақтары бойынша айып тағылып, 10 жылға сотталған. 1940 жылдың 9 желтоқсаны күні Севостлаг НКВД-сының лагерінде қаза табады.

09 Шайкы ЖантлеуовШайхы Жантілеуов (1898-1938 ж. ж.) Орал облысы Жымпиты уезі Өлеңті болысында туған. Алаш қозғалысына қатысушы, Орал облысында оқитын қазақ оқушыларының «Ақниет» өзара көмек қоғамын құрушылардың бірі, Орал РК(б)П губерниялық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1921, қазан-1923, мамыр), губкомның бюро мүшесі болған Ш. Жантілеуов «Қызыл ту» газетінің жауапты редакторы қызметін қоса атқарған. Орал қаласында қазақ тілінде газет шығару өте қиын болған 1921-1923 жылдары «Қызыл тудың» бүкіл жүгін Батырбек Әлжановпен бірге көтерген.

Кейін Семей, Сырдария, Алматы губернияларында лауазымды қызметтер атқарған. 1937 жылы «халық жауы Жүргенов тобының мүшесі» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылған.

11 Әбдірахман БайділдинАлаш қозғалысына қатысушы Әбдірахман Байділдин (1891-1931 ж. ж.) қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданында туған. Үш жылдық ауыл мектебін, орыс-қырғыз училищесін, 1917 жылы Омбыдағы Мұғалімдер семинариясын бітіреді. 1919 жылы Алашорда делегациясының құрамында Уфа мен Самара қалаларына барады.

1921-1922 жылдары Орынборда «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923 жылдары Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» (қазіргі «Орал өңірі» газеті) газетінің редакторы.

1929 жылы басталған қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» ретінде айыпталып, 5 шілдеде тұтқынға алынады. 1931 жылы 21 сәуірде ату жазасына кесілген.

12 Ыдырыс МустамбаевАлаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы Ыдырыс Мұстамбаев (18981937 ж. ж.) 1898 жылы қазіргі Семей қаласы Жаңасемей бөлігінде дүниеге келген.

1921-1923 жылдары Ы. Мұстамбаев Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары және Орал губерниясының прокуроры қызметін атқарған. Қосымша губерниялық «Қызыл ту» газетіне жауапты редактор ретінде қол қойған.

Мұстамбаев осы кезеңде Арон Қаратаевтың қызы Шахзадаға үйленген. Осыған орай «Патша үкіметінің үлкен шенеунігі, саяси сенімсіз Арон Қаратаевпен туысқандық қарым-қатынасы болғандығы үшін Орал губерниясынан кетірілсін» деген құпия шешім шыққан. Ыдырыс Мұстамбаев Ақмола губерниясының прокуроры болып істеп жүрген кезінде «тап жауларымен» туыстығы бар деген оңды-солды қыр соңынан қалмай қойған айыпталулардан кейін Шахзада Аронқызымен ажырасуға мәжбүр болған.

Ыдырыс Мұстамбаев Голощекиннің «қырағы» күзетінде болып, 1926 жылдан қуғынға түсті. 1933 жылы Мәскеу қаласында ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 1937 жылы 11 қарашада қайта сотталып, ату жазасына кесілді.

13 Рахым Сүгіров1904 жылы Торғай облысының Қостанай уезінде туған Сүгіров Рахым Сүндетұлы (1904-1938 ж. ж.) 1919-1921 жылдары ауыл мектебінен білім алған. 1921 жылдың қараша айынан 1923 жылдың маусымына дейін «Жас алаш» газетінің редакция хатшысы болған.

06.1924-07.1925 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясының хатшысы, 1925 жылдың шілдесінен бастап 1927 жылға дейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінің хатшысы. 1929 жылдың желтоқсанынан «Еңбекші қазақ» газеті бас редакторының орынбасары.

Р.  Сүгіров 1937 жылы 10 қазанда тұтқындалып, 1938 жылы 34 жасында атылған.

10 Медеш ОралдиевМедеш Оралдиев (1890-1937 ж. ж.) 1890 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында, бұрынғы Соналы ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Арабша хат таныған.

Еңбек жолын Жымпиты аудандық Кеңес атқару комитетінде жауапты қызметтен бастаған. Кейін Орал қаласына, облыстық газет қызметіне ауысқан. «Қызыл ту» («Екпінді құрылыс») газетінде М. Оралдиевтің бөлім бастығы лауазымында қызмет еткені белгілі. Партия жолдамасымен Алматыға, Семей, Қарағанды облыстарына жіберілген. Соңғы қызметі – 1937 жылдың 22 мамырына дейін Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық «Еңбек майданы» атты газеттің алғашқы редакторы болған.

Медеш Оралдиев 1937 жылы «Жастар арасында алашордалықтардың кітаптарын насихаттағаны, алашордалықтардың кітаптарын сақтағаны, революцияға қарсы  ұлттық ұйымға қатысқаны үшін» ату жазасына кесілген.

14 Елжас БекеновЕлжас Бекенов (1892-1938 ж. ж.) Көкшетау облысындағы Қарағаш ауылында туған. 11 жасынан жалданып байлардың малын баққан. 1916 жылы майдандағы қара жұмысқа шақырылады.

1922-1924 жылдары Орынборда рабфакта оқыған. 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер, 1929-1931 жылдары Петропавл округтік «Кеңес ауылы» газетінде редактордың орынбасары, кейін редакторы болды. 1931-1933 жылдары «Ауыл коммунисі» журналында редактордың орынбасары болады.

Елжас Бекенов 1933 жылы желтоқсан айында Оралдың облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. 1935 жылы шілде айында Солтүстік Қазақстан облысына ауысқан.

Елжас Бекенов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

15 Сәтбек ИманқұловИманқұлов Сәтбек (Сәтібек) Сәрсенұлы (1904-1938 ж. ж.) Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылдық советінде туған. 1919-1922 жылдары ауылдық кеңес хатшысы, 1922-1925 жылдары Орынбор қаласында білім алған. Кейін Жымпиты ауданында, Орал қаласында түрлі лауазымдық жұмыстар атқарған.

Сәтбек Иманқұлов 1936-1937 жылдары «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болған. «Редактор кезінде алашордашылардың туыстарын қызметке алып, халық жауларын әшкерелейтін хаттарды жарияламай жасырды» деп айыпталған. 1937 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылы 8 наурызда атылған.

16 Ізбай ҚощановІзбай Қошанов Нұржігітұлы (1906-1938 ж. ж.) 1906 жылы 20 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Гурьев округі, Маңғыстау ауданы Форт-Александровск қаласында туған, білімі бастауыш.

І. Қошанов 1927-1928 жылдары Адай уездік комсомол комитетінің хатшысы болған. 1935 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Орда аудандық партия комитетінің І хатшысы. 1937 жылдың басында облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы болып тағайындалады. Бірақ көп кешікпей «контрреволюциялық ұлтшылдарды бүркемелеп, қолдағаны үшін» 1938 жылдың 7 қаңтарында партия қатарынан шығарылған. 1938 жылғы 13 қараша күні Алматы қаласында атылған.

Дайындаған Қазбек   ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ


«Жеке балабақша ашудан қорықпау керек»

Күні: , 72 рет оқылды

detsad-otveti


Елбасы өзінің кезекті бір Жолдауында «2015 жылға дейін мектепке дейінгі жастағы балалардың 76%-ы, 2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың  100%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілсін» деген болатын.


Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде «Балапан» бағдарламасы бойынша жеке балабақшалар ашылу үстінде.  Мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында жұмыс жасайтын мектепке дейінгі ұйымдар біздің өңірімізде де пайда бола бастады. Сондай ұйымдардың бірі – қаладағы «Дельфин» балабақшасы. 2015 жылы ашылған балабақшада бүгінгі таңда 40 бүлдіршін тәрбиеленуде.

— Біздің балабақшамызда бүгінгі таңда екі топ бар, оның бірі – қазақ,  екіншісі – орыс  тобы. Бұл топтарда 1,5-3 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленуде, — дейді «Дельфин» балабақшасының директоры Маржан Сағын. — Біз мекемеге балаларды қалалық білім басқармасының жолдамасымен қабылдаймыз. Мемлекеттік балабақшаға кезекке тұрған балалардың кезегі келген кезде біздің балабақшадан ауысуына болады. Бірақ осы екі жыл ішінде біздің балабақшадан басқа ұйымға бірде-бір бала ауысып көрген жоқ. Әуелде балабақшаны таза мемлекеттік тілдегі мекеме етіп ашқымыз келген, бірақ бұл мүмкін болмады. Өйткені балабақшаның  орналасқан жерінде қаланың байырғы тұрғындары тұрады, ал олардың негізін өзге ұлт өкілдері құрайтыны белгілі. Балабақшаға сол аумақтың тұрғындарының балалары келетін болғандықтан, мұнда қазақ балаларымен қоса, өзге ұлт өкілдерінің балаларын да қабылдауға шешім қабылдадық. Бұл біз үшін де, тұрғындар үшін де тиім-ді болды. Өйткені сол маңда тұратын өзге ұлт өкілдері балаларын орыс тілді топтан гөрі қазақ тобына беруге көбірек ниет танытты. Нәтижесінде қазіргі уақытта қазақ тобының 50 пайызын өзге ұлт өкілдерінің балалары құрап отыр. Осының өзі өңірімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің жергілікті халықтың тілін, ділін сыйлап, өздері тұрған мемлекетті құрмет тұтатынын көрсетеді.

Балабақшамызда мектепке дейінгі ұйымдардан талап етілетін нәрсенің бәрі бар. Мысалы, біздің балабақшаның аумағы атшаптырым, кейбір жеке балабақшалар секілді, 2-3 бөлмелі пәтерді жалдап отырған жоқпыз. Ғимаратта бұрын «Омега» зауытына қарасты балабақша болған, сол себепті біздің балабақшаның барлық жағдайы құзырлы органдар тарапынан қойылатын талапқа сай. Бөлмелері жарық та кең, жылы, бала тәрбиесіне арналған әдістемелік құрал-жабдықтар мен ойыншықтар да жеткілікті.  Бұрынғы балабақша ғимараты болғандықтан, аулада балалар ойнайтын орын да көп. Сондықтан тапсырыс болса, болашақта тағы да қосымша топтар ашқымыз келеді, оған мүмкіндігіміз мол. Бұдан басқа мектепке дейінгі даярлық тобын да ашуды жоспарлап отырмыз. Балабақшада қазіргі уақытта 11 адам жұмыс істейді. Мекемеде тәрбиешілерден басқа әдіскер мен медицина қызметкері, ас мәзіріне жауапты диета маманы, аспаздар мен бала күтушілер  жұмыс істейді. Күзетшіміз және бар. Орын жеткілікті болғандықтан, әр маманға жұмыстану үшін жеке бөлмелер бекітілген. Олардың жұмыс бөлмелері қазіргі заманғы заманауи құрылғылармен толық жабдықталған, жасалған жұмыстардың есебі  электронды нұсқада дайындалады. Өз басым балалармен жұмыс жасайтын мекемеде кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Сондықтан  жұмысқа бұрын бала тәрбиесімен айналысқан, білікті, тәжірибелі мамандарды алдық. Болашақта бала саны көбейіп, жаңа топтар ашып жатсақ, жас мамандарды жұмысқа тартқымыз келеді. Тәрбиешілеріміздің еңбекақысы мемлекеттік мекемелердегі тәрбиешілердің жалақысынан кем емес. Қызметкерлердің жалақысы айына бір рет дәл уақытында беріледі. Балдырғандар күніне төрт мезгіл тамақтанады. Тамақ әзірлеуге қажетті азық-түлікті  арнайы сертификаты бар жергілікті кәсіпкерлерден сатып аламыз. Балалардың тамағы – 100% өзіміздің отандық өнімдер. Сондай-ақ балалардың ойыншықтары да нормативке толық сәйкес келеді, — деген Маржан Қарлыбайқызы балабақша жұмысының облыстық және қалалық білім басқармалары қызметкерлері көмегінің нәтижесінде алға басып келе жатқанын ерекше ризашылықпен жеткізді.

— Қазіргі таңда жеке балабақшаларды ашу қиын емес, бұған мемлекеттің өзі үлкен қолдау көрсетіп отыр. Өйткені жеке балабақшалар мектепке дейінгі ұйымға кезекке тұрған балалар санын азайтып, мемлекеттік балабақшалардың жүгін жеңілдетеді. Жеке балабақшалар меншік құқығына қарамай, ең басты міндет етіп бала тәрбиесін жоғары қоюы керек.

Жалпы, балабақша жұмысында жергілікті білім басқармаларының нұсқамаларын басшылыққа алған дұрыс. Өз басым облыстық және қалалық білім басқармаларынан көп көмек көрдім, олар бізді балабақша жұмысын ұйымдастырудан бастап, оның ішкі-сыртқы проблемаларын шешуге дейін үйретіп отырады. Мекеменің есеп-қисабын жүргізуді де аталған басқармалардағы есепшілер ерінбей-жалықпай түсіндіріп береді. Бұдан басқа біз секілді, жеке балабақша қызметкерлеріне мемлекеттік балабақшаларға барып, солардан үйреніп, тәжірибе жинақтауға да мол мүмкіндік жасалған. Мысалы, біздің «Дельфин» балабақшасы қаладағы «Ақтілек» балабақшасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осындай көмектің арқасында жоғары білімді, іскерлік қабілетке ие кез келген адам жеке балабақша ашып, оның жұмысын ойдағыдай жүргізіп кете алады деп ойлаймын. Сондықтан балабақша ашудан қорқудың қажеті жоқ, керісінше мемлекет өзі қолдау көрсетіп, сала қызметкерлері барынша көмектесіп отырғанда, мүмкіндігі бар адамдар соны пайдаланып қалуға тырысуы керек, — дейді балабақша директоры Маржан Сағын.

Балабақша ішін аралап жүріп, орыс-қазағы аралас кішкентай бүлдіршіндердің тату-тәтті тірлігіне куә болдық. Тілі әлі дұрыс шыға қоймаған түрлі ұлттың балалары тәрбиешілерінің қазақ тілінде айтқан нұсқауларын «бұлжытпай орындап», алдарына қойған тамақтарын төкпей-шашпай ішуге тырысып жатты…

Жеке балабақшалардың сәбилерге беріп жатқан тәрбиесі мен жасап жатқан жағдайы мемлекеттік балабақшалардан бірде кем емес екенін жұртшылықтан жиі естиміз. Бұл жөнінде мамандар не дейді екен, енді солардың пікіріне құлақ түріп көрейік.

— Қазіргі таңда облыс бойынша 22 000 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Осыншама баланы балабақшамен қамту, әрине, қиын. Сондықтан жеке балабақшаларды көптеп ашу, шын мәнінде, осы тығырықтан шығудың бірден-бір амалы деп ойлаймын, — дейді бізбен сұхбатында аталмыш басқарманың мектепке дейінгі және орта жалпы білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева.

— Жеке балабақшаларды ашу іс жүзінде ана мен бала үшін әрі қоғам үшін де өте тиімді болып отыр. «Балапан» бағдарламасы аясында бұл бағыттағы жұмыс біздің өңірімізде де қолға алынуда. Бүгінгі күні өңірімізде барлығы 24 жеке балабақша ашылып, олар талапқа сай жұмыс істеуде. Облыстағы жеке балабақшалар саны барлық балабақшалардың 5 пайызын құрайды. Бұдан басқа тағы 10 адам жеке балабақша ашуға ниет білдіріп отыр. Солардың үшеуі осы сәуір айынан бастап жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 1210 орындық төрт балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Бұлардың екеуі Орал қаласында (360 және 290 орындық), үшіншісі Ақжайық ауданына қарасты Чапай ауылында (290 орындық), төртіншісі Сырым ауданының Жымпиты ауылында (290 орындық)  тұрғызылмақ. Мектепке дейінгі білімді қамтамасыз етуде бизнес өкілдерін қатыстыру бойынша атқарылған шаралардың нәтижесінде 2010 жылы өңірімізде небәрі үш жеке мектепке дейінгі ұйым болса, 2017 жылы олардың саны 24 бірлікке дейін артты. Жеке балабақша ашушылардың саны тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды, талаптанған адам болса, олардың барлығына да жеке балабақшаларын ашуға болады. Біз оларға кеңес беруге, әдістемелік көмек көрсетуге әзірміз.

Жалпы, жеке балабақша ашу үшін ең алдымен заңды тұлға ретінде салық органдарында тіркелу керек. Содан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жергілікті атқарушы органына (облыстық және қалалық білім басқармалары) барып, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің   қорытындысын (заключение) алуы керек. Оны алу үшін ғимарат жөндеуден өтіп, балабақшаның жақсы материалдық-техникалық базасы болуы тиіс. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері жеке балабақша болатын ғимараттың талапқа сәйкестігін тексереді.  Сондай-ақ өртке қарсы қызмет қорытындысы болуы керек. Өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптар да түгел орындалуы шарт. Бұл құжаттардың бәрі тегін жасалады. Содан кейін бақылау департаментінен рұқсат сұрайды. Аталған департамент қызметкерлері ғимаратты тексеріп, бәрін талапқа сай деп санаса, жұмысын бастауға рұқсат береді.

Балдырғандардың тәрбиеленетін орны тұрғын үйдің немесе жеке ғимараттың бірінші қабатында орналасуы тиіс және оның ауласында балалар алаңқайы болуы керек. Ғимарат ішінде әр топтың өз орны болуы керек және олар талапқа сәйкес өлшем бірлікте болуы тиіс. Мысалы, балалардың шешінетін орнының, ойнайтын, тамақтанатын және ұйықтайтын бөлмелерінің, тіпті дәретханасының да жас ерекшеліктеріне сәйкес белгіленген мөлшері бар. Балаларға арналған үстелдер, орындықтар, кереуеттер, шкафтар, ойыншықтар мен кеңсе заттары және басқа да қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті болуы керек.

Балабақшада бүлдіршіндер жас мөлшеріне байланысты топтарға бөлінеді. Топтарда 12-ден артық бала болмауы керек және олар күніне төрт рет тамақтануы  тиіс. Балалар тамағына пайдаланатын азық-түліктің сапасы жоғары болуы керек. Ойындар мен сабақтар, серуендеу, күндізгі ұйқылары мен бос уақыттары жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Балабақшада балалардың күндізгі ұйқысы 13.00-15.00 сағат аралығында міндетті түрде болуы керек. Өйткені ұйқы баланың жақсы өсіп, да-муына ықпал етеді. Топтарда балалардың ақыл-ойын дамытатын ойындар, дене қозғалыстарына арналған жаттығу, спорт ойындары ұйымдастырылуы керек. Тәрбиешілер балаларды түрлі жарыстарға, кинотеатрларға, жануарлар мен құстар көрмесіне апарса да, артық болмайды. Айтпақшы, балалар мерекесі мен ертеңгіліктер ата-аналардың келісімімен ұйымдастырылуы тиіс. Жеке балабақшаларда қосымша ән, би, сурет салу немесе суға жүзуді үйрету деген сияқты түрлі қызмет түрін  ұсынуға болады.

Бір айта кететін нәрсе, жеке балабақшаларда міндетті түрде педагогикалық білімі бар, бала тәрбиесімен айналысуға қабілетті адамдар жұмыс істеуі шарт. Мекемеде тәрбиешілерден басқа медицина қызметкерлері, аспаз, бала күтуші, жинаушы және күзетші болуы тиіс.

Жеке балабақшаларды адамдар өз қаражатына және мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі негізінде ашуға болады. Егер жеке балабақша мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында жұмыс істесе, онда мемлекет тарапынан әр балаға демеуқаржы бөлінеді. Қаражат мөлшері балабақшадағы бала санына байланысты. Бір айта кететін нәрсе, қандай жағдайда да жеке балабақшалар ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарға сай болуы керек, — деді Светлана Темірғалиева бізбен әңгімесінде.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Алаш қозғалысы және М. Әуезов

Күні: , 17 рет оқылды

gallery_8277_23_217081


ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш оқығандары газет бетін қару етіп, саяси-ағартушылық жұмыстарын жүргізді. Алаш көсемдерінің өкшесін басқан өрімдей жас Мұхтар Әуезов қолына қалам алып, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтерді. Баспасөз бетіндегі өзіндік тұжырымдары Алаш қозғалысымен сабақтастық сипатта өрілді.


ХХ ғасыр басында алмағайып кезеңде күрестің саяси-ағартушылық бағытын ұстанған Ә. Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары “Алаш” саяси партиясын құрып, Алашорда үкіметі жұмысын жүргізді. Әр аймақта қазақ сиездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Бүгінгі Орал қаласының Достық даңғылында тұрған Жұбан Молдағалиев ескерткішінің орнында бұрын ағаштан жасалған 800 орындық цирк үйі болыпты. Сол үйде Орал облысы қазақтарының бірінші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өтіпті. Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйлеген.

Цирк үйіне сыймаған қазақтар сыртта тұрған. Төрт күнге созылған сиезде өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекетті басқару, уақытша үкімет туралы, жер мәселесі және облыстағы оқу-ағарту мәселелері қаралды. Сиез делегаттары Орал облысында білім беру жүйесін қанағаттанғысыз деп тауып, қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастыру қажет деп табады. Қазақ тілінде газет шығару қажет деп шешіледі. Күнбатыс Алашорда үкіметінің көсемі Жаһанша Досмұхамедов: «Біздің мақсат – ел билеуді халықтың қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да, біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп ойын білдіреді.

«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз», — деп ел үшін атқа қонған ұлт зиялылары солақай саясаттың кесірінен асыл армандарын жүзеге асыра алмады, қудаланды, жазықсыз атылды. Бұл – ұлт тарихының қанды беттері.

Алаш қозғалысы ұлттың ұлы арман-мақсаттарын бағдарламаларында көрсете білді. Алаш ардақтыларымен мұраттас М. Әуезовті осы кезеңде қазақ қоғамындағы әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, мәдениет, елдік, саясат, жер, ғылым, баспасөз, әдебиет мәселелері толғандырды. Жас қаламгер Алаш мүддесі үшін ұшқыр жанр-публицистикаға иек артты. Профессор Бауыржан Жақыптың айтуынша, «Қазақ публицистикасының қанат жайып, өсіп-өркендеуі жолындағы орасан зор еңбек еткен, алып тұлғалардың бірі — Мұхтар Әуезов».

Мұхтардың алғаш газет беттерінде жарық көрген мақаласы «Адамдық негізі — әйел» деп аталады. Мұнда қазақ қоғамындағы әйел теңдігі сөз болады. Әйелдің көзі ашылмай, ұлт тәрбиесі өрге баспайтынын айта келіп: «Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Бұлай болғанда өмірінде әділет, мархамет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың харакеті үй-іші мен отбасынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек адал ниетті қамқор тууы мүмкін бе? — дейді. Бейнеттен арылмаған ана сізге қандай үлгі көрсетеді деп әйелдің жағдайын жақсарту керек екенін ескертеді.

1920 жылы жазған «Бүгінгі зор міндет» атты мақаласында өкімет мекемелерінің мол шаруаны игере алмай жатқанын айта келіп көзі қарақты, білікті жігіттерді ел шаруасына атсалысуға шақырады. Қыр халқының мұқтаждықтарын ескеріп, кәсіп қылуды, тоқу, былғары илеу, шыны ыдыс-аяқ істеуді үйрету курстарын ашу қажеттігін айтады. Алаш қамы үшін еңбек етуге шақырады. Еңбек ету қай қоғамда да маңызды. Адамды адам еткен — еңбек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», — дейді Абай атамыз.

М. Әуезовтің «Оқудағы құрбыларыма» атты мақаласының маңызы зор. ХХ ғасыр басында Алаш қозғалысының басты бір мақсаты — халықтық оқу-ағарту ісіне мән беру болатын. Осы тұста жас жазушы құрбыларын ел үшін еңбек етіп, білімдерін ұлт қамы үшін жұмсауға үндейді. Ол «Осы рахымды күннің шуағына қызып бір аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық. Халық түзеуді жол қылайық», — дейді. Осы тұжырымдар бүгін де өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зияткер ұлт қалыптастыру үшін жастарға үміт артып, көптеген мүмкіндіктер тудырып отыр.

Биыл Алаш қозғалысына – 100 жыл. Алаш ардақтыларының арманы ХХ ғасырдың соңында жүзеге асып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзіне танылды. Біз егемен елдің еркін ұрпақтарымыз. Алаш арыстары көтерген жер мәселесі, оқу ісі, ел бірлігі, экономикалық өркендеу сықылды іргелі іс-шаралар бүгін де өзекті. Бабалар арманы үшін күресу, еңбек ету — біздің, жастардың, жарқын ісі болмақ керек.

Ерасыл БӨКЕНБАЙ,

«Ұланның» жас тілшісі №30 орта жалпы білім беретін  мектептің 11-сынып оқушысы,

Орал қаласы


«Аулаларды абаттандыруға тұрғындар да атсалысуы тиіс»

Күні: , 20 рет оқылды

PRI_5403


Жақында  облыс әкімі Алтай Көлгінов  пен  қала  басшысы Нариман  Төреғалиев  абаттандыру  жүргізіліп  жатқан  шаһардағы көп  қабатты  үйлердің  аулаларын  аралады.


Қала әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, биыл Оралда 507 миллион теңгеге 20 аула жөнделмек. Былтыр 247 миллион теңгеге 17 ауланың аумағы абаттандырылған. Яғни күні бүгінге дейін қаладағы 386 ауланың 67 пайызы ғана жаңа кейіпке енген.

2017-2018 жылдары қалада 32 спорт алаңын салу жоспарлануда. Оның ішінде дайын болған 14 жобалық-сметалық құжаттамалардың құны – 166 миллион теңге. Спорт алаңдарымен шектесетін аула маңындағы 50 учаскені абаттандыруға 1 млрд. 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті.

– Жастарға спорт алаңдары өте қажет. Жаз кезінде балалар аулада ойнайды. Қазіргі кезде көбі гаджеттерді ермек қылуға құмар. Смартфонды қолдануды білген дұрыс, бірақ оған шектеулі уақыт бөлген жөн. Ал жастарға спорт және ойын алаңында көбірек болған әлдеқайда пайдалы. Сондықтан облыстық мәслихат сессиясында бұл бағыттағы жобаларға қаржы бөлуді мақұлдадық. Абаттандыру жұмысы жалғасын табатын болады, – деді облыс  басшысы  Алтай  Көлгінов.

Нариман Төреғалиев келесі жылы қаладағы спорт алаңдары жанынан өтетін ұзындығы 100  шакырым автожол жөнделетінін әрі велосипедпен жүруге арналған жолдар қоса салынатынын айтты. Биыл 166 миллион теңгеге А. Пушкин атындағы көше бойындағы облыстық аурухана алдында және 4 пен 6-шағынаудандар арасына екі  гүл бағы салынады.

Биыл гүл бағын көбейту мақсатында 30-ға жуық жоба дайындалған. Қазіргі уақытта жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы көздері қарастырылуда. 2018 жылы бұл бағытта абаттандыру жұмыстары басталмақ.

PRI_5436Облыс және қала басшылығы Павлодар көшесі мен Құрылысшы және Солтүстік-Шығыс шағынаудандарында абаттандыру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын пысықтады. Бұл аудандардағы жақын орналасқан үйлердің аулалары бірге жөнделуде. Сондықтан ауқымды жұмысқа қарайған техника тартылған.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мердігерлерге жол бетінің ескі жабынын алып, аулалардағы жүргіншілер жолын жасау, жиектас орнату, жаңа асфальтты жол жабынын төсеу, көліктерді қоятын орындарды белгілеу, тұрғындар демалатын орындықтар, урна қою тапсырылды. Тұрғындар әкімге соңғы 40 жыл бойы аулаларына жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтты.

– Биыл аулаларыңыздың абаттандырылатынын айтып жеткізу бізге де жақсы. Қаламызда түйткілді мәселелер көп. Алайда аула аумақтарын, соның ішінде шағынаудандардағы, іскер орталықтан жырақтағы аулаларды абаттандыруды жалғастыратынымыздың өзі – біз  үшін жетістік. Мердігерлерден барлығын сапалы және  уақтылы жасауды талап еттік. Егер де сіздердің тараптарыңыздан мердігерлердің жұмыстарына көңіл толмаушылық фактісі болып жатса, міндетті түрде маған немесе қала әкіміне хабарласыңыз, – деді Алтай Көлгінов тұрғындармен әңгіме барысында.

Павлодар көшесіндегі №1, 3 және 3/1 мекенжайындағы аулаларды абаттандырумен айналысып жатқан «ЭлитСтрой-21» компаниясының қаржылық директоры Руслан Нарғұловтың айтуынша, бұл учаскедегі жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Жоба бойынша нысандарды тапсыру шілде айында болғанмен, мердігер шаруаны одан ертерек тапсыруды жоспарлаған.

– Жолға судың жиналып қалмауын қадағалаңыздар. Жол жабынының бетін тегістеңіздер. Су жиналған жерде шұңқыр болады. Ал бізге шұңқырлардың қажеті жоқ, — деп ескертті Алтай Көлгінов.

Павлодар көшесінің тұрғындары екі әкіммен жүздесу барысында көмек сұрады. Алтай Көлгінов олардың өтінішін сол жерде-ақ мердігерге тапсырды. Мердігер де олардың өтініштерін аяқасты етпеді: жобалық сметадан тыс аулалардағы барлық қурап қалған ағаштарды кесіп, балалар алаңына құм әкеліп төсеуді және үйлердің іргетасына жанама  қаптама құюды  өз  мойнына  алды.

«Мердігерлер гүлзарларға қара топырақ әкеле ме?» деген сауалға әкім аулаларды абаттандыру екі тараптың ісі екенін айтты. Сондықтан барлық шаруаны бюджетке артып қоюға болмайды. Тұрғындар ауланы дамытуға өз үлестерін қосулары тиіс. Мысалға, саяжайлардан қара топырақ әкеліп, гүлзарлар жасап, ағаштар еге алады.

Тұрғындармен тұрмыстық мәселелер жайында әңгімелесу барысында төбе шатырынан су кететінін естіген Нариман Төреғалиев одан шығар жолды ұсынды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы болып, мемлекеттік заемдар есебінен төбе шатырын жөндеуге болатынын түсіндірді.

– Биыл жаңғырту бағдарламасы бойынша жеті  үйді жөндейміз. Сіздер де соған қатыса аласыздар, егерде көп болып дауыс жинасаңыздар. Биыл жөндеу жасай алмаспыз. Ендігі жылы бағдарламаға қатысу үшін бұл мәселені қазір шешіп алайық. Төбе шатырын жөндеу шамамен 10 миллионға шығады. Әр пәтердегілер ай сайын 2 мың теңгеден төлем төлейді, өйткені бұл – мемлекеттің қайтарымды қарызы. Егер де сіздер әлдеқандай бір себептермен бағдарламаға қатыспайтын болсаңыздар, миллиондаған қаржыға шығатын жөндеуді өз беттеріңізбен істетуге тура келеді. Өйткені бұл жылжымайтын мүлік заң бойынша сіздердің жеке меншіктеріңіз, – деді Нариман Төреғалиев.

Облыс басшысы атап өткендей, құрылыс және абаттандыру жұмыстары көп еңбекті талап етеді.

– Егер құрылыстың не жөндеудің жобасы жөнді дайындалмаса, көп шығын келеді, яғни қайта дайындауға қаржы, уақыт кетеді, сотқа жүгінуге тура келеді. Міне, осындай олқылықтарды болдырмас үшін басқарманың мамандары мен тәжірибелі мердігерлерінен тұратын техникалық кеңес құрдық. Олар бізге бұл бағытта өз кеңестерін беретін болады. Сондай-ақ бұрын мердігерлер 2 жылға дейін кепілдік мерзімін берсе, қазір оны 5-7 жылға дейін көтердік. Сол себепті мердігерлер үшін сапасыз жол салу тиімсіз. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың сапасы оны салған мекеменің абыройымен тікелей байланысты. Ал біздің мердігерлер өз жұмыстарын адал ниетпен жасайтын, тәжірибелі, абыройлы құрылыс мекемелері болып табылады, – деді  Алтай  Сейдірұлы.

Аулаларды қарап шыққаннан соң облыс әкімі Деподағы көпірді жөндеу жұмысымен танысты.

«Ка-Строй ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің айтуынша, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүруде. Қазір мұнда 38 адам  еңбек етіп, 13 техника тартылған. Олар монтаждау жұмыстарын атқаруда. Келесі аптадан бастап беріктілігі жоғары ұстындарды (колонна) монтаждау басталмақшы. Айта кету керек, жаңа кейіпке енетін көпірде бұрынғымен салыстырғанда 11 сваи артық болады. Көпір арқалығының ұзындығы 24-тен 32 метрге дейін ұлғаюы жол енінің 7-ден 15 метрге дейін кеңеюіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары темір жолдың екі жақ бетінде  де  қызу  жүруде.

Юлия  НИКИТИНА


Азаматы бардың ауылы ажарлана береді

Күні: , 23 рет оқылды

DSC_6129


Елбасымыз  ағымдағы  жылы  жариялаған  «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты бағдарламалық  сипаттағы мақаласында  «Туған  жер» бағдарламасын  қолға  алуды ұсынды.  Мемлекет  басшысы отансүйгіштік  сезімнің  кіндік қаның  тамған  жеріңе,  өскен ауылыңа,  қалаң  мен  өңіріңе, яғни  туған  жеріңе  деген  сүйіспеншіліктен  басталатынын қадап  айтқан  болатын.


Ұлт көшбасшысының саясатын қолдай білген жалпақталдық жампоз жігіттердің жарасымды істері биыл да өз жалғасын тапты. Ауыл мектебін 1997 жылы бітірген түлектер ауылға кіреберіс жолға атау белгі орнатып, туған жерлеріне тамаша тарту жасады.

Айта кетейік, соңғы жылдары мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер өз туған ауылдарына қолтаңбаларын қалдырып, ауылдың көркеюіне үлестерін қосып келеді. Бұл үрдіс 2013 жылы 1969 жылғылардың орталық көшеге жаңа алаң мен субұрқақ салудан басталған еді. Бұдан соң 1977 жылғылар орталық саябақ ішінен өз қаражаттарына заманауи жасанды төсеніші бар футбол алаңын жасақтады. Аталған үрдісті жалғастырған 1978 жылғы түлектер орталық мектеп маңынан балалар алаңын салып, ел игілігіне берген болатын. Ауыл мектебін 1996 жылы бітірген түлектер ауылға «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарық-диотты композициялық жазуды тарту етті.

Жылдан-жылға жаңарып, жасарып келе жатқан бұрынғы аудан орталығы биылғы жылы тағы бір әсем нысанмен толықты. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған, 1980 жылы туған түлектер соңғы қоңырау күні облыс орталығымен қатынайтын күре жолдың бойынан ауылға кіреберіс тұста ұлттық ою-өрнекпен бедерленген, «Жалпақтал. Қош келдіңіз!» деген үлкен жазуы бар, еңсесі биік, сәнді конструкциялық атау белгі көтеріп, салтанатты  ашу  рәсімін  оздырды.

– Біз ауылымызда бой көтерген тағы бір игі бастаманың куәсі болып тұрмыз. Мұндай белгілер облыс орталығына және басқа да үлкен қалалардың кіреберісінде орналасып, сол қаланың сәулетіне сән қосып тұрады. Біздің ауыл орталығы да күннен-күнге ажарланып келеді. Бұл жерде 56 электр бағаны мен 28 жарық фонарі  қойылып, айналасына тал-терек отырғызылды. Мектеп түлектерінен жалпы құны 7 млн. теңге көлемінде қаражат жиналды.  Сән-салтанаты келіскен бұл қақпа елге келген түлектер мен қонақтарға ерекше әсер береді деп ойлаймын. Бізден кейінгі мектеп түлектері де туған ауылына тарту-таралғы жасап, перзенттік парыздарын өтейді деп есептеймін, — дейді мектеп түлегі Александр Қарағойшин.

Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасына өз үлестерін қосамын дейтін әр ауыл-аймақтағы түлектердің қарасы көбейіп, бұл игі дәстүр әрмен қарай өз жалғасын таба бергей.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Базардағы тегін кеңес

Күні: , 21 рет оқылды

PRI_5646


Сенбі күні облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Жастарға кеңес» жобасы аясында шара өткізді.


Шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық дін істері басқармасы, ««Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы, «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесі, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Орал қалалық білім бөлімінің қызметкерлері мен заңгер мамандар арнайы шақырылды. Әдеттегідей мекеменің тар бөлмелерінде емес, қарапайым халық көп жиналатын орталық базар аумағында өткізілген бұл шара жұртшылық үшін, шынымен де тиімді  болды. Өйткені «Мирлан» базарының алдында қаздай тізіліп отырған түрлі сала мамандарына жолығып, кеңес алып жатқандардың қарасы көп болды. Бұл жерге тек базарға қарай ағылып өтіп жатқандар ғана емес, сонымен қатар базар сатушылары, сол маңда тұрған таксишілер де келіп, өздерін толғандырып жүрген мәселелері жөнінде кәсіби мамандардан кеңес алды.

– Бүгін біз жастарға тұрғын үй, жұмысқа орналасу, жеке кәсібін ашу, дін және басқа да мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсінік беру үшін осындай халық көп шоғырланатын жерлерге шықтық. Мамандардан кеңес алушылардың саны әп-сәтте көбейіп кетті, бұл біздің осы бастамамыздың оңтайлы, дұрыс екендігін дәлелдейді. Осыған қарап, бастама бұдан әрі де өз жалғасын табады деп ойлаймын. Алдағы уақытта да халық көп жиналатын жерлерге осындай көшпелі кеңес беру шараларын жиі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл шара негізінен, облыс әкімдігінің бастамасымен өткізілген «Ашық әкімдік» шарасының аясында ұйымдастырылды. Бүгін тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көшпелі кеңес тұрғындар үшін тиімді болды деп ойлаймын, өйткені мамандарға барып кеңес алушылар көп болды, — дейді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Аян Сакошев.

Оның айтуынша, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында да түрлі мәселелер бойынша келушілерге тегін кеңес беріледі.

– Бірақ сондай мекеменің бар екенін біреулер білсе, біреулер білмейді. Тіпті білгеннің өзінде ол жерге барып, кеңес алуға уақыттары жоқ. Сондықтан қарапайым халыққа кеңес берудің бұл түрін жиі ұйымдастыру керек деп ойлаймын, яғни осындай шараларды  көшеде, далада өткізу керек. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында былтыр 3568, биыл жыл басынан бері 1270 адам кеңес алды. Ал бүгінгі шара қорытындысы бойынша түрлі сала мамандарына екі жүздей адам жолықты, – деді Аян Сакошев  шара  қорытындысында.

Шара барысында жұртшылық, әсіресе, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалы мен «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесі қызметкерлеріне жиі барды. Мұнда қайсыбіреулер тұрғын үйді арзан бағамен алу жолын, сондай-ақ  «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы сұраса, тағы бірқатары жеке кәсібін қалай ашуға болатыны, енді бірі кәсібін кеңейту үшін не істеуге болатынын сұрады. Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарынан жұмысқа орналасу және осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар жөнінде мәлімет алғандар да аз болмады. Басқа сала мамандарынан кеңес алғандар да өздеріне көрсетілген қызметке риза болды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Маржан  ӘШІРБЕК,

қала  тұрғыны:

– Балама аяқ киім қарайын деп орталық базарға келіп едім. Осы жерде үймелеп жатқан адамдарды көріп, не жағдай екенін білгім келді. Сөйтсем, түрлі саланың мамандары олай-бұлай өтіп жатқан мен секілді адамдардың сұрақтарына жауап беріп, шаруасына жөн сілтеп жатыр екен. Мен де солардың қатарына тұра қалып, тұрғын үй мәселесіне қатысты бірқатар сұрақтарыма толыққанды жауап алдым. «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесіне барып кеңес алуды көптен ойлап жүргем, бірақ қолым тимей жүр еді. Базарға келіп, бір оқпен екі қоянды атып алғандай қуанып тұрмын. Ұйымдастырушыларға мың да бір алғыс. Осындай көшпелі кеңес жиі ұйымдастырылса екен.

Бағдат ӨТЕБӘЛИЕВА,

«Даму»  кәсіпкерлікті  қолдау қоры  облыстық  филиалының қызметкері:

– Бүгінгі көшпелі кеңесте тұрғындар жеке кәсіп ашу мәселесімен көп жолықты. Адамдар бұрынғыдай емес, көп өзгерген. Бәрі де өзінің жеке кәсібімен айналысқысы келеді. Меніңше, бұл – жақсы құбылыс. Бұл жағдай халық арасында Елбасының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі саясатының қаншалықты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Жеке кәсіпкерлік елімізде кеңінен қанат жайса, халықтың әл-ауқаты жақсарып,  еліміздің экономикасы өркендемей ме?


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика