Мұрағат: 19.05.2017


«Жергілікті тұрғындар жұмысқа көптеп тартылып, отандық өнімдер молырақ пайдаланылсын»

Күні: , 41 рет оқылды

PRI_0109


Облыс әкімі Алтай Көлгінов сәрсенбі күнгі  іссапарын Тасқала және Зеленов аудандарына арнады.


Іссапар барысында өңір басшысы аталған аудандардағы әлеуметтік сала нысандары мен жеке кәсіпорындар құрылысы, жол және су нысандарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Іссапарды Тасқала ауданынан бастаған өңір басшысы ең алдымен Мерей және Шежін ауылдарындағы ауыз су құбырын қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Мерей ауылдық округінің әкімі Қазихан Тәшімовтің сөзінше, ауыз су құбырын қайта жөндеу жұмысына 153 млн. теңге бөлінген. Жөнделетін су құбырының жалпы ұзындығы 24 шақырым болса, соның 12 шақырымы Мерей ауылының үлесінде, қалған 12 шақырымы Тоғайлы ауылына дейін барады. Бұл жұмысты «Құрылысгаз» ЖШС (басшысы Кәримолла Жақыпов) жүргізуде. Су құбырын жөндеу жұмысы тамыз айында аяқталмақ. Нәтижесінде аталған қос ауылдың тұрғындары тұщы сумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан соң өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен Шежін жалпы білім беретін орта мектеп-балабақшасы мен «Шұғыла» жазғы балалар сауықтыру-демалыс лагерінде және балаларға арналған ойын алаңқайында болды. Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің сөзінше, осындай алаңқайлар былтыр бес, биыл төрт ауылдық округте салынды. Олардың әрқайсысының құны 7 миллион теңге шамасында. Ауыз су құбырын жаңғырту жұмысы Шежін ауылында да жүргізілуде. Жолда Ақтау ауылына соғып, басшылар бұлақ суынан дәм татты. Сол жерде ауыл ақсақалы Дәулет Дүйсенғалиев осы бұлақтың ауылдағы мал-жанның пайдаланып отырған жалғыз су көзі екенін айтып, басшылардан бұлақ суын ашып-жауып, реттеп тұратын тоспа салуға көмектесуін сұрады.

PRI_9937Сонымен қатар өңір басшысы бастаған жұмыс тобы Тасқала ауылының көшелеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Мердігер компания «Асфа» ЖШС директоры Иван Енютиннің айтуынша, аудан орталығындағы төрт көшені күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 332,6 млн. теңгені құрайды, қаражат облыстық бюджеттен бөлінген. Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы — 4890 метр. Былтыр аудан орталығындағы Жақсығұлов (422,56 м) және Құрманғалиев (990,65 м) атындағы көшелерді жөндеуге 90 млн. теңге жұмсалған. Биыл Чурилин (2095,3 м) және Жеңіс (1477,04 м) көшелеріне жөндеу жұмысы жүргізілуде. Биылғы жұмысқа бөлінген қаражат көлемі 245,495 млн. теңге. Бұл жұмысқа 32 жұмысшы және 18 техника жұмылдырылған.

Бұдан соң жұмыс тобы «Орал – Тасқала — РФ шекарасы» күре жолында болып, мердігер «Uniserv» ЖШС өкілдерімен кездесті. Компанияның бас директорының міндетін атқарушы Дінмұхамед Сәтбаевтың айтуынша, «Орал – Тасқала — РФ шекарасы» бағытындағы автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған. Жаңғыртылатын жолдың ұзындығы 104 шақырымды құрайды. Жұмыстың І бөлігі — 27 шақырымдық жол салу биыл тамызда аяқталады. Қалған 73 шақырымы 2018 жылы аяқталмақ. Бұл жұмысқа бүгінде 200-ден астам адам және 150 техника тартылған.  Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде, құрылыс материалдары жеткілікті.

PRI_0634Облыс әкімінің іссапары түс қайта Зеленов ауданында жалғасты. Аудан басшылары жұмыс тобын Калинин ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бастап апарды. Бұл жерде өңір басшысы спортшылар қауымымен кездесіп, кешен құрылысымен танысты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Тоғызбаевтың айтуынша, 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мамыр айында басталған, бұйырса, қарашада аяқталмақ. Ғимараттың жалпы алаңы — 1247,2 ш.м. Жоба құны 299,9 млн. теңгені құрайды, қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Ол сондай-ақ өңір басшысын Дариян, Переметный ауылдарындағы ауылішілік көшелерді жөндеу жұмыстарының барысымен және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүргізілетін тұрғын үй құрылысының жобаларымен таныстырды.

Бұдан соң жұмыс тобы Переметный ауылдық округіне қарасты «Калининское» ЖШС егін алқабына соғып, шаруалардың жайкүйімен танысты. Бұдан әрі өңір басшысы Көшім ауылындағы су құбырларын қайта жаңғырту жұмысымен айналысып жатқан мердігер компания өкілдерімен кездесті. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген Нұрлан Қажығалиевтің сөзінше, жаңғыртылатын су құбырының ұзындығы — 20,166 шақырым. Қазіргі таңда соның 7 шақырымнан астамына полиэтилен құбырлары (диаметрі 110 мм-лік) орнатылды. Құрылыс жұмысына тек қана жергілікті өнімдер пайдаланылуда.

PRI_0639— «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның құны – 180 млн. теңге. Бүгінде насос стансасының құрылысы жүргізілуде. Су сорғыш стансасында Рожков жүйесімен жабдықталатын сыйымдылығы 50 текше метр су мұнарасы, әрқайсысының сыйымдылығы 250 текше метр екі резервуар бар. Жұмыс 13 сәуірде басталды, бұйырса, қарашада аяқтаймыз деп отырмыз.

Су құбырлары тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізілетін болады. Қазіргі таңда мұнда 30 адам жұмыс істеуде, — деген Нұрлан Қажығалиев жаңғырту жұмысы аяқталған соң, ауылдағы 1500 адамның тұщы сумен қамтылатынын жеткізді.

Осыдан кейін жұмыс тобы «Жайық-ет ЛТД» ЖШС-да болды. Мұнда жылына 6 000 тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын басшысы Темірғали Ескендіровтің айтуынша, құс фабрикасының құрылысы 95 пайызға, құрама жем зауытының құрылысы 99 пайызға орындалған. Фабрика күзге таман толықтай іске қосылады. Жоба бойынша мұнда мұздатылған тауық етін өндірудің толық циклы жүзеге асырылмақ.

— Елбасымыздың тапсырмасы бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасының, соның ішінде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асырылуын қадағалау мақсатында аудан-ауылдарға іссапар ұйымдастырудамыз. Күні бүгінге дейін сегіз ауданды араладық, қалған төрт ауданға таяу күндері баруды жоспарлап отырмыз. Бүгін Тасқала және Зеленов аудандарының тыныс-тіршілігімен таныстық. Бұл жолы біз басты назарды жол құрылысына, ауыз су мәселесіне, инфрақұрылымды жаңғыртуға және әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмысына аудардық. Жол мәселесі біздің өңірімізде ең өзекті мәселеге айналып отыр. Биыл біздің өңірімізге жол құрылысы үшін 36,6 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражатқа 480 шақырымға жуық жол жөнделмек. Осының 200 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Орал – Тасқала — РФ шекарасы» автожолы қайта жаңғыртылуда. Оның ұзындығы 104 шақырымды құрайды, осы жолдың 86 шақырымы биыл бітеді. Биылғы жұмысқа республикалық бюджеттен 9 млрд. 300 млн. теңге қаражат бөлінді, қазіргі уақытта жұмыс қарқыны жақсы. Тасқала ауданында биыл бес көше жөнделмек, бұған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуде. Сонымен қатар Мерей, Шежін, Аманкелді елді мекендеріне биыл таза су жеткізілмек. Жастарға спортпен айналысатын алаңқайлар және басқа да әлеуметтік нысандар салынуда. Тасқала ауданына биыл инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмысына үш миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Зеленов ауданына да жоғарыдағыдай жұмыстарды атқару үшін осыншама көлемде қаражат бөлінді. Жаңа ғана ауыл шаруашылығы мамандарымен кездестік. Олар тиісті мемлекеттік қолдауды алып отырғанын айтты. Оның үстіне ауа райы да қолайлы болып тұр, осының бәрі оң нәтижесін береді деп ойлаймын. Ал жол мәселесіне келсек, аудан бойынша биыл 15 көше күрделі жөндеуден өтпек. Бес елді мекенге таза ауыз су беріледі және бірқатар әлеуметтік нысандар құрылмақ. Мысалға айтар болсақ, Зеленов ауданы аумағында 160 орындық үлкен спорт кешені салынбақ. Сондай-ақ Дариян ауылында жаңа мектеп бой көтермек. Бұған республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Конкурстық процедурасы таяу күндері аяқталып, маусымнан құрылыс жұмысы басталады. Бұдан басқа осы ауылдағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпек.

Жалпы, өңіріміз бойынша елді мекендердің таза ауыз сумен қамтылу деңгейі бүгінгі таңда 36 пайызды құрайды. Бұл салыстырмалы түрде, әрине, төмен. Биыл 55 елді мекенді таза ауыз сумен қамтысақ, бұл жөнінен 43 пайызға жақындаймыз. 35 елді мекенді газбен қамту жоспарлануда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша сегіз ауданда 240 пәтер салынады.

Облыс орталығында 11 көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылмақ. Облыс орталығындағы және Ақсай қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысына 11 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл үйлер тұрғын үйлерге аса мұқтаж адамдарға беріледі. Сондай-ақ аудандарда тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезекте тұрған адамдарға 3252 жер телімі беріледі, — деді өңір басшысы іссапар жұмысын қорытындылап. Аудан-ауылдарға сапар барысында облыс басшылығы қолға алынған жоба-жоспарлардың сәтті жүзеге асуына ел үкіметі мен біздің облыстан сайланған Парламент депутаттары да үнемі мүдделілік танытатындығын тілге тиек етті.

Жергілікті жұртпен жүздесулерде Алтай Сейдірұлы жұртшылыққа Елбасы Жолдауындағы рухани жаңғыру, туған жерге жанашырлық ұғымының маңызын түсіндіріп, кәсіпкерлерге жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуды және өз қызметтерінде отандық өнімдерді көптеп қолдануды тапсырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Халықаралық музей күні

Күні: , 24 рет оқылды

IMG_4225


Орал  қаласындағы  облыстық  тарихи-өлкетану  музейінде  Халықаралық  музейлер  күніне  орай «Қазақстан  халқы ассамблеясының  және  Қазақстанның  полиэтностығының  тарихы»  мен  «Батыс  Қазақстан  облысының  өнер,  білім,  мәдениет салаларының  даму  тарихына»  арналған  залдарының  салтанатты ашылуы өтті.


Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен аталмыш шараға Қазақстан халқы ассамблеясы БҚО хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Фараби Жанқадамов, облыстық мәдениет саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айдар Батырханов қатысып, сөз сөйледі.

Халықаралық музейлер күніне орай М. Мәметова атындағы мемориалдық музейінің кіші қызметкері Гүлнар Базарова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Асылжан Мырзаболатова мен аталмыш мекеменің қор сақтаушысы Мұхтар Өтесов облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатына ие болды. Сондай-ақ табиғат және экология музейінің ғылыми қызметкері Кәкима Әлмұханова мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Гүлзада Бақытова «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

IMG_4256Музейге келушілер үшін құнды жәдігерлер сақталған мұражайдың есігі түнгі екіге дейін айқара ашық тұрды. «Достық – бірлік нышаны» атты этномәдени орталықтарының мерекелік концерті жиналған көпшіліктің көңілінен шығып, әрі қарай домбыра-рarty, спорттық ойындар сияқты түрлі қызықты шараларға ұласты. Сондай-ақ «Әуенді музей» атты облыстық филармония өнерпаздары дайындаған концерт болып,  өткен спорттық ойындар мен өзге де байқаулардың жеңімпаздарына аталмыш мекеменің директоры Мирболат Ерсаев дипломдар табыстады.

Бұрын-соңды көрмеген тың жәдігерлермен танысу үшін өздерімен бірге бала-шағасын ертіп келген қала жұртшылығының көңілдеріне қуаныш ұялап, ризашылықтары сезіліп  тұрды.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«350 мың теңгемен құтыламыз дей ме?..» қойларын ұрлатқан кейуана осылай дейді

Күні: , 205 рет оқылды

IMG_0166


Оқырмандарымыздың  есінде болса,  «Орал өңірі»  газетінің  мамыр айының  13  күнгі №50 санында «Бірі «Ақшаңды  апарып  береміз»  десе, екіншісі  «Ұрыны  тауып  беремін» деп,  Батыр  Ананы сенделтіп қойды» атты  тақырыппен  мақала  жарияланды. Онда  өткен,  2016  жылдың 18  қыркүйегінде  үйінің  іргесіндегі қорасынан  түн жамылған ұрылардың  зейнеткер  қарияның  14  бас  саулық қойын  ұрлап  кеткені  баяндалған  еді.


Таңдап тұрып алған ғой, тоқты-торымдарды қалдырыпты да, ылғи ірі, семіз, туатын саулықтарымды екі жеңіл машинаға тиеп алып кетіпті», – деген еді ақкөлдік Қалампыр Дәулетиярова. Мамыр айының 5-і күні Қалампыр Дәулетияроваға Бисекешевтер телефон шалып, «10 мамырға дейін 350 мың теңгеңді апарып береміз. Ешкімге ештеңе деме, полициядағы арызыңды алма, жата берсін», – дейді. Ал аталмыш мақала шығатын газеттің беттері қатталып жатқанда,  кейуана редакцияға шұғыл телефон шалып, 350 мың теңгені біреу «Бережақ кісі беріп жіберді», –  деп  үйіне әкеліп тастағанын хабарлады. Апайдың айтуынша, ақша әкелген кісіні танымайды. «Бисекешевтердің адамдары шығар, мүмкін көршіммен бәрі бірігіп, ақшаны қайтарған шығар…» — дейді кейуана. Осы жерде бір нәрсенің басын ашып жазуға тура келіп тұр.

Қалампыр Дәулетияровамен біз өткен сәуір айының 6-сы күні кездесіп, сұхбаттасқан едік қой. Қойының ұрланғанын әңгімелей тұрып, Қалампыр апай құдасының баласы болып келетін  көршісінен күдіктенгенін жасырмады.

Дәл сол жерде құдасының да, оның баласының да атын атап, түсін түстей қоймады. Біз кейуананың қазақтың «Құда мың жылдық» деген қағидасынан аттап кете алмай, жақын адамдарының аттарын атауға қимай, қиналып тұрған шығар деп тәптіштей қоймадық. Оның үстіне 26 ақпанда «Қойыңыздың құнын қайтарамыз»  дегенге келтіріп, мүлде басқа адам – Бисекешев Мұса телефон шалады ғой. Содан көп ұзамай, полиция Бисекешев Мұсаның інісі Ескендірді Қалампыр Дәулетияроваға әкеліп беттестіреді.  Осы жәйттерді баяндап тұрып, апай: «Мен Ескендір дегенді мүлдем білмейді екенмін және ол жөнінде полицияға арызданған да жоқпын, сірә, оған менің қойымды шығарып беріп жүрген көршім болар, милициясына (полиция. ред)  қысқасын сол болар, Ескендірді айтып жүрген» деген еді. Сондай-ақ апайдың сөзінше, көршісі Ізтұрған, яғни құда баласы ата-анасын Мұжықпанов Абай мен Үмітті кешірім сұрауға жібереді. Олар келеді. «Баласы ұрлыққа  қатысы болмаса, олар неге келіп менен кешірім сұрайды?» – дейді Дәулетиярова. Осыларды тілге тиек еткен апай: «Анау мақалада құдамның және оның баласының есімін ашып жазу керек еді, құдам болса, қайтейін… Мені  азаматы жоқ кемпір бізге не істей алады деп басына ма?..» –  деп бізге  ренішін де жасырмады.

Батыр Ана Қалампыр Дәулетиярова газетте мақала шыққаннан бері полицияның тым-тырыс жатқанын айтады. Естімеді, білмейді дейін десе, газеттегі мақаланы оқып алғандар бұл кісінің өзіне звондап, «Ұрылар табылған екен ғой», – деп жатқан көрінеді. Егер полиция «Ақшаңызды алдыңыз, соған риза боласыз ба?» — десе, риза еместігін айтатынын да жасырмады. «Он төрт саулығым ендігі туып, қозылары дардай болып қалатын еді. Тіпті он қозы туғанның өзінде бір қора мал болмай ма? Оны айтпағанның өзінде, ұрыларды тауып беруді талап етіп, ауданның әкіміне,  прокурорына, милициясына (полиция. ред) бардым, олардан ештеңе шықпағасын, аяғымнан таусылып, бірнеше рет облысқа барып шағымдандым. Сексенге қарай кеткен жасымда ол маған оңай болған жоқ. Оның жол шығындарына немерелерімнің аузынан жырып зейнетақымды жұмсадым» – дейді Қалампыр апай. Ондай шығындарын даулау-дауламау енді азаматша Дәулетиярованың өз еркінде, біздің оған араласуға құқымыз жоқ. Бізді таңғалдыратыны «Малыңыздың ақшасын кім әкеліп берді, бізде жатқан арызыңызды не істейсіз?» — деген сыңайда  аудандық ішкі істер бөлімінен ешкімнің хабарласпай жатқаны? Әлде олар аш құлақтан тыныш құлақ деп бұл істі жылы жауып қоймақшы ма? Ұрылар аяғы көрініп қалса, ұрлағандарының құнын иесіне төлеп құтылып, әшкере болмаса, жымқырғанын жұтқыншағынан өткізіп, әрі қарай  білгенін істей бере ме?.. Олай бола беретін болса, Қаратөбедегі ұрлық тыйыла  ма,  ұрылар  аяғын  жия  ма?..

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»,

Қаратөбе ауданы

Редакциядан: Газетте жарияланған алдыңғы мақалада («Орал өңірі», 13 мамыр, 2017 жыл) Қалампыр Дәулетиярова бір сөзінде полицияға: «Сендер ұрымен біргесіңдер, ұрымен біріккесін ұрлық ашылмайды дедім» — деп еді. Сол айтқандай, қаратөбелік полицейлердің ұры-қарылармен ым-жымы бірге болып, тым-тырыс жатқаны ма? Қалай десек те басқасын айтпағанда, Жалғас Тінәлиевтің баспағының, Қалампыр әжейдің 14 қойының дауы қаратөбелік полицейлердің ар-намысын, абыройын  асырып  тұрған   жоқ…


Бір аптадан соң Рамазан айы басталады

Күні: , 25 рет оқылды

DMS_5758


Орталық  коммуникациялар  қызметінің  өңірлік филиалы алаңында  өткен  брифингте  Рамазан  айының  қадір-қасиеті туралы  айтылды.  Брифингке  ҚМДБ-ның  облысымыз  бойынша өкіл имамы  Руслан  Сұлтанов, облыстық  орталық  мешіттің  найб имамдары  Мұратбек  Қыстаубаев,  Бауыржан  Қожагелдиев  қатысты.


Өкіл имам Руслан Сұлтановтың айтуынша, биылғы ораза мамырдың 27 жұлдызында басталып, 29 күнге созылады. Маусымның 21-інен 22-сіне қараған түн – қасиетті Қадыр түні.  Оразаның отызыншы күні айт намазы дәстүрлі түрде Ақ Жайық жұртшылығымен бірге мешіттерде оқылады. Ораза айт мерекесі үш күн бойы тойланбақ. Қасиетті айда қала мешіттерінде 29 күн бойы Құран хатым етіледі. Сондай-ақ Алланың разылығы үшін  ораза тұтқан жандарға қаланың барлық мешітінде ауызашар дастарқаны жайылмақ.

– Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Ал Рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол сауапқа толы ай. Біздер ізгі амалымыз арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенелеміз. Сондықтан жерлестерімді айтып келмейтін табиғи су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы үй-күйсіз, шарасыз қалған тұрғындарға көмек көрсетуге шақырамын. Тек бұл айда ғана емес, әрдайым жетім мен жесірге, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге міндеттіміз.  Сонымен қатар кәсіпкерлерді қасиетті айда сауда орталықтарында азықтүлік, көкөніс, жеміс-жидек пен тұрмыстық заттар бағасын жеңілдікпен сатуға, арақ-шарап өнімдерін саудаламауға, Құдайы астар мен ауызашарлар ұйымдастыруға шақырамын. Сондай-ақ өңір тұрғындары қасиетті айда той-думан мен сауық кештерді ішімдіксіз өткізгені дұрыс.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуімен еліміздің барлық өңірлерінде пітір садақа жан басына шаққанда  300 теңге болып белгіленді. Пітір садақаны Рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. 25 маусым күні Ораза Айт мейрамы  басталады. Айт намазы Орал қаласы бойынша таңғы сағат 7.00-де оқылады. Биылғы жылы қасиетті  айда елімізге Түркиядан 40-тан астам  қари келеді деп күтілуде. Олардың төртеуі біздің өңірімізге табан тіремек. Биылғы Рамазан айына өңіріміз жоғары деңгейде дайындалуда. Әрдайым ынтымақ-бірлігіміз артып, оразадан оразаға аман жетейік, – деді Руслан Сұлтанов.

Оразаның шарттары мен пайдасы, қасиетті айдың сауабы туралы айтылған брифингте имамдар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап  берді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Биылға жоспарланған жұмыстар күз соңында аяқталады»

Күні: , 39 рет оқылды

PRI_1971


Бейсенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Ақжайық ауданында болды.


Өңір басшысы ат басын Алғабас ауылдық округіндегі Тоған елді мекеніне бұрып, газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, аудандағы 42280 тұрғыны бар 52 елді мекеннің 33-і газбен (63,4 пайыз) қамтылған. Құрылыс жұмыстарын «Әлия-Сервис» ЖШС компаниясы атқаруда. «Құрылыс жұмыстарының құны – 550,754 млн. теңге, биыл бюджеттен 199,758 млн. теңге бөлініп, газдандыру жұмыстары басталды. Барлығы 170 шақырымдық магистральдық құбыр тартамыз. Жұмыс істеуге ешқандай кедергі жоқ», — деп есеп берді мердігер компанияның бас инженері Әнуар Марданов. Облыс басшысы жобаның екі жылға есептелгенін тұрғындарға түсіндіруді, алайда жоба екіжылдық екен деп арқаны кеңге салмай, биылдың өзінде жұмыс ауқымын мейлінше игеруді тапсырды. Тоғандық «Нұртілеу» шаруа қожалығының басшысы Нәсіпқали Қайырқомов тұрғындар атынан өңір басшысына халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру бағытындағы қолға алған жұмыстары үшін алғыс айтты.

Бұдан кейін облыс басшысы Жайықтың Бұқар бетіне Чапаев ауылы тұсындағы  пароммен өтіп, өткел жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Қуаныш Нәбиденовтің айтуынша, «Дунай» теплоходы мен оның паромы 2013 жылы Атырау облысындағы Индерден әкелінген. Қуаты 100 тонналық паромға төрт  «КамАЗ» немесе 14 жеңіл көлік еркін сыяды. «Жүк көлігін 1500 теңгеге, жеңіл көлігін 1100 теңгеге өткіземіз, жаяу жүргіншілерге қызметіміз тегін», — деді кәсіпкер.

Сапар барысында облыс әкімі Есенсай ауылындағы орта мектептің үш қабатты ғимаратына бас сұқты. Мұнда бірер күнде күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Мектеп директоры Мирдан Сапаның айтуынша, республикалық бюджеттен күрделі жөндеуге  151430,3 мың теңге бөлінген. Білім ошағында 247 оқушы, шағын орталықта 50 бала білім алуда.

Өңір басшысы төбе шатырынан су ағып, күйі кеткен ғимараттың ішін түгел аралап, мердігер компанияның басшысынан атқарылатын шаруалар жайын сұрап  білді.

– Төбесін ашып жабамыз, ішін жаңартамыз. Мүлкін, спорт жабдықтарын жаңадан аламыз. Жөндеу жұмыстары алты айға есептелген, бірақ жаңа оқу жылына дейін тапсыруды жоспарлап отырмыз. Жергілікті 20 адамды жұмысқа тартамыз, 50 шақты құрылысшы жұмысты бастайды, – деді 10 жылдан бері құрылыс жұмыстарымен айналысатын «БатысСтройСервис» ЖШС-ның директоры Серікқали Жолымбетов.

Облыс басшысы мектеп алдында жас мамандармен тілдесіп, жас ұрпақты тәрбиелеудегі жұмыстарына сәттілік тіледі. Ауылдың үлкендері облыс басшысына жөндеу жұмыстарының жүргізілетініне қуанышты екендерін айтып, оның сапалы жүргізілуіне бас-көз болуды тапсырды.

Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Асқар Сағынаевтың айтуынша, 337 ірі қара, соның ішінде 107 сиыр, 127 жылқы, 222 қой өсірілуде. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен малды асылдандыру жақсы жолға қойылған. Жайылымы жеткілікті, малға су құдықтан тартылады, бірақ электр желісі жеткізілмегенін сұрап білген өңір басшысы жаңақалалық «Муса» шаруашылығының қуат өндіретін күн батареяларын орнатқанын және  осындай озық тәжірибелерді пайдалануды ұсынды. Қарауылтөбеліктердің атынан еңбек ардагері Ғизат Құжатұлы облыс басшысына мал өсіруді дамыту үшін «Азынабай – Тайпақ» суландыру жүйесін қалпына келтіруді сұрады.

Базартөбе ауылдық округіндегі паромнан оң жақ бетке өтер тұста облыс басшысы Базартөбе ауылының бір топ қариясымен жүздесті. «Ауылдарыңызға келесі жылы көше-көшелерге су құбырын жүргіземіз.  Жайықтан су ішіп отырған Қызылжар, Қадырқұл ауылдарына да су барады. Биыл жобасы жасалады», — деп ақжолтай хабар айтты Алтай Көлгінов.  Мал шаруашылығын дамытуға еңбек сіңірген ақсақал Саясат Сәлімов, ардагер-ұстаз Сүйіндік Еркашев су, жол мәселесін алға тартты.

— Елбасы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруді тапсырды. Су тапшылығынан бүгінде 3 мың гектардай жер пайдаланылмай, бос жатыр. Енді бұл мәселені мамандармен кездесіп, талқылаймыз. Мәселені шешуде республикалық бюджеттен қолдау керек. Орталық органдармен бірлесіп «Азынабай – Тайпақ» каналын қайта қалпына келтіруді қолға аламыз. Ауыл шаруашылығын дамытудың негізі мал шаруашылығында. Сусыз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес, — деп қостады олардың сөзін өңір басшысы. Бұқар беттегі жолды жөндеу биылдан бастап қолға алынбақ, бірақ «Бұл бір-екі жылда шешілмейді. Алдағы уақытта осы бетті дамытумыз керек. Өйткені бұған республикадан қолдау керек», — деп түсіндірді облыс басшысы. Ардагерлер ұйымының төрағасы Хамит Жаналиев 200-ге тарта бала оқитын Базартөбе орта мектебінің 50 жыл бұрын салынғанын, содан бері күрделі жөндеу көрмегенін, материалдық базасының төмендігін жеткізді. Облыс басшысы Есенсай мектебіне күрделі жөндеу басталғанын айтып, ауыл үлкендерін «Енді сіздерге де кезек келіп қалар» деп қуантты.  Содан кейін ардагер-ұстаздың сөзін жерге тастамай, ат басын кері бұрып, мектеп ғимаратын көруге барды.

Өңір басшысы Атамекен ауылындағы М. Өтемісов атындағы негізгі білім беретін мектеп жанындағы «Жерұйық» тарихи-өлкетану мұражайында болды. Мұражай ғимаратының астында Махамбет батыр отырған уақытша қамау түрмесі орналасқан. 200 жылдай тарихы бар ғимаратқа күрделі жөндеу жасауға жобалық құжаттары дайындалған. «Осы аймақтағы батырлардың, әулиелердің, ұлы тұлғалардың тарихын зерттеп, жинақтап жатырмыз», — деген мұражай жетекшісі Жәнібек Әбілпейісовке облыс басшысы тек осы аймақ деп бөлінбей, мұражай жұмысына біртұтас қазақ елі тұрғысынан қарауды тапсырды. Бұдан кейін облыс басшымен көшеде кездескен ауыл тұрғындары 80 бала оқитын негізгі мектептің апатты жағдайда екендігін жеткізді. «Бұл мәселе шешіледі», — деді облыс әкімі.

Одан кейін облыс басшысы «Жиенбай» ЖШС-ның осы ауылға су құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Биылғы сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары алдағы қараша айында аяқталады. «Мұнда су мұнарасы, су  сорғысы орнатылады. Екі су сыйымдылығы болады. Су тазалайтын қондырғы орнатылады», — деді учаске бастығы Дмитрий Назаренко.

Ақсуат ауылдық округінде Ақсуат ауылына таза су құбырын тарту жұмыстары да облыс басшысының назарынан тыс қалмады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ақсуат, Ақбұлақ ауылдарына жерасты су қорынан су құбырын тартып, оны үйлерге жеткізу көзделген. Мердігер «Құрылысгаз» ЖШС-ның тәжірибелі басшысы Кәримолла Жақыповтың айтуынша, құрылыс биылғы наурыздың аяғында басталған және биыл аяқталады. Жобаға республикалық бюджеттен 266343823,6 млн. теңге қаралған, күні бүгінге 60 млн. теңге бөлінген.  «Жұмыс ауқымының 60 пайызын игердік, әлі күнге бір тиын қаржы алған жоқпыз», — деді бас мердігер. Облыс басшысы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевқа тапсырып, мәселенің шешілетінін айтты. Бір ұңғыма қазылған екен, облыс басшысы тұрғындармен бірге соған барып, судың дәмін татып көрді.  «Қасымыздағы көлден су ішіп келдік. Құдық қазсақ, суы ащы. Жайыққа судың аз келуіне байланысты көлімізге де су толмай, сапасы нашарлады. Халық қатты қиналып жүр еді, қуаныштымыз. Аман жүріңіз, еңбегіңіз жемісті болсын», — деді өңір басшысына округ тұрғындары атынан еңбек ардагері Әбухан Шоқалақов.

Ақжол ауылдық округіне қарасты «Нығмет» шаруа қожалығының жетекшісі Зайдок Өтеғалиевтің айтуынша, 2015 жылы 90, 2016 жылы 35 асыл тұқымды қашар, 2016 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 132 жылқы сатып алған. Қазір шаруашылықта 250 жылқы, 510 ірі қара малы өсірілуде. 400 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Қожалықтың жұмысымен жіті танысқан облыс басшысы ауданның ірі шаруашылықтарының жетекшілерімен кездесті. Шаруагерлер облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловтың бастауымен Оңтүстік Қазақстан облысына тәжірибе алмасуға барғандарын, ондағы әріптестерінің мал өсіруге, бордақылауға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы кепілсіз миллиардтап несие қаржысын алып, кемі 3-5 мың басты  бордақыға қойып отырғандарын қызыға әңгімеледі. «Біз де 3-5 мың малды бордақыға қойғымыз келеді. Несие алуға қалада кепілзатымыз жоқ. Шаруашылықты дамытуға айналым қаражатымыз жетіспейді. Біз көтеріліп жатсақ, ел-жұртқа пайдамыз тиеді», — десті олар. Облыс басшысы бұл мәселені назарына алатын болды.

Бұдан кейін өңір басшысы Ақжол ауылдық округіндегі  Ілбішін ауылындағы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Мәдениет үйінің директоры Ерлан Хабибуллиннің айтуынша, күрделі жөндеуге 55,5 миллион теңге бөлініп, 2016 жылы желтоқсанда басталған жөндеу жұмыстары биылғы наурызда аяқталған.  «Батысқұрылысмонтаж» ЖШС-ның қолынан жаңарып шыққан ескі ғимарат жарқырап тұр. 200 орындық мәдениет ошағы заманға сай жабдықталған. Би, саз, хор, драма үйірмелері жұмыс істейді. Демалыс кештері тұрақты өтеді.

— Рухани жаңғыру дегеніміз – жалпы  рухани әлемімізді жаңғырту. Қадыр ақын «Біздің тарих – өзі бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» демекші, сол оқулықты қалыңдатуға септігін тигізеді. Биыл Ақжайық ауданында ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы тойлануда және жыл  аяғына дейін бірқатар шаралар өтеді. Тайпақ ауылындағы мәдениет үйінің жөндеуі аяқталған бойда, рухани шаралар басталады. 2018 жыл басталысымен көзі тірісінде Тайпақтың Мұқағалиы атанған ақын Сағат Әбдуғалиевтің туғанына 70 жыл толады. Оның арғы жағында Жұбан атамыздың 100 жылдығы тұр. Облыс басшысынан Чапаевтан рухани орталық ашуды сұрадық. Ұсынысымызды қолдады, соған қанаттанып қалдық, — деді ақын Сағынтай   Бисенғалиев мәдениет үйінде облыс басшысымен кездесуден кейін.

— Ақжайық ауданы – өңіріміздегі ең ірі аудандардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданның 11 елді мекеніне газ құбыры тартылады. Екі жылдық жоба бойынша осы ауылдарды газбен қамтитын болсақ, Ақжайық 100 пайыз газбен қамтылады. Жеті елді мекенге ауыз су құбыры тартылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 үй  салынады. Жайықтың Бұқар бетіне де барып қайттық. Әлеуметтік нысандардан үш мәдениет үйі жөнделуде. Есенсай ауылының мектебі күрделі жөнделеді. Шабдаржап елді мекенінде жаңа мектеп салынады. Аудан орталығында алты, Тайпақ ауылында екі көшеге асфальт төселеді, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Чапаевтан Жаңақала бағытындағы республикалық жолдың 36 шақырымы жөнделеді. Биыл Ақжайық ауданын дамытуға 4,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Биылға жоспарланған жұмыстар күз соңында аяқталады. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлерге сол ауылдың тұрғындарын жұмысқа тартуды тапсырып отырмыз. Мұны бақылайтын боламыз. Жалпы, барлық жұмыс қарқынды жүруде, — деді өңір басшысы журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Күні: , 2 532 рет оқылды

a1ded0a742b59e52b899fbbbd028a273А. Әшімовке  жоғары  дәрежелі  ерекшелік  белгісі – «Қазақстанның  Еңбек  Ері»  атағын  беру  туралы ҚАУЛЫ  ЕТЕМІН:

  1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін «М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілсін.
  2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан  Республикасының Президенті  Н. НАЗАРБАЕВ

Астана,  Ақорда,  2017  жылғы

18  мамыр  №481


Бәсеке сапаға бастайды

Күні: , 71 рет оқылды

IMG_0864


«Нұр Отан»  партиясы  облыстық  филиалының  ұйымдастыруымен Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығында  міндетті  әлеуметтік  медициналық  сақтандыру  жүйесін  түсіндіру  жұмысы  өтті.


Шараға облыстық денсаулық  сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев, облыстық клиникалық  аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов қатысты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру   сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, көптеген аурулардың алдын ала анықтау, адамның өмір сүру ұзақтығын арттыру мақсатында енгізілмек. 2015 жылы қарашада ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға қол қойған еді. Аталмыш заң 2017 жылдың шілдесінен бастап қолданысқа енбек. Сақтандыру қорының қажеттілігін түсіндірген  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы медициналық  сақтандырудың  түрлеріне тоқталып  өтті.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Яғни бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылатын тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Біріншісі – медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына «Жедел жәрдем» қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Ал екіншісі – жаңадан құрылған медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, диагностика, медициналық реабилитация, мейірбикелік қарау және жоғарғы технологиялық  көмек  кіреді, – деді Қанат Төсекбаев.

Сақтандыру қорына экономикалық белсенділігі төмен тұрғындардың жарнасын  мемлекет төлесе, жалданған жұмысшылары үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылады. Олардың қатарына балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС қатысушылары, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, студенттер, зейнеткерлер, уақытша ұстау және тергеу изоляторына қамауға алынғандар  секілді халықтың әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз тобы  кіреді.  Сонымен қатар сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған  аурухана мен емханадағы  дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Осы орайда сөз алған облыстық клиникалық аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатындықтан, емдеу мекемелері арасында бәсекелестік басталып, қызмет  көрсету  сапасы  артатынын  жеткізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

* * *

БҚО ауыл  шаруашылығы  басқармасының  негізінде қызметкерлер  арасында  бірыңғай  медициналық  сақтандыру  жүйесін  енгізу  бойынша оқыту  оздырылды.

Оқыту барысында МӘМС бойынша толық түсініктеме берілді. Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамның» 80-қадамына байланысты және денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр.

Медициналық сақтандыру халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр.  Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Сонымен қатар жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген т.б. азаматтарға да жеңілдіктер  қарастырылған.

Өз  тілшіміз


«Аққу көлін» көргіңіз келе ме?

Күні: , 16 рет оқылды

30661-6-dusha_v_tance_ru


Мамырдың 25-26-сы күндері сағат 19-00-де «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында «Орыс балетінің салтанаты» атты кеш өтеді.


Қазақстанның халық әртісі, балет өнерінің майталманы Болат Аюханов жетекшілік ететін балетте әлем классикасының жауһарлары сахналанады.

Мамырдың 25-інде П. Чайковскийдің «Аққу көлі» мен француз композиторы М. Равилдің сазына жазылған «Болеро» атты бір актілі балеті батысқазақстандық көрермендердің назарына ұсынылады.  Ал 26 мамырда Ж. Бизе-Щедриннің сазына жазылған «Кармен-сюита», «Аққу көлінің» 2-актісі,  М. Булгаковтың «Шебер мен Маргарита», «Сақтар» балетінің премьерасы қойылады.


Хас талант – Хадиша

Күні: , 20 рет оқылды

IMG_3683


Осыдан екі жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бөкей ордасына арнайы қонақ болып келген атақ-даңқы алты Алашқа мәшһүр актер Асанәлі Әшімов Қазталов ауданы аумағынан өтіп бара жатып, «Бұл Хадиша Бөкеевадай хас талант өмір есігін ашқан қасиетті жер ғой. Хадиша апамыз жарық дүниеге көрінген ауыл-аймаққа қалай аялдамай кетемін…» деп елжіреген екен.


Міне, Қазталов жұртшылығы бүгіндері кең байтақ қазақ елінің әр қиырынан құйылған мерейтой меймандарымен бірге Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығын атап өтуде. Негізі бұл бағыттағы іс-шаралар өнер саңлағының туған ауданында ағымдағы жылдың алғашқы айынан бастау алған болатын. Енді, міне, хас талант Хадиша Бөкееваның ғасырлық мерейтойының көш-керуені енді республикалық ауқымда жалғасын табуда.

Мерейтойлық салтанаттың шымылдығы аудандық мәдениет үйінің алдына орнатылған Х. Бөкееваның мүсінін ашумен басталды. Осы шара барысында Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр мерейтой меймандарына қазақы қонақжайлықпен «Қош келдіңіз!» айтып, даңқты жерлестерінің 100 жылдығын атап өтуге зор жауапкершілікпен қарап, ұйымшылдық танытқан аудан халқына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Ал Қазақстанның халық әртісі, танымал актер Құман Тастанбеков: «Бүгін туған өңірі қазақ мәдениетіне, соның ішінде ұлттық театр мен кино саласының өркендеуіне айтулы үлес қосып, айшықты із қалдырған өнер саңлағына құрмет көрсетуде. Мәңгілік қазақ елінің әлемге танылуында халқымыздың өнері мен мәдениеті зор мән-маңызға ие екендігін ескерсек, Хадиша апамыздың өмірі мен өнер жолынан мол ғибрат алуға тиіспіз. Сондықтан да бүгінгідей тағылымы мол іс-шаралар ел ішінде, халық арасында әрдайым жалғасын таба бергей», — деген тілегін жеткізді.

IMG_3823Хадиша Бөкееваның мүсінін ашу құрметі жазушы Сара Ләтиева және облыстық мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновқа ұсынылып, гүл шоқтары қойылды. Содан соң тойға жиналған ел-жұрт Хадиша Бөкееваға арналған көрмемен танысып, «Өзгелерді дарынымен тамсандырған» атты деректі фильмді тамашалады.

Жұртшылық алдында аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр мерейтойға байланысты атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаса, ардагерлер Жайсаң Ақбай, Мұлхайдар Әміреев және өнер тарландары Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, жазушы Сара Ләтиева естеліктер тиегін ағытты. Сонымен қатар ауданның мәдениет қызметкерлері Хадиша Бөкееваның орындаған рөлдерді сахнада бейнелеп, мерейтойға арнайы келген астаналық опера әншісі Айзада Қапонова және Ақмарал Ахметова, Айбар Қайырханов, Нұржан Тасболатов, Альберт Ғазизжанов, Ернар Өмірәлі сынды өңіріміздің өнер шеберлері әннен шашу шашты.

Хадиша Бөкеева жастайынан жетім қалып, Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинград қаласындағы өнер институтына жолданған бір топ қазақ жастарының арасында уыздай жас Хадиша да бар еді. Өнер-білімге талпынған жас дарын театр саңлақтары В. Мейерхольд пен В. Меркурьевтің шеберлік класында шыңдалып, сахна өнерінің қыр-сырына қанықты. 1938 жылы оқуын аяқтаған Х. Бөкеева Шымкент облыстық қазақ драма театрына қызметке қабылданады. Ол актриса ретіндегі сахнадағы алғашқы қадамын Шиллердің «Махаббат пен зұлымдық», Алексей Островскийдің «Кешіккен махаббат» пьесаларындағы Луиза мен Людмила рөлдері арқылы жасады. Жанып тұрған жас талант 1942 жылы Мұхтар Әуезов тәржімалаған Уильям Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Катаринаны ойнау үшін Алматыдағы қазақ драма театрына шақырылды. Сол жылдары Алматы қаласына жер аударылған режиссер Наталья Сац аталмыш спектакльді көріп, «Катарина бейнесін сомдаған Хадиша Бөкеева өзінің табиғи дарын, тума талант екендігін паш етті», – деп баға берген екен.

IMG_4371Хадиша Бөкеева Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасындағы Қарлыға, «Абайда» – Бастаушы, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтоқтысында» – Ақтоқты, Әлжаппар Әбішовтің «Достық пен махаббатында» – Сәуле, Қалтай Мұхамбетжанов пен Шыңғыс Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуіндегі» Айша апай бейнесін шынайы сомдап, ал әлемдік драматургия классиктері Ло де Вега, Шиллер, Мольер, Метерлинк шығармаларындағы кейіпкерлердің ішкі сезімін терең ашып көрсете білді. Көріп отырған көрермендер театр сахнасынан Хадишаны емес, сол кейіпкерлердің өзін көргендей күй кешті. Бұл актерлік ізденіс пен шеберліктің шырқау шыңы еді! Міне, осындай ұлы актрисаның шеберлігін ауыл сахнасында оның өнер әлеміндегі бүгінгі ізбасарлары «Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» деп ұлы Абай айтқандай, көрсетуге тырысып бақты.

Мерейтойлық сән-салтанаттың алғашқы күні кешкісін «Достық» саябағында аудан өнерпаздарының орындауында ән қалықтап, күй шалықтап, сосын осы концерттің соңы мерейтойлық жұлдызжауынға ұласты.

 *     *     *

Кеше Қазталов ауданында Хадиша Бөкееваның ғасырлық мерейтойына арналған бәйге, аударыспақ, қыз қуу, көкпар сықылды ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Спорттық сайыстар өтетін аумаққа бірнеше ақшаңқан киіз үй тігіліп, сауда-саттық та ұйымдастырылды.

Даладағы думан басталмас бұрын аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр сахна саңлағының 100 жылдығына арналған мәдени-спорттық шараларға демеушілік жасаған «ҚұрылысГаз» ЖШС (директоры Кәримолла Жақыпов), «ПМК117» ЖШС (директоры Ольга Попова), «БатысГазСтрой» ЖШС (директоры Сапарғали Айтқалиев), «БатысСтройСервис» ЖШС (директоры Серікқали Жолымбетов) секілді мекеме басшыларына, ауыл азаматтары Алтай Мұқамбетқалиев, Дамир Байғазиев, Бауыржан Имашев және Абай Бағысовқа, сонымен қатар аудандық мәслихаттың депутаттары мен кәсіпкерлерге аудан халқы атынан алғыс айтты.

 IMG_4445Ұлттық ойындарға Ресейден, Атырау мен Маңғыстау облыстарынан келген спортшыларға қоса, Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым және Шыңғырлау аудандарының өкілдері де қатысты.

Көкпардың қорытындысы бойынша бірінші орынды Жәнібек ауданының құрамасы еншіледі. Аударыспақтан да осы ауданның өкілі Мақсот Ғалымның мерейі үстем болды. Тай жарыста Қазталов ауданының Көктерек ауылдық округінен келген Нұрболат Әдиетовтың тайы, құнан жарыста және бір көктеректік азамат Ділшат Төлегеннің құнаны алдына қара салмады. Ал аламан бәйгеден маңғыстаулық Әбдіғали Таңатаровтың «Алауы» мәреге өзге сәйгүліктерден бұрын жетіп, иесінің қолын бас жүлдеге тігілген аутокөлікке жеткізді.

 Мөлдір ӘНУАРБЕК,

 Қайрат ЖАҚЫП,

 Қазталов ауданы

Сара ЛӘТИЕВА,

«Алаш» сыйлығының иегері, жазушы:

— Хадиша апамен әңгімелесе қалғанда, өнерінен гөрі, өмірі туралы көбірек айтатын. Оның себебі өнері халық алдында, ал жеке өмірі туралы былайғы жұртшылық біле-бермейді ғой. Сол себепті де мен ол кісі туралы жазған өз кітабымда апамыздың жеке өміріне көбірек тоқталдым. Бұл күндері облыс, аудан басшылығы ұйытқы болып, сахна өнерінің сөнбес жұлдызына айналған тұлғаның өнер жолын жұрт жадында жаңғыртуда. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкеева есімінің берілуі де Жайық жұртының оның өнерінің асқақ бағалануы деп түсінемін.


«Өзіңнен баста!»

Күні: , 19 рет оқылды

SAM_5027


Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі облыс орталығында  17-19 мамыр аралығында «Өзіңнен баста!» іс-шарасын өткізді. Оған құқық қорғау қызметкерлерімен қатар, студент жастар, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.


Шара басталмас бұрын сөз сөйлеген Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Мүсілім Жәрдемов:

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев полиция органдарына қоғамдық тыныштықты бұзу мен азаматтардың өмір сапасына әсер ететін ұсақ бұзақылықты болдырмау, анықтау, тыю жұмыстарын жандандыруды міндеттеді. Әрі мемлекет пен қоғамның тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруы қажеттігін атап көрсетті. Мұны тарқата айтсақ, ондай құқықбұзушылықтарға ұсақ бұзақылық жасау, атап айтқанда, қоғамдық орындарды ластау, көпшілік орындағы тыныштықты бұзу, кез келген жерде спиртті ішімдіктер пайдалану, ит пен мысық ұстау ережелерін сақтамау және басқасы жатады, — деді.

Нақты нұсқаулар алғаннан кейін полиция қызметкерлері жас көмекшілерімен бірге қаланың ет комбинаты аумағындағы қоғамдық орындарға барып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Жастар да тұрғындармен сөйлесіп, оларға үнпарақтар ұсынды. Сонымен бірге иелерінің рұқсаты бойынша қоғамдық орын қабырғаларына «Өзіңнен баста!» үнпарағын жапсырды.

— Қазір біз жүрген аумақ №9 полиция қызметінің тірек орнына қарайды. Мұнда 22 мыңдай адам тұрады. Жалпы, іс-шара бүкіл облыс орталығы бойынша жүріп жатыр. Мұның ықтимал ұсақ бұзақылықтардың алдын алуда маңызы зор. Біз бұл жолы көбіне түсінік жұмысына басымдық береміз. Мақсат – қоғамға жат қылықтардың алдын алу және болдырмау. Көбіне күштеу шараларынан гөрі түсіндіру жұмысының пайдасы мол, — дейді Орал қаласы ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы, полиция майоры Данияр Рақышев.

С. ИХСАНҒАЛИ

Әділет БЕРІКҚАЛИЕВ,

«Батыс қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— Біз іс-шараға жетпістен астам жастарды жұмылдырудамыз. Олар – облыс орталығындағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттері. Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әрекет етудеміз. Аса маңызды қоғамдық іске үлес қосу – біз үшін де мәртебе.

Шамиль ҒҰСМАНОВ,

қала тұрғыны:

— Аталмыш шараны жан-тәніммен қолдаймын. Халық қашанда қоғамдық орында тыныштық болғанын қалайды ғой. Жалпы, соңғы кезде қоғамдық тәртіп сақшыларының еңбегіне орай осы аумақта ұсақ бұзақылық азайған сыңайлы.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика