Мұрағат: 22.05.2017


«Атакәсіпке бет бұрсақ»

Күні: , 51 рет оқылды

PRI_4032


Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аудандарға іссапары Қаратөбе өңірінде жалғасты. Өңір басшысымен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, бірқатар облыстық басқармалардың басшылары ауданның бүгінгі ахуалымен танысты.


Алтай Сейдірұлы бастаған делегация аудан орталығына таяу жерде орналасқан мал сою орнына бет алды. Қазір мұнда құрылыс жаңадан басталған екен. Жобаның құны — 118 миллион теңге. Мердігер ұйым — «Каспий корпорейшн». Аталмыш орында мал сойылып, болдақыланбақ. Құрылыс жұмысы биылғы қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Облыс әкімі кешеннің құйыла бастаған іргетасына өзінің қолы қойылған қағазы бар капсуланы салтанатты түрде салу құрметіне ие болды.

Тапсырыс беруші «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов салынып жатқан кешен құрылысына 100 гектар жер берілгенін, оның 12 гектарының мал сою орнының еншісіне тигенін айтты.

— Мал сою орны іске қосылғасын жұмыс екі ауысымда жүрмек. Сойысқа мал алып келгендер үшін жатақхана болуы тиіс. Олар үшін барынша тұрмыстық жағдай туғызылады. Бұдан басқа суармалы жерлерге көп жылдық шөптер егіледі. Суландыру құрылғылары дайын. Тереңдігі отыз метр жерден тұщы су табылып, оған ұңғы қойылды. Жұмыс алаңы сыртынан қоршалады. Осы жұмысты қолға алмастан бұрын жұмыс сапарымен Татарстанға барып қайттым. Олардың мал бордақылау, сою және өнімді өңдеу әдістерімен таныстым. Татар ағайындар іс-тәжірибесімен риясыз бөлісті. Біздің мақсатымыз — салқындатылған және мұздатылған ет өндіру. Енді қаржылық жағынан тұрақты қолдау қажет. Сондықтан Қаратөбе ауылынан «Халық банкісінің» бөлімшесі ашылса екен, — деді Құсайын Мұқанов.

— Сіздің жұмыс орныңызға су, газ, электр желісі келіп тұр. Демек, алаңсыз жұмыс істеуге жағдай толық. Сапалы өнім шығарып, оны ішкі және сыртқы нарыққа өткізіп, алға баса берулеріңіз керек. Қолға алған істеріңізге сәттілік тілеймін, — деді Алтай Сейдірұлы.

Келесі нысан — Қаратөбе ауылының іргесіндегі құрылыс алаңы. Мұнда көлікке сұйытылған газ құю стансасының құрылысы басталып кетіпті. Мердігері — «Тілектес-Құрылыс» ЖШС. Жеке кәсіпкер Көбеген Оразовпен жолыққан облыс әкімі одан жұмыс барысы туралы егжей-тегжейлі сұрады. Құрылыс жобасының құны 19,2 миллион теңгені құрайды. Қаржыландыру көзі — «Бизнестің жол картасы — 2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы болып табылады. Директор істі саудадан бастағанын айтып, станса іске қосылғаннан кейін Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау аудандарын қамтитынына сенім білдірді. Қаратөбеден басқа аудандарда стансаның бөлімшесі ашылады. Бұған дейін К. Оразов шикізатты көршілес Ақтөбе қаласынан алып тұруға келісіпті. Алайда көршіде бір қиындық туындап, енді одан газ алу қиындапты. Облыс әкімі бұл түйткілдің шешілетінін айтып, мәселені реттеуді облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Ғ. Орынғалиевке тапсырды. Басқарма басшысы К. Оразовтың газды өңірлік көзден алуына жағдай жасайтынына уәде берді.

Аталмыш нысан биыл шілдеде іске қосылуы қажет.

Осы жерде Алтай Сейдірұлы ауданның бір топ кәсіпкерлерімен кездесіп, емен-жарқын сөйлесті. – Сонау жылдары қиындықтан абыржып қалған едік. Сонан соң, ес жиып, саудаға кірістім. Өзім оңтүстіктің қызы болғасын, әрекетім ойдағыдай шықты. Жиырма жылдай саудада болып, кәсіпкерлікке бет бұрған жайым бар. Жеріміз де, еліміз де бай. Жағдай жақсы. Сондықтан шығар, бір қалалық сіңліміздің бізге келіп, жылыжай ашып, кәсіпкерлікпен айналыспақ ниеті бар. Оны қош аламыз және ризамыз. Қазір әйтеуір, еңбек еткен адам еншісіз қалмайды. Сол үшін Елбасы Н. Назарбаевқа және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне мың да бір рақмет! — деді кәсіпкер Гүлнәр Мұсаева.

Абзал Мұратұлы, Марат Әлжанов және басқа да жергілікті кәсіпкерлер өздері үшін туғызылған оңтайлы да қолайлы жағдай үшін алғыс айтып, келешекте аянбай еңбек ететінін мәлімдеді. Алтай Сейдірұлы оларға қаржыландыру мәселесін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы шешуді тапсырып, «Халық банкінің» Қаратөбеде филиалын ашу мәселесін да назарда ұстайтынын мәлімдеді.

Әрі қарай облыс әкімі аудан орталығының шетіндегі биыл 8 пәтер салынатын жер телімдерін көріп шықты. Аудан әкімі Асхат Шахаров биыл аудан бойынша 22 үй салынып, 87 адамға жер телімі берілетінін хабарлады. Алтай Сейдірұлы болашақ салынатын үйлерге инфрақұрылымның тартылғанынына риза болып, жер телімін бөлуде әлеуметтік әділеттілік қағидатын ескеруді жүктеді. Облыс әкімі аудандық ауруханаға қарасты шаруашылық бөлімі ғимаратының күр-делі жөндеу барысымен танысып, аурухана директоры Зейін Мағзомовпен сөйлесті. Аудан әкімі мен директорға күрделі жөндеудің сапалы орындалуын міндеттеді.

«Ақылбек» шаруа қожалығы Сулыкөл ауылдық округінде орналасқан. Атынан көрініп тұрғанындай, сулы да нулы жердегі қожалықта оның жетекшісі Қайырболды Сәрсенғалиев мал өсіреді. Бағымында 120 ірі қара, оның 90-ы сиыр, 35 жылқы және 150 қой-ешкі бар. 2007 жылы құрылған қожалықтың иелігінде 3311 гектар жер бар, бәрі де жайылым. Осында төрт адам еңбек етеді. Мұнда Алтай Сейдірұлы бір топ малшы-шопанмен кездесіп, емен-еркін әңгіме-дүкен құрды. Қайырболды да әуелі саудамен айналысып, кейін ат басын мал шаруашылығына бұрған. — Жағдайым жақсы. Тұрмысым күр. Тіпті ғаламтор байланысы да жақсы жұмыс істейді. Қазір ауа райы жақсы. Шөп бітік өсуі тиіс. Мал тұқымын асылдандыру да назарымда. Қазақтың ақбас сиыры мен жабы жылқысын сатып алдым. Еділбай қойы отарымда жүр, — деді қожалық жетекшісі Қ. Сәрсенғалиев өз сөзінде.

— Өте дұрыс екен. Осы бағыттан таймаңыз. Малдың саны емес, сапасына айрықша мән беретін кезең келді. Оның бірден-бір жолы — мал тұқымын асылдандыру. Нәтижесінде сапалы өнімді сыртқа шығаруға мүмкіндік бар. Әрі ол ішкі нарықта да жоғары сұранысқа ие. Тағы бір айтарым — малды қорада союдың уақыты өтті. Енді жануарлар мемлекеттік стандартқа сай орында сойылып, өңделіп, тұтынушыға ұсынылуы тиіс. Сою барысында санитарлық ережелер қатаң сақталып, бұлжытпай орындалуы міндетті. Карантинге де салғырт қарауға болмайды. Бұл да мал сапасын сақтауға, оны жұқпалы аурулардан қорғауға бағытталған мемлекеттік қадағалау. Мен жаңа ғана құрылысы басталған мал сою орнын көріп, көңілім көншіді. Жаңа нысан толық іске қосылып, малдәрігерлік стандарттарға сай істесе, ол сіздерге де өте қолайлы болмақ. Онда бұрынғыдай малды көлікке сықай тиеп, көрші облыстарға аттандыру азабынан құтыласыздар. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та шаруаларды кооперативке бірігуге шақырып отыр. Қашанда біріккендер ұтады. Кооператив болып ұжымдасқанда, ақшалай қаржы алу да жеңіл. Жалпы алғанда, мал шаруашылығында малшы-шопан әулеттерінің қалыптасқанын қалар едік. Яғни бұрынғы ата дәстүрдің заңды жалғасын тапқаны жақсы. Еңбегіңіз жана берсін! — деді облыс әкімі.

Осында әкіммен кездескен Нұрболат Мұғалов, Бірімжан Ақдөңов сықылды және басқа да малшы-шопандар Алтай Сейдірұлына жұмыстары туралы әңгімелеп, ой-пікірлерімен бөлісті, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық үшін ризалығын білдірді.

Алтай Сейдірұлының іссапарының соңғы нүктесі — осы ауданның Үшана ауылы болды. Мұнда жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын жоба негізінде Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарына құбыр арқылы таза су жеткізілуі тиіс. Жүріп жатқан жұмысқа жергілікті жұмысшылар да тартылған. Осының басы-қасындағы мердігер компания директоры Мұратбек Мұхамбедиев облыс әкімін жаңа басталған жұмыстың барысымен таныстырды. Құрылысқа қолданылып жатқан бүкіл құрылыс материалдары өңірімізде өндірілген. Іс қарқыны қалыпты.

— Осының бәрі тамаша! Өйткені өз өнімдеріміз арқылы кез келген жұмыстың құнын арзандатып, сыртқы тәуелділіктен құтыламыз.Әрі өңірлік кәсіпкерліктің өрісі кеңейеді, әлеуеті артады. Жалпы, сусыз тірлік жоқ. Егер «Азынабай — Тайпақ» су арнасын қалпына келтірсек, 300 мың гектар аумақты пайдаға асыруға жол ашылады. Негізі біздегі су арналары тозған. Енді соларды біртіндеп жөндеп, қалпына келтіруіміз керек. Жұмыс жемісті болсын, — деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімі Үшана ауылындағы орта мектепте болып, еңбек ардагерлері және ұстаздармен кездесті. – Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Осы ауыл — көп жыл бойы су тапшылығын көрген елді мекен. Енді санаулы уақыттан соң, қиындықтан құтыласыздар. Өйткені бес ауылға тұщы су тартылғалы тұр. Осының бәрі Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, Парламент депутаттары және ел үкіметінің қолдауымен жүзеге асуда. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына да қолдауларыңыз қажет. Оны іске асыруға аға ұрпақ, жастар, ұстаздардың қатысы бар. Жастар оқысын, тілдер үйренсін! Еліміз алға қарай дами берсін, — деген облыс әкімі жиналғандардың ой-пікірлеріне құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Аман Жүсіпқали әкімге іскерлігі және адами қарапайымдылығы үшін алғыс айтып, ақ батасын берді. Ал ұстаздар мектептің жөнделуін сұраса, өзгелері жергілікті медициналық орынға қамқорлық қажеттігін айтты. Өңір басшысы М. Мұхамедиевке медициналық орынды жөндеу мәселесін шешуді тапсырды. Іссапар соңына таянғанда облыс әкімі БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.

— Міне, 12 ауданды аралап, жағдаймен таныстық. Қай ауданда да кәсіпкерлер, жастар, ардагерлермен сөйлесіп, көп жағдайға қанықтық. Іс барысы қалыпты. Барлық жерде елді мекендерді жол, су, газбен қамту мақсатында жұмыс жүріп жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақжайық, Сырым аудандары газ және сумен толық қамтылды. Әлі де шешімін табар жұмыс көп. Биыл облыстағы 55 елді мекенге су тартылады. Нәтижесінде өңірдегі елді сумен қамту 43 пайызды құрайтын болады. Жол жөндеу үшін де бюджеттен 37 млрд. теңге бөлінген. Жөнделуі тиіс 480 шақырым жолдың 200-інің республикалық маңызы бар. Мәселен, Қаратөбеге жол келсе, Жәнібек пен Сайқын қатқыл табанды жолға мұқтаж. Әр ауданның өз ерекшелігі бар. Оны да ескеріп отырамыз. Демек, мақсатымыз айқын, түйінделген мәселелерді шешу жолында келешекте де еңбектене береміз, — деді аудандарға іссапарды қорытындылаған облыс әкімі.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»,

Қаратөбе ауданы


Бөрліде құрылыс қарқынды

Күні: , 24 рет оқылды

PRI_3256


Түс ауа облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі ауданындағы «Нұр» шаруа қожалығының жағдайымен танысты. Успенов ауылдық округіндегі «Нұр» шаруа қожалығы өз жұмысын 2007 жылы бастаған. Шаруа қожалығының 11363 га жері бар. Егін салып, мал өсіреді. Егістік өнімі орта есеппен гектарына сегіз центнерден келеді. Ірі қара — 638 бас, соның 510-ы — асыл тұқымды. 800 шаршы метр жылыжайда көкөністер өседі. Сүт өнімдерін өндіретін кешенде сүт тағамдарынан жасалатын тағамдардың түр-түрі өндіріледі. Шаруа қожалығында 58 адам жұмыс жасайды.


Біз «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Светлана Маутееваны әңгімеге тарттық.

— Біз экологиялық таза тамақтарды өндіреміз. Кәсібіміздің өрге басуына мемлекет жақсы қолдау көрсетуде. Субсидия беріліп жатыр. Құс өсіреміз, мал өсіреміз, егін саламыз, нан, сүт өнімде-рін өндіріп, осы бағытта жұмыстанамыз. Алдағы уақытта Успенов ауылының тұсындағы су қоймасын пайдаға асырғымыз келеді. Бұл жер шаруаға өте қолайлы, — дейді Светлана Бурханқызы.

Облыс басшысы жиналып тұрған аудан кәсіпкерлерінің қандай мәселесі бар екендігін сұрады. Олардың сөзінен ұққанымыз, көктемгі егіс жұмыстары біте келген. Қазір ауданда 10 ауылдық тұтынушылар кооперативі бар. Кәсіпкерлер тәжірибе алмасу мақсатында Ресейге, өзге облыстарға барып жүр. Ауданда тұрып қалған екі зауыт бар. Олардың бірі нан, енді бірі сүт зауыты болған. Қазіргі күнде осы нысандарды қалпына келтіруге ірі инвесторлар іздестіруде. Егер сүт зауыты іске қосылса, аудан өзөзін сүтпен толықтай қамтамасыз етпек.

Кәсіпкерлермен жүздескен соң облыс басшысы Ақсай қаласындағы орталық саябақты аралады. Қызыл-жасыл қызғалдақтар егіліп, жұпар иіске бөленген саябақта үлкен-кішінің демалуы үшін бар жағдай жасалған екен. Бұл жерде облыс әкімі Алтай Көлгінов қариялармен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Олардың сөзінен ұққанымыз – ауданның жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Аудан тұрғындарының басым бөлігі Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловке ризашылығын білдірді, Әңгімеге қосылған Әсем Байдәулетова атты кейуана көркейіп, гүлденіп келе жатқан Ақсай қаласында көп жұмыс жасалып жатқандығын тілге тиек етті.

— Осы саябақтағы орындықтарды сырлап, ағаштарды ақтап тынбай жұмыс жасап жатады. Бұл жерде біздің ата-аналарымыз бен біздер еккен тал-теректер жайқалып, көрік беріп тұр. Саябаққа демалуға жиі келемін. Сонда жарық шамдардың бір жерінің майысып қалғанын көрсем, жүрегім ауырады. Осы жерді кейінгі ұрпақ ұқыпты ұстап, кейінгілерге аманаттап отырса екен, — деген тілегін жеткізді. Ал Зәнзия Хамидоллақызы: «Мешіттің қасынан асхана ашылса, жақсы болар еді. Алда Рамазан айы келе жатыр. Кей адамдардың үйі тар, кейбірі пәтерде тұрады. Сондай адамдар ауызашар, садақаларды мешіт жанында ашылған асханада, таза жерде өткізсе, дұрыс болар еді» деген ұсынысын айтты. Аудан әкімі Алдияр Халелов аудандық кәсіпкердің өз қаражатына асхана салып беретіндігін, жақын айларда құрылыс жұмыстары басталатындығын айтып, қарияларды қуантып тастады.

Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен ақжарма тілектерін мұқият тыңдап алған облыс басшысы Елбасының тапсырмасымен өңірімізде ілкімді істердің жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

— Екі аптадан бері аудан-ауылдарды аралап, ел-жұрттың ұсыныс-тілектерін тыңдап келеміз. Бөрлі ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй, балабақша, мектеп салынып жатыр. Екі елді мекенге таза су берудеміз. Ауылдық округтерде жас мамандарды тұрақтандыру үшін үйлер салудамыз. Сіздердің алдарыңызда ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесіп, сөйлестім. Малдың басын көбейту керек. Біздің міндетіміз — халыққа жақсы жағдай жасау. Бұл Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық билік буындарының алдына қойып отырған басты талабы, — деді Алтай Сейдірұлы.

Бұдан соң облыс басшысы Ақсай қаласы мен Аралтал ауылында Березов пен Бестау тұрғындарына арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қарашығанақ 1-шағынауданында салынып жатқан 153 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал №10 шағынаудандағы 320 орындық балабақша маусым айында пайдалануға берілмек. Ақсай қаласында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. «ҚПО б.в.» компаниясының қаржыландыруымен жүріп жатқан құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталуы тиіс. Березов пен Бестау ауылы тұрғындарына Аралталда жер теліміне салынып жатқан 100 үйдің құрылыс жұмыстары да біте келген. Ауласы қоршалған, құдығы соғылған, алдында шағын сарайы бар, үш және төрт бөлмелі үйлерде бар жағдай жасалған. «ҚПО б.в.» қаржыландырған бұл үйлер «Марасант» және «Стройтельная инициатива» ЖШС-ның мердігерлігімен салынуда. Шетелдік инвесторлармен ағылшын тілінде еркін сөйлескен өңір басшысы салынған үйлерге берілетін үш жылға дейінгі кепілдемені бес жылға ұзарту керектігін айтты. Қызу да, қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен жете танысқан Алтай Көлгінов ең бірінші кезекте қауіпсіздікке мән беріп жұмысты сапалы жасап, өз уақытында тапсыруға тапсырма берді. Аралталдағы құрылысы аяқталуға жақын 300 орынға арналған мектеп «ҚПО б.в.» қаржыландыруымен салынып жатыр. Жоба құны — 850000,0 теңге. Байқағанымыз — Ақсай қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

Жолай облыс басшысы Кеңтүбек ауылдық округінде 50 балаға арнап салынып жатқан балабақшаның құрылысымен танысты. Ауылдық округтің әкімі Жақсығали Ғайсаұлының айтуынша, бұрын ауылда балабақша болмаған. Ауыл балалары мектеп жанындағы шағын орталықтарға барып жүріпті. Жоспар бойынша қыркүйек айында ашылуы тиіс балабақашаның салынып жатқанына ауыл тұрғындары қуанышты. Балабақша іске қосылса, жергілікті тұрғындардан 30 маманға жұмыс орны ашылмақ.

PRI_3245Қас қарайған шақта облыс басшысы Бөрлі ауылына тоқтап, ауылда су құбырының жұмыстарымен танысып, жергілікті халықпен тілдесті. Ауыл жанына шоғырланып, жиналып қалған тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын ортаға салды. Оның ішінде кешкілік мазаны алып тұрған маса мәселесі де айтылды. Тұрғындардың біразын таза су барлық үйге жете ме? – деген сұрақ мазалайды екен. Сол жердегі ауыл әкімі таза су барлық көше, бар үйге жететіндігін айтып, жауап берді. Өткен жылы қыста үйі өртеніп мүмкіндігі шектеулі немересімен далада қалған Зинайда Байтукова үйін қайта қалпына келтіруге көмек сұрады. Аудан әкімі Алдияр Халелов құрылыс материалдарымен көмектесуге уәде берді. Облыс басшысы мен аудан әкіміне қойған сұрақтарына жауап алып, көңілдері бірленген бөрліліктер жиын соңында ән салып, өздері үшін бар жағдайды жасап жатқан атқамінер азаматтарға алғыстарын білдірді.

Бөрлі ауданында 14 ауылдық округ, 31 ауылдық елді мекен, аудандық маңызы бар бір қала бар. Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 408,2 млрд. теңге, ауыл шаруашылығынан түскен жалпы өнімінің көлемі 846,2 млн. теңгені құрады. Негізгі капиталға инвестициялар 22,8 млрд. теңге құрады. 2017 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 31,3 млрд. теңге жиналды, соның ішінде жергілікті бюджетке 7,4 млрд. теңге түсті. Қазіргі күнде 4662 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Олардың 3638-і жұмыс жасайды. Ауданда 61 шағын цех тіркелген. Жұмыс жасап тұрған 42 цехта 161 адам қызмет жасайды. Шағын цехтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісінің көлемі 143,1 млн. теңгені құрайды. Ауданда экономиканың барлық салаларында 94 жұмыс орны құрылған. Тіркелген жұмыссыздық деңгейі 1,0 пайыз, бұл 2016 жылдың тиісті кезең деңгейінен 0,1 пайызға төмен. 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыссыздар саны 338 адамды құрады. Қаржыландырудың барлық көздерінен 21,5 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетіліп, 383 адам жұмысқа орналасқан.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»,

Бөрлі ауданы


Шыңғырлауда шағын кәсіпкерлік ширап келеді

Күні: , 28 рет оқылды

PRI_2443


Өткен жұма күні облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында болды. Ең алдымен Шыңғырлау ауданына табан тіреген облыс басшысы өз жұмысын “Жарас” шаруа қожалығының басшысы Мирболат Тасмағамбетовтың егін алқабын аралаудан бастады.


2002 жылы құрылған “Жарас” шаруа қожалығында 100-ге жуық адам жұмыс жасайды. Өзіне тиесілі 7200 гектар жердің жартысына күздік бидай еккен. Жақсы “қыстап шыққан” егістіктен мол өнім шығар деген үмітте. Егіс алқабына жиналған шаруалармен емен-жарқын жүздескен өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамыту — негізгі міндеттердің бірі екенін айта келіп, қожалық жетекшілерінің қандай мәселесі бар екендігін сұрады. “Өнім” шаруа қожалығының жетекшісі Жауынбай Байхатов аудан орталығынан Орал-Ақтөбе трассасына дейінгі жол жөнделсе деген ұсынысын айтты.

— Кезінде шаруаны 10 бас малмен бастап едім. Қазір мал саны 600-ге жетті. Газ, су кіріп жатыр. Дегенмен, Ақтөбе трассасына жақын тұратындықтан, жол азабын тартып жүрміз. Осы мәселе шешілсе, жақсы болар еді — деді Жауынбай Байхатов. Ал Мирболат Тасмағамбетов табиғатты шаруашылыққа ыңғайлы ету жағын қарастыру үшін шетелдегідей ғылыммен, ғалымдармен жұмыстану керек деген пікір айтты. Шаруалардың сөзінен ұққанымыз, олардың дені күздік бидайға көбірек көңіл бөлуде. Мал шаруашылығына атакәсібіміз ғой деп, жеңіл қарап келген олар технологияның дамыған заманында арнайы мамандармен жұмыс жасау қажеттігін түсінген. Басым бөлігі мемлекеттің ерекше қолдауын сезініп жүргенін, соның арқасында шаруаларының өркендеп келе жатқандығын тілге тиек етті.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуға аса мән беріп келеді. Сіздер қолынан іс келетін іскер шаруаларсыздар. Сіздер ха-лыққа жұмыс ұсынып, олардың жағдайының жақсаруына себепші болып отырсыздар. Сондықтан да мемлекет қолынан іс келетін кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Сіздердің жасап отырғандарыңыз тап-таза еңбек. Біздің міндетіміз — еңбек адамдарын қолдау, — деді қарапайым еңбек адамдарын мұқият тыңдаған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

Бұдан соң өңір басшысы аудан орталығынан 35 шақырым жерде орын тепкен Тасмола ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жасалып жатқан жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 25 984,0 мың теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың наурыз айында басталған жұмыс маусым айында аяқталып, ғимарат пайдалануға берілмек. Дәл осы ауылда су құбырын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтып, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуды мақсат еткен жобаға республикалық бюджеттен 155 300,0 мың теңге бөлінген. Аудан орталығынан 78 шақырым жерде орналасқан Лубен ауылында да су құбырын жаңартып-жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы ауылдағы әбден тозығы жетіп, көп жылдан бері жөндеу көрмеген екі қабатты фельдшерлік пункт те облыс басшысының назарынан тыс қалмады. Бұдан соң өңір басшысы аудан орталығынан үш шақырым қашықтықта, Елек өзенінің шығыс жақ бөлігінде орналасқан Қонақай көліне арнайы ат басын бұрды. 2016 жылы ауыл тұрғындары және мекеме басшыларымен бірлескен Қонақай көлін тазарту, ретке келтіру туралы арнайы топ құрылған. Ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының демеушілігімен көлді тазалау жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда Елек өзенінен аққан су Қонақай көлін толтырып, көлемі кеңейіп, суы молайған.

Шыңғырлау ауылының шығыс бөлігінде бір пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы басталған. “БатысКотло Монтаж” ЖШС-ның мердігерлігімен салынып жатқан жобаның құны — 285 436,0 мың теңге. Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары жеті ай ішінде аяқталуы тиіс. Шыңғырлау ауылындағы «Қазенов» ЖК салып жатқан бизнес орталығының құрылысы 2016 жылы басталған. Аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінде туындайтын мәселелерді шешу үшін құрылатын орталықтың құрылысын Бақытжан Қазенов өз қаражатына салуда. 840 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарына 30,0 млн. теңге қаражат есептелген. Бизнес орталығы қазан айында пайдалануға берілмек. Аудан орталығында ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017-2018 жылдарға есептелген жол жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 254, 094 млн. теңге бөлінген. Аудандық тарихи-өлкетану орталығы ғимаратының бірінші қабатын қайта қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 60,017 млн. теңге қаралған. Облыс әкімі Алтай Көлгінов ауыл қарияларымен жүздесті.

— Екі аптадан бері барлық аудан-ауылдарды аралап келеміз. Салыстырмалы түрде қарағанда жолдарыңыз керемет. Ауылдарға таза су беріліп жатыр, газ бар. Аудан орталығындағы сегіз көшені жөндеуге қаражат бөлінді. Қолынан іс келетін еңбек адамдарына қолдау көрсетіп жатырмыз. Өздеріңіздің не айтарыңыз бар? — деп сұрады ауыл ақсақалдарынан.

— Бұрын әкімді көре алмайтын едік, қазір әкіммен қатар отырып сұхбаттасатын болдық. Сіздің келгелі жасап жатқан жұмыстарыңызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып біліп, көріп отырмыз. Ауылымызда жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандардың көптеп салынып жатқаны қуантады. Осындай игіліктер үшін мемлекет пен үкімет басшылығына, Парламент пен мәслихаттардың депутаттарына, облыс пен аудан басшылығына жерлестерім атынан ризашылығымды білдіремін. Халықтың көптен сұранысында жүрген тарихи музейдің жөнделіп жатқанына қуанып тұрмыз. Өйткені бұл ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Тек аудан орталығында емес, ауылдық округтерде де жақсы жұмыстар жүріп жатыр. Сол үшін атқамінер азаматтарға ауыл ақсақалдары атынан алғысымды айтамын, — деді Алғали Тасмағамбетов. Аудан орталығында салынып тұрған «Патриот» супермаркетін жеке кәсіпкер Марем Камзаев өз қаражатына және «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы несие алып салған. Алдағы уақытта кемі 20 адамды жұмыспен, ауыл тұрғындарын қолжетімді бағадағы қажетті заттармен қамтамасыз ету мақсатында салынған супермаркет жақын күн-дері пайдалануға берілмек. Супермаркетті көзбен көрген облыс басшысы Шыңғырлауда орта және шағын бизнес жақсы дамуда деген баға берді.

Шыңғырлау ауданында сегіз ауылдық округ, 25 елді мекен бар.

Ауданның өнеркәсіп көлемі 257,8 млн. теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 417,9 млн. теңге. Негізгі капиталдағы инвестициялар 16,0 млн. теңгені құрады. 2017 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 65,5 млн. теңге түсті, соның ішінде жергілікті бюджетке 56,2 млн. теңге аударылды. Ауданда 598 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 451-і жұмыс істейді. Шыңғырлауда 16 шағын цех тіркелген, қазіргі күнде жұмыс жасап тұрған 15 цехта 40 адам жұмыс жасайды. Шағын цехтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісінің көлемі 17,5 млн. теңгені құрады. Экономиканың барлық салаларында 66 жұмыс орны құрылды, бұл 2016 жылдың тиісті кезең деңгейінен 5,1 есеге көп. 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыссыздар саны 143 адамды құрайды. Қаржыландырудың барлық көздерінен 14,4 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетіліп, 127 адам жұмысқа орналасқан.

Түстен кейін облыс басшысының жұмыс сапары Бөрлі ауданында жалғасты.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы


Сегіздің екеуі чемпион, екеуі күміс жүлдегер!

Күні: , 48 рет оқылды

бокс бала


Өткен сенбі күні Қостанай қаласында 2003-2004 жылдары жарық дүниеге көрінген жасөспірімдер арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты мәреге жетті. Ақ Жайық атырабынан бұл сында бақ сынау үшін сегіз балғын білек боксшы атанған болатын. Олардың бәрі де – Қазақстанның батыс аймағының біріншілігінде ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаға қол жеткізген өрендер. Сол сегіздің екеуі чемпион атанып, екеуі күміс жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нақтырақ айтар болсақ, Санжар Марксов 36 келі бойынша топ жарса, Бейбіт Ибатов 54 келіде қарсылас шыдатпады. Үшбу додаға Санжар Марксовты Ернар Нұриденов, Денис Князев және Асұланбек Сармалаев сынды үш бірдей бапкер даярлады. Ал Бейбіт Ибатов – еліміздің еңбек сіңірген бапкері Қуаныш Уахасовтың төл шәкірті.


 Азамат Сұлтанов жаттықтыратын Қайсар Қиясов (42 келі) ақырғы айқасқа дейін қарсыластарын қоғадай жапырып келіп, өкінішке орай, финалда Кереку өңірінің өкіліне жол берді. 44 келі салмақ дәрежесі бойынша атой салып, Жайық жұртының намысын қорғаған Мұхаммед Ораш шешуші шайқасқа дейін шашасына шаң жұқпай жетіп, алтын үшін айқаста Шымкенттің бозбаласынан айласын асыра алмады. Біздің бұл күміс жүлдегер Арман Рахметов пен Ержан Кәрімовтың жетекшілігімен шеберлігін шыңдап жүрген үкілі үмітіміз.

— Ел чемпионатында төрт боксшымыз бірдей финалға шығып, соның екеуі чемпион атанып, екеуі күміс жүлдеге қол жеткізуі біздің өңірдің тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік, — дейді бокстан жасөспірімдер бойынша Батыс Қазақстан облысының аға бапкері Ернар Нұриденов. Ал Бейбіт Ибатовтай төл шәкірті топ жарып, қатарының алды болып, Қазақстан чемпионы атанып, алтыннан алқа таққан Қуаныш ағамыздың да қуанышы қойнына сияр емес.

— Жасөспірім боксшыларымыздың ел чемпионатына баруына қажетті жағдай жасап, керек-жарақтың бәрімен қамтамасыз еткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Аманбаева Әсия Рахымқызына біздің өңірдің бокс қауымдастығы бек разы, — дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Қуаныш Уахасов.

Бауыржан ӘЛЖАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа ҮНДЕУІ

Күні: , 19 рет оқылды


Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.


Құрметті отандастар!

Баршаңызға қасиетті Рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын.

Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауырларымыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын.

Қадірлі бауырлар!

Асыл дініміз Исламда «садақа жария» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көпір салу, ауыз суы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту т.б игі амалдарды «садақа жария» деп атаймыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты амалдар болып табылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбиелеумен қатар, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетуде.

Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұртшылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене қатысып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйткені Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер айы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағдайы төмен тұрғындарға көмек көрсетуге үндеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасына үн қосу баршамыздың азаматтық борышымызға айналуы қажет деп есептеймін.

Құрметті қазақстандықтар!

Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып қарсы күресуіміз керек.

Біз бірлігіміздің арқасында мұндай жағымсыз, жаман оқиғалардың жолын кесе аламыз.

Ардақты ағайын!

Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.

Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар Рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.

Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазанда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!


Рухани жаңғыру айы – Рамазан құтты болсын!

Күні: , 18 рет оқылды

281152_1488536004


Ержан қажы Малғажыұлы,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше мейірімді

Алланың атымен бастаймын.


Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.

Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес, Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза – жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де «Мен оразамын» – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп, ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да, қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Қадірлі жамағат!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өнбойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал Рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.

Ендеше, рақым айы – Рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!

 (Ескерту: 2017 жылдың 27 мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!)


Індет құрбандарын еске алды

Күні: , 17 рет оқылды

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????


Жуырда  халыққа  қызмет  көрсету  және  «Сити  орталығында» ЖИТС-тен  қайтыс  болған  жандарды  еске  алуға  арналған  шара  өтті.


Акция барысында   баспасөз  конференциялары ұйымдастырылып, тұрғындарды АИТВ-ға жедел тестілеп, сауалнамалар жүргізіп, анықтама кітапшалар үлестірілді.  Аталмыш шара ЖИТС, АИТВ синдромымен науқастанған жандарға қолұшын беруге қоғамның назарын аудару және жұқпалы дерттің  алдын  алу  мақсатында  өтті.

Бүгінде өзекті мәселеге айналып отырған аталмыш дертке қоғамның назарын аудару мақсатында  алғаш рет суретші Франк Мур қызыл бау түріндегі таңба жасап ұсынады. Қазір қызыл бау – ЖИТС мәселесін  көтерген адамдардың дауысын біріктіретін,  АИТВ мен ЖИТС-тің емі табылады деген үміттің белгісі. Сонымен қоса бұл күні квилт тігіледі. Алғаш квилтті 1987 жылы АҚШ-тың СанФранциско қаласында Клив Джонс атты азамат өзінің ЖИТС-тан қайтыс болған досына арнап тіккен. Бұл бастаманы тұрғындардың қолдағаны соншалық, АҚШ-та квилт тігетін арнайы орталық ашылған. Айта кетсек, квилт белгісі әр түрлі тағдырдан хабар береді. Матаға марқұм болған жандардың  аты-жөні, туған және қайтыс болған күні мен жылы кестеленіп, тіпті олардың жақсы көретін ойыншықтары мен заттары да қоса тігіледі.

Қазіргі таңда дүние жүзінде 35 миллионнан астам тұрғын АИТВ дертін жұқтырса, облысымызда бұл науқасқа шалдыққан 548 адам тіркелген. 2017 жылдың төрт айында жұқпаның 11 жағдайы тіркелсе, өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда бес жағдайға  азайған.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Алтын сападан» құр қалма, кәсіпкер!

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_4360


Облыстық кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы  Президентінің  «Алтын сапа»  және  «Қазақстанның үздік тауары»  байқауына қатысуға  ниетті  өңір  кәсіпкерлеріне  арналған  семинар өтті.


Айта кетейік, облысымызда жыл сайынғы өтетін байқауға қатысуға шамамен жиырмадан астам жеке кәсіпкер мен заңды тұлға тілек білдірді.

Байқаудан үміткер компаниялардың өкілдері конкурстарды өткізу тәртібімен және оның ережелерімен, ұйымның іс-қызметін өзін-өзі бағалау әдістемесімен танысу үшін оқу семинарына келді. Семинарды сарапшы-аудитор Мәдина  Мұқатова  жүргізді.

Семинарға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу конкурсына және ҚР Үкіметі бекітетін, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі қатысушыларының материалдарын ресімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережелеріне сәйкес, ресімделген  материалдарды, есеп берулерді, сауалнамаларды  және қатысу туралы өтінімдерді беру ережелерін түсіндірді.

– Аталған байқау екі кезеңнен тұрады. Облыс көлеміндегі тауар өндірушілер арасындағы байқау 24 маусым күні Орал қаласындағы жаңа алаңда өтетін болады. Биылғы жылғы облыстық байқау өңірімізге шекаралас орналасқан Ресей Федерациясының және көршілес облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен ерекшеленбек. Арнайы комиссияның шешімімен жеңімпаз деп танылған өнім өндірушілер Астана қаласындағы «ЭКСПО — 2017» көрмесі аясында өткізілетін республикалық байқауға жолдама алатын болады. Бұл байқаудың басты мақсаты отандық өнімді және өндіруші компаниялардың тауарларын кеңінен насихаттау болып табылады. Биылғы жылы облыс деңгейінде үшінші мәрте өткізілгелі отырған байқауға 20-25 өндіріс орындары қатысады деп жоспарланған. Қатысушы компаниялардың саны жыл санап артып келеді. Байқаудың шарты бойынша  «Өндірістік  бағыттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталатын бо-лады. Бұған дейінгі өткізілген республикалық деңгейдегі байқаулардан «Агроөнім ЛТД» ЖШС, «Стекло сервис» ЖШС, «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС, өткен жылы «Камал-Ойл» компаниялары жеңімпаз деп танылды. Ағымдағы жылы да облысымыздың өндірушілері жүлделі орнын алады деген үміттеміз, – дейді өңірлік палата директорының орынбасары Марат  Нұрқуатов.

Семинар соңында барлық  қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Отандық өнімді насихаттаған форум

Күні: , 115 рет оқылды

Подписание меморандума первого


Кеше «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жергілікті қамтуды дамыту тақырыбына арналған форум өткізді.


Аталмыш форумға ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі Алтай Көлгінов, «ҚПО б.в» компаниясының бас директоры Ренато Мароли, «PSA» ЖШС бас директоры Мұрат Жүребеков пен қатар өңірдегі ірі өндіруші компания өкілдері, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Өткізілген форумның негізгі мақсаты – Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ шағын кластерінің дамуы, жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйе құрушы кәсіпорындарының сатып алуларында жергілікті қамту үлесін арттыруды талқылау  және  жаңа  жұмыс орындарын  ашу  мәселелері.

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумның маңызы өте зор. Біздің өңіріміз өндіріс ошақтары шоғырландырылған аймақ болып табылады. Әлемдік дәрежедегі шетелдік инвесторлардың облыс аумағына көптеп келуі соның дәлелі. Елбасының биылғы Жолдауының бірінші басымдығы экономиканың жедел технологиялық жаңғыруы болды. Осы мақсатта өңірімізде индустрияландыруды жалғастырып, басым салалардағы бәсекеге қабілетті өндірісті дамытуымыз қажет. Қазіргі таңда мұнай-газ кешені облыс экономикасында маңызды орын алады. Стратегиялық бағытын ескере отырып, елдің тұрақты экономикалық дамуы үшін осы саланы сапалы тауар, жұмыс және қызметтермен қамтуымыз қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің, компанияның немесе белгілі бір тұлғаның жетістігі өзінің бәсекелестік қабілетін дамытусыз мүмкін еместігін атап өтті. Жаһандық сындарға төтеп беру үшін мамандардың кәсібилігімен шыңдалған, ал өнімнің сапасы жоғары болуы тиіс.

Біздің өңірде машина жасау кластерін құрайтын негізгі өндіруші және ғылыми-техникалық өндіріс орындары жасақталған. Сондықтан өнім өндірушілер заман ағымына сай жұмыс жасап, құрылғылар мен құрал-жабдықтарды жаңғыртып, мамандардың біліктілігін арттырып отыруы қажет. Ондай өндіруші компаниялар біздің облысымызда бар. Әрине, біздің бар күш-жігеріміз өңірдің дамуына, соның ішінде бізнес қауымдастығын қолдауға бағытталған. Бұл отандық және шетелдік өндіруші ірі және шағын компанияларға да қатысты. Барлық тараптардың үйлесімді және бірлескен амал-әрекеті ғана аймақтың, сонымен бірге бизнестің ұзақ мерзімді дамуына мүмкіндік береді. Бүгінгі өткізіліп отырған форумның өзі кен орнын игеруші компаниялардың отандық кәсіпорындармен ортақ жұмысты атқаруға мүдделі екендігінің айғағы. Осы жиынымыз жергілікті өнімнің сапалылығы мен үлесін одан әрі арттыруға әсер етеді деген ойдамын, –  деді  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Жиында сөз алған ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов, «ҚПО б.в» компаниясының бас директоры Ренато Мароли өткі-зіліп отырған форумның маңыздылығына тоқталып, осындай шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін жергілікті билік өкілдеріне  алғыстарын  айтты.

Форумның негізгі спикерлері – «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Балтаев, «Қазсервис» мұнай-сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов, «ҚПО б.в.» компаниясы өкілдері Батыс Қазақстан облысының индустриалды аймақ және машина жасау кіші кластері жобаларының дамуымен байланысты жаңа мүмкіндіктері мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларда жергілікті қамтудың даму перспективалары мен мәніне тоқталды. Сонымен қатар Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобаларын, қазақстандық компаниялардың машина жасау және мұнай-газ өнеркәсібі кластерлерінің тиімді даму мүмкіндіктерін ұсынды.

Сондай-ақ объективті себеп салдардың әсерінен аталған мүмкіндіктердің толығымен қолданыл-май отырғандығы да форумда сөз болды. Мемлекеттік органдардың, ірі мұнай-газ компанияларының, бизнес қоғамы өкілдерінің қатысуымен сатып алуда қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға бағытталған жоспарларды түбегейлі жақсарту жолдарын қарастыру ұсынылды.

Форум қорытындысында жергілікті қамтуды дамытуға ықпал ететін «ҚПО б.в» компаниясы, БҚО әкімдігі, «Орал» ӘӘК» ҰК» АҚ және облыстық мұнай-газ кіші кластерінің қатысушылары арасында тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз ету туралы меморан-думға қол қойылды.

Сонымен қатар облыстық әкімдік пен «ҚПО б.в» компаниясы арасындағы жергілікті қамту бойынша мақсатты көрсеткіштерді анықтауға орай өзара әріптестік туралы  келісімге  қол  қойылды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Оксана  Дементиевская


Ақ Жайықтың Еркіні

Күні: , 37 рет оқылды

еркин отегенов 001


Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі  Еркін Өтегенов — ерекше қоңыр дауысымен, әуезді әуенімен, қарапайым қалпымен  ел-жұртқа танылған өнерпаз.


Ол Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. Бала  кезінен өнерге құштар кейіпкеріміз   алты-жеті жасында жиюлы төсек пен  үстелдің үстін сахна қылып, сол кездегі танымал әртістердің репертуарындағы әндерін айтып, қимылдарын келтіріп ойнайды екен. Әкесі Бекмұрат пен анасы Назымгүл домбыра мен баян аспабында шебер ойнайтын өнерлі отбасы болған. Жастық шағында өз орталарының сәні болып, жиын-тойлар олардың қатысуынсыз басталмаған. Әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген қасиетті өнер  Еркінге  жастайынан дарыған. Ол  Тайпақ орта мектебін бітірген соң 2001 жылы Құрманғазы атындағы саз колледжінің флейта класына оқуға түседі. Алғаш флейтаның қандай аспап екенін білмеген Қарауылтөбенің қара баласы еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында аталмыш аспапты меңгеріп қана қоймай, III курста Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі болып қызметке қабылданады.   «Қазақстан-Орал» телеарнасындағы «Ән әлемі» бағдарламасының жүргізушісі болады. Кейін өнер саласындағы білімін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне түсіп жетілдіреді. 2010 жылы «Жүректе ыстық жалын, арнаймын жастық әнін» атты алғаш шығармашылық кешін өткізген болатын. Бүгінгі таңда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова, Сағадат Рахметжанов, екінші  ұлының  кіндік анасы, танымал әнші Индира Расылхан, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықова сынды елге белгілі өнер иелерімен,  өңірімізге танымал әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев, Ербол Ақбасов, ақын Дариға Мұштанова, дәстүрлі әнші  Сәуле Таудаева, тележурналист Мұнайдар Балмолда секілді шығармашылық адамдарымен байланыс орнатып, олардан ақыл-кеңес алып отырады. Бекмұраттың Еркіні өнер саласында көптеген халықаралық, республикалық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

2006 жылы Қазақстанның халық әртісі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев атындағы халықаралық «Атамекен» байқауында  жүлдегер атанса, ҚР халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуов атындағы республикалық «Армандастар» байқауында арнайы жүлдені иеленді.  Қызылорда қаласында өткен «Қыдыр қонған Қызылорда» атты республикалық әншілер байқауының бас  жүлдегері атанды.

Еркін Өтегенов өзі қызмет ететін Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның шығармашылық ұжымымен бірге еліміздің көптеген облыстарында өнер көрсетіп жүр. Ал «Орал сазы» фольклорлық ансамблі құрамымен  шетелдерде, яғни Германияның Берлин, Магдебург, Дрезден қалаларында, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай, Әбу-Даби, Хорватия астанасы Загреб қаласында, Ресейдің Мәскеу, Астрахан, Самара, Саратов, Орынбор қалаларында  гастрольдік сапарларда болып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп, кәсіби қабілетін шыңдап келеді.

2009 жылы Алматы қаласындағы Республика сарайында дәстүрлі түрде өтетін «Сағындырған әндер-ай!» атты ретро ән фестиваліне  «Майра» продюсерлік орталығының директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованың арнайы шақыртуымен барып  өнер көрсетсе,  биылғы наурыз айында аталмыш продюсерлік орталықтың ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Жан анам» қайырымдылық  концертіне қатысып қайтты.  Сондайақ биылғы жылдың маусым айында «EXPO – 2017» халықаралық көрмесі  аясында өтетін кезекті «Сағындырған әндер-ай!» ретро ән фестивіліне қатысуға «Майра» продюсерлік орталығының тағы бір мәрте арнайы шақыртуын алып отыр.  Мәдениет пен өнерді тәрбиенің негізі санайтын кейіпкеріміз тыңдармандарының жүрегіне әдемі әнімен рухани нәр сыйлауды мақсат тұтады.

Әр сахнаға  ерекше дайындықпен шығатын ол сахналық костюміне  ұлттық нақыш бергенді жөн санайды.

— Сахна – киелі орын. Сондықтан оның  мәдениетін, талабын  қатаң сақтауға тиіссің. Әнші ән салғанда жеке басындағы бар мәселесін ұмытып, құлақтан кіріп бойды алар әуенді тыңдарманның жүрегіне жеткізе білу керек. Сахнадағы қимылыңды  айтпағанда, киген киімің арнайы сахналық болуы шарт. Костюмдерімді   қазақы  ұлттық ою-өрнектермен  нақыштап,  өңірімізге танымал дизайнер, өз ісінің шебері  Меңдібек  Нұрғалиев есімді азаматқа тіктіремін.  Өмірде жеткен жетістігім үлкен еңбектің арқасында келді.  Әр жеткен жетістігіме  шүкірлік айтамын, — дейді әнші.

Кейіпкеріміз 2012 жылы Зоя есімді арумен шаңырақ көтерген. Отбасында сыйластық пен түсіністікті алғашқы орынға қоятын ол бүгінде Дәулет, Айдын атты екі перзенттің қамқор әкесі. Зоя жеңгеміз өнер жолындағы жарының тамағын пісіріп,  киімін дайындап күтіп отырса, Назымгүл анамыз немерелеріне мейірімін төгіп, ертегісін оқып отырады.

«Көз тиеді» дегенге сенесіз бе?» деген сауалымызға кейіпкеріміз тіл-көзден сақтанудың амалын  былайша жеткізді.

— Қазақ — жақсы адамға, нәрестеге, әдемі қызға, дәулетің мен атақ-абыройыңа, тіпті жүйрік жылқыға да көз тиеді дегенге сенетін халық. Ал араб халқында «Көз түйені қазанға, батырды қабірге түсіреді» деген мақал бар екен. Үлкен-деріміз бата берсе де, «Тіл-көзден сақтасын» деп міндетті түрде айтады. Мен көз тиеді дегенге сенемін. Концерттік бағдарламаларда, көпшілік орталарда өнер көрсеткеннен кейін  үйге барғанда кейде өзімді ауыр сезініп, мазам қашады. Сондай кезде суға тұз салып, шомылғанды жөн санаймын. Өйткені су мен тұз адам бойындағы теріс энергияны алады, — дейді.

Өмірін өнермен өрнектеген  кейіпкеріміз Еркін Бекмұратұлы  Жайық жұртына арнаған екінші шығармашылық кешіне дайындық үстінде.

Күзге салым өтетін әншінің шығармашылық кеші тың өзгерістермен ерекшеленбек.

Шығармашылығыңызға шалқар шабыт тілейміз,  Ақ Жайықтың Еркіні!

  Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика