Мұрағат: 24.05.2017


Талаптыға қанат бітірген

Күні: , 24 рет оқылды

IMG-20170515-WA0001


Педагогика саласында жоғары талаппен білім беретін оқу орындарының ішіндегі үздіктерінің бірі – Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты. Директоры – осы мектептің ашылғалы бері басшысы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Нәсіпқали Дәулетов.


Әлі есімде, 9-сыныптан кейін ауылдағы мектептерімізбен біржола қоштасып, сол кездегі А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жанындағы облыстық педагогикалық лицейде оқып жүрген кезімізде «біз де Пушкин сияқты лицеиспіз» деп мақтанатын едік. Ұстаздарымыз лицеист деген атаққа сай болуларың керек, сендер топ жарған лидерсіңдер, тек алға ұмтылатын көшбасшысыңдар» деп жігерлендіретін. Ал педагогика пәнінен дәріс берген Нәсіпқали ағайдың өзі сабақ, лицейдегі жалпы жиналыстары кезінде біздің білімді де білікті, ісіміздің маманы болу үшін барымызды салып, әрқашанда биіктен көрінуімізді талап ететін. Ол үшін ағайымыз барлық жағдайды жасады.

Біріншіден, ол кезде декан деген лауазымда басшылық жасаған Нәсіпқали Дәулетұлы мен лицейдің барша оқушыларының ризашылығына ие болған ректор Тұяқбай Рысбековтың қолдауының арқасында бізге жоғары санатты мұғалімдер ғана емес, институттың ұстаздары, ғалымдар сабақ берді. Біздің алған біліміміз жоғары оқу орнының бағдарламасымен тең келетіндей еді. Сонымен қатар лицейде мектеп бағдарламасында жоқ педагогика, психология, культурология сынды пәндер оқытылды. Әр пән бойынша бізді білім нәрімен сусындатқан оқытушылардың ішінде Қ. Биалиева, Р. Винник, Б. Бірімжаров, А. Ғалымов, М. Сабыр, А. Қыдыршаев, Ж. Жақсығалиев, А. Ниязғалиева, А. Ғабдуалиева, Қ. Мәдір, А. Сейтімов және т.б. болды. Сабақ 80 минут жүретін, сондықтан біз  көп нәрсені оқып, талдап, жаңа тақырыпты меңгеріп үлгеретін едік.

Екіншіден, жататын орнымыз да, оқитын жеріміз де сол педлицейдің ғимаратында еді. Осының арқасында біз еш жаққа шашырамай, тәрбиешілер мен мұғалімдердің қатаң қадағалауында болатынбыз. Кей кездері төртінші қабаттағы бөлмеміздің терезесінен кешкісін қарап отырып: «әттең, біз де мына серуендеп жүрген студенттер немесе жай адамдар сияқты еркіндікте жүрсек», деп армандайтын едік. Қызығы да, өкініштісі де сол – біз ол кезде осы жағдайдың барлығы біздің қауіпсіздігіміз бен алаңсыз білім алуымыз үшін жасалғандығын, сондай-ақ сол кездер біздің ең бақытты шағымыздың бірі екендігін түсіне қойған жоқпыз.

Тәртіп бойынша ең бірінші орында сабақ. Сабақ уақыты аяқталған соң үй тапсырмаларын орындау үшін сыныптарымызға қайтадан түсетін едік. Ол аз болса, жанымыздағы институттың барлық кітапханалары біздің еркін пайдалануымызға берілген. Ал кешкі уақытта бойында өнері барлар би, домбыра үйірмелеріне барып, қалғандары спорттық ойындар ойнап уақыт өткізетін. Пединституттың ұстазы болған Нағымова Меңдіғаным апайдың үйреткен күйлерін әлі ұмыта қойған жоқпыз.

11-сыныпта оқып жүрген кезімде орыс тілі пәнінен республикалық олимпиадаға лицей тарихында бірінші болып қатысып, осы білім сайысында орын алған (ІІІ орын) бірінші жүлдегері атандым. Әрине, әр ережені түсіне пайдалануды, сөздердің мағынасына қарай дұрыс талдауды көп мысалдар келтіре отырып, тәптіштеп үйреткен ұстазым Қабира Қабошқызы Биалиеваның, біздерге үлкен сенім білдіріп, үміт артқан деканым Нәсіпқали Дәулетұлының арқасында. Бұл жеңіс маған өмірде көп мүмкіндіктер ашып, үлкен жолдама берді, өйткені осы олимпиададан кейін облыстың ең дарынды балаларының делегациясы құрамында Президент Нұрсұлтан  Назарбаевпен кездесуге барсам, мектепті аяқтағаннан кейін еліміздің кез келген жоғары оқу орнына өзімнің мамандығым бойынша емтихансыз қабылдануға мүмкіншілік алдым. Осылайша сол кездегі Қазақстандағы ең басты университет – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті атандым. Ал облыстық олимпиадада 1-орын алса да, республикалық  сайысқа қатыспаған курстасым А. Бисекенов сол кездегі Білім және ғылым министрі Қ. Көшербаевтың шешімімен ЖОО-ға түсуге грант иегері атанып, педаго-гикалық институтқа емтихансыз қабылданды.

Бүгінде лицейден түлеп ұшқан сыныптас, курстастарым жоғары білімдерін алып, мамандықтары бойынша еліміздің әр жерінде жоғары деңгейде адал қызмет етуде.

Біз сияқты көп дарынды қанаттандырып, өмірге бақытты жолдама беріп келетін педагогикалық лицейіміздің жетістіктері жылдан-жылға молайып келеді.

ҰБТ-ның рейтингі бойынша мектеп-интернат елімізде ең үздік көрсеткішке ие болып отыр. Түлектерінің көбі жыл сайын «Алтын белгі», үздік аттестат иегері атанып, барлығы дерлік ЖОО-ға түсуде.

Білім беру сапасына тікелей әсер ететін кадрлық құрам үздіксіз ғылыми деңгейін көтеріп отырады, ал мектептің материалдық-техникалық базасы оқу-тәрбиеге қажетті құралдармен толық жабдықталған. 2001 жылдан бастап мектеп оқушыларына халықаралық деңгейде білім алуларына жағдай жасалып, мұнда А. Холмогоров атындағы физика-математика мектебінің білім орталығы ашылды.

Осындай көп жетістіктері үшін мектепке «2014 жылдың ең үздік мемлекеттік мекемесі» құрметті атағы берілсе, оның директоры Нәсіпқали Дәулетов «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды.

Бүгінде мектептің түлектері Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Малайзия, Қытай, Польша, Австралия, Түркия, Украина, Шотландия елдерінде халықаралық «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алды, оқып жатқандары да бар.

Назымгүл  ОРАЗГЕЛДИЕВА,

мектептің 1997 жылғы түлегі,

Бөкей ордасы ауданы


Көлтабандардың пайдасы көл-көсір

Күні: , 20 рет оқылды

878


Облыс басшылығы өңіріміздегі мал шаруашылығын жемшөппен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды қолға алуда. Соның бірі — көлдете суару жүйелерін қалпына келтіру. Облыс әкімі Алтай Көлгінов биылғы есеп беру жиынында алдағы бес жыл ішінде өңіріміздегі 120,3 мың гектар көлтабан жаңғыртылатынын айтты. Жер және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін бұл жүйені мамандар дағдарыс жағдайында мал азығы өндірісін дамытудың негізгі тетігі екенін айтады. Өйткені көлтабандарда аз еңбек шығынымен арзан жемшөп өсіруге болады.


Көлтабандардағы шөп сапасы төмендеген

— Қазір мемлекет тарапынан мал басы санын көбейту міндеті қойылып отыр. Ол үшін мал азықтық қорды арттырып, табиғи шабындықтардағы шөптің сапасын жақсарту қажет. Бұл істе көлтабандарға жете мән берген жөн. Көлдете немесе көлтабандап суғару деп ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында топырақты қажетті ылғалмен қамтамасыз ету үшін көктемгі суды жіберуді айтады. ТМД аумағында мұндай жүйе Ресейде, соның ішінде Еділ өзені жағалауындағы аймақтарда және Қазақстанда дамыған. Көлтабандап суғару еңістігі аз далалық, тұйық жерлерде және өзен жазықтықтарында жүргізіледі.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 255 мың гектарға жуық көлтабан бар. Қазір көлтабандардың барлығы табиғи шөп өндіру мақсатында пайдаланылуда. Өңіріміздегі ірі көлтабандар жүйесіне Орал-Көшім (87,1 мың га), Қараөзен (44,0 мың га), Сарыөзен (25,9 мың га), Қалдығайты (3,9 мың га), Өлеңті (10,3 мың га) жатады.

Ол жерлерде негізінен жатаған бидайық, бекманий, түлкіқұйрық, қарабас шалғын, арпабас, қияқөлең, көлқамыс, қоға, бақажапырақ, жолжарбақ сынды шөптер өседі.

Көлтабандардың экология-мелиоративтік жай-күйіне байланысты орта есеппен бір гектар алқапқа 3000-4000 м3 су жіберілу керек. Алқаптың сумен бастыру ұзақтығы ауа райына қарай 25-35 тәулік аралығында болғаны жөн. Сумен камтылған көлтабандар қасындағы қарапайым танаптарға қарағанда өнімді 5-10 есе көп береді.

Жәнгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдары соңғы жылдары көлтабандарды пайдалану бойынша зерттеулер жүргізген еді. Соның нәтижесі көрсеткеніндей, өңіріміздегі көлтабандардың суды қамтамасыз етуші жүйелері (арналалары) тозып, пішіндері бұзылған, арналарда тал-теректер өсіп кеткен. Сол себептен су қажет көлемде және уақтылы көлтабандарға жетпейді. Одан бөлек гидротехникалық нысандар (қақпалар, су шығару құбырлары және т.б.) әбден тозып, істен шыққан. Осылайша су беру режимінің реттелмеуі салдарынан өсімдік түрлері өзгерген, шөп сапасы төмендеген, топырақ тұзданған. Соған орай көлтабандарды қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға жете мән беріп, оларды жүйелі түрде жүргізген дұрыс, — дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Өсімдік шаруашылығы және егіншілік» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Оңаев.

Өлеңтінің оң жақ қапталы  жаңғыртылуда

035bcc91-3c9f-4dac-9cda-607fe1abe0e9Қазір облыс басшылығы тарапынан Сырым ауданындағы Өлеңті көлтабандық суару жүйесін қайта құру жұмыстарына жете мән беріліп отыр. Былтыр жөндеу, жаңғырту жұмыстары басталған бұл нысан аталмыш ауданның Бұлан, Жымпиты және Қособа ауылдық округтерінің аумақтары тоғысатын жерде орналасқан. 1935-1939 жылдары аралығында салынған нысанға 1955 және 1975 жылдары жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. «Нысанды тексеру, қарау жұмыстарын 2013 жылдың соңында қолға алдық, — дейді «Уралводпроект» серіктестігінің жоба бойынша бас инженері Қилыбай Орашев. — Сол кезде анықталғандай, бұл суару жүйесі 14 имарат, ұзындығы 50 шақырым болатын білік (вал), 18 шақырым суландыру-құрғату арнасы, 114 шақырым топырақтан жасалған саңылаусыз бөгеттен тұрады. Жалпы аумағы 10,3 мың гектарды құрайды. Бізге Өлеңті өзенінің оң жақ қапталындағы суару жүйесі құрылымдарын қайта қалпына келтіру жобасын дайындауға тапсырыс берілді. Бұл жердің аумағы — 2,35 мың гектар. Оған 871 метр білік, 6 имарат, ұзындығы 292 метр болатын суландыру-құрғату арнасы кіреді. Алты имараттың ішінде секундына 40 текше метр су жіберуге қауқары жететін №1 бас имарат бар. Қалғандарының қуаттылығы екі-үш есе аз. Ал №11 және №12 имараттар суды көлтабандарға қарай бағыттап жіберетін құрылымдар болып табылады. Көлтабандарға имараттар, бөгеттер, біліктердің арнайы салынып, салынбауына байланысты олар инженерлік, жартылай инженерлік және табиғи деп бөлінеді. Біздің облысымыздағы көлтабандар негізінен бірінші түріне жатады. Өлеңті өзені алқабындағы көлтабандар да осы санатқа кіреді. Ал Өлеңтінің сол жақ қапталында құжат бойынша 8 мың гектардан аса алқапта суару жүйесі бар екені жазылған, бірақ зерттеу барысында нақты қалып тұрғаны 5 мың гектар шамасында екені белгілі болды. Көп кешікпей бұл жаққа да жаңарту жұмыстарын жүргізген жөн».

Облыстық құрылыс басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, «Өлеңті көлтабандық суару жүйесін қайта құру жұмыстары» деп аталатын жобаның жалпы сомасы 103,6 млн. теңгені құрайды. Нысанға өткен жылы облыстық бюджеттен 18 млн. теңге қаржы қаралған. Бұл қаражатқа бас құрылым мен біліктерді жөндеу жұмыстарын мердігер компания талапқа сай жасаған. Ағымдағы жылы жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталады. Оған қалған қаражат, яғни 85,6 млн. теңге бөлінді.

Қособалықтардың қуанышы

Өлеңті көлтабандық суару жүйесінің жаңғыртылып жатқан бөлігі толығымен Қособа ауылдық округінің аумағына кіреді. Ауыл әкімі Жұмабай Сатаевтың айтуынша, былтыр №1 бас имараттың және өзге имараттар мен суармалау жүйелерінің күрделі жөндеуден өтуінің нәтижесінде биыл көктемде көлтабандарға су мол келіп, шөп бұрынғы жылдардағыдан төрт-бес есе көп шықты. Біраз жылдан бері су бармауына байланысты әдбен кеуіп қалған  тоғандар да сумен толды.

— Көлтабан мәселесін ауылымыздың тұрғындары біраз жылдан бері көтеріп келе жатыр. Оған ден қойып, шешуге білек сыбана кіріскен қазіргі аудан басшысымыз Абат Шыныбеков. Аудан әкімі көлтабандарға бірнеше мәрте барып, аралап қарап, жан-жақты танысып шықты. Бұл суару жүйесін қалпына келтіруге ауданның шамасы жетпейтіні анық. Сол себепті бұл мәселені облыс көлеміне шығарды. Сөздің шыны керек, біз ештеңе шықпайтын шығар деп ойладық, тіпті үміттенген де жоқпыз. Өткен жылы қаржы бөлінгенін естіп, жұмыс басталғанын көрген халықтың қуанышында шек болған жоқ. Күні кешеге дейін ауыл тұрғындары көктемде өзен суын жайылымға бұру үшін №1 бас имараттың маңын ішіне құм салынған қаппен бітеп келді. Бірақ онымен жөнді су бітелмеуіне байланысты су қажет мөлшерде келмейтін. Ал биылғы судың молдығы халықтың еңсесін көтеріп тастады. Сол үшін де ауылдастарымның атынан аудан, облыс басшылығына ризашылығымды айтқым келеді, деді Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Александр ҚАРАҒОЙШИН,

«Жиенбай» ЖШС-ның директоры:

— Біз жобаның бас мердігері болып табыламыз. Жұмысты былтыр күзде бастадық. Оған 15 адам, экскаватор, жол тегістейтін каток, жүк тиегіш (погрузчик), «КамАЗ» сынды техникалар тартылды. Жыл соңына дейін 6 имарат, соның ішінде №1 бас имарат жаңартылды. Қалған жұмыстар биыл, нақтылап айтқанда, көлтабандардағы су кепкен бойда одан әрі жалғасады, шамамен шілде айында бастауды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы жұмыс ауқымының көп болуына байланысты техника мен адам саны артады.

Жеңіс ШӘПЕШЕВ,

«Мүтір» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты (Қособа ауылы):

— Өлеңті өзенінің бойында ауылымыздағы 30 шақты шаруа қожалығының жері бар. Ол жердің бәрінде шөп бітік шығып, әріптестерім қуануда. Ал біздің шаруашылық ауылдың батыс жағындағы Аяқкөл деген жерде орналасқан. Біздің жақта он шақты көлтабан бар. Кеңшар болған кезінде оған су жақсы келіп тұрды. Әрқайсының шүмегі болды. Артынан бәрінің тоз-тозы шықты ғой. Соған байланысты көлтабандарға жөнді су келмей, далаға ағып кетіп жүр. Бұйыртса, биыл осының бәрі жөнделеді деп қуанып отырмыз. Бұл іс-шара ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық.

Шымболат ЕРМАҒАМБЕТОВ,

 «Қазсушар» РМК БҚО филиалының бас гидротехнигі:

— Бұрын Қалдығайты, Өлеңті және Жайық-Көшім жүйелерін көлдете суару арқылы әр гектарынан орта есеппен 18-20 центнер шөп алынып жүрді. Ол ол ма, одан кейін жөнді су болмай, қуаңшылық болған жылдар кезінде көлтабандардағы өнімділік өзге жерлерге қарағанда, бірнеше есе жоғары болады. Себебі, жақсы жинақталған су қоры келесі жылдарға да оң септігін тигізеді.

Көлдете суарылатын жерлерді қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асырылғаннан кейін суару жүйелерін дұрыс пайдалану үшін оны күтіп-баптайтын құрылым құру қажет. Себебі, көлтабандарға көктемгі тасқын суды шығару жұмыстары арнайы реттелмесе, қайта қалпына келтірілу бағытындағы инженерлік жүйелер істен шығады, күнделікті бақылау болмағандықтан, гидротехникалық имараттар жарамсыз болады. Ол жерде кез келген адам жұмыс істей алмайды. Көктемгі тасқын суды жіберу шарасын апатсыз өткізу, көлтабандарға су жіберу үшін инженерлік құрылымдармен жұмыс істей білетін кәсіби білім-біліктілігі бар мамандар қызмет атқарғаны дұрыс. Сондықтан гидротехникалық су нысандары қайта қалпына келтірілген аудандарда суармалау жүйелерін пайдалану учаскелерін құру қажет.


«Екі жылым зая кетті…»

Күні: , 32 рет оқылды

57b6b03d9999a4.44881666


Ерханның (есімі өзгертілді) бостандыққа шыққанына көп бола қойған жоқ. Біз оны Оралдағы әлеуметтік бейімдеу орталығынан жолықтырдық. Жиырма төрт жасар жас жігіт жастықпен жасаған ағаттығына және түрмеде текке өткен екі жыл уақыты үшін өкінетінін айтты. «Өзгелер менің қателігімді қайталамаса екен» дейді ол.


Кейіпкердің қазіргі тағдыры да оңай болып тұрған жоқ. Ол басынан өткізген жағдайды былайша баяндайды.

– Ол кезде әлі үйленбеген болатынмын. Болашақ жолдасым екеуміз «Рай» түнгі клубына бардық. Клубта жүргенде бір жігіт қызымды түйіп өтті. Мен одан сол бойда қалыңдығымнан кешірім сұрауын талап еттім. Ол келісе қоймады. Біз сөзге келе бастағанда, әлгі жігіттің жолдастары әңгімеге араласты. Мен оларға «Жігітше сөйлесейік, бір-бірлеп жекпе-жекке шығыңдар» дедім. Олар төртеу еді. Бәрі де ішімдік ішіп, қызыңқыраған. Менімен жеке-жеке төбелескен алдыңғы үшеуінің бірдей жақтары сынды. Галстук тағып, классикалық үлгіде киініп жүрген болатынмын. Еркін қимылдай алмағасын ба, төртіншісі қиынға соқты. Бойы екі метр, салмағы 150 келідей болатын, менен гөрі едәуір сақалау жігіт екен. 1999 жылдан бастап қалада өстім. Еркін күреспен айналыстым. Жекпе-жекте жеңіліп көрмеген едім. Бірақ әлгі жігітті тоқтата алмадым. Мәшинемде жатқан травматикалық тапаншамды алып, аспанға екі рет аттым. Қарсыласым оған да тоқтамады. Ол маған жүгіріп жете бергенде бұғып қалдым да, бүйірінен соқтым. Соған жалғастыра аяғынан төрт рет аттым. Қазір ол жігіт аяғын сылтып басады, бизнеспен айналысады деп естимін. Оған обал жасадым-ау деп ойлаймын. Осындай жағдайға орай маған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мен байланысқан жігіттердің әкелері қалталы, ықпалды адамдар болып шықты. Күйінетінім — төбелескеннен басқа қылмысым жоқ еді. Қолыммен жасағанды мойындаймын. Бірақ мені кісі сабағанмен қоймай, олардың қалтасындағы мың жарым доллар ақшасын, телефонын алған, онымен шектелмей мәшинелерін айдап кеткен қылды. Ақырында бір емес, қатарынан алты бап бойынша айып тақты. Марқұм жаттықтырушым Мұрат Жұмашев «Жаттығу кезіндегі айла-тәсілдерді сыртқа шығармаңдар. Ішпей-тартпай, тыныш жүріңдер!» деп қатаң ескертуші еді. Мен ішіп-тартқаным жоқ. Бірақ жастықпен төбелеске ұрындым. Екі жыл уақытым текке кетті. Жатқан тұрған сайын ойланып, өкінемін. Өкінетінім – әлі үйге бармай жүрмін. Әке-шешем бар. Зейнет жасындағы адамдар. Үйленгенмін. Екі қызым бар. Әйелім балалармен әке-шешемнің қолында тұрады. Бір болған іске байланысты әке-шешеме, әсіресе, жолдасыма ешкімге жариялап айта алмайтын ренішім бар… Жасыратын несі бар, жолдасыма енді қайырылғым да келмейді. Жақында бір танысым арқылы қыздарымды киіндірсін деп жолдасыма ақша беріп жібердім. Бірақ танысыма ақша кімнен екенін айтпа дедім. Түрмеде жұмыс жасап, аз-мұз қаражат жинағаным бар еді. Оларға болашақта да көмектесіп тұруды міндетім деп есептеймін. Қазір жүйкем жұқарған. Ешкіммен сөйлескім келмейді. Бұрын адамдармен ашыла сөйлесіп, тез тіл табысатынмын. Осы күні тұйық әрі ашуланғыш болып кеттім. Өзіммен өзім болғым келеді. Жаңа ғана психологқа барып кеңес алдым. Бірақ ішкі жан дүниемдегі жағдайды ашып айта алмадым. Үйдегілердің жағдайы жете тұра ара түсіп, түрмеден алып қалмағандарына да өкпелімін. Кездесуге келгенде шықпадым. Берген тамақтарын балаларға үлестіріп бердім. Онда жұрттың ақшасын ұрлап, адам өлтірген, тіпті әйелін өлтірген талай қылмыскерді көрдім. Түрмедегі ауыр жағдайды жауымның да басына тілемеймін. Күн сайын таңертең ұйқыдан тұрғанда бүгін бәрі жақсы болса екен деп ойладым. Ешкімге артық сөз айтпадым. Төбелесіп қалмасам екен деп тіледім. Түрмеде «біздің клубқа кір, анау-мынау» дегендей үгіт жүргізетіндер болады. Ешқайсымен араласпадым. Намаз оқы дейтіндер де болды. Ондайларға «Қазақ болған соң мұсылманбыз. Өзіңмен өзің бол. Мен сенімен сөйлеспей-ақ қояйын» дедім. Мен түрмеден босап шығар алдында қауіпті ағымның жетегінде жүріп, мейрамхана, дүкен тонаған сегіз ұйымдасқан қылмыскер қасымызға түсті. Бірде жаттығу жасап жүріп, сол топтың «лидерімен» кездесіп қалдым. Қасыма шақырып алып, әңгімеге тарттым.

— Намаз оқисың ба?

— Иә, оқимын.

— Қанша уақыттан бері?

— Алты жылдай болды.

— Намаз оқып, дүкен, мейрамхана тонағаның дұрыс болды ма?

— Оны Алла жолында жасадық. Кедейлерге ақша үлестіреміз.

— Ақша үлестірдіңдер ме? Аз болса да, пайда көрдіңдер ме?

— Ну, в Алмате гуляли.

Аузынан аңдамай шығып кеткен осы бір сөзіне байлана кеттім. «Ей, көке, сен намаз оқымайсың. Өйтіп жүргенше, бетіңдегі «маскаңды» шеш те, ел қатарлы жүр. Олай жүрмесең, қазір сегізіңді қосып опербөлімнің бастығының алдына апарамын да, одан сендер үшін менің мерзімімді көбейтуді сұраймын. Содан кейін сегізіңнің бірдей жақтарыңды айырамын» дедім. Бойымды біртүрлі ыза кернеп кетті. Тәртіп қадағалаушылар келіп, бізді екі бөлек алып кетті. Бірақ осыдан кейін олардың ешқайсысы маған жолаған жоқ.

Түзу тәртібім үшін мені мерзімімнен бұрын бостандыққа шығарды. Өнерді, қазақша ән шырқағанды жақсы көремін. Мерзімімнен бұрын босап шығуыма осы өнердің септігі тиді.

«Ер жігіттің басынан не өтпеген. Тек бәріне шыдам керек» деп өзімді іштей қайраймын. Адам өзінің жағдайының бір минуттан кейін не болатынын білмейді екен. Әп-сәтте бәрі басқаша болып кетуі мүмкін. Өзімнен кейінгі өсіп келе жатқан қазақтың жастары мен жасаған қателікті жасамаса екен деп тілеймін. Барынша тәртіпті жүріп, білім алып, спортпен айналысу кез келген адам үшін үлкен бақыт дер едім.

Жақында бір қызбен таныстым. Оған бар шындығымды жасырмай айттым. Жаңадан жөні түзу шаңырақ құрғым келетін ойым бар екенін де жеткіздім. Оның ағаларын танимын. Бірге күрескенбіз. Ол қызға әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатқанымды ғана айтқан жоқпын. Бірақ көп кідірмей, бұл жағдайымнан да хабардар етемін. Бәрі жақсы болса, дұрыс отбасын құруға шамам жетеді деп ойлаймын.

Ерхан батыл әрі қарулы жігіт. Әйткенмен, ол бізбен әңгімелесе бастағанда тамағына тас тығылғандай әлсін-әлсін іркіле берді. Жанарынан еріксіз аққан жасын тоқтата алмады. Жоғарыда өзі айтқандай, тұйықталып қалған жігітке басынан өткен жағдайларын айтқызу оңайға соқпады. Оның «Жаңадан жөні түзу шаңырақ құрғым келеді. Бәрі жақсы болса, дұрыс отбасын құруға шамам жетеді» деген үміті сағымға айналмаса екен деп тіледік…

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мұсылмандардың ұлық мерекесі

Күні: , 29 рет оқылды

IMG_8922


Құрметті   батысқазақстандықтар!

Қадірменді   аға-апа,  іні-қарындастар!

Сіздерді қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!


Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті.

Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шахуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты».

Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да – Жаратушының пендесіне жасаған ерекше тартуы. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп бұйырылған. Сондықтан да  бұл айдың басқа айларға қарағанда әр күні, әр сәті өте берекелі! Мен мұсылманмын деген әр адам осы берекелі айды қуанышпен қарсы  алып,  бірін-бірі  құттықтап,  тілектерін  жаудыады.

Біз де осы айдың шексіз берекетін пайдаланып, сіздерді тәуелсіздігіміздің тұғырлы, ел-жұртымыздың ауызбіршілігі, ынтымағы үшін атқарып келе жатқан қажырлы еңбектеріңізге зор табыс тілеп, баршамызды Алла Тағалам разылығына бөлеген, тәубе етушілермен тазарушылардан болған салихалы құлдарының қатарынан  болуымызды  нәсіп  еткей!

Қадірменді  аға-апа,  іні-қарындастар!

Алла Тағала баршамыздың қасиетті Рамазан айындағы ұстаған оразаларымызды, жасаған ізгі істерімізді қабыл етіп, тілеген барша тілектеріміздің  орындалуын  нәсіп  етсін!

Алла Тағала елімізге, жұртымызға амандық, Елбасына сабыр, халқымызға ауызбіршілік-ынтымақ беріп, отбастарыңызға және ұжымдарыңызға Алланың нұры жаусын! Алла істеріңізге береке-бірлік берсін!

Руслан  қажы СҰЛТАНОВ,

ҚМДБ  БҚО  бойынша  өкіл  имамы

«Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты сендерге де ораза ұстау парыз етілді». («Әл-Бақара» сүресі, 185- аят).

Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау. Шариғат терминінде ораза  ұстауға мүмкіндігі бар  адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы деп жазылған. Ораза – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.

Оразаның уақыты: Таңның атуынан  күннің  батуына  дейінгі  уақыт.

Алла Құранда былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар». Мұнымен күн мен түннің арасындағы шекараны айтқан.

«Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусындауынан шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша» (Қудси хадис).

Парыз  ораза

Парыз ораза екіге бөлінеді:

Тағайындалған ораза: Рамазан оразасы.

Тағайындалмаған ораза: қазаға қалған ораза мен «кәффарат» ретінде ұсталған оразалар.

Оразаның  дұрыс  орындалу  шарттары

  1. Хайыз бен нифастан таза болу: хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алуы абзал.
  2. Ниет: барлық оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет деп саналады, бірақ тілмен айту мәндүп. Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету абзал. Рамазан оразасын ұстауға әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке  ғибадат.

Оразаның  парыздылығы  түсетін  жағдайлар

  1. Жолаушылық.
  2. Жүктілік пен бала емізу.
  3. Ауру-сырқау.
  4. Кәрілік.
  5. Қатты ашығу немесе шөлдеу.
  6. Хайыз және нифас.
  7. Жанына қауіп төнген кезде.
  8. Ауыр жұмыста істеу.

Ораза  бұзылғанда  қазасы  ғана өтелетін  жағдайлар

  1. Дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен тамаққа су кету.
  2. Ұйқыдағы адамға су ішкізу.
  3. Ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып, оразасын бұзуы.
  4. Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде «оразам бұзылды» деген оймен ішіп-жеуді  жалғастыру.
  5. Түнде ниет ете алмай, күндіз ниет еткен адамның бұған көңілі толмай ішіп-жеуі.
  6. «Күн батты» деп жаңылысып, аузын ашса, бірақ күннің одан кейін батқанын білсе, оразасын бұзғаны үшін тек қана қазасын өтейді. Сәресіде тамақ ішіп отырған

кезде таң уақыты кірсе, дереу аузындағысын шығарса, ораза бұзылмайды.

  1. Түнде оразаға ниеттеніп, бірақ таңертең жолға шығып, жолда оразасын бұзатын болса.
  2. Түнде ораза ұстауға ниеттенген жолаушының жолда оразасын бұзуы.

Пітір  садақаның  үкімі

Ханафи мазхабында әрбір нисап көлеміне ие мұсылманға пітір садақа беру уәжіп. Шафиғи, Малики және Ханбали мазхабтарында пітір садақа беру парыз.

Ауыз  бекіту  және  ауыз  ашу дұғалары

Ауыз  бекіту  дұғасы:

Нәуайту ән асума саума шаһра рамадана минал фажри иләл мағриби халисан лилләһи таъала. Аллаһу акбар!

Қазақша мағынасы: Алланың разылығы үшін таң білінгеннен күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. Алла ұлық!

Ауыз  ашу  дұғасы:

Аллаһумма ләкә сумту уә бикә әмәнту уә ъаләйкә тәуәккәлту әу ъала ризқикә афтарту фағ-фирли ма қаддамту уамә  аххарту. Аллаһу акбар!

Қазақша мағынасы: Иә, Жаратушы ием! Сен үшін ораза тұттым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сенің берген ризығыңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла Тағалам! Менің әуелгі және кейінгі күнәларымды кешіре гөр. Алла ұлық!


Метіркелік мәліметтер зерттелмек

Күні: , 112 рет оқылды

IMG_4786


Өңір өлкетанушылары бұрын зерттелмеген тың тақырыпты қолға алып, ХІХ ғасырдың басында қазақ даласындағы мешіттерде жүргізілген тіркеу құжаттарын (метірке) зерттеуге кірісті. Бұл туралы сейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде мәлім болды.


Медиахолдинг басшысы Жантас Сафуллиннің айтуынша, өңір өлкетанушыларының Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы Ұлттық архивтегі сақталған тіркеу кітаптарының көшірмелеріне қол жеткізуі тың жаңалықтың бетін ашуға мүмкіндік берген. Аталмыш құжаттарды Алматы қаласының қазіргі тұрғыны (Атырау қаласының тумасы) Ескендір Төремұратов өз ата-тегін іздеу мақсатында жинаған. Кейін Батыс Қазақстандағы құлпытастарды зерттеуді қолға алған «Жайық Пресс» басшылығына өз еркімен табыс етті. Ал 1865 жылы Бөкейлікте мешіт имамы жүргізген метірке құжаттарын араб қарпінен қазақ тіліне аудару жұмыстарымен Сайфулла Моллақанағатұлы айналысуда.

Аударылған нұсқадан аңғарғанымыздай, мешіт имамы жүргізген тіркеу кітабы адамдардың туу деректерін, некелесу, ажырасу ісі және қайтыс болғандарды тіркейтін арнайы төрт журналдан тұрады. Айталық, туу фактілерін тіркеу журналында нәрестенің аты мен жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөндері, рулары, мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған. Қайтыс болуды тіркеу журналында марқұмның дүниеден өткен уақыты мен қандай аурудан қайтыс болғандығы, жерленген жері, тіркеген имамның аты-жөні туралы деректер енгізілген. Некелесушілердің неке қию журналында да жас жұбайлардың аты-жөні, екі жақтың туыстарының тектері, куәгерлердің кім екендігі, тіпті берілген қалың малдың мөлшері мен несиеге қалған малдың мөлшеріне дейін нақты көрсетіліп тіркелген. Талақ тастау (ажырасу) журналында да дәл осындай мәліметтер көрсетіліп, талақ етудің басты себептері көрініс тапқан.

Басқосуда алдымен сөз алған Жантас Набиоллаұлы метірке кітабын аудару, оны зерттеудің маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.

— Метіркелік кітаптар – өлке тарихында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырып. Бұл жазбалардан біз тіркеу кітабының қазіргі замандағы АХАЖ (ЗАГС), нотариус, халыққа қызмет көрсету орталығының (ЦОН) қызметін бір өзі атқарғанын көреміз. Тіркеу кітабы сол кезеңдегі қазақтардың арасындағы туыстық және мүліктік қарым-қатынастарды реттеп, қағаз бетіне түсіріп отырған. Яғни осы кезге дейін әр жерде айтылып жүрген «қазақтар надан, жазу-сызуы болмаған» деген жаңсақ пікірлерді теріске шығарып отыр. Бұл кітаптардың біздің қолымызға тиюіне жергілікті өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың үлесі зор болғандығын айтқым келеді. Ендігі алдымызда тұрған басты міндет – метіркедегі мәліметтерді маңыздылығына қарай жүйелеп, тыңғылықты, тереңдетіп зерттеу, — деген медиахолдинг басшысы тағы да тың деректің табылғандығын жеткізді. – Бүгінде біздің қолымызда 1905 жылы батыс өңірдегі қазақ зиялыларының мешіттердегі метіркені тоқтатпау жөнінде Санкт-Петерборға жазған хаттарының көшірмелері де бар. Бұл мешіттердегі осы жұмыстарға байланысты патша үкіметінің тарапынан қысым болғандығын көрсетеді. Хаттарды облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай дайындық барысында газет тігінділерін мұрағаттардан іздеп, Алматыға барған сапарымызда тапқан болатынбыз. Соған қарағанда, патша үкіметі қазақ ұлтының қалыптасқан мықты жүйесі бар, өзінің шығу тегін жақсы білетіндігін, оған осы құжаттың дәлел болатындығын көз жеткізген соң, тіркеу жүргізуді күшпен тоқтатқан болу керек, — деген Жантас Сафуллин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласындағы өлке тарихын зерттеп-зерделеуге шақырған ұстанымдарына осы жұмыстар толық негіз болатынын алға тартты. Өйткені сананы жаңғырту мәселесінде, ең алдымен, мәліметдерек керек. Тарихымыз түгенделмей, рухани тұрғыда жаңғыру мүмкін емес. Сонымен қатар тіркеу кітабы әр адамның түп ата-тегі мен шежіресін, сол кездегі өңірдегі әлеуметтік-саяси, діни ахуалды толық тануға мүмкіндік бермек.

Өз кезегінде Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин отандық тарихнамада қазақ даласындағы метіркелік кітаптар толық әрі кешенді зерттелмеген ақтаңдақ беттердің бірі екендігіне баса мән берді.

— Метіркенің шығуының өзі ХVІІІ ғасырда Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатымен де тығыз байланысты. 1788 жылы Уфада Орынбор мүфтияты құрылды. Сол кезде метіркелік кітаптар Ресейде де христиандық шіркеулерде тіркеліп отырғаны белгілі. Ал құжаттағы мәліметтер араб қарпінде жазылған. Қазіргі кезде Уфадағы орталық архивтің 295-қорында Орынбор діни басқармасының 71 мыңнан астам құжаты жинақталған, жиырмадан астам тізбесі бар. Соның ішінде Бөкей ордасына қатысты құжаттар өте көп (ХІХ ғасырдың аяғындағы Бөкей ордасы бес қисым, екі округке бөлінді) сақталған. Сол кездегі мешіт-медреселердегі имам, ишан, ахундар туралы, заманында батыр-би болған тұлғалар туралы толық дерек бар. Бұл бөкейліктегі тұлғалар тарихын толықтыруға үлкен ықпал етеді. Егер оларды асықпай зерттесе, өлкемізге қатысты, туған жерді тануда әлі де тың деректер табылатыны сөзсіз. Сондықтан метіркелік кітаптарды зерттеу қолға алынса, өзге архивтік деректерді де зерттеуді бірге жүргізу қажет. Бұл жұмыстар Ресейде жүйелі жолға қойылған, — дейді тарихшы ғалым.

Ал БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов метіркелік кітаптардың зерттелуі сол кездегі халықтың саны мен әлеуметтік жағдайын, тарихи демографияны одан әрі жетілдіре түсуге септігін тигізетінін атап өтті. Бұдан кейін белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова метіркелерді зерттеуді Алашорда тарихын және баспасөз тарихын зерттеуден бөліп қарауға болмайтынын, осы бағыттағы жұмыстардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жүргізу қажеттігін айтты.

Жиын соңында шараға қатысушылар аталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін музей жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы облыс басшысына ұсыныс хат жолдауға шешім қабылдады.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

кесте 2кесте 3кесте 4


Өнер өкілдері ұлықталған күн

Күні: , 46 рет оқылды

AE3I5940


Сейсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениет – нұрлы өмір» атты мерекелік кеш өтті.


Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, драматург Роллан Сейсенбаев пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов қатысты. Мерекелік кеш Қарлығаш Қадырбекованың би студиясы қойған театрландырылған би көрінісімен ашылып, өңір өнерпаздарының әсем әуендерімен қыза түсті.

— Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани байлығымыз туралы бірнеше мәселе көтерген еді. Мәдени жаңғырусыз, рухани байлықсыз экономикамыз да, басқа салаларымыз да ілгері баспайтыны анық.

Жас ұрпақтың мәдениетті де тәрбиелі, саналы  болып өсуіне мәдениет пен өнер майталмандарының қосар үлесі зор. Күні кеше ғана өңірімізге ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев бастаған «Қазақконцерт» өнер ұжымы келіп, «Сәлем саған, Ақ Жайық» атты концерт өткізді. Олардың арасында Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмеденова, Айжан Нұрмағанбетова секілді өнер саңлақтары облысымыздың  12 ауданын аралап, 15 ән кешін өткізді. Сондай-ақ жуырда облыстық қазақ драма театрына КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімі берілді.  Ендігі кезекте Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш музейі» ашылып, айтыс өтпекші. Сырым Датұлының 275 жылдығы да тойланатын болады. Мұндай мерекелік шаралар өнер ұжымының қолдауынсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан мәдениет пен өнер ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, — деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

AE3I59230O9A1860Мерекелік кеш барысында сөз алған жазушы, драматург  Роллан Сейсенбаев Дешті Қыпшақ даласында Ақ Жайық өнерінің алар орны ерекше екенін атап өтіп, мәдениет пен өнер ұжымын кәсіби мерекелерімен  құттықтады.

Салтанатты шарада  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен Ақжайық тарихи-өлкетану музейінің директоры Аян Жұмағалиев, аталмыш министрліктің алғысхатымен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Дария Бақытова мен Ақсұлу Жұмалиева марапатталды. Ал  облыс әкімінің алғысхаты Рысбике Ибраева, Оксана Лаврова, Медет Оразов, Асия Стародубцева, Нұрлыгүл Сағыноваға, Әнуарбек Балдақов, Гүлнәз Хамзина, Мая Якшаинова, Надежда Хрипченко сықылды мәдениет пен өнер саласында ерекше  орны бар  жандарға  табысталды.

Сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының алғысхатына облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының бөлім меңгерушісі Гүлбану Қажғалиева, облыстық камералық оркестрінің әртісі Луиза Қалиева, облыстық мемлекеттік архивінің архивисі Орынбек Тасмағанбетов және Орал қалалық үрмелі аспаптар оркестрінің әртісі Дмитрий Волгин мен облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің дыбыс режиссері Дмитрий Смелов ие болды. Сонымен қоса шара барысында мәдениет пен өнер саласының үздік қызметкерлері арнайы аталымдар бойынша марапатталды.  Айта кетсек, Ж. Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Аягүл Нуфтуллина «Үздік кітапхана қызметкері», облыстық тарихиөлкетану музейінің маманы Әсел Нәсіпқалиева «Үздік музей қызметкері»,  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов «Ақ Жайықтың дауысы»,  Х. Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері Қарлыға Меденова «Үздік әдіскер», облыстық қазақ драма театрының әртісі Думан Омаров «Сахна саңлағы», Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Бекет Нәсенов «Үздік ұйымдастырушы» атанса, А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрының суретшісі Максим Будаевқа «Кәсіби  шеберлігі үшін» аталымы  бұйырды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Көшетті дұрыс таңдайық

Күні: , 17 рет оқылды

nabor-gorshkov


Көктем шығысымен, базарларда бау-бақша дақылдардың тұқымдары мен жеміс-жидектің, әр түрлі сәнді гүлдердің жас көшеттеріне тола кететінін көріп жүрміз. Жас өскіндерді жеке адамдар да, арнайы фермерлік шаруашылықтар да, бағбандық серіктестіктер мен дүкендер де саттыққа шығара бастайды. Алайда кез келген бау-бақша салғысы келетін жандардың көкейінде «Жақсы көшетті қайдан сатып аламыз?», «Қалай таңдаймыз?», «Сапасына қалай мән береміз?» деген секілді көкейкесті сауалдар мазалайтыны анық.


Біз осы мақсатта орталық базарға арнайы келіп, бірнеше сатушының сөзіне құлақ түріп көрдік. Бір байқағанымыз, олардың бәрі бірдей бау-бақшаның қыр-сырын білмейтін болып шықты. Көбісі алыпсатарлықпен айналысып отырғандарын да жасырмады. Біраз жүріп өзін агрономмын деп таныстырған Дархан есімді жігіт ағасына жолықтық. Біздің не мақсатта жүргенімізді білгеннен кейін, біраз пайдалы кеңестерімен бөлісуге қуана келісті.

— Кейбір сатушылар ерте егілген көшеттерді еліміздің оңтүстік аймағынан наурыз-сәуір айларында-ақ әкеле бастайды. Бірақ оларды алуға асықпағаныңыз жөн. Бұл көшеттер солтүстікке жақын орналасқан облыстардың табиғи климатына икемсіз әрі суыққа төзімсіз келеді. Өйткені мұндай өскіндерді қанша баптасаң да, 50-70 пайызына дейін қурап қалатынын жиі көріп жүрміз. Бізге Ресейдің көршілес облыстарынан әкелінген көшеттер тез бейімделеді, өйткені табиғатымызда көп айырмашылық жоқ, — деп әңгімесін бастаған ол үнемі жанынан тастамайтын қойын кітапшасын шығарып, бау-бақша күтіміне қатысты түртіп алған мәліметтерін көрсетті. Сонымен…

 

Көшетті қай уақытта алған дұрыс?

 

Негізінен көшеттің тез тамырлануы үшін топырақтың беткі қабатының белгілі бір температураға дейін қызатын уақытын күткен дұрыс. Суыққа төзімді көкөністер үшін (орамжапырақ, салат жапырағы, балдыркөк) топырақтың 10-15 см-ге дейінгі беткі қабаты +10…+12ºС-қа дейін жылынғанын күту қажет. Күн сүйгіш томат қызанағы үшін +12…+14°С, бұрыштар мен баялды үшін ауа температурасы +15°С-тан жоғары болғаны абзал. Ал тамырлары өте әлсіз әрі қайта отырғызуға төзімсіз келетін қияр, асқабақ, кәді, қарбыз үшін күннің қызуы +17…+18°С-тан төмен болмауын естен шығармаған жөн. Егер де өсімдіктер неғұрлым салқын жерге отырғызылған болса, ұзақ уақыт бойы «ауырып», гүл атып, тұқым беруі кешуілдейді. Ең дұрысы, күн райының +20°С-қа дейін жылынғанын күту керек. Алайда соңғы жылдары ауа температурасының күрт өзгеруі біраз бағбанды әуреге салып жүргені де жасырын емес.

Ешқашан да көшеттерді мөлшерден тыс көп алмаңыз. Алынған көшеттеріңіздің 3-4 күн бойы суда немесе дымқыл қап түбінде жатып қалмауын қадағалаңыз. Әйтпесе, жас өскіндердің жерсінуі 3-4 күнге созылып, 10 күнге дейін ерекше күтімді қажет етеді. Екіншіден, көшеттердің бірнеше түрін бір күнде сатып алуға асықпаңыз. Сатып алуға ең қолайлы уақыт таңғы сағат 10-11-дің арасы болса, сол күні түс ауа отырғызып үлгергеніңіз жөн. Яғни күндізгі ыстықтың райы қайтып, кешкі салқын түсе бастағанда көшеттер қоршаған ортаға жақсы бейімделеді.

 

Сыртқы түріне қарап қалай таңдаймыз?

 

Ол үшін төмендегі көрсеткіштерге назар салғаныңыз дұрыс:

 

1. Көшеттің тамырлану жүйесі

Бүгінде сатушылар екі түрлі әдіспен өсірілген көшеттерді таңдауға кеңес береді: ашық және жабық тамырлы жүйе. Кез келген көшетті таңдағанда олардың жекелеген ыдыстарда, стақандарда, құмыраларда өсірілгеніне назар аударыңыз. Тамырдың түбі дымқыл, бірақ сулы болмағанына мән беріңіз. Егер жабық тамырлы болса, олар құмыраның ішіндегі топыраққа қатпаған, әрі тексеріп қарауға жеңіл болуы керек. Жас көшеттің тамырының түсі ақ, солмаған және сарғаймағанына көз жеткізіңіз.

2. Көшеттің сабағы

Әдетте баптап өсірілген көшеттің сабағы түзу, иілмеген, жұмсақ әрі жырық түспеген болуы тиіс (биологиялық белгілерін ескеріңіз). Өйткені сабақ жұмсақ күйінде оңай иіледі әрі сынбайды, тез қалпына келеді. Ерте пісетін қызанақ сабағының диаметрі немесе жуандығы 7-8, ал кеш пісетін сұрпы 7-10 мм, аздап күлгін түс берсе, баялды мен болгар бұрышының сабағының диаметрі 6-7 және тамыр мойны 4-6 мм болады. Баялдының сабағы аздап бұдырлау, ал бұрыштыкі қою жасыл түсті, жұмсақ келеді. Орамжапырақта сәл өзгешелеу. Оның сабағының ұзындығы тамыр мойнынан бірінші жапыраққа дейін 3-6 см құрайды, диаметрі неғұрлым үлкен болса, соғұрлым пайдалы. Жақсы өсірілген көшет сабағының қалыңдығы 8-10 мм-ден кем болмайды. Егер өсімдіктің диаметрі 3-4 мм-ден аспаған әрі әлсіз болса оған жоламаңыз. Сабағы түзу болуға тиіс, егер ол қисайып өссе, одан әрі бой алып кетуі қиынға соғады. Өскіннің жапырағында табиғи түрінен бөлек, күмән келтіретін дақтар оның ауру немесе зиянкесінің көп екендігінен хабар береді.

3. Көшет жапырақтары

Кез келген көшеттің жапырағы өзінің табиғи түсіне сай болуы тиіс. Жапырақтың табиғи түрінен бөлек қою-жасыл түсте болуы оны азотпен артық қоректендіргенін көрсетеді. Мұндай жағдайда ол тез сынғыш келеді. Егер сіз өсімдік жапырағының табиғи түсін ажырата алмайтын болсаңыз, бірнеше сатушыдан асықпай салыстырып қарағаныңыз абзал. Сондай-ақ едәуір өсіп кеткен көшетке қызықпаңыз. Ол тым жәй өнім береді әрі өнімі аз болады. Егер көшеттің жапырағы тым солғын, түгелдей бір түске боялмаған, сабағы күңгірттеу, тамыры солған гүлдің сипатындай болса, мұндай көшеттер отырғызуға мүлдем жарамсыз, оларға жоламауға кеңес береміз.

кесте

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Lshagatai@mail.ru

Тел.: 51-18-14


«KazRoboSport-2017»

Күні: , 16 рет оқылды

7827апапавп


ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің жанындағы студенттер сарайында «KazRoboSport-2017» роботты техникасы бойынша облыс чемпионаты өтті.


Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Қазробототикс» федерациясы, республикалық жоғары техникалық колледжі және облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға Бөкей ордасы, Тасқала, Теректі, Ақжайық, Бөрлі аудандарының намысын қорғап келген дарынды оқушылармен бірге қазақ-түрік лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебі және қала мектептерінің оқушылары қатысты. Өскелең ұрпақтың инженерлік-техникалық мамандықтарына қызығушылығын ояту шарасының нәтижесінде үлкен шығармашылық жұмыс бойынша Дулат Мұратов (дарынды балаларға арналған мамандандырылғын С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені), Диана Мұратова мен Темірлан Маулен (мектептен тыс оқушылармен жұмыс орталығы, Тасқала ауданы), кіші биатлон сайысынан Сағи Саясат және Асанәлі Темірешов (қазақ-түрік лицейі), футбол сайысынан Жәңгір Баянов пен Арыстан Сабыр (Назарбаев зияткерлік мектебі), жол сызық бойымен жарыс нәтижесінде Нұрғиса Апбаз бен Бекзада Сәлім (республикалық жоғары техникалық колледжі), кіші жол сызық бойымен жарыс бойынша Рүстем Бегеев пен Нұрсәт Аманғалиев (№38 мектеп-лицейі), кіші кегельринг бойынша Мирлан Тінәлиев пен Арнұр Оразғұл (Назарбаев зияткерлік мектебі), үлкен кегельринг бойынша Әлихан Таласбаев Бекзат Маулетов (№42 «Ақниет» гимназиясы), робосума бойынша Ернар Ільясов пен Елдар Мендіғалиев (№43 мектеп) үздік шығып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Алтын белгіге» 254 түлек үміткер

Күні: , 29 рет оқылды

PRI_4329


Сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалы алаңында ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарының жүргізілуі туралы брифинг өтті. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, ҰБТ облыс бойынша Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Сырым аудандары орталығында және М. Өтемісов атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да, барлығы 9 пунктте өтеді. Биылғы оқу жылын 4206 түлек аяқтамақ. Олардың 3229-ы тестілеуге қатысуға ниет білдірген. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 254 (2016 жылы — 192, қорғағаны — 90), үздік аттестат алуға 137 (2016 жылы — 79, қорғағаны — 24) түлек ниетті.


Биылғы жылдан бастап ҰБТ екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезеңде қорытынды аттестаттау болады. Мектеп бітірушілерге арналған бұл мемлекеттік емтихан тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерін қаншалықты меңгергенін айқындау мақсатында жүргізіледі. 11-сыныпқа арналған бұл емтихандар 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді. Екінші кезең – Ұлттық бірыңғай тестілеуде мектеп бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу үшін емтихан тапсырады. Бұл кезең 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

ҰБТ бойынша ең жоғары балл – 140.

Облыстық білім басқармасы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлерімен бірге барлық ҰБТ пункті және оқушылардың тұру, тамақтану, қону орындарын алдын ала тексеретін болады. ҰБТ-ны айқын және объективті өткізу үшін барлық жерде металл іздегіштер, ұялы телефондардың дыбыстарын өшіру және бейнебақылау қондырғылары қолданылады. Аудандық білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша ҰБТ-ны ұйымдастыруға барлығы 6 875 147 теңге қаражат бөлінген (соның ішінде тамақтануға – 3 792 036 теңге, қонуға – 953 950 теңге, тасымалдауға – 2 129 161 теңге). Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінің жетекшісі Нұржан Әбекешов ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу барысындағы өзгерістерге тоқталды.

Брифингте Айгүл Әділгерейқызы мектеп бітіру кеші біздің облыста 14 маусым күні өтетіндігін мәлімдеді. Дәл осы күні түлектерге жалпы орта білім туралы аттестаттары мектептерінің қабырғасында табыс етілмек. Мектеп бітіру кештерін көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында өткізуге және мектеп әкімшілігі мен педагог қызметкерлерге сыйлық алу үшін білім алушылар мен олардың ата-аналарынан ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Осы бағытта облыстық білім басқармасы жанынан бес адамнан тұратын арнайы штаб құрылған.

Мектеп бітіру кештері мектеп өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі екенін ескере отырып, кештерді жоғары деңгейде және жаңа үлгіде өткізу мүмкіндігі қарастырылған. ҚР «Білім туралы» заңының 8-бабына сәйкес жыл сайын облыстық білім басқармасында білім беру ұйымдарында ақша жинауға тыйым салу туралы бұйрығы шығарылады. Бұл бұйрық барлық білім беру ұйымының басшыларына таныстырылды. Аталған бұйрықпен ақша жинаудың барлық түріне, соның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сыйлық алуға, бітіру кешін өткізуге қатаң тыйым салынды. Бұл бұйрықтың орындалуына жауапкершілік мектеп директорларына жүктеледі. Егер ақша жинау дерегі анықталған жағдайда мектеп директорын қызметтен босатуға дейін шара қолданылатын болады.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған елге тағзым ету жөнінде атап өткен еді. Осы бағытта мектеп бітруші түлектер арасында «Туған жерге тосын сый» атты акциялар ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде танымал тұлғалардың жеткен жетістіктері кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Білім саласына тиісті қаражаттар бөлінгенімен, өңіріміздің кәсіпкерлері, зиялы қауым өкілдері, яғни жанашыр азаматтар өздерінің білім алған мектептеріне де демеушілік жасауы да кейінгіге үлгі.

Биыл 11 білім нысанының күрделі жөндеуіне, соның ішінде алты мектеп, төрт балабақша, бір мектептен тыс ұйымдарға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуде. Облыста бес мектептің құрылысы жүруде.

Биылғы оқу жылынан бастап орта білім беру жүйесінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамыту 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жүзеге асыру аясында жаңартылған білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен енгізу басталды. Ағымдағы оқу жылында еліміздің барлық 1-сыныптарында білім берудің жаңа бағдарламасы енгізілгені жұртшылыққа мәлім. Алдағы жаңа оқу жылынан 1, 2, 5, 7-сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша оқитын болады.

Биыл жазғы демалыспен 1-10 сынып оқушыларының 92,2 пайызы қамтылады деп жоспарлануда. Осы мақсатта 351 мектеп жанындағы лагерьлер желісі, 228 тамақтануы ұйымдастырылмаған алаңдар құрылмақ. Шатырлы лагерьлер саны 22-ден 29-ға артады деп көзделуде. Төрт, бес жарымнан астам жоғары және орта буында оқитын оқушылар республика мен облыс бойынша экспедицияларға шығып, туристік таныстыру саяхаттарымен қамтылмақ. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін 6,5 мыңға жуық оқушы ұйымдасқан түрде тамашаламақ. Брифинг соңында білім саласының мамандары журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Дарын – 2017»

Күні: , 24 рет оқылды

PRI_4525


Оқушылар  сарайында  «Дарын – 2017»  қалалық  үздік оқушылар  шеруі  өтті. Салтанатты  шарада  облыстық, республикалық  сайыстардан  түрлі  бағыттар  бойынша жеңімпаз  атанған  қала  мектептерінің  оқушылары  бірнеше аталымдар  бойынша  марапатталды.


Шараның ашылуында сөз алған қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов үздік оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

– Құрметті дарынды балалар, ата-аналар, ұстаздар! Сіздерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Бүгінгі марапаттау рәсіміне жиналған үздік оқушылардың қатары көбейе берсін. Балаларымыздың сапалы білім алып, емін-еркін спортпен, мәдениетпен айналысуы үшін жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Солардың бірі – оқушылар сарайының бой көтеруі. Бір мекемеде мыңға жуық бала бірнеше үйірмеге қатыса алады. Ендеше, қабілеттеріңіз арта берсін, – деді Мирболат Санғалиұлы.

Қалалық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төремұратованың мәлімдеуінше, аталмыш шеруге қаланың 48 мектебінен ұсынылған озат оқушылар арасынан ең үздіктері іріктелген.

– Егеменді елімізді өркениетті елдердің қатарына қосатын болашақ ұрпақ болғандықтан, оларды белгілі деңгейде тәрбиелеп, білім беру – біздің парызымыз. Бұл бағытта қалалық ұстаздар алғаш рет «Дарын – 2017» атты қорытынды шеру ұйымдастыруда. Қаламызда 40 мыңнан астам мектеп оқушысы болса, бүгін солардың арасындағы ең жүйріктері өздерінің аталымын алмақ. Бұл – ата-ананың және мектептің ортақ қуанышы. Біздің мақсатымыз – жетістіктерді марапаттау арқылы оқушыларды және олардың ата-аналарын ынталандыру, өзге оқушыларға үлгі ету, – дейді Жансұлу Меңешқызы.

PRI_4545Оқушыларды марапаттау үшін әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев, «Батыс қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берқалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин шараға арнайы қатысты.

Сонымен, «Жылдың үздік оқушысы» аталымын Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушысы Дана Ерғалиқызы (суретте) алды. Ал «Жас ғалым» аталымының дипломанттары болып  №42 «Ақниет» гимназиясының оқушысы Рамазан Сұлтанов (суретте) және Мәншүк Мәметова атындағы №27 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ерболат Сайлыбаев танылды. Бұдан бөлек «Білімдар», «Жыл көшбасшысы», «Көркемсөз шебері», «Шебер қолдар», «Алтын дауыс», «Биші өнерпаздар» аталымдары  бойынша өзге де оқушылар марапатталды.

«Көркем сөз шебері» аталымының лауреаты  және «Алтын кітап» иегері Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Оралхан Зағыпар мектептен тыс сайыстар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын қатар алып жүргенін айтты.

– Осы оқу жылы бойынша  бірнеше жетістігім бар. Мәселен, желтоқсан айында Ақтау қаласында өткен республикалық «Әбіш оқулары» байқауында ІІ орын, ал Өскемен қаласында өткен республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша Қанипа Бітібаева атындағы олимпиададан ІІІ орын алдым. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен педагогикалық олимпиадаға қатысып, ІІІ орын алдым. Өзім «Ақберен» жас ақындар үйірмесінің мүшесімін. Бір  жылғы жетістіктерімізбен шектеліп қалмай, жалпы өмірде үлкен азамат болу  –  басты мақсатымыз, — дейді  жас  ақын.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Айбатыр  НҰРАШ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика